Әлкей Марғұлан | Қозы Көрпеш Баян сұлу жыры
ЕКІ МЫҢ ЖЫЛ ЖҮРЕКТІ ТЕРБЕТКЕН ЖЫР
КІРІСПЕ
Қазақ халқы ғасырлар бойы айтып келген бұл жыр сахарадағы мал өсіруші тайпалардың шығарған бір жарқын сәулетті әңгімесі. Бұл туралы жазылған әдебиет әрбір тілде орасан көп, солардың ішінде орыс әдебиетшілерінің пікірі ерекше орын алады.
Бұл жазуларды зерттегенде, олардың аса көңіл қойып, қызыға қарағаны, әсіресе, Көрпеш пен Баян сұлудың тарихи заманнан келе жатқан ұлы мұнарасы, сәулетті етіп жасаған биік кешені. Ескі қазақтар ондай құрылысты «дың», «діңгек» деп атаған. Мұндай ескерткіштер Қазақстанның көп жерінде осы күнге дейін сақталып келеді. (Олар туралы кейінірек тоқталамыз).
Қозы Көрпеш - Баян сұлу күмбезі Аягөздің оң жағасында, Таңсық деген ауылға қарсы салынған. Қозы Көрпеш - Баян сұлу аңызы бойынша, Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аягөзге төрт сан қол (40 мың кісі) жіберіп, Қозы Көрпешке ас беріп, ат шаптырып, той жасайды, Қозы мен Баян сұлудың күмбезін берік етіп тұрғызып, олардың суретін тасқа түсіреді. Баян сұлудың өңін, келбетін әдемілеп келтіреді (Радловтың варианты).
Жанақ ақынның жырлауынша, елу мың кісіні бастап келген Айбас. Олар үш көш жерден (90 километр) тас тасып, Аягөздің биік белесінен күмбез жасайды. Ол күмбез әлі тозған жоқ, оларды ұмыттырмай, артында белгі болып келеді (Жанақ).
Өлсе - дағы Қозыкем арманы жоқ,
Сурет болып бітіпті Аягөзге.
(Жанақ)
Халық аңызы бойынша, Қозы Көрпеш - Баян сұлу күмбезі қаланған тасты басқа бір таудан әкелген. Тау мен Аягөз өзенінің бойында көптеген тайпалардың мыңдаған кісілері атпен тізбектеле тұрып, бір қолдан бір қолға беріп жеткізіп тұрған.
В.В.Радлов Қозы Көрпеш - Баян сұлу мұнарасының қай заманда тұрғызылғанын жете танымаған. Оғыз-қыпшақ дәуірінде «дың» салу әдеті болғанын, ол сөз бүгінге дейін қазақ пенен түрік тілінде сақталып келгенін білмеген.
Қазақтармен қатар «дың», «деңглі», «деңглі тепе» түрікменнің көп жерінде кездеседі, әсіресе Ниса, Нишман қалаларының түбінде, Анау мешітінің қасында әдемі сақталған. Олар өзінің қалыбы бойынша не дөңгелек, не төрт бұрышты болып көрінеді; Қазақстандағы ең ескі дыңдармен салыстырғанда кейінірек жасалған оғыздар Сыр бойынан ауып, Амударияға барған кезден (XI ғ.) пайда болған. Олардың ескі түрі көбіне тастан (Нұратада), кейбіреулері балшықтан, пахсадан салынып, төбесі бұзыла бастаған. Сырдария бойында толып жатқан биік «дың қорғандар» сондай кұрылыстың қалдығы. В.В.Радловтың бұл айтылған дың құрылысынан хабары болмай, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кешенін тұрғызған қалмақтар болу керек» деп жорамал жасаған. Сондай-ақ ол кешенмен бірге қатар жасалған бір топ мүсін тастар арасында мыңжылдық айырма бар деп қараған. Бүгінгі жаңа зерттеулер бұл тұжырымды теріске шығарады. Қасында мүсін тастар қойып тұрғызған дыңдар Ұлытауда, Кеңгір бойында осы күнге дейін сақталып келген. Оның үстіне В. Рубрук: «Куманы (Кипчаки) строят для богачей пирамиды (дың), т.е. остроконечные дома, хотя камней там и не находятся», - деген.
Өте аянышты жері, В.В.Радловтың әлгіндей жаңсақ ойларын кейінгі зерттеушілер пайдаланып, ғылымға бірталай қиындықтар келтіріп отыр.
Жырдағы ең жарқын түрде айтылатын әдемі сурет Қозы Көрпештің кешені мен оның ішінде тұрған төрт мүсін тас. Олар туралы жырда былай делінген:
Суреті Аягөздің тасында тұр,
Қабыры екеуінің қасында тұр,
Аягөз бойында тұрған бұл кешен мен оның ішіндегі мүсін тастар - исламнан көп бұрын жасалған өте ескі дәуірдің белгілері. Олар Түрік қағанаты кезінде (VI - VIII ғғ.) шыққан. Адамның суретін салған мүсін тасты халық сол кезден ерекше қадірлеген. Мұндағы төрт мүсін тас кешеннің күншығыс жақ бетінде тұрған. Олардың үшеуі - әйел, біреуі - жас жігіт, халық аңызы бойынша, бұлар Қозы Көрпеш - Баян сұлу, оның апалары Айтаңсық, Айғыздың суреттері деп айтылады. Және бір ғажайып жері, олардың аты тек қана мүсін таста сақталып қоймай, жер аттарына да қойылып отырған. Оның зор дәлелі Баянның атымен аталатын сол жердегі «Баян жүрек» тауы, Аягөзге құятын екі өзеннің бірінің аты -Айтаңсық, бірінің аты - Айғыз. Бұлардың барлығы бір кездегі тарихта болған оқиғаны еске түсіріп, солардың халық ортасына көп тараған терең сырларын сақтап келген, әсіресе «Баян жүрек» тауы. Баян мен Қозы Көрпештің жиі қосылып сүйіскен жері деп білу керек.
Жақынырақ келіп қарағанда, Қозы Көрпеш - Баян сұлу кешенінің сәулетті түрі халыққа үлкен әсер еткен. Аягөз өзенінің бойын өрлеп өтетін жолаушылар, ғалымдар, әскербасылар оған соқпай кетпеген, кешен оларды өзіне еріксіз тартып, ол туралы қазақ халқы айтатын аңыздарды жазып алу үлкен әдебиет мұрасына айналады.
Жалпы айтқанда, қазақ халқының қария сөзіне ой бөлу XVIII ғасырдың ортасынан бері қарай басталады. Бұл кезде қазақтың атақты билері, шешендері орыс халқының білгіш адамдарымен кездесіп,оларға қазақ халқының тарихын, шежіресін, ой-санасын қозғап, көп жаңалықтар айта бастаған. Қазақ халқының шежіресіне, қария сөзіне көп ой бөлген ғалымдар - В.Н.Татищев (1686-1750), Н.И.Новиков (1744-1818), Н.И.Карамзин (1766-1826). Қазақ халқының қария сөзін, эпос жырын бірінші рет жазып алуға үлес қосқан -Г.И.Спасский, И.П.Шангин, Г.Ф.Гене. «Қозы Көрпеш» жырынын қазақша ескі қолжазбасын алғаш рет (1827 жылы) тапқан И. Беленицин.
Бұл жырды Беленицин Петерборда сенатқа, білім орындарына апарып көрсетеді, қай жерден тапқанын айтады. Бұл мәселе А.С.Пушкинге де таныс болады. Кейін Орынборға келгенде (1833 ж.) А.С.Пушкин қазақ халқының ауыз әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, «Қозы Көрпеш» жырын есіне түсіреді. Осының дәлелі ретінде Пушкиннің қағаздарының ішінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының бір нұсқасы сақталып келген. Онымен қатар ақын ол жырдың 1812 жылы Уфада шыққан вариантымен де таныс болған тәрізді. Қазақ жыршылары айтатын «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының махаббатты ардақтайтын сюжеті А.С.Пушкинге өте ұнаған. Бұл жырдың мазмұнын А.С.Пушкинге жазып берген Орынбордың жас инженері К.А.Бух (1812-1895) Плюшар энциклопедиясының «Русская старина», «Вестник Европы», «Отечественные записки» журналдарының авторы. А.С.Пушкин Орынборға келгенде К.А.Бух онымен жақсы танысып, әңгімесіне қатынасып жүреді. А.С.Пушкин Берды ауылында болғанда ондағы башқұрттардан қара шаруаның көтеріліс жағдайын сұрап, қазақ халқының алып ерлері туралы аңыз, әңгіме тыңдайды, кейбір қазақ жырларын орысшаға аудартып отырады, «Қозы Көрпеш» тізбегі сондай көшірменің бір түрі. А.С.Пушкин мен К.А.Бухтың Орынборда кездескені бізге көптен бері белгілі.
Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың кешені туралы қазақ аңыздары көп жазып алынған. Ол кешенді ең алғаш сипаттап мәлімдеген академик И.П.Фальк (1771 ж.). Саяхатшы Г.Волошин кешенді суретке түсіреді, картасына жазып алады. Оның картасы бүгінге дейін Сыртқы істер министрлігінің үлкен архивінде сақталып келеді. Г.Е.Катанаевтың зерттеуінше, Волошин 1771 жылы Өскеменнен шығып, Балқаштың жанынан өтіп, Іле өзенін бойлап Құлжаға барады. Осы жылы ол атақты «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кешенін, онда тұрған төрт мүсін тасты суретке түсіріп алады, кешеннің планын, оның маңайындағы көріністі түсіреді, барлығы үш сурет, бір план.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кешенін ең алғаш рет зерттеп, ол туралы халық аузында сақталып келген аңыздарды бірінші рет жазып алған ғалымдардың көрнектілері П.С.Паллас, И.Г.Андреев, A.И.Левшин.
Бұл кешенді Г.Ф.Генске жақсылап айтып берген татар саудагері Мұртаза Файзуллин, оның сөзін Генс 1824 жылы жазып алады. Аса құнды деректердің бірі - И.Беленициннің түсірген суреттері (1827). Ол Қозы Көрпеш кешенін, оның ішінде тұрған төрт мүсін тасты әдемілеп суретке түсіріп, Петерборға алып барады. Сенатқа жазған бір рапортында «Сделаны рисунки, снятые мною на самом месте происшествий, с гранитных изображений героев известной повести» - деген.
Қозы Көрпеш кешенін XIX ғасырдың 30-жылдары жақсылап көріп, оның аңызын орысша жазып алған ғалымның бірі астроном B.Федоров, 40-жылдары ескерткішті А.И.Шренк барып көрген, 50- жылдары кешен туралы әңгімені Н.А.Абрамов т.б. хатқа түсірген.
Қозы Көрпеш - Баян сұлу күмбезін 1846 жылы Ұлы жүзде болатын тойға бара жатқан А.Янушкевич көре алмай кетеді. «Я потерял возможность посетить могилу, покрывающую останки влюбленных Козы Корпеша и Баян сулу, увидеть на нем камни, где резец степного ваятеля оставил потомство портреты романтической пары» (Дневник 1847,76).
Қозы Көрпеш - Баян сұлу кешенін, онда тұрған мүсін тастарды тереңірек зерттеген ғалым - Шоқан Уәлиханов. Бұл белгіні көруге ол бірнеше рет келген. Ғалымның бақылауынша, Қазақстан жерінде сақталған архитектура белгілерінің ең ескісі пирамида - мұнара, дың түрінде кездеседі. Дыңды әдетте даладағы таспен өріп тұрғызады. Ол жерден жоғары көшірілген биік мұнара, оның іргесін тік бұрышты түрде тұрғызып, үстін сүйірлеп жоғары көтереді. Мұндай дың құрылысын П.С.Паллас Торғай өлкесінде Тоғызақ өзенінің бойынан көрген, енді бірі - Жетісуда, Ақсу өзенінің бас жағында - Ордабайдың кешені деп аталады. Оның ішінде тік тұрғызған мүсін тас бар. Оның түрі Қозы Көрпеш - Баян сұлу кешенімен бірдей. Шоқан бұл діңгекті көру үшін әдейі іздеп барады.
Шоқанның ең алғаш көруінше «екі ғашыққа арнап салған атақты белгі осы күнге дейін Аягөз өзенінің оң жағасында. Қызыл - Қия бекетінен 10 шақырым төменірек, Семейден Қапалға баратын жолдан 1,5 шақырымдай әрірек тұрады. Күмбезді таспен қалап, арасына балшық құйып отырған. Биіктігі - 7 құлаштай. Астын төрт бұрышты қырлап көтеріп, үстін пирамида сияқты етіп, ішінде еңсесі бар күмбез етіп жасаған. Үйдің ішкі қабырғасында тастан дөңгелете жасаған кісі отыратын орындықтар бар. Есігі оңтүстік - шығысқа қараған, жоғарғы жиегінде терезе сияқты тесіктері көрінеді... Күмбездің іргесінде төрт мүсін тас тұр, олардың үшеуін алқамен әшекейлеген. Біреуі өзгесінен көп биік, бірақ басы жоқ, бір қара надан қағып түсірген. Ойға жүйрік бір қазақтың айтуынша, бұл басын шайтан қағып түсірген Қодар болу керек дейді. «Бірақ Қодардың мүсін тасы өз қабырының басында тұр» (Валиханов, IV, 417).
Шоқанның бақылауынша, дыңның ең көркемі - Қозы Көрпеш - Баян сұлу кешені (1853). Ол Аягөз қаласынан 90 шақырым төменде. Кешеннің ішкі қабырғасында гранитпен қиып істеген төрт мүсін тас тұрғызған. Олардың омырауын әдемілеп алқамен әшекейлеп, басына әдемі кимешек жауып, қолдарына көзе сауыт ұстатып түсірген. Халық аңызы бойынша, бұл мүсін тастар - поэмада жырланатын қаһармандардың суреті. Қазақ ақындары бұл жырды ұзақ түн бойы айтып, тауысып бітіре алмайды. Кешеннен бір шақырымдай әрірек жеке қойылған бір мүсін тас тұр. Оның түрін, бет-аузын сондай жексұрын етіп түсірген, халық аңызы оны жұрт сүймейтін Қодардың тасы деп айтады.
1856 жылы Шоқан Ыстықкөлге саяхатқа бара жатып, Қозы Көрпеш кешенін әдемілеп суретке түсірмекші болады. Ол туралы өзінің күнделік дәптеpiнде былай деп жазған:
«Мен Аякөзді сондай сүйемін, сондай қадірлеймін, оған сұлу Баянның алтын шашты Қозы Көрпешке ғашықтығы туралы аңызы себепкер болу керек, олардың махаббатпен байланысты әрекеті осы өзеннің бойында өткен, бұл себеп оңай дүние емес қой».
Шоқан кешенге беттеп, Аягөзден шыққанда күн жаңбырлы болады. Бұл жаңбыр Шоқанды да, оның ат айдаушы жәмшігін де әбігерге түсіреді. Бұл жаңбыр ойлаған ойды іске асыруға бөгет болатын түрі бар. «Есіл Баянның елесін түсіре алмай кетуім өте аянышты» деп жазды Шоқан. Бұлар кешеннің қасына келгенде жаңбыр құйып тұрады. Күйменің терезесін ашып қарағанда, өзеннің арғы бетінде көп теректің ортасында түрі қызыл кірпіштен жасалған сияқты болып кешеннің ұзын мұнарасы көрінеді. Мұндай жаңбырлы күні қазақтардың антикасын (ескі өнерін) суретке түсіріп алу мүмкін болмайды. Мүсін тастарды Шоқан қайтар жолында тегісімен суретке түсіріп алады, бір өкініштісі, кешеннің суреті архивінде сақталмаған, жоғалып кеткен. «Қозы Көрпешті» зерттегенде Шоқанның жоғарыда келтірген алтын ойлары жарқын қазынаның бірі болып көрінгендігінде сөз жоқ.
Шоқанмен қатар Қозы Көрпеш кешенін XIX ғасырдың орта кезінде көп қараған ғалымның бірі - П.П.Семенов-Тяньшанский. Ол кісі өзінің жол дәптеріне «Кішкене Аягөз бекетіне таяу жерде (Таңсық) қазақ аңызында әдемі сақталған Қозы Көрпеш мұнарасын көрдім. Бір аянышты нәрсе - оның биік басын біреу зеңбірекпен атып түсірген. Ондай вандализм (бұзақылық) кімге керек болғанын түсіне алмадым» деп жазған. Ғалымның зерттеуінше, мұнараны (кешен) жалпақ профир үстіне тұрғызған, кешеннің асты, жан-жағы тең түскен биік қабырға, оның үстіне биік төрт қырлы мұнара орнатқан, профир таспен қалап шығарған. Ішкі жағы төрт бұрышты үй, үстінде биік еңсесі бар, оның биіктігі - 6 метрдей (сажень).
Ғалымның суреттеуінше, Қозы Көрпеш кешені қазақ даласына кең танылған ескерткіш, қазақтар оның басына табынуға келіп жүреді. Бұл кешенмен тығыз байланысып отырған әйгілі поэзиялық аңыз бар. Аңыз қаһармандары - Қозы Көрпеш пен оның сүйген жары Баян сұлу. Қозы Көрпешті Қодар атып өлтіргенде Баян сұлу да бірге өледі. П.П.Семенов-Тяньшанский де, Радлов сияқты кешен мен мүсін тастың арасында ешбір байланыс жоқ дегенді айтады. Мұның қате екенін біз жоғарыда көрсеттік, зерттеушілердің байқауынша, кешеннің қай заманда жасалғанын қазақтар ұмытқан, тек аңызды ғана жадында сақтап келген. «Қозы Көрпеш» жырын қазақ ақындары сағаттар бойы айтып бітіре алмайтын болған.
Бұл кешенді қысқаша сипаттап, оның аңызын келтіріп отыратын бір топ офицер ойлары да сақталған, олардың ішінде аса көңіл қойғандары М.Путинцев (1863), А.К.Гейне, П.Галицкий, тағы басқалар.
М.Путинцев өзінің дәптерінде былай деп жазған: «Біз, Шебалин екеуімізді Омбыдан Алматыға командировкаға жіберген еді. Жол-жөнекей «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» деп аталатын қазақтың тамын көрдік. Оның ішінде жатқан адамдардың біреуі - қыз да, біреуі -жігіт. Олар - қазақ даласында көп тараған атақты поэманың қаһармандары. Бұл кешенді білмейтін қазақ сирек кездеседі. Өзінің сағынышты ойға батқан мұңды кезінде бірін-бірі сүйген екі ғашықты еске түсіріп, көзінен жасын төгіп жырлап отырады, махаббаты үшін жанына салғанды көтерген ару қыздың ерлік ісін суреттеп, сүйгенінен қалып қойған сағынышты өмірін өзі құрбан еткенін айтады». «Қозы Көрпеш» сюжетін М.Путинцев Аягөз бойында жазып алған (1863 ж). Бірақ жырдың мазмұнын түсінбей, қателіктер жіберген. Оның жазуында жас жігіт Баян сұлу, жаннан асқан сұлу қызды Қозы Көрпеш деп атаған. Мұндай кемшілік М.Путинцев жазуының өзге жерлерінде де кездесіп отырады. Ол Қарабай мен Сарыбайды «два султана - отцы влюбленных, наездники грабители. Они отправились на промысл, т. е. на баранту» деп көрсеткен. «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жырының қай нұсқасын алсаң да, екі байдың ел тонағыш бұзақы болып суреттелмейтіні мәлім.
Қозы Көрпеш - Баян сұлу кешенін зерттеген ғалымдар Г.Н.Потанин, Н.П.Пантусов, С.Баранов, Н.Н.Балкашин, И.А.Кастанье, П.П.Румянцев, В.И.Масальский. Бұлардың айтуынша, Қозы Көрпеш — Баян сұлу кешені - төрт қырлы пирамида (дың), биіктігі – алты құлаш (16 м), бірыңғай қалың тастан тұрғызылған. Үйдің іші жоғары еңсе болып көтеріледі. Белгінің қасында аңызда айтылатын қаһармандардікі делінетін төрт мүсін тас тұрған.
Қозы Көрпеш - Баян сұлу кешені туралы ең қадірлі еңбектің бірі - Е.Барановтың зерттеуі. Бұл кісі кешенді бірнеше күн тексеріп, алдымен оның сәулетті бейнесін суретке, мүсін тастарды фотоға түсіреді, олар туралы халық аңызын жазып алады. Зерттеушінің ойынша, аңыз Семей өңірінде көбірек тараған. Оның сюжетін Баранов орыс тілінде жазып алады. Ағыздың сипаттауынша, Аягөз, Тарбағатай, Алакөл, Алатау, Балқаш төңірегін Қарабай мен Сарыбай деген туысқан екі кісі мекен етіп жүреді, бұл екеуі ұлы мен қызын бала күнінен атастырып қойған болады. Бірақ бір адам ел ішінде сөз таратып, «бұл екі бала қосылса, бақытсыз болады» депті-міс. Қарабай осыған сеніп, жайлаудан Аягөзге көшіп кетеді. Сарыбайдың ағасы Ажыбайдың «антымызды берік ұстайық, серттен таймайық» дегеніне Қарабай құлақ аспай, көше жөнелді. Көп уақыт Баянауыл тауын жайлап отырады. Ол арада Баян сұлуды көруге көп серілер жиналады. Қодар Баянды олардан қызғанып, жолшыбай құдық қазып, тура Алатауға тартады. Еріксіз алмақ болған Қодарға Баян үш түрлі қиын шарт қояды: а) малдың есебін ал, ә) сусыз жерден көп терең құдық каз, б) Таңсықтың күмбезінің қасына Аягөздің суын келтіріп, үлкен көл жаса, дейді. Қодар бұның бәрін істейді. Бұл кезде Баян сұлуды іздеп, елінен Қозы Көрпеш шығады. Оның жолда көрген қиындықтары Жанақ ақын айтқандағымен бірдей. Алдымен Баянауылға келіп, Қарабайдың көшіп кеткенін біледі. Жұртта сайғақтың етін қақтап отырған бір қартқа жолығады. Ол Қозының қалай кетіп бара жатқанын білуге шыққан Ажыбайдың адамы екен, Қозыға жол көрсетеді.
Қозы Қарабайдың ауылына келіп, мал бағушы болады. Өзінің кім екенін Баян сұлуға сездіру үшін бір күні Қодар жоқта киіз үйдің есігінің алдында отырып, әдемі күй тартып, ән салады. Екеуінің жас күнінен атастырылған тарихын баяндайды. Сөз арасында «Жақында досы келеді, қабылдар ма екен қалындық» деп қайталап отырады. Бір күні Баян Қозының жарқыраған алтын шашын көріп қалып, оның Қозы екеніне әбден сенеді, содан кейін күймеде бірге жатып жүреді. Соңғы сарындары өзге нұсқалардағымен бірдей.
Қозы Көрпеш мұнарасы туралы халық аңызын көбірек жинаған түрколог Н.Н.Пантусов. Ғалым өз ойларын жергілікті газеттерде, журналда, кейде жеке кітап түрінде жариялап отырды. «Бұл белгі, - дейді ол, - өткен-кеткен адамдарды өзіне қаратпай қоймайды. Ол жойқын ұлы мұнара алыстан түсі қызылкүрең тартып тұрады. Халық аңызы бойынша, оны қалап шығарған тасты Алатаудан, Тарбағатай тауынан алып келген. Тау мен Аягөздің арасынан мыңдаған атты кісі қойып, тасты бір қолдан бір қолға беріп отырған. Тұрғызған мұнараны көп заман күн көзі шалып, жел мүжіген соң, оның түсі де өзгеріп, сыны кете бастаған». Бұдан әрі Н.Н.Пантусов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының мазмұнын таныстырады. (Ол туралы біз басқа тарауда тоқталамыз).
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» мұнарасын, оның сюжет құрылысын көп жыл бойы қызыға зерттеген аяулы ғалымдардың бірі Г.Н.Потанин. Ол кісінің ойынша, ескі дәуірден келе жатқан кейбір мұнаралар қазақ жерінде өте қадірлі саналады. Соның бірі - Семей облысындағы Қозы Көрпеш - Баян сұлу кешені. Кешен мұнараны даладағы тастардың бір келісті түрлерінен жасаған. Қозы Көрпеш - бақытына жетпей өлген бір ғашық. Аңыз бойынша, Қодар Баян сұлуды күшпен алмақшы болып, Қозыны атып өлтірген. Бірақ Баян оның қолына түспейді, Қозымен бірге өледі.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын жаңадан жинап, оның мұнарасын жақсылап зерттеу үшін Г.Н.Потанин көп ғалымдармен, қазақ ақындарымен, шежіре айтушылармен тығыз байланысып отырады. Осының нәтижесінде оның қолына «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» бірнеше варианты түседі;оларды жіберген атақты Абай ақын (1884 ж), Е.А.Александров, К.В.Урасов, тағы басқалар. А.Н.Седельниковтың Г.Н. Потанинге жазған бір хатында (№285) «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» аңызын жию туралы бүгін Атбасарға хат жазып жібердім» деп көрсетілген.
Г.Н.Потаниннің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын жаңадан жинау керек деген пікіріне А.Н.Белослюдов былай деген: «Сіздің Қозы Көрпеш туралы жазған хатыңызға көп ой бөлдім, ол туралы әрбір ауданға хат жазып, сұратып жатырмын, іске асатын түрі бар. Бұл аңыздың варианты неғұрлым көп болса, солғұрлым аса бермекші» (№32). 1917 жылғы хатында А.Н.Белослюдов экспедицияға шығып бара жатқанын білдіріп, «Қозы Көрпеш» жырын Балқаш төңірегінен, оның мұнарасы тұрған Аягөз маңындағы қазақтар ортасынан жиып алсам деген ниетін айтады. Семейге таяу жерде оның жаңа нұсқасы табыла қоймайды, бәрі Катановтың вариантына ұқсас келіп отырды. «Қозы Көрпештің кешеніне екі рет бардым, онда мүсін тастар бүтіндей жоқ. Кешеннің бір жақ бүйірін артиллерист нысана ғып атқан, ол қазір бұзыла бастаған. Марқұм ағамның (Виктор Николаевич) маған айтуынша, Қозы Көрпештің екі мүсін тасын Германияға алып кеткен. Виктор Николаевич Қозы Көрпештің өлімін суретке түсіру үшін көп мәлімет жинап алған еді» (35 хат) деп мәлімдейді.
«Қозы Көрпеш» жырын, басына қойған мұнарасын тексерумен бірге Г.Н.Потанин эпос қаһарманының өткен жолын да еске түсіріп айтады. Бұл жол - Қарабайдың Аягөзден Арқаға, одан әрі Есіл, Тобыл өзеніне дейін көшіп барып қайтатын жолы. Әрбір вариантта кездесетін аттары: Аягөз, Жауыр, Мейзек, Тоқырауын, Жамшы, Алтынсандық, Қарқаралы, Баянауыл, Қараөткел (Есіл бойы), Домбыралы, Моншақты, Түмен.
Қозы Көрпештің жаздыгүні отыратын жайлауы кейбір ескі вариант бойынша теріскейде, Түменнен әрі Мұз теңізіне таяу жерде делінеді. Мұны Дербісалин вариантынан (1834 ж.) көреміз:
Бір су бар ұзын аққан теріс түстікте
Табарсың тап сол жерден Қозы Көрпешті.
Демек, бұл жер ұзын аққан Ертіс пен Обь өзенінің қосылған жерлері. Айбас Баян сұлуға барып, еліне қайтқанда, Аягөзден бастап Арқаның барлық жерін оңтүстіктен теріскейге қарай аралап өтеді. Жолында Жауыр, Жамшы, Қарқаралы, Баянауыл, Нұpa қалады, Домбыралы, Моншақты, Есіл өзенінен өтіп Түменге, содан кейін Мұз тауында отырған үйіне келеді.
Айбас құла ат тізгінін бір тартып
Мұз тауында отырған үйге барған.
(Радлов варианты)
Баян ержеткенде Қозы Көрпешке арнап, Айбастан әдемі дүниелер жіберіп отырады, оның ішінде Алтын сандық (Жамшы өзеніне таяу жердің аты), Қарқара (бас киім), Домбыра, Моншақ (Моншақты) болады. Бұларды Г.Н.Потанин «Айбастың іздері» деп атаған. Демек, Қозы Көрпеш ержеткенде Баян сұлудың бірінші рет барып көргені Қозының ағасы Айбас. Жырдың әрбір вариантында Айбас Баян сұлудың жіберген сәлемдемесін Қозыкеге жеткізе алмай, жолшыбай жоғалтып отырады. Жырда былай деген:
Айбас құл адасқанын енді білді,
Ғарып жанын қыз үшін отқа салды.
Баян туған жерінде де демін алып
Баянаула деген тау содан қалды,
Жамшыда ақ жамшысы түсіп қалды,
Домбырасы, моншағы бірге түсті.
Айбас құл адасқанын енді біліп,
Есіл, Нұра бойына қайтып келді.
(Шөже, 1846 ж)
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының кейбір вариантында Қарабай жаздыгүні Аягөзден солтүстікке, Түменге қарай көшсе (Жанақ ақын), Сарыбай о да Сыр бойынан Арқаға көшіп барады, екеуі солтүстікте жайлауда жүріп дос болады, ол жақта бұғы өте көп, екеуі аңға шығып, бұғы атып қызық көреді. Аңыздың айтуынша, «Сарыбайдың арғы атасы түрікмен еді» дейді. Бұл әфсана ескі дәуірде Сыр бойын қоныстаған не оғыз, не қыпшақтарды еске түсіреді.УІ-Х ғасырларда оғыз бен қыпшақтардың қыстыгүні Сыр бойын қоныстап, жаздыгүні Сарыарқаға жайлауға шығатынын Жувейни, Рашидеддин, Абылғазы әдемілеп суреттеген. Демек, бұл оңтүстік пен солтүстік арасында көшіп жүру тәртібі түу ескі дәуірден келе жатқан дәстүр. Қыстыгүні жылы жақты қоныстап, жаз шыға солтүстікке, салқын жаққа жайлауға көшіп барып отыру ескі сақтарда, ғұндарда, үйсін, қаңлыларда болған әдіс. Бұл жағдай ескі заманның қызық әңгімесі «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» аңызында жарқын түрде сақталған.
Бұл жырдың В.В.Радлов жазып алған варианты бойынша, Қарабай жазғытұры Аягөзден шығып, алдымен Жорға, Жауыр, Шұбарайғыр тауларына келіп отырады. Бұл жерлердің аты Шұбартау ауданының жерлерінде осы күнге дейін сақталған. Шұбарайғырдан шығып, Қарабай, Қазанғап, Қусақ, Тоқырауын, Жамшы өзендеріне келіп, малын семіртеді, одан Орманбет, Атбасар төңірегіндегі Есіл өзеніне келеді, одан әрі Домбыралы, Моншақты тауларынан өтіп Түменге, Мұз теңізінің жағасына дейін барады. Жырда бұл сурет өте жарқын түрде айтылған:
Орманбеттен аттанған он сан ноғай,
Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Мұзтауына екі хан келді көшіп,
Байлығы шыққан екен талай-талай.
Мұхтар Әуезов бастырып шығарған Жанақ ақын варианты да солтүстікке қарай жайлауға көшудің суретін ашық түрде берген. Қарабай Аягөзден шығып, тағы да Жорға, Шұбарайғыр тауына келеді, одан кейін Мейзекке өтеді (Абыралы ауданы, Жанақтың туған жері), одан Тоқырауын, Жамшы барып, одан әрі Алтынсандық (Ақша тау төңірегі), Қарқаралы, Баянаула, Шідертіні басып, Қараөткелге (Есіл бойына) жетеді. Мұнан соң Домбыралы, Моншақтыны басып, Түменге, Мұз теңізіне өтеді. Осы араны жайлап қайтады. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу». Жанақ ақын айтуынша. (Жинаған М. Әуезов 1936,235 - 236 б).
Жанақ ақын айтқан вариант бойынша, Тобыл өзенінің бойы шалқып жатқан ұлы жайлау. Одан арғы жайлауды Балталы деп атаған. Бұл жазғы әдемі үй жасау үшін ылғи балта алып жүру әдет болғандықтан, қойылған ат болса керек. Жырда ол туралы айтылғаны:
Тоқтамай күн-түн қатып удай көшіп,
Екі бай Балталыға бірдей келді.
Балталы - Мұз теңізіне таяу тұрған салқын байтақ жайлау, жойқын өлке, шыбынсыз жаз, Қарабай Аягөзге көше қашып жөнелгенде, екі қыз ол жермен қоштасып, жөргекте жетім қалған Қозыкені есіне түсіреді.
Халық эпосында Мұз теңізінің маңайы қыпшақтардың жаз бойы отыратын жайлауы. Екі қыз мұны әдемі суреттеген. Қыпшақтың бұл жайлауы әсіресе «Ақ Көбек» жырында өте жарқын түрде айтылған. Алып ер Ақ Көбек жаумен алыспайды, оның алысатыны бір ғана теңіздің мұзы, табиғаттың аяусыз күші, мұз аршып, малға жайылым, өріс іздеп табады.
«Қозы Көрпеш» жырындағы бір әдемі мотив - Қозыкенің ағасы Айбастың Баян сұлуды көріп қайтсам деген тілегі. Ол кезде Қозыкенің әлі бала кезі. Айбас Қарабайдың көш жолына түсім, оның Аягөзде отырған ауылына келеді. Ол жерде Айтаңсық пен ержетіп келе жатқан Баянды көріп қатты қуанады, жарқырап өсіп келе жатқан Қозыкені айтып, оларды қуантады. Бірақ Қарабай мен Қодардың сұрқия ісіне кездесіп, қағысып қалады. Баян мен Айтаңсықтың көмегімен құтылып шығады. Баян сұлу Айбасты жолға шығарып тұрып былай деді:
Ау игім, бұл тіліңе сенейін - ай!
Икемге бұрынғыдай келейін - ай,
Апарып Қозыкеге табыс қылсаң,
Қолымнан аятын жүзік берейін - ай!
Онымен қабат алтын домбырасын, тағы көп алтын дүниелер жібереді. Бұл қадірлі тартуларды Айбас үйіне жеткізе алмай, жол-жөнекей жоғалтып отырды. Халық аңызы Алтынсандық, Қарқара (Қарқаралы), Домбыра (Домбыралы), Моншақ (Моншақты) секілді атауларды Баян сәлемдемелері түсіп қалған жерлер деп есептейді.
Жырда үзілмей айтылатын киелі сарын - Шоқтерек. Ол - Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың қызық көріп, ғашықтық өмірін қосқан, екеуінің махаббат туын тігіп, екі жүректің біріккен жері. «Қозы Көрпеш» әфсанасында қазақтар бұл Шоқтеректі сондай сәулетті етіп, шалқыта айтып берген. Халық аңызы бойынша, ол Шоқтерек кейінгі заманға дейін сақталып келген. Оны бірінші рет қазақтардың айтуынан жазып алған академик И.П.Фальктің адамдары, Шоқтерек Қозы Көрпеш - Баян сұлу мұнарасынан 8 шақырымдай солтүстік-батыста тұрған. Қазақ жыршылары оны әдемі жырмен Аягөзге сауда істеп жүрген Мұртаза Файзуллинге айтып берген. В.В.Радлов жазып алған вариант бойынша, бұл Шоқтерекке Айбас талай рет келген. Алдымен Баян сұлу өліп жатқан Қозыкені құшақтап көп қайғырады. Кейін Тайлақ би бастаған ел Арқадан Аягөзге келіп, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мұнарасын тұрғызады. Үлкен той жасап, ас береді. Халықтың қария сөзі бойынша, Айбас пен Айғыздың кешені де осы Шоқтеректің қасында болған. Бір таңғаларлық нәрсе, бұл Шоқтеректің тұрған жерін өткен ғасырдағы қазақтар жақсы біліп, сол маңды картаға түсіріп жүрген кісілерге айтып береді. Осының нәтижесінде 1909 жылы шыққан Күнбатыс Сібірдің он шақырымдық картасында «Чок-терек» бірге шығады. Бұл картада Қозы Көрпештің Аягөз бойында тұрған биік мұнарасы, Айбастың бейіті көрсетілген. Айғыздың кешені де осы арада болған. Ол жерді«Лес Чоктерек» деп атаған. Бір көңіл бөлерлік нәрсе, Шоқтеректі XIX ғасырдың 30 – жылдары Квартлей деген поляк суретке түсіріп, онда Қозы Көрпешті естеріне түсіріп отырған Баян сұлу, Ай, Таңсық, атпен келіп тұрған Айбастың бейнесін көрсеткен. Бұл И.Беленициннің «Қозы Көрпеш -Сұлу» жырын өте қызыға зерттеп жүрген кезі. Өкінерлігі сол, И.Беленициннің өзі түсірген суреттері, ол жинап алған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының қызық нұсқалары әзір табылмай жатыр
* * *
Қозы Көрпеш - Баян сұлудың бүгінге дейін сақталып келген мұнарасы, олардың мүсін тастары, оларға ұя болған Шоқтерек туралы жарқын түрде айтылатын аңыздар, эпос жырлар да аз емес. «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» қағаз бетіне түскен ең ескі нұсқасы XVI ғасырдың соңында Оразмамбеттің архивінде сақталып келген. Ол архивті жақсылап пайдаланған Хусаин Файзханов В.Р.Розенге дайындаған қолжазба каталогына кіргізіп қойған ( Архив 777, oп. I, д. 37 № I).
XVIII ғасырдан бері қарай «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» әфсанасын әдемі жырлаған атақты ақындар - Орманшы Сақау ақын, Жанақ ақын, Нысанбай, Найман бала, тағы басқалар. Олардың қолжазбалары XIX ғасырдың бас кезінде елге көп таралған. Қазақша ескі қолжазбаларды аса қадірлеген кісінің бірі А.А.Сперанский, инженер Беленицин еді (1822). А.А.Сперанскийдің қолына Абылай заманының бір ескі қолжазбасы түседі, Барлығы 30 беттей. Сперанский оны орысшаға аудартып, қазақша нұсқасы мен аудармасын Александр І-нің кеңесіне жібереді. Ол бүгінде Ленинград архивінде сақтаулы жатыр. XIX ғасырдың бас кезінде қазақша жазылған қолжазбаның ең ескісі «Едіге» жыры, Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақбала», «Бозжігіт», «Сейфіл - Мәлік» (1817 жылы Қазанда басылды), «Нәсіпнаме қазақ», «Қаратау» - «Ақтабан шұбырынды», «Шыңғыснаме». «Сәтемір хан», «Ізбасты бай», «Жан-жануарлардың дауласқаны» («Тышқанның өсиеті»), тағы басқалар.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының XIX ғасырдың басында арабша жазылған бір қолжазбасын бірінші рет Баянауыл төңірегінен тапқан инженер И.Беленицин (1825 жыл). Ол қазақша түпнұсқа мен аударманы Петерборға апарып, Сенатқа тапсырады.
Бірақ олар бүгінде қандай жерде жатқаны белгісіз. Оларды табу үшін Сенаттың көп архивін, Азия департаментінің архивтерін тегіс қарау керек. И.Беленицин декабристермен үндес болған, әр нәрсені жүйрік білетін, оқымысты кісі. Ол бірнеше жыл қазақ даласында жұмыс істеп, 1833 жылы Петерборға қайтып кетеді. Онда барып Сенатта Азия департаментінде, Ғылым академиясында қазақтардың рухани тіршілігі, әдебиеті, халықтық салты туралы лекциялар оқып жүреді. Петербордың көп ғалымдары «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын бұдан жақсылап біледі. Кейін астроном В.Федоровтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» аңызын жазып алуы да (1838) осымен байланысты.
Бұл кезде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын аса жарқын түрде жырлаған ақынның бірі -Болат Ғұбайдоллаұлы Уәлиханов. Ол Петерборға қазақ делегаттарын басқарып екі рет барады (1824,1828 жылдары). Осы соңғы барғанында Сенат оның «Қозы Көрпешті» айтатынын естіп, әдейі жиылыс ашып, Болатқа «Қозы Көрпеш» жырын айтқызады. Болат оны бір күн емес, үш күн бойы серпілте, шарықтатып айтады, көргендер таң қалады. Бұл әңгіме Петерборға тегіс жайылады. Болатты Николай патшаның өзі көргісі келеді. Болат оның алдында да ағыл-тегіл жыр төгеді, қасында тұрған тілмаш орысшаға аударып отырады. Болат Уәлиханов 1865 жылы қайтыс болған. Оның Сенатта «Қозы Көрпеш» жырын айтқаны сол кездегі «Северная пчела» деген газетте хабарланған.
XIX ғасырдың 40-жылдарына дейін Шоқанның әкесі «Қозы Көрпеш» жырының көп вариантын жинап алған, кейін оған Шоқан да өз үлесін қосады. Олардың ішінде Құсмұрын, Баянауыл нұсқасы, Жанақтың, Шөженің варианты, тағы басқалар бар.
XIX ғасырдың бас кезінде «Қозы Көрпеш» аңызын ең алғаш орыс тіліне жазып алған Н.М.Карамзин еді. Ол өлген соң оның зерттеуі бір журналда басылып шықты.
В.В.Радлов «Қозы Көрпеш» жырының түрлі тілде айтылатын нұсқаларын жиған, оның ішіндегі ең толығы және өте бағалы варианты қазақ тілінен жазылып алынған.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының екі нұсқасын, оның ішінде Шоқан жазып алған Құсмұрын вариантын және Шөже айтқан нұсқаны (1864) И.Н.Березин өзінің хрестоматиясына кіргізеді. Бұл екеуі де Шоқан арқылы Н.Ф.Костылецкийге түскен нұсқалар еді.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының қысқаша мазмұнын орыс тілінде айтып берушілер Е.Старков, А.М.Никольский, П.М.Мелиоранский, В.А.Кудашев, Н.Ф.Катанов, М.В.Готовицкий, Н. Я.Кошшин, И. Тараканов. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырына аса терең баға берген ғалымның бірі Б.А.Куфтин. Ол кісі «Қозы Көрпеш» жырын қазақтардың «Ромео - Джульеттасы» деп атаған. Ғалым Қозы мен Баянның бір-біріне қосылуына зұлым күштердің қарсы болғанын, мұның ақыры ғашықтардың өлімімен біткенін, олардың кешені сахарада осы күнге дейін сақталып келгенін,ол халық ортасында сондай әйгілі, қадірлі екенін айтады.
И Тараканов «Қозы Көрпеш Баян сұлу» әңгімесін әдемі тілмен айтып беруді ойласа да, көп жерін бұзып, халық аңызынан алыстап кеткен. Мұнда тек жырдың аты ғана келтірілгені болмаса,сюжеті тегісімен автордың өз ойы.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын орыс тіліне бірінші рет аударуға көңіл бөлген Лазарев институтының студенті Федор Ардашев. Ол туралы мәліметті Г.Е.Хаиттың айтуынан көруге болады. Алайда бұл жырды орысшаға әдемі аударған тек Георгий Николаевич Тверитин. Ол қазақ тілін бала кезінен біле бастаған. Оның туып-өскен жері бүгінгі Көкшетау облысы, Шучье станциясы. Бұл Георгий қазақ балалары оқитын мектепте оқып, қазақша судай біліп алады. Оған өте жақын болған ағайынды екі бала Жамақаевтар, олар Георгиймен қазақша сөйлесіп жүреді. Кейін ол Тобыл семинариясында оқып, әдебиетке қызығады, таланты жоғары өрлеп, өз өмірін әңгіме етіп жаза бастайды; Ленинградқа барып оқыған кезінде акындық шығармалар жазады. 1913 жылы Тверитин қазақтың эпос жырын орыс тіліне аударуды құлшына қолға алады. «Менің, - дейді ақын, - қазақ ортасына көп тараған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын, өзінің тарихи негізін әдемі сақтаған көркем ғажайып аңызды өлеңмен айтып бергім келеді». Аудармашының апасы Т.М. Фарафонтова оған көп қазақ материалдарын жинап береді. Алғашқы қолжазбасының кіріспе сөзінде ақын былай деген: «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» - қазақ халқының толқынды күймен жырлайтын махаббат жыры. Тілі тәтті құйылма ақындар оны кең даланың түкпір-түкпіріне жеткізіп, асқан жыршылар оны көркем бейнеге айналдырған.
Бұл жырды орысшалау мақсатымен Георгий Николаевич эпостың әртүрлі вариантын іздейді. Аягөз бойында тұратын Қозы Көрпеш - Баян сұлу мұнарасын көріп, оны суреттеп жазады: «Мұнара қызыл тастан салынған, биіктігі - 10 құлаш. Ол сондай қадірлі дүние, қазақтар оның қасынан өткенде жай өтпейді, көп айналып, дұға оқып, тарихи заманда романтикалы драма туғызған қаһармандарды есіне түсіреді». Бір кемшілік жері Г.Н.Тверитин В.В.Радловтың жаңсақ пікіріне қосылып, «Қозы Көрпеш кешені XVII ғасырда салынған болу керек» деп тұжырым жасаған.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын аударуға кіріскенде оның пайдаланған деректері Шоқанның жазулары, Ноғайбай ақынның шығармасы (Тарбағатай), И.А.Аничковтің, А.Н.Харузиннің зерттеулері «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» туралы Ақмола облыстық газетінде басылып шыққан халық аңызы жырдың Жанақ айтқан варианты. Жанақ нұсқасын не Аягөзден, не Шыңғыстаудан, не Г.Н.Потаниннен алған сияқты. Т.М.Фарафонтованың естелігіне қарағанда, Жанақ ақын туралы да әдемі сөздер жазып алынған. «Қозы Көрпеш - Баян сұлуды» жырлаған Жанаққа Құнанбай мен Солтыбай жақсы ат пен жібек шапан сый тартады.
Г.Тверитиннің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын орысша әдемі тілмен аударуға кіріскенін естіген Г.Н.Потанин жас ақынға көмек көрсетуді өзіне міндет етіп қояды. Бұл жағдай әсіресе Г.Н.Потанин мен Т.М.Фарафонтованың жазысқан хаттарында ашық суреттелген.
Бір хатында Т.М.Фарафонтова Г.Н.Потанинге қазақтардың жарқын, сұлу мінезін көріп қатты қуанады, «казахи очень милы» дейді. Одан әрі «Мой старший племянник, который написал о Козу Корпече в Петербурге, приедет (в аул) в половине августа. Я ему написала Ваши указания и советы», - деп жазады.
Осындай кеңестерді ескере отырып Г.Тверитин 1913 жылы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының бірінші вариантын өлеңмен жазып шығарады. Оған кіріспе сөз жазған Т.М.Фарафонтова бұл вариантты 1840 жылы ЦГАЛИ архивіне тапсырған. Жырдың Жанақ айтқан негізгі нұсқасы ең толық, ең көркем түрінің бірі. Оның мазмұны - ақынның кіріспе сөзі, екі байдың анда жүріп анттасуы (песнь о клятве), Сарыбайдың толғауы (песня Сарыбая), тағдырдың толғауы не Сарыбайдың тағдыры (Песнь о судьбе), қарт бақсының толғауы (песнь старого баксы), Қодарқұл (песнь о Кодар куле), Баян туралы жыр (песнь о Баяне), Қозыке туралы жыр (песнь о Козыке), махаббат туралы жыр (песни о любви), Тазшаның жырлары (песни тазша), Баянның жыры (песня Баян), күндестік туралы жыр (песнь ревности), Қозы Көрпештің өлімі, кек алу жыры (песнь о мщении), жоқтау жыры (песнь оплакивания), Баян сұлудың бірге өлуі (песнь о смерти Баян сұлу), Айбастың жыры (песнь джигита). Барлығы - 183 бет. Жанақтың нұсқасын әдемі жырмен орысшаға аударып, кейбір жерлерінде қазақтың рухани тіршілігін өз ойынан қосып отырады. Аудармашы бірінші вариантты толық бітіп болған соң, Г.Н.Потанинге, В.В.Вересаевке, В.А.Вересаевке, В.А.Львов-Рогачевке сынауға жіберіп отырған.
В.В.Вересаевке жазған хатында ақын «Посылаю Вам прелестную киргизскую поэму «Козу Корпеш и Баян сулу» деген.
Осы жіберген нұсқаның бір данасы әлі күнге Г.Н.Потаниннің Том университетіндегі архивінде сақтаулы тұр. Бұл вариант Шоқанның Н.М.Ядринцевке сыйға тартқан, Жанақтан жазып алған нұсқасына ұқсайды.
Г.Н.Потанин 1914жылы 1 январьда Т.М.Фарафонтоваға жазған хатында былай деген: «Рукопись Вашего племянника я передал двум своим друзьям с просьбой прочитать и сказать свое мнение. Через пять дней поеду в Омск, чтобы прочитать доклад в отделе географического общества. Там поживу неделю. Вернувшись и сам прочитаю киргизскую поэму и сообщу Вам о своем впечатлений». (Гос. Лит. музей на Б.Якиманке, архив Г.Н.Потанина, ф.151).
Революциядан бұрын Г.Н.Тверитин «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» аудармасын жарыққа шығара алмады. Ол тек совет дәуірінде, 1927 жылы Қызылорда қаласында басылды. Оған сол кездегі халық ағарту комиссары С. Сәдуақасов алғысөз, В.В.Вяткин рецензия жазған. Ақын Алексей бұл поэманы Ілияс Жансүгіровтің алғысөзімен Алматыда екі рет, Москвада бір рет (1949) жарыққа шығарды.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры ақындардың ауызша айтуымен қатар, қолжазба түрінде де көп сақталған. Олардың ескі дәуірдегі варианттары сақталмай жоғалып отырса да, кейбіреулері бізге келіп жеткен. Олар бүгінде қазақ әдебиетінің қымбат мұрасы саналады. XIX ғасырдың ішінде, XX ғасырдың басында бұл жыр Қазан қаласында жеті рет басылып шығады (1878,1879/1890,1894, 1896,1905,1909 жж.). Саудагерлер оны ауыл аралап жүріп сатқан.
Жырдың көбірек тараған кезі әсіресе біздің дәуір. Жырдың Бейсембай ақын шығарған нұсқасын ардақты жазушымыз Мұхтар Әуезов екі рет жариялады, кейін бұған халық ақыны Шәкір Әбеновтің айтқаны, филология ғылымының докторы Ы.Дүйсенбаевтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының варианттарын біріктіріп шығаруы қосылады. Манап Хасенов құрастырған хрестоматияға енгізілді. Махаббат құдіретін ардақтайтын «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры - халық өнерінің бір ұлы қазынасы, оның ой жүйесінің, рухани тіршілігінің жарқын бір үлгісі екенін көреміз.
* * *
Қазақ әдебиетінде ғасырлар бойы жарқын түрде жырланып келе жатқан «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жыры - ең ескі аңыздардың бірі. Ол көне замандағы түркі, моңғол тайпаларының арасында көп тараған бір ғажайып оқиғаның сюжеті. Бұл аңыздың ең ескі дәуірдегі (б.э.ІІІ ғасыр бұрын) бейнесі - жарқын өрнек, алтыннан құйылған ескерткіш ретінде сақталған. Онда «Шоқтеректің», оның түбіндегі екі жастың келбеті келтірілген. «Шоқтеректі» суреттеген бұл алтын бейне XVIII ғасырдың ішінде, Ертістің күншығыс жағында жатқан байтақ даладан, Алтай тауына таяу жерден табылған. Ол бейне бүгінде Эрмитажна сақтаулы тұр. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бұл эпикалы алтын бейне біздің заманымыздан III - IV ғасыр бұрын жасалған. Ол суретті ескі жазуларда «көшпелі елдің демалатын ағаш түбі» деп атаған. Қазақ пен алтай тілдерінде «Шоқ (чок) терек» дейді. Әдемі Шоқтеректің түбі, онда отырған жігіт пен қыздың суреті алтын ілгектің бетіне түсірілген суреттің негізгі фоны - жапырағы көп шоқ терек. Оның түбінде бір жас әйел мен сақа кісі отыр. Олардың тізелерінің үстінде өліп жатқан алып ердің бейнесі. Оның басы жас әйелдің тізесінде, құшағында болса, аяғы, бөксесі сақа кісінің алдында жатыр. Жігіт мініп келген екі атты бір қолымен ұстап отыр. Ағашта өлген ердің садағы ілулі, оның іші толған жебе, олардың қауырсын басы көтеріліп, жоғары шығып тұр. Әлгі кісінің басына кигені қазақша елтірі бөрік, белінде қамар белбеу, мұрты тас мүсіндегі мұрттар сияқты екі жағына созыла түскен. Әйелдің басында ерте замандағы қарқара төбесі жоғары көтеріліп биікке шығып тұр, үстіне кигені кебенек, бір қолымен өліп жатқан ердің басын сипап отыр. Әйелдің бейнесі, киген қарқарасы Пазырықтан шыққан қарқараға өте ұқсас.
Ат ұстап отырған кісі орта бойлы, басына кигені елтірі бөрік, үстінде қысқа бойлы кебенек. Әйел мен екеуі ұлы қайғыға түсіп, өліп жатқан ерді жоқтап отыр.
Аттың басындағы жүгендері өте сыпайы, ер-тоқымы үзеңгісіз, ерте заманның ері, ғалымдардың бақылауынша, Пазырық қазынасынан шыққан ер-тоқымға өте ұқсас. Ердің үстінде былғарыдан жасалған әдемі көпшік, алдында өмілдірік, артында құйысқан, жүгеннің әдемі тізгіні мен шылбыры бірдей көрсетілген.
Бұл Шоқтеректі суреттеген алтын ілгектің Пазырық дәуірімен (V - III) замандас болуы өте қызықты. Ол сол дәуірдегі тарихи-мәдени жағдайды еске түсіретін сирек белгі.
Мұның ең таңғаларлық жері - сюжетінің ерте дәуірдегі көшпелі тайпалардың тұрмысынан алынғандығы, эпикалық геройларды суреттейтін бір жойқын сурет екендігі. Сақ, ғұн үйсін дәуірінде «Шоқтерек» - эпикалық поэма шығарудың бір негізгі орны, оқиғаның молынан туатын жері, халық ойында ерекше орын алған, сүюдің махаббаттың мекені, Шоқтерек алып ердің күш жиып, шынығатын жері, өзімен бірге атының да тынығатын жері. Алып ер Шоқтеректің түбінде көп күндер ұйқыға батып, ғажайып түс көреді, өзінің сүйген жары, қалыңдығымен кездесіп, көп қызық дүниеге батады. Жау қолынан өлген ер әрқашан Шоқтеректің түбінен табылады, өлген ердің қалыңдығы Шоқтеректің түбінде отырып тірілтеді.
Ең ғажайып нәрсе - ескі дәуірде жасалған алтыннан құйылған Шоқтеректің, онда отырған адамдардың, оның әрбір көрінісінің сюжет мотивтері қазақ халқы мен алтай елі айтатын эпос жырында осы күнге дейін аса жарқын түрде сақталып келгендігі. Қазақ жыры «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» мен екеуінде де бұл сарын ұқсас. «Шоқтерек» алтай елі айтатын ең ескі аңыз, атақты ер Алтын мүйіздің баспанасы, ол атын осы араға байлап, өзі күндіз-түні қозғалмай осы арада ұйықтап жатады. Шоқтеректің түбінде отырып, музыкалық екі түрлі аспаппен күй тартады. Оның күйін тыңдауға жүгіріп аң да келеді, аспанмен ұшып құс та келеді. Қазақтың жырындағы «Шоқтерек» Қозы Көрпештің жататын киелі орны. Телеуеттер айтатын Қозыкенің мекені 1830 жылы Н.И.Потанин (әкесі) жазып алған қазақ аңызында қыз бен жігіт сүйісетін бір «Шоқтерек» Атасу өзенінің бойында делінген. Байдың қызын бір жігіт алып қашқанда, әкесі артынан қуып жетіп, атпақшы болады, қыз жігітті қорғаймын деп оққа ұшады. Жігіт жүгіріп шыққан биікке «Шоқ аман» (Шоқаман) деп ат қойылыпты. Әкесі өліп жатқан қыздың қасына келіп, сонша көп жылағандықтан, өзеннің аты Атасу деп аталған (Аносский сборник, стр. 279-280).
Ең ескі дәуірдегі әлеуметтік мотив - эпикалы геройлардың ұзақ ұйқыға берілуі. Қазақтың Қобыланды батыры теректің түбінде тоғыз ай, алтай елі айтатын Ақтойшы бірнеше жыл ұйықтап жатады. Қозы Көрпеш Шоқтеректің түбінде қатты ұйықтап жатқанда Қодар келіп атып кетеді. Баянның сөзі.
Бір пәледен құтылып қаша алмадың,
Қара басып, ұйқыңды аша алмадың.
Ояу болсаң, ол итке қылар едің
Ұйықтап жатып, Қодарды ата алмадың.
(Құсмұрын варианты)
Алтын бейнеде көрсетілген атақты сюжеттің мотиві қазақтар жырлайтын «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жырында тура сол қалпында сақталған. Шоқтеректің түбінде өліп жатқан Қозыкеге Баян сұлу мен ағасы Айбас келіп, екеуі оны көп заман әлдилеп отырады, екеуі де мұңды қайғыда болады.
Келді ғой Шоқтерекке Баян батыл,
Болады осы арада заман ақыр.
Зар жыламай не қылсын сорлы Баян?
Қозыке арыстандай өліп жатыр.
Баян жары қасына барды дейді,
Басын бұрып мойнына салды дейді
Қодар құлды өлтіріп, кегін алып,
Алған жарын құшақтап жоқтайды енді.
Жатырмысың, бауырым, жер бауырлап.
Қара жүнді қамыс оқ оны ауырлап.
Шыбын жаның бар болса, түре келші
Баян келді қасыңа құстай зырлап.
Баян сұлу Шоқтеректің түбінде Қозыкені құшақтап отырып, жасағаннан оның аз күнге тірілуін сұрайды. Тілегі қабыл болады. Бір вариантта Қозыке үш күнге тіріліп, жарық дүние көреді. Баян да армансыз құшып сүйіп, қызығына батады.
Үш күндік Қозыкені жан тербеткен,
Армансыз үш күн, үш түн дәурен сүрген.
Енді бір нұсқада Қозыке жеті ай тіріледі. Қозыке дүниеге келіп, төңіректің көп жерін аралап көреді, өзінің туған жері Сарыарқадағы еліне барып, анасын, туысқандарын, елін көреді.
Жасағанның қылығы күшті дейді
Сырлы аяққа бал құйып ішті дейді.
Неше күндей ойнасып жарыменен
Баяғыдай тебірене түсті дейді.
Мекен қылды сол жерде Шоқтеректі,
Жеті ай бойы қыдырып Қозы Көрпеш.
Шарқ ұрып төңіректі кезді дейді.
Бір күні Қозы Көрпеш пен Баян сұлу Шоқтеректің түбінде отырғанда, олардың алдына арда күрең мен бақа айғыр жетіп келеді. Ғашықтар екі атқа мініп, еліне тартады.
Екеуі алтын, күміс киім киді.
Баянға бақа айғырды ерттеп берді.
Қозыке күрең атты өзі мініп,
Сарыбайдың ауылын іздеп жүрді.
(Шөже, 1854 ж.)
Болмаса:
Сарыарқа қайдасың деп жүрді дейді.
Көп қиындықтан кейін екеуі Сарыбайдың еліне жетеді, халықтың сол кездегі жорасы бойынша, Қозыке қыз алып келген күйеу болып, бөгеліп далада отырады. Баян сұлу жүгіріп, Сарыбайдың үйіне келеді.
Қозыке күйеу болып түзде қалды,
Баян сұлу жарқылдап үйге барды.
Сарыбаймен Қаракөз қарсы шығып,
Үшеуі құшақтасып зар жылады.
(Шөже, 1864 ж.)
Соңынан бәрі жиылып, Қозыкені ауылға алып келіп, тегіс қуанады. Зарығып көрген әке мен шеше баласын бауырына басып, армансыз құшып сүйеді.
Жұрт білді Қозыкемен Баян атын,
Қолында жүзігі бар қызыл алтын.
Аман-есен келген соң қуаныш қып,
Алдынан шатыр тікті қырық бір қатын.
(Шөже, 1864 ж.)
Екінші бір вариантта былай делінген:
Жан тұрар ма жаралып бұлар сынды
Қозыкемен Баянның көңілі тынды.
Үлкен шүлен той берді жұртын жинап,
Үлестіріп еліне сонша малды.
Баба түкті шашты әзіз түске кіріп,
Аягөздің басына барасың деп
Қозыке мен Баянға аян берді.
(Жүсіп Көпейұлы)
Бұл жердегі таңсық нәрсе - Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың өліп-тірілуі, олардың жаңадан қызық өмірдің құшағына кіруі. Бұл сарынды М.П.Грязнов ерте замандағы қаһармандық жырдың ұлы мотиві деп санайды. Алып ерді жаулары тірі күнінде өлтіре алмай, оның тек ұйықтап жатқан кезін аңдитыны да осыған сабақтас. Мұны да «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры мен алтайдың «Қозы Эркешінен» көреміз.
Алтай елінің әфсаналарында өліп жатқан алып ерді тірілтуі жиі кездеседі. Алып ерді тірілту үшін сұлу қыз тұлпар атқа мінім, Алтай тауын тегіс аралап, шипалы су іздеп табады. Соның бірі Алтай аңызындағы Қозы Эркештің тірілуі. Алып ер Шоқтеректің түбінде жау қолынан өлгенде жұбайы Байым-Сур (Баян сұлу) дереу тірілтіп алады. Шоқтеректің түбінде Байым-Сур мен Бачигай Қараның екі аты тұрады. Бұл да ілгеріде сөз еткен алтыннан құйылған Шоқтеректің суретіне ұқсас. Демек, «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Қозы Эркеш» сюжеті де сол алтын ілгек жасалған кезде туған (б.з. V - III ғ. бұрын).
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын XIX ғасырдың бас кезінде жазып алғандар халық аузында жарқын түрде сақталған Шоқтеректің бейнесін де ұмытпаған. Оны белгілі суретшілерге айтып, ғажайып суреттер түсіртіп отырған. Баянды әдемілеп бейнелегеннің бірі поляк суретшісі Квартлей Шоқтеректің түбіндегі Баян сұлу, Айтаңсық, атпен келіп тұрған Айбас - үшеуі Қозы Көрпештің махаббатын естеріне түсіріп, ойға балқып отырғандай. Соған ұқсас әдемі суретті Сыр бойының қазағы Қожас Жамбаевтың суреттеуінше, XIX ғасырдың ішінде сырлы бояумен әдемілеп түсірген Д.К.Зацепин. (ГИМ, альбом Зацепина, № 30).
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын Алтай елінде айтылатын варианттармен салыстырып көргенде көп ұқсастық бар екені көрінеді. Мұны марқұм Ысқақ Дүйсенбаев пен С.С.Каташ та көрсеткен. Алтайда «Қозы Көрпештің» екі варианты бар, соның бірі «Қозы Эркеш» - батырлық жыр, екіншісі - ертегі түрінде айтылатын «Қозыке мен Баян», бұлардың сюжет құрылысы казак ақындары жырлайтын «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырына өте жақын. Айырмасы - қазақтың «Қозы Көрпеші» лирикалық толғаумен айтылатын поэма. Бірақ алтай елі мен қазақтар айтатын ұлы жырдың түпкі негізі, қаһармандары тегісімен бірдей. «Қозы Эркештің» бас геройлары Байым-Сур (Баян сұлу); Қодар уул (Қодар құл), Караты хан (қазақша Қарахан, Қарабай), Ақ хан, Ақ бөке, қазақтарда Ақ хан, екінші аты - Сарыбай. Қазақ халқы жырлайтын «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының кейбір ескі варианттарында оның бас геройлары Қарабай - Қарахан, Сарыбай - Ақ хан болып айтылады. Алтай елі мен барабалықтар да осылай айтады. Тегінде ескі дәуірдегі эпос жырында солай аталған болу керек.
Көп ғалымдардың зерттеуінше, алтай еліндегі эпос жырының ең ескі шығармасы - «Қозы Эркеш» және «Қозыке мен Баян». Ондағы ұлы мотив анасы баласының қиын, ұзақ, ауыр жолға шығуына қарсылық ететіні қазақ жырында бұл ескі аңыз реалистік түрде сәуегей ананың жалынуы, тілеуі ретінде не «ақ сүтімді көкке сауамын» деп қарғыс айтуы түрінде беріледі.
Қиқулыдан қырык, бөрі келсе жетіп
Онан қалай құтыларсың, қайран балам ?!
Мұндай сапарға атасы (әкесінің інісі) де қарсы болады.
Әй, балам, қайт үйіңе, жол көрінбес,
Қарабай барғанменен қызын бермес.
Ата тілін тыңдамай кеткен бала
Жолынан аман қайтып, үйін көрмес.
Алатауда айтатын варианттың сарыны алтай елі жырлайтын нұсқаға жақынырақ. Қозы Көрпешті сескендіру үшін анасы оның алдынан бақсы шығарып, ол неше алуан кедергіні көрсетеді, біресе бура болып шайнамақшы болады, енді бірде алдынан жүре алмайтын қою орман тұтасады, біресе тасып жатқан өзенге айналады. Бірақ ержүрек Қозы Көрпеш еш біріне бөгелмей өте береді. (Г К .Гинс жазып алған нұсқа).
Алтай елі айтатын «Қозы Эркеш» мотивтері архаикалық түрге ауысып, миф бола бастаған. Анасы баласының беттеген жолынан қайтпайтынын білген соң, Қозының алдынан «жыртқыш» болып та шығады. Мұның бәрі эпостың ескі дәуірде пайда болғанын сипаттайды.
Екінші ескі мотив - Қозы Көрпештің Қараты хан сарайына тазша болып баруы. (Бұл сарын «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында да орын алған. Қозы Көрпештің тазша болып жүргені Қодарға өте ұнайды, ол алғашқыда Қозымен дос болады, кейін Қозы мен Баянның арасында махаббат оты жана бастағанда Қодар оны біліп қойып, қатты қызғанады, Қозының жауы болып шығады. Бір күні Қараты хан мен Қодар Қозыны ұстап алуды ойлағанда, Байым-Сурдың көмегімен Қозыке хан ордасынан қашып шығып, Шоқтеректің түбіне барып жатады. Бұл мотив қазақ жырында тура осылай айтылады. Айырмасы, қазақ жырында Баян сұлудың бозторғайы болады. Ол құс Баян мен Қозы Көрпешті хат арқылы жалғастырып жүреді. Бұл мотив «Қозы Эркеш» жырында жоқ.
«Қозы Эркештің» бір варианты «Қозыке мен Баян». Онда Байым-Сур Қодармен өштесіп, оны өлтіреді.
Мотив қазақтікімен бірдей. Демек, алтай елі «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырын ғасырлар бойы жырлаған.
Жалпы айтқанда, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры түркі тілдес елдердің көбінде кездеседі. Олар қазақтар, алтайлықтар, телеуіттер, барабалықтар, башқұрттар, сахалар, ал ұйғырларда жырдың аты ғана сақталған.
Г.Н.Потаниннің бақылауынша, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының бір қызық ертегісі телеуіттер арасында жолығады. Бұлардағы нұсқаның қалай пайда болғаны белгісіз. Бір анығы, сол телеуіт вариантын өзге алтайлықтардан бөлуге болмайды, бәрі бір арнадан шыққан, сол арқылы қазақ жырымен де үндесіп отырады.
Ескі дәуірдегі түркі - моңғол халықтарының эпос жыры тек жырмен айтылып қоймай, алып ердің жұрттан асқан бейнесі алтыннан, қоладан, күмістен әдемі сурет болып жасалып та отырған. Алтыннан, қоладан құйып мүсін жасау - ерлік мотивін ардақтаудың бір түрі.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» ескі дәуірдегі сюжеті біздің заманымыздан екі мың жылдан аса бұрын шыққан. Сол кездегі көшпелі тайпалар бұл жырды ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа айтып, біздің дәуірімізге дейін жеткізген. Бергі кезде ол көп өзгеріске түсіп, кейде жаңа сюжеттер қосыла бастаған. Бірақ ол қалайда өзінің түбегейлі мазмұнын сол қалпында сақтады.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының қай кезде шыққанын жақсылап айыратын белгінің бірі - оның күмбезі. Бұл күмбез өте ерте уақытта, исламнан көп бұрын, ғұн заманында не Түрік қағанаты кезінде тұрғызылған белгі. Оны күмбездің күншығыс жақ бетінде тұрған мүсін тастар дәлелдейді. Тастан дөңгелек үйлер, мұнаралар жасау ғұн, Түрік қағанаты кезінде ерекше орын алған. Қыпшақпен оғыздар төбесінде күмбезі бар ондай дөңгелек тас үйлерді «дың», «діңгек», «үй тас» деп атаған, ол сөздер қазақ пен түрікмен тілінде сақталған. Дөңгелете салған тас үйлер жаздыгүні отыратын киіз үйге ұқсайды, асты дөңгелек, төбесінде биік еңсесі бар, сырты күмбезденіп, сәулет беріп тұрады. Қазақтың көп жырында айтылатын «еңсесі биік ақ орда» деген теңеме осы үйдің архитектуралық құрылысын сипаттаудан туған.
Тастан жасалған дөңгелек үйлердің архитектурасын түу баста жасап шығарған елдер сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар. Түрік қағанаты кезінде ол бұрынғыдан гөрі көркейе түседі. Бұл айтқан елдер жаздыгүні киіз үйде, қысқа қарсы киіз үйге ұқсатып жасаған жылы үйде отырған. Рум жазушыларының бақылауынша, «сақтар таудың стегінде кірпіштен үй салып, оның төбесін көтеріп, үйдің жоғары екі бүйірінен тесік қалдырады». Бұл сипаттама Қозы Көрпеш - Баян сұлу күмбезіне тура келеді. Тастан, балшықтан салынған мұндай үйлер әсіресе Қазақстандағы ескі дәуірде қоныстанған ғұн мен үйсіндерде көп болған.
Ғұндар өзінің тарихи дәстүрі бойынша байтақ сахарадан Еуропа жеріне ауып барғанда осы архитектураны өзімен бірге апарып, Дунай өзенінің бойында тастан дөңгелете жасаған үйлерді көп тұрғызады. Мұны жақсылап жазып қалдырған рум жазушылары Менандер, Приск, Прокопий, Феофилакт Симокатталар. Сонымен қатар олар ғұндардың әлеуметтік тәртібін, Орта Азиядан алып барған мәдениет мұрасын, халыктың ерлік сипатын әңгімелеген. Архитектура туралы Прокопий: «На море гунны выстроили выступы (қоршау қамал), которые они называют Мола. Местность между морем и стеной они загородили постройками» деп жазған.
Осындай ескі дәуірде жасалған қамалдың қалдығы XI - X ғасырлардың басына дейін, Көкшетау облысында Жақсы, Жаңғызтау көлінің бір жарты аралында сақталып келген. Тұтасынан қоршалған қамал төрт бұрышты порфир таспен қаланған, қалыңдығы екі-үш метрдей әрі биік болған, бірақ жел ұрып, су шайып, жермен-жексен еткен.
Феофилакт Симокатта ғұндардың бір тайпасы ауарлар туралы жазған. Ауарлар қырдан ауып, 560 жылы Дунай өзенінің бойында отырған туыстары ғұндарға қосылады. Мұнда келген соң олар өздерін «ауар» деп атады, мәнісі - ауып келуден шыққан (орысша .шар» -ауар (переселенцы). Ауарлар Еуропаға келісімен Дунай өзені бойында тастан қалап шығарған дөңгелек үйлер, берік қамалдар сала бастады. («Кругообразные земляные укрепления, кольца»). Жазушының айтуынша, Карл Великий әскер жіберіп, ауарлардың дөңгелек қамалдарын тегісімен қиратады.
А.Гильфирдиннің көрсетуінше, ғұн - ауарлардың дөңгелек үйлерін немістер «хиринга» деп атады. Оның сырты арық суымен қоршалатын болған. «В этом круге хранились несметные богатства, полученные ими (гуннами) от византийских императоров. Следы этих укреплений находятся доселе в разных местах Венгрии» дейді зерттеуші.
Әдемі сарайлар, храмдар, берік қамалдар, тастан салған дөңгелек үйлер Орхон жазуларында да айтылады.
Ол жазуда «тас қию» өнері, мүсін тас жасау шеберлігі, безеу өнері, балық (қала), орда (мемлекет орны), сарай, қамал, шатыр, «барақ үй» (тұрғызатын үй), қақпа, есік, олардың әдемі суреттері, бәдізші - суретші, тас безеуші туралы айтылады. Бұл сөздердің көбі қазақ тілінде әдемі сақталған.
Ғұн, үйсін дәуірінде тастан дөңгелетіп салған үйлердің қалдығы бергі кезге дейін сақталып келді. Олардың көп жолығатын жері Орталық Қазақстан, Торғай, Кеңгір өзендерінің бойы, Жетісу, Аягөз бойы, Тарбағатай, Алтай тауының іштері, Сырдария өлкесі (Дың - Қорған).
Жетісудағы ескі дәуірден қалған сәулетті құрылыстың бірі - Діңгек. Ол Ақсу өзенінің бойында, бүгінгі Жансүгіров селосынан 8 километр күншығыста, Өтептің сазы деген жерде тұрған. Қазір Діңгек жойылып біткен. Ол енді тек Н.Н.Пантусовтың, В.В.Сапожниковтің, В.И.Масальскийдің, тағы басқалардың жазулары арқылы мәлім.
Ескі бір мұнараның қалдығы Нұра өзені бойында, Қарттауының ішінде сақталған. Қазақтар ол белгіні «Қарабайдың қорғаны» деп атайды. Бұл күмбездің құрылысы да Аягөз бойында тұрған Қозы Көрпеш - Баян сұлу күмбезі сияқты болған. Қазір ол әбден мүжіліп біткен, тек тастардың ізі жатыр.
Тастан өріп жасаған биік дың архитектурасының жиі кездесетін жері - Орталық Қазақстан, оның ішінде Ұлытау ауданы. Бұл өлкеде онға тарта не бүтін, не бұзылып жатқан ескерткіш іргелері көрінеді. Ең сәулетті дың Домбауылдың кешені, Кеңгір өзенінің сол жақ бетінде, биік белестің үстінде, Жезқазған қаласынан 50 километр теріскейде тұрады. Ол туралы әдебиет өте бай. Оның құрылысы төрт бұрышты негіз (ірге), есігі күншығысқа қараған, іргенің үстіне сәулетті етіп сүйірбасты күмбез (мұнара) орнатқан. Тағы да бір дың Ұлытаудың теріскейінде, Тамды өзенінің бойында белестің үстінде тұр. Есігі күншығысқа қараған. Асты сегіз қырлы тастан өріп тоқыған, оның үстіне сүйірленіп шығатын биік күмбез орнатқан. Үйдің жалпы түрін қырнаған төрт бұрышты қалақ таспен өріп шығарған, мұның да түрі Қозы Көрпеш - Баян сұлу күмбезінен аумайды. Жергілікті казактар оны «Қара дың» деп атайды, демек, ылғи қара тастан тізіп шығарған. Оның бейнесі алыстан сәулеттеніп тұрады.
Осыған ұқсас кішіректеу үшінші «дың» Сарысу, Кеңгір өзенінің басталар тұсында, оң жақ бетіндегі жазықтау белестің үстінде тұр. Құрылысы жоғарыда көрсеткен дыңдармен бірдей, есігі күншығыс жақ бетінде. Бұл өте ерте кезде салынған болу керек, қалаған тастары арса-арса болып мүжіле бастаған, бірақ әлі де берік. Қалаған іргетастың көлденеңі үш, еденнің қалыңдығы екі метрдей. Осыған таяу жерде, Сарыкеңгірдің басында тағы бір дың сақталған. Бірақ ол бұзылып, үстіңгі күмбезі ортасына түскен.
Биік мұнаралы сәулетті дыңның бір түрі Кең өзеніне таяу жерде. Керей өзенінің жағасында, Керейт - Қағыл деген жерде сақталған. Бірақ әйдік құрылыс қопарылып, бұрынғы бейнесін жоя бастаған.
Дыңның аса бір жойқын түрі Атасу өзенінің бойында, Қараөзек деген жерде белестің биік басына орнатылған.
Тас дыңның бір сәулетті түрі Торғай жерінде, Шығырлы өзенінің бойында сақталған. Төрт бұрышты әдемі қара тастан салынғандықтан, қазақтар оны «Қара тас әулие» деп атайды. Сол сияқты бір сәулетті дың «тас мола» Құмды Еспенің Сарысуға құятын жерінде тұр. Биік дыңның бір түрі Терісаққан өзенінің Есілге құятын жерінде бір белестің үстінде, бұзыла бастаған. Қазақтар оны «дың - оба» деп атайды. Тастан биік етіп салған сондай бір дың Қарқаралы ауданында, «Нұркен» совхозының жерінде, Керегетас деген тау ішінде, Байқасқа өзеніне таяу жерде көрінеді. Оның да есігі күншығыс бетіне қаратылған. Қарқаралы, Нұра, Есіл өзенінің бойында тұрған дыңдар көне заман куәліктері болып саналады.
Сондай үй тастың бірі Бетпақдаланың Арка жақ шетінде, Сарысу жағында тұрады. Бұзылған үй тастардың іргесі Баянауыл ауданында Қызылтау алабында сақталған, енді бірі Орал тауының оңтүстік беткейінде (үй таш) кездеседі. И.П.Шангин ондай үй тасты Көкшетау төңірегінде, Көң өзені бойында көреді (здание сложенное из известкового камня, основание круглое, оканчивается полушарием).
Бұл келтірген тарихи, мәдени мұралар ислам дәуірінен көп заман бұрын орын тепкен, сол кездің өзінде-ақ тайпалардың биік мәдениет сатысына көтерілгенін, дүниеге көзқарасын, олардың іскерлігін, шеберлігін сипаттайтын белгілер. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры халықтың жүрегіне қандай толғану, қандай егілмелі ой түсірсе, оның күмбезі де халыктың жан күйін сондай толқынды сезімге бөлеген. Сондықтан бұлардың барлығы бір кезде жасалған өшпес мәдениеттің ұлы мұрасы екенін көрсетеді.
«ҚОЗЫ КӨРПЕШ - БАЯН СҰЛУ» ЖЫРЫНЫҢ ВАРИАНТТАРЫ
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры - қазақ эпосының ең көне нұсқаларының бірі. Бұл жырды Болат Уәлиханов 1828 жылы Петербургте Сенат үйінде үш күн айтып бітіре алмаған. Оның варианттары өте көп, оның түрлі нұсқалары екі ғасыр бойы жиналып келеді. XVIII ғасырда бұл жырды Сақау (Баянауыл), Жанақ (Қарқаралы), Сыбанбай (Көкпекті), Шөже (Көкшетау), Құлтума (Қорғалжын), Баубек, Бейсенбай (Шыңғыстау), Сегіз сері (Обаған), Айтбай (Аякөз) Қатпа (Ташкенттің түбі) айтқан. Солардың ішінде Аякөз бен Лепсі бойындағы айтушылардың қолжазбалары сақталған. Бірақ орындаушылардың аты жазылмаған. Осы мәселені жете зерттеп, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының тарау тарихын жүйелеудің өзі бір ғанибет іс. Бұл жырдың варианттарын бірінші рет ғылыми тұрғыдан тексерген Ысқақ Дүйсенбаев. Оның айтуынша, жырдың 16 варианты болған, бірақ олар әлі де жаңадан зерттеуді керек етеді. Ысқақтың келтірген варианттарына 10-ға таяу нұсқалары кірмей қалған. Олар И.Беленицин тапқан қазақша екі нұсқа, Құлтума ақынның жырлағаны, Ташкент түбіндегі Қатпа ақынның айтқаны, проф. Саблуковтың Көкпектіден алған варианты (1855), Н.Н.Пантусовтың Лепсі бойынан тапқан варианты, орысша жазылып алынған ескі варианты, Г.К.Гинстің Алатауда Шарын өзені бойында қағазға түскен және П.Золотовтың ең алғаш орыс тілінде баяндалған варианты.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының қазақша ескі нұсқасы - Баянауылдың нұсқасы. Ол қолжазбаны 1827 жылы Баянауылдың Бадыс деген бір қариясынан Қазақстанды зерттеуші И.Беленицин табады. И.Беленицин Петербургтің архитекторы, ескі мұраны ерекше қадірлеген. Қазақ даласына қала салына бастаған кезде (1824 - 1827 жж.) ол Омбыдағы әкімшілік қарамағына келіп, генерал-губернатордың ерекше тапсырмасын орындайтын қызметкер боп орналасады. 1825-1830 жылдары ол қазақ ауылында тұрып, қазақ тілін үйреніп, қазақ халқының этнографиясын, рухани тіршілігін, заң жүйесін зерттейді. Ахмет Жантуринді серік етіп алады. Халық әдебиетінің нұсқаларын жинап, оларды талдайды, бірнеше рет қазақтың философиялық көзқарасын, ой-сана ағымын зерттеп, жоғары баға береді. Ел ішін көп аралап, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» аңызы туралы жинақты қолына түсіреді, оның бір нұсқасын Аягөз бойынан табады.
И.Беленицин «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының қолжазбасын орыс тіліне аударуға белсене кіріскен. Ол туралы Петербург пен Омбы қаласының арасында жазысқан хаттар өте көп.
И.Беленицин Күнбатыс Сібірден Петербургке қайтарында (1833) ол жердің әкімшілік басқармасына ресми хат жазып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын қазақ тілінен орысшаға аударуды өтініш етеді. «Тақсыр, сіздің қарамағыңызға «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын жіберіп отырмын. Бұл татар тілімен жазылған қазақтың бір ғана қолжазбасы. Бұл өте ерте кезде шыққан жырдың нұсқасы, осы күнге дейін ешбір өзгеріссіз сақталған, ақындар асқан шабытпен егілте айтады. Сондай жырдың бірі «Ақбала - Боздақ», бұл екеуі халық аузында үздіксіз айтылады. Менің сізден сұрайтыным: осы екі поэманы тілмаштардың біреуіне бұйрық беріп, оған орыс тіліне аудартсаңыз. Аударушы қазақ ойын бұзбай, сол қалпында айтып берсе, біздің тілге әдемі етіп келтірсе, барлық ынтасын салып, поэманың өзі қандай болса солай етіп келтірсе. Поэманы аударып болған соң оның нұсқасын, аудармасын маған жіберуіңізді өтінемін. Оларды зерттеген пікірлер менің өзімде бар, тағы көркем тұжырымдар керек болса, ол жерін өз міндетіме аламын. Бұл поэмалардың маған керек жері, мен қазақ - қырғыз халқының рухани тіршілігін, ой-санасын, түсінік істерін жазу үшін пайдаланбақпын».
Бірақ И.Беленициннің бұл жырды тез орысшаға аударып, баспадан шығару керек деген ұсынысын Күнбатыс Сібірдің әкімдері тез орындай қоймайды. И.Беленицин Сенат арқылы ықпал жасайды. Қолжазба көп уақыт Сенат үйінде жатып, кейін Дурасов деген Омбыға жібереді. И.Беленицин Омбыдан Петербургке кетерінде Қазақстан жерінен жазған барлық материалды өзімен бірге алып кетеді. Оның ішінде қазақтың заң құрылысы, әдеті, халық жыры туралы деректері бар. Бұл жағдай Күнбатыс Сібір әкімдеріне ұнамайды. Беленицинте жазған бір хатында бұл оның есіне түсірілген. «Сіз бұл материалды Петербургте отырып тәртіпке түсірмекші болған едіңіз. Сенаттың бізге жазған хаты бойынша сіз сол астананың өзінде қалмақ ойыңыз бар көрінеді. Олай болса, ол материалды тәртіпке келтіріп, тегісімен өз атыңыздан Азия департаментіне тапсырып, маған хабарларсыз». Сондай-ақ сол адамның Азия департаментіне жазған хатында: «Беленицин бүгінде Петербурге демалыста жүр. Бізге екі қолжазба тапсырып, орыс тіліне аударып беруді сұрайды. Оның ойынша, бұл қолжазбалар оның зерттеуіне керек сияқты. Бірақ бұл жазбалардың ішкі мазмұнында оған пайда келтіретін ешнәрсе жоқ. Біздің оған берген жауабымыз, қолжазбаларды Баянауыл дуанында аударып болған соң Азия департаментіне тапсыр дедік».
Баянауыл төңірегінен И.Беленицин тапқан «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры - оның ескі вариантының бірі. Оны жоғарыда келтірген мәліметтер жарқын түрде сипаттап бере алады. Оған сол кездегі орыс халқының оқымысты адамдары (В.Федором, П.Золотов, С.Б.Броневский) ерекше көңіл қойып, оны бірінші рет орыс тіліне аударуға себепкер болған. XIX ғасырдың 20 жылдарының аяғында «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» аңызы Петербург пен Омбы қаласында аты шулы тарих болды. Сенатта, Азия департаментінде, Ғылым академиясында кеңінен мәлім болды, Сенат қызметкерлерінің Болат Уәлиханов жырлаған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын үш күн бойы тыңдауы (1828) осының бір дәлелі.
1827 жылы табылған Баянауыл вариантының орысша қара сөзбен айтылған толық нұсқасы сол кезде шыққан газет, журналдарда ауық-ауық басылып жүрді.
Баянауыл вариантының айтуынша, Сарыбай қыста Сыр бойын қыстап, жазда теріскей өлкені жайлап жүрген. Қарабай Аягөз бойын қыстап, жаздыгүні ол да теріскейге барып, Сарыбаймен бірге қоныстанған. Теріскейдің салқын жайлауында екеуі дос болып, бұғының көп жүретін орманында екеуі аң аулап, қызық көреді. Аң аулап жүріп, екеуінің біріне-бірі сүйінші етіп айтқаны - әйелдерінің жүкті екендігі. Екеуі біріне-бірі уәде беріп, бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, айырылмас құда болайық деп анттасады. Әлден уақытта аңшылардың қасына біреу келіп, асығып айтқаны: «Сарыбайдың әйелі ұл тапты, Қарабайдың әйелі қыз тапты» деп сүйінші сұрайды. Аңшылар қуанып үйіне келді, үлкен байтақ той жасап, қуаныш етті. Сарыбай ұлының атын Қозы Көрпеш, Қарабай қызын Баян деп қояды. Жаздыгүні көшіп келгенде кішкене бөбектер сегіз жылдай бірін-бірі көріп жүрді. Бір кезде жұрттан қадірі асқан Сарыбай тағдырдың өлшеуіне кез болды. Аяулы, жарқын өсіп келе жатқан бүлдіршін Қозыке жетім қалды. Сарыбайдың бұрынғы атағы жұрт көзінше өше бастады. Бір уақытта Қарабай да олармен санасуын ұмытып, Аягөзге көшіп кетті. Бұл оқиға Сарыбайдың, Қозы Көрпештің елін, жерін жоқтап, көш ішінде отырған екі қыздың жан күйдіре айтқан жырында ашық сипатталған.
Сарыбайдың енді аман бол қалған елі,
Жайлауы қалың ағаш, аққан селі.
Сегіз сай тау бөктері толған сала
Екпе, жиде, алма ағаш көлеңкелі.
Қарабай көшіп кеткенімен,Сарыбайдың інілері Тайлақ би кейде Ажыбай, Айбас онымен қара үзгісі келмейді, бұрынғы анттасқан шарт бойынша бөбектердің тумай тұрған кезінде құда болған антты берік ұстанғысы келеді. Осы ретте Айбас теріскейде отырған жайлаудан Аягөзде отырған Қарабайдың үйіне барып, онымен ашық түрде сөйлеседі, бірақ Қарабай ашық жауабын бермейді. Айбас ержетіп келе жатқан сұлу Баянды көріп қатты қуанады, онымен оңашада отырып сөйлеседі. Баянның бар ынтасы жас күнінен айттырып қойған ғашық жары Қозыкеде екенін біледі. Баянның Қозыкеге арнап жіберген көп қымбат сыйларын алып, теріскейде отырған еліне қайтады. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының әрбір вариантында Айбастың бұл бірінші рет Баян сұлуды көріп, оның сипатын Қозы Көрпешке келіп айтуы реалистік түрде шешілген.
Бала күнінен Баян сұлу туралы талай рет естіп жүрген Қозы Көрпеш тез арада Баянды көруді арман етті. Баянауыл вариантында Қозы Көрпеш Қарабайдың үйіне тазша түріне түсіп бармайды, ескі дәуірден келе жатқан жора бойынша ұлы салтанатпен, қасына көп жігіт ертіп, күйеу болып барады. Аягөздің бойына жетіп, Шоқтеректің түбіне алтын шатырын тігіп қояды. Қасына еріп барған шешен билерін Қарабайға жіберіп, бұрын әкесімен аттасқан шартты орындауды сұрайды. Қарабай оған қарсы болмай, Қозыкенің оған күйеу болғанына сенеді. Қодарды онымен дос болуға шақырады. Шатырда жатқан Қозы Көрпеш түн ішінде күймеде жататын Баян сұлуға жасырынып келіп жүреді. Бір кезде Қодар оны біліп қойып, күндестікпен Қозыекеге қастық істемекші болады. Көп құлдарын жиып, Қозыны өлтіруді ойлайды. Баян сұлу оны біліп қойып, оны тез ауылдан кетіріп, Шоқтеректің түбіне барып жатуға ұйғарады. Қозының Шоқтеректе жатқанын Қодарға Баянның жеңгесі білдіреді. Қодар Қозы Көрпешпен соғысқа шықпағын Қарабайға айтады. Екеуі көп әскермен далада келе жатқанда, Қарабай: «Осы, істі қояйық үйге қайтайық», - деп Қодарды шақырады.
Айдалада құрулы шатыр тұрды,
Алтын Айдар жарқырап жатыр дейді.
Әлде болса Баянға қосалық деп,
Көргеннен соң Қарабай қия алмайды.
(Құсмұрын варианты)
Қарабай қайтып үйіне кетеді. Қодар оның тілін алмайды. Шоқтеректің түбінде ұйықтап жатқан Қозы Көрпешті ол алыстан қарап көреді. Қозы Көрпеш бір ұйықтаса он төрт күн тұтасымен ұйықтайды, екен. Қодар ұрланып барып, қатты ұйықтап жатқан Қозыкені жүректен атып өлтіреді. Бұл туралы Баян сұлудың Қозы Көрпешті жоқтауында да айтылады:
Қара басып, ұйқыдан шыға алмадың,
Ояу болсаң ол итке қылар едің.
(Құсмұрын варианты)
И.Беленициннің бұл нұсқасында ислам дінінің әсері жоқ, көне үлгі. Шөже ақын қосып айтатын бергі кездегі әлеуметтік сарын кездеспейді. Онда егіліп жырланатын көркем мотивтер бір ғана Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббатына арналған. И.Беленициннің Баянауыл вариантын Азия департаменті мен Сенаттың архивінен іздеп тауып, оны жарық дүниеге шығару бір ұлы мәдени жетістік болып табылады.
Осындай ерте кезде жазылған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының қазақша бір нұсқасы Абдылхайыр Дербісалиннің варианты. Ол нұсқа 1834 жылы сентябрь айының 20-сы күнінде жазылып біткен. Бұл Көкшетау мен Атбасар төңірегінде жырланатын «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» аңызының бір жарқын елесі. Дербісалиннің өзі Көкшетау төңірегіндегі Есіл бойын мекендейтін уақ тайпасынан шыққан, Баян батырдың ұрпағы. Аталары Абылай мен Уәлихан заманында атақты би саналып, заң жұмысын құрысуға қатынасқан адамдар. Абдылхайыр сол жылдары Көкшетау ауданында хатшы болып істеп, кейін Күнбатыс Сібірдің облыстық мекемесіне ауысады. Ол И.Беленицин тапқан «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырымен таныс. Оның жазған вариантында да исламның әсері көрінбейді. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» сезім толқынымен сәулетті етіп айтатын күншығыс еліндегі жеті ғашықтың бір ғажайып түрі екенін сипаттайды. Абдылхайыр «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын әдемі араб харпімен 16 беттік үлкен терідей қағазға жазып түсірген, барлығы 600 жолдай.
Жырдың басталуы былай:
Өлеңді айтып-айтып біз кетелік
Ісіне құдіреттің не етелік?
Қарапайым өлеңді кім айтпайды,
«Баянды - Қозы Көрпеш» тербетелік.
Жырдың аяғы да осылай жақсы біткен. Суреттің құрылысы тегісімен барлық вариантта жолығатын суреттерге дәл келіп отырады, бірақ қысқартып айтқан. Әкесінен жетім қалған Қозы Көрпеш ақылды анасы мен кемеңгер ағаларының қолында еркін өседі. Бала күнін бірыңғай асық ойнаумен өткізеді.Тазша баланың сақасын тартып алып, оның аузынан: «Менің сақамды тартып алғанша, жарыңды іздеп тапсайшы» деген сөз естиді. Кемпірдің өрмегіне тигенде бұл сөзді тағы құлағы шалады. Бұларды естіп келіп. бала анасынан сұрайды. Анығын біліп, Қозыке қатты қамығады. Баян сұлуды жақсы көруі сонша, оны іздемекші болады. Анасы әлі жассың, баруға болмайды деп ақыл айтады: «Алдында саған кездесетін талай қиындықтар бар, одан қайтып өтерсің, Қозы Көрпеш?» Қозыке оған қарамай жүріп кетеді. Қиын істің бәрін жеңеді. Аягөзге жақындай бастағанда бір сәуегей ананың үйіне кездеседі, одан Қарабайдың, мұнда Сарыбайдың үйін сұрап біледі. Дербісалин вариантының бір ерекшелігі, Қозыке мұнда тазша түрінде түспей, тура Қарабайдың (Сарыбай) өзіне келіп сәлем береді. Айтқаны:
Жау шапқан ел-жұртымды мұңды едім
Ұлсызға ұл болайын депті, - дейді.
Қарабай ертіп үйіне кіргізіп, өзін таныстырады: «Қолымда қырық құлым бар, оның бастығы Қодар. Ол жүргізсе, жүргізермін депті дейді». Бұл мотивтері Баянауыл вариантымен бірдей. Онда да Қарабай Қозы Көрпешке қарсы болмай, оның тумай тұрып өзіне күйеу болғанын есіне түсіреді. Бұл жағдай Қозы Көрпешке жол ашып, оның Баянмен жақындасып, махаббат қызығына түсуге меңзейді. Бірақ Қодар онымен күндес болып, қарсылық істеп жүреді. Оқиға әбден шиеленіскен кезде Қодар оны атып өлтіреді.
Демек, бұл Дербісалин варианты ешбір өзгеріске түспеген тарихи замандағы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының ең жарқын түрінің бірі. Оны әлі де болса түзетіп, бастыру келешектегі ғалымдардың зор міндеті.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының ең көлемді, әрі көркем, әрі ең көне түрінің бірі -атақты Жанақ айтқан нұсқасы. Бұл жырды Жанак ақын XIX ғасырдың 20-40 жылдары айтып, бірнеше нұсқа қалдырады. 18-20 жылдары найман төрелерінің алдында, одан кейін Өскенбайдың асында Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың өксік болған махаббат ынтызарлығын қобыздың үнімен асқақтата әдемілеп жырлағаны үшін Жанаққа айтулы сый, жүлде тартады. 40-жылдың бас кезінде Жанақ Құсмұрында отырған Шыңғыс Уәлихановқа барып, бұл жырды оған және баласы Шоқанға айтып береді. Шоқан ол кезде арабша жақсы білетін 7-8 жасар бала. Шоқан қыпшақ Жұмағұл ақыннан «Едіге» жырын естіп біледі. Оның ең ескі, XV ғасырда жазылған бірінші нұсқасын Жұмағұл Шыңғысқа тарту етеді Шыңғыста оның үш варианты болды. «Біз Шыңғыс екеуміз 1842 жылы ол үш вариантты біріктіріп, бір толық нұсқасын жасадық. Ахмет оны таза қағазға жазып шықты. Менің орысшаға аударғаным осы вариант еді» (Ч.Валиханов. Соч. 1904,226-225).
Шоқан кейінірек «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының тағы бір нұсқасын атақты Жанақ ақыннан жазып алып, оны өзінің жақсы көрген досы Н.М.Ядринцевке сыйға тартқан көрінеді. Рапопорттың байқауынша, бұл нұсқа Н.М.Ядринцевтің архивінде сақталған сияқты.
XIX ғасырдың 40-жылдарынан бастап «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын жинаумен шұғылданған ғалымның бірі Н.Ф.Костылецкий. Ол жырды өзінің шәкірттері мен тілмаштар арқылы жинап алуға тырысқан. Ерте кезде Жанақ айтқан үш нұсқа ешбір өзгерусіз бүгінге дейін сақталып келген. Оның ең бірінші нұсқасы 1840 жылы Құсмұрында жазылған, екінші нұсқасын Шоқан жазып алып Н.М.Ядринцевке берген, үшінші нұсқасы тілмаш А.А.Фроловтыц көшірмесі. Солардың ішіндегі ең сәулетті нұсқасы Шыңғыс Уәлиханов жаздырып алған «Құсмұрын варианты». Бұл нұсқаны Шыңғыс көп қазақ қолжазбасы мен бірге 1840 жылы шекараны билеп отырған М.К.Ладыженскийге жібереді.
Бұл «Құсмұрын варианты» туралы пікірді біз Н.Ф.Костылецкийдін И.Н.Березинге 1851 жылы жазған хатынан анық көреміз. Онда: «Бұл «Құсмұрын» нұсқасын менің қайтыс болған бір досыма жіберген - Құсмұрын округін билеп тұрушы Шыңғыс сұлтан, Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің ұлы. Жырдың кейбір сөздері маған таныс болмаса да, бірақ сеземін. Мұнда халыктың өмірі, рухани тіршілігі, жай-күйі ерекше сипатталған. Поэманың әрекеті Аягөз өзенінің бойында, ғашық болған геройлардың мүсін тасы тұрған жерде болған. Олай болса, бұл жыр Ұлы жүз қазақтары арасында, қырғыздар ішінде де болуға тиісті. Егер бұл жер Құсмұрын төңірегінде, Орынбормен шектес жерде айтылатын болса, ол Ұлы жүз қазағының ортасында болуы күмәнсіз. Бұл жыр ерте заманда бүкіл қазақ сахарасына кеңінен тараған әдемі махаббаттың атын шалқыта айтқан бір жыр, ол сол махаббат атын әлі күнге халықтың ойында сақтап келеді, оны барлық құйылма ақындар төгілтіп жырлайды», - делінген. (Письмо Березину от 7 августа, 1851 г. Архив Г.Н.Потанина. НБТР, с. 129. лл. 5349-5340).
Бұның бір қызық жері: «Құсмұрын нұсқасы» мен А.Фроловтың көшіріп жазған нұсқасының біріне-бірі өте жуық. Жалғыз-ақ А.Фролов көп сөзді түсінбей, қате жіберген. Екі жырдың басталуы бірдей, Шоқанның Жанақтан жазып алған нұсқасы солай басталады:
Мекен іздеп жігіттер кел кетелі,
Ортасында Көктөбе белгі етелі.
Азаматтар ерінбей тыңдасаңыз,
Қозы Көрпеш - Баянды тербетелі.
Н Ф. Костылецкийді есіне түсіріп, оның қазақ әдебиеті туралы еңбектерін бағалап жазған мақаласында И.Н.Березин «Құсмұрын вариантына» ерекше көңіл қойып, бұл туралы Костылецкийге айрықша баға берген. «Ол, - дейді, түрік тілдерін жақсы білген ғалымдардың бірі еді. Бірақ оның аты әдебиетке белгісіз болып қалды. Қазақтар өте ардақты ұстады, ол қазақ тілін бала күнінен жақсы білген еді. Сахарада отырған елдің өмірін, тілін жақсы көру Н.Ф.Костылецкийдің сүйген ісі еді, Қазан университетін бітіріп, Омбының Кадет корпусында оқиды. Марқұмның қағаздары маған келіп жиналды, олардың ішінде көзге ерекше түсетіні қазақтың қолжазба текстері, әсіресе «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жырының нұсқалары. Оларды Н.Ф.Костылецкий 1851 жылы 12 декабрьде жіберді. Ол қолжазбаларды кейін түрікше хрестоматияға кіргізбек ойым бар». Қазақша қолжазбалар жіберумен қатар, Н.Ф.Костылецкий И.Н.Березинге «Құсмұрын вариантының» орысша аудармасын жібереді. Оны түпнұсқадан орысшаға Ш.Уәлиханов Кадет корпусында оқып жүргенде аударады. Ал қолжазбаны жүйелеген - Н.Костылецкий. Әсіресе, жер аттары, тайпалар, жаңа қосылған персонаждар, дін әсері белең алып отырады. Бұл жағынан алғанда Баянауылдан табылған И.Беленициннің варианты мен Жанақ ақынның әдемі сақталған XIX ғасырдың 30-50 жылдарға дейін айтқан үш варианты ғасырлар бойы таза айтылып келген тарихи суреттің ең көркем түрі болып табылады. Олар Алтай елінде айтылатын «Қозе Эркеш» жырына өте жақын.
Жанак жырлаған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын Абай мен оның балалары аса қадірлеген. Абайға еліктеп бұл вариантты әдемі жырлаған ақындар Бейсенбай, совет дәуірінде керей Уәйіс ақын. Оның айтуынан Мұхтар 1924 жылы бір көркем вариантын жазып алып, кейін баспадан шығарады. Көп жаңалық қосып, сондай бір нұсқасын бергі кезде шығарушы, Абай үлгісінен тәрбие алған Шәкір Әбенов.
Мұхтардың Бақанас бойында жазып алған «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жыры Абайдың қолжазбасымен бірдей, тек арасына жаңа сөздер қосылып отырған. Абай бұл жырды 1884 жылы жазып, оны өзінше орыс қарпімен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» деп атап, қадірлі ғалым Г.Н.Потанинге жібереді. Онымен бірге ерте кезде жазған қысқа поэма «Жаңа закон» деген жырды қоса жібереді. Әдірісін орысша жазып, «Семипалатинского уезда, Чингизской волости А.К.» деген. Жырдың көлемі - екі мың алты жүз жол, Абай жас кезінде әдемі араб қарпімен жазған, сөзі сондай ашық, көркем. Халықтың жай-күйін жүйрік білген Абайдың жарқын, саңлақ ойынан шыққаны айқын көрініп тұр. Жырдың тексінде Абайдың өзі ғана айтатын сөздер, сөйлемдер түрінде кездесіп отырады. Мәселен, «ту жығылса, болдық қой қас масқара», «бай мақтанын асырмақ, ол істі аңғар», «Қас алтыннан қолында жүзігі бар», «Сүймес кісім кез болса қас шұнақпын», «Аң-таң қалма ағалар бәрің надан», «Ешнәрсе өнбес құр босқа қамалғаннан». Осындай сөздер Абайдың жырларында да жиі кездесіп отырады.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын жаңадан жазу үшін Абай көп ақынның варианттарын оқыған. Олардың ішінде Сыбанбай, Жанақ, Бекбау, Шөже, тағы басқалар. Бірақ оларға өте сын көзімен қарап, сенбейтін жері кездессе, «өтірік айтса, обалы ақындарға» деп, оларға сын көзбен қарайды.
Бар ақыннан Абайдың ерекше қадірлегені Жанақ ақынның айтқан варианты, түпкі нұсқасын осыдан алады. Сондай атақты ақындарға арнаған сөзін Абай былай деп бастаған:
Кемел ақын келтірер сөздің нұрын,
Оған да заман өткен бір ықылым
Қарабай хан, Сарыбай өткен екен
Олар о бір қатар бізден бұрын.
Абай осы сияқты әдемі эпикалық бейне мен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын... ескі ақындар сарынымен ешбір бұзбастан, тарихи заманнан құралған сюжетпен жырлап берген. Қадірлі ақынның ерекшелігі, жырдың әдебиеттегі қасиетіне ерекше ой бөліп, оның тілінің көркем болуына, сюжет құрылысының әдемі, сұлу болуына ерекше мән берген. Бұл әсіресе Баян сұлудың келбетін сипаттаудан айқын көрінеді.
Тал шыбықтай бұралған ол бір керім,
Мінеки, оны айтар келді жерім.
Аппақ бет, жүзі қызыл, көзі қара,
Қиғаш қара қасы бар сондай керім.
Аппақ керік маңдайлы, қолаң шашты,
Шашының ұзындығы тізе басты.
Аузы гүлдің басындай, тісі меруерт,
Мұндай сұлу жаһанда жаралмас - ты.
Тоты құстай жүрісі, қылығы бар.
Малың түгіл басыңды берсең де аз.
Сыртынан күлімсіреп сөйлеседі,
Көңілі еш, кімді менсінбес, жанмен араз.
Жұрт айтатын темірлі күймесі бар,
Қозы Көрпеш дегенде дүниесі тар.
Анда-санда болмаса көрінбейді
Жалғыз жатып жары үшін қылады зар.
Сахарада біріне-бірі ғашық болған екі жастың махаббаты Абайдың ақындық толғауын қозғап, Абай оларға арнап өз атынан үн қосады.
Ойлашы солар шене дос емес пе?
Өзге доспын дегендер бос емес пе?
Ақ ашық, алла қосқан осы емес пе?
Жарын көріп жан беріп сап-сау Баян,
Үлгі болған кейінгі ұрпақтарға.
Шаруашылық, көшіп-қону салтанатын Абай көбінесе П Н.Радловтың Аягөз бойынан жазып алған вариантынан алған. Абай жырында кездесетін жер аттары бір ғана В.В.Радловта ғана айтылады. Қарабайдың түбегейлі жері Аягөз, Тарбағатай, Ертіс бойы, кейде көшіп, Іле өзеніне келеді, одан Шыршық (Ташкент төңірегіне барады. Сырдарияда, Әзіреттің тауында (Қаратау), Шу өзенінің бойында отырады. Осы арадан түйенің қомын алмай, жаңадан Арқаға көшіп баруды мақсат етеді. Бірақ тоқсан мың жылқы мен Бетпақтың ұзақ шөлін кесіп өту Қарабайға шама келмейтін іс болады.
Дамыл жоқта тыным жоқ көше берді,
Көше-көше тауысты талай жерді.
Алатаудың ар жағымен Іле барып,
Іледен тау жағалап Шыршық барды.
Одан көшіп барады Сыр бойына
Ол жерде көп уақыт тура алмады.
Сары Арқаны сағынып қайта көшті
Бетпақтың даласынан өту қайда,
Қайта көшіп Шуға әрең жетті.
«Осы арада «қызы сұлу Арқаның байы келді», - деп естіп, Қарабайға торғауыттан Қодар келеді. Жылқысын Бетпақтан шөлдетпей өткізіп, Баянды алуға серттеседі. Бірақ бұл мотив ескі нұсқада бүтіндей жоқ. Бұл тек В.В.Радлов пен Абай нұсқасында кездеседі.
Екінші, Қодарды торғауыт деп атау тарихи дұрыстыққа келмейді. Бұл моңғол жырынан көп бұрын болған ескі жыр, оның персонаждары да ескі дәуірден келе жатқан бейнелер. Олар қазақ халқы мен Алтай елі айтатын «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының ескі варианттарында солай сақталған. Шөже ақын Қодарды ноғайлының бір мырзасы деп суреттейді.
Абайдың Радлов жазуынан алған бір мотиві Айбас ердің бейнесі. Айбастың рөлі Жанақ ақын нұсқаларында бүтіндей кездеспейді, Шөже ақынның суреттеуінде Айбас Сарыбайдың Қарабаймен құда болып анттасқанда тартқан «қарғы бауы». Ол Қарабайдың жылқысын бағып, Баян сұлудың қалай өскенін көріп жүреді. Соңынан Қарабайдан қашып еліне келіп, Баянды әңгіме қып айтады. Радловтың жазып алуынша, Айбас кемеңгер кісінің бірі, Сарыбай мен Тайлақ бидің інісі. Абай осы вариантты негізге алады. Баян сұлу мен Қозы Көрпешті қандай әдемілеп суреттесе, сол жарқын ойды Айбасқа да арнайды. Ол асқан ойшы, өзі алып ер, өзі сері, майталман жарқын кісі болып суреттеледі.
Осындай болса керек ердің ері,
Намыс үшін елінен іздеп шықты.
Тайлақтың кенже інісі Айбас сері.
Тай көк пен батыр Айбас өрге салды.
Ізімен тоқсан мыңның келеді енді,
Аз жүріп, көп жүрді ме құдай білер,
Аяғы Жетісуға о да келді.
Ол бір биіктің басына шығып, Аягөзде отырған Қарабайдың елін көреді. Ендігі арманы -үш қызға оңаша жолығып, солардың сырын білу.
Аулақ жерде үш қызға бір жолықсам,
Құдайдан менің сұрар арманым сол.
Осы оймен қатты толғанып жүрген кезде, жидек теріп өзенде ойнап жүрген үш қызға жолығады. Мұндай игі дүние өмірде кез бола бере ме, Айбастың қуанышы көкірегіне сыймайды:
Алдыңнан тұра қалды үш қыз кесе,
Ішінде біреуінің түрі өзгеше.
Таниды көрген жерден кім екенін
Құмар болып келеді сөйлескенше.
Айбас қыздармен амандасып, «Іздеп келгенім Баян сұлу. Қодар деген қодиған біреу шығып, Баянды зорлап алғым келеді дейді. Мен соны табанымның астына салып таптасам деймін», - дейді. Қыздар оған қуанады. Баян анығына жету үшін жолаушының кім екенін сұрайды.
Көңілім жақын тартады сізге тым-тым,
Жақындық бізге таман сөз айтасыз.
Асыл затың, ел жұртың болады кім ?
Айбас:
Ақ кезең, Ай, Балталы жерден келдім,
Бақалы, Балдырғанды көлден келдім,
Сарыбайдың жұрты деп естушіме ең,
Балталымен Сақалы елден келдім,
Сіздерге күмән шығар, өзіме аян,
Елімнен іздеп шыққан кісі Баян.
Қозы Көрпеш елімде жалғыз сері
Құлақ кәрі, бой кіші, ақыл аян.
Абайдың жазуында Айбас Қодарды бір мұқатпай кеткісі келмейді. Қодарға көмек көрсетуге келген тоқсан серіні (басқа вариантта құл) бірге масқаралайды. Оны қыздар қызық көріп, Айбастың ерлігіне масаттанып отырады.
Қай адам ер Айбасқа теңеледі,
Үш қыз да қызығына кенеледі.
Қойға қасқыр шапқандай бөріктерін,
Талқан қылып секіртіп жөнеледі.
Бір тілдесіп қыздарға кетейін деп
Орағытып көк таймен тағы келді.
Айбастың қыздарға айтқаны: «Қозыкенің қайраты менікінен үш есе артық оған сай келетін кісі жоқ. Ол маған шапшаң барып, жолығып тез қайт деді. Міне, енді жүремін, ініме сәлемдеме беріңіз» дейді. Сонда Баян:
Сәлем де Қозыкеге іздеп келсін
Кешіксе сорлы Баян деген өлсін.
Сәлемдеме Қозыкем қабыл көрсін.
Алтынды тон, жүзігім белгі болсын
Сәлем де ініңе деп алып берді,
Жүзік пен тоннан басқа бір тоғызды.
Айбас осы сәлемдемелерді алып, Аягөзден теріскейде жатқан еліне жүріп кетті. Абайдың жазуынша, Айбастың жүріп өткен жерлері - Жорға, Шұбарайғыр, Қызылбелдеу, Құбажон (шөл), Темірші, Қарқаралы, Шідерті, Домбыралы, Моншақты, содан өзінің еліне келеді. Қозыкені көріп, Баянның сәлемін айтады, алтын тон мен жүзігін береді, оның әдемі сипатын суреттейді.
Өзге негізгі сюжеттердің барлығын Абай Жанақ ақының айтуы мен Радловтың жазуынан алған. Олар - екі байдың аңға шығуы, олардың құда болып анттасуы, Сарыбай қайтыс болып, Қарабайдың Аягөзге көшіп кетуі, оның соңынан Айбастың Аягөзге келіп, Баянды көруі.
Абай жырындағы бір әдемі әфсана - Қарабайдың теріскей өлкеден көше жөнелгенде, оның үлкен қыздарының жайлаумен қоштасып айтқан жырлары:
Балталы мен Сақалы ел аман бол,
Балдырғанды, Бақалы көл аман бол.
Ақылы жоқ қайын атаң сенен қашты
Жөргекте Қозы Көрпеш бала, аман бол.
Бұл сөзді Мұхтарға айтушы ақын өзгертіп, «Балталы, Бағаналы ел аман бол» деп жаздырған. Бірақ Абайдікі ескі түрі.
Қозы Көрпеш Айбаспен жолыққан соң, енді бір мақсатын Баян сұлуды іздеп шығу жолына арнайды. Ол үшін көп уақыт сәуегей анасымен, ақылды Тайлақ бимен қайымдасып, олардың барма деген тілегін алғысы келмейді. «Мен бұл сапарға бармай, үйде тыныш отыра алмаймын» деп серт қояды. Ең соңында Тайлақ би мен шешесі екеуі ортаға алып, аман келгейсің деп баталарын береді.
Қайыспас Қозы Көрпеш кетті сері,
Қойдай маңырап артында қалды елдері.
Басында тәңірі артық жаратқан соң,
Артында жұрт шуылдап салады үнді.
Абайдың суреттеуінше, жол-жөнекей көп қиындықтан өткен соң, әлден уақытта бір сәуегей қартқа кездеседі. (Өзге варианттарда ол сәуегей ана). Одан жол сұрайды, онымен бірге он бес күндей бірге жатып дос болады,жүдеген атын семіртеді. Сәуегей қарттың оған берген ақылы: ол елге бұл түріңмен барма, өзгеріп бар, ешкімге сырыңды айтпа, - деп қарт қолын жайып, батасын береді.
Сәуегей қарттан шыққан соң Қозыке Аягөзге кетеді. «Күреңкей бүтін қимылдай көр,өксік болған Баянды уатайын»деп Жанақтың сөзін келтіреді.
Абайдың ең әдемі айтқан ойының бірі - Қозыкенің Аягөз бойында қой бағып жүрген Қарабайдың қойшысымен кездесуі. Бұл мотивтің негізін де Абай В.В.Радловтан алып, оны көп әзіл сөзбен кеңейткен. Қойшының аты да - Тазша, Қарабай мен Қодарды жек көреді, олардың барлық сырын айтып береді. Қойшы:
Сөйлейсің сен қу тазша барлай ғана,
Менің айтқан сөзіме нанбай ғана.
Екі қызы Ай мен Таңсық дардай болған
Артында Баян сұлу айдай ғана!
Қозы:
Жапанда тазша ағаеке жүресіз бе?
Сіз де ойнап құрбыңызбен күлесіз бе?
Байдың қызы малшымен болар сырлас
Олардың да тамыры кім, білесіз бе?
Қойшы:
Япырмау, мынау өзі не қылған жан!
Еркіме сөйлеспеуге еш қоймаған?
Ертең кетіп сан қоймен кеш келемін
Білмесіме ант алсын құдайға нан!
Қарабайдың қойын бағып жүрген тазша басқа бір тайпаның кірмесі екен. Қозыке оған ақыл беріп, сен еліңе қаш, босан, қойыңа мен ие болып қалайын, дейді.
Екі тазша бір-біріне кез келіпті
Басы шалыс аяғы оң болыпты.
Ташкендегі еліңе қайта бер деп,
Түн қатырып тазшаны жөнелтіпті.
(Абай)
Қозыке Абай вариантында тазша болып, қойды айдап, түнде ауылға келеді. Қарабай оның кеш келгеніне ұрсады. Қозыке бораннан аман айдап келгенін айтып қуантады. Абайда бұл жері, Радловтың жазуынан алған екі варианты қызық. Бірі - көзге ерекше түсетін Баянның зерлі (алтындаған) қойы. Зерлі қой Қозы Көрпештің келгенін танып, қатты қуанады. Қозыкеге ақыл беріп, мен ақсақ болып далада қалайын, Баян іздеп келгенде сенің келгеніңді айтып сүйінші сұрайын дейді. Екінші мотив - Қозыкенің Қарабайға айтқан болжал сөзі.
Ақсақ қасқыр ауылды жүр сағалап,
Қу бас інген шөгіп жатыр үй жағалап.
Бозша тайлақ жүр екен жар жағалап.
(Радлов).
Болмаса:
Ақ қасқыр ауылыңда жүр жер сағалап
Қара інген шөгіп жатыр от сағалап
Тайлақтар жүгіріп жүр жар жағалап.
(Абай).
Қарабай мұны түсіну үшін ақылды қыздарын шақырады.
– Мынау тазша бір сөзді тұспалдап айтты, соның мәнісін айтып беріңдерші, - деді. Қыздар айтты:
– Қасқыр дегені - сіз, Қара інген - шешеміз, «тайлақ» деп бізді айтқан. Жігіттің түрі бір алуан, айтатын сөзі ерекше. Қыздар оған таңғалып, кім екенін білгісі келеді. Бәйбішенің жасап берген бір табақ өкпесін жемеді. Аш бойынша шаршап келіп, далада ұйықтап қалды. Қызыққан үш қыз оны оятуға батылы бармады, таң атқанша үш рет келіп, үш рет қайтты. Таңертең Қозы Көрпеш тұрды, қыздар жүгіріп қасына келді. Қозы Көрпеш о да шыдап тұра алмады.
– Ендеше, мен кім екенімді білдірейін, - деп тез кебінін жұлып алып бетін ашты, басынан алтын айдар жарқырап көрінді. Баянның одан есі шығып, бойын билеп тұра алмады, жүгіріп барып Қозымен құшақтасты. Екі қыз бірде жылап, бірде күліп, Ай мен Күндей екеуін толықсытып, бұраңдатып шеткі үйге алып жүрді.
Қамқадан үлде - бүлде салды төсек,
Жүгіріп жүр апалары көңілі зерек.
(Абай)
Қозы осы қалпында күндіз тазша болып, түнде Қозы болып Баянның күймесінде жатып жүрді. Абай олардың махаббат қызығын басқа ақыннан гөрі өте келісті, әдемі түрде суреттейді.
Радловтың варианты бойынша Қозыке мен Баян сұлуды біріктірген - зерлі қой. Екеуі далада жатып қалған зерлі қойға барып, сол арада бірін-бірі біліп, сүйіседі.
Кешке қарай тазшалықтан шығып, Баянның күймесіне келіп, өзінің жарқын түрімен оның ішін күн көзіндей жарқыратып отырады. Күймеге Баянның шешесі, апалары келіп, бесеуі ұлы қуанышқа түседі.
Баянмен Қозыкем жатты екеуі,
Белден төсек ал - шымылдық жапты екеуі.
(Радлов).
Шөже ақынның варианттарында да (1864 ж.) Баян сұлу мен Қозыкеге алғаш рет ауылда қосылғаннан кейін, Баян тура әкесінің үйіне шақырды. «Жүр екеуміз үйге барайық, әке-шешем сені көріп, күйеуім деп қуансын. Сол жерде сен «ал шымылдық» кәдесін берсін» деді.
Қозыке Баян менен үйге кірді,
Екеуі қуаныш қып бірге отырды.
Алтын айдар белгісін ашқанында
Қараңғы үй шамшырақтай жарқырады
(Шөже).
Барлық варианттың сарыны бойынша, Қозы Көрпеш Баянды іздеп келгенде екеуі қосылып бірге тұрады, оны Қарабайдың үйі қызық көріп қуаныш етеді, екеуі күймеде жатып махаббат қызығына түседі. Күйеудің әдемі істеріне Қарабайдың өзі үйде отырып таңғалады, қызды өзіне бергеніміз дұрыс деп таниды (Жанақ). Өздері тойға кеткенде малға Қозыке мен Баян ие болып қалады.
Алайда барлық қиындық Қодардың күндес болуында, Қарабайдың тоқсан мың жылқысын көп жыл бағып, оған өте сенімді кісі болғандықтан, Қарабай оған қарайлай береді. Бірақ үй-іші, халық Қодарды жек көреді, бәрі Баянның Қозыкеге шыққанын қалайды. Қозы Көрпештің Қарабайдың алдындағы ерлік ісін жыр сондайлық ардақтаған, Қодар қасындағы тоқсан жігітімен оған ешнәрсе істей алмай, ылғи жеңіліп отырады. Қодар Қозы Көрпешті залымдықпен өлтіруді ойлайды, оны Қарабай жақтайды. Бір күш Ордаға көп елді шақырып, Қозы Көрпешті үйлендіру тойын жасап, оны арақпен улауды көздейді. Көп елді салтанат арақпен суара бастағанда, тыста тұрған Баян сұлу жабықтан «тез шық» дем шақырады. Қозы шаңырақтан қарғып шығады. Баян екеуі тез атқа отырып, алысқа жортып кетеді. Артынан Қодар қуып жетсе де, Қозыке оның атын оққа ұшырып, жаяу қалдырады. Баян ақыл береді:
– «Екеуміз осы бетімізбен сіздің елге кетейік» - деп.
– Алсам, елді разы қылып аламын, - деп кетпейді. Баянды үйіне қайтарып, өзі Шоқтеректің түбіне барып, бірнеше күн ұйықтап жатады. Сол кезде Қодар жасырын келіп атып кетеді.
Қозы Көрпештің бұл соңғы тағдырына арнап Абай оның атынан бір әдемі толғау жазған. Ондай әдемі әрі көлемді етіп жазу өзге ақында кездеспейді. Абай нұсқасының өзге ақынның айтуынан өзгешелігі, ерекшелігі - оның құрған жүйесінің мүлтіксіз таза, тәртіпті, әрі көрікті, әрі сұлу болуымен дараланып тұрады.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының тағы бір нұсқасын қағаз бетіне түсірген атақты Сегіз сері (1808-1854). Ол XIX ғасырдың бірінші жартысында жасаған. Атақты серінің туған жері Обаған төңірегі, ашамайлы керей, қыстаулары Мамантай орманының іші, 12 жасына дейін ауылдағы мектепте оқып, содан кейін Омбыдағы Азия мектебін (Азиатская школа) бітіреді (1828). Осы жылдары Омбыда отырып «Қозы Көрпеш - Баян сұлуды» жазады.
Жасым бар жиырмада, жылым мешін,
Өлімнің кім біледі ерте - кешін.
Айтайын бес-алты ауыз құлағың сап,
Қозы Көрпеш - Баянның әңгімесін –
деп бастайды.
Бұл жырды Сегіз сері Торғай өлкесіне саяхатқа шыққанда өзімен бірге алып жүріп, шежірені, жырды көп жинайтын Ахмет Жантуринге тарту қылып беріп кетеді. Кейін ол жыр Ахмет Жантуриннен В.В.Григорьевке ауысып, одан Н.И.Ильминскийдің қолына түседі. Бүгінде ол жыр сол Ильминскийдің топтауында Татар Республикасының архивінде сақтаулы тұр. Өткен дәуірлерде бұл жыр Қазанда талай рет басылып шықты. (1878,1879,1890,1894, 1896, 1905, 1909 жж.). Оның қысқаша аудармасын А.В.Васильев Торғай газетінде басып шығарды.
Сегіз сері жырды ақырын, майда эпикалы, жұмсақ сарынмен бастайды. Айтушының тілі жақсы, әдемі бейнелерді жиі келтіріп отырады. «Әркімнің ертелі-кеш өзінің қызықты дәурені болады, өнер, өлең сүрмегеннің өмірі» деп, әзіл қосып сынап отырады. Жырдың аяғында:
Суреті Аягөздің тасында тұр
Қабыры екеуінің басында тұр –
деп бітіреді. Ең қызық мотивтің бірі - анасының баласын шошытып айтқан қорқыныштары. «Аюлының он бөрісі, Қиюлының қырық бөрісі шығады, оны қалай жеңіп өтесің? Қара шашым шеңгел болып тұрады, оны қалай кешіп өтесің? (өрт қоямын). Ен дария емшек сүтім керім тұтар, одан қалай өтерсің? (кемемен). Одан әрі сәуегей кемпір оның үйінен шығып, Аягөзге барып, Шоқтеректің түбінде тыныс алып жатады. Бір бала Қозы Көрпеш екенін біліп, Баяннан барып сүйінші сұрайды. Баян бозторғайын жіберіп, анығын айырады. Жеңгесін жіберіп үйіне келтіреді. Екеуі құшақтасып, Баян «өксігін басады», үй-іші күйеу келді деп қуанады. Оларға тоғыз қанат ақ отау тігіп береді, екеуі сонда қызықтайды. Бұл Қодарға ұнамайды, ол барлық елді өзіне бағындырып, Қозы Көрпешпен соғыспақшы болады. Қозы Көрпеш онымен алысады, «елдің шырқын бұзбайын»деп тез аттанып, Шоқтерекке қайтып барып жатады. Осы арада Қодардың қолынан өледі.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын төгілте әдемі жырлаған атақты ақынның бірі -Шөже.Ол бұл жырды 1820 жылдан бастап 1870 жылға дейін, елу жыл бойы жыл сайын бірнеше рет айтып келеді. Оның айтқан нұсқалары Ақмола, Семей, Торғай облыстарында қолға тигізбей, қолдан-қолға тарай берді. Бүгінде Шөже айтқан «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» вариантының араб әрпімен жазған он шақты қолжазбасы сақталды. Оның төрт нұсқасы Ленинградта, Күншығыс елдерін зерттейтін Ғылым академиясының институтында сақтаулы тұр. Бұлар тегісімен Омбының Кадет корпусындағы Н.Ф.Костылецкийден И.Н.Березинге келіп түскен материалдар. Ол нұсқалардың ішіндегі ең құндысы - Шөженің Омбыдағы Шоқанның пәтеріне келіп айтқан варианты.
Шоқан Петербургке көшіп кеткен К.К.Гутковскийдің пәтерінде тұрды. Оның қасында Мұса бар. Оларға Кадет корпусында, орталық қазақ мектебінде оқып жүрген кейбір жастар да келіп жүрді. Сәкен, Имантай, Мұстафа Бүркітбайұлы 1864 жылы Гутковскийге жазған хатында айтқан «Мұса Чормонович тоже здесь, мы живем вместе и вашем доме». Осы жерде отырып билердің шешімдерін тексереді, 1862 тауық жылы жұт мәселесін зерттейді. «О кочевках киргиз - Баянауыл қыстағын Бел ағашқа көшіруді сұрайды.
Шоқанның үйіне Шөже ақын келіп, жыр айтады, Шоқанды «Әділ сұлтаным» деп атайды. Осы жолы Шоқан Шөженің шабытын оятып, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын жақсылап айтыңыз деп сұраған болу керек. Мұны ақынның өзі де солай деген:
Құдай берді сұлтанды кәміл қылып,
Данышпан,мәртебелі, әділ қылып.
Бұрын жазған жоқ едім мұндай сөзді
Әділ сұлтан жаздырды сапалы қып.
Мұндай жарқын ойды Шөже бір ғана Шоқанға арнап айтқан. Жырды әдемі етіп жазып алушы Шоқанның қасында жататын бір қазақ жігіт болу керек. Оның атауында, «Жазылды 1864 жылы, бесінші мартта, бейсенбі күні кешке таман». Жырдың текстінде Шоқанның түзеткен жерлері бар. «Тақия» сөзін - Қарқара деп түзеткен, «Құлын тапты» -дегенді - құлын туды, «Мінген едім - мінген атым, қалып қойған сөз «Баянның сәлемін айт» деп қосқан. Бұл уақыт Шоқанның Черняев әскеріне кетудің алдыңғы күндерін көрсетеді.
Жырдың бетінде жазылған «Омбы» деген сөз, аяғында берілген датасы өшірілген. Березин жырдың бетіне өз атын жазып, № 15 деп анықтаған.
Осы Шоқанның пәтерінде жазылған нұсқамен бірге, одан ертеректе Шыңғыс пен Шоқан екеуі жазып алған (1841) Шөженің бір көшірмесін бірге түптеген. Бұларды Н.Ф.Костылецкийге тапсырушы Шоқан Уәлиханов. Оны ғылыми оқу құралына пайдаланып, көп жеріне белгілер салған. Кейбір жолдарын Шоқан түзетіп жазған. Н.Ф.Костылецкий қайтыс болғанда (1869) оның әйелі барлық материалын И.Н.Березинге жібереді. Бүгінде олар Шығыстану институтының қолжазба бөлімінде сақтаулы (Ф.5, оп.1,д.12).
Шөженің варианты - халық ортасында ең көп тараған нұсқаның бірі. Сыр бойының Арқаға көшетін қазақтары оны жыл сайын Сарысу бойынан, Торғай алыбынан көп естіп, оның көшірмесін Сыр бойына әкеліп, таратып жүрді. Шөженің бір-екі қазақша көшірмесін Сыр бойынан орыс қарпімен жазып алған зерттеуші А.Кун. Ол бүгінде Шығыстану институтында сақтаулы. Шөже ақынның нұсқаларын арабша әдемі қаріппен көшіріп жазғандар Омбыдағы Кадет корпусы мен қазақ медресесінде оқыған жастар, (жоғарыдан қара) белгілі ғалым әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Молда Мұқан. Бұлар негізін Шөжеден алып, оған Баянауыл төңірегінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» туралы айтылатын кейбір әдемі аңыздарды қосып отырады. Олардың жазғандары XIX ғасырдың соңы мен 1905 жылдар ортасы. Молда Мұқандікі Шөжеден гөрі басқарақ, барлығы 88 бет.
Шөже ақынның вариантын ескі нұсқалармен салыстырып көргенде, мәселен, Жанақ ақынның айтуымен мұнда этикалық сюжеттің құрылысына қиғаш келетін жері өте көп. Мұнда бергі заманда айтылатын жана адамның аттары, эпикамен байланысы жоқ сөздер көп кездесіп отырады. Сарыбайдың бәйбішесін Қаракөз деп атау, XIX ғасырдағы Сұлтанғазы мырзаны келтіру сарынына келмейді. Эпикалы мотивке келмейтін сөздер «парақор би», «райс» (бастық). Қызылжар қаласын атау, «хулла тонын кигізу», кейбір діни сарындар құрылысын өзгертіп, жай өлең түрінде ауысып отырады.
Бірақ «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының толық ескі сюжетін келістіре әдемі тілмен айтып берген күшті ақынның бірі - Шөже.
Көп нұсқаның ішіндегі ескі дәуірден келе жатқан, өзгерілмей айтылатын бір вариантын жазып алған В.В.Радлов. Оны 1865 жылы Аякөз байында бір құйылма ақыннан жазып алған. Абай Жанақтан кейін осы В.В.Радловтың жазуына ерекше мән беріп, жазуының Көп жерінде бұл кісінің нұсқасын пайдаланып отырады. Бірақ құйылма ақынның асқақтап айтқан сөздерін ғалым толық түрінде жазып үлгере алмаған, кейбір жерлерінде әдемі ойлар үзіліп қалып қойып отырады.
Жырдың сюжет құрылысында біраз өзгешелік бар. Қарабай Теріскейден қаша көшіп жөнелгенде, оған Қодар кездеседі. Шөлді жерде малға су тауып беру ете қиындыққа түскен соң, «Су тауып берсең, Ақ Баянды саған берейін» деп уәде етеді. Қодар оған су тауып береді, көші Аякөзге жетеді. Ол жердегі қалмақтың Манап деген ханы ерулікке шақырып, қызыңды менің балама бер, Қодар менің қызымды алсын» дейді. Бұл кезде Баянды іздеп Аягөзге Айбас келеді. Баян оған өзінің жақын көңілін айтып, Қозыға көп сыйлық жібереді, соның бірі өзінің алтын жүзігі, домбырасы. Қозы Корпеш Баянды іздеп шығуға дайындалады. Жылқышылардың оған берген кеңесі - сенің күрең атың ұзақ жолға жарамайды. Әкеңнен қалған аспан жел болып ұшатын екі тұлпар бар, біреуі - ақ буыршын, енді бірі - көк буыршын, олар мұз теңізінің жағасында жайылып жүр, соларға мініп бар деді.
Қозы Қарабайдың үйіне келіп, Баянмен махаббатын қосып бірі о жүреді. Қодар оны қатты қызғанады, Қозыға күші жетпеген соң оны бір вариантта айтқандай, қонаққа шақырып, арақ беріп мұқатпақшы болады. Жұрт арақ іше бастағанда Қозы желбаудан ұстап, шаңырақтан асып түседі, далада тұрған атқа отырып қаша жөнеледі, артынан Қодар қуады, оның атын өлтіріп, жаяу қалдырады. Баян жүгіріп келіп, «осы бетімізбен сенің еліңе кетейік» дейді. Қозы «ел-жұртымды риза қылмай, қаша алмаймын» деп Шоқтеректің түбіне барып жатады, «Қозы аң аулауға кетіп, оның орнында бабасының аруағы келіп ұйықтап жатқан еді. Қодар ұрланып келіп оны атып өлтіріп, басын Баян сұлуға апарып береді» - дейді. Қозы мен Баянның кіндік шешесі келіп, «Бұл бас Қозыныкі емес, Қозы Шоқтеректе отыр. Мен оған барып алтын шатыр тігейін, сен Қодарды өлтіріп, басын кесіп Шоқтерекке алып кел» - деді. Баян сұлу Қодарды өлтіріп, басын кесіп Шоқтерекке алып келсе, алтын шатыр ішінде күндей жайнап Қозы Көрпеш отыр, Баян сұлу оны көріп, ұлы қызыққа батады. В.В.Радлов жазып алған вариантының өзгешелігі осында. Оның көп жері өзге нұсқаларымен ұштасып отырады.
Ақмола, Теңіз бойында «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын шабытпен жырлаған атақты ақынның бірі - Құлтума. Оның нұсқалары Омбыға Н.Ф.Костылевскийге келіп түскен. Кейбір үзінділері Күншығыс елін зерттеу институтында сақталған. Оның бір қолжазбасы Ақмоланың соты К.В.Урасовта болған. Оны Урасов сол қаланың хатшысы Ильяс Итжановқа аудартып, Н.Г.Потанинге жібереді. Қара сөзбен терліктей үлкен қағазға жазылған орысша тексті бүгінде И.Г.Потаниннің архивінде сақтаулы тұр. Бұл варианттың толық түрі Семейдегі Абай музейінде.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының ең жақсы вариантын айтушы - 73-ке келген қарт ақын, өзі найманның Қара Керей елінен, Айтбай Дандыбайұлының нұсқасы. Оны 1888 жылы Лепсі өзені бойындағы жайлауда отырған ақыннан орыс қарпімен жазып алған Н.Н.Пантусов, барлығы 84 бет. Бүгінде ол жазба Ленинградтағы А.С.Пушкин атындағы орыс әдебиетінің кітапханасында қолжазба бөлімінде сақтаулы тұр (фонд 73), қазақша көшірмесі Алматыда Әдебиет және өнер институтында (Ш.18). Бұл Айтбай вариантының қысқаша мазмұнын Н.Н.Пантусов орыс тілінде Ташкент журналында, «Дала Уәләйеті» газетінде жарияланады. Сюжеті көбінесе Баянауыл вариантына жақын. Сарыбай түрікпен оғыздарынан, Қарабай - Жетісуда болған сұлтандардан. Жырдағы персонаждар барлық вариантта айтылатын кісілер. Сарыбай өлгенде оның орнын басатын Тайлақ би емес, ағасы Ажыбай би, Ай, Таңсық - Қарабайдың екі асыранды қызы, Қодар - даладан тауып алған бала, кейін алпауыт жігіт болып, құл болып Қарабайдың малын бағады. Айтбайдың варианты бойынша Қарабай жаз шыға Алатаудан теріскейге көшіп, Торғайлы (кейде Балталы) деген жайлауға барып жүреді. Оның малын бағатын құлы Қодар. Күзге қарай қайта көшіп, Аягөзге беттейді. Баян сұлу ержете бастағанда, оған қызыққан 90 сері келіп қосылды. Ажыбайдың ел таңғалған бір ісі, Қарабайдың теріскейден Аягөзге көшіп өткен жолының үстіне тастан омақа отырғызып отырды. Ол: «егер Қозы Көрпеш қалыңдығын іздеп Аягөзге жүретін болса, осы омақаның бойымен жүріп отырсын» - дейді. Аягөзден Домбыралы, Моншақтыға дейін созылған ондай жол көрсеткішті Баян сұлу да білмейді.
Айтбай ақын мен Баянауыл варианты бойынша Баян сұлуды бірінші рет іздеп Аягөзге келген Қозыкенің ағасы Айбас. Ол Баян сұлумен көп уақыт мажыраласып, оның Қозы Көрпешті жанындай жақсы көретінін, оның келуін қатты сағынышпен күтетінін Қозы Көрпешке айтып келеді.
Айтбай ақынның айтуынша, Қарабай Аягөзге көшерінде Қодар пікір білу үшін Ажыбайға кіріп, Қарабайдың малын асырап, су аршып қиындықтан шығаратын едім, ол үшін Қарабай Баян сұлуды маған беруге уәде еткен еді - дейді. Ажыбай оған қатты ренжіп: -Немене, екі достың алда қашан бекіткен антын бұзғың келе ме? Су үшін айттырып қойған қыз сұрауың бір сұрқия іс қой! Ақынды ал да, жөніңе жүре бер, - деді. Қодар оны тыңдамады, Баянға таласқа түсті.
Көп варианттардың суреттеуінше, Қозы Көрпеш Баян сұлуды іздеп Аягөзге жүрерінде үлкен той жасап, елімен қоштасады. Алдымен мал бағып жүрген адамдарын көріп, қызық етеді. Оның келгенін мал бағушылар қуаныш етіп, қойдан қошқар, сиырдан бұқа, түйеден бура сойып, ғажайып той жасайды. Баян сұлуға барсаң, атаңнан қалған екі атақты тұлпар бар, біреуі - ақ буыршын, енді бірі - көк буыршын, жолға осы екеуін мін. Олар сені жаудан құтқарады, қусаң - басып озасың, - деді.
Сондай кеңестен кейін қиын жолды басынан өткеріп, Қозы Көрпеш Қарабайдың үйіне келеді. Баянауыл варианты бойынша Қозы Көрпеш Қарабайдың үйіне жалғыз өзі келмейді. Ажыбай бастаған атақты билер, ақындар, жас жігіттер тобы құда болып, қалындық ойнау тойына келеді. Айтбай ақынның варианты Қозы Көрпештің Қарабайдың үйіне келуін барлық нұсқада айтылатын мотивтермен ұқсас түрде суреттейді. Ол сарынның негізін құрушылар атақты Жанақ, Арыстан, Найман - Бала, Сыбанбай, Бесбау, Шөже, Қожамжар ақындар.
Айтбайдың айтуынша, Қозы Көрпеш Қарабайдың жылқышысы болып, Қодар мен 90 серіге еріп, алты ай бойы жылқы бағып, жаз шыға Қарабайдың еліне келеді. Жігіттердің арасында ең жойқыны, алып әрі жөн білетін ақылдысы Қозы Көрпеш болады. Қыздардың алдында әзілдесіп жігіттермен ойнағанда ол барлығын жеңіп отырады. Ал сайыста алпауыт Қодармен айқасында оны лақтай атып отырады. Қодар Қозы Көрпештің сондай мықты, алып ер екеніне сай-сүйегі сырқырайды. Қатты күйзеледі. Бақталасы өрт болып жанған кезде, ол оны күшпен жеңе алмай, амал іздеп арақ ішкізіп, кек алмақшы болады. Іс қатты шиеленіскен кезде араға Баян сұлу түсіп, Қозы Көрпешті сақтап қалу әдісін іздейді, елдің қызуы басылғанша оны Шоқтерекке жібереді. Қарабайдың бәйбішесі Қозыны Шоқтеректен алдырып, «сегіз - жеті» той жасап, Баянды ұзатып, Қозы екеуін еліне жібереді. Қозы Баян сұлу екеуі еліне келіп, анасы мен Тайлақ (Ажыбай) биді көріп сүйіседі, елімен қосылып үлкен той жасайды. Малына барғанда ондағы Қозыны сүйетін достары қойдан қошқар, сиырдан бұқа, түйеден бура сойып, көп уақыт екі ғашықтың қызығына қуанады. Бұл Қорқыт, Оғыз наме сияқты әфсаналарда ғана кездесетін өте ескі мотивтер. Бұл келтірген сарындар өзге нұсқасында аздап кездеседі де, мұндай ашық айтылмаған. Шөженің вариантында Қозы өліп тірілгеннен кейін еліне келіп көреді. Мұңды болып жүрген анасын күндіктен босатады. Кейбір вариантында анасын тоғыз боз биенің сүтіне шомылдырып, атасының орнына апарып отырғызады. Оған риза болған халықтың қуанышын ақындар жан жүрегімен әдемілеп суреттеген.
Айтбай нұсқасының өзге варианттан бір өзгешелігі - ол Баян сұлудан Сайтүлек атты бір ұл туғызады. Ол ержеткен соң әкесі Қозыкемен екеуі Қарабайдың елін іздеп шығады. Олар Аягөзге келгенін Қарабай естіп, қатты қуаныш етіп, бәйбішесімен екеуі олардың алдынан қарсы шығады. Бір ай жатып еліне қайтады. Кейін Қарабай қартайып, 90 құлы оны тыңдамайтын болады. Қарабай Қозыны үйіне шақырады, Қозы көшіп Аягөзге келеді.
Бұрын айырылысқан екі ұлыс жаңадан бірігеді. Бірақ Қодар Қозы Көрпешке қастық істеуін әлі қоймаған. Сайтүлек мұны жақсы біліп, бір күні залым Қодарды өлтіреді. Баян сұлу мен Қозыке дүниеден аз уақыт қызық көріп, олар да өтеді. Махаббаттарының белгісі ретінде Арқа мен Аягөз елдері жиналып, Қызылқиядан тас тасып, Аягөздің бойында екеуіне арнап биік күмбез жасады. Бұл екеуінің арасына бір тікенек беті, ел аңызы оны залым Қодар деп білді. Баянауыл варианты бойынша, күмбезді жасауға Арқадан Тайлақ би (кейде Ажыбай) бастаған бір топ ел келіп, биік мұнара тұрғызды, ас беріп, той жасап еліне қайтты.
Айтбай ақын Шөже мен Бейсенбай ақынның айтқандарына онша разы емес. «Тарихын біліп айтпаған. Менің айтқандарым тарихи шындыққа өте жақын. Менің атым Айтбай, әкем аты Дандыбай» - деп бітіреді.
Айтбай жыршы айтқан Қарабайдың жырын Н.Н.Пантусов орыс тіліне қара өлеңмен аударған. Мүмкін, мұны аударушы Лепсі уезінде тілмаш болып отырған Жұматов деген кісі болу керек (ЦГА Татар АССР, ф.1185, оп.1. д.№1).
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының ескі дәуірден келе жатқан қазақша бір нұсқасы (қолжазба) академик В.Р.Розен архивінде болған. Оның ескі дәуірде жазылған аты «Дастан Козы Курпеч №1». Бұл ат Қадырғали Жалаири кітабында айтылатын сөздерге ұқсайды. Күншығыс елдерінің кітаптар каталогін (тізімін) В.Р.Розенге жасап берген Күншығыс факультетінің мұғалімі Хусейн Фаизханов. Соның ішінде Қозы Көрпеш - Баян сұлу» да көрсетілген. Демек, бұл архивті де қарап шығу керек.
Н.Ф.Костылецкий «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын Алатаудың баурайында табылу мүмкіндігі бар екенін болжаған. Бұл жыр Ұлы жүз қазақтарының ортасында да көп болу керек. Алтайдан Жайыққа дейін тараған ұлы жыр ол жерде болмауы мүмкін емес» дейді. Бірақ тілмаштар оған нақты жауап бере алмаған. Алматыда қызмет істеп отырған И.Бардашев: «Песни «Баян сулу и Козу Корпеч» киргизы Большой орды не знают. По крайней мере я до сих пор ни одного не встречал» - деген. Н.Ф.Костылецкийдің ойы кейін дұрысқа шықты. Бұл жырдың ескілеу түрлері екі жерден, біреуі Алатауда, Шарын өзені бойынан, енді бірі Ташкент түбіндегі құрамалар арасынан табылды. Шарын вариантын қазақ ақынының аузынан орысша жазып алған саяхатшы Г.К.Гинс. Оның айтуынша, қасына еріп жүрген ақын Шарын өзені бойына келгенде бір әдемі күмбезді көріп, турасынан «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» аңыздарын айта бастады. Оның деуінше, бұл өте ескі заманда, біздің ата-бабаларымыз білмей тұрған кезде болған аңыз. Сол кезде Тарбағатай мен Алатаудың арасында, Балқаш пен Алакөлдің маңында Қарабай мен Сарыбай деген екі сұлтан дос болып, қиындықта біріне-бірі көмек берін жүреді екен. Бір кезде екеуі аңға шығыпты. Олардың екеуінің де әйелі күмәнді екен. Жақын арада тумақшы екен. Аң аулап жүріп екеуінің ойлағаны бір ғана ілгеріде туатын балалары туралы болыпты. Сарыбайдың көңілі онша жарқын емес. Қасындағы досына айтқаны: «Егер бірімізден ұл, бірімізден кыз туса, екеуін атастырып қоюға уәде етейік» деді. Қарабай оны жарқын жүзбен қарсы алды. Екеуі зор салтанатпен киелі ант етті. Кешке қарай сұлтандар үйге қайтуды ойлады. Күннің жұмсақ сәулесі олардың жүзін аймалап тұрғандай болды. Әлден уақытта олардың алдына қарсы жүгіріп келе жатқан бір жігіт көрінеді. Келіп сүйінші сұрады. Қарабайдың әйелі қыз тапты деп. Қуанған достар желдей есе жүгіріп үйге қарай жөнелді. Қарабай досына айтты, түн ішінде бұлай жорту болмас деді. Сарыбай оған қарамай, жортып кетті. Аты бір шұңқырға кездесіп құлады. Сарыбай алысқа құлап түсіп, қайтыс болды. Екі орда бірдей қайғыға батты. Қарабайға кеңес берушілердің айтқаны - Сарыбайдың баласы бақытсыз туған. Сен оған кызынды берме -деді. Қарабайға антты бұзу өте қиынға соқты. Дегенмен ол Сарыбайдың үйін ұмытуды мақсат етті. Ол үшін алыс жерге көшіп кетуді ойлады. Ақырында екі ұлыс бірінен-бірі алыстады.
Қарабайдың қызы өте сұлу болып өсті, атын Баян сұлу деп атады. Ондай сұлу қыз ешуақытта болмаған.
Қодар оған қызығып, аламын деп тырысса да қыз оны менсінбеді. Бар сүйгені жас күнінен атастырған күйеуі Қозы Көрпеш болып, оның іздеп келуін тілеп, келетін жолына белгі қойдыртып отырды. Қодар ол белгінің бірін қалдырмай жойды. Қозы Көрпештің келуінен Баян үмітін үзіп, өксігін баса алмады. Уақытын созып, Қодарды алдау үшін оған үш қиын жұмыс тапсырды: шөлді даладан бірнеше жерден шыңырау құдық қаздыру, ел отыратын жерде су жиятын көлдер (хауз) жасау, көп малды санап шығу. Қодар көп құлдарымен бұларды бітіріп шығады.
Бұл кезде өз елінде Қозы Көрпештің де аты шыға бастады. Оның күн сайын ақырын-ақырын еститін сөзі, «Жөргекте жатқанда атастырып қойған қалыңдығы бар еді, ол туралы әкесімен Қарабаймен анттасқан уәдесі бар еді» болады. Бірақ бұл жайды ел Қозы Көрпешке білдірмей, жасырып жүретін. Бұл әңгімені Қозыкеге айтып барған Баян сұлудың әкесінің інісі (Қарғы бауға келген Айбас ер еді), Қодарды өте жек көретін еді. Оның айтқаны Қозы Көрпешті шексіз толғантты. Қозы Көрпеш сондай алғыр, алып ер жігіт, Баянды іздеуге шықты. Алдымен анасымен қайымдасты. Анасы ең соңында баласын қорқыту үшін алдынан көп бақсы жіберіп, дүниені шыр айналдырамын деді. Бұл мотив өзге варианттарында кездеспейді. Одан кейін Аягөзге таяу жерде сәуегей кемпірдің үйіне кездеседі. Аягөзге барып, барлық алтын қаруларын, таза киімдерін,алтын – күміс ерін (Шоқтеректің түбіне) тығып, өзі қарапайым киіммен Баян сұлуға барады, мұнда орналасып, жылқы бағу ісіне қатысады. Баян сұлу оған сондай ұнаған, қалайда тез танысып, тез жолығудың әдісін іздейді. Баян сұлудың іші пысқан кезінде Қозы Көрпеш қыздар арқылы өтініп, өлең айтып берсем қалай болар еді деп сұрайды. Басқа вариант бойынша Қозы Көрпеш қобызды да әдемі тарта білген. Оның айтқан өлеңінің мотиві бір ғана Баян сұлудың өзіне ғана арналады. Оның жас күнінде атастырған күйеуі оған сондай жақын еді деп ишаралайды. Қазақтың өлеңі Баянның жүрек өксігін қозғайды. Ол Баянға өте жақын бола бастайды. Бір күні ол өзінің атын да атап береді, екеуі құшақтасып, жақындасты. Олардың ендігі ойы Қодардан қалай құтылу. Қодар жаңа келген жігітке күндестік көзбен қарады. Ол бір күні Қозы Көрпешке күш көрсетеді. Қозы Көрпештің шыдамы кетіп, Қодарды көтеріп алып, жерге бір-ақ атты. Жиналған жұртқа: «Мен - Қозы Көрпешпін» деді. Жас жігіттің алып күшін халық қызық көріп, Қозы Көрпешті жақтады. Бір күні Қодар көп жігіттерін ертіп соғысуға келді. Баян сұлу Қозыкеге айтты, аяусыз қанды соғыс болатын түрі бар, сен бұларға қарсы тұрма. Шоқтеректің түбіне бар да, дем ала тұр деді. Қозыке Баян сұлудың айтқанын істеп, Шоқтерекке барып ұйықтап жатты. Сырттан андып жүрген Қодар оны атып өлтіріп кетті.
Бұл Шарын өлкесінен жазылған вариант - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының ең ескі дәуірде құрылған сюжетінің бір түрі. Мұнда жаңадан қосылған ешнәрсе жоқ, барлығы халық дәстүрінің ескі уақытта болған сарынын сипаттайды. Соның бірі магия, көзбайлаушылық тылсым жасайтын бақсылардың қатынасуы, тарихи дәуірде қолданған алтын-күмістен жасалған әдемі дүниелер, алтыннан жасалған киімдер, алтынмен жапқан көркем ер-тоқымдар. Бұлар жалғыз поэзияда айтылып қоймайды, ерте кездегі орда болған жердегі қорымдарды қазғанда онда да шығып жатады. Шарын бойынан жазып алған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының мәдениетке келтіретін үлесі осында.
Оңтүстік Қазақстанда айтылатын «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының ең сирек жолығатын нұсқасының бірі Ташкент түбіндегі құрама қазақтардың жырлайтын варианты Бұл нұсқаны 1885 жылы құрама қазақтарының бір қариясы Қатпа деген кісі айтқан, оны орысша қысқартып, қара сөзбен жазып алған Н.И.Гродсковтың материал жинаушысы. Бірақ қазақша тексті әлі табылмаған. Бұл вариантта бергі кезде қосылған еш жаңалық жоқ. Барлығы ескі дәуірден келе жатқан, ерте заманда қалыптасқан белгілі мотивтер. Мұнда халықтың жарқын дәстүрі әдемі сақталған. Сарыбайдың аң аулайтын жерін «Айдын көл» деп атайды. Одан ұл туады, олардың алдынан сүйінші сұрап шығушы жігіт емес, кемпір. Сарыбай қуанғаннан қатты шауып, аттан құлап қайтыс болады. Қарабай айтысқан антын ұмытып, қызын жетім ұлға бермеймін дейді. Бала (Қозы Көрпеш) бір күнде бір жасқа, екі күнде екі жасқа жетеді. Жеті жасқа келгенде анасы оған алтын доп пен күміс сақа құйдырып береді. Асық ойнап жүріп бала кемпірдің өрмегін үзіп кетті. Ол баланы қарғап, «ақ шашым саған қарғыс болып тисін, алтын доп ойнап, күміс сақа ұрғанша, қалыңдығың Баянды іздеп тапсайшы» деді. «Мен алтын доп пен күміс сақамды сізге берейін, әлгі сөзіңізді қайтадан айтыңызшы, шешеке», - деді. Кемпір «сенің жарың - Баян сұлу, әкесі саған бермеймін деп көшіп кетті», - дейді.
Қозы Көрпеш камығып үйіне келді. Анасымен қайымдасып, қатты қайғыруда болды. Бір күні үйіне үш қонақ келді, біреуі домбырамен күй тартатын ақын. Олар Баян сұлудың ордасынан шығып, тура Қозыкеге келіп күй тартады. Баян сұлудың Қозы Көрпешке айтқан сәлемін жеткізеді. Қозы Көрпеш анасының айтқан сөзін тыңдамай, тура қонақтар жатқан үйде бірге болады. Түн ортасында ол қонақтардан Баян сұлудың сәлемін қалай әкелгенін сұрады. Олар айтты, «біз Қарабайдың үйінде қонақта болып, ерте шығып, кешінде осында келдік».
Мұны естіп Қозы Көрпеш Қарабайдың ордасына аттанды. Бұл кез Қарабайдың Баян сұлуды Қодарға бермекші болып жатқан кезі еді. Қозы Көрпеш жол-жөнекей кемпірге жолықты. Одан Қарабайға келіп, алты ай оның қойын бақты. Ол уақытының ішінде қалыңдығын көре алмады, іші қайғыға толды. Жолығуды үміт етіп, Баян сұлудың зерлі қозысының аяғын сындырды. Оны іздеу үшін Баян сұлу тұтатқышпен (шақпақтастың ұшқыны) атын шақырып алды, аты жетіп келді.
Қозы Көрпеш айтты: «Сенің қойыңды баққаныма алты ай болды содан бері сенің келбетіңді бір көрмедім. О, қадірлі Баян» - деді. Баян сұлу ілгері кетіп «түсінді», «О, мынау Қозы Көрпеш екен» - деп. Мұның алдында Қарабайдың көшіп-қонған жеріне үш қонақ келген еді, оның біреуі ақын еді. Қарабай оларды сыйлап күтіп алды. «Қайда барасыздар?» деп сұрады. Олар айтты «Біз Қозы Көрпешті іздеп келеміз, оның алдында күй тартып, домбырамен ойнағымыз келеді». Қарабай Баян сұлуды Қодарға бермек болып үлкен той жасады. Сорлы болған Баян сұлу қайғыдан бас көтермеді. Қозы Керпеш оған тез келіп, екеуі қосылды, жасырынып сандық ішінде жатып жүрді. Өзге вариантта күймеде, жалғыз-ақ Қозы Көрпештің алтын айдары сыртқа шығып тұрды. Қодар құл қалыңдығын көріп, айран сұрап ішу үшін Баянның үйіне келді, алтын айдарды көріп, оны кесіп алды. Айқайлаған дауыспен Қарабайға келіп айтты: «қызыңның күйеуі бар көрінеді».
Қарабай оларды тойға шақырады. Баян сұлу Қозы Көрпеш мас болып қалмасын деп, оның киімінің ішінен жіңішке шанақ байлап береді. Қодар берген арақты осыған құя бер дейді. Орданың есігінде төрт күзетші, далада үш жерде үш қарауыл тұрады. Баян сұлу далаға шығып, барлық аттың үзенгісін кесіп түсіреді. Ордаға кіріп келсе, бәрі ұйықтай бастаған. Қозы Көрпештің бетіне су бүркіп оятты. Қозыке күзетте тұрған қарауылдың арасынан тез өте шықты, олар бірін-бірі қылыштап өздерін-өздері өлтірді, іші ойран-топыр болды. Аттардың үзеңгісі жоқ, Қозыкені ұстауға мұршалары болмай қалды. Қозы Көрпеш жолда тұрған бірінші қарауылды өлтірді, одан кейін екіншісін ұрып жықты. Үшіншіге барғанда ол айтты: «мені ат!» деді. Қозы Көрпеш айтты: «алдымен сен ат» деді. Ол атып, тобығынан тигізді, Қозы Көрпеш ата алмай қалды. Ол Шоқтерекке барып жан сақтады. Жыр:
Менің тобығым жараланған - қозғалуға шамам жоқ.Менің аяғым ұрылған - қимылдауға шамам жоқ.
Шоқтерек, сенен сұрайтыным
Менің астыма түсіп төсек бол.
Мұндай мотив Қорқыт жырында да бар.
Алып ерге алтын шатырлы үй бол.
Ол оған таныс болсан.
Мен естіген Шоқтерек оның астына түсіп төсек болды; үстіне шығып шатыр болды. Баян сұлу бұған күн сайын торғайын жіберіп, бауырсақ, тамақ жеткізіп тұрды.
Қозы Көрпештің өзі де жадашы (жайшы) екен. Ол барлық жерге жаңбырды үсті-үстіне құйдырып, тек Шоқтеректің түбіне күн сәулесін түсіріп тұрды. Бір күні торғай ауылға келгенде, оны андып жүрген Баянның жеңгесі ұстап алып, жүнін жұлып, ең соңында бас жүнін жұла бастағанда шыдай алмай, «шоқ» деп өліп кетеді. Қодар құл сұрап, естіп біледі. Бұл Шоқтерек екен дейді. Қасына Қарабайды ертіп Шоқтерекке келеді. Қозы Көрпеш өзінің әдептілік мінезімен бас иіп, олардың алдынан шығады.
Қарабайдың айтқан сөзі: «Қызымды басқадан гөрі осының өзіне бергенім дұрыс екен», -деп екеуі кетеді. Қодар кейін ұрланып келіп, Қозыны атып өлтіреді. Қалғаны өзге варианттарымен бірдей. Баян сұлудың Қодарды өлтіруі, Қозы Көрпешті жоқтау, оның жеті күнге тіріліп, Баян сұлумен қызық көруі, онымен бірге өлуі - өзге вариантта кездеспейтін, тек осы Қатпаның айтуында кездесетін өте ескі варианттың бір түрі. Қозы Көрпеш Баян сұлуға жүрерінің алдында бір топ ақындар келіп, қызық күй тартып, оны қуанышпен шығарып салады. Қозы Көрпештің өзі де күйді әдемі тартып, Баян сұлудың алдында жүрек қозғайтын толқынды жырлар айтады. Қодармен алысып жүргенде жада тарту әдісін жүйрік біліп, жаңбырды үсті-үстіне жаудырып, кейде боран соқтырады (Жанак, Қатпа). Қарауылда тұрған жігітпен кездескенде, ескі дәуірдегі тәртіп бойынша атысайық па, сайысайық па деп кезек сұрайды. Бұл өте ескі уақытта болған жосын (Грязнов М.П.Древние памятники героического эпоса).
Орысша қара сөзбен жазылған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының 1870 жылдары қағаз бетіне түсірген бір ескі варианты Семей қаласында Абай музейінде сақтаулы тұр. Көлемі 164 бет. Оны бір білетін қазаққа Н.Я.Коншин аудартқан болу керек. Сол сияқты аударулар Н.Я.Коншиннің Омбының география қоғамының архивінде сақтаулы тұрған мәліметтері арасында кездеседі. Жырдың мазмұны Баянауыл мен Аягөз бойында айтылатын варианттарға өте ұқсас, ішінде халық дәстүрі түрде суреттелген. Жыр Қарабай мен Сарыбайдың аңға шығуынан басталады. Баян сұлу мен Қозы Көрпеш сегіз жасқа дейін жайлауда бірге өсіп жүреді. Бір жылы орасан жұт болып, халық тегісімен жатақта қалады. Қозы Көрпеш сол жастайынан еңбекке үйренген қайраткер болады. Қарабай теріскейден көшіп, Баянауылға келіп тоқтайды. Баянды айттыруға үміт еткен талай сері жігіттер келеді. Баян Қозыны іздеп, торғайын жібереді, бірақ лашынға кездесіп, торғайы талауға түседі. Қозы керуенге еріп Қарабайдың ауылына келеді. Қарабай үлкен той жасап, қызын керуен басына бермекші болады. Баян сұлумен Қозыеке оны біліп, қаша жөнеледі. Оларды Аягөздің бойында ұстап, Қозыкені Қодар атып өлтіреді. Баян өзін онымен бірге өлтіреді. Бүкіл ел жиналып, екеуіне Аягөз бойында биік күмбез орнатады. Бұл вариант -«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының ең ескі нұсқасының бірі.
Баянауыл вариантымен тығыз байланысы бар нұсқаның бірі Қозы Көрпештің Баяны», 1882 жылы Омбы қаласында Қаржас ауылында жазылған, бергі кезге дейін сақтап келуші Мұртаза Бөлекұлы. Жырдың бас-аяғы сақталмаған. Айбастың Баян сұлуды іздеп шығуынан басталады, аяғы Баянның Қозыны жоқтауымен бітеді. Бұл нұсқа бұрын бір үлкен жазба кітаптың орта кезінде болған, оның 177-203 беттерінен орын алған. Ол жазба да, бұл нұсқа да ешкімге белгісіз болып жатқан. Іздеп табушы Т.Сыдықов.
Жырдың ең бір жақсы түрін жазып қалдырған жыршы – Қоңқабай Мейірманұлы. Қарқаралы аймағында Дегелең тауының қыстағында туып-өскен Байбөрі елінің бір ақыны. Жырды ол 1909 жылы бір ескі жазудан көшіріп алған, көлемі 93 бет. Аңызды жырлау мазмұны Шөжеден басқарақ. Қарабай мен Сарыбай Ташкеннен төмен қарай Сыр бойы мен Жетісуды қоныс еткен адамдар. Қозы еліне келіп, күң болып жүрген анасын босатып, оны қырық биенің сүтімен жуып тазартады. Анасы қайтадан тағына отырады. Баян еліне келгенде үлкен той жасайды, Баяннан екі ұл туады. Баяннан Сайтүлек деген ұл туғанын Айтбай ақын да келтірген.
Жырдың осында айтылған көп вариантын, оның сюжет құрылысын жеткізе суреттеген ғалымдар - Г.Н.Потанин мен Мұхтар Әуезов. Бергі кезде оны жақсы зерттеуге жол ашқан Ысқақ Дүйсенбаев. Г.Н.Потанин мен Мұхтар Әуезовтың байқауынша, «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жыры дүниежүзілік әдебиетке белгілі үлес қосқан, қазақ халқының бір жарқын шығармасы деп анықтаған. Г.Н.Потанин бұл жарқын ойларын өзінің көп жыл ішінде жазған еңбектерінде айқын білдірген.
Бұл жырдың екі дәуірден келе жатқан мотивтерін, оның қатар айтылатын көп аңыздарын аяулы ғалым моңғол эпосынан, алтай, Сібір елі айтатын эпос - аңыздармен салыстырып отырады.
Ел аузында сақталған басқа аңыздарға қарағанда, Баян сұлудың ақылды апалары Ай Таңсық, Айқыз - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу - жырының жеке бар тарауы болып айтылған. Оның негізгі сарыны, Ай Таңсық пен Айқыздың Қозыке мен Баян сұлу, Айбас туралы қандай қиындықты басынан кешіргені, олар үшін бар жанын салып, үлкен толқуда болғаны. Бұл екі қыз Баян сұлу сияқты сезім, ой романтикасына берілген, жырдың көңіл қозғайтын персонажы, игі адамдар тобы.
Жалпы айтқанда, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында айтылатын жер аттары ерте кезде шын оқиғадан шыққан болу керек. Қарабайдың үш қызының атымен айтылатын жер, су, тау, өзендер аты осы күнге дейін адамның көңіліне сондай жақын көрініп, олардың аңызы халық аузында ерекше орын алған.
Бесінші кезен бір ғана Қозы Көрпешті суреттеуге арналған.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры - қазақ әдебиетінде көркем түрде жырлаған ең қызықты аңыздардың бірі. Бұл жырдың негізгі мотиві - махаббатты ардактау, бақытсыздыққа ұшыраған екі жастың аз уақыт қызық көріп, кейін трагедиямен біткенін айтып беру.
Осынша ден қойып, жүйелі түрде зерттелген, қаншама варианттары, нұсқалары екі жүз жыл шамасында жиналып топталған, қазақ халқының мақтанышы болған «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жыры - дүниежүзілік әдебиетке ұлы мұра болған халық ақындарының тамаша шығармасы. Оның басына орнатылған сәулетті күмбезі де ғасырлар бойы халық көзіне елес беріп, екі ғашықтың махаббатын екі мың жылдан аса санаға сәуле түсіргендей жүректі тербеп келеді.
ЖЫРДЫҢ СЮЖЕТ ҚҰРЫЛЫСЫ
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырынын сюжеті жоғарыда көрсетілгендей, өте ерте дәуірде, исламнан көп заман бұрын шыққан.
Эпостың түрлі вариантын жырлаған Болат Уәлиханов, Арыстан Сақау ақын, Найман бала, Сыбанбай (Мұса Рүстемұлының 1927 жылғы дерегі бойынша), Жанақ ақын, Шөже, Бекбау ақын туралы да айттық.
Жырдың ескі сюжет құрылысында ноғайлы (қыпшақ) заманының мотивтері кездеспейді. Кейбір вариантта «ноғайлы», «Орманбет би» сөзінің кездесуі XIII-XIV ғасырларда қосылған ойлар. Бұл жырдың түу баста сақ, ғұн, Түрік қағанаты кезінде жазылған жыр екенін жоғарыда көрсеткен. Шоқтеректің алтын суреті ашық сипаттайды.
Жыр Сарыбайдың арғы тегін оғыз бен қыпшақтардан таратады. Ол қыс Сыр бойын қыстап, жаз Арқаға шығады. Бұл мотив Түрік қағанаты кезінде (VI - VIII ғғ.) Сыр бойы мен Арқаны бірдей қоныстаған қыпшақ пен оғыздардың өмірін еске түсіреді. (Рашидедцин)
Нәсілін Сарыбайдың айтушы еді,
Қырық бала Орманбеттің біреуі деп.
(Жанақ)
Жырдағы Сарыбайдың Орманбет елін басқарушының біреуі еді деп айтылуы ескі сюжетке қосылған жаңалық. Бергі кезде барлық жырды «ноғайлының жыры» деп атайтын болды. Бірақ «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының ескі сюжеті одан көп заман бұрын қалыптасқан. Жырдың атына, сюжетіне, тіліне қарағанда, оны ноғайлы заманында шықты деуге келмейді. Ол одан көп бұрын, ғұн, үйсін, Түрік қағанаты кезінде айтылып келген. Жырдың қазақ, алтай елінде бірдей айтылуы, кейде Сібірдің терең өлкесінде кездесуі мұны ашық дәлелдейді.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» халыктың жан күйіне сай келетін сәулетті жыр болғандықтан, ол көп заман ішінде үздіксіз айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан. Сондықтан оған бірте-бірте жаңа мотивтер де қосылып отырған.
Ескі дәуірде жасалған сюжеттің кейде ертегі-аңыз, кейде жыр - толғау түрінде айтылып сақталуының өзі оның ұлы бір қасиеті.
Әсіресе, жырда ерте дәуірде алысқа көшіп, мал бағатын, байтақ өлкені ен жайлаған, суы, шөбі мол қонысты іздеген кезеңнің елесі басым. Ол дәуірде дәл осылай өмір кешкен тайпалар ғұндар, қаңлылар, қыпшақтар, қырғыздар, ұйғырлар еді. Олар қыстау мен жайлаудың арасында кемі дегенде төрт мың километрге дейін көшіп барып қайтатын. «Ер Төстік» аңызында жылқыны қыста «көз көрмес, құлақ естімес» жерге апарып жаяды ғой.
Сібірдің алыс жатқан орманының, қыстыгүні жұт болмайтын, шөбі мол, боран тынышын алмайтын қалың тайгасының іші мен өсіруге қолайлы болған «Қозы Көрпеш» жырында көп айтылатын мотив осы жылқы бағу ісі. Қарабай сияқты шаруақор, мықты байдың тоқсан мың жылқысы осындай ұлан байтақ өңірге ғана жайылуы табиғи. Бұл мотив ескі жырдың көбінде кездеседі («Ер Төстік», «Ақ Көбек», «Манас»).
Жаз шыға Қарабайдың Аягөзден көшіп, жайлауы мол теріскей өлкеге беттеуі, Түменде, Тобыл өзенінің бойында, ұлы жайлау Балталыда отыруы, жылқысы Мұз теңізінің жағасына дейін баруы (Радлов жазуы) өмір шындығына сәйкес. Тарихи дәуірлерде көшпелі тайпалар жаздыгүні сол теріскей өлкені жайлауды көп заманнан салт еткен.
Жырда Қарабайдың тұрпаты шебер суреттелген. Ол өте шаруақор, сараң бай, сонымен қатар егін салып, құдық қаздыратын ынтасы да аз емес. Осындай келбетіне қарағанда Қарабай Қарлық (Қазылық) елін билеген Қара ханға ұқсайды (VII-VIII ғғ.). Ол өзіне лайықтап жасатқан жарқыраған алтын кісені тоқсан жылқы беріп істеткен.
Жыр Қарабайдың кейбір ұнамды істерімен қатар, оның көрбілтелік мінезін де әшкерелеп отырады. Оның бар тілегі жылқыда ғана:
Жас құлыным қырылды барлық, Қодар,
Бір су тауып бере гөр маған, Қодар.
Сен шөлдетпей малымды алып етсең,
Ақ Баянды берермін саған, Қодар.
Қарабайдың бұл сипаты кісіден малды артық санайтын топас, сараң байлардың көрінісі. Баян сұлуды теңіне беру оның ойына келмейді, туған қызын жылқы үшін құрбан етеді.
Жырдағы бас геройдың бірі - Қодар. Ол Қарабайдың тілегіне дәл келетін қара күштің иесі. Бұл екеуі ой, сана жағынан бірінен-бірі артық емес, екеуі де топас адамдар. Қодардың жойқын күш иесі екенін жыр былай деп көрсетеді:
Түнімен құдық аршып түске шейін,
Сондай құдық жасайды беске шейін.
Кейінің өз суы бар, кейінде жоқ,
Меспен тасып толтырар кешке дейін.
(Жанақ)
Жырда Қарабайдың көшіп жүрген жолындағы жер аттары көңіл аударарлық. Бұл мәселеге көп ғалымдар ой бөлген. Аягөзден теріскейге көшіп шыққанда Қарабайдың тоқтап өткен жерлері - Жорға, Жауыр тауы, Шұбарайғыр (осы күнгі Шұбартау ауданының жері), одан әрі бұрынғы Қарқаралы аймағына кіретін жерлер Мейізек (Баян сұлудың мейіз ішкен жері), Темірші (темір қазып алған жер), Қазанғап өзені, Тоқырауын, Жамшы өзендері, Алтын сандық, Ақшатау, Қарқаралы, Баянауыл, Шідерді, Өлеңті, Есіл (Қара өткел), Қозы Көрпеш бұлағы, Нұра «Қарабайдың ордасы», Домбыралы, Моншақты (Көкшетау), Түмен, Балталы сақалды. Аягөздің маңайында бұған қоса айтатын жер аттары - Баян Жүрек (Баянның ғашық болған жері), Айтаңсық, Аягөз өзендері (Баянның ақылды апаларына арнап қойылған жер аттары, Шоқтерек (Қозы Көрпештің қайтыс болған жері). Айбастың қорымы, Қодардың мүсін тасы, тағы сондайлар. Сюжет құрылысы бойынша «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры бірнеше кезеңге бөлініп айтылады. Мұнда алты түрлі ұлы кезең бар. Оның әрбірі ерте кезде өз алдына жеке-жеке, ұзақ жыр болып айтылған (Болат Уалиханов, Арыстанбай ақын, Найман бала).
Бірінші кезең - екі ұлысты басқаратын Қарабай мен Сарыбайдың қыстаудан (кейде қаладан) көшіп, ұлы жайлау теріскейге (Балталыға) барып, жазды сонда өткізіп қайтуы. Екеуі екі ұлыстың ел басқарушысы. Жырда көбінесе Ақ хан, Қара хан деп аталады (қазақ пен алтай елі айтатын нұсқаларда). Екеуі жапан түзде аң аулап жүріп танысады. Теріскей өлкеде бұты мен марал орасан көп, екеуі марал аулау қызығына түседі. Аң аулап жүріп, екеуі бірін-бірі жақсы көріп, дос болады. Екеуінің әйелі де күмәнді екен, етер бірімізден ұл, бірімізден қыз туса - айырылмас құда болайық деп, тос соғысып, анттасады.
Бір кезде алдарынан буаз марал кездеседі. Қарабай садағын жұлып алып атпақшы болғанда, Сарыбай: «Әйеліміз екіқабат, атпаған дұрыс», - деп кеңес береді. Әлден уақытта олардың алдынан сүйінші сұрап бір жігіт шығып (кейбір вариантта кемпір): «Сарыбайдың әйелі ұл, Қарабайдың жұбайы қыз тапты», - деп қуантады. Екі аңшы ат қойып, үйіне тартады. Кеш бола бастаған кез. Қарабай «байқап жүрейік» дейді. Әлден уақытта аты жарға соғылып, Сарыбай аттан ұшып түсіп қайтыс болады. Екі ханның ордасы қатты қайғырып күйінеді. Жырдың көп жері Сарыбайды еске түсіруге, оған ас беруге арналған. Ac үстінде атақты қариялар мен шешен билер толқынды сөздер айтып, екі аңшының достасқан сертін қошеметтеп, бесікте жатқан екі бөбектің ілгеріде бірімен бірінің қосылуына тілек білдіреді. Бұл бірінші кезеңнің өзі бұрын бір күн, бір түн айтылатын ең ғажайып аңыздың бірі болған.
Екінші кезең - жетім қалған Қозыкені, оның анасының уайымдауына, бесікте жатқан кішкене Қозы Көрпешке үміт артқанын көрсетуге арналған. Бұл кезде Қарабай үлкен толғау үстінде жүреді. Ағайындары оған «жетім ұлға қызынды берме» деген кеңес береді. Қозының анасы мен Тайлақ би Қарабайға «бұрынғы серттескен антыңды бұзба, жақындық мәңгі сақталсын» дейді. Бірақ Қарабай сертінде тұрмайды. «Жетім ұлға қызымды бермеймін» деп, Балталыдан тез көше жөнеледі.
Аяулы анасының Қозы Көрпешті әлпештеп, тәрбиелеу ісі де осы екінші кезеңде жырланады. Қозы Көрпештің қалай өскені, бала күндегі сипаты, зерек - алғырлығы, алып ер болуға лайықты бала екені көріне бастайды. Бес-алты жасқа келгенде анасы оған арнап алтын сақа, күміс сақа құйдырып береді. Бұл да ескі дәуірден келе жатқан ырымның бір түрі. Алтын мен күміс құйған сақалар ескі қорымдарды (обаларды) қазғанда ауық-ауық кездесіп тұрады. «Ер Төстік», «Ақ Көбек», «Құла Мерген» сияқты ескі аңыздарда айтылады
Үшінші кезең - Баян сұлудың қалай өскенін суреттеуге арналған. Ол ел басқарған адамның ордасында өскен қыз. Жырда оның сұлу бейнесі, тал шыбықтай бұралған бойы, әдемі мөлдір қара көзі, жұрттан асқан сұлу жүзі, мөлдір мінезі, бар қасиеті тізбектеліп, төгіліп отырады. Баян сұлудың жақсы көрген дүниесінің бірі - оның көркем күймесі. Бұ да ескі дәуірдегі тайпалар арасында көп тараған дәстүрдің бір белгісі. Түркі тайпалары арасында болған ондай күймелерді грек, латын, қытай жазушылары әдемілеп суреттеген. Олардың қалдығы Пазырық обаларынан да табылған.
Күйме қазақтың халық жырында - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Ер Сайын» жырларында суреттелген. Баян сұлу күймесі былай сипатталады:
Жұрт айтатын темірлі күймесі бар,
Қозы Көрпеш дегенде дүниесі тар.
(Жанақ, Абай)
Күймеде ойнап-күліп бірге тұрды,
Екеуі тар күймеде құшақтасты...
Қозыке ақ шатырда күндіз тұрды,
Түнде алтын күймеде дәурен сүрді.
Елі-жұрты еліндегі есінде жоқ,
Жиырма жыл Қарабаймен бірге тұрды.
(Шөже).
Жанақтың Мұхтар жазып алған соңғы вариантында бұл мотиві былай суреттелген:
Қозыкең тар күймеде ой ойлайды,
Ойынменен күлкіге бір тоймайды.
Тоғыз, он күн күймеде қызық көріп,
Күреңшемен жүгіртіп тағы ойнайды.
В.В.Радлов варианты бойынша, Қозы Көрпеш күймеге кіріп келгенде, оның іші сұлулық суретімен жарқырап тұрады.
Ер Қозыкем күймесіне кіріп барды,
Күймесі күндей болып жарқырады.
Дербісалин нұсқасында да осы тәрізді болып айтылады:
Көрпешпен құшақтасып сүйіскен соң
Қолтықтап күймесіне алып барды.
Бұл оқиғаға төкпе ақындар ерекше мән беріп, екі ғашықтың қосылғанын шалқыта, әсерлене айтатын болған.
Тегінде күйменің шығу тарихы да өте әдемі, мәдениеттің бір үлкен саласы. Тарихи дәуірлерде күймені мал баққан түркі тайпаларының көбі жасай білді. Оны тұрмыстың бір сәулетті мұрасы, өнер түрі етіп ұстаған тайпалар - ескі дәуірдегі сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар. «Қаңлы», «Қаңқалы», «Қаңқа» (қытайша қангюй) деген сөздің өзі - күйменің ескі дәуірдегі бір аты. Рашидеддиннің анықтауынша, түркі тайпалары күймені «қаңлы» деп атаған, сондықтан ол күйме жасаған тайпаның атын да қаңлы деп кеткен. Қаңлының бір тарауы «Қара қаңлы» - арба жасаушы елдің бірі. Осы күнге дейін Қазақстан жерінде сақталған олардың бір тайпасы Қара қаңлы Алатаудың алқабында қоныстап отырады.
Ерте кезде қолданған алтындаған шатыр мен көк күймелер қытай мен латын тілінде талай рет суреттеліп айтылған. Ол туралы кейінгі кезде жазған ғалым Л.Н.Гумилев.
Ғұндардың соңын ала әдемі күймені салт қылып ұстаған тайпалар - қаңлылар, қыпшақтар, оғыздар, пешенелер. Бұларды рим жазушылары скиф (сақ) елі деп атаған. XI ғасырдың жазушылары Анна Комнина, Никита Хониат, Кинн күймелерді сипаттауға көңіл бөлген. «Скифтер өздерінің әйелдерімен, балаларымен жабық күймеде отырып көшіп жүреді».
Рим жазушылары қыпшақ пен пешенелер өзінің күймелерін соғысқа да пайдаланғанын көрсетеді. «Скифы встали в боевые порядки - ведь они обладают врожденным искусством встать и строить ряды. Они устраивали засады по всем правилам тактики, башнями огородили свое войско крытыми повозками». Демек, Күншығыс рим әскерімен соғысқанда, қыпшақ пен пешенелер өзінің дағдыланған әдісі бойынша әскерінің алдынан жабық күймелерін шепке ұстап, оның үстіне мұнара тұрғызып, тактика әдісінің барлық түрін қолданатын. Егер олар күймесіз қарсылық көрсетсе - жеңілуі сөзсіз. «Ромеи опасались неисчислимого скифского войска и множества крытых повозок, которые скифы использовали вместо стены». Никита Хониаттың байқауынша да қыпшақ пен пешенеге көп көмек көрсеткен олардың шепке ұстайтын күймелері. Жазушы Киннің бақылауынша да пешенелер әскері күйменің қатарымен қорғаған.
Ерте ғасырдағы қыпшақ пен қаңлылардың көркем күймелерін Плано Карпини, Рубрук, ибн-Баттута келістіре суреттеген. Қазақ пен ноғайлар оларды XV-XVIII ғасырларға дейін сақтап келгенін Шарафеддин Иазиди, Ф.Рузбехан, П.С.Паллас зерттеген.
XVI ғасырдың бас кезінде Шайбани ханның әскеріне еріп келген жазушы Ф.Рузбехан қазақтың киіз үйі мен әдемі күймелерін бірінші рет көріп, сондай таңғалған. Оның суреттеуінше, қазақ шеберлері әрі алып ер, әрі оқымысты білгіш - «просвещенный». Рузбехан қазақтардың шатырлы күймелер жасау шеберлігін жоғары бағалайды. «Ах, какие шатры! Замки, воздвигнутые высокие дома, построенные из дерева в воздушном пространстве». Шайбани хан осындай шатырлы күймелердің он мыңдайын қазақтардан тартып алып, Самарқанға апарады. Олардың көркі көз жауын алған. «Какие преогромные шатры я увидел, поставленные на колеса! Узрел я обширные дома с окошками, прекрасными войлочными занавесками очень красивыми и искусными, и казалось, что вся ставкие наполнена этими превосходными, стоящими на высоком основании домами, так что поражается и кружится от красоты, мастерства и изящества».
Жырдағы Баян сұлудың күймесі де тарихи дәуірдегі қызға арнап, сәулетті етіп жасаған әсем күйменің бірі. Баян сұлу ешқайда шықпай, бар жас өмірін осы күйменің ішінде өткізеді. Оның ержете ойлағаны - тумай тұрып атастырған жары Қозы Көрпеш, сол келсе деп үміт етеді. Жырдың суреттеуінше, Баян әрі ақылды, әрі сұлу қыз. Ол Қодардың емеурініне, жалбаңдауына көз салмайды, оны көргісі де келмейді. Оның бұл қасиеті ел арасына тарап, естігенді таң қалдырып отырады. Оған үйленуді үміт етіп, әр жерден ырғалып-жырғалып тоқсан сері келеді. Баянға жағыну үшін олар Қарабайдың үйінен кетпей, оның малын бағып қалады.
Жырдың төртінші кезеңі - Айбастың Баянды іздеп шығуына арналған. Мұндағы негізгі мәселе - Баян сұлудың Қозыке туралы қандай сыр бар екенін біліп қайту.
Айбас Аягөзге келісімен Баян сұлу, Айтаңсық, Айғыз үшеуімен "оңашада, өзен бойында жолығады. Балталы Сарыбай ордасынан Баян сұлуды көріп қайтуға келгенін білдіреді. Баян сұлу бесікте жатқанда атастырған Қозы Көрпешке ынтық болып жүргенін сыр қылып айтады. Бірақ араға Қодардың килігуі, Қарабайдың оған уәде беруі Баян сұлуды зор уайымға түсірген. Баянның ендігі тілегі Қозы Көрпешке қосылу екенін естіген Айбас қыздың бір тоғыз сәлемдемесін алып, еліне қайтады.
Айбастың Баян сұлумен жолыққан достық сұхбатымен бірге, Айбастың жүріп өткен жерлері де сондай көркем түрде суреттелген дедік. Ел аузында сақталған басқа түрлі аңыздарға қарағанда, Баян сұлудың ақылды апалары Айтаңсық, Айғыз «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жырының жеке бір тарауы болып айтылған. Оның негізгі сарыны, Айтаңсық пен Айғыздың Қозыке мен Баян сұлу, Айбас үшін қандай қиындықты басынан кешіргені, одан жанашыр тілектестер болғаны. Бұл екі қыз да Баян сұлу сияқты сезім, ой романтикасына берілген, жырдың көңіл қозғайтын кейіпкері. Оның бір ғажайып жері, олардың аты тек халық жырында ғана емес, жер аттары түрінде де сақталған.
Қалайда «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры ерте кезде шын оқиғадан шыққан болу керек. Қарабайдың үш қызының атымен айтылатын жер, су, тау, өзендер аты, олардың аңызы халық аузында ерекше орын алған.
Айбас еліне қайтқан соң Қозы Көрпешті көріп, Баян сұлумен жолыққанын қызық әңгіме етіп айтады. Қыздың адамшылық қасиетін, әдемі ажарын, тартымды мінезін мақтайды, Қозыны сағынып жүргенін мәлімдейді.
Бесінші кезең - Қозы Көрпештің бала күнде қалай өскенін, көркем сипаты, зеректігін, анасының оны аялап, арқа тұтуын баланың өсе келе ақыл иесі, әрі кемеңгер білгіш, әрі алып ер болғанын суреттеуге арналған.
Айбастың әкелген хабарынан соң Қозы тыныштық алып үйінде отыра алмайды, бар ынтасы Баян сұлуды іздеуге ауады. Қамығып келіп анасынан «Әкемнің маған атастырған қызы кім, атын айт!» деп сұрайды. Анасы оның Баян сұлу жайын естіп-білгеніне қатты налып күйінеді, назаланып қайғырады. Қозы Көрпеш: «Мұны маған түйе баққан шал айтты, өрмек тоқыған кемпір айтты, асық ойнап жүргенде ыза болған тазша бала айтты» деп шешесін мойындатады. Мұндағы ұлы мәселе - ана мен баланың қайымдасуы. Қозы Көрпеш - анасының жалғыз ұлы, қартайғанда күш алатын тірегі. Ол кетсе, анасының өмірінің не болатыны белгісіз. Осыны ойлап, Тайлақ би (кейде Ажыбай) бастаған елдің қариялары жиналып, Қозы Көрпештің жапан түзге кетуіне қарсы болады. «Жақсы қыз осы елдің өзінде де көп, оның біреуін ал» деп ақыл береді. Баянауыл варианты бойынша, Тайлақ би (Ажыбай) бастаған көп әскер Қарабайдың ордасын шауып, Баян сұлуды күшпен алуға бекінеді. Ал Қозы Көрпеш қариялардың ақылын тыңдағысы келмейді, ұсталарды жиып, қару-жарақ, садақ жасатады.
Анасының Қозыға айтқан сақтандыру сөздері, алда қауіптер күтіп тұрғанын ескертуі әр вариантта әртүрлі баяндалады. Көп бақсының Қозының алдынан шығып қорқытпақ болуы, аспаннан жай түсіріп, үскірік боран соқтыруы (Қатпаның айтуында), алпыс күндік шөлейттен өтуі, қаптаған жыртқыш аңға кездесуі секілді оқиғалар жырдың тартыстық қуатын күшейтеді. Осындай сарындар екі жастың арасына алуан тосқауыл кездескенін, олардың бірін-бірі көруі халық қиялында елестеп, арманға айналғанын көрсетеді. Қозыкенің ешқандай тосқауылға тоқтамайтынын сезген анасы жылқыдан таңдап ат мінуін кеңес етеді. Қозыке келгенде малшылар қуаныш етіп, үлкен той жасайды.
Бұл мотив те өте ескі дәуірден келе жатқан сарынның бірі. Оны біз «Оғыз намеден», «Қорқыт» жырынан, «Манастан» көреміз. Ғұн дәуіріндегі дәстүр бойынша әскердің тек күрең ат мініп шығатындығы көне сарын. Аягөзге баратын Қозы Көрпештің арда күреңмен шығуы осы мотивті еске салады. Қозының туған анасы, атақты Тайлақ би, ақылды қариялар барлық ел күңіреніп артта қалады. Қозы жол-жөнекей бар қиындықтан өтеді. Жүре-жүре бір сәуегей кемпірдің үйіне кездеседі. Кей вариантында керуен басқарған сәуегей қарттың қасына келіп түседі. Олармен дос болып, атын тынықтырады. Керуенбасы қарт (кейде сәуегей кемпір) «сен бұл түріңмен барма, қарапайым киім киіп бар» деп ақыл береді. Қозы Аягөздің бойына жетіп, Қарабайдың қой бағып жүрген қойшысына жолығады. Шоқтеректің түбінде әдемі киімдерін, қару - жарағын жерге көміп, үстіне кебенек киіп алады. Одан әрі күн жайлатып, боран соқтырып, қойшыны адастырып жібереді. Абай нұсқасында қойшыны өз еліне қайтарады. Өзі тазша түріне түсіп, қойды айдап Қарабайдың үйіне келеді...
Алтыншы кезең - Қозының тазша болып келіп, алты ай қой бағатын тұсы. Халық қиялы екі ғашықты қой ішіндегі Баян сұлудың зерлі токтысының «көмегімен» жолықтырады. Зерлі тоқты «қой бағып жүрген тазша емес, Қозы Көрпеш» деп Баян сұлудан сүйінші сұрайды. Баян сұлу оның анығына сенеді. Қозы Көрпеш басындағы алтын айдарын көрсетеді, «мен Қозы Көрпештің өзімін»дейді. Екеуі құшақтасып сүйіседі. «Тазша» күндіз қой бағып, түнде Баян сұлудың күймесінде жатып жүреді...
Қарабай оны жақсы көріп, жылқы бағуға жұмсайды. Қозы алғашқыда Қодармен әзілдесіп, кейде ойнап, ат үстінен жұлып алып жүреді. Кейде тоқсан құлмен аударыспақ ойнап, оларды тегісімен топырлатып жүреді. Халық ақындары бұл жерде Қозы Көрпешті жойқын алып түрінде суреттеп, оның жеңбейтін адамы жоқ деп сипаттайды.
Қозы мен Баян ел тойға кеткен кезде оңаша кездеседі, махаббат қызығына батады
Ер Қозыкем күймесіне кіріп барды,
Күймесі күндей болып жарқырады.
Дербісалин нұсқасында да осы тәрізді болып айтылады:
Көрпешпен құшақтасып сүйіскен соң
Қолтықтап күймесіне алып барды.
Баян сұлу кейін ешнәрседен именбей, Қозы Көрпешпен тура бірге тұрып жүреді. Қодардың оған іші күйіп, не істерін білмей, Қарабайды қысады. Ақырында іс соғысқа айналатын болған соң Баян сұлу Қозы Көрпешті Шоқтерекке жібереді. Сол жерде Қодар жасырынып барып, Қозыны ұйықтап жатқан кезінде атып өлтіреді. Бірақ Баян сұлуды Қодар ала алмайды. Баян сұлу оның өзін шыңырау құдықтан су әпер деп түсіріп, арқанын кесіп жіберіп, сонда өлтіріп кегін алады. Қозы Көрпеш өлген жерде өзі бірге өледі.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры қазақ әдебиетінде көркем түрде жырланған ең қызықты аңыздардың бірі. Бұл жырдың негізгі мотиві махаббатты ардақтау, екі жастың аз уақыт қызық көріп, кейін трагедияға ұшырағаны.
Неше ғасырлар бойы халық қиялында Қозы мен Баянның махаббаты аңыз боп тарап, өлеңмен айтылып отырған. Баянның асқан сұлулығын асқақ суреттермен бейнелеген.
Қаншама варианттары, нұсқалары екі жүз жыл шамасында жиналып топталған, зерттелген, қазақ халқының мақтанышы болған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры -дүниежүзілік әдебиеттің ұлы мұрасы, халық ақындарының үздік шығармасы. Оның басына орнатқан сәулетті күмбезі де сүйіскен екі ғашықтың махаббатын екі мың жылдан аса уақыт еске түсіріп, халық қиялын тербеп келеді.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: әңгіме Әлкей Марғұлан Қозы Көрпеш Баян сұлу жыры туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Әлкей Марғұлан Қозы Көрпеш Баян сұлу жыры на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке