Жастық шақтағы ең терең әрі салиқалы ойлардың төресі – «жарымды қалай таңдаймын?», «жар таңдағанда неге мән беру керек?» деген сауалдар төңірегінде. Әйтеуір, біріміз Төлегеннің Жібегіндей, Абайдың Әйкеріміндей аруды аңсап жүрміз, ал екінші тарап қиялына Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пен оның сахабалары секілді иманды, парасатты жігіттердің образын сақтап қойған.
Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат - екінші дүниежүзілік соғыс туралы шығарма жазуды бастағанымда, бұл тақырыпты он бетке болсын, жүз бетке болсын сыйғызудың мүмкін еместігіне көзім жетті. Себебі, соғыс-уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешқандай сынға берілмейтін азап.
Бұл тақырыпты шын мәнінде ашу үшін сол сұрапыл соғысты өз көзімен көрген адаммен сұхбаттасқанды жөн көрдім. Жеңіс үшін өмірін, жастық шағын қиған, тағдырдың ауыр да азапты тауқыметінен....
Көне түркі даласын мекен өткен қазақ халқының да сан ғасырлық өмір көшін басынан өткізген мол, құнарлы тарихы бар. "Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз," - дейді Қазыбек би. Бұл даналық нақылдардан "ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің" ежелден құт-береке тілеп, бейбітшілік аңсаған ел екенін көреміз. Бірақ, "Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды". Жақсысын асырып, жаманын жасырып өктемдеу – тарихқа жасалған....
Тайманұлы Исатай (1791-1838) – 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.
Халық батыры И.Тайманұлы 1791 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмындағы "Тайман жалы" деген жерде дүниеге келген. Исатайдың анасы Есентемір руының Тағашы бөлімінен. И.Тайманұлының төртінші атасы Ағатайдың (Тайман-Бегәлінің -Боқай-Ағатай) есімі қалмақтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Беріш руының ұранына айналған Исатайдың жастық шағында оған ықпал жасап, қамқорлық еткен әкесі, Тайманның інісі - Жабал Бегәліұлы. 1808 жылы Жабал бастаған Бегәлі ауылы Бақсай бекінісі тұсынан Жайықтан өтіп, Бөкей ханның қарауына кіреді. Хан орысша сауатты, саясаттан хабары бар ....
«Шу дастаны» – қазіргі түркі тілдес халықтардың арғы тегі саналатын, көне тарихқа біздің заманымыздан бұрынғы ежелгі дәуірлерден мәлім сақтардың шежіресін аңызға айналған тарихи деректер бойынша жыр еткен ерлік эпосы. М. Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде Шу батыр біздің заманымыздан бұрынғы VI ғасырда өмір сүрген сақ билеушілерінің бірі екені айтылады. Ежелгі түркі ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдардың пікірі бойынша, «Шу» дастаны қадым заманда, сақтар дәуірінде-ақ өмірге келген жыр. Белгілі түрік ғалымы Н.С.Банарлы «Түрік әдебиетінің тарихы» атты зерттеуінде «Шу» дастаны бізге Қытай көне жазбалары арқылы жеткен мәліметтер бойынша, сақтар өз мемлекетінің ұлан-ғайыр бір аймағын Шу өлкесі деген екен. Аса даңқты түрік билеушісі, есімі кезінде әлемге мәшһүр болған дарынды қолбасшы Шу батыр сақтар мемлекеттік бірлестігіне қарасты Шу аймағында өмір сүргені белгілі. Ал сақтар қазіргі Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан, Алтай өңірін біздіі жыл санауымыздан бұрынғы дәуірлерде мекен еткен тайпалардың бірі. Иран тарихшылары сақтарды үш топқа бөліп қарастырады. Солардың ішінде, Арал теңізі төңірегін, Қаратау мен Жетісу жерін, Яксарт (Сырдария) пен Оксус (Амудария) өзендеріне дейінгі аймақты мекен еткен сақтарды кезінде парсылар өз тілінде «Тьяй-парадарая» (яғни теңіздің арғы жағындағылар) деп атаған. «Шу» батыр дастанында алдымен оқи болып отырған осы өңірдің көз тартатын ғажайып табиғат көріністері, бау-бақшалы егістік алқаптар, жыландай бұралаңдап ағатын өзендер мен айдынында аққу құстар қиқу салған көлдер, өзенен бойында қалың болып өскен құрақ-қамыстар суреттеледі. Байырғы Баласағұн шаһарының маңында жас әмірші Шу батыр жаңадан салдырған Шу қала-қамалының сәулеті жайында айтылады. Содай ақ дастанда биік биік тау штқалдары мен кең жазық дала ойнақ салып жүгірген сансыз көп арқар, бөкен, елік, таутеке, марал, барыс, аю, бөрі, арыстан сияқты аңдар көрініс тапқан. (К.Әкішеш, Г.Қошаев «Іле қзені алқабындағы сақтар мен үйсіндердің ежелгі мәдениеті»). Шу батыр – еңсегей бойлы, қақпақ жауырынды, өткір көзді, түсі суық, шашы ұзын, білектерінде бұлшық еттері ойнаған, сақал-мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан бала жігіт ретінде бейнеленген. Ел билеушісі Шу батыр әрдайым, қысы жазы көктем күніндей жайқалып тұратын өзінің ғажайып бау бақшасы ішінен айналасы атшаптырым, аса үлкен күміс хауыз салдырады. Ол хауызда көптеген үйректер, қаздар, аққулар лек легімен қысы жазы жүзіп жүреді екен. Ал. Шу батыр осы киелі құстардың қимыл әрекетіне қарап отырып өз елінің болашағын болжап біледі екен. Мәселен, дастанда Шу батыр сақтар еліне қалың қолды бастап Ескендір келе жатқанын хауыздағы суға қарап отырып күні бұрын біледі. Алайда жұртты дүрліктірмеу үшін өзінің болжамын ешкімге айтпайды. ....
Көне кептің байыбына салсақ, көмейіне Жошы хан қорғасын құйғызған домбыра қайтып үн қатпастай тұншықпақ еді. Алайда, ғасырлар өткенде басқа емес – нақ осы әміршінің өзінен өрбіген жұлдызды шоғыр азалы да жазалы аспаптың құдіретіне дүниені қайта табындырды. Жошы заманы тым жырақ – әңгімеміз адасар. Арғы атасы әз-Жәнібек – бұл да бағзы белесі. Бергідегі Әбілқайыр бабаларына алдияр дейік. Иә, әңгіме баһадүр хан ұрпағының тұқымнан тақ тоздырған тегеуріні емес, әулеттен ән оздырған тектілігі хақында болмақ. Әбілқайырдың тікелей мұрагері Нұралының отыз ұлы ішінде, әсіресе, Бөкей, Шығай, Қаратай тарихта аты қалған тұлғалар. Осы үшеуінен басындағы бақты тақтан емес, күмбірлі күй мен әуелеген ән-жырдан тапқан ұрпақ қаншама. Айталық, төре күйдің тәңірі Дәулеткерей, әншілігімен Жайықтың сырнайы атанған Мұхит сал, “Шалқыманың” жаршысы Жантөре хан – дарынымен дара тұрар есімдер! Бір ғана Бөкейдің балалары – Жәңгір хан, Тәуке, Әділ, Меңдігерей сұлтандар сарайынан күй керуендете шыққан салтанатты топ ше? Тәукеден – Махамбет, Ғабдолхакім, Хабир күйшілер, Әділден – Науша күйші, Жәңгірден – шабытты ақын, шебер домбырашы Шәңгерей тарайды. Меңдігерей де өзімен бір анадан туған інісі Дәулеткерейді тек дәулет пен билікке баулымапты. Ұлттық мәдениеттің тағы бір көрікті тобы – Қаратаевтар мен Мұхитовтар. Бұлардың көшбасшысы – әнші Мұхит. Мұхиттың атасы да, әкесі Мерәлі – Мерғали Еркінғалиев те рулы ел басқарған белсенділер. Мерәлінің Пангерей, Шәңгерей, Мырзагерей, Мұхаметкерей (Мұхит), Сақыпкерей, Жанша (Ақжан) және Жүсіп деген ұлдары болды. Сақып, Жанша, Жүсіптер бірінен-бірі асқан домбырашы болса, Шәңгерей скрипканы сызылта ойнады. Әйтсе де, ағайынды жетеуден оза шауып, “Оралдан ән оздырғаны” Мұхит сал. Әйгілі аталарының туын жықпай жиырмасыншы ғасырға бұлардың бәрі Қаратаев тегімен жеткен еді. Ұлт азаттық көтерілістің көсемі Қаратай сұлтанның күресі кеңестік тарихнамада әуелі дәріптеліп, кейіннен есімі қайта көмескіленді. Сірә, Ресей Думасының депутаты, алғашқы үкімет – Қазревкомның мүшесі Бақытжан Қаратаевтың Голощекин саясатын айыптап, қыр көрсете компартиядан шығуынан туған көзқарас салқыны болса керек. Содан ба, Затаевичтің “1000 әніне” Қаратаев болып кірген Мұхит Жұбановтың “Замана бұлбұлдарынан” Мерәлиев болып шықты. Тап күресі ушығып тұрған заманда Ахаңдай жанашырдың Мұхит мұрасы мен оның кейінгі ұрпағының тағдыры үшін ойлаған сақтығы еді. Сөйтіп, Мұхиттың өзінен тарайтын өнер саңлақтары оның атымен – Мұхитовтар болып жалғасты. Немере інісі Бақытжан Қаратаевтың айтуынша, ақжарқын, әңгімешіл Мұхит қай төрдің де күткен мейманы болған. Жасында көркіне сұлулар сұқтанған әнші қартайған шағында кең пейілді, келбетіне парасат ұялаған абызға айналып, елдің құрметіне бөленген. Сөйтіп, жас шағында “Күнде той, күнде жиын жүрген жерім” деуі де, егде тартқанда “Мен кепіл өткен жастың келмесіне” дегені де шындықтан шалғай емес. Өмірінің соңында сезім әндерін шырқауды доғарып, Құранның сөзін әуезелейтін ғажайып араби сарынды сопыдай қайталаумен өткен дейді. “Айдай” мен “Қыпшақ”, “Алуаш” пен “Қилым”, “Айнамкөз” бен “Паңкөйлек”, “Дүния” мен “Зәуреш” әндері Мұхит есімін мәңгілік етті. Мұхит әншілігімен қоса Боғданың, Тазбаланың, Абылдың, Сәулебайдың күйлерін нақышына келтіре орындаған. ....
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Сүлеймен Баязитовтің аталмыш кітабына «Жарылыс» атты романы еніп отыр.
Роман оқиғасы Павлодар, Баян өңірінде, тіпті тұтастай қазақ даласында кеңестік кезеңдегі байларды кәмпескелеу, аштық ұйымдастыру, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, Семей ядролық полигонындағы алғашқы атом сынағы, тың игеру, бір сөзбен, қазақ халқының басынан кешкен ауыр да азапты жылдар роман кейіпкерлері Әділ, Ғайша, Айтқожа, Валя, Әнуар, Адольф, т.б. тағдыры арқылы сөз болады.
Автор боямасыз өмір шындығын шама-шарқынша әділ бейнелеуде. Атомсыз әлемге жол ашқан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1991 - жылдың 29 - тамызындағы «Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы туралы» № 408 - Жарлығы романның толғақты түйіні ретінде ұсынылуы автордың сәтті шешімі екені деп білеміз. .....
... Қоңыр күздің мезгілі, сентябрьдің бас кезі еді. Ел орынға отырған уақытта жарық айлы тыныштығы мол түнде қалың таудың ішімен үш салт атты келе жатты. Жүргіншілер келе жатқан қабат-қабат биіктің арасында жатқан жіңішке өзек кейде тарауланып көп салаға бөлініп, кейде иін тірескен биік тік жартастардың арасынан жалғыз аяқ жолдай болып жіңішкеріп, жыланша иіріледі. Қонарлық жерге кешігіп қалып, жетуге асыққан жолаушылар осы өзекті өрлеп желіп келе жатыр. Жарық айлы тынық түнде таудың ішіндегі ұлы тыныштықты бұзып тұрған дыбыс — тастақ жолмен жүріп келе жатқан аттылардың тықыры ғана. Бұдан бөтен ешбір дыбыс жоқ. Табиғат тастай қатқан жым-жырт. Жолаушылардың үшеуі де жас жігіттер. Жақсы киініп, семіз ат мінген бозбалалар еді. Бұлардың екеуі Ырғайлы болысының оқыған жігіттері — Сыздық пен Сүлеймен. Үшіншісі — ел ішінің жігіті, бұлардың жолдасы — Есімжан. .....
Бұл есіз, меңіреу қараңғылықтан Айша қорқып жүрген жоқ. Оны бүгінгі күннің қырсығының бірі деп біліп, қарғап-ұрсып, күюмен жүр. Түпсіз тұңғиық қараңғылықтың ішінде біртүрлі бір, жабысқан дымқыл салқын түн сызымен бірге, әлденеше көгеріп базданған шірік исі де білінеді. Айша бүгінгі шеккен азабы мен әлі күнге айықпай тұрған ауыр ойларының әредігінде бұл иісті талай рет ұмытып еді. Бірақ артынан қазіргідей, еріксіз қайта табады. Өнебойы оттай жанып, қыстығып кеп:
— Бұл не пәле? Қайда кеп түстім, сорлы басым-ау, — дегенде қазіргі тұрған орны бұрын ат-атағын естіп көрмеген құбыжық зындандай көрінеді. Өйткені ол айдалада жападан-жалғыз тұрған баз-кілеттің ішінде. Айналасы құлан елсіз. Кем қойса бес шақырымнан жақын жерде ешбір жан иесінің мекені жоқ. Өзі жым-жырт, қап-қара дала түні. Неткен ұзақ түн? Айша бұл күйге түскелі қашан? Жалғыз басы. Жап-жас әйел.
Өзіне өзі жаны ашып бір сәт көзінен жас ыршып босаңси бастайды. Бірақ сол арада, ілезде, өзінің сілейіп бос тұрып қалғанын байқап, тағы қарманады. Асыға еңкейеді. Сипалайды. Баяғы құрғыр екі тақтай. Бұның ұзын бойын талай рет тегіс сипап, ине жасуындай жер қалдырмай қарап өткен... Далбасалық па, тағы сипай түсіп қайта түңіледі.
Шылым шегетіндерге арналған бірінші дәрежелі вагонның бір бұрышына жайғасқан сот Уоргрейв — ол жақында ғана жұмыстан біржола босап шыққан — сигарын түтіндетіп, "Таймстағы" саясат бөлімін шолып отырған. Ұзамай газетті былай ысырып қойып, терезеден сыртқа көз жіберді. Пойыз Сомерсеттен өтіп бара жатыр еді. Сот ойша шамалап көрді — әлі екі сағаттай жүруі керек екен.
Негр аралы жайында газеттерде жазылғанның бәрін сот қайта-қайта ой елегінен өткізумен келеді. Әуелі оны яхта десе ішкен асын жерге қоятын американ миллионері сатып алыпты, Девон жағалауына жақын жерде орналасқан осынау шағын аралда қазіргі заман үлгісіндегі керемет көркем үй тұрғызыпты. Алайда, өкінішке қарай, миллионердің үшінші әйеліне, таяуда ғана тапқан тотықұсына теңіздегі шайқалыс жақпайды екен, осы жағдай миллионерді үймен де, аралмен де қош айтысуға мәжбүр етіпті.
Сөйтіп, арал сатылатын болды, оның әсемдігін айтып тауыса алмайтын сипаттамасы бар құлақтандырулар газеттерде жиі-жиі жарық көре бастады. Одан соң аралға мистер Оним дейтін біреудің ие болғаны жөніндегі хабар жарияланды. Сол сол-ақ екен, зайырлы қауым өміріндегі жаңалықтарды жиып теретіндердің қиялы шартарапты шарлап кетті. Шын мәнінде Негр аралын голливудтық киножұлдыз мисс Габриелла Терл сатып алыпты!.. Сол жерде - репортерлер мен жарнама ырың-жырыңынан жырақта - бірнеше ай тыныш тұрғысы келетін көрінеді!.. "Бизи Би" бұл арал король отбасының жазғы резиденциясына айналатыны жайында сыпайы түрде тұспалдап жеткізді. Мистер Мерриуэдерге аралдың жас лорд Л. меншігіне көшкені - ақыры оның да Купидон құрбандығына айналып, аралда бал айын өткізуге ниет еткені турасында сыбыс жетті. "Джонас" аралды әлденендей бір айрықша құпия сынақтар өткізу мақсатында Әскери-теңіз күштерінің басқармасы сатып алғанына зәредей күмән келтірмеді. .....
Болар еді күні ертең гвардия капитаны. «Ол қажетсіз; армияда істесін. Жөн айтылған сөз осы. Қиналып көрсін түскесін». Әкесі кім еді өзінің? Княжнин
Менің әкем, Андрей Петрович Гринев, жасында граф Минихтың қарауында әскери қызмет істеп, 17... жылы премьер-майор боп отставкаға шыққан. Содан соң Симбирдегі өзінің туған деревнясына қайтып, сондағы бір кедейленген дворянның Авдотья Васильевна Ю. деген қызына үйленіпті. Біз тоғыз ағайынды екенбіз. Менен басқалары түгел жастай өліпті. Жақын туысымыз гвардия майоры, князь Б-ның жәрдемімен мен Семенов полкының сержанты болып жазылдым. Бірақ, оқуым біткенше мен демалыста жүрген боп саналдым. Момын мінезді, үй қызметкері Савельичтің күтуіне тапсырылдым, ол менің тәрбиешім болды. Соның қарауында жүріп, он екі жасымда орысша хат таныдым. Аңшыл иттердің қасиеттерін шешен сөйлейтін, әңгімешіл де боп алдым. Осы кезде әкем маған арнап, Москвадан Мосье Бопре деген французды тәрбиешілікке алдырып жалдады; оның өзіне бір жылға жетерлік шарап пен прован майын да қоса алдырды. Француздың келуін Савельич қатты ұнатпады.
— Аллаға шүкір, баланың бет-аузы таза, шашы мезгілімен таралып, таматын да мезгілімен ішуші еді; ақшасын қояр жер таппағандай мусьені жалдағаны несі, өз адамдары жетпеді ме екен.. - деп қоңқылдайды Савельич.
Бопре өз жұртында шаштараз екен, кейін Пруссияда солдат бопты; pous cfrc out.
1829 жылдың жазғытұрғы бір жайдары күнінде жасы елулер шамасындағы кісі Гранд-Шартрезге таяу орналасқан үлкен елді мекенге қарай бет алып, өрлеу жолмен салт келе жатты. Бұл мекен — табаны тастақ, арнасы көбінесе құрғап қалатын шағын тау өзенінің аңғарында ұзыннан созылып жатқан, халқы тығыз кантонның орталығы. Қазірде қар суымен толысқан өзен аңғарды бойлай бұрқ-сарқ ағып жатыр, арнасы екі жақтан бір-біріне қарама-қарсы ентелеп келіп беттескен қос қыраттың ортасында қысылып қалған, үстеріне жан-жақтан анталап, Савойя мен Дофиненің шыңдары төніп тұр. Екі Морьенаның тізбек-тізбек жоталары, жалпы нобайлары бір-біріне ұқсас болғандарымен, жанағы бейтаныс кісі өтіп бара жатқан өңірдегідей жердің ала-құлалығын, дәл сол тұстағыдай күн сәулесі мен көлегей көлеңкенің құбылған ойнақылығын басқа ешқайдан табуға болмас еді. Біресе аңғар алқабы далия шалқайып кетеді де, жылдың қай мезгілінде де тау бұлақтарынан сусындаған құнарлы жердің нәрлі өсімдігі жап-жасыл кілемдей болып көздің жауын алып жатады; біресе алдыңнан су күшімен жүретін тақтай зауыттары көлденеңдеп шыға келеді де, оның әр жерде жайылып жатқан жұпыны құрылыстары, қабығы аршылған шырша бөренелерінің қоймалары жалт етіп көзге шалынады; жаңағы буырқана сарқыраған өзеннен бұрып әкеліп, ауқымды тақтай науалар арқылы ағызып қойған су шыжымдары және көрінеді. Әр жерде шашыраған лашық үйлер мәуелі жеміс бақтарына көміліп, еңбекқор кедейшілік жайындағы ойға итермелейді. Ал одан әрегіректе балықтың қабыршақтары секілді бір-біріне қабаттаса жабысқан дөңгелек қышпен жабылған қызыл төбелі шағын үйлер ұзақ жылдар бойғы еңбектің берекелі нәтижесін айғақтап тұрғандай.
Барлық кітаптарда алғысөз әрі бірінші, әрі ең соңғы нәрсе; ол не кітаптың жазылу мақсатын түсіндіреді де, не дәлелдер айтып сынға жауап береді. Әдетте оқушылардың рухани жағында да, журналдардың сөккенінде де жұмыстары болмайды, сондықтан олар алғысөзді оқымайды да. Әсіресе бізде мұның былай болуы өте күйінішті. Біздің халқымыз сондай жас, сондай ақкөңіл ғой, мысалдың аяғынан ақыл айтқан сәуегейлікті таппаса оны ұға алмайды. Олар қалжыңды түсінбейді, мысқылды сезбейді; олар асылында қисық тәрбиеленген. Олар осы күнгі білімпаздық бұрынғыдан гөрі өткір және көзге түсе қоймайтын, мақтау пердесін жамылып отырып, қарсыласуға мұршасын келтірмей тура соғатын құрал тапқанын, сондықтан тәуір орта мен тәуір кітапта балағатқа орын болмайтынын әлі білмейді. Біздің халық біріне-бірі қарсы екі орданың төңірегіне жататын екі дипломаттың әңгімесін естігеннен кейін, е, бұлар өздерінің сыпайы достығы үшін әрқайсысы өз үкіметін алдап жүр екен ғой деген қорытындыға келетін провинциалдарға ұқсайды.
Бұл кітап жуық арада бірқатар оқушылардың, тіпті, журналдардың сөздің тікелей мағынасына сену зардабын тартты. Біздің заманның геройы тәрізді адамгершіліктен жұрдай біреуді бізге үлгі етіп тартты деп біреулер өте қатты намыстанды, ал, енді біреулер шығарушы өз портретін және өзінің таныстарының портретін суреттеген екен десті... Тым ескі, бишаралық қалжың! Шамасы, өзіндегінің бәрі жаңарып жатқанда осы бір сандырақтары жаңармайтын болған-ау, русь тегінде солайша дүниеге келген ғой. Сиқырлы әңгімелердің ішіндегі ең барып тұрған сиқырлысының өзі де бізде біреуді балағаттау үшін жазылыпты деген даудан аулақ бола қояр ма екен! .....
1873 жылы 2 февральда «Пилигрим» атты шкуна-бриг Гринвичтен 43°75 оңтүстік ендік пен 165ʹ19 батыс бойлықта жүзіп жүрген. Оңтүстік теңіздерден кит аулау үшін Сан-Францискода жабдықталған төрт жүз тонналық кеме еді бұл.
«Пилигрим» Калифорнияның кеме иемденуші байы Джемс Уэлдон дегеннің кемесі болатын; бұны ұдайы бірнеше жыл Гуль деген капитан басқарып келген-ді.
Джемс Уэлдон Берингов бұғазынан ары оңтүстік және солтүстік теңіздердегі Тасмания мен Горн мүйісіне жыл сайын топ-тобымен кеме керуенін жөнелтіп тұратын. «Пилигрим» шағын болса да флоттағы шапшаң жүзетін жақсы кемелердің бірі еді. Ол қылаусыз жақсы жабдықталғандықтан шағын командамен-ақ Оңтүстік Мұзды мұхиттың мұз сірескен шегіне дейін барып жүрді.
Сен жаз айларында солтүстіктегіден де оңтүстік жарты шардағы ендікке жетіңкіреп қалады, капитан Гуль кемені сондай сіресіп жатқан көшпелі сеңдердің ара-арасымен тамаша жүргізетін. Ізгі Үміт мүйісі мен Жана Зеландия маңында сен жиі кездеседі. Анығырақ айтқанда, бұл мұздар жылы су шайған көшпелі мұз тауларының тек кішігірім бөлшектері ғана; бұлардың көбісі Атлант немесе Тынық мұхитқа түсісімен еріп кетеді.
Оңтүстік флотилиядағы таңдаулы теңізшілер мен гарпуншылардың (китке шанышқы ататын) бірі капитан Гуль болатын; ержүрек капитан «Пилигримді» басқарғалы бері оның қарамағында тәжірибелі бес матрос пен матростық өнерін жаңа үйреніп жүрген бір жасөспірім қызмет етіп жүрді. Кит аулау кәсібінде, қайықта қызмет атқарып, ауланған китті сойып, баптау үшін көп адам керек, мұндай ірі іске бар болғаны алты-ақ адам тым аз еді. Әйтсе де Джемс Уэлдон басқа кеме иелерінің әдістерін қолданып, Сан-Францискодан тек кеме басқаратын команданы ғана алуды тиімді санаған. .....
Өрістен малдар қайтқанда, Қорс-қорс етіп шошқалар Тойып ап тоңқаң қаққанда – Отырған төбе басында Осынау кеңесті айтқандар.
Поп, «Одиссея»
Сауықшыл сайран Англияның ерте заманда небір әсем жерлері болған ғой, сондай бір табиғаты көркем кең жазирасына о кезде Дон дариясының суы жайылатын. Шеффилд, Донкестер уалаяттарының аралығындағы сай-сала, бел-белестерді алып тұрған қалың орман, ну тоғай болатын. Уэнтворт, Уорнклиф-парктегі ақсүйектер сарайларының айналасында, Ротерхем маңында сол қалың орманның жұрнақтары күні бүгінге дейін көрініп тұрады. Ел аузындағы аңызға қарағанда, бұл араны баяғыда уонтлей аждаһасы мекен еткен екен деседі; бұл арада Ақ Роза мен Алқызыл Розаны ту ғып тұтынған халықтардың жауыққан заманында нешеме қиян-кескі ұрыстары болып өтіпті; тағы осы арада қандыбалақ қарақшылар кезінде жасақ жинап, ел шауыпты, жол тосып, тон тонапты; аты шулы қарақшылардың аламандық ерліктері ел аузында жыр боп қалыпты. .....
Қозғалмай шалқамнан жатқаныма бір жетіден асып кетті. Көзімді ашып жан-жағыма қараймын. Аурухана бөлмесінің іші мұнтаздай тап-таза. Қабырғасы да, төсек орным да, терезеге ұстаған пердесі де — бәрі де аппақ. Аққудың үлпе жүнінде көзге жұмсақ. Осы айнадай таза ақ бөлменің сүреңіне сән бергісі келгендей ашық терезеден көгере бастаған жас қайыңның бұтақтары қарап тұр. Жасыл жапырақтары желмен ойнап әлсін-әлсін сылдыр қағады. Кенет бабына келтіре салған бұлбұл әні сұлу үнге ділгер жанымды кәнігі етеді...
Мен езу тартып күлімсіреймін. «Тәубе, тәубе! Өмірдегі ең қуанышты сол секундімде осынау шат дүниені қайта көре алмай өліп кетуім мүмкін екен-ау! Қуанышта да ажал бар деп кім ойлаған! Жасың келген соң, жар басында тұрған адам тақылеттес болады екенсің. Аяғыңды сәл мүлт бассаң, шыңырауға зымырай жөнелесің. Мен де сол қауіпке душар бола жаздаппын ғой». Иә, ажал деген қақпаннан бұ жолы да құтылып кеттім. Қақпан қанша тарс жабылғанмен, өткір жүзінің әлі жетпей қалды. Тағы да босатып жіберді. Енді мен көзімді жұмып сәл ойлана қаламын. Сол-ақ екен көз алдымда сол күнгі сурет елестей жөнелді.
Иә, сол күні мен жиырма бес жыл бойы мойныма таққан тұмардай жүрегімнің түбінде арман болып сақталып келген Ақбаянмен кездестім. Электр қоңырауын басып едім, есікті өзі ашты.
— Келдің бе? — деді үлкен бота кезін күлімдете. Сөйтті де, қынай белді сұңғақ денесін ырғалта, оқтаудай жұп-жұмыр, түп-түзу аяқтарын былқ-сылқ басып, қолымнан ұстап мені қонақ бөлмесіне қарай жетектей жөнелді. .....
Өзеннің екіге бөлініп ағатын сағасынан жақында ғана кен зерттеушілер титан элементі кездесетін рутил минералын тапқан. Бұл адам айтқысыз зор байлық болатын. Бірақ кеннің негізгі желісі өзеннің тармақтанып, теңізге барып құятын оң жақ саласының астында болып шықты. Енді тек осы мол қазынаның үстіндегі суды тоқтатып, қабат болып жауып жатқан әк тасынан аршып алып, бай минералға жету ғана қалған еді.
Үкімет титанның адамзаттың келешегіне, бейбітшілік ісіне зор маңызы бар екенін ескере отырып, осы Жарқын қойнауын пайдалануға асығыс түрде кіріскен-ді. Өзеннің оң жақ саласын құрғату үшін бөгет сала бастаған. Осы бөгет қасынан жаңадан рудник ашуды ұйғарған.
Рудниктің салынып жатқан жері — сұрғылт топырақты алан. Солтүстіктен күнбатысқа қарай аттың тағасындай дөңгелене келген, бірімен-бірі жалғаса біткен құлын жалды жоталар. .....
Елі үшін күйген, Еңбекті сүйген, Ізгі тілекті, Ер жүректі, Жұртшылық көсемі Жалынды жастарға арнаймын.
Жазушы
БІРІНШІ БӨЛІМ
ОҚУ
Ұмытпасам, бұдан табандатқан 14-15 жылдар бұрын болса керек: Қаржасбайдың аңыраған қонақ үйіңде жиырмаға тарта баланы алқа қотан отырғызып, Мәжит қожаның азан-қазан қып оқытып жататыны. О кез Мекалайдың аузынан жалын шығып тұрған шағы еді. Ал, бұ күнде Мекалайдың жалыны түгіл, әуелі қабірін таба алар ма екенсің. Бұ күнде ондағы ызбарын төгіп отыратын Мәжекең де, бет-аузы ақпандағы алабас бураша сорағытып, ақ сабауға қош айтысып, қыжырайып, төсегінде жатыр. Пай-пай-пай! Көрінде өкіргір, Қожаекем-ай! Жөнсіз қатал едің-ау, жарықтық! «Бибіден» дабыл жесең де, жаназадан құр қалсаң да, ашуыңды балалардан алушы едің-ау! Өткен күннің белгісі жоқ қой, әйтпесе нағыз...
Әйтеуір бесті айғырдан да шақар оқытады. Қожасы бар болсын, оның басын ауыртқалы отырғам жоқ, әшейін аузыма түсіп жатыр. Со кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта — астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай... Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Со баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай ондап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа. Жас балаға лайық ат емес қой.
Бұлыңғыр күнде тынбай себелеген ақ жауын. Жер қара, дүние бозғылтым. Балдағын тас еденге тақылдатып Атымтай перронға тағы шықты. Жел тұрып, суық жаңбыр енді бетінен қарсылай шапалақтады. Мойнына сорғалаған жаңбыр суын елемей, ол поезд келетін батыс жаққа тесіле қарады. Келетін мезгілінен кешіккеніне үш сағаттан асып барады. Семафорға дейін ештеңе көрінбеді. Атымтай ақырын күрсінді де вокзалға қайта кірді. Әйелі Бибіғайша поездың жоғын ерінің томсарған қатыңқы реңінен байқады да, теріс бұрылып кетті. Жанында тұрған анасына таңдана, үрке қараған балдырған бөбегі Хасенді көтеріп алып, бауырына қыса, қайта-қайта бетінен, маңдайынан, тамағынан құшырлана сүйе бастады. Еріне қарағанда әйелдің бетінде қаншалық қайғы көрінсе, баласын сүйгенде оның жүзінен соншалық шаттық аңғарылады. Қайғысы, қуанышы аралас ұлан-асыр шаттық! Атымтай әйелінің мұндай түрін көруге шыдай алмай, далаға қайта шығып кетті. Әйелін, баласын осы шулы облыстық қаладан тез-ақ алып кетуге бар, әттең, поезд келмей-ақ қойды.
Рота командирі Атымтай Батыс-Теріскей майданында төрт жыл өмірін өткізді. Жеңіс күнінен бір жеті ғана бұрын аяғынан қатты жарақаттанып, ауруханаға түскен. Содан сентябрь айында ғана жазылып шықты. Кеудесі орден мен медальға толған жаралы ер соғыстан бұрын өзінің кен бұрғышысы болып жұмыс істеген руднигіне бармай, осы облыстық қалаға бірден тартқан. Оған себеп: өзі әскерге кетісімен туған бөбегін алып әйелі осы қалаға көшкен-тін. Атымтайдың бұл сапары — сол әйелі мен баласын іздеп келген беті. .....
Әр соғыс майданындай, Маңғыстау мұнай майданының да өзінің маршал, генералдары, полковник, лейтенанттары, солдаттары болды. Ал біздің сөз еткелі тұрған кейіпкерлеріміз — оның маршал, генералдары, полковниктері де емес, қатардағы солдаттары мен ортан қолдай өндіріс командирлері. Әскери тілмен айтсақ, тікелей ұрыс тағдырын шешетін алдыңғы шептің адамдары, өндіріс тетіктері қолдарындағы жұмысшы мамандары.
Қысқасы, бұлар мұнай майданының алдыңғы қатары — жаны, жүрегі.
Әрине, Маңғыстауда ешкім қан төгіп, жау қолынан шаршы метр жер аламын деп жанталасқан емес. Бірақ Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аймағын алып жатқан, солтүстік - шығысында Үстіртке жеткен, ал оңтүстігінде Қарабұғазбен шектескен, мол сулы бір өзені жоқ тек жусан, ақселеу, бұйырғын, ебелек өскен сонау шөлейт, құмайтты, сортаң жапан даланы игеру совет адамына ешбір соғыс майданынан кем тимеген. Ұлы дала өзінің ен байлығын, әрбір шаршы метр жерін орасан қиындықпен берген. Сондықтан да бұл арада бір кезде басталған мұнай тартысын Маңғыстау майданы деп атадық.
Иә, біздің бас кейіпкерлеріміздің көбі осы Маңғыстауда туып-өскен. Ата-бабалары да осы араны көптен бері мекендеп келген. Бұған қандай дәлеліміз бар? Ғалымдар бұл өлкеде түйе бұдан мың жыл бұрын сақ - сармат заманы тұсында да болған дейді. Тіпті біздің дәуірімізден бес ғасыр бұрын, осы арадан көшпенділер бұл қос өркеш жануарды Үндіге де апарған деп жазады. .....
Ордада төртеуінен басқа ешкім жоқ еді. Төрде Батуханның немересі Тоғырылшадан туған Өзбек пен Өзбекпен бес атадан қосылатын Тамғамның баласы Құтлық Темір әмір отырған. Өзбектің оң жағында Орда иесі Алтын Орда ханы Тоқтайдың үлкен ұлы Елбасмыш, ал Құтлық Темірден сәл төмендеу, оның сол жағына бас әмірші Қадақ орналасқан.
Осы Тышқан, яғни 1312 жылы Алтын Орда ханы Тоқтай дүние салған. Сонау Өргеніштен Өзбек пен Құтлық Темір көңіл айта келген. Өзбек ол кезде, қазіргідей толықпаған, сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт еді. Әдемі қоңырқай даусымен оқып отырған жаңа үйренген құранын аяқтай бергенінде ол кенет Құтлық Темірдің оқыс қозғалғанын көзі шалып қалды. Сөйткенінше болған жоқ, сол сәтте-ақ Елбасмыш пен екеуінің қарсы алдына, өткір қылыш алып түскен Қадақтың басы топ етті. Басынан айырылған дене кеңсірігінен қан бұрқырай атып, бір орнында тыпырлады да қалды. Ал Өзбектің қарсы алдына түскен Қадақтың буырыл сақалды басы бір сәт оған бірдеме айтқысы келгендей, көзі шарасынан шыға жасаурап, тілі әлденені былдырлай еріндері сәл ашылып-жабылып жатты да, кенет тына қалды. Сол мезетте Өзбектің өзінің де оң қолы сол жақтағы қынаптағы алдаспанның тұтқасын барып ұстады. Көз ілесердей уақыт өткен жоқ, жүзі ұстарадай қылшылдаған алдаспан жарқ етіп көкке бір көтерілді де, орғи сілтенді. Құран сөзін ұйып тыңдап отырған Елбасмыш Қадақтың басы келіп алдына түскенде шошып кеткен. Есін жиып ол үлгірген де жоқ, енді өз басы анандай жерге ұшып түсті. Бұның да денесі бір орнында тыпырлады да қалды. Өзбек орнынан ұшып түрегеліп, өзіне қарап тасырайып көзін алмай жатқан басынан бөлек қан-қан денесін алдаспанымен тартып-тартып жіберді.
Бассыз денесі тіріліп кетеді деді ме екен, бұнысы несі?.....
Көгілдір аспан аясында жасыл орманға бөленген көгілдір қала жатыр. Қала қай жағынан қарасаң да бірдей көрінген, сан қырлы гауһар тастай жалт-жұлт етеді. Керемет көрікті. Шығыс-күнгейі мен құбыласына дейін тұтаса созылған, аспанмен тілдескен ақ сәлделі таулары қандай айбарлы, сәнді десеңдерші! Кант бастары күн сәулесімен ойнап, көздің жауын алады. Бұл көшелері, көшені қуалай жүгірген арықтары әлі асфальт пен бетонға құндақталмаған соғыстан кейінгі Алматы. Бұнда әлі алты қабат, жеті қабат үйлер жоқ. Жиырма бес қабатты «Қазақстан» мейманханасы тұрғындардың қиялына да кірмеген. Сонда да қала сандықтан алып шыққан жаннат ішіктей құлпырып тұр. Сонау аспанмен тілдескен алып таулардың қойнауларынан, шатқал, арналарынан қуалай, қаланың шығысы мен батысын ала үш өзен ағады. Шығысындағыны - Кіші Алматы өзені, батысындағыларын - Көктем мен Жаман өзен деп атайды. Шығысындағы Кіші Алматы өзені сонау тау қойнауынан сарқырай шаттана күліп, тынбай ағып, қалаға жетеді де, кіре бере екіге бөлінеді. Бір қолы тасты, құмды Кіші Алматы өзенінің арнасымен төмен қарай құлайды да, судың екінші жартысы Бас арықты беттей жүйткиді. Бас арықтан әр көшенің екі жағын ала, тарам-тарам боп, қала бойын қуалай жөнеледі. Көгал көмкерген, әлі бетон кимеген бұл арықтар, нағыз бір тау етегіндегі тас бұлақтар тәрізді көбік атып секіре, сылқ-сылқ күледі. Сулары көз жасындай мөп-мөлдір, ұрттап қалсаң, тісіңді жарардай сұп-суық. Күндіз-түні сыңғырлап жатқан ағысының жылдамдығы ұшқан құсқа пара-пар бір кереметтер.
Жошы өлерінен бір жыл бұрын бесінші баласы Сибанға Орда мен Бату ұлыстарының шекарасы — Тобыл өзенінің батыс жағынан басталып Ырғыз, Жем өзендерінің бойларына дейін созылған кең даланы ұлыс етіп берген. Бірақ бұл өлке жеке Сибан ұлысы дегенмен сонау Бату заманынан Алтын Ордаға кіретін. Ақсақ Темірдің арқасында Ақ Орданың ханы болған Тоқтамысқа Сарай-Беркеге жетіп Алтын Орда тағын жаулап алу үшін, ең алдымен осы Сибан ұлысынан өту керек еді.
Бұл кезде Алтын Орда қайтадан бел алып қалған Сибан ұрпақтары бұны оңай өткізе ме? Ал Қыпшақ рулары ше? Бұлар да өз елінде әйгілі күш қой. Әрі олар Тоқтамысқа қалай қарайды? Бұған тағы ақ алдаспанның жүзімен, көк найзаның үшімен жол салуға тура келе ме?
Тоқтамыс Алтын Ордаға деген ең алғашқы жорығында осылай ойлап қатты қауіптенген. Бірақ оны Алтын Орда деген ұлы арман алға қарай жетектеген. Жолындағы дәулерді, айдаһарларды жеңіп сүйгеніне жетуді ғана тілек еткен ертегінің батырларындай Тоқтамыс, қандай бөгет болса да сескенбеуге бел буған. Және бұл жолының оң болуына Ақсақ Темірдің жәрдеміне қатты сенген. Мауараннахр секілді егін егіп, жер суғарған тұрғын жұрттың қит етсе шауып, мазасын ала беретін көршілес көшпелі елдерге Тоқтамыс тәрізді айтқанынан шықпайтын қол бала адамның хан болуы Ақсақ Темірге тиімді екенін бұ да жақсы білетін. Ал Ақсақ Темірдің көңілінен шыға ма, шықпай ма, ол Тоқтамыстың шаруасы, бұл Ақ Орда ханының теңіз тұңғиығындағы асыл тастай жүрегінің түбінде жатқан, бір құпия сыры еді. Ол сырын ешкімге айтпаған. Тек әзірге Ақсақ Темірдің дегенінен шықпайтындай сыңай көрсете берген. .....
Ажал — үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?
Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді?
Қара бұқараны өліммен әлдилеуден Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған?»
Әбілқайыр ірбіз1 терісінің үстінде аунап түсті.
«Иә, өлім себу — Шыңғыс бабаның ұлы саясаты. Ол өзінің бүкіл әлемді жаулап алам деп жинаған жау жүрек ератын2 да осы өліммен қорқытып ұстаған жоқ па?.. Иә, иә, сөйткен еді ғой. Қалай делінген еді сол бір тәртіп Ясысында?»
Әбілқайыр көзін жұмды. Жақында ғана фарсы тіліне аударылған. Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақұрымда болған италиялық бір жиһанкез жолаушының жазған кітабының әрбір әрпі бақандай боп көз алдында тұра қалды. Әбілқайыр ернін жыбырлатып оқи бастады: «Монғол әскері жайында. Шыңғысхан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған (біздіңше оны онбасы дейді), ал ол онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген. Бар әскерінің басына үш ноян қойған. Бұл үш ноян барып бір қолбасшыға тізе бүккен». Әбілқайыр сәл көзін ашты. Ең қызығы ар жағы... Ол қайтадан оқи түсті: .....
Қазақтың ұлы даласын күнгей мен күншығыс жағынан алып тағадай иіле түсіп, мыңдаған шақырымға созылған дүние жүзіндегі ең биік таулар қоршап жатыр. Осы ақ басты ғажайып шың, құздар қазақ жерінің үстінен өтетін ескек желге, азынаған дауыл-боранға ғана тосқауыл емес, бұл таулар көшкен елге де, басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес берік қамал. Тек бір жерінде ғана бұл ғаламат қиялар, шөккен нардай, даланың бауырына кіре, жатаған тартқан. Осы тұстан Азия мен Европаның түйіскен алқабына қарай, жаратылыстың өзі жаратқан долы сұрапылымен бірге, араларына жүздеген жылдар салып фангфур ұлы хандарының, Әтилланың, Шыңғыстың құмырсқадай құжынаған қосындары төгілген. Бұл қанды жорықтар ең алдымен осы арада әлмисақтан бері егіп егіп, мал бағып, қала салып, бейбіт жатқан елдерді талқандады. Одан өтіп қазақтың көшпенді байтақ даласын қызыл қанға бояп, лек-легімен күнбатысқа қарай лап қойды. Бұлар басып өткен жерде тек күңіренген ел, күйзелген дала, күйреген қала ғана қалды.
Бұл жолғы шайқас та — соның бірі еді.
Жоңғар қақпасының етегіндегі Сойқан сайда қытай мен қазақ әскерінің алысқанына міне бір жеті болған. Бойлауық жылқы секілді бой бермей, екі жақ бірдей арандағанда, талай қанды ауыз бөрілер пұшпағынан ілінді. Жүрегінің түгі бар талай батырлар қайқы қара алдаспандардан қаза тапты. Талай албырт жас өмір сабағынан үзілген гүлдей семді. Бірақ кісі қанын толарсақтан кешіп жүрсе де селт етпейтін қолбасшылар майданға жұртты төпеп айдай берді. Сегізінші күні жасыл жібек шатырын қырық құлға көтертіп, майдан шебіне қытай боғдыханы Канси келді. Әскер басшыларын шақырып алып: .....
Оливер Твистің дүниеге келген жepi мен оның тууына қатысты жағдайды әңгімелейді
Толып жатқан себептерге байланысты атын атамай-ақ қойғанды жөн көріп, әрі ойдан шығарып та ешқандай атау бергім келмей отырған әлдебір қаланың қоғамдық мекен-жайларының арасында көптеген үлкенді-кішілі шаһарларда кездесетін үй — жұмыс үйі тұрды. Тап осы жұмыс үйінде, — оқиғаның осы бір кезеңінде оқырман үшін ешбір маңызы болмағандықтан айы мен күнін көрсетіп әлекке түсіп жатпай-ақ қояйын, — есімі осы тараудың басында аталған пенде дүниеге келді.
Оны приход дәрігері1 осы бір қайғы-мұң жайлаған әлемге алып келгенде, қандай да болмасын бір ат қою үшін баланың тірі қалар-қалмасы тым күдікті көрінді: негізінен алғанда бұл мемуарлар ешқашан жарыққа да шықпас еді, егер шыға қалғанда да екі-үш беттен аспас еді де, осындайлық баға жетпес сапасының арқасында кез келген ғасырлар мен кез келген елдің әдебиетіндегі барлық сақталып қалған өмірбаяндардың ең қысқа да, ең шыншыл үлгісі боп қалар еді. .....
Ол уақытта Маңқыстауға барам дегендерге басшылар қарсы болмайтын. Босату жөнінде нұсқау да бар еді, сол кезде. Осыған қарамастан менің жолым тым қиынға түсті.
Оруджев бастаған ғалымдардың құрамында болып Маңқыстау мұнайының бүгіні мен болашағын байқаған сапар маған үлкен әсер қалдырды. Оруджев, Есенов секілді әйгілі геолог оқымыстылардың өз ара сөздерін тыңдай отырып, қазыналы түбектегі үлкен істер көз алдыма еріксіз елестей берген. АН-2 самолетімен Гурьевке қайтар жолда сол әсерлерді өзімізше ой таразысына салмақтай келе бір тәуекелге бел байлаған сияқтымын. Ендігі бағытым — қазыналы өңірдің өркенді ісіне мықтап араласу.
Гурьевке келе обкомның бірінші хатшысына арыз бердім. «Мені Маңқыстау түбегіндегі экспедиция жұмысына жіберуіңізді сұраймын. Өз мамандығыма орай орналассам болғаны, Партия сенімін адал ақтаймын...»
Өтінішімді оқып отырып, секретарь өзгере қалды. Сонан соң жүзіме тіке қарап:
— Коммунистер жұмысты сұрап алмайды. Керек кезінде өзіміз жібереміз, — деді. .....
Күзге қарай Маңқыстау табиғаты күрт өзгерді. Күн әдеттен тыс суыта түсті. Далалықтан соққан суық жел кейде бет қаратпайтын болды. Түрікмения, Азербайжан сияқты жылы жақтан келгендер бұл түбектің қатал табиғатына көпке дейін көндіге алмай жүрді. Суыққа шыдау қиын болды. Бізге бәрінен қиыны парафинді мұнайлық ағуы еді.
Июль айында, тамылжыған шілденің ыстығында жіберілген мұнай бастапқы қарсаңында көп сыр бере қойған жоқ. Жедел ағып жатты. Қоюланған майды насоспен кідіріссіз айдап келдік. Бірқатар ұсақ-түйек қиындықтар жүре түзеліп кеткен. Алайда, алғашқы салқын түсісімен үш-бес шақырым қашықтықтағы скважиналар өз өнімін топтық қондырғыға жеткізе алмай «қақала» бастады. Олардың бойындағы қатып жатқан парафинді мұнайлы агрегатпен айдап, жылжымалы бу қондырғылар арқылы жібітіп отыратын күйге түстік. Бірақ бұл амалымыз да ұзаққа бармады. Бір жерден жібітіп жіберсең екінші жерден қатады. Күн суыған сайын құбырлардағы мұнай түгелдей қатып, өнім беру тоқтап қалуға айналды. .....
Гурьев облысындағы Эмба мұнайлы ауданы революциядан бұрын Баку, Грозныйлармен қатар ашылып, көп жылдар бойы жас совет халық шаруашылығының отын көзі болып келгені мәлім. Бұған осыдан сәл кейінірек Башкириядағы Ишимбай мұнай кен орны қосылды. Отан соғысына дейін және соғыс уақыттарында да елімізді жанар-жағар майлармен қамтамасыз етіп келгендер де осы кендер болатын. Бірақ, бұлардың өндіріс көлемі қазіргілермен салыстыруға мүлде келмейді. Ол жылдары жылына 20 миллион тоннаның маңайында мұнай өндіріліп жүрді. Партиямыздың XXIII съезінде мұнай өндірісіне ерекше маңыз берілген болатын. Онда елімізде мұнай өнімін жылына 30 миллион тоннаға жеткізуді нысана еткен еді. Совет мұнайшылары туысқан партияның бұл тапсырмасын абыроймен орындап шықты. Геологиялық барлау жұмыстарын, оның ішінде де, әсіресе, терең бұрғылауды өрістете отырып, Ұлы Отан соғысының қызу жүріп жатқан уақытының өзінде-ақ Волга бойынан мұнай көздерін аша бастады, ал 1944 жылы еліміздегі сол уақыттағы екі ірі кен орындарының бірі - Тоймаза кәсіпшілігі ашылып, іске қосылды.
Бұл бұған дейінгі мұнай қоры жөніндегі кейбір көзқарастарды түбірінен өзгертті. «Жер шарында мұнай көздері тек үш-ақ жерде. Олар: Каспий теңізі, Парсы шығанағы және Америкада - Мексика шығанағы жағалауларында. Басқа жерлерде мұнай болуы мүмкін емес» деген қате пікірді жоққа шығарды. .....
Махаббатқа деген ешбір әлеуметтік қайшылық жоқ біздің заманымызда, Қозы Көрпеш-Баян сұлудың ғашықтығындай, өздерін өлімге қиярлық ғашықтық болуы мүмкін емес.
— Сіз солай ойлайсыз ба?
(Театр фойесінде естіген сөз)
Қала шетіндегі тау етегін жапқан қалың ағаш арасында бір жас жігіт келе жатыр. Бұл -Еркебұлан. Түн көзге түртсе көрінгісіз тастай қараңғы. Жайшылықта бетке барқыттай жұмсақ тиетін түнгі ауа дәл қазір тікенек боп қадала түсетіндей, жігіт екі бетін қолымен жауып, кенет тұра қалады. Әлдекімнің атын атағандай болады. Осылай ол сәл тұрады да, қайтадан жүріп кетеді. Және осы көрдей соқыр түнде Еркебұлан ештеңені көрер емес. Бірақ, ештеңеге де соқтықпайды. Міне, сынған бұтағы кеудесіне қадалғалы тұрған жуан еменге тұп-тура таяп қалды. Бірақ бұтаққа сүйем қарыс жетпей кілт бұрылып кетті. Міне, ол енді табанында тау өзені күркіреген жарқабаққа келіп тоқтады. Енді бір аттаса болғаны, төмен қарай құлдилай жөнеледі. Бірақ Еркебұлан дәл осы сәтте кеудесінен біреу итеріп жібергендей, тағы кілт бұрылып, кейін қарай жөнелді. Қазір жігіттің екі иығында екі періште отырғандай. Сол иығындағы ажал періштесі өлімге қарай сүйресе, он иығындағы өмір періштесі оны өлімнен бөтен жаққа алып қашқандай. Еркебұлан осылай өлім мен өмір таласының арасында ойын добы тәрізді ұзақ жүрді. Өзі де әбден шаршады. Сонда да жүріп келеді. Алдағы арманы, асар белесі - тек жүру тәрізді. Аялдар емес. Сонда осынау қайғыдай қап-қара түнде жас жігітті, қара жыландай қуып келе жатқан қандай үрей? Ол үрей - қасірет және жай қасірет емес, жас көңілдің мөлдір бұлағын суалтқан, жас өмірдің жасыл құрағын қуартқан, ақылынан мүлдем адастыруға аз-ақ қалдырған жан қасіреті, ой қасіреті, ақыл қасіреті еді. .....
Қыз өссе қырсық көбейеді деген рас екен. Әйтпесе, тап бүгінде Балпан байдың мұрты қисаятын жөні бар ма?! Құла сағым көп жылқының алды суды Шіліктіден ішкенде, арты сонау алты көштік Тасқайнарға жаңа құлап, аспан астын ақ шаң қылып жатысы анау. Қойдың саны қазір қаншаға жеткенінен өзі де бейхабар. Әйтеуір, жабағы жүн қырыққанда саудагер Шүрен күніне он арбадан қалаға жөнелтіп тұрып, жарты ай дегенде зорға тауысты. Көшен ақын Балпан байдың көшкен жұртында әр бұтаның түбінде бір-бір түйе ұмыт қалады деп жырлап жүр.
Құдайға шүкір, әкімдермен де қабағы оң: ауыздарын майлап-майлап қысы-жазы бірдей қапырық ұзын қапыдан құтылып, мынау жарыса аққан екі өзеннің алқабын түгел бір өзіне қаратты. Басына қыстайды, аяғына жайлайды, екі ортадағы елу көштік ен дала мұның өрісі. Осы анада жаз басында ғана соғып кеткен ақ патшаның ұлығы астындағы көк арбаның тертесін жерге кіргізіп жіберетіндей маңғазданып келіп еді, қоңыр марқалардың зауза айындағы туырылған уыз еті мен жарықтық қымыздың жібітпейтін пейілі бар ма! Әлгі сабазың кетерінде бұны қалыңдығынан бетер аймалап, қайта-қайта құшып зорға қоштасты. Балпекеңнің де білмейтінін ит жесін — ұлықты шығарып салыңдар деп артына алты жігіт ертіп, елдің шетінен екі жүз ісекті айдап апарып, қалтасына ақша қып салып беріңдер деді. Баласын үй ішіне қант-шай әкел деп қалаға жұмсап, екі арбаны аузы-мұрнына шыққанша өңештен өтетіндердің ең бір жылы-жұмсағынан сықады. Ол ұлық үйіне Шіліктің бойынан қызырға жолыққандай қызара бөртіп, асып-тасып барғанда бәйбішесінің алдынан марқаның ақ уыз құйрығын асып отырғанын көреді. Сосын ол көкесінің атын ұмытса ұмытар, тап Балпанды ұмыта алмас. Бұдан былай о бәлемнің қарыны шұрқ .....
Не все ли равно, про кого говорить? Заслуживает этого каждый из живших на земле
И. А. Бунин.
I
Жиде сайғақ шаншылған қызыл төмпектің құбыла бетіне ши барқыт бешпент-шалбары бар имек мұрын тарамыс шал жер тізерлей жүгініпті. Түсініксіз арабы сөздерді сағыздай созып күңірене әндетеді. Басындағы күн жеп тастаған мауыты қалпақтың оң самайынан жылтырап көрініп тұрған ақ атлас астарынан «Люкс» деген ирек жазу сығалайды.
Кеңірдектен шыққан қоңыр мақам кенет баяулап, тісі түскен кәрі кісінің ысылы көп шүлжің әңгімесіне ұласты. Қос тізеге жарыса құлаған салалы саусақтар көкке көтерілді. Сосын бір шөкім ғана сопақша бет-ауызды салғырт сипап өтті. Имек мұрын қара шал жылан көздене жылтырайтын қағанақ көзілдіріктің ар жағында манадан бері етпеттей сұлап жатқан селдір кірпіктерін кілт тікірейтіп жұрт жүзіне үңілді.
— Халайық, Сұрапалдыұғлы Тілеу қандай адам еді?
Қызыл төмпектің аяқ жағында мырс-мырс жылап отырған күлте сақал кісі:
— Жақсы адам!— деп тұншыға кемсеңдеді.
Аядай зираттың бір пұшпағындағы кішкене шоғыр жарыса тіл қатты. .....
Мынау ұйқы-тұйқы дүние не болып кетті? Дәмелінің есіне бәрі түсіп жатыр...
1
«Мұрагер, мұрагер» деп ер баланы тілейтін қазақтығына басып, бұл туғанда әке-шешесі тіпті қуанбапты да. Дүниеге үшінші қыз келді дегенде, әкесі кімге өкпелегенін қайдам, ауылына екі күн бойы жоламай қойыпты. Шешесі де айыпты адамдай қатты қысылған екен. Амал не, ақыры тағдырдың жазғанымен бәрі де келіседі. «Ұл көруге жазсын» деп мұның атын Дәмелі қойғаны да сол еді. Біржарым жасқа келгенше әкесі мұның, бетінен де иіскемегенін анасы талай айтып отыратын. Ақыры бақытына артынан үш ұл бірдей еріп, Дәмелі деген атын ақтаған екен. Ұл болғанда қандай, бірінен-бірі өтіп, балуан, батыр, мерген болып өседі. Осынау Қармыс ауылына олар үлкен атақ әкеледі. Тұрғанбектің үш арысы атанады — Нарғазы, Жанғазы, Ерғазы. Оның есесіне бой жетіп, толықси отырғанда, екі әпкесі де дүние салады.
Нарғазының ел аузына іліккені сонша, Дәмелі төркінінен жырақта жүрсе де, «а, құдай-ау, тіл-көзден сақтаға» басып, айналасына түкірініп отыратын. Сонау үркіншілік жылы, ақ пен қызылдың алма-кезек айқасында, осы Нарғазы болмағанда Қармыс ауылының қырылып қалуы да сөзсіз еді. Ақылыңнан айналайын азамат, әйтеуір, қиын кезеңнен алып шықты ғой. Жағдай ауырлап бара жатқан соң, ол жылдары Дәмелі бала-шағасымен төркінін паналаған-ды. Алты жасар Ақылжанның құдай сақтап ақтың қылышынан аман қалғаны да есінде.
Осы сәт көз алдына келгенде, біреу қойнына мұз тастап жібергендей дір ете қалады. .....
Алматы жазда да, күзде де әсем ғой, шіркін! Сентябрьдың аяқ кезі болса да, астана ыстық, шуақ, жылы нұрға бөгіп тұр. Бірақ ауа райының хабаршылары бүгін жиырма бес градус ыстық болады деп айтқанымен, жаз жиырма бесі мен күз жиырма бесінің жалыны бірдей болмайды екен. Жаздың мұндай күндерінде шолақ жең көйлек киген көше жаяулары жандарына сая таппай дедектейтін еді. Қазір де көйлекшеңдер көп кездескенімен, бірсыпыра жұрт иықтарына костюм іліпті, бәрі де аяқтарын асықпай басатын болыпты.
Күн әлі де едәуір ыстық болғанымен, сары күздің келгенін сары ала жапырақтар айқын аңғартқандай еді. Төбеден төмен қарай қалықтай құлаған екі-үш жапырақ Фурманов көшесімен жоғары қарай өрлеп бара жатқан менің алдыма келіп түсті.
Комсомол көшесінің қиылысындағы «Ювелирторг» магазинінен өткеннен кейін, үйлердің номеріне көз сала бастадым. Өйткені менің іздеп келе жатқан үйім осы тұста болуға тиіс. Білетін адамдар маған магазиннен өтісімен-ақ оң жағыңа қарай бер деп түсіндірген. Расында да лезде-ақ мен бұрышында төрткіл көк қаңылтырға ақ сырмен 117 деп бадырайта жазылған номері бар үш қабат үйдің қасына келдім.
Үйдің осы номеріне көзім түскен сәтте жүрегім сәл шым ете қалып, өн бойымды әлде бір жеңіл діріл аралап өткендей болды. Ол бірте-бірте ұмытылыңқырап бара жатқан ескі сезім еді. Ұлы Отан соғысында жүрген кезімізде, шабуылға шығар алдында дәл осындай болып, көңіл қобалжыңқырайтын да, артынан дайындық басталғаннан кейін, дененің дірілі басылып, қорыққаның, қобалжығаның ұмыт боп кететін.
Қазақ халқы ғасырлар бойы айтып келген бұл жыр сахарадағы мал өсіруші тайпалардың шығарған бір жарқын сәулетті әңгімесі. Бұл туралы жазылған әдебиет әрбір тілде орасан көп, солардың ішінде орыс әдебиетшілерінің пікірі ерекше орын алады.
Бұл жазуларды зерттегенде, олардың аса көңіл қойып, қызыға қарағаны, әсіресе, Көрпеш пен Баян сұлудың тарихи заманнан келе жатқан ұлы мұнарасы, сәулетті етіп жасаған биік кешені. Ескі қазақтар ондай құрылысты «дың», «діңгек» деп атаған. Мұндай ескерткіштер Қазақстанның көп жерінде осы күнге дейін сақталып келеді. (Олар туралы кейінірек тоқталамыз).
Қозы Көрпеш - Баян сұлу күмбезі Аягөздің оң жағасында, Таңсық деген ауылға қарсы салынған. Қозы Көрпеш - Баян сұлу аңызы бойынша, Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аягөзге төрт сан қол (40 мың кісі) жіберіп, Қозы Көрпешке ас беріп, ат шаптырып, той жасайды, Қозы мен Баян сұлудың күмбезін берік етіп тұрғызып, олардың суретін тасқа түсіреді. Баян сұлудың өңін, келбетін әдемілеп келтіреді (Радловтың варианты).
Жанақ ақынның жырлауынша, елу мың кісіні бастап келген Айбас. Олар үш көш жерден (90 километр) тас тасып, Аягөздің биік белесінен күмбез жасайды. Ол күмбез әлі тозған жоқ, оларды ұмыттырмай, артында белгі болып келеді (Жанақ).
Өлсе - дағы Қозыкем арманы жоқ, Сурет болып бітіпті Аягөзге. (Жанақ) .....
Асау дария Ертіс баяу қозғалған ғажайып айдаһар тәрізді, түсі суық, толқыны сұрғылт... Құмды жағасында етектегі тау тасындай шашырап, қайың мен талға бөленген үлкен қала жатыр. Бұл қалада біркелкі ештеңе де жоқ, барлығы сапырылысып кеткен: үйлері де, адамдары да, олардың киімдері де, дүниеге деген бағдарлары да. Көше бойлай салынған Кошелев, Строгонов, Сутюшев секілді бай саудагерлердің темір шатырлы сәнді сарайларымен қатар, кооперативтің тастан қалаған сұрғылт дүкендері, қазақ жатақтарының тоқал төбелі шым үйлері тұр. Алтын айлы мешітпен бұрыштаса, жонған тақтайдан істей салған кинематографтың жаңа клубы орналасқан. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан жұрт ішінен жаман тымақ, түйе жүн далбағай, үкілі тақиямен айқара басқан жалпақ сары былғары белбеулі орыс гүлдері төгілген қызыл шәлілер де көзге түседі. Шекпен киген ауыл қазағымен қатарласа, иығын портупеямен айқара басқан жалпақ сары былғары белбеулі, орысша «юнгштурмовка» деп аталатын жастардың галифелі жасыл костюмін киген жігіт кетіп барады. Көше бойлай салдыра желген қара фаэтонды, қоңыраулы жәмшіктердің пар аттарының сәнін әдейі бұзғысы келгендей, үстіне жүк артқан қос өркеш қара нар анда-санда боздап қойып, асықпай аяңдайды.
Өтіп жатқан жұрттың қайсысының қандай ойда екенін де түсіну қиын. Біреулері осынау ғажайып жаңа өмірге бейтарап адам екенін білдіргісі келгендей аяғын жайбарақат, бейқам басып келе жатса, бағда біреулері белеңі бар жылқыдай жан-жағына үрке қарайды. Ал кейбір бетінде ескі өмірдің тәкәппарлық таңбасы көрінген «кешегі мырзалар» жаңа заманға еріксіз бодан болғанын жасыра алмай, әр адымын зілдене басып, түнере өтіп кетеді. Дегенмен, көпшіліктің жүзі көкірегіне түн ұялағандай ақ жарқын нұрлы... .....
Біреу қызыл шұнақ үскірік қысты не сағыныштай сарғайған алтын күзді, болмаса шат көңілдей жазды жақсы көреді. Ал кей кісі төрт мезгілдің басы, тоқсан тілектің тоғысқан шағы хош иісті көктемді сүйеді.
Бұл бір қуаныш нұрына бөленген ғашық жүздер, махаббат көздер молая түскен шақ. Әлем біткен қырмызыдай сәнді келеді. Дымқыл тартқан жер бетінде көк балауса, бетеге, киік, марал, қаз оттары ду ете көтерілген. Жайшылықта иіс бермес аюбалдырған, әйбатмия, сасыр, шетендердің өздері де жұпар аңқиды. Жоқ, олар көктем исімен мұрныңды жарады. Қыс бойы бұтақтары сидиып, арық торғайдай суық желден үрпиіп сиқы кеткен қарағай, емен, ақ қайындар жасыл жапырақтарын төгіп, шыңқай бояулы суреттердей жадырай қалған. Бастарына әнші құстар қонып, құлпырған көктемді құттықтап, жаныңды жай тапқызатын шаттық үндеріне бөлеген. Өткен күзде ұшып кеткен жыл құстары, қайта оралып, қиқу салып жер мен көкті базар еткен. Күміс көлдер, көгілдір өзендер үстінде жыпырлай жүзген аққу, қаз, үйрек. Олардың у - шуына, қоңырлата сыңси салған әндерінен құлақ тұнады. Жанаргүл, қозыгүл, лала, меруерт гүлдер қауызын ашып үлгірмесе де қызғалдақ, сарғалдақтар үкілі бастары сылаңдап көздің жауын алады. Сай - салада, сылқ -сылқ күліп былдырлай аққан қар суы, мұз бұлақтар. Дүние анасынан жаңа туғандай жасарған. Осы бір керемет сәнге бөленген әлем, өзінің ғажайып ән - күйімен сенің жаныңды, қиялыңды қуанышымен әлдилеп, .....
Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың кеш көрінді.
Аздан соң көгілдір аспанды алтын сәулесімен шарпи, қызарып күн де шықты. Төңірек сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді. Жаз ортасы ауған шақ еді. Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. Қалың шөп арасынан сыңсыған қып-қызыл қой бүлдіргенінен, сиыр бүлдіргенінен көз тұнады. Әбден саумалданып саяу бере бастаған қымыздық та шоғырлана кездеседі. Мезгілі өтіп бара жатқан қалың балауса, көк шалғынның хош иісі таңғы кіршіксіз таза ауамен араласып мұрынды жарады.
Күн сәулесіне шомылған кештің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстіне қызыл ала масаты кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйел кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға... Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.
Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ......
Таң анық атқан жоқ. Айдың аяққы қараңғысы. Таң алдына шейін талықсып келіп, бой жасаған өлетін адамның көзіндей ажарланып бағжиған жұлдыздар жерді албастыдай басып тұрған меңіреу қараңғылыққа әр жерден өштесіп, өжеттенгендей. Бірақ өздері еңкейіп батып бара жатқам сияқты.
Осы қараңғылықпен араласа әр ауылдың қонысында түйенің анда-санда бақ еткен дауысы естіледі. Жылқы кісінейді. Тәрізі бұл өңірдегі ауылдар көшіп жатыр. Жер салқынмен көшпесе бүгінгі кештегі қозы-лақ жете алмайтын кер баланың шеліндей бір бұйрат құм еді.
Сондықтан қатындар сүтті пісіріп, ұйытпай тұрып тұлыпқа құйып, іңірден бастап үйді жыққан. Қомның арқаны тесін қысқан түйелер бақырады.
Бір жерден қызғыш құс ұшты, ойқыр демей біреу жортып, бірнәрсе қарап келе жатқандай. Қызғыш осыдан ұшып еді. Бұл бала күреңге тоқым салып жайдақ мініп, байдікіне қонған екі қонақтың атын іздеп жүрген қойшы еді. Қойшының аты Бадырақ. Қойшы көшіп келе жатқан ауылдың жанындағы қоңыр белеске таман келіп, күреңінен топ етіп түсіп, жантайып жата кетті.
Бадырақ — байдың жалшысы. Жасы жиырманың екеуінде, орта бойлы, дембелше, жауырыны қақпақтай, жас жігіттің алыбы еді. Төбесі биіктеу, шекесі торсықтай, бүркіт қабақ есті жігіт. Арысқа түсіп алысқанда жауырыны жерге тимей жүрген, кеудесі есіктей, балтыры бесіктей бал улы, құлама жарлауыт кабак астына оты ойнай біткен қой көзі кедейліктің неше алуан езгісінен, жалшылықтың жаншуынан жасқанып, қылау құрлы көретін емес. Өзгеше бір отты қайрат қайраулы тұрғандай. Неге салсаң соны жалбыратып түсетін өткір алмас.
Бұл әке-шешесі жасында өліп жетім, панасыз қалған Қоянбай деген бала еді. Бір жұт жылы мұның шешесі болғанда қой таба алмай, қояннан қалжа жеген екен. Сондықтан мұның атын Қоянбай қоя салыпты. .....
Қажаумен кезбе түйсік тым ежелгі, Бұғауын дәуір, дағды үзе берді. Жабайы аң қатты ұйқыдан көзін ашып, Кісенін сілкіп тағы түрегелді.
Бэк газет оқымайтындықтан бір өз басына ғана емес, Пюджеттен Сан-Диего шығанағына дейінгі бүкіл сүйекті де сіңірлі, жүндес ит атаулыға төніп келе жатқан қауіпті аңдаған жоқ. Мұның бәрі поляр түнегіне түртпектеніп өткен біреулер сары металға кезігіп, сол олжаны көлік-кеме компаниялары дабырлатып жер-жаһанға жайған соң мыңдаған адамның Сібірге қарай лап қойған сәтінен басталған-ды. Ол адамдарға ауыр жұмысқа жарайтын мығым, өздерін аяздан сақтайтын қалың да сабалақ жүнді, ірі тұрпатты иттер қажет-тін.
Бэк күнгей Санта-Клара алқабындағы үлкен үйде мекендейтін. Жұрт бұл орынды "судья Миллердің үй-жайы" деп атайды. Бұл өзі жол аузынан сырттау, жартылай ағаш тасасында тұрған үй еді, тек бұта арасынан баспанаға жағалай, жапсарлата салған кең де, саялы дәліз ғана көрініп тұрады. Үйге қарай қиыршықтастан төселген жіңішке жол бар. Ол бұтақтары ию-қию бытысқан сымбатты теректер түбіндегі көк шалғынды қақ жара өтеді.
Үй сыртындағы жер тіптен кең. Онда қаптаған ат қараушылар мен олардың көмекшілері күйбеңдеп жүретін кең жылқы қоралары тұр, қызметшілерге арналған жабайы жүзім саясындағы іркес-тіркес үйшіктер мен жүйелі салынған өзге де аула құрылысы көп. Ал бұлардан әріректе көкмайса жайылым, жүзімдіктер, жеміс-жидек, бау-бақша көз тартады. Мұнда терең құдықтан су тартатын қондырғы мен судьяның ұлдары әр таңда, күн ыстықта тіпті түсте де шомыла беретін таспен цементпен шегенделген жүзу әуізі де бар.
Алда келе жатқан жігіт француз кілтімен есік ашты. Оған ерген жас жігіт, табалдырықтан аттамас бұрын, әлденеге қолапайсызданып, жұлқа тартып, басындағы кепкасын қолына алды. Оның жұпыны шидем киімінен теңіз лебі аңқиды; кең холлға кірген кезде бұл жігіттің не қылса да берекесі қашайын деді. Кепкасын қайда қоярын білмей, қалтасына енді жытырғалы жатқанда серігі жайраңдап, өзімсініп, қолынан кепкасын ала қойған еді, оның бұл қылығы жігітке ұнап кетті. «Жағдайға түсінетін жақсы жігіт екен, тегі, ұятқа қалдырмас»,— деп ойлады ішінен.
Еденді жоғарылы-төмен теңіз теңселтіп тұрғандай ол найқалып, аяғын нығарлай басып, серігінің соңынан жүріп келеді. Алшаңдаған алпамсадай жігітке дағарадай бөлме тар көрінді — ол есіктің жақтауын иығыммен қағып кетер ме екем немесе каминнің үстінде тұрған жылтырауық-жарқырауықтарын ұшырып жіберем бе деп зәресі қалмады. Олай-бұлай орынсыз бұрыла бергендіктен, қайдағы жоқ бәлеге өзі бас болды. Рояль мен үстінде үйіліп көп кітап жатқан столдың арасынан алты адам еркін өтер еді, сол арадан әлденеге сасқалақтап, бір өзі әрең өтті. Соқталдай болып солбырайған екі қолын қоярға жер таппағандай. Бірде стол үстіндегі кітаптарды қағып кетем-ау деп, үріккен аттай орғып түскенде, рояльдің түбіндегі орындықты құлатып кете жаздады. Ол алдында алаңсыз еркін жүріп келе жатқан серігіне қарап, өзінің арпыл-тарпыл жүрісін ерсі көрді. Екі беті оттай дуылдап кетті. Маңдайынан шып-шып тер шықты, сәл кідіріп, орамалымен күнге күйген қоңырқай бетінің терін сүртті.
Басын Арқаның аласа тау сілемдерінен алып, шығыстан батысқа қарай садақша иіліп, баяу аққан Жыланды өзені бетеге, жусан, бұйырған өскен боз топырақты жазық дала мен сиыр таңдай құм төбелерді, ақ сорға айналған көлдің табандары мен қазан шұңқырлары алқаптарды басып өтіп, көктемгі тасқында Ащыкөлге құяр еді. Жаз айында суы кеміп, кей тұстары жиегіне қамыс, құрақ, арагідік шоқ–шоқ шілік өскен бірде тұщы, бірде ащы үзік–үзік қара суға айналады. Жағасы биік әрі құлама болғандықтан, суаттан басқа жері тіршілікке қолайсыз. Елдің көбі жайылым қуып, шашырай қонып, ауыз суды құдықтан ішіп, малды да құдықтан суарып әдет қылған. Қыста қар — суымен күн көреді. Әсіресе егіні жоқ, бірыңғай мал бағып, құм жайлаған шаруалардың өзен суына күні түсіп көрген емес. Әйтсе де солардың өзі «биыл Жыландының суы аз екен» десе, айдалада отырып уайым қылып, «көп екен» десе, «е, бәрекелді» деп қуанып, шүкіршілік етіп отырады.
Сол Жыландының «арғы бет» деп аталатын түстік аймағында елді мекеннен тым жырақ қоныстанған жалпақ ауыл сырттан келген адамдарға өздерін: «Қосымнан тараған бір атаның балаларымыз ғой», — деп таныстыратын. Бірақ қосым қайда, біреу қайда, бұл күнде біраз ата бір–бірімен қыз алысып, қыз берісіп, нағашылы — жиенді күйге ауысқан; жиын кеңесте бірін–бірі қажамаса отыра алмайды. Еріккен шалдар таяғымен жерді шұқып қойып, әлдебіреулерге: «Шірік неме, сені бүлдірген анау шөккен түйеге міне алмайтын жаман әкең ғой, сірә», – деп; егер пысықтау біреу болса: «Өзің бізге тартып адам болып жүрген шығарсың, егер аталарыңа қараған күн болса, біржола жынды болып кетер ме ең», – деп кеңк–кеңк күліп, қажаған адамының шақшасын сұрап, насыбай атысып отырар еді. .....
Жаз. Жайлау. Шұбала қонған киіз үйлер. Қанаттас бір ауылға апам мені жетелеп, қыдырыстап келген. Үш-төрт әйел үйде шай ішіп әңгімелесіп отыр да, мен сыртта асық ойнаған балалардың қасында қызықтап қарап тұрмын.
Ересектеу баланың бірі кенет иығымнан жұлқып қалды:
— Әне, сені тастап, шешең кетіп бара жатыр!
Ауылдың ортасын қақ жарып, тарам-тарам соқпақ жол өтеді. Сол жолмен түйеге мінгескен екі әйел соқтырып кетіп барады. Екеуі де кимешек киген. Артындағысы аумаған менің шешем. Мені бөтен ауылда қалдырып, жөнеп барады.
Мен шешемнен өлмей қалармын.
— Ала! Ала! — деп артынан қуып бердім. Құлындағы дауысым Құдайға жетіп, бақырып жүгіріп келем. Аяулы шешемнің маған бұрылып қарағысы да келмейді.
— Aпa! Апа!
Бақырудан өңешім жыртыла жаздайды. Жол шетіндегі үйлердің адамдары бәрі маған қарап қалған. Тек шешем ғана қарамайды. Ұзын аяқтарымен тайраңдай желген жүрдек түйе оңайлықпен жеткізбейді.
Бір әйел көлденеңнен дауыстап:
— Әй, қатын, балаң жылап келеді! — деді.
Шешем енді ғана маған жалт бұрылып қарады.
Сөйтсем, шешем деп жылап келе жатқан адамым мүлдем бөтен... Алдындағысы да мен танымайтын басқа әйел.
Өз шешем сол әлгі шай ішкен үйде отыр.
Уақыттың көбін су бойында өткіземіз. Су бойында ойнаймыз. Міне, енді қалжырап үйге қайтып келем, қарнымда түк қалмаған, ашпын.
Шешем құр талқан берді. Дәмсіз қара талқан. Жейін десем, тамағымнан жүрмейді...
Біздің ауылдан жоғары бір шақырымдай жерде Киікбай ауылы. Сонда күйеуге тиген немере әпкем тұрады. Қалай келгенімді білмеймін, сол үйде қазанға қарып жапқан күйелештеу нан жеп отырмын.
Бір кезде есіктен шешем кіріп келді. Мені көріп, жылап бас салды. Неге жылайтынына түсінбеймін.
Сөйтсем, шешем мені аяқ астынан жоғалтып алған. Бүкіл ауылдан іздеп таппаған. Суға ағып кеткен деп ойлап, есі қалмаған.
Бұдан аз бұрын шешем мені осында ертіп келіп, нан жегізген екен......
Кейде қалжың ретінде барлық кінәні Чарли Ферасетке арта салсам да, шындығында, бұл қырсық үшін кімді жазғырарымды білмеймін. Оның, Чарлиді айтам да, Тамальпайс тауының етегінде, Милл-Вэлиде саяжайы бар еді, бірақ ол онда бос уақытында Ницшені немесе Шопенгауэрді кеміріп жату үшін тек қыста ғана тұратын. Ал жаз шығысымен қапырық ыстығы мен қара шаңы қолқаны қабатын қалаға қайта оралып, қыс бойы үйіліп қалған бар шаруасына шабыттана кірісіп кететін. Егер мен оған әр сенбі сайын барып, дүйсенбіге дейін жанында жүретін әдетім болмаса, осы бір қаңтар айының қақаған суығында, Сан-Франциско шығанағында мұндай қырсыққа тап болмас па едім, кім білсін.
Мен мініп шыққан "Мартинес" кемесін тым сенімсіз деуге келмейтін; бұл жаңа пароход Саусалито мен Сан-Франциско арасындағы өткелді осымен не төртінші, не бесінші рет кесіп өтіп келе жатқан. Шығанақ үсті қалың тұман еді, қауіп деген бәленің сол тұман ішінде қара мысықтай бұғып жататынын қайдан білейін, .....
Бұл оқиға 1986 жылғы Алматыдағы аты шулы желтоқсан күндерінен соң алыстағы Сібір орманы ішінде болды. Арада жеті күн өткеннен кейін ешкім күтпеген жай еді...
Ақиқатында, желтоқсандық жай ой-санасын емес, жан дүниесін астан-кестең етті. Ал кейінгі саналы әрекет ол сұмдықтың қасында түк емес.
Қазір бәрі де түс секілді...
І
Сол күні Бурахан казармадағы түнгі кезекшіліктен келіп, түске дейін тынығып алып, жары Александрамен ас ішіп отырған.
Қаперлерінде түк жоқ. Александра өзі аттас арғы ұлы әжесі Александра Григорьевна Муравьева, арғы ұлы атасы Никита Михайлович Муравьев жайында әңгіме қозғаған.
— Хан, — деген Александра еріне қойған сүйікті есімімен атап, — әжем мен атам жөнінде тағы да тың деректерге жолықтым. .....
Жүсіпбек Аймауытов (1889—1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер екен. Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. 1907 ж. бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады. 1911—1914 жж. ауылда мұғалім болып істейді. 1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады. Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919). Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, .....
Исатай Тайманұлы (1791-1838) – 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.Халық батыры И.Тайманұлы 1791 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмындағы "Тайман жалы" деген жерде дүниеге келген. Исатайдың анасы Есентемір руының Тағашы бөлімінен. И.Тайманұлының төртінші атасы Ағатайдың (Тайман-Бегәлінің -Боқай-Ағатай) есімі қалмақтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Беріш руының ұранына айналған Исатайдың жастық шағында оған ықпал жасап, қамқорлық еткен әкесі, Тайманның інісі - Жабал Бегәліұлы. 1808 жылы Жабал бастаған Бегәлі ауылы Бақсай бекінісі тұсынан .....
Жетішатыр — жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысы — қымыз, ойын-сауық —«кататься». Айт, той, құдалық, ат жарыс, күрес. Маскүнем, Төбелес. Үй қыдырған көлең-көлең ақ жаулық... Жаз шықса пароход, паром, желқайық,жасыл арал, қалың орман... Көкке шыққан, гуләйтсоққан, масайраған шат көңіл... Сырнай-керней...Қызық думан... Қайткенмен.....