10.08.2023
  140


Автор: Білім күні

Бірінші қыркүйек — «Білім күні»

«Білім – қымбат қазына, Қанағат тұтпа азына» деп Мұзафар Әлімбаев атамыз айтқанындай адам ізденіп білімді болған сайын өрісі кеңейіп, жүрген жолы ашық болары айдан анық дүние екені сөзсіз.
«Білім инемен құдық қазғандай» деген тіркестен ақ білім алу қандай еңбекті талап ететінін байқап отырмыз. Білім алудың ерте кеші болмайды, сонымен қатар мен білім алдым, мен өте білімдімін деуге де болмайды. Өйткені адам өмірінің соңына дейін білім алса да білім ол адамға көптік етпейді. Адам қаншалықты білімді болса, соншалықты бай-қуатты болады. Солай емес пе?!
Адамның білімсіз өткен бір күні ол оның бос өткен күні болып есептеледі. «Батыл бірді жықса, білімді мыңды жығады» деген мақалға құлақ түрер болсақ білімді адамның қандай қасиетке ие екенін көріп отырмыз. Білім адам бойына біткен ең мықты қару. Ол қаруды игі істерге жұмсай білсек айнала мен қоғамға тигізер пайдасы орасан зор болмақ. Еліміздің өсіп, өркендеуіне білімді адамдардың үлесі көп десек қате айтпағанымыз болар. Адамзаттың жетер ең биік шыңы білімді толық меңгерген күні болып есептеледі. Сондықтан білім алу жолында ешқашанда шаршамау керек, алға талпына беру керек, оқи беру керек, оқи беру керек!
Күллі адамзат өмірін білімге арнайды. Адам өмірге келгеннен бастап-ақ білуге, үйренуге құштар болып тұрады. Тек сол білім алу жолында қажырлы еңбек етіп, білімнің биік шыңына көтерілу үшін алға қарай қадам басуын тоқтатпауы керек. Бір орында тоқтап, тұрып қалған адамның күні бос күн, құр өткен күн болып саналады.
Білім алу үшін қазіргі таңда кітаптар да жеткілікті, ғаламтор да бар оқимын, білімімді шыңдаймын деген жандарға барлық жағдай жасалған. Тек білім алуға деген қызығушылық пен ынта, ниет болса болғаны. Себебі білім ұрпақтан ұрпаққа берілетін шежіре, тарих, өнеге, тәрбие солай емес пе?!
Жазғы демалыстан оралып, күздің алғашқы айының алғашқы күні бастау алатын яғни «білім күні» құтты болып, барша өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың білім алып, саналы да тәрбиелі болуына жол ашылсын! Саналы да білімді, тәрбиелі жастарымыз көбейе берсін!





Пікір жазу