01.09.2023
  43


Автор: Шөмішбай Сариев

Шымқай жүзі алманың шырайланып

Шымқай жүзі алманың шырайланып,
Шырайланып тұрғасын мың айналып,
Ұшып жүрген қарғаның қылығына,
Көз салып шуақты Күн, тұр ойланып.
Көз алдында — батар жай болды жанға,
Кей-кейде қанаттылар жолды ұғар ма?
Армандай биік өскен алма ағашқа,
Қалықтап ұшып келіп қонды қарға.
Алма, арман, арсыз көңіл күшті ұғар ма?
Өртеніп өкініштен түсті зарға.
Сұлулықты жаралап тұмсығымен,
Қалбақтап қара тұмсық ұшты қарға.
Арудан бар жүректі арбап алған,
Жоғалды сол заматта самғап арман,
Қарға еді ол жемтік болар құрт іздеген,
Іздемес сұлулықты алмалардан.
Болғанда бозбалаға қарманар күн,
Орағытып, кес-кестеп арманы алдын.
Жемтігі боп кетеді-ау кейбір алма,
Қара тұмсық қанатты қарғалардың!..
Шымқай жүзі алманың шырайланып,
Шырайланып тұрғасын мың айналып.
Ұшып жүрген қарғаның қылығына
Көз салып шуақты Күн, тұр ойланып...





Пікір жазу