02.10.2022
  421


Автор: Мыңбай Рәш

МАРХАБА

I
Бұл өңірде наурыз бітіп қалса да,
Көктем лебі байқалмайды оншама.
Сырттан келген пенделерің сықырлап,
Залға кірсе, тап болғандай «моншаға».
Күрең жүздер суық сорып, жел қаққан,
Қайрат-күшін қой қамында сынатқан.
Сыр ақтарды слетінде шопандар
Шағы еді бір шамдар жанып, күн батқан.
– Гүлдеуі үшін туып-өскен даламыз,
Жұп жазбаймыз – класс болып қаламыз!
Ат тұяғын тай басатын дәстүр ғой,
Қарт шопанның құт таяғын аламыз!..–
Шәкірттердің жүздерінен нұр ескен.
Шешімі осы заманаға ілескен.
Қиындыққа қайыспайтын қайсарлар
Сапар шекпек, суарылмақ күреспен.
Келер күнге қанат қаққан ойы ұшып,
Мыңның көзі сахнаға ойысып,
Шымылдықтық сырылуын күткендей
Қолдарын да шапалақтап қойысып.
Самаладай шамдар сөне бастаған.
Оқшауырақ көзге түсіп басқадан
Бір келіншек партерге кеп жайғасты
Менің үшін түскен жандай аспаннан!
...Қарай бердім – шырамыттым өзін мен
Ол да маған қарап қойды сезінем.
Залдың ішін қараңғылық басты кеп,
Тілдессем деп отырмын мен төзіммен.
...Содан бері жиырма бес жыл заулаған –
Жан сезімім жанған оттай қаулаған
Жоғалтқаным табылды ма шынымен...
Әлде... жан ба Мархабадан аумаған?!
Жоқ-жоқ өзі нағыз өзі Мархаба!
О, Мархаба, қарашы бір қалқаңа!
Қараңғымды жарқыратып жібердің,
Бір қарашы, құлақ қойшы қолқама!
Үзіліс сәт – тең боп ширек ғасырға,
Күттім кезді тағат таппай асыға.
Көрсем дейтін сол Мархаба сағынған,
Мұнда екен ғой... Мезгіл!... енді жасырма!..
* * *
Сайрар бұлбұл мың құбылтып бағынан,
Меруертті күн көзіне шағылған
Мұхиттардың тереңінен іздейді
Жарып алар титтей қауашағынан.
Ой сандығым түпкірінен табылған
Жан сырым бар еді көптен сағынған.
Сол сырымды суыртпақтай суырдым
Сағымданған сонау бала шағымнан.
Мархабадан бастайыншы жыр басын,
Тұнып жатқан кәусар көлім туласын.
О, Мархаба!
Білесің бе мен үшін
Қастерлі еді қандай ғана бір басың!
Тұлпар жолдар кең көсілте жорғала,
Құйыл дастан, қаламымнан сорғала!
Шабытымды шалқыт дарын дауылым,
От қамшыңмен осқылап өт долдана!
Нардың жүгін көтереді нар ғана,
Асау теңіз тоқтар соғып жарға да.
Асыл бейнең ақ пейілді жан әпкем,
Кетпей қойды көз алдымнан, Мархаба!
Сөнбей қалған от сезімдер оян де,
Көркем сөздің кестесіндей аяңда.
Талайлардың тұтандырған шабытын,
Сол шақтардың жұмбақтарын жай алға!
Жер серіктей өтер жүйрік жылдарым,
Көз алдымда ғажап сенің сырларың.
Ұмытылмай сақталыпты санамда
Күле қарап, ойға шомып тұрғаның.
Қаһарлы қыс, Жарқыраған жаздарым
Жылжи берді. Арысам да азбадым.
Маңдайыма салды мезгіл сызығын,
Қөріп келем тағдырымның жазғанын.
II
Жүдеу жылдар. Жатақхана жетпейтін,
Студент жоқ конкурстан өтпейтін.
Бұл тапшылық лаңы да соғыстың,
Кейбіреуі жалдама үйге шеттейтін.
– Осынау бір жылы ұядан безінбе,
Салқын десең от жағайын қазірден
Оқу бітсе... булы үйге де шығарсың –
Деп қойды апай кәдімгідей әзілдеп.
Сіңлім бар бір. Келіп қалар кешікпей,
Құлып салғай кетер болсаң есікке.
Көне кілтті көрсетті апай Қалымса
Тығатын жер әнеу біреу тесікте.
Жесір апай кетті асығыс бүкшеңдеп,
Жлпырақтар айналаға түскен көп.
Терезеден күздің сызы білінер
Бұта біткен дірілдейді бүрсеңдеп.
Үй ішінің жүдеулігін жойғандай,
Садақ белді, аққу мойын, Ай маңдай.
Қиялымен, қыл қаламның шебері
Хас сұлуды қолмен жасап қойғандай
Кіріп келді бір сұнғақ қыз лезде,
Байқалады бай екені мінезге.
Сәлемімді алдыдағы сыпайы
Басы артық сөз тіс жармады бір өзге.
Өзім айттым есімімді қысылып
– Танысайық!..–
тұрдым қолды ұсынып.
Бас-аяғым көзбен шолып шықты да ол,
Хал-хадарым сұрамай-ақ түсініп:
– Неге ұнжырғаң түсіп кеткен жабырқап?
Деді ол маған ойлы көзбен таңырқап.
Қандай сені басқан зілі қайғының
Сырқатпысын?
Түсірме еңсе. Сабыр тап!..
«О, Мархаба!
өзің айтшы, есте ме?
Таныстық біз күндіз, әлде кеште ме?
Иә, иә, көсеп алып көмірді,
Әлсін-әлсін лақтырғам пешке мен.
Құныққан ем қызуы мол көмірге,
Мен бықсымай жансам деуші ем өмірде.
Көне пештің мұржасындай гүрілдеп
Тартқыш болса асау арман тегінде.
Тұңғыш солай Мархабамен таныстым,
Жомарт мінез. Жанып тұрған жаны ұшқын.
Жанашырдай мені білген бұрыннан
Бауыр бастым. Қалтықсыз боп қауыштым.
Тар бөлмеден тауып ол да ұясын,
Аңсап кепті ғылымның өр қиясын.
Арамызда жүзген жалғыз аққудай
Жыр жолыма сен ең шабыт құятын.
Өзің едің қораш үйдің сәніндей,
Өмірдің бір әуезді әсем әніндей.
Парасат мол жан сарайың жадымда,
Сая таптым тіршіліктің мәніндей.
Беу, календарь!
Қанша парақ жаңарттың?
Аққу жүзген қайда сол бір жомарт күн?
Кедей кездің күйбеңімен жүргенде
Есімде жоқ қай күн сені жоғалттым...
Ұясында қатайған соң қауырсын,
Ұшар құстар болады ғой...
бауыр шын,
Қай тұстарға қанатыңды қақтың сен?
Өмір деген асуы көп ауыр сын.
Қайда жүрсең аман болғай, иә сәт,
Өз алдыңа алдың ба ерте ұя сап?
Қияларға балапандар ұшырдың
Басың толы – тарихтағы саясат…
* * *
Балғын күндер, шалғын күндер қайдасың?
Жастық шақтар, миуа бақтар қайдасың?
Шөлдегенде бір ыдыстан су ішкен
Студенттер... ыстық достар қайдасың?
Сырқат маған сұққанда ажал найзасын,
Сенің ғана аққан адал көз жасың.
Тумасаң да, болған сонда туғандай,
О, Мархаба! Тіл қатшы бір қайдасың?..» –
Осынау оймен мен оңаша толғанам,
Өзің жоқта көңіл кесем толмаған.
Қандай ауыр!
Басқан бауыр,
білсеңдер...
Қимас, сыйлас адам бүгін болмаған!
О, Мархаба, қыс па, жаз ба, күз мейлі,
Мен өзіңді әрқашанда іздеймін.
Күннен-күнге кеткендейсің алыстап,
Көрсем-ау деп үмітімді үзбеймін.
Шағаланың шаңқылымен іздеймін,
Ұшқан қаздың қаңқылымен іздеймін,
Енесі жоқ ботадай боп боздаған,
Сандуғаштың саңқылымен іздеймін.
Тырналардың «Тр-рауымен» іздеймін,
Домбыраның бұрауымен іздеймін.
Өз алдына ұя салған беу, достар!
Сағыныштың сұрауымен іздеймін.
* * *
Қарлығаштың қанатындай сызылып,
Қара қасың қиылғанда қызығып,
Жігіт-желең келімсектеп жүретін
Сені көрсе күйіп-жанып үзіліп.
Күле қалсаң маржан тісің тізіліп,
Талайлардын өңі бірден бұзылып,
Ұрлай қарап іштеріне шоқ түсіп,
Бір-бірінен қызғанатын кіжініп.
Құлыптай боп құпиясын сақтаған
Ал сен болсаң, шықпайтын ең қақпадан.
Сондадағы жігіттердің біреуі
Ауламызды талай-талай таптаған.
Жаңылмасам еді-ау аты Көкебай,
Сол жігітті ұнатушы ең, о тоба-ай.
Сол келгенде жанарыңнан нұр ойнап,
Қызарақтап қалатынсың сен талай.
Албырт едім. Ол кезде мен баламын.
Ана көрмей өстім, Жетім.
Наламын.
Абзал ағам орала сап соғыстан
Жіберген-ді түлесін деп талабым.
III
...Қарт Алатау шөккен алып атандай!
Мен ауылдан келдім алғаш бата алмай.
Кең даланың киігіндей кезгіш мен,
Жүрдім алғаш тар бөлмеде жата алмай.
Сондадағы өр кеудемде хұқ бар-ды,
Алматыдан көрдім алғаш Мұхтарды.
Алматыдан көрдім алғаш Қанышты,
Асау арман сырын сонда ұққам-ды...
Алматыдан көрдім алғаш Күләшті.
Оның әні бұлбұлдармен ұласты.
Алматыдан көрдім алғаш Сәбитті,
Ғабит пенен Асқарды да тілі ащы.
Тағдырдың сан тәлкегіне көнетін,
Екі жыл тек – арамызды белетін.
«Іні, апа болып кеттік» қос жетім
Не қиынды көріп өстік көретін.
Атымызды алғашқы күн сұрасып,
Етене боп кеттік бірден сыр ашып.
Басымызға пана болған сол кезде
Жымырайған жұпыны бір лашық.
Үй қожасы қатқан қара қайыстай,
Қалымса апай – қиындыққа қайыспай,
Екеумізді «тел қозы» деп атайтын
«Ержетіңдер деп құрбыдан қалыспай».
Соғыстан соң... алғашқы жыл болатын.
Жетімсіздік...
Кейде өзек талатын.
Төрт жүз грамм –
талшық болған қара нан
Көңілімізге күңгірт ізін салатын.
«Жеңіс!» деген жалғыз-ақ сөз жебеген,
Баршамызды қуанышқа бөлеген.
Жоғары оқу орнына кеп түстік –
Бұл да ұшқыр қанат байлап, демеген –
Алматының мәлім ол кез күйлері,
Қиқы-жиқы болатын-ды үйлері.
Жираф мойнын келді созып крандар,
Көне үйлерді көң-қоқыс қып үйгелі.
Бой созатын жалғыз ғана театр.
(Көз жасыңды деген кез ғой тыя тұр).
Техникалар белең алған жаңадан,
Жазу үшін дәуіт толы сия тұр.
Үйлер... үйлер.., содан бері сан үйлер,
Сап түзеді не керемет сәнді үйлер.
Балабақша бой созғанда көрсеңіз,
Томпаң қағып жүгіреді сәбилер...
Қара орамал тартқан апай Қалымса
Кей мезгілде зарлы күйге салынса,
Құстанды боп жылайтұғын еңкілдеп
Дүйсежаны оқыс ойға алынса....
Қабырғадан ойлы кезбен қараған
Сол Дүйсежан – қайғы осы үйге тараған.
Оралған жоқ! Отан үшін мерт болды!
Шерлі жүрек жазылмай жүр жарадан.
Көрмей кетті ол іште қалған олжасын,
Аттанарда төгіп тұрып көз жасын:
“Елжас” дегей болса егер ер бала,
Қош Қалымса, Тәңірің сені қолдасын!..
Қақ бөлісіп Қалымса апай қайғысын:
Жыламашы,
– Жасыңды тый байғұсым, –
Деп Мархаба құрғататын көз жасын
Мұңсыз, шерсіз бар деп, сірә, қай кісің?
Дүйсежаның делініпті хабарсыз,
Кім біледі, бәлкім, іздеп табарсыз...
Бұл өмірде сайтан ғана үмітсіз
Жарың үшін күйінерсіз, жанарсыз.
Мені айтсайшы,
Мені айтсайшы сорлаған,
Әкемді ұстап қасақы жау қорлаған.
Жау қолында жазаланып қапаста.
Байғұс әкем...
Көрмегені болмаған.
Елім десе... жанын берер әз әкем,
Жерім десе барын берер әз әкем.
Басқарып ең сен ауылдық кеңесті,
Шықты соғыс...
Ғұмырың тым аз екен!
Кім біледі ..-..,
сені бір сұм сатты ма?
Көк желкеңнен зұлым жендет атты ма?
Кім біледі тас байланып мойныңа
Қайсар қалпың
қара суға баттың ба?
Тозақ күннің түнерген бір кешінде
Жалмауыздар жақты ма ажал пешіне?!
Мені айтсайшы,
мені айтсайшы, апай-ау,
Егілмеші, егілесің несіне?! –
Деп Мархаба назаланар, булығар:
– О, фашистер,
қанішерлер,
зұлымдар,
Қарғысына тап болдыңдар тарихтың,
Қара жерде дымың қалмай құрыңдар!
Шүберектей өңі сонда қуарып,
Жас Мархаба құлазиды, суалып.
– Қойшы қызым, мен әншейін жыладым, –
Деп Қалымса ішкізеді су алып.
Мен де сонда Мархабаны аяймын,
– Жасың тый! – деп қолаң шашын тараймын.
Өтуші еді өксу менен қуаныш
Бірге өріліп
талай күндер, талай түн...
Мархабаға мен де сырым шертемін.
Мен еркінмін кәдімгідей еркемін.
Ол өгейдей қолымды ешбір қақпайды,
Кейбір сәтте айтып берер ертегін.
Өтіп жатты солай бүгін, ертеңім,
Мархабаға мен әпкемдей еркемін.
Жабырқасам жұмсақ қолы жұбатқан
Жылуындай түйе жүнді көрпенің.
«... Сақтап мені құрсағында тоғыз ай,
Туғанымда
депті анам: «Қозым-ай!»
Алты жасқа келгенімде кенеттен...
Көз жұмыпты ғұмыры ұзақ созылмай.
Еміс-еміс білемін тек анамды,
«Жетім» сөзі іле-шала таралды.
Әкем – тірі, кешікпестен үйленді
«Әлдекімді деуші ем іштей неге алды?..».
Жасырам ба, болды өксір кезім көп,
Ол анамдай айтпайды әсте «қозым» деп.
Оқта-текте дабырласам ол мені,
Қуып шығар деп: Жүгермек, сөзің көп!..».
Мархабаға осыны айтып жылаймын,
Анамды ойлап көздің жасын бұлаймын.
Тумаса да
туғандай боп жан әпкем
Бастан сипар:
– Жылама,– деп,– ылайым!..
Адамшылдық лебі ескен жаныңнан –
Жұбанушы ем сенің алақаныңнан.
Жұбанушы ем,
Қуанушы ем, түлеуші ем,
Мен айнымай сенің балақаныңнан.
Екі жыл ғой –
сені егде етіп тастаған,
Екі-ақ жыл ғой –
мені еткен жас, балаң.
Тай-құлындай өскен бірге етене
О, Мархаба, сені ойымнан тастаман!
Бір жапырақ нанды бірге бөліскен,
Қайғы да ортақ
көз жасын бір төгіскен,
О, армысың, маңғаз әпкем, Мархаба
Өмір күйін егіздей боп өбіскен...
О, Мархаба,
есіңде ме, екеуміз
Бірге тұрған көне үй мен сол көшеміз?
Есіңде ме алма бағы жаз жайнап,
Күңгірттеніп өтіп жатты неше күз...
Баспаналап бірге тұрған кеше біз
Тап бүгінгі Төлебаев көшеміз –
Ол кездері атында еді-ау Абайдың,
Үй иесі –
сол Қалымса шешеміз.
Екеуміз де оқитын ек КазПИ-де
Мәз-мейрамбыз сол бұйырған аз күйге.
Сары жейде түспейтұғын үстімнен
Омырауымда болатұғын аз түйме.
Көп екен ғой білгенімнен білмесім,
Сол КазПИ-де
өтетұғын күн, кешім –
Дәріс берген дана Мұхтар Әуезов
Ақындықтың сомдап маған іргесін.
Жырын оқып Сәбит, Қасым шайырлар,
Төгілетін Тәжібаев, Тайырлар.
Қарт КазПИ-ге жиі келіп тұратын
Қалижан мен Жұмағали Саиндар...
Мархаба,
сен инеліктей нәзік ең,
Мен – сырқатпын, қыл қармақтай азып ем.
Қам көңілді, қамқор қолды әпкешім
Сырқатымнан сейілтіп ең, жазып ең...
Сен адалдық ақылыңмен жазып ең,
Сен адамдық нақылыңмен жазып ең.
Сенің емің – артық еді дәріден
Күрес деген батылыңмен жазып ең.
Сен шипалы сөзіңменен жазып ең.
Сен сергек бір сезімменен жазып ең.
Сен саналы өміріңмен жазып ең
Сен кіршіксіз көңіліңмен жазып ең...
Көрмегеннен әлде ана аясын,
Таптым сенен мәуелі ағаш саясын!
О, Мархаба, қарыздармын мен саған
Қашан көрсем, қамқор құшақ жаясың.
Менімен сен болмасаң да ауылдас,
Әпкем едің әлдилеген бауырлас.
Қызғанушы ем
әлдебіреу келе ғап
Қутың қағып
дей қалса егер: «Қарындас».
О, Тәңірім,
көпсінді ме сені де,–
Деп жылаушы ем кеткеніңде егіле.
Қайта оралсаң, шыққан күндей жайраңдап,
Жарқыраушы ем жан шуағым төгіле.
Сол бір кезгі алақаның табы ма?
Кешегідей пәк жаныңды сағына,
Жүремін мен
жер ортадан ассам да,
О, Мархаба,
саған пірдей табына!
IV
...Есіңде ме аласа үйі маңайдың,
Үстіне біз шығып алып сарайдың
Жазғы кинотеатрдан билетсіз
Кино көрдік
талай кештер, талай күн.
Есіңде ме операсын «Абайдың»
Бірге келіп көрді өзі ағайдың.
«Балақан» деп мені арқадан қақты-ау ол
Ондай жаннан
табарсың сен қалай мін?!
Есіңде ме,
әнебіреу божбан кеп,
Мас болып-ап сөзді ұзаққа созған көп.
– Көп көпірмей,
шық дедім мен тез үйден! –
Менің-дағы «жын-шайтаным» қозған кеп.
– Кеш жарық! – деп кіріп келді Көкебай,
Божбан қайда?
Жер жұтты ма?
О, тоба-ай...
– Иә, оқу қалай? – деді ол, – студент?
Көрмегелі болды-ау мезгіл не талай...
...Мархабаның бөлмесінде Көкекең
Отырды ұзақ, келген ісі төте екен.
Көріскенше күн жақсы, деп кетерде ол:
Қимағандай күлгені тек, несі екен?!
Кейін білдім. Үйленетін кездерін
Уағдаласып берісіпті сөздерін,
Алыс емес Көкебайдың ауылы –
Отар барсаң, ар жағында көз көрім...
Сегіз айдан соң-ақ Вуз-ды түгесіп,
Хош иісін атқан кезде гүл өсіп,
Мәңгілікке қол ұстасып екеуі,
Кемесіне мінді өмірдің шын есіп.
Тітірене денем неге мұздадың,
Мың суынып, жүз өртеніп, жүз жандым.
Неге екенін өзім-дағы білмеймін
Қалай сені қосағыңнан қызғандым?..
Жөн, Мархаба...
Жолың болсын!
Қызғанбан!
Тулай соғып кетті жүрек мұзданған.
Қол созыпсың шұғылалы шағыңа –
Сендей бол деп тілер ем мен қыздардан!
Жөн, Мархаба...
Қимастық қой – қызғанған.
Қосағың жан емес екен сызданған.
Көкебаймен сүрінбей өт – кездесер
Шалқарлардан, қиын шатқал, құздардан.
Білдің бе сен бауырдың жан тынысын,
Ұқтың ба сен толғанысын туысың?!
Алып кетті-ау
сонда алақаныңның
Маған деген жайма-шуақ уысын.
Көкебаймен келешегің шешкендей,
Кете бердің ұзақ жолдан сескенбей.
Ал мен болсам,
қала бердім күрсініп
Егілдім де етімнен ет кескендей.
Бір түн емес, көп түндерді көз ілмей
Өткердім мен сол баяғы сезімде.
Бір қыз келді кейін сенің орныңа
Қайдан болсын, қайдан болсын өзіңдей!
Жатырқана қарадым мен үрпиіп,
Ол да қатып қалыпты ұзақ кіртиіп.
Өңменімнен өтіп бара жатқандай
Сатпақ-сатпақ бояп алған кірпігі.
* * *
О, Мархаба, жырақтасың десем де,
Өмір ғажап менің тірлік көшемде.
Көкебайың келісті жан азамат.
Есенбісің, қарғаларың есен бе?
Достарым көп суырылған шешен де,
Бір достым бар ғалым адам десем де,
Сенің орның өзгеше ғой Мархаба,
Өзің маған жан әпкем де, шешем де.
Кейде мені аласың ба сен еске?
Білем, білем жүрсің шуақ белесте...
Риясыз қалтқысы жоқ бал достар
Өле өлгенше өзгермейді емес пе?
Кіргенше мен қара жердің қойнына –
Қарыздармын!
Арт аманат мойныма!
Тек мезгілсіз сөне көрме жан әпкем,
Кешір, кешір... ағат айтып қойдым ба...
Ойлар... ойлар... айқара ашып құшағын
Іздеп сені құс көңілмен ұшамын.
Саған деген сағыныштың самалын
Таңғы ауамен тыныстап бір құшамын!
V
Әрбір үйдің өз алдына оттары,
Әр пенденің бөлек тірлік соқпағы.
О, Мархаба, көп жылдан соң көрдім мен
Борағанда саған гүлдің шоқтары.
Жатталып бір қалған жанда аяттай,
Қоймадым мен тұнған жырды оятпай.
Көз алдымда тұрдың тағы Мархаба
Сыр мен сыны сақталған сән аяқтай.
Тура отыз жыл бөлсе-дағы араны,
Мархабаның сол қалпында жанары.
Жарқыраған
жарты Айдай боп толысып
Гүл шоқтарын қошеметпен алады.
Мен де ұсындым
Ал, Мархаба, гүлімді,
Мен берген гүл –
бәлкім ерек білінді.
– Қайда жүрсің, баяғыдан Мәкесі-ау?
Деген үнің
құлағыма ілінді.
– Жарты ғасыр жасапсың-ау, Мархаба,
– Елуіңмен. Міне өзің ортада.
– Марапатпен құттықтаймын! – деп қойды
Бір басшы адам
қағып оны арқаға!
Көрдім жездей Көкебайды – жолдасың,
Жәймен ғана изеп қойды ол басын.
Іштен құптап отыр-ау ол жұбайын,
Еңбек жанса –
әр адамға ол да сын!
Атқаратын қандай міндет болмасын,
Мархабамыз екен игі жолда шын.
Талай жылдан келген екен басқарып
Облыстың бір мәдени ордасын.
– Жалғайық біз қуаныштың жалғасын
Жүрші Мәке, біздің үйге барғасын...
– Мархаба үшін тосты алыңдар! – дедім мен,
Дым қалмасын, шын көңілден алғасын! –
Дегенімше томпаң қағып бір бала
Апа! – деді
Мархабаға гүлді ала,
– Асқаржан-ау, жығыласың, абайла, –
Деп баяғы қам көңілмен тұрды ана.
– Әпке, мынау кенжеңіз бе, немене?
– Жоқ, бұл біздің Асқар деген немере!
Әпкең сенің қашан әже болғалы
Жарты ғасыр жайдан жайға келе ме?..
Мархабадай әпкесі бар Асқар да
Бақытты екен,
Ырысты екен достар да.
Асқар үшін және бір тост алайық!
Дым қалдырмай мұны да ішіп тастауға...
* * *
Сәл тыныста жездеміз кеп Көкебай
Жан ұйытар айтты әңгіме не талай.
Көрмегелі қанша жыл боп қалған, ә
Қайда жүрсің,
хабарласпай қалқам-ай...
...Осы өлкенің қыры менен ойы да,
Осы өлкенің егісі мен қойы да...
Күні-түні есінен бір шықпайды
Ағамыздың ұялаған ойында...
Көкебайым жібектейін есілген
Жан екен бір сөзге келсе шешілген.
«Түсі игіден деуші еді ғой түңілме!»
Көргенім жоқ кезін әсте есірген.
Ақын жанды аңқылдаған азамат
Ойы мөлдір.
Алғыр, ашық таза нақ.
Көкебайдың жалпы – жүріс-тұрысы,
Жан қызығар көз тойғысыз ғажап-ақ.
Егіз дерсің. Мархабадан аумаған,
Жалт еткенде-ақ
жанарыңды жаулаған.
Біреуі үшін жаралғандай біреуі
Арқа сүйер екеуі екі тау маған
Абзал жандар адамгерлік саулаған.
Жұмыр жерде қандай, нендей жаңалық,
Не көнеріп нелер жатыр жаңарып?..
Көкебайым бәрінен де хабардар
Озық ойға отырғаны оранып.
Пікірлердің сайысында таластым,
Бірақ бір де таба алмадым оғаш мін.
Қөкебайдың бір үй толы кітабы
Ормандағы бұтағындай ағаштың.
Мен ішімнен сонда былай ойладым:
Бұлар жайлы берік еді байламым:
Екі жақсы қалай ғана қосылған,
Екеуі де тапқан ғажап жайлауын!
Деген пікір: «екі жақсы қосылмас»
Бекершілік!
Айтпай көңіл басылмас.
Сонда әпкемді қызғанғаным ақталды,
Бұл ойыммен өзгелер де мақұлдас.
Ақбоз жылдар артымызда қалса да,
О, Мархаба,
қартаймапсың оншама.
Сәл-пәл әжім сыңайлары сезілер
Қанша өзіңе қарасам да зер сала.
Көзің сенің момын елік көзіндей,
Сөзің сенің турашылдық тезіндей.
Білесің бе бір өзіңе қараймын
Сол баяғы мен балалық сезімде.
Менсіз талай тойларыңды тойлапсың.
Бірақ калжың айтуыңды қоймапсың.
Мархабаш-ай
Мен хабарсыз кеткенге
Әлде өліп қалды ма деп ойлапсың.
Өліп қала жаздап, бірақ өлмедім,
Сөніп қала жаздап, бірақ сөнбедім.
Кім біледі алып қалған жанымды
Суық күнде саялаған сен бе едің...
Жаспын ғой мен
өліміңе көнбедім.
Көкөністей көкке өрлеген сембедім.
Талай өліп қала жаздап өлмедім.
Себепшім кім?
Аялаған сен бе едің?
* * *
Екеуіміз еккен шыбық найқалып
Терек бопты
Бой түзепті жайқалып.
Сыбдырлайды жапырағы, жап-жасыл
Оның-дағы есейгені байқалып.
Сен шалғайда,
Тек мен келіп тілдесем,
Сыбдырымен жырдың жібін бірге есем.
Жастығыңды сен де ойға алар ең
Сол теректі өзің келіп бір көрсең.
Біздер тұрған тапал үйді іздеме,
Сонау жылдар жаз ба, әлде күзде ме,
Бульдозерлер қабырғасын қаусатып
Көп үй салған пәтері бар жүздеген...
...Ұзақ күндер кітапты бір оқыған,
Жаңбырларда жабырқап бір отырған
Сырлас, мұңдас – студенттік кездер-ай
Сусап келіп ой өрнегін тоқыған!
Жамаушы ең-ау жыртылса егер балағым,
Жұбатушы ең жабырқаса қабағым.
Жоқ болып сен
кеттің бір күн шалғайға
Елестетіп көлдің шортқан шабағын.
Жарқыраған жан әпкейім Мархаба,
Қастерлі боп жүр екенсің ортаңа,
Осыменен тамамдалды дастаным
Қабыл алшы қобалжуға салсам да.
Кейбіреуше бүкпелеуді білмеспін,
Кешір...
ұшқыр қиялыммен тілдестім,
Кермек күндер керуенін, Мархаба,
Есінде ме?
Мен өзіңмен бір кештім.
Жастығымның қысқа шағын бір кештім,
Мейлі қысқа! –
нұсқа шағын бір кештім,
Қиындықпен куресуге келгенде
Мен өзіңдей ұста шағын бір кештім!
...О, дариға, оралса сол лашық,
Болса және шөкім бұлтсыз күн ашық...
Сөйлеп кетсең. Естимісің, Мархаба, –
Тыңдап ал, – деп інім Мыңбай Рәшев!
Жастық қайдан екінші рет оралсын,
Достық басқа – ұзағынан болар шын!
Қиял шіркін бәріне де жүйрік-ақ,
О, Мархаба, қиялмен бір оралшы.
Бүгін де сол лашыққа қараймын,
Әне бір тұс... ие...соған балаймын.
Бәрінен де сенің жоғың батады,
Кешіктің– ау... секундтарды санаймын...
Жоқ әлде сен жол жүріп пе ең жыраққа?
Жоқ әлде сен келмейсің бе бұл жаққа?
Қандай қиял алып кеткен жетелеп
Жеттің бе екен, жетпедің бе мұратқа?
О, Мархаба, қайтеді бір көрінсең...
Хат салсаңшы келуге егер ерінсең.
Неге ғана қиялымды қозғадың
Неге аласың дегбірімді менің сен!
Жақпұттарды жарса қауашағынан,
Жүрегімнің түкпірінде сағынған
Жыр теңізін – Сыр теңізін сапырдым.
Жатқан тұнып сонау жастық шағымнан!
* * *
Қолда таяқ, баста жаулық,
…Көз ғана…
Қайдан көрдім? дегендейін аз ғана.
Қарады да:
– Мыңбаймысың, құлыным!
Деп қойғаны аяқасты кез бола.
– Қайдан көрдім?
Аң-таң болып қалдым мен.
– О, Мархаба!..
Тез құшақтап алдым мен.
Інісі мен әпкесіндей қауышқан
Көз маржанын төгіп-төгіп алдым мен.
Фәни жалған сонша қысқа болар ма?
Көңіл жайнап, гүлдей бір күн солар ма?
Жастық дәурен жалт етер де жоғалар,
Күңгірт күзде баққа бұлбұл қонар ма?!





Пікір жазу