06.05.2023
  177


Автор: Сиқырлы SMM

Құпия сөз қою техникасы

 


Пароль – үйге кіретін кілтіңіз сияқты түрлі белгілерден тұратын, сізден басқа ешкім білуге болмайтын құпия ақпарат. Мысалға, онлайн өмірдегі әлеуметтік желілерді үйіміз деп алатын болсақ, әр үйге, яғни әр әлеуметтік желіге кіретін жеке пароліңіз болады. Қолыңыздағы телефонды ашатын, жұмысыңыздағы компьютерге кіретін, жеке электрон поштаңызды қолдану үшін пароль қоясыз. 


 


Ақпараттық қауіпсіздіктің ең басты қағидасының бірі – жеке ақпараттың сыртқа шықпауы, әркімнің жеке басына қатысты мәліметтің қорғалуы. Ақпараттық қауіпсіздік ең алдымен осы қарапайым пароль қоюдан басталады. Пароліңізді сізден басқа ешкім білмеуі керек, тіпті жақын адамдарыңыз да.


Біреудің паролін сұрау, оны біліп алып қолдану, білуге тырысу мәдениетсіздік пен құқық бұзушылыққа жатады. 


Пароль қоюда жиі кездесетін қателіктер: 


1) Көпшілік отандастарымыз пароль қоюда өзінің атын, фамилиясын, туған жылын, телефон нөмірін жазады. Олай пароль қою интернеттегі бұзақылардың ісін жеңілдетеді. 


2) Кейбір адамдар пароль қоюда басын қатырмай, 12345, 12345678, password, iloveyou, qwerty, qwerty123, abc123 сияқты клавиатурадағы көзіне көрінген цифрлар мен әріптерді баса береді. Пароль қоюдағы бұндай қателіктер әлемдік деңгейде белең алған. 


3) Паролін ұмытып қалмау үшін компьютердің жанына паролін стикерге жазып, жабыстырып қоятын адамдарды да көрдік. Ол компьютерге кез келген адам отырып қалуы мүмкін, үйге не офиске ұрылар түсуі мүмкін, сондай келеңсіз жағдайларда ақпаратыңыз қолды болып, жеке мәліметіңіз жаман мақсатта пайдаланғанын қаламасаңыз, ешқашан парольді стикерге, блокнотқа, телефонға және басқа да жерлерге жазып қоймаңыз. Ең дұрысы жақсылап жаттап алыңыз. 


Егер жоғарыдағыдай қателіктер сізде кездессе немесе соған ұқсас пароль қойған болсаңыз, дереу төмендегі талаптар бойынша өзгертіп тастаңыз:


1) Пароль тек қана цифрдан, әріптен, символдардан тұрмауы керек. Мысалы, Astana, 1234567890, @#$%^&*  cияқты парольдерді бұзу оңай. Егер неше түрлі цифрлар, үлкен және кіші әріптер, сан алуан символдардан тұрса, ақпараттық қауіпсіздігіңізге сенімді боласыз. Мысалға, мына парольді d#TkC%b74&Gxc*v35LKJ бұзу оңай емес. 


2) Парольдің ұзақтығы кемі 8 символдан болсын. Символдар қаншалықты ұзын әрі жоғарыдағыдай алуан түрлі болса, қауіпсіздігіңізге алаңдамайсыз. Сондай-ақ, барлық жерге бірдей пароль қоймаңыз, біреуін біліп қойса, бәріне кіру мүмкіндігіне ие болады.  


3) Пароль қойғанда, ол белгілі бір мағынаны білдірмегені дұрыс. Мысалға, MenSeniSuiemin, AbzalMyLove сияқты романтикалық парольдерді оңай бұзып кетеді. Дұрысы, ешқандай мағына бермейтін DFGDbcchyufu54645342^%%^$#@ сияқты пароль болсын.


 


Бізден кеңес password.kaspersky.com сілтемесі арқылы Касперский лабораториясының сайтына кіріп, пароліңіздің қиындығын, оны бұзуға қанша уақыт кететінін тексеріп көріңіз. Себебі, сақтықта қорлық жоқ. 





Пікір жазу