09.10.2023
  178


Автор: Еңбек күнi

Еңбектің наны тәтті

«Еңбектің наны тәтті» — деген мақалды есімізге түсірер болсақ еңбекпен келген табыстың үйге берекесін кіргізетініне көзіміз жетеді. Ал бұл мақалдың екінші жартысына құлақ түрер болсақ, «Жалқаудың жаны тәтті» — дейді. Яғни жалқау адам, еріншек адам еңбек етуге құлқы болмай, жанын аяп аяқты аспанға көтеріп жататындарды меңзеп отқандай. Шын мәнінде еңбек адамның табиғи жетістігі болып саналады. Адамдар еңбек ету арқылы қоршаған ортадан ерекшеленіп тұрады, солай емес пе?! Сол еңбектің арқасында әлемді жаңартып жатқан жоқ па? Еңбек адамның өмір сүруінің маңызды бөлшегі дер едім, өйткені, еңбек арқылы адамның өмір сүруінің материалдық және рухани қажеттіліктері жанданады, атап айтар болсақ, тамақтану, баспана иелену, адамдармен араласу, киінуі бар, білімі мен қағаздан өрнек жасап, өнерге деген қызығушылықтары бәрі-бәрі де осы еңбек арқылы келеді десек қайте айтпағанымыз болар.
Кең мағынада алып қалар болсақ еңбек тек адамның ғана емес, сонымен қатар қоршаған орта мен табиғи қажеттігі болып табылады, өйткені, еңбек қоғамның материалдық негіздерін қалыптастырып, түрлі деңгейде өз нәтидесін көрсетіп отырады. Қарап отырсақ бес күндік мына жалған дүниеде өзінің саналы тіпті санасыз ғұмырында адам әйтеуір бір нәрсені жасап, дайындап, шығарып, өндіріп жатады. Мұның бәрі еңбектің арқасында жүзеге асырылып отырады.
Адамның қолынан жасалған заттардың барлығын алып қарар болсақ сонау инеден бастап ұлы жаңалықтарға дейінгі ғажайып көріністердің барлығы еңбектің нәтижесінде пайда болған. Сондықтан, кез-келген адамның өмірі еңбексіз мүмкін еместігіне көзіміз жетіп отыр. Еңбек барлығын жасайды, адамның материалдық және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ететін де осы еңбек деп білеміз.
Еңбекті тағы да бір қырынан қарайтын болсақ  – бұл еңбек өнімін алу үшін адамның дене, ақыл-ой, рухани қабілетерін жұмсау арқылы жүзеге асатын мақсатты қызмет болып табылады. Жалпы алғанда еңбек арқылы дене, ақыл-ой және рухани қабілеттер туындайды да, бұлардың нәтижесінде материалдық рухани және санаткерлік құндылықтар орын табады. Еңбек ете жүріп біз бойымыздағы қазақи құндылықтарды сақтай жүруіміз абзал. Еңбексіз күн, құр босқа өткен уақыт адамды тұңғиыққа тығатыны анық. Сондықтан еңбек етейік, еңбек ету арқылы өз арманымыз бен мақсатымызға қол жеткізе берейік!
Еңбек деп айқындала айтып отырған бүгінгі келіп жеткен Еңбек күні құтты болсын! Ел тынышы бұзылмасын! Еңбектеріңіз жанып, еңбек жрлында биікке өрлей беріңіздер!





Пікір жазу