24.07.2023
  97


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ШЕБЕРБЕКТІҢ ШЕБЕР ҚОЛЫ

 


 


Жаңа жыл шыршасы дайын болғалы қашан. Балалар ән салып, би билеп қуанып жүр.


– Аяз ата келіп қалды! Аяз ата келді! – деді бір бала аптығып. Сақалы аппақ қардай, бүкіл денесі аяз құрсанған, мұрны қып-қызыл  Аяз ата кірді.


Балалар жаңа жылға оқудағы жақсы бағаларымен, өнегелі істерімен келгенін айтып жатыр. Сабақты төмен үлгерген  бірде-бір оқушы жоқ екен.


– Бәрекелді,  балаларым! – деді Aяз ата риза болып. – Сендер ескі жылда жақсы оқып, үлгілі тәртіпті болған екенсіңдер,   көп-көп   рақмет!   Енді    аталарыңның    сыйлығын алыңдар.


Осыны айтып Аяз ата қыраулы қоржынына қол салды.


– Мынау ерекше сыйлық, ең ұқыпты, ең зерек, ең тәртіпті оқушыға беріледі. Үздік оқыған қайсың?


Балалар біріне бірі қарады.


– Мынау Шебербек үздік оқушы, суретті де жақсы сала алады, – деп шу ете түсті балалар.



  • Бәрекелді, маған сондай бала керек. Міне, саған ерекше сыйлық. Бұл сурет салатын кәдімгі майлы бояу. Бояу болғанда қасиетті бояу, – деп Аяз ата бояу салған қалбырды Шебербектің қолына ұстатты. – Мұнымен салған сурет кәдімгі өмірде бар дүние болып шығады. Мысалы, машинаның суретін салсаң, мінесің де жүріп кете барасың. Үй салсаң, ішіне кіріп жайғаса бер.


– Қандай қызық, тіпті тамаша! Ата, бізге де беріңіз, бізге де! – деп шуласты балалар.


– Әлгінде келістік қой, бір ғана балаға, – деді Аяз ата. Аяз ата балалардың бәріне де әртүрлі сыйлықтар берді. Бәрін де қуантты. Шыршаның айналасында  ойын қызып жатыр. Шебербек бояуды қыса ұстап, шеткерек шыға берді. Тезірек үйге барып, сурет салуға асықты.


Ән шырқалды, би биленді. Кеш батқаннан  соң үйіне келген бала отыра қалып, асығыс сурет сала бастады. Ол адамға керектінің  барлығының суретін салды. Алдымен әкесіне деп жеңіл машина, өзіне деп жүрдек итшана жасады. Шешесіне шешек атқан гүл, інісіне деп үш доңғалақты велосипед, биік үйлер, сәулетті мектептердің суреттері қағаз бетіне сызыла берді. Сурет қызығымен отырып түннің қалай өткенін де аңғармапты. Дәптер беті суреттерге толыпты. Бірақ суреттерінің бәрі нашар. Машиналардың доңғалақтары үлкенді-кішілі әрі сопақ, жүруге жарамсыз. Гүлдер қурап қалған. Велосипед тұтқасыз, текпішексіз. Үйлер қисық, терезелері сопақ, ажарсыз.  Ешқайсысы адамның пайдасына жарар емес.


Шебербек суреттерді сала берді. Көзді ашып-жұмғанша машиналар, тракторлар жасалып, үйлер тұрғызылып жатыр. Сиырлары қой сияқты, аттары есек сияқты, мысығы құйрықсыз, иті құлақсыз болып шыға берді. Ол жыл бойы көп сурет салды. Келер жаңа жылда Аяз атаға алып келді.


Аяз ата көріп:


– Ой-бо-ой, балам, қалай нашар салғансың, – деді қынжылып.



  • Атай, мен қасиетті бояумен салдым. Жаман болуға тиісті емес қой, – деді бала мұрнын тартқылап.


– Жоқ, балам, жарамапты. Енді мына жай бояуды ал, – деді Аяз ата.


Шебербек сурет салуға кіріседі. Айлар бойы, жылдар бойы сурет салумен болады. Салған суретіне жан бітіру үшін жалықпай, асықпай сала береді. Бала ержетеді. Одан қартаяды. Бірақ салған суреттері мәңгі жас, мәңгі тірі қалпында қалады. Суреттері көрмелерде жұрттың бәрін қызықтырады. Үйлердің, мектептердің төрінде тұрады. Шебербектің суретіне қарап жақсы үйлер, мектептер, сәнді сарайлар тұрғызылады.


Содан байқағаны, адамға керек қасиетті бояу емес, іскер қол мен талмас талап екен.





Пікір жазу