07.06.2023
  2167


Автор: Артюр Рембо

ЕРТЕГІ

 


 


Ертеде бір Ханзада шексіз жомарттыққа ғана таңылған тағдырына налыды. Ол махаббат майданында таңғаларлық төңкерістер боларын алдын-ала болжады. Ол ойлады, әйелдері мұның бабын табудан басқа бір әуестерге қабілетті болар деп. Ол шындықты танығысы келді жақыннан, көргісі келді тілектер менен орындалу сәтін көзімен. Сенімге селкеу түсті ме? – Білмейді оны, әйтеуір осыны қалады. Не десең де, жүрді оның адамзатқа билігі.


Бірі қалмай өлтірілді – оны білген әйелдердің барлығы. Ұғасың ба, сұлулықтың сарайында қандай ойран өткенін! Жатқанда өтіп алмас қылыш жүзінен, – бәрі де оған дұға қылды еңіреп. Ол жаңадан тілеген жоқ кәнизәк. – Бірақ тағы сансыз әйел өздігінен пайда болды жанында.


Бірге өткізген сәттен соң, аңшылықтың артынан бәрін жойды жанына ерген жандардың. – Сансыз нөкер бәрібір соңына ерді сабылып.


Мерейленді талай ғажап аңды есепсіз өлтіріп. Сарайларды күл қылды. Сан жазықсыз жандарды қырып салды, турап тәнін тулақтай. – Топылған тобыр, алтын шатыр, сұлу аңдар бәрібір кетпей қойды қасынан.


Жоюдан да табыла ма ләззат! Жауыздықтан жинала ма ма күш-қуат! Ешкім етек толтырмады еңіреп! «Әй» дер әже, «қой» дер қожа болған жоқ.


 


 


 


Ол бір күні кешкілік келе жатты жүйрігімен зырқырап. Кенеттен бір ғажап сұлу Әзәзіл пайда бола кетті оның алдынан. Оның жүзі һәм мүсіні махаббатты уәде етті тым тылсым; тым шытырман, тым күрделі, тіл жетпес, нардың белі, ердің мойыны көтере алмас бақытты сыйлай салды теп-тегін. Ханзада мен Әзәзіл кетті, бәлкім, жоқ болып – жан-тәндері төтеп бермей бұл себепке бастапқы. Одан қалай қалмады өліп екеуі? Кетті, міне, екеуі де мерт болып.


Ханзада, бірақ кешті өмірін межелі, аяқтады сарайында ғұмырды. Кетті айналып ӘЗӘЗІЛГЕ Ханзада. Ал Әзәзіл Ханзада боп сүрді өмір. Шын тілекке жету үшін Біздерге, – жетпейді үні Бір Киелі Сарынның.





Пікір жазу