24.07.2023
  436


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

САРЫ ШЫМШЫҚ

 


Аспан түнеріңкі, ағаштар ақ қырау жамылып тұр. Шыршалардың түкті бұтақтарын ұлпа қар басыпты. Қысты сағынып қалсам керек, айналаға қызыға қараймын. Алыста ақ дастарқандай жайылып егінжай жатыр. Кіршіксіз ақ қарды басып, жай жүріп келем. Кенет алдағы ағаштың қырауы бұрқ ете қалды да, кішкене құс аяғымның астына түсті. Қанаттарын жайып жіберіп, дір-дір етеді. Кәдімгі ақ самай сары шымшық. «Бұған не болды екен?» – деп таңданып, қолымды соза беріп едім, ұша жөнелді.


Енді аз жүргенде әлгі шымшық тағы сөйтті. Бұл жолы етігімнің тұмсығына қонып алды. Жүні жығылып, бұғып отыр. Қолыма алдым, ұшпады. Көздері жаутаң-жаутаң етеді. Кішкене жүрегінің соғуы білінді алақаныма. Төбемнен әлдеқандай құс зу етіп өте шықты. Кәдімгі қанқұмар көк қырғи. Сары шымшықтың сырын сонда барып ұқтым. Ол мені мықты пана көріпті. Титімдей ғана қанатты досыма елжірей қарап аз тұрдым. «Адам баласы жауыздықтан қорғаушы екенін осындай майда қалпыңмен қалай білдің екен, қалай білдің сен?!» – деп алақанымды жазып едім, сары шымшық бірнеше секунд айналаға барлай қарады да, сілкініп алып, ұша жөнелді.


– Сау бол,  кішкене досым! – дедім мен дауыстап.


 





Пікір жазу