23.07.2023
  256


Автор: Алғадай Әбілғазұлы

СҮЙЕСІҢ ЖҮРЕК, КҮЙЕСІҢ...

Әр адамның тағдыры – Жаратқан жазған ертегі, Өтіп жатқан әр күні Әмірден сыр шертеді. Мағынасыз нәрсе жоқ, бәрінің бар өлшемі, Шүкірлікпен бас иіу – иманның шыңы, көркемі!


 


Ақжанның іші алай-дүлей. «О, тоба!.. Бекебас-ау, жандосым-ау, бұл қай қылығың?! Не жазығым бар еді?!.. «Дос» деген, «жандос» деген осындай бола ма?!.. О, тоба!..» Аяқастынан шыңырау ашылып, соның түбіне шыңғыра құлап бара жатқан шарасыз жанның күйіндей үрейлі сезім бойын билеп, сапырылысқан ойлар санасын сансыратып келеді. Кешегі – кешегі, бүгін «дәл осылай болады» деп еш ойламаған екен. «О тоба!.. «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген осы ма?.. Бекебасым-ай, тірідей өлтірдің-ау!.. бұл не боп кетті өзі?!»


Кеше Ақжан Алматыдан келген. Қаланың қым-қуыт тірлігінен, тыншымас шуылынан мезі болған батырың ауылының төбесі көріне бере-ақ сергіп сала берген. Көктеректері көкке ұмтыла өскендіктен алыстан қарағанда үйлерінен бұрын ағаштары көрінетін алтын бесігіне аялы көзбен қарап қалды. «Шіркі-і-ін, ауыл!..» Қара жолда теңселіп келе жатқан автобуспен бірге тербелген жас жігіт анасының, теңдесі жоқ тәтесінің, күлімсіреген жүзін елестетуі мұң екен, жадырап отырған жанына жаңа бір шуақ құйылғандай, жүзі жайнап кетті. (Ол туыс ағаларына еліктеп, анасын «тәте» деп атап кеткен-ді) «Тәтетайым менің, қатты сағындым өзіңізді!..»


Ақжанды әдеттегідей, аудан орталығы Шонжыдан келетін көлікті күтіп жүретін, немере іні-қарындастары қарсы алды. Автобустан түсер-түспестен мойынына асыла кеткен алтындарын еркелеткен күйі, Зейнеп қарындасын көтеріп алып, есік алдында қарап тұрған анасы мен қашаға асылып тұрған үйдің кенжесі Дина қарындасына қарай күлімсіреген қалпы жақындай берді. Қанша сағынып тұрса да, қуаныштан анасын құшақтап сүйіп-сүйіп алғысы келіп тұрса да, қанына сіңісті байсалды қалпымен амандасты.


– Амансыз ба, тәте?


– Шүкір, құлыным. Өз жағдайың қалай? Келші, ботақаным! – Жақсы, тәте, жақсымын.


Балапанының бетінен сүйген анасы оған сәл үңіле қарап:


– Түрің бозарып, азып кетіпсің ғой, балам-ау! – деп қайта құшақтады.


– Қойыңызшы, тәте! Қайта қыздардың өзі қызыға қарайтындай әппақ болып тұр емеспін бе?


– Әппағыңның жолы болсын! Жігіт адамның жүзі деген нарттай болып жанып тұрмай ма екен?! «Әппақ» деп қояды ғой маған! Жүр, жүре ғой. Үйдің дәмін сағынған шығарсың.


– Қатты сағындым, тәте. Өй, мына қыз неге менімен амандаспай қарап тұр, а? Келе ғой, күнім.


Қаратомпақ Динаны қолтығынан алып жоғары қарай лақтырып, қайта қағып алып, бетінен сүйгені сол екен, іні-қарындастары жамырап қоя берді.


– Мені де лақтырыңызшы! – Ақай аға, мені де!


– Мені де!


Балдырғандарды кезек-кезек аспанға атып, олардың сықылықтағанына мәз болып тұрған ұлына анасы араша түсті.


 


– Әй, жүгермектер, жіберіңдер болды! Ағаларың алдымен үйге кіріп, шәй ішіп, тынығып алсын. Содан кейін де үлгересіңдер ойнап. Болды. Болды! Әй, Балқия! Шәйыңды қойып жіберші!


Үлкен үйдің алдынан салынған бір бөлмелік жаздық сарайдан самаурынын көтеріп шығып келе жатқан жеңгесімен сыпайы ғана жымиып амандасқан Ақжан үйге кіріп, іні-қарындастарына қаладан әкелген базарлығын үлестірді. Демнің арасында дастархан жайылып, шәй да ішілді. Туған-туыстары мен көрші-қолаңның жай-күйін сұрастырған Ақжан әдетінше інілерінің күнделіктерін тексерген. Тел қозыдай қатар өсіп келе жатқан ағасының үш ұлының әрқайсысына тиісінше қолпашы мен сөгісін айтқан соң, оларды күреске салды. Үйдің шаңын аспанға көтеріп апыр-топыр болып жатқан сәттерінде үлкен тегешпен кеспекөжесін көтеріп жеңгесі кірді. Мәре-сәре болған күйде тамақ ішіп бола берген кезде, қойдың кезегі келіп, мал бағып кеткен ағасы Сайрау да келді. Бауырымен құшақтасып амандасқан Ақжан Алматы мен ондағы нағашылардың жаңалығын айтып, мұндағылар ауылдың жай-күйін баяндап сүтпісірім уақыттай отырды. Сонан соң ол тәтесінен рұқсат сұрап, досының үйіне қарай тартты.


Көкбастауды тікесінен-тік бөліп жататын орталық ұзын көшені бойлап келе жатқан балаң жігіт ерекше көтеріңкі көңіл-күйде еді. Ол анасының аялы алақанын сезінгеніне, ағасының ыстық ықыласына бөленгеніне ырза еді! Жеңгесінің жылы қабағына іші жылып тұр еді; іні-қарындастырының кіршіксіз көңіліне, күміс күлкілеріне, «алақайлап» кеп асыла кеткен еркеліктеріне елжіреп тұр еді! Ол ауылдың ашық аспан, саумал самалына; айналайын ауылдың ақкөңіл аңқылдақ адамдарының пейіліне шексіз разы еді! Ол мына жалпақ әлем, жарық дүниеге риза еді; өзінің дүниеге келгеніне, бар болғанына – бәріне, бәріне риза еді!


Енді міне, бүгінгі барлық қуанышынан да асып түсетін бір шаттыққа асығып келеді: ол бала күндерінен бері араларынан қыл өтпеген досы Бекенмен, Бекебасымен жолығу үшін асығып келеді! Алда күтіп тұрған, екеуінен басқа ешкім түсіне алмас жарастықты, жан үндестігінің рахатына шомылу сәтін тезірек бастан өткеруге асығып келеді әрі алдын ала оны сезініп те келеді! Иә, ол өзінің жандосын көруге, онымен қауышуға келе жатыр! Ол осы сөзді, «жандос» деген сөзді Бекебасынан басқа ешкімге біртүрлі қимайтын. (Сол үшін іштей ыңғайсызданып, басқа достарынан қысылатын.) Себебі, ол «дос» деген сөздің жүгінің ауырлығы мен мәнінің тереңдігін жақсы білетін. Оған «жандос» деген сөз «қасиет», «мәңгілік», «махаббат» деген ұғымдармен мәндес, мағыналас сезілетін...


«Бекебасым не істеп жатыр екен? Қазір мені көргенде бір жасап қалатын болды-ау! Ой, рахат-ай!..» Аяғы жерге бір тиіп, бір тимей, көңілі алып ұшқан Ақжан өзіне қарама-қарсы келе жатқан үш-төрт әйел кісіні байқады. Артынша кіжіне айғайлаған жігіттердің дауыстарын да естіді. «Тағы да ішіп алып, төбелесіп жатыр-ау. Әй-й, жолдарың болғырлар-ай!» Әңгімелесіп келе жатқан әйелдердің дауысы түнгі ауада анық естілді.


– Жұмыстары жоқ болса да, араққа ақшаны қайдан табады осылар? – «Ішем» деген адамға табылады ғой ол бәле.


– Әншейінде қара сабынның өзін қарызға бермейтін ана комерсантсымақтар да осы құрғырды еш қиналмастан қарызға бере береді. Таң қалам!


– Бәрін қойшы, ана Бекенге не жоқ! Ондай қылық шығады деп еш ойламаған екенмін!


– Әй, Күләй-ай! Оқушың болған соң айтып тұрсың ғой. Әйтпесе, ішіп алған адамда не ес қалушы еді?


– Сонда да, көңіліме қатты тиді жаңағысы. Мен тегі, басқадан күтсем де, «Бекеннен ондай шығады» деп ойламаған екенмін! Адам емес екен ғой!


Досының аты естілгенде-ақ елең ете қалған Ақжан әңгіме барысынан келе жатқан кісілердің бірі сынып жетекшісі болған апайлары Күләй тәтейі екенін және ол кісінің,неге екені белгісіз, Бекенге ренжіп келе жатқанын түсінді. Әне-міне дегенше аралары да жақындап қалды. Ақжан бірінші болып тіл қатты.


– Сәлеметсіздер ме? – Сәлеметпіз.


– Аманбысың, қарғам?


– Ә, Ақжан, сен екенсің ғой. Қалың қалай? Қашан келдің?


Жақсы көретін шәкіртін танып, қуанып қалған Күләй апайы оның маңдайынан сүйді.


– Жақсы, тәтей, жақсы. Бүгін, автобуспен келдім. Өздеріңіз қалайсыздар? Денсаулықтарыңыз жақсы ма?


Жаңа ғана естіген сөздерінен көңіліне алаң кірген Ақжан асығыстау жауап берді. – Тәтей, ана жүргендер кімдер? Бекен туралы бірдеңе айтып келе жаттыңыздар


ғой. Оған не болды? – Тез-тез сөйлеген Ақжан қобалжығанын білдіріп қойды. «Адам емес екен ғой» деген сөз басының ішінде ызыңдап тұрған ол, бұл сөз Бекенге емес өзіне айтылғандай, намыстан жарылардай, булығып тұр еді. Апайы ренішін жасырмады.


– Ана жерде, ескі дүкеннің жанында Бекен электрик Жараспен байланысып жатыр екен. Өзі ішіп алыпты. «Қоя қойыңдар, күндерім» деп ара түсіп едік, боқтағандай ғып бетімізді қайтарып жіберді. Айтарға сөз таба алмай налып келем!


Ақжан ар жағын тыңдай алған жоқ. Жүрегі дүрсілдеп, бойына діріл енген ол асығыс бұрыла бере:


– Сау болыңыздар. Кешіріңіздер. Мен тезірек барайын, – деді.


– Сөйте ғой, айналайын. Жылдам баршы, бірдеңеге ұрынып жүрмесін.


Апайының үнінде де аздаған діріл барын байқаған Ақжан адымдай басып барып, жүгіре жөнелді. «Бекен – мас?! Қалайша?! Мүмкін емес! Шатастырып алды ма екен? Жоқ, «ажыраттық» деп тұр ғой! О, тоба! Не болды саған Бекебасым менің?.. О, тоба!..» Аяғы жерге тимей, екі өкпесін қолына алған ол бір топ жігіт үйме-жүйме боп үйіріліп тұрған жерге лезде-ақ жетті. Жүгіріп келе жатып көргені: Бекен Жарастың алқымынан сығып, сілкілеп жатыр екен:


– Ей, әкеңнің!.. Кеудең өсіп қалған екен, ә? Мен сен сияқты сүмелектерді бар ғой... Ей, әкеңнің...


– Бекен! Бекен деймін! Қойшы болды! Мен саған ештеңе дегем жоқ қой... – Ей, әкеңнің!.. Сен не? Маған «бірдеңе» демексің бе ещо? А?! Ей, чмо...


Ақжан өз көзіне өзі сенбесе де, жүгіріп келген бойы араға түсті. Ол жетпей жатып-ақ Бекенге төнген еш қауіптің жоқ екенін бағамдап үлгерген.


– Бекен, Бекебас! Не болды-ей сендерге?! Болды! Қойыңдар, жігіттер! – Ақжан екеуін ажыратуға тырысып, Жарастың жағасынан тас қып ұстап алған досының қолын жұлқылай тартты. Жарас бірден қолын түсіре қойып, арашаға дайын екенін білдірді. Бекеннің қоя берер түрі жоқ. Ақжан оның қолына жармасқан күйі сілкіп-сілкіп қалды. Бекеннің бір қолы ажырап кетті.


– Жоғал әрмен! – деп Бекен мұны босаған қолымен итеріп кеп жіберді.


– Оу, Бекебас! Бекебас! Мен ғой бұл! Мен Ақжанмын! Өй, Бекебас! Өй, не танымай қалдың ба? Қоя бер болды. Өй, батырекесі...


– Араласпа! – деп сүзіле қараған Бекеннің көзіндегі жат ызғарды көргенде Ақжан біртүрлі тіксініп, абдырап қалды. Расында, қатты қызу көрінеді, өңі өрт сөндіргендей. Көздері қанталап, тістенгендіктен бетінің еті бұлтиып, бедірейіп кетіпті. «Қатты ашуланып кетіпті ғой. Жарас бір нәрсені бүлдірген болды ғой. Бекен әйтпесе бекерден бекер біреуге ешуақытта тиісіп көрген емес... Бірақ ішіп алғаны несі? О, тоба...» Ақжан дауысын көтере, өзімсіне әрі зілмен, әрі еркелей сөйлеп, қайтадан араша түсті.


– Бекен! Бекебас! Батыр-ау, мен ғой бұл! Мен Ақжанмын ғой! Қой болды! Бір жолғы ашуыңды маған берші! Болды! Болды деймін! Жарас, қоя бер! Болды деймін, Бекен! Өй, мынау...


 


– Кет әрі, әкең!.. – деп Бекен оны тағы да итеріп қалды да, жасқанып тұрған Жарастың қолын қағып жіберді. – Өлтірем сен итті!


Бекен қарулы еді. Қолы түсіп кетіп қорғансыз қалған Жарасты тепкілей жөнелді. – Өй, мынаған не көрінген-ей! Өй, Бекебас, қой деймін саған! Өй, ұят болады!


Бекебас! Бекен! Бұл мен ғой Ақжан! Естимісің, Ақжанмын! Қоя бер деймін! Қоя ғой! – деп жанұшыра ұмтылған Ақжан өз құлағына өзі сенбеді.


– Жоғал, Ақжан! Әкеңнің аузын... Бәріңді жәйләймін қазір!.. – Аласұра айқайлаған Бекеннің даусы құлағын жарардай қатты шықты. Естіген сөзінен есеңгірегендей тұрып қалған Ақжан ызалана ұмтылып, Жарасты денесімен қалқалай кимелеп, ақыры оны Бекеннің қолынан шығарып алды. Өзіне тиіп жатқан жұдырықтан гөрі құлағынан кіріп, жүрегіне қадалып жатқан сөздер қатты батып барады... Бір сәтте Бекеннің сермеген аяғы қуығына тиіп кеткен ол «Аһ!» деп ышқынып барып отырып қалды. Бұл кезде сытырылып шыққан Жарас қашып бара жатқан. Көзі аларған Бекен ырс-ырс еткен күйі «Кім бар тағы?! Өлтірем!» деп ақырып, қарап тұрған жігіттерге тап берді. Олар, «аш бәледен қаш бәле» дегендей, тұра-тұра қашты. Бекен оларды біраз жерге дейін қуып барды да, жете алмасына көзі жеткен соң «А-а-а!» деп айқай салып, жанындағы үйдің шарбағын бір тепті. Ақжан бұл кезде отырып қалған жерінде, ашуланған, қорланған көзбен, намыс пен ыза, үрей мен таңданыс, реніш пен қимастық сезімдері қатарласа қысқан бойын көтере алмай қалғандай, Бекен жаққа қарап әлі отыр еді. «О, тоба! Бекебасым мені танымады ма? О, тоба! Ол әуелі мені боқтады ғой?! Қалай дәті барды, а?! Жандосым мені тыңдамады! Ол аз болса боқтады! Ол аз болса тепті! Әдейі болмаса да тепті ғой! Қалайша?! Ақылға сыймайды ғой!.. Мас? Мас адам досын, жандосын танымай қала ма? Таныды ғой... Таныды! Танып тұрып, біліп тұрып, тыңдамады ә? Ой, сұмдық-ай!.. Неге ішті екен? Расында, неге ішті екен, а?! Бір нәрсе болған ғой! Әй, Бекебас-ай, Бекебас!..»


Ол орнынан атып тұрып, Бекенге қарай асыға ұмтылды. Бекен болса бұл кезде шарбаққа асылған қалпы құсып жатқан. Досының мына түрін көрген Ақжанның көзінен жас ыршып кетті.


– Бекебас-ау! Не болды саған? А? Неге ішіп алғансың, достым-ау? Бұл не қылғаның? Мықты едің ғой, не болды саған?


– Кет ары! Мазалама! Маған ешкімнің де керегі жоқ! Ешкімнің!


– Бекен! Бекебас! Болды! Болды енді! Есіңді жишы! Жүр, жуынайық. Мен қазір... Қазір су әкелейін. Саған не болған? Сен мені әлі таныған жоқсың ба? Мен ғой бұл. Ақжанмын.


– Кетші әрі! Жоғал! Маған ешкімнің де, ешнәрсенің де керегі жоқ... Керегі жоқ! Жоғал әрі әкеңнің! Дос! Дос! Жоғал ары! – «Дос» деген сөзді кекете айтты Бекен.


Біреу жүрегіне біз сұғып алғандай Ақжан мелшиді де қалды. «А?.. Не деді? Жоғал? Әкеңнің? Менің жандосым?!.. Сұмдық-ай... Өлгенім жақсы еді-ау! Құдай-ай!..»


Көшеде қанша тұрғанын білмейді. Үйге қалай келгені де есінде жоқ. Жылап жатып ұйықтап кетіпті. Шым-шытырық түс көріп, шошып оянған Ақжанның есіне бірден түндегі оқиға орала кетті. Кеудесін сығып бара жатқан келеңсіз сезімнен құтылғысы келген ол «Осы мен түс көріп жүрген жоқпын ба? Қорқынышты түс...» деген ойға жармасты. «Жо-жоқ! Түс емес. О, тоба! Сонда бәрі шынымен болды ма?! Мүмкін емес!.. Не боп кетті өзі?..» Созалаңдай орнынан тұрып, терезеден далаға көз салып еді: күн кәдімгідей көтеріліп кетіпті. «О, тоба! Жандосым мені... Қалайша?..» деп ойлауы мұң екен, жүрегі дүрсілдеп, миы мың-миллион сұрақтан шаншып қоя берді. Далаға шығып жуынып келіп, суық сүтті сіміре салды да сыртқа қайты шықты. «О, тоба! Қалайша?.. Қазір бару керек. Дәл қазір! Барып, бәрін білу керек! Не үшін?..»


Көшеге қарай бұрыла берген ол төрт бөлмелі үйлерінің батыс жағында орналасқан, алма-өрігі аралас шағын бақтан шығып келе жатқан анасын байқап, кідіріп қалды. Жасыл реңді кең етек көйлегіне күміс әшекейлер тағылған бешпенті жарасқан, ақшыл сары гүлді орамалына аяғындағы қоңырсары топлиы үйлескен, аласа бойлылау,қыр     мұрынды,      өткір     қой     көзді,     сәл     сопақша      келген      жүзінде      ойлылық      пен байсалдылықтың ізі тұнған анасы жымиып шығып келе жатты. Баласының бойын мейірлі жанарымен бір шолып өткен шешесі:


– Құлыным, бір жерің ауырып тұр ма? Көздерің ісіп кетіпті ғой, – деді.


– Жоқ, тәте, бәрі жақсы. – Арқа сүйер адамының алдында босаңсып кететін кез-келген жан секілді, Ақжанның да өңешіне өксіп жетіп келді. «Көзіме жас келіп қалған жоқ па?» деп ойлаған ол тез бетін бұрып, көшеге бұрыла берді. Бекеннің үйі мектеп жақта еді.


– Тәте, мен мектеп жаққа барып келейін.


– Қошақаным-ау, ертең барсаң болмас па еді? – деп ұлының жүзіне барлай қараған ана: – Жарайды, «бүгін бітіретін істі ертеңге қалдырма» деген, барсаң барып келе ғой, ботам. Е-е айналайын, – деп сүткенжесін көзбен шығарып салып, қала берді.


«Атаңа нәлет біреулер ішкізген ғой!.. Әй, Бекебасым-ай, сен мені қатты ренжіттің ғой! Жандосыңның жанын аямай жараладың ғой! Неге іштің сол бәлені? Әрине, кешегі қылығың мастықтың әсері, арақтың кесірі ғой! Әйтпесе, қалайша?!.. Қазір әкеңді танытам, атаңның баласы! Неге ішті екен, а?..» Алып-ұшып, үміт құшып, қанша қорланса да досын жамандыққа қия алмай келе жатқан Ақжан үйлерінің жанындағы дөңнің үстінде екі-үш жігітпен сөйлесіп тұрған Бекенді бірден таныды. Жүрегі дүрсілдеп, ішін кернеп сапырылысып жатқан сезімдерімен арпалысқан күйі жақындай берді. Бекеннің қасындағы жігіттердің екеуі де көршілері екен. «Қайтер екен Бекен? Бас салып құшақтап, кешірім сұрайды да!» Ақжан ренішін білдіру үшін өзін салқынырақ ұстауға тырысты.


– Ассалаумағаләйкум, жігіттер! – Уағаләйкумуссәләм!


– О, қал қалай, Ақжан? – Қалайсың, Ақай?


«Мәссаған!..» Бекен салқын ғана жымиып, қолын ғана ұсынды. Сасып қалған Ақжан досының жүзіне таңырқай қарады. Мұны сезген Бекен күреңітіп барып сазара қалды. «О, тоба!..»


– Қашан келдің, Ақжан?


Асқардың сұрағына селк ете қалған ол: – Кеше, – деп жауап берді.


– Қалада не жаңалық?


– Бәрі орнынша. Өздерің қалайсыңдар?


– Бізде сол «баяғы жартас – сол жартас қой». Өзің көргендегідей бәрі. Қалай денсаулық жақсы ма?


– Рахмет, Асеке, жақсы.


– Жігіттер, бұзауымды іздеп шығып ем. Ұзамай тұрып тауып алайын. Давай онда. – Жақсы.


– Давай.


Асқар мен Ырысбай бұлармен қоштасып, өз жөндеріне кетті. Екі дос үн-түнсіз біраз тұрып қалды. «Қысылып тұрған шығар. Қазір үйге кіріп сөйлесерміз».


– Ал, жақсы онда, Ақай. Менің де бір шаруаларым бар еді.


Бекен көзін көтермеген қалпы қолын ұсынды. Бұндай сөзді күтпеген Ақжан оның бетіне аңтарыла қарады. Досының бозарып тұрған жүзінен жылылық емес, жүрек мұздатар салқындықты сезген ол амалсыз қолын созды. Сүлесоқ қана қол алысқан соң, Бекен бұрылып, үйіне қарай беттеді.


– Жақсы, Ақай, ренжіме. Сөйлесеміз ғой тағы да. Давай.


Төбесінен суық су құйып жібергендей, Ақжан тұрған орнында состиып тұрды да қалды. «О, тоба! Түк болмағандай!.. Түрінің суығын-ай... Жат біреу сияқты... Кешірім сұрайды екен десем! Қой қайтайын... Досым... Жандосым?.. О, тоба!..»


Біраз тұрған ол екі иіні салбыраған күйі сүйретіле басып жүріп кетті. Қарсы алдынан жолыққан, амандасқан ауылдастарын көрген кезде күлімсірей амандасқанымен,олардың кімдер екенін жөнді ажырата алмай келе жатқандай. Ажыратуға тырысып та жатқан жоқ. Жан-дүниесін астаң-кестең қылған кешегі масқарадан кейін досын бір шықпыртып, тәубесіне келтірмек болып әрі жүрегіне жиналған запыраннан арылмақ болып барғанда, маңдайы тасқа тигендей мәңгіріп қалған ол өң мен түстің арасында жүргендей күйде еді. Ол жанын сыздатқан суық сезімнен өткен күннің елестеріне қашып тығылуда, сол елестерден жүрегіне жылу, бойына тағат тапқандай естанды хәлде еді. «О, тоба-ай... Өңім бе? Түсім бе?.. Не жазығым бар?.. Мен оған өзімдей сенуші ем ғой?.. Жо-жоқ, өзімнен артық сенуші ем, өзімнен артық көруші ем ғой... Әй, Бекебас-ай!.. Соның бәрі бекер болғаны ма?..»


***


Ақжан мен Бекен бала кезден бірге өсіп, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге кешіп келе жатқан нағыз достар еді. Ақжанның әлі есінде: ол кезде жастары үш-төрттер шамасында; тәтесінің арқасынан түспейтін, күніне дүкеннен бір вафли алып жемесе көңілі көншімейтін, өзінен басқа үйдегі үлкен-кішіні менсінбейтін, «тәтесінің еркесі», «атасының ақымағы» болып алшиып жүрген кезі. Екеуінің де үйдің төресі, көңілдердің шұғыласы болып жүрген, қазақи ұғымдағы «балаңды беске дейін патшадай күт, бестен он беске дейін құлша жұмса, он бестен кейін өзіңе жолдас тұт» деген қағиданың патша дәуреніндегі шат күндері. Ақжан ұйқыдан тұра сала, айран-сүтін сіміре сала, ойынға, Бекендердікіне тартушы еді. Бекен де «тамақ ішу» деген шаруасын тындыра сала, әлі келе қоймаса, Ақжанның үйіне бет түзейтін. Бірін-бірі көрген жерден күлісіп, құшақтасып қойып, өмірі бітпейтін «тірліктеріне» кірісетін: үй салу, мәшине жасау, жүк тасу, асық ойнау. Кейде көкшыбықтардың ішінен таңдап алған «аттарына» мініп, «Бақкөше қайдасың?» деп, бір жерде желіп, бір жерде шауып жарысып, қамшыларын сілтеп, әнге басушы еді-ау! Бір қолдарымен құшақтасып тұрып, бос қолдарын сермеп, шырқап келе жатып, ауыл аяғындағы бейіт көріне қалса, үлкендердің «бейітке қарай қолды шошайтуға болмайды, қорымның жанында айқайлауға болмайды: жаман болады» деген ескертулері естеріне түсіп, отыра қалатын. Ауыздарын баса қалып, күлкілерін тыйып, қабақтарын түйіп, саусақтарын тістеп табандарына басатын. Бұл отырыстары да ұзаққа созылмайтын: бір біріне жымыңдай қарап біраз отыратын да, бір кезде атып тұрып қайта жарыса жөнелетін. Татулықтың арты кейде талас, кейде төбелеске ұласатын. Ондайда бұртиып-бұртиып теріс қарап отырып, ақыры шыдай алмай бір-біріне ұрлана қарасып, көздері ұшыраса салысымен қайта күлісіп қоя беретін! Қарындары ашса кейде ана үйден, кейде мына үйден, жұптарын жазбастан барып ас ішіп қайтатын. Кейде қалжырап отырған жерлерінде ұйықтап кетсе, сол үйде түнемеге қалып қалатын. Өйткені олардың татулығын, әдеттерін жақсы білетін үлкендер, «екі батырды» сырттарынан сұрастырып, «Е, бопты» десіп, алаңсыз жүретұғын. Өстіп жүріп мектепке де бірге барды, бір партаға қатар отырды екеуі. Ертегіні елітіп еститін, «телебезерді» жібермей көретін, ата-апаларының жанынан қалмай қонаққа барғыш, айтылған әңгімелерді аңқиып тыңдағыш екеуі сабақты да бала көңілдің бар құштарымен беріле оқыды. Ақжан сәл алғырлау болып шықты. Бұған Бекен өзі озып шыққандай шаттанып, масаттанып, басқаларға досы арқылы қоразданып жүретін. Сыныптастарының арасынан бірден ұнатып, өздеріне дос қылып алғандары – күлімдеп тұратын, қағілез, «шөшір құлақ» сары Бақберді мен денесі ірі болғанымен, сөзі де, өзі де жұмсақ, басы сәл үлкендеу көрінген, бұйрабас дәу қара Біржан. Төртеуі бірігіп төрт ноян болды: Бекен – Дартанян, Ақжан – Атос, Біржан – Партос, ал Бақберді – Арамис...


Балалық – тазалықтың сыңары емес пе? Төртеуі «жақсы» болуға тырысатын. Мәселен, өзара мынаған келіскен: кімде-кім жаман сөз айтып қалса, оны жанындағы адам еш ескертпестен қолынан немесе санынан ұруға хақылы және оған ренжуге болмайды...


Төрт батыр балдәуреннің «балалық махаббат» атты балын да қатар «ішті». Ең қызығы Ақжан мен Бекен бір қызға ғашық болып қалып, бір-бірінің беттеріне қарай алмай көп жүрді. Бақберді марқұм араға түсіп, төре-қазы болып, бұл мәселені де шешіп берген еді-ау. Ой дәурен-ай!.. Иә, Бақберді марқұм болған еді. Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін Ақжан Алматыға оқуға барып, құрылыс техникумына түсіп қайтқан. Қалған «үш ноян» онжылдықты бітіріп бір-ақ баратын болып шешкен. Сол жазда тауда қой бағып, үй-ішіне көмектесіп жүрген кезінде Бақбердіге найзағай түсіп, қайтыс болды да, ата-анасын, ағайын-туысын аңыратып, сыныптастарын, әсіресе үш досын үлкен ойға, терең қайғыға салып кете барды бақиға...


Адам баласы қызық қой. Өлімнің бар екенін білсе де, қашан келіп ол шіркін бір жақынын, жансүйерін алғанша, өзіне қатысы жоқтай, тіпті өзі де өлмейтіндей жүре береді. Үлкендердің қайтуы – солай болуы тиіс заңдылық секілді, ал жас адамның ажал құшуы – осы заңдылықтың бұзылуы, әділетсіздік секілді болып көрініп, бойыңды бір мұздатып өткенімен, ол өлім жақыныңа, жаныңды қозғар жақыныңа қатысы болмаған соң, бәрібір болуға тиіс бұлыңғыр оқиға болып өте шығар еді алыстан...


Бақбердінің қайтыс болуы және жай емес, ерекше, бұрын естіп-көрмеген түрде қайтуы достарды қатты ойландырып тастады. Марқұмды жерлеп қайтқан соң, күні бойғы көрсеткен қызметтен емес, еңселерін басқан қамырық қайғыдан қалжыраған достар ұзақ сырласқан сол күні.


– Ажал деген тым жақын екен-ау. – Қысықтау келген қой көзі жасқа толған Бекен сөз бастаған.


– Айтпа, Бекебас. Мен әлі сенбей тұрмын, – деп Біржан да көзін жерден алмастан терең күрсінді.


– Мен бұны алдыңғы жылы атам қайтқанда түсініп қалып ем, – деді Ақжан да өксікті үнмен (Ол әкесін «ата» дейтін).


– Бәрінен бұрын Сағира тәтеге қиын болды-ау! Жылаған дауысы құлағымда әлі тұр. – Көмейіне өсік тығылған Бекеннің дауысы дірілдей шыққан.


– Апа шы, апа? Қалай өксіді а? Нұрбақыт ағаның үнсіз егілгені тіпті аянышты екен... – Қабағын түйіп алған Біржанның жанары сулана берді.


– Бақытжан аға ше? «Жалқұйрығым-ау! Жанымда жүрсең болмас па еді?!» дегенде ішім езіліп кетті ғой. О, Құдай-ай!.. Уһ-һ... – Ақжанның да көзінен жас шығып кеткен-ді.


– Кімге оңай дейсің? Бақаштың бетін жауып жатқанда, кірпіш қалаған кезін айтам, жүрегімнің дірілдегені-ай! Ойбай-ай, неткен қорқынышты... Бәріміз өстіп бір күн болмаса бір күні өлеміз, ә? Ойласам, есім шығады, – деген Біржан достарына алма-кезек қарап өтті.


– Иә-ә. Қорқынышты... Мен бар ғой, осы уақытқа дейін бәрімізді де: мені, сені, Ақайды, мамамды, папамды – бәрімізді қабірдің күтіп тұрғанын, бәріміздің де өлетінімізді ойламағаныма таң қалам... Ойладық қой, бірақ осылай боларын терең ойламағаныма, осы бүгінгідей анық сезінбегеніме таң қалам. – Бекен басын шайқап, қабағын түйе түсті.


– Шынымен де, не деген қорқынышты... Мектепте оқытқандай, қайтыс болған соң бәрі бітсе, ештеңе қалмаса, онда... қиын ғой. Ал, егер, аталар айтып жүргендей, одан кейін де өмір бар болса, онда жеңіл болар еді. Қызық... – Осылай деген Ақжан аспанға қарап қойып, ойға шомып кетті.


– Мен де, өздерің айтқандай, жөндеп ойланбаппын осы жайлы, – деген Біржан достарына жағалай көз салды. – Сонда деймін дә, өлген соң не болады екен а?


– Нағашы атам: «Адам өлмейді, жоғалмайды, қайтыс болған адамның жаны әруақтар әлеміне барады; кейін Адам баласының бәрін Құдай қайта тірілтеді» дейтін... Мен өзім «адамнан ештеңе қалмайды» дегенге сенбеймін, – деді Бекен қоңырқай жүзі қызара түсіп.


– Менің де сенгім келмейді, әйтпесе қандай қорқынышты, қандай қиын! – деді Ақжан. – Өздерің ойлаңдаршы: егер адамда жан жоқ болса, өлген соң шіріп, бәрі жоқ болып кетсе, әке-шешемізбен де, Бақашпен де, тіпті бір-бірімізбен де мәңгі бақи кездеспейміз, көріспейміз деген сөз ғой! Жо-оқ, менің бұған сенгім келмейді! Құдай бар болуы керек.


 


– Сонда, оның, Құдайдың, – деген Біржанның қара торы жүзі «лып» етіп қызарып, үрейлене аспанға қарап қойды, – бар немесе жоқ екенін қайдан білеміз, а?


– Білмеймін ғой, Бікәй. «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» деуші еді. Сол жайлы терең ойланбаған екем. Мектепте айтылған сөз – анау, аталардың сөзі – мынау, білмеймін, – деді Ақжан ойланған қалпы.


– Маған бар сияқты... Ақай, Бікәй, – деп достарын өзіне қаратып алған Бекен жігерлене сөйледі. – Валя тәтейдің «Құрыш қалай шынықты» әңгімесіндегі жігіттің сөзін оқып бергені естеріңде ме? «Өмірді өкінбейтіндей қылып сүру керек» демеп пе еді сонда? Ендеше бар ғой, «Құдай бар болсын, жоқ болсын, бәрібір өмірді өкінбейтіндей қылып сүруге тырысу керек» деп ойлаймын... Бақашты ұмытпайық. Үлкендер айтпақшы топырағы торқа, иманы жолдас болсын! Әумин.


– Әумин. – Әумин.


Беттерін сипаған үш дос бұдан кейін де ұзақ сырласқан. Балалық шақтарын, Бақаштың аңқылдаған ашық мінезін, қуақы-күлдіргі қылықтарын, домбырашылдығы мен әншілігін айтысқан. Бұрынырақта бір-біріне берген «арақ ішпейміз, темекі тартпаймыз, ешкімге жамандық жасамаймыз» деген уәделерін еске алысып, қайта бекіткен. Соңында Бақбердіні ұмытпау үшін суретін үлкейтіп, үйге іліп қою керектігіне, марқұмның үйіне барып көмектесіп тұруға келісіп тарқасты.


***


Қалаға келіп, жаңа ортаға түскен, жаңа жолдастар тапқан Ақжан білім алуға құмарта кіріскенімен, ай өтпей жатып тәтесін, бауырларын, хат алысып тұрса да, достарын, қоңырқай ғана тірлігі бар берекелі ауылын қатты сағынды. Содан каникул бар, мерекелер бар, кемінде екі айда бір ауылға келіп тұруды әдет қылды. Бұл келген сайын қаланың «қоржын-қоржын» қызықтарын ала келсе, ауылдағы батырлар «қап-қап», кейде «қанар-қанар» жаңалықтарын дайындап отыратын. Олар Ақжанның келер уақытын біліп алып, автобусты тосып тұратын. Кейде сыныптың бүкіл балалары, кейде үшеуі ғана қарсы алатын. Достар қайта төртеу болып еді: бастауышта бірге болған, біраз жыл басқа жерлерде оқып, кейін қайта келген, тұйық мінезділеу, қара торы, қайратты шашын артқа қайырған, қоңқақ мұрындылау Ербол деген жігіт бұлардың ортасына білінбей сіңісіп, бөлінбей сенісіп кеткен. Айтылмаған әңгіме қалмаушы еді, талқыланбаған мәселе болмаушы еді: махаббат іздеп талпынған көңілдің машақатынан бастап, ағай-апайлардың мінезі, мектеп тынысы, ауыл тірлігі, көрген кино, оқыған кітап, ең аяғы толысып, жұмырланып келе жатқан денедегі өзгеріске дейін тізбектелетін. Таң атқанша сөйлесетін бұларға аналары таңырқап: «Ойпырмай, не деген бітпейтін әңгіме сендердікі, а?» деп бір жағы кінәлай, бір жағы қызыққандай ескерту жасап жататын. Таза көңіл, тасыған қуат, тоғысқан тілек, түйіскен жүрек оларды сергек сезіммен, сетінемес сеніммен біріктірген болатын. Олар бірін бірі жай дос деп емес, «жан дос» десетін; кірсіз көңіл, есепсіз мейір, көлеңкесіз пейілдің шуағына шомылған олар «достық» деп аталар ұлы сезімге мас еді! Бір-бірімен қимай қоштасатын. Үшеуі Ақжанды автобусқа мінгізіп жібергеннен кейін ғана, мектепке бет алатын. Кей-кейде Ербол мен Біржан келмей қалса да, Бекебас үйінің алыстығына қарамай міндетті түрде жететін: қоштасып, сәт-сапар тілеу үшін. Шіркін-ай! Сол сәттердің жылуы-ай! Сол кездегі көңіл-ай!..


«Бекебасым-ай, шынымен, соның бәрін ұмытқаның ба? Сенгім келмейді! Уһ-һ... Ербоштың үйінің жанына келіп қалыппын ғой. А, расында, Ербоштар қайда жүр? Ұят-ай, әлі іздемеппін ғой оларды... Біржан екеуі білетін болар Бекеннің жайын. Ойбай-оу, неғып ойламағанмын! Өзім де бір уайымшыл неме құсаймын ғой... Өй, бәле-ай!» Өзіне өзі кейіген Ақжан досының үйіне бұрылды. Ербол мал қарап тауға кетіпті. Үйдегілер «кешке келіп қалар» деп отыр екен. Шыға сала Біржанның үйін бетке алған Ақжан жылуы мол, жарығы күшті өткен күндерін қайта ойлап кетті.


***


 


...Бар дүниені өздеріне ортақ көретін, «мынау менікі» деуге ұялатын олар бірінен бірі ештеңені аямайтын. Әсіресе Бекен мен Ақжанның арасындағы ой мен сезім ұқсастығы ғажап болатын. Екеуінің ойлағаны бір жерден шығып жататын, бірін бірі айтпай түсінісетін ішкі үндестік өте күшті еді. Ұнатқандары да бірдей: бір қызға ғашық болса, екеуі бірдей ғашық болып қалып, бір-бірінен ыңғайсызданып, бір-біріне күліп жүретін. Бәрі есінде: сол жазда Біржанның үйіне Бағдагүл деген бөле қызы қонаққа келіп, бір қызық болған. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дегендей ол қыз Ақжанға бірден ұнады. Дөңгелек жүзді, орта бойлы, ашық мінезді, сымбатына сыры сай қызды Бекен бірінші көрген екен және ғашық болып та үлгеріпті сабазың! Былай шыға сала достарына жүрегінің дірілін, көңілінің қалауын бірден жайып салды. Үшеуі де көмектесуге бірден және бір ауыздан келісті. Құдай оңдап, іздегенге сұраған, бір сыныптастың туған күні бола қалды да, Біржан жетті жымың-жымың етіп бөлесін ертіп. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтағанды» жақсы білетін бұлар ыңғайын тауып, білдірмей жүріп қонақ қызға Бекенді мақтауға кірісті. Вальс биі басталғанда Бағдагүлді алдын ала келісім бойынша, (басқа балаларға да ескертілген) тек Бекен ғана шақырып, емін-еркін шадыман көңілмен билеп жүрген. Ақыры бір-екі жас үлкен жігіттер шыдай алмады. Іштеріндегі қызыл иттеріне еріп, «бөрік ауыстыру» ойынын бастап кеп жіберген және дәмесі барлардың бәрі Бағдагүл билеп жүрген жігітке бөрік кигізгіш бола кеткені! Бекеннің сұрланып-қызарып, қызарып-бозарып тұрған түріне қарап Ақжан мән-жайды бірден ұққан. Ол Бекенге қарап ақырын көзін қысып қойды да, ойынға белсене араласып кетті. Бағдагүлмен билеп жүрген бұған біреу бөрік кигізсе, бұл дереу оны Бекенге кигізеді. Бекен бір секунд та аялдамастан бөрікті Бағдагүлдің жұбының басына қонжита салады. Ал, егер біреу бөрікті қайта Бекенге кигізсе, ол оны асқан бір жылдамдықпен Ақжанға ұсынады. Ақжан Бағдагүлге беттейді. Сөйтіп, ақыры бөрік ауыстырудан шаршаған, әрі бұлардың қызды ешкімге де ұстатпайтынына көзі жеткен дәмелілер тобы ұмтылыстарынан бас тартып, соңында ойынды да ауыстырып тынды. Ал үшеуі мәз, үйге қайтарда әбден күліскен. Бұл күлкі бір-бірлеріне деген разылықтың, жарасқан көңілдің жарқын белгісі еді. Ақжан тап бір аңсағанына өзінің қолы жеткендей ерекше қуанған. Оның бұл пейілін, риясыз көңілін сезген Бекен оны үнсіз ғана құшақтап, екеуі ғана сезіне алар бір дірілді толқынмен алмасқан. Ал Бағдагүл жымиып келіп Ақжанның қолын қысу арқылы оны өзіне дос етіп еді. Кейін Бағдагүлді басқа бір жігіт алып қашып кетіп, ажырап қалғанда да мұңдары ортақ болды...


Жастықтың оты, сусаған көңіл қоя ма?! Бекен қайта ғашық болғанда Ақжанға бірден хат жазып достық кеңесін сұрады. Сұрайтындай жөні бар еді. Өйткені батырың Бақберді марқұмның қарындасы Шекерге ғашық болып қалыпты. Күрмеуі қиынырақ болғанымен, досының талғамына шәк келтірмейтін Ақжан ауылдың, аға-тәтелердің және ең бастысы әруақтың алдындағы жауапкершілікті ескерткен, бірақ құптап, құттықтаған хат жазды. Өкінішке орай бұл ғашықтық та байсалды махаббат, баянды бақытқа ұласа алмады. Бұйрық болмады: Бекен әскер қатарында жүргенде училище бітірген Шекерді басқа жігіт алып қашып кетті...


Ақжан Алматыда оқып жүргенде, Бекен, Ербол, Біржан бәрі азаматтық борыштарын өтеу үшін әскерге кетті де, арадағы байланыс пен сағыныш үздіксіз ағылған хаттарға жүктелді. Хат дегеніңіз – ауызша айтылғанда қиуы қашып кетер көркем ойдың құты мен көркін қайта кіргізетін, жазу мен шешен сөйлеудің мектебі, ыстық ықыластың көрінісі ғой, шіркін! Ол адамның уақыт тауып, тек сіз үшін өзін орындыққа шегелегенін білу; сіздің көңіліңізді тауып, тамырыңызды дәл басуға тырысқан жүректің толқынысын ақ қағаздың бетіндегі ирек-ирек «тірі» жазулар арқылы оқу; сөздер арасындағы айта алмас сырларды сезіну – шын мәнінде жанға шуақ, бойға қуат беретін сезім екенін әсіресе «алтыннан ардақты, күмістен салмақты, аса қымбатты бауырлар» деп басталар сәлем хаттарды көп жазысқан бұрынғылар өте жақсы біледі. Міне, сондай ыстық ықыласқа толы, конвертіне қол тигенде-ақ бойды жылытып қоя беретін хаттар достардың арасында үздіксіз самғады. Бірақ, сағынышы сәлем хатпен басыла қоймаған Ақжан шәкіртақысын үнемдеп жүріп, ақыры Бекен тұрып жатқан әскери бөлімге, Отар қаласына да барып қайтқан. Ой, ондағы қуанышты айтпаңыз!..


«О, тоба! Бекен шынымен осының бәрін ұмытты ма? Қалайша? Біржан сөзсіз мән-жайды білетін шығар... Тезірек, тезірек жету керек!»


***


Күн түс кезі болатын. Күздің сұр бұлт қаптаған сұрқай аспаны Ақжанның түріндей түнеріңкі. Жейдешең шыққан ол күннің ызғарынан ба, әлде, жанын жайлап бара жатқан суық сезімнен бе, қалтырай бастады. Бұлт арасынан анда-санда жылт еткен күн жарықтық ойында жылт еткен үміт сәулесімен қосылып, бойын жылытып өткендей болады. Асыққанда барар жердің ұзап, уақыттың зырылдап кететін әдетінше, мына тұрған Біржанның үйінің алыс болып кеткені-ай!


Есік алдында Біржанның қарындастары жүр екен: секірткіштерімен секіріп, әндерін айтып.


– Сәләматсыздар? – Ақжан даусын көтере амандасты. – Сәлеметсіз бе, аға? – деп олар сызыла қалысты.


– Үйде кім бар? Біржан бар ма?


– Ағам тау жақтан жаңа келген, бақ жақта жүр ғой деймін. Үйде мамам бар. – Ересектеуі жауап берді.


– Жарайды, рахмет. Болды, өзім-ақ барам ғой, – деген Ақжан, тұра жүгірмек болған қыздарды тоқтатып қойып, бақшаға беттеді. Досының дауысын естіп қойған сом денелі, бұйра шашты, қой көзді, түрі қара бұжыр болғанымен, жүзі өте жылы Біржан күлімдеп, құшағын ашқан күйі беттеп келеді екен. Көңілі босай қалған Ақжанның қабағы өрге серпіліп, бойын басып тұрған жүктен бір сәтке арылғандай қойды да кетті құшаққа! Құшақтасып тұрып, көзіне келіп қалған жасын жасырып, бойын бекітіп те үлгерген Ақжан сауалдарын сапқа тізді де жіберді.


– Бікәйым, қалайсың? Аға-тәтелердің денсаулығы жақсы ма? Ауылда не жаңалық? Бекенге не болған?


– Ақырын, Ақай, ақырын, асықпай сұра, батырым! – деген Біржан баппен жауап берді. – Бәрі жақсы. Құдайға шүкір. Ауыл-аймақ аман. Мұздап тұрсың ба? Даусың да дірілдейді. Бекенге не бопты?


– Не, сен де білмейсің бе?


– Нені? Е-е, естідім кешегі шатағын. Өй, суап қыпты ана бір-екеуін. Өздеріне де сол керек! Ал, Жарасқа неге жармасқанын білмеймін.


– Жоқ, мен оны айтып тұрған жоқпын. Төбелестерінің жолы болсын! Не үшін ішіп алған?


– Ым... Кім біледі?


– Ой, Бікәй, «кім біледің» не сенің? Бір ауылда жүріп бір-біріңнің жай-күйлеріңді білмесеңдер, несіне дос боп жүрсіңдер, а? Шынымен, білмейсің бе?


– Ым... Ақай сен ренжіме. Мақұл ма? – Неменеге?


– Жоқ, сен алдымен «ренжімеймін» деп айт.


– Өй, Бікәй, не болғанын айтшы тезірек? Не болған-ей бәріңе?! – Жоқ, сен «ренжімеймін» деп айт.


– Ал, жарайды, ренжімеймін. Ал, тезші енді!


– Ақай, былай ғой. Ым... Общым біз ішіп қойып жүрміз. – Бізің кім? Не үшін?


– Біз сол Бекен, Ербош, мен – бәріміз. Балаларды білесің, бұрыннан ішеді. Біз де «көрейік» дедік...


– Иә? Не көрдіңдер? Керемет пе екен? Бақытты боп кеттіңдер ме?! – Ой, Ақай енді біз де ел қатарлы...


– Біржан, тоқтай тұр, уәде қайда?


– Ақай, жаңа «ренжімеймін» деп едің ғой, тұра тұршы, мен саған түсіндірейін.


 


– Мақұл. Иә?


– Ол былай. Ербоштың әлгі қызы үйленіп кеткен кезде отпускі алып келіп, «концерт қойғанын» білесің. Ол содан бері ақырын-ақырын ішіп жүріпті. Мен де сол армияда жүргенде ауыздықтанғанмын. Проста саған білдірмей, көрсетпей жүргенмін. Ал, Бекебас осы жақында бастады... Ым-м, сенің ренжитініңді білгенбіз. Жасырып жүр едік. Бірақ, әйтеуір «бір білесің ғой ақыры» деп, бәрін ашып айтып отырмын саған. «Ауруын жасырғанмен, өлім – әшкере» деуші ме еді?


– Ой, бәрекелді! Жігіт екенсіңдер! Бірақ уәде қайда? «Еменнің иілгені – сынғаны, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені!» «Уәде – Құдай аты!» Ал?


– Ой, Ақай-ай, өстисің ғой енді. Уәде – ол уәде ғой, бірақ өмірдің де өз заңдылығы бар ғой. Оның үстіне ол уәдені бала кезімізде, көп ешнәрсені түсінбей жүрген кезімізде, айтқанбыз. Ал қазір...


– Иә, ал қазір не? Қандай заңдылықты аштыңдар?


– Қазір жігіт болдық. Ел-жұртпен араласу керек. Оның үстіне кейін не болатынын кім біледі? Өмірдің бар қызық-шыжығын көру керек, пака тірі кезіңде. Оның үстіне «Жас кезіңде ойна да күл» демей ме?


– Мақұл, «дұрыс» дейік. Сонда не көрдіңдер? Жоқ, ішпесе, ел-жұртпен араласуға болмай ма екен?


– Ой, Ақай, өзің ойлашы. Отырыстарға барсаң, бәрі ішіп, ойнап-күліп отырады, тіпті қыздарға дейін тартынбайды. Іштерінде ішпей отырсаң бар ғой, біртүрлі жалғызсырап, бөтенсіп отырасың. Ішсең, нормальны. Әңгімең де жарасады, сразу настроениең де көтеріледі.


– «Настроениені» басқаша көтеруге болмай ма? – Ақай, тұра тұр. Мен бітіріп алайын.


– Жарайды, ренжіме. Иә?


– Ал енді адамдармен араласуға келсек, ол былай. Өзің білесің, армияны бітіріп, үйдің ауыртпалығын алып дегендей, жігіт боп қалдық бәріміз. Ал, бір шаруаңды бітірейін десең «ақаңсыз» бітпейді. Ойла: отын-су әкелу керек, жер жырту керек дегендей жұмыстар шыққанда, техника болмаса іс бітпейді. Ал, ол кісілерге «ақаңды» құймасаң, болмайды. Бензинін, соляркасын құясың техникасына, ал өздеріне «ақаңды» құймасаң, бітті, ренжіп кетеді. Сонан кейін ол кісіге екінші рет барып көр. «Ақаңның» орнына ақша берсең бар ғой, «Сен немене, мені ақша үшін көмектесті» деп отырсың ба?» деп шатақ шығарсын! Қайсібірі, әуелі, «Әй, бір бөтелке арағыңды аяп отырсың ба?» деп дүрсе қоя бергенде, өзің-ақ зытасың «точкаларға». Ал шөп шабу, қой қырқу секілді көпшілікпен жабылып істейтін шаруалардан кейін, дастарханда «ақаң» тұрмаса, тілдерімен шағып, авторитетіңді айрандай етеді! Туған күн, той-томалақта ғой, жозының үсті неше түрлі дәммен қайысып тұрса да, арақ қоймасаң, тіпті ұят болады.


– Неге?


– Неге дерің бар ма? Онсыз дастарқанның сәні келмейді ғой. Ойла: сен қонаққа барғаныңда ол жақсылап тұрып күтеді, енді ол келгенде, сен жақсылап тұрып күтпесең, ұят болады.


– Сонда « жақсылап күту » деген – арақты көп құю ма?


– Енді... Солай десе де болады. Кімнің тойында арақ-шарап түр-түрімен және көп қойылады, сол той күшті өткен той болып есептеледі көп кісілердің ойынша. Ақай, бар ғой, кейін қалай боларын білмеймін, ал қазір «ақаңсыз» болмай тұр.


– Жарайды, болмаса, болмасын. Менің түсінбейтінім: неге сен немесе мен ішпесем болмайды?


– Ол былай, Ақай. Сен ішпесең, олар да ішпей қояды, бұны «бір» де, екіншіден – сөзге қаласың: «Жігітсің ба, жоқ қатынсың ба? Аурусың ба?» деген сияқты, үшіншіден – үлкендер өздері рұқсат берген: «Солдаттан келдіңдер, жігіт болдыңдар, енді ішсеңдер айыбы жоқ» деп, ал төртіншіден – бағана айттым, өзіңнің де көргің келеді. Оның үстіне, действительны, ақаң адамның көңілін көтеріп, әңгімелесуге, түсінісуге көмектеседі.


 


Кейде «ақаңа» сүйеніп айта алмай жүргеніңді де айтып-айтып аласың. Үлкендер айтпақшы «ақылыңды ішпесең болды». Бұның, Ақай, денсаулыққа да пайдасы бар екен, қазір экология қиын: мына тұрған Қытай бомбаларын жарып жатыр екен жақын жерде. Ішкеннен кейін күлсең де жарасатын сияқты, билесең де күшті билеп қоясың.


– Ойбой, сен әуелі арақтың ажырамас досынша, адвокаты сияқты қорғадың ғой ол бәлені. Әуелі жарнама жасап қояды. Әй, тоқта, тоқташы. «Уф» деші қане.


– Ехе-хе... Қойшы-ей, Ақай. Қойшы, ағатай. – Жоқ, «Уф» деші бір рет, досым болсаң.


– Ой, қойшы, болды, ағатай. Сен де, досым болсаң, қойшы болды.


– Е-е, бәсе, нәғып «арақ, арақ» деп аңқылдап, шешенсіп кетті десем.


– Ой, Ақай, сен мені қызу деп тұрмысың? Жаңа, Ерландардың отынын жинасқанбыз бір топ жігіт. Содан бір бөтелкені бөліп ішкенбіз, 100 грамдай-ақ ішкен шығармын.


– Жарайды, Біржан, ақталмай-ақ қой. Ақылыңды ішіп жүрген жоқ екенсің ғой, бопты... Бірақ, мен арақты жеңген адамды әлі көрмеппін осы жасыма дейін.


– Ой, Ақай, бізді не, салынып ішіп жүр ғой дейсің бе?


– Бікәй, «нашақорлық – бір грамнан, алқаштық – жүз грамнан басталады» деген сөзден қорқам мен... «Осы бәле біздің достығымыздың түбіне жете ме?» деп шошимын ғой...


– Ой, Ақай, өйтіп жаман ойламасаңшы. Біздің достықты еш нәрсе де бұза алмайды!


– Бікәй, кеше ғана сызат түсіп кеткендей болды емес пе? – деді Ақжан дауысы жарықшақтанып.


– Не болды?! – Біржанның көзі ежірейіп кетті.


– Әй, Бікәй, Бікәй... «Салынып жүрген жоқпыз» дейсің... Кеше Бекен мені танымай қалды ғой, әуелі! Жоқ әлде, танығысы келмеді ме?


– Қалай танымайды?!


– Бікәй... Ол мені боқтады ғой... Менің досым, жан досым боқтады ғой мені... Жерге отыра кеткен Ақжан иығы селкілдеп жылап жіберді.


– Қалай?! А?... Болды, Ақай, болды, – деген Біржан не істерін білмей абыржып, тыпыршып кетті. Досын құшақтап қысып-қысып қойды.


– Ал, сен «ақылымызды ішпейміз» деп қоясың... Біржан, сен менің орынымда болсаң ғой... Ыһ-һ. Менің сезінгенімді сезсең ғой... Ой, әкесінің өйткен «настроение көтергіш» арағыңның! Ыһ-һ. Түкірдім ондай «адамды ашатын құралыңа»! Нәлет!.. Ій-й!...


Ызалана кіжінген Ақжан санын салып-салып қалды да, тізесін құшақтаған қалпы, иығы селкілдеп отыра кетті.


– Ақай, Ақай! Болды, қойшы... Кешір, болды... Бекен шынымен танымай қалған шығар, а? Ана жолы да қатты қызып қалып... Мен оған «Әй, сен, ақырын іш, чё то, көтере алмайды екенсің» деп айтып едім... Ой, қисықбас! Мен оған...


Өзін кінәлі сезінген Біржан, оның ар жағына бір, бер жағына бір шығып, бәйек болып кетті.


– Жоқ, Бікәй, ол мені таныды. Танып тұрып, сөйтті ғой. Уһ-һ!


Солығын басып, тұнжырай көтерілген Ақжан шарбаққа сүйеніп тұрып терең күсінді.


– Қалайша?! Басынан айтшы! Жөндеп түсіндірші өзің, – деген Біржан оны қолтығынан демегендей қолынан ұстап, бастап барып, үй іргесінде орналасқан ағаш орындыққа отырғызды. Өзі Ақжанның алдында түрегеп түр.


– Кеше келгем мен. Уһ-һ... Содан Бекенге жолығайын деп заулап бара жатсам, Күлай тәтейлер жолығып қалды алдымнан. Біреулердің айғайлағанын естігенмін алдында. «Кімдер екен, ой, жолың болғырлар» деп келе жатсам, жаңағы апайлардың әңгімелерін естіп қалдым. «Бекенге не болған? Адам емес екен ғой!» дегендерін естіп,жүрегім зу ете түсті. Содан амандасып, жөн сұрасқаннан кейін, Күләй тәтей: «Тезірек бар, бір нәрсеге ұрынып қалмасын» деген соң, жүгіріп барсам... Ой, бармай-ақ қойсам, көрмей-ақ қойсам, қаладан келмей-ақ қойсам болған екен!..


– Иә, содан?


– Содан сол. Бекен удай, Жарасты тепкілеп жатыр. Араша түстім. Тоқтамайды. «Мен ғой, Ақжанмын ғой, досым болсаң қой» деп жармассам, «жоғал әкеңнің» дегені! Уһ-һ... Танымай тұр ғой деп қайта жармасып едім, қуыққа аяқ тиді, жүрекке «жоғал әрі әкең!» деген сөз тағы тиді...


– Мүмкін емес. Ол действительны мас болып қалған екен дә? Сені танымаған ол. Әйтпесе...


– Біржан, Жарастар қашып кеткен соң, ол жалғыз қалғанда «танымадың ба?» деп жанына барғанымда да, жаңағы сөзін қайталап берді ғой... Уһ-һ... Жаның шықпаған соң, шыдайды екенсің ғой...


– Жоқ, Ақай. Ол сені танымай қалған. Әйтпесе қалай? Жынды дейсің бе? Жүр екеуіміз барайық. Ол қисықбасты мен қазір!..


– Біржан мен сол жақтан келе жатырмын. Бекенге барғам... – Е, онда несіне әлі ренжіп жүрсің. Кешірім сұраған шығар?


– Әй, Біржан-ай. Неменеге күйініп тұр дейсің? Кешірім сұрамақ түгілі, жылы сөз ести алмай келіп тұрмын ғой саған.


– Қой, олай бола қоймас! Қалайша ол саған?..


– Солай боп қалды, Бікәй... Бәрі мүмкін екен ғой. Уһ-һ... – Мен сенбей тұрмын, Ақай. Қалайша ол саған?..


– Мен де сенбеймін... Бірақ, болары болды... – Ойпырмай ә? Қалайша сонда?..


Біржан басын сипай берді. Әркім өз ойымен әуре боп біраз тұрған соң, Ақжан терең күрсінді де:


– Бікәй, не істейміз енді? – деді.


– Білмеймін... Жүр, Ақай, қайта барайық Бекенге, мүмкін... Бәрі жақсы болады...


– Жоқ, Бікәй, кешке барайық, Ербол бәріміз. Үйдегілерден де ұят... Ал, жарайды онда, жақсы.


– Жақсы, Ақай, жақсы. Сен уайымдама, бәрі жақсы болады. Өй, мен де... Ақай, үйге кірсей, шәй іш.


– Жоқ болды, рахмет. Ішіп жүрген шәй ғой. Жақсы. – Жақсы, кешке өзім барам, Ақай.


Көңілі біраз тынышталғандай болғанымен, ішін шарпыған жалын бойына маза, ойына тыным бермеген Ақжан үйге кірмеген күйі, бұрынғы әдетінше, «бақ көшедегі» туған-туыстарына, көршілерге, үлкендерге сәлем беруге бұрылды. Қауқылдасып, разы болған аға-жеңге, ата-апайлардың біразы оның жүзіндегі өзгерісті байқап қалып, сөз арасында «Ақжан, балам, бір жерің ауырып тұрған жоқ па?» деп сұрап қалып жатқанда, ол «Жо-ға, жәй жолсоқты болғандікі, ұйқыныкі шығар» деп күле жауап бергенімен, іштей үлкендердің байқампаздығына таңырқаумен болды. Үйге келгеннен кейін де үміт пен күдік майдандасып, миын солқылдатып жіберді. Шаншудай қадалған сансыз сауалдардың салмағынан құтылу үшін әрі осындайда, ерегескендей, табандап тұрып алатын уақытты өткізу үшін ауланы сыпырып, қора-қопсыны тазалап, шарбақты түзеп бір тыным таппады. «Демалсаңшы, құлыным, сәтімен біте жатар шаруа ғой; ана, Құдай бере салған інілеріңе айтсаң да, істей салады ғой» деген тәтесінің ескертулеріне «Мақұл, тәте» деп қойып, жанталасын жалғастыра берді. Бір-екі рет айтқаннан кейін, оның тоқтамасына көзі жеткен тәтесі де: «Әй, айтқанынан қайтпайтын, ойлағанын іске асырмай тоқтамайтын, бірбеткей ботам менің... Ой, Алла-ай десеңші» деп күбір етті де, жайына қалдырды ұлын. Ақыры кеш те батты-ау.


Досының көңілін аулау үшін үздіксіз сөйлеп келе жатқан Біржанды үнсіз ғана тыңдап, бір естіп, бір естімей төмен қарап келе жатқан Ақжан ««Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген осы. Бармысың достым! Қалайсың, Ақай?!» деп құшақтай алған Ерболды бір-ақ көрді.


– Қалайсың, Ербош?! Қал-жағдай, денсаулық жақсы ма?


– Бәрі жақсы! Өзің ше, өзің? Қане? О-о, бұлшық еттерің толысып... нормальна! Қабағыңнан басқа жерің келісіп тұр!


– Ой, сен маған да қарап қойсаңшы-ей, қисық қол!


– Ә-ә, қазанбас! Қалайсың?! Ренжіме. Ақайды көріп қуанып... Қалай жағдай? Тәңертең келіп кетіпсің. Жаңа таудан түссем, апам айтады, «осылай да осылай, келіп кетті» деп. Содан заулап келе жатқам. Иә, не жаңалық қалада?


– Шүкір, аманшылық... Жаңалық... Жаңалықтың көкесі осы жерде басталмады ма?! Жаңалық деген сендерде екен ғой, Ербош.


– Ой, бізде не жаңалық бар дейсің? Бәрі сол өзің көргендей: жұмыс, мал... Ол қандай жаңалық, а?


– Ой, ана «қисықбас» Ақайды ренжітіп тастапты, – деп бастаған Біржан болған оқиғаның мән-жайын баяндап шықты. Ақжан пәс көңіл, бәсең дауыспен кей жерлерін түзетіп, толықтырып отырды. Ербол бір қызарып, бір бозарып үнсіз тыңдады.


– Осы – болған жай. Ол «қисықбасты» не жын түртіп жүргенін түсінбедім. Тіпті бар ғой, Ақай өзі айтпаса, мен сенбес едім. Ішсін, жарайды, бірақ, қалай сонда... Қысқасы, біз саған келе жатқанбыз. Ақылдасып, Бекенге барып, сол жерде төрт көзіміз түгел күйінде бәрін шешу үшін. Сен не дейсің, Ербош?


– Мен... Мен Бекеннің кейбір қисық мінездерін байқап жүрсем де, мұндайға барады деп ойламаған екенмін... Мас болып қалуы мүмкін, оны өз басымнан білем ғой. Әлгі «Дария үйленіп кетті» дегенді естіп, әскерден демалысқа келген кездегіні айтам. Сол кезде мен де біраз өзімді жоғалтып алыппын... Әй, бірақ, сендердің біреуің сол сәтте алдымнан шықсаңдар, Құдай біледі-ау, танитын едім, бірақ... Сыртынан тон пішіп қайтеміз, жүріңдер, барайық. Таңертеңгісін үндемей қойғанына ғой, мен де таң қалып тұрмын.


– Жүріңдер онда, тезірек барайық.


Ақжан үнсіз, Біржан пен Ербол кезекпе-кезек жорамалдарын айтысып, үшеуі әне-міне дегенше Бекендердің үйіне де келді. «Кіреміз бе, жоқ ысқырамыз ба?» десіп тұрғандарында, дөңгелек жүзді, қой көзді, ақшыл өңіне басына шаршылай таққан ақ орамалы, тік етек гүлді көйлегі мен үстіндегі қолдан тоқыған жемпірі үйлесе кеткен, орта бойлы, ширақ қимылды Бекеннің анасы Алтынсара тәтелері шыға келді. Бұлар жамырай амандасты.


– Сәлеметсіз бе, тәте?


– Сәлеметпіз. Аманбысыңдар? Бұ қайсысы?


Қашадан есік алдына, жарыққа өткен үшеуін таныған Бекеннің мамасының жүзі жылып қоя берді.


– Біржан, Ербол, Ақжан? Ой, шешектер, сендер екенсіңдер ғой. Үйге кірмей не ғып тұрсыңдар? Ақжан шырағым, аман-есен кеп қалдың ба? Қаладағы туыстардың хәлі қалай? Тәтең бір қуанып қалған екен ғой?


– Жақсы, тәте. Бәрі аман-есен. Өздеріңіз ше? Күйлі-қуатты жүріп жатырсыздар ма?


– Шүкір Құдайға, айналайын. Әкел бері маңдайды. Ой, балапаным сол! Әй, жүгірмектер, сендер де әкеліңдер шекені бері. Ақжанның арқасында бір сүйгізіп қалыңдар.


– «Бір сүйіп қалайын» деңіз, – деген Біржан қарымтасын айтып үлгерді.


– Ой, Сүрияның қу тілді күшігі, «әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп тұрсың ғой, иә? – Жадырай күлген ана: – Қалжыңынан айналдым, қарғаларымның, – деді елжіреп. Бекеннің мамасы «шырағым» дегенде-ақ жұтқыншағы бүлк ете түскен Ақжан, мына әзіл мен еркелікті көріп, жылап жіберуге аз-ақ қалды.


– Тәте, кіреміз ғой сосын. Бекенді шақыра салыңызшы. Айтса да ағам қайда?


 


– Е, ағаң төменгі үйге кетіп еді, ендігі келіп те қалар, үйге кірсеңдерші, күндерім. – Тәте, ренжімей шақыра салыңызшы, сонан кейін кіреміз ғой – деді Ербол


шыдамсыздана.


– «Ренжімей» дейді. Сөздеріңе болайын. Соған да адам ренжуші ме еді? Ренжитін нәрсеге, ренжуге тұратын нәрсеге ренжиді де адам. Бопты, қарғаларым, шақырайын. «Ауырдым» деп жатыр еді. «Қызыл бөрікше» сөйлесейік дегенсіңдер ғой. Әй, Бекен! Әй, құлыным! – деген күйінде ол кісі үйге қайта кіріп кетті.


Сәлден кейін Бекен де шықты. Аяғына тәпешкесін іле салып, бері аяңдаған досының жүзі алабұртып барып басылғандай, қызарып барып сазара қалғандай көрінді Ақжанға.


– Е-е, сендер екенсіңдер ғой, жүріңдер, үйге кіріңдер. Қалай, Ербол? Қалай, Ақай? Қалай-ей, қазанбас? – деп сөйлеген қалпы құшақтасып шыққан Беккеннің құшағы Ақжанға тым-тым салқын, жылусыз боп сезілді. «Ойпырмай, ештеңе де болмағандай түрде ғой, сабазың. Таныс та болса бөтен...»


– Иә, бастарың бірігіп қапты ғой. Не жаңалық? Отырыс бар ма? Жоқ, әлде, Ақайдың келгенін атап өтеміз бе, а? «Бірдеңе» алайық та?


– Ой, қисықбас, тұра тұр. Сен алдымен кеше не бүлдіргеніңді айтсаңшы! – деді Біржан қабағын шыта зілділеу дауыспен.


– Не бүлдіріппін? Рас, артығырақ сілтеп жіберіптік... Содан бас ауырып, «Құдай қай портышкадан берер екен» деп жатыр едім. Оның үстіне мамам естіп қойыпты да, ұрсып, одан ары ауыртып жіберді басты. «Көшеге шығайын» десем, «шықпайсың» деп аңдығандай боп отыр еді. Келгендерің жақсы болды. Бас жазайық. Ақай кеп қапты...


– Өй, Бекебас, сен не, шынымен есіңнен адасып қалғанбысың? Өй, кеше сен «концертті» әбден сапсың ғой. Ақайды неге ренжітесің? – деп шамданған Біржан шыдамай Бекеннің сөзін бөліп жіберді.


– Әй, Бікәй, басым сынып, шекем тырысып тұр. «Бірдеңе» алайықшы әуелі, сосын... – деді Бекен де сызданып.


– Ой, Бекебас, аламыз ғой, «сосының» не сенің? Әуелі Ақайды не үшін ренжіттің, соны айтсай.


– Бекен, сенікі дұрыс емес. Біз саған «серьезно әңгімелесейік» деп келіп тұрсақ – деп бағанадан бері үнсіз тұрған Ербол дүңк ете қалды ренішін жасырмай.


– Ей, жігіттер, базар жоқ, әңгімелесеміз. Бірақ, әуелі бас жазып алайық та. Бекеннің қыңатын түрі жоқ, үні жайбарақат.


– Ой, мынау... Ақайдан кешірім сұрамаймысың әуелі?!


Бұдан ары созуға бір жағы Ақжаннан ыңғайсызданып әрі Бекеннің қылығына ашуланған Біржанның даусы қатқылдау естілді.


– Ой, сендер де, қоймадыңдар ғой тегі! Ақай, кешір. Кеше біраз артық кетіп қалдым ғой деймін. Жігіт адамның басына не келіп, не кетпеген, ә, Ақай? – деп Бекен қулана көзін қысып қойды.


– Болды ма? Давай, онда «бірдеңе» ұйымдастырайық.


«Ой, Құдай-ай! Мынау – басқа адам ғой. Жаңа көзін қысқан – бөтен, мүлде бөтен біреу... О, тоба! Мә, саған «дос», мә, саған «жан дос»!.. Жоқ, тфу-тфу! Аулақ! Өлген жақсы шығар...» Өз көзіне өзі сенбей тұрған Ақжан:


– Бекебас, сен қашаннан бері бас жазатын боп қалғансың, – деді нығыздап. Жалт қараған Бекеннің жүзі болар-болмас бозарып барып басыла қалды.


– Біраздан бері.


– «Ішпейміз» деген уәдені сен де «балалық-шалалықтың сөзі» дейсің бе?


– Бала қиялмен нені айтып, нені армандамадық, Ақай? Қиял – бөлек, өмір – бөлек екен.


– Ішу – ержетудің белгісі ме екен сонда?


– Ержетуін білмедім, жігіт құсап жүруге керек екен. – Бас жазу да – сол жігіттіктің белгісінен бе?


 


– Мүмкін... Ақаңның қызығы мен қуатын ішкен адам ғана біледі. Солай емес пе, жігіттер?


– Солайы – солай ғой... – деп әзілдемекші болған Біржан, төмен қарап тұрған Ерболға, бір-біріне салқын қарап тұрған Ақжан мен Бекенге кезек-кезек қарай берді де, езуін жиып ала қойды.


– «Достар» деп емес, «жігіттер» деп сөйлейтін болыпсың... «Ақаңның» қызығы мен қуатын сендер сезеді екенсіңдер, ал шыжығы мен сорын сезіп жатқандардың жайы қалай болады, Бекебас?


– Қойшы болды, Ақжан! «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». Түсінбейсің бәрібір!


– Мен әлі секіріп көрген жоқпын. Ал, түсінуге келсек, сені түсінбей қойған кезім жоқ еді ғой!


– Ақжан, қойшы! Секіріп көрмесең, көр онда! Сен қалып едің енді...


– Не деп тұрсың, Бекен?! «Секірің» не сенің? Неден қалдым? Ашып айт!


– Болды, қойшы, Ақжан! Сен ештеңеден де қалған жоқсың. Доғарайықшы, онсыз да басым ауырып тұр.


– Жоқ, Бекен! Мен ауырттым ба басыңды?! Кінәм болса, неге ашып айтпайсың?! Мен саған не істедім?! Айтып өлтірші! – Ақжанның дауысы қаттырақ әрі дірілдей шықты.


– Ақжан, сен еш нәрсе де істеген жоқсың. Болды! – деп Бекен де қабағын шытып, кесіп айтты. Бұдан арыға шыдамы жетпеген Ақжанның көзінен жасы ыршып кетті:


– Бекебас! Ештеңе істемесем, неге онда боқтадың, а?! Неге «жоғал!» дедің, а?!


– Айттым ғой жаңа: «мас болып қалыппын» деп. Мас болып қаппын... Ой, сен де, не болды соншама? Қызға ұқсап... Болады ондай-ондай, – деп қысыла, даусын жұмсарта берді Бекен.


– Жоқ, Бекебас! Достардың арасында, шын достардың арасында ондай болмайды! Ондай болмауы керек! Ыһ-һ...


Ақжан өксіп-өксіп жіберді де, жүзін теріс бұрып әкетті. Осы кезде ғана досының шын күйініп жылап жатқанын жан-жүрегімен сезінген Бекен ұйқыдан енді оянғандай, достарына абдырай қарады да, мән-жайды жаңа ғана ұққандай, жылап тұрған Ақжанның иығына қол салды. Іштен шыққан ыстық толқын тамағына бір-ақ жеткен-ді.


– Жә, болды, болды, Ақай. «Кешір» дедім ғой, кешір ыһ-һ...


Сөзін аяқтай алмаған Бекен көзін басқан қалпы бұрыла берді. Бағанадан бері уайымға бой алдырып, тыпыршып тұрған Біржан Бекенді қолынан ұстап, Ақжанға жақындастырды да, екеуінің қолдарын түсіріп, өзі екі қолымен екеуін қапсыра құшақтап әрі оларды да құшақтастырып жіберді. Алабұртып тұрған Ербол да бұларды құшақтай алды, бәрінің көзінде жас бар еді.


– Болды, болды! Татуластық осымен! Әкел, Бекебас, қолыңды. Әкел, Ақай, қолыңды. Біз де қояйық үстіне. Ербош, әкел бері ана қисық қолыңды. Хе-хе-хе. Бітті! Давай, құшақтасыңдар. Маладес, жарайсыңдар! Хе-хе-хе. Құдай көз жасын көрсетпесін!


– Достар, осылай ашық... Бірге жүрейікші! «Доссыз өмір – тұзсыз ас». Дәл осылай! Ас демекші, астың да, әңгіменің де сәні енді келеді. Тәтемнің шәйін ішпей кетсек, ұят болады. Қарным ашып әрі күннің ызғарынан – бір, сендердің сөздеріңнің сыңайынан – екі мұздап, берекем кетіп еді. Жүріңдер, үйге кірейік – деп Ербол шешілді.


– Иә, иә, жүріңдер үйге, – деп Бекен алға түсіп, есік ашты. – Мама, мам! Шәйыңыз дайын ба? Таусоғар мен көлтаусарлардың тұқымдары келе жатыр...


Жүрегінен жүк түскендей болғанымен, ішіндегі алауы басылмаған, көңілі тыншымаған Ақжан дастархан басында көп жайға қанықты. Алтынсара тәтесінің әңгімесін тыңдай отырып, Ақжан өткен күндер көкжиегін көкдөненімен тағы кезіп кеткен-ді.


* * *


 


...Мына жақтан әскери борыштарын атқарған Біржан, Ербол, Бекендер келіп жатса,            мына                жақтан   оқуын        бітірген   Ақжан        қосылып, төрт               дос       төбедегілері түгелденгендей мәре-сәре болған берекелі күндердің бірі болатын. Алматыдағы Құрылыс техникумын үздік бітірген Ақжан «Көбастау» колхозының құрылыс бөліміне бригадир болып қабылданды. Демалыс күнін пайдаланып, таңғы салқынмен есік алдындағы қорықтың қоршауын бүтіндеп жатқан ол әндетіп, ыңылдап келе жатқан Бекенді жақындағанда бір-ақ байқады. Досына жымия көз салған Ақжан      оның біртүрлі алабұртып келе жатқанын байқап үлгерді.


– Ақай, мен бақыттымын! Ха-ха! О, Құдайым-ай! Мен бақыттымын, Ақай! Ха-ха! – деп күлген бойы Ақжанды тік көтеріп, айналдырып-айналдырып жерге қойған Бекен күлгені ме, жылағаны ма белгісіз, иығы селк-селк етіп, оны жібермей біраз уақыт тұрып қалды. Әскерден еті толып, сымбаты сымдай болып келген орта бойлы, шымыр денелі, сопақтау қоңыр жүзді, қысықтау көзі күлімдеп тұратын, әзілкеш, бірақ негізінен байсалды досының байыз таппай тұрған қылығына таңырқаған Ақжан оның құшағынан босай сала, жүзіне үңілді де, шаттана дауыстап жіберді:


– Ой, батыр! Мынау жылап тұр ғой әуелі! Бекебасым менің! Ұзағынан сүйіндірсін!


Құшақтары қайта айқасқан екеуі бірін-бірі анда-санда қысып-қысып қойып, көздері жасаурап біршама тұрды.


– Иә, Бекебас, енді түсіндір! Ал?!


– Ой, Ақай-ай! Мен бар ғой!... Қалай айтсам екен? Мен... Мен бүгін өліп кетсем де арманым жоқ! Иә! Құдай сақтасын, әрине. Бірақ, сондай қуаныштымын! Жо-оқ, бақыттымын, Ақай!


– Ой, оны түсініп тұрмын ғой. Себеп?! Себебін айтсаңшы, Бекебас!


– Қысқасы былай. Сен әуелі « ұрыспаймын, келеке етпеймін» деп уәде бер! – Ойбоой! Бопты, әкел қолды!


– Қысқасы мен ғашық боп қалдым! – А?! Кімге?


– Кейін айтайыншы мақұл ма?


– Жоқ! Қазір айт, әйтпесе мүлде айтпай-ақ қой. Қазір айт, давай! – Сен күлме бірақ... Уәдені де ұмытпа.


– Бекебас, сен тіпті қызықтыруға шебер екенсің ғой? Уәде – уәде! – Мен... Мен Шырынға ғашық боп қалдым!


– А? Қай? Бақберді марқұмның қарындасы ма? Мәссаған! Қатырасың-ей! Әуелі Шекерге, енді кеп Шырынға... Ой, сабаз!


– Ой, Ақай өзің ше? Өзің әуелі Нарқызға, одан сіңлісі Балқызға ғашық болып өліп жүр ең ғой! Енді кеп «сабаз» деп қояды ғой...


– Мен енді әдейі ғашық болды ғой дейсің бе?


– Мені «әдейі ғашық болды» деп кім айтты саған?!


– О, тоба! Бұнымыз да ұқсас болып шықты-ау, ә? Мына кереметті қара!


– Ақай, мен бар ғой қатты қуанып тұрғаныммен, бір шеті жаман ыңғайсызданып тұрмын. Бақаштың аруағынан – бір, ағалардан – екі, Шекерден – үш, тіпті қиын екен... Бірақ бар ғой, имандай шыным! Шын жүрегіммен жақсы көріп қалдым! Менде бір тегі инедей бөтен ой жоқ! Сенесің ғой?!


– Әй, Бекебас! Әрине сенем! «Жүрекке әмір жүрмейді» деген осы, міне... «Аққа Құдай жақ» деген сөз бар, көңілің ақ, ниетің таза болса, Бақаштың әруағы да ренжімес... Қалай болды өзі? Басынан айтшы? Сөз айтып үлгердің бе?


– Басы былай. Мен әскерден келген күні амандасуға бардым ғой апаға, ағаларға. Сол кезде көріп қап, қу жүрек «шым» ете түсіп, атқақтай жөнелмеді ме?! Әрі таң қалып, әрі қысылып итім шықты емес пе?! Содан клубта, киноға барғанда бір-екі рет тілдесіп қалдық. Несін айтасың, Ақай. Әлгі қызды көрсем болды, тұла бойым дірілдеп, жүрегім атқақтап, алақаным терлеп, тіл-аузым байланып қалады тура! Ой, тоба-ай! Бұрын тегі өйтіп абыржымайтын сияқты едім. Сен күлме, рас айтам. Бұрын қыздармен жолығып жүргенде бұлай қысылмайтынмын әуелі, қазір ойласам, сол қыздардың сезімімен ойнаған сияқтымын ба?.. Ұят-ай тегі! Мен ақымақ ғашықтық дегеннің не екенін түсінбей жүріппін ғой дұрыстап... Ал, қазір бар ғой, тура естанды хәлдемін, Ақай! Көзімді жұмсам да періштемді көрем, ашсам да періштемді көрем. Түр-түсі, киім-жүрісі, күлкісі, бәрі-бәрі... Айтқан сөздері, үні, күлкісінің сыңғыры – бәрі құлағымда, жо-жоқ, жүрегімде тұр ғой! О, тоба-ай! Сондай да болады екен! Бойым сондай жеңіл, әлгі өлеңдерде айтатындай, табаным жерге тимейді! Тиеді-ау, сезбейсің, бірақ! Шынымен қалықтап жүрген сияқтысың!.. Ой, Ақай! Өмірді қандай жақсы көріп кеттім! Бәріңді құшақтай бергім келеді. Кім болса ол болсын! Жылағым келеді өзімнен өзім... Біреу айтса сенбес едім... Ақай, сен оның қандай қыз екенін білмейсің ғой! Мінезі қандай?! Жібек, жібектей! Өнерлі өзі: домбыра шертеді, ән салады! Сымбаты, тазалығы, жанының пәктігі бар ғой – тұп-тура аққудың көгілдірі! Еһ, шіркін, сыңар болуға жарасам, өмір деген айдында Шырынмен бір жүзуге лайық болсам ғой! Онда бар ғой, мен дүниедегі е-е-ең бақытты адам болар ем, Ақай!.. Еһ, саған да сондай бір сыңар кездессе ғой шіркін! Ой, қандай рахат болар еді а?! Әй, бірақ олай бола бермейді-ау... Ақай, мен қорқам... «Шын сүйгендер қосылмайды» деп неге айтты екен а?


– Әй, Бекебасым-ай! Қиялы жүйрік, сезімі сергек, досым-ай! Мені қоса тербетіп, қоса ғашық қылып тастадың ғой, тегі! Сен, бірақ қорықпай тұра тұр. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Өй, айтса да жаңа ғана «бақыттымын, бүгін өлсем де арманым жоқ» деп жатқан кім еді, а?!


– Ой, мен саған ең қызығын айтпаппын ғой. Кеше кинодан кейін шығарып салдым періштемді!


– Содан? Сөз салдың ба?


– Содан, қыздарына да рахмет, бөлек қалдырды бізді. Үйлеріне жеткенше біраз әңгімелестік. «Сөз айттың ба?» деп қоясың, әрең дегенде тіл қатып, буын-буынымнан әл кетіп, әзер дегенде жеткізіп салсам. Сол бес-алты минуттың ішінде бар ғой мен өң мен түстің арасында ма?.. Жоқ, жоқ. Осы бүкіл сүрген ғұмырымдағы ең тірі, иә, ең тірі күйде болдым! Ең бір... Қысқасы ең бақытты сәтім сол болды, сенсең! Кино жайлы, ауа райы жайлы, оқу жөнінде, сондай бір қарапайым нәрселерді айттық... Ақай, бар ғой, бірақ біз бір өте маңызды нәрселерді айтқан сияқтымыз! Иә, иә! Әсіресе үндемей қалып, бір-бірімізге ұрлана қараймыз деп, жанарларымыз ұшырасып қалғанда... Иә, Ақай! Дәл сол сәтте біз кө-ө-өп нәрсені айттық-ау! Маған солай сезілді... Өйткені бар ғой Ақай, дәл сол ұшырасқан сәттегі оның жанарының жарқ ете қалғанын көрсең ғой! Ой, ғажап-ай! Өнебойым тоқ соққандай «дір» ете қалды... Сол сәтте мен оны басқаша көрдім... Қалай айтсам екен саған?! Сол сәт ол біртүрлі нұрлы болып кетті... Иә, нұрға малынып тұрды менің періштем! Мен бар ғой, Ақай, сол бір сәтке ойланбастан бүкіл өмірімді қиятын едім, керек болса! Ғажап болды! Ғаламат болды ғой, досым-ау! Сол үшін де мен бақыттымын! Түсініп тұрсың ба?!. Содан кейін үйіне кіріп кетті періштем менің. «Мас» болған күйі үйге келіп түнімен ұйықтамадым, Ақай. Ұйқым келмейді. Жылап алдым. Күлем одан қалса. Өлең жаздым (кейін көрсетем). Саған жетуге, бойымды кернеп тұрған сезімімді бөлісуге асықтым ба-ау? Қойшы, атар таңды көз ілмей қарсы алдым. Міне, таң атпай саған келіп тұрған себебім сол, Ақай. Уһ-һ...


– Айтарым жоқ, Бекебас. Сен бақытты болсаң, мен де бақыттымын ғой! Келші тағы бір құшақтап қояйын.


Бекен содан бастап гүлдей берді. Онсыз да достардың таусылмас әңгімесі таңды таңға ұратын болды. Баяғыдай Ақжандардың үйіне Бекен, Бекеннің үйіне Ақжан талай түнеді. Бекеннің айтатыны «періштесі» жайлы, Ақжан да досымен қоса қуанып, қоса өкініп, қызыға, құмарта тыңдайтын. Бір-бірін ынта-ықыласымен тырп етпей тыңдау – олардың бала кездерінен қалыптасқан әдеттері-тін. Біржан пен Ербол бұл сырлардың бәріне қанық бола алмады, олар үй-іштері азын-аулақ мал ұстағандықтан, көбіне ат үстінде жүретін.


 


Жаздың жұлдызы жамыраған жаймашуақ түнінде Бекен келді жайнаң қағып жан досына. Ақжан ай жарығымен ауыл шетіндегі қорықтарында шөп шөмелелеп жүрген.


– Ассалаумағаләйкум! – Уағалейкумуссалам!


– Ақай, ха-ха! Мен тағы да өлуге дайынмын!


– Ойдойт деген! Сен-ақ осы қуансаң, өле салғың кеп тұрады екен!


– Ақай, шын мәнінде менің қуанышым қойныма сыймай тұр! Бұл рахатқа мына дене тар сияқты, не жарылып, не тастап ұшып шығып кететін сияқты боп тұр емеспін бе?! Әйтпесе қайдағы өлім, қайта мына жарық дүние маған бұрынғыдан мың есе ыстық, мың есе жарық боп тұр ғой қазір! Ха-ха! Күресесің бе, а?!


– Қой-ей, Бекебас! Әншейінде берілмейсің, мұндай кезіңде адам шақ келе ме саған?! Ғашық адаммен күресіп мені жын ұрды дейсің бе?


– Сен де ғашықсың ғой! Кел деймін бері! Әйтпесе жарылып кетермін қазір! Шық, жігіт болсаң!


– Өй, бала! Қазір қабырғаңды қаусатып, жұлдызыңды жамсатып жіберейін мен сенің!


– Кел, кел! Комон, комон! Арқаңды жер иіскетейін! Әуп!


Алыса кеткен екі дос ары алысып, бері алысып, ақыры ума-жума күйлері бір жамбастай арықтың жиегіне кеп жығылды. Бірін бірі аударып тастамақ боп біраз тырысып көрген соң, екеуі де бір сәтте қолдарын жазып жіберіп, қарқылдай күлісті.


– Иә, батыр, айт енді жаңалығыңды. Сөйлейтіндей қалыпқа кеп қалған боларсың? – Еһ, Ақай. Мен бақытты екенмін! Тфә-тфә. Бүгін... Тапшы ал досым болсаң!


– Хе-хе, бағана-ақ тауып қойғам. – Ал, айтшы!


– Сен бүгін... жауап алдың «періштеңнен»! – Ха-ха! Разымын Ақжан! Әкел қолды! Иә! – Бақытың баянды болсын, Бекебас!


– Рахмет! Рахмет, Ақай... Ыһ-ыһ...


– Өй, мынаны қара! Өй, әкеңнің баласы... ыһ-ыһ... Екеуі құшақтасып отырып бірге жылады.


– Ақай, мен тағы да қорқып отырмын... Мен бар ғой егер Шырыннан айырылсам шынымен-ақ өлетін шығармын. Әй, шыдамаймын-ау!


– Бекебас, білесің бе? Мен де кейде сондай сезімде болам. Маған да Балқыздан айырылсам, онда өмір жоқ сияқты көрінеді. Қызық, ә? Кейде «менікі не жорық» деп ойлаймын. Ол қыз маған жауап берген жоқ. Артынан жүгіріп мен жүрмін әйтеуір... Аузымен «Жігітім бар» деп қояды да, көзімен «кел» деп тұрады. Түсінбеймін... Кейде құлазып кетем, кейде өзімді сұмдық бақытты сезінемін...


– Е-е, Ақай, «сабыр түбі – сары алтын» демей ме? Күндердің күні жауап берер. Беруге тиіс қой! Ақымақ екен ол қыз! Сен ренжіме. Егер мен қыз болғанда саған ойланбастан жауап берер едім. Оллаһи!


– Ал, мен саған өзім сөз салар едім, егер қыз болсам. Ха-ха!


– Ха-ха! Адам дегенің қызық-ә, шынымен. Күліп отырып жылай салады, жылап отырып күле салады. О, тоба! Ақай деймін да, «Шын сүйгендер қосылмайды» деп неге айтты екен аталарымыз? Қорқам...


– Жақсыға жорысай, Бекебас. «Қосылғандардың бәрі бірін-бірі сүймейді екен» деп кім айтты? Бар ғой! Бар! Тіпті көп – қосылғандардың ішінде бірін-бірі сүйетіндер. Бұйырса, дүрілдетіп тұрып той жасаймыз! Кім сендерге кедергі жасайды? Ешкім. Жабылып жүріп бірдеңе қыламыз, Бекебас, қорықпа!


– Мен сол «Бұйырған кетпейді, жүгірген жептейді» деген сөзден де қорқам ғой. Бұйырмаса, ойбай-ай, жаман-ай! Түу-у, қандай қорқынышты! Онда қайтеміз, а? Сонда деймін-ау, кім бұйырады? Бұйырту кімнің қолында?


 


– «Құдай» дейді ғой үлкендер, бір күш бар ғой әйтеуір. Бірақ, ол қандай күш? Қайда? Қалай басқарады? Ешнәрсе де түсінген жоқпыз ғой әлі...


– Иә... «Қуаныш пен қайғы – егіз» деген де бар... Ойлай берсең, ой да көп, уайым да көп қой. Ең бастысы, қосылсақ екен! Бір-бірімізге осыны тілейікші, Ақай!


– Сөз бар ма, Бекебас! Қосылсақ екен! Әумин! * * *


– Ақжан, шәй іше ғой, балам, – деп Алтынсара тәте оған күле қарағанда, селт ете түскен Ақжанның ашаң жүзі лып етіп қызара қалды.


– Ішіп отырмын, тәте. Рахмет.


– Әкел шыныңды, ыстық-ыстық ішіп отырсаңдаршы, шырақтарым. Суып қалған шәй – шәй ме екен? Алып отырыңдар, қарақтарым. Ақжан, балам бір жерің ауырып отыр ма? Өңің сынық қой.


– Жоқ. Жәй, әншейін. Басым кішкене дыңылдап тұрғандай. – Дәрі ішесің бе, қарғам?


– Жоқ, тәте, рахмет. Басылып келе жатыр.


Осы арада қолындағы сағатына қараған Бекен:


– Мама, мен қарагерді тұсап келейін. Қазір келем, отыра тұрыңдар, – деді де, далаға шығып кетті.


– Жайырақ жіберсең де болар еді... Жарайды, – деген мамасы Бекеннің достарына ыңғайсыздана қарап қойды да, сыртқы есік жабылған соң орамалын түзетіп, дауысын төмендетіп, бұларға былай деп ақтарылды:


– Осы қарағымды тым еркелетіп өсірген екенмін... Соңғы кезде біртүрлі боп, өзіне өзі сыймай жүр... Сендер достарысыңдар ғой, ел аузынан естігенше, өзім айтып берейін... Бір күні ботам менің арсалаңдап қатты қуанып келді көшеден. Мойыныма кеп асылып, еркелеп, бетімнен сүйіп, еліріп кетіпті тіпті. «Ой, пәтшағар, не болды соншама?» деймін ғой баяғы. Сөйтсем, «Мама, маматайым менің! Үйленейінші!» дейді. Сасқанымнан: «Кімге, құлыным, кімге?» дей беріппін. «Шырынға, Нұрбақыт ағаның қызына» дегенде, «Ақсарбас! Ия, Құдай, ақсарбас! Болды, ботақаным сол! Маған одан артығының да, ол қыздан басқа келіннің де керегі жоқ!» деп қуанғанымнан есім шығып, әрі-бері жүре беріппін ғой... Кешке әкесіне айтып едім. Ол байғұс тіпті дәлдіреңдеп кетті. Содан жақында, бір айдай болды, Жекен екеуіміз «Аға мен Сағира тәтенің алдынан өтейік» деп бардық... Уһ-һ... Құдіреттің күштісі-ай... Содан барып ниетімізді айттық. Мен тегі олай болар деп ойламап едім... Уһ-һ!.. Сағира тәте ер-тоқымын бауырына алып, жатып кеп туласын: «Қызым жас» деді, «оқуы керек» деді. Дұрыс қой онысы, «Оқытамыз, қайтсек те» деп айтайын десек, дес бермеді. ««Дос, дос» деп жүріп, қара мұның бәлесін» дей ме, «алдап жүрген екен ғой» дей ме? Құдай-ау, қысқасы, жердің үстімен барып, астымен қайттық қой... Е-е, ол кісілердікі де жөн шығар, кім біледі?.. Әйтеуір орайы келмеген, қиюы қашқан іс болды... Білмеймін. Бұйрық жоқ па әлде?.. Алла біледі ғой бәрін... Иә... Уһ-һ, жаным-ай... Содан бері қарғамның көңіл-күйі бұзылды, азып кетті кәдімгідей. Ішетінді шығарды... Талай рет ұрыстым да өзін ит терісін басына қаптап тұрып. «Болды, мама, ішпеймін енді» дейді де, жүріп-жүріп ішіп алады бір күні. Түнде ғана удай боп келіп тұр... Уһ-һ... Қиналып жүр құлыным... Әкесінде ғой тегі үн жоқ. Меселі қайтып көрмеген сорлы өзінен өзі төменшіктеп қалды ма?.. Солай, балаларым. Сендер досысыңдар ғой, ана Бекенге батырып-батырып айтыңдар. Ішпесін құрғырды. Осы жасқа дейін ішпей, енді жігіт болғанда... Ол осалдық болады, ақымақтық болады, қарғаларым. «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді». Жанымыз аман болса, бәріңе шекесінен шертіп жүріп бір-бір «мынауский» деген қызды алып береміз әлі! Иә-ә... Дегенмен оңай емес екен...


Осы кезде Бекен де қайтып кірген еді. Алтынсара тәте әңгіме ауанын өзгерте қойды.


– Алсаңдаршы, өй жүгермектер, көл тұрмақ бір шәугімді де тауыса алмадыңдар ғой. Қай жаққа қоя бердің қарагерді, құлыным?


 


– Өзен жаққа.


– Дұрыс қылыпсың. Әкең кешікті ғой, а?


– Мама, балалармен бірге шығып қайтайын? Біржағы әкемнің де хабарын білермін.


– Жарайды, достарыңмен бой жазып қайта ғой, қарғам. – Тәте, жақсы. Рахмет сізге.


– Тәте, бәрі жақсы болады.


– Сау болыңыз тәте. Жақсы түс көріңіз.


– Аман болыңдар, қарақтарым. Жақсы, жақсы.


Бекеннің не үшін ішіп жүргенін түсініп қалған Ақжан досының жан-дүниесіндегі күйіктің отын сезіп үлгерген. «Е, бәсе, осы екен ғой. Әй, Бекебас-ай, арақтан жұбаныш іздегенің не? Осы көп кісілердің бірдеңе бола қалса, араққа жүгіретіні несі?.. Іші-бауырың езіліп, таяныш таппай жүр екенсің де, досым?.. Бірақ сонда мені, жандосыңды боқтап қуалау керек пе еді?! Менің жазығым не?! Бұның дұрыс емес! Кешірім... Кешірімді олай сұрамайды. Әсіресе, достан олай сұрамайды... Ол да жылады ғой, а? Жылады... Бірақ тез тиылды... Құшағы салқын болды-ау... Иә, иә, бұрынғыдай толқын да ұрмады... Ішінде жаны жоқ бос кеудені, сезім жоқ, жүрек жоқ кеудені құшқандай болғаным қалай?.. Бойым да, ойым да сергімеді-ау... Дастархан басындағы түрі де өкінген адамнан көрі өзінікін жөн көрген, «маған бәрібір» деген ойдағы адамның түрі ғой... О, тоба! «Махаббаттың күйігі» деген осы ма? Бірақ, менің қандай жазығым бар?! Сонда «қыз-қыз» деп досын ұмытуы керек пе?! Менің, жандосының қыз құрлы құным, қадірім болмағаны ма?! Бағанағы көз қысу мен күлкінің жиіркеніштісін-ай! Қазір тағы сөйлесу керек...» Бойын өкпе-реніш пен аяушылық, таңдану мен шошыну қатар билеген Ақжан далаға алабұртып шықты да ананы айтып, мынаны айтып дабырлап бара жатқан достарына үнсіз ілесе берді. Үйден сәл ұзағаннан кейін-ақ Бекен:


– Достар, менде ұсыныс бар, Ақайдың келгені бар, татуласқанымыз бар, сынып тұрған бастың емі бар және бәріміздің көптен бері бас қосып отырғанымыз тағы бар, қысқасы, бір шиша алып атап өтейік. «Сабразға» қалталарың бос болса онда мен-ақ көтеріп алдым мойныма! Достар үшін жан құрбан! – деп бір-ақ қайырды. Сөздерінің жалған шыққанын, әсіресе соңғы ұранының тым-тым жалған екенін Ақжан анық сезіп, бойы мұздап сала берді.


– Ақай ренжіп жүрмесе, – деп Ербол тартыншақтағандай болып еді, Біржан:


– Бекеннің басы ауырып тұр екен енді...Ақай түсінеді ғой. А, Ақай? – деп жұмсақтай берді.


– Жаңа ғана тәтем не деді? Ішпей-ақ қойсаңдар болмай ма? – деді Ақжан ренішті үнмен.


– Ішпей-ақ қояйықшы, – деді Ербол бірден.


– Ақай сен ренжіме, Бекеннің басын жазу керек. Уды у қайтарады. Сен түсінбей тұрсың оның жағдайын. Оны тәтем де түсіне алмайды.


– Сен түсініп тұр екенсің ғой, сонда?


– Иә. Хе-хе. Бізді күнде ішіп жүр ғой дейсің бе? Осындайда түсінбесек досымызды қашан түсінеміз? Хе-хе.


– Бәріміз өзіміз үшін жауап беретін жасқа келгенбіз. Жігіт болдық емес пе? Әрі-беріден кейін сыйластықта қинастық жоқ. Әркім өз білгенімен жүрсін! Сендер ішпесеңдер өзім-ақ алып ішем, жігіттер. – Бекеннің дауысы қатқыл шықты.


«Тағы да «жігіттер», «өз жөнімен»... Мен несіне мәймөңкелеп тұрмын ей? Бопты онда! Өй, достың қадірін білмейтін шіркіндер!..»


– Ақай, давай ренжіме. Ей, Бекебас тоқта, – деп, кілт бұрылып кетіп бара жатқан Бекеннің артынан ұмтыла берген Біржан: – Ербол жүрмейсің бе? – деді.


– Жоқ, мен Ақайды шығарып салайын.


 


«Арақты достан, дос тілегінен артық көріп... Өй, құрысыншы бәрі! Шынымен осылайша бәрінің біткені ме? «Достық», «жандос», «уәде» – бәрі бекер болғаны ма?.. Қасиет тұтар не бар өмірде сонда?.. »


– Ақай, жүр, жүрейік енді, – деген Ерболға мойын бұрған Ақжан: – Иә... Жүрейік, Ербош, – деп басы салбырап ілесе берді.


– Ақай, сен ренжіме. Бекенге қиын боп жүр. Өзі өзгеріп кетті біртүрлі. – Менің жазығым не?


– Мен де түсінбеймін, Ақай... Бізге «ішетін болыпты» деп өкпелеп жүрсің бе? Анда-санда ғана ғой. Оның үстіне ішпесең болмайтын кездер болады. Кейде ыза болғанда, шаршағанда азырақ ұрттаймыз. Сонан соң той-томалақта ғана ішеміз ғой... Бұның жақсы жақтары да бар.


– Біріңнің аузыңа бірің түкіріп қойғансыңдар ғой деймін. Уәде қайда?!


– Уәде... Өмірдің өзінің заңдылықтары бар екен, Ақай. Бала кезде басқаша көрінген нәрселер, қазір басқаша...


– Жарайды, Ербош. Естігем бұл әләуләйды. Бағана Біржан айтқан. Арақты ақтауға келгенде философ болып кетеді екенсіңдер... Көріңдер... Ары барып әуре болмай-ақ қой, рахмет. Тастап кетпей бірге жүргеніңе рахмет. Ал, жақсы.


– Жақсы. Ақай, ренжіме.


– Ренжігеннен не пайда, Ербош. Жақсы түс көр. – Ақай, давай.


«Достық... Уәде... Көңіл... Бәрі де жалған ба? Сұмдық-ай! Бәрінің өтірік болғаны ма?.. Араққа келгенде бір ауыздан... Ал менің, достың көңілі – нөл... Сенген, сеніскен достарымның сиқы мынау болғанда... кімге сенем?! Неге сенем?! Махаббат... Мүмкін ол да өтірік шығар?.. Біреулер айтпақшы, «Тұқым жалғастыру үшін жасалған табиғаттың қулығы» шығар... Бақыт? Не ол өзі бақыт деген?.. Жамандық қайдан шығады?.. Жанымнан артық көрген досымның түрі – анау... Бәрі өтірік пе?.. Қайтіп өмір сүрсем екен, а?! Дос жоқ болса, махаббат жоқ болса... Өмірде не мағына қалды онда? Өмірдің мағынасы, мәні неде?.. Кімге сенем, кімді сүйем? Қалай сүйем? Ой, Құдай-ай!.. Сол Құдай өзі бар ма?.. Ій-й-й... Қандай жаман! Қорқынышты... Адам адамға шынымен қасқыр ма?.. Құрысыншы бәрі! Тоңғаным-ай! Тезірек үйге барайыншы. Бекен... Бәрі өтірік... Қандай сұрқай еді мына өмір!.. Өліп алсам ба екен, а?!. Тәтемді, ағамдарды қайтем?.. Тәте, мен жалғыз қалдым ғой, жалғыз... Ой, сұмдық-ай...»


Түннің       салқынынан емес, жүрегін құрсаған сезімнің ызғарынан қалшылдап кеткендей болды. Дәл осы сәтте күні бойы түнеріп тұрған аспан «шарт» ете қалды да күркірей жөнелді. Жарқ-жұрқ ете қалған найзағай түн қараңғылығын тіліп өтіп, айналаны жап-жарық қылды да тына қалды. Тастай қараңғылық қайта орнады. Найзағай ойнағанда селк ете түсіп, еріксіз «Біссімілдә!» деген Ақжан өз сөзіне өзі мырс етті де, артынша еңірей шыққан даусын қолымен басып, тұншыға жылады. Сіркірей құйылып, әп-сәтте айналаны көл-көсір еткен жаңбыр суы Ақжанның көз жасын шайып жатты...


* * *


Сол түні Ақжанның бойында өзі түсіне алмаған бір нәрсе өшкен еді... Ол таңертең оянғанда, әдетінше атып тұрып кетпей, бойын зіл қып басқан белгісіз бір салмаққа көнгендей ұзақ жатты. Сапырылысқан ойлар санасында қайта бас көтеріп, жүрегі шаншып-шаншып кеткен ол сұрықсыз сезімнен құтылғысы келгендей көзін қайта жұма қойып еді, бәрібір болды. Ұйқының келмесін, ойлардың кетпесін, өз сезімін өзі жеңбесін түсінген ол төсегінен сүйретіле түрегелген бойы айнаға жақындап келіп, өз бейнесіне жаңа көргендей үңіле қарады. Қалың қара шашы ұйпа-тұйпа екен. Саусағымен салалап реттеп қойып, қайта көз тікті. Ашаң жүзі бозарып, көзінің асты көлкілдеп, беті сопайыңқырап, екі ұрты суалып қапты. Әншейінде күлімдеп, сәуле шашып тұратын қой көздерінің нұры бәсеңдегендей, біртүрлі, өлген қойдың көзіндей, өлеусіреп тұр. Өз сұрынан өзі жиіркенгендей кейін шегінген Ақжан киініп болған соң, далаға шықты. Жаңбыр басылып, күн шайдай ашылып, айнала жайнап тұр екен. Ол жаңбырды,жаңбырдан кейінгі шаңынан арылып, айқындалып, құбылып, құлпырып кететін табиғат сұлулығын тамашалауды жақсы көруші еді. Мына тұрысында сол сұлулықты көре алмай тұрғанына, бей-жай күйіне таңырқағандай болды да, қолын бір-ақ сілтеді. «Табиғат... Сұлулық... Онда тұрған не бар? Қойшы...» Беті-қолын жуып, селқос сүртініп тұрған, түбі жоқ ойлардың шырмауындағы Ақжанды «Ақай аға, сізге шәй ішсін дейді апам» деген ағасының үлкен қызы Зейнептің саңқ еткен даусы селк еткізді. Қараса, жаздық сарайдың есігінен басын шығарып, жымия күліп әлі қарап тұр екен қарындасы. Үйге кірген Ақжанды тәтесінің назды да ренішті үні қарсы алды. Ағасы, жеңгесі, інілері мен қарындастары – барлығы отыр екен.


– Құлыным-ау, қайда жүрсің? Кеше «сен келеді» деп соймай жүрген қойды сойып, етін асып қойып, түннің бір уағына дейін тостық қой өзіңді. Оу, ботам-ау, елмен бірге отырып ыстық ас ішсең, бірдеңе бола ма, а? Қашан келсең, сол: тамақ ішерде «Ақжан қайда?» – «Көшеге кетті, достарына кетті». Бірге отырып, тамақтанып алғаннан кейін де барсаң болады ғой, қарғам. Өзің де «қала-қала» деп азып-тозып кетіпсің. Әй, қарғам-ай... Әй, қыз, ет-сорпаны ысытып әкеле ғой, ағаң ішсін.


Ағасымен амандасып, іні-қарындастарының басынан сипап, жозының бір шетіне үнсіз келіп жайғасып жатқан ұлына көз тоқтатқан ана:


– Құлыным-ау, сенің бір жерің ауырып жүр-ау осы. Қабағың кірбиіп, көзіңнің алды ісіп кетіпті ғой, а? Жасырмай айтсаңшы, қай жерің ауырып жүр, қарғам? – деп, қайта бәйек болып кетті.


– Жәй, басымның дыңылдап тұрғаны, тәте. Түнде суық тиіп қалды ма екен?


– «Көшеге шықпа, шықсаң да жылы киініп шық» деп бекер шыр-пыр болады дейсің бе? Әй, құлыным-ай. Қәне, тіліңді көрсетші. Е-е, кішкене сарғайып қалыпты. Ішіңнің ыстығы артқан ғой, қарғам. Қалада қай бір жетіскен тамақ жеп жүрмін дейсің. Сол кешке дейін бірдеңені шыжылдатып-шыжылдытып қуырып жей сап, жүре бересіңдер де. Анда-санда еттеріңді асып, сорпалы тамақ жасап ішпейсіңдер ме? Әй, сол қалаңа бармай-ақ қойшы, қарғам... Балқия, жапқан компотыңның бірін алдыршы. Қазір сорпаның артынан ішіп алсын құлыным. Айналайын ботам-ау, тамағыңды ішіп ал да, жатып деміңді ал. Жұмыс мына інілеріңнен де артылмайды. Өй, ол қараң қалғыр, тірлік бітеді дейсің бе? Қарныңды тойдыр да тырп етпей жатып, дем ала ғой, қарғам. Ана жолғыдан да азып кеткенбісің өзің...


Бірдеңе дейін десе, тәтесінің айналып-толғанғанынан буыны босап, өңешіне өксік тіреліп отырған Ақжан «көзімнен жас шығып кетер» деп тістенген қалпы әрі анасының басқалардың көзінше өзін жеке дара бөліп алып, еркелетіп, есіркеп отырғанына қысылып, үнсіз ғана ауқаттанды да, тәтесінің таласуға болмайтын нұсқауы бойынша үлкен үйге қайта кіріп, кітабын құшақтап жатып қалды. Түске дейінгі уақытты өзін зорлап, кітап оқып әрең өткізген оны түскі астан кейін тәтесі қоярда-қоймай тағы жатқызып қойды. Ішке түскен ыстық ас пен жылы төсек, анасының мейірі босаңсытқан әрі тежеусіз ойдан шаршаған Ақжан біраз қалғып кетіп, қайта оянған. Шым-шытырық түс көрді, есіне түсірейін деп тырысып көріп еді, болмады. «Не істесем екен?» деп ойлауы мұң екен, «Маған жауап тап, маған жауап тап» дегендей, әсіресе кешеден бері шөжелеп көбейіп кеткен сансыз сауалдар санасын басты да қалды: «Достық... Сенім... Махаббат... Бақыт... Мән... Мағына... Өлім... Құдай...» Сауалдардың салмағына шыдамаған Ақжан атып тұрды да, ауа жетпегендей далаға асықты. «Жуынып сергімесем, болмас» деген шешімге келген ол, інісіне от жағып, су ысытуға бұйрық берді де, бой сергітер дене жаттығуларына кірісті. Жуынып алған соң домбырасын алып, біраз ыңылдап көріп еді, оның да қиюы келе қоймады. Домбыраны құшақтап не істерін білмей отырғанда «Аға маған үйретіңізші» деп «қарабай» інісі Айбек пен ақсары өңді қарындасы Зейнеп кіріп келгенде, ештеңеге зауқы соқпай отырса да, ермек табылғанына қуанып кеткен ол екеуін әбден мыжыды. Бара-бара уайым-қайғысын да ұмытқандай болып, жүзіне қан жүгірді... Одан соң далаға шыққан Ақжан таза болса да ауланы сыпырды; баққа кіріп алма жеді; үйге кіріп теледидар көрді. Сөйтіп жүріп кешті де батырды-ау. «Кеше ауырып көңіл-күйі болмай тұрды ма екен? Қазір кеп қалар.. Біреуі болмаса біреуі келер...» Ит үрсе елеңдеп отырған Ақжан ақыры шыдамады, Біржанның үйіне тартты. «Битке өкпелеп тонымды отқа жақпайын, бар ойымды ортаға салып ақылдасайын» деп бекінген ол бойына ширақтығы қайта оралғандай адымдай басып келе жатып, терезеден Біржанды байқап қалып, «Жақсы болды, үйде екен; қызықпын-ей, несіне құры өкпелеп, кінәлай берем? Қиыншылыққа құлай кетпей, қайта бірігіп, шығатын жол іздеу керек емес пе?» деп өзін-өзі қайрап, қайраған сайын қайраттанып келе жатқан. «Сыртта емін-еркін сөйлесейік» деп шешкен Ақжан ысқырып белгі берді. Шыққан Біржанның қарындасына ағасын шақырып жіберуін өтінді де, күтіп тұра берді. Бірталай күткен, «киініп жатқан болар» деп ойлап тұрған оны, досының қарындасының қайта шығуы таң қалдырды. Бұйрабас қара қыз есіктен басын шығарды да:


– Аға, ағам жоқ екен үйде, – деді қызарақтап. Бала көңілдің өтірік айтқанына ұялып тұрғанын түсінген Ақжан балдырғанды одан ары ұялтқысы келмей:


– Иә, иә. Келсе, мені «келіп кетті» деп айта ғой, – деді де бұрылып жүре берді. «Тығылғандай болғаны несі? Ой, сұмдық, достан тығылу! Бұлар өзгерген екен... Бекен анау, Біржан мынау... Өй, осы мен неге жармасам бұларға, а? Олар мені «дос» деп санамайтын сияқты ғой... «Дос» дегеннің кім, «Достық» дегеннің не екенін басқаша қабылдай ма, қалай? Бекеннің мамасы: «Әй, қосжүрек, достықтарыңды есейгенде көрем сендердің; үйленгеннен кейін көрем достықтарыңның қаншалықты екенін; қазір баласыңдар, көңілдерің таза, уайымдарың жоқ, кейін көреміз әлі: әгәрки сақтай алсаңдар, онда сөзім жоқ (ылайым солай болсын); бірақ талай «доспыз» дегендердің әуселесін көрген мына бас қаупін айтады да... Тату болыңдар, күндерім» деп еді-ау бір кезде... Біздің де жеткен жеріміз осы болды ма? Не боп барады өзі?.. Қап, мына Біржанның қорлығы-ай! Менің тегі қадірім қалмапты ғой ешқайсысына... Достықтың қадірі қалмаған екен... Жоқ әлде, «Дос» деп, «Достық» деп күйіп жүргенім – тек менің қиялым ғана мекен, а? Тәтем де: «Құлыным-ау, елдің бәрін өзіңдей көрмесеңші, опық жейсің бір күні» деп ескертіп еді-ау? Сонда менің қиялым ғана болғаны ма? Жо-жоқ!.. Онда неге Бекен шын кешірім сұрамайды? Неге Ербол әлі іздеп келмеді? Неге Біржан тығылып қалды?.. Қап, мына Біржанның қорлығы-ай! Қап!.. Мен неге күйінем а соншама! Оларға бәрібір болса, маған да бәрібір! Болды! Бітті бәрі! Өзімді өзім мүжи бермей, тыныш қана жүрейін бұдан кейін... Әй, бірақ, «бәрібір» деп жүре алмаймын ғой... Қайтсем екен? О, тоба...». Өз ойымен өзі алысып тынши алмаған күйі үйіне кіріп келген Ақжанды көріп, інілері шу ете түсті


– Ақай аға, мына есепті шығарып беріңізші. – Ақай аға, ертегі айтып беріңізші.


– Жоқ, қалада көрген қызық киноны айтыңызшы.


– Әй, жүгермектер, тоқтатыңдар шуды. Алдымен тамағын ішсін де. Келе ғой, құлыным, тағы қайда барып келдің? Бір демнің арасында жоқ боп кеттің ғой. Ағаң мен жеңгең қонаққа кетіп, мына шуылдақтармен алысып отыр ем. Жақсы келдің, ешқайда бармай-ақ қойшы, ботам. Келсең болды үйге тұрмайтының не? Әй, далабезер болып кетесің-ау осы. Мен болсам сені «Қашан келеді екен, ботақаным» деп, екі көзім төрт болып күтіп, сағынып жүрсем, келесің де көшеге кетесің. Әй-әй, «Ананың көңілі – балада, баланың қөңілі – далада» деген рас екен ғой. Қайтейін, құлыным, қайтейін... Өңің қашып кетіпті ғой тағы. Өй, қарғашым, құлыным сол! Балапаным, ботам сол! Өй, айналайын қошақаным!


Осылайша кенже ұлын айналып-толғанып жатқан қайран ана сөзін кілт тиып, көзі алақандай болып тұрып қалды. Өйткені, ұлының көзінен тарам-тарам жас саулап жатыр еді. Ағаларының жылап жатқанын жаңа байқаған іні-қарындастары да состиып-состиып тұрып қалысты. Қолындағы орамалын тастай бере ұмтылған ана ұлын құшақтай алып, бауырына басты да, басын сипай берді.


– Құлыным-ау, құлыным, неге жылайсың, а? Не болды, ботам? Неден қиналдың, а? Біреу тиісті ме? Айт, айтшы маған! Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін! Сенің жылағаныңды көрмесем екен деп күндіз-түні Құдайдан тілеу тілеп жүр емеспін бе! Жылама, құлыным, жылама! Жігіт адам осындай бос бола ма?.. Е-е, менің алдымда жыламағанда, кімнің алдында жылайсың енді? Е-е... Жылай ғой, ботам, жылап ал. Е-е... Сезбейді дейсің бе?.. Жылап ал, құлыным, бойың жеңілдесін... Ой, Аллам-ай, алдынан жарылқа ботамды... Болды, болды, балам. Қоя ғой, құлыным. Уһ-һ... Әй, қарғаларым, ағаларыңның тілін алып жүріңдер мақұл ма?


– Мақұл, апа, мақұл...


* * *


Ертеңінде, кеш бата берген кезде, інісі «Бекен аға сізді шақырып тұр» дегенде қуаныш пен үміттің сәулесі санасында жарқ еткен Ақжанның көңілі, ат үстінде теңселіп тұрған Бекенді көргенде, су сепкендей басылды.


– Қалайсың, Ақай? Кеп қалдық. Ыһ-ыһ. – Қалай, Бекебас? Үйге кір.


– Жоқ, Ақай, ападан ұят болады, ыһ-ыһ. – Онда былайырақ барып сөйлесейік.


– Иә, сол дұрыс, ыһ-ыһ. Өй, әкеңнің, мына бір ықылық бәле болды ғой, ыһ-ыһ. Екеуі аяңдап шөп өсетін қорықтың аяқ жағына барды. Бекен аттан түсті.


– Иә, Бекебас, әңгімеңді айт.


– Не әңгіме бар дейсің, ыһ. Естіген шығарсың, ыһ. Шырыннан айрылдым, ыһ. Сол, ыһ-ыһ...


– Бекебас, меніңше сен әлі үзілді-кесілді айырылған жоқсың ол қыздан, үмітсіз – шайтан ғана. Бұл – біріншіден. Екіншіден: ішіп жүргенің – қателік. Арақ сені ешнәрседен де құтқармайды да, жұбатпайды да. Ал, үшіншіден: достықты қадірлей білу керек...


– Ақай, дұрыс қой, бірақ сен түсінбейсің, ыһ-ыһ. Шырынның мама-папасы отказ берді, ыһ. Өзі де, ыһ. Бақаштың әруағы кешірсе болды... ыһ. Ақай маған, ыһ... маған бәрібір қазір, ыһ... Мен өліп қалғам, ыһ... «Ақаң» ғана күш беріп, ыһ, тұр қазір, ыһ...


– Бекен, сен неге папаң мен мамаңды, әпке-інілеріңді, бізді ойламайсың? Ішпесеңші осы бәлені. Таста, атасына нәлетті!


– Ойлағанда не пайда... ыһ. Бәрі біткен... ыһ. Шырын – періштем еді ғой... ыһ. Ұшырып алдым періштемді... ыһ. Қазір қап-қара бірдеңкелер... ыһ. Түсінбейсің... ыһ.


– Бекен, неге сау кезіңде келмедің маған?


– Мен мас емеспін...ыһ. Сен не, мені мас деп, ыһ, тұрсың ба?! Ыһ... Тыйш,так-так,ой әкеңнің, ыһ, тыйш! (Басын шұлғып тұрған атының мойынынан салып-салып қалды).


– Бекен, сенің өстіп жүргенің кімге жақсы, а? Өзіңе ме? Жоқ, мамаң мен папаңа ма әлде бізге ме? Жоқ Шырынға ма?


– Ол бәрібір қарамайды, ыһ... Маған жақсы, ыһ, маған! Кеудесін керіп жүрген, ыһ, сүмелектерді, ыһ, орнына қоюға жақсы, ыһ. Саған ұнамай ма, ыһ?


– Ұнамайды, Бекебас. Сен достықты ұмытқан екенсің.


– Достықты... Ыһ. Мен бәрін ұмытайын, ыһ, деп жүрмін, білсең... ыһ. Давай! – Бекен, тоқташы. Бекебас?!


Қарагеріне қарғып мінген Бекен шаба жөнелді. Ақжан ауыр ойдың құшағында тұрып қалды. «Жар жағасы... Досым да, оның соңынан мен де сол жар жағасына жақындап бара жатқандаймыз... Не істесем екен?..»


Досымен сау кезінде сөйлеспек болған Ақжанның тілегі орындалмады. Бекен, Біржан бәрі тауға отын алуға шығып кетіпті де, оншақты күнсіз ауылға түспейтін болған соң, Ақжан амалсыз қату қабақ, қамырықты көңілмен Алматыға жүріп кетті. Әншейінде ауылды қимай-қимай, көлікке әрең мінетін ол, бұл жолы жоғалтқанын қаладан табатындай, ауылды жатсынған сезіммен аттанды.


Бұл кезең: әрі тәуелсіздік алып қуанып, әрі жұмыссыз қалып қуарып, байырғы мінезбен қолда барға жұбанып жүрген; тірліктің қамын, бала-шағаның нанын іздеп, ел-жұрттың, әсіресе жастардың қалаға ауған; ауылдағы көп үй қаңырап қалған әйгілі 90-шы жылдар еді. Ақжанның бір-екі жыл жұмыс істеп, колхоз тарап жұмыс тоқтаған соң, қалаға барып, жоғарғы оқу орнына құжат тапсырғанымен түсе алмай, қайта ауылға келіп кеткендегі бастан кешкендері еді бұл.


* * *


Қыс түскенше құрылыста, базарда, анда-мұнда жүрген ол жаңа жылға қарсы ауылға қайта келді. Қалада болған екі-үш айдың ішінде, сыртқы өмірі елеусіз өткен Ақжанның ішкі өмірінде үлкен өзгерістер, толқулар болып жатқан-ды. Ғұмырына бағдар, көңіліне тиянақ іздеп аласұрған жас жүректің ақиқат жолындағы сапары техникумда жүргенде басталған. Сабақ үлгерімі – жақсы, беделі – әжептеуір, қарыны – тоқ, көйлегі – көк балаң жігіттің алғашқы «оянуы» көшеде келе жатқанда болып еді. Абыр-сабыр адамдарға, ағылған көліктерге қарап, аялдамада автобус күтіп тұрған Ақжан жанында тұрған жіңішке, тарамыс денелі, орта бойлы, ашық дөңгелек жүзді досы Қайсарға:


–     Қайсеке, қарашы адамдарға, – деген жеңінен тартып. – Барлығы асығып, жанталасып қайда барады екен, а?


– Біреу жұмысқа, біреу үйіне, біреу сүйгеніне деген сияқты, әркім әр жаққа бара жатыр да, – деп Қайсар күліп қойды.


– Жоқ, Қайсеке, мен оны айтып тұрған жоқпын. Бәрінің баратын соңғы аялдамасын айтып тұрмын.


– Соңғы аялдама? Не туралы айтып тұрсың?


– Соңғы аялдама – қабір ғой, Қайсеке. Өлімді айтып тұрмын. «Мына тұрған кісілер соны біле ме екен, сол туралы не ойлайды екен?» деп тұрмын ғой.


– Ой, Ақжан-ай, сенде жоқ бәлені айтады екенсің, хе-хе.


– Қалай «жоқ бәле»? «Бар бәле» қайта. Ең анық, ешкім таласпайтын нәрсе – өлім ғой, біздің өлетініміз. Бір кісі айтқандай: «Адамның өмірге келуі – өлімге қарай басқан алғашқы қадамы». Солай емес пе?


– Солайы солай ғой, бірақ соны ойлап не керегі бар?


– Жоқ, Қайсеке, сен қателесіп тұрсың. Өзің ойлашы біз не үшін оқып жүрміз? – Мамандық алып, жұмыс істеу үшін.


– Дұрыс. Анықтап айтсақ, нан тауып жеу үшін. Яғни, сонша қиналып жүріп оқығандағы мақсат – қарын тойдыру. Мына кісілер де, біз де, бәріміз нан тауып жеу үшін, қарын тойдыру үшін жүрміз бе сонда жер бетінде?


– Енді, қызық екенсің сен. Солай ғой. «Ел-жұрттан кем болмайық» дейді... Ым-м, бала бар, «бала-шаға үшін» деп жүреді бәрі...


– Жоқ, сен түсінбедің, Қайсеке. Нан керек, киім керек. Дұрыс. «Бірақ өмірді сол жақсырақ киіну, тәттірек жеу үшін арнау керек пе? Мақсатымыз сол ғана ма? Жалпы жер бетінде неғып жүрміз?» деп тұрмын ғой. Олай болса, айуандар, аңдар бізден бақыттырақ сияқты.


– Қалай бақыттырақ?


– Өзің ойлашы, мақсат ішіп-жеу болса, олар шынымен бізден бақытты. Өйткені киімдері үстінде, тамақтары дайын. Ол үшін біз сияқты он-он бес жыл оқып әуре болмайды. Солай емес пе?


– Шынымен... Ой, Ақжан, таппайтының жоқ қой, хе-хе.


–      Қайсеке, сен күлме, ары қарай ойлашы. Мақсатымыз – ішіп-жеу болса, өлетініміз – анық болса, сонда не болды? Ақыры өледі екенбіз, неменеге сонша жанталасамыз: оқып, жұмыс істеп, қиналып, таласып. «Одан да тып-тыныш өле салса, жеңіл болмай ма» деймін дә...


– Қой-ей. Өле салғаны несі тағы?


– Жоқ, өлейін деп тұрған мен жоқ. «Өмірдің мақсаты сол ғана» дегенге көңілім онша толмай тұр ғой... Өзі өмірдің мәні неде? Неғып жүрміз біз? Қайдан келдік? Қайда барамыз? Өлген соң не боламыз? Соларды айтып тұрмын. Қалай өмір сүру керек? А?


– Ой, Ақжан қойшы. Сен тегі бәрін қиындатып жібердің ғой, әуелі! Оны ойлану керек.


 


– О, міне! Ойлану керек... Ойлану кере-е-к, Қайсеке!


Ол кезде Ақжан бұл сұраққа Сократ атасының берген: «Біз тамақ ішу үшін өмір сүрмейміз, өмір сүру үшін тамақ ішеміз» деген қарапайым да анық жауабын білмеуші еді...


Рас, бұл ізденудің ұрығы сонау атасы қайтыс болған жылы, бала кезінде салынып, Бақберді қайтыс болған кезде суғарылған еді. Бірақ оның тамыр жайып, қуаттануы осы күннен кейін анық басталған-ды.


«Неге?» деген сұрақ Ақжанның жан-дүниесін жаулап, миына шеге болып қағылды. Ол өзіне, айналасындағы адамдарға, үлкендерге – бәріне сынай қарайтын әдет тапқан-ды. Жан-дүниесін қопарып, ұғымын шайқап, сенімін сетінетіп, көңілін құлазытып, жүрегін мұздатып кеткен әлгі оқиғадан кейін, іздену оның мұраты, ойланып жүру өмір салты болып берік қалыптасты. Сол оқиғадан кейін ол өзінің адам баласына толық сене алмайтын, секемшіл, тұйық, немкеттілеу бола бастағанын сезіп, сезсе де одан арыла алмай, өзімен-өзі арпалыста жүретін болды. Ол кейде өзінен-өзі сұмдық құлазып, бәрінен жерініп, дүниеден безініп, бедірейіп, құр сүлдері ғана қалатын. Ондай сәттерде ешкіммен араласуды қаламай, оңаша қалуды қалайтын. Ақжан бойын билеген бұл сезім-күйден сескенетін әрі өзінің жан-дүниесін, ондағы құбылыстарды түсіну үшін де тоқтамастан ізденуде еді. Міне, осындай халде ол анасын, бауырларын сағынып, достарының тағдырына алаңдап, жаңа жылды қарсы алуды сылтауратып, ауылына келген еді. Келе сала іздеп барып, Ербол мен Біржаннан Бекен жайлы көп жайға қанықты. Одан бұрын да шет жағасын қалада жүріп ұзынқұлақтан естіген болатын.


Ішіп жүріп, ақыры сөзге келіп Ерболмен де, Біржанмен де араздасқан Бекен «шабашкада» бірге істеген Ескермес деген жасы үлкен жігітпен «дос» болып жүр екен. Ауылда ол сүзіспеген «қошқар» қалмапты және бәрінің дерлік «мүйізін сындырыпты». Ақжанды толқытқан, абыржытқан ең сұмдық жаңалық Бекеннің өлмек болған әрекеті еді. Оны Ербол айтып берді: «Өзің білесің, Ақай, Нұрбақыт ағалардың Шелек жаққа көшіп кеткенін. Бекен екеуіміз барып жүктерін басуға көмектестік. Бекен ішуін қойып, сені ренжіткеніне қатты өкініп, уайымға бір салынса, «періштесін» ең құрығанда көріп тұру бақытынан айырлатынын естіп, қайғыға екі батып жүрген кезі. Содан жүк буысып жүріп мен Шырынға Бекеннің кешке жолыққысы келетінін айтып, оның қатты қиналып жүргенін айтып, әйтеуір кездесуге келісімін алдым. Содан кешке бардық. Екеуі біраз сөйлесті. Көп кідірмей қайттық. Байқаймын, онша дұрыс болмаған тәрізді әңгімелері. Бекенде үн жоқ, өңі өрт сөндіргендей. «Өй, әңгімеңді айтсайшы» деймін ғой. «Әй-й... Әңгіменің жолы болсын... Бақберді марқұмнан ұят болды-ау... Ербол, ішсек қайтеді, а? Ішім өртеніп барады» дейді маған. «Жоқ, өткендегілер басыңа тимеді ме?» деп тойтарып тастап ем, «Мейлі, онда» деп күрсініп қойды да, тағы тұнжырап кетті. «Айтқысы келмесе қыстамайын, кейін өзі-ақ айтар» деп мен де үнсіз келемін. Үйлерінің ұдылына жеткен кезде тоқтап, «Ал, Ербош, сау бол. Ренжіткен жерлерім болса кеш. Ақайға, Бікәйға, барлық балаларға сәлем айт, көрсең. Мені кешсін бәрі!» деп қояды. Дауысында болар-болмас діріл бар. «Бекебас, сен әуелі қайта көріспестей қоштастың ғой, тіпті...» деп күлдім мен. «Е-е, Ербош, ертең не боларын ешкім білмейді ғой... Содан кейін айтып жатқаным ғой» деп бір түрлі жымиды. Кеудем тыз етіп, секем алып қалдым. Үйге келген соң да, жүрегім қобалжып отыра алсамшы. Шыдамай қайта бардым үйлеріне. Барсам, Алтынсара тәте жүр екен далада. Ол кісіге: «Тәте, ана Бекен ауырыңқырап тұр-ау шамасы. Қарап-қарап қойыңызшы!» деп тапсырдым да қайттым үйге. Ой, содан жүрегім атқақтап ұйықтай алсамшы. Тағы барайын десем, түн жарым, ұят. Сөйтіп ойланып отырып, қалғып кетіппін. Әтештің шақырған дауысын естіп, орнымнан атып тұрдым. Ояна сала есіме Бекен түсті де «Аман болса екен, о, Құдай!» деп жүре киінген қалпымда есім кетіп, жеттім ентігіп. Есікті Алтынсара тәте ашты, «Тәте, Бекенде бір затым кетіп қалыпты, ертерек алмасам болмайтын болды» деп өтірікті соғып жібердім де, Бекебас жататын бөлмеге кіріп бардым. Жарықты жағып жіберіп қарасам, дәрілердің бос қораптары, стакан тұр Бекеннің бас жағында. Бірден көзіме түсті. Денем дірілдеп, ақырын Бекенге жақындап келем. Дыбысы білінбейді. «О, Құдайлап» жанына жеттім де ақырын құлағымды тоссам, «пыс-пыс» етеді. Мұндай қуанбаспын! Тура бар ғой, Дария маған қайтып келгендей болдым! Содан «Бекен, әй, Бекебас!» деп жұлқып-жұлқып оятып алдым. Көзін ашқаннан кейін танымағандай алайып біраз жатты. Одан басын көтеріп, көзін уқалап-уқалап жіберіп маған қарап ыржияды, әкеңнің баласы! Өзі айтады: «Өліп қалған шығармын, Ербол неғып жүр бұл жақта» деп ойлапты; түсіне алмай таңырқап, есін жия алмай отырған екен ғой. Ха-ха-ха! Дәмесін қарамайсың ба?! Ха-ха-ха! Ақай, батырың, сөйтіп бір ажалдан қалды. Құдай сақтады. Ақымақ неме үйіне барған да, «Бүйтіп тірі жүргенше, өле қалайын» деп ойлап, қолына түскен бар дәріні жинап алып, ішіп салған ғой... Талқаны таусылмаған екен, әйтеуір... Адам баласын түсіну қиын...»


Ақжан Ерболдың айтқанын бойы бір ысып, бір суып, жүрегі бір соғып, бір тоқтап, алқымына жас тығылып отырып, әзер тыңдап шықты. Ол «өкпелеймін» деп өзімшілдікке салынып, өмірдегі ең қимас жанынан айырылып қала жаздағанын түсінген еді...


Ақжан Бекенмен кешкісін отырыс болатын үйде бір-ақ жолықты. Бірақ оған досының күле кеп, құшақтасып амандасқаны біртүрлі жасанды сияқты көрінді. Бекеннен бір бөтендікті, салқындықты сезген Ақжан өз жүрегінің де бүлк етпегенін аңдап, ойран-асыр болды. Ол тек Бекенді ғана жатсынып қоймай, өзіне-өзі бөтен көрініп, бұл хәліне әрі таңырқап, әрі шошынып, іштей өзімен-өзі әлек болып отырды...


Бекен «ә» дегеннен-ақ сілтеді арақ, виноны араластырып. «Тап бір өші бардай, біреуден кек қайтарардай ішетіні несі? Әй, Бекебас-ай, шынымен алыстап, бөтен боп кеткенің бе?.. Жетіскеннен ішіп отыр дейсің бе? Күйік, күйік бар ғой іште! Әй, Бекебас-ай, жұбанышты басқа нәрседен, мүлдем басқа нәрседен іздеп жүрсің-ау...»


Бөтелкеде тұрғанда мөлдіреп тұратын, ішке түскен соң құтыртатын «сайтанның суы» әсерін көп күттірген жоқ. Дастархан басының даңғазасы арта берді: тұрпайы әзіл, дарақы күлкі, былапыт сөз, қақалып-шашалған, шәйін төккен, стақанын сындырғандар көбейе бастады. Бір уақытта би де басталды. Сыныптас қыздармен әңгімелесіп тұрған Ақжанның бір көзі Бекенде. Бойлары қызып, беттері қызарған жастар би жарысына кіріскен. Қолдарын сермеп, бастарын шайқап, бұттарын дірілдетіп, бөкселерін бұлтыңдатып, беріліп билеп жүргендердің қақ ортасында Бекен жүр. Аяқ-қолымен қоса өзінің әртістігіне салып, бет-әлпетін жүз құбылтып, қолпаштаушыларды қарық қылып жүр. «Әй, Бекебас-ай! Өзіңді сонша масқараға қалдырып, сонша қорлағаның не? Өзіңді өзің сыйлаудан да қалғанбысың?.. О, тоба-ай! Бұл не деген жек көрушілік?! Өзін өзі жек көрген адамның қылығы мынау... Бекебас, тоқташы!.. Бері қарашы, достым... Оған бәрібір сияқты ма?.. ой, мен де жүрегімді ауыртып қайтем... Мына қалпында сөз ұғатын түрі де көрінбейді. Жүрсін өстіп, өзіне жақсы болса!.. Астапыралла! Жар жиегіндегі жанды ары итергендей, бұл менің қай сасқаным?! Әрі беріден кейін досым болсын, қасым болсын мейлі, көмек қолын созуға тиіспін... Иә, иә! Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі! Не істесем екен, а? Қайтсем екен?..»


Би аяқталып, екінші отырыс басталды. Дабыр-дұбыр, ду-ду тіпті күшейген.



  • Ішкен адамның сөзі құрысын, хе-хе-хе, – деп Ескер әзілдесіп отыр жанындағы бір жігітпен. Оның ішпей отырғанын Ақжан бағана байқаған. Жалпы, ауылға келіп, өзімен танысқалы, орта бойлы, мығым денелі, ат жақты, көкшіл көзді, жылы жүзінен салмақтылық сезіліп тұратын оның орнықты жігіт екенін көріп, «Бекен Ескермен бір жүреді екен» дегенді естігенде, қызғана тұрып қуанған еді Ақжан.

  • Байқап-байқап сөйле, Ескер, – деді Орақ деген жігіт кәдімгідей шамданып. Сірә, мастықтың «түлкі» сатысынан өтіп, «қасқыр» сатысына жетіп қалған болуы керек.

  • Ол не? – деп Бекен елең ете қалды.

  • Мына жақта біреулер ішкендерді ақымақ көріп отыр да, – деді Орақ пана сұраған үнмен.

  • Кім ол? Не деді? – деп Бекен жан-жағына алая қарады. Ақжан тіксініп қалды.

  • Ішпегеннің бәрі – данышпан, ішкеннің бәрі – есалаң емес. Аузына ие болып отырсын кім болса да! – Бекен үдеп кетті.



  • Мен де соны айтып отырмын. «Байқап сөйлеңдер, жігіттер. Мына жақта Бекен, Асқар сияқты арыстан жігіттер отыр. Шамына тиіп қойып жүрмеңдер» деп ескертіп отырмын, – деген Орақ әңгімені ушықтырып, көпшікті тастап кеп жіберді.

  • Дұрыс. Аузын жауып, артын қысып отырсын кім болса да! – деді Бекен неге де болса, кімге де болса дайын екенін көрсетіп.

  • Ау, Бекебас, мен ғой ол, – деп Ескер жымиды қызарғанын жасырып.

  • Сен болсаң да қысып отыр! – Бекен өзі шығып алған «биігінен» түспейтінін сездірді.

  • Е-е, бопты. «От пен мұз, шал мен қыз құмардан шығып құшақтаса алмайды» дегендей, сөзіміз қабыспай тұрса, қойдық. «Ішкен адамның топан су тобығынан келмейтіні» белгілі ғой, хе-хе.

  • Мына Ескер тағы да бізді меңзеп тұр ғой, – деді баяғы Орақ «бізді» деген сөзді баса айтып.

  • Әй, Ескер, «қыс» деймін саған! – Бекеннің дауысы қатқылдау шықты.

  • Болды, болды. Сендер өздерің әңгімелесіңдер, біз өзіміз әңгімелесейік. «Жындының тілін жынды біледі» деген ғой, – деп Ескер тағы жымиды.

  • Бізді жындыға бір-ақ шығарып тастады! – Орақ отты одан сайын үрледі.

  • Әй, Ескер, қысқарт болды! Оңбай қаласың қазір! – Бекен орнынан тұрып кете жаздады.

  • Не болды-ей саған, Бекен?! Отырсай болды, бала құсап қопаңдай бермей! – Ескер де шарт кетті.

  • Отырмасам не қыласың, а?!

  • Ештеңе де қылмаймын! Не болды саған қалжыңды түсінбей? Айтаққа ерген ит құсап, біреудің сөзіне еріп!

  • Қыла алмасаң, қысып отыр! Және мен саған ит емеспін!

  • Ой, сен де! Сөз ажыратудан қалыпсың ғой. Шамаңа қарап ішсей! • Ей, сен менің шамамды қайтесің, а?!

  • Болды, Бекен. Ертең сөйлесеміз. Сауыққанда.

  • Ей, Ескер! Сен мені мас деп тұрмысың?! Жоқ әлде, «ішіп алды» деп менсінбей тұрсың ба, а?! Қазір сөйлес менімен, иттің баласы!

  • Өй, тарт ей тіліңді! Қайтер екен десе!


Орындарынан тұрып кеткен екеуін жігіттер жібермей ұстап қалды. Дастархандағы ыдыстар құлап, кейбірі сынып, қыздар шулап, у-шу болды да кетті үйдің іші.


– Қойсаңдаршы! Бекен! Ескер! – Қойсаңдаршы, жігіттер!


– Ажыратсаңдаршы, болды ғой!


Ескер қып-қызыл болып кеткенімен сабыр сақтап тұрған. Бекен көтеріліп кетті. Ашудан қалш-қалш етеді. Жігіттер екеуін ұстап жібермей тұр. Ақжан сазарған қалпы олардан көз алмай бөлек тұр. «Масқара-ай! Бекеннің өзгергенін-ай!.. Енді Ескермен... Ол үшін тоқтайтын, именетін ештеңе де қалмағаны ма шынымен?! Қорқынышты!.. А, Құдай, өзің сақтай гөр досымды!..»


Екеуінің, әсіресе Бекеннің тоқтар түрі көрінбеді.



  • Ей, Ескер, көрсететініңді қазір көрсет, білдің бе! Сен не, өзіңше боп, кеудеңді керіп тұрсың, ей, күшік?!

  • Бекен! Тіліңді тарт деймін мен саған!

  • Тартпаймын, күшік! Сен не, мені «ішіп алды, ұрып алам» деп тұрсың ба, а?! Басқа-басқа, мен сенің көтіңнің қаншаға шыдайтынын, қорқақтығыңды білем ғой, ей!

  • Бекен! Жетеді! Қай жерде, кімнен қорқыппын! Ал, айтшы!

  • Ей, чмо! Кеңештен келе жатқанда, ана мотоцикл мінгендер кездескенде ше?! А?! Қорықпадың ба сол кезде?! Ей, чмо!

  • Ей, Бекебас! Мықты болсаң сен неге бастамадың сол кезде?!



  • Ей, күшік! Қоя беріңдерші мені! Аузы-мұрнын қан қылайын чмоның! Мені «ішіп алды, шамасы жетпейді» деп тұр ғой бұл!

  • Ей, Бекебас! Қалауың сол болса, жүр онда далаға! • Дұрыс! Далаға шықсын! Бірге-бір!

  • Иә, бірге-бір! Жекпе-жек!


Қан шығаруды қызық көрген, қызып алған санасыз тобыр екеуін далаға алып шықты қаумалап. Не істерін білмей абдыраған, жанын қоярға жер таппаған Ақжан да шықты далаға.


Күтпеген жерден жолдасынан сөз естіп әбден ызаланған, намыстан жарылайын деп тұрған Ескер терезеде тұрған арақты алды да, шыныға құйып, сіміріп салды.



  • Ал, Бекебас, айтып қоймай қойдың ғой! Теңестік ал! – деді дір-дір етіп.

  • Ей, чмо! Сен қорқынышыңды басу үшін іштің оны! Не, «Мас кезінде ұрып алып, өзім атаман боламын» деп тұрсың ба?! Мә саған боласың!

  • Әй-й! Ит екенсің ғой! Кел бері!

  • Давай! Давай! Бірге-бір! Жекпе-жек! – деп еліре бастаған топтың ортасына осы сәтте Ақжан атып шықты. Шыға сала сұмдық қатты айғай салды.

  • Тоқтат!..


Ол ыршыған күйі төбелеске ыңғайлана бастаған Бекен мен Ескердің ортасына кірді. Түрі түтігіп, көздері адырайып кетіпті.


– Тоқтат! Тоқтат деймін!


Бұл қимылдың аяқ асты болғаны, даусының қатты шыққаны соншалық, у-ду бірден басылды. Қоршап, қоздырып тұрған топтағылар оның түрінен сескеніп, шошып кеткендей тына қалысты. Ол бүкіл денесі қалш-қалш етіп, даусы дірілдеп, тоқтаусыз сөйлей жөнелді. Сөйлеп жатып жылап та жіберді.


– Тоқта! Бекен! Ескер! Мені тыңдап алыңдар әуелі! Сонан кейін біріңнің етіңді бірің жейсің бе, өздерің біліңдер! Бұл не деген масқара-ей! Жеткен жеріміз осы ма?! Біз достықты енді осылай түсініп, осылай бағалайтын болғанбыз ба?! Күшті әлсізді басқаратын болған ба?! Достықтың шарты, негізі – күш болатын болған ба?! Қасқыр болдық қой онда, адам емес! Түсінігіміздің жеткен жері сол болса, жетіскен екенбіз! Ержеткен екенбіз! Бопты онда, кел, бәріміз бірімізбен-біріміз итше ырылдасып, төбелесіп шығайық! Ой, жетіскеніміз-ай! Ой, бәрекелді! Міне, жігіт! Міне, азамат! Міне, атаман! Әй-и-и!..


Алқымына тығылған жасқа ие бола алмаған Ақжан бетін басып отыра кетті. Осы сәтте шалт бұрылған Бекен көшеге атып шығып, басын ұстаған күйі теңселе басып жөнеле берді. Оны байқап қалған Ақжан бір сәт не істерін білмей кідіріп қалды. Санасында сансыз ой сапырылысып кеткендей. «Тоқтату керек!.. Бара берсін, қайда барар екен!.. Жоқ! Тез тоқтату керек, ұрынады әйтпесе бірдеңеге!»


– Тоқта, Бекебас! Тоқта деймін! – Ышқына дауыстаған Ақжан Бекеннің соңынан жанұшыра ұмтылды. Көшенің ортасында қуып жеткен ол досының қолынан ұстай алды. Бекен оның қолын сілкіп тастап, шығып кетпекші болып еді, Ақжан таскенеше жабысып жібермеді.


– Бекен! Бекебас! Досым-ау менің! Қайда барасың мені тастап?!


Жылап жіберген Ақжан бас салып Бекенді құшақтай алды. Кеудесі қазандай қайнаған Бекен де иығы селкілдеп жылап тұрды.


– Бекебас! Мен сені жібермеймін! Ыһ-ыһ... Мен сені бермеймін, досым! Ыһ-ыһ... – Ақай! Ыһ-ыһ... Кешір, Ақай... Ыһ-ыһ...


Екеуі солықтарын баса алмай, құшақтасқан күйі ұзақ тұрды. Ақжанға көз жасымен қоса жүректегі мұзы да еріп жатқандай, жансарайы тазарып жатқандай көрінді. Ол досын, өзі түсінбей тұрған, нақты бір қауіптен сақтап қалғанына қуанып жылады. Ол досының тоқтағанына, бұны түсінгеніне, жүрегінің бұрынғыдай елжіреп тұрғанына да жылады. Ол досына өкпе-назын үнсіз айтып жылады...


 


Екеуі қайтып келгендерінде, Ескерден басқалардың барлығы үйге кіріп, қайта дуылдасып жатыр екен. Шарбаққа сүйеніп, төмен қарап отырған оның да өксігі өңешінде тұрған. Өзіне жақындаған аяқ дыбыстарын естіп, басын көтерген ол өзіне қарай құшағын жайып келе жатқан Бекенге қарсы ұмтылды. Құшақтар айқасып, үшеуінің көздерінен жас, көңілдерінен нала ағып жатты...


Екінші отырыс қызықты өтіп жатты. Ақжанның бір таңқалғаны – ішкендердің барлығы сауығып кетіпті. Көңілі жайланған ол дастарханның көрігін өзі қыздырып әкеткен. Алайда ақпаннан кейін бірден мамыр келгендей болған көтеріңкі күйі ұзаққа бармады. Досының әр қимылын бағып, оның бойындағы өзгерісті жұлынымен сезіп отырған ол Бекеннің бойындағы «жат бәленің» әлі де жоғалмағанын, жүрек мұзының толық ерімегенін түйсініп, біртүрлі тынышсыздана бастады. Сезімі алдамапты: отырыс тарқап, қоштасқан сәтте Бекеннің, өзі білетін Бекебасының, екінші жат бейнесін, оның суық жымиысын тағы көрді. Көрді де жүрегі шым ете қалды. «Бұл не өзі? Адамда екі бет-бейне бар ма, сонда? Шыны қайсысы?..» деген жаңа сауалдарды санасына жүктеп, шаршап қайтты үйіне.


* * *


Ертесі Бекенмен жолығып, бірде мұңлы, бірде кекті жүзіне қарай отырып, бір дененің ішінде бірнеше «меннің» болатынына анық көзі жеткендей болды. Сол арқылы өз бойындағы екіұдай сезімге түсетін кездерін, қарама-қарсы ойлар шарпысатын сәттерді есіне алып, «адам» деген жаратылыстың құпияға толы екенін, қатпар-қатпарлы, жықпыл-жыралы екенін түсініп, таңырқап отырды.


Бекенге тән түпкі бөлмеде, жылу бөлуі үшін арнайы жасалған мұржа айналымына арқаларын бере отырып, екеуі таң атқанша әңгімелесті. Бекен өзінің қалай өліп алмақ болғанын, сол мақсатта дәрі ішіп алғанын айта келе:



  • Құдай сақтады ғой, Ақай. Мамамды, папамды, бауырларымның жайын ойламаппын ғой... Сендерді де... Ол кезде бірақ ойлайтындай болдым ба?.. Ана жолы Бақаш марқұм түсіме кіріпті. Ренжіп тұрған сияқты. Сөйлесем, жауап бермейді... Бақаштың әруағынан ұят болды-ау... Осы қайтыс болған соң адам не болады екен, а?

  • Бекебас, осы мәселелер мені де қатты толғандырып жүр. Біраз кітаптарды ақтардым. Индуизм, буддизм деген діндер бар. Білесің ғой, ана үнді киноларындағы ше?

  • Иә, иә. Айта бер, Ақай.

  • Солардың айтуынша, адамның жаны өлмейді, бір денеден екінші денеге ауысып, мәңгі жасай береді екен. Киім тозып кетсе, лақтырып тастап жаңасын киесің ғой, «сол сияқты» дейді. Адам осы өмірін қалай өткізді, соған байланысты келесі денедегі өмір не жақсы, не қиын болады екен. Тіпті, «Өте жаман, айуан сияқты ғұмыр кешкендер келесі өмірінде жан-жануар, жәндік болып кетуі мүмкін» дейді.

  • Сонда адамның жаны қайдан, қашан пайда болған дейді?

  • Олар «Әлем бұрыннан бар болған, жоғалмайды; бүкіл әлемдік сана бар, сол сана өсімдіктің бойынан дами келе жануардың бойына өтеді; сөйтіп дами келе, жаңағы жан ауысып-ауысып, ақыры адами санаға көтеріледі; одан адамның ұмтылысы мен сүрген ғұмырына қарай, не ары дами береді, не кері кетеді» дейді. «Карма заңы» деген бар, сол бойынша «егер біреуге жамандақ жасасаң, осы өмірде болсын, келесі өмірде болсын, соның өтеуін өтейсің» дейді. Мысалы, біреу біреуді өлтірсе, келесі өмірінде: өлтірген кісі анасы болады, ал өлтірілген адам баласы болуы мүмкін екен. Сөйтіп, жаңағы, алдыңғы өмірде өзі өлтірген жанды дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қайта адам қатарына қосып, қарызынан құтылады екен... Шым-шытырықтау, иә?

  • Мақұл делік. Ал адамның санасы дамып қайда барады екен сонда? Жоқ әлде, мәңгілік жүре бере ме екен солай айналып?

  • Олар бір денеден екіншісіне өтіп, қарыздарын өтеп, күнәларын жою үшін жер бетіндегі өмірге қайталап келе беруді «өмір доңғалағы» деп атайды екен. Жан жетіліп, бар күнәсынан тазарған кезде, «просветление» дейді орысша, «нұрланған» дәрежеге жетеді екен де, «өмір доңғалағынан» құтылып, өмір мен өлімнен тыс «нирвана» деген жағдайға енеді екен. Содан қаласа, мүлде сонда, бір рахатта қалады екен, ал егер жердегі адамдарға көмектескісі келсе, Будда сияқты бір ұстаз болып қайта келіп, жол көрсетеді екен.



  • «Нирвана» дегені не нәрсе екен өзі?

  • Сондай бір «қайғы жоқ, қиналу жоқ, өмір мен өлімнен жоғары тұрған рахатты күй» дейді. Өзім де түсінбедім оның не екенін.

  • Ол жерде не істейміз екен?

  • Білмеймін, Бекебас. «Рахат» деп қояды әйтеуір... Ой-й, түсініксіз өзі. Ақылға қонбайтын жерлері көп мұның...

  • Иә-ә... Басқа діндерде ше?

  • Әлемдік дін деп есептелетін християндық пен Исламда: «Адам өмірге бір-ақ рет келеді; өлген соң да өмір бар; Қиямет қайым болған соң, қайта тірілтіліп, Құдайдың алдында жауапқа тартыласың; одан істеген әрекет-амалдарыңа, сүрген өміріңе қарай не мәңгілік Жұмаққа, не тозаққа кетесің» дейді. Рас, Ислам жайлы тереңірек біле алмадым, кітаптар жоқтың қасы. Қысқасы, «Бар зат жоғалмайды, бір түрден екінші түрге өтеді» дейді. Физикада сондай бір заңдылық бар еді ғой, тура сол сияқты. Мысалы, мұз су болады, су бу, бу қайта су болады деген сияқты. Менің қазірше анық көзім жеткен нәрсе осы болды: жанның жоғалмайтыны және «Не ексең – соны орасың» дейді ғой, соған сендім. Яғни істеген жақсылығың да, жамандығың да әйтеуір бір алдыңнан шығады.

  • Иә-ә... Өзін-өзі өлтіргендер жайлы не айтады екен, а?

  • Буддизм сияқты діндерде оны «дамудың кері кетуі» деп бағалайды және «Сол адам өзіне өзі қол салар кезде оның алдында қандай шешуге тиіс мәселе тұрды, тура сол жағдай келесі өмірінде де алдынан шығады, оны шешпей болмайды» дейді. Ал християндық пен Исламда «Өзіне қол салғандар – тозақта» дейді. Құдай сақтасын ондайдан.

  • Иә. Құдай сақтасын. Сақтады ғой...


Екеуі ойланған қалыптары біраз уақыт үнсіз отырды. Бекенге қарап қойып, қолын жағына таянып, ойға шомған Ақжан бір уақытта жүзі қызара түсіп былай деді:



  • Бекен, ренжімесең, бірнәрсе сұрайын.

  • Иә, сұра, Ақай, – деген Бекен еңсеріле бұрылып, еңсесін тіктей отырды. • Неге өйттің? Дәрі ішкеніңді айтам...

  • Уһ-һ... Есіңде ме, Ақай? «Шырыннан айырылсам, шыдай алмайтын сияқтымын, әй, өліп кететін шығармын» деп едім ғой саған. Тура солай болды... «Болмайды» дегенді естігенде өзегім өртеніп... дүние төңкеріліп кетті... Ой, ішімнің удай ашығаны-ай... Өңеш-қолқамды ішек-қарныммен қосып жұлқып-жұлқып суырып алып бара жатқандай... Ой, Ақай, несін айтайын?.. Жарық дүние түнекке айналды ғой... Шыдай алмай кеттім... Сыймадым... Оның үстіне арақ қосылды да... Құрысыншы бәрі!


Даусы дірілдеп, көзі жасаураған Бекен төмен қарап отырып қалды. «Қап, бекер сұрадым ба? Жарасын тырнағандай болдым-ау. Сол сезім әлі кетпеген екен ғой бойынан» деп ойлаған Ақжан ыңғайсызданып, жөткірінді де:


– Жә-ә, Бекебас, жә. Әлі де болса үміт бар емес пе? – деді досын қалай жұбатудың жөнін білмей.


– Әй, қайдам... Бақберді марқұмды ойласам, істегендерімді ойласам... Өзімді иттің етінен жек көріп кетем... Уһ-һ... Басқа әңгіме айтайықшы, Ақай. Өзің туралы айтшы.


Қоса күрсінген Ақжан «Қиын... Бұрынғыдай ашылмайды... Толық сенбей ме маған? Өзіне жеңіл болар еді-ау... Кеңес бере алмасам да, қайғысын бөлісер ем ғой... Жарайды, амандық болса, бәрі орнына келер» деп ойлады.


– Менде не жаңалық дейсің? Оқуға тапсырып, түсе алмай қалғанымды білесің. Биыл тағы тапсырмақшымын, бұйырса. Сен де тапсырсаңшы.


Мырс еткен Бекен:


– Бұйырса, – деп қойды.


 


– Сол баяғы Балқыздың соңынан жүгіріп жүрмін. Өзі қызық қыз. «Келме, жігітім бар» деп қояды да, көзімен «келіп тұр» деп шығарып салады. Барсам, байқаймын, қуанбаса, ренжімейді... Қызық қой адам деген... Қырсыққанда ЖенПИ-де әпкесі екеуі бірге тұрады. Кейде ойлаймын: «Жауап берейін десе, әпкесінен сескене ме» деп. Мүмкін әпкесі әлі қызғанатын шығар мен ақымақты... Кейде «Болды, бармай-ақ қояйыншы» деп ойлағанмен, біраз күннен кейін шыдамай қайта барам. Не ол болмады, не мен қоймадым. «Махаббат» дейтіндей жүрген жоқпыз. «Емес» дейін десең тағы... Құр ғана ғашықтық па екен, а?..



  • Солай болар... Сол сезім қайдан келеді екен, а? Қызық?

  • Білмеймін, Бекебас. Әйтеуір аяқ астынан болады ғой. Сол адамнан басқа ешкімді көрмей қаласың. Менсінбейсің тіпті. «Махаббат – соқыр сезім» деп қояды біреулер. Өйткені «Ғашығыңның кемшілігін байқамайсың, көрмейсің» дейді. Кім біледі?.. Кейде ойлаймын: ғашық болмасақ, мысалы мен Балқызды көрмесем, ештеңені сезінбесем, онда өмір сұрықсыз болар еді ғой... Қайдан, қалай келсе де, бір керемет сезім ғой!

  • Иә-ә... Бірақ айырылып қалсаң, сұмдық екен... Әсіресе, әне-міне қолың жетіп тұрғанда ажырап қалу деген, тіпті... Соған қарап «Бұл сезімнің не қасиеті болды? Кейде, тіпті, оның тарттырған азабын ойлағанда, «мүмкін жақсы көрудің, сүюдің қажеті де жоқ шығар» деп ойлаймын өзімше...

  • Мен де солай ойлаймын кейде, Бекебас... Қазірше Балқыз екеуміздің арамыз – белгісіз, үміт дүниесі әйтеуір. Өзің айтқандай, «Айырылып қалсам қайтем?» деп қазірдің өзінде шыбын жаным шырылдап кетеді. Рахаты – анау, азабы – мынау... Әй, «Жақсылық пен жамандық – егіз» деген – тегі рас.

  • Әлгі, өзің бірде айтып берген қытайдың «инь» мен «яны» дейсің ғой сонда.

  • Тура сол. Ақ пен қара, күн мен түн, жақсылық пен жамандық, өмір мен өлім – егіз әрі кезекпе-кезек алмасып, ауысып тұратын сияқты ғой...

  • Иә-ә... Бірақ азабы күшті ме деп қалдым ғой...

  • Ол жағын білмедім, Бекебас. «Іздеген табады, сұраған алады» дейді ғой. Олардың да жауабын табармыз бір күні... Ал, жарайды, Бекебас. Жатып, дем ал. Мен ертең қалаға жүрем, үйге барайын.

  • Жарайды. Айтса да, не жұмыс істеп жатырсың қалада?

  • Базар жағалап жүрміз баяғы. Осы жолы барған соң, вагон жөндейтін заводқа орналасам, ыңғайы келсе. Орын бар екен. Біржан да «барам» деген. Өзіңде қандай жоспар бар?

  • Е-е, өзің де көріп жүрсің ғой. Ұжым-ұжым болып бөлініп, егінімізді салып, қойымызды жайып жүріп жатырмыз. Ауылда жұмыс жоқ, жастардың көбі қалаға кетіп жатыр. Қазірше үйге жәрдемдесемін. Жазға қарай көрем. Мүмкін, мен де кететін шығармын. Ал, жақсы онда. Сәлем айт ол жақтағы жігіттерге.

  • Ал, жақсы, Бекебас. Бәрі жақсы болады әлі!


Екеуі төс түйістірді де, бұрынғы әдеттерінше, қол алысып, басбармақтарын тоқайластырып, шынтақ ұстасып барып иықтарын қағып өтті. Бір-біріне біртүрлі кінәлі жымиспен қарады да, қолдарын бұлғап ұзай берді. Көптен бері Бекенмен бұлайша сырласа алмай жүрген Ақжан қуанып келе жатты. Оған досы да сергіп қалғандай болып көрінді.


«Арамыздағы салқындық қашан жойылар екен» деп ойлап келе жатқан Ақжан тағы да төбелестің үстінен түсті. Жол бойында бір тобы қоршап алып қарап тұр, ішінде шешініп тастаған екеуі бір-бірін балағаттасып, жұлқыласып, «ырс-ырс» етеді. Бәрінің қатты қызу екендері білінеді. Айғайлап, қайрап, боқтап, өздерінше содан ләззат алып тұрғандай боп көрінді Ақжанға. Алғашында жандарына бармақ болған ол, олардың мас екенін байқаған соң, «бәлелі жерге бармағымды тығып қайтем» деді де, өз жөнімен кете берді. Жаңа жылды жалғастырып жүрген қызу топтардың екі-үшеуіне жолыққан ол «Ойпырмай, бәрі қызу... Неге адам араққа үйір болады екен? Ішпесе қайтеді? Сол бәленің жақсы жағынан жаманы көп екенін білмей ме, көрмей ме? Арақ ішкенде адам неге өзгеріп кетеді екен, а?» деген ойлармен үйіне де келіп жеткен.


***


Қалаға Ақжан мен Біржан екеуі бірге кетті. Барған соң заводқа жұмысқа тұрып, жекеменшік үйі бар бір ұйғыр шалдың, тұрсаң басың төбесіне тиетін, қолдан от жағатын, шағын екі бөлмелі пәтерін жалға алды. Алғашқы айлықтары пәтерақыға да жетпей қалған екеуі, таныстардың ақылымен, бір дүкеннің алдына шекілдеуік сатуға шықты. Алғашқы күні-ақ заводтың бір айлығын бір-ақ тауып келген олар мәз болып, ертесі барып жұмыстан шықты да кетті.


Пәтерлеріне Ақжанның студент нағашы інісі, тағы бір ауылдас жігіт келіп сандары артқанымен, табыс көзі пістеуік болып қала берді. Базардан қуырылмаған шемішкені мүшегімен әкеліп, түнімен пешке от жағып қуырып, ертесі сөмкелерге бөліп-бөліп салып алып әрқайсысы өз «нүктелеріне» кетеді. Кешкісін түскен табысты ортаға салып, есебін шығарады... «Саудасын» жасап, анда-санда Балқызға барып қойып, негізгі уақытын қолына түскен пәлсапалық кітаптарды оқумен өткізген Ақжан қыс өте сала, пәтердегі ырду-дырду отырыстардан да, үздіксіз ішіле бастаған арақтан да, қайда барсаң да алдыңнан шығар рэкэтсымақтардан да жалығып, ең бастысы әңгімелесер, сыр бөлісер адам таппай, қамыққан күйі «қайдасың ауыл?» деп тартып кетті. Анасының аялы алақаны, аға-жеңгесінің ыстық ықыласы, іні-қарындастарының тәтті қылығы көңілін желпігенмен, қанат бітіре алмады. Өйткені «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей, қашып келген көңілсіз көрініс, сұрқай өмірі мұнда да алдынан шықты: жұмыссыз сенделген, жұбаныш іздеп арақ ішіп, қызып алып қырқысқан, жұтып алып жұлысқан, «пәйге» таласып ұрсысқан жас-кәрі; жылусыз, жарықсыз қалған жұрт; «үш кило шәйға – бір қой, бір етікке – бір қой, он бөтелкеге – бір қой» деп жалаңдаған саудагер; қытайдың «адидасын» киіп, «пласмутинін» ішіп алып, дискотека ұйымдастырғыш «мықтылар» – бәрі-бәрі, оқыған кітаптары көкжиегін кеңейткен, сол арқылы өмірге, болып жатқан құбылыстарға сын көзімен қарай бастаған Ақжанға сұмдық сұрықсыз, мәнсіз болып көрінді. Оны қатты күйзелткен нәрсе – «мықтылардың» алдыңғы қатарынан ойып тұрып орын алған Бекеннің әлі ішіп жүргені және бұдан қашқақтап, бөтенсінгені болды.


Ауылға келгелі Ақжанның ермегі – ақ қой мен кітап. Атқа мініп, аулаққа шығып, қойларын жіберіп қойып, атасының ішігі астында, тәтесінің толтырып берген қоржыны қасында, қаладан алып келген кітаптарын оқып ойланып, ой жүгіртіп толғанып жүріп жатты. Үйдегі кітаптардың ішінен, әсіресе, Мұқағалидың «Таңдамалысын» қолынан тастамайтын. Ақиық ақынның жазғандары бұның айта алмай жүрген, айтқысы келген ойларымен, ішінде буырқанып жатқан сезімімен үндесіп жатқанына қайран қалатын. Алайда, санасын сапырып, өзегін қозғаған сауалдарын қанағаттандыруға ақын ағасының айтқаны жеткіліксіз екенін де түсінген. Ол өзінің адамдарды жатырқаған секемшіл мінезіне, сезікшіл көңіліне, дүниенің бар қызығын татып қойғандай торығып кететін немқұрайды халіне дал болып, одан шығар жол іздеп жүрген-ді...


Мамырдың мамыражай кешінде «әңгімелесіп қайтайыншы» деп, жасы отыздың ортасынан асып кетсе де жастық жалынын жоғалтпаған сергек, өзі әнші, өзі домбырашы клуб меңгерушісі Дәулетбектің үйіне барған Ақжанға ағасының «Жігіттерді жина, былтыр көктемдегідей ойын-сауық ұйымдастырып, өзіміздің «Тамашамызды» қояйық; ел-жұрттың көңілін бір сергітіп тастайық та» деген ұсынысы майдай жақты. Сонымен ағалары бас болып, Ақжан, Бекен, Біржан, Ербол және біраз өнерпаз қыз-жігіттер ұйымдасып, дайындыққа кірісіп кетті. Бір аптадан кейін клубта дүрілдеп тұрып «Тамаша» өтті. Үлкендер алғыстарын айтып, жастар шаттанып, шындығында, ауыл бір серпіліп қалды. «Темірді қызған кезде соқ» деп, «әртістер» машина тауып, көрші ауылдарды аралап шықты. Көбін таңырқатып, біразының ішіне шоқ тастаған бір дүбірлі күндер еді бұл. Соңғы «гастрольдарынан» келіп Бекендердің үйінде бас қосып, әңгіме-дүкен құрысқан төртеуінің үшеуі – Ақжан, Бекебас, Біржан қызды-қыздымен осы жаз «Театр және кино институтына» баруға келісіп те қойған. Ал Ербол «географияға тапсырам» деген. «Тамашаның» тамашаларын айтып тауысқан төртеуі балалық шақтарын еске алып болып, енді махаббат «мәселесіне» ауысқан-ды.


Мектепті бітіргенше асыққан ек, қазір қарасам, ең қызық кез сол уақыт екен ғой. Алғаш рет ғашық болу, хат жазу, жауап тосу, керек болса мектепке де сол қызды көру үшін ғана бару – бір дәурен екен ғой – деп Ербол күлімсіреп қойды.


– Айтпа. Әлгі қалқаны көргенде өзіңнен өзің жүрегің дүрсілдеп, бойың бір ысып, бір суып аяқ-қолың терлеп кетеді ғой әуелі. Аулақта жүргенде «кездескен кезде былай-былай деп айтпасам» деп ойша дайындап қойған сөздеріңнің бәрі, ол қызбен жеке қалғанда «әумин» болып, тілің тұтығып мылқау, көзіңді көтере алмай жасық боп қалатының; сәті түсіп биге шақырғанда бүкіл денеңнің тоқ соққандай дірілдеп қоя беретіні несі екен, а? – деп Біржан да басын шайқады.


– Сонда деймін, сол қызды күндіз есіңнен, түнде түсіңнен шығармай ойлатып қоятын, басқаларды көрсетпей көзіңді байлап қоятын не күш, нендей құдірет екен? Былай қарасаң, асып кеткен ештеңесі жоқ, кәдімгі қарапайым қыз – сен үшін теңдесі жоқ болады да тұрады. Міне, жұмбақ, а? – деген Ербол басын шайқап-шайқап қойды.


– «Сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу» деген сол, – деп Бекен қорытып қойды байсал кейіппен.


– Достар, мен сендерге осы жайлы бір аңыз айтып берейін, – Ақжанға бәрі елеңдесе қарады – Ләйлі мен Мәжнүн хикаясын білесіңдер ғой. Соның жалғасы іспетті. «Кейін екеуі ақыры қосылып, баянды тіршілік кешіп жатыпты» дейді. Содан бір күні бұл оқиғаны естіген сол елдің патшасы «Ойпырмай, кісіні елден бездіріп, тірліктен баз кештіріп, жындандырып жібере жаздаған не деген сезім!» деп таң қалып, «Сол сезімге себепші болған қыз – ерекше жаратылған, теңдесі жоқ сұлу болар, бір көрер ме еді өзін» деген ойға кетіп, екеуін алдыруға әмір беріпті. Оларды алып келгеннен кейін қараса, Ләйлі қара торы келген, жылы жүзді, ортанқол ғана келіншек екен. Бұған көңілі толмаған әмірші Мәжнүнге: ««Ләйлі! Ләйлі!» дегенге, керемет сұлу ма десем, сұрқай ғана екен сүйгенің» деп мысқылдапты. Сонда Мәжнүн жымиып: «Тақсыр, сіз өз көзіңізбен қарадыңыз ғой. Ләйлінің кереметін көру үшін оған менің көзіммен қарау керек» деген екен. Бекер адам патша бола ма? Сөздің мәнін, істің жайын түсінген, өз қателігін мойындаған патша екеуіне сый-сыяпатын беріп, үлкен құрметпен шығарып салыпты» дейді аңызда.


– Тамаша аңыз екен, – деді Бекен ойланған қалпы. – Айтары жоқ, – деп Біржан қозғалақтап қойды.


– Терең екен, – деген Ербол ылғи тікірейіп тұратын, ат жақты жүзіне, қоңқиған мұрны мен үлкендеу көздеріне сондай жарасатын, қайратты қоңырқай шашын бір салалап қойды. Орнай қалған үнсіздікті Бекеннің сұрағы бұзды.


– Ақай, сен «махаббаттың қалай пайда болатынын, оның мәнін іздестіріп жүрмін» деп едің ғой. Не таптың? Айта отыр.


– Әлі толық жетпедім оның түбіне. Жету – мүмкін емес те сияқты... «Махаббат» деп біз негізінен қыз бен жігіт арасындағы сүйіспеншілік сезімін айтып жүрміз ғой. Өздерің де білесіңдер, махаббат – ол мейірім, сүйіспеншіліктің жалпы, негізгі атауы. Яғни ата-ананың перзентіне және керісінше, бауырдың бауырға, жалпы адамның адамға деген, сондай-ақ елге, жерге деген, тіпті бір іске, кәсіпке деген махаббат болатынын білеміз. Осы тұрғыдан алсақ, достың досқа деген сезімін де – махаббаттың бір түрі десе болады екен. Бұның бәрін, жалпылай алғанда, білеміз. Мені ойлантқан дүние: Иса пайғамбардың «Құдай дегеніміз – махаббат» деген сөзі және «Достарыңды ғана емес, қастарыңды да жақсы көріңдер» дегені. Соның түбіне жете алмай жүрмін.                                                                                            «Құдай дегеніміз – махаббат» дегенін кішкене түсінетін сияқтымын: «Жаратқан Иең сені жақсы көреді» дегені ғой, ал «дұшпанымды қалай сүйем, не үшін жақсы көруім керек» – осыны онша түсіне алмай жүрмін... Сендер қалай ойлайсыңдар?


 


– Мен шынымды айтсам, «Құдай дегеніміз – махаббат» дегенді бірінші рет естіп отырмын. Ол сөз тұрмақ, «Құдай бар ма, жоқ па?» деп ойлап жүрмін әлі, – деді Біржан ойын жасырмай.


– Мен де, – деді Ербол ойлы кейіпте.


– Мен де сол. Әрине, бір тылсым дүниенің, бір Күштің бар екенін сезесің. Бірақ соған көзіңді жеткізгің, ақылыңмен танығың келеді. Мақұл дейік, мына әлемді жаратқан Құдай бар болсын. Неге ол жамандыққа, қайғы мен қасіретке жол береді? Егер адамдарды жақсы көрсе, онда неге оларға қиындық пен қайғы жібереді? Неге бірден бақытты қылып жаратпайды? Осыларды ойладың ба, Ақай? – Бекен үміт күткендей досына көз алмай қарады. Ербол мен Біржан да қарап қалыпты.


– Ойладым ғой, Бекебас. Әлі де ойлап жүрмін. Егер жауабын анық тауып, ақиқатын білсем, онда сендерге бірінші айтпаймын ба?.. Қазірша ұққаным: осы, жердегі өмір – сынақ үшін жаратылған; жасаған жақсылығыңа – сый, жамандығыңа жаза аласың; жанның бары – анық, ол жоғалмайды. Ал енді «Әлем жаратылған ба, жоқ әлде бұрыннан-ақ мәңгі бар ма? Жаратылса, жаратқан кім? Құдай деген кім? Жан өлген соң қандай күйде болады? Өмірдің мәні неде?» деген сияқты сұрақтарға анық, нанымды жауап тауып, беки алғам жоқ. Анық түсінгенім – ең бастысы адам баласына қиянат, жамандық жасамау керек. Қолыңнан келсе, жақсылық жаса.


– Дұшпандарға қалай жақсылық жасауға болады сонда? Және не үшін?


– Әй, Бекебас-ай. «Соны түсіне алмай жүрмін» деп айттым ғой жаңа. Бірақ аталарымыз да айтқан ғой: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі-дүр, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі-дүр» деп.


– «Тас атқанға ас ат», – деп Біржан қыстырып қойды.


– Иә-ә. Мен ойлаймын: «Солай істеу – адамгершілігіңе, жігіттігіңе сын» дегені ғой, – Ербол ой қосты.


– Дұрыс қой. Бірақ, мен маған жамандық жасағанға жақсылық жасасам, ал ол маған тағы да жамандық жасаса, сонда не болады? Мен – ақымақ болмасам да, кек қайтара алмайтын ез болып шықпаймын ба? Не үшін мен оған жақсылық жасай беруім керек? Құры «адамгершілігімді сақтаймын» деп, есеңді жіберу болып шықпай ма? – Бекен өз ойын қызына айтты.


– Түһ, Бекебас-ай! Менің ойымда жүрген, тынышымды алып, мазалап жүрген сауалдардың бәрін тізіп шықтың ғой! Осыны бәріміз ойланайық, іздейік бірге. Жауабын тапқан кезде, ортаға салып бөлісейік. Мақұл ма?


– Мақұл. – Түрі қуқылданып барып басылған Бекен біртүрлі жымиыспен сөзін қайта жалғады. – «Өмір деген – сынақ, басымызға келгеннің бәрі – сынақ» деп өзімізді өзіміз алдап жүрген жоқпыз ба?


– Ой, адамның басын қатырып жібердіңдер ғой-ей. – Біржан әзілі мен шынын қоса айтты.


– Ойлану керек. – Ербол шашын тағы бір сипап өтті. Осы кезде сырт ете қалған есіктің ар жағынан Алтынсара тәте көрінді.


– Әй, жүгірмектер, дабырлап ұйқы бермедіңдер ғой адамға. Не айтасыңдар осы? Былжыраған бос сөз бе, жоқ әлде пайдасы бар әңгіме ме?


– Тәте, шамамыздың келгенінше жақсы сөз айтуға тырысамыз ғой, – деген Ақжан ашық жүзбен жымиып.


– Е-е, ондай болса, бопты, шырақтарым. Әй, бірақ мына Біржан басқа нәрсе айтатын болуы керек, – деп ол кісі күліп қойды.


– Тәте, «Шаруа құралы мен сайманын, саудагер бергені мен алғанын, балықшы ауы менен қармағын айтады» дегендей, біз сияқты бойдақтар қиялы мен арманын айтады да, – деп Біржан да күле жауап берді.


– Әй, жүгермек, «Ұры қорадағы мен сайдағыны, мылжаң қайдағы мен жайдағыны айтады» деген де бар, ұқтың ба? – деп ол кісі бәрін ду күлдірді.


 


– Жарайды, қарғаларым, айтар сөз, тыңдар құлақ болса, әңгімелескендерің жақсы. «Жылқы кісінескенше, адама сөйлескенше» демей ме? Бір-бірін түсінбеу, түсінуге тырыспау ажыратады достардың арасын. «Доспыз» дейсіңдер ғой, сол сөздің мәніне жетіп, қадіріне лайық болыңдар, айналайындар. Жақсы, отыра беріңдер.


– Рахмет тәте.


– Жақсы түс көріңіз.


Олар ананың айтқан сөзін сіңіріп жатқандай үнсіз қалған. Бір кезде: – Қайтайық болды, – деді Ербол сұраулы жүзбен.


– Тіршілік бар дегендей, қайтайық. – Біржан да қоштады.


– Оқуға осы бастан дайындала берейік, – деген Ақжан есікке қарай беттеп бара жатып.


Бекен достарын дөңге дейін шығарып салды. Сол түні Ақжан Бекеннің бағанағы «Сынақ-мынақ деп өзімізді-өзіміз алдап жүрген жоқпыз ба?» деген сөздерін есіне алып, ұзақ уақыт дөңбекшіп жатты.


...Сол жазда оқуға тапсырған үшеуінен «әртіс» шықпады: Бекен мен Біржан сынақтан кешігіп қалғандықтан кіре алмай қалса, Ақжан «құлап қалды». Ақыры Ақжан КазГУ-дің заң факультетіне, ал Ербол тарих факультетіне сырттай түсті. Бірігіп пәтер жалдаған үш дос «шабашка» істеп, базар жағалап, одан қалса таусылмайтын «туған күндерін» тойлап жүріп жазды өткізсе, Ақжан нағашыларымен бірге тұрып жатты. Достары арақ ішкен сайын Ақжанның ашу-өкпесі де арта берді, аралары суып, сырласулары сирей берді. Ақжанның тіпті достарының алдындағы арақтарын жұлып алып, төгіп тастаған, жылап тұрып «ішпеңдерші» деп жалынған кездері де болды. Алайда, арада көп уақыт өтпей-ақ ішудің «әңгімесі» қайта басталатын. Олардың ішкен кездегі бет-бейнелерінің өзгеруі, қылықтары мен сөздері, мінездерінің құбылуы оны қатты шошындыратын. Әсіресе Бекеннің бойындағы құбылыс: көзіндегі өшпенділік оты, сөзіндегі ызақорлық, ешнәрсеге тоқтамайтын немкеттілік, түсініксіз түңілушілікпен қатар қатты мас болғандағы өзімен-өзі сөйлесіп, елегізіп, беті ауған жаққа жүріп кететін әдеті – Ақжанның жанын жегідей жейтін. Бірақ өз жүрегі тыншымаған, өз көңілі орнықпаған, өмірінің мәнін толық түсінбеген ол өзге жанға демеу, басқа тағдырға бағдар бола алмасын түсінген. Шарасыз хәлге түскен жас жігіт тоқтайтын тірек таба алмай, өзінің өгей күйінен азап шегуде еді...


Күнкөріс үшін нағашы ағаларымен бірге құрылыс жұмыстарымен, көбіне жеке адамдардың үй-жайын жамап-жасқау істерімен айналысып жүрді. Жанына тиянақ іздеген Ақжан қолы қалт ете қалғанда Алматыдағы кітап дүкендерін көп аралайтын. Бір күні «Академкнига» деген кітап дүкеніне кірген ол мол қазынаның үстінен түскендей үлкен қуанышқа бөленді. Бұрын оқып көрмеген, діни және филиософиялық мазмұндағы бес-алты жаңа кітапты қолына түсірген ол оларды қызыға әрі құныға оқыды. Әсіресе оны адам баласының өлімнен кейінгі жағдайлары жайлы ой қозғаған Блаватская мен Ошо деген ойшылдардың еңбектері қатты қызықтырған. Осыдан     кейін Ақжан қалтасына артық тиын түссе, аталмыш кітап дүкеніне тартатын болды. Ол оқығандарының ішіндегі кей тұжырымдарға бойлай алмаса да, оқығандарын ойлап, өзінше ой қорытуға тырысып жүретін, жан-жағындағы қақ-соқпен жұмысы жоқ томаға-тұйықтау хәлмен жолдас болды. Бүгін де әдеттегідей кітапқа шұқшиып отырған ол мына бір ойларды оқығанда қуанғанынан орнынан тұрып кетті. «Адам баласының жаны – Құдай салған асыл рух болғандықтан, ол рух ешқандай жағдайда да өзінің тазалығын жоғалтпайды. Ол пенде қандай күнәға ұрынса да, қандай жамандықтарға барып, қанша адасса да, ол рух өз тереңінде бастапқы тазалығынан, саф күйінен еш айырылмайды...» «Құдайым-ау, қандай керемет ой! Ғажап!.. Сонда, менің Бекебасым да өз тереңінде таза, пәк күйінде ғой! Тек ол ғана емес, кез-келген адасып жүрген, жан-дүниесін жаралап, ой-санасын былғап алғандардың бойында да сондай тазалықтың дәні бар деші!.. Яғни, осы тазалықты тапсаң, қараңғы бөлмеге жарық алып кіргендей, бойыңдағы жамандығыңнан, кіріңнен арылуға болады деші! Мынау бір керемет болды ғой!.. Бірақ, осы бір ғажап нәрсені адамдарға қалай түсіндірсе болады? Олар бұны білмейді ғой. Білсе, үмітсіздікке ұрынған қаншама адамдар қайта «тірілер» еді, а!.. Қалай түсіндірсе болады?.. Жанның түкпіріндегі сол тазалыққа қалай жетсе болады? Бұның жауабын қалай тапсам екен? Іздеу керек...»


Осыдан кейін «Іздеген табады, сұраған алады» деген мақалдың шындық екеніне Ақжанның көзі анық жете бастады. Себебі басына қандай да бір сұрақ келе қалса, тура сол сауалдың жауабына байланысты не кітап, не журнал, не газет тауып алатын және ондай кітап, журналдар көбінесе бір ойламаған жерден жолыға кеткенде, амалсыз бас шайқайтын. Сөйтіп өзін жетектеуші бір қамқор Күштің бар екеніне деген сенімі беки түскендей болатын...


* * *


Жылжып күндер, сырғып айлар өтіп жатты. Сол жылы күзде Біржан, келер жылы Бекен үйленді. Оның үйленгенін ауылға келе жатып, жол үстінде естіген Ақжан Бекеннің бір ауыз сәлем айтпастан үйленіп алғанына алғашында ренжіген, артынан өзінің ренжігеніне қуанды да; ренжігені – бағалағаны, бағалағаны – қадірлегені. Ол досының сүйгеніне қосылмағанына өкінді. Ол екеуінің арасындағы жаттықтың, бөтендіктің ызғарынан шошыды. Ол Бекеннің қалай үйленгенін естіп, тіпті таңқалды: кезінде мектепте бірге оқыған көрші ауылда тұратын қызға, сол ауылға отырысқа барғанда, жолығып қалып, сөзден сөз шығып, ол қыз «Сен мені алып қаша алмайсың» десе, бұл «Жоқ, алып қашам» деп қалжыңдайды. Сол аралықта Бекеннің мамасы қатты ауырып, қайта тұрады да: «Балам, үйленсең болар еді» деген тілегін айтады. Дәл сол кезде ауылдағы әпкесіне баяғы қыз келе қалады. Оған барып жолыққан Бекен қайтып келе жатып достарына «мен бүгін үйленем» дейді. Таң-тамаша болысқан Біржан пен Ербол: «Бекен, жақсылап ойлан, үйлену – ойыншық емес» деп ескерткенімен, ол болмайды: «Ойланып, шешіп қойдым» деп. Сонымен сол түні Алтынсара тәте мен Жекен ағаның есін шығарып, есіктен келін аттатады бұлар.


Құттықтауға барған Ақжан Бекеннің сөзінен мамасы үшін өзін құрбандыққа шалғандай болғанын және оған еш өкінбейтінін, келіншегіне көңілі толатынын естісе де, жүзіне қарап отырып, бәрі басқашалау екенін сезінген. Мұңая отырып, ішінен: «Сезгенім емес естігенім шындыққа айналғай» деп тіледі. Оның тағы бір қуанғаны – Бекеннің ішпей жүргені, арақты қойғаны және оған өзінің себепші болғандығы еді.


Ақжан сол жылы көктемде ауылға келіп бір айдай жүріп қайтқан. Достарымен араласа жүріп байқағаны: кикілжің мен бәлекеттің барлығы арақ ішілген күні болатыны. Ол «жамандықтың тамыры – арақта» деген шешімге келген. Арақтың адамды ақылдан айырып аздыратын, айуандық кейіпке ендіретін әзәзілдің құралы екеніне оның көзі анық жеткен. Сондықтан «арақ ішпесе болды, бар бәле тиылып, жамандық жойылады» деп есептеген ол араққа нәлет айтып, достарын арам судан тиюға бар күшін салды. Ол Бекенге айта алмай жүрген, айтуға бата алмай жүрген ойы мен тілегін өлең түрінде хатқа жазып, кетерінде беріп кетті. Ол хатында: мына өмірді ұстап тұрған, адамды адам қылатын қасиет – достық пен махаббат екенін, онсыз өмірде мән де, сән де жоқ екенін, ішкен кезде оның бойынан адамшылық пен аяушылықты көре алмағанын ашық айтқан; «тағдырдың сынын неге азапқа бағалайсың?» деп ойға шақырған; адам істеген жамандығына, жіберген қателігіне өкінуі керек, бірақ өткен-кеткен күнмен өмір сүруге болмайтынын, қателікке өкініп, екінші қайталамауға бекініп, өзгелерді де, өзін де кешіріп – арылу керек екенін, сөйтіп сергіп, серпіліп, ілгері кету керек екенін сендіріп айтқан; «әруақты сыйлаған жақсы, бірақ неге тірілерді жылатасың?» деп сұраған; адамда қасиет тұтатын, киесінен сескенетін, жанынан артық көріп бас иетін ұғым немесе зат жоқ болса, онда адасудың басталатынын, оның түбі құрдым екенін ескерткен және бала кездегі – таза кездегі: «арақ ішпейміз, жаман жолға түспейміз» деген уәделерін еске сала кеп, «адам болам десең, мені дос деп есептесең, арағыңды тасташы, серпіліп, сергіп, жаңа өмір басташы!» деп өтінген; «өзінің мықты болмағы – достарының мықтылығында, ал достықтың күші – сенім мен адалдықта» деп жазған еді. Енді міне, жүрекжарды сөзін жерге тастамай, «сайтанның суы» дейтін құрғырдан іргесін аулақ салған досын көріп қуанып қайтты. Ақжан ол кездері жамандықтың тамыры арақта емес, адамның өз бойында екенін, оның тек қоздырушы екенін және ең әуелі сыртқы заттармен емес, іштегі кеселдермен күресу керек екенін бағамдай қоймаған болатын...


* * *


Екеуінің арасындағы сызатты сылап-сипағандай бір оқиға келесі жылы орын алды. Бекен кішкентайлы болып, папасы мен мамасы немере қыздарының бесіктойын жасаған еді. Құдай айдап, дәм тартқан Ақжан қаладан содан бір күн бұрын ғана келген болатын. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп дайындыққа бел шешіп араласқан Ақжан досының сөзінен көп жайға қаныққан-ды.


– Ата-енемді жамандағаным емес, – деген мұңая отырып Бекен, – бірақ біраз қытымырлықтары бар екен. Әсіресе атамды «қазымырлау ма?» деп қалдым. Шынымды айтсам, папам мен мамамның құда-құдағимен емен-жарқын араласа алмай, көңілдері қоңылтақсып жүргендеріне қатты қынжылам, тіпті қорқам содан... Зәуренің де мінезі жеткілікті екен. Кейде мамам екеуі шақ-шұқ боп қалады. «Ондай-ондай жалпы ене мен келіннің арасында бұрыннан болып келе жатқан, көп ретте бастапқы кезде болмай қоймайтын нәрсе ғой» деп мән бермегенсідім. Бірақ «мамам ренжіп қалмаса екен» деп жаным шығып кете жаздайды. Зәуреге алдап та, ұрысып та айтып жүріп, қойдырып келем, кәдімгідей басылып, түсініп қалды. Үлкен кісілер жарастықта болса, біз де жымдаса түсеміз ғой. Ол кісілер тату болса біз қайда барамыз?.. Ата-енем сол «той жасамадыңдар» деп ренжитін сияқты. Оған, жасыратыны жоқ, жағдайымыз да, шарты да келмей қалды емес пе? Сол кездері өзі төрт-бес жыл ауылда той атаулы болмады емес пе әуелі? Соған намыстанып, ширығып жүрген папам құда-жекжат, туған-туысты жиып бір той жасамақшы. Осы жолы құдасының қыбын келтіріп, тілін таппақшы ғой деймін... Келгенің жақсы болды: жалғызсырап, сыр ақтарар ешкім жоқ тынып жүр едім. Біржан – тауда, Ербол да – бірде Іледе, бірде қалада, көп көрінбейді. Әркімнің өз тіршілігі бар ғой. Десе де бір-бірімізді көп іздемейтін болып кеттік...


– Жақсылықтың тура үстінен түскеніме өзім де қуанып тұрмын, Бекебас. Мендегі ең үлкен жаңалық: Балқызымнан айырылып, басында сор кешкендей болып ем, соңында ойлана келе сыр түйіп, өмірге азық болар сабақ алғандаймын, Бекебас. Сабағым сол: ол қызға ғашық болу арқылы мен «ғашықтық» дегеннің не екенін түсініппін, сүюді үйреніппін, жақсы көрудің бір мектебінен өтіппін. Қанша жақсы көргеніммен, қазір мен тұйықтың ішінен шығып кеткендей, бір тұманнан арылғандай, өзімді біртүрлі жеңіл сезінем... Тағы да ғашық болатын сияқтымын ба? Бұдан да үлкен сезімге дайын болғандай бір қызық күйдемін, Бекебас. Уақыт көрсетер...


– Ал, мен сол шеңберден әлі шыға алмаған сияқтымын Ақжан... Қой жүр, бізді іздеп жүрмесін.


– Иә, кеттік, бұйырса, әлі әңгімелесеміз ғой.


Өзеннен су алған екеуі пләкті екі құлағынан көтерген қалыптары үйге қарай жөнеген.


Той жақсы өтті. Бар шатақ артынан құдаларды күтіп жатқан кезде басталды. Үйден шығып жатқан шаң-шұң дауыстарды естіп, елең еткен Бекен мен Ақжан еріксіз құлақ түріп, үдірейіп тұрып қалды.


– Әй, құдағи, жарымағанның қылығын қылмай, жағалы киіміңді жөндеп таратсаң болмай ма?! – деген құданың ашулы үні естілді.


– Құдеке-ау, қай кемшілігін айтып тұрсыз? – деген Алтынсара тәтенің жыларман үнін таныды бұлар.


– «Қай кемшілігі» дейді тағы! – Кекесінді үн үдей түсті. – Немене пальтоның үстіне тағы бір сым-костюм қойсаң, ана щубаның үстіне тағы бір көйлек қоссаң, кедейленіп кетесің бе?!


– Ойбай, құдеке, «қос» десеңіз қазір-ақ қосайық, – деп ана байғұс шыр-пыр етеді. – Енді қосқаныңның беш тиын керегі жоқ, білдің бе?!


– Құдеке, «Игіліктің ерте кеші жоқ» деген, айып бізден. Қосамыз, қосамыз.


– Керегі жоқ! Өз уағында той жасап жұрттың алдында бермеген дүниеңнің керегі жоқ маған!


– Құдеке, қойыңыз енді, ашуыңызды басыңыз. Ол кезде қолда бары сол болды, әйтпесе несін аяймыз боқ дүниенің.


– Қоймаймын, білдің бе?! Міндетсігенің сол болса, алып кет ана атың мен берген ақшаңды қайтып!


– Құдеке, өйтіп артық кетпеңіз, кім міндетсіп жатыр сізге? Қойыңыз, ұят болады. – Қоймаймын, білдің бе? Мұндай жарымаған екендеріңді білгенде қызымды


баяғыда алып кететін едім!


– Құдеке, сізге не болды? Мұныңыз ұят болады енді. «Құда болғанша қинас, құда болған соң – сыйлас» деген, балалардың бақытын ойлайық енді.


– Құдағи, сен тіліңді беземе, білдің бе? «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап». Қызыма неге күн көрсетпейсің, а?!


– Құдеке, бұл қай сасқаныңыз? Қызыңызға ешкім жәбір көрсетіп жатқан жоқ. Қайте еркелетіп жатырмыз. Ұйқысы қанғанша ұйықтайды, «барам» деген жеріне барады. «Алып бер» дегенін алып беріп жатырмыз...


– Тіліңді беземе деймін, құдағи! Естіп жатырмыз, құлағымыз керең емес! Қызымды қорламаңдар! Жерде жатқан бала жоқ білдің бе?!


– Құдеке, бұныңыз артық енді. Қап, Құдай-ай, а... Әй, келін! Зәуре! Қайдасың қарағым? Әкеңе айтшы, түсіндірші, балам.


– Келсін! Айтсын бәрін! Шақыр!


Ақжанның қабағы түсіп кеткен. Бекенде қан-сөл жоқ, боп-боз. Дір-дір етеді. – Әй, Зәуре! Кел бері қорықпа! Айт бәрін!


-     Келе ғой, балам. Айтшы әкеңе...


-     Кел бері. Ұрса ма сені? Ұрса ма деймін?!


-     Құдеке, баланы қинамай-ақ қояйықшы. Қысылып тұр ғой... -        Ұрса ма деймін?!


-     Ой, құдеке-ай!.. Ұрсамыз ба, балам? -       Ұрсасыздар ғой...


-     Әне, айттым ғой! Әне! Бітті! Жинал! Қазір алып кетем! Жарымаған, әкеңнің аузын...


-     Құда, тартыңыз тіліңізді! Ой, Құдай-ай, қайтейін!..


-     Жетеді, болды! – деген Жекен ағаның да даусы қаттырақ шығып кетті.


-     Жетпейді! Алып кетем қызымды! Қара бұлардың құтырғанын, өңкей жалаңбұт!


-     Құда, тіліңізді тартып, тартып сөйлеңіз!


-     Қойсаңыздаршы болды! Құда! Құдағи! – деген арашашылар даусы, әйелдердің жылаған дауыстары – бәрі араласып, у-шу, азан-қазан болып кетті. Бағанадан бері біресе қызарып, біресе бозарып дірілдеп тұрған Бекен де үйге атып кіріп кетті. Уласып-шулысып жүріп, жік-жапар болып, мамақұл болып, өтірік құшақтап, өтірік сүйіп, үсті-үстіне арақ құйып жүріп құдаларды әзер тыныштандырған күтуші жұрт «уһ» десіп бір демалған шақта, дәлізге ауа жетпегендей атып шыққан Ақжан өзінің алдында ғана шыққан Бекеннің «Уһ...уһ! Құдай-ай, Құдай! Уһ...» деп жұдырығымен тізесін тоқпақтап, түтігіп тұрған түрін көріп, не істерін, не айтарын білмей состиып тұрды да қалды. Бұлардың артынан күрсіне шыққан мамасын көре сала: «Ой, мама-ай! Бүйтіп той жасағанша, менің жаназамды шығарсаңыздар болмай ма!» деген Бекен жылап жіберді. Алтынсара тәтенің жүзі оңған шүберектей бозарып кетті де, жүрегін ұстап «Алла-ай!» деп шалқалап кетті. «Қап, бекер айтты-ау жаңағы сөзді!» деп ойлаған Ақжан тәтені сүйемелдей берген. Сол сәтте бұрылған Бекен: «Мама! Маматайым менің! Кешірші, мама!» деген күйі анасына жанұшыра ұмтылды. Көре сала ожаумен су ала жүгірген бір жеңгей бетіне су бүркіп, қайран ана есін тез жиған. Көзін ашып, ағыл-тегіл жылап жатқан ұлына қарады да: «Қарғам-ай, қарғам-ай, қайтейін...» деп күрсіне түрегеліп, беті-қолын шайып, үйге қайта кіріп кетті. Өксігін басқан Бекен сұрланып алды. Ақжанның жүзі тоқтаусыз құбылып, көзі жасқа толып тұрған. Бір уақытта кілт бұрылып үйге кіріп кетіп, қайта шыққан Бекен бұған қарап: «Балдыздарыма алдырып шықтым» деп ызалана жымиды. Аузынан бұрқ еткен арақтың қышқылтым иісін сезгенімен бұл үндеген жоқ. Содан жастар жағына бас-көз болып жүрген Ақжан Бекен досының балдыздарымен бір, бажаларымен екі ішіп, ішкен сайын батылданып, қызарып, екіленіп, өтірік күліп-күлдіріп жүргенін көріп, жүрегінің дүрсілі, денесінің дірілі арта берді. Үлкендерді түн ортасында шығарып салған бұлар жастарды таң атқанша күтті. Бекен де таңға дейін сілтеді, бірақ құламады. Құда балалар мен құдашаларды автобусқа шығарып салған екеуі, өздері де автобусқа отырып келіп, Ақжандардың үйінің жанынан түсіп қалысты. «Жүр, Бекебас, үйге кіріп дем алайық» деген Ақжанға «Жоқ, Ақай, ұят болады ападан. Мен бажамның үйіне барам» деген соң, оны ауыл шетінде тұратын бажасының үйіне апарып, жатқызып қайтқан Ақжан төсекке шешінбестен құлаған.


Қанша жатқанын білмейді, қарындасы Зейнептің жұлқылауынан оянып кетті. Ол ағасына далада Бекеннің қайынбикесі келіп тұрғанын жеткізді. Ақжан тұра сала далаға асықты. Шықса, Әйгерім жеңгесі күтіп тұр екен. Өңі бұзылып кеткен ол кісі:


-     Ақжан, жүрші үйге. Ана Бекен қатты ауырып жатыр, – деді дегбірсізденіп. -    Мақұл, жеңге, қазір. Абыржымаңыз. Не болды?


-     Білмеймін. Аузынан көбік ағып, сандырақтап, ентігіп, әрең дем алып жатыр. Есім шығып кетті. Саған тұра жүгірдім. Тез барайық, ойбай!


Жеңгейінің сөзінен кейін көңіліне секем алып, жылдамдата                 жүрген Ақжан жүрегінің бейқам қалыпта, жәй ғана соғып тұрғанын жақсылыққа жорып қойды. Біраздан бері өз ішіне үңіліп, жүрек үнін тыңдауды әдет қылған ол:


– Қорықпаңыз, жеңге, бұйырса, бәрі жақсы болады, – деп қойды сенімді үнмен. Олар кіріп келгенде Бекеннің жүзінде қан жоқ, бозарған қалпы ентігіп жатыр


екен. Досының қиналаған түрін көріп, Ақжанның жүрегі езіліп кетті. Бекеннің жанына барды да, қасына отырып, бет-аузын сүртіп, басынан сипады. Досының қолын алып, уқалай бастады.


– Бекен... Бекебас... Бекебас, бұл менмін ғой. Ақжанмын... Көзіңді ашшы, достым... Бәрі жақсы болады... Өзіңе бекем болшы, Бекебас? – деп ақырын ғана сөйлеп отырған Ақжан Бекеннің қолын қысқанын сезіп, қуанып кетті де, мейірін төге жүзіне үңіле берді. Бекен ақырын көзін ашты да, оған ұзақ қарады. Оның жанарынан өшейін деп тұрған, өшкісі кеп тұрған тіршіліктің болар-болмас сәулесін аңғарды Ақжан. Оның көзі бұған тере-е-ең бір шатқалдан қарап тұрғандай, тым-тым алыста, тұңғиықта тұрғандай көрінді.


– Бекебас, бұл менмін ғой. Жан досың Ақжан. – Бекеннің ернінің қимылдағанын көріп ол:


– Ау, бірдеңе дедің бе? – деп еңкейе берді.


– Ақай-й, кешірші мені, – деді ол анық әрі өте әлсіз дауыспен сыбырлап.


– О, не дегенің, Бекебас. О, не дегенің, достым. Мен баяғыда-ақ кешіргенмін. О, не дегенің, Бекебас! – деген Ақжанның да үніне діріл араласып, жасы мөлтілдеп кетті. Бекен «ұқтым, рахмет» дегендей, досының қолын ақырын қысып-қысып қойды да көзін қайта жұмды. Ентіккені басылып, бетіне болар-болмас қызыл жүгірген ол «пыс-пыс» етіп тынши берді. Досының қолынан, басынан сипап отырған Ақжан оның терең ұйқыға кеткенін ұқты да, үстін қымтап жауып, ауыз үйге шықты. Әлі де қорқып тұрған жеңгесінің «Не болды?» деген сауалына:


– Бәрі жақсы, жеңге. Ол ұйықтап жатыр. Мен үйге барайын, тәтем іздеп қалар. Егер бірдеңе болса, хабарласыңыз. Бірақ қорықпаңыз, енді ұйықтайды. Түнімен жүрген соң, шаршаған ғой. Жақсы. Шығарып салмай-ақ қойыңыз, – деген ол ақырын басып шығып кетті.


 


Ақжанның қуанышында шек жоқ еді! Ол досымен қайта табысқанын түсінді. Ол бұл жолы досының шын кешірім сұрағанын және өзінің де шын кешіргенін анық ұққан. Ол көптен бері алғаш рет тыншыған көңілдің тұнығымен түнге жолдас болды...


Келесі жылы Бекен мен Зәуре ажырасты ақыры. Ауылға келген Ақжанға Бекен болған жайды толық баяндаған: төркініне екі-үш рет кетіп қалған Зәурені жалынып, жалпайып жүріп, қайта әкелуден жалыққан папасы мен мамасы кейін қашып кеткен келіннің соңынан баруды да қойыпты. Бекен өзі барып бір-екі рет алып келген екен. «Төркіні жақынның төсегі жиылмас» деп, сол жақтың қайрауы мен түртпегіне күшейіп алған Зәуре соңғы жолы шектен шығып кетіпті: мамасына тіл қайтарып тұрып, итеріп қалып, құлатып тастапты. Мұны естіген Бекен «Бүйткен әйеліне де, баласына да рахмет!» деп, кішкене қызымен қосып апарып тастапты Зәурені үйіне. Содан бері ат құйрығын кесісіпті.


* * *


Арада ақиқат іздеп мұң кешкен, махаббат аңсап шөлдеткен үш жыл өтті. Ақжанның қаладан келгенін ести сала жоғарыдан Бекен мен Ербол, төменнен Біржан жеткен елеңдесіп. Қауышып мәре-сәре болған төрт дос Ақжанның базарлығынан ауыз тиіп, шәй ішкен. Сүткенжесінің келгеніне жер-көкке сыймай қуанып жүрген Жәміш апа:


– Шәй ішіңдер, қарақтарым. Қазір жеңгелерің тамақ әзірлейді. Асықпай отырып, ауқаттанып кетіңдер. Ақжаным келмесе, жоламай қоятындарың не үйге? Келіп-кетіп тұрсаңдаршы, қарғаларым. Жоқ әлде, апаларың «ұрсады» деп қорқамасыңдар? Ұрыссақ, адам болсын деп ұрсамыз. Әйтпесе, тілеуіміз сендердің үстілеріңде ғой, шырақтарым. Ербол балам, әкеле ғой шыныңды. Иә... Құдай-ау, ұмытып кетіппін ғой. Біржан, қарғам, кішкенеңнің бауы берік болсын! Әке-шешеңе барып, шашуымды шашып қайтқам. Өзіңді көріп отырғаным осы. Е-е, бірақ сендерге бала қайда? Екіншің ғой, иә? Жарайсың! Азамат! Неменеге күлесіңдер? Ата сақалдарың ауыздарыңа түсейін деді, ал жүрістерің мынау – сойдиып-сойдиып. Ау, қашан үйленіп, қашан үй боласыңдар түге? Немене біздің де немере сүйіп, жөргек жуғымыз келмейді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ бізді шаужайларыңа жармасып жүре береді дейсіңдер ме? Жас келген соң, бойдағы қасиетті кетірмей тұрып, дер кезінде үйлену керек, шырақтарым. Жоқ, «жаспыз» деп жүрмісіңдер? Қайдағы жас? Міне, Алла қаласа, жиырма беске де келіп қалдыңдар. Құдай-ау, осы шаңырақты аттағанда он төртке жаңа шыққан кезіміз болатын өзіміздің. Аллаға шүкір. Иә... Бекен, Біржан әкеліңдер кеселеріңді, ыстық-ыстық шәй ішіп отырыңдар, қарғаларым. Иә... Мына Ақжанға Құдайдың құтты күні айтам: «Көзімнің тірісінде, қолда бірдеңе барда үй болып ал» деп. «Мақұл, тәте» дейді де, маңқиып жүре береді, ботам сол. Сендер де айтыңдаршы қарғама. Иә... «Анау жоқ, мынау жетпейді» деп жүре берсеңдер, жүре бересіңдер. «Тәуекел» деп, шарт үйлену керек! «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды», балапандарым. Әй, осы можантомпай достарыңның қызы бар ма, өзі? Айтпайды маған. Әй, осының қызға ебі жоқ қой деймін! Бұларға бірнәрсе айтсаң, күледі өстіп. Күліп құртады адамды.. Е-е, дұрыс, «Күлсең, кәріге күл» деген. Құдайым, жылағаннан сақтасын... Әкеліңдер шыныларыңды, томпиған қозыларым сол, – деп айналып-толғанып отыр.


– Көп іштік, апа, рахмет. – Рахмет, апа.


– Түк те ішпедіңдер ғой. Ой, мен де, ұрсып, көп сөйлеп мазаларыңды алдым ба әлде? Ренжімеңдер, қарғаларым, апаларың сөйтеді енді.


– Жоға, апа, ұрысқаныңыз – жақсы көргеніңіз ғой. – Ұрса беріңіз, бізге майдай жағады.


– Ой, қарақтарым, олай десеңдер, апаларың одан ары арқаланып кетер! Дұрыс, шырақтарым. Өзіміз кезінде бізді ұрсатын адам таппай, талай мұңға батқанбыз... Абай аталарың айтқандай: «Әке ұрысса балаға, ол да – достық». Әй, Құдай-ай, ананы айтып, мынаны айтып, сендерді жалықтырдым-ау деймін. Қарғамның келгеніне қуанып, абдырап көп сөйлеп кеттім-ау өзімде. Қой тамақ салайын. Әлгі келін қайда жүр екен, ә? – деген ана бетін сипап, орнынан тұра берді. Достар да тұрып, түпкі бөлмеге енді.


– Ал, Ақай, баста. Не жаңалық бар? – деді Біржан, жайғасып үлгермей жатып, жымиып.


– Ой, Бікай, жаңалықтың көкесі көкеңде, қазір, – деп Ақжан, көрпе төсеп, достарын жайғастырды.


– Е, жарнамаң жақсы шықты. Енді «товарыңды» көзбен көріп, қолмен ұстайық, – деді Біржан жымиған қалпы.


– Ақай, көрпені неғыласың, әңгімені айтсай, – деп Ербол да қостады досын.


– Жарайды. Қысқасы, мен іздегенімді таптым, – деді жүзі бал-бұл жанған Ақжан масаттанып.


– Иә? Ортақ болсын ендеше – деп Бекен де жымиды.


– Достарым менің, бұл өте маңызды әңгіме! – деп олардың көңілін аудара түсейін дегендей Ақжан бір тоқтады. – Құдай бар екен! Құран –шын, Пайғамбар – хақ екен!


– Қайдан білдің?


– Көргендей сөйлейді, тегі.


– Былай болды, – деп Ақжан мейірлі жүзбен, достарына қарап қойды. – Шынарды іздеп, жатақханаға барсам, қабырғада «Ислам діні жайлы сұхбатқа келіңіздер» деген хабарландыру ілулі тұр. Уақытына қарасам, басталуына аз қалыпты. Өзімізді «мұсылманбыз» дегенмен, дініміз жайлы хабарымыз жоқтың қасы ғой. Қызығып кеттім де, болатын жерін тауып алып, қатыстым.        Кездесуге көзәйнек таққан, жылы жүзді, толықша келген, орта бойлы, қара торы кісі келіпті. Қою сақалы өңіне байсалдылық беріп тұрған, сым-костюм киген, басында қазақы тақиясы бар ол кісі әңгімесін: «Біздің көбіміздің Ислам жайлы түсінігіміз – ауылдағы шала сауатты молдаларға, «дүмше молда дін бұзар» деп, жаназада дүниеге таласатын молдасымақтарға байланысты қалыптасқан. Ақиқатында, Ислам – кемшілік атаулыдан ада хақ дін. Кемшілік – бізде. Ислам – тек жаназа, Құран бағыштау, ораза мен намаз ғана емес, ол түпсіз Ілім. Бүкіл ғылым мен білім сол Ілімнен бастау алады. Құран – өлгендерге арналған, бағыштайтын дұға ғана емес, тірілерге, сіздер мен бізге арналған кітап. Құран Кәрім – Аллаһ Тағаланың айқын ақ жолын нұсқайтын, біздерді екі дүние бақытына жеткізетін шамшырақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Саллалаһу алейһи уә сәлләм) жеткізген Алланың Сөзі, – деп бастады да – Әңгімеміз ортақ болсын, сіздер сұрақ қойыңыздар, біз біліміміз жеткенше жауап берейік. Негізі, Исламда барлық сауалға жауап бар, білмесек ол біздің кемішілігіміз» – деп тоқтады. Содан, студенттерді білесіңдер ғой, сұрақ деген қарша борады. Өз білетініммен салыстырып тыңдап отырған мен тыңдаған сайын таңырқап, разы болып, қуанып отырдым. Берген жауаптары сондай орнықты, дәлелді, Құран аяттарымен және нақты ғылымдар арқылы қолмен ұстатқандай қылып, негіздеп беріп отырды. Мысалы, эмбрология деген ғылымның саласы бар екен. Ер адамның ұрығы жатырға түсіп, аналық тұқыммен кездескеннен бастап, әйел адамның ішінде не құбылыс жүреді? Жаңағы ұрық қалай дамиды? Іштегі шақалақ қалай өсіп, қалай қоректенеді? – соның бәрін, нәресте жарық дүниеге шыққанға дейінгі бүкіл өзгеріс-құбылысты зерттейтін ғылым екен. Соның негізін қалап, зерттеген американың ғалымы Кейт Мур сол еңбегі үшін Нобель сыйлығын алыпты. Содан бір ғылыми конференцияда оны бір мұсылман ғалым құттықтап: «Еңбегіңіз жансын. Сіз Құранда айтылған дүниені ғылым жүзінде дәлелдеп шығыпсыз» десе, ана ғалым: «Қалжыңды қойыңыз, сонау VII ғасырда, шөл далада түйе мініп жүрген, сауатсыз біреу оны қайдан біледі? Сенбеймін» дейді. Мұсылман ғалым Құранның аудармасын ашып, адамның жаратылысы туралы аятты оқытыпты. «Мүмкін емес, мүмкін емес!» деген ғалымға: «Құран – ойдан жазылған кітап емес, Құдайдың Сөзі, ал жеткізуші – жай пенде емес, Пайғамбар. Қызық алда. Хадис деген бар. Пайғамбардан бізге бұзылмай жеткен өсиет сөздер. Сол хадисте адамның жаратылысы туралы, тіпті шақалақтың даму мерзімдері туралы егжей-тегжейлі айтылған» деп одан ары таңқалдырыпты. Сонымен, жаңағы ғалым зерттей келе, ақыры Ислам дінін қабылдапты.


 


– Құранда не айтылыпты сонда? – деді бар ынтасымен тыңдап отырған Бекен.


– Құранда, мағынасын айтам, былай делініпті: «Біз адам баласын жоқтан бар қылдық. Көзге көрінбес бір тамшы су еді әуелі, одан қан қылып ұйыттық, одан бір кесек ет болдыңдар, одан сүйекке айналдырдық; содан сүйекті қайтадан етпен


қаптадық, жан салдық. Мезгілі келгенде үш қараңғылықтан өтіп, жарық дүниеге шықтыңдар»1.


Қазіргі технологиясы жетілген ғылым «тура солай» деп мойындап отыр екен. Ал Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) ол құбылыстардың мерзімін, яғни қырық күн қан, қырық күн ет, қырық күн сүйек күйінде болатынын, одан кейін жаңағы сүйек қаңқасы етпен қапталатынын, төрт айлық шақалаққа жан салынатынын айтыпты. Әуелі шақалақтың бір кесек ет кезінде, онда «тістеп тасталған сияқты із болады» деп айтқаны да дәл келіпті. Қалай, ә?


– Ойпырмай-ә, мынауың қызық болды ғой! – деген Бекен – Тағы қандай дәлелдер бар екен? – деп қозғалақтап кетті.


– Иә, иә, тағы қандай дәлелдер бар?


Өзі де тапқан асылын достарымен бөліскісі кеп, асығып келген Ақжан ұзақ сөйледі. Ол айға алғаш қонған АҚШ астронавты Армстронгтың сонда азанның дауысын естігенін, ақыры оның да мұсылмандықты қабылдағанын; мұхитты зерттеген Кустоның қалай мұсылман болғанын; жалпы бір нәрсенің түбіне жетіп, қаузап зерттеген ғалымдардың Жаратушысын мойындап жатқанын қызбаланып тұрып айтып шықты.


–     Бұның бәрі нені білдіреді? Жаратушы Иеміздің бар екенін, Құранның хақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) ақиқат елші екенін білдіреді! Өмірдің ойыншық емес екенін, оның мән-мағынасы бар екенін білдіреді!


–     Бұл, расында керемет жаңалық болды! – деп орнынан тұрып кеткен Бекен ары-бері жүріп кетті, – Иә?


–     Ту-у, Ақай, ақылымызды айран қылдың ғой, – деген Біржан басын шайқап қойды.


–     Ойландырып тастадың адамды, – деді Ербол да ойға шомған қалпы. – Ой, батырлар, ойланғанның көкесі алда әлі, – деп Ақжан ақсиып тұр.


–     Сонда адамды не үшін жаратыпты? – деген Бекеннің сұрағына, осыны күтіп тұрғандай Ақжан бірден жауап берді:


–     Қасиетті Құранда «Мен адамдар мен жындарды Маған ғана құлшылық қылсын деп қана жараттым»2 деп айтыпты Аллаһ Тағала. Яғни біздің мақсатымыз Тәңірімізді танып, тек Оған ғана құлшылық жасау екен. Ал, құлшылық – Құранда Аллаһ Тағала не бұйырады, соны орындау, неден тыйды, оған жоламау екен. Бұл үшін алдымен иманды бекітіп, сенімді түзеп алу керек екен.


–     Иман деген – Құдайға сену ғой? – деді Біржан.


–     Әрине, бірақ ол ғана емес. Иманның алты шарты бар екен. Кейде «жетеу» деп те айтады. Ең әуелі Аллаһ Тағаланың бар екеніне және Бір екеніне иман келтіру. Одан кейін періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, Ақырет күніне және тағдырға (жақсылық та, жамандық та Алладан екеніне) иман келтіреміз екен, – деген Ақжан сұрақ күткендей үнсіз қалды. Достарын барлап қарап отыр.


–     Ақай, бұларды таратып бере аласың ба? – Бекен, «естігенімді жұтамын» дегендей, жұтынып қойды.


 


1      «Расында, адамды (Адам атаны) лайдың (балшықтың) негізінен жараттық. Кейін оны берік орынға (жатырда) орналасқан тамшы (ұрық суы) қылдық. Содан кейін тамшыны қан жасадық. Ұйыған қанды тілім (шәйналған секілді) ет жасап, етті сүйектер етіп жараттық та сүйектерді етпен қаптадық. Содан кейін оны басқа бір жаратылыс қып жан салдық. Жаратушылардың ең жақсысы (ең шебері) Аллаһ – аса Берекелі! Осыдан соң сендер (туылып), кейін, әлбетте, өлесіңдер. Сосын сендер Қиямет күні (қайта тірілу күні), еш күдіксіз, қайта тірілтілесіңдер». («Муминун» сүресі, 12-16-аяттар.)


 


2 Құран, «Зәрият» сүресі, 56-аят.


 


– Шамамның жеткенінше айтып берейін. Жалпы иман келтіру ол көрінбейтін, көмес дүниелерге сену.


–     Иә, иә, сонысы қиын екен. Көзбен көріп, қолмен ұстамағаннан кейін, – деген Біржан иығын көтеріп қойды. Ербол үнсіз бар зейінін салып отыр.


–     Дұрыс, Бікәй. Қазақта «көкірек көзі», «ақыл көзі» деген сөздер бар. Мына бастағы көз көре алмайтын дүниелерді сол ақыл көзімен көруге, түсінуге болады. Мысалы, рентген сәулесі, ультракүлгін, ультрақызыл сәулелер деген бар, иә? Ол сәулелерді жай көзбен көре алмасақ та, арнайы аспаптар арқылы көруге болады. Солай көріп, көз жеткізгеннен кейін, мына көз көрмей тұрса да біз оның бар екеніне сенеміз. Тура осы сияқты... Мысалы, «Ақырет күніне сенімді» алайық. «Ол күні Құдайдың құдіретімен бүкіл адам баласы қайта тірілтіліп, жер бетіндегі сынақ өмірдің нәтижесі шығарылады, сөйтіп адам баласы Жұмақ пен Тозаққа бөлінеді» дейді...


Осы арада «ши-и-иқ» етіп ашылған есік барлығының көңілін аударды. Ақжанның жеңгесі Балқия мен ағасы Сайрау келген екен. Күле кіріп келе жатқан қара торы өңді, ат жақты,       жарасымды         мұрты бар,                 қара                   шашты,   жұмсақ            жүзді          ағасына     Ақжан «Ассалаумағаләйкум!» деп қарсы жүрді. Екеуі құшақтасып көріскеннен кейін, ол күлімдеп тұрған «өң бермес бидай өңдінің әдемісі» дегенге келетін жеңгесімен сыпайы ғана амандасты. Жеңгесі қайнысының бетінен сүйді. Орындарынан атып тұрып амандасқан жігіттер ізет сақтап, тұрып-тұрып қалысты. Жеңгей қалғандарымен басын изеп амандасты да, қайта шығып кетті. Біржанның қолын алып жатқан әзілкеш ағасы:


–      Өй, Біржан қайдан келіп қалғансың? Қайтіп кіріп кеткен бұл? – деп жымиды. Есе жібермейтін қыршаңқы Біржан да:


–     Сіз жоқта, «қайдан шықса, онан шықсын» деп кіріп алдық үйіңізге, – деді қулана күлімсіреп.


–     Ақжанның арқасында де. Ақжан жоқта келсең, «салық» төлемей кіре алмас ең ғой мұнда. Екі итке ақырын сыбырлап қойсам бітті ғой!


–     Ойбай, аға! «Салық төле» десеңіз, қазір-ақ төлейін. Тек иттеріңізге сыбырлай көрмеңіз!


–     Тек, «налишна», қолма-қол! Ой, жігіттер неғып тұрсыңдар, отырыңдар. Қалай, Ақжан? Денсаулығың жақсы ма? Берік, Амантайлардың жағдайлары жақсы ма? Нағашы ағамдардан хабар алдыңдар ма? Нұрланға бардыңдар ма? Жұмыс қалай?


–     Жақсы, бәрі жақсы, аға. Нағашы ағам қалаға келіп кеткен. Ол жақтағылар аман-есен екен. Сәлем айтқан сіздерге.


–     Сәлемет болсын. Қанша күнге келдің? –      Екі-үш күнге, аға.


–     Тү-у, соңғы кезде ылғи асығып жүретін болып кеттің ғой. «Жұмыс» дейтін жұмыс, «бастық» дейтін бастық жоқ, жатпаймысың асықпай.


–     Жатар едім ғой, аға. Бірақ оқуымның сессиясы басталады.


–     Е, жарайды онда. Не айтып отырсыңдар? Тыңдаса бола ма? Жоқ шығып кетейін бе?


–     Отыра беріңіз, аға.


–     Ой, аға, қызық боп жатыр. Мына Ақай бір нәрселерді айтып, есімізді екеу, түсімізді төртеу қылып жатыр. Менің жаныма келіңізші, арасында налог жайын да шеше отырайық.


–     Ары отыр, онда, түйенің жарты етіндей болмай, – деп жамбастай жайғасты ағасы: – Иә, айта беріңдер әңгімелеріңді. Бірақ «шық» десеңдер, шығып кетем.


–     Болды ғой, аға. Әбден жайғасып алғаннан кейін «попыз» жасамай-ақ қойыңыз, – деп Біржан тағы бір шымшып өтті. Бәрі ду күлісті.


Ақжан үйдің кенжесі болғандықтан, ешкім бетінен қақпай өскен болатын. Әке-шешесі, күйеуге шығып кеткен әпкесі Кеңесгүл – ешқайсысы қолдарының ұшын тигізіп көрмепті бұған. Осыны ойлап кеткен Ақжан қазір іштей таңырқап тұр. Алдында отырған алтындай ағасы да оған қол тигізбек түгілі, «іні» деп ұрысып та көрмепті. Сезімін сыртқа көп шығара бермейтін, мінезі ауырлау Ақжан өзі жанындай жақсы көретін, ақкөңіл ағасынан имене тұрып сөз бастады.


–     Иман жайлы айтып жатыр едік, аға. –       Жалғастыра бере ғой.


–     «Ақыретке иман» дедік қой. Ақырет күніне иман келтіру дегеніміз – «Қиямет күні» деп те айтады ғой, сол күні Аллаһ Тағаланың құдіретімен, адам баласының бәрі қайта тірілтіліп, яғни жаны мен тәнін біріктіріп, сұраққа тартылып, қалай өмір сүргеніне байланысты не Жұмаққа, не, Құдай сақтасын, тозаққа жіберілетініне сену екен. Оған қалай сенеміз? Біріншіден – Құранда айтылғаны үшін сенеміз. Ал Құранға неге сенетініміздің біраз себеп-дәлелдерін жаңа айттым. Яғни сонау VII ғасырда түсірілген Құран Кәрімдегі айтылған дүниелер қазіргі дамыған ғылымның нәтижелері арқылы дәлелденіп жатқаны – оның шын мәнінде қасиетті екеніне, Құдайдан түскен кітап екеніне анық дәлел. Екіншіден – Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі      болсын!) айтқан екен:                     «Адамның  құйымшағында        жойылмайтын, жоғалмайтын тұқым болады. (Қазіргіше айтсақ – клетка.) Соған Қиямет күні арнайы жауатын жауынның ылғалы тигенде, адам денесі өсіп шығады; тәні мен жаны


бірігеді; көктемде өсімдіктердің қайта өніп, тірілетіні секілді, адам баласы да қайта тіріледі»3 деп. Содан, жаңылмасам, жапонияның ғалымдары адам денесін жақсылап тұрып зерттепті. Өртенген дененің күлін зерттеген. Сөйтсе, расында бір тірі клеткаға кез болады! Содан олар таң қалысып, «температура жеткілікті болмаған болар» деп, әлгі клетканы арнайы пешке салып өртепті. 1000°С, 2000-5000 градус. Міне, керемет: әлгі клеткаға от әсер етпейді дейді! «Бұл суықтан ыдырар ма екен?» деп арнайы тоңазытқыштарға салып көрсе де ыдырамапты, жойылмапты. Ақыры «Хадисте айтылған сөз рас болды: бұл клетка отқа түссе де, суда болса да, топырақта жатса да жойылмайды екен» деп мойындаған екен. Тіпті сол зерттеген ғалымдардың біразы Ислам дінін қабылдапты!


–     О, тоба!


–     Міне, қызық!


–     Қызықтың көкесі алда, – деп жымиған Ақжан дереу байсалды кейіпке көшіп, сөзін жалғады. – Жақын жылдары «клондау» деген нәрсе шыққан, естіген шығарсыңдар?


–     Иә, анау әлгі, бір тоқтының көшірмесін өмірге келтірген тәжірибе ғой, – деді Ербол ойлы қалпында.


–     Ана пробиркада өсіру ме? – деді Біржан.


–     «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген. Клондау деген – аналық-аталық ұрықтарды пробиркада өсіру емес, жануардың ұрықтық емес, кез-келген басқа бір клеткасын алып, оған азығын жеткізу арқылы, сол клеткасы алынған жануардың айна-қатесіз көшірме-копиясын өсіру. Соны ғалымдар жасаған ғой, қазірдің өзінде! Бұл дегеніңіз, жаңағы хадисте айтылған «адамнан қалған тұқымнан – оның денесі қалпына келтіріледі» деген сөзді тағы бір дәлелдеу болып шығады! Міне сондай бұлтартпас дәлелдер – қайта тірілетінімізге иман келтіруге негіз болады. Бұларды «заттық дәлелдер» дейді екен. Өйткені одан бөлек ой жүгірту, ақылға салу арқылы да иман келтіруге болады. Оны «ақылдың дәлелі, ақылдың көзі» дейді екен. Сол сабақтарға қатысып жүріп (кейін қалмайтын болдық қой), мен осы қайта тірілу жайлы сұраған ем: «Аға, біздің білуімізше, адам қайтыс болып жерленгеннен кейін, оның денесі шіріп, топыраққа айналып кетеді; сонда адам қайдан, қалай қайта тіріледі?» деп. Сол кезде уағызшы аға маған: «Бауырым, Құран Кәрімді оқыдың ба? Қазақша мағынасын айтам» – дегенде мен: «Шала оқыдым, түсінбедім» дедім. Ол кісі жымиып қойды да: «Бұл сұрақтың жауабы Құранда айтылған. Мағынасында Аллаһ Тағала айтады: «Бұрын сен қайда едің? Жоқ едің ғой! Сені  «Адамдардың бойында ешқашан шірімейтін бір сүйек бар. Қиямет күні осы сүйек арқылы адам баласы қайта қалпына келтіріледі», - деді. Сонда адамдар: «Уа, Алланың елшісі (с.а.с.) Бұл қай сүйек?», - деп сұрады. Сонда Ол (с.а.с.): «Бұл – құйымшақ», - деп жауап берді.» (Бұхари, Насаи, Әбу Дауд, Ибн Маджа, Ахмад және Мәлик жеткізген) жоқтан бар қылған, көрінбейтін бір тамшы судан атпалдай азамат қылған Тәңірің, сен жоқ болып кетсең де, қайта жаратуға құдіреті жетеді!»4 деп. Оның үстіне өзің ойла бауырым: егер сен бір затты, мына орындықты жасап шығарсаң, оны қайта жасау саған оңай болады ғой, иә? Ендеше өзіңнің шектеулі, жаратылған ақылыңмен орындықты қайта жасау саған оңай болса, онда он сегіз мың ғаламды жоқтан бар қылған Аллаһ Тағалаға сені, адамдарды қайта жарату қиын болып па?!» деп жауап берген. Одан кейін, жаңағы мен айтқан ғылыми, заттық дәлелдер туралы әңгімелеген еді, – деп бір тоқтаған Ақжан бағана кірген, бұл қолымен ымдаған соң, тып-тыныш отырған, іні-қарындастарының кішісі, ағасына ұқсайтын қара торы Динаны басынан сипап еркелетіп қойды.


–     Ой-бәлі-ай, «осы өмірден басқа өмір жоқ шығар, өлген соң бітті ғой!» деп жүрген мен үшін мынау сұмдық ойландыратын нәрсе болды ғой! – деп Біржан қабағын түйе түсіп, басын шайқады. Бұл сәтті жібермеген Сайрау аға:


–     Қабағың түсіп кетті ғой, Біржан? Күнәң көп қой деймін, а?


–     Күнәні білмеймін аға, кінәміз жетерлік. Бар болса бар шығар... Бірақ, әй, сіздікінен аз болар.


–     Е, неге олай ойлайсың?


–     Сізге қарағанда жаспыз әрі мұртымыз да жоқ.


Ду күлген оларға қарап, Ақжан қызара жымиып, басын шайқап қойды.


–     Ақай, Аллаһ Тағаланың барлығы туралы ақылға салар дәлелдерді айтшы, – деді алабұртып отырған Бекен. Бәрі тыныштала қалысты.


–     Бағана осыдан бастауым керек еді... Көп нәрсе айтқың келеді де, қайсысынан бастарыңды білмейсің. Ол былай екен: мысалы, осы үйді өзінен өзі пайда болған десе, сенбейміз ғой? «Қой, қалай өзінен өзі пайда болады? Бұл үйді білетін біреу салған: нәм тартпасын деп іргетасын қалап, астынан зәй ұрмасын деп еденін төсеп, жарық болсын деп терезесін салып, су өтпесін деп шатырын жапқан – барлығын орын орнына қойған. Өзінен-өзі дәл осылай орнықты болуы мүмкін емес» дер едік. Ал енді мына әлемге қараңыз: егер күн жерге сәл жақындаса жер беті күйіп, тіршілік тоқтайды екен, ал егер сәл алыстаса, суықтан мұз басып қалады екен. Күннің осы тұрасы ең қолайлы тұрыс екен. Кім оны солай орналастырған? Және не деген дәл есептелген?!.. Жердің сыртын қоршап тұрған атмосфера, оның үстінде озон қабаты бар. Солар күн сәулесін сүзгі-филтр секілді залалсыздандырып, жер бетіне зиянсыз сәулелерді өткізеді екен. Оны кім жасап қойған? Жер ме, жоқ адамдар ма?.. Жер бетінде ауаның құрамы 78% азот, 21% оттегі, 1% басқа газдар екен. Егер оттегі бір-екі пайызға көбейсе, онда ауа тұтанып жанып кетеді екен, ал егер бір пайызға азайса, өкпеге ауа жетпей, тұншығу басталады екен. Өйткені, біздің де, басқа жан-жануарлардың да өкпесі ауаның осы құрамына лайық қалыптасқан, яғни жаратылған. Енді ойлаңыздар: қаншама орман кесіліп жатыр, қаншама завод, машиналар түтін шығарып жатыр. Жоқ, бұрын қалай болған, қазір де дәл солай: ауаның құрамы өзгермеген. Кім, қандай күш, қандай есеппен оны теңшеп тұр?.. Тағы да: жеті нота бар, иә? Бүкіл ән мен әуен сол жеті нотадан тұрады; жеті түс бар – ақ, қара, көк, жасыл, сары сияқты, әлемдегі бүкіл түс пен бояу сол жетеудің қосындысынан тұрады; аптада жеті күн, жеті қат көк бар – заңдылық па? Заңдылық! Бірі алты, екіншісі сегіз емес! Солай ғой? Құранда Аллаһ Тағала: «Бүкіл әлемді, жердегі бар нәрсені – адам үшін, ал адамды – Маған ғана құлшылық қылсын деп жараттым» деген. Қарайық: жануарларды көлік


 


 


«Ей, адамзат! Егер сендер қайта тірілетіндеріңе күмәндансаңдар, өз жаратылыстарыңа көз жіберіңдер! Біз сендерді әуелі топырақтан, сосын шәуеттің бір тамшысынан (аталық жасушадан), сосын алақадан (жабысқақ ұрықтанған жасушадан, яғни, ұйыған қан пішінінен), сосын мудғадан (бір кесек ет көрінісіндегі жаратылыстан) жараттық. Мұның бәрі сендерге құдіретімізді көрсету үшін. Осыдан соң Өз қалауымыз бойынша құрсақта белгілі бір мерзімге дейін сақтаймыз да, (жарық дүниеге) нәресте етіп жібереміз. Содан барып ер жетесіңдер. Кейбіреулерің дүниеден (ерте) өтесіңдер, енді біреулерің бәрін біліп келіп, ақыры ештеңені білмейтін, түсінбейтін күйге дейін (ақылдан алжасқан қарттыққа) түсесіңдер. Сен қаңсып жатқан жерге қара. Біз жаңбыр жаудырсақ, оған жан бітіп, көпсіп шыға келеді де түрлі өсімдіктерді өсіреді».( «Хаж» сүресі, 5-аят.) қылып мінеміз, жүнін киім қылып киеміз, етін жейміз, сүтін ішеміз; ағаштарды – бұйым жасаймыз, отын қыламыз, жемісін жейміз, одан бөлек олар бізге оттегін бөліп береді; суды – ішеміз, жуынамыз. Ал енді ағаш өсу үшін оған топырақ, су, күн керек; күн болмаса су буланбайды, жаңбыр жаумайды; жаңбыр жаумаса өсімдік өспейді; өсімдік өспесе жан-жануар қырылады, сөйтіп біз де құримыз. Осының бәрін үйлестіріп, есептеп, ретін келтіріп, сақтап тұрған кім? Мына үйдің, мына орындықтың өздігінен пайда болғанына, жасала қалғанына сенбей тұрған басымыз мына әлемді – сондай ғажап, соншалықты үйлесімді өмірді «өз-өзінен жаратылды» дегенге қалай иланамыз? Жоқ. «Рет-ретімен, заңдылықтарымен, үйлесімімен көркем қылып жаратқан асқан Даналық Иесі, шебер Жаратушы бар» десек қана миға сияды, ақылға қонады! – деп шабыттана әрі қысыла сөйледі Ақжан. Сәл үнсіздіктен кейін, күреңітіп, қобалжып отырған Бекен:


–     Керемет екен! Жақсы болды... Рахмет, Ақай! – деді.


–     Иә, Алланың бар екенін ақыл көзімен көру деген – осылай екен ғой, – деді сәл діріл араласқан дауыспен Ербол.


–     Тамаша! Ойпырмай-ә!... – деп Біржан да басын шайқап қойып, ойланып кетті. Терең ойға шомған Бекен Ақжанның жүзіне ойлана қарады да:


–     Ақай, «жұмақта рахат, тозақта азап бар» дегеннен басқа ештеңе естімеген екенмін. Не білдің? Айтшы, – деді күреңіте түскен сұраулы жүзбен досына қарап.


–     Жұмақты мынандай мысалдармен түсіндіреді, – деді Ақжан астыңғы ернін тістеп қойып, басын көтеріп, отырғандарға шола қарап: – Ол жерде қайғы-қасірет, қиналу, ауру-сырқау, қартаю, өлім жоқ: ер адамдар 25-33 жас шамасында, ал әйел адамдар 18 жастағы кездеріндегі қалыптарында мәңгі қалады екен. «Әйелдің жасын сұрамайды, оның жасы – 18» деген де сөз бар ғой. «Сол сөз әйел адамдардың мәңгілік, шын өмірдегі шын жасы болған соң солай айтылған шығар» деп ойлаймын. Және ол 18 бен 25 – Жұмаққа лайық 18 бен 25 болады екен! Және ең ғажабы Жұмаққа лайық болған адам өз ата-бабасымен, ұрпақтарымен қайта табысып, мәңгілік бірге қалады екен! «Ол жерде қиындық тұрмақ, жұмыс та, құлшылық та жоқ. Қалағаның берілетін, армандар орындалатын, мәңгілік таусылмас және жалықтырмас қызықтары бар мәңгілік мекен» дейді. «Көркіне көз тоймас хор қыздары, дәмі таңдай балқытар алуан жемістері бар» дейді. Жұмақта дәретхана болмайды екен. Өйткені тағамыңда мін жоқ, тәніңде ауру жоқ, сіңген ас тер арқылы қош иіс болып бөлінеді екен. Айтса да, солай болуы әбден мүмкін екенінің белгісі Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) арқылы көрсетілген: ол кісі терлегенде шыққан тері сондай, таңғы шықтай мөлдіреп тұрады екен! Сахабалар рұхсат сұрап, сүртіп алып, әтір ретінде үстілеріне жағып жүретін болған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) балаларды еркелетіп басын сипаса, ата-аналары шашқа сіңген қош иістен-ақ кімнің сыйпағанын біліп қояды екен! – деген Ақжанның жүзі жайнап, көздері ұшқын атып кеткен еді. Әсіресе соңғы әңгімесі нанымды дауыс, сенімді үнмен айтылғаны сонша, отырғандар тегіс әсерленіп кетті. Ол қызарып барып қабағын шыта қойған.


–     Ойпырмай, мынау шын рас болса, керемет екен! – деді Біржан таңданысты үнімен. Иманның күшімен қызуланып тұрған Ақжан бірден жауап берді:


–     Неге дұрыс болмасын? Бұл хадистер әбден тексеріліп, сүзгіден өтіп барып жазылған, бізге жеткен, – деп хадистердің жиналу, жету тарихынан біраз әңгімелер айтты.


–     Иә, Ақай. Жұмақ жайлы айтқаның тура сондай болса, рахат жер екен! Бірақ ол жаққа барып келгендер жоқ қой, – деді Біржан басында күліп бастаған сөзін, жүзін сұстандыра, байсалды түрде аяқтап.


–     Иә, қандай дәлел келтіре аласың, – деді Бекен де.


–     Біріншіден, Жұмақ жаңа мен суреттегеннен де керемет, ғажайып екенін айтқым келеді, – Ақжан ақырын бастаса да, сөйлеген сайын қызбалана берді. – Жұмақты солай суреттеу – бізді түсінсін деп, біздің ұғымымызға сай, жердегі тіршілікпен салыстыра отырып, ұғынықты тілде, түсінікті бейнеде жеткізілген. Өйткені басқаша ойлап, елестетуге шамамыз, қабілетіміз, қиялымыз жетпейді біздің. Мысалы кішкентай балаға «бірге бірді қоссаң екі болады» десең, ол түсінбейді. Егер «сенде бір алма бар, менде де бір алма бар. Мен алмамды саған берсем, екі алма болады» деп нақты затты көзіне көрсетіп түсіндірсең, ол түсінеді. Сол сияқты бізге де өмірімізде бар нәрселер арқылы түсіндірілген. Ал Жұмақ одан да керемет дегенім, хадис бар: «Жұмақ – сіздердің


көздеріңіз көрмеген, құлақтарыңыз естімеген, қиялдарыңыз жете алмайтын рахат мекені»5 деген... Дәлелге келсек... Жұмақ пен тозақ ғылыми түрде дәлелдене қоймас. Себебі: дәлелденсе, сынақта мән қалмас еді. Анығын Алла біледі ғой, әрине... Иә, бір дәлелі бар екен ғой. Құранның Аллаһ Тағаланың Сөзі екеніне сену, яғни Құранға иман келтіру – сонда жазылған, айтылған дүниелердің бәріне сену деген сөз. Міне сол үшін жұмақ пен тозаққа иман келтіреміз – бұны «бір» деп қояйық. Екіншіден, бағана айттық «Иман деген – көрінбейтін, көмес нәрселерге ақыл көзі арқылы сенім келтіру» деп. Жер бетіндегі, өміріміздегі біз білетін, сезініп жүрген бар рахат, бар ләззат: жеген дәмді тағамдардан алған дәм ләззаты, түрлі-түрлі әдемі әуендерді есту ләззаты, ғажайып сұлу табиғатты көру ләззаты, жар сүю ләззаты, сәбиді иіскеу, оның қылығына шаттану, ата-ананың мейірімі, еркелеу, күлкі, ұйқы рахаттары – бәрі-бәрі Жұмақтың жер бетіндегі елестері ғана екен. Ал қайғы-қасірет, ауру-сырқау, аш қалу, ұйқы азабы, түрме, түрлі апат-індеттер, мүгедектік, өлім қасіреті, ар-ұяттың азабы, т.с.с. барлық бәлекеттер (бетін аулақ қылсын!) – Тозақтың жер бетіндегі көлеңкесі ғана екен. Ғалымдар: «Жер бетіндегі бүкіл рахат – тамшы болса, Жұмақ – мұхит, сол секілді өмірдегі бүкіл қасірет – тамшы да, тозақ – мұхит», – деп түсіндіреді... Аллаһ Тағаланың Құранда бірнеше жерде «Өздеріңе, жан-жақтарыңа қарап ойланбайсыңдар ма?» деп ескертіп, ойға, ойланып-толғануға шақырғанының бір сыры осындай екен... Оның үстіне егер Аллаһ Тағаланың бар екеніне, Оның құдіретінің шексіз, даналығының түпсіз екендігіне иман келтірсек, онда жердегіден мың есе, миллион есе керемет нәрселер жарата алатынына күмән келтірудің қажеті не?! Мысалы біздің 15 пен 25 жас арасындағы гүл жайнаған жастық шағымызды 10 жылға емес, 100 жылға, мың немесе миллион жылға, одан арысы мәңгілікке созуға Ұлы Жаратушының құдіреті жетпейді дейсіз бе?! – деп тоқтаған Ақжан қызарып барып үнсіз қалған. Өңдері құбылып отырған достарына, төсекке сүйеніп ойланып отырған ағасына, біреуін түсінсе басқасын ұға алмай, көздері бадырайып, жыпылықтап отырған інілері мен қарындастарына барлай көз тікті. Үнсіздікті Ерболдың таңданысты үні бұзды.


–     Ойланбаймыз екен ғой...


–     Ойлана білмейді екенбіз, – деп Бекен түзетіп қойды. –    Иә, ойлана білмейді екенбіз...


–     Ойпырмай, Ақай. Қалай болып кетті өзі? – деп Біржан да басын қаси берді. – Сол Жұмақтың қайда екенін айтайын ба? – деді Ақжан ойлы жымиыспен. – Иә, – деп Бекен жалт қарады, – айт.


–     Қайда екенін біліп келдің бе? – деп Біржан көзін алмай жымиып отыр.


–     Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм!): «Жұмақ ананың табанының астында» депті.


–     Керемет! Міне сөз! – деді Бекен толқынысын жасыра алмай қозғалақтап.


–     Бұндай сөзді Пайғамбар ғана айтатын шығар, – деді Ербол да қобалжыған үнмен.


–     «Ананың разылығы – Жұмақтың кілті» дегені ғой. Тамаша екен! – деп Біржан да қопаңдап кетті.


–     Онсыз бола ма? Ата-ананы сыйлау өмірдің өзінде-ақ адамды бақытты етеді. Ал сыйламағандар оңбай қалады. «Атаңа не қылсаң, алдыңнан сол шығады» деп бекер


 


«Аллаһ Тағала: «Жәннатта көз көрмеген, құлақ естімеген, тіпті адам жүрегі қалап көрмеген нәрселерді дайындап қойдым», - деді. Бұл айтылғанға Аллаһ Кітабындағы: «Істеген игіліктері үшін қандай жақсылық әзірлегенін бірде-бір адам білмейді («Сәжде» сүресі, 17-аят)» - деген Сөзі дәлел болады.» (Бұхари жеткізген)


айтқан дейсіңдер ме, аталарымыз, – деген Сайрау аға, түзеле отырды. Ағасына разы көңілмен қарап қойған Ақжан:


–     Дұрыс айтасыз, аға. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында»6 деген, – деді баппен нығыздай сөйлеп.


–     Әне! Өте дұрыс айтқан. Мен толық қосылам, – деген Сайрау аға тебіреніп. Ақжан отырғандардың жүздеріндегі, үндеріндегі өзгерісті қалт жібермей бақылап отырған. Біржанға көз тоқтатқан ол, есіне түсе қалған әңгімесін айтып берген. Заманында Әзіреті Әліден біреу: «Жұмақ-тозақты көріп қайтқан кім бар? Кейін өлген соң, ештеңе жоқ боп шықса, қайтесің?» деп сұрағанда ол кісі саспастан: «Жұмақ пен Тозақтың барлығына біріншіден Құранда айтылған соң сенемін, екіншіден көріп келген адам бар, ол Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм!). Ал үшіншіден мен иман келтіргендіктен осы өмірде сізден кем немесе кейін өмір сүріп жатқан жоқпын: ұятым – таза, көңілім – орнында, ұйқым – тыныш және о дүниеде, ақыретте Жұмақ пен Тозақ бар болса (оған титтей де күмәнданбаймын), онда рахатын тағы көрем, ин ша Аллаһ; сенбегендіктен ұтылатын сіз боласыз» деп жауап бергенін айтып берген Ақжан Біржанға тағы көз салып, оның өңінің алақұйын болып өзгеріп кеткеніне, ойланып қалғанына, жымия қарап қуанып қалды: «Ойланса – түсінеді ақыры».


–     Ойпырмай, – деп қойып, ойланып отырған Біржан қабағын түйіп, ойға шомып кеткен Сайрау ағаны көріп, ойына бірдеңе түскендей: – Аға қалай? Қабағыңыз түсіп кетіпті ғой? – деді қулана.


–     Е-е, мен бұның бәрін бұрыннан білем. Қой жайып жүріп ойланбағанда, сен сияқты ән айтқанына мәз болып жүре береді дейсің бе? – деп әзілқой мінезіне басқан Сайрау аға жымиып, әдетінше өз мойнын шымшып қойды.


–     Неге айтпай жүрсіз бізге осы уақытқа дейін?


–     Сен тыңдай қояйын деп пе едің? Оның үстіне «достары ғой, Ақжан айтатын шығар» деп үндемей жүргем.


–     Ой, аға-ай. Ішіңіз толған қазына ғой!


–     Құдайға шүкір, біреулердің ішінде басқа нәрсе толып тұрады...


Күліп жатқандарға қарап ыңғайсыздана жымиып тұрған Ақжан, басын шайқап-шайқап қойды. Содан есіктің сықырына бұрыла қараған ол, сәл сопақша келген нұрлы жүзі күлімдеп кіріп келе жатқан анасын көріп, орнынан тұра берді. Барлығы тұрып кетісті.


– Отырыстарың орнықты, әңгімелерің мәнді болсын, шырақтарым. Мыналар неғып тып-тыныш бола қалды десем, осында екен ғой. Жұмсайтын ешқайсысын таппай қалып ем. Дұрыс. Үлкендердің сөзін тыңдағанның қор болғанын көргем жоқ. Жүріңдер, қолдарыңды шайыңдар. Ас әзір болып қалды, айналайындар, – деген ана өзі бастап, бәрі ауызғы үйге шықты.


Ауқаттанып алғаннан кейін көшеге шығып кеткен достар ұзақ әңгімелескен... *       * *


Арада ізденіске, түрлі оқиғаларға толы тағы екі жыл өтті. Жақында ғана үйленген Ақжан мен сұңғақ бойлы, сұлу денелі, дөңгелек жүзді, күлім көз келіншегі Кәусар екеуі уақытша әпке-жездесінің үйінде тұрып жатқан. Істеп тұрған аз кәсіпорынның бірі – Алматы вагон жөндеу заводына қайта жұмысқа кірген Ақжан ерте кетіп, кеш келетін. Есіктің қоңырауын басып қойып ашылуын күтіп тұрған ол іштен Бекеннің даусын естіп қуанып кетті. Бекеннің Шымкент жаққа медресеге оқуға кеткеніне үш айдың жүзі болған. Есікті ашқан Кәусар бірден:


–     Кімнің келгенін білесің бе? – деп сұраған.


 


 


«Алла Тағаланың разылығы - ата-ананың разылығында, ашуы - ата-ананың ашуында».(Бұхари риуаяты)


 


51


 


–     Жүрегім сезіп тұр, – деп қулана жымиған Ақжан, «Айтшы, сезсең» деп күлімдеп тұрған жарына: – Бекен болса керек, – деді өзінше ойланған кейіпке көше қойып. Осы кезде арғы бөлменің есігі ашылды да, құшағын жайған Бекен бұған қарай беттеп келе жатты.


–     Ассәләмуғаләйкум уә рахматуллаһи уә бәрәкатуһу! –       Уағаләйкумуссәләм уә рахматулләһи уә бәракатуһу!


Екі дос құшақтаса кетті де, бір кеудеден екінші кеудеге құйылып жатқан нәзік толқынды қимағандай ұзақ тұрысты.


–     Мына екеуі қайтеді-ей! Дәл бір ғашықтар сияқты, – деп Кәусар екеуін мазақтаған күйі асханаға өтті.


–     Қалың қалай, достым? Денсаулығың жақсы ма? Оқуың қалай? – деді Ақжан сәл-пәл дірілмен.


–     Аллаға шүкір, Ақай. Өз жағдайың қалай? Апаңның денсаулығы жақсы ма?


–     Біздікі де шүкір. Тәтем қалыпша болып тұр, – деген Ақжанның өңі бұзылып кетті де, терең күрсінді. Оның өзі айтатын «теңдесі жоқ» тәтесі науқастанып, төсек тартып жатыр еді. Досының хәлін түсініп тұрған Бекен:


–     Аллаһ Тағала шипасын берсін, – деп Ақжанды құшақтап, арқасынан қағып-қағып қойды. Бойын жиып алған Ақжан:


–     Демалысқа келдің бе, Бекебас? – деді.


–     Жоқ, Ақай, биылша болды осымен. Аллаһ қаласа, келер жылы жазда тағы барам оқуға.


–     Қыста демала ма екенсіңдер?


–     Жоқ, Ақай. Біраз науқастанып қалдым, Алланың қалауымен. Суық тигізіп алдым-ау деймін.


–     Е-е, қазір қалай, жақсысың ба?


–     Аллаға шүкір, тәуір боп келемін. Үйге кетіп бара жатқан бетім осы. Сендерді осында деп естіп, іздеп кеп қалдым.


Ас үйден Кәусардың даусы естілді:


–     Әй, қосжүрек келіңдер, тамақ ішіңдер.


–     Өй, мына бәйбішең менің мамамның сөзін үйреніп алыпты ғой, – деген Бекен есікті ашқан досына «Аллаһ разы болсын» айтып, өте берді. «Алланы көп айтатын болыпты» деп ойлаған Ақжан ілесе кірді.


Астарын ішкен соң оңашаланған екеуі ұзақ сырласты. Ақжан анасы туралы айта берді, айта берді. Өйткені өзіне ең жақын, ең ыстық; бүкіл адам баласы, бар әлем бұдан безінсе де, ештеңеге қарамастан, ойланбастан ұлын жақтайтын, жақтамаса да қорғайтын, ешқашан тастамайтын, сорлатсаң да қимайтын, мейірін еш тыймайтын жанкешті жан бар болса – ол анасы екенін, ол айналайын ана екенін анық түсініп, енді анық бағалап, енді анық өкініп жүр еді. Ақжан көңілі босап отырып айтты:


– Тәтемді емханадан «біраз демалған соң алып келерсіздер» деп, әдеттегі бар мүмкіндіктерін сарқып, шаралары таусылған кезде айтатын сөздерін айтып шығарып бергенде, өзегіме өкініштің өрті, қасіреттің қара бұлты қоса кірді ғой, Бекебас. Бәріміз жылап жүрміз, өйткені тәтемнің денесі гүп боп ісініп, қимылдан, астан қалған. Тек санасы ғана сергек. Әзер-әзер тіл қататын... «Ары кетсе бір-екі күн» деген білетін үлкен кісілер. «Өй, сорлы! Сүмелек! Топас Ақжан! Немере сүйдірмек түгіл, келінін көрмей кететін болды... Енді сенің үйленгенің кімге керек?! Ой, сорлы екенсің-ау!» деп өзімді өзім жеп қоя жаздадым. Содан Шелекте тұратын нағашым Нұрлан ағамның машинасына салып, тәтемді үйге алып жүрдік. Жолда «демін алсын» деп Шелектегі үйге тоқтады ол кісілер. Біз: жеңгем бар, інім бар, нағашыларым бар, тоқтамастан ауылға өтіп кеттік. Үлкендер: «бара беріңдер, жаман айтпай жақсы жоқ, дайындала беріңдер» деп асықтырған... Үйге келіп алып, ал күтейік. «Арттарыңнан жетеміз» дегендер екі сағат өтті, үш сағат өтті, бес сағат өтті, әлі жоқ. «Ой Алла-ай, не болды? Жолда жүріп кетпесе, жарар еді... Құдай-ай! Құдай!» – деп іштей жалбарынып, күтіп жүрміз бәріміз.


 


52


 


«Хабарласайық» деп телефон шалсақ, ала алмай қор болдық. «Енді қайттік?» деп жүріп таң атырдық әйтеуір. Шыдай алмай, «Болмайды бұл, қайта барайық Шелекке» деп, енді шыға бергенімізде, ол кісілер де келді-ау. Сөйтсек, тәтем: «Мені жуындырыңдар» депті. Өте кірпияз, тазалықты жақсы көретін адам ғой тәтем. Содан, жуындырып, шәй ішкен соң: «Тәте, біраз дем алдыңыз ғой, жүре берсек қайтеді?» деп сұрамай ма. «Тезірек барайық, жол-жөнекей жан тапсырып қала ма? Үйіне жетсін не болса да» деп ойлаған ғой ол кісілер. Сөйтсе тәтем: «Мен Нұрланымның үйіне қонам» депті. Ана кісілер қипыжықтап: «Тәте, бала-шағаңыз асығып күтіп отыр ғой. Жүре берсек болмай ма?» дейді ғой тағы. Тәтемнің өз дегенінен қайтпайтын бірбеткей, өжет мінезі бар. «Бірбеткейлік кейде – мықтылық та болар» деп ойлаймын, Бекебас. Сол мінезіне басыпты тәтем. Ағамдар ананы айтып, мынаны айтып қоймай қойған соң, бір кезде тәтем: «Әй, шырақтарым, мені өліп қалады деп қорқып отырсыңдар ма? Жүріп кетсем, қиналмай-ақ осында көме салыңдар! Ренжісем қане! «Қонам» деген соң, болды: осында қонам! Алланың жазуынан артық ештеңе жоқ» деп бір-ақ қайырыпты. Әнеугүні нағашы ағамдар айтып күліп отыр... Саумалдың арқасында тірі қалды ғой, тәтем. Әрине, ең әуелі Аллаһ Тағаланың қалауы, рақымы ғой... Үйге келген соң, күн өткен сайын төмендеді ғой тәтем. Соңында көзі жұмылып, үн жоқ, тіл жоқ, сұлық қалды емес пе? Ой, Алла-ай! Сұмдық қорқынышты, қайғы жұтып, қан құсқан күндер болды ғой... Тәтемнің аузына саумал тамызып қоямыз... Күндер өте келе ақырын-ақырын жарты шыны, бір шыны ішетін болды. Бір күні көзі ашылды тәтемнің. Ой, қуанғанымыз-ай! Ағам тура бала болып кетті әуелі! Үйге кім келсе, сонымен қалжыңдасады... Ел-жұрттан айналайын! Көңілін сұрап келмеген адам қалмады ғой ауылда. Саумалды да өздері әкеп береді. Әй, алтын ғой ауылдың адамдары!.. Біраз күннен кейін тәтем түрегеп отыратын болды. Өңі кіріп, жанарына нұр дарып, сөзі түзеліп кетті. Тағы үш-төрт күннен кейін, жүре алмайды демесең, тура сап-сау адам! Ой, Алла-ай, адамға әл берем десе оңай екен ғой Жаратқанға... Қуанышта, шаттықта шек жоқ! Балалардың шуылы, үлкендердің күлкісі естіліп, үйде береке орнады да қалды! Тәтемді сөйлете береміз, сөйлеген сайын мәз боламыз! Адамның жай сөйлегенінің, кәдімгі күнде еститін қарапайым ғана сөздердің адамды керемет бақытқа бөлеп жіберетінін сол кезде көрдім мен, Бекебас... Сондай берекетті күндердің бірі мені үлкендер ортаға алды: «Әй, үйленетін ойың бар ма? Бар болса былжырамай, заула!» деген соң, «Тәтеме келінін көрсетіп, төбесін көкке бір жеткізейін, мүмкін қуанғанынан аяғынан тік тұрып кетер? Ия, Жаратқан Ием, өзің жар бола көр» дедім де қалаға қарай ұштым... Одан кейінгісі өзіңе мәлім Бекебас. Уһ-һ...


Үнсіз қалған Ақжан көз алдынан: Бекен екеуінің жоспар құрып, «туған күнге барамыз» деп Кәусарды алдап алып шыққандарын; «отырыс болатын үй қаладан қашықтау еді» деп такси болып тоқтаған нағашы ағасы Серіктің машинасына отырып алып, Шелекке қарай заулағандарын; біраз жүрген соң Кәусатайының, Құдай оңдап, ұйықтап қалғанын; Шелекке жеткенде бір-ақ оянғанын; Нұрлан ағасының үйінде өтірік туған күн жасап, күтіп отырған нағашы әпкесі Бақытгүл мен жездесі Бақытжанның «әртістіктерін»; үй иесі Дариға жеңгесі бас болып, аға-жеңгелерінің Кәусарды көндіріп, орамал салғанын; үйге жетіп, тәтесінен бата алуға кіргенде қуанышы мен өкініші аралас күйдің шыдатпағанын; түпкі үйге кірген соң Кәусардың да жылағанын; ертесі тәтесі екеуін шақырып алып: «Қарақтарым, кеше айта алмадым, сендер де тыңдайтындай күйде болмадыңдар. «Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар» деген сөз бар. Ол сөз тек бірге қартайып, бір жүруді, сақал-шаштың бірге ағаруын білдірмейді. Көңілдің ағаруын айтады. Күйбең тірлік, боқ-дүние кеудені тарылтады. Ыдыс-аяқ сылдырлайды, көңіл қалады. Міне, сол кезде пенделікке еріп кетпей, кешірім мен мейірді жоғары ұстасаңдар, Құдай көңілдеріңді қайта аршып, ағартады. Осыны айтады әлгі сөз. Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар, қарақтарым» деп бата бергенін; «Е-е, екеуің де бір-біріңе сай маубастау екенсіңдер» деп тәтесінің сынағанын; тәтесінің інісі – нағашы ағасы Әбдірәсіл ағасы мен Қуандық атаның бас құда болып, жеңгесі Балқияның өкіл құдағи болып, бұлар қосылып, барлығы бес


 


 


53


 


адамның Шымкентке, Бозай ауылына барғандарын – бәрі-бәрін өткеріп үлгерген еді бір демнің арасында.


Досының сөзін де, ойын да бөлместен сабыр сақтап, «Айтсын, жеңілдеп қалады, бір басқа осынша әсер, осынша сезім оңай да емес; е-е, Құданың құдіреті-ай!» деп ойланып отырған Бекен де үнсіз отыр.


–     Жақында ауылға барып қайтқам, Бекебас. Тәтем қайта нашарлап кетіпті... «Кетпеймін» деп едім, үлкендер бір жақтан, «Келіннен ұят болады, оны жұмысынан қалдырып мұнда әкелу – жас балаға ауыр тиеді; «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген сөздің бұл жерде ешқандай қатысы жоқ болса да, келін өзі көңіліне алып қалса, жасып қалады; оның үстіне өзіңнің де жұмысың бар екен, барғаның оңды болады, балам» деп нағашы ағам екінші жақтан қаумалап, ең бастысы тәтем өзі: «Құлыным, бара ғой, қорықпа, мен әлі-ақ тұрып кетемін, бара ғой» деген соң, келген едім мұнда. Қазір тәнім осында, жанымм ауылда, ұйқылы-ояу, мең-зең, құр-сүлдерім жүрмін... Аллаһ Тағаладан рақым тілеп, күдік пен үміттің желкенін кезек үрлеп жүріп жатқан жай бар, Бекебас.


–     Аллаһ Тағаланың мейірі мен рахымына шек келтіруге бола ма, Ақай? Әрине бәрі жақсы болады. Жақсы болатынына менің сенімім кәміл!


–     Әрине, Бекебас. «Аллаһтың қылғанының бәрі – жақсылық» дейді ғой. Иә... Бірақ қиын екен... Әпкем Кеңесгүл айтып берген тәтемнің бір мінезі есіме түсіп отыр... Тәтем туралы айтсам, сағынышым басылатындай... «Тәте, тәте» деп айтқан сайын, таңдайымның дәмі кіретіндей; маған «Ау, құлыным» деп жауап беріп жатқандай; көрсеткен сый-құрметімдей сезініп, жаным жай тапқандай күйде отырмын, Бекебас... Иә... Сол мінезін айтып берейінші.


–     Ой, Ақай, айт. Айтшы, достым, алаңсыз. Сенің мұңың – менің мұңым, менің сырым – сенің сырың емес пе? Айтудан сен жалықпасаң, тыңдаудан мен қашан жалығып едім? Айт, достым.


–     Көрші ауылға тұрмысқа шыққан Нәсілхан деген әпкеміз бар еді. Ұзын етектінің көріктісі, мінезі жібектей еді марқұмның. Өліміне күйеуі себепкер болыпты. Мас болса болды, бала-шағасын бықпырт тигендей қылып, әйелін әй-шәй жоқ тепкілейді екен. Тіпті, әпкемізді бағанаға байлап қойып, сабаған күндері болыпты. Соның бәріне төзіп, «балалар бар ғой, әлі-ақ қойып кетеді» деп жүргенінде, таяқ бата тимей, қата тиіп, төсек тартып жатып дүниеден озыпты. Үзілерінде: «Жолдасыма тимей-ақ қойыңдар. Бауырларыма айтыңдар, тимесін байғұсқа, қайбір жетісіп қалды дейсің...» деп кетіпті марқұм. Ой, Алла-ай, әйел жанын түсініп көр осыдан кейін! Ана мейірімінің мөлшерін айтып көр осыдан кейін! «Кешірімнің де шегі бар ғой» деп көр, тілің барса!.. Кісі өлімі болғаннан кейін бүкіл туған-туыс, ағайын-бауырлардың барлығы барады. Бәрін білсе де марқұмның соңғы аманат сөзінен аттай алмай, тістеніп тұрысады. Ақыры қайыр-қош айтысып атқа қонады ғой. Сол кезде тәтем шыдамапты, үйге қайта кіріп, түнеріп, төмен қарап отырған күйеу балаға: «Әй, бәленше! Егер қолың қышып, Нәсілханды тағы ұрғың келсе, көрінен суырып алып, ұрып-ұрып қайта көм!» депті де шығып кетіпті... Тәтемнің турашылдығына, айтар жерде айта білер өткірлігіне сүйсінсем де әлгіндей сөз естіген ағаға жаным қатты ашыды, Бекебас... Әй, қу арақ-ай! Қаншама атпалдай азаматтарды аздырып, тірі өлік дәрежесіне жеткізді десеңші...


–     Сөзің аузыңда, Ақай. Кеше автобустан түсіп, нағашы әпкемнің үйіне келе жатсам алдымнан екі мас шықты. Қисалаң-қисалаң етіп сүрініп-қабынып келе жатқан екеуінің түрі адам шошырлық. Ауыздарынан ақ ит кіріп, қара ит шығады. Өз сөздеріне өздері мәз, қарқ-қарқ күледі. Бір уақытта... Айтудың өзі жиіркенішті... Аллаһ Тағалам Өзі кешірсін... Екеуі тұра қалып, дуалға қарай шаптырысып жарысқаны... Ол мейлі ғой, есіріп бірінен бірі озам деп тербеліп тұрғанда біреуі сол қалпы омақаса құлағаны. Екіншісі мәз, шаруасын тындырып болып, өз нәжісіне үстін бүлдірген жолдасын көрсетіп, шалқалап тұрып күледі кеп... Ақыры ол да құлап қалды... «Жасаған-ай, Өзің рахым ет, тауфиқ пен хидаят бер мына сор маңдай пенделеріңе» деп іштей дұға қылып, тезірек алыстай бердім әлгі масқара көріністен... Тұрғызуға дәтім бармады. Мүмкін мейірдің аздығы, иманның


 


54


 


әлсіздігі шығар... Кетіп бара жатып ойладым: «Ой, Алла-ай, бір кездері мен де осылар сияқты ішіп, құлап, ыржалақтап, құсып, ырылдасып, күлге аунап жүрдім-ау... Ой, масқара-ай! Не деген жиіркенішті!..» Сөйтіп жүрген маған өздеріңдей дос жіберіп, ата-анам арқылы ақылға шақырып, шырылдаған бауырларым арқылы есімді жиғызған Жаратқанның рахымына сансыз шүкір айтам, Ақай! Хадистерде: «Арақ – барлық күнәлардың шешесі, бүкіл жамандықтың бастауы»7 делініпті, ал Құран кәрімде «Мас қылатын ішімдіктер – харам, шайтан істерінен»8 деп ескертілген. Бұл тажалдың адам жанына, денсаулығына, ұрпағына тигізер орны толмас зиянын білгеннен кейін ғой Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм!): «Арақты ішкен де, ішкізген де,


алдырған да, тіпті арақ үшін жеміс-жидек өсірген де – Аллаһ Тағаланың қарғысы мен қаһарында»9 деп қатты айтқаны. Айтпақшы, жақында «Арақ ішіп өлген адам – пұтқа табынып өлген адаммен бірдей»10 деген мағынадағы хадисті оқып, тіпті шошып кеттім. Өзің де білесің, бірден-бір кешірілмейтін күнә осы – Аллаһ Тағалаға серік қосу ғой. Ой, Алла-ай... Амал қанша, бұл бәленің залалы мен зардабын толық түсінбей жүр ғой бауырларымыз. Түсінсе, қолдарын төбелеріне қойып безіп кетер еді-ау...


–     Дұрыс айтасың, Бекебас. Аллаһ сақтасын!.. Халқымызда да: «Әуелі арақты адам ішеді, сонан кейін арақты арақ ішеді, ең соңында адамды арақ ішеді» деген сөз бар екен. Арақ деген сөздің өзі де: «ар ақ», яғни «арыңды ағызатын бәле бұл» деп тұрғандай емес пе?


–     Айтпа, Ақай, өзімізге өзіміз қиянат жасап жүріппіз ғой!               Әттең... Аллаһ сақтады ғой.


–     Иә, Бекебас, өзің айтшы, Жаратқан Иемізге қанша шүкірлік айтсақ та аз емес пе?


–     Әрине, Ақай, әрине. Әлхәмдулилләһ!


–     Иә, сансыз, шексіз шүкір!.. Айтса да, Бекебас, қазір ойлап отырмын: бұл дүниеде анадан артық жақын жан болмайды екен ғой адамға. Тіпті бар ғой, ғашығыңның бейнесінің өзі ананың қасында солғын тартып қалады екен...


–     Е-е, Ақай, «Жұмақ – ананың табанының астында» деп бекер айтқан дейсің бе?..


Екі дос айтылған әңгімені сіңіріп жатқандай үнсіз қалысты. Аздан соң Ақжан анасы туралы әңгімесін қайта жалғады.


–     Бекебас, саған тағы бір нәрсе айтайын тәтем туралы... Сен ішіп, мен өкпелеп, өңім кетіп өмірге өгей бала болып есеңгіреп жүргенімде, тәтем маған бір сөз айтып еді. Сол сөз үлкен демеу болды маған көп жерде. Әуелі байқағанын айтты: «Ана досың, Жекеннің ұлын айтам, үйге келмейтін болды ғой. Себебін білдім, көрдім айтпасаң да. Түрі ұнамады сол баланың маған. Аулағырақ жүрсең болмай ма, құлыным?» деп бір тоқтады. Мен шамданып: «Тәте, ешкімге жоламай жалғыз жүр дейсіз бе сонда?» деп күңк ете қалдым. Жүзіме барлап қарап отырды да: «Дұрыс, «білмегеннің білместігін кешірмесең, білгеніңнен не пайда?» деген, шын достық қиындықта сыналады, құлыным. Көрген жамандыққа бола жасып кету – әлсіздік, жамандыққа жамандықпен жауап беру – надандық болады, қарғам» деген еді сонда. Сол сөзді ұстап қалдым санамда. Сол кеңес екеуіміздің басымызға келген сыннан абыройлы өтуге көп себеп болды...


 


 


«Ішкіліктен аулақ болыңдар, өйткені ол бүкіл жамандықтың көзі». (Байһаки жеткізген)


«Ей, иманға келгендер! Анығында мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындары әрі табыну үшін қойылған нәрселер (пұттар) және бал ашатын таяқшалар – жиіркенішті нәрселер, шайтанның ісінен. Мұраттарыңа жету үшін оған жоламаңдар! Негізінен, шайтан мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындар арқылы араларыңа дұшпандық пен жеккөрушілік салып, сендерді Аллаһты еске алудан және намазды толық


орындаудан тосуды қалайды. Енді тыйыларсыңдар?!» («Мәидә» сүресі, 90-91-аяттар.)


9 «Алла Тағала арақты iшушi мен жәрдем берушiнi, сатушы және сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келушi мен алып келтiрушiнi және арақтан күн көргендi лағынеттедi (қарғыс айтты)». (Хаким және Әбу Дауд жеткізген)


10 «Таңертең ішкілік ішкен адам күн батқанға дейін Аллаға серік қосқан болады, ал күн батқаннан


кейін ішкілік ішкен адам таңертеңге дейін Аллаға серік қосқан болады...» (Тирмизи жеткізген) 55


 


–     Аллаһ Тағала бір нәрсені бір нәрсеге себепші қып қояды екен ғой, Ақай. «Тозақты көрмеген жұмаққа мұрынын шүйіреді» демекші, адаспасаң ақ жолды іздемейді екенсің. Жаңылмасаң, тәубенің қадірін білмейді екенсің. Сүрінбесең, сақтанбайды екенсің. Жыламасаң, жұбаныш іздемейді екенсің... Бұрын «Жаратқан бізді неменеге сынайды, неге қинайды?» деп ойлаушы ем. Сөйтсем, сынағаны – шыңдағаны, қинағаны – «қадіріне жетсін» дегені екен ғой...


Көздері жасаураған екі дос көңіл толқынына тербелген күйі отырып қалды. Аз үнсіздіктен соң Ақжан досына жымия қарап:


– Сұрауға батпай жүр едім, бір сұрағанымда сондай күйде едің, келте қайырдың. Сәті соққан секілді, Бекебас. Неге ішіп кеттің сол кезде? Және неге менен де безінгендей болдың? Былай түсінікті ғой, бірақ қазіргі өлшеммен таратып көрші, – деді.


Бекен қызарып барып, жөткірініп қойды.


– Ол кез сүрініп барып, бүлініп жүрген кез еді ғой... Менің бүкіл қиялым, болашақ туралы бар арманым, бар тілегім – «періштем» арқылы өрілген еді... Өз ойымда екеуіміздің үйленетінімізді, тойымыздың қалай өтетінін, құда-құдағилардың тату болып елге өнеге болатынын, біздің де ең бақытты отбасылардың бірі болатынымызды, тіпті алты-жеті баламыз болып, оларды үй қылып бөліп шығаратынымызды, кемпір-шал болып бір бірімізге күлімдей қарап, шәй сораптап отыратынымызды көз алдымнан сан мәрте өткізіп, өз қиялыма өзім шексіз бақытты болып жүретінмін... Шырын туралы айтқанымда мамамның: «Бітті, одан басқа келіннің керегі жоқ!» деп қалай қуанғанын білесің. Сөйтіп арманыммен тербеліп, қиялымның қанатында қалықтап жүргенімде, «болмайды» деген бір ауыз сөз бүкіл үміт, бар тілегімді быт-шыт қылмады ма?! Уһ-һ... Құданың құдіреті-ай десеңші. Бір сәтте бағдарсыз, үмітсіз, тілексіз, бос бір қуыста, қара түнектің                            ішінде         қалғандай            болдым.      Жан-жағыма        алақтап,   жарық             таба             алмай аласұрғанымда, қолымды созып қармағанымда бірінші ілінгені – арақ болды ғой... Арақтың көңілді аулап, қайғыны кетірітіндей болған алдамшы әсері болды ғой, Ақай! Ол бәленің тыншытқандай болып, түнекке тартып, бойыңда жасырынып жатқан хайуани, шайтани сезім-түйсіктерді қоздырып, санаңды улап, ұятыңды шырмап тастар қатерлі әсерін ол кезде білмедім ғой, мен ақымақ. Сайтанның суы күйігімді күшейтіп, сол арқылы үмітімді үзген, тілегімді орындамаған өмірге өзімше өшігіп алған екенмін қазір ойласам... Күшіме мініп, айуани кейіпке еніп, құтырып тұрғанымда өзің жолығып қалдың. Ол күні есім кіресілі-шығасылы еді шынымен. Ертесі дөң үстінде кездескенімізде сол дүниеден безінген, өмірге қолын бір сілтеген өлермен сезім, арақтың буынан тұманданып тұрған науқас санам – сені көргенде қуанған және ұялған сезімді, жылт еткен үмітті басып тастап еді. «Бәрі біткен, керегі не?» деген суық ой санамды құрсап тұрды. Бірақ сенің күреңітіп кеткен түрің ішімдегі жаңағы жылт еткен бір сезімді қайта оятқандай болды: өкініш пе, сағыныш па, аяу ма? – ажырата алмадым. Сол сезімнің жанымды қарып өткені – анық. Алайда «Болары болды, бәрі біткен» деген кесірлі ой жаңағы жарық сезімді қайтадан жаншып, басып тастағандай болды-ау... Қазір ойласам, ол сезім ар-ұяттың үні екен ғой...


–     Бекебас, сөзің аузыңда. «Ұяты жоқтың – иманы жоқ» деген мақал бар ғой бізде?


–     Иә?


–     Тура сол мағынада хадис бар екен. Мен бұрын ойлаушы ем: «Неге осы адамдар бірнәрсе туралы айтысып, таласып жатқанда, сол мәселе жөнінде бір мақал айтылса, сол сөзге тоқтап, мойындай қояды?» деп. Сөйтсем, біздің көп мақал-мәтелдеріміз – Құран мен хадистің көркем аудармасы, ақиқат ауылының хабаршысы екен ғой! Санасы бар адамдар сол ақиқатқа мойынсұнып, дұрыс сөзге тоқтайды екен... Айтайын дегенім: тура сол секілді біздің салт-дәстүріміздің де тамыры – атадінімізде екен. Жалпы, кез-келген халықтың күретамырлы дәстүрінің түбінде – діни наным-сенім жатады. Ол сенім көмескіленуі немесе ұмытылуы мүмкін, бірақ салт-дәстүрдің діңі – бәрібір бір наным-сенімге барып тірелетіні сөзсіз. Өз кезегінде діннің халық тұрмысына


 


56


 


еніп, адамдардың санасына сіңіп кетуі осындай салт-дәстүрлердің қалыптасуы, орнығуы арқылы жүзеге асады. Олай болмаған жағдайда, дін тұрмыс-тіршіліктен бөлек қалып, ақыры жойылып кетпек... Ойыңды бөлгеніме кешір, Бекебас. Бірақ, «темірді қызғынында соқ» дегендей, «қазір айтып қоймасам, ұмытып кетем бе» деп уайымдағанымнан айтып жатқаным ғой. Сөзіңді жалғай бер.


–     Дұрыс айтасың, Ақай. Айтқаныңмен толық келісем. Иә. Ым-м... Содан өмірге өшіккендей болған ақымақтығым бір жақтан, ар-ұят үні екінші жақтан қысып, жанымды жегідей жей бастады. Сау жүрсем, санам тұнықталса «дұрыс істеп жүрген жоқпын!» деген ой-сезім ішімді тырнай бастайды. Бірақ артынша: «дұрысы не, бұрысы не – бәрібір емес пе?» деген есалаң ой қайта бой көтереді... Өзімді қинағым келмей, екіұдайы күйден арылғым кеп, ішкен үстіне іштім... Төбелескен жігіттерді жеңген сайын бойымда есірік мақтан пайда болып, басқалардан үстем болу – мақсатыма, өзінше мән-маңызға ие бола бастады, Ақай. Басқаларды төмендету: сөзбен болсын, күшпен болсын, тіпті киген киіммен болсын, жаныма жаға бастады. Біреу менен артылып бара жатса, жыным келетін; ол адамның жақсы қасиетін көрсем, «менен асып бара жатқан ештеңең жоқ, әншейін кісілердің көзінше тыраштанып, жақсы болғансып тұрсың ғой» деп әлгі адамды жек көріп, оны өзімнен ойша төмендететін ауруға ұшырай бастадым. Бұның бәрі «өзімшілдік, менмендік» деген нәпсінің сипаты екенін ол кезде қайдан білейін... Алайда қанша қашқаныммен, әлгі мазалаған, кінәлаған ар-ұят үні қыр соңымнан қалмады... Ой, Алла-ай! Есім жиылған, өзіме өзім есеп беріп қалған сау кездерімде басын барынша көтеретін сол сезім оянғанда, өзімді кінәлап, өзімді өзім жек көріп кететінмін. Бұны басу үшін қайта ішем есімнен ауғанша... Сөйтіп махаббаттың күйігі бір жағымнан, мамам мен папамды, сендерді ренжіткенімді ойлап, Бақберді марқұмды ойлап – ол екінші жағынан, санамды «өліп бір-ақ құтылайын бәрінен!» деген бір ой шырмап алды. Мас кезімде көз алдымда бірдеңелер елестейтін... Ақыры дәрі ішкенімді өзің білесің ғой, Ақай. Ойбай-ай! Алла сақтады ғой! Ойласам, шошимын. Иә-ә... Алла сақтасын бәрімізді!


Бар зейінімен, ара-арасында бірдеңе айтайын дегендей ұмтылып қойып, тыңдаған Ақжан да:


–     Иә, Бекебас, Аллаһ Тағала Өзі сақтасын біздерді! Біздің басқа сүйенер, сыйынар кіміміз бар? Негізі барлық адамдардың, мейлі ол сенбейтін, өз ойында «сенбеймін» деп жүрген адам болсын, бәрінің Жаратқаннан басқа сүйеніші де, табынар құдіреті де жоқ қой. Тек соны білмей, түсінбей жүретіні, сөйтіп ұрынатыны өкінішті... Расында, ең кемел Тәрбиелеуші, ең дана Тәлімгер – ол Аллаһ Тағала ғой! Өзің айтқандай жылатып жүріп шыңдайтын, еңіретіп жүріп ес жиғызатын, өз құлына шексіз жанашыр Иеміздің оқиғалар мен жағдайларды реттеп, тағдырларды тоғыстырып қояр шеберлігі мен хикметіне біздің ақылымыз жетпейді. Біз басымыздан өткен оқиғаларға, әлемде болып жатқан құбылыс-өзгерістерге өзімізше, өзіміздің тар, пенделік көзқарасымыз тұрғысынан баға беріп, көбіне шатасып кетіп жатамыз... Әр затқа, әр оқиғаға әділ баға беру үшін кең тұрғыда, керек болса Әділет Иесінің таразысымен таразылауға тырысу керек екен ғой. Яғни Ақиқат ілімімен сусындап барып, мәңгілік өлшем, өзгермес құндылықтар: иман, махаббат, мейірім, әділет, адалдық, ар, ұят, адамгершілік, Ақырет деген ұғымдарды әбден ұғынып барып, түсінуге, таразылауға тырысса, сонда ғана берілген баға – шындыққа сай, ақиқатқа жақын деуге болады екен, Бекебас. Мысалы жаңа өзің талдауға тырысқан жайды, бұдан бес жыл бұрын, тіпті былтыр түсінбеген едік. Себебі көз ашық болғанымен көкірек соқыр, білім кем еді. Қазір де жетісіп тұрғанымыз шамалы, бірақ оқу арқылы, ойлану-толғану арқылы алған, сіңірген білім, білім болғанда ислами, Ақиқи білім саған өз жайыңды талдауға, өз күйіңді бағалауға мүмкіндік беріп отыр... Сөзден сөз туады, Иса пайғамбардың (Ол кісіге Алланың сәлемі болсын!) «Не судите, да не судими будете» («Кесімді үкім шығармаңыз, сізге де кешірім етіледі») деген сөзін толық түсіне алмай дал болып ек қой, Бекебас. Қазір қарасаң, қазіргі түсінік, өлшеммен зерделесек: «Бауырыңды кінәламас бұрын оның орнына өзіңді қойып көр, егер оның орнында сен болсаң, сол отбасында өмірге келіп, сол ортада өссең, көрген білгенің


 


57


 


сол ғана болса, онда сенде тура сол адамдай болар едің ғой; «анау – жақсы адам, мынау – жаман адам» деп бөлме, қайта көмектес қолыңнан келсе; «анау – жұмақтық, мынау – тозақтық» деп үкім айтпа, істің соңы – Аллаға тән; үкім айтып, кінә артатын сен кімсің? Құдаймысың?» дегені екен. Қазақша айтсақ: «Пышақты әуелі ішіңе сал, ауырмаса кісіге сал» дегені екен...


–     Дұрыс айтасың, Ақай. Жаңағы айтқандарың Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадистерінде де кеңінен түсіндірілген. Мысалы, Аллаһ елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм!) бір хадисінде: «Мұсылман мұсылманға – бауыр әрі айна»11 деген. Яғни «Бәрің – бауырсыңдар, ал бауыр бауырды кінәламас болар, қолынан келер көмегін көрсетер болар; бір-біріңнің қателік-кемшіліктеріңді айнаға қарағандай бір-біріңе көрсетіп, түзетіп жүріңдер» деп тұр емес пе? Тағы бір хадисінде: «Амалдар соңғы амалмен өлшенеді»12 деп жасаған жақсылық, қылған құлшылыққа тоқмейілсуден, тәкәппарлыққа ұрынудан сақтандырып, Құранда айтылған қауіп пен үміттің ортасында жүру керек екенін ескертіп кеткен...


–     Бекебас, сөзің аузыңда. Жаңағы «айна» дегенге байланысты естігенімді, түйгендерімді айтайын. Әуелі сұлулыққа құштар адам баласының айнаға мүқтаж екені секілді, кемелдікке ұмтылған мұсылман басқа бір мұсылманға мұқтаж екені белгілі. Ал енді, айнаға қараған адам нені көреді? Әрине, өз бейнесін. Айнада көрініп тұрған былғаныш немесе қисық жерді түзету үшін ол адам айнаны емес, өзін түзетуі керек, өзін тазартуы керек. Ендеше «Мұсылман – мұсылманға бауыр әрі айна» деген сөздің бір сыры сол: «Бауырыңнан кемшілік көрсең бауырыңды емес, ең әуелі өзіңді түзе» деген де мағына шығады екен. Екіншіден, осылайша әуелі өзімізді түзетсек, бауырымыздың да, басқаның да қатесін түзету оңай болады екен. Өйткені, өзіңде жоқ дүниені айтқанмен, өзгеге әсері болмайтыны белгілі. Әлгі, «Балам балды көп жейді, қой, зиян болады деп түсіндіріңізші» деген өтінішпен келген әйел кісіні «40 күннен кейін келіңіз» деп үйіне қайтарып жіберетін ғалым кісінің оқиғасын білесің ғой, Бекебас?


–     Иә, естігенмін.


–     Міне, тура сол сияқты, өз бейнемізді, «ішімізді» түзесек, басқаларды түзеу оңай болады екен. Тіпті, біздің түзелуіміз – өзгелердің өз-өзінен түзелуіне алып барады екен. Өйткені, насихат сөзбен ғана емес екенін өзің жақсы білесің. Бұл хадистен шығар келесі бір қорытынды: айнаға қарағанда, қанша адамды көреміз? Өз бауырымызды – өз бейнемізді, яғни бір адамды ғана көреміз. Ендеше, бұдан «бауырыңның қатесін көрсең, оған оңаша жерде, жалғыз қалғанында айт» деген ереже шығады екен. Шынымен, кім болса да, оған көпшіліктің көзінше ескерту айтудың өзі қиын шаруа. Өйткені, ол көтере алмауы мүмкін, ренжуі, тіпті ерегесіп, өштесіп кетуі де мүмкін екен. Сөйтіп арада суықтық, араздық пайда болып, мұсылмандардың бауырмалдығы мен бірлігіне нұқсан келеді екен. Демек, бауырыңа шын жаның ашыса, қазақша айтқанда «жақсылығын асырып, жамандығын жасыр». Оның үстіне, ана «Кімде-кім бауырының айыбын жасырса, Аллаһ Тағала ол адамның айыбын екі дүниеде де жасырады»13 деген хадисті білесің ғой?


–     Иә.


–     Бұл хадис соны да меңзеп тұр екен. Иә, Бекебас, «Мұсылман мұсылманға – айна» деген сөздің кейбір астары осындай екен.


 


 


11 «Мүмин мүминнiң айнасы және бауыры. Мүмин бауырын шығынға ұшыраудан сақтап, абыройын


қорғайды». ( Әбу Дауд риуаяты)


12 «Пенде амал етеді: адамдар оның амалынан Жәннат иесін көреді, бірақ ол (ақыр аяғында) тозақтықтардан болады. Басқа біреу амал етеді: адамдар оның амалынан тозақ иесін көреді, бірақ ол (ақыр аяғында) жұмақтықтардан болады. Өйткені амалдар соңғысымен есептеледі». (Бұхари жеткізген)


13 «Мұсылман бұл дүниеде мұсылман бауырының уайым-қайғысын кетiрген болса, Аллаһ Тағала


Қиямет күнi оның уайымын кетiредi. Кiм бұл дүниеде мұсылман бауырының айыбын жасырған болса, Аллаһ Тағала оның айыбын Қияметте жасырады. Аллаһ Тағала мұсылман бауырының қамын ойлаған мұсылманның жәрдемiнде болады». ( Бухари және Муслим риуаяты)


58


 


–     Тамаша! Тамаша талдау екен бұл. Иә-ә, Құран аяттарының қатпар-қатпар мағынасы өз алдына, хадистердегі мағына мен астар өзінше терең қазына ғой... Ақай, айтса да жақында ұстазымыз жүрек жайлы, күнәнің адам жан-дүниесіне әсері жайлы бір хадисті талдап түсіндірген еді. Керемет! Тыңдашы. Хадистің мағынасының мазмұны былай: «Адам күнә жасаған кезінде, жүрегіне қара дақ түседі. Егер тәубесіне келсе, ол жойылады, ал егер тағы күнә жасаса тағы бір дақ түседі. Тәубәсі жоқ әрбір күнә


дақтарды көбейте береді. Сөйтіп ақыры адам жүрегі қарайып, кір басады да, соқыр күйге ауысады»14. Қате айтсам, Аллаһ Тағала Өзі кешірсін.


–     Тамаша! Айналайын Пайғамбарым-ай! Қалай дәл айтады, а?.. Бұдан шығар қорытынды: жүректі таза ұстау – адаспаудың кепілі, ал жүректі кірлетпеу үшін – күнәдан аулақ болу керек, тәубаңды ұмытпауың керек; жалпы жер бетінде не үшін жүргеніңді ұмытпау керек деші...


Екеуі тағы да үнсіз қалды.


–     Бекен, осы әңгімені нақты өмірге байланысты қолданып көрсек қалай болады, а? – деді Ақжан көзінен бір ұшқын жарқ ете қалып.


–     Нақты өмірде, күнделікті тіршілікте пайдалана алмасақ, оның несі дін, несі білім, Ақай?


–     Ендеше, мен сенің жаңа өз жайыңды байыптаған әңгімең мен осы қазіргі айтылғанды байланыстырып көрейін.


–     Болды, келістік. Мүмкін мен де қосармын.


–     Онда, кеттік. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Адасудың басы – танымның қателігі, сенім-иманның жоқтығынан басталды. Адамның ойлағаны емес, Алланың қалағаны болатынын сен білмедің. Күйігіңді басу үшін – арамға аяқ бастың, яғни арақ ішіп, күнә жасадың – жүрекке дақ түсті. Тәубеге келмедің, харамды іштің, төбелестің – күнә көбейе берді, жүрек қарая түсті. Сөйтіп, «ар-ұят үні» әлсіреп, нәпсің күшейе берді – өзімшілдігің арта берді. Бірақ, Жаратқан Иеміздің бойымызға салған индикатор-анықтауышы секілді ар-ұят үнінің әсері жаныңа маза бермеді. Сен одан құтылу үшін, тағы да араққа жүгіндің – күнә көбейіп, жүрек одан әрі қарайды. Нәпсің, яғни айуандық табиғатың күшейген сайын, рухың, ұятың әлсіреп, өзіңді бақытсыз сезіндің. Ақыры бұл күйіңе шыдай алмай, өліп алмақ болдың... Е-е, ең бастысын айтпаппын ғой. «Ойды кімнен алғанын, адам өзі сезбейді. Жанның айдап салғанын сезбесе де іздейді» деп Шәкәрім атамыз айтқандай, сен басыңа келіп жатқан азғырынды ойлардың – қайдан келіп жатқанын білмедің, оны таразылайтын имани білім болмады, оның үстіне ақылыңды арам су көлегейлеп тұрды. Яғни, тағы да білімсіздік, надандық, иманның әлсіздігі немесе жоқтығы... Өзің айтып отырсың: «Көзіме бірдеңелер елестеп, «өліп алу керек » деген ой санамнан шықпай қойды» деп. Ал, адамға ой – не періштеден, не лағнеті шайтаннан келетінін Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) айтқан. Сонымен, ішіңе харам түскен соң (ал ол бәленің әсері 40 күнге созылатыны хадисте айтылған) – періштелер тастап кетті, ылғи жаман ойлар басыңнан шықпайтын болды. Яғни, хадисте айтылғанындай, қан тамырда жүретін шайтанның азғыруы себепті саған «өліп алу» ең дұрыс шешім болып көрінді... Басымызды тауға да, тасқа да ұрып жүргенде, Аллаһ Тағаланың рахымы түсіп, бір-бірімізге себепші болып дұрыс жолға түстік ақыры... Болдым, Бекебас!


–     Дұрыс айтасың, достым. «Білімсіздік, надандық деген – шайтан кірер бірінші есік» деген сөз – дәл айтылған сөз. Қазір екеумізге бәрі түсінікті. Былай қарасаң, оп-оңай, орын-орнында. Қазіргі күйімізде, осы қалпымызда бұлардың бірде біріне ұрынбас та ма едік?.. Ол кезде, Алла сақтасын, сұмдық қиналдық қой... Бірақ, жаңа айтып өткеніміздей,


 


 


14 «Шындығында, пенде күнә жасағанда, оның жүрегіне бір қара дақ түседі. Егер ол тәубе қылса, күнәні тастаса және өзін сөксе, онда оның жүрегі тазарады. Ал, егер ол тәубеге келместен тағы күнә жасаса, жүрегі тұтасымен қарайып кеткенше дақ үлкейе береді.               «Жоқ!                                                                                                                        Керісінше,                        олардың      жүректерін       істеген қылықтарының таты басты» («Мұттафифун» сүресі, 14-аят.) деген аяттағы айтылған «тат» – дәл осы дақ.» (Тирмизи мен Насаи жеткізген)


59


 


егер солай қиналмағанда, басымызға қайғы түспегенде бар ғой, онда, әй, ізденбес ек қой, ойланбас та ек. Сол тірліктің ағысымен, ішкен-жегенімізге мәз болып жүре берер ме едік?.. Алла біледі ғой, әрине. Бірақ, сол кезде мен ұрынбасам, сен жыламасаң – ізденер ме едік? Өмірдің мәнін түсінер ме едік? Аллаһ Тағаланы таныр ма едік? Білмеймін... Түсінгенім: сол қайғы, сол қиындық арқылы Аллаһ Тағала өзін танытып, өмірімізге мән сыйлап, мәңгілік бақытқа жол ашып берді... Яғни, ол қиналыс айналып келгенде – Жаратқанның рахымы болып шықты! Не деген Шебер Жаратушы, иә?!


– Сөз жоқ! Иә-ә... Артық айтсам Аллаһ кешірсін, айналып келгенде шеккен қасіретіміз қасиетке айналды емес пе? Олай дейтінім: Иманнан артық қасиет бар ма?!


-      Менің айтқаным, айтпағым осы еді ғой, Ақай! Сонда да менің сұрайын дегенім... Адам баласы қызық қой. Сеніп тұрсаң да күдігің қалмайды, сұрағың таусылмайды.


-      Ой, Бекебас, ол дұрыс, солай болуы керек. Күдік – сенімнің тек қарсыласы ғана емес, кейде досы, сырласы. Туындаған күдіктерден өту арқылы ғана – сенім күшейіп, шыңдалады. Ал, сұрақтың таусылмауы – танымның шексіздігінің белгісі, ал, «таным неге шексіз?» десек: Аллаһ Тағаланың Құдіреті шексіз, Аллаһ Тағаланы тану – шексіз...


Досына қарап жымиып отырған Бекен былай деді:


– Дұрыс айтасың, Ақай. Жаңа не сұрайын деп ем?.. Иә. Мен ол кезде дін туралы, рухани заңдылықтар туралы, сауап пен күнә туралы білмедім ғой. Білмеген нәрсе – күнә бола ма? Бұл бірінші сұрағым. Екінші сұрағым: «Бар күш, бар қуат – Аллада, жақсылық та, жамандық та Алладан, бәрі Аллаһ Тағаланың қалауымен болады» дейміз. Ендеше мені ғашық қылған да, ажыратқан да, сүйдірген де, күйдірген де – Аллаһ Тағала болады ғой. Неге ғашық қылып алды да, ажыратып жіберді? Осыны түсінгім келеді.


– Бұл сұрақтар жайлы көп іздендім, Бекебас. Бірінші сұрағыңа айтарым: заңдылық, оны білсең де, білмесең де, мойындасаң да, мойындамасаң да, өз әрекетін жүзеге асыра береді. Мысалы, жердің тарту күші бар: кез-келген затты тастап жіберсең жерге түседі. Енді сен екі қабат үйдің үстінде тұрсың дейік. «Мен жердің тарту күшін білмеймін, мен бұл заңдылықты мойындамаймын» деп ыршып кетсең, бәрібір жерге түсесің. Дәл сол сияқты рухани заңдылықтарды білсең де, білмесең де, мойындасаң да, мойындамасаң да – бәрібір ол заңның күші жойылмайды. «Білмей істеген күнәнің ауыры жоқ, біліп істеген күнәнің жеңілі жоқ» деген хадис – бөлек әңгіме... Екінші сұрақ – қиындау. Оның шешімі былай екен, Бекебас. Ым-ым... Біздің достығымыз неге жойылып кете жаздады?


– Түсінбеушіліктен. – Нені?


– І-і-м-м... Өмірдің сынақ екенін... Өзімізді, табиғатымызды білмегендіктен... Иә өмірдің мағынасын түсінбегендіктен, Жаратушымызды танымағандықтан. Осылай ойлаймын. Сен ше?


– Мен де. Болды, Бекебас. Өз сұрағыңа өзің жауап бердің! – деген Ақжан ғашықтықтың мәні туралы түйген-білгенін досына айтып берді. Оның әрбір сөзін ұйып тыңдаған Бекен ара-арасында күрсініп қойып, кейде жымиған қалпы басын шайқап отырды.


Бекен намазға жығылған екен. Досына кітапша сыйлап, намазды қалай оқу керек екенін көрсетіп, ішкі құлшылықты сыртқы құлшылықпен толықтыруға кеңес берді. Сол күні Бекен өзінің Сарыағаш медресесіне барып білім алу туралы шешімге қалай келгенін де айтып берді. Ол былай болыпты: бір жағы қайратына сүйенсе, екінші жағынан ғашықтың дертінің салдарынан өлімге бет бұрған ішкі күйіктің қуаты қосылып, үшінші жағынан ішкіліктің буы күш беріп, ұстасқанын ұрып, тірескенін теуіп кетіп жүрген Бекен қоразданып жүрген сондай бір күні көшеде бір қызбен сөзге келіп қалады да, қазақ жігіттеріне тіл тигізген оны шапалақпен бір тартып жылатып кетеді. Ол қыз сол долданған қалпы әке-шешесіне барып шағымданады. Бұған қатты ашуланған шешесі


 


60


 


Бекеннің үстінен арыз жазып, ісін сотқа бермекші болады. Алайда ол қыздың әкесі Бекеннің әкесімен құрдас болғандықтан, істің артын бағып үндемей қалады.


–     Әкем, мамам, тағы арағайын боп жүрген Қалықбек аға бар, бәріміз кешірім сұрап Сағатбек ағаның алдына бардық. Қарауға бет жоқ. Екі көзіммен жер шұқып тұрмын. Сағатбек аға маған қарап тұрып:


–     Әй, Бекен, не десем екен саған? «Әкеңнің» деп боқтайын десем, әкеңе тиеді. «Иттің баласы» дейін десем, тағы да құрдасыма тиеді. Не дейін саған? Әй, балам-ай! Бар ғой, осы қызымды алып қашып кетсең де, саған бір ауыз сөз айтпайтын едім! Бірақ мына қылығың... Ей, сен жігіт емес пе едің?! Қызға қол көтергенің – біле білсең, өз қарындасыңа қол көтергенің емес пе, а? Сенің де әпкең, анаң, қарындасың бар емес пе?!.. Айтшы өзің: жігіттік пе істегенің? Текті жердің тұқымы едің ғой сен де! – деді ренішті үнмен әкеме бір қарап қойып. Байғұс әкем басын жерден ала алмай, бозарып-сұрланып тұрды. Уһ-һ... Кірерге тесік таппадым ғой сонда, Ақай... Қойшы, сонымен ақыры, кешірім берді. Менің ақымақтығымның себебінен бұған дейін де бір-екі рет кісілердің алдына барып, жалынып-жалпайып, ұятқа қалған әкем осы жолы қатты күйінді. Үйге барған соң, мені жеке шақырып алды да: «Балам, сенен мұндайды еш күтпеген едім... Мен Құдайдан ұл сұрағанда, «сендей болсын» деп сұрамағам... Саған «ішпе, адам бол!» деп айта-айта шаршадым! Ел-жұрттан кешірім сұрап та шаршадым! Айтпады деме! Енді ішетін болсаң, асылып өлем де қалам!» – деді де көзі жасаураған күйі үйден шығып кетті... Әй, иттік-ай десеңші! – Сол жағдай дәл қазір болып жатқандай өңі түтігіп, жанары дымқылданған Бекен әдетінше тізесін салып қалды.


–     Ақай, несін айтасың! Мен оңбаған жан әкемді осындай сөздер айтуға мәжбүр еттім ғой!.. Ұзын сөздің қысқасы, содан Райханға барып, медресенің мекенжайын біліп алдым да, ата-анамның батасын алып, жүрдім де кеттім... Құдайға шүкір, аз уақыт оқысам да иман дегеннің, иманның ләззаты дегеннің не екенін түсініп қалдым. Негізі, адамды түзейтін де, бұзатын да орта ғой. Ұстаздарыма Аллаһ разы болсын... Е, айтса да, Ақай, Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм): «Адамдарға алғыс айтпаған – Аллаһ Тағалаға да шүкірлік ете алмайды»15 деген екен. Әкелші қолыңды. Қанша құбылсам да тастамағаның үшін, достыққа адал болғаның үшін Аллаһ разы болсын, досым!


–     Рахмет, Бекебас. Саған да Аллаһ разы болсын.


–     Ақай, тағы бір хадисте «Достың жақсысы – Аллаһ Тағаланы еске алғанда көмектескені, ал ұмытқанда еске түсіргені» делінеді. Осындай достардан болайықшы. Құранда айтылғанындай, ақыреттік достардан болайықшы...


Даусы дірілдей шыққан досын Ақжан құшақтай алды да көзі жасаурап:


–     Бекебас, маған сендей дос берген, содан кейін сынаққа салып, тура жолды көрсеткен Аллаһ Тағалаға мың да бір шүкір айтам! – деді.


–     Шүкір! Шүкір! Әлхәмдулилләһ!


Бұл жолы жан достар таң рауандағанша сырласты.


Ақжан көп ұзамай, желтоқсанда алғаш рет ораза ұстады. Намаз оқуды да оразамен бірге бастады. Желтоқсанның ішінде, ораза айында анасы дүниеден озды...


 


«Өтер күн өтер, келер күн келер; қалады бірақ жүректе бедер» демей ме аталарымыз? Жүрекке ізін қалдырған алуан оқиғалы, терең мағыналы төрт жыл өтті арада. Біржанның үлкені, «атасының баласы» мектепте оқып жүр. Осы уақыт ішінде мал баққан ол қала жаққа көшпек ниетпен дайындықта жүр. Ербол үйленген, мектепте білдей мұғалім. Келіншегі жақында ғана екіншісін босанған. Бекеннің әкесі найзағай түсіп қайтыс болған-ды. Иә, тура бала кезгі досы секілді қайтыс болды...                                                                                                                                              Үйдің үлкені болғандықтан бүкіл әулеттің арқа сүйер азаматына айналған, бар тірлік мойынына артылған ол сол жылы имамдықтан бас тартқан еді. Былтыр қайта шаңырақ көтерген Бекеннің келіншегі Кәмшат жақында ғана босанған, ұлдарын кіндік әке-шеше болып


 


 


15 «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ». (Ахмад жеткізген) 61


 


Ақжан мен Кәусар иеленген. Ақжан да бұл кезде екі ұлдың әкесі болып үлгерген. Нәпақасын күзетші болып тауып жүр. Құлындарын ата-апаларына амандастырғалы алып келген, жете алмай жүргеніне көп болған Ақжан мен Кәусар ауылда төрт-бес күн болып, құттықтайтын кісілердің үйлеріне де, көңіл айтатын үйлерге де барып үлгеріп; күн сайын достарына кезек қонақта болып; Сайрау ағасының сойып берген қойының етін арқалап; автобустың ішінде көрген сый-сияпаттары мен ілтипат-ізеттерге разы көңілмен тербетіліп келеді. Бекен мал дәрігеріне көмекшілікке орналасу үшін әрі досын шығарып салу ниетімен аудан орталығы Шонжыға дейін бірге келе жатқан. Үш-төрт күн бойы әңгімелессе де айыздары қанбай, көңілдері толмай келе жатқан екі дос көліктің ызылы мен жолаушылар шуылынан сыр шертісе алмай, пұшайман күйде отыр. Бір-біріне қарап күліп, артынан күрсініп қояды.


Ақжанның «көкдөнені» көңіл көгін тынымсыз шарлауда. «Иә, Құдайға сансыз шүкір. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі сындарлы жылдары не істейтін жұмыс жоқ, не айналысатын кәсіп жоқ, алақтап қалған ауыл адамдары қазір нарыққа үйреніп, шаруаға төселіп қалыпты. Келешектен үміттері мол. Бір кездері той емес күнделікті рыздығын таба алмай қиналған ауылда қазір той-томалақ көбейіпті. Бір қуанарлығы, Ақжанның байқауынша, арақ ішу азайыпты ауылда. Бос сенделіс, жалған жұбаныштан арылып келе жатқан сияқты. Басқа себептермен қоса, адамдардың діни санасының оянуы да бұған өте үлкен себепші болғанына Ақжанның еш күмәні жоқ.


Достарының үйлерінде көп әңгіме айтылды. Өткен-кеткен оқиға, шаруа жайы, болашаққа жоспармен қоса отбасы бақыты, жұбайлар парызы, бала тәрбиесі, адам жан-дүниесі, Ақырет қамы, Аллаһ разылығы, өмір мәні секілді ескі де болса ескірмейтін, түбі жоқ таусылмайтын тақырыптар сөз болған, көңілдерді сергіткен көркем отырыстар болды. Сондай күндердің бірі екі дос қонақтан қайтқан соң Бекендердікіне барып, түнімен сырласқан-ды. Анасы дүниеден озғалы, өз үйі өзіне біртүрлі бөтен болғандай күй кешіп жүрген, теңдесі жоқ тәтесінің опырайған орынын қалай толтыруды біле алмай жүрген Ақжан айналып келіп анасы жайлы сөз қозғай берді.


–     Бекебас, тәтемнің ұзағырақ ауырғанын білесің ғой. Соңында қозғала алмай әбден қиналды ғой, марқұм. «Тәтеңнің жағдайы ауыр, хәл үстінде. Тезірек кел!» деген хабарды ала сала-ақ құстай ұштым. Келсем, тәтемде сөз жоқ, тіл жоқ, құр сүлдері қалыпты... Уһ-һ... Түнде намаз оқып отырып, дұға жасадым Аллаһ Тағалаға: «Я, Жаратқан Ием! Біліп және білмей істеген барлық күнәларымды кешіре гөр! Я, Рахман, Я, Рахим! Анамның да күнәлары болса кеше гөр! Я, Раббым, сенің рақымыңа, мейіріміңе, әділетіңе күмәнім жоқ... Тәтем жазылуға тиіс болса, тезірек шипаңды жібер, ал егер қайтуға тиіс болса онда жанын қинамай, тезірек алшы, Жаратқан Ием! Анашым қиналып кетті-ау...» деп... Уһ-һ... Ертесі, түске таман тәтемнің жанында отырған үлкен кісілер мені ымдап шақырды, ашық тұрған есіктен кірсем, көрші Гүлбархан апа: «Балам, тағдырға амал жоқ... Апаңның қасына баршы. Бар да «Мен ризамын» деп айта ғой. Бара ғой» деп мені итергендей қылып тәтем жатқан төсекке бағыттап жіберді. Ішім астаң-кестең болып, тәтемнің қолын алып сипалай бердім. Үнім шығатын емес... Уһ-һ... Бір кезде тілім икемге келді-ау: «Тәте, тәте, мені естіп тұрмысыз... Мен.. Мен сізге ризамын... Маған да разы болыңыз, тәте...» дедім де, қыстығып жылап жібердім... Ыһқ... Ыһқ... Тәтем қолымды қысқан сияқты болды-ау... Білмеймін... Біраз уақыттан кейін демі үзілді тәтемнің... Ыһқ... Ыһқ...


Көз шарасы мөлтілдеп кеткен Ақжан өксіп-өксіп жіберді. Бекеннің де жанарынан жас парлап қоя берді. Біраздан соң солығын басқан Ақжан естен кетпес сол бір күндерге қайта сапар шекті.


– Уһ-һ... Ораза күндері еді ғой, сол кезде... – Иә, – деп Бекен қостап қойды.


– Сонда, жаназа үстінде молданың: «Сабыр етіңдер, балдар. «Оразада қайтыс болу – жақсы өлімнің белгісі. «Бұл айда қайтқан адам Жұмаққа барады» деген бар» дегенін есітіп, көңілім бір жұбанып еді. Кейін хадистерді оқысам: «Аллаһ Тағала жақсы көрген


 


62


 


құлына ауру, қайғы-қасірет сияқты қиындықтар жібереді; сол қиналғанының есебінен күнәларынан тазартады» 16     делініпті. Тәтемнің неге ұзақ ауырғанын, науқасының созылып келіп, оразаға ілінуінің себебін сонда бір-ақ түсініп бір жылап алдым ғой. Уһ-һ... Мен алдында, тәтем ауырып жатқанда, «Аллаһ Тағаланың тәтемді сонша қинағаны несі? Ешкімге жамандығы жоқ, ел-жұртына беделді, намаз оқымаса да, оразасын үзбеген жан еді ғой. Жақсы адамды осылайша қинауын түсінбедім... Бірақ Аллаһ Өзі біледі ғой... Әділ емес пе?..» деп ойлап, көңіліме күмән ұялап, қиналып жүрдім. Сөйтсем, ауыртқаны – тазалағаны, созғаны – Оразада алайын дегені екен ғой. Айналып келгенде ауру, қиналу, созылу – бәрі Аллаһ Тағаланың рақымы, мейірімі болып шықпады ма?! Ой, Алла-ай!.. Біз Аллаһ Тағаланың даналық-хикметін түсінбей, өзіміздің жаратылған шектеулі, пенделік ақылымызбен болып жатқан оқиғаларға, құбылыстарға өзімізше баға беріп, шатасамыз екен ғой... Егер түсінсек, мәніне үңілсек, басымыздан өтіп жатқан барлық нәрсе – біз үшін пайдалы, бізге керек екен... Осыған сену, яғни бәрі жақсы болатынына сену – «Иман» дегеніміз сол екен. Тағдырға иман келтіру екен бұл. Сол үшін де аталарымыз «Құдайдың қылғанының барлығы – жақсылық» деген. Оның үстіне «Құдай деген құр қалмайды», яғни иман адамды түбі бақытқа жеткізеді... Осылай сенген адамның бойынан жалған қорқыныштар, орынсыз кінәлау, қызғаныш, мақтан, тәкәппарлық сияқты жағымсыз мінез-құлықтар кетіп; жүрегі тазарып; сабырлылық, мейірім, адалдық, әділдік секілді қасиеттері оянып, көңілі орнығады, жаны жай табады екен. Өзіне деген, басқа адамдарға деген сенімі күшейіп, сыйы артады екен. Бала кездегі тазалығы қайта келеді екен ақыры...


– Я, Жаратқан Ием-ай... Алла разы болсын, достым.


Көңіл толқынына тербелгендей, екеуі үнсіз қалған еді. Басын көтеріп, досына барлай қараған Бекен бірінші болып тіл қатты.


– Ақай, сен баяғыда бір әңгімелескенімізде ««Құдай деген – махаббат» деген сөзді түсіне алмай жүрмін» деп ең. Қазіргі ойың қандай?


Ақжан ойын жинақтағандай, үндемей біраз отырды да, бастап кетті.


– «Адамды барша мақлұқаттан артық жаратқаны – Алланың сүйіп жаратқаны» деп хәкім Абай атамыз айтқанындай, ақылға салсаң, шын мәнінде бізді асқан сүйіспеншілікпен жаратқан ғой Аллаһ Тағала... Бір хадисте былай делінеді: «Ислам дұшпандарымен үлкен шайқас болған бір жорықта, бір ана жас баласынан аласапыранда адасып, айырылып қалып, зыр жүгіріп, зар жылап жүреді. Содан біріне бірі хабар беріп, жабылып жүріп, әлгі сәби табылыпты. Ботасымен қауышқан ана айналып-толғанып, бауырына басып, сүйіп, иіскеп, мауқын басып, мейірлі жанары нұрлана, сәбиін аймалап отырғанда, осының бәріне куә болған бір топ сахабалармен келе жатқан Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) әйелдің жанынан өте бере, ойлана қарап тұрып қалыпты. Сахабалар да, « Я, Аллаһтың елшісі, әке-шешеміз, жанымыз да, барымыз да жолыңда құрбан болсын!» дейтін саңлақ сахабалар да тоқтап, қарап қалысыпты. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Сіздер қалай ойлайсыздар? Мына әйелдің сәбиіне деген махаббат-мейірін өлшеуге бола ма? Бұл ана өз баласының отқа түсуін қалар ма еді?» деп сұрапты. «Ананың бұл сезімі ешқандай өлшеуге келмейді, уа, Расулуллаһ! От туралы айтпай-ақ қойсақ та болады!» депті бір ауыздан сахабалар. «Ендеше, естеріңізде болсын: Аллаһ Тағала да иман келтірген


пенделерін отқа салуды мына анадан да артық қаламайды. Жаратушы Иеміз мүмін пендесін, мына ана сәбиін қаншалықты сүйсе, одан сансыз есе артық жақсы көреді, сүйеді!»17 депті де жүріп кетіпті... Бұл деген – мені, сені, Бекебас, бәрімізді «Жаратқан


 


 


16 «Мұсылманға нендей нәрсе кезікпесін: мейлі ол шаршап-шалдығу болсын, ауру болсын, қорқыныш, мазасыздық болсын, сәтсіздік болсын, қайғы болсын немесе тіпті (денесіне) тікен кірсе де – Аллаһ міндетті түрде осы үшін оның күнәларының бірін кешіреді». (Бұхари жеткізген)


 


17 «Алланың атымен ант етейін, Аллаһ Тағаланың құлына деген мейірім-шапағаты – ананың баласына деген мейірімділігінен сан есе артық!» (Бұхари, Муслим жеткізген)


63


 


Иеміз соншалықты сүйеді, түпсіз жақсы көреді!» деген сөз ғой. Тіпті туған анамыздан да артық... Ыһқ...


Онсыз да анасын еске алып толқып отырған Ақжан шыдай алмады: иығы селкілдеп үнсіз жылап жіберді. Төмен қараған қалпы Бекен де егіліп отырды.


–     Бекебас, бізді жоқтан бар қылған, тіпті біз Оның бар екенін білмейтін кезімізде де қамқорлығын еш үзбеген, күнәға батсақ, кеудемізден жанымыз шықпайынша «тәубе есігін» жаппайтын, біздің жағдайымызды біздің өзімізден артық ойлайтын, «иман» деген баға жетпес байлықты нәсіп еткен Құдіретті де Мейірімді Иеміздің махаббатына махаббатпен жауап бере алмасақ, біздің кім болғанымыз? Ыһқ...


–     Дұрыс айтасың, Ақай. Уһ-һ... Жаратқан Ием-ай, Өзің жар бол.


Жанарлары жасқа шыланған достар таң ағарғанша әңгімелесіп, намаздарын оқып бір-ақ демалған-ды.


Автобекетке келіп тоқтаған автобустан түсу үшін өре түрегелген жолаушылар Ақжанның ойын бөліп жіберді. Көліктен түскеннен кейін, келіншегі мен екі ұлын жайғастырған           соң,   екі       дос                               Бекеннің       інісінің                    шаруасына                         байланысты       әскери комиссариатқа келді. Олар комиссариаттың кеңсесіне жеткенше, екі жағына биік теректер өскен жаңа төселген асфальт жолдың жиегімен, көлеңке қуалап жүргендерімен, күшіне мінген көктемгі күннің қызуы, әсіресе, жазы ерте шығып, қысы жай кіретін Шонжының күні, маңдайларын жіпсітіп, таңдайларын кептіріп-ақ жіберді. Жол бойы ананы айтып, мынаны айтып, күлісіп келе жатқандарында, «нені айтып үлгермедім?» деп бір жағынан ойланып келе жатқан Ақжан ең негізгі нәрсені әлі айтпағанына налығандай болып, ішінен «О, жолың болғыр Ақжан» деп өзін-өзі сөгіп қойды да:


–     Бекебас, – деді даусын сәл көтеріп, ой құшағында кетіп бара жатқан досына. Бекен бұған сұраулы жүзбен жалт қарап:


–     Ау? Иә, Ақай? – деді жымия.


–     Ойлап келе жатсам,        жаңалықтың үлкенін әлі айтпапты ғой «ағаң». – Ол адамға кейде көзінің қиығымен қарайтын әдетіне салып, басын шайқап қойды.


–     Ішіңізге қалай сыйып жүр, «ағасы», жақсы жаңалық болса бөлісіп, көбейтейік те?


–     Қазір есіме түсіп, соған асығып тұрмын, Бекебас. Автобус жүретін уақыт болса жақындап келеді, – деген Ақжан лезде байсалды әңгімеге ауыса берді.


–     Менің мұндай сәттерді асыға тосып жүретінімді білесің ғой, – деді Бекен де әңгімелесуге аңсарының ауып тұрғанын білдіріп.


Түсінгенін, түйгендерін бір-біріне тезірек жеткізуге, мұң бөлісіп, сырласуға құмар екі дос басқаларға айта бермес, айтқандарымен түсінуі неғайбыл терең сырларын бөлісер оңаша сәттерді сағына күтісетін. Өзінен-өзі әңгіме өрбіп жүре берер берекетті шақ, сырлы сәт қоштасар кез жақындаған сайын баурап, сенім мен үндестіктің ғажап сыйқыры арбап барады екеуін. Ақжан ақтарылып келеді.


– Есіңде ме, Бекебас? Бір әңгімемізде «Дұшпанды қалай жақсы көруге болады?» деген сұраққа «басқа адамды – ол да өзіміз сияқты болғаны үшін, яғни оны да Аллаһ Тағала жаратқаны үшін, оның бойында да Жаратушының салған аманат жаны бар болғаны үшін, айналып келгенде «түбі бір ата, бір анадан тараған бауыр» деп білгендіктен құрметтеуі, жақсы көруі керек» дегеннен басқа жауап таппап едік қой, – деп Ақжан Бекенге сұраулы жүзбен қарады.


– Иә, иә. Есімде Ақай, айта бер, – деп Бекен де алабұртып кетті. Екеуі көше бойлап, ешкімге көңіл аудармастан, ешнәрсеге қарамастан, бірін-бірі бар ниет, шыншыл жүрекпен тыңдап келе жатқан.


– Соны түсіндім, Бекебас. Біз «жақсы көру, сүю» десе жанымыздай жақсы көретін жақындарымызды көз алдымызға елестетеді екенбіз. Ғұламаларымыз айтпақшы, «Адамның бақытты болуының кілті – басқаларды бақытты ете білуінде» болса, «басқалар» деген ұғымның ауқымы тым кең екен, Бекебас. Нақты жағдайға, өмірге үңілсек – әр нәрсенің өзіндік орыны бар секілді, әр адам да өзіне лайық орнында тұрады


 


64


 


екен ғой. Мысалы сүюдің шыңында Аллаһ Тағала, одан кейін Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) тұрса, одан кейін анамыз, әкеміз, досымыз, жұбайымыз тұрады екен – біз оларды жалындап, жанып сүйеміз екен; орта белде – ағайын туыс, жолдастар, ауылдастар болады екен де, оларды сыйлап, құрметтеп, аялаймыз екен; ең етекте – бізге жамандық жасаған, жасап жүрген дұшпандар тұрады екен; оларды кешіруге тырысып, әрі аяйды екенбіз. Яғни, сүюдің екінші ұшы кешірім екен. Кешіру, аяу – ол да Аллаһ үшін жақсы көру, сүюдің бір түрі екен...


–     Мен де жобасын солай келтіріп ем, Аллаға шүкір.


–     Бірақ, Бекебас, шариғатымызда Аллаһ үшін жақсы көрумен қатар, «Аллаһ үшін жек көру» деген мәселе бар екен. Яғни, азғындаған, санасын сайтан билеген, мәселен кішкене балаларды зорлап кететін, «тірі өлікке» айналған сұмырайды жек көрмесек, ондайларға қарсы күреспесек, онда жамандыққа жақтасқандай боламыз екен. Тіпті, ондайларға емешегі езіліп тұрған әсіре «гуманистерге» «рухани жезөкшелер» деген ат тағылыпты... Иә, айтса да, «Аллаһ үшін жек көру» дегенде, бізге ұмытуға мүлде болмайтын бір қағида бар. «Асыл дінімізің алтын қағидасы» дерлік бұл ережеде былай делінеді: «Күнәға деген жеккөрініш күнәһарға деген жеккөрінішке айналмауы керек»...


–     Иә-ә, қиын... Шектен шықпай орта жолды ұстану – бұл өзі жүз ойланып, мың толғануды қажет ететін, адамнан ақыл-парасатты талап ететін іс... Тоқ етерін айтқанда, жек көре тұрып, аяй білу де – адамдыққа сын екен ғой... Иә, Аллаһ Тағала тура жолға салғанды ешкімнің адастыра алмайтыны сияқты, Аллаһ Тағала адастырғанды ешкім тура жолға сала алмайды, расында...


–     Иә, Бекебас... Есіңде ме? Саған, әлгі маған біраз уақыт «пір» болған, Ошо деген кісінің «адам қандай күнә жасаса да, асыл рухы пәк күйінде қалады» деген ойын сүйіншілеп айтқаным?


–     Иә, иә.


–     Асыл дінімізді біраз зерделегеннен кейін сол сөз туралы біраз ойланып қалдым.


–     Себеп?


–     Себебі, тозақтықтардың болатыны рас қой, Бекебас? –    Иә. Аллаһ сақтасын.


–     Сол бейбақтардың «рухы таза қалпында қалды» деп айта аламыз ба? –       Ойламаған екенмін, Ақай.


–     Өзің де білесің, Бекебас, ол жерге адам соған лайық болғандықтан, Аллаһ тағаланың әділеті бойынша түседі. Тозақтықтарды сипаттағанда «Олар мал сияқты, тіпті малдан да төмен»18 деп айтпай ма? Мысалы, «голубой» деген бәлелер немесе анау «педофиль» деген сұмырайлар – сол азғындықтың шегіне жеткен, малдан да төмен сорлылар емес пе? «Солардың рухы таза қалпында қалады» деу – ақылға томпақ келеді емес пе?


–     Иә-ә, қиын... Жалғастыра бер, Ақай.


–     Олар сол адамдық асыл рухтың өзіне дақ жұқтырған бейбақтар сияқты; қайта тазара алмастай былғанған сияқты; сол үшін де тозаққа лайық болғандай. Яғни, «адам» деген ардақты атын бағаламағаны үшін, адамдық қасиетін сақтай алмағаны үшін, жаратылысында бар биік мәртебесін қор қылғаны үшін сондай ауыр азапқа лайық болғандай... Ол бейшаралардың қылығын, істеген күнәсін жек көріп тұрсам да, біртүрлі аяймын, Бекебас...


–     Айтпа, Ақай, Мәңгілік тозақ дегенің сұмдық қой... Аллаһ сақтасын.


– Иә, Аллаһ сақтасын... Бекебас, бір кітаптан мынандай ой оқып едім: «Аллаһ Тағаланың мәңгілігі мен тозақтың мәңгілігі – тең емес» деген. Мүмкін ол жердегілер


 


 


18 «Рас, тозақ үшін де көптеген жын, адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуда. Міне, солар - мүлде қаперсіздер». («Ағраф» сүресі, 179-аят.)


 


65


 


асыл рухына жұқтырған кірінен тазарған соң, шығарылатын шығар?.. Оның үстіне Аллаһ Тағаланың адам баласын сүйіспеншілікпен, махаббатпен жаратқанын түсінгеннен кейін, тіпті басқаша ойлау мүмкін емес секілді... Анығын Аллаһ біледі әрине. Артық айтсам, Жаратқан Ием Өзі кешірсін.


–     Иә, Аллаһ Тағала бәрін білуші ғой. Біздің білетініміз: жүрегінде тозаңдай иманы бар мұсылмандар күнәсінің жазасын өтеп болған соң, тозақтан шығарылатыны ғана. Құрандағы кәпірлер мен Аллаға серік қосу, жазықсыз адам өлтіру секілді ауыр күнә жасағандар жайлы «Олар тозақта мәңгілік қалады» деген мағынадағы аяттарды оқи отырып, басқаша жобалау қалай болады а, Ақай?


–     Дұрыс айтасың, Бекебас. Негізі, бұл мәселе де – тағдыр сыры сияқты, адам баласының ақылы бойлай алмайтын, сол себепті тереңдеуге болмайтын дүние. Ал, Жаратқан Иеміздің мейірімі мен даналығына, рақымы мен әділдігіне еш күмән жоқ. Артық айтсақ, Аллаһ Тағалам Өзі кешірсін.


–     Әлбетте, Ақай. Әумин.


Екі дос ой қорытқандай, бір мезет үнсіз қалды.


– Жалпы бар ғой, Бекен, еркін ой деген жақсы нәрсе ғой. Бірақ бәрін ақыл шеше алса, онда Пайғамбарлардың не қажеті бар еді?.. Кезінде жаңағы Ошо атамызды жастанып оқып жүргенде, былайша айтқанда, ол кісіні өзіме ұстаз тұтып жүргенімде, бір кітабын қарап отырып «Кемелдікке жету үшін, сана нұрлануы үшін (просветление дейді) қазіргі отбасылық институттың қажеті шамалы; ерлер мен әйелдер коммуна болып өмір сүруі қажет: бәрі – ортақ, бала да – ортақ» деген сарындағы әңгімесін оқығанымда біртүрлі тіксініп қалдым. Қабылдай алмадым. Содан бастап ол кісінің сөздеріне де сынмен, күмәнмен қарай бастадым... Сол кезде бар ғой, Бекебас, маған мынандай ой келген еді: «Адам қанша данышпан болса да, пенде болған соң, қателеседі екен-ау. «Бір тапса, осы кісі Ақиқатты тапқан шығар» деп жүргеніңде, әйтеуір бір қателігін, кемшілігін көріп қаласың. Сонда жер бетінде, жалпы адамзат тарихында ақиқатты тапқан және адастырмас тура жолды нұсқайтын бір адамның болмағаны ма? Олай болса, адам баласы өстіп мәңгі бақи ақиқатты аңсаумен, іздеумен өте бермек пе? Құдай неге адамдарды мұндай әуре-арсаңға салып қойды екен? Анық ақиқат жолынан кім адастырады адамды? Құдайдың Өзі ме? Әлде, Құдайға адамдардың осылай тұман ішінде жүргені ұнай ма? Неге Ол әділетті болса, мейірімді болса, адам баласына Ақиқатты анық көрсетпейді? Неге жол нұсқамайды? «Пайғамбарлар болған» дейді. Олардың өсиеті қайда? Қалдырған кітабы қайда? Киелі кітаптарын көрдік қой, тура жол тұрмақ, шатасып кетесің әуелі. Ең құрымаса, бір адамды үлгі қылып, ұстаз қылып жібермей ме?..»


– Е-е, досым-ай, «Пайғамбарларға иман келтіру» мәселесіне ойша дайындала бастаған екенсің ғой. Дұрысы, Жаратқан Ием дайындай бастаған екен ғой!


– Айтпа, Бекебас! Аллаһ Тағала шебер ғой!


Таңданыстарын жасыра алмаған екеуі            бастарын шайқап, бір-біріне жымиған қалыпта көз салды.


– Сонан кейін бар ғой, Бекебас... – Иә, иә.


– Жалпы кез-келген адасу осылай басталады екен. Әуелі ақиқат нәрселер айтылады, одан кейін ақырын-ақырын жарға апарар жалған ой, жаңсақ пікір араласады. Яғни, басқа бұрмаланған діни сенімдерде ақиқаттың үлесі бар болғанымен, түбі – құрдым. Иә, Бекебас, шайтанның тұзағы осылай құрылады екен... Бұдан енді Алла сақтамаса, аман қалу өте қиын. Сондықтан біз ақылға емес, нақылға, яғни Құран мен сүннетке сүйенеміз. Кез келген идея мен пікірді осы таразымен өлшейміз.


– «Ол үшін білімді бекемдеу керек» деші.


– Әрине, білімсіз иман да бекімейді, құлшылық та дұрыс болмайды. Қысқасы, тура жолды табу бар да, одан адасу қаупі де бар. Яғни, ілімсіз жасалған амал ақыры адасуға бастайды...


 


 


66


 


– Иә-ә... Әр намаз сайын оқитын «Фатиха» сүресіндегі «Ииәкә нәъбуду уә ииәкә нәстәъин»19 аятының бір қырын енді түсініп тұрғандаймын, Ақай...


– Ой, Бекебас, бұл Құран дегенің шынымен мұхит қой! Амал жоқ араб тілін білгенде ғой...


– Айтпа! «Аллаһ Тағала білімімізді арттырсын» деп тілейік. – Әумин.


Арада болған әңгімені ойша қорытқандай екі дос тағы да үнсіз қалды. Аздан соң жанары жарқ ете қалып, артынша мұңая қалған досына көз салған Бекен дегбірсізденіп:


– Иә, иә?! – деді әрі шыдамсыз, әрі мейірлі үнмен.


– Бекебас, алдыңғы жолы: «Ғашықтық дегеніміз – тәнге байланған құмарлық қана емес, жан-дүниені, ақыл-ой үндестігін сезінген нәзіктік, даралықты құрметтеген бекзаттық. Аллаһ Тағаланың адамды басқа адамға ғашық қылғандағы мақсаты – сүюді үйрету. Ғашық болған жан жалпы адам баласының қадірін біліп, тереңін түйсінеді. Ол өз сүйіктісі секілді кез-келген адамның бойында да Тәңірінің демі, асыл нұры бар екенін түйсінеді; басқаларға да тұтас тұлға ретінде қарай алатын болады... Біз ғашығымызды қалай қадірлесек – қосылған жарымызды да солай қадірлей білуіміз керек; тіпті әрбір адамды, оны да Бір Жаратушы жаратқандықтан, құрметтеуге тиіс екенбіз. Тек сонда ғана «ғашықтықтан сабақ алдық, мәнін түсіндік» деп айтсақ болады екен» деп бір тоқтап едік қой.


– Иә, иә?


– Бұл ойды біздің қазекең «Бір адамды жақсы көрген барша жанға мейіріммен қарайды» деп түйіндеп қойыпты, Бекебас.


– Әй, аталарым-ай! Данышпансыңдар ғой!


– Айтпа, Бекебас. Осындай кісілердің ұрпағы болғанымыз үшін, осындай халықтың өкілі болғанымыз үшін қалай шүкірлік етпейміз?!


– Шүкір, шүкір Алла!


– Әлхәмдулилләһ!.. Иә, біз бір адамды шын сүю арқылы барша адам баласын жақсы көруді үйренеміз екен; шынайы ғашықтықтың бір сабағы осы. Алайда, Бекебас, ғашықтықтың мәні одан да терең екен... Мына бір аңызды тыңдашы: Баяғыда бір жас жігіт ел-жұрттың құрметіне бөленген, «әулие» деп танылған бір данышпан кісіге келіп: «Ұстаз, мені шәкірттікке қабыл етіңізші» депті. «Қандай мақсатпен келдің?» деп ана кісі сынай қарапты. «Менің мақсатым – Аллаһ Тағалаға ғашық болуды үйрену» депті жігіт. «Ал сен әйел адамға ғашық болып көрдің бе?» деп қайыра сұрапты ұстаз. Сөйтсе әлгі жігіт: «Мені әйел де, дүниеде қызықтырмайды, мен Құдайды тапқым келеді» депті мақтана. Сонда жанарына жас үйірілген қария: «Балам, күнделікті тіршілігіңе қайта ғой. Алдымен өзіңдей адам баласына, әйелге ғашық болып үйрен. Сонан кейін келерсің, бұйырса», – деп қайтарған екен жігітті...»


– Ойпырмай, Ақай, мынау... керемет!.. – деп толқып кеткен Бекен ойға шомып кетті. – Сонда... «Адамдар арасындағы ғашықтық пен сүйіспеншілік – осы ұлы сүюді үйрететін мектеп, яғни Жаратушыға деген ұлы сүйіспеншілікке апаратын баспалдақ қана» деші!


– Иә, Бекебас! «Ғашықтық – Құдай құдіретінің белең алуы, ал Құдай – махаббаттың құзар шыңы!» деген сөздің мағынасы осы екен...


– Ой, Алла-ай!.. Ғашық қылғаны – өзіне шақырғаны, Мейірін төккені екен ғой... Шеберін-ай Иемнің!.. Сонда, біздің мақсат – сол сезімді қайта табу, оны нағыз Иесіне бағыштау болғаны ғой... – Бекен қатты толқу үстінде тұр еді. Денесіне діріл жүгіре бастаған Ақжан басын изей берді.


– Иә, Бекебас. Иә! Сол ғашық күйді – Жаратқанға арнау!


– Ал, Аллаһ Тағаладан қорқу... Ғашық кездегі қорқу ма сонда?


 


 


 


19 «Өзіңе ғана сыйынып, өзіңнен ғана жәрдем сұраймын». («Фатиха» сүресі) 67


 


– Солай боп тұр ғой, Бекебас! Ал, біз болсақ... – бөтегесі бүлк ете қалған Ақжан тына қалды. Бекен де жұтынып қойып, үнсіз келеді. Бір кезде Ақжан әлі де дірілі басыла қоймаған көңіл тебіренісімен былай деді:


– Білесің бе, Бекебас? Адам адамның қай жеріне ғашық болады? – Жүзіне, көзіне.


– Дұрыс. Бірақ одан да дұрысы – жүзіндегі нұрына ғашық болады екен... Есіңде ме? «Ғашықтық – соқырлық, кемшілікті байқатпайды» деген пікір мен «Ғашықтық – көреген, өйткені ол басқалар көре алмайтынды көре алады» деген пікір жайлы таласқанымыз...


– Иә, иә, Ақай. Таласып-таласып, ақыры Абай хакімнің «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол» деген тұжырымына тоқтап, екінші ойды дұрыс деп тапқанбыз. Әрине есімде, айта бер, достым, – деп ынтызар көңілмен жауап берді Бекен. Қатты толқып кеткенде істейтін әдеті бойынша саусақтарын айқастырып, салалап келеді.


– Сол біздің айтайын деп айта алмай жүрген, айналсоқтап жүрген ойымызды Виктор Франкл деген бір ғалым төбесінен тоқ дегізіпті: «Адам ғашық болғанда ғашығының бойынан, Құдай сол адамның қандай болғанын қалап жаратса, сол дәрежедегі бейнесін көреді», – депті. Түсіндің бе?! Яғни ынтызар адам ғашығының кемел күйіндегі бейнесін көреді екен! Басқалар көре алмай тұрған тереңін түйсініп, кереметін сезінеді екен!


– Ақай, сол кезде, мүмкін... ол ғашығының Жұмақтағы бейнесінің елесін көретін шығар, а?!


– Төбесінен түстің! Керемет! Әй, азаматым-ай! Солай болу керек, Бекебас! Ой, Алла-ай! Аллаһу әкбар!


Шаттанып, тебіреніп кеткен екі дос бір-біріне қарап жымиып, қайта ойға шомып, құбылып келе жатқандарында әскери комиссариаттың кеңсесі де көрінді. Жиналыс болып жатқанын және оның шамамен жарты сағаттан кейін бітетінін білген соң, екі дос ғимарат алдындағы сәкіге келіп жайғасты.


– Бекебас... «Неге осы адамдардың көбі «алғашқы махаббаттарына» қосыла алмайды екен?» деп ізденіп жүріп, тапқан жауабымыз есіңде ме?


– Әрине, Ақай. Көп ойланған дүниені қалай ұмытасың?


– Сонда айтып ек қой: «Алғашқы махаббатқа қосылмаудың бір себебі – адам қатты ғашық болғанда Құдайын ұмытып, сүйген адамын пұт дәрежесіне дейін көтеріп, оған тіпті табына бастағандықтан, яғни ол адамсыз өзін бақытты бола алмайтындай көргендіктен, Тәрбиелеуші Иеміз: «Қателесесің, пендем, сен Менсіз, Менің қалауымсыз, Менің мейірімімсіз өмір сүре алмайсың; Мені танымасаң әрі Маған ғана құлшылық жасамасаң, бақытты бола алмайсың» дегенді түсіндіру үшін ажырататын тәрізді. Тіпті «Сені де, сүйгеніңді де жаратқан Менмін ғой, екеуіңнің араңа сүйіспеншілік салғанда Менмін ғой; Мен сені мың есе, миллион есе жақсы көрем емес пе?!» деген иләһи бір қызғанышпен де қоспайтын көрінеді» деп... Иә, Бекебас, адами кемелдікке жету үшін өзіңді өзге жанның жолында құрбан қылу – керемет жетістік болғанымен, тек бір адамға ғана бағышталған ғұмыр өз мәнін жояды екен...


– Айтпа, Ақай. Шынымен, бір пендемен ғана шектелген сүйіспеншілік тоқырауға ұрындырады, адастырады. Өз басымыздан да өтті ғой... Сені тыңдап отырып: «Бір адамды ғана ардақ тұтып, өзгелерді ұмыту – өзімшілдіктің жалғасы емес пе?» деген ой келіп отыр.


– Бәрекелді! Дұрыс айтасың, Бекебас! Осы орайда Ислам ғалымдары: «Аллаһ Тағаланы ұмыттырған сүйіспеншіліктің кез-келген түрі – адасу мен апаттың хабаршысы», – депті. Ал енді жаңағы түсінгеніміз бойынша таратып көрсек, мұнда, Бекебас, тағы бір хикмет бар екен. Қытай халқының: «Ең аңсарлы тілегің орындалсын» деген қарғыс сияқты сөзі бар. Ойлап қарасаң, барыңды салып ұмтылған, күндіз-түні тілеген дүниеңе қолың жеткенде – тоқырап, босап, құлазып, тіпті өкініп қаласың ғой... Аллаһ Тағала ажыратқанда «Сүйіктісінің қадірі түспесін; сүйгенінің пенделігін көріп


 


68


 


көңілі шағылмасын, көкірегі кірлемесін» дейтін секілді; «Сүйгенінің басқалар көре алмаған ғажап бейнесін, періштелік тазалығын ұмытпасын, басқа жандардың бойынан да соны іздесін» дейтін секілді; «Сол ғаламат сезімді бағаласын, аңсасын; оның мәніне үңілсін» дейтін секілді. Тіпті «Одан да артық, одан да терең сезім-күйді тапсын: Менің сүйіспеншілігіме бөленсін – бақытты болсын пендем!» дейтін секілді, Бекебас! Егер түсінсек, әрине...


– Аллаһу әкбар! Құдіреттің шебер-ай!... Мейірінің шексіз-ай!.. Не деген, ә?!. Сонда кез-келген жағдай арқылы – Өзіне тартады екен ғой! Ой, Алла-ай!...


– Дәл айттың, Бекебас! Қинағаны – шыңдағаны, сынағаны – сүйгені! – Жылатқаны – іздеткені, іздеткені – сүйгені!


– Құлатқаны – ескерткені, ескерткені – сүйгені! – Ой, Алла-ай! Қандай шеберсің! Аллаһу әкбар! – Ләә иләһә иллаллаһ! Басқа сөз жоқ жүректе! – Субханаллаһ! Адастырма түнекте.


– Ым... Әлхәмдулилләһ! Жүрегімді кірлетпе.


– Ым... Аллаһу әкбар! Жеткізе гөр тілекке!... Ха-ха-ха! – Ха-ха-ха!.. Әкел қолды!


Аяқасты төгілген ұйқастарына мәз болып күліп жіберген екеуі, бір-біріне мейірлерін төге қарап, иықтарын қағысып қойды


– Аллаһ Тағаланың кереметін қарашы, Бекебас?! – деді жүзі жайнаңдаған Ақжан сүйсінген үнмен.


– Айтпа, Ақай. Шебер ғой! Құдіретті әрі Мейірімді! Махаббатпен жаратқан адамзатты,


Сен де сүй ол Aлланы жаннан тәттi.


– Адамзаттың бәрiн сүй «бауырым» деп, Және сүй «Хақ жолы» деп әдiлеттi!


– Қайран Абай атам-ай!


– Айтпа, Ақай. Жарықтықтың айтпағаны аз екен ғой!..


– Бекебас, негізі, Толстой атамыз айтқандай, «Құдай күн секілді жарығын ешкімнен аямайды да, жасырмайды, одан бас тартқан адам – күн сәулесін қолымен көлегейлеп, өзіне түсірмей қойған адам. Адамның бақытсыз болуы – оның өз кінәсі»...


– Иә, Ақай, Құран аятында айтылғанындай, жақсылық көрсек – Жаратушыдан, жамандық көрсек – өзімізден, өз надандығымыз бен күнәміздің кесірінен ғой, – деген Бекен басын шайқап, күрсініп қойды. – Иә, бізге қазір түсінікті ғой, Алланың қалауымен... Қарашы, Ақай: Үйленудегі негізгі мақсат – дүние жию, тіпті ұрпақ қалдыру да емес екен ғой. Өйткені, нәсіп болмаса, кейбіреулер өмір бойы бойдақ болып өтпей ме? Ал кейбір жұптан бала болмай жатады емес пе? Негізгі мұрат – күнә мен харамнан қашу; бірігіп Ақиқатты іздеу, Аллаһ Тағаланы тану, сол Жолда серік болу емес пе?


– Әрине, Бекебас! Егер біле білсек, ерлі-зайыптылар Жаратушы Иесіне жақындаған сайын бір-біріне де жақындай түседі.


– Сонда?..


– Иә, иә. Раббысын қаншалықты сүйсе, бір-бірін де соншалықты сүйе түседі екен...


– Мынау... керемет болды ғой!


– Иә, Бекебас! Отбасылық бақыттың кілті де – осы түсінікте. Кешегі айтқан: «Егер отбасында Құдайға деген сенім болмаса, ол отбасында шынайы бақыт болмайды» деген Лев Толстой атамыздың өсиетінің терең мәні де осында. Қыз-жігіт кездегі терең сезімді, таза көңілді үйленіп, үй болғаннан кейін, тек бір жағдайда сақтауға болады, Бекебас. Яғни, екеуі бірдей Аллаһ Тағаланы танып-сүйгенде ғана, махаббаттарын әуелі Аллаға арнағанда ғана, араларындағы сүйіспеншілік толығып, көркейе түспек. Мұндай ұлы Мақсатқа ұласпаған ғашықтық – жағалауға жете алмаған қайық іспетті...


– Осыны түсіну үшін талай шырғалаңнан өттік-ау...


 


69


 


– Иә, Бекебас. Сол шырғалаңдардан өткізу арқылы Жаратқан Иеміз бізді тәрбиелеп, есейтті емес пе?


– Әрине, Ақай. Я, Жаратқан Ием-ай! Шүкір етем Өзіңе!.. – Әлхәмдулилләһ!..


Ет жүректен шыққан әрбір сөзге елегізіп, жүзі жүз құбылып отырған досының сергек те сезімтал кейпіне сүйсінген Ақжан іштей шүкірлігін айтып, тәубесін түгендеді. «Я, Жаратқан Ием, осындай дос бергеніңе мың да бір шүкір етем Өзіңе! Әлхәмдулилләһ. Әлхәмдулилләһ...» Бұған аялы көзбен қараған Бекен біртүрлі қысыла тіл қатты.


– Ақай, бір сұрақ бар тағы? – Иә, Бекебас?


– «Отбасын құрған соң қыз-жігіт кездегі мөлдір сезімді Аллаһ Тағаланы танып-сүйгенде ғана сақтап қалуға болады» дедік, иә?


– Иә.


– Дұрыс. Бірақ, ғашық болмай-ақ, жастарша айтқанда «жүрмей-ақ» үйленгендер қалай болмақ? Олар қандай сабақ алмақ?


– Иә-ә... Әй, Бекебасым-ай, ойламайтының жоқ қой! – Енді, «жақсылық ортақ емес пе еді?» дегенім ғой...


– Дұрыс, дұрыс айтасың, достым. Ым-м... Менің қазірше түсінгенім мынау; Бекебас: біріншіден: әркімнің несібесі, тағдыры әртүрлі. «Өмір» атты мектептің негізгі пәні – «Жаратушыны тану» деп аталса, үздіксіз берілетін сол пәннің оқулықтары әр пендеге жеке дара, арнайы жазылатындай. Осы тұрғыдан алғанда ғашық болу, досыңның бар болуы – үлкен сыйлық, зор нығмет. Екіншіден: «Өмір мәні» деп аталатын шыңға да әркім әртүрлі жолмен көтеріледі... Қазіргі кездегі «батыстық» үрдісті айтпағанда, жалпы некесіз, отбасылық өмірсіз күн кешу некен-саяқ кездесетін жәйт қой. Өзің білесің, шариғатта «қыз бен жігіттің жүруі» мүлде құпталмайды...


– Соны айтып тұрмын ғой мен де.


– Біздің, бізден алдыңғы буынның, советтік кезеңнің тәрбиесін көргендерді айтам, ең үлкен қателігіміз, Бекебас, некені сезімге байлап қоюымызда. Ал, сезім, көбіне нәпсі қалауына қатысты болғандықтан, тұрақсыз ғой. Оған негізделген отбасының да ұзаққа баруы екіталай, көңіл құғыр күнде құбылады дегендей... Біз некенің жауапкершілік екенін, отбасылық өмірдің де сынақ екенін және сезімдердің иесі Аллаһ Тағала екенін ұмытпауымыз керек... Біз махаббаттың – сезім ғана емес, еңбек екенін, яғни әрекет-амал екенін, тіпті өнер екенін ұғынуымыз керек. Қысқасы, нәпсіміз үшін емес, Ұлы Раббымыздың разылығы үшін сүйіп үйренуіміз керек...


– «Үйленіп алған соң ғашық болу керек» деші...


– Иә! Және ғашық қылғызу керек! Мінезіңмен, иманыңмен, қамқорлығыңмен, мейіріміңмен алған жарыңды өзіңе ғашық қыла алсаң, нағыз мұсылман сенсің!..


– «Қызым, барған жеріңе «бақытты болам» деп емес, «бақытты қылам» деп бар» деген батаның байыбы осы екен ғой...


– Әрине! Біз бар ғой, Бекебас, балаларымызға «Шын мықты болсаң, қосылған, Құдай нәсіп қылған жарыңды бақытты ете біл, сол арқылы екі жақтағы ата-аналарды да бақытқа бөлейсің» дегенді саналарына сіңіруіміз керек осы бастан. Шариғат талабы да, адамгершілік талабы да осы. Әрі-беріден соң, шариғат жолы – мейірім мен әділет жолы, адамшылық жолы емес пе?


– Дұрыс айтасың, Ақай! «Осы жолдан айнымаса, асыл мұратынан да айнымайды» дейсің ғой...


– Дәл солай, Бекебас! Басымызға келген кез-келген күй мен жағдайда жауапкершілік пен мейірім-махаббатқа сүйенсек, біз алмайтын асу болмайды... Байыптап қарасақ, шынайы өмір – Сұлулық пен Мағына іздеуден тұрады екен ғой. Ал махаббат сезімі сол сұлулыққа ұмтылысты, құштарлықты білдіреді. Бұл дүниедегі сұлулық – мәңгілік емес, сол себепті мұндағы сүйіспеншілік те – қайғы-мұңмен астарлас. Ал, ең кемел, ең пәк, ең сұлу, ең-ң... Қысқасы бүкіл Кемелдіктің Иесі – Аллаһ Тағала


 


70


 


болғандықтан, Жаратқан Иемізге бағытталған рухани сүйіспеншілік қана біздің жан-дүниемізді жадыратып, рухымызды шаттандырады екен! Иә, «Кемелді сүю кемелдікке апарады» дейді ғалымдар...


– Керемет!.. Сонда Пайғамбарымыздың (салаллаһу ъалейһи уә сәлләм) «Пенде


иманның кемелдігіне Аллаһ Тағаланы барлық нәрседен артық жақсы көру арқылы ғана жете алады»20 деген мағынадағы хадисі осыны меңзеп тұр екен ғой, иә!


– Әрине, Бекебас! Шын бақытқа иманды кемелдендіру арқылы ғана жетуге болса, шын бақыттың, кемелдіктің кілті осы!


– Аллаға сансыз шүкір! Бәрі айналып келіп бір нүктеге тоғысады екен-ау... Рахмет, Ақай! Жұмыс деген жетеді екен ғой бізге...


– Несін айтасың? Бастан асады ғой, Бекебас. Басқаларға түсіндіруді, жеткізуді ойласай... «Жаратқан Ием жар болсын!» деші, – деген Ақжан жауапкершіліктің жүгін сезінген мұңлы жүзбен досына көз салып, күрсініп қойды.


– Иә-ә... – Бекен де терең күрсінді.


– Айтса да, өте маңызды тағы бір нәрсені ұмытып барады екем ғой. Ислам ғұламалары: «Жаратушыға деген қарым-қатынаста: үміт пен қорқыныш – құстың екі қанаты болса, сүйіспеншілік – сол құстың басы» деп бейнелепті және Аллаһ Тағалаға деген махаббаттың белгісі – ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) жолымен жүру, өнегесін өмірге темірқазық қылу екенін естен шығармау керек» деген ескерту айтады. Осыны ұмытпайық, Бекебас.


– Әрине, Ақай, әрине. Қорықпасаң – құлшылық, үміттенбесең – ұмтылу, сүймесең – шүкірлік қайда?..


– Бәрекелді, батырым!


– Негізі, Жаратушысын таныған сүймей тұра алмайды, Пайғамбарын таныған сүйсінбей тұра алмайды емес пе?! Аллаһ Тағалам Өзі күш-қуат берсін бізге...


–     Әмиин. Қорыта айтсақ, Бекебас: шынайы бақыт дегеніміз – Жаратушы Иемізге жақындау, Ұлы Раббымыздың сүйіспеншілігіне бөлену екен...


– Керемет!.. Әлхәмдулилләһ! Алла разы болсын саған, достым! – Әмиин. Өзіңе де Аллаһ разы болсын, Бекебас!


Аса бір ырзалық сезіммен қол алысқан екі дос аз-кем үнсіз отырды. Бір кезде Ақжан есіне бірдеңе түскендей, Бекенге жалт қарап:


– Бекебас, есіңде ме? Тағы бірде «Рухани даму дегеніміз – сана-сезімнің жетілуі, яғни мейірімнің артуы, ақылдың нұрлануы» деп қорытып едік қой.


– Иә, иә.


– Сол кезде сезім мен ақылдың бірлігін, тұтастығын таба алмаған екенбіз. Ақиқаты: нұрлы ақыл дегеніміз – мейірлі ақыл, яғни жүрекпен байланысқан, иманнан нәр алған ақыл екен ғой! Ал нұрлы ақыл да, ар-ұят та – таза жүректің жемісі болғандықтан, рухани жетілу дегеніміз – осы тазалыққа жету жолындағы, сол тазалықты сақтау жолындағы тынымсыз еңбек екен...


– Айта бер, Ақай, айта бер!


– Абай атамыз айтқан: «Ақыл өссе, түпсіз терең жақсылықты сүймекпенен өсер» деген сөз де – ақылдың нұрлануына апаратын жолды меңзеген сөз. Қарашы! Түпсіз терең жақсылықтың иесі кім?


– Аллаһ Тағала!


– Міне! Яғни Аллаһ Тағаланы сүю – ақылды өсіреді, нұрландырады! Басқаша айтсақ, ғашықтық даналыққа жетелейді, яғни Аллаға ғашықтықтың өзі – даналық немесе даналыққа жақындаған – Жаратушысына ғашық болмай тұра алмайды... Қорыта айтсақ: нұрлы ақыл дегеніміз – имани махаббаттың жемісі, имани кемелденудің көрінісі. Түсіндің бе, Бекебас?


 


20 «Аллаһ Тағала мен Оның елшісін барлық нәрседен артық жақсы көрмейінше, ешкім шынайы мүмін болмайды». (Бұхари жеткізген)


 


71


 


– Түсінгенде қандай, Ақай! Керемет! Басты мәселе – жүрек тазалығында болып тұр ғой сонда. Сана-сезім, ақыл-парасат иманның нұры, таза жүректің нәрімен өседі деші!


– Иә, Бекебас! Өйткені, ақылдың түбі, бастауы – жүректе. Ғашық болу үшін де, даналыққа жету үшін де жүректің тазалығы керек! Ал жүректі тазартатын – пікір мен зікір, тәубе мен шүкірлік...


– Дұрыс, бәрі орнында! Аллаһу әкбар!


– Аллаһу әкбар! Субханаллаһ! Әлхамдулилләһ!


Ортаға салғандарын ойша қорытып үнсіз қалған достар көп отырған жоқ. Есік алдына шыққан кісілерден жиынның аяқталғанын естіген Бекен ішке еніп, шаруасын лезде бітіріп шықты.


Мәңгілікті аңсаған адам жанының тұрақсыз әлемдегі тұрақты серігі – мұң баураған екі дос ойланған күйлері біраз жүрді. Автобекет те көрінді. Қалаға жүретін автобусқа жолаушылар жайғасып жатыр екен. Көліктің қасына келіп қалған достар тоқтап, бір-біріне қимаған, қоштаспай тұрып сағынысқан толқымалы көңілмен қарады. Ақжан тұңғиықтан шыққандай сезімді үнмен тіл қатты.


– Бекебас... Достықтың Хакім Абай атамыз айтқан «дос-асық» дәрежесі – бала кезімізде біз айтып жүретін «жандос» деген ұғым екен ғой, сол бір кіршіксіз сезім екен... Ғашықтықтың ғаламаты шын достықтың – жан достардың арасында да көрініс тауып, Аллаһ Тағаланың мейірінен хабар беріп, із тастайды екен. Шын досың – ғашықтай, шын ғашығың – досыңдай болады екен...


– Иә-ә... «Нәпсісі үшін дос болғандар ақыретте жау болып, Аллаһ разылығы үшін дос болғандар бір біріне көмектесе алады»21 деген мағынадағы аятта айтылған ақыреттік дос та – осы достық болды ғой, Ақай...


Дауыстары бәсеңсіп, мұңға батқан екі дос тағы үнсіз қалды.


– Ақай, ғашық күйді қайта табу мен адал достық сезімді қайта табу да – бір болып шықты ғой сонда...


– Дұрыс айтасың, Бекекбас.


– Иә-ә... Арылу керек... Тазару керек... – Бекеннің жүзі күреңітіп, көзі жасаурап кетті.


– Қой, Бекебас, мен жүрейін енді. Алла қаласа, тағы жолығармыз, – деп күрсіне қолын ұсынған Ақжан досының қолын ұстаған күйі, мөлтілдеп кеткен жанарымен оған күле қарап: – Ең адал, ең үлкен дос кім? – деді.


– Аллаһ Тағала! – деген Бекен досының құшағына ене берді. Екеуіне таныс ескі әрі жаңа толқын кеуделерін тербеп өткен екеуі мұңды жымиыспен әдеттерінше алақан түйістіріп, бас бармақ ұрыстырып, білек ұстасып, иықтарын қағып қалысты да екі жаққа бұрыла берді. Бұрыла берген Ақжан «ыһ» деп атып шыққан, кеудесін теуіп шыққан өксігін тежеген күйі автобусқа міне берді. Артына жалт қараған Бекеннің де іші солқ етіп, жүрегі аунап түсті...


Көлік ішінде ұлын қолына алған Ақжан оның пысылына құлақ түріп, балбыраған жүзіне қарап отырып, Шәкәрім атасының өлеңін есіне алған. Ішінен күбірлеп, сырласып отыр.


«Болып едім ой құлы, Ойым кезді бір жылы. Кезген ойым арқылы Жүрегіме жаздың хат! Баспасам да ізіңді, Сезбесем де сырыңды, Көрмесем де жүзіңді, Тиді бізге аманат. Жазған хаттың сырымен,


 


 


21 «Сол күні тақуалардан басқа достар бір-біріне дұшпан болады». (Зұхрұф» сүресі, 67 аят.) 72


 


Жарқыраған нұрымен, Тазарып жүрек кірінен, Қайғыдан басым болды азат».


«Азат бола алдым ба?.. Иә, қасиетті Құран – ашық жолдау болса, достық пен ғашықтық та – жүректегі хат екен ғой... Достық – аманат екен. Көңіл аманаты. Атадініміз – көңіл діні емес пе?.. «Ақылды адам – әр адамға досындай қарайды, ал ақымақ – досына бөтен адамдай қарайды». Әр адамға досша қарау... Ойбоой... Субханаллаһ! Шегі жоқ екен ғой жетілудің... Ал, мықты болсаң!.. «Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аллаһқың игілігі мен сәлемі болсын!) хадисі» деп естіген мына тұжырым қандай?! «Махаббат жоғалса – ұрпақ азады, достық жоғалса – қоғам азады». Иә... Қазіргі адамзат басындағы ауру мен апаттың себебі осы екеуінің жоқтығынан ғой. Ой, қасиетіңнен айналайын, жолбасшым! Ата-анам, малым, жаным – барым жолыңа құрбан болсын, уа, Расулаллаһ! Я, Жаратқан Ием, Өзің есірке! Бізге не керек екенін, сенен артық кім біледі?! Ақиқатыңа сусата көр, Раббым! Даналық бер – ғашық қыл, ғашық қыл – даналық бер, я, Рахман, я, Рахим!..»


Терезеден көсіліп жатқан кең далаға қарап отырған Ақжанның есіне Құрандағы «(Уа, Мұхаммед) Сені жетімдіктен құтқармадым ба? Абыржуыңнан арылтып, тура жолға салмадым ба?»22 деген мағынадағы аяттар түсті. «Иә, Жаратқан Ием, жетімдік пен өгейліктен құтқардың, тура жолыңа салдың. Сансыз шүкір айтам, Өзіңе! Өзіңе ғана сыйынып, Өзіңнен ғана жәрдем тілеймін! Я, Жаратқан Ием, тура жолыңда жүріп жан тапсыруды нәсіп ете гөр!.. Әумин.»


Алда ұзақ жол жатты... Жаратқан жар болсын!


 


19.06. 2005– 18.07.2005 жыл. (2014 жылы өңделді)


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


22 «Сені жетім күйде тауып, паналатпады ма? Әрі адасқан түрде тауып, тура жолға салмады ма? Сені кедей халде тауып, байытпады ма? Енді сен де жетімді қор санама, сұраушыны зекіп қума. Әрі Раббыңның игілігі жайлы айт». («Духа» сүресі, 6-11- аяттар.)


 


 


73





Пікір жазу