23.07.2023
  94


Автор: Талғат Айтбай

ҚАЗАҚ ҚАЗІР ДЕ КЕМСІТУШІЛІКТЕРГЕ ҰШЫРАП ОТЫР

– Талғат аға, әрдайым саяси-қоғамдық істерге белсене араласып, өз үніңізді естіртіп келесіз. Содан болар, оқырмандар сізді мықты публицист-жазушы деп таниды. Желтоқсан көтерілісін зерттеуші ретінде де еңбегіңізді жоғары бағалайды. Бірақ жеке өміріңіз жайлы өте аз біледі екенбіз...
– Қанат, білесің бе, кез келген адам өмірге бақытты болу үшін келеді! Сол бақытқа жету үшін қиындықтармен күресіп, тырбанып тіршілік жасайды. Бірақ барлығының қолы бақытқа жетпейді. Қазір айналаңа қарашы, бұл өмірден өз орнын таппаған, дүниенің кетігіне кірпіш болып қаланбаған мыңдаған азаматтар жүр. Бүгінгідей қоғамда олардың саны тым көп болуы маған заңдылық секілді көрінеді. Сондықтан бақытқа жету үшін ұмтылған барлық адамның жеке өмірін білу міндет емес шығар. Әйтсе де сұрақ қойылған соң, жауап берейін. 1954 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қошқарата ауылында, көпбалалы отбасында дүние есігін аштым. Шешем – он алты құрсақ көтерген «Батыр ана». 16 баланың 13-і ержетіп, ел қатарына қосылды. Бірақ өмір болған соң, қаза болмай тұрмайды. Бүгінде екі бауырым о дүниелік болып кетті. Құдайға шүкір, қалған он біріміз жер басып жүрміз.
– «Көптің бірімін» демекшісіз ғой?
– Жоқ, көптің бірі емеспін. Ата-ана үшін әр баланың өзіндік орны болады. Мәселен, әке-шешем менің атымды «Талғат Бигелдинов секілді батыр ұл болсын» деп ырымдап Талғат қойыпты. Талғат ағамыз көптің бірі емес шығар. Кейде маған қазақтың ат қою салтының астарында да үлкен мән жатқандай көрінеді. Өзің білесің, Талғат Жақыпбекұлы ағамыз секілді көзсіз батырлық жасайтын кезім болып тұрады. Бұл қазақы ырымдардың бос кетпегенінің белгісі емес пе, сен қалай ойлайсың?
– Балдәурен балалық шаққа саяхат жасасақ, аға...
– Балалықтың бал шақтары ауылда өтті. Туған ауылымда мектеп бітірдім. Адам арман жетегінде жүріп ержетеді. Өмірден өз орныңды табу үшін өзіңді тұлғаландырар жар іздейді екенсің... Барлық жігіттің бойдақ кезінде әр қызға аңсары ауады. Мың қызға сөз айтасың, бірақ арасынан біреуін ғана таңдайсың.
Мен кештеу үйлендім. Жасым 28-ге тақаған шақта ауылдан әке-шешем: «Сен қатарлы елдің балалары үйленіп, алды төрт-бес балалы болды. Ал сенің жүрісің мынау. Егер өз бетіңше үйлене алмайтын болсаң, ауылға кел, бәленшенің қызын алып береміз» деп сәлем айтыпты. Ата-анам осылай бір-ақ ауыз сөзбен тығырыққа тіреген соң, шынымен-ақ, «енді не істеймін?» деп тәуір-ақ ойландым.
Ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне қарайтын «Дәуір» баспаханасында «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас», «Ленинская смена» газеттері басылатын. Сол газеттерді беттейтін менен бір-ақ жас кіші тартымды қыз бар еді. Мен «Қазақстан пионері» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет етемін. Газет беттеліп жатқан бір күні әлгі сұлуға барып төтесінен: «Маған күйеуге шығасың ба?» – дедім. Бұрыннан әңгімелесіп, әзілдесіп, сырласып жүруші едік. Менің «Тиесің бе?» деген ұсынысыма ол: «Аласың ба?» – деп сұрақпен жауап берді. Нұрбақытқа осылайша 1982 жылы желтоқсанның 2-сі күні үйлендім.
– Жеңгейді қатты жақсы көресіз ғой деймін. Балалық шақты сұрап едім, махаббат жағына бір-ақ ауыстыңыз...
– Үйлену – үлкен өмірдің баспалдағы. Сол үшін әңгімені жарымды қайтіп тапқаныма бұрып әкеттім. Әйтпесе балалық шақтан айтылар әңгіме, шертілер сыр көп қой. Әке-шешеміз қарапайым адамдар еді. Әкем Айтбай – темір ұстасы, шешем Балакүл мұрап (сушы) болып ел-жұртқа, колхозға адал қызмет етті.
Мен мектепте жақсы оқыдым. Қатарластарымның алды болдым демеймін, бірақ артта қалған кезім жоқ. Ауылдағы Абай атындағы орта мектепті 22 бала бітірдік. Жиырмамыз да оқуға құштар едік. Біздің кезімізде жоғары оқу орнына түсу оңай емес болатын. Оқуға бірнеше жыл қатарынан түсе алмай, бес жылдан кейін ғана журналистика факультетіне қабылдандым. Ортасында Отан алдындағы борышымды өтеп, әскерге барып келдім. Тіпті екі курс­ты сырттай оқыдым. Сырттай алған білім көңілімнен шықпай, қайтадан абитуриенттік күндерді бастан кештім.
– Аға, осы бір тұстан әңгіме ауанын шығармашылыққа қарай бұрып жіберуге болатын сияқты...
– «Шығармашылыққа қалай келдің, неден бастадың, не әсер етті?» дегің келіп отыр ғой. Менің шығармашылық жолым оқуға түскенге дейін басталып қойған еді. Ешбір бала қателікті бастан кешпей, бірден ақылды болып кетпейді... Бір күні «Балдырған» журналында жарияланған жұмбақтарды көзім шалды. Астына «Ел аузынан жинаған» деп бір баланың аты-жөнін жазып қойыпты. Мен сол дүниені көшірдім де, хатқа салып, өз атымнан аудандық газетке жөнелтіп жібердім. Ұрлап алған жұмбақтарым көп күттірмей-ақ аудандық газетте жарқ етіп жариялана қойды. Аты-жөнім газетке шыққанына мәзбін. Достарым, мектептегі балалар, мұғалімдер жаппай құттықтап жатыр. Баланың пейілі таза болады, өтірік айта алмайды. Содан шығар, «Мен бұл жұмбақтарды «Балдырғаннан» көшіріп алдым», – деп шынымды айтып салдым. Әбдімәжит Дәуренов деген ұстазымыз бар еді. Сол ағай: «Әй, Талғат, мұныңды «әдеби ұрлық» деп атайды. Сен өйтіп «плагиат» болма. Өз бетіңше ойланып-толғанып жаз», – деді.
Шынымды айтайын, ұстазымның сол сөзі маған қатты әсер етті. Сол оқиғадан кейін еш жерден көшірмей-ақ, өзім мақала жаза бастадым. Мектепте жүрген кезде әртүрлі кештер туралы, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі жайлы шағын материалдар жазып көзге түстім. Шығармашылық жолым осылай басталды.
– «Жұмбақ ұрлап» журна­лис­тиканың есігін қаққан екенсіз де...
– Жазуға деген ынтызарлықтан ғой ол... Ал өз басым журналистика саласына Қазақ радиосына қызметке қабылданған кезде келдім деп есептеймін.
1979 жылы, әлі оқып жүрген шақта Қазақ радиосының штаттағы тілшісі ретінде қызметке қабылдандым. Журналист Кемелбек Шаматаев деканымыз Темірбек Қожакеев ағамызға барып, өтініш жасап: «Түске дейін ғана жұмыс. Түстен кейін сабақтан қалмайды. Балалар редакциясына балалардың тілін жетік білетін маман қажет еді», – деп мені аттай қалап радиоға алдыртты. Қазақ радиосында бір жыл қызмет еткен соң, 1980 жылы «Қазақстан пионері», бүгінгі «Ұлан» газетіне ауыстым. Ол жерде Уәлихан Қалижан ағамыз редактор болатын. 2-3 ай тілші болдым, содан кейін бөлім меңгерушісі етіп қызметімді өсірді. Мақтануға болатын шығар, мен осылай университетті бітірмей жатып білдей республикалық балалар басылымының бөлім бастығы болдым.
Маманды орта тәрбиелейді. Біз журналистикаға келген кезде шығармашылық орта өте керемет еді. Дәуітәлі Стамбеков, Тынышбай Рахимов, Рахымжан Өтегенов, Аманхан Әлім, Бейсенбай Сүлейменов секілді «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты-мықты азаматтармен бірге қызмет істедік.
Осылайша балалар басылымында жазу шеберлігімді арттырдым. Он жылдай уақыт осы салада жұмыс істедім. 1989 жылы Қазақ радиосына қайтадан келдім. Сол тұста Ақселеу Сейдімбек ағамыз: «Жазушылар одағының жанынан екі тілде шығатын «Әлем» альманағын бірге шығарайық», – деген ұсыныс айтты. Бұл жұмысты радиодағы қызметіммен қатар атқарып жүрдім. Осы жылдары Валерий Михайловтың «Хроника великого джута» деген кітабын «Ұлы жұттың жазбалары» деген атпен аударып, аудармашылық жұмысқа да белсене араластым.
Міне, сол жылы Желтоқсан оқиғасына қатысты мәселелер орталық және республикалық басылым беттерінде там-тұмдап айтыла бастады.
– Аға, 1986-ның ызғарлы күндерінде өзіңіз қайда болдыңыз?
– «Қазақстан пионері» газетінде қызмет ететінмін. Әйелімнің аяғы ауыр еді. Босанатын уақыты таяп қалған соң, көмектесетін адам керек қой деп 12 желтоқсанда ауылға кеттім. 17 желтоқсан күні қарындасымды алып Алматыға келдім. Вокзалдан түсіп, қазіргі әл-Фараби мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы пәтеріме жеткізетін такси ұстадым. Көшеде адам көп, абыр-сабыр болып жатыр. Фурманов көшесі жабық екен. Көлігіміз Достық даңғылы арқылы жүрді. Мен Қонаевтың орнынан алынғанын, жастар соған қарсы шығып жатқанын әлгі таксистің аузынан естідім. Үйге бара салып әйелім мен қарындасымды қалдырдым да, дереу жұмысқа тарттым. Сағат төрттер шамасында Болатбек Орманов, Досымбек Қожманбетов деген ағаларың болатын, бүгінде арамызда жоқ, сол үшеуміз алаңға келдік. Алаң иқу-қиқу... Жастар теңіздей толқып тұр... Нұртай Сабильяновтың ашына сөйлеп тұрғанын өз көзімізбен көрдік. Сағат алтылар шамасында қақтығыс бас­талды. Жастар жағы да амалсыз ашық айқасқа кірісті. Мұның арандатудан болғаны сол кезде-ақ анық көрініп тұрды.
Түнгі он бірлер шамасында «не болып жатыр?» деп Фурманов көшесімен әйелім екеуміз төмен қарай түстік. Алаңда көліктер алау­лап жатыр... Астаң-кестең, апалаң-топалаң оқиғаға сенер-сенбесімізді білмедік. Оны қазір де еске алудың өзі қорқынышты.
– Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жазалауларды да көзбен көрдіңіздер...
– Иә, осы оқиғадан бір-екі күн өткен соң, ұмытпасам, 19 желтоқсанда «Қазақстан пионері» ұжымында Желтоқсан мәселесіне арналған ашық партия жиналысы өтті. Сол жиналыста Мейірхан Ақдәулетовтің ісі қаралды. Алаңға барған Мейірханның көзі көнектей болып ісіп, қабырғасы сынған екен. Күн тәртібіне «Мейірханды партиядан шығарып, жұмыстан қуу керек» деген мәселе қойылды. Ол төрт баланың әкесі болатын. Ешкім аяушылық білдіруге батылы барып, араша түсе алмай отырған кезде Мейірханды әуелі Ақселеу Сейдімбек қызғыштай қорыды. «Партиядан шығару, жұмыстан қуу аса қиын шаруа емес. Айналайындар, алдымен мұның нені бүлдіргенін білейік. Егер мұның қылмысы соған лайық болса, жазалау ешқайда қашпайды», – деп шырылдады. Осының арқасында Мейірхан Ақдәулетовке бастауыш партия ұйымы қатаң сөгіс берумен шектелді. Бірақ арада 3-4 күн өткеннен кейін Мейірхан қызметтен де босады, партиядан да шығарылды. Екеуміз бір күнде Фрунзе (қазіргі Медеу) аудандық партия комитетіне барып, бюродан өтіп, мен кандидаттық карточка, ол партбилет алған еді. Бір айдан кейін Мейірхан Ақдәулетов сол партбилеттен айырылды. Осындай жағдайдың бәрі адам жанына ауыр соққы болып тиіп, ар-намысын аяққа таптайтын еді.
– Демек, Желтоқсан көтерілісін зерттеуге осындай жағдайлар ықпал етті ғой?
– Иә, осындай себептер менің Желтоқсан көтерілісіне қатысты зерттеулер жүргізуіме себеп болды. Бұл қасірет оқиғасына байланысты материалдар енді-енді жариялана бастаған кез болатын. Газеттің аты – газет. Ол әр жерде бір қалып қоюы мүмкін. Жыртылады. Жоғалады. Оны сақтаудың жалғыз жолы – кітап етіп шығару деп білдік. Біз қызмет ететін «Аударма» алқасының басшысы Ғаббас Қабышев ағамыз болатын. Заңгер Тойболды Зейнәбілев екеуміз сол кісіге арнайы барып осы идеяны айттық. Бірден құптады. Кітаптың атын «Алматы. 1986. Желтоқсан» деп өзі қойып та берді. «Жанры «айғақ кітап – книга хроника» болады», – деді ақын Жарасқан Әбдірашев. Бұл кітапты қазақша, орысша екі тілде шығарамыз деп шештік. Сөйтіп, 1991 жылдан бастап Желтоқсан жайлы жинақтаған материалдарымыз кітап болып жарық көре бастады. Екі жылда оқырман назарына қазақша үш, орысша екі кітабын ұсындық. Мұнан кейін нарық қыспағында қалдық. Ақша тапшылығына байланысты ойға алған біраз істер кейінге ысырылды.
1994 жылы Алматы облыстық телеарнасына қызметке ауысып, бір жыл телеарнада қызмет еттім. Мұнан кейін «Халық кеңесі» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауыстым. 1995 жылы Сейдахмет Құттықадамның шақыруымен «Арай» журналына редактордың орынбасары қызметіне бардым. Сейдахмет ағадан кейін «Арай» журналына Асқанбай Ерғожаев редактор болып келді. Бұл кезде бәрі де жаппай жекешеленіп жатқан еді. Қолынан келгендер түйені түгімен жұтты. Дүние бөлістің соңы не болары белгісіз. Мен ақыры ойлана келіп 1997 жылы «Тоғанай Т» серіктестігін құрып, баспа аштым. Бұған дейін журналда жүріп баспаның бар жұмысын үйреніп алғанмын. Кейін Мұзафар Әлімбаев пен Құрманбай Толыбаев ағаларымыздың ақылымен 1965 жылдан бастап 25 кітап болып басылған «Жыл – он екі ай» деген жинақты шығаруды қолға алдым. Бұл жинақты кітап күйінде тарату қиын болғандықтан, 2001 жылы журнал ретінде тіркеттім. Құдайға шүкір, 2001 жылдан бері «Жыл – он екі ай» таза әдеби-танымдық басылым ретінде бүлдіршіндердің көз қуанышына айналып келеді.
– Талғат аға, Желтоқсанға қайта оралсақ. Осы көтерілістің ашылмаған сырлары бар ма?
– Ашылмаған құпия сырлары жеткілікті. Желтоқсан – ұлт-азаттық көтеріліс. Саяси бағасын алмауының өзі біраз жайтты аңғартып тұр емес пе?! Бір мезет қызық үшін «Желтоқсан неге өз деңгейінде аталып өтпейді?» деген сұраққа жауап іздеп көрші.
Шенеуніктерге салсаң, желтоқсан деген айдың атын өзгертіп жібергісі келеді. Осы айға ана мерекені де, мына мерекені де тықпалай береді. Тіпті жастарымыз қан кешкен күнді шатастыру үшін 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні етіп белгілеп тас­тады. Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған күн 25 қазан еді ғой. Біз тәуелсіздігімізді сол күні ресми бекіттік. Кешегі Кеңестер Одағына енген барлық ел қай күні тәуелсіздігін жарияласа, сол күнді мейрам ретінде тойлайды. Біз ғана құбылып отырмыз. Неге? Өйткені билікке ел-жұртты шатастыру қажет болды. Дәл солай екені қалай қитұрқыласа да көрініп тұр емес пе?!
– Осыдан 28 жыл бұрын өткен бұл көтерілістен билік неге үрейленеді?
– Желтоқсан көтерілісі – қазақтың беті толық ашылмаған қасіретті тарихы. Біздің билік Желтоқсанды айтсақ, ұлтаралық араздық туындайды деп ойлайды. Сол себепті бұл көтерілісті айтпауға барын салады. Бастапқыда бұл саяси оқиға орыс пен қазақ арасындағы қақтығыс ретінде сипатталды. Орталықтың өзі қазақтың ұлтшылдығын бетіне бас­ты. Өзбекстанда Рашидовты қамаққа алғаны секілді, осы арқылы Қонаевтың мойнына қылбұрау саламыз деп жос­парлады. Бірақ Димекең өте таза адам еді. Одан ешқандай кінә таппаған соң, «Жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің басым бөлігі қазақтар, мемлекеттегі басшылық қызметте де қазақтардың үлес салмағы артық» деген желеумен талай нәрсені қоңырсытты, ылаң салды.
– Ол кезде біздің билікте кілең интернационалдар отырған жоқ па еді? Сонда горбачевтік билік неден қорықты?
– Биліктегілердің бәрі интернационалист болды дей алмаймын. Олардың арасында да ұлт үшін күрескендер кезікті. Меніңше, бүгін де сондай. Арада 28 жыл өтсе де, алабөтен айырмашылықты көріп тұрған жоқпын. Қазір билікте негізінен түрі қазақ адамдар отыр. Ауданнан бастап, облыстық, республикалық деңгейге дейінгі барлық майлы орындарда қандастарымыз жайғасқан. Жоғарыдағылардың саясатына сай, шетінен әсіресақ... Қазақтың мүддесі тұрғысынан жұмыс жасауға келгендегі іс-әрекеттеріне қарның ашады. 1986 жылы осындай еді, қазір де сол қалпы...
– Қонаевтың алынуына тек қазақтар ғана қарсылық танытқан жоқ қой. Неге біз мұны айтпаймыз?
– Рас айтасың, алаңда өзге ұлт өкілдері де болды. Мәселен, мен білетін желтоқсаншы ұйғыр жігіт қазір Шелекте тұрады. Осы секілді санаулы адамдар бар. Бірақ көп емес. Алаңға шыққан басқа ұлт өкілдері ұсталса, дереу босатып жіберіп отырған. Қарсылық білдірушілердің арасынан негізінен алғанда қазақтар ғана жазаланды. Ұлтшылдық қай кезде бой көрсетеді? Ұлттық кемсітушілік белең алған тұста...
– Қазір де ұлтшылдар төбе көрсете бастады дейді ғой...
– Демек, қазір де қазақ кемсітушіліктерге ұшырап отыр. Анығында, тәуелсіз емеспіз. Біз ұлттық мүддемізді қорғай алмайтын дәрежедеміз.
– Неге? Неге біздің зиялылар ауыз аша алмайтын дәрежеге түсті?
– Біз билікті тыңдауға міндеттіміз. Олар «Сендердің саясатта шаруаларың болмасын, біз бармыз, бәрін өзіміз-ақ шешеміз» ұстанымында қатып қалған. Сондықтан биліктің айтқанына көніп, Кедендік және Еуразиялық одақтарға кірдік. Не өзгерді? Қазақстан даму жолын емес, құлдырау жолын таңдады.
– Қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін күрес осыған дейін жалғасып келді. Қазір неге күрескер азаматтар жоқ?
– Үнсіздік басым шығар, бірақ күрес тоқтаған жоқ. Мұхтар Мағауинның өткенде «Жас Алашқа» берген сұхбаты мен одан бұрынғы жарияланған «Қазақсыз Қазақстан» атты мақаласын алыңыз. Бұл сана тәуелсіздігінің күресі емес деп айта аласыз ба? Жаңаөзен оқиғасынан соң Амангелді Кеңшілікұлы қандай отты, жігерлі мақала жазды! Бұл тәуелсіздік жолындағы күрестің тоқтап қалмағанын көрсетеді. Мен көшедегі әр қазақтың бойынан күрескерлік рухты байқаймын. Бұл орайда кейбір азаматтардың пендешілігі басым екенін де айта кету керек. Біреулер бала-шағасын, енді біреулер бизнесін ойлайды. Мысалы, өз басым әрдайым ойымды ашық айтамын. «Айтпай қойды-ау демесін» деген кітабым да жарық көрді. Кедендік, Еуразиялық одақтарға қарсылығымды еркін ойлы баспасөз құралдары арқылы үзбей білдіріп келемін. Белсеніп, мінберге ұмтылмағаныммен, күрес жолым осындай. Мені де «Бала-шағаңыз бар ғой» деп қорқытып, үркітетіндер жоқ емес. Олар салықпен, басқамен қорқытқысы келеді. Бірақ алған бетімнен қайтпаймын. Сондықтан да күрескер азаматтар жоқ деп кесіп-пішіп айтуға болмайды.
– Арамызда Қазақстанды бөлшектеп тастағысы келетіндер де ұшырасады-ау. Соны сіз сезіндіңіз бе?
– Біздің халық мемлекетті екіге, я үшке бөлуге жан-тәнімен қарсы.





Пікір жазу