04.07.2023
  65


Автор: Серікбай Оспанов

Ей, жолаушы, атың басын бұра кет...

«Ей, жолаушы, атың басын бұра кет!»


Дейтін бізде болушы еді бір әдет.


Бұл әдеттен жаңылтты ма біреулер,


Әуелі атын, бар заузатын сұра деп?


 


Іштей тындық жанарға да жас келмей,


Қасиетті алмадық-ау қастерлей.


Аты-жөнін сұраушы ма ед бұл қазақ,


Ең әуелі сусын бермей, ас бермей?!


 


Мәз боп жүрміз қол жеткенше, несіпке,


Ұмытыла жаздады ғой бесік те!


Бүгін есік ашық қалса – құрыдың,


Бұрын құлып болып па еді есікте?!


 


Бізді әлі де сол әдепті халық дер,


Халықтығын,


Алыптығын танытты ел!


Бірақ, айтшы, айналайын ағайын,


Қай дәстүрің қалды бүгін дәріптер?!


 


Тоздырды ма,                    


Әлде өзіміз тоздық па,


Батпайтұғын болды ғой кей сөз жұртқа!


Кешегіден кереметпіз деп жүрміз,


Кешегіден кейінбіз бе, оздық па?!


 


Жақсы атымыз!


Мақсатымыз ғажап-ақ,


Кірлегенді алсақ, шіркін, тазалап.


Әкемізбен арақ іштік қосылып,


Анамызды арақпенен азалап.


                                                            


Азбас деген азып жатыр асыл да,


Қаныпезер қас – жауың жүр қасыңда!


Шайқалады шайпау, шатақ сол шайтан


Шаймен бірге дастарханның басында!


 


Елігеді елік қыз бен елік ұл,


Желігеді қағып өтіп сені бір.


Қайманаңнан үйренгенің емес пе,


Қай бабаңнан қалған дәстүр еді бұл?!


 


Тіршілік қой...


Қуаныш бар, бар мұң да,


Жүруі анық айуанның, Ардың да!


Соңымызға,


Жолымызға қарайык,


Қазақпын деп мақтанардың алдында!





Пікір жазу