22.02.2022
  132


Автор: Ақберен Елгезек

* * *

«Түсіңді ұмыт!» – деді өңім,
«Ішің білсін...» – деді өмір.
Кешегі мен ертеңгі күн
Өкпеледі көңілге бұл.
Жүрегімнің қуысында
Жылап отыр жаным менің.
Бөтен жанның уысында
Еріп жатыр бағым менің.
Аумай қалған қалай бұлай
Бір күндерім бір күнімнен?
Домалатты талай Құдай
Көз жасымды кірпігімнен.
Жасысам да, жабықсам да,
Түстерімде күлемін мен.
Өткен күндер... тамұқ сонда,
Жұмақ сонда!
Білемін мен.
Ертеңгі күн – ертегі әлем,
Бүгінгі күн – түс ғаламы.
Жаратылып ертегіден,
Ертең тағы басталамын.
Басталамын, жырланамын,
Өз-өзімнен ұрланамын.
 Тән ішінде сыр ғанамын,
Жарқыраған нұр ғанамын.
Нұрды ұлы Нұрға қосып,
Шарықтаймын, шалықтаймын.
Шайырмын мен мұңға ғашық,
Мен өлімнен қорықпаймын.
Себебі мен түс көрдім де,
Жанарыма үміт толды.
Бір адамға естілдім де,
Мың адаммен ұмыт болдым...





Пікір жазу