25.09.2023
  87


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Барлығы жазулы

Бүгін де, өткен де, кеше де,


Жаңылдық білесің нешеме?!


Барлығы маңдайға жазулы,


Барлығы пешене!


 


Болмасты болса деп талпындық,


Секілді, жоқтық-жұт, барлық-құт.


Безбеннің тілінде тағдырың,


Ендеше, жарлық күт!


 


Сумақай сырларды сақтап іш,


Жүрмесе, доста алыс, жатта алыс!


Бөрінің ауызы қан болғанмен,


Бөрінің мəрттігі — мақтаныш!


 


Күндегіш ағайын, күнде егес,


Қадірін жақсының білме кеш.


Құрсақта бір болған бауырың,


Қабірде бірге емес!


 


Мақтаныш, масайрау, шаттану,


Іліксе, ілкіні ап қалу.


Кімдердің ойында жоқ дейсіз,


Аударып тақты алу.


 


Білмедім, байы кім, жарлы кім?


Бəрібір, күтуде жарлығын!


Ғұмыр деп аталған еменнен,


Үзілер жапырақ тағдырым!


 


Бүгін де, өткен де, кеше де,


 


 


Талпынған, талпындық нешеме?!


Артыңда із қала ма, қалмай ма,


Барлығы жазулы, барлығы пешене!





Пікір жазу