11.05.2023
  2655


Автор: Саят Қамшыгер

Мақтаншақ қаз

Тауық пен қаз дос болыпты. Қаз үнемі мақтана береді екен. Күндегі әдетінше тауықпен кездесе сала тағы да мақтана жөнелді:


— Мен адамға өте пайдалымын. Етім оларға азық болса, жүнімді көрпе, жастыққа пайдаланады. Басқа үй құстары мен жануарлардан мен артықпын, — деді қоқиланған қаз.


Тауық үндеместен ойланып тұрды да, досына:


— Қаз досым, менімен бірге еріп жүрші, — деп алдыға түсті. Қаз балпаңдап тауықтың соңынан ерді.


Екеуі алдымен ешкінің алдына келді. Тауық ешкіні көрсетіп:


— Мына ешкі адамға бізден де пайдалы. Сүті — ем, жүні мен терісі — киім, еті — азық. Және де ешкі оны айтып ешқашан мақтанған емес, — деді.


Енді екеуі жылқының жанына келді. Иесі оның жалын тарап тұр еді. Тауық қазға жылқыны көрсетіп:


— Жылқыны адамдар бізден де қатты жақсы көреді. Көрдің бе, жалын тарайды, үстін жуады. Адамдарға жылқы мінсе — көлік, жесе — азық, сүті — саумал мен қымыз, яғни, сусын, — деді.


Тауық қазды сиырға алып барды.


— Мына тұрған сиырға да сүйсінемін. Сүтінен адамдар айран, қаймақ, май, ірімшік жасап жей   ді. Еті мен терісін де игілікке пайдаланады. Сиыр деген үйдің құты ғой, — деді тауық.


Қаз болса бағанағы мақтаншақ мінезіне ұялып қалды. Тауық:


— Қаз досым, мен көрсеткен ешкі де, жылқы мен сиыр да осындай бола тұра ешбір мақтанған емес. Өздерінің міндеттерін біліп, қарапайым өмір сүріп жатыр. «Еңбек өмірді ұзартады, мақтаншақтық бетті қызартады» деген осы, — деді.


Содан бастап қаз мақтануын қойған екен.





Комментарии

Аруна
Аруна 16.12.2023 22:17
Өте әдемі ертегі. Бірақ мен айтқан бір ертегіні шығарыңыздаршы!!! Баяғыда бір қоян болып, оның алдынан аю шығып жеп қоймақшы болады қоян алдап кетеді. Осыны толықтырып шығарыңызшы! Аты қоян мен аю болсыншы! ????рахмет

Пікір жазу