03.10.2022
  115


Автор: Төреғали Тәшенов

ЖАЛҒАН-АЙ...

Хас сұлудың қайқиып
Қасындай боп Ай туып
аспанда,
Самал желдің сыбырлап
Сырын жайған түн ұрлап
қашқанда,
Көкте бұлттар айналып
Көңіл шіркін жайланып
жатқанда,
Құшағымды ашып айқара,
Қараушы ем жатып шалқалап
аспанға.
Жұлдыздар көкте жымыңдап
Биіктен сонау тұрса ымдап
шақырып,
Жапырақтар күбірлеп,
Жүгірісер дірілдеп
ақырын.
Кең пейілімен қарық қып
Тау тұратын, жарықтық,
көлденең,
Терек-талдар ұялшақ
Тербелетін би аңсап
желменен,
Болмысқа бар сырды ашып
Болатынмын шын ғашық
арман-ай,
Куәсі сол шақтардың –
Күнәсіз жаз, мақпал түн,
толған Ай.





Пікір жазу