10.08.2023
  271


Автор: Білім күні

Білімді ұрпақ ел ертеңі

Білімді ұрпақ — болашаққа бастар жарық жол. Иә, бұл сөздің мән-мағынасын ашып, кеңінен түсіндірмесек те жас ұрпаққа тікелей қатысты дүние екені айдан анық байқалып тұр. Еліміздің бүгіні мен ертеңі және келешегі биіктерден көрініп жоғары өрлеуі осы өсіп келе жатқан жастардың қолында. Ал өскелең жас ұрпақты жастайынан оқуға баулып, оларды дұрыс әрі таза жолға бағыт-бағдар беру әрбір үлкен буынның қазіргі міндеті деп білемін. «Тәрбие — тал бесіктен басталады», — дегендей, өсіп келе жатқан жастардың нағыз білімді де саналы болып, сонымен қатар өз еліне деген сүйіспеншілігінің жоғары болуына себепкер ол балалық шағынан алған тәрбиесіне тікелей байланысты деп білем.                                         
Болашақ — жастардың қолында дейміз. Сол жастарды тәрбиелеп, білімді етіп өсіру әрине үлкендердің құзырында. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда бастаса соңғысы да солай қарай бағыт алары сөзсіз. Сондықтан жастарды білімді етіп тәрбиелеу үшін бірінші орында өзіміз де білім, тәрбиелі болуымыз айтпасақ та белгілі жайт. Әрбір жас буын мектеп қабырғасында жүріп-ақ білім алудың маңызы зор екенін түсініп, сезінуі керек. Өйткені алдағы күндері білімге деген сүйіспеншілігі күн санап өсуі үшін мектептің кезінен бастап-ақ оқуға құштар болып өсулері керек. Білімді болып, оқу мен оқығанын санасына тоқу арқылы өз болашағымен қатар елінің гүлденуі мен көркеюі, үлкен дәрежеге жетіп өрлеуі барлығы да осы білім алумен келеді.
Еліміздің жарқын болашағы мемлекетіміз бен жас ұрпақтың арасындағы байланыстың өте тығыз әрі жоғары болуына байланысты. Жастарымыздың білімді де саналы әрі тәрбиелі болып өсуі үшін үлкен буындар олардың жағдайын жасап білім алуына, тәрбиелі болып өсуіне жол ашу керек.
«Өнер, білім - бәрі де оқуменен табылған» — деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқанындай, өнер болсын, білім болсын барлығы да оқуменен табылады. Яғни білімнің бәрі кітапта. Кітап оқу арқылы сөздік қорды көбейтеміз, кітап оқу арқылы жанымыз рухани бай болады, кітап оқу арқылы биік белестерді бағындыра аламыз. Сол себепті, 1-ші қыркүйекте «білім күнінде» мектеп табалдырығын қайта аттап өз сыныбымен қауышқан барлық оқушылар мен ұстаздарды бүгінгі білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Оқушыларға айтарым тек қана: «оқы, оқы және оқы!» Барша мектеп ұжымына, ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылына сәттілік тілеймін!

     





Пікір жазу