15.10.2023
  117


Автор: Әкім Ысқақ

Серік еттім сезімді

Серік еттім сезімді,
Ет жүрегім езілді.
Махаббатқа мас едім,
Еске алсам сол кезімді.

Аңсап тұнық көзіңді,
Сағынамын өзіңді.
Қайда сол бір махаббат,
Қайда жалын со жылғы?

Шарлап қиял әлемін,
Сезім қуған жан едім.
Сағымдарға ілескен,
Сағыныш қой бар емім.

Гүлі едім бір бақтың,
Жырмен саған үн қаттым.
Кеудемдегі жалынды,
Ұмытпашы қымбаттым!

Мұң мен шаттық орнатып,
Қояды арман толғатып.
Өткінші бұл өмірде,
Сүйе білу мол бақыт!

Арманым боп жолықтың,
Бұл да тағдыр! Соны ұқтым!
...Айналдың ба сағымға,
Қайдасың сол көріктім!





Пікір жазу