28.05.2023
  57


Автор: Серікбай Оспанов

Түн құшақтап...

Түн құшақтап,


Ай сүйіп маңдайымнан,


Ән қайырған, ұл едім мал қайырған.


Қала балын ішсем де,


Ауылдағы


Кетпейді әлі татқан дәм таңдайымнан!


 


Бірі жақын,


Күй төгіп бірі алыстан,


Аққу сыңсып,


Шаңқылдап қыран ұшқан,


Жанды жансыз қосылып,


Жел үрлеген


Неше түрлі шығатын үн қамыстан!


 


Сырын ұғып тал, құрақ, жылғалардың,


Қырға, жазық далаға, шыңға бардым.


Бетховенді,


Білгем жоқ Моцартты да,


Қараторғай күйлерін тыңдағанмын.


 


Сыр еткендер ән-күймен армандарын,


Мәңгілікке аты өшпей қалған дарын.


Жүрек қылын шерткендер тебірентіп,


Табиғаттан көшіріп алған бәрін!


 


Шалшығынан қарайтын аспан күліп,


Көрсететін жарқылдап тастар қылық,


Тілінде де,


Үнінде табиғаттың


Жалғандық пен болмайтын жасандылық!


 


Табиғилық – көңілді ашар күліп,


Жалғандық қой қашан да жасар бүлік!


Тұла-бойды айқай-шу тітіркентіп,


Құлағымды сарсытты жасандылық!


 


Кең даланың әуені дауылда еді,


Жауында еді, бұлақты тауында еді...


Табындыра береді таза әуендер,


Сағындыра бередің ауыл мені!





Пікір жазу