06.05.2023
  78


Автор: Сиқырлы SMM

Instagram негіздері

 


Бұл дәрісте біз Instagram-ды барынша тиімді жүргізіп, одан ақша табуды үйренеміз. Сондай-ақ дәрісіміз алғашқы клиентті тауып, онымен келіссөз жүргізіп, контент жасап, парақша басқаруға арналады.


Құрметті тәлімгер, менің қолымнан сиқырдың түр-түрі келетінін білесіздер ме? Тіпті, сіз де менің қиял-ғажайып әлеміме қалай еніп кеткеніңізді білмей қаласыз. Ол үшін дәрістерімді соңына дейін мұқият тыңдап отыру керек. Мен, профессор Минерва Макгонагалл, өзімнің алғашқы дәрісімді бастамас бұрын сөздік қоржынымдағы терминдермен таныстыруды жөн көрдім:  


- Таргетинг (Targeting) – ағылшынның “target” сөзінен алынған, “нысана” деген мағынаны білдіреді. Көзделген аудиторияға өз контентімізді көрсету жарнама технологиясы “таргетинг” деп аталады. 


- Сторис (Stories) – әңгімелер, оқиғалар деп аударылады. 24 сағат ішінде жойылып кететін, бірақ мұрағатта сақталып, кейін өзіңізге ғана көрінетін Instagram контентінің немесе функциясының түрі. 


- Ұяшықтар (Highlights) деп айтып жүргеніміз – стористің профайлда өмір бойы сақталып қалатын түрі (орысша “Актуальные”). 


- Аватар (Profile Photo) – профайлдағы аккаунттың бейнесі. 


- Профайл (Profile) – аккаунттың басты беті.


- Био – профайлдағы негізгі ақпарат орналасқан жер.


Енді Instagram-да пайда әкелетін аккаунттың негізгі белгілерін анықтап көрейік:


- Жоспар (аккаунт қолға тиген соң, не істейсіз?);


- Контент (фото, видео, мәтін, сторис, тікелей эфир);


- Фоллоуерлер (аккаунтқа       
қосылатын фоллоуерлер, екі жақты PR, жарнама);


- Сіз сататын қызмет немесе тауар (Instagram көмегімен іске асқан сатылымдар).


Қоржынымдағы сөздіктердің бары – осы, достар! Instagram ағысына жылдам ілесу үшін сіздерге осындай сөздіктерді шығардым.  


 


Жоспар


Әлеуметтік желінің осы түріне толықтай ену үшін ондағы қағидалар мен ережелердің түрлерімен таныс болуыңыз керек. Ендеше, пайдалы кеңестерімнің бір легін қабыл алыңыздар. Instagram аккаунт қолыңызға өтпей тұрып, болуы мүмкін түсініспеушіліктердің алдын алу үшін тапсырыс берушімен біршама техникалық мәселелерді SMM теңізінің жағалауында тұрып, шешіп алғаныңыз дұрыс болады. Дәл қазір біз Instagram-нан ақша табуды қарастырып отырмыз. Ал, мұнда ақша табудың бір жолы, бизнес аккаунттарды жүргізу. Яғни, сіз әр түрлі бизнес нысандарының әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізіп беру арқылы өз қызметіңізді ұсына отырып, атқарған жұмысыңыз үшін ақы аласыз. Аккаунттың болашақ администраторы ретінде тапсырыс берушіге теңізден жүзіп өтіп, жағалауға ақша мен фоллоуер санын көбейтіп өтікізіп беру сіздің мойныңызда (парақша жүргізіп, ақша табамын десеңіз). Аккаунтты кеме деп алсақ, администратор ретінде кеменің штурвалында (рулінде) өзіңіз отыруыңыз керек. Оған қоса тапсырыс берушінің де, өзіңіздің де бағыттан ауытқып кетпеуіңіз үшін барлық сұрақтарды алдын ала шешіп, бәрін реттеп, келісіп алғаныңыз абзал. Негізгі келісіп алатын сұрақтар:


- іс-әрекет стратегиясы;


- аккаунттың позициялануы;


- сатып алушы аудиторияның портреті;


- жарнамалық бюджетті нақтылау;


- есеп беру жолдары, жұмыс процесстерін анықтау.


Аталған пунктер бойынша келісім жасалғаннан кейін, белгіленген уақыт аралығында бұлар сіздің қаншалықты ілгерлегеніңізді көрсетеді. Көрсеткен нәтижеңізге қарай еңбекақыңызды ұялмай аласыз. Ең бастысы жұмыстан рахат алып, өзіңізге ләззат сыйлайтын шаруадан ақша табу сізді жарқын болашаққа жетелейді. Достар, қарап отырмай ақша табудың көзін қазірден бастап ойластыра берейік! Кім өзіне қандай табыс көзін таңдады?


 


№2 ТАПСЫРМА


Құрметті тәлімгер, осымен екінші тапсырманың да уақыты жетті. Бұл тапсырманы орындау үшін сізге QR код оқитын мобайл қолданбаны (приложение, application) жүктеп алу керек. Кейбір смартфондарда камерасын QR кодқа бағыттасаңыз, автоматты түрде оқи алады. Бұл QR код сізді сайтқа қарай бағыттайды. Сайт арқылы сіз Hogwart SMM мектебінің ішіндегі кездейсоқ таңдау әдісі бойынша Telegram мессенджеріндегі төрт топтың біріне түсесіз. Сондықтан сізге алдын ала Telegram мессенджерін жүктеп алуды ұсынамыз. Біздің болашақтағы дамуымыз осы платформамен тікелей байланысты. 


Не үшін? Топқа бөлу идеясын Harry Potter фильмінен алдық. Осылайша біз топ арасында бәсеке пайда болып, даму жылдамырақ жүреді деп сенеміз. 


Фильм бойынша қарасақ, басты кейіпкерлер түсетін топ Гриффиндор ерекше етіп ойластырылған, ал қара күштерге байланысты кейіпкерлер Слизерин тобына түседі. Ал біз топтардың ешқайсысына басымдық бермей, бәрін бірдей көруді шештік. Мақсат - топ мүшелері бір жанұяға айналып, тапсырмаларды орындауда бірбіріне көмектеседі деп ойлаймыз.





Пікір жазу