24.04.2021
  2127


Автор: Мира Сембайқызы

Жер шетіндегі құдық (Ағылшын ертегісі)

Ертеде патша мен патшайым болыпты. Патшаның өте сұлу, мінезі жібектей жұмсақ қызы бар еді. Оны барлығы жақсы көретін. Патшайым – патшаның екінші әйелі болатын. Оның да бір қызы болыпты. Бірақ оның мінезі өте жаман, әрі өзі сондай ұсқынсыз екен. Сондықтан да оны ешкім ұната қоймайтын. Патшайым патшаның қызын жек көреді екен. Оның өздерімен бірге тұруын қаламайтын болыпты. Бір күндері патшайым патшаның қызын жер шетіндегі құдықтан бір құты су алып келуге жұмсайды. Осылайша ол қыздан құтылмақшы болады.


Патшаның қызы құтыны алып, алыс сапарға шығады. Ол ұзақ жүреді. Бір күні ағашқа байлаулы тұрған пониге кездеседі. Қызды көріп, пони тіл қатады:


– Кішкентай қыз, мені босатшы. Байлауда жатқаныма жеті жыл, бір күн болды.


– Әрине, мен саған көмектесемін,– деп патшаның қызы пониді ағаштан босатады.


– Арқама отыр. Мен сені өткір тікенектер қаптаған тоғайдан өткізіп жіберейін,– деп, пони алғыс ретінде қызды тікенді тоғайдан аман-есен алып шығады. Екеуі сол жерде қоштасып, қыз сапарын жалғастырады. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, оны мен де білмеймін. Бір күндері болғанда ол жер шетіндегі құдыққа жетеді.


Құдық өте терең екен. Қыз су ала алмады. Төмен қараса, ол жерде әбден лас, жуынбағандарына көп болған үш ер адамның бастары бар екен. Олар қызға:


– Кішкентай қыз, бізді жуындырып, таза алжапқышыңмен сүртіндірші,– дейді.


– Әрине, мен сіздерді жуындырамын,– деп мейірімді қыз кірленген бастарды жуып, таза алжапқышымен сүртіндіреді. Ал олар болса, алғыс ретінде қыздың құтысына су толтырып береді. Тазаланған үш бас бір-біріне қарап:


– Тілеңіз, аға, тілеңіз! Қандай тілек тілейсіз?– дейді.


– Ол қазір қандай сұлу қыз болса, енді одан он есе сұлулана түссін,– дейді бірінші бас.


– Ол сөйлеген сайын, аузынан гауһар мен маржан төгілсін,– деп тілек айтады екінші бас.


– Шашын тараған сайын, алтын мен күміс таралсын,– депті үшіншісі.


Патшаның қызы суды алып, үйіне оралады. Бұрын да сұлу қыз еді, енді тіпті қараса көз тоймайтын аруға айналады. Сөйлеген сайын, аузынан гауһар мен маржан, шашын тараған сайын, шашынан алтын мен күміс төгіліп тұрыпты.


Патшайымның қатты ашуланғаны сонша, тіпті не істерін білмей қалады. Ары ойланып, бері ойланып, ақыры өзінің қызын да жер шетіндегі құдықтан су әкелуге жібермекші болып шешеді.


Патшайымның қызы да ұзақ жол жүріп, бір кезде ағашқа байланып тұрған пониге кездеседі. Пони қызға қарап:


– Кішкентай қыз, мені босатшы. Байлауда жатқаныма жеті жыл, бір күн болды,– деп тіл қатады. Ал патшайымның қызы болса:


– Әй, ақымақ жануар, мен сені босатады деп ойлайсың ба? Мен патшайымның қызымын!– деп, пониге көмектеспей қояды.


– Онда мен саған тікенектер қаптаған тоғайдан өтуге көмектеспеймін,– дейді пони. Патшайымның қызы тікенек қаптаған тоғайдан әрең дегенде жаяу жүріп өтеді.


Ол аз жүрді ме, көп жүрді ме, кім білсін. Әйтеуір бір кезде жердің шетіндегі құдыққа да кеп жетеді. Құдық өте терең екен. Қыз су ала алмай әуре болады. Сол кезде жуылмағанына көп болған үш бас көрінеді де, қызға қарап:


– Кішкентай қыз, бізді жуындырып, таза алжапқышыңмен сүртіндірші,– дейді. Қыз ашуланып:


– Әй, қорқынышты мақұлық, мен сендердің бастарыңды жуамын ба? Мен патшайымның қызымын!– дейді.


Қыз олардың басын жумағандықтан, олар да қызға су алып бермейді. Бастар бір-біріне қарап:


– Тілеңіз, аға, тілеңіз! Қандай тілек тілейсіз?– дейді.


– Ол қазір қандай жаман қыз болса, енді одан он есе жаман бола түссін,– дейді бірінші бас.


– Ол сөйлеген сайын, аузынан бақа атып шықсын,– деп тілек айтады екінші бас.


– Шашын тараған сайын, шашынан бит пен кене төгілсін,– депті үшіншісі.


Сонымен, патшайымның қызы үйіне бос құтымен оралыпты. Патшайымның қалай ашуланғанын ешкім, сірә, айтып бере алмас. Оның қызы бұрын да ұсқынсыз еді, енді одан он есе ұсқынсыз қызға айналды. Сөйлеген сайын, аузынан бақа секіріп, тараған сайын шашынан бит пен кене төгілді. Осылайша патшайым қызын алып, сарайдан кетуге мәжбүр болды.


 Ағылшын тілінен аударған Мира СЕМБАЙҚЫЗЫ


(«Балдырған» журналы, №6. 2015 жыл)





Пікір жазу