02.10.2022
  356


Автор: Мыңбай Рәш

ҚАРСАҚПАЙ ХИКАЯСЫ

Қажет емес құжат қарап ұзақ күн,
Көне көзге көзін сүзіп қызартқан.
Қартайғанда жас тарихшы болам ба,
Елу жылға қиялымды ұзатқам.
Қанша ғасыр!..
Қиялымды ұзарттым.
Мен өзім де бейне тірі құжатпын.
Жетпіс жылым аз емес бір басыма,
Өтті талай күнестер де, сызат күн...
Қақаған қыс, жайбарақат жаздарым,
Жабырқатқан, жадыратқан аз ба күн?!
Тағдыр қанша талқысына салса да,
Төзе білдім, арымадым, азбадым.
Қаныш ата қолын қойған куәлік –
Жарты ауыз да жалғаны жоқ шын, анық.
Шындық сөзін шығарғандай шығанға,
О, шабытым, шатастырмай шық алып!
Мен не деген бақыты зор адаммын,
Ой-зердесін оранған бар ғаламның –
Қаныш ата ордасында ой сомдап,
Сарқыт татқан ұрпағына саналдым!
Қиындықпен қаршадайдан күрестім,
Аш, жалаңаш жүріп вузды түгестім.
Асау арман алып-ұшты алысқа,
Ғылым қуып, қаламымнан жыр естім.
Солқылдамай соққан өмір тезінен,
Ой жүгіртем бүгін сол бір кезіме,
Қайран жастық!..
Қандай өмір қызық ең!
* * *
Іздейтінбіз өресі асқақ өнерді,
Армандаушы ек Сәтбаевтай беделді.
Тектілікті тудай ұстап өстік біз,
Жек көруші ек жетесіздік дегенді.
Академия ғылымның зор ордасын,
Қаныш өзі құрған тұңғыш қолбасы.
Ахмет, Мұхтар, Русаков, Усовтар...
Достары еді іс атқарар қолдасып.
Жасыбайдағы жолығыс
Пернесін шерткен шабыттың –
Қарсақпай хикаясынан...
Суыра сырды ағыттым
Қанышты жырлап басынан...
* * *
Төскейі жасыл шыршалы,
Тарғыл да тарғыл тасын-ай.
Қызықтап қатпар қырқаны,
Жатқандай толқып “Жасыбай”.
Көгендеп көзді алғандай,
“Жасыбай, беу-беу, Жасыбай”.
Бір Құдай жасап қойғандай,
Басылмас шабыт тасымай.
Табиғат сыйға тартқандай,
“Жасыбай, пай-пай, Жасыбай”.
Жайлауын жаның тапқандай,
Жазира көңіл хошындай.
Шалғайдан келер, жақыннан,
Жүрер жұрт көзін суғарып.
Айналдым сенің атыңнан,
Қашаннан болған жырға құт!
“Жасыбай, сендей бақытты
Көл біткен, сірә, жоқ шығар.
Сабаңда сақтап уақытты,
Жұмбақтай жағаң “топшылар”.
Сүйінген саған Шоқан да,
Серуендер сал мен серілер.
Сайрандап Біржан, Ахан да
Ізінен шежіре терілер.
Әлікей, Дихан, Қалижан
Өзіңе талай тамсанған.
Түсіріп кино далиған –
Айманов шырқап ән салған.
Ал Қаныш қаршадайынан
Өрекпи сүйген өзіңді.
Шықпаған бір де ойынан,
Арнаған асқақ сезімді.
Балаңдық шақтың іздерін,
Іздесең енді таппайсың.
Көлінде күмп-күмп жүзгенін,
Есіңде ғана сақтайсың.
Достары асық атқанда,
Қусырған Қаныш тасыңды…
Күн батып бара жатқанда,
Құпия нендей жасырды?
Жастықтың ызың-шуы да,
Жоғалып мүлде сап болды-ау.
Қаз-үйрек, кербез аққу да
Көрінбес кезең тап болды-ау.
Семинарийін Семейдің.
Сәтбаев үздік түгескен.
Еліне келіп, өреннің
Сауатын ашып күн кешкен.
Босаса қолы дәрістен
Қайласын ауыр қолға алып.
Кеңдермен асыл көріскен,
Жүретін жұмбақ толғанып.
Біреулер балық ауласа,
Біреулер теріп долана.
Достары кейде “дауласа”,
– Қол тиер кезің бола ма?
Қабағын алған тас түйіп,
Ағайыны бір қырқаның,
“Имантай ұлы тас қуып
Кетер ме, – дейтін, – қорқамын...”
“Инженер” сөзі өң тұрмақ,
Түсіне қазақ кірмейтін.
– Япыр-ау, мына ақымақ,
Бой ұрды-ау іске білмейтін...
Олардың ойы: мұғалім,
Әйтпесе шықса сот болып...
Болмайды, – десер, – бұл халің, –
Ұйғарымдары шорт болып.
...Елуден асқан шағында,
Қанекең келген кезі еді.
“Жасыбай” көлі бабында,
Перзентін бейне сезеді.
...Көз алдынан Қаныштың,
Елестеп өтті жас шағы.
Ұстазбен болған таныс күн
Қазбаның қиял бастауы...
Қақаған қарлы қыстары,
Желдеткен жарқын жаздары.
Қиқулап ұшқан құстары
Көл сызған үйрек, қаздары.
Қайламен қарш-қарш тас шауып,
Жүрген бір көріп жігітті.
Қарап тұрса да қасқайып
Қоздатты бір қарт үмітті.
– Атың кім, жігіт?
– Қанышпын...
– Өзіңіз кім?
– Усовпын...
Сенімен кеп тұр танысқым!..
Шілдеде тұрған ысып күн...
Жеңімен терін маңдайдың
Ысқылап Қаныш алды да.
– Михаил Антоныч?..
Қандай күн! –
Қол қысты, аң-таң қалды да.
– Сен мені қайдан білесің?
– Білмей ше әйгі ғалымды...
Әлемге аян бұл есім
Қазақтарға да танылды!
Антоныч аң-таң сүйініп,
Қанышты бірден ұнатты.
Сәлемін берген иіліп
Етене таныс сияқты.
...Көкірегіне құйып нұр,
Қанекең қиын шақтардан.
Ұстаздың сөзін ұйып бір
Тұрған-ды тыңдап Шахмардан
...
Басталып кетті осылай
Жоталы жолы – инженер!
Қиынды айтшы, досым-ай,
Ол жеңбей, айтшы, кім жеңер?..
Сергомен сұхбат2
Сауысқан, қарға секектеп,
Бозторғай таңнан ән салып.
Көтеріп көңіл көкек кеп
Тырналар ұшқан жар салып.
Көсіліп жатқан көркем бел
Сызылтқан сылқым бұлағын.
Секемшіл қоян селтеңдер
Қылтитып қайшы құлағын.
Палатка анау самсаған,
Өзінше шағын қалашық.
Жоқ іздеп жүрген қанша адам
Ұмтыл, тап, ұйғар, жол ашық!..
Кен көзін тебен инемен –
Тепсеңдеп құдық қазғандай.
Болмайды күтім, күй деген
Көнбісті керек жез маңдай.
Қыртысын жердің ашуға,
Шыдам да қажет, айла да.
Қышуын қолдың басуға
Ауырлық қылмас қайла да.
Сілемнің сыры сезілсе,
Бурадай шөгер бұрғыңыз.
Кен жолы көзге жегілсе
Сол жерде дей бер тұрдыңыз.
Сезбейсің ай мен аптаның,
Сынапша сырғып өткенін.
Жылысып жылдар жатқанын
Ащы тер қанша төккенің.
– Жо, жоқ, – дейді Дөй билік,
Бермейміз соқыр тиын да.
Жүрмесең жіті килігіп,
Тап болар барлау қиынға.
1
Деседі: “Барлау жабылсын,
Ол аймақ мүлде сенімсіз”.
Биліксіздерді неғылсын,
Ұнжырға түскен көңілсіз.
“Главцветметің” тәкаппар –
Қонжитар қолын бастығы.
Одан да бетер шалқаяр
Шығайбай сынды басбуғы.
Екі жыл солай ерегес,
Екі жыл “Главка” хабарсыз.
“Сәтбаев ісі жөн емес”, –
Деп қойып отыр шарасыз.
Қанатымен су сепкен
Қарлығаш сынды ұяға.
Басында өзі көктеткен,
Кен көзін Қаныш қия ма?
Доғарса егер барлауын,
Мамандар босып жан-жаққа,
Жоғалар... ойлар қолдауды –
Шіркін-ай, сірә, жан жоқ па?
Бар екен елдің бірлігі,
Көмекке келді бар аймақ.
Барлауда бұрқап тірлігі,
Сенім таң атты арайлап.
– “Асылды ал, ағыт сырымды”, –
Жомарт жер қойнын ашқандай.
Күн санап күдік сырылды
Көл-көсір шаттық тосқандай.
* * *
Төрт бөліп түнгі ұйқысын,
Теңіз ой Қаныш кезеді.
Тәңірім жазған жұрт үшін
Шақырған мыс пен жез елі!
“Қиянда, сайын далада,
Қиямет кеннің көзі бар.
Болат жол тартса қалаға
Жөңкілер жойқын жезі бар!”
“Тонымды шешіп алмас”, – деп,
Аттанды Қаныш Мәскеуге.
Мықтыға айтпай болмас деп
Жібір деп, бәлкім, тас кеуде...
Жығылсам, нардан, жығылдым,
Жолығам бірден Наркомға.
Келмейді, келмес түңілгім
Нартәуекел, қорқам ба?”
Қайраттың қайрап қайрағын,
Сергоның айтпақ өзіне.
Шіркін-ай, сол бір қайда күн
Шақырған шаттық сезімге?!
* * *
Қаныққан көзі картасын,
Алдына жайып тастаған.
Кеңіткендей бір арқасын,
Дәлелдеп тұрды хас маман.
Орнықты ойы орамды,
Отыздардағы жігітке –
Байыппен нарком қарады,
Бой ұрып үлкен үмітке.
– Қазақтан шыққан қарлығаш,
Баурадың, – деді ісіңмен.
Қорықпа, жұмыл, кеніңді аш,
Қолдаймын, бәрін түсінем!..
Шалғы мұрт, жазық маңдайлы,
Мейірбан мөлдір көздері.
Қамқорлыққа алды қал-жайды,
Нұсқалы қандай сөздері!
Мен жүріп келген ізім гүл,
Жадымда қалды сергек үн.
Қараған сонда жүзі – нұр,
Бөлек қой орны Сергоның.
Жүйкені құртпай, шаршатпай,
Өресі биік өмірдей.
Созылды жолы Қарсақпай,
Домбыраның ішегіндей.
Жаңалық айтты асыға,
Жайымен мұртын сипалап:
– Жиырмасыншы ғасырда
Өмірге келмек бір тарап.
Аты оның үлкен Жезқазған,
Қарағандымен жалғаспақ.
Қазақстанға кен қазған,
Арналмақ енді нар мақсат, –
Осылай Серго, – деп тұрды,
Жариялап жаңа алыпты.
Сөзінде Серго леп тұрды,
Тебірентер заман, тарихты!
Жезқазған жақұттары
– Сүзбедей ақшыл, әрлісі,
Кәдімгі “кальхит” сол болар?
Мыс тектес анау сарғышы,
“Халькоприд” кені мол болар.
Ал анау жарқ-жұрқ жайнаған,
Көз жауын алған жақұттай.
“Қылтас” қой жіпсіз байлаған,
Аңғар, дос, аңғар, аптықпай.
Жолаушы жолда табылған,
Қазбалы байлық – ноянға,
Жезқазған жақұт ағылған,
Көз тимесінші, ой, Алла!
Биігі шыққан мол шығар,
Танытқан атын алысқа.
Десек те... берген сол шығар,
Бақыттың шыңын Қанышқа!
Қаныш та ет пен сүйектен,
Жаралған біздей пенде ғой.
Төзгенге тағдыр сый еткен,
Бақ-дәулет мынау кенде ғой.
– Мың шүкір, – дейді ол, – құдірет,
Еңбегім шығар жанғаны.
Жезқазған жойқын сүгірет,
Жайнаған жиһаз жан-жағы.
Сүйінші, уа, жамағат,
Сүйінші берсең – көпке бер!
Жалдарын жездің аралап,
Жігермен терін төккен ер!
Сүйінші, жайсаң Жезқазған,
Киелі кеннің ордасы!
Бір сәтте енді көз жазбан,
Жетеле, жездің жалғасы!
Серго айтты. Бітті. Кешікпей,
Бой созды алып өндіріс.
Апайтөстері есіктей,
Жігіттер қаптап, енді күш.
Тұрғандай Қаныш арманның
Қолына ұстап тізгінін.
Арқаның желі тарланның,
Маңдайын сипап, жүзді күн.
Жезқазғанның шаңына
Ілесе алмай батысың.
Шоқ түскендей шабына,
Аңтартты аузын АҚШ-тың.
Әнші Қаныш
Ғалымдар үйін білсеңіз,
Үстіңгі шығып қабатқа.
Есігін ашып кірсеңіз,
Қарсы алар сол бір заматта:
– Хош кепсіз, – дейтін күніне,
Мұражайдың төрағасы.
Нұрлан ғой тұрар күлімдеп,
Қаныштың немере баласы.
Алдияр, уә, жамағат,
Мұражайын сен Қаныштың
Көріп пе ең еркін аралап,
Не білдің? Немен таныстың?
Құжатына академиктің –
Қонжитқан қолын Вавилов,
Қараған сәтте нені ұқтың,
Қалдың-ау сәл-пәл аңырып?..
Затаевич жинаған,
Есіңде шығар бес жүз ән.
Қаныш та сазын сыйлаған,
Тыңдасаң ғажап, толқыр жан!
Қаршыға қанат қасын-ай,
Жарасым тапқан шақ шашын.
Көрдің бе атқан насыбай,
Көкеңнің мүйіз шақшасын?
Шанағы шежіре сақтаған,
Қазақы домбырасы ше?
Қаз байлықтар қаптаған,
Тізілген асыл тасы ше?
Сол кезде Қаныш кең иық,
Сөйлердей тау тұлғасымен.
Тыңдайсың үнсіз сен ұйып,
Сырласып тұтас ғасырмен.
Домбырасын анау қолға алып,
Баритон үнмен қосылар.
Достарын ойлап, толғанып,
Қиянға қиял жосылар.
Тірілтсе құдірет сиқырлап,
Қастерін қазақ – Қаныштың.
Тұрар ма едік біз тыңдап,
Сағындық қоңыр дауысын.
Отырса төрді толтырған,
Сағындық тарлан тұлғасын.
Жүзінен мейір құлпырған,
Жырласа ақын жырласын!
Маңдайын жазық даладай,
Салалы сұлу саусағын.
Қуанар кейде баладай,
Аударған көпке аңсарын.
Сан мәрте самғап Одаққа,
Депутат болып ұшқанын.
...Сонау бір зұлмат заматта,
Шушылдар құйрық “қысқанын”.
Қазақтың қазба байлығын,
Тізбелеп карта түзгенін.
Сарп етіп жылдар, ай, күнін,
Жақұтын жердің тізгенін.
Тарлан ер таудай тұлғасы,
Даңғайыр ұлы қазақтың.
Ғасырлар мәңгі құрдасы,
Атағы әйгі ғажап тым.
Маңдайға біткен ырысы,
Перзенті елдің Қанышы.
Ұлылардың ол ұлысы,
Арыстардың ол арысы!
Қиындық көрсе қаймықпай,
Жетелі оймен жанышқан.
Шатақпен, шумен шайлықпай,
Өрге озған дарын, данышпан.
Даңғайыр дархан ғұлама,
Біз білер сондай Сәтбаев.
Қаныштың атын қашанда,
Көтеріп тудай сақтайық!
Тәуелсіз елде еңсесін
Көтерсе лаулап жаңа оттар.
Жамылды мыстан көрпесін,
Қарсақпай сынды заводтар.
Мұнара, асқақ тұрбалар –
Қаныштың еді арманы.
Сұлбасын соққан тұлғалар
Ғұмырын ұрпақ жалғады.
Лондонға Қаныш барғанда
Қойыпты Черчил сауалын:
Қазақтар сіздей болған ба?...
Сәтбаев берген жауабын:
Уистон мырза, қазақтың
Қортығы сірә, мен болам,
Қазақтар бойшаң ғажап тым,
Шетінен сынды палуан!
Эпилог
Маңдайы кереқарыстан,
Әжімі сәнмен жарысқан.
Түскендей бейне ғарыштан,
Дара ғой, дара данышпан.
Айғайсыз, шусыз, аңқылдақ,
Шықпайтын үні саңқылдап.
Мап-майда қоңыр даусымен,
Магниттей жұртты тартып-ап.
Қырандай қарап қоятын,
Көркіне көзің тоятын.
Сөзіне мейірің қанатын,
Инженер, әнші әрі ақын!
Сәтбаев біздің осындай,
Өзіңдей болса, болсын-ай.
Көңілдің дархан хошындай
Табиғат берген пошымы-ай.
Ағайын, уа, қазағым,
Төрелі сөзге тоқтайық.
Перзенттің айтсақ ғажабын
Қанышты еске сақтайық!
Ордалы ғылым ордасын,
Қалаған тұңғыш қасқайып.
Академияның қолбасы –
Имантайұлы Сәтбаев!
Жарқырай берер ғарышта,
Ерекше оның жұлдызы!
Ғасырлар сілтер алысқа,
Жүректе сөнбес нұр-жүзі!
Тот шалмас ақық асылдай,
Сәтбаев Қаныш саңлағым.
Жұмбақтай қалған ашылмай,
Ақиық, намыс, ардағым!..





Пікір жазу