06.05.2023
  72


Автор: Сиқырлы SMM

Нетикеттің 10 ережесі

 


1994 жылы интернетте «Netiquette» атты кітап пайда болды. Бұл кітапта нетикеттің негізгі 10 ережесі жинақталған. Бұл ережелер арқылы виртуалдағы өміріміз оңай әрі қарапайым бола түспек.


 


№1 ереже: Адаммен сөйлесіп отырғаныңызды ұмытпаңыз. Интернетте жиі бұзылатын ережелердің бірі. Қолданушылардың көбі компьютердің ар жағында адам отырғанын ұмытып кетеді. Ұмытпаңыз, монитордың ар жағында компьютер емес, адам отыр. Ренжітіп алу оңай. 


№2 ереже: Виртуал өмірде де шынайы өмірдегі стандарттарыңызды ұстаныңыз.


Интернет аноним орта сияқты болып көрініп, адамға сондай беймәлім сезім береді.


Дөрекілігіңізге ешкім ештеңе демейтіндей болып көрінеді. Алайда қарсыңыздағы адаммен әдеп бойынша сөйлесу керек, заңға қарсы әрекет те жасауға болмайды.


№3 ереже: Киберәлемде екеніңізді ұмытпаңыз. Әр сайттың, форумның, қауымдастықтың өз ережелері бар. Оларды аттап кетуге болмайды. Бұрыннан қалыптасып қалған виртуал топтардың өзіндік ережелері, қағидалары болады. Оларға қосылмастан бұрын алдымен сырттай бақылай тұрған дұрыс.


№4 ереже: Басқалардың уақыты мен мүмкіндіктерін сыйлаңыз. Желіде бір нәрсені бөліспестен бұрын ойланып көріңіз, бұл шынымен бәріне қызық па, керек пе? Мүмкін, жаңалығыңызды бәрі көріп болған шығар? Бәлкім, тек белгілі бір аудиторияға ғана арнап бөлісу керек шығар? Егер біреулер сізге “бұл қызық емес” десе, демек оның еш қызығы жоқ. Ешкімді жалықтырмаңыз және бөліскен нәрсеңізге басқалардан жылдам реакция күтпеңіз.


№5 ереже: Репутацияңызды сақтаңыз. Интернеттегі репутацияның маңызы реал өмірдегіден еш кем емес. Виртуалдағы барлық адамдар сізді тани бермес, бірақ сізбен интернетте де бірге жүрген таныс адамдарыңыз бар ғой. Сондықтан, маска тақпай барынша шынайы болған дұрыс.


№6 ереже: Басқаларға көмектесіңіз. Интернетте ақпарат көп. Бірақ, барлық сұрақтарға жауап табыла бермейді. Кейбір тар тақырыптарда көмек сұраған адамдарды айналып өтпеңіз. Мәселелерін шешуге көмектесіңіз. Виртуал өмірде де жақсылық жасап отыруды ұмытпаңыз.


№7 ереже: Кикілжіңге кірмеңіз. Интернет пікірталас алаңы болғандықтан, барлығы сізбен бір пікірде болуы мүмкін емес.


Әлбетте түрлі түсініспеушіліктер, қызу пікірталастар болады. Басқаның пікірін құрметтеңіз, кикілжіңге, дау-дамайға кірмеңіз. Тәжірибелі қолданушының жүйкесіне тие алам деп ойламаңыз. Керісінше, өз жүйкеңізді құртасыз, сыйыңызды кетіресіз. Үндемей-ақ қоюды үйреніңіз.


№8 ереже: Жеке бас құпиясын сақтаңыз. Басқалармен жеке хабарламаларыңызды көпшілікке көрсетпеңіз. Рұқсатсыз ешкімнің жеке фотоларын, мекенжайын, телефон нөмірлерін жарияламаңыз. Ешқашан!


№9 ереже: Мүмкіндіктеріңізді асыра пайдаланбаңыз. Виртуал әлемде түрлі деңгейде көптеген тақырыптар қозғалады. Өзіңіздің біліміңіз артық, деңгейіңіз жоғары жерлерде басқаларды кемсітпеңіз, дөрекілік танытпаңыз. Сайттарда админ немесе модератор ретінде күш қолданбаңыз. Қолданушыларды сыйлаңыз.


№10 ереже: Қателерді кешіруді үйреніңіз. Виртуал әлемде де жаңылмайтын жақ жоқ, әрине. Басқалардың кемшіліктерін түсініңіз, қателерін кешіріңіз. Өзіңіздің де қателеріңізді еске алыңыз.  Сондай-ақ, қосымша кеңес ретінде әлеуметтік медиа бойынша төмендегі кеңестерді ұсынамын:


 



  1. Лайк, репост сұрай бермеңіз


  2. Рұқсатсыз фото, видео шығармаңыз

  3. Жұрттың бәрі бөліскен нәрсені бөліспеңіз

  4. Ақпаратты тексермей шығармаңыз

  5. Мас, ашулы, көңілсіз кезде ештеңе жазбаңыз

  6. Хэштегтерді орынсыз қолданбаңыз

  7. Құттықтауларды ұмытпаңыз

  8. Грамматика мен орфографияны сақтаңыз

  9. Адамдарды орынсыз тегтемеңіз

  10. Топтарға өз келісімінсіз қоса бермеңіз.


Аршат Ораздың бұл кеңесін, тіпті, профессор Албус Дамблдор да өзіне түртіп алыпты. Құрметті тәлімгер, онда сіз де профессордан қалып қоймай, өзіңізге жазып алыңыз! Осы ереже мен кеңесті әрқашан көкейге түйіп, әдеп сақтап, тәрбиелік көрсетуді ұмытпайық.





Пікір жазу