25.07.2023
  177


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың күнделігінен

1-қаңтар 1957 жыл


         Жәнібек ағай Мұзафаров өткен жылы «Шығармашылықтың анасы-күнделік» деп еді. Мен жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап күнделік жазуды қолға алып отырмын. Бұл жыл маған табысты жыл бола ма деп ойлап отырмын. Ізгі тілекпен ізденіс үстіндемін.


         Сонымен мен Қызылжар қаласында отырмын. Жаңа жылды қарсы алу түнінде Есілбай Қазыбековтың үйінде болдым. Бұл түнде жақсы дос Мөртай Қощығұловтың үйлену тойымен өтті, әсерсіз болған жоқ.


         Кең залда жасалған мерекелік дастарханда достардың ортасында 1957 жылды қарсы алу тостын көтеруді маған міндеттегенін зор қуаныш деп қабылдап, жаңа жылдың бірінші секундттарында құттықтау тілегімді айтқанымда Ғазез Нұрмолдин ағай өзімді қоса құттықтағанын қайтерсің?! Қатты мақтап жіберді білем... Достар тілегі қандай ыстық та әсерлі еді...


         Есілбай ескі ұстаз, менің қиялымда егде тартып қалғандай еді. Бірақ өзгерісі жоқ. Сол ойнақы, ақжарқын, бала мінезді Есекеңді бірден тани кеттім. Зор құрмет, ілтипат көрсетті. Жиын үстінде кеңесуге уақыт болмады. Үйіне оңаша шақырып, «асықпай кеңеселік» деп сыңай танытқан. Кеткенше жолығып шықпақпын.


         Мерекелі қала көшесі. Біз Зиядан екеуміз жиен Ғаппас Шәймерденовтың үйіне келе жатырмыз. Күн тымық, болмашы шытқыл аяз бар.


         Жиен ескі қызметкер, елуді алқымдаған толықша денелі, қоңқақ мұрынды. Үлкен көзді байсалды адам екен. Зияданың таныстыруымен кеңінен сөйлесіп кеттік. Бұл кісі газет беттеріне шыққан мақалаларым арқылы мені біледі екен. Жеңгей арықша келген бойшаң, қараторы жан екен. Дереу қонақ күту қамына кірісіп кетті. Жатсына қойған жоқ.


         Шығарып саларда араласып жүру үшін келгеніме алғыс айтып, тағы да келіп тұруымды өтінді.


         Күндіз Рахметолланың  үйінен шыққан соң облыстық өлкетану музейіне кіріп шығып, кешке Әбдірашиттың үйінде қонақ болдым. Ашаң өңді, бетінде тыртығы бар жас жігіт Сапарбек Әбдрашитұлы  сүйкімді жан екен. Мазасыз маскүнем мейман Қазидың мәжілісімізді бұзып, сиқын кетіргенін қайтерсің?!


         Аласа бойлы, ашаң жүзді, қыр мұрынды жігіт көзі қызарып, талаурап кеткен тілін орай сөйлеп, тәлтіректей басады. Бұл менің болашақта жазатын әңгімемнің кейіпкері екенін сездім.


 


 


2-қаңтар 1957 жыл


 


         Обком партияның кең, сәулетті вестибюлінде отырмын. Екі жаққа созылған ұзын коридор тыныш әрі салтанатты. Адамдардың жүріс-тұрысы сирек. Коридордың арғы түкпіріндегі кабинеттен машинаның тырсылы естіледі. Асыға күтулімін. Аса ұлы азаматты көруге құштар болып отырмын. Жұмсақ  диванда шалқая түсіп, тынығып отырып ұзақ күттім.


         Міне, биік басқыштан көк жағалы каракөл пальто дәл сондай  құлақшыны бар орта бойыл, ақсары реңді, қара мүйіз шеңберлі  көзілдірікті жайымен түсіп келеді.


         – Сәлеметсіз бе, Ілияс аға! –деп қолымды ұсына бердім. Жүрегім шаттықтан дүрсіл қағады.


         – Зейнел-Ғабимысың, денің сау ма? Аман келдің бе? Денсаулығың қалай? –деп сұрай бастады Ілекең.


         – Сіздің тапсырмаңыздың жайын айта кетейін деп едім –дедім мен.


         – Түсінікті, бәрі анық. Алматыдағы Ғабитпен сен туралы сөйлестім. Сенің жинағыңды бастырып, бір жолға балаларыңа қаражат жасай тұрып, өзіңді екі айға Бурабайға курортқа жіберу үшін Жазушылар одағынан саған жолдама берілуіне келістім – деді Ілияс ағай биязы, қамқор дауыспен.  Күлімсіреп қарап тұр. Мен берген хаттарды табыс еткенімді айттым. Әр сөзімді мақұлдай қабыл алды. Ол кісінің басқа адамдарға ұқсамайтын аса көркем кескініне қарай бергім келді. Біз сыртқа шыққанда күнге шағылған ақ «Победа» тұр еді. Бұл көлікке анада бір мінгенім бар.


          –Машинаға отырыңыз, баратын жеріңізге дейін апарып саламын, –деді Ілекең кабинаның есігін аша беріп.


         – Мен алдымен сәл демеңкіреп отырғызып жібердім де ол кісі артқы диванға менімен қатар отырды, Ғазез шофердың қасына жайғасты. Асфальтты көшемен сырғып келеміз. Ілияс ағай астанадан алған әсерім жайлы сұрайды. Мен сыпайылықпен жауап берем. Міне, редакцияның ғимаратының тұсына келіп қалдық. Мен машинадан шығып қолымды ұсындым. Енді есікті жауып кетіп қалғалы тұрмын. Ұлы адамды ұзақ уақыт көре алмайтыныма қынжыламын. Оның жүзін тағы бір көріп қалғым келеді. Кабина есігін жабарда иіліп тағы қарадым.


         – Рахмет, сізге Ілияс аға! – дедім мен. Бұл шын жүректен шыққан алғысым еді. Өзімнің мол ризашылығымды сөзбен жеткізе алмаған сияқтымын. Жеткізе алмадым-ау деген өкінішті оймен кете бардым...


Ақиық ақын Қасым Аманжоловтың:


                   Танымаймын қанықпын сыртыңыздан,


                   Мен риза еліме ұл туғызған... деген орынды сөзі ұзаған сайын тіліме орала берді.


 


3 қаңтар 1957 жыл


         Редакция. Ғазез Нұрмолдинның кабинетінде отырмын. Ғазекең қоштасу сәттерінде талап-тілектерін айтып, газетке үзбей жазып тұруымды өтінді. Азғана ашылған есіктен таныс бейне өте бергендей еді. Сәркен. Жоғалған адам. Амандасқан соң сөйлесе кеттік. Бұрынғы жастық кейпінен айрылып, сақал-мұрт қаулап өскен, киімі де, кескіні де жүдеу тартқан. Сәркеннің өзі еді. Мен оның жүзінен моральдық жағынан әлсіреген, панасыз кезбені көргендей болдым.


 


4 қаңтар 1957 жыл


         Түн көрпесі әлі түрілген жоқ. Ызғарлы таң алды. Қала көшесімен автостанцияға қарай келе жатырмыз. Чемодан мен қапты Ғазез ауырсынып келеді. Кезек көтеріп жәрдемдесуге тырысам. Ғазез оныма қарсы болады. Аспандағы ығы-жығы жұлдыздар мен  мұнартып жанған электр лампаларының сәулесі түскен көше тым-тырыс. Автостанция алдында иірілген сарыала автобустардың арасымен ішке кірдік. Суық әрі лас залда адам аз. Қаңырап бос тұр. Сейдахмет құданың кемпірі мен орталықтың жігіті бар екен. Көп ұзамай адамдар жинала бастады. Мәкен, Сұлтан деген Игібайдың  құдаларымен бірге билет алып бірге кетпекпін. Жолдас табыла қалғаны оңды болар ма?! Біздің автобусымыз кешігіріңкіреп келді. Жүкті машинасы екен, үсті кенеппен жабылған. Артында кенебі желпілдеп, кішкене есігі көрінеді. Біз жайғасарда Ғазез басқа машинамен кететін болды. Айрылысатын кез қандай ауыр...Қимас дос, сенімді жолдас болған Ғазезге машина үстінен қолымды бердім.


– Қош, бауырым, Ғазез! Хат жазып тұр!


  Машина теңселе қозғалып жүріп кетті. Күңгірт лас, әрі суық жәшікке қамалған шөжелердей шүпірлесіп, бас түйістіріп отырмыз. Машинаның есігінен үйлердің жарқыраған терезелері тез-тез қалып жатыр. Теміржолдың қиылысында тоқтап тұрмыз. Дүрсілдеп өтіп жатқан ауыр составтардың дүрсілі естіледі. Асфальт жолмен сырғытып келеміз. Қызылжар артта қалды. Сымға тізген жылтырауық маржандай оттары, алакөлеңкеде шұбатылып көрінеді.


Күн көзі құлақтанып тұр. Явленкаға тезірек жетуге  асығамыз. Аяқ-қолымыз тоңып, берекеміз әбден кетті. Асханадан тамақ ішіп, жылынып алуды армандап келеміз. Келіп қалдық. Бұрыннан таныс асханаға кірдік, дене жылынар емес. Облыс көлемінде дәл осындай нашар асхана жоқ та шығар деп ойлаймын.


–Арақ бар ма?


–Жоқ.


Салым суға кетті. Бір жүз грамм ішіп алып қалтыраған жансарайымды жылытып алайын деп едім. Ол да болмады. Шайы суық болғанмен сорпасы ыстық та дәмді екен. Жолдастарым суық шайды сіміріп, жылына алмай жолға шықты. Ойлы-қырлы даламен жайсыз жолда машина заулатып келеді. Жүгі аз машина тоңқылдатып ұрып, азаптап келеді. Белім ауырғаннан қиналсам да тістеніп алдым. Суық күнде жан терім шығып отыр. Не деген ауыр жол еді. Ай жарым жол рахатын көрсем де осы бір сағаттар бар машақатты төге салғандай болды. Көбештен шықтық. «Енді бірнеше минуттарда Бірлік ауылында боламыз»- деген қуаныш жүректі желпіп өтеді.


 


5 қаңтар 1957 жыл


         Біз Жылқыбай нағашым екеуміз дала жолымен көк аттың пысық жүрісімен асығып жүріп келеміз. Қытымыр суықтың содырлы лебін сезбейтін сияқтымын. Аз уақытта үйде балалар арасында болу, көптен көрмеген отбасының ортасында болу қандай бақыт. Жанымдай жақсы көретін балапандарымды еркелетіп, мойныма мінгізу қандай қуаныш?!  Мен жақсы сезімдер үстінде езу тартып күлімсіреймін.Осы бір сәттер көз алдыма келе береді. Отбасының ортасындамын, ауылдастардың ішіндемін...


 


20 қаңтар 1957


Көптен күнделік жазғам жоқ, себебі жұмыс басты болып қол тимеді. Жазу үстіндемін. Күнделікті өмірде айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Бүгін досым Ғазезден хат алдым. Жас жігіттің сөздерінен көңілділік сезіледі. Хат салмадың деп кінәлайды, өлең жазған, жауап жазбасқа болмайды.


         Уағалайкумассалам, Ғазез, шырақ!


         Хатыңда алдым жазылған жайды сұрап.


         Хат жазуға уақыт болмай жатыр,


         Жүйкең қозып ұрыспа мені сынап.


         Туған ауыл, өскен ел баурап алып,


         Қызығына ілесіп кеттім ұзап.


         Алтын бесік үстінде тербелсем де,


         Ұмытпаймын қашанда сені бірақ.


         Астанада өткізген сол бір күндер,


         Біздер үшін қызықты сондай қымбат,


         Өмірімнің жазындай жақсы сапар,


         Кейістікті көп жылғы ұмыттырмақ.


         Жақсы сапар шабытқа қозғау салып,


Дамыл бермей қаламға жүрмін жазып.


         Терең ойдың телміріп соңына ерем,


         Бейнеттеніп, инемен құдық қазып.


         Сен қалайсың бұл күнде, Ғазез батыр?


         Талаппен есіл күн өтіп жатыр?


         Бір күнің босқа өтпесін ізденуден,


         Бұл саған ағаң айтар достық ақыл.


         Сұрауым  сенен шырақ жалғыз ғана,


         Жырлар жаз жұртқа ұнар біраз жаңа.


         Талаптың тай тұлпарын тебіне түс,


         Шық былай, күйбеңдемей сахнаға.


 


         Енді Ғазезді күлдіріп алмай болмайды:


 


         Жалынып, сәлем жолдап қыз-қырқынға,


         Махаббат, күйдім-жандым деп ұмтыла.


         Жүргенде арман қуып, сағым қуып,


         Кездескін адал достым бір сылқымға...


 


24 наурыз 1957


Бүгін жақсы ойдамын, көңіл-күйім  өте жақсы. Себебі менің тәй-тәй басқан қаламыма тұңғыш рет сый көрсетілді. Ол қазақ үкіметінің марапаты. Әлгінде Тұрсынбай Хәкім келіп құттықтады да өте тығыз тапсырма беріп кетті. Ертең  кешке дейін туысқан «Ленин туының» он мыңыншы санының шығуына байланысты қылмыстық пен жолсыздықты жоюдағы тәрбиелік мәні жөнінде әңгіме жазып шығуым керек. Тығыз да жауапты жұмыс. Несі бар, талаптанған адамға қиын бола қоймас! «Байбосын мен Бейсекей» деген әңгімем Хәкімге де, көпшілікке де ұнады.


 


 


9 сәуір 1957 жыл


         Күн ашық. Өкпек жел соғып тұр. Қар күрт еріп, жер беті көлкіген су, ми батпақ. Газунның ыстық кабинасында шайқалып жүріп келеміз. Мотордың ызыңы кейде баяулап, кейде күшейе түседі. Батпақты шашырата тіліп, жалпақ суларды кешіп өтеді. Қалаға тез жеткім келеді. Достардың ыстық ықыласы тартып, асығып келемін. Асфальт болса құстай ұшып жылдамырақ жүрер едік. Ұшқыр қияла қанат бітіргендей. Не пайда? Көбештен шыға тұрып қалдық. Грейдер жолдың сары ірімшіктей саз балшығына батқан машиналар керуені ұзақ тұрды. Күн еңкейіп қалды. Өкпек жел берекесі кетіп, еріген қарды қожыратып құртып барады. Көз жетер жердің барлығы сарғылт тартып, жаздың жылы самал желі еседі. Бусанған сары далаға қарай берсем деймін. Машиналар керуені қозғала бастады. Орта бойлы секпіл бет, қыр мұрын жігіт шоферым. Ол қиын жерлерден еппен өтіп жүріп келеді. Пласкеуден өткенде қызарып күн батты.


         Түн. Явленкадан шыққан машианалар грейдерге, сонан соң асфальтқа шығып жүйтки жөнелді. Машина қараңғы түнді тескен ұзын жарығын қуалап ұшып келеді. Шофер жігіт көптен үйінде болмай Қостанай жақтан ұзақ сапардан келе жатқан адам екен. Бала-шағасын сағынғанын, тез жетуге асық екенін әңгімелеп келеді. Ұзақ уақыт үйдің  қарасын  көрмеген адамның асығуы да заңдылық қой.


 


10-сәуір 1957 жыл.


         Қаладамын. Күн өте жылы. Түтін мен бу қала үстінде іркіліп тұр. Редакцияға келдім. Достармен табысып, қуанышым қойныма сияр емес. Әли жоқ екен, көп ұзамай кіріп келген ол мені аңдамай қалды. Ол мен үшін туысымдай болып кеткен жан еді. Құшақтап бетінен сүйгім келеді. Бірақ жолдастардан ұяламын. Бәрі бұрынғыдай болғанмен жүздерінде кірбің бар сияқты. Жігіттер арасында айтыс-тартыс бар екенін еститінмін.  Олардың ісі аткомда қаралып, Жанәбіл Оспанов жұмысынан айырылыпты. Көбі сөгіс алған. Осы келеңсіз жайт маған да әсер етті. Менің қаламақымның басым көпшілігі пошта арқылы үйге кетіп қалыпты. Басылмаған материалдарға ақша берілмейді. Олай етуге тиым салыныпты. Ақшасыз отырмын. Астанаға баруым қиындау болып тұр. Бір жөні болар деген демеу сөз ғана бар ойымда. Онда барғанда да ақша ала қоюым белгісіз. Осы бір қара ала қағаздардың аты өшпей жақсылық болмас-ау... Сол күндерді қашан көрер екенбіз...


         Ақша байлық пен барлықтың бұлағы болса, зұлымдық пен азғындықтың тұрағы екен. Ақша табу үшін зұлымдар адам қанын төгеді. Арам адамдар ардан жұрдай болады.


 


15 сәуір 1957 жыл


         Бүгін Жәнібек Мұзафаров ағайдың үйінде қонақта болдым. Әдебиет тақырыбында бірталай пікірталас болды. Ол кісі


1/ өмірдің көлеңкелі жақтарынан гөрі күңгей жақтарын көбірек жазу керектігін айтты.


Бұл дұрыс бола ма деймін, дегенмен  өз шығармашылығында екі жағын да қамтуым керек сияқты.


2/ шығарма жазғанда барлық адамға арнау керек бола ма?- дейді.


Менің жазғаным ауыл шаруашылығы жөнінде жазылған, басқалар үшін тәрбиелік мәні бар сияқты. Бұл пікірді де келешекте қабыл алуға болады.


3/ ауыл шаруашылығын жазу үшін ауыл өмірімен қоса ауылшаруашылығы ғылымынан да хабардар болу керек – дейді ағамыз.


         Бұл өте дұрыс. Мен енді саяси әдебиеттен Марксты, Ленинды, ғылыми әдебиеттен Дарвинды, Мичуринды міндетті түрде оқуым керек. Жәкеңмен кеңес ойландырмай қоймады.


 


16 сәуір 1957 жыл


         Күн бұлыңғыр. Қиыршық қар аралас жылы жаңбыр себелеп тұр. Поезд қозғала берді. Жолдастарым Абай мен Естай үшеуміз өткен-кеткенді айтып, терезеден  қарап отырмыз. Үй дәмінің мол дастарханы жайылды. Бірақ, асқа зауқым соғар емес. Дөңгеленіп қалып жатқан сарғылт дала мен айналадағы тіршілікке құныға қарай берем. Міне, Көкшетау жері жасыл қарағай аралас мүлгіген ормандар терезе алдынан жылжып қалып жатыр.


–Шіркін, Көше жерінің табиғаты-ай! Сендердің жерлерің біздің жерге қарағанда жер ме, тәйірі? – деп Естай бөсе сөйлейді.


–Тау-тасың, жылға-жыраларың болмаса, сыртқы сұлулығы болмаса, жеріңде қандай  байлық бар? – деп Абай айтыса кетті.      


–Жер астының байлығы ше?


–Байлықтың асылы алтын дән емес пе? Біздің жер алтын жердің атасы емес пе? Одан артық байлық бар ма? – деп Абай қызып кетті.


–Адам өмірінің арқауы-астықтан артық байлық бар ма? –деймін ішімнен.


         Алыстан күлгін түсті Көкшенің жоталары мұнартып көрінеді. Маған Көкшеден биік тау жоқ сияқты болып көрінген еді маған. Кейін Алатауды көргенде бұл ойдың ағат екенін білдім.


 


17 сәуір 1957 жыл


         Біз оянғанда поезд Ақмолада тұр екен. Тез киініп вокзалға кірдік. Вокзал іші қапырық ыстық, иін тірескен адам, көбі еденде көсіле түсіп ұйықтап жатыр. Халықтың жүзінде шаршап, қажығандықтары көрініп тұр. Телеграфқа кіріп, Жарқынға, балаларға телеграмма соқтым. Күн суық. Шығыстан соққан жел бойды қалтыратып барады. Перронда бұйығы мінезді шикіл сары жігіт  Рамазан Ахметовты кездестіріп, қалған жолда бірге сапарлас болатын болдық. Ол «Лениншіл жастың» Ақмола, Қарағанды облыстарындағы тілшісі екен. Таңертеңгілік ас ішілгеннен соң үшеуі проферанс ойнауға кірісті. Маған бұл ойынды үйренуге пейіл танытқанымен мен қарсы болдым. Картаға бас қатырғанша туған жердің көріністерін қарап отырғанымды дұрыс санаймын. Оның үстіне қолымда  жан досым кітап бар. Одан артық қызық бар ма? Қажымұқан жайлы кітапты оқып отырып, бұлдырсыз сары далаға қарап қоямын. Жол үстіне қалып жатқан разъездер мен станциялардағы қара домалақ қазақ балаларын көргенде өзімнің кішкене балапандарымды сағына түскендей боламын.


         Күншуақ. Кей жерлердегі жыра-сайларда қар көрінеді.


 


18 сәуір 1957 жыл


         Ертемен оянып, терезеден қарасам адыр, белесті даламен жүріп келеді екенбіз. Мойынтыдан өтіп кетіппіз. Тепловоздың өкірген үні тынымсыз естіледі. Оң жағымыздан ирек-ирек жоталар тізбектеле еріп келеді. Поезд разъездер мен станцияларды тез-тез басып өтуде. Күн ыси бастады. Купе іші де ыстық, қапырық. Жолдастарым қайтадан проферанс ойнауға кірісіп кетті. Оңтүстіктің табиғатына тамашалай қараймын. Қызыл-сары дала мен төбелер көктей бастаған. Сарғалдақтар  төселіп жатқан жерлер дөңгеленіп қалып жатыр.  Бір шоқ гүлді құшырлана иіскегің келеді. Кішкене қыздар поезға қарап, қолындағы сарғалдақ гүлдерін бұлғайды. Тағы да балаларым есіме түседі, сағынып кетемін.


Түс ауа Шу станциясына тоқтап  вокзалын, базарын араладық. Өте мәдениетті станция екен. Енді аз уақытта Алматыда боламыз. Күн тоқталғанда адыр, шоқырлар арасында келе жаттық. Поезд өте ақырын қозғалады. Тау ішінің дымқыл ауасы сезіледі. Шамалған мен Боралдай артта қалды. Алматының шетіне кірдік. Кешкі Алматының жарқыраған жарығы көз тартып, көңілді сергітіп жібергендей. Поезд екпе ағаштардың  ну орманын жарып жылжып келеді. Кішкене ақ үйлер бірінен соң бірі ағаш арасында қалып барады. Поезд бірінші станцияға тоқтағанда қарсы алушы халық жүгіре басып келе бастаған еді. Поездың әр терезесіне қарап Амандық пен Жарқын тұр. Мені көріп жүгіріп келді. Сағынған достарды көру қандай ғанибет! Беттерінен қатты сүйіп алғым келеді, бірақ ұяламын.


         Қала көшесіндеміз. Қонақ үйлерде орын жоқ. Ана жолы да осылай болған. Қатты қынжылдым.


         Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,


         Сонда да тастамаймын астанамды.


         Өлеңнің отын жағып жылынармын,


         Өзімді, әйелімді, жас баламды, – деген Қасым ақынның өлеңі тіліме орала береді... 


 


19 cәуір 1957 жыл


         Түнде Жарқынның жатақханасында қонып, жақсы ұйықтап шықтым. Ертемен тұрып, душқа түсіп, «Алатау» ресторанынан тамақтанып Гослитиздатқа бардық. Жәрдем Тілековқа кіріп амандастық. Ол кісі сыртымнан біледі екен. Амандық-саулық тез аяқталып, жұмыс жағдайына кірістім. Шығармамды қабыл алып, Сәуірбек Бақбергеновтың қарауына беретін болды. Жәрдем ағай елулерге қарай келіп қалған ересек адам екен. Кескіні де, дауысы да Байбосынның Кәсеніне ұқсайды екен.


–Алыстан келдің ғой, сенің жұмысыңды кейінге тартпаспыз, –  дегенді айтты. Қатты толқудамын. Бірінші байқаудан мүдірмей өтіп едім. Бұл жолы қиыншылыққа кездеспей өтіп кетсем деп арман етемін. Менің талабымның екінші рет сынға, бәйгеге түсетін жері осы. Максим Горький көшесімен аяңдап келеміз. Күн ыстық, шыжып  тұр. Қала халқы жазғы киіммен жүр. Маған да костюмім едеуір ауырлық етіп келеді. Көшеде Сәуірбек ағайға кезіге кеттім. Мені бірден танып, хал-жағдайымды сұрады. Әңгімелеріңді түгел оқып шығамын!- деді. «Қандай пікір айтар екен?- деп  қобалжимын.


Кешке қонақ үйде Амандық, Жарқын үшеуміз тамақтанып, бірқыдыру жайларды кеңес қылдық. Осындай қамқоршы жолдас, абзал достар көбейе берсе екен!-деймін.


 


20 сәуір 1957 жыл


         Бүгін Жазушылар одағында болдым. Сталин проспектісі, 109- үйге көшкен екен. Жаңа үйлері аса көрікті, кең сарайдай. Одақтың беделіне сай-ақ. Бұл Ғабит Мүсірепов  бастық болғандағы жазушы жұртшылығының қол жеткен табысы екен. Әрқайсысына кабинет беріліп, бөлек телефон қойылған екен. Сейітжан Омаровтың кабинетіне кіріп, амандық сұрасқан соң жағдайымды сұрады. Жинағымның басылып шығуына көмектесемін- дейді. Және бір жақсылығы – шығармашылық  іссапарға рұқсат беріп, өз облысымыздың совхоздарына жіберем, – дейді. Бұл жақсы ұсыныс, Ілияс Омаров қолдар. Ол кісі қарсы болмас деймін. Емделу жағдайын Ғабитпен сөйлеспекші. Ілияс ағай келгесін қозғап көрермін. Сафуанға кіріп біраз кеңестім. Жинағымның қортындысын алуға кемінде 10 күндей уақыт керек дегенді айтады. Одан бері бола қоймас дейді. Сонымен әлі жарты ай Алматыға мейман болуға тиісті болдым. Ертең үйге хат жазу керек.


 


 


22 сәуір 1957 жыл


 


         Кешегі күн нөмірде  жатумен өтті. Күн салқын қарлы боран соғып, қалың қар түсті. Демалыс күн болғандықтан ешқайда шыққан жоқпын. Үйге хат, открытка жазып жібердім, ұйықтап тынықтым. Бүгін баспаға барып Жәрдемге сөйлестім. Шығармамды Сәуірбек Бақбергеновке берген екен, тексеріп жатқан көрінеді. Қортындысы алдымыздағы дүйсенбіде шығады дегенді айтты. Естаймен сөйлестім. Жиналыстары жүріп жатыр екен. Жазушылар одағында Сафуанда болдым. Материалдарымды қарап шығуға үйіне шақырды. Қонақ еткісі келетін сияқты. Енді сонда барамын...


 


28 сәуір 1957 жыл


         Көптен күнделік жазған жоқпын. Жазуға уақыт та болған жоқ. 22-23 сәуірде Сафуанмен болып, сол үйде түнеп шықтым, жақсы сыйлады. Әйелі бадырақ көз қара торы келіншек екен, ауылдағы Мәркешке көбірек ұқсайды. Сондай меңі бар, айырмасы Мәркеш сопақша болса, Бағдат дөңгелек жүзділеу, ашаң өңді, қайқы мұрындау екен. Сөзуар. Сафуан кештетіп келіп, жинағым оқылмады. Үш күн бірде одаққа, бірде баспаға барып дамыл көрмедім. Сафуан мен Сәуірбек екеуі қосылып оқымақшы еді, бастарын қоса алмай әлек болдым. Қалай болар екен деген қобалжу да жоқ емес.


         Кеше ертемен одаққа бардым. Көп тостырмай Сәкеңдер келді. Сәуірбек ағай жағдайыммен танысып, біраз кеңесіп отырдық.


         Жапырақ көмкерген Комсомол көшесімен үшеуміз аяңдап келеміз. Ақжарқын мінезді Сәуірбек күлдіргі кеңестер айтып, қарқылдап күліп қояды. Оның алтын тістері күнге шағылып, тынымсыз жылт-жылт етеді. Менің көңіл-күйім де жақсы. Енді бірнеше сағаттарда аты бәйгеден келетін атбегідей елеңдеудемін. Одақтың ескі үйінде Сафуанның бұрынғы кабинетіне келіп, қағаздарымды жайып, оқуға ыңғайлана бастадым. Өткен желтоқсан айының 22-күні осы жерде талқылағанда Жазушылар түгел қостап шыққан еді. Бұл жолы да қарсы пікір болмас дейді көңілім. Өз ісіме сенімім арта түседі.


         Алғашқы әңгімелерім оқылған соң-ақ Сәкеңдерге ұнап кетті. Кейбір кеңестері болмаса қарсылық айтқан жоқ. Жартысына жақын оқыған соң-ақ Сәуірбек әрі қарай оқуға тиым салды да:


–Болды, жетті, белгілі... жақсы! – деді, – қабылдағанымыз жөнінде қортынды жазамыз –деді.


Коридорда ашаң өңді, көзілдірікті ақсары жігіт Леонид Скалковский кездесті. Біз ескі достарша амандастық.


– Сен Зекеңді білуші ме едің, Леонид? – деп сұрады Сафуан.


         – Сенен бұрын білем, оны!


          – Менен бұрын ба? –деп Сафуан қатты күлді.


         – Бұрын болғанда қандай, күзде Петропавлда танысқам. Ол туралы Солтүстік Қазақстанның адамдары жиналыста  жақсы пікірлер айтқан, – деді Леонид көзілдірік үстінен Сафуанға  қарап.  


          Біз көше бойлап ресторанға тарттық. Екі Сәкеңді сыйлап жіберуге тура келді. Әуелі «Қазақстан», сонан соң «Алматы» ресторандарына барып тамақтануға отырдық.


         – Сенің тумаңның өмірлі болуы үшін!


         – Қаламыңның ұшқыр болуы үшін! –деп аға жазушылар рюмкелерін жоғары көтерді.


         Мені ерекше шаттық кернеп отыр. Көңілімде қуаныштың бозторғайы шырылдап ән салғандай. Кішкене нәрестемді мәпелеп тұрғандай болам.


 


30-сәуір 1957 жыл


 


         Кеше Ғабит Мүсіреповке жолықтым.


–Келгелі көп болды. Неге келмей жатсың? – деп кейіп ұрсып тастады. Қатты ұялып қалдым. (Үлкенге сәлем беру міндет қой)


–Бірнеше келіп едім, сіз бірде жоқ болдыңыз, бірде кісі қабылдап жаттыңыз! – дедім төмен қарап.


Сейітжан Омаров, Дихан Әбілов үшеуміз көп отырдық. Тыңға іссапармен баратындарды белгіледі. Мені де атап кеткен екен еді.


–Сенде барып жазасың ба? – деп сұрады Ғабит ағай. – Ақша береміз, сен де бар! 


Мен келісе кеттім. Кетерде бұйымтайымды сұрады. –  Емделу жөнінде көмек бермес пе екенсіз? – дедім. Ол кісі: – Одаққа мүше болмаған соң реті келмейді ғой, – деді. Ағай қынжылып: – Одан да қаламақы есебінде баруың керек шығар? – деді.


– Гонарар төменгі ставкамен 1500 сомнан ғана көрінеді –дедім қынжылып. (Осы бір кеңесті естігеннен бері еңбегімді еркін құндамағаныма қынжылып жүр едім)  Ғабит ағай Республикалық полиграфия басқармасына, Тойғанбаевқа телефон соғып, менің жағдайымды қысқаша айтып шығып, ставкасын көбейтуді тапсырды. Баспа директоры Балтағожинды таба алмаған еді. Мен шығып кеттім. Аздан соң қайта шақырып алып, ставка Ортамен бағаланғанын, Балтағожинға баруымды тапсырды.


Директорға келген соң дереу құжаттарды жөндеп, менің жұмыстарымды бірінші бітіріп беруді міндеттеді. Бірақ, аяқталмай қалды. Өзара келіспеушіліктен жұмысым бітпеді.


Бүгін де жарты күн сонда отырдым. Директор қызметкерлерін шақырып, тез бітіріп берді. Сонымен жеті жарым мыңның орнына он бес мың ақша есептелді. Қолға берері үш мың. Көңілімді еңбек қуанышы кернеді. Жүрегім лүпілдеп қағады. Әкемдей қамқор болып отырған ағаларым Ілияс пен Ғабитке ризашылығымды білдіруге сөз жетпей отыр. Жұмысым бес-алты күнде бітеді. Оған дейін қала қыдырып, Бірінші мамыр-ынтымақ күнін мерекелемекпін. Өз қуанышым да ішінде.


 


 


 


4 мамыр 1957 жыл


 


         Мереке күндері көңілді өтті. Күнделік жазуға мүмкіндік болмады. Қаланы аралап, кинотеатрларда, парктерде болып жақсылап демалдым. Жолдастарыммен фотоға түстім. Кеше баспада болып, шарт жасауды аяқтадым. Көп жылғы еңбектерімнің алғашқы жемісін қолыма алдым. Баспамен жасалған шартқа қол қоюдағы қуанышты сезімімді айтып жеткізу мүкін емес. Бұл жазушылық өнердің ашылған есігінен аттаудың алғашқы қадамы деген сөз.


         Бүгін көз институтында болып, көзімді тексерттім. Сол көзім өте нашар көреді екен. Оң көзімнің көруі де төмен. Ал берген көзілдірігі сондай жақсы. Үнемі киіп жүрсе көзім қалпына келуге тиісті екен. Қалай киіп жүрерсің.Ұят өзі. Енді үйге кеткім келеді. Балаларды қатты сағынып жүрмін. Бірақ «ауыл жіберсе барасың» дегендей, астананың суы тартып жібермей қойды. Ақша 6-мамырда берілмек. 7 – 8 –мамырға қарай жүріп кетсем оңды болар еді. Бұл жердің ауа райы да ысып, мазам кете бастады. Кеше жүрек ауруым едеуір қозғалғандай болды. Асыққан көңіліме мереке мен демалыстар бөгет бола береді. Ертең жексенбі. Күнді қалай өткізу керек?


 


6 мамыр 1957 жыл


         Мен әлі сандалып бос жүрмін. Үйден шыққанда тезірек жетуге асыққан Алматы енді қызықтырар емес. Оның шулы көшесі мен әдемі бақтары тартпай-ақ қойды. Ойым алыстағы туған ауылыма тарта береді. Мен үшін бір жұтым ауасы шарбат суындай сезіліп, сағындыра түседі. Адам үшін туған жерден ыстық ештеңе жоқ па деймін. Нөмірде жалғыз отырып көзімді жұмып, ауылымды көз алдыма келтіремін.  Кішкене бөбектерге жетіп, құмардан шыға бауырыма қысып еркелеткім келеді. Мені көңілсіздік билеп алды. Алматының кинолары мен театрларын түгел көріп шықтым. Кеше Абай атындағы опера және балет театрына барып, «Біржан-Сара» операсын көрдік. Бүгін ұзақ күн үйдемін. Қала көшесі тынышсыз, ауасы ауыр. Кешке «Алматы» кинотеатрына «Высотаны» көруге барамыз. Жігіттер билет алып қойдық деп хабарласты. Жарқын Мырзағұловтың осында болғаны жақсы, әйтпесе қиын болады екен.


 


10 мамыр 1957 жыл


         Нендей көңілсіздік? 3 мамырдан бері бір жұма босқа жатырмын. Бүгін ерекше бір ыңғайсыздықта отырмын. Баспа ақша береміз деп уәде еткелі табаны күректей бір жұма, Қаражат таусылғалы қашан? Жарқын балапанын асыраған тауықтай қарызданып ақша жеткізіп тұрады. Оның болғаны да зор жақсылық. Әйтпесе не істеуші едім? Терезеден ақбасты Алатаудың шыңдары мұнартып тұр. Менің көңіл-күйіме ортақтасқандай. Қала сыртынан паравоздың ышқынған дыбысы естіледі. «Тез жолға шығайық» деп шақырып тұрғандай. Осы бір қоңыр үн ауылды одан бетер сағынта түседі. Қанатсыз құстай дәрменсіздігімді сеземін. Соңғы кезде денсаулығымның төмендей бастағаны байқалады. Алматының ыстығына төзер емеспін. Ұзақ күн бойы үйде салқын жерде отырамын да қоямын.


         Кеше Жазушылар одағында болып, Шәйкентайдың хатын алдым. Қандай қуандым. Көп күнгі көңілсіздікті серпілтіп тастағандай болды. Софияжанның сағынып жүргенін айтады. Ардашканың қолының таңбасын салыпты. Өздерін көргендей болдым. Саваштайды мен де қатты сағындым, оның жаны бірге ғой. Балалардың хаты мені бұрынғымнан да сағындырып жіберді. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей,  өзіме тиесілі қаражаттың қолға тимегені қажытты. Бүгін Орталық комитетке Серікбай  ағайға, Госиздатқа Тойғанбаевқа да телефон соғып көріп едім, ақша болмай жатыр дейді. Оларды да кінәлай алмаймын. Жалпы алғанда өнер жолы қиын жол, төзбей болмайды. Қиынынан өтіп, оңайына тіреліп тұрмын ғой. Оқасы жоқ, бір жөні болар...


 


11 мамыр 1957 жыл


         Ертемен Тойғанбаевқа телефон соғып, мүшкіл халымды айтып едім:


 –Қайдан тапса да 1000 сом қаржыны Балтағожинға тапқызам, телефонды босат! –деген дауысы естілді. Трубканы қоя қойдым. Он минуттан кейін қайта сөйлесіп едім:


– Қазір Балтағожинға бар, ақша тауып беретін болды. Сөйт, шырағым!- деді. Бара-бара бетім қайтқан мен  Балтағожинға телефон соқтым. «Қарастырып жатырмыз, өзің кел! – деді. Қуанып кеттім.


Тілеулес ағай жалынып-жалпайып өздерінің бір қызметкерінен 1000 сом алып бергенше ұзақ күн баспада отырдым. Күн нөсер жауын. Асфальтты көшелер телегей-теңіз, су сарқырап ағып жатыр. Жаңа жапырақ жара бастаған жасыл ағаштар бұтақтары тербеліп, терезеден төніп тұр. Кешке қарай үйге беттедім. Жаңбыр құйып судың астында қалдым. Бір-екі стақан шәй ұрттап, көк базардан жеміс, балаларға сәлем-сауқат жинап, жолға дайындала бастадым. Дайындық тез бітті. Жарқын емтиханға дайындалу үстінде қолы босамады. Аманжолға телефон соғып, ертең ертемен вокзалға барып, билет сатып алуды тапсырдым. Жүрек алып ұшады.


 


 


12 мамыр 1957 жыл


Ерте тұрдым, дала аппақ қар. Үй төбесімен бірдей өскен ағаштар қар жамылып мүлгіп тұр. Күн суық. Нөмірдегі жолдастарымның көбі костюмшең келген, далаға шыға  алмай дірдектейді. Аманжол вокзалдан телефон соқты:


–Купеге билет жоқ, плацкарт болмаса, ертеңге шыдасаң қайтеді? –дейді.


– Жоқ, қандайына болса да ал! Кетемін... – деймін дегбірсізденіп.


Сонымен дайындық жұмысы аяқталып қалды. Азын-аулақ қоштасу рәсімін жасап, дастархан жайдым. Аманжол мен Қайыртай заттарымды көтеріп көшеге шықтық. «Победа» таксиге отырып вокзалға келдік. Поезд жүруге ыңғайланды. Жарқын да келіп жетті. Вагонға отырдым. Орным плацкарттың адам жүретін жолындағы орын екен, оқасы жоқ, үйге жетсем болды. Поезд қозғала бастады. Жігіттер 1-Алматының вокзалына дейін шығарып салды.


– Ризамын, бауырларым, қош болыңдар, қуанышпен көрісейік! –деймін дауысым қарлығып.


         Поезд шапшаң жүріспен зулап барады. Алматының жасыл бағы азайып, алыстап кетті.


         – Қош, сүйікті, Алматым! Өнер мен білім ордасы Алматым! Сендегі күндер қашан да есімде жүрер! –деймін. Вагонда Омбының бір жігіті жақын туысымдай мені күтіп келеді. Қызылжарға дейін екі жарым тәулік жол, пәлендей өзгеріс болған жоқ. Күн қыздырған сары дала бірқалыпты дөңгеленіп қалып жатыр.


 


14 мамыр 1957 жыл.


         Күн кешкіре Көкшетаудан өтіп, іңірде поезд  Тайыншаға ұзақ тоқтап тұрды. Солтүстік батыстан көтерілген қара бұлт қабағын түйіп келіп қалды. Нажағай ойнап, сатырлап күн күркірейді. Бұл жаздағы алғашқы күн күркіреу. Жауын құйып кетті. Поезд да қозғала қоймады. Ауылдың шетіне тақалып келіп, осылай ұзақ тұруға бола ма? Менің шыдамсыздығымды ескерер емес. Уһ, ақыры қозғалып кеттік-ау!..


         Түн ортасы болғанда Қызылжардың оттары көріне бастады. Келіп жеттік-ау... Паровоз оқтын-оқтын ышқынып жүрісін азайтып келеді. Терезелерден қала үйлері баяу жылжып қалып жатыр. Поезд тоқтағанда жұрттың лап қоятыны қандай, есікке кептелдік те қалдық.


–Сізді қарсы алушылар тосып тұр екен! – деді жолаушылардың бірі. Қарасам Бижамал мен бейтаныс жігіт. Амандық-саулық сұрасып жатырмын. Жүгімді алып машинаға отырғызды. Өте жақсы болды.


Біз Серкей ағамыздың үйіне келдік. Ертең ауылға жүремін.


 


17 мамыр 1957 жыл


         Құрманның машинасына отырып «Бірлік» ауылына жеттік. Күн  көкжиектен көтеріліп, нұрын төгіп тұр. Орман жасыл жапыраққа бөленген. Жердің беті кілем төселгендей жап-жасыл, құлпырып тұр. Туған жердегі таныс ормандардың арасымен жүйткіп келеміз. Бәрі бұрынғыдай болғанмен қандай сүйкімді, салтанатты. Жүрегім лүпіл қағады. Ұзақ жол жүріп дағдыланбаған соң ғой деп ойлаймын. Туған ауылымды, бала-шағамды, достарды, туған-туысқандарды ауылдың шетіне келгенде одан бетер сағынып кеттім. Құрман «Газикті» ұшыртып келеді. Мамыр айында жасарған төңірекке сұқтана, тамашалай қараймын. Сұлулыққа көзім тоймайды. Машина үйдің қасына келіп тоқтады. Мен секіріп түсіп қақпаға кіргенде балалар да жүгіріп шыққан екен. Шәйкенді бетінен сүйіп, Саваш пен Маралды көтеріп алып иіскеп, сүйіп жатырмын. Ауыл адамдары жүгіріп келеді.  Үлкен-кіші демей беттерінен сүйіп, бауырыма қысқым келеді. Бірақ ұяламын.  Ондай дәстүр бізде жоқ қой. Алланың кең құшақ бермегеніне өкінемін. Барыс-келіс жайымды, орындаған жұмыстарымды жамырап сұрап, құтты болсынды жаудырып жатыр. Ауылдастарымның көзқарастарынан маған деген ыстық ықылас, жылылық, мол ризашылықты сеземін.


         Иә, дәл бүгінгі күндей қуанышты күнді мен сирек кездестірген жанмын. Көп жылғы ауыр бейнет бір сәт ұмытылғандай болды...


 


27 қараша 1957 жыл


         Былтыр дәл осы күні барлық дайындық аяқталды. Ғазез екеуміз заттарымызды, азық-түліктерімізді салып болдық. Өткен-кеткенді айтып ұйқыға кеттік. Ерте оянып, шәй ішкен соң біз автобусқа отырғанда әлі түн болатын. Вокзалдан  дауласа жүріп, зорға дегенде екі билет алып вагонға кірдік.


         «Мәскеу-Балқаш» вагоны купеленген, кілем төсеулі, жарқырап тұр. Дәл жұмақтың өзі де сондай болар. Бижамал мен Тәшет шығарып салуға келген еді. Поезд қозғала берді. Қуаныштымын, көңілді сапарға Алматыға өнер жолына, бақыт жолына жүріп барамын.


–Сәтті сапар болсын, жігітім! – деймін Ғазезге. Ол күлімдейді. Әли кіріп келді. Таза киінген, салтанатты. Әзілқой, ақжарқын жолдас,  абзал доспен алғашқы тереңірек танысу осы сағаттан басталды. Жол үсті Алматыдағы күндер көз алдымнан кетпейді.  Енді, міне, бір жыл зымырап өте шыққанын да білмей қалып отырғаным. Бүгін сол бір шақтар есіме түсіп ерекше сезімде отырмын. Ол мынау– менің қаламымнан туған «Қайта оралу» атты очеркім Қазақ радиосынан берілетіндігін радиодан хабарлап, тыңдауға отырдық.


–Радио баппен нақышына келтіріп сөйлеп тұр. Өз сөзім... жүрек сезімі, әр сөйлемі ой тербеткен, толғандырған қолтумам, менің ойым, үнім бұл.. Дәл осы сәтте менің мақаламды байтақ қазақ елі тыңдап отыр. Сәулетті көшелер, скверлерде  радио саңқылдап тұр.     Не деген қуаныш. Мен үшін зор бақыт. Кешегі кезде ауру-сырқау, ешкім танымайтын ауыл адамы едім, енді, міне, менің үнімді әлем тыңдап отыр. Осы күндер есте қалу үшін көптен жазбай кеткен күнделігімді қайта қолыма алдым.


Облыстық радиодан үш рет мақалам берілгенін өз құлағыммен естімеген едім. Бүгінгі қуанышым өз сөзімде Қазақ радиосынан естуім еді. Бұл көп жылғы талаптың алғашқы жемістері болар.


 


5 наурыз 1959 жыл


         Бейнет көріп, Пресновкадан келген бетім еді. Пошташы телеграмма жеткізді. 9 наурызға Алматыға Қазақстан Жазушылар одағының 4-съезіне шақырыпты. Дереу жол жабдығына кірісіп кеттік. Кеш батқанда Жәнібек келіп, екеуміз съезге бірге аттандық. Ертеңінде қалада болдық.


 


 


 


7 наурыз 1959 жыл


         Ертемен поезға отырып жүріп кеттік. Осымен Алматыға үшінші рет жол тартуым. Бұл жолы жолдағы елге қызыға қараған жоқпын. Себебі көзім үйреніп алса керек.


 


 


9 наурыз 1959 жыл


         Мен Алматыдамын. Астанаға кешке қарай жеттік. Қала үстінде бұлт үйіріліп тұрған, бұлыңғыр екен. Автобусқа мініп, Сталин проспектісі мен Жазушылар одағының съезі басталып жатқан саяси ағарту үйіне келдік. Бізді тіркеп, «Алатау» қонақүйінен нөмір берді. Бұл күні съезге кіргеміз жоқ. «Алматы» ресторанына Қосжан Мүсірепов, Төлеужан Исмайылов және Әли Мұсаханов бәріміз жақсылап тамақтандық та тынығуға нөмірге келдік.


 


10-наурыз 1959 жыл


         Ертемен съезд жүріп жатқан саяси оқу үйіне келдік. Халық өте көп. Арасынан таныстарымды іздеймін. Киім-кешегімнің барлығы ауыл салтымен еді. Ұялып, қысылғанмен амал жоқ. Естай Мырзахметовты көрдім. Асқар Лекеровты көпшіліктің ішінен іздеп едім, көрінбеді. Сафуан да көзге ілікпеді.


 


14-наурыз 1959 жыл


         Съезд біткен, жұрт елдеріне тарап жатқан. Менің жұмыстарым әлі көп. Жұмыстарымның көбі ККӘБ-та жатыр. Алғашқы жинағым «Бастама» үшінші жыл шықпай жатыр. Соның жайын білейін деп баспаға келе жатырмын.


         Қиялым әрнеге кетеді. Кітап шыққан күндер қалай болар екен? Алғашқы кітабы шыққан кісі қандай сезімде болатыны мен үшін беймәлім. Қазақстан көркем әдебиет баспасының табалдырығынан аттадым. /Бұрынғы Жазушылар одағының  үйінде – Пролетар көшесі/ Өзіме таныс бөлменің есігін аттадым. Осыдан үш жыл бұрын «Бастаманы» оқыған бөлмеге кірдім.


         Аласа бойлы қара кісімен қолдасып амандастым.


–Сіз Асқар ағай емессіз бе?


          –Иә, менмін.


–Мен өзімді таныстырдым.


Асқар ағай  шүйіркелесе кетті. Ол өте бауырмал жаны кең, абзал адам екенін білетінмін.


–Айналайын-ай, жақсы келіп қалдың. Сенің «Бастамаң» баспадан шықты, –деп қолымды алды. Менің бойымда  ыстық  қан жүгіріп өтті. Асекеңе не дерімді де білмедім. Қызарақтап күле беріппін. Менің бұл көңіл-күйімді сезген аға:


–Айналайын, сенің қуанышың менің қуанышым. Сендер қуансаңдар, менің жаным жай табады. Мен жас авторлардың қуанғанын көре бергім келеді. «Бастамаң» шықты. Қазір алғызып беремін, – деді де курьер әйелді жұмсап жіберді. Сонан соң менің жай-күйіммен таныса бастады. Бұл жолы шығармаларымның екінші жинағының қолжазбасын ала келгемін. Соны айтып едім, «ол жайлы бұл мәселені біздің үйге барған соң сөйлесеміз» –деді.


Мен алақтап есікке қараймын. Әр минут сағатқа бергісіз. Тұңғыш кітабымды көруге асығып отырмын. Асыға басып курьер келді. Бір буда кітапты ұстата берді. Қарап тұрып жүрегім дүрсілдеп кетті. Өз аты-жөнімді көріп, сыртын мұқабалы етіп сурет салып, әдемілеп шығарған екен. Кітапты бетіме, жүрегіме басыппын.


         Иә, менің тұңғыш жинағым жарық көрді. Жиырма жылға жуық азаппен ізденіп жүрек, қаныммен жазған шығармаларымның алғашқы кітабым қолымда тұр. Бұл тек қиялда, түсте көретін елес болмағай. Жоқ, бұл шындық, бұл еңбектің жанғаны. Менде үлкен бір қуаныш бар. Мен бақытты екенімді сезіндім. Неге десеңіз, мен ажал аузынан сытылып шығып, осындай дәрежеге жеттім ғой.


 


18 наурыз 1959 жыл


         Баспада Асқар ағаңа кездестім. Ол кісі мені үйіне шақырды. Қолжазбамды сол кісінің үйінде талқыламақпын. Кештетіп кеңседен шықтық та автобусқа отырып Алатаудың нақ іргесіндегі өз үйіне алып келді. Бақшаның ішінде орналасқан үйі тар, жұпыны екен. Мені өз бөлмесіне отырғызып, қолжазбамды оқытып, тыңдауға кірісті. Ол әр шығарманы оқысымен басын изеп, үнсіз қоштап отырды. «Балалар» атты әңгімені оқығанда көзіне жас алып, ауыр күрсінді.


–Иә, соғыс деген сол, шырағым! Бұл жерін жақсы келтіріпсің, – деп қуанып қойды.


Асекең үйіндегі жеңгей кешкі асқа шақырды. Ертеңінде қалғанын оқып баспаға оралдық. Менің редакторым толық мақұлдады. Баспаға қабылданды. Жинақтың атын қоюды сұрағанымда Асекең ойланып отырып:


– «Сырымбет» болсын, Ақансерінің «Сырымбет» әніндей елге молынан тарайтын болсын! – деді ол. Мен де қуанып кеттім.


 


 


20 наурыз 1959 жыл


         Біз Жәнібек Мұзафаров аға екеуміз үшінші күн баспада жүрміз. Жол қаражатын айырарлық қаражат сұраймыз. Мен директор Мұхамеджан Қаратаевтың кабинетіне кірдім. Ол кісі жақсы қарсы алып:


–Жақсы шығармалар жаз! Жақсыға өлім жоқ, бөгет жоқ, қолжазбасы тез басылады, – деді. Сөйтті де бухгалгерияға телефон шалып, менің қаражатымды беруін өтінді. Мен ақша қолға түссе поезға отырып, ауылға кетпекпін.


 


 


21 наурыз 1959 жыл


         Жаңбыр жауып тұр. Қатты нөсер толастар емес. Біз вокзалда отырмыз. Алматы вокзалы жолаушыларға толы, қарсы алушылар мен шығарып салушылар да жетерлік. Үйге деп алған нәрселерімді ыңғайлап қойып, 15 тиын салып телефон автоматпен Казкнигторгқа телефон шалдым.


–Сіздің кітаптарыңыз түсті, қойма меңгерушісіне барып дереу алып кетіңіз! –деді ар жағынан. Мен «Волга» жалдап, асығысыз айтқан жерге жеттім. Жаңбыр құйып тұр. Долы боран соғып тұрса да туған жерге жетпейді, қандай дархан, кең едің, туған жер!


         Машина Казкнигторгтың қақпасының алдына тоқтай қалды. Біз ауладағы сазды кешіп қоймаға бардық та менің тұңғышым – «Бастаманың» 25 данасын сатып алдым.


         Қуанышымда шек жоқ. Мен вокзалға жетсем поезд жүруге аз-ақ қалыпты. Шығарып салған жігіттерге бір-бір кітап сыйлап жүріп кеттік. Бұлт бүркенген жауынды Алматы артта қалды.


–Қош бол, көріскенше!


 


17 шілде 1959 жыл


         Көптен күнделік жазған жоқпын. Онымен айналысатын уақыт қайда? Қоныстануға байланысты әбігер ес жиғызар емес. Кешкілік Ардақты көтеріп ауылдың төменгі жағына қарай серуендеп шығып едім, артымнан Шәйкен жүгіріп келді.


– Не болды?


–Қонақ келді.


–  Кімдер?


 –  Әли бар, Жұмағали Саин келді.


Мен  үйге адымдай бастым. Баланың сөзіне сеніңкіремей тұрмын. Есік алдында су жаңа «Победа» тоқтапты. Жанында үш адам көрінеді. Жақындап келсем өзіме таныс адамдар; шағын денелі келте қара мұртты, ашық шұбарлау өңді, тебетейлі Жұмағали Саинды танып, қол беріп амандастым. Әли Мұсаханов, Жылкелді Мұқанов үшеуі екен. Жұмағали ағаны Жазушылар одағында бірер көргенім болмаса жақын таныстығым жоқ-ты.  Ол кісі паң мінезді, қатал адамдай көрінген.


Енді, міне, сол кісінің мені іздеп келіп, құдайы қонағым болғаны қандай ғанибет?!.. Жұмекеңнің шығармаларын соғыстың алдында мектеп қабырғасында жүргенде оқығамын. Мен де осы кісідей азамат болуды армандағанмын.


– Сізді өз үйімде көргеніме шексіз қуаныштымын, аға! –дедім мен амандық-саулықтан соң,  –Қош келдіңіз, құрметті қонағым болыңыз! –дедім.


– Тың ортасында отырған елді көруге келіп едім, жерді, адамдарды көруге келіп едім, – деді Жұмекең,  –шаршап қалыппын.


 Мен жастық әперіп, көрпе төсеп бәйек болудамын. Бірақ, ол кісі байыз таппай, тысқа шыққанын тәуір көрді. Әрине, бір бөлмелі үйдің ауасы да тар еді. Қонақты күні  бұрын күтіп отырмаған соң балалы үй шашылмай қоймайды.


Жұмекең далаға шыққысы келген соң төртеу болып көшеге шықтық. Тас төбеден шаңқайып нұрын сепкен күн алыстағы көгілдір орманға иегін сүйегенде ауа салқындап, кешкі самал жел есе бастады. Сонау егін өскен жасыл далаға кешкі шық үйіріле түсті. Жұмекең ауыл мектебін көріп, көңілі толмай қалды.


– Өте төмен екен. Біздің қазақ ауылдарында мұғалімдер ауыл мәдениетін көтеруге мән бермейтін көрінеді. Мына біздің мектеп төңірегінен де көрініп тұр. Ағаш өспей қалыпты. Оны ешкілер жеп қойған сияқты, – деді.


Біз Жалтырша көліне қарай бет алдық. Одан Ортақкөл көліне қарай жылжыдық. Табан асты жасыл бетеге, қыр гүлдері жайқалады. Қол созым жерде егін биіктей бастапты. Біз Ортақкөлдің жиегінде тұрмыз. Ол қамыс басқан көл бетіне ойлы көзімен біраз қарап тұрды.


Дымқыл жердің сары масасы дуылдап мазамызды алған соң үйге қарай беттедік. Жұмекең әдебиет мәселесінен гөрі күлдіргі көздерді көбірек айтады. Шығармашылықпен айналысқан шаршаған миды тынықтыру үшін таза ауа мен жақсы күлкі адамды сөзсіз сергітетінін айтты. Ол кісі өте жүдеу, жөтеле беретін адам екен.


Украинадағы партизан бөлімін басқарып жүргенде оқ тесіп өткен өкпесі әлі тәуір болмағанын, денсаулықтың төмендігіне қынжылатындығын айтты.


Жұмекең жеті қудың бірі атанған Садықбек Адамбековпен іссапарға шыққанда оның «Победаны» артқы есігінен түсіп қалып қойғанын айтып әбден күлдірді. Сонан соң  Адамбек сақал қойып, Индиядан оралған Мұхтар Әуезовты қарсы алғанда Мұхтар: 


–Сақалына сайтан ұялаған Садықбек! –деп атағанын өте қызғылықты етіп айтып, күлдіріп алды.


Біз үйге келсек шәй дайын екен, асықпай шәй ішіп, карта ойнағанша ет те дайын болып қалды.


Жұмекең қыр шөбіне семірген бағланның етін сүйсіне жеді. Бастың  құйқасы, миы, бауыры қосылып  жасалған тағамды әуелі өзі жеп, сонан соң барлығымызға қасықпен үлестірді. Ол кісі арақты аузына алмайды екен. Жаздың таңы ағара бастаған соң тынуға қам жасадық. Жұмекең машина ішіне жатты. Ертемен шәй ішіп, артынан жуастау бапты ашыған сары қымыздың бір кесесін тамсана отырып ішіп тауысты да жүруге қам жасады. Сыртта «Победа» есікке тақау келіп тосып тұр екен. Жұмекең шофермен қатар отырды. Машина көпке дейін орнынан қозғала қоймады. Жұмекең шаң басқан  әйнек арқылы алысқа қарады, ойлы жүзінде қимастық бар. Машина қозғала бергенде артына бұрылып тағы басын изеді де жөнеп кетті. Машина жүйткіп алыстай берді.


Біз Жұмекеңнің дәмдес-тұздас болғанына қуандық. Атына, шығармасына қанық ардагер ақынды қадір тұтатын бізге бұл келуі үлкен мәртебе еді. Бұл күн көпке дейін жадымда қалар...


 


12 қаңтар 1961 жыл


         Мен Баян пошта бөлімшесіне кірсем бандероль бар. Ашып қарасам «Сырымбет» жинағының авторға тиесілі 10 данасы екен. Мен шексіз қуансам да мұқабасына қарап қарным ашып ренжіп қалдым. Бұл  «Бастамадан» үлкен кітап болса да  мұқабасы өте нашар шығыпты. Кітап көркемдеуге мұншалық жауапсыз қарайтын баспа қызметкерлеріне біршама өкпелеуге тура келді. Дегенмен қуаныштың аты қуаныш емес пе?


 


13 мамыр 1961 жыл


         Кешкілік Төлеш баласы Текеннің келіншегі түскен тойға барып отырып, Сәдуақас пошташы өте сирек кездесетін хат ұсынды. Сыртынан басып қарап түсіне кеттім. Жүрегім аттай тулап кеудеме сыймай кетті. Иә, бұл менің көп жылғы арманымның орындалғаны, соның куәлігі еді. Ашып қарасам «Союз Писателей СССР» деп алтын әріппен жазған қызыл кітапша – жазушылық билет екен.


 


24 маусым 1961 жыл


         Өткен түні бірнеше жыл тұрған, өмірдің соңғы он жылында қайғы мен қуаныш аралас тіршілік еткен, балалар өмірге келген кішкене ағаш үйімізде Кәмеш екеуміз соңғы рет түнеп шықтық. Ертемен сәрсенбіде дүниелерді кіргізіп жатырмыз. Жаңа қоныс, кең сарай үйімізге түсіп, қуанышымызда шек жоқ.


–Қайырлы, құтты болса екен, жаңа қоныс! – деген тілегіміз бар. Ауыл адамдары да бізбен бірге қуанып, жақсы тілек айтып жатыр.


Салт бойынша мал сойып, жұпыны той жасадық. Бірінші түн жаңа үйге қонып, таза ауада рахаттанып ұйықтадық. Өткен үш-төрт жыл қоныстану бейнеті бір күнде ұмыт болғандай еді.


–Құтты қоныс болсын!...


Осы тілекке орай республика астанасы-Алматыда Республиканың 40 жылдығы тойланып жатқан. Біз де той жасадық. Мен ел жүрегінде болып жатқан той дүбірін Қазақ радиосынан естіп отырмын. Қос қуаныш құтты болсын!


 


 


27 маусым 1961 жыл


         Ертемен Алматыдан соңғы хабар тыңдап отырып суық хабар естідім.         Қазақ радиосынан Әнуарбек Байжанбаевтың қайғылы дауысы Мұхтар Әуезовтың Мәскеуде қайтыс болғанын хабарлады. Өз құлағыма өзім сенбеймін. Мұхтар деген ардақты есімді үнсіз қайталай беремін. Қазақ халқын әлемге әйгілеген тұлға. Осынау ұлы адамның қайтыс болғаны ауыр соқты. «Қайран, Мұхаң, әлемге мәшһүр дара туған, Мұхтар! Сені өлді дегенге мүлде сенерім жоқ. Сен халықпен қашан да мәңгі біргесің! – деймін тебіреніп. Мүмкін адам баласынан болған апаттан болған шығар, Мұқаңды алған кеселді дерт қашан жойылар екен?


 


23 шілде 1961 жыл


         Мен өте қажып, шаршап жүрмін. Менің әлсіз денсаулығым мүлде жұқарған сияқты. Өткен күзден бері ауыр жұмыс істеп жүрмін. Малға қора салудың өзі көп жұмыс екен. Міне, енді ғана бітейін деп қалды. Қақпақтарын орнату қалды. Мамырдан бері Уәлихан үзбей көмектесіп келеді. Жұмыстың ауырын соған істетем. Базар мен жеңгей келіп, біраз күн жатып, қораның іргесін көтерісіп берді. Уәлиханды қырық күн қарамағыма қалдырып кетті. Бұл үлкен көмек болды. Баланың істегені білінбейді екен. Мен үшін үлкен жігіттің тіршілігін жасады.


         Бүгін таңертең Молдабай Сәдуақасов менің көптен алаң болып жүрген «Арлан» деген кітабымды әкеп берді. Оның авторға тиесілісі Баян ауылының кеңсесіне түсіпті. Дегенмен маған бір данасы тиді. Суреттерімен жақсылап шығарыпты. Шаршағаным ұмыт болды. Жаңа күш-қуат қосылғандай қуанып қалдым. Жұмысым да тез өніп кеткен. Еңбегіңнің жемісін көзбен көріп, қолмен ұстау адамға жақсы әсер қалдырады екен.


 


30 шілде 1961 жыл


         Күн еңкейе мотоциклмен Базар келді. Қалиқан алып келіпті. Өңі жүдеу, қатты науқастанып қалыпты. Жүрегінің ауруы болушы еді. Сонысы қозғап, аурумен алысса керек. Тынымсыз бебеу қағады. Жүрегі қатты соққаны сонша, кеудесінен тулап шығып кетердей болады. Дәрі ішсе де тоқтар емес. Ол өте қорқа сөйлейді, тыныштандыруға талаптансам де мазасыздана береді. Мен де көңілсіз болдым.


 


7 тамыз 1961 жыл


         Базар әлі біздікінде қымыз ішіп, тынығып әл жинауда. Жүрегінің ауырғаны саябырсынбайды. Бұрынғыша ойнап-күліп отырмайды, жабырқау.


 


10 тамыз 1961 жыл


         Мен оны биені жегіп ауруханаға дәрігерге апардым. Альберт Алексеевич Филиппов көріп, бюллетенін ұзартып берді. Тәуір болатынын айтып сендірді.


 


 


22 қазан 1961 жыл


         Ертемен Базар қатты науқастанып ауруханаға түскенін хабарлады. Осыдан бастап күн сайын Приишимдегі ауруханаға барып тұрдым.


 


25 қазан 1961 жыл


         Дәрігер оның ауруы бар, бірақ тәуір болады дегенді айтады.


 


26-30 қазан 1961 жыл


         Мен күн сайын жаяулап үш шақырым жердегі  ауруханаға барамын. Аурудың хәлі мәнді емес. Мені іздей  береді екен.


 


3 қараша 1961 жыл


         Базарды үйге босатыпты, жазылып кетпегенмен тәуір тәрізді.


 


5 қараша 1961 жыл


         Біз Қабдыраш екеуміз Баяннан үйге қайттық. Әр жағынан №1 фермаға барып, Базардың көңілін сұрауымыз керек еді, үйге қайтуға тура келді. Еламан орнындағы питомниктен аулаға отырғызатын ағаш шыбықтарын алып, кештетіп ауылға келсек, Ермұқан қайтыс болыпты. Ол көптен науқас еді. Кешкілік сол үйге бардық. Ел ағасы, бәрімізге ақылшы болған Ерағаң мәңгіге көз жұмып, өзінің оң босағасында жатыр екен. Оның алдында әйелі Ақыш та қайтыс болған. Бұрын байлық та, бақытты та орнаған мына үй енді қайғының мекені болыпты.  Ермұқан ағай кемді күнде қамқоршы болған, жақсылығы өткен адам еді. Аты суық ажалға не істерсің?...


 


25 қараша 1961 жыл


         Өзім үйде болсам да, көңілім алаңдап, Базардың ауырып жатқаны жаныма батып тұр. Соңғы күнде ауырлап бара жатқаны да жасырын емес.


 


26 қараша 1961 жыл


         Қабдыраш Орталық ауылына бармақшы екен, Кәмеш екеумізді Қараталға алып кетпекші. Күн бұлыңғыр. Шаңыт қар бар. Уақыт желтоқсанға жақын болса да жерде қар жоқ. Шанамен шыққан біз әлі жүріп келеміз. Қоңыр бие әрең тартып келеді. Солтүстіктен соққан суық жел қарсы алдымыздан маңдайға ұрып, қалтыратып жіберді. Күн батар алдында үсініп зорға жеттік.


         Базар өңі шырайланып көңілді отыр екен. Киініп алыпты. Бізді көріп қуанып, сергіп қалды. Өткен-кеткенді кеңесіп, рахаттанып қалды. Түнге қарай ауырды да мазасы кете бастады.


 


27 қараша 1961 жыл


         Базар біздің ауылға кететінімізді естіп көңілсіз қалды. Амал бар ма, тағы қона алмайтын едік. Үйде шаруамыз бар болатын. Ол үнсіз ұзатып салды. Артыма қарайлай жүріп кеттім. Күн өте суық еді, күн бата үйге келгенше қатты тоңып қалдым. Пешке шығып жан сақтадым. Олардың ауылы сонша алыс болар ма? Ағайын адамдар әрқашан бір жерде өмір сүрсе қандай жақсы.


 


8 желтоқсан 1961 жыл


         Көктайғақ басталғалы біраз күн болды. Қыс ортасы болса да қар орнына жаңбыр жауып, жердің  беті көк мұз. Көлік түгел адам жүріп бола ма? Мен сары биені суарып жем салдым да шәй ішіп тысқа шықтым. Сейілхан Бейсенов келіп, Базар мен жеңгей Приишимге дәрігерге келгенін айтты. Мен Сейілханнан «кешке қалайда оларды осында жеткізіп сал» дедім. Күн батарда есік алдына тоқтаған машинаға жүгіре шықсам, сол екен. Ағай кабинада отыр, пальтосының жағасын көтеріп, орамалмен буып алыпты. Әлсіз, жүдеу. Мен оны қолтығынан демеп түсіріп, үйге әкелдім. Екі иінінен дем алады.


–Сендерді көріп кетейін деп келдім, шырақтарым. Хал бітті, –деді ол. Менің жүрегім сыздап кетті. Шынымен халі сондай-ау, –деген ой келді.


Балаларды сүйіп, аунап-қунап кетуші еді. Бұл жолы тамақ та іше алмады, сөйлесе де алмады.


 


15 желтоқсан 1961 жыл


         Бірнеше күннен бері ұйқы көргеміз жоқ. Түнді түнге ұрып, зарлап-қақсаумен болды. Түні бойы жанында отырамыз. Аяқ-қолын кезек-кезек сыйпаумен отырмын, көз ілігу жоқ. Жүрегі тулап тар кеудесіне сыймайды. Бауыр ісігі бүкіл денеге жайылып кетті. Аудандық ауруханаға апаруға  тапсырған. Қалиқан машина әкелмей жатыр. Сәскелікте қатты қысылды. Есқақ молданы шақырып, өзіне иман айтқызуды жалынып сұрады. Мен молда шақыруға қарсы болып едім, өзі жалына берген соң көңілін қимадым. Ол қысыла берді. Мен Қабдырашты жұмсап дәрігер алдырдым. Дәрігер укол жасап, совхоз ауруханасына салатынын айтты. Преснов ауруханасына баруға кеш еді.


         Біз Базарды киіндіріп, сүйемелдеп тысқа шығардық. Ол біздің есіктен қынжыла, ауырлап шықты. Маған «осы жолы біздің есіктен біржолата шығып бара жатқан жоқ па екен?» – деген ой келді. Жаман ой қусам да кетпеді. Ауруханаға әкелгенімізде облыстық денсаулық сақтау бөлімінен келген дәрігерлер де самолеттен түсіпті. Ауруды ЭКГ-ге апарып ұзақ зерттеді. Аурухананың күн беттегі бөлмесіне орналастырды. Жүрегім жыли қуанып:


–Енді тәуір болар, – деп ойлаймын.


 


25 желтоқсан 1961 жыл


         Мен күн сайын келіп тұрмын. Соңғы онкүндік ем жақсы әсерін тигізді. Тәуір болып келеді. Қуаныштымыз.


 


31 желтоқсан 1961 жыл


         Ескі жылдың ақырғы күні жексенбі. Мен ауруханаға келіп, Базарды көргім келетінімді айттым. Күтушілер демалыс күні еместігін айтып кіргізгісі келмеп еді, өтінген соң халат беріп палатаға кіргізді. Кірсем,  Базар өте көңілді отыр екен. Маған төсегінің шетін меңзеді. Қуанысып, кеңесіп жатырмыз.


–Тәуірмін, тамақ ішкім келеді. Бірақ асқазаным ауырған соң тамақты әдейі ішпей отырмын. Етті ұсақтап пісірсеңдер жер едім, –деді.


 Мен тамақ апарған жоқ едім, қолыма қарап жаутаңдап қалды. Жаңа жылдың 3-і күні той жасайтынымды айттым. Ақсақалдармен бірге бола алмайтындығына қынжылдым.


– Әлі көп жатамын, қашан сауығып болғанша шықпаймын, қоныс тойларың құтты болсын! –деді ол.


         Біз Уәлихан екеуміз мұз ойып әкелдік, сонымен қатар су да ала келдік. Отын уақтадық. Той жабдығына кірісіп кеттік. Осындай той жасауға жағдайымның жеткендігіне қуаныштымын. Жүзге жақын адамды шақырып қойдық. Бұйырған қонақ келіп, ел ақсақалдары баталарын беріп, риза болып қайтты.


 


13 қаңтар 1962 жыл


         Өткендегі той үлкендерге болса, осы жолғы той ауылдың қарасақалдыларына арналды. Ас-су дайын. Кешкісін Әбілмәжін ағам келді. Шақырылған қонақ түгелдей келіп болды. Тойымыз дүркіреп өтті. Осы тойда жалғыз-ақ маған қымбат Базар ағамның орны бос тұрды, өкінішті. Ол менің жалғыз ағамның орны еді.


 


14 қаңтар 1962


         Біз Әбілмәжін, Шора, Қайыржан, балалар болып ауруханаға келдік. Күн жексенбі болған соң ішке кіріп жолықпақшы едік, елде тұмау жайлаған соң бізді карантин деп кіргізбеді. Базекең басын орамалмен таңып алыпты. Тұмауратып қалыпты. Бірақ сергек, көңілді екен. Құлағы естіңкіремейтін болыпты. Біз той дәмін әкеп бердік. Терезенің сыртынан сөйлестік. Өзінің ауырып қалғанын айтты.


–Бұл бір олжа адам болды ғой–дейміз қуанып.


 


21 қаңтар 1962 жыл


         Базардың халі мәнді емес деп естіп ауруханаға келсем, ішке кіргізбеді. Тұмауы асқынып, кеудесінің ескісі ұстап, қан түкіріп, жөтеліп қалыпты. Коридордағы есіктің әйнегіне әрең келіп сөйлесті. Тамақ әкеп бердім. Кескіні жүдеу, мұңды екен. Мен тәуір боласың деп алдарқатып жатырмын. Жиі келіп тұрамын деп уәде бердім.


 


28 қаңтар 1962 жыл


         Көңілім алаң.  Оның сырқаты жақсы емес. Ауруханадан шығарып, Буденный совхозындағы өкпе аурулары ауруханасына жөнелтпек екен. Базарды үйіне шығарып жіберген екен. Баруға, халін білуге көлік жоқ. Сонымен қатар бүгін Баян аулындағы кітапханада «Сырымбет» кітабы бойынша  конференция болады. Машинамен Шери Қажымұратов келіп, алып кетті. Кітапханада біраз отырдық. Онда менің үлкен портретім салулы тұр екен. Шынымен іліп қойыпты. «Сырымбеттің» мұқабасының суретін салып, құлақтандыру іліп қойыпты. Қабдыраш екеумізді кешкілік Шери үйіне жақсылап қонақ етті. Конференция аз ғана адамдармен өтті. Шығармаға әділ баға бере алмады. Мен жалпы, әдебиет мәселесінен түсінік бердім. Ақыл-кеңесімді айттым. Ауылда әдебиетке құмар, әдебиетші болуға талаптанып жүрген жастардың барына қуандым. Мен оларға әрдайым шамам жеткенше ақыл-кеңес беруге уәде бердім. Үйге шақырдым. Ноянның қалауы бойынша Шери салған үлкен портретімді алып кетпек едік:


–Алып кетем десеңдер дауым жоқ. Бірақ ауыл жастары бұл портретті өз қалауларымен кітапханаға іліп қоюды тапсырып еді, –суретші Шери Қажымұратов.


–Біз жақсы тілектеріне рахмет айтып, риза болып қалдық.


 


 


30 қаңтар 1962 жыл


         Мен Приишимге келдім. Онда Базардың отбасы екі бөлмелі үйге көшіп келіпті. Мен бауырлардың жақын көшіп келгеніне қуаныштымын. Көңілсіз жайт, кеше Базекеңді самолетпен Буденныйға ауруханаға алып кетіпті.


         Жаңа үйге «құтты болсын» айтып, көңілсіз үш шақырым жердегі өз ауылым – Ортақкөлге қайттым. Апырау, енді не болады? Сонау алыс жерге қалай барып-келетін боламын. Базекең тәуір болса жақсы. Осыған ұқсас күмәнді ойлар жанымды жегідей жей берді. Буденныйдың ауруханасына барғандардың көбі қайтыс болып жатыр. Шошимын...


 


31 қаңтар 1962 жыл


         Кешкілік алаң болып отырғанда Қалиқан келді. Әкесін алып қайтыпты. Пресновта көрсетіп, дәрі алып қайтыпты. Жағдайы жаман емес деді. Самолетте өзін жақсы ұстапты. Енді дәрігер үйде қарайтын болыпты.


 


1 ақпан 1962 жыл


         Ерте тұрып Мырзахметтің машинасымен Базардың үйіне келдім. Олар жаңа тұрып жатыр екен. Базекең төсекте жатыр екен, менің қолымды алыд. Кескінінде өкпе, наз сияқты бірдеңе бар. Мен жағдайымды айтып, жуып-шайдым. Ол көргендерін қысқаша айтып берді. Дәрігер шақыртып көрсеттік, үйге келіп, күн сайын укол беріп тұрмақ болды.


         Бұл түні біз Кәмеш екеуміз сол үйде түнеп шықтық. Түн бойы ауру тыныстамады.


 


5 ақпан 1962 жыл


         Мен осындамын, күн ұзақ отырдым. Кешке де қонып қалдым. Ауру халі төмен, қайтадан ісік кеулеп алды. Тыныс жоқ. Енді күн сайын түнді осында өткізу керек сияқты. Стрептомацин уколын жасап тұрады. Жеңілдік жоқ.


 


9 ақпан 1962 жыл


         Үйден келсем тым төмен екен. Кеңседе болып сайлаушылар тізіміне қол қойғызып шыққам. Шешініп ауру күту қамын істедім. Күн батарда Әбілмәжін келіп қалды. Қорқып отырған бізге оның келуі үлкен демеу болды. Кешкі асын ішіп болғанда ауру қатты қысылды:


–Апырмай, келіп қалды-ау! – деп басын жастықтан көтеріп алды. Шошып кеттім. Кейін азғана тынышталайын деді. Аяқ-қолы мұздай. Тамырлары сөйлемейді. Сонысына қарамай ішім қызып барады деп аласұрады. Бұл күюдің жақсы емес екенін ішім сезеді, жүрегім езіледі. Әбілмәжін ұйықтап қалды. (Ол ептеп ұрттап алған) Неше күн тыныс алмаған жеңгейді аяп кеттім де демалуын өтіндім. Аурудың жанында жалғызбын. Ағайынды екеуміз, біріміз ауру, біріміз сау. Менің де сау болып тұрғаным шамалы, жүрегім қатты ауырады.


Мен оны бірде жатқызамын, бірде тұрғызып алып тіземе басын салып, тербетіп отырамын. Ол қиналса мен де қинала түсіп, құшақтап қыса түсемін.


–Жалғыз бауырым,  –деді ол бірде, – менің қара ағаштай панамсың ғой, көз алдымда болсайшы! Пана болшы, маған! – дегенді айтты.


Мен ағамның арық денесін құшақтап өзіме қарай тарттым.


        –Сен өмір сүресің, қапа болма! –деймін.


–Апырай, мына қыстың түні қашан бітер екен?  –   деп терезеге қараймын. Қашан таң атар екен?..


 


10 қаңтар 1962 жыл


         Бүгін Әбілмәжінді алып үйге қайттым. Ауру халі төмен болса да шақырып қойған қонағым болғандықтан амалсыз бір түнді үйге өткізбекпін. Мен тынығып алу үшін жатып едім. Күн еңкейе қонақтарым да келіп қалды. Дайын тамақтармен қонақтарды күте бастадық. Бұл жолы өткендегі жиыннан қалып қойғандарды шақырдық. Мәжіліс жақсы өтіп жатса да менің көңіл хошым болмады. Өзім осында болсам ойым сол жақта болды. Мені ештеңе де қызықтырмайды, тебірентпейді.  Көңілімде бір қауіп бар. Түнде ауру тыныш деген хабар алған соң біраз жүрек орнығайын деді.


 


11 ақпан 1962 жыл


         Барлық қонақтармен Базар үйінде болдым. Ол жақсы екен. Омар нағашыммен сөйлесті.  Дәм жеген қонақтарға қарап отырды. Түнде тағы қысылды. Бұл жолы мені ренжіткен Әбілмәжін еді. Ол өзінің  кексе тартқан жасына қарамай мас болып көп сөйлеп, оғаш мінез танытып мазаны алды. Мені ештеңе деген жоқпын.


 


17 ақпан 1962 жыл


         Жылқыбай нағашым үш күннен бері осында, бәріміз де ауру жанындамыз. Ауру су ішуден қалды. Қақырықтың орнына қызыл қан келеді. Біз қорқып отырмыз. Кешкілік қысылып қалды. Артынан да есін жия алмады. Сағат түнгі екіде дәрігерге бардық. Альберт Алексеевичтің жұмыстан үйге қайтқан беті екен, әлі ұйықтамапты. Жәрдем беруін сұрағанымызда дәрігер әйелі:


–Ол кісіге енді еш ем қонбайды, – деп төбеден жай түсіргендей тоқетерін бірақ айтты. Орыспысың деген ғой дедік.  Еркегі ұялды білем, үйге еріп келіп, ұйықтататын дәрі берді. Базекең түні бойы ұйықтап, біз де біраз тыныстап қалдық. Күндіз де маужырап ұйықтаумен болды.


–Мен неге осыншама ұйықтай берем? – деп таңдана сұрай береді.


 


18 ақпан 1962 жыл


         Біз күндіз үйге келіп тынығып, тамақтанып алып  кешке қайта Базардың үйіне бардық. Бұл жолы ол тыныш жатыр екен. Маужырап ұйықтаған сияқты, сұлық. Біздің ойымызда ештеңе жоқ болатын. Түнгі сағат 10-да оның демі біте бастады. Біз айнала қоршап отырмыз. Көп күндерден бері осындай жағдайдан сақтай гөр! – деп алладан тілеп едік, ақыры қайғы-қасірет жақындап келді.


         Базар кеудесі сырылы басылып тұншыға бастады. Денесі көгеріп кетті.


–Қайран бауырым-ай, жалғыз бәйтерегім! – деп егіліп жібердім. Жүрегім езіліп кетті. Үй іші жылап-сықтау. Оны оң жаққа салғанда да ұйқыда жатқандай кескіні нұрлы еді...


          Сол  түні Қараталдағы көрші-қолаңдардың үлкендері күзетке келді. Барлығы да қайғымызға ортақтасып жатыр. Ағайын бірлігі, жанашырлығы жақсы екен.


 


19 ақпан 1962 жыл


         Жан-жақтан жаназаға адамдар жиналды. Халық көп болса да қабір тез қазыла қоймады. Жер қатты болып кездесіп, ренжіп жүрмін. Мәйітті тәрбиелеу жұмысы аяқталып, жаназасын шығарған соң біз зиратқа беталдық. Мен бірге туған бауырымды, жанашырымда ұзатып барамын. Қайғыда қисап жоқ. Онымды жұртқа білдірмеуге тырысып отырмын. Ақыры кең қабырдың ортасындағы лақытқа жатқызып, үнсіз қарап тұрмыз. Ақыры бетағашы жабылып болғанда:


–Қош, бауырым, арысым! Қабірің нұрға толсын! –деген тілек айтып, көз жасыма ерік бердім. Басқа қолдан келер амал бар ма? Қайран бауырым, өттің де кеттің, қайтейін.. Тым болмаса алпысқа да жетпедің. Бала-шағаңның қызығын да көрмедің. Енді ғана ел қатарына қосылып келе жатқанда мезгілсіз кеткенің-ай! Шіркін, ажал, не айтайын саған?...


 


3 наурыз 1962 жыл


         Бүгін жақсы ұйықтап тұрдым. Көңілім сергек, оқуға, жазуға ықыласым бар. Қайғырған соң көп күн сырқаттанып қалдым. Тамағым ауырып жұтындырмай қойды. Тамақ ішкім келмейді. Оның үстіне асқазаным ауырып әуреге салды. Жүдедім. Буындарымда әл-қуат жоқ. Осынау қайғы мені әлсіретіп кеткені бар. «Уайым арты ауруға шалдығады» дегенге сеніп қорқып отырмын. Бірақ, тәуірмін. «Бұдан былай тезірек сауығып кетермін» деген үмітпен отырмын. Енді уақыт оздырмай еңбек ету керек.


         (Осы жерде біраз бет жыртылып қалған, редактордан ескерту)


 


 


 


 


26 сәуір 1962 жыл


         Кешкілік үй сыртында акация ағашын егіп жүр едім. Есік алдына «Волга» келіп тоқтады. Машинадан түскен адам көптен көрмеген қадірлі досым Естай Мырзахметов еді. Құшақтап, бетінен сүйіп алдым. Үйге жетектеп кіргізіп, сұрақты жаудырып жатырмын. Түннің көбі өткенше кеңес соқтық. Әдебиет мәселесі сөз болды. Ол менің шығармаларымды мақтай келіп, тағар кінәсі «ауылдың ұсақ-түйегін жазасың!» – дейді.


–Алматыдағы жазушылар өмірді тереңнен жазып жүр ме? –деп дау айтамын. – Мен ауыл еңбеккерлерінің бүгінгі өмірін шыншылдықпен бере алсам басқа тақырыпқа ұмтылмаспын, – деймін. Бұл сөзіме Естай ден қоя ойланып қалды.


Естай болса бір шағын жинақ шығарып қойыпты, шындап әдебиетке ден қойған екен. Таңертең Естай екеуміз түннен қалған салқын етпен қызыл вино іштік. Көңіл көтеріңкі. Мұрағатымды ақтарып көрсеттім. Жүрерде тамақтанып аттанды. Естай жүдеу болмаса да тамақты аз ішеді екен. Оны совхоз орталығына дейін шығарып салдым. Естаймен бірге бір ай бойы мазалаған жұтқыншағымдағы бөгет те жоқ болды. Құлан-таза айығып кеттім. Қуанышымда шек жоқ. Дос көтерер көңілді деген рас екен. Естай-ай, менің дертімді жазып кеттің-ау!


 


3 мамыр 1962 жыл


         Үйден көңілсіз аттанып барамын. Қалаға барар асфальт жолға жеттік. Ағылған машинаға қанша қол көтерсек те тоқтай кетіп жатыр. Оңтүстік шығыстан дауыл жел соғып тұр. Жел топырақты аспанға көтеріп, қара тұманға айналды. Шаңнан дем алуға мүмкіндік жоқ, нендей сұрапыл табиғат еді. Көңіл жарым, ой құшағындамын. Кешкі сағат 4-тің шамасында бір машина тоқтап, ашық кузовына жайғастық. Қарсыдан соққан қатты желден ығып, Бәридің Серікбайы екеуміз бүрісіп отырмыз. Қалаға тым әлсіреп жеттім. Мұнда келсем кемпір біздің ауылға, біздікіне кетіпті, ақкөңіл Қайырбай Бөкембаев менің келгеніме қуанып қалды. Кешке Уәлит үйіне кіріп, дұға оқытып шықтым. Бибіш құдағи жаман аурудан қайтыс болыпты. Ол да менің ауруыма қатты әсер етті. Көшедегі жүрген көліктердің гүрілі тыныштық берген жоқ.


 


4 мамыр 1962 жыл


         Нашар ұйықтап тұрдым. Тамағымның ауруы күшейіп қалыпты. Түйнеп ауыртып барады. Көңілімсізбін. Редакцияға жөнелдім. Қалаға келмегелі екі жыл болып еді, мүлдем өзгеріп кеткен. Көп қабатты жаңа үйлер бой көтеріпті, жаңадан кварталдар тұрғызылған. Көшеде жас ағаштар жапырақ жара бастаған, асфальтталған. Мен туған қалама қызыға қараймын.


         Редакцияға келдім. Өзіме таныс тік баспалдақтардан ширақ көтерілдім. Коридор тыныш. Мәдениет бөліміне кірсем Әмірғали, Мырзағали және Клара отыр екен. Олар қуанып қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып жатқанымызда көрші бөлмелердегі жігіттер мені қоршап алды. Барлығы күледі, қуанады, сағынып қалыпты. Мен жігіттерді көріп жадырай бастадым. Мені бас редактор шақырды, кіріп мән-жайды айттым.


         Түс кезінде бір жігіт:


–Сізді бір жазушы іздеп жүр, – деді.


–Кім?


–Қалмұқан Исабаев.


–Қалмұқан? Ол кісі мұнда ма еді? – дедім таңданып.


–Иә.


Сөйткенше болған жоқ, аласа бойлы, қараторы, жасы қырықтардан асқан ел ағасы қолын ұсынды.


–Қалмұқан Исабаев болам, –деді ол. – Сені іздеп жүр едім.


Екеуміз диванға отыра кеттік. Қалмұқанның «Арман ағысымен» деген очеркін оқып шыққан бетім еді. Мен оның Ермактан Қарағандыға дейін жаңа канал арнасымен жүріп өткен сапары жайлы қызыға сұрадым.


         Қадекең майда күлкісімен жауап беріп отырды. Сонша жерді жаяу жүріп өткеніне таңданамын.


–Бәрі де денсаулықтың арқасы ғой! – дейді ол, өміріне шексіз риза болып.


         – «Шіркін, дені сау адам қандай бақытты, онда уайым жоқ» – деп іштей күрсінемін. Өз денсаулығымның сыр беріп жүргені мынау...


         Қалмұқан екеуміз Ленин көшесінде келеміз, әңгіме ауаны әдебиет жайлы. Ол кісі:


–Алматыдағы жиын - тартыстың бірінде Зейнолла  Қабдоловтың сын мақаласы сөз болды.Онда сені де сынаған екен. Мен сенің шығармаларың жайында дау айттым,  «ауылда  туып-өскен қарапайым жігіттің асқан дарынын, талабын бағалай білейік! Ол шын мәнінде дарынды жазушы» –дедім.


–Артық кеткен жоқсыз ба, Қалеке? – деймін.


–Жоқ, сен өз күшіңе сене біл, бағалай біл! –деп ақыл қосты.


 


5 мамыр 1962 жыл


         Ғазез екеуміз Абайдың үйіне қонып шықтық. Абай жаңа пәтер алған екен. Рахаттанып ұйықтап шықтым.Оның көршісі институттың оқытушысы Қанаш Шәкенов екен. Ол үйде де қонақта болдық. Іңірде доцент Рашид Ақбердин және Тәшен Шортанов үшеуміз Абайдың үйінде мәжіліс құрдық.


         Рашид Ақбердин –ұлты өзбек, кішкентай ғана көзәйнекті  қара кісі.


Тәшенмен құрдас, күлгенде денесі селкілдеп күледі екен. Тәшен қулық айтып күлдіріп қояды. Олардың ортасында көңілім әжептәуір көтеріліп, бір сергіп қалдым. Түнде жақсы ұйықтап тұрдым. Күндіз қала араладым. Облыстық денсаулық сақтау бөліміне Ақжановқа кіріп шықтым. Ол кісі танымай қалды. Келген жағдайымды айтқанда күмілжіп қалды. Маған аянышпен қарайтын тәрізді. Бар айтқаны «Курортқа бара жатырсың, емдейді ғой!» дегені. Оның ықылассыз жауабы, күдікті қарағаны жаныма қатты батты. «Иә, маған ажал жақындап келе ме, қалай?»,- деп қайғырып кеттім, өз ойымнан өзім шошып кеттім...


         Кешке баспасөз күні «Правда» газетінің 50 жылдығына арналған кеш, шақыру қағазды кеше алғанмын. Барғым келіп тұрған жоқ, жүрегім әлсіреп жата бергім келеді.


         Түске қарай Әмірғали екінші шақыру қағазын ұсынды. Ол қағазға көлденең президиум деген қызыл жазу бар. Қадірлеп шақырған соң көп жиналған жерді көрейін деп оқу үйіне келдім. Халық көп. Кірер ауызда жазушы Борис Петров «Ақсуат оттары» атты повесіне автограф жазып, үлестіріп жатыр екен. Маған:


         «Қаламдас бауырым Зейнел-Ғаби Иманбаевқа достық белгісі үшін» –деп қолтаңба жазды.


         Салтанатты жиналыс басталды. Мен президиумда отырмын. Халық көп. «Осындай жиынды ақырғы рет көргенім бе!» –деп жүрегім езіледі. – Заман өтер, өнер жолына менің де сүрлеу ізім қалар... Бір кезде осындай залдарда менің есімім құрметпен аталар, – деп уайым шегемін.


         «Ленин туы» газеті оқырманға есеп берген уақытында Октябрь ауданында менің «Тың көктемі» деген жаңа повесімнің алғашқы тарауын оқыған халайық.


–Бізге өте ұнайды, – депті. Бұл сөзді Әмірғали қуана айтты.


–Еткен еңбегімді халық елеп жатса, арманым жоқ! –дегем.


Осы еңбегімді көбірек жазып, еңбек сіңіре алсам, соған аллатағала мұрсат берсе! – деген арманым бар. Өмір болса жазарым менің көп-ау!...


 


6 мамыр 1962 жыл


         Мен жолға шығуға қамданудамын. Түске дейін қала аралап, керек заттар іздестірдік. Күн ыстық, көше шаңдақ. Түскі шайды Абай үйінен іштім. Ғазез бен Абай көңілді. Менің заттарымды салып бәйек болуда. Уақыт тақап қалды, асығыспыз.Ұлжанның асып қойған сыбағасын да жей алмадым. Қайнап жатқан қазаннан ет алып ауыз тигізді.


         –Кеттік, уақыт болып қалыпты! –десті жігіттер. Барлығы мені шығарып салуға кірісті. Автобус аялдамасында тұрмыз. Машина келмей қойды. Сөйткенше болған жоқ, автобус келді, асығыс мініп жүріп кеттік. Вокзал аузына тоқтағанда бәріміз түстік.


–Чемодан қайда?


–Жоқ.


         – Ойбай, аялдамада қалып қойыпты. Бізде ес қалған жоқ. Абай ұстап шыққан болатын, ол кішкене баласымен әуреленіп жүріп ұмытып қалдырған.     Онда құжаттарым мен киімдерім бар еді. Жігіттер мен менде ес қалған жоқ. Абай мен Ғазез сұрланып кетті. Олар такси жалдап аялдамаға кетті. Автобустың артынан біз жөнелдік. Аялдамада чемодан жоқ. Мен ішімнен тынып тұрмын. Біз мінген автобустан кейін білсек, кондуктор чемоданды сақтау бөліміне берген екен. Мен жол жүру орнына чемоданымды олжа көріп, Абайдың үйіне қайтып келдім.


            –Сен де, біз де бақытты екенбіз, Зеке! –деп, Абай маңдайын сүртіп отыра кетті.


 


6-мамыр 1962 жыл


            Бүгін түнде жақсы ұйықтап тұрдым.  Түсімде ауруымнан айығып, жазылып кетіппін. Төнген  қауіп сейіліп кетіпті. Мен түсіме қуанып ояндым. Шайды тез ішіп вокзалға жөнелдік. Билет сатып алып 9-ды күтіп отырмыз. Үйге ашық хат жаздым.


            Міне, сағат 9-ды соқты. Абай, Ғазез, Ұлжан үшеуі вагонға кіргізіп орналастырды. Уақыт тақалғанда барлығы қалды, сәт сапар тіледі. Поезд туған жерден ұзап, алыс  сапарға жалғыз кетіп барам, көңілсізбін. Электровоз лекітіп тартып кетті. Көзім терезеде. Көңілімнің хошы жоқ. Мамлют, Петухов артта қалды. Макушинге жеттік. Поездан түсіп айналаға алақтап қараймын. Бәкен үйінен біреу кездесе ме деймін. Ақыры бір шалды көрдім. Сәлем айттым. Қорғаннан түс ауа өттік. Поезд іңірде Свердлов вокзалында тұрды. Үлкен қала екен. Вокзалын аралап көрдім.


 


8-9 мамыр 1962 жыл


            Кешеден бері қарағайлы, орманды жерлермен келеміз.Сай-жырлар кездеседі. Жол бойындағы ағаштар көгеріп қалыпты. Салқын жел мен балапан шыршалар бұтақтарын сілкіп, қалтырап тұр. Жол бойындағы ескі қараша үйлер әйнегіне дейін отырып қалған. Жаңа құрылыс жоқ, жер тар, ағаштан аяқ алып жүргісіз.


            –Бұл облыста тұрмыс мәнді емес қой, – деп майор ел жағдайын айтып отыр. Пермь, Киров, Ярославль облыстарының халқының жағдайы орташадан төмен. Жері құнарсыз, сары топырақты.


            Пермнен түнде өтіп кетіппіз. Ал Киров өзен жиегіндегі үлкен қала екен. Біз вокзалында біраз тұрып қалдық. Ярославлдан түнде өттік. Волгадан да түнде өтіппіз. Көре алмай қалғаныма өкіндім. Түске таман поезд Мәскеуге жақындады. Жасыл ағаштар жамылған жазғы дачалар арасымен келеміз. Таусылмайтын көп дачалар. Мәскеудің орталығына дейін бір жарым сағаттай жүрдік. Ақыры Ярослав вокзалына келдік. Қарсы алушылар мен жолаушылар тасқынының  ортасында қалдым. Чемоданымды сүйретіп алаңға шықтым. Айнала көк тіреген үйлер. Көшелер тар сияқты болып көрінді. Сочиге жүретін поезд Курск вокзалынан жүреді екен. Мен такси жалдап тартып кеттім. Мен Мәскеу көшелерімен келемін. Ағылған машиналар тасқынының ортасындамын. Курск вокзалы ортада екен. Билетіме белгі соқтырып, кешкі 16 сағат 50 минутта  жүретін болдым. Оған дейін көп уақыт бар. Қаланы аралап көрсе болар еді. Бірақ, сырқатпын, дәрменім жоқ, әлсізбін. Сондықтан вокзал төңірегінде болдым. Қостанайлық жігіт майор Зұлқарнай Құлжабаевпен таныстым. Ол да Сочиге курортқа бара жатыр екен. Табыса кеттік. Ол әскери жігіт Жақсылық екеуі  мені шығарып салды. Қаланы қайтарда тәуір болсам аралармын деп ойлаймын.


 


10-мамыр 1962 жыл


            Поезд Украин жерімен келеді. Күнде жауын болып тұрады екен. Айнала түгел көктеген, балбырап бусанған. Жері қара топырақты, құнарлы. Сібірдегідей мұнда ағаш жоқ. Кең далалы жер. Түсте Дондағы Ростов қаласына келдік. Бұл қала дөңесті қапталдай салған ақшаңқан иін тірескен биік үйлер екен. Дон өзенінен өттік. Ростов жерін басып тұрмын. Бұл жер маған соншалық ыстық көрінді. Неге десеңіз соғыс жылдары жау шапқыншылығы кезінде менің бауырларым, ауылдастарым осы жерді қорғау жолында қан төкті, қаза тапты. Өмірін қиды емес пе?! Олар осынау сұрғылт топырақты жамылып,  мәңгілік көз жұмды ғой. Қарғыс атқыр  соғыс, түбімізге жетіп, діңкелетіп едің-ау...


         Ростовтан шыққалы оңтүстікке беталып келе жатырмыз. Соғыс кезінде талай газеттен естіген үлкен станциялардан өттік.


         Күн көзі жасыл жамылған қырдан асып кетті. Түнге айналды. Айнала көрінбейді. Бірнеше станциялардың оттары артта қалды.


–Туапсе портына жақынбыз, сонан соң Лазарево, сонан соң Сочиге келеміз, - деп жолсерік хабарлап қойды.


         Жол бойы көңілсіздік басып,  діңкелетіп тастады. Өмір сүре алмайтын сияқтымын. Тек үйге аман-есен жетсем екен деймін. Балаларды ойлағанда жүрегім жарылып кете жаздайды. «Менсіз олар қалай күн көріп жатыр екен» деймін. – Мен бірдеңе боп кетсем, балаларым өлмес-ау, бірақ азапта  қалады ғой, қайран жандарым-ай!-деп жалын атамын.


            Түнгі сағат 1-де Сочи вокзалына тоқтадық. Мен вокзалға кіре берісте-ақ:


            –Қай санаторийға?-деп сұрады.


            – «Горный воздух»


            – Автобус дайын тұр.


          Мен автобусқа келсем біраз адам жиналып қалған екен. Жүріп кеттік. Түнгі Сочи қандай әсем. Қала емес, қалың орманның арасымен келе жатқан сияқтымыз. Автобус жүргізушісі жолаушыларды жолдан санаторийлерге түсіріп, барар есігін нұсқап, көрсетіп жатыр. Ең соңғы аялдама менің санаторийым екен. Машина газға басып, дарылдап жоғары көтеріліп келеді. Келіп жеттік, электр шамы жанып тұрған есікке әкеп түсірді. Іштен ұйқылы-ояу күзетші шығып, чемоданымды алды да өзімді жоғарғы қабатқа ертіп апарып, кезекші әйелге тапсырып кетті.  Ол мені иесіз бос бөлмеге уақытша орналастырды.  Сонымен мен жақсы жайғастым, шаршап келгенмін, тез ұйықтап кетіппін.


 


11 мамыр 1962 жыл


         Оянсам таң атып қалыпты. Мезгілдің дәл қай уақыт екенін айырып болмайды. Терезелерді жасыл ағаш қоршап алған. Бұлбұлдың үніне құс біткен қосылып сайрап тұр. Терезеге келіп табиғатқа көз салдым. Санаторий жап-жасыл дөңнің іргесінде тұр, айнала ағаш. Күн тымық, құрма мен кипарис ағашын жамылып, мүлгіп тұрған бір дүние. Жұмақ дерсің.


         Түске дейін тіркелу, орналасу жабдығымен болдым. Мені күн беткейдегі климатический деген №44 палатаға орналастырды. Олай дейтіні бөлменің терезесі үлкен, ашпалы. Ол күні бойы жабылмайды. Мен күндіз-түні дала ауасымен демалдым. Қасымда бір адам бар. Елуден асқан сығыр көз, бетінде шұбар дағы бар ер адам. Таныса кеттік.


–Садафи Лукьянович Майоров болам, Горькийлықпын. Кеше келдім, – деді ол. Бұл кісі қарапайым шаруа адамы екен. Маған бірден ұнап кетті. Ол жатырқаған жоқ. Мен онымен теңізге бармақшы болдым.


–Теңіз төменде, оған мыңнан астам баспалдақпен жетуіміз керек,- деп күлді. Біз төменге түсіп келеміз. Жасыл тауға өрлей өскен неше түрлі жуан ағаштардың арасымен бұралаңдата болған бетон баспалдақтар таусылды. Субтропикті климатта өскен жуан ағаштардың бұтақтары бір-бірімен шырматылып өсіпті. Ағаштың қалыңдығынан аспан көрінбейді. Жол бойы ала ұзынша орындықтар. Біз біріне келіп отырдық. Төменде көкпеңбек болып Қаратеңіз көрініп жатыр.


–Әлі ол алыс, –деп күлімсіреді Садафи.


Біз тағы төмендедік. Ауасы салқын әрі кіршіксіз таза, шаңдақ деген бұл жерде жоқ. Ағаштар әртүрлі. Оларды жапырағынан болмаса түбірінен айырып болар емес. Баспалдақтардан бөлініп әр жаққа қарай кеткен сүрлеу іздер кездеседі. Олармен курорттағылар жүрмейді. Біз ақыры төменге жеттік. Алдымызда теңіз жиегін жағалап кететін теміржол жатыр. Одан әрі пляж көрінеді. Адамдардың сөйлегені естіледі. Шойынжолдың астымен өтетін үлкен қақпадан шыққанда алдымызда пляж.


Пляж адамдар теңізге шомылатын жер. Теңіз жиегінде жоғарыда көлеңкелі алаңша жасалған, жиегі қоршаулы. Жиекте толқын ұрып жағаға шығарып тастаған әртүрлі теңіз тастары үйіліп жатыр. Күн көзіне қыздырынатын арнайы арнайы жималы орындықтарды  қойып,  адамдар күнге қыздырынып жатыр. Еркек, әйел аралас суға суға түскен халық. Ауылдан шыққан маған осының бәрі ерсі көрінді. Мен жоғарыдағы алаңқайда тұрып,  теңіз толқындарын тамашалап ұзақ тұрдым. Бұрын оқулықтардан ғана білетін теңіз жағасындамын. Көкпеңбек су көкжиекпен астасып жатыр. Одан әрі ел-жұрт жоқ тәрізді.  Осының бәрі аса қызықтырып тұрған жоқ. Ойыма туған ауылым түсті. Шіркін, туған жерге не жетсін! Жиектегі адамдар тыныстап отыратын жарты төбелі алаңдардан бөлініп, теңіз ішіне қарай кететін ұзын, биік жаппалы алаңдар бар. Мұндайлар үшеу екен. Үстіне адамдар жатып тынығатын орындар жасалыпты. Суға секіретін вышкалар тұр. Курорт уақыты басталар алдында сырланып, бәрі жаңартылып арнайы дайындалған екен. Мен төменге түсіп жұмыр тастардың үстімен теңіз жиегіне келіп тұрдым. Теңіз тынышсыз. Желмен жағаға ұрған, бірін-бірі қуалаған биік толқындар жағаға жақын күшін жойып, моп- момақан бола қалады. Кейбірі жал-жал болып күрсіне жағаға соғылады да аяғыма қарай ақ көбігін шашып жібереді. Ызаланғандай кері шегініп қайта жағаға ұрады. Алыс айдында ақ шағаладай кемелер жүзіп барады. Олар тіпті бір орында тапжылмай тұрғандай болады. Жағаны жиектеп ақсауыр қайықтар дамылсыз жүзеді. Қайықта демалған адамдар. Қайықтардың жылдамдығы машинадан да тез. Кейде бауыры суға тимей бара жатқандай әсерде боласың. Артынан атқыған су түтіндей шұбатылады. Осының барлығы маған өте бір тамаша болып көрінеді. Ұзақ қарап тұрдым.


–Үйге қайтпаймыз ба? –деді Лукьянович.


 


13 мамыр 1962 жыл


         Кешеден бері денсаулық тексерту, жағдаймен танысу, білісу әрекетіндеміз.  Бүгін дәрігердің қабылдауында болдым. Дәрігер салпы ерін көзілдірігкті жігіт екен. Ықылас қоя тыңдады, қарады. Менің ауруымды тап басыпты. – Жүйкең, жүрегің әлсіз, біз емдеп жазамыз! -деп сеніммен айтты. Мен дәрігерден қуанып шықтым. Бөлмеген келген соң үйге қуанышты хат жаздым. Келген күні суретке түскем, әлі алған жоқпын. Хатта жазған жағдайды хабарлағам. Бүгін тағы жаздым. Балаларымның бақытына қарай тірі қалатын сияқтымын.


 


14 мамыр 1962 жыл.


         Жақсы ұйықтаппын, бірақ тым ерте ояндым. Ашық терезеден діңгектей биік кипарис ағашы көрінеді. Терезеге төніп жас пальма /құрма/ ағашы тұр. Оның құс қанатындай  алақанды жапырақтары тау желімен баяу қозғалып, сылдыр қағады. Терезе арқылы балконға шықтым. Айнала әлі тыныш. Тек сансыз құстың шуы бір тынбайды. Сонау төменде көгеріп теңіз жатыр. Зәулім ағаштардың бір шеті ғана көрінеді. Көңілім сергек, әлсіреп кеткен денеме күш-қуат құйылғандай. Кешеден бері жүз кісі дене шынықтыру жаттығуларын жасаймыз. Мен алғы саптамын. Содан соң денем сергіп тәбетім ашылды. Тамағымдағы бөгесін тіпті азайып қалыпты. Тамақты қиналмай жұттым. Күндіз қала аралап келдік. Вокзалға, базарға бардық.


         Сочи атағы үлкен болса да өзі үлкен шағын қала екен. Тауды бөктерлей, жиектей, артылта салған ақ үйлер жасыл өсімдіктен еркін көрінбейді. Таяқ тастам жер курорт, санаторий үйлері. Мұндай ғимараттардың 50 шақтысы көрінеді. Вокзалы Курск вокзалынан артық. Мұнда Кремльдегідей курантты башня бар. Базары жеміс-жидек, мата-киімдерге бай. Ақшасы бар адамға жаннан басқанынң бәрі табылады. Менің ақшам болмағандықтан ықылассыз аралап үйге қайттық. Қайтар жолда теңіз портына келдік. Портта үлкен мұхит кемесі «Адмирал Нахимов» тұр екен. Қандай тамаша кеме. Онда халық көп, көбі күнге қыздырынып жатыр. Причалда тұрмыз, портта теңіз үстіне қарай салынған балкон, үлкен мұнара бар екен. Мұнара басына шығып қарадық. Бүкіл порт алақандағыдай көрінеді. Су бетінде қаптаған ұшқыр қайықтар. Алыстан үлкен ақ кеме жүзіп келеді. Жақындаған сайын айқындала береді. Тұмсығында «Stelle holaris» деген жазуы бар. Ақ ала тулары көрінеді. Швед кемесі екен.  Біз оның причалға қалай келіп тоқтағанын, одан шетелдік туристерді қалай тексеріп түсіргенін қарап тұрдық. Кейін болгар кемесі «Георг Дмитрий» келіп тоқтады. Такси жалдап, теңіз жиегіндегі жолмен үйге қайттық. Қаланың  теңізге тақалған жеріндегі үйлер де жасыл орманнан бой көтере алмай бұғып қалыпты. Бірде тау басына шығып, бірде төмен түскен асфальт жолмен биіктегі мекенімізге жеттік.


         Біздің санаторий мың жарым метр биікте тұр. «Горный воздух» дейтіні де сондықтан. Ауасы таза, кіршіксіз деуге болады. Адам өміріне пайдалы оттегі байлығы бар. 


 


15 мамыр 1962 жыл


         Біздің санаторийден жоғары биік бар. Ол да осы Благодать тауының басы. Біз көршіміз екеуміз жоғарыда тұрған үйлердің арасымен сатымен жоғарылап биікке шықтық. Төбеге жақын су құбыры бар екен. Мың жылдық емендер қолтықтасып алыпты. Арғы бет тік жар.  Сонау төменде жіңішке өзенге салған көпірмен машиналар жүйткіп барады. Қойнауда үйлер бар. Одан әрі көк тіреп ақбасты Кавказ таулары тұр. Төменге түстік, тағы да теңізге барамыз. Бірқалыпты қоңыр тіршілікке дағдылана бастадым.


         Кеш батты. Түннің көбі өткенше ұйықтай алмадым. Хат күтудемін, үйдің амандығын білгім келеді...


 


21 мамыр 1962 жыл


         Бірқалыпты тіршілік, көңілсіздік. Дәрігердің берген емі ұнайды. Мені қорқытқан ауру біртіндеп қалып барады. «Морская ванна» деген ем жасалмай жатыр. Бір рет қабылдағанда науқасымды қолмен жұлып алғандай әсерде болып едім. Басқа емдері де жақсы. Бұл жөнінен ренішім жоқ. Маған керегі де сол емес пе? Осынша жерге жан амандығы үшін келгенім рас әрі мен аман болсам бала-шағам да алаңсыз болар еді.


 


24 мамыр 1962 жыл


         Түскі асты ықылассыз ішіп қала аралауға кеттім. Жанымда Нұрым аға және орыс жолдастар бар. Теңіз беттегі төменгі көшеге қарай түсетін  тік баспалдақтан аттай беріп үлкен сары жыланды көріп қалдым. Жолдастардың көбі мен сияқты қорқақ екен. Нұрым өзінің ауыр денесімен қорбаңдап барып жыланның басын басып қойды. Құйрық жағы шоршып жатыр. Түсі сарғылт қоңыр, оны өлтіру үшін біреулер тас ала жүгірді. Нұрым аға бізге әбден көрсетіп қоя берді.


–Өлтір, өлтір!..


–Жоқ, ол өмір сүрсін! Жылан зиянсыз, қайта пайдасы бар мақұлық! Тышқан мен құрт-құмырсқа жейді. Оны жәбірлеуге болмайды, –  деді Нұрым аға.


 –Ол жыланды өлімге қимай тұр. Өмір сүру –жан иесінің арманы ғой, – дей отырып, жыландар жайлы әңгіме бастады.


Маған осы бір дөң мұрын, жылтыр бас адам бар қасиетімен ұнайды. Ол Ашхабад түбіндегі кішірек қаланың бастығы екен. Қазақша жақсы сөйлейді. Төмендегі көлік ағылған аялдамадан автобусқа отырдық. Бетіміз қала орталығы. Менің көздеп келе жатқан өз жерім бар. Жазушы Николай Островскийдің мұражайын бір көру – басты мақсатым. Үлкен ботаникалық бақ «Дендрариды» аралау. Театральная деген аялдамадан түсіп, сәл жоғары көтеріліп едік. Жасыл өсімдіктердің қоршауында тұрған мұражайға келдік. Музей 1958 жылы салынып пайдалануға беріліпті. Сырты көркем мраморлы бағаналарға орнатылған зәулім биік, ақ үй. Біз залға кіргенімізде мұражай қызметкерлері жоғары қабатқа көтеріліңіздер,- деп жөн сілтеді. Аралай бастадым. Кірер тесіктің босағасында «Райком закрыт, все ушли на фронт» деген айқыш-ұйқыш шегеленген тақтайда жазуы бар. Біз Шепятовка  комсомол ұйымы үйінің сол кездегі суретін көрдік.  Маған «Құрыш қалай шынықты» – дағы бұдан жиырма бес жыл бұрын оқыған оқиғалар көз алдымнан өте бастады.  Кітаптағы оқиғалардан суреттер берілген. Жазушының балалық шағына арналған кіре-берістен соң азамат соғысы, социалистік құрылыстың алғашқы жылдарына арналған бөліміне кірдім. Босағада мынандай жазу бар:


«Физическо потерял почти все, осталось не потухающая энергия молодости, страстное желание быть чем-нибудь полезным своей партии, своему классу»                           Николай Островский


Қандай тамаша сөз. Күш-қуатынан айрылған адамның қатардан қалмай халық үшін ақтық күшін сарқып еңбек етуін батырлық деп білем. Мен әдебиет дүниесіне Островский тағдырымен келген адам болғандықтан, бұл сөздің қандай әсерлілігін өз жүрегінің сыры деп түсіндім. Бірақ мен Островскийше еңбек ете алғаным да жоқ. Менде жазуға мүмкіндік бар. Өмірім жетсе өз халқымның кәдесіне асарлық еңбектер туғызатыныма сенмін.


Бұл бөлімде жазушының еңбектері көрсетілген. Шүңірек көз арық адам әскери гимнастеркасымен төсекте жатыр. Машинистка жазып отыр. Екі кітабын да осындай ауыр халде аяқтапты. Бірақ дәуіріміздің ұлы жазушысы болды. Демек, санынан сапасы жақы болар. Музей залдарынан көптеген фотолар мен кітаптар, газет қиындыларын көруге болады. Онда жазушының өмірі мен қызметіне байланысты тың деректер жеткілікті екен. Өзі пайдаланған кейбір заттары, қолжазбаларының көшірмесі қойылыпты. Жазушылық билеті мен «Ленин» ордені мен кітапшасы бар екен.Жазушылық билетіне Максим Горький қол қойыпты. Бір қабырғаны алып, әр жылдарға шыққан «Құрыш қалай шынықты» романы тұр. Мен вестибюльге шығып, музей басшысының қайда отырғанын сұрадым. Көзілдірікті ашық өңді секпіл бет әйел шықты.


–Казахстанский писатель Зейнел-Габи Иманбаев, – деп өзімді таныстырдым.


–Очень приятно, –  деді ол. Ол кісі мені залдарға қайта ертіп әкеліп беті шүберекпен жазулы тұрған Островскийдің өз қолжазбалары, оған жазған танымал жазушылардың хаттарын көрсетті. Қолжазбалар ретімен қойылған. Жақсы жазуы көзі көрмегеннен бірте-бірте өзгеріп, ақыры түсініксіз иректерге айналған. Қандай аянышты хал. Сонан соң музей қызметкерлері мені ертіп оның өмір сүріп, қызмет еткен бөлмесіне әкелді. Бұл үй музей үйінен басқа. Бір бөлімі жазушының жекеменшігі екен де қалған бөлігі оның туыстарына сыйға тартқан екен.Ортада Островскийдің жазған кереуеті жиналып қойылған. Үстелдің үстінде жазу машинкасы, диван, радиоқабылдағыш. Бөлменің іші қызыл күрең сырмен сырланған. Көзі көрмеген соң осы түске бояған деседі. Екінші кішігірім бөлменің кіреберісінде шлем, гимнастерка,шинель т.б. киімдер ілулі тұр. Бір бөлмесі өзі пайдаланған кітапхана екен. Бір айта кететін нәрсе, жақында Кубада басылып шыққан «Құрыш қалай шынықты» романының бір данасы келіпті. Фидель Кастроның талабы бойынша 100 мың дана етіп басылған. (Кубаның халқы небары 6 миллион)


Мен музейді аралап, вестибюльге шықтым. Үстелдегі тілек жазылар журналды алып, ойланып қалдым.


«Осмотрев музея любимого писателя-героя имел хорошие впечатление. Книга «Как закалялась сталь» мною прочитана еще в детстве и изучаю по сей день. Образ Павки Корчагина в памяти моего народа останится вечно. Будет служит в дело строительство коммунистического общество.


         Казахский писатель Зейнел-Габи Иманбаев. 24 мая 1962 г»


Біздің алдымызда ғана сирек кездесетін қонақтар «Жас гвардияшылдардың» туыстары келіп кетіпті. Олар Сочиде тынығып жатқан көрінеді. Қол қойыпты /Тюленина, Щевцова, Самошина т.б./


Сонымен күн кешкіріп қалса да орталықтағы үлкен ботаникалық бақша парк Диндрариге барып, екі бөлімін атүсті аралап шықтық. Барлық аллеялар асфальтталған. Мұнда дүниежүзінің әр түкпірінен әкелген ағаштар өсіп тұр. Әрқайсысының аты жазылған. Бақша іші гүлмен безендірілген.Тынығып отыратын орындар, фонтандар. Ортадағы хауызда төрт ақ аққу, екі қара аққу жүзіп жүр. Қара аққулардың мойны қисынсыз ұзын. Тұмсықтары қызыл, қауырсындары бозғыл қара. Біз паркты атүсті қарап шығып үйге қайттық. Сонда да дертіме шипа болғандай әсерде болдым. Бұл саяхатыма өзім дән риза болдым.


 


26 мамыр 1962 жыл.


         Түнде жақсы ұйықтаппын. Соңғы күндер мен үшін азап болды. Алғашқы күндері жинаған күш-қуатым кеміп бара жатқан сияқты.


 


2 маусым 1962 жыл. Соңғы күндері күнделік жазғаным жоқ. Бөлмеге кіріп дамылдауға зауқым жоқ. Жүре берсем екен деймін. Батыс Қазақстандық жерлестердің шақыруымен қонақта болдым. Теңіз портына жақын ресторанның бірінде Баймағамбет екеуміз жанымызға Алматының Совет аудандық комитетінің секретары Бекен Ержанов деген жаңа келген жолдасты ертіп апардық. Нәсикеш пен Боранбай бастап, бізге әртүрлі тағамдар алды. Барлығы жабылып менің де шарап ішуімді қалады. Жалынады, өтінеді. Бірақ мен соңғы кезде сырқаттанып қалғанымды айтудамын. Жүйкем әлсіреп барады. Қолқалап болмаған соң коньяктан бір ұрттадым.Сол-ақ екен, кеудем қысылып кеткені. Достар аяп менен кешірім сұрады. Мен құр сүлдерім үйге қайттым. Үйге емес-ау, қайтар жолда теңізге барып фляждың балконында ұйықтадым. Содан соң теңіз суына шомылып едім, денем сергіп сала берді. Соңғы күндерді неғұрлым көңілді өткізуге тырыстым. Көбіне теңіз жағасында боламын. Қатарынан үш күн фляжға барып, физзарядка жасап теңізге шомыламын. Жолдастар да ертемен теңізге баруға машықтанып алды. Өйткені мұнда ұйқы мейлінше аз болады.


         Бүгін ерте тұрдым, сағат әлі алты болмапты. Терезе алдында жас құрма ағашы тұр. Күн әлі тау артынан көріне қойған жоқ. Аспан ала бұлтты, қоңыр салқын. Таңсәріден сайраған құс үні де саябырлай бастапты. Мен коридорға шығып едім, жолдастар да дайын екен. Біз жүздеген баспалдақпен теңіз жағасына түсіп келеміз. Таңғы теңіз ерекше болады. Таудан көтеріліп шығып келе жатқан оңтүстік күнінің жалқын сәулесі мен теңіз беті ерекше жалтылтайды. Теңізге төніп пляж балкондары, оның сыртында төне түскен мың жылдық ағаштар өсіп тұр. Біз физзарядка жасап, теңіз суына шомылып үйге беттедік. Күндіз жерлестерді іздеп, көрші санаторийге барсақ таба алмадық. Кешке қарай теңізге келсек ерекше буырқанып жатыр екен. Бұдан бұрын мұндай мінезін көре алмаған едік. Үнемі саябыр, моп-момақан еді. Бұл жолы кісі бойындай ақжал толқындар бірін бірі қуалай келіп жағаға ұруда. Шегініп барып екі есе қуатымен қайта ұрғылайды. Ашулы арыстандай гүрілдейді. Теңіз жағасынан ұсақ қайықтар кетіп жатыр. Жағадан алыс емес буксир мен көтергіш краны бар кеме алып толқындарға тұмсығын шайғызып, батысқа қарай жылжып барады. Ауыр кемелердің өзі кейде бөгелектеген жылқыдай сарыала сүйір тұмсықтарын изеңдетіп су ортасында үйездеп қалыпты. Жарқырауық алып толқындар өршелене, қаһарлана түскендей. Олар бірін бірі қуалап жағаға ұрылғанда үлкен тастардың өзін ығыстырып, лақтырып тастайды. Жағасында соңғы күн болған маған долы күшін көрсетіп қалуға тырысқандай. Бұл менің теңізбен қоштасуым болар.


 


6 -7 маусым 1962 жыл


 


         Ерте тұрдым. Бұл көптен күткен күн еді. Жолдастармен теңіз жағасына келдік. Бүгін теңіз саябыр, сабасына түсіп моп-момақан болып қалыпты. Теңіз айнадай жарқырап жатыр. Кешегі штормның салдары болса керек, әлі де толқындар жағаға баяу ұрылып жатыр. Су лайсаңдау. Біз Баймағамбет, Бекен және орыс жолдастар күндегімізше физзарядка жасап, теңізге шомылдық. Душқа түстік, теңізбен қоштасып үйге қайттық. Тамақ ішіп болға соң жолдастармен хош айтысып, «Вольга» таксимен Нұрым аға Гелдиев екеуміз Адлерге тарттық. Аз күн дәмдес болған жолдастармен «Горный воздух» санаторийы артта қалды. Сочи мен Адлер арасы 50 километр жол. Жол тау бөктерімен қияннан қиянға тартады екен. Бір сағатқа жақын жүріп Адлердің аэропортына жеттік. Аэропорт тау етегіндегі жазықта екен. Тауға өрлей жатаған шырпылы шәй плантациясы өсіпті. Нұрым аға екеуміз тіркеліп, чемоданды бердік те ресторанға бардық. Мен аз күндік досымды қимай ресторанға отырғызып қонақ еттім. Сөйткенше болған жоқ ұшу уақытын хабарлады. Мен самолетке отыруға апаратын  вагонеткаға мінген соң Нұрым ағаға қол бұлғадым. Самолетке көтерілдік. «ИЛ-18» дәуіріміздің 100 кісілік ауа сұңқары ұшуға дайын тұр екен. Біз салонға  бірге кіріп, орнымызға отырдық. Дөңгелек кішкене терезеден аэродром төңірегі көрінеді. Аздан соң самолетті «МАЗ»-ға тіркеп ұшу алаңына сүйреп шығарды да моторларды қоса бастады. Көп ұзамай төрт мотор бірдей қозғалысқа келді. Сонан соң самолет  орнынан қозғалып кетті. Моторлар азынап қомданып алды да ақырын жерден ажырап, биікке көтеріле бастады. Көзді ашып-жұмғанша біз биікке көтеріліп кеттік. Самолет жоғары шыққан сайын біз демалған санаторий де, Қаратеңіз де, тау етегіндегі ақшаңқан үйлер де алыстай бастады.


–Қайтып оралғанша, аяулы мекен!  –дедім терезеден үңіле қарап. Мен қалып бара жатқан Қырым жерін, ондағы өткен күндерімді ой елегінен өткізіп отырғанымда самолет Дондағы Ростов қаласына қарай құлдилап төмендей берді. Қону өте ауыр болды. Самолет түсіп кетіп, жұлқып кетіп әбден әуреге салды. Мен өте жайсыздықты сезіндім. Жерге түскенде терлеп, қиналып түстім. Ростов қисапсыз үлкен қала екенін жоғарыдан байқағанмын. Біз сыртта далалық жерге қондық. Аэропорты да әсем екен. Аралап көріп, тынығып қалдым. Жолаушы жігіттермен достасып алдым. Бір сағат тұрған соң біз қайта ұшатын болдық. Самолет ауаға көтерілді. «Темекі тартуға болмайды, белдікті  салып отыру қажет» деген жазу электр жарығымен жазулы тұр. Бұл жарық  сөнсе самолет қажетті биіктікке көтеріліп болады екен.Сонан соң жүруге, еркін отыруға болады. Біз әлі көтеріліп келеміз. Әбден көтерілгенше 20 минут болды. 9000 метр биіктіктеміз. Сыртта 40 градус суық деседі. Менің тереземнен самолеттің көкпеңбек қанаты көрінеді. Ол баяу толқиды. Сонысына қарап біздің ұшып келе жатқындығымыз байқалады. Әйтпесе бір орнында тұрған секілдіміз. Төменге қарап қайран қаламын. Мен анамнан туғалы ақ бұлттарды жерден көрсем бұл жолы шыңырау төменнен байқап отырмын.


1944 жылы Әлберген атамыз самолет бұлтқа дейін көтеріледі дегенге мүлде сенбейтін. Ол кісі:


– Атай көрмеңдер, аллаға бекер күнәһар боласыңдар. Бұлт Аллатағаланың құзырында. Адамның аяқ басуы бекершілік! – деп жеңіс бермейтін. Сол есіме түсіп күлкім келіп отыр. Бұлттан арғы дүние тап-таза әрі кіршіксіз. Аспан иесі жарық күннің тұрағы ұшы-қиыры жоқ шексіз.


Жер-Анадан алыстап кетсек те түскі дайын  асымызды ішіп, тыңайып алдық. Аспан азығы сондай дәмді болса да мен іше алмадым. Өйткені мұндай биіктікке шығып көрмеген менің жүрегім айнып, мазасыз едім. Мен қалғи бастадым. Көп ұзамай тағы да қызыл шам жанып, темекі тартпауымызды, белдікті байлауымызды өтінді. Осы жолы қиналмай доңғалақ жерге тиді. Біз Свердлов қаласындамыз. Мұнда күн салқын екен. Солтүстіктің салқын самал желі есіп тұр. Мен өз жерімнің ауа-райын байқап рахаттана түстім. Сонымен Сочи, Адлер, Ростов, Куйбышев, Уфа, Свердлов  бағыты бойынша ұшу сапарым аяқталды. Чемоданымызды алып таксиге отырдық та Свердлов қаласының көшесімен вокзалға жол тарттық. Вокзал іші иін тірескен  халық. Билет алуға кезекте тұрған адамда шек жоқ. Поезға отыру қиынға соқты. Түнгі 12-де кезекке қайта тұру керек болды. Вокзал іші қапырық. Сыртта жауын төпеп тұр. Көңілсізбін. Қазақ жігіт кездесті. Қарағандылық екен.  Шахтер көрінеді. Ол маған билет алуға көмектескісі келіп еді, сәтсіз болды. Мен тік отырып ұйықтап, түс көріп те үлгердім. Басқа қиындық түскенде бәріне көнесің. Сочиде мамық жастықта көз ілінбейтін еді. Мұнда шаршағаннан отырып ұйқыға кететін болдым. Кезекте тұрып билет алдым да таңғы бесте купеге кіріп жайғастым. Енді төсек үстінде ұйқым келсінші... Баяғы бір құбыжық ойлар қаптайды, көзім ілікпеді. Ақыры сәскеге дейін көз жұмған жоқпын. Қорған қаласы артта қалды. Макушинкаға түстім. Таныс кездесе ме деп ойлаймын. Петухов, Мамлют станциялары да артта қалды. Поезд Қызылжарға жақындап келеді. Туған қалам, туған жерім, сен қандай ыстықсың. Мен айналаға құныға қараймын, бек сағынып қалыппын. Вокзалға түсіп автобусқа міндім де молда ағамның үйіне келдім. Жеңгем сырқат екен, мені көріп қуанып қалды. Мен шәй ішіп, асыға автостанцияға келдім де «Волга» таксимен дереу ауылға тарттым. Сағат жарымда «Бірлік» ауылының  маңынан түсірді. Совхоздың кейін келе жатқан машиналарын тосып едім, Арқанның шоферы Майснердің баласы мінгізіп алды. Мен асфальттан  келесі көлікке отырдым. Мен өзім туып-өскен жерде келемін. Дүние жап-жасыл бабында тұр. Ауыл шетіне кіргенде рахат дүниенің есігі ашылғандай болды. Машина көптен сағынып аңсаған өз үйімнің алдына тоқтағанда балалар жармасты, үлкендер ұмтылды. Барлығын беттерінен сүйем, барлығын мейірбанды ыстық кеудеме қысамын:


         – Шіркін, ауыл! Шіркін, алтын босаға, өз мекенім! Сені жүз Сочиге айырбастамаймын! – дей беріппін...


 





Пікір жазу