31.05.2023
  68


Автор: Серікбай Оспанов

Таңғы нұр

Алғаш таңғы түскен нұрды


Қарт Алатау қарсы алды.


Қыраттары түстендірді,


Бұлақтары ән салды.


 


Қарғып шықты шың басына,


Асуларға асылып,


Жылт-жылт етіп


Жылғасына


Шашу болды шашылып.


 


Айналаны аймалаған


Ол – хас сұлу, ол – ерке.


Табандары тайғанаған


Тығылды ойға көлеңке.


 


Ою-өрнек салды түрлі


Беткейге де, құзға да.


Қара тасқа жан бітірді,


Тірлік беріп мұзға да!


 


Қонақтады әр ағашқа


Қанат қағып, жарқылдап.


Өр өзендер ала қашса,


Оларды да алтындап.


 


Қырда да жүр, ойда да жүр,


Қайран қалдым мынаған:


Алатауда ойнаған нұр


Жанарыңда тұр, Адам!





Пікір жазу