22.05.2023
  83


Автор: Рәбиға Сыздықова

АДЫРНА

 Махамбет ақынның атақты жырларының бірінде: Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен деген өлең жолы бар. Мұндағы адырна сөзі ақын мұрасының жинақтарында «садақтың оқ тіреп ататын тарамысы» деп түсіндірілген. Қазақ тілінің сөздігі де адыр-наның мағынасын осылай анықтайды. Сонымен қатар мұның адырана варианты бар екені де көрсетілген. «Қазақ совет энцикло-педиясы» адырна сөзінің мүлде басқа екінші нәрсені де білдіретінді-гін береді, яғни адырна деп жауынгершілікте, аңшылықта қол-данылған сыбызғы сияқты көне үрмелі музыкалық аспапты да атаған дейді (ҚСЭ, I, 125). Соған қарағанда, Махамбеттің жоғарғы өлеңіндегі адырна сөзі садақтың кермесінен гөрі, дыбыс шығаратын аспапқа жуық келмес пе екен деген ой туады. Махамбет өлеңінен өзге қазақ текстерінде адырна сөзі мөңіреуаңырау сөздерімен тіркесіп келмейді. Мысалы, Шалкиізде:


 


Адырнасын атқа алған, Атқан оғын тайға алған,


 


Қазтуғанда:


 


Кара ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кірісті, –


 


деп келетін өлең жолдарындағы адырна сөзі, сөз жоқ, «садақтың тарамысы, кермесі» деген мағынада жұмсалып тұр. Бірақ садақты мықтап тартып, оқты алысқа жіберудің поэтикалық образын садақ тарамысының қатты серпігенінен шыққан зуылы, дыбысы арқылы беру әбден сыйымды. Сондықтан адырна «мөңіреуі де, аңырауы да» мүмкін.


 


Адырна сөзінің төркінін зерттеушілер оны «бөлу, ажырату» дегенді білдіретін айыр-/адыр- деген етістіктен шығарады. Түркі тілдерінде й~д (айақ~адақ) дыбыстары алмасатыны мәлім (қазақша айыру сөзі көне түркі тілдері мен қазіргі бірқатар түркі тілдерінде адыр- тұлғасында келеді). Адыр- етістігіне қосылған -на есім тудыра-тын жұрнақ болу керек дейді (Этимол. сөздік, 21).


 


Сөйтіп, «садақтың тарамысы» мағынасында болсын, музыкалық аспап атауы ретінде болсын, адырна сөзі – қазақтың көне жырлары мен бұрынырақ өткен ақын-жырауларының тілінде қолданылған, қазірде ұмыт бола бастаған сөз. Бұрынғы кезеңнің өзінде бұл атау поэтикалық сөз болып, образ жасауға жұмсалғаны байқалады. Бұл сөздің образдық сипатын таныған ғалым Мұхтар Мағауин тұңғыш рет XV-XVII ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының мұраларын жарыққа шығарғанда, жинаққа «Адырна» деп ат берген.





Пікір жазу