04.07.2023
  66


Автор: Серікбай Оспанов

Әке қолы

Жан әкемнің отты жылдар бір қолын


Жаудың оғы жұлып алып кетіпті.


Жабыққанын көрмепті ғой жұрт оның,


Жалғыз қолмен тігуші еді етікті.


 


Әзиз әкем тағдырға бас имеген,


Жалғыз қолмен гүл-өмірін жалғады.


Сом темірді қамырдай ғып илеген,


Ұста болып ұстап ауыр балғаны.


 


Жалғыз қолмен кекілімді сипалап,


Көкірегіне тартып мені басатын.


Жалғыз қолдан жатса еліне сый тарап,


Екі қолды зұлымдықтан қашатын.


 


Қайда барса бос жеңінен ұстап ап,


Болушы едім үлкен демеу тапқандай.


Бойыма әлі сол қолынан күш тарап,


Сезінемін ұстап келе жатқандай...





Пікір жазу