15.10.2023
  612


Автор: Әкім Ысқақ

ЫСҚАҚ ӘКІМ ӘБДІҚАЙЫМҰЛЫ өмірбаяны

1960 жылы 3 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында туған.
Шымкент педагогтық институтынан жалпы
техникалық пәндер, еңбек және физика пәнінің мұғалімі, Алматы мемлекеттік университетінен заңгер мамандықтарын иеленген. 2008 жылы Германияның Шпайер қаласында Әкімшілік ғылымдар жөніндегі Неміс университетінде мемлекеттік қызметкерлердің курсында оқып, арнайы білім алған.
1980 жылдан өзі оқыған Абай атындағы орта мектеп мұғалімі, 1990 жылғы сәуірден Бөген аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы. 1990 жылдың шілде айынан республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі, әрі 1991 жылдың желтоқсан айынан халық депутаттары Шымкент облыстық кеңесінің Баспасөз хатшысы. 1992 жылдың наурыз айынан Ордабасы ауданы білім бөлімінің меңгерушісі. 1995 жылы желтоқсанда баламалы негізде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1999 жылдан Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Президенттің Парламенттегі Өкілдігінің бас инспекторы, Мәжіліс Төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, Сенат Аппараты Жалпы бөлім меңгерушісінің орынбасары.
Мәжіліс депутаты кезінде ерекше белсенділігімен, шынайы ұлтжандылығымен, қазақ тілінің жанашырлығымен мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген ол елдің нағыз халық қалаулысына айналды. Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде «Халықтың көші-қоны туралы» заңын жазған депутат ретінде аты тарихта қалды. Жылға жуық қызу, текетірес талқылауда, Парламент қабырғасындағы 42 отырыста Әкім Ысқақ өз заң жобасын қайраткерлікпен қорғап, дәлелдей білді.Он бір ай бойғы қазақ тіліндегі заң үшін ашық арпалыста аянбай күресіп, кездескен кедергілердің бәрінен сүрінбей өтіп, жеңіске жетті. Депутаттар келісімін беріп, Парламентте мақұлданды, астана Алматыдан Ақмолаға көшкенде яғни 1997 жылдың 13 желтоқсанында Президент бұл заң жобасына қол қойды. Белгілі қаламгерлер Қ.Мұхамеджанов, Ә.Нұрпейісов, М.Қозыбаевтардың сөзімен айтсақ «Оның Қажыгелдин үкіметіменен, Коржова министрлігімен бір жыл бойы ашық айтысқа түсе отырып, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының балама жобасын дүниеге әкелуі тіл жеткісіз ерлік еді.Ол сонысымен де Қазақстанда жеке заң дайындаған депутат, Қазақстанда қазақ тілінде заң дайындаған депутат, Қазақстанда Үкімет заңын күшінен қалдырған депутат ретінде тұңғыш тұлға болып қалды. Кәсіпқой парламентшілер ішінде ол өзінің халықшылдығымен, ержүректігімен, ең бастысы қазағына тән қарапайым қамқоршылдығымен шын мәніндегі халық қалаулысы екендігін дәлелдеген адам».
Осы заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Осы заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 1,5 миллионға жуық қандастарымыз атамекенге оралды. Ә. Ысқақ Қытайдан, Монғолиядан, Өзбекстаннан оралған жүздеген оралмандардың азаматтық, пәтер, білім алуына, жұмысқа орналасуына және т.б. жұмыстарына тікелей қамқор болды. 1999 жылы Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, арнайы ұшақ бөлгізіп, Ауғанстаннан қашқан Пәкстандағы шиеленісті жерде бастарына қауіп төнген, аш-жалаңаш қалған 700 қазақтың аман-есен Қазақстанға оралуына жәрдемдесті.
Заң шығару мәселесіне орай Ә. Ысқақ Англия, Америка, Түркия мемлекеттерінде болды. АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Элизабет Джоунстың арнайы шақырумен еліміздің делегациясын басқарып барып, Америкадағы қазақтың жетім балаларының іздеушісі болып, олардың сан қырлы тағдырын өз көзімен көріп қайтқан тұңғыш депутат. Әрі бұл жөнінде, әсіресе Арман, Джо есімді қазақ балалары туралы жүрек толқытатын эсселер жазды.
Ә.Ысқақ ақын, жазушы, журналист, сазгер, сатирик ретінде республика жұртшылығына аты мәлім, қаламы қарымды қаламгер де. Балаларға арналған «Котлет» атты тұңғыш сықағы 1977 жылы «Қазақстан пионері» газетінде басылған. Әдебиет сүйер қауымға публицистикалық және көркем шығармалары арқылы жақсы таныс. Ол 1989 жылы Самарқандта өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты, республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Оңтүстік Қазақстан облыстық С. Ерубаев атындағы жастар сыйлығының лауреаты (1993 ж.). «Лениншіл жаста» жарияланған «Ерте есейген қыз», «Темір табыт», «Генерал Сабыр Рақымов», «Асқаровтың кадры», «Атамекен, елім бармысың?» атты өткір материалдары үшін Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанды (1992ж.).
Тілшілік қызметте арнайы журналистік зерттеу жүргізіп, құжаттары өзге ұлтқа телініп кеткен Ұлы Отан соғысы кезінде қаҺармандықпен қаза болған батыр қазақ, Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымов туралы батылдықпен «Лениншіл жас» газетінің бірнеше санында сериялы очерктерін жариялады. Нәтижесінде батырдың туған жері Көкібелдегі мектепке, ондағы «Коммунизм» кеңшарына генерал есімі берілді. Отыз жылдан бері генерал өмірін зерттеп келеді. Бірнеше рет теледидарда, баспасөзде ол туралы келелі мәселелер қозғап, бастама көтерді. «Тұңғыш генерал» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Астана қаласында С.Рақымов есімінің ардақталып, көшеге берілуіне себепкер болды. Ол «Жақтым мен өмірімді жалын қылып», «Жайқалтпай жалғыз шыбық қалай кетем?», «Өмірді сүйген ақын» атты жалынды мақалаларымен өмірден ерте кетіп, ескерусіз қалған ақын, 20 жасында Арыс аудандық газетін басқарған Қосжан Мүсіреповтың («Менің Қосжаным» атты зерттеу кітабын жазды, 2021 ж.), бар жоғы 32 жас өмір сүрген ақын Дүйсенхан Нақымовтың, сондай-ақ айтыскер ақын Көпбай Омаровтың, созақтық ағарту саласының қайраткері Ләндә Бөкеновтің және т.б.тұлғалардың есімін ардақтауға атсалысты. «Қара бауыр қасқалдақ әнін жазған кім?» атты сұқбатымен шардаралық талантты композитор Лесбек Амановтың есімін республика көлеміне танытты және өзге текпен жазылған авторлығын қайтарды. «Сен мәңгі тірісің, Қайрат!» деген көлемді мақаласында алғашқылардың бірі боп желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбековті «Халық қаһарманы» атағына ұсыну туралы үндеуді «Лениншіл жас» газетіне жариялады.
Кенестер Одағы кезінде автор «Темір табыт» мақаласында Қазығұрт ауданында орыс тілін білмейтін аға шопан Перне Тілемісовтің отбасындағы жағдайды ел мұңы деп қабылдады. Үш ұлының екеуі: Сатылхан мен Қадірхан Кеңес армиясы қатарына алынып, әскердегі келеңсіздіктің арқасында, құпия жағдайда өлім құшып, бірінен соң бірі елге темір табыт болып оралғанын, ал Әділді армиядан қашты деп соттатып жібергенін ашына жазады. Нәтижесінде Көкшетауда түрмеде жатқан Әділдің бостандыққа шығуына мұрындық болды.
Балалар ақыны ретінде де өз оқырмандарымен – мектеп оқушыларымен жиі қауышады. «Күн ұлымын», «Біздің Бапақ» атты өлеңдер жинақтарына қатысты кейбір мектептер мен бала-бақшаларда іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Философиялық тәлім-тәрбиеге негізделген «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты эссе кітаптары жасөспірімдер мен жастардың сүйікті кітабына айналып келеді. Бұл кітаптар жөнінде кезінде «Қазақстан» ұлттық арнасы (ақын Зайда Елғондинова) арнайы телехабар түсірді. Орыс тілінде «Записки сердце», «Мелодий дождя» деген атпен кітаптары басылып шықты. Ә.Ысқақтың бірнеше туындылары мектеп оқулығына енген.
Сонымен бірге Әкім Ысқақ жандүниесіндегі нәзік иірімді әсем әуенмен әуелеткен сазгер екенін өнер сүйер қауым жақсы біледі. Ол өзіндік өрнегі бөлек елуден астам әннің авторы. Әндері теледидар мен радиода жиі орындалып жүр. «Соңғы вальс» әні 2009 жылдың ең үздік әні деп танылды.Ал «Көк тудың желбірегені», «Көңіл қымбат», «Әдемі-ай», «Қыз ұзату», «Қуантқым келеді», «Күзді сүйем», «Бір адам бар» және т.б. әндері жұртшылықтың жүрегімен тыңдайтын сүйікті әуеніне айналды. Әкім Әбдіқайымұлы өз туған жері Ордабасы ауданы негізсіз таратылып кетіп бара жатқан жерінен депутаттық өкілеттігін пайдаланып ауданды, Ордабасы атауын сақтап қалған азамат. Сол себепті де кезектен тыс 1998 жылы 12 тамызда «Ордабасы ауданының Құрметті азаматы» атанды. Ол сондай-ақ Сарыағаш, Сайрам аудандарының да Құрметті азаматы. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2022 ж.) атағымен, «Құрмет» орденімен (2016 ж.), «Ерен еңбегі үшін» (2007 ж.) медалімен, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа сіңірген еңбегі үшін Монғолияның жоғары дәрежелі «Шыңғысхан» медалімен марапатталған. Ал 2010 жылы тәрбиелік мәні зор «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты эссе кітаптары үшін Білім министрлігінің Ы.Алтынсарин медаліне, отансүйгіштік тақырыбына жазған мақалалар сериясы және «Тұңғыш генерал» атты кітабы үшін Б.Момышұлы медаліне ие болды. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Білім беру ісінің үздігі. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, халықаралық журналистер одағының мүшесі, Қазақстан педагогика акедемиясының профессоры, Түркістан облысының құрметті депутаты.
Жас жазушы Мафтуна Нажиева «Алтыным» кітабын өзбек тіліне аударып, Ташкент қаласында 2020 жылы «Олтиним» деген атпен басылып шығып, Қазақстандағы өзбек мектептерінде қосымша оқулық ретінде оқылуда. Бұл кітап орыс, ағылшын тілдеріне де аударылған. Атыраулық оқырманы Айгүл Бауыржан өзі оқуында «Алтыным» кітабының электрондық нұсқасын шығарды.
Бөржардағы Абай мектебіндегі, Сұлтан Ысқақов мектебіндегі, Түркістан қаласындағы Ататүрік мектебіндегі, Астана қаласындағы 42 мектебіндегі бір сынып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогка университетінің 312 дәрісханасы Әкім Ысқақ есімімен аталады. Ал Шубарсудағы «Достық» мектебінде «Әкімтану» сыныбы ашылған және шығармашылығына қатысты арнайы сабақ өтіп тұрады.
2022 жылы белгілі қаламгер Көпен Әмірбек қайраткер туралы «Алтын сандық» кітабын жазса, мұның алдында жамбылдық Алдаберді Мақашевтің «Әкім Ысқаққа хат», Лира Қоныстың «Ізгілікті іздеу теориясы» атты зерттеу жинақтары жарық көрді.





Пікір жазу