07.06.2023
  53


Автор: Серікбай Оспанов

Шықпадым немен жолға мен...

Шықпадым немен жолға мен,


Болмап ем жолдас кімдермен?:


Шайқалған сәтте жорғамен,


Астасып кеттім гүлдермен.


 


Мінген ем өгіз арбаға,


Арқасына да қонған ем,


Паңдана түсіп маң дала,


Мимырттай бейне болды әлем.


 


Ат шаналар да тербетті,


Жүйткіткен кезде жүйрікпен,


Дөңгелендіріп жер-көкті,


Жібердім бәрін үйіріп мен.


 


Жетелеп алға бір үміт,


Зулатқан едім «Волгамен»,


Жол маған қарсы жүгіріп,


Жап-жайлы, жұмсақ болды әлем.


 


Түсіп қап қолға сол күн бақ,


Самолетпенен самғадым.


Туған жер қалды қол бұлғап,


Аспан мен Жерді жалғадым.


 


Мәселе, бірақ, жалғанда


Көліктерде емес, ұққаным:


Жеткізеді екен арманға


Тек кіммен жолға шыққаның!





Пікір жазу