25.07.2023
  121


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

СОЛМАЙТЫН ГҮЛ

Тәшібай бар, Әпенді бар, төрт-бес бала құр аулап келе жатты. Құр аулаудың  өзіндік қызығын айтып тауысар емес. Арықша, істік мұрын, шикіл сары Әпенді:


– Мен болмасам, осы қызықты, оллаһи, көрмес едіңдер. Үйден шығатын ниеттерің жоқ. Құрдың ақ қоразы кеп бас салғанда тұзаққа мойнынан ілікті де қалды. Тәшібайға ұста десем, қашып барады. Ха-ха-ха... – Әпенді осылай жетісіп күліп алып: – Менің  әкем де, атам да аңшы болыпты. Мына Тәшібайдың атасы шөккен түйеге міне алмайтын ынжық екен. Құрдан қорқып тұрғаны да сол, – деп, тағы күлкіге басты. Балалар да күлді.


Өңі қара, түксиіңкі келген Тәшібай көз астымен Әпендіге алая қарап, жұдырықтарын түйіп алды. Оның томырық екенін білетін балалар «қой-қойлап» жатыр.


– Ызама тие берсең, мойныңды жұлып алам, – деді Тәшібай.


Тұтанайын деп тұрған жанжал осы бір ауыз сөзбен бітті. Құрдың қоразын арқалап, адымдай басып Әпенді келеді. Басын шалқайтып алыпты. Бұлдыр сағымның ар жағынан ағарып ауыл көрінеді. Ертемен шығып, аңшылық қызығымен ұзақ жүріп, қарны ашқан балалардың тезірек үйге жетуден басқа ойы жоқ-ты.


– Ананы қараңдар!


Балалар ит көрген ешкідей таңырқасып қалды. Дөң үстінде   біреу бетін әрі беріп жатыр. Кітаптан бас алмайды. Көйлегін жел көбіктей үрлеп, кеулеп кетіпті. Ой, мынау Қабиден ғой, әй, қу-ай!


– Ақырын сөйле, естіп қалмасын.


–       Ол жанына барсаң да естімейді. Оқуға кіріскенде  бәрін де ұмытады, – деді бір бала,


Әпендінің көздері сықсыңдап:


– Балалар, үндемей бас салайық, бір қызық болсын, – деп өңкеңдей жөнелді. Өзге балалар соңынан ерді. Тәшібай ғана тісі ауырғандай  томсырайып, кейіндей берді. Әпенді жақындап барып бас салғанда Қабиден ышқынып атып тұрды. Көздері шарасынан шығып, танауы қусырылып кеткен екен. Балалардың ішек-сілесі қатып, домалап жатыр. Қабиден бозарып, бұларға қарайды. Тып-тыныш далаға мына берекесіз тобырдың  қайдан келіп қалғанына таң.


–   Уһ, соққан-ай, Әпен-ай, сен екенсің ғой! – дей  берді.


– Батыр, қалай, қорықтың ба? – деді Әпенді.


– Батырмын деп қашан айттым? – деді Қабиден.


– Айтқансың, Чкаловтай ұшқыш болам дегенің қайда, серейген бойыңмен айырпланға сыймайсың да.


Осылай деп Әпенді тағы күлкіге шақырып еді, балалардың бірлі-жарымы ғана ыржақтап тынды.


         – Айтсам айтқан шығармын, армансыз адам – қанатсыз құстай, – деп Қабиден кәдімгідей есейгендік танытты. Сәлден соң сөзді басқаға бұрып:


– Мынау құрды қалай ұстадыңдар? Ақшаңқандай екен, басы мен мойны қанқызыл, қандай әдемі, бекер-ақ өлтіргенсіңдер, обал-ай! – деді.


– Тапқансың обалды, – деп Әпенді дүрсе қоя берді. – Өзіңнің қолыңнан  келмеген соң көре алмайсың, аңшылық – ерлік. Сен  сияқты әр төбенің  басында қотыр тайдай  аунап жатпаймыз. Таңсәріден далада боламыз. Тұзақтан құр аулау қандай қызық, өтірік деңізші, балалар?


– Рас, рас...


– Пәлі, аңшы болғаныңа, нағыз аңшы ұя басуға қамданып жүрген құрды емес, малдың жауы қасқырды аулайды. Мынаның не жазығы бар? –деді Қабиден.


– Қораз құр жұмыртқа баса ма? – деп Әпенді ішек-сілесі қата күлді. – Ой, данышпан-ай!


Бірақ балалар күле қоймаған соң, әзілдің нәрі болмай бара жатқанын сезіп Әпенді Қабиденнің қолындағы кітапқа үңілді.


– Не оқып жатырсың?


– Горький ғой. «Балалық шақ», оқып па едің?


Әпенді не айтарын білмей сәл бөгелді де,  істік мұрнының ұшын уқалап:


– Горький ме, әлдеқашан оқығам, – деп секірте түкіріп тастады. Абырой болғанда, Қабиден «не ұқтың» деп сұрамады.


– Сен кітап оқымайсың, оныңды білем, Горький өз бетімен хат танып, кітапты айдың жарығымен оқыған...


– Ой-ой, ар жағын айтпа, сен енді  Горький, не Пушкин болуға айналдың ба? Ей, ой,  мақтаншақ!


Қабиден қызарақтады.


– Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін оқып па едің?


– Оқығам, оқи берем, іздене берем. Онжылдықты бітірген соң университетке түсем, – деді Қабиден.


– Ой-бо-о-ой, сен, бәлкім, академік боларсың? Сонда біз бола алмаймыз ба, анау Тәшібай, Жүкен, Әмзе кім болады сеніңше, қой баға ма? Жалғыз сен ғана әкәдемік боласың, ә? Пішту, кеше мұғалім не деді. Жастардың алдына даңғыл жол ашылды, кім болам десе де еркі деді ғой. Ал мен ерегіскенде професір болам, не істейсің?


– Сеніңше әкәдемік үлкен бе, профессор үлкен бе? – деп сұрады бір бала.


Әпенді қайсысы үлкен екенін өзі де білмейтін, айтыстан тайқып шыға келді.


– Балалар, кетейік, Қабиден еріккен бала, кітабын оқи берсін! Бөгет болмайық!


Қабиден Цыганоктың өлген жерінен бастап әрі оқыды. Бейкүнә жас адамның ажалына кәдімгідей қайғырып, көзіне жас алды. Күрсініп, ауыл жаққа қарады. Балалар әлденеге таласып қалған сияқты. Әпенді қолдарын сілтеп тастап, дау айтып барады. Әдеті сол, не болса соған дауласа кетеді. Қабиденнің олардан жырақ жүретіні де осы қылықтарынан ғой.


– Шіркін, Алматыны айтсаңшы, білім ордасы, үлкен шаһар... Жоқ, мен қалайда сонда оқитын болам. Мектепті бітіруге небәрі төрт-ақ жыл қалды ғой. Төрт жыл... Көп емес, ертең-ақ...


Қабиден онжылдықты бітіретін қырық бірінші жылдың қатты қысында суық өтіп, ауырып қалды. Қызуы сұмдық көтеріліп, жалғанның жарығы қып-қызыл болып тұрды.  Таңның қашан атып, түннің қашан батқанын ол білген жоқ. Түсі екені, өңі екені белгісіз, сан-сапалақ елес. Құмырсқадай құжынап, сеңдей соғылысып, сапырылысып жатқан таныс-бейтаныс халық, оқыған  кітаптардың жүздеген кейіпкерлері, өлісі бар, тірісі бар көз көрген адамдар...


Дала түкпіріндегі кішкене ауылға дәрігер аяқ баса бермейтін кез. Әкесі, арық қара шал, сұлық жатқан ұлының  жанына отырып:


– О, Аллам, бар екенің рас болса, азаматымның жамандығын көрсетпе, оны алғанша, асарын асап, жасарын жасаған мына мені ал, – деп құдайға жалбарынумен болды. Шешесі – кішкентай сары кемпір өзінше байлам айтты:


– Балаға анық тіл тиді, кәзитке өлеңдері шыға бастағаннан-ақ жұрт «қара шалдың мына баласы Жамбылдай  ақын болайын деп тұр» деп шуласып еді, тіліңе шоқ  түскірлер. «Адам тілі тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген осы емес не, балгерді әкеп дем салғызбаса болмайды, босқа налымай, сонда тарт! «Аруағыңнан айналайын, тәуіп, – де, – балаға бір жақсылығыңды істе,  еңбегіңді жемеймін», – де, білдің  бе?


Шал  баласының маңдайынан иіскеп:


–       От па дерсің, жанып барады ғой? – деп күбірледі. Балгер күн батарда келді. Ақ шапанына лайық сақалы да аппақ екен. Есіктен кіргеннен өзімен-өзі болып  иықтарын қозғап:


– О, сайыпқыран, қырық шілтен пірлерім, о, аруағыңнан айналайын рәсулім, қолдай гөр, – деп сарнай жөнелді. Кемпірдің де жүйесі босап:


– Садағаң кетейін тәуібім-ай, жақсылығыңды істей көр балама, – деп көз жасын төгіп жіберді.


Балгер ессіз жатқан аурудың тамырын ұстап, «жындарымен» тілдесіп отырды да:


– Анық көз тиген екен, күнмен таластырып ұшықтаймын, дереу темір қыздыр! – деп әмір етті. Алақандай терезеден қысқы күннің қанқызыл сәулесі түсіп тұрған. Тәуіп балқыған көсеуді алып, науқастың денесін жалаңаштатты да, – О, аллатағаланың би хақы, би құрметі үшін, Мұхаммед  рәсуліміздін би хақы, би құрметі үшін... – деп алып, ыстық темірді Қабиденге тақап қойып, мұздай суды шыж еткізіп бүркіп жіберді. Ауру селк етіп, көзін ашып алды. Қатты шошынғаннан құлын даусы шығып кетті. «Апа-a!» – деді. Бұл бірнеше күннен бері тіл қатқаны еді.


– Meн мұндамын, құлыным! – деп кемпір бебеу қақты. – Аллау, сақтай көр, сәтін сала гер!


Балгер тағы бір топ «рәсулдердің» атын тізбектеп үшкіріп:


–       Балаң тәуір болады, шипасы Алладан! – деп алақандарын қайықтай жайып, бата қылды. – Әумин!


– Сары ешкіні берейік, – деп кемпір күңкілдеп еді. Сақалы су-су болып түнеріп  отырған балгер азсынып:


– Ешкі алмаймын! – деп жекіп тастады. Осы арада Қарекең күйіп-пісіп:


– Әй, осы сен қатынды ма, қылшықтайсың да отырасың, бұзауды беру керек, бұзауды, балаңнан қымбат па? Аруағыңнан  айналайын тәуіп, жалғыз сиырдың бұзауына қолыңды жай, ерте туған марқа бұзау, – деді көздері жасаурап. – Сиыр суалған соң, күзге қарай өзім апарып берем.


Балгердің кескіні жылынып:


– Басқа малың болмаса мақұл, тек қақтап сауып, жүдетіп тастама, – деп иегін қағып қалды.


Балгердің «емінің» шипасы болмады. Қабиден төсек тартып, ұзақ жатып қалды. Жаз шыққан соң ғана төсектен басын көтерді. Далада бозторғайлар шырылдайды, көкек шақырады. Ашық есіктен жусан иісі келеді. Жартылай қараңғы жерүйден тіршіліктің қайнаған жеріне баруға асығады. Көз алды бұлдырап, кеудесі сырылдайды. Тізелерін құшақтап біраз отырды, балтырларын сипады, аяғы басуға келетін сияқты. Тұрайын десе, құлақтары шыңылдап, басы айналады.


– Тік көтеріп әкетейін бе? – деді әкесі.


–       Жо-жоқ, аяқтарымды басып көрейін.


Қарекең ұлын қолтықтап тысқа шығарды. Күн күлімдеп тұр екен. Сағым көшім жатыр. Көң-қоқыстан арылған үйлердің іргелеріне дейін бетеге өсіп, дала гүлі қаптап кетіпті. Киікоты мен ақ жусанның ащы иісі бұрқырайды. Өзгеше дүниеге аяқ басқандай, ұзақ ауру көлеңкесін түсірген жүдеу кескінінде еріксіз күлкі үйірілді. Туған аулының мұндай сүйкімді, сал-салтанатты екенін бұрын қалай аңғармаған. Еш нәрсе өзгермеген, бәрі орнында. Сәби күнінен бергі тірлік осы. Құзғындай  қара қораз бұрынғыша қи ақтарып жүр. Аспанға қарап еді, күннің талтүстегі балқыған дөңгелегі қап-қара болып, басы айналып кетті. Айлар бойы күн көрмеген науқас тез шаршаса да, үйге кіргісі келмеді. Әне бір топ бала ойнап жүр. Жерошақ басында құрт қайнатқан әйелдер көрінеді. Құлақ түбінен жабайы   ара гүжілдеп өтті. Құбылмалы сағым  арасынан бозторғай шырылдайды. Кеуде кере дем алып еді, жөтеліп булығып қалды.


–Атаңа нәлет! – деді ол аузын сүртіп. Арада бірнеше күн өткенде қызылы қашқан дене күн нұрынан қуат алып, тыңая бастады. Таң ата қақпа алдындағы тақтай орындыққа отырып, ертеңгі бал ауаны  жұтады. Шарапатты күннің аспан биігіне көтеріліп, одан қып-қызыл болып көкжиекке біртіндеп батып кеткеніне дейін жалықпай көреді. «Уақыт шіркін босқа өтіп  жатыр-ау», – дейді. Кітапқа қараса көзі бұлдырап, шекесі суырады. Әйтсе де аздап болса да оқу керек. Бірақ оқитын кітап та қалмапты-ау. Нешеуін ғана оқымады, батыс, шығыс   ғұламаларын да, Шолоховтың  «Көтерілген тыңын»  да қайта қолына  алды. Енді бір рет оқып шықса көптік қылмайтын сияқты. Гремячи логқа жасауыл  Половцевтың келгенінен  бастап оқи жөнелді. Мұндайда көптеген кейіпкерлермен ортақ тіл тауып, өзгенің бәрін ұмытады.  Біреу  сыртынан келіп құшақтады:


–  Әмзе!


–  Амансың ба, саушылық қалай?


–       Жұттан шыққан арықтаймын.


–  Апырай, жүдеген екенсің?


–  Есесіне өлімді жеңіп  шықтым.


–  IIIын сөз.


Әмзенің бойы өсіп, кәдімгідей жігіт болыпты. Атжақты дөңгелек жүзіне қан ойнап, құлпырып тұр.


– Аттестат алдық, біздің сыныптағы бар бала алды. Сен ғана болмадын, өкінішті-ақ! – деді.


– Қалған сабақтарымды үйде оқып, күзде емтихан тапсырамын. Институтқа биыл түсе алмайтын шығармын, үлгермеспін, сен оқи бер.


Қабиденнің үні жасыңқырап шықты. Әмзе күлімсіреді:


– Уәде бірге бару еді ғой.


– Солайы солай-ау, бірақ мен үшін бір жыл кешігуің жарамас.


– Мұндайда артына қарайламаған дос бола ма? Бірге кетейік, бірге оқиық, – деді Әмзе.


– Рас-ay, – деді Қабиден.


– Аға, әкем шақырып  жатыр.


Жасөспірім қыз баланың жанына келгенін екеуі де аңғармаған еді. Жеңіл ақ көйлек, қызыл кеудеше киген бойшаң қыздың  кескіні Әмзеден аумайды. Күлімсірегенде екі бетінің шұқыры  көрініп, кескіні шығып  келе жатқан күндей дөңгелене қалады екен.


– Қазір, айналайын,  қазір келеді де, –  деді Әмзе. Қыз  бұрымдарын бұлғаңдатып жүгіріп барады. – Иә, мен  кетейін, тағы келем ғой, – деп Әмзе де орнынан тұрды.


                                                        * *  *


Қабиден  бүгін де кітаптарын қолтықтап, дөң үстіне шығып отырды. Бұл жерден екі жақтағы екі көл алақандағыдай      көрінетін еді. Көкпеңбек  айдында үйрек ұшып, қаз қонып дегендей, құстардың қиқуы естіледі. Батпақта бақалар өршелене шулап жатады. Сонау Қызылағаш, Қоңыр жақтан жаяулап «аққан» жылы жел бетеге басын үрлеп, жайлап тербетеді.


Қабиден «Соғыс және бейбітшілікті» қолына алды. Кітап қызығымен күннің тас төбеге көтеріліп қалғанын да байқамапты. Орнынан тұра беріп көздері бұлдырап, басы айналып кетті. Ауыл жақ абыр-сабыр. Біреулер дауыстап жылайтын сияқты. Әмзе жүгіріп келеді.


– Не болды, тыныштық  па?


Кескіні қуқыл тартып, қатты абыржулы. Ентіге дем алып:


– Соғыс! – деді.


Халық кеңсе алдына жиналған екен. Ауданнан келген өкіл ызалана сөйлеп тұр. «...Біздің ісіміз әділ, жау жеңіледі», – деген соңғы сөзін естіп қалды Қабиден.


– Мен соғысқа аттанамын, – деді Әмзе тістеніп.


 


                                               ***


Ертеңіне Әмзе бар, Әпенді бар,  Тәшібай  бар – оншақты бала аудандық байқаудан өтті. Қабиденді көріп, дәрігерлер:


         – Сен әзірге қала тұрасың, – деді,


         – Heгe?


–                 Аурусың, оңалуың керек.


–                 Мен тәуірмін, жіберіңіз!


–                 Жоқ, болмайды!


Қабиден жол жүргенде ауырып қалыпты, денесі қозғалтар  емес. Көздерін уқалап біраз жатты да, ептеп орнынан тұрды. Әйнектен қабағы қатулы аспан көрінді. Жаңбыр сіркірейді. Таяққа сүйенбесе болмайтын сияқты, белі басқызбайды. Ауылдың орта тұсына көп адам жиналыпты. Пар ат жеккен арбаларды жұрт қоршап, босатпай тұр.


– Сен  кеткен соң біз не боламыз, айым-ау! – деп Әпендінің шешесі аңырайды. Әпендінің істік мұрнының ұшынан  жас тамшылайды. Әмзе жылап жібермес үшін тістеніп алған.


– Ағайындар, біз өлімге емес, жауды жеңуге кетіп  барамыз! – деп дауыстап еді, оны тыңдаған ешкім болған  жоқ.


Жол  Қабиденнің үйінің жанынан өтетін. Таяққа сүйеніп тұрған  досын көріп, Әмзе арбадан секіріп түсті. Әпенді мен Тәшібай  да жетті жүгіріп.


–  Қош әзірге, жауды жеңіп, ертең-ақ  ораламыз, – деді Әмзе  Қабиденді құшағына тартып,


–       Аман болыңдар, қайтейін, сендермен бірге кете алмадым! – деді Қабиден мұңайып. (Кешелер Қабиденнің ағасы Назар да майданға аттанған болатын).


         – Үйіңе кіргізіп  жатқызайық.


         – Жоқ, мен осы арадан қарап тұрам.


         Балалар ұзай берген арбалардың соңынан жүгіре жөнелді. Әмзе бұрын жетіп, секіріп мінді. Қалғандары да сөйтті. Мұнарға оранған  ауыл қалып барады. Халық әлі шоғырланып тұр. Бертінде, шеткі үйдің қақпасының алдында Қабиден көрінеді. Қоскөл жақтан қаздар қаңқылдайды.


         – Қош бол, туған ауыл,  өскен жер! – деді Әмзе. Әпенді еңіреп қоя берді.


–       Ой, қызыләскер болғанына! – деп күлісіп еді, бір бала жақтырмай:


– Нақ тойға баратындай, – деп   күйзеле   теріс қарады.


Ақ жауын себелеп жауып  тұр.


 


                                 ***


Қабиденнің кеудесі толған шу-сырыл. Сонда да үйде тыным таба алмады. «Апырау, жау жағадан алғанда қорлық қой мынау!» Таяққа сүйеніп, кеңсеге келді. Басқарма Ниетжан жирен мұртын сипап, жалпақ беті тершіп:


– Не істемек ойың бар? – деп сұрады.


– Жұмыс істесем деп едім...


–       Иә, иә... – деп саусағымен үстелді тықылдатты басқарма. – Жұмыс істесем дейсің, ә...  мына түріңмен қолыңнан  не келер екен?


Содан соң Қабиденнің басынан аяғына дейін бір шолып қарады:


– Кеудем сырылдап, алқынта бергені болмаса, денім сау...


– Сау кісі сөйте ме? – деп күңкілдеді Ниетжан. – Трактор бригадасыиа есепші бола аласың ба?


–       Болайын.


Басқарма шала сауатымен шимайлап қағаз жазды да:


– Бригадирге бар, істі қабылдап аласың, – деді. Тәшібайдың аталасы Мақұлды аңыз шетінде тұрған қашау доңғалақты трактордың астында күйбеңдеп, әлденені шұқылап жөндеп жатқан жерінен тапты. Қабиденді тыңдап алды да ол май жұдырығының сыртымен көзін уқалап:


– Мұнда қабылдап алатын ештеңе жоқ, есепшінің мүлкі мынау: сынық саржан мен май сіңген портфель – бар болғаны осы. Жерді дұрыстап өлшеп, халықтың еңбегін дұрыстап жазғайсың, шу шығып жүрмесін, – деді.


Мұнда дұрыстап өлшеп, жазатын жұмыстың төркіні де шамалы еді. Қашау доңғалақты төрт трактордың екеуі тоқтап тұр. Тракторшы жоқ. Қыз-келіншектер ештеңе білмейді. Мақұл соларды үйретіп әлек. Үйреткені бар болсын, тракторды оталғызып берсе, былай шыға қайтадан тоқтап қалады, Мақұл тағы жүгіреді. Әбден ыза болғанда ашу шақырып: «Бұл қылмыс, мына қалыпта пронтқа астық бере алмаймыз. Айналып келгенде істеуге құлықтарың жоқ. Әйтпесе оталғызып берген тракторды тоқтатпай жүргізуге болады ғой. Айналып келгенде...» – деп ішін бір босатып тастайды. Онсыз да көңілі қаяу әрі ауыр жұмыстан қажып жүрген келіншектердің кейбірі: «Бұл қу темірді не қылайын енді!» – деп жылап жібереді.


–       Мен тракторшы болсам қайтеді? – деді  бірде Қабиден.


Мақұл танауын таңқ еткізіп сіңбірді.


– Сен мына қалпыңмен ушөтшікті алып жүрсең жарар.


–       Мен есепті де, тракторды да жүргізем. Сіз өйтіп адамның намысына тимеңіз. Мен ауырсам да, еркекпін... Мен...


         Қабиден кеудесі шулап, алқынып қалды.


         – Көрерміз, әуелі есеп-қисапты жөнде!


         – Жөндеймін!


«Жөндеймін» дегенмен ол оп-оңай шаруа емес екен.         Көптен есеп-қисап жасалмаған. Қанша жер жыртылып, қанша май жұмсалғаны белгсіз. Соғысқа кеткен есепшінің толтырған есеп қағаздарын аударыстырып қарады. Әсіресе жыртылған аңызды саржандап шығу азап. Алқынып, кеудесі қысып тоқтайды да, қайта жүреді, қайта тоқтайды. Майданда қанды қырғынның ішінде жүрген достарын ойлағанда, мына сырқат күйіне қатты ызаланып, іле-шала өзін іштей қайрап, бойына тың күш дарығандай алға ентелей ұмтылатын. Елең-алаңнан тұрып денесін шынықтыруды да қинала істеп, әдетке айналдырған. Соңғы күндері бойының жеңіл тарта бастағанын сезініп, көңілі де кәдімгідей сергіп қалған. Сондай күндердің бірінде: «Аға, өткенде бір өтініш айтып едім», – деп Мақұлды қайта жағалаған. Ол Қабиденді жаңа көргендей сүзіле қарап:


–       Ол былай ғой, иә, айналып келгенде, сен істеймін десең, істе, біраз ушөтшікті бірге атқарасың, айналып келгенде... – деді сөзінің соңын шұбартып.


–       Атқарам...


         Көптен тұрған «бестікке» әкеп:


         – Осыны жүргізесің! –  деді.


–       Мақұл аға-ау, бұл өзі жүретін трактор  ма, қашауларын тот басып қалыпты ғой!


–       Жүргенде қандай, иесі әскерге кетерде жүргізіп әкеп, осы жерге қойған.


         Мақұл моторды оталдыра алмай біраз әуреленді. Қозғалтар емес, доңғалақтың қашаулары жерге кіріп, табандап тұр. Қабиден айналдырып, ентігіп қалды.


         – Мына круговой айналдырғаннан пол оборот айналдырса жеңіл, зажигалкасы дұрыс болса  оталып кетеді, білдің бе?


–       Білдім.


         Бір кезде трактор гүрілдеп қоя берді. Мақұл жол-жөнекей дауыстап сөйлеп келеді. Арасында «түсіндің бе» дейді.


         – Түсіндім, – дейді анау.


Білмеген жердің ой-шұқыры көп. Оқымаған  адамға бәрі  қиын. Ақыл тоқтатып көрсе, бұл да  жан иесіндей өкпе мен бауырдан тұратын сияқты. Ауырлайды, қиналады. Жұмыс атындай бұған да бап керек. Қабиденнің  арманы көп еді, бірақ тракторшы болуды арман етпепті. Әмзе «әр мамандықтың жаманы жоқ» дейтін еді. Шын сөз... «Бұл күнде қайда жүр екен ол», – деп ойлады трактор астында жатып. Мотордың «қарнын» ақтарып, қақпағын жаба алмай көп әуреленеді.  Ауыр шойын астауды қолмен, тізесімен зорға іліктірді де, көзіне тамған майды сүртіп, біреудің келіп тұрғанын көрді. Әдемілеп тазартылған қос етік доңғалаққа тақау тұр екен.


– Әу, бұл кім? – деп дауыстады.


– Мен ғой, Әмзенің қарындасымын...


–           Ә, ә, қазір...


Бойжеткен қысыла күлімсіреді. Қабиден трактор астынан шығып, керіліп алды.


–       Амансыңдар ма, Әмзеден хат хабар ма?


–       Аман, хат бар, сәлем айтады.


–       О, ерім-ай, әкелші бері!


Әмзе хатын  «Бауырым Бикен»  деп бастапты да,  ауылдың тайлы-таяғына  дейін сұрап, бәріне сәлем айтыпты. Өзі  туралы көп жазбаған. «Жауға қирата соққы беріп жатырмыз» депті.


– Сәлемет болсын, батырым! – деді Қабиден хатты қайтарып. – Толық етіп жауап жазам. Өзімнің қалай тракторшы болғанымды айтам. Күзге қарай майданға сұранам. Мүмкін,  кездесіп қалармыз...


– Мені осы тракторға тіркеуші бол деп жіберді, – деді қыз.


–            Ә-ә, дұрыс...


Тұла бойы темірден құйылған қашау доңғалақты трактор икемі аз, тұрпайылау көлік болатын. Қаңылтырмен жабылған қос доңғалақтың ортасындағы темір орындық жүргізушінің орны. Ал тіркеуші үш тісті соқаның үстінде. Шаң-тозаң, мотордың түтіні сонда. Қыз тап-таза, мүсінді қалпымен күлімсірей қарап:


–       Мен не істеуім керек? – деп сұрады.


Қабиден қызға қайтсе жайлы болудың жөнін қарастырулы. Доңғалақ үстіне шапанын бүктеп салып:


– Осында, маған жақын отыр, мықтап ұстанып ал. Аңыздың  аяғына барғанда мына жіптен тартып қалсаң көтеріледі, қайта тартсаң түседі. Өзгесін өзім реттеймін.


Трактор азап шеккен кәрі өгіздей соқаны шірене сүйрейді. Мұржасынан қып-қызыл ұшқын лақтырып, «қақалып-шашалып»  та қалады.    «Зажиганиясын қарату қарату керек шығар», – деп ойлады Қабиден.         Қыздың тұңғиық көзінде мұң бар. Кім біледі, мына жұмыс ұнамай ма,  әлде соғыста жүрген ағаларын ойлай ма? «Қиын ғой, ағалары болса соғыста, бүкіл ел соғыста, оңай деймісің. Иә, кімге  оңай болып жатыр...» – дейді Қабиден егде адамдарша  күрсініп.


Жаңбырда  трактор балшыққа батып, жылжи алмай  қалады. Онда да соқаны ағытып тастап, алдымен тракторды шығару керек, сонан соң соқаны. Мұндайда қыз да, жігіт те жанталасады.  Бір күні мотор сөніп қалды да, от алмады. Құлақты айналдырса қайта  теуіп, майып қыла жаздайды. Қабиден ұзын бойын иіп, бүйір тұсына  үңіледі. Неге бұлай қасара қалғанына ақылы жетпейді. Қыз да үңіледі, білгісі келеді. Қабиден  өзінің дәрменсіздігіне ұялады.   Қыздың жүзі сынық, үсті де кірлеген. Қап-қара көзі  жарқ етіп қарайды,  ызалы сияқты. Мақұл келді.


– Бұл  күнге қыздырыну ма? Әйелдер жүргізе алмаса бір сәті, еркек басыңа ұят емес пе?  Айналып келгенде...


– Трактордың  тілін білмеген соң, әйел-еркегі есеп пе?  – деп міңгірледі Қабиден. – Оталмайды, тартпайды.


Мақұл білекті сыбанып жіберіп, іске кірісіп кетті де,  көп қиналмай-ақ:


– Магниті істемепті, – деді қолын санына сүртіп. – Айналдырып көрші.


Мотор гүр етіп, айналаны жаңғырықтырып жіберді. Бүйір тұста тұрған Мақұл аппақ түтінге оранып, көрінбей-ақ  кетті.


– Трактордың тілін білмесең   алысқа   бармайсың деген осы. Іштен туа білімпаз болған ешкім жоқ, айналып келгенде ықылас керек, ықылас…


– Тырысып жүрмін ғой, – деді Қабиден күңкілдеп.


– Тырысып жүрсің, ал есеп жұмысын ақсатып алдық. Тәбіл күнделікті жасалмайды, жер өлшенбейді. МТС-қа мәлімет уақытында бармайды, осы қалай?


– Үлгермей жатырмын ғой, Мақұл аға-ау.


– Мен айттым ғой, үлгермейсің дедім ғой, айналып келгенде.


– Үлгерем, тырысып көрейін...


– Қайткен күнде де үлгермейсің, өшетчикті басқа біреуге беру керек.


Қабиден үндемей тұрған қызға жалтақтай қарады.


– Мына Бикамалға берейік, бұл үздік оқыған, есепке  жүйрік, – деді.


– Прицепщик қайда?


– Өзім істеймін.


– Бастықпен ақылдасайын.


Бригадир кеткен соң барып қыз тіл қатты.


–       Есепшілік қолымнан келмесе қайтем?


– Келеді, таза жұмыс. Жүдеп кеттің, кескініңе қарашы, үсті-басың кір. Ертең Әмзе «Жалғыз қарындасымды неге жүдеттің?» – десе, не деймін, есепші бол, өзім үйретем, қорықпа! – деді.


 


* * *


Қыстың басында күн қатты суытты. Дала аппақ қар жамылып жатыр. Бетеге мен ақ жусанды суық жел үрлеп, қалтыратып тұр. Егістіктегі бидай маяларының арасында бір топ адам пар-пар өгіздермен «Коммунарды» сүйретіп келеді. Белдерін буып алған егде әйелдер мен сақалды қарттар бірге итерісіп, келесі маяға жеткізуге асығады. Комбайнның шамадан тыс үлкен темір доңғалақтары қарға кіріп зорға қозғалады.


– Ә-әуп, ал, кәне!


– Со-о-оп, жануарлар!


Жаз бойы мойны босамаған арық өгіздер сілекейін шұбыртып мықшыңдай тартады да, тоқтайды. Тағы да әупірімдеген халық, тағы да мойынтұрықтың сықыры...


– Трактормен сүйреу керек еді, қыс түсе МТС  жинап алады, осылары әбден жөн емес, – деп өзі комбайнер, өзі бригадир, өзі айыршы Мақұл күңкілдейді, – Айналып келгенде..


Өгіздер де, адамдар да мықшыңдайды... Комбайн көші аппақ қарда баяу жылжиды. Қар басып қалған бидай маясына «Коммунардың» бүйірін тақап қойып, Мақұл оталдырды. Аяз қарыған суық темірге жан кіріп, дарылдап кетті. Әйел мен шал маяға жалданған тақтай көпірмен   барабан қуысына қарай ұзын сабақты бидай бауларын жылжытып жібере бастады. Комбайн бірде қақалып лоқ ете қалады да, қайта азынайды. Қапсағай денелі сары шал қанжардай ағаш істікпен  екі қолдап егінді ішке қарай асығыс жылжытып тұр.  Әйел екінші бетте. Сырт қарағанда иықтарының епсіз  қиқаңдағанына күлкің келеді. Осылай бүкіл бір маяны қолдан өткізу оңай шаруа емес. Жоғарыда Мақұл бар, Қабиден бар, басқалары бар, жабыла лақтырған  егінді барабанға беріп үлгеруге көп күш керек. Жастар  жағы:


– Атай, біз-ақ тұрайық, сізге ауыр ғой! – десіп еді:


– Сендер не білесіңдер, егінді біркелкі бере алмайсыңдар, не көп кетіріп, не азайтып аласыңдар. Көп кетсе барабан сынады. Жұмыс тоқтайды. Аз кетсе босқа айналады. Бір минут қымбат қазір, – дейді.


Мақұл маядан құнан серкедей қарғып түседі де, қызып  тұрған мотордың әр жеріне асығыс қол жүгіртіп, қайыра  оп-оңай секіріп шығады. Қабиден шаң жұтып, ентігеді. Комбайнның арт жағында Бикамал бас болып былайғы  қыз-қырқын сабан үйіп жүр.


Комбайн осылай жүріп кеткенде жұрт қуана қимылдайды. Асан ақсақал:


–       Әкел, әкел, кәне, тездетіңдер! – деп әндете дауыстайды. Бірақ комбайнның жүруінен тұруы көп. Тұрып қалса Мақұлға үлкен cop. Үсік шалған саусақтарын үрлеп, әлсіреп жанып жатқан  отқа жылытады. Адамдарға тер қатып, бүрсең қағады.  Қатқан нанды кеміріп, өткен-кеткенді кеңеседі. Әйелдер соғысты, Гитлерді қарғайды. Мақұлдың азапты тірлігіне қарап, шарасыз отырып қалады. Мотор жүріп кеткен бір қарбалас  кезде шалдың:


–       Әкел, тездетіңдер! – деген дағдылы әбігер даусы бәсеңсіп, қимылы кеміп бара жатты. Сырттай қарағанда Асекең сарғыш бидай бауларын жай ғана мәпелей сипап тұрғандай еді. Қамыт аяқтана шөге берді. Жоғарыдан тастаған егін тақтайда жиналып, барабан бос айналып азынап кетті. Қарсыдағы әйелдердің:


– Отағасы, сізге не болды, не-не?.. – деген ащы даусы шықты. Мақұл секіріп түсіп, барабанды тоқтатты. Қария сабан үстінде шалқасынан жатыр.     Ақбурыл сақал-мұрты да тозаңмен бірегей бозғылт тартыпты. Мұртындағы кір сүңгі ақырын қозғалғандай, кескіні қардың  өзіндей аппақ.


– Жарықтық-ай, талып кетті-ау!


Ештеңе түсіне алмай тұрған қыз:


–       Әке, әкетайым менің! – деп қарияның кеудесіне құлады. Шал көптен соң есін жиды. Жүрек талмасы біраз тарқағанмен көз алды кіреукеленіп, басы айнала берді. Ол суық ауаны қармай жұтып:


– Шаршағандікі шығар, ештеңе етпес, кәне, әкеліңдер, бірден қимылдап жіберейік, – деп   теңселе басып комбайнға қарай жүрді.   Осы арада   Бикамал алдын орап:


– Орныңа мен тұрайын, үйге бар, саған жұмыс істеуге болмайды, – деді.


– Қызым-ау,  еңбектен    қалсам   тірліктің не мәні бар? – деді шал күйзеліп.


–  Тәуір болған соң істейсің ғой, ата...


Ақсақал  жәбірленгендей құнысып, бас изеді. Қыз  істіктерді қыса ұстап, егінді барабан көмейіне қарай қуалай бастады. Нақ бір өмір бойы осы іспен айналысқандай қимылы жап-жатық. «О, тәубе, құдай, кенжемнің де кісі болғаны ғой», – деді іштей. «Үйге бар» дегенмен Асекең бара қоймады. Комбайнды төңіректеп жүріп алды. Барабаннан шыққан сабанды ақтарып қарады, дән кетпепті, әйтеуір.


– Бір талын шашпай үйіңдер,   малға   азық болады! – дейді.


Ауылдан ат сабылтып Ниетжан басқарма келді. Жалбыр мұрты ақ қырау. Алдымен қартқа жолығып:


– Сен неге бос жүрсің? – деп сұрады.


– Ауырып қалғаным,..


– Қазір ауыруға уақыт жоқ, орныңдағы кім?


– Қызым істеп жатыр,   азамат   болды ғой, шүкір аллаға.


Ниетжан қызды көріп, жұтынып қоя берді.


– О, бәрекелді, жараған екен, рас, бойжетіп қалыпты. Ау, Асеке, құда болмаймыз ба? Қоңқайға айттырайын! – деді қоқиланып. Қоңқай дегенде қарттың  жүрегі дір ете қалды.


– Комбайн осылай жүріп тұрғанда түннің біразына дейін қимылдау керек еді, көрдің бе? – деді Асан әңгіме бетін өзгертіп.


         Ауыл алыс.  Жұмыс істеп, тер қатқан, әбден титықтаған жұрт  желге қарсы қадам басты. Боран қойын-қоншына қар  толтырып, кеудеден итереді. Өгіздер  тұқырынып тұрып алады.


– Бір-біріңнен   ұстаңдар,  әйтпесе   адасасыңдар! – деген Асекеңнің даусы естіледі. Қарт еңкейе түсіп келеді. Жүріп келе жатқанын, не тоқтап тұрғанын өзі де аңғармайтын сияқты.


– Бидай  артқан шаналар қалып қоймасын, ертең элеваторға  жөнелту керек! – дейді.


Ауылға келген егіншілер бастырылған бидайды сарайға  кіргізіп, өгіздерді жайғап болғанда түн ортасы  ауып еді. Асекең үйге сүйретіле кіріп, еденге отыра кетті. Халі әбден  бітіпті. Бетін әжім торлаған тапал қара кемпір  шалын шешіндіріп жатып:


         –  Қан майданда жүргендерден де жаман болды ғой күндерің!        Бүйте берсе елдің  соғыстағысы соғыста, үйдегісі үйде қырылар, шұнақ құдайға не жаздық! – деп сілтеп  салды.


– Жағың қарысқыр, кемпір, әй сенің тілің-ай! – деді қарт демігіп отырып. Кемпір үдеп кетті:


–       Бәрі өзіңнен. Саған комбайнға жем бере ғой деген ешкім жоқ. Сен болмасаң осы колхоз қараң қалмайды, білдің бе?  Сен өлсең Ниетжан бірге өле ме?  Қақшаңдайсың да жүресің!


Асекең арқасын пешке сүйеп отыр. Кескіні әлде күлімсіреген, әлде жыламсыраған сияқты. Сақал-мұртының сүңгісі  еріп, өзіне-өзі ұқсай бастапты.


–       Әй, кемпір-ай, – деді бір кезде. – Мына сұрапылда  шинельмен окопта жатқан құлындарымнан  жаным  ардақты ма...


Бикамал үйге отынды көтере кірді.


– Әкем тоңды ғой, отты мол жағайыншы...


– Балалардан хат бар ма?


– Бір хат бар, қайсысынан екенін білмеймін, – деді кемпір.


– Әмзе ағатайымнан ғой, – деді қыз   қуанып. Әмзе дағдысынша   «Бауырым Бикен» деп бастап үй ішінің, ел-жұрттың амандығын түгендеп, соғыста жүрген аға-інілерінен хат-хабар бар ма, болса, әдрістерін жазуды  тапсырыпты. Мұндайда шалдың кейістігі тарқап қалады.


Бикамал шай ішпестен хат жазуға отырды. Кескіні албырап, аласы аз, қап-қара көздері жасаурап, көптен көрмеген бауырларымен жүзбе-жүз тілдескендей қысыла күлімсірейді. «Жанар ағамнан хат бар, Нұрғали мен Бергеннен көптен хабарсызбыз, әкем жүдеп жүр, көп ойлайды» деп қосты аяғына.


Қызының мұңды кескінінен осы сөздерді жазғанын қария бірден түсінді де,  әдеттегі ауыр күдік қайта ба¬сып, жаншып жіберді.


– Шәйіңді ішсейші, неге сілейе бересің, жұрт жетісіп жүр ме, бәрінің де баласы пронтта, – деді кемпір көзі ақшаңдап.


«Өзіңнен туса өйтпейсің ғой», – деді қария іштей. Балалардың анасы – өзінің жар қосағы есіне түсіп, іштей егіліп кетті. Қара кемпір балаларға өгейлік көрсеткенде дәйім осылай мұңаяды.


Алғашқы қарақағаз келіп, зарлаған әкелер мен шешелерге не деп тоқтау айтарын Асекең білмеді. Сол күнді көрмей, тезірек өлгісі келді. «Иә, сенің құнсыз өлімің кімге дәрі. Қиын-қыстауда балаларына қолдан келген көмегіңді жасамай өлуіңе жол болсын», –  дейді бірде өзіне-өзі. Асекең ағы көбейіп бара жатқан мұртын спап, шүкіршілік етеді.


 


                                                * * *


 


Соғыс жылының қысы да сұрапыл болып тұр. Толассыз боран. Желдің өтіндегі ауылдың аласа үйлерін тегістеп кеткелі қашан. Күртік астынан бозша түтін будақтап жатады. Қалың қар қамтыған шамадан тыс кеңістікте ел мекені сирек кездеседі. Үйір-үйір аш қасқырлар жортып, шетке шыққан қараны күндіз-ақ жарып кете береді. Түндерде боранмен бірге қосыла ұлып, елді ториды. Әр жерде «адамдарды да жеп кетті» деген қауесет бар.


Кеңседе шам әлі сөнген жоқ. Сыртта боран өршелене соғады. Тылсым даладағы тірлік біткеннің тірегіндей жалғыз жарық жылтырап  тұрып алады.


Терезелерді қар сабалайды. Шатырдың ірге тақтайын, терезе қақпасын жұлмалайды. Қорқынышты біреулер үй жағалап, кіруге қам қылып жүргендей. Бикамал шошынып, терезеге қарайды. Терезелерді қалың қырау басқан. Қабиден шотты сарт-сұрт қағады.


Бикамал сандарды  дауыстап айтып тұр. Қабиден шоттың тастарын  біріне бірін   асығыс соққылап, шыққан санды жазып отыр. Ойына Ниетжанның  сөзі түсті: «Есеп-қисапты  жөнге келтір, әбден берекесі кетті», – деген ол шкафтың кілтін  беріп жатып. Шындығында да есеп қағаздары реттелмепті. Ақыл сұрайтын адам жоқ. Бригада  есепшісі болғандықтан қызды көмекке шақырған.


– Аға,  мен үйге барайын, шығарып салшы!


– Иә, шығарып салайын,  менің жұмысым бітпейді, – деп  орнынан тұрды Қабиден.


Сұрапыл боран қорқынышты сарынмен ұлып тұр. Екеуі теріс қарап ықтайды да, қайта жүреді. Әлдеқайдан қасқырлардың ұлығаны боранның шуына ұласады. Қатты қыстың   түні бет қаратар емес.


– Ығыммен жүр,   белдігімнен ұстап ал! – дейді жігіт  деміге дауыстап.


Асекең әлдеқашан жатып қалыпты. Кемпір ұршық иіріп отыр екен. Көпке дейін қасақана тіл қатпады. Бір кезде кішкене мұрнын келістіріп шүйіріп алды да, сыбырлай сөйледі:


– Бетпақ-ау, түннің бір уағы өткенше қайда жүрсің? Қызға  бұлай жүруге болмайтынын   сен білемісің?


– Жылдық отшотқа көмектесуім керек болды, – деді қыз пешке  қолдарын жылытып.


– Сенсіз  ол жетпегір істей алмай ма, сен үшін шотауат  болып жүр ме ол...


– Ол үшін  емес, міндетім.


– Сөзге ілегіп  жатсаң, міндетің болады... Шашыңды бір талдап жұламын, білдің бе?


Өгей шешесі кемиек аузын қатулана жұмғанда бетіндегі мың торап әжімдері қалыңдап кетті.


– Бұдан былай  күн батқан соң үйден шықпайсың  әне, сол...


          –  Қазір бой күтіп отыратын уақыт па, әже?


–Бой күтпесең, жайыңмен жүр, жігітпен жыртақтамай, қара мынаның өзін! – деп кемпір булығып қалды. – Болмайды, білдің бе...


Бикамал сөз таластырмады, бойы жылынған соң қалғи бастады. Түсінде ағаларын көрді. Соғыс та жоқ.  Қасірет те жоқ күндер екен, үшеуі сырықтай болып қатар түзеп келіп тұр. Қыз қолын жайып ұмтылады, еркелегісі  келеді, қолдары жетпейді, ұмтылған  сайын алыстай түседі. «Бауырларым-ау, келсеңдерші, сағындым ғой!» – дейтін  сияқты. Енді бірде шот қағып отырған Қабиден момын жымиыспен күлімсірейді... Қыз көрген түсінен шаршап оянды, тұратын уақыт болыпты. Үсті-басы ақ қар, көк мұз  бригадир  кірді.


– Асеке, малға беретін шөп бітіп қалыпты, – деді тымағын сілкіп.


– Боран қалай?


– Сол қалпы.


– Иә, жұт жеті ағайынды деген сол, барайық, малды қаратып қоя алмаспыз, – Қария киіне бастады.


– Осылай жұмсап, жетпіске келіп жер таянған Асанның түбіне   жетіңдер, – деді кемпір кейістік білдіріп.


– Қатын, қойсайшы, мен бармағанда кім барады, боран болса мынау, – деді шал.


         –Әке, мен де барам, – деді Бикамал.


– Әй, қыз, шошаңдама, кір жуылған жоқ, үй жиылған жоқ. Мен сорлы, мен қу маңдай салпақтаймын да жүремін, – деді кемпір сарнап.


– Әже, кеш келсем де үй жұмысын үлгеремін ғой, әкемдерге көмектесейін, ауа райы мынау, – деді қыз.


         –Тағы  кеңседегі жұмысың да бар емес пе? – деп кекетті кемпip.


Солтүстіктің бораны бір апта борайтын еді. Қазіргі жұрттың мықтысы Асан және тағы  бес-алты шал, әйелдер мен қыздар. Көбінде жылы киім жоқ, тон мен  қолғапты майдандағы жігіттерге жіберген. «Ел ішіндеміз ғой,  өлмеспіз» дегенімен, суық шыдатар емес. Борап соғып тұрғанда қар басып жатқан шөпті арту бір қиын болса, жолсыздан сүйреп шығару екінші қиыншылық. Арық өгіздер тарта алмай, жатып алады. Тартып шығарған күнде ызғырыққа қарсы қадам баспайды. Осынша бейнетпен әкелген шөп бірер күнде таусылып, күн демей, түн демей, тағы пішендікке аттанады. Қыс бойғы әдет осы.


Асекең өгіздермен қатарласып оппалап келеді. Өгіздер тартпаса, мойынтұрықтан алып өзі сүйреседі.


– Шөпті қыстауға күз тасып алу керек еді, – дейді бригадирге.


– Мұрша болды ма, – дейді анау күйініп.


– Қазір қалай, оңай ма осы? – дейді Асекең. Бригадир теріс айналады. Сөздерін қатты жел естіртпейді. Ақ қарға оранған көліктер қар басқан шананы сүйреп  жылжытады.   Ауылмен екі ара таусылмайтын  жол болып кетеді.


         –Әке,  шананы сүйресуіңді қой, саған қиналуға болмайды, – дейді  Бикамал. Қарт тымақ бауларын қатты тартып байлап алған, ештеңені естімейтін сияқты, тәтті қиялда еді.


«...Соғыс бітіп, балалар аман-есен оралса, келін түсіреді, немере сүйеді. О, шіркін, сол күндерге жетсе...» – деп армандайды.


Асекең ошақ  басына келген соң ғана шаршағанын сезінді. Денесі  салдырап, буындарынан әл кетіп қалған екен. Қара кемпір боран мен бригадирді қарғап, шаңдатып жүр.


Бикамал жуынды, таранды.


– Әже, хат жоқ па?


– Бар, әне, сөреде...


Бикамал хатты ашқаны сол еді, құлағы шыңылдап, буындары қалтырап кетті. Көзінен жасы ыршып кетті.


– Не болды, не? – деп Асекең басын шапшаң көтеріп алғанда үй төңкеріліп бара жатқан...


Қыз еңіреп жылап жіберді... Бұл Әмзеден келген қарақағаз еді. Қарақағаз қара түн болып,  жарықты көрсетпей,  су қараңғы етті. Жап-жас қыздың ағасын келістіріп жоқтағанын да, елдің қайысып көңіл айтқанын да естіген жоқ, бірақ тірі қалды.


Қарақағаз талайды шулатты. Бикамал арманда кеткен бауырын дамылсыз жоқтап, өзі де жылап, жұртты да егілтумен болды. Ауыр күндер оны тез есейтті. Үлкендердей мұңды, парасатты күйге түсті.


         – «Жылау жылауды шақырады» деуші еді. Енді тиыл, шырағым, майданда басқа да бауырларың жүр ғой, солардың тілеуін тілеп, сабыр сақта, – десті жұрт. Хаттар көп. Мынаны Әмзенің достары жазыпты:


         «Әмзе көзсіз ер, қорқуды білмейді. Қолма-қол шайқаста үш фашисті түйреп өлтірді. Бізге ажал сеуіп тұрған жаудың ұясын гранатпен талқандап, шабуылға жол ашты.  Енді бірде...»


         Қарулас жолдастарының хаттарында Әмзенің ерлігі жайлы осылай жалғаса береді. Әмзе тегін өлмеген, ол қас батырша соғысып, қас батырша қаза тапқан. Соғыс кімді сорлатпай жатыр. Тәшібайдан қара қағаз келгенде кәрі шешесі талып қалған. «Алдыңда да, артыңда да жоқ, жалғызым-ау, қайда кеттің?» – деп күн-түн зарлаумен өткен.


         Қыз күрсінді. Тағы да ағаларын ойлады. Төрт ер бала бір үйде өсті. Оқуға зерек, шаруақор еді бәрі. Тетелес кенже ұл  Берген өлең  жазып, ақын болам деп талаптанып жүрген. Он алтыдан он жетіге қарағанда өзі тіленіп майданға кетті. Ұзын бойлы жіңішке бала қонымсыз шинелін сүйретіп кетіп бара жатты. Әлі тіпті нәзік-ақ еді ол. Тете өскендіктен, таласқандары, қағысқандары есіне түседі. Көбіне Бергенді бұл жәбірлеген сияқты. Неге өйттім  екен? Енді, міне, Нұрғалидан да, Бергеннен де хабар жоқ. Неге хат жазбайды?..


Қыз бетін жастыққа басып, үнсіз егілумен болды.


* * *


Қабиден сағатқа қарады. Түн ортасы әлдеқашан ауған. Қалың қырау басқан терезе сыртында боран ұлиды. Кеңсе  суып кеткен. Аласа пешке от жақты. Шаршаған. Кескіні сүзектен тұрғандай. Басы ауырып, кеудесі шаншып кетеді. Көктемде әкесін жерледі. Кәрілікке жеңдіре қоймаған қайратты еді. Өмір бойы еңбек еткен Қарекең алты-ақ күн ауырып, дүние салды. Қиналып, терлеп келіп, сыз жерге жатып ұйықтап кетті де, ауы¬рып тұрыпты. Суық тиді деп бұлауға салды, бақсыға үшкіртті. Бірер күннен соң тілі байланып, у-шусыз о дүниеге аттанып кете барды. Елу жыл отасқан қосағынан айрылу оңай ма, анасы қатты қайғырды. Жас жесірдей аһ ұрып:


– Қареке-ау, мен сорлыны артыңа неге қалдырдың, мына алапат жылда бір-бірімізге сүйеніш болсақ етті ғой. Әскердегі ұлыңды тоспайтын не орның бар еді. Назарың келгенде әкем қайда десе не деймін, асылым-ау! – деп жоқтады.


Назар Ақмолада құрылған атты әскер полкының құрамында майданға аттанған-ды. Харьков түбінде соғысып жатырмыз деген. Содан бері хабарсыз. Балалық  шақта қағысып жүретін тетелес бауырының ыстық еріндерінің табы бетінде тұрғандай. Жап-жас еді, батыр тұлғалы еді. Із-түзсіз жоғалып кетуінің реті жоқ. Ауылдан аттанған отыз шақты баланың хат келіп тұрғандары саусақпен санарлық. Солардың бәрі тірі емес деуге аузың қалай барады? Кеше ғана тай-құлындай тебісіп  ойнап жүрген балалар емес пе еді? Бірге неге кетпедім? Неге отырмын мына суық кеңседе? «Күн-түн шот қағасың, одан не табасың?» – деп қыз-келіншек келеке қылады. Бүйтіп отырғанша, жаумен айқасқаным тәуір еді...


Одан әрі Қабиденнің ойы тұмандана берді. Көктем екен дейді. Әмзе бар, Тәшібай бар, Әпенді бар, көп бала доп қуып жүр. Мұндайда Әпендінің жанжал шығаратын бар. Әпенді дегені жирен фашист болып алыса кетті. Бірде ол көтеріп соғады, бірде бұл. Өлдім-талдым деп әлі құрыған кезде оянып кетсе, таң атыпты, тап жанында Ниетжан тұр. Мұртының сүңгісін ептеп алып былай тастады. Сап-сары тістерінің арасынан шырт түкіріп:


         –Жылдық отшот бітпей жатқанда не ұйқы бұл? Колхоздардың алды тапсырып үлгеріпті. Сенде он екіде бір нұсқа жоқ. Істей алмайтыныңды айтсаң, ортадан бір қой беріп, көршінің шотоуатын жалдаушы едік, – деп насыбайын есікке қарай атып ұрды.


– Бір қойды оған бергенше майдандағы жігіттерге жіберсе болмай ма, – деді Қабиден тақтай ауыртқан шекесін уқалап.


– Олай болса, есеп бір жұмада бітетін болсын, білдің бе? Әйтпесе соғыс уақытының заңымен жазалы боласың! – деді Ниетжан.


– Тырысып көрейін.


Тағы да сол ұйқысыз түндер. Кілтші шал қызарған көзін сүрткілеп, қара тонның қалтасын ақтарды. Дала құдығындай терең қалтаның түбіне қолды бойлатып жіберіп тазалап шықты да, екіншісіне кірісті. Қағаз дегеніңіз үйіліп жатыр. Оның кеңсесі де, сейфі де осы қалталары.


         –Есеп алатын шотауат болмады, жинай бердім, есебін өзің тауып алмасаң... – деп күңкілдеді.


Шам бықсып жанады. Қабиден тұқырып алған. Тықыр естілгендей еді. Қаракөлеңке бөлменің есік жағында Бикамал тұр екен.


– Бикамал, бері кел, қайдан жүрсің? Мен де бара алмай жатырмын, жұмыс мынау, кел бері, кел!


Қыз мұңды жанарын төмен түсіріп, жылап жіберді. Бикамалдың қысып, өріп тастаған   бұрымынан сипап Қабиден: «Жылама, көпшілікке келген қайғы. Әмзе  батырлардың  батыры», –  деді аузына басқа сөз түспей.


         Қыз  тыйылды, күлімсіреді. Күлкісі қандай еді. Тістерi маржандай, қолмен тізгендей әсем екен. Көз шарасына толған мөлдір жас сау етіп төгіліп кетті.


         – Сені Әмзедей көрем, ағамды сағынсам, осында келгім келеді, – деді.


Қабиденнің де көңілі босады.


– Әкел, мен оқып отырайын, сен шотқа қақ, – деп қағаздарды өзіне қарай тартып алды. Жақындағаны сонша, ыстық лебі білінді. Есепшінің маңдайынан шып-шып тер шықты.


         –Күнде келіп көмектесіп тұрайын, саған қиын ғой.


         – Әжең ұрсар.


         –  Ұрса берсін.


Қабиден қызды шығарып салып қайта кіргенде шамның қоңырсыған  иісін жеңіп қыз иісі, көктем иісі білініп тұрды. Жалғызсырап, көңілі құлазып кетті.


Аязды түннің аспанын қалың жұлдыз басқан. Жұлдыздар шырқау биікте қуана жымыңдасып тұрғандай. Көктің секпілді бетін сызып біреуі аға жөнелді. Аққан жұлдыз сорғалап барып, қарлы даланың бір шетіне сіңіп жоғалды. Тұра берсе, тағы біреуі сөйтеді. «Кімнің жұлдызы екен?» Қабиден  үйіне қарай  аяңдады.


– Құлыным-ау, күні бойы дамыл таппайсың, жұрт қатарлы ұйықтасаң етті. Жүзің бозарып кетті ғой. Ағаңнан да хабар жоқ, сен ауырсаң қайтем, – деп шешесі күрк-күрк жөтелді.


Кемпір мұны тосып, ұршық иіріп отырған.  Жөтелден беті күлгін тартып, сарғыш көздерінің төңірегі ісіп кетіпті. Қабиден шешесіне аянышпен қарады.


– Апа, бекер тосасың, ұйықтай берсең етті. Жұмыс көп, жылдық есеп бітпей жатыр ғой.


         –Иә, тірі адамның жұмысы бітппес. Асқар таудай әкең өлді. Ағаң майданда, менің жағдайым мынау, жатып қалам ба деп қорқам. Өлем деп емес, саған қиын болады ғой. Ағаң аман келсе, өз бағы өзімен.


Бұл қозғалмаған тақырып еді. Майшам әлсіреп, сөніп бара жатқан. Қабиден үндей алмады. Кемпір түзеліп барып:


         – Мен бір адамның асылын көріп жүрмін. Алла бізге нәсіп етсе... – деп сөзінің  аяғын бітіре алмай, жөтелі буып кетті. Қабиденнің қаны басына шауып, денесіне тосын діріл пайда болды. Шешесі ентігіп баласы жаққа қарады.


         –Асекеңнің  Бикамалын айтам, бұл ауылда одан артық қыз бар ма? Оның мінезіндей мінез бар ма? Қолы бос уақытта жүгіріп келіп, хал біліп тұрады. Мүгедектігімді көріп, қолынан келген көмегін аямайды. «Әжелеп», іші-бауырыңа кіріп тұрған бір бала. «Қалқатайым, маған бала болсаң қайтеді?» – дегенімде қызарып кетті. Не десін. Солай, шырағым, шүйкебас  жайын ойлайтын уақытың жетті.


         Кемпір тағы сөйлей бастап еді, Қабиден ұйықтаған болып жатып алды. Ұйқы қайдан келсін, көз алдында сұлулықтың сиқыр сәуле шырағы тұрды. Мұның ұғымынша, мына жарық дүниеде одан асқан пенде жоқ. Сөйлесе аузынан лағыл-маржан төгілетіндей еді. «Осы әжем қызық, – деп, көрпені қымтана түсті. – Әмзе дос болған соң, қарындасы маған да қарындас емес пе?».  Түсіне Бикамал кірді. Кең далада қол ұстасып кетіп бара жатыр екен. Бозторғайлар шырылдайды, сағым жөңкиді. Кәдімгі жазғы шуақ. Соғыс та жоқ, қайғы-қасірет те жоқ. Бикамал аппақ тістерін көрсетіп күледі. Жақын келіп, еркелейтін сияқты.


         Шешесінің жөтелгені оятып жіберді. Таң атыпты, үй суып кеткен. Өзі тұрып, от жағайын деп еді, тұтата алмады. Өмірі шаруаға қол тигізбегеніне өкінді, Бикамал есіне түсті. Ол болса ғой, мына отты маздатып жіберер еді.


Отты жаға алмай көп әуреленді. Бір кезде есік ақырын ашылып, қыз кіріп келе жатты. Кірпіктері ақ қырау. Аяз сүйген жүзі албырап тұр екен. Кескінінде күлкі ізі бар. Көздері нұрланып, ақырын езу тартып еді, Қабиденнің маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Терін сүртем деп бетіне күйе жағып алды.


– От тұтанбай... – деді.


– Кәне, маған берші.


Қыз отты әп-сәтте жандырды, сықылықтап күліп жіберді.


– Бетіңе қарашы.


                                                        * * *


Қаңтардың  қақап тұрған кезі, боран. Боран ашылса, үскірік аяз. Қар қалың, жол жоқта басқарма мен есепшіні аудан жиі шақырады. Қабиден өзі үшін де, басқарма үшін де барады. «Ауырып қалды», «Науқаннан босамады» деген жалған  себептермен басқарма үйде қалады.


         –Ат  жүрмей келді, зорға жеттім, дұрысырақ ат бермесеңіз болатын емес, – деді Қабиден соңғы жолы. Ниетжан жалбыр мұртын сипап мекіренді, онысы ұнатпағаны:


– Басқарманың аттары өзімнен артылмайды, мінген атыңнан басқа жылқы жоқ, – деді.


– Ауданға жетіп келе алатын емес, арық, – деді Қабиден.


– Арық болса жаяу бар, сендей жігіттер майданда оқ пен оттың ортасында жүрген жоқ па, – деп Ниетжан шырт түкірді.


Қарсыласуға болмайды, соғыс уақытының заңы солай. Қабиден тағы жолға шықты. Ұзақ жол, артық-кемі жоқ алпыс бес шақырым. Қарлы дала, көз жетпейтін суық кеңістік. Күннің ашық кезі аз, ыңғай жел, айдама. Күн кешкірген, ауыл алыс. Кәрі көк теңселе басып әзер келеді. Қайыс қамшымен жалаңаш сираққа шықпыртса, аздап ұмтылушы еді, енді одан да қалды. Ұра беруге дәті бармайды. Соғыстан бұрынғы жұтынған жүйріктердің  бірі. Қазіргі күйі мынау.


– Шөпке тоймайды, сұлы жоқ, мініс өтіп кетті, – деп еді, басқарма сұрланып:


– Атты мінген сен, күтпей жүдеткен сен, өлсе жауапқа тартыласың, халықтың жауы ғана қоғамдық малға осылай қарайды, – деді.


– Алпыс бес шақырымға күнара айдай берсе өлмегенде қайтеді, – деді Қабиден.


– Сен ауданның шақырғанынан бас тартқың келе ме, понимаешь! – деп басқарма быртық саусағымен үстелді нұқып қалады. Қабиден тұрып жүре береді.


Содан ауданға барып, қайтып келе жатқан беті. Барарда бүлкектеп отырған көктің халі әбден бітті. Ыққа қаратты да, соңғы бір қысым шөпті алып, аузына тосты. Қыраулы кірпіктерінің астынан аттың қап-қара көздері  жалынышпен қарайды. Шөпті шайнаған сайын көз қалтасы лықсып шығып тұр.


– Же, жануар, нәр болар ма екен?


Қыстың қысқа күні тез кешкіріп, күн бата боран көтерілді. Ат басын төмен жіберіп, аяндап келеді. Жүрісі өнетін емес. Бұған да шүкірлік. Қабиден енді жаяулады. Әрі атқа жеңіл, әрі денесі жылынады. Боран үдей соқты. Ат жиі пысқырынады. Қабиден сырт киімін тастап, қатарласа жүріп демеп келеді. Осылай жүре берсе адамдар тұрағына жетіп жығылар еді. Ат та аппақ, дала да аппақ, көп мінілген кәрі ат теңселіп, соныға түседі де, малтығып қайта шығады. Қазір енді желдің қай тұстан соғып тұрғанын да, жолдың қайда апара жатқанын да аңғарып болмайды. Ат тоқтамаса, өзі адаспаса екен – бар тілегі осы.


Көк ат тоқтады, құлақтарын алға тікті. «Жылқы қараңғыда бүтін бидайды, қасқыр жарты бидайды көреді» дейтін еді, не көрді бұл? Қабиден қайратын жұмсап, айғайлап еді, даусын боран жұлып әкетті.   Оңнан да, солдан да қасқырлар ұмтылып келе   жатқан сияқты. Қайсысы бұрын ауыз салса   сілтеп   жіберуге айырды ыңғайлап алды. Түннің қаншасы   өткенін   кім білсін?! Жануар соңғы күшін сарқып теңселе басады. Бір кезде қабыскан бүйірлерін соғып, тұрып алды. Көмейі қырылдап, пысқырынады. Қабиден атты ықтап тұр. Тер құйылған көзін жеңімен сүртті. Шанада шалдырар ештеңе жоқ, қайта қозғалды. Осы әуремен   көп уақыт өткен сияқты. Бір кезде алдан қара көрінді.  Жайылған мал ма, ығы-жығы бірдеңелер. Шілік қой. Түні бойы сегіз-ақ шақырым жол жүріпті.   Ат   ыққа   келіп тоқтады. Буындары дірілдеп, құлап түсуге жақын. Жылқы жан тапсырарда ғана жығылады.   Жығылмас   үшін күшін жинап, төрт тағандап алған. Мұз болып қатқан шіліктің ұлпасын сындырып аузына тосты. Ат ерні жыбырлап шайнаған болды. «Жә, жануар, өлме!» – деді көздерін уқалап.


Жегіннен ағытып, жүгенін сыпырғанда адамның азабынан ақтық рет азат болып, қар үстінде қалтиып тұр еді. Бір кезде тұмсығын соза беріп жерге тіреді де, арса-арса болған денесін солқ еткізіп тастап жіберді. Қабиденнің әлі құрып, отыра кетті. Ұйқы жеңіп бара жатыр еді, жап-жақыннан қасқырлар ұлып қоя бергені. Ұзын саны тіптен көп сияқты. «Қасқырдың ұлығаны жеймін дегені, бірақ батылының жетпегені» деп үлкендер айтатын. «Қасқыр ұлыса малға шаппайды, тыныш ұйықтай беруге болады» дейтін. Бірақ мұндайда ұйқы қайдан келсін. Боран талдардың басын сілкіп, зу-зу еткізеді. Желдің ызыңы таусылмайтын азалы күй сияқты. Қабиденнің үстін қар басып барады. Қар астында адам тоңбайды деуші еді, күртікке кіріп кетсе қайтер еді?


Көк ат  жануар құлын күніндегісіндей көсіліп жатыр. Азап біткеннен біржола құтылған. Ашылып қалған аузынан сап-сары тіс қаңқасы көрінеді. ІІІыныдай жылтыраған өлі көзіне қар қонақтапты. «Қасқырлар өлімтікті жеп кетсе, Ниетжан тірі   атты   жегіздің   деуі де мүмкін-ау?!.  Акт  жасау  керек  шығар»  деп  шананы үстін төңкеріп, жауып тастады.   Денесін   суық алып бара жатқан соң, күртікті үңгіп кірді. Қар астында жылынып, қалғи бастады. Әлгінде лай   аспанның сәулесі түсіп тұрған кішкене тесік те бітелді. Сыртқы шу азайып, рахат тыныштық орнағандай. Түсіне өзі оқыған мектебі, мұғалімнің саңқылдап   сөйлегені ап-анық естілетін сияқты. Енді бірде   көк майса көшемен тұлымы желкілдеп Бикамал жүгіріп өтті. «Бикаш, Бикаш,.. тоқташы, бір ауыз сөзім бар,   тоқташы!» – деп қол соза ұмтылады. Ұмтыла беріп,  құлап түседі. Тырбанады, тұ¬ра алмайды. Әкесі келіп тұр. Дағдысынша боз күпісін киіп, белін қынай буыпты. Шоқша сақалын сипап: «Балам, көрешегің әлі алда ғой, азабың аз болмас», – дейді. Енді бірде түн екен. Қасқыр біткен ортаға алыпты. Ауыл иттерінше  абалап,  жармасып  жатыр.   Бірі  қолынан, бірі   аяғынан   тартқылайды.   Саусағын   жұлып әкеткен бе, қан саулап тұр. Айғайлап, өз  даусынан шошып  оянды. Қолы ұйып  қалған екен. Күртікті көтеріп, орнынан  тұрды. Даланы қалың   қар   жапқан. Шіліктердің ұлпа бастары ғана қылтияды...    Шоқталып қарауытып тұр. Аяз сұмдық қатайыпты, күн шығып келеді  екен. Қызғылт сәулесі қар бетіне көлбей жатыпты. Шілік іргесінде секіріп ойнаған шаңытты алтынның ұнтағындай жалт-жұлт еткізеді. Көк аттың өлімтігін  қар басыпты. Шананың темір табандары күнге шағылады. Қабиден қолына таяқ алып, сумаңдап сырғыған  жаяу борасынға ілесіп жүріп кетті.


 


                                               ***


Ауылда елеулі жаңалық болды. Қан майданның қызған кезінде соғыстан жараланып Әпенді келді. «Әпенді келді!» – дегенде аспаннан тірі періште түскендей ауылдың  кәрі-жасы лап қойды. Тырысқақ сары кемпірдің қолы ашылып, құрт-майын төгіп-ақ тастағаны. Әпенді қызыл әскер шлемін шалқайта киіп, келгендердің беделдісіне сәлемді тұрып беріп, кедейлеу, «нашарлау» жағы болса, жай ғана иек қағып, қыз-келіншектерді қыса құшақтап бетінен сүйіп, жас қораздай паңданып отыр. Әпендіні көргенде Бикен  қара көзінен ыстық жасты төгіп жібергені.


– Бауырларын сағынған ғой, – деп әйелдер көздерін сүрткілейді.


– Менің ағаларымды көрдің бе? – деп сұрады қыз.


– Әмземен соғысқа бірге бардым, кейін айырып жіберді. Meн минометшімін, ол жаяу әскер, қолында винтовкесі, «айт-два, айт-два» деп жүргендері, – деді Әпенді сықылықтай күліп. Бикамал намыстанды. «Өзін зор санап, басқаны қор санаған ыбылыс малғұнмен бірдей  деуші еді, қара мұны...»


Әпенді өзінің соғыста көрсеткен ерлігі жайлы еселеп соғып отыр. Шылымды қайта-қайта бұрқыратып, үй ішінде қалқып жүрген көк түтінді қолымен жайқап қойып:


– Соғыста аңғал әрі қорқақ адам ғана өледі. Бірде миналарды жауға топырлатып атып жаттым. Енді қарасам, немістің бір танкісі жақындап қалыпты. Стволы маған төніп келеді екен. Мұндайда қорқақ адам тұра қашады да, оққа ұшады. Мен үйте қоятын жігітпін бе, минометтің көмейіне минаны тастап жіберіп, тарта қойдым. Әлгі аждаһа лаулап жүре бергені. «Мәледес Қасқабаев!» – деп командирім арқадан қақты, – деді.


Бикамал қаһарлы кескінмен карады.


– Сонда сен ер болып елге келіп, өзге жұрт ез болып онда қалды ма? Сен Әпен, менің ағаларым Әмзеден, Нұрғалидан, Бергеннен артықпысың? Қашан сен олардан артық болып едің? Мақтаншақ әрі қорқақ мына сенсің! –деп шығып кетті. Әпенді ілесе шығып:


– Әй, қыз, тұра тұршы, титтей кідірші, апырай, ашуын-ай, Хазретғалимен белдескен Дариғаның ашуындай  бар екен! – деп сықылықтай күліп, білегінен ұстай алды.


– Жібер!


– Артық кетсем, кешу ет, екеуміздің араздасатын орнымыз жоқ, мен сені жақсы көрем. Соғыста жүріп хат жаздым ғой, алған шығарсың?


– Жібер!


– Жібермесем қайтесің?


Әпенді қызды өзіне қарай тартып еді, анау сілкіп тастады.


Жігіт жалаң бас, күртешең қалпы қар үстінде тұр. Көкжиектің қызғылт ернеуінен асып, күн ұясына батты. Күйік шалғандай қара ала бұлттар қаптап, тұтасып келеді екен. Қардың ұшқындары секіре ойнап, жаяу борасын жылжып жүре берді.


Бикамал үйге еңсесі түсіп келді. Жылаудан көздері ісіп кеткен еді. Шаруасын жайғап тастап, ертерек жатып қалды. Түсінде бауырларын көрді. Әмзе дию-перідей жаумен жағаласып жүр екен. Бірде анау жығып, бірде бұл жығып арпалысып жатқанда, Әпенді сықылықтап күліп тұр.


– Әпенді-ау, бауырым-ау, жәрдемдессейші, ағамды өлтіреді ғой! – деп дауыстады. Даусы шықпайды. Әпенді сол қалпы мәз-мейрам. Бикамал бар қайратын жұмсап, жауды жағадан алып, жерге  ұрған екен дейді. Әмзе қарындасына құшағын жайып ұмтыла бергенде оянып кеткені. Таң атыпты, оянғанына қынжылып көп жатты... «Жау жеңіліп, жігіттер аман келеді екен», – деп жорыды.


– Әй, қыз, осы сенің ұйқың-ай, ел көшіп жатса білмейсің. Қабиден далаға қонып, үсініп келіпті. Көкат қарашілікте арам қатыпты, – деді шешесі самбырлап. Бикамал шапшаң киініп, далаға шықты. Үскірік соғып тұр екен, бет қаратпайды. Қаңтардың ызғырығына қарсы сүрініп-қабынып, жете алмай келеді.


Қабиден жылы пештің қасында шалқасынан жатыр. Ісінген көздері тарс жұмулы, екі беті көкнәрдің гүліндей қып-қызыл екен. Бикамалдың атын атағандай болып еді. Қыз жақындап, маңдайына қолын апарды, күйіп тұр.


– Қабиден, не болды, естимісің?


Кеудесі көріктей желпінеді.  Кешкілік дәрігер шақыртты. Тыңдап көріп, қызуын өлшеп, бас шайқады да, ол дәрілер берді. Қайсысын қалай ішетінін айтты.


– Бикамал, құлыным, сен түсініп алшы! – деп жалынып жатыр Қабиденнің шешесі.


– Жігіттің науқасы ауыр, екі өкпесі бірдей қабынған. Ұзақ емделу керек. Сауығу жағдайы күш-қайратына байланысты, – деді дәрігер.


Есін жиғанда Қабиден қызды көрді де, қалың ұйқыдан оянғандай есеңгіреп, оның қолын бетіне басты. Аппақ саусақтарының арасынан қарағайдың шайырындай мөлдір жас шып-шып шығып, домалап кетті. Қыздың көзі де жасаурады.


– Қабиден, сен налыма, жаныңда мен бармын, – деді. Ауру күлімсіреді. Суалған  жағына майда түк өсіпті.


Қабиден көктемге қарай ғана басын көтерді. Кеудеде ауыр жөтел. Қызылы кеткен дене сырықтай ұзаған,   шыбықтай   шайқалады.   Жұмыстан   соң   қыз келді.


– Бикамал, бауырым, айналайын!.. – деді Қабиден. Мұндайда кейістігі тарқап, көңіл шіркін бір демделіп қалатын. Қыздың ерке назды күлкісі науқасына дәріден де шипалы.


– Сені көрсем, сауығып кеткендей болам, – деді ол,


Қыз күлді де:


– Сауығатын болсаң, келе берейін, – деді.


– Сүйтші, келе берші, – деді Қабиден жөтелге булығып.


Бірде қыз Қабидендікінен кеш шықты да, ақырын  басып келе жатты. Түн қараңғы болатын. Бұрылыста біреу ұстай алды. Қыз дауыстап жібере жаздап, Әпендіні көріп тоқтады.


– Әпен, сенбісің, не болды?


– Ештеңе... Сенде сөзім бар.


Әпенді белінен құшақтап, өзіне қарай тартып барады. Лебінен арақ иісі мүңкіп тұр.


– Мен сені жақсы көрем, қосылайық, келіссең,  құда жіберейін.


– Ағаларым келмей, күйеуге шықпаймын.


– Шықпайсың. Шықпайтын болсаң, Қарабайдың тесік өкпе баласына неге барасың? Ол кім, мен кім, қара¬шы өзің. Мен пронтта жауды жапырған батырмын, күш-қуатым мынау, кімнен кеммін?


– Ешкімнен де кем емессің, бірақ мен сені сүймеймін.


– Сүйгенің сонау құрт ауру Қабиден бе?


– Сен оның тырнағына  да татымайсың.


– Рас па?


– Рас.


– Ендеше, өкпелеме, сен қызбен  ісім болсын.


– Мейлің, ісің  білсін.


Түн  ішінде ұйқыға  бөленіп ауыл жатыр. Қараңғы аспанда қап-қара бұлттар түксиіп тұр. Бұлт саңылауларынан жылтылдап жұлдыздар көрінеді. Бикамал ауыр күрсініп алды.


 


* * *


Көктем келді. 1944 жылдың көктемі. Қабиден кеңсе терезесінен далаға қарады. Қаққан қазық өсетін құтты мекен, бәз-баяғысынша бейқам. «Шіркін, сонау жондарды жыртып бидай ексе, жайқалып шығар еді-ау. Тың жыртатын күш қайда? Көлік күйсіз, адамдар аз», – деді жөтеліп қойып. Қыс бойы ешкімнің қолы тимеген есеп-қисапты дұрыстау оңайға соқпады. Әйтеуір, Бикамал жәрдемдесіп, жөнге келтірген болды. Кейін қызды шешесі шығармай қойды. Енді ол Бикамалды ойлап, мұңайып отыр еді. Үйге Әпенді сөйлей кірді.


– Ой, Қабиден, сен жалғызсың ғой, жаныңдағың қайда, немене, жібермей қойды ма? – деп сайқымазақ күлкіге басты. Мейлі, өзгені ойламас үшін Әпендінің келгені де жөн болды.


         –Жоғары шық, Әпен, сөйлесейік, балалық шағымызды есімізге түсірейік, – деді.


– Қайбір оңған балалық шағымыз болды, бәрі бейнет. Сонан соң соғыс көз аштырмады, мінекей, тағы повеска, – деді Әпенді мұңайып.


– Жұрт қатарлы майданға барып, жаумен жағаласқан үлкен арман ғой. Сенің орныңда мен болсам, қуана аттанар едім, – деді Қабиден. Әпендінің жалқаяқ сары кескіні сұрланып, күлгін дақтар білінді.


– Соғыс саған ойыншық, мен бастан кешкен адаммын, енді барсам, тірі келмейтін шығармын, – деді.


– Қой, олай деме, соғысқа өлу үшін емес, жеңу үшін барады ғой, – деді Қабиден.


– Белгілі қызыл сөз, – деп Әпенді теріс айналды. Сырттан бастықтың әбігер даусы естілді де, домалаңдап өзі де кіріп келді.


– Әпенді, бері жүр!


Екеуі кабинетке өтті. Шала жабылған есіктен дауыстары естіліп тұр.


– Нәке, құлдығың болайын, осы жолы да алып қалшы, заппермелерге бронь береді ғой.


– Қазір броньдардың бәрі сыпырылып жатыр, сен болсаң жараланып демалысқа жіберілген пронтовиксің, реті келер ме екен?


– Апырай, бірдеңе етіп... Керек десе, құлынды бие мен сиырды да... – деген Әпендінің даусы сыбырға ауысты.


Әпенді бәрібір соғысқа баратын болды. Жүретін күні Асекеңдікіне келді. Кемпір жалғыз екен. Соқпа пештің алдында ұршық иіріп отырған.


– Соғысқа жүрейін деп жатырмын, әже, үлкен үйден бір үзім нан жеп кетейін, дәмімді үйден жазар ма екен деп келдім, – деді. Жайшылықта   қақаңдаған   кемпір көзіне жас алып:


– Алда, шырағым-ай, қайтсын енді, – деп құрт-майын жайып салды, – Әлгі қызы құрғыр да үйде тұрмайды, шәй қоятын.


– Әже-ай, оның жақсы аты шықпай жүр ғой, Қабиденмен шатасып кете ме деп қорқам. Дәрігер құрт ауру деп тауыпты. Барғыштай берсе, бір пәлені жұқтырып алады ғой. Түбіміз бірге болғандықтан жаным ашығаннан айтам, көз болатын мен де кетіп барам, – деді. Кемпір мекіреніп, жаулықты басын изеді.


Әпенді аттанарда бетін жас жуып, өксіп жүріп үлкенмен де, кішімен де ұзақ-ұзақ қоштасты. «Болса да лақтырып кетемін», – деп, үйдегі ескі-құсқы киімдерін киіп, бейшара қалыпқа түсіпті.


– Бауырлар, көріскенше күн жақсы, – дегенде Би-камал еңіреп жылап жіберді. Опат болған Әмзе де, хабар-ошарсыз кеткен Нұрғали мен Берген де осылай үлкен үмітпен аттанған-ды. Әпендінің де туған елмен соңғы рет қоштасып тұрмағанына кім кепіл.


– Әпен, хат жазып тұр.


– Жазам.


Солдат сағымға оранып көрінбей кеткенше қарап тұр еді, Қабиден қолтығынан алды. Оның да кескіні мұңды.


– Енді, міне, Әпен де жоқ, – деді күрсініп. – Құлын-тайдай тебісіп бірге өсіп едік.


– Қабиден, жүрші, сіздікіне барып отырып қайтайын, кеудем мұңға толып кетті ғой, – деді қыз.


– Бикамал, серпіліп, Әсеттің бір әнін шырқап жіберші! – деді Қабиден. Өзі де еңсесін көтере, қызға жақындай отырды. Саусақтар перне бойымен жасқана  жылжып,кәдімгі Әсеттің әні:


Қозы Көрпеш – Баяндай


Бір молада өлсем-ау, –


мұңды арманмен сызыла шықты. Қыздың кескіні қып-қызыл болып, көздері жасаурап отырып, домбыра сазына қосылды. Ән адам айтқысыз нәзік те әсерлі әуенмен өрлей берді. Бикамал жиі айтатын осынау әйгілі әнді кейбіреулер «Әсеттің әні» деуден гөрі «Бикамалдың әні» дегенді ұнататын. Қабиден күлімдей отырып, күрсініп тыңдайтын еді. Әннің екінші шумағы басталғанда қоңыр үнмен қосыла кетті де, «Әсеттің әні» шым  үйге симай, кең далаға ақтарылды. Шешесі келіп, бұларға қызыға қарап тұрып қалды.


                                               * * *


Жаз өтіп, күзгі жылы  жаңбырдан соң дала қайтадан көктеп, жасқылт тартты. Аз ғана ауылдың егіні өнімді болып, жау шегініп бара жатқан кез. Халықтың көңілі көтеріңкі: жарқын үнмен сөйлесіп, шат күлкілері қайтып оралулы еді. Ауыл мейрамға  дайындалып жатқан. Мейрамға төрт күн қалғанда Қабиден мен Бикамалдың тойы болды. Ақтық сыр алысқанда Қабиден:


– Мен... сені... Бикамал... сені... жақсы көремін. Бірақ, бірақ... Мынандай ауру күйіммен сені қор қылғым келмейді, бауырым, айналайын, кешу ет! – деп сұрланып отырып қалды.


– Жо-жоқ, сен олай деме, сен сауығасың, сөзсіз сауығасың, мен сенімен бірге боламын! – деді қыз егіле.


Мұны естігенде Асан отағасы өзінің қашанғы сабырлы қалпын бұзбай ұзақ ойлап алып:


– Олай болса, лажым жоқ. Рұқсатымды берем, бақытты болсын! –деді. Керісінше, кертік мұрын сұр кемпір жаулығын қисайтып шыға келді.


– Қарабайдың ауру баласына қыз бермеймін, тақыр кедей, жол-жора қылатын халдері жоқ, – деді.


– Қызың келісіп қойған соң... – деді Асекең.


– Әзәзіл сөз шайтанды да бұзады. Азғырған соң ақылы жоқ қыз көніп қалып отыр. Мен рұқсатымды бермесем, қалай барар екен, кәне, көрейін, – деді беті шаңытып. – Мың сом берсін.


– Ондай қаражат қайдан келсін, соғыс уақыты емес пе?


– Соғыс уақыты болса, шошаңдамай үйде отырсын. Ағалары келген соң барсын байына! – деді кемпір титтей жұдырығымен еденді түйгіштеп. Асекең сирек ашуланатын, ашуланса морт кететін.


– Ей, шайтанның қуыршағы, шырылдай беруіңді тоқтат! – деп гүж ете түсті. – Істің байыбына бару керек. Бала тұрмыс құрғысы келген екен, барсын. Алдынан жарылқасын!


Кішкене кемпір дауыс салып:


– Мен қақбастың баласыздығымды бетіме басып  отырсың. Өгей көрмесең, бір қыздың билігін беретін едің ғой. Құдай жалғыз, мен жалғыз! –деп үсті-басын жұлып тастады. Оңашада абысын-ажын келіп, кемпірге ақылдарын айтты:


– Қызың үйде, қылығы түзде, Қарабайдікіне не  мәнмен барам деп асығып отырғанын қайдан білесің? Сөзді қой, тойыңды жаса! – деп тілге ұста ер абысыны  кесіп айтты.


 


                                               ***


Жеңістен кейінгі жыл болатын. Қызыл шолақ өгіз күш түскеннен көздерін алайтып, ентігіп тұр. Аз дамылдайды да, қайтадан шіренеді. Шіренгенде арық аяқтарының сіңірлері тартылып, тілерсек  буыны тайып кете жаздайды. Шананың темір табандары қара жерді қауып, жыртып келеді. Алғашқы қарда сөйтеді. Оның үстіне күн де жылынып, таңертеңгі жапалақтап жауған қар енді сіркіреп жауынға айналды.


– Мен шананы демей берейін, сен өгізді айда, – деп дауыстады Қабиден.


– Ал, кәне!


Белін шарт буып алған Бикамал әрі өгізді айдап, әрі жетектеп, сүйресіп келеді. Жануардың халі әбден біткен болу керек, бір кезде қоналқаға келгендей тізесін бүгіп жата кеткені. Соқта қардың үстіне жантая түсіп, танауын көтеріп ыңырсыды, «енді тұрмаймын» дегені. Қара малдың халі біткенде аяқтарын қаз бастырудың өзі қиын.


– Тынықса тұрар, – деп Бикамал шанадағы шөпті ықтады. – Кел отыра тұрайық.


Шекпен бүркеніп, екеуі біраз отырды. Осылай отыра бермек еді, қарлы жаңбыр төпеп, су мойындарынан саулады. Өгіз көксоқтада бауырынан батып жатыр.


– Бұл қалпы өледі ғой, тұрғызайық.


Өгіз қайдан қозғалсын, дәрменсіздікпен ыңырсыды да тынды. Қабиден мойынтұрықты алып тастағанда азаттықты сезіп, екі-үш ұмтылды.


– Сен жібінен тарт, мен құйрығынан демейін, әуп-әуп.


Өгіздің тұратын ниеті жоқ. Алдына шөп тосты. Оттамады.


         –Қап, мынасы қиын болды-ау! – деді Бикамал кейіп.


– Қайтер дейсің, тұрар, –  деп күңкілдеді анау. Аспан сұп-сұр, сұп-суық. Жел   бағытын   біртіндеп өзгертіп, терістікке қарай бұрылды да, қақап кетті. Әлгінде ғана сырт-сырт тамып тұрған жауын қайтадан қиыршық қарға айналды, өгіз ыңыранды.


«Зорықтырып өлтірдіңдер» деп басқарма тағы мойнына қойса қайтпек? Ана жолы  да өлген атты төлеткен  осы Ниетжан. «Апырай-ә, ажалды көлік Қабиденге кездесе беретін болғаны ма? Тәшібайдың шешесі Күлзейнеп кемпір үшін  ғой бәрі. Байғұс, жалғыз баласы майданда опат болып, зар жылап отырғанда «көмектесеміз, жүдетпейміз» деп алдымен айтқан осы Қабиден еді. Алғашқы жылдары Ниетжан да осы пікірде болған. Жылдар өте соғыс бітіп, ыстық-суығы азая келе, жетім кемпірдің мұң-мұқтажына бастық болып мән беруді қойған. Кемпір шұбар сиырды жегіп алып, шырпы тасыды, шөп жинады. Кішкене шым үйдің мұржасынан түтін шығып жатқанын қуаныш көрді. Соңғы кезде көзі қарауытады, жүрек шаншиды, демікпе бар.


– Қарағым Ниетжан, шөбімді тасытып берсең екен. Мал қолға қарап, шулап тұр, – деп босаға жаққа ыңқ етіп отыра кетті. Ниетжан тышқан көздерімен сығырая қарап:


– Сен кемпір басты қатырма, колхоздың шөбін тартайын ба, сенің шөбіңді тартайын ба, подумаешь, жұрт жанталасып жатса... – деп шырт түкірді.


– Қарағым-ау, малым шулап...


– Мал саған неге керек, зейнетақың жетпей жатыр ма, қарақан  басың отырып.


– Әй, бұл «балаң өлді» дегенің бе, өзің өл, өз балаң өлсін, маған дегенің өзіңе болсын, өл де маған! – деп кеңсені басына көтере дауыс салсын келіп. Ниетжан шыға жөнелді. Бөлмеде шот қағып отырған Қабиден аппақ қудай болып орнынан тұрды да, кемпірді құшақтап:


– Әжеке, сабыр етші, Ниетжанға несіне жалынасың, мына біз бар емеспіз бе? Жарасы қайта асқынып, жарамсыз болып Әпенді де қайтып келді. Келе бригаданы қабылдап алды. Ол да көмектесер. Кеше Тәшібаймен бірге ойнаған балалар емес пе едік, сізді жүдетпеспіз, әне, Бикамал да келеді, – деді.


– Не болды, әже?


Кемпір кішкене кеңсені басына көтеріп, Тәшібайын жоқтап зар қақты. Бикамал:


– Әже, сабыр етіңіз, ешкім бармаса Қабиден екеуміз-ақ бір шана шөпті жеткіземіз. Сай-сүйегімізді сырқыраттыңыз ғой, – деп қосыла жылады.


– Құлыным-ау, сен қалай барасың, аяғың ауыр ғой, – деп кемпір оның маңдайынан сүйді.


Әпенді үйінде шәй ішіп, тершіп отырған. Шикіл сары кескіні қып-қызыл болып, ботқабеттеніп кетіпті. Жастықты шынтақтап, сұлай жатып, Ниетжанға еліктей мұрын бір тартып, соның мақамына салып:


– Бұл не жүріс? – деп күңк ете түсті. Бала кескінді шотмаңдай қара келіншегі «шайға отыр» деген болып жатыр. Қабиден келген жайын айтты.


– Көлік жоқ, өгіздерді мініп кетті. Кемпірдің шұбар сиыры бар емес пе, сонымен барыңдар, – деді.


– Әпен, сен бұл сөзді қой, Тәшібайдың шешесі болған соң, бәрімізге шеше емес пе?  Кеше Тәшібаймен тай-құлындай тебісіп өсіп едік қой. Көлік те тап, өзің де бірге жүр, шөбін тасып берейік, – деді Қабиден жеткізе айттым деп.


Әпенді жылқының тісіндей сап-сары тістерін көрсетіп оқырана күліп:


– Кемпір үшін  салпақтайтын адамды тапқан  екенсің, – деді.


         Қабиденді ашу қысып, дастарқанын басына жапқысы келді де, одан түсер пайданың жоғын көріп, әдіске көшті.


– Әй, Әпен, сен өзің де кеше соғыста болдың ғой, бақытың бар екен, жараланып аман келдің. Егер Тәшібайға ұқсап мерт кетсең, аңырап анаң қалса, оған жұрт сенің айтқаныңды айтса, жақсы болар ма еді? – деп еді:


– Құдай сақтады ғой, тірі   келдік,  әйтеуір, – деп Әпенді көңілі босап, көзіне жас алды.


         – Ал сенің    әскер   отбасына    көмектеспегенің  лайық па?


– Рас,  лайық емес қой. Қорада арық  өгіздер қалып еді, ұнатқаныңды алшы.


– Өзің ше?


– Бара алмаймын, маған қол жұмысын істе деп отырған жоқ, өзім жаралымын.


– Осыңа да рақмет! – деп Қабиден шығып кетіп еді. Міне, сол қызыл шолақ, колхоздың жүгін соғыс уақытынан бері сүйреп келе жатқан майталман жануардың жеткен жері осы болды.


– Тұр енді, тұр! – деп жалынды Бикамал. Мүйіз жібінен қанша тартса да, сіресіп жатыр.


– Енді қайттік?


Қабиден өгіздің шолақ құйрығынан алып, екінші қолымен қамшыны үйіріп айқайлап еді, соны тосып жатқандай ұмтылып тұрып кеткені.


– Қайта жегеміз бе?


– Жо-жоқ,   пәлесінен аулақ, қорасына жеткізейік.


– Шөпті қайтеміз?


– Өзіміздің ала сиыр мен кемпірдің шұбар сиырын пap жегіп, артып әкетейік, – деп  Қабиден жөні түзу ақылға келді.


                                               * * *


Жолаушылар ауылға жеті түнде жетіп еді. Алғаш қалың күртіктен басқа ештеңені көре алмады. Сымы салбырап бағаналар тұрды қарауытып. Көше жобасын осы бағаналар арқылы ғана аңғаруға болатындай.


Қараңғыда жылы үйге келіп жайғасты да, ертеңінде колхоздың әрі шағын, әрі лас кеңсесіне кіріп, Ниетжанға сәлем берісті. Бірі орыс, бірі қазақ. Бірі псковтық, екіншісі өзіміздің Мақұл, сып-сыпайы болып басқарманың алдында отырды. Ниетжан әукесін үстелге тақап алып:


– Мынау Мақұл біледі, – деп сөзді растата сөйледі. – Небары қырық шақты үйміз, мың жарым гектардай егістігіміз, төрт трактор, бірнеше пар өгізіміз бар. Жұмыс қолы өте аз, – деп ежелден қанына сіңген әдеті бойынша бар жетіспеушілікті жайып салып, жыланып отыр. – Тың көтер дейді, немен көтереміз, тракторлар ескі, өгіздер арық, жер жаралғалы түрен тимеген шиырға әліміз келе ме?


Ниетжан насыбайын атып, көнтек ернін жалап алды.


– Сендер біздің колхозға түпкілікті келдіңдер ме, әлде уақытша ма?


Мақұл теңселе түсіп:


– Айналып келгенде, түпкілікті жіберді. Тракторлар, құрал-саймандар жеткізіледі, – деді.


– Бәрекелді, мықты колхоз   боламыз   онда, – деп қуанды басқарма.


– Колхоз  емес,  совхоз   боламыз.   «Баянның»  екінші бөлімшесі.


Басқарманың кескіні көгеріңкіреп:


– Колхозшылар көпшілігінің  еркінде   шығар  кім болатындары, – деді. Мақұл:


– Колхозшылар да кет әрі емес, – деп күлген болды. Тізерлесе отырған жалпақ жирен Сергей қып-қызыл  сақалын сипап:


– «Баянға» бөлімше болып, карта бетіне түсіп те қалыпсыңдар, – деді болашақ совхоздың жобасын жайып салып. – Miнe, мынау сіздердің орталықтарыңыз.


Мақұл қалтасынан бұйрықты алып, ұсына берді. Басқарма әйелдің саусақтарындай жұп-жұмсақ саусақтарымен қағазды қыса ұстап, кетік мұртына тақап, «Сақтағанов Мақұл – бөлімше механигі, Власов Сергей – агрономы болып тағайындалды» дегенді дауыстап оқыды.


– Міне, қызық! – деді ол ернін тістелеп. – Көпшілік жиналысы жоқ, келісім жоқ, тағайындай салған, ә?


– Үлкен бастықтар келген соң, бәрі болады. Ал біз көктем егісіне дайындала береміз, – деді Сергей.


         –Тракторлар МТС-та, тұқым дейтін қанша тұқым бар, ВИМ-нен өткізіп, үйіп қойғанбыз, өгіздердің мойнын босатып, күтімге алдым, – деді басқарма қойын кітапшасын парақтап. Осы бір жаттанды мәліметті кім келсе де жайып салып отырғаны.


– Біз тракторларды, саймандарды әкеп қатарға қою үшін  МТС-қа кетеміз, айналып келгенде сол дұрыс бо¬лады, – деді Мақұл. Сергей басына құлақшынын тастай салып:


– Электр станциясы неге істемейді? – деп сұрады.


– Күзден бері адыра қалды, генераторы  жарамсыз, моторы сынық, – деді басқарма   күрсініп. Мақұл түсіндіріп жатыр.


         –Қазір тың игеріліп жатыр. Біздің даламызда ондаған жаңа совхоздар құрылады. Мыңдаған жастар келеді. Сол жастардың бірі – мына Сергей. Жер-жерден жұрт тың игеруге тілек білдіруде, соның бірі өзім. МТС-тағы жиналыста тракторшы болуды қалап едім, айналып келгенде механик етіп жіберді. Біздің осы жаңа совхозымыз «Баянның» өзінен ғана қырық мың гектар тың  жырту жоспарланып отыр.


– Апыр-ай,  мынау ақылға сыймайтын іс екен, – деп Ниетжан мұрнын тыржита бір тартты.


Жігіттер колхоздың  қуыс-қуысын аралап, не бар, не жоғын көріп, еңбекшілермен  сөйлесе келе істі шеберханадан бастады. Электр станциясын жөндеуге бірнеше күн кетті. Жетпейтін бөлшектерді тауып әкелуге МТС-қа шапты. Түнде боранда қалып, адасып  та жүрді. Күндер сұмдық суық болып тұрған. Оған қарауға уақыт бар ма? Қар белдеулеп тастаған бағаналардың ұшар басында аяқтарына киген темірмен жабысып отырған Сергей мен Мақұл қолдарын үрлейді. Төменнен:


– Уай, бұларың не? – деген басқарманың қарлығыңқы даусы естілді. Ниетжан өзінің үкіштей шанасында кіп-кішкентай болып, тонға оранып отыр. Жел бағананы түбінен морт үзіп кететіндей долдана соғады.


– Ештеңе емес, жарық жолын жөндеу ғой, – дейді Мақұл.


– Жөндеу ғой, – деп кекетті бастық. – Жөндеудің де жөндеуі бар. Мұны МТС-тың мықты мамандары да жөндей алмаған, аудандағылар қалпына келтіруге мың жарым сұраған. Колхоздың тиын-тебенін далаға тастай алмай жүрмін бе? Сендерге істей қой деп қашан айттым, тағы ақша сұрап алақандарыңды жаясыңдар, ә? Жо-жоқ, менен текке ақша ала алмайсыңдар, әуре болмаңдар, қолдарыңнан келмейді, оллаҺи, келмейді, білдіңдер  ме?


Жел шайқап тұрған бағана басынан Сергей:


– Мың жарым сомнан бір тиын да кем алмаймыз, көрдің бе қандай қиындықпен істеп жатырмыз, – деп айқайлады.


Басқарма ашуланып, тар шанада бұлқынып алды да, сұлу жиренді сираққа шықпыртып жіберді. Ат секіріп түсіп  шаба жөнелді, жігіттер күлісіп жатыр.


– Кәне, тездетіңдер, бастықтың бермес ақшасын тартқандай қылып алайық. Сымды сүйретіңдер ілгері!


Жігіттер суық желдің астында жанталасып жүр.


– Бағаналардың бұрынғысы қайда болған? – деп сұрады Сергей.


– Колхоздың керек-жарағына деп қиып әкеткен. Мотордың бөлшектерін алып, тракторға салған, – деді  Мақұл сымды мықшия тартып келе жатып.


– Иесіздік деп осыны айтатын шығар, – деді әлгі дауыс.


– Ақша шығармас  үшін басекең бас болып құртып  тынған ғой, – деп күлді Сергей.


– Кеше қора жағалап келе жатсам, бір үйде  шамының қалпағынан тауыққа ұя жасап қойыпты. Мынау керек десем, әлгі үйдің кемпірі айғай шығарғаны, – деп Мақұл маңдай терін сылып  тастады.


Бірде суық, бірде жылы болып  өзгеріп тұрған көктем  күні бүгін маужырап қоя берді.


– Ал, жігіттер, кешке жарық  беретін  болайық, – деп Мақұл сырт киімін шешіп, лақтырып жіберді.


Ұзақ күн бойы қимылдаған жігіттер кешке Қожанасырдың моласындай қисайған ескі электр станциясына жиналды.


– Кәне, жібереміз бе? – деді Сергей.


– Көрейік, – деді Мақұл.


Мотор от алды. Сыртта шу, қуанышты дауыстар. Ауыл үстінде таңғажайып ерке шұғыла жарқырайды. Станцияға қарай домалаңдап Ниетжан жүгіріп келеді. Келген бетте Сергейді, Мақұлды құшақтап:


– Бәрекелді, көзің ашылды деген осы, рақмет, жігіттер! – деп есі кетіп тұр.


– Басеке, мың жарымды бере қойыңыз, – деді Сер¬гей алақандарын ысқылап. Басқарманың күлкісі тыйыла қалды.


– Отағасы, Сергейдікі ойын ғой, өзімізден өзіміз ақы аламыз ба? – деді Мақұл.


– Бұл үлкен істің  бастамасы ғана, – десіп жатыр бәрі.


                                               * * *


Әпенді көктем бойы «Денсаулық барда не, тәйірі, шыбын жанды ортаға салып, жүлдеге ие болып алайын, – деді. – Тракторшылар  соғысқа дейін Мәскеу барып, көрмеге қатысып, алтын медаль алды ғой. Мынау ұлы науқанда көзге түсіп, ауызға бір ілігіп кетсең, сыйлық алып, орден тақсаң. Сөйте-сөйте герой атағын алуың да ғажап емес, пәлі, соны айтсайшы». Бірақ қанша тырысса да, әлгі атақ-даңқтың пұшпағы да қолға ілікпей тұр. Мақтау орнына екі рет агрономнан сөгіс  алды. Анау Сергей деген қызыл сақалың ашудың адамы екен. «Жерді тайыз жырттың» деп байланысты ғой.


«Жарқыным-ау, не қыл дейсің, жердің қаттылығына мен кінәлі ме? Соқаның түремдері қызып, от шыға жаздайды», – десе: «Анау Қабиденнің жері мен түрені сенікінен басқа ма? Ол сапалы жыртып, жоспарды  асыра орындап жүр ғой», –  дейді. Тағы сол Қабиден, аллау, алдымнан көлденеңдеп кетпей қойды-ау. Ол болмаса, осы тракторға келетін де емес едім. Көпшілік жиналысында: «Тыңға барамыз. Одақтың әр түкпірінен жастар ағылып жатқанда, біздің қалыс қалуымыз ұят. Атамекенімізді құт даласына айналдыруға атсалыспасақ, азамат болып қайтеміз. Мені қақ басына жаз және тағы кім бар?» – деп залға қарағанда нәлеттің көзі алдымен маған түсті. «Әпен, сен ше?» – дегенде бас шайқауым ретсіз болып: «Жаз мені», – дей салыппын. Әй, әттеген-ай, бекер айттым-ау! Тісі мен көзі ғана жылтырап көрінетін көп тракторшының  бірі болдым да шықтым. Арманым осы ма еді? Үлкен қызметкер болу, ең төмені басқармалық, әйтпесе одан әлдеқайда мықтырақ біреуі болып, жұртқа әмірімді жүргізіп тұрсам, Қабидендерің «Әпеке, тақсыр», – деп қипақтап  тұрса, сонда менсінбей кеткен қызға «Мен кіммін, Қабиден кім болды, өкін, ішің күйсе тұз жала» демекші едім. Енді қара, тракторшының да жөндісі бола алмаппын. Анау қызыл сақал келімсектерің жұрт алдында намысыңа тиіп ұрсады тіпті.


«Бетегені бетінен сыдыратын стахановшымыз» деп жігіттер кісінеп күледі. «Тап атаңның аузын ғана ұрайындар, күлгенді көрсетемін сендерге, тамашалап тұрып екі жоспарды  орындап берейін, көр де тұр!» – деп алшаңдай басып тракторына мінді де, дарылдата жөнелді. Трактордан түспегелі бір тәулікке жақындап келеді. Ыстық тамақ та ішпей, есесіне шылымды жиі тартып, қолдары қарысып отыра берді. Шыдамның да шегі бар. Шылымды көп тартқандықтан ба, тамақ ішпегеннен бе, көзі бұлдырайды. Аздап мызғып алса, ешкім қой демес еді. Екі норма қайда, ашумен айтқан уәде қайда? Жо-жоқ, «Әпенді өте қайсар жігіт» деген бір тәуір атақ болып қалсын, шыдап көрейін...


Осылай деп, алдында тұрған «Беломордың» соңғысын аузына салып, қалтасын қарманып еді, темекіні теpic тістеп отыр екен, ызаланып түкіріп тастады. Мұндайда қайдағы бір ойлардың қаптап кететіні қандай. Соғысқа барарда тірі қайтам деген жоқ-ты. Даланың сағым кешіп жатқан қиырына қарап тұрып:


– Қош, асылым, көрем бе, көрмеймін бе, соғыс деген құрдым ғой, – деп Әпенді топырағын орамалына түйіп алып, біржола қоштасып шыққан. Ажалы жоқ адам өлмейді екен. Жараланғанымен тірі ғой, міне, тірлікке не жетсін!.. Соғыста қаншама жолдастарынан айрылды. Бір төсекте жатып, бір ыдыстан ботқа жеген қимас достар қас-қағымда жер томпайтып қала берді. Жас адамның өлімі аянышты-ақ, бірақ соғыс жас деп, жасамыс деп талғап жатпайды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі»  деген рас.


– Жолдастар, араларыңда етікші бар ма? Шаруашылық взводына етікші жетпей жатыр, – деді старшина. Жауынгерлер біріне бірі қарады, үндеспеді. Қайдан шықса, одан шықсын:


– Мен бармын, – деді Әпенді.


– Шық былай!


Шығуын шыққанымен, шаруашылық взводына келгенімен, етік тікпек түгіл, біз ұстап көрген пенде емес-ті. Жеркепеде екі-үш солдат іс қылып отыр екен. Былғары иісімен қосылып басқа бір жағымсыз иістер мүңкіп тұр.


         –Міне, етікші әкелдім, – деді де старшина шығып кетті. Темекіні езуіне іліп алып, арық қара отыр. Көзілдірігі омырық мұздай көгілдірлене жылтырайды.


– Міне, тарамыс, міне, біз, қонышты қусыра баста! – деп әмір етті.


– Көптен қолыма ұстамап едім, ұмытып қалыппын, қалай қусыруды көрсетіп беріңіз! – деді Әпенді құжыраңдап. Етікші алая қарап:


– Е-е-е, балақай, жағдайың белгілі болды, бірер күнде меңгеріп әкетсең сөзім жоқ, әйтпесе келген жағыңа қайта қуыласың, біз онсыз да үлгермей жатырмыз, – деді. Қуылмас үшін Әпенді барын салды. Етікшінің көңілін табар ма, жоқ па, кім біледі. Абырой болғанда, шаруашылық взводына тақау түскен қаңғыма снарядтан жараланып, елге қайтты. Екінші рет шақырылғанда көрер жарығы бар екен, сол жарасының көмегі тиді. Бірер күннен соң кері қайтарды. Бірақ мұны кім біліп жатыр, Әпенді қанды қырғынның қақ ортасындағы таңғажайып ерліктерін айтып, жұртты ұйытып жүрді.


– Бірде генералдың өзі қолымды қысып, «Қасқабасов, сені герой атағын алуға ұсынамыз», – деді. Ұсынуын ұсынған да шығар, мен жараланып кеттім де, көз жазып қалдым ғой, – деп шімірікпей соғып отырады. Оған ауыл жұрты бастарын шұлғып, көздерін сулап, әбден тәнті болады. Қыз-келіншектер алдында тіпті көкіп кетеді. Қазір бұрынғы «ерліктерінің» маңызы азайған соң, жаңаларының ретін қарастыра бастады. Жиналыста сөз алып, тыңның тарихи маңызын түсіндіріп, оған жаппай атсалысуға, норманы асыра орындауға, жанар және жағармайды үнемдеуге шақырады. «Пәлі, мынау әйдік жігіт» десін деп, бөрікті жерге ұрып, ұрандатып шығады. Сөзі ұтымды, өткір. Агрономнан алған соңғы екі ескерту беделін кемітіп тастағандай еді. Оған қиналып жатқан Әпенді жоқ. Әзіл-қалжыңмен жуып-шайып, сырғытып кете барады. Әйткенмен де көңіл күйі пәлендей емес, әсіресе соңғы тәулік қажытып-ақ тастапты.


Көктем түні де осындай ұзақ болар ма? Кештен бері қанша жер жыртылды. Қаншама ой ойланды. Жасынан бергі ғұмыры көз алдынан өтіп, сараланып болды. Таң атар емес, мейлі, Әпенді мұндай қоқайды талай көрген, түк емес. Темекінің таусылып қалғаны, әйтпесе әлі бір тәулікке шыдауға бар. Жақсы қиялдар да қаумалап алған. Еңбек Ері атағын алғандар әзірге аз, бірақ болашақта көбейеді ғой. Көбейсе, Әпендіге біреуі сөзсіз тиеді. Онда ана күлегеш нәлеттер басқаша сөйлесер еді, ә?


...Мәскеу ойлағаныңнан әлдеқайда әдемі екен. Кремльді айтсайшы, мұнаралары көк тіреп тұр-ау, не деген сәулет, не деген бояу, алтынмен аптап тастаған ғой. Апырай, ә, әлгі беретін медалі қайда? Алтын ба, күміс пе?      Әйтеуір, біреуін ұстатшы бері... Әлдекім аяғын  шалып қалғандай жалп ете түсті. Көзін ашса, трактордың қос жарығы қалың мұнарға батып, күреңітіп барады екен. Мотордың ызыңы естілетін сияқты. Жүріп келе жатқанын, тоқтап тұрғанын айыра алмады. Қолдары тұтқада қарысып қалыпты.


– Апырау, бұл не, мен қайдамын? – деді. Қатты шаршаған адам ұйықтап кетсе, оңайлықпен есі кірмейді деуші еді. Әпендінің көзі алақтап, ештеңені түсіне алмады. Сөйткенше аяғына мұздай су білінді де, ышқына дауыстап жіберді. «ДТ» белуардан суда тұр екен. Қол созымда қалың қамыс көрінеді. Ар жағы да, бер жағы да көк айдын, артқа қарап еді, жиек артта қалыпты.Таң атқан. Қорғасын түстес айдыннан ақшыл бу көтеріліп жатыр. Қып-қызыл болып талаурап тұрған шығысқа қарады. «Құдайым-ау, енді қайттім?» – деді шекесін сығымдап.


Су ішке көбірек кіре бастады. Трактордың қыр арқасы ғана көрініп тұр. Соқа батып кеткен. Уақыт өткен сайын одан әрі бата түсетіндей. Күннің өткір жиегі қара жерді тіліп шықты да, қып-қызыл болып тұрып алды.     Далада ерке жел есіп, бозторғайлар шырылдап, құстар қиқулап, рахатқа батқан. Ал Әпенді болса аяқтарын бауырына алып бүрісіп отыр. Қопаның лай суы темір сәкінің үстіне көлкіп шықты. Үлкенді-кішілі құрбақалар  секіріп ішке кірді де, Әпендіні жан екен деген жоқ, кабинаның ішін қаннен-қаперсіз аралап кетті. «Аллай, мұндай да қорлық болады екен, ә? Ақымақ құрбақалардың да басынуын! Шамадан тыс жұмыс істейтін нем бар еді, қызбалық-ай, түбіме жеттің-ау!»


Ақыры ойлай келіп, «ұяттан кісі өлмейді, бәрін тастап, ел табайын, үкімет мүлкі ғой, тракторды суға батырып қоймас» десе де, қарауытқан су жұтып жіберетіндей екен. Қорыққаннан қайта кірді. «Мынау адамды тартып кететін пәле шығар, батсам, кім көреді. Осында-ақ күтейін, біреу шығарып алар». Қалғып кеткен екен, мотордың гүрілінен оянды. Жиекте Қабиденнің тракторы тұмсығын суға тақап тұр.


– Әпен, уай Әпен, не болды, тірімісің? – дегенін естіп, әдейі қозғалмады.


– Апырау, соры қайнап өліп қалмағай! – деді Қабиден. – Әпен, Әпен! –деп тағы дауыстады. Үн қатпаған соң суға секіріп түсіп еді, сұмдық суық екен, жаны шығып кете жаздады. Оған қарауға уақыты бар ма, жандәрмен су ішіндегі тракторға жетсе, онда Әпенді қимылсыз отыр. Жұлқылағанда барып көзін ашты.


– Түу, зәремді ұшырғаның-ай, тірі екенсің ғой, әйтеуір, – деді Қабиден.


– Тірімін, – деп былдырақтады анау ықылық атып. – Суық өтіп кетті, өлетін шығармын.


Әпенді қасақана мүсәпір бола қалды. Қабиден кеудеден суда жүріп, тракторды айналып көрді. Мотор оталмайды. Су астында жатқан соқаның тіркеуін іздеп тауып ағытып, кейін сүйретіп тастады. Екінші рет қайта келіп тракторды тіркеді, қозғалар емес. Өз тракторының шынжыр табандары жерді тырнап тұрып алды.


– Әпен, а, Әпен, тракторыңды скоростан шығар! – деп дауыстады.


Көп бейнетпен ақыры құтқарды-ау! Әпенді соқасын тіркеп болып, күлімсіреп:


– Қабиден, сен сыр сақтай білесің бе? – деді.


– Білем.


– Білсең, осыны ешкімге айтпауға уәде қылшы.


– Айтпайын.


– Болды ендеше, – деп тракторын дарылдатып кете барды. Қабиден киімдерін сығып, қайта киді. Денесі ауырлап, көздері бұлдырай берді. Безгек қысқандай қалтырайды.


– Саған не болды, қызуың бетімді күйдіріп барады ғой! – деді Бикамал кешкісін.


         –Түн салқын болды, суық тиген шығар...


Осылай деп Қабиден ұйықтап кетті. Ұйықтап жатып «апырай, бауырым-ай, тірімісің, тірі екенсің ғой»,– деп сандырақтады.


– Соғыста хабарсыз кеткен ағалар түсіне кірген ғой, – деп көзіне жас алды Бикамал.


Оянғанда бір қызарды, бір қуарды. Көзінің ақ еті қанталап, жанары тұмандана берді. Бикамал қызуын өлшеп:


–Апырау, енді қайттік? Қабиден, сен қатты науқассың, дәрігер шақыртайын, не болды өзі, айтшы.


– Ештеңе болған жоқ, суық тиді ғой деймін.


– Трактор іші суық па сонша?


Қабиден үндемеді.


– Монша жақ, термен тарап кетер, – деді көптен соң.


Монша қайта тынысын тарылта түсті. Мең-зең бір хал. Қай жері ауыратынын өзі де білмейді. Әйтеуір, сұмдық ауырлықты сезеді. Алып-жұлып бара жатқан бір пәле. Көзін жұмса, көк дария судан басқа ештеңені көрмеді. Су іші толып жүрген жылан, шаян, мұны шақпақ болып қамаласады. Келіншегін оятып алмас үшін, қозғалмай жата берді. Кішкентайлары жыласа, Бикамал арқадан қағып, бауырына тартады. Көктем таңы кешікпей атты да.


– Қабиден, сен түні бойы көз ілдірген жоқсың, анық науқассың, дәрігер шақыртайын! – деді.


– Бастықтан көлік сұрап кел, аудандық дәрігерге барғаным жөн болар, –  деді  Қабиден.


Бөлімше басқарушысы Мақұл біреулермен жұмыс жайлы сөйлесіп отыр екен, Бикамалды көріп, әбігерленіп қалды.


– Жай жүрмісің, Қабиден тәуір ме?


– Ауырып жатыр, дәрігерге баруға көлік сұра деп еді, –деді.


– Апырай, оншадан мұнша жүріп көлге түсіп кет-кені, қалай байқамаған, – деп таңдайын тық еткізді.


– Қашан, неғып?


– Айтпады ма өзі?


– Жоқ, ештеңе деген жоқ.


– Қалғып кетіп трактормен көлге кірген, Әпенді сүйреп шығарған екен.


– Олай деген кім?


– Әпендінің өзі.


Бикамал келсе, Қабиден жол жүруге дайын отыр еді.


– Анық осылай деп пе? – деп сұрап алып, брига¬даға жөнелді. Таңғы кезек ауыстыру сәті болатын. Қайнаған халық, қаңтарылған көп трактор. Майлап, баптап болғандары жұмысқа әзір. Әпенді жұрттың бәрін ұйытып, Қабиденді судан қалай сүйреп шығарғанын  шімірікпей айтып тұр еді, мұны көріп,  бөгеліп қалды.


– Жігіттер, – деп дауыстады Қабиден, – судан кімді кім шығарғанын анықтайық. Алдымен менің тракторымды, сонан соң Әпендікін қараңдар. Қайсысы құрғақта, қайсысы суда болды екен.


– Әпендінің тракторының іші-сырты көлдің балдыры, кабинасында бақа өліп жатыр, – деді қарап шыққандар.  Қабиден болған оқиғаны бұлжытпай айтып берді.


– Әпендіні құтқарам деп суық тиіп, ауырып тұрмын, – деді ол даусы қарлығып.


– Бұл жақсылыққа – жамандық,  бұл достыққа – қастық, суайттық! –деді жігіттер ызалана айқайлап. – Қатарымызда жүрмесін, аласталсын ондай арамза!


Қанша айлар мен апталар өтті. Қанша азап шекті. Мынадай кезде текке өле қалудың реті бар ма, арман тілегі осылай ма еді?! Қабиден аунап түсе алмай көп әуреленді. Сіресіп қалған денесі қозғалар емес. Мұндайда Бикамал демеп жіберетін. Ол ұйықтап жатыр. Ұйықтасын. Қызыл нұр алаулап тұрған кескіні қуаң тартып, жағы суалып  барады. Қарақат көздерінде мұң бар. Өзінің мүгедектігіне емес, Бикамалды ойлап алаң. Апырау, осындай да тағдыр бола ма екен?  Қандай пиғылым үшін, кімге қиянатым үшін?..


Қабиден тістеніп, бар қайратын жұмсап Бикамалға қарай зорға аунап түсті. «Сәулетайым-ай, сен қапаланып жүрсің, оныңды білем. Көңіліңде күдік пен уайым  бары көрініп тұрады, бәріне мен кінәлі. Сен бақытқа  жаратылғансың, маған қосылып, қор болдың-ау. Енді қайттім? Бүйткенше өлгенім жөн еді ғой...»


Қабиден қосауыз мылтыққа қарады, қолға ұстамағандықтан шаң басып кетіпті, ұңғысы қарауытып тұр. «Үйде ешкім жоқта осы тұсқа тақап қойып басып қалса, азаптан құтыласың да қаласың» деп жүрегіне қолын апарды. «Өмір, өмір» деп аласұрып соғып тұр екен, шошып кетті. «Апырай, қайдағы бір қырсық ойлар қайдан келіп едің. Жо-жоқ...»


Түн ұзақ, ойлар көп. Қанша ойласаң еркің, бір түнде дүниенің төрт бұрышын төрт айналып шығуға уақыт бар. Қысқа ғана ғұмырыңда көргенін, естігенін, түйгенін ой елегінен өткізе берді, өткізе берді. Бұл да сорға деп жаралмаған екен. Құдай оған дарын беріпті. Бір жылда екі кластың оқуын тауысып отырған алғыр шәкірттің ғылым дариясына ескек салуға әбден хақысы бар-ды. Онжылдықты тамамдап, дереу институтқа түсу, институтты тамамдап, аспирантураға түсу арманы еді. Әпенді, Тәшібайлардың сабақ білмей қызарақтап тұрғанын көргенде: «Әй, әттеген-ай, оп-оңай дүниеге қиналуы-ай», –  деп жігері құм болатын. Әдебиетке, музыкаға құмар-ды. Әншілік, домбырашылық тұқымына қонған. Қасымға, Әбділдаға өте еліктейтін, «Колхозшы жыры» дейтін тұңғыш толғауы облыстық газетке шыққанда қуанышында шек болмады. Сонан соң өлеңді боратсын келіп. Көбі газетке басылды. «Қарабайдың ақын баласы» атана бастағанда тұмау, сүзек, өкпенің қабынуы... Сонан соң соғыс. Алып ұрған ауыр науқастарды жеңіп шыға беріп еді, мынау меңдетіп кетті-ау. Әпендінің ылаңынан болды бәрі, суға батып тұрған тракторды көргенде, жазым болған екен деп жаны шыға жаздады ғой. Сол жолғы мұздай су ескі ауруын қоздырып, алып ұрды төсекке. Аудандық аурухананың шатыры ауыңқырап тұрған ескі үйіне кіргенде аппақ қасы көзіне түскен егде дәрігер айналдырып көріп шықты да, селеу сақалын сипап:


– Шырақ, сенің ауруыңды емдейтін ғылым әзірге жоқ, – деді мардымсып. Қабиденнің бойы мұздап, басы айналып кетті. «Апырай, не дейді, осымен бәрінің біткені ме?»


Көктем болатын. Көкпеңбек аспанда қырандар қалықтап жүрген. Қыстап шыққан көбең бетегенің арасынан алғашқы сарғалдақтар қауашақ жарып тұрған. Қаражал сары бие өзіндей сары құлынын ертіп аяңдап келеді. Божы ұстаған Бикамалдың желкесін көріп отыр. Бұрымы тарқатылып кеткен. Тар мықынын қынай буыпты. Нәзік бойжеткен сияқты. Үнсіз.


– Бикамаш, сен не ойлап келесің?


– Бәрін де ойлап келем.


– Сонда нені?


– Нені болушы еді, сені ғой.


Ол бері қарап отырды, көздері қызарған екен.


– Мен бір кітап оқыдым, – деді ол. – «Адам тағдырға бағынбай, тағдырды адамның өзі бағындыру керек»  депті. Осы ақылға қонымды сөз ғой деймін. Әлгі алжыған шалдың «дертіңе дауа жоқ» дегеніне күйзелуің жөн бе? Дауасыз дерт жоқ, бұл ақиқат. Бәрі өзіңе байланысты: жігер керек, өмірге құштарлық керек. Сен «Құрыш қалай шынықтыны» оқыдың ғой?


– Ертеректе оқығам.


– Соны бүгіннен бастап қайта оқышы. Сенің көздерің шырақтай, қолдарың балғадай, жүре де аласың. Корчагиннің жанында сен деген сау адамсың. Көтерші басыңды, жігіт деген сөйте ме екен?


Қабиденнің бетін жас жуып кеткен еді.


– Неге жылайсың?


– Жыламағанда ше, қазірдің  өзінде сауығып кеттім. Мен өмір сүрем! – деп самал есіп тұрған далаға қарады. Көк жүзінде қыран қалықтап жүр...


...Қабиден тағы бір аунап жатты. Түн деген мұнша ұзақ болар ма? Әлемнің жарығы-ай, шіркін, сенсіз өмір бар ма? Ұйықтамаған адамға таң атыру үлкен арман, мынау тылсым түн еңсеңді басып, тынысыңды тарылтады. Ойлаудан басқа ермек жоқ.


Иә, сонан соң ол көп жеңілденіп кетіп еді. Екінші бухгалтер болып кеңседе отыруға кеңес берісті. Кеңсе алыс емес, бірақ жүру қиын. Белі басқызбайды. Өз  кеудесін көтеру азап. Қабиден әкесінің қара таяғына сүйеніп келеді. Қиналып, тер буып кеткен. Ниетжанның бұрынғы орнында Мақұл ағасы отыр екен.


– Мына қыз бала оқу бітіріп келген жас маман, жаттыға алмай жатыр. Сен болсаң істің мәнін білесің, ақылыңды айт, көмекшісі бол, осыдан ыңғайлы жұмыс жоқ, саған, – деді. Қабиден ұйқы-күлкі көрмей істейтін әдетімен есеп-қисапты жөнге қойып берді. Бірақ сау адамның жұмысын атқаруға шамасы қайдан келсін, қайтадан жатып қалды. Сол жатқаннан нашарлай берді. Міне, енді қозғалатын халі жоқ. Бірақ ақыл-ойы, көз жанары сау. Жасынан жазушы болуды арман еткен. Қалың дәптер өлеңдері бар. Көбі облыстық газетке шыққан. Жазса қайтеді? Жазу үшін ғұлама ғалым болу керек, ондай білімің кәне? Жо-жоқ, білімнен басқа ынта мен талмас талап та керек қой. Соңғысы әбден табылып жатыр емес пе? Көп оқыды, классиканы түгел оқыды, көбін қайталап оқыды, бұл білім емес пе?


Таң атып келе жатты. Таңмен бірге қайта түлегендей көңілін  серпіп:


– Бикамал, мен жазам! – деді.


Жазу оңай шаруа емес-ті. Көп ойланды. Ауылда қайнаған өмір бар. Жақсылық көп, жаманы да табылады. Роман мен повесть жазсаң да, әңгіме мен поэма жазсаң да еркің. Сонда қалай жазбақ, неден бастау жөн? Осынау мол дүниенің ортасынан ойып алып, көркем шығарма туғызу оңай ма?


Қабиден түндер бойы ойланды. Оқыған кітаптарындағы кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын есіне түсірді. Неге олай көрсетті? Here олай сөйлетті? Көркем шығармада толыққанды адам жасау үшін не керек? Қайтадан оқуға кірісті. Оқығанда қызық үшін, күн өткізу үшін емес, білу үшін. Бұрынғы оқыған классиктерді қайта парақтады. Өзін де, ауруын да ұмытты. Зерігуге уақыт жоқ. Шаршап ұйықтап кететін болды. Чеховтың, Бейімбеттің қысқа әңгімелері қатты қызықтырады. Кейіпкерлері кітаптан шығып, Қабиденді қолтықтап, жүр-жүрлейтін сияқты. Ұйықтап кетсе,  түсіне кіреді. Түсінде қанат бітіп, аспанда ұшып жүреді. Заңғар көктің биігінен жер-жаһанға қарап, өзінің кейіпкерлерін іздейді. Оянғанда денесінде ыстық қан ойнап, жүрегі аласұрады. Ақыры бір күні қалың дәптерді ыңғайлап, қаламын сияға батырды да: «БАСТАМА» деп жазып қойды. Сол-ақ екен, бірін жыртты, бірін түзеді. Қысқа әңгімелерді боратып жазып, редакцияларға жөнелтіп жатты. Біреуі ақыл айтыпты. «Жетпей жатыр, түзеу керек» депті. Біреуі «Басуға жарамайды әңгімеңіз, шықпай қалды» деді. Оған қарап жатқан Қабиден жоқ, жаза берді. Жібере берді. Бір күні бір редактор: «Шырағым, жазушылық қолыңнан келмейді, басқа бір кәсіп іздесейші» депті. Қабиден ойланды. Неге олай деді? Нені бүлдіріп алдым, жазғандарым неге жарамсыз бола береді? Несі жетпей тұр? Бас қатыра   ойлай келгенде, осының бәрі албырт асығыстықтан екен. «Жо-жоқ, жазушы болу қолымнан келеді. Қиыншылықты қайткен күнде де жеңемін», – деді ол. Енді әр сөз, әр сөйлемді салмақтап, айтар ойын он екшеп, жазғандарын жиырма рет түзеп, ақтара қарап, күндер мен түндер үңілумен отырды. Жыртқан қағаздары қисапсыз. Бірер әңгіме жазу үшін жүз парақтық дәптер түгел бітіп, мұқабасы қалды. Ақыры бір қысқа әңгіменің жал-құйрығын түйіп, бәйгеге қосты. Жауап жоқ. Айлар өтті. Бір күні «Жұлдыздың» бір санында «Қанатты өмір» атты әлгі әңгіме жарық көрді. Беделді үлкен журналдан өз аты-жөнін оқыған Қабиденнің қуаныштан есі кетті.


– Бикамаш, сүйінші! – деп айқайлап жіберді. Бикамал шексіз бақытты қалыпта:


– Айттым ғой, қиындықты жеңіп шықтық! – деп  күндей күлімсіреп тұрды.


– Иә, нағыз қанатты өмір жаңа басталды, – деді Қабиден.


Адам жылқы мінезді деген ғой. «Жақсы болмақ көңілден» дейтін еді. Көңілі сергісе, науқас та кейін шегіне ме, қалай? Ол енді кеңсеге қиналмай баратын болды. Ұзақ күн шот қағып, түнде жазуға отырады. Жазады, жыртады. Жазып болады да, қайталап оқиды. Оқып  болып, көңілі толмай кейиді. Редакцияға жіберуге ыңғайлап қойған қолжазбасының бетіне қайтадан сызықтар түсіп, қайтадан мінгескен сөздер пайда болады. Сөйте келе қолжазба жіберуге жарамай қалады да, қайта көшіреді.


Облыстық газетке әңгімелері шыға бастады. Кейіпкерлері – ауыл адамдары. Аты-жөнін өзгерткенімен, іс-әрекеті, кескін-келбеті, мінез-құлқы қаз-қалпында.


«Мынау пәленше екен, анау түгенше екен», – деп шуласып жатқандары. Жаңа әңгімесі жұртты күлкіге қарқ қылады да, келесісін асыға тосады. Қабиден негізінен әзіл әңгімелерге нықтап ден қойғандай. Жақсы кейіпкерлерге қарама-қарсы жағымсыздарды түйреп, кейбіреулерге өкпеші болып қалады. Бірде «Сойдақ тіс» деген әңгімесі басылғанда колхоздың бір мүшесі: «Мені газетке беріп, беделімді түсірді, жауапқа тартсаңыздар екен!» деп шағыныпты. Ауылдастары:


– Отағасы-ау, мұнда сіздің аты-жөніңіз жоқ, мүлде басқа біреу және бұл мақала емес, әдеби жанр, –деседі.


– Шайтанның жанры болса да менің қылығыма келіп тұр, – деп қасарыпты анay. Бұл оқиға жұртқа күлкі болып жүрді.


Бір күні жұмыс үстінде үй төңкеріліп жүре берді.  Шекесін қатты қысып көп жатты. Бір кезде маңдайынан тер бұршақтап барып есін жиды. Бұл шамадан тыс ауыр салмақ түскен жүрек шіркіннің алғашқы сыр беруі еді. Қабиден есін жиып, қайтадан қаламына жармасты. Арада тағы бірнеше күн өткенде  жара бүкіл сыртына қаулап болған-ды.


Үй алдына «Победа»  тоқтады да, екі адам асығыс кіріп келді. ІІІашын қысқа қырықтырған қоңыр өңді жас жігіт:


– Фамилиям Қайсин, атым Өмірзақ, обкомның қызметкерімін, – деп таныстырды. – Обком секретары  Ілияс Омаров  жіберді. «Сіздің халіңізді біліп, көмек жаса», – деді.


Қабиден келгендерге таңдана қарап:


– Апырау, іздеп келетіндей мен кім едім, Ілекең жіберді дейсің. Ол кісі мені қайдан біледі? – деді маңдайынан тер бұрқ ете қалып. – Көмек сұрағам жоқ қой.


– Сіз сұрамасаңыз, ауылдастарыңыз сұрапты. Мына хатта бәрі жазылған. Ілекең шығармаларыңызды оқығанымен, мұндай жағдайыңызды білмейді екен, дәрігерді қосып жіберді, – деді.


Қабиден көздері жасаурап:


– Рақмет, бауырларым, менің ауыратын да, өлетін де хақым жоқ екен ғой! – деді.


                                                        * * *


Қабиден ауылға асығып келеді. Бөлісетін қызығы да, қуанышы да көп еді. Армандай ағаларды көрді. Жас жазушылардың тұңғыш мәслихатына қатысты. Республиканың түкпір-түкпірінен келген қаламгерлердің  алдында Мұхтар мен Сәбит сөйлеп тұрды. Олар әдебиеттің бүгіні мен ертеңі жайлы толғады. Жас жазушыларға жақсы тілектер айтты. Өзі пір тұтатын авторлармен кездесті. Астананы тамашалады. Тамашалап жүріп: «Апырау, осының бәрі түсім емес не екен», – деп сезіктенумен болды. Астананың ауасы тынысын кеңейтіп, ойына қанат бітірді. Алатауға қарады. «Жарықтық-ай, қарлы шыңдары бұлтпен астасып тұр... Апырай, мұндай да биіктік болады екен-ау!» – дей берді.


Жүк машинасы қарлы даламен шоқалақтап келеді. Ойға ой жалғасты. Алғашқы әңгімелер жинағы  –  «Бастама»  баспаға тапсырылды. Бір данышпан: «Өлімді жеңген адам алтын аяқтан сусын ішер» деген екен. Сөз-ақ қой, шіркін!


Орманның арғы бетінен ауыл көрінді. Үйлердің мұржасынан көкше түтін сыздықтап шығып жатты. Жүрегі ерекше  тулады. Күндей күлімдеп қарсы алған Бикамалға бір құшақ гүлді ұсына берді.


– Апырау, мынау жас гүл емес пе, суықта қалай бүлінбеген? Иісі де, түсі де қаз-қалпында ғой! – деді балаша қуанып.


–       Бикамашым-ау, бұл солмайтын гүл, өзіңе деген махаббатым ғой, – деді Қабиден үні дірілдеп.





Пікір жазу