24.07.2023
  198


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

САҒЫНЫШ

 


 


Қыс деген созыла түседі. Наурыздың өзі бұрқанса, пәле болды дей беріңіз. Тәуліктеп, апталап ақ боран соғады да тұрады. Күн ашылса, ерте мен кешкілік аяз тұрады. Аяз кәдімгі қаңтар айындағыдай бетті қарып, көл мұзы гүрсілдеп, жарылып жатады. Көктемді сағынасың, тіпті осынау аласапыран табиғат мәңгі-бақи өзгермейтіндей көрінеді. Көңіліңді бір сәт қапалық басады. Зерігесіз.


Адам асықты деп жаратылыс өз дегенінен қайтпайды. Мұндайда аяққа шаңғы іліп, көсіле сілтеп кеткен қандай жақсы. Орман шетінен қара құрдың қоразын көресіз. Ағаш ба­сында емес, қар үстінде отыр. Қанаттарын салбыратып жіберіпті. Адамды жақындатып алып, ұша жөнелді. Қалбалақтап барып алаңқайға түсті. Бұл қу не істеп жүр екен, білейінші деп алаңға келсем, ат орнындай жерді шиырлап тастапты. Қаптаған айыр іздер. Тақырды жиектеп тарақпен тырнағандай сызықтар жатыр. Қызыл айдардың қанаттарын сүйреткені ғой. «Е-е-е, қарай көр, енді аз күнде мына қар басқан алаң тап-тақыр шиыр болады. Құрлардың үйлену тойы басталады. Қайыңдар қоңыр мекиендер мен қызыл  айдар қораздардың  әнін тамашалайды».


Иә, көктемді сағынған мен ғана болмаппын, жануарлар да, бар жаратылыс та аңсаулы екен.





Пікір жазу