26.06.2023
  55


Автор: Серікбай Оспанов

Мұң

Былық, шылық маңайың...


Жаның шығып,


Сабырыңды тауысып, сағың сынып,


Мұң патшалық құрып ап,


Жақсы деген


Іштегіңнің тастайды бәрін сырып.


 


Жан-жағыңда қаптаған былық, шылық,


Майыспайды,


Көп қазір шірік шыбық.


Теңге шығып төріңе,


Ар, ұят пен


Ынтымақты келеді ығыстырып.


 


Неткен көп еді жаулар да құрған қақпан?!


Мәнсіз, сәнсіз болып күн зулап аққан,


Бәрі-бәрі, бәрінен күдер үзіп,


Күңіренесің шағыңда мұңға батқан.


 


 


Албастыға алданып, арбаласың,


Басқа құдай, білмейді ел, салмағасын!


Жан жарасы екен мұң қасіретті,


Қандай ем бар жазатын жан жарасын?!


 


Ұмыт болған тәтті шақ, көңілді әнің,


Жалғыз өзің жалғанда сорың қалың.


Түнересің түңіліп, түкке сенбей,


Тек ащы деп қабылдап өмір дәмін.


 


Тағы, міне, албасты басты келіп,


Жігер, ерік, сенім де  қашты кеміп...


Кейбіреудің кеткені содан ба екен,


Ащы көріп өмірді, ащыға еріп?..





Пікір жазу