27.05.2023
  117


Автор: Серікбай Оспанов

Қара бұлттардың жиегін...

Қара бұлттардың жиегін


Шыққан күн әсем шілтерлеп,


Көктемнің жайған кілемін


Самал жел қағып,


Тұр тербеп.


 


Қып- қызыл болып жанса бел,


Жүр бұлттан күн жол таба алмай.


Қып-қызыл бұлттар жауса егер,


Қып-қызыл тамшы тамардай.


 


Қып-қызыл моншақ шашылған,


Шыққан ба бүгін жылап түн?


Қырға да,


Ойға асылған


Бұрымы қызыл бұлақтың.


 


Аптығын баспай,


Жел желіп,


Жапырақтан шық құлады.


Иіліп,


Басы тербеліп,


Тал шаршап мүлгіп тұр әлі.


 


Шашса күн қызыл арайды,


Шапағын бұлттар тұр қамап.


Көкжиекке ағай қарайды


Қып-қызыл көзін уқалап.





Пікір жазу