24.07.2023
  758


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ШОМЫЛУҒА БАРҒАНДА

 


 


Шаңқай түсте екі бала көйлектерін иығына арта салып, Есіл жағасына келді. Көгілдір өзен момақансып ағып жатыр. Жарқабақсыз осы тұстан күн қыздырған сағымды даланың бір шеті көрінеді. Ыстық жел жаңа шапқан пішеннің иісін мұрынға әкеледі.


Балалар жалаңаяқ күн қыздырған ыстық құмды басып, су жиегінде тұр. Өзен бетінде қалтылдақ толқындар бірін-бірі ығыстырып, төменгі сағаға қарай лықсып домалап барады.


– Сейілхан, менің ыстықтағаным басылып та қалды, – деп, талпақ танау, адырақ көз бала кеудесін сипалап қойды.


– Ыстықтағаныңа болайын, – деді парталас досы күліп. Беймазалау даусы арғы беттегі мүлгіген тоғайға барып сап болды. Сейілхан жүрексініп тұрған Тәшетті жетектей тереңге қарай тарта жөнелді.


– Жүр, жүр, қырдың дуадағы! – деп біраз жерге дейін апарып қоя берді. Тәшетті өзеннің қатты ағыны аяғынан шалып, ықтатып әкете жаздады. Су асты мұздай суық екен. Жанталасып тайызға шықты да, қалың қабағын тырыстырып қарады. Сейілхан ұсақ толқындарды үркіте құлаштап арғы бетке жақындап та қалған, өлеңдетіп барады.


– Міне, жүзгіш бала қайда?! – деп таңданды Тәшет. Анау арғы жағаға жетіп, төніп тұрған жалбыр талдарды селк еткізді де, тырмысып, жиекке шығып отырды.



  • Әй, жүз бері, әйтпесе тағы сүйреп түсірем! – деген даусы естілді.


– Мен сенің киімдеріңді алып, тайып тұрсам қайтесің? – деп айқайлады бұл да.


Сейілхан суға секіріп түсті де, асығыс бері қарай жүзді.


Тәшеттің үлкен ала көздері шарасынан шығып, су үстіне қадала қалды. Сейілхан ортаға жақындағанда бір жерден  ұзай алмады. Иірім су оны жаңқадай қалбалақтатып, ықтырып барады. Бала бар күшін жұмсап жанталасады. Ақыры суға бата берді. Қолдары ақырғы рет ербеңдеп барып жоғалды. Өзен бетінде өрмекшінің торындай дөңгелек сызықтар жайылып барып тынды да, дағдылы еріншек толқындар бірін-бірі ығыстырып жылжи берді. Тәшет шошынып, көгілдір суға қойып кетті. Су бірден иығына қарай көтерілді. Қатты ағын ықтата берді. Ілгері барса малти білмейтін мұны да тереңге тартып кетпек. Осы кезде жақын жерден су шалп ете қалды. Қорғасындай сұр толқындардың арасынан қара шашты сопақтау, қоңқақ мұрынды  бас  көрінді. Пысқырынып алып, жағаға қарай құлаштай малтып келеді. Тәшет те жиекке ұмтылды. Сейілхан судан шыққан бетте басын сілкіп, ыржия күлді.


– Өй, қорыққансың ба, кескінін-ай батырдың, мен жай қорқытып едім, көзің алақандай болып кетіпті ғой, ха-ха-ха-а!


Тәшет те еріксіз езу тартты. Сейілхан ыстық құмға аунап жата кетті.


– Адам ұзақ өмір сүруі керек, – деді ол, – дүниеде көп  жасаған жақсы ғой.


Тәшет күлді.


– Мұндай қиялшыл болармысың, Сейілхан, адам өлгісі келіп өле ме?



  • Өлгісі келмейді. Ұзақ жасауға кішкентайынан дағдыланады. Темекі тартпайды, арақ ішпейді, еңбек етеді. Спортпен көбірек айналысады. Сен күлме, осылай деп папам айтқан.

  • Күлмегенде қайтем, жүз жасауға әдеттен дейсің!


Сейілхан мұғалім әкесіне еліктеп, асықпай сөйлеп отыр.


– Адамның жүз емес, одан да көп жасауына болады, – деп сөзін дәлелдей түсті. – Спорттың арқасында жасауға бо­лады. Мына сенің денің сау, менің де денім сау. Мен Есілді кесіп екі рет өттім. Ойыма да келген жоқ. Сен шетінде жүріп алқынып қалдың. Мені кішкентайымнан дене шынықтыруға дағдыландырды. Сен оған мән бермейсің, солай ма?


Тәшет ойланып қалды...





Пікір жазу