07.06.2023
  84


Автор: Артюр Рембо

БАЛАЛЫҚ ШАҚ

І


 


Сары түкті, қара көзді, туыссыз һәм баспанасыз бұл пұт мексикандық немесе фламандтық ертегіде әлдеқайда мейірбан; Қожалығы – көгіс жасыл жағалауда, олар грек, кельт, славяндардың аттарын иемденген.


Түс көріп жатқан гүлдер сыңғырлап, жарқыраса – алқызыл ерінді бәлекей қыз тізесімен толқын кешіп, жалаңаш дүниенің кемпірқосақпен, гүлдермен, теңізбен киініп ажарланып кеткеніне таңырқайды.


Көрші теңіз айлағын ханымдар кезіп жүр; балалар һәм апайтөс қатындар; көгіс мыс көбікке малып алғандай зәңгі әйелдер; бұлт шалған орманды жерлер мен балқыған бақшалардың қазыналары – жас аналар мен көздері кезбеліктен масыққан ересек апалы-сіңлілер, сұлтан-қатын, Езушінің кебініне оранған мәнді ханшайымдар; бөгде елдердің бақытсыз, нәзік жүзді әйелдері.


«Аяулы тән» мен «сүйікті жүректер» сәті, оһ сен қандай зеріктірдің!


 


ІІ


 


Бұл соның өзі, – бір шоқ раушанның ар жағындағы кішкентай марқұм әйел. – Өлген жас ана шатырдан жаймен түсіп келе жатыр. – Жиен інісінің бесігі құм үстінде еппен сықырлайды. – Кіші інісі (Ол Үндістанда!) мұнда, Батысқа қарсы қалампырлы көгалда. Түрлі гүлмен әдіптелген жер дуалда жерленген қарттар.


Жандаралдың үйі алтын жапырақтардың қоршауында қалды. Олар үшін талма талтүстің шағы бұл. – Адамсыз сауықханаға жету үшін, қызыл жолды таңдаған жөн. Құлып сатылу үшін шығарылған. – Шіркеудің кілтін киелі әкей әкеткен шығар. – Саябақтағы үйшіктер бос. Қоршаулардың биіктігі соншалық, ағаштардың ұшар басы ғана көрінеді. Бірақ оларға қарағанда не шығады?!


Жайлаулар – қораздар мен ұстаханалар жоқ жерге жақындап келеді. Тоғанның тығыны алынды.


О, жол жиегіндегі айқыштар мен мынау шөл даланың диірмені, аралдар мен құрғақ шалғын сиқыры!


Сиқырлы гүлдер жырлады. Жартастар әлдиледі.


Аңыздағы ғажайып аңдар кезіп жүр.


Удай ащы көз жасының мәңгілігінен құралған бұлттар теңіздің үстіне топталды.


 


ІІІ


 


Орманда бір құс бар, оның әні сізді міндетті түрде кідіртеді һәм ұялуға мәжбүр етеді.


Мұнарада – уақытты көрсетпейтін сағат бар. Ор бар, онда жасырынған әппақ аң.


Биікте шіркеу бар, ол жер астына түседі, төменде көл бар, суы көкке самғайды.


Шағын арба бар, орманда әдейі қалдырылған немесе әшекейлермен безендіріліп, төмен қарай жөнелетін зырылдап.


Кішкентай қаңғыбас сайқымазақтар бар, олар орман алаңқайындағы жол бойында жапырақ арасынан көзге шалынады.


Ақыр соңы, бәзбіреу бар, аштық, шөлден азап шегіп жүргенде, одан әрі қуалайды ол сізді.


 


ІҮ


 


Мен    –    жан-жануарлар    Палестина    теңізіне    дейін    жайбарақат жайылғанда, тау басқыштарында дұға оқитын әулиемін.


Мен – күңгірт күрсіге жайғасқан ғаламмын.


Бұтақтар мен нөсер саусақтары кітапхана терезесін қаққылайды.


Мен – ергежейлі ормандар ішіндегі үлкен жолмен келе жатқан жаяу жүргіншімін; менің қадамымның дыбысын тоғанның гуілі тұншықтырып тастайды. Мен шұғылаға шомылдырған күйрек, мұңды күнбатысқа ұзақ қараймын.


Маған салса, теңіз тасқанда тоспада тығылған бала болып қалар ем; аспанға ұласқан саяжолдың бойында кішкентай қызыметші болар ем.


Соқпақтар тым қатал.


Төмпешіктер сарғалдақпен қымталған. Ауада ағыс жоқ.


Бұтақтар мен құстар неткен алыс еді!


Алға жылжысаң, ақырзаман ғана күтіп тұр.


 


Ү


 


Әктелген, тым терең жер қабатында сұр шеменмен әдіптелген бұл қабірді маған нәсіп етсе, шіркін, тезірек.


Үстелге отырдым шынтақтап; шамдалдың жарығы – нақұрыстанып қайталап оқып отырған жорналдарымды сәулелендіреді; жарығы қайдағы бір мәннен жұрдай кітаптарға түседі.


Бұл жерден қашықта, жер асты қоймамның үстінде, қоныстап қалды сан үйлер – төбесінде түнеп қою бұлт.


Қара-күрең балшық. Үрейлі шаһар, шексіз түн!


Сәл төменде құбырлардың ағыны. Айналасы – жердің қалың қабаты.


Бәлкім, бұл жер таспаран мен ай сырласып, кездесетін жері шығар теңіз бенен аңыздың.


Мұң басқанда елестетем – асыл тас пен сом темірден соққан сансыз шарларды. Мен – үнсіздік әміршісі сезінемін өзімді. Онда неге сұр аспанның астында бозарады терезем?





Пікір жазу