22.05.2023
  89


Автор: Рәбиға Сыздықова

АБЫЗ

 ХІХ ғасырдың орта тұсында жасап өткен Дулат Бабатайұлының бір өлеңінде:


Абыз демей, не дейміз, Шалы орнынан тұрған соң, −


 


 


 


дейді. Мұндағы абыз сөзі, Л. Будаговтың көрсетуі бойынша, Қазан татарлары тілінде «оқымысты, білгір, сауатты адам», тобыл наречиесінде абзи «аға», абыз тотай, одан қысқарған абыстай «апай, дінбасы болған адамның әйелі, мұғалім әйел», башқұртша абсай «ана, шеше», абыз етмек, абызламақ «оқыту, ағарту», абызмақ «оқу, сауаттану» (Будагов, I, 4). Қазіргі қазақ тілінде абыз – көне сөз, «көп білетін, білгір, білімді адам» және «сәуегей, көріпкел» мағыналарын білдіреді (ҚТТС, I, 1974, 38). Соңғы мағынада жиірек қолданылатынын айтуға болады және қазақтардың абызы – «алдап соғатын» сәуегей емес, ақылды, халық құрметіне ие болған әрі жасы еңкейген адам екені байқалады. Мұхтар Әуезов «Еңлік-Кебек» пьесасында дана кейіпкердің образы етіп Абызды алуы да осыны дәлелдейді.


Абышқа (абшыйақ) сөзінің бірнеше фонетикалық вариантта құбылып келіп, бірқатар көне, тірі түркі тілдерінде немесе олардың диалектілерінде «қарт адам, қария, әйелдің ері, шал», кейде тіпті «кәрі әйел» ұғымын беретіні мәлім. Бұл сөздің түбірі – абы/абу/аба немесе абыш «шал». Ал аба – (түрлі фонетикалық вариантта) түркі-монғол тілдерінде «әке, ата, әкенің ағасы» мағынасын беретін сөз. Қырғыз тілінде «қадірмен» мағынасын беретін абығый сөзінің аб/ аба тұлғасымен тамырластығы даусыз, өйткені жасы үлкен адам, ата, әке – қадірлі, құрметті адамдар.


Демек, бұл күнде сирек қолданылатын, көбінесе бұрынғы өлең-толғаулар мен қазіргі тарихи, көркем шығармаларда кездесетін абыз сөзі өзінің түп тамырындағы «ата, әке, қарт адам» деген мағынасын да, одан ауысқан «көпті көрген білгір, сауатты, білімді адам» де-ген мағынасын да көмескілендіріп, «дана, ақылшы, көреген қария» деген ұғымда жұмсалған, жұмсалатын сөз деп танимыз. Әрине, бұл сөздің қазақ тіліндегі қолданысында өзге тілдердегі және ертедегі мағыналық реңктері сақталғанын (қария адам болуы, көп нәрсені байымдай алатын білімді болуы, сәуегейлік қасиеттінің болуы т.б.) көреміз.


 





Пікір жазу