02.11.2021
  396


Автор: Әкім Ысқақ

Балалықты аңсау

Қарап тұрмын сыңсып ұшқан құстарға,
Құс көңілім әлденеге құштар ма?
Қарай берем ... алып ұшып жүрегім,
Сағынышым қалып қойған тұстарға.

Сырлы уақыт ашып сиқыр сандығын,
Тағы да бір тарту етті таң гүлін.
Таңғажайып тазалықтың тұлғасы,
Қайда менің патшалығым – бал күнім!?

Балалығым... қозы жайған көк белім,
Көрінер ме бүршік жарған көктемім?
Жұпар дала самалымен сырластым,
Ойға түсіп, өткенім мен кеткенім.

Бәлкім берер бір белестен бір хабар,
Бала шағым ... жан-жүректі тырналар...
Тырналар да талып ұшқан төбеден,
Қанаттары сусылдаған мұң болар?!

Өмір-кеме өзенінде жылжытып,
Қанша сәтті алып кетті сырғытып.
Бала мінез аңғылдаған көңіл-ай,
Балалықтан жүргендейсің сыр күтіп.

Шалдыққанда, шаршағанда, талғанда,
Сол күндерім қуат берген арманға!
Ырғып мініп Арман деген тарланға,
Тартып кеткем алаулаған таңдарға!

...Сусылға әсем... толды-ау аспан асты кіл,
Көкке қарап көкірегімде тасты мұң...
Шыныменен тас төбемнен тыраулап,
Ұшар бара жатыр ма екен жастығым?!





Пікір жазу