Ілияс Есенберлин | Алтын орда II кітап

  Ілияс Есенберлин | Алтын орда II кітап


БІРІНШІ ТАРАУ

Ордада төртеуінен басқа ешкім жоқ еді. Төрде Батуханның немересі Тоғырылшадан туған Өзбек пен Өзбекпен бес атадан қосылатын Тамғамның баласы Құтлық Темір әмір отырған. Өзбектің оң жағында Орда иесі Алтын Орда ханы Тоқтайдың үлкен ұлы Елбасмыш, ал Құтлық Темірден сәл төмендеу, оның сол жағына бас әмірші Қадақ орналасқан.

Осы Тышқан, яғни 1312 жылы Алтын Орда ханы Тоқтай дүние салған. Сонау Өргеніштен Өзбек пен Құтлық Темір көңіл айта келген. Өзбек ол кезде, қазіргідей толықпаған, сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт еді. Әдемі қоңырқай даусымен оқып отырған жаңа үйренген құранын аяқтай бергенінде ол кенет Құтлық Темірдің оқыс қозғалғанын көзі шалып қалды. Сөйткенінше болған жоқ, сол сәтте-ақ Елбасмыш пен екеуінің қарсы алдына, өткір қылыш алып түскен Қадақтың басы топ етті. Басынан айырылған дене кеңсірігінен қан бұрқырай атып, бір орнында тыпырлады да қалды. Ал Өзбектің қарсы алдына түскен Қадақтың буырыл сақалды басы бір сәт оған бірдеме айтқысы келгендей, көзі шарасынан шыға жасаурап, тілі әлденені былдырлай еріндері сәл ашылып-жабылып жатты да, кенет тына қалды. Сол мезетте Өзбектің өзінің де оң қолы сол жақтағы қынаптағы алдаспанның тұтқасын барып ұстады. Көз ілесердей уақыт өткен жоқ, жүзі ұстарадай қылшылдаған алдаспан жарқ етіп көкке бір көтерілді де, орғи сілтенді. Құран сөзін ұйып тыңдап отырған Елбасмыш Қадақтың басы келіп алдына түскенде шошып кеткен. Есін жиып ол үлгірген де жоқ, енді өз басы анандай жерге ұшып түсті. Бұның да денесі бір орнында тыпырлады да қалды. Өзбек орнынан ұшып түрегеліп, өзіне қарап тасырайып көзін алмай жатқан басынан бөлек қан-қан денесін алдаспанымен тартып-тартып жіберді.

Бассыз денесі тіріліп кетеді деді ме екен, бұнысы несі?

Өлі денені соншалық шапқылайтын әлде Елбасмышта ала алмай жүрген қанды кек, қайтпаған өші бар ма еді.

Жоқ, ондай кегі де, өші де жоқ. Немере аға, інісінің ішінде Өзбекке Елбасмыш ең көңілдес жақыны саналатын.

Елбасмыш пен Қадақтың да қапы қалғандары содан еді.

Көңіл айта келген бұл екеуі неге сонша Елбасмыш пен Қадаққа өшікті?

Өзбек құр ғана Елбасмыштың басын алып қойған жоқ қой, неге өлі денесін сонша шапқылады?

Әлде... Әлде бала кезіндегі бір оқиға есіне түсті ме?

Ол кезде Өзбек пен Елбасмыш өлердей дос еді. Бір жылы Мөңке Темірдің ортаншы ұлы Тоқтай мен ең кенжесі Тоғырылша ауыл жаз жайлауға бірге шыққан. Онда Тоқтай Алтын Орда ханы емес, Тоғырылшада оған деген күншілдіктің құсасы болмайтын. Екі ауыл Еділ бойына аралас-құралас келіп қонған. Түйдей құрдас, бес-алты жасар Елбасмыш пен Өзбек ұйқыдан өзге уақыттарын үнемі бірге өткізген. Асық ойнап алысып, тай мініп жарысып әбден қызыққа батқан. Бұлар әсіресе дұзақ құрып, құс аулап, соларды ұстап әурелеп өлтіруді қызық көретін.

Бір күні екеуінің құрған дұзағына кәдімгі үй арасында ұшып жүретін жаман торғай түсті. Дұзаққа бірінші боп жүгіріп жеткен Өзбек торғайдың мойнын бұрап үзіп, басын бір жаққа, денесін екінші жаққа лақтырып жіберді. Ентіге жеткен Елбасмыш пен екеуі сонда өмір бақи естерінен шықпайтын кереметті көрген! Торғайдың лақтырған денесі, басының жоқтығына қарамай сол бассыз қалпында, жерге түспей, әрі қарай ұша жөнелген. Торғай денесі осылай көз алдарында біраз жерге дейін қонбай барып, алдындағы қалың шиге жетіп жоқ болған. Бұны көрген екі жас бала таң қалған. Және өмір бойы ұмытпастай боп қорыққан. Қорыққандықтары соншалық, соңынан ер жетіп, ұрыстарға қатынасып, өлімге әбден етене боп үйренген кездерінде де, алда-жалда кісі өлтіре қалғандарында, олардың бассыз денелері тағы тіріліп кететіндей, қылыштарымен бірнеше рет шапқылауды әдет еткен.

Өзбектің бүгінгі қылығы содан ба?

Расыменен бассыз денені тіріліп кетеді деп ойлады ма? Әлде ана жылғы оқиға есінде ме?

Онда Өзбек жігіт болып қалған еді. Иран илханы Газан әскері мен Алтын Орда қосындары Қап тауының бір шахары үшін қатты соғысқан. Қала шетін Алтын Орда әскері алған еді. Ал шаһар бекіністеріндегі илхан қолы, іші-сырты демей қамал бұзатын құралдарымен үйдей-үйдей тастарды Алтын Орда шебіне қарсы атқылап жатқан. Өзбек бес-алты жолдастарымен қалаға таяу үңгірге кіріп, ас ішіп сәл көздерінің шырымын алмақ болған. Үңгір іші кең. Төбесіндегі ошақ көлеміндей тесіктен аспан көрінеді. Алтын Орда қосындарының алдыңғы шебі қала бекінісімен жалғасып жатқан тау деңгейлерінің ара-арасында, үстінде қарсы жақ жауынгерлерімен бетпе-бет келіп, белдесіп те қалған. Сөйтсе де илхан әскері қалаға жауды кіргізер емес. Бірақ олар құралдарымен қазандай-қазандай тастарды қанша жаудырса да, үңгір ішіндегі жігіттерге шыбын шаққан құрлы білінер емес, тек төбе үстіне түскен ауыр тастар құр күмп-күмп етеді. Жігіттердің онда шаруалары жоқ, үңгірдің дәл ортасындағы ошақта жағылған отты қоршай, мосыдағы шәйнектің қайнауын күтіп алқа қотан отырған. Әлденелерді әңгіме етіп күлісіп те қояды. Кенет сонау көгілдір аспан көрінген тесіктен бір домалақ қап-қара зат төмен қарай құлдырап құлай түсті. Жігіттер қашып та үлгірген жоқ, әйтеуір, әлгі қара нәрсе үңгірдің төменгі ернеуіне тиіп, ошаққа соқпай, домалай түсіп, үңгір есігінің арғы жағына барып тоқтады. Адамның басы екен. Есіктен көрініп тұр.

Бір жігіт орнынан түрегеліп, бастың жанына барып көріп келді.

— Қарасақал Қарабайдың басы екен,— деді ол. Сірә тас иық тұсынан тиген-ау деймін, мойын омыртқасын үзіп жіберіпті. Денесінен айырылған бас ұшып кеткен бойы ана тесіктен бері қарай құлаған ғой — жігіт жоғарғы жақтағы тесікті көрсетті.— Далиған адыр төбесінен оймақтай тесікті қалай тапты десеңдерші.

— Жазмыш бұйрығы да,— деді Өзбек.— Бұ да қаза болды, бір асқан ер адам еді.

— Ерлігі өз алдына, тым қара жүрек еді,— деді бір мосқалдау келген жауынгер,— жазығы жоқ талай адамды өз қолыменен бауыздаған.

Сөйткенше болған жоқ, үңгір үстіне дүңк-дүңк етіп түсіп жатқан тастардың дауыстары тағы естілді.

— Қояр емес қой мыналар,— деді Өзбек.— Сірә...— Өзбек сөзін айтып үлгірген де жоқ, қазандай қара тас, үңгірдің дәл есігінің арғы жағында жатқан Қарабайдың басының дәл үстінен келіп түсті.

Үңгірдегілер аң-таң қалды. Сонау ойлы-қырлы төбе шатқалдардың қилы, қиғаш арасынан, қүз биіктерден асып кеп мынау қазандай қара тас қалай Қарабайдың басына дәл түсті?

— Япырмай, күнәсі шын көп адам болғаны ма? — деген таңдана Өзбек.— Ең болмаса басын жерлейміз бе деп отыр едім, көрдіңдер ме, оны да бұйыртпады ғой...

Сонда қалай, Елбасмыш та Қарабайдай күнәлі жан болғаны ма? Қарабайдың басын бөлшектеп, жерлетпеген қара тастай, Өзбектің өзі тағдыр боп кеп оның денесін шапқылады ма?

Иә, иә! Елбасмыштың күнәсі Қарабайдың күнәсінен де артық еді!

Өйткені Елбасмыш әкесі Тоқтайдың тағына отырғысы келді. Алтын Орда ханы болғысы келді.

Жоқ, Елбасмыш алтын таққа отырды да, Алтын Орда ханы болды да. Бас әмір Қадақтың арқасында бұл мұратының бәріне де жеткен. Тек біржолата бүкіл Алтын Орда ханы аталу үшін әкесінің асын беріп болғаннан кейін, Құрылтай шақырылуы ғана қалған.

Алтын таққа бір ие болған адамға Құрылтай деген не? Достары түгіл қастары да, қорыққандарынан бастарындағы бөріктерін аспанға лақтырып, алақайлап шыға келеді. Ал қорықпайтындары ол Құрылтайға қатыса алмайды. Бұрын өлтіріледі.

Міне сондықтан да Шыңғыстың бөтен ұрпақтары тұрғанда, бұның Алтын Орда ханы аталуы бақ күндестеріне үлкен күнә! Кешірілмес қылмыс!

Сол қылмысқа үкім шығарғалы, әкесіне көңіл айтамыз деп алдап, күні бұрын кісі салып, сонау Өргеніштен Өзбек пен Құтлық Темір келген. Және екеуден екеу емес, көп қолмен келген. Ол қолдар Ордалы ауылды қоршап сыртта қалған.

Ақ семсер, алмас қылыштың жүзіменен айтылған үкімнен кейін Алтын Орда ханы Өзбек болуға тиісті еді. Құтлық Темір осылай ойлаған. Солай шешілген. Елбасмыш пен Қадақ өлтірілісіменен, сыртқа хабар беріліп, Өргеніш жауынгерлері Алтын Орда сарайын басып алды. Әрине мұсылман дініндегі Алтын Ордаға жататын ел-жұрт Өзбектің хан болғанын қалады. Соның арқасында үш аптаға жетпей Алтын Орда ханы етіліп ақ кигізге Өзбек көтерілді.

Міне содан бері жиырма жыл өтіпті! Жиырма жыл! Айтуға оңай! Осы Алтын Орданы көркейтем деп сол жиырма жылдың ішінде Өзбек басынан не кешпеді. Қандай қанды қырғын, ұрыстарға бармады!

Алтын Орда тағына отырғаннан кейін, жеті жыл өткен соң, Жылқы, яғни 1318 жылы еді ғой қалың қолмен Иранға аттанғаны!

Төсек үстінде көйлекшең отырған Өзбек хан кенет тоңып кеткендей дір-дір етті. Кеше Сарай-Беркеден осы Қырымға келген. Жол соғып қалған екен, жастыққа басы тиісіменен қатты ұйықтап кеткен. Таң сыз бере бір жаман түс көріп содан шошып оянған. Қазір төсекте сол көрген түсінен айырыла алмай отырған түрі. Түс дегеннің өзі қайдан шығады екен? Бүгінгі көргені түсі емес, өңі тәрізді. Өмірдің асау толқынында алысып жүріп, мүлдем есінен шығып кеткен өткен кездегі тіршілігі, басынан өткен қанды оқиғалары. Егер бүгінгі көрген үрейлі суреттері түсі болса, мұндай шошынбас еді-ау! Ал түсіне кіргендерінің бәрі өзінің істегендері: өзі төккен қан, өзі жылатқан ел еді. Әдейі зәресін алғалы түс боп көрініп тұр. Бәрі өңіндегідей! Егер осының бәрі өзі істемеген, тек түсі ғана болса, көргеніне өзі де сенбес еді. Бірақ бәрі де шындық. Ал сонда осының бәрін неге істеді? Осыншама қан неге төкті? Тек қан құмарлығы үшін бе? Жоқ, жоқ, бәрі Алтын Орданы көркейту үшін! Соны ұлы мемлекетке айналдыру үшін! Сол үшін де ол Жылқы жылы Иранға аттанған еді ғой.

Міне сыңсыған қол, көк найзаларын күнмен шағылыстырып, таудан арқырап құлаған өзен тәрізді. Дәшті Қыпшақтың жазық даласынан Кавказ тауларына. қарай жүйтки төгіліп келеді. Әр жауынгердің жетегінде екі аттан. Үстерінде көбінің көк темір сауыт, бастарында сондай дулыға. Қару-жарақтарының бәрі асыл болат... Жауынгерлерінің мінгендері күрең мен торы, қара қылшықты құла.

Әскер басы батыр, бектерінің жүген-құйысқаны, ер-тоқым, өмілдірігі күміспенен қапталған. Күн сәулесімен ойнап бәрі жарқ-жарқ етеді.

Солардың алдында Алтын Орданың алтын сапты қара туының астында, тоқпақ жалды торы сәйгүлік мінген, қара торы, қыр мұрын, сымбатты, сұңғақ келген отыз жасар Өзбек хан.

Қандай керемет күндер! Әр жорығына бір жауынгер үш ат мінген қандай байлық!

Ұшы-қиырына көз жетпес сыңсыған қосындар жолдарында кім тұрса да, не тұрса да жоқ етіп жіберетін тасыған долы дариядай.

Солардың алдарында Алтын Орда ханының өзі, Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан!

Еділдің төменгі шенінен шыққан Алтын Орда қосындары Дәшті Қыпшақтың жазық даласынан, Тан, Үзі, өзендерінің тоғайлы, орманды жағаларынан, теріскей Кавказдың қырлы, құзды белдерінен өтіп, Дербент шатқалынан бір-ақ шықты. Дербент өзенін бойлай отырып Темір қақпаның түбіне жетті. Бұл таулы өңірді жайлаған мұсылман лезгин халқы Алтын Орда әскерін құшағын жая қарсы алды. Олар осы Дербент маңын қорғауға қойылған, мықты қаруланған мыңдаған әскері бар Тарамтазу әмірге «Жау келе жатыр» деп еш хабар бермеді. Хабар бермек түгіл, лезгиндер Иран әміріне «бұл жақта бәрі тыныш» деп жалған айтты. Соның арқасында Дербент бекінісін алғанға дейін бұл араға Алтын Орда әскерінің келгенінен ешкім хабардар болмады. Сондықтан да Өзбек әскері Әзірбайжанның теріскей жағы — Арранды оңай басып алды. Ширван өлкесін аямай шапты. Аз күннің ішінде қалың әскер әрі қарай жылжып Кура өзенінің бойына жетіп, теріскей жағасына шатырларын тікті. Өзін ісләм дінінің жалауы санаған Өзбек хан осы жерден Құтлық Темір әмірдің інісі Сарай Құтлықты бас етіп, бірнеше инақтарын дервиштер ханакасына6 тәжім етуге жіберді. Сүфи дәстүрімен дервиштер бұларды қарсы алды. Тағамдарын алдына қойып, бастарын иді. Ханака шейхі ісләм дінінің қамқоры Өзбек ханға алла тағаладан ұзақ жыл өмір сұрап, өздерінің арызын айтты. Алтын Орда әскері осы дервиштер ханакасына жататын елдің бірнеше әйелдері мен еркектерін, отыз мыңдай қойын, жиырма мыңдай қара малын айдап әкеткен екен, соларды қайтарып беруін сұрады. Онымен қатар Алтын Орда әскерлерінің дервиштер ғибадатханаларына, не кейбір үйлеріне кіріп дүние-мүліктерін тонайтынын арыз етті. Мысалға, бір үйдің терезеге ұстаған парча пердесін екі жауынгердің тартып алмақшы болғанын айтты.

Сарай Құтлық әмір шатырына келген соң осының бәрін Өзбекке баяндады. Мұсылман дервиштеріне жаны ашыған Алтын Орда ханы қатты ашуланды. Әскері тонаған малдарын, дүние-мүліктерін қайтарып беріп, айыбына шейхке ат басындай күміс жіберді. Дервиш үйінің терезе пердесіне қызыққан екі жауынгерін таптырып алып, біреуінің бірден басын алдырып, екіншісін дүрелеп, мойнына жолдасының басын байлап, өзгелерге сабақ болсын деп бүкіл әскерін аралап шығуға бұйырды. Ол қосындар шатырларының о жақ шеті мен бұ жақ шетіне дейін барып келгеннен кейін бұның да басын кестіріп, екі айыпкерді бірге көмдірді. «Кімде-кім шейх мұриттерінің малын, дүние-мүлкін тонайтын, не ұрлайтын болса осылай өлтіріледі» деді. Сол күні оң қанат әскерінің басшысы Құтлық Темір мен сол қанат әскерінің басшысы Иса әмірлерге жарлық жіберілді. Хан жарлығында: «кімде-кім ісләм дініндегі дервиштердің мал-мүлкін тонайтын, не ұрлайтын болса, ондай адам ұстап алынып, жаза тартуға шейхтің мүриттеріне тапсырылсын. Ешкім ханака тұрғындарына озбырлық істемесін. Ал кімде-кім істелген озбырлыққа шара қолданбаса, не жасырып қалса, ондай адамдардың өздері өлтірілсін» деді. Бұл жарлық әскер басшыларынан бастап он басына дейін жетті. Ісләм дініндегі дервиштерді тонау, өлтіру дереу тоқтатылды.

Бұл жыл — Иранға бір ауыр жыл еді. Су тасып, найзағай ойнап малға жасыл түскен. Оның үстіне Иранның батыс жағына кресшілер тағы тиіп, Сұлұдзу руынан шыққан атақты әмір Чопанбек солармен соғысып жатқан. Есен Құтлық, Хусейн әмірлерінің де бірі ойда бірі қырда, Құлағу илхандарының бөтен жауларымен алысуда болатын. Иранның осы тұстағы илханы, Газаның немересі Әбусеит Чопанбек пен басқа әмірлеріне хабар беріп, қалың қолмен Кура өзенінің жағасына жеткенінше сол-ақ болды. Асау ағысты, долы өзен Кураның бер жағында, маңғыласы, кешкесімен тұрған Алтын Орда әскері алған жерлерінің мұсылмандарымен бітімге келіп, той-тойлап жатқандарында өзеннің арғы бетіне Әбусеит илханның қалың қолы келгенін, ал өздерінің арт жағынан бұларды шабуға жаудың он тұма әскері дайындалып жатқанын Өзбек білмей қалды. Иранның осындай қосындары Кураның күнгей тұсынан да көрінген. Екі жағынан жабылғалы тұрған қышқаштың ортасында қалмас үшін, амал жоқ, Алтын Орда әскеріне кейін шегінуге тура келген. Қашқанға қатын да батыр, бұл шегіну оңайға түспеген. Жедел кейін қайтқанда әскерінің бас-аяғын жинай алмай, кешкесінің біраз жауынгерлерін Өзбек хан жау қолына қалдырған. Арранды шауып, Ширванды тонап біраз мал мүлікке иеленгенмен Өзбек ханның бұл жолғы аттанысы сыртқы жұртқа Алтын Орда әскері Иран қосындыларынан жеңіліп қайтқандай көрінген. Алғашқы үлкен аттанысының мұндай сәтсіздікке ұшырағанына Өзбек хан жаман қорланған. Тек «Тұра тұр, Әбусейт, Чопанбек, қайтадан оралармын» деген тілегін ғана көңіліне жұбаныш еткен. Түсінде сонау өзінің Алтын Ордаға хан болған күнінен бастап осы ең алғашқы шегінуіне дейін көрген. Құр ғана шегініп келе жатпаған. Әскердің соңында, Кертөбел торы сәйгүлігінің жүгенін ұстаған, мойнына туған әкесінен де көп жақсылық істеген Хорезм әмірі Құтлық Темірдің басын салбыратып байлап алған, Қара терге малынып әзер-әзер жүріп келе жатқан. Кенет алдынан бір терең ор кездескен. Аттылы-жаяу шұбырған әскерінің алдыңғы шебі орға құлап жатыр. Орға өзі де таяу қалды... Енді аяғын бірер аттаса құлап кетуі хақ... Өзбек шыңыраудың дәл жиегіне келіп тоқтады. Төмен қараса, ор — тұңғиық терең, адамның басы айналып кетердей... Жүрегі лоблып кеткен Өзбек «Бұдан қалай өтемін?!» деп айқайлап жіберді. Сол сәтте өз даусынан өзі шошып оянып кеткен.

Өзбек хан сол көйлекшең қалпында дір-дір етіп әлі отыр. Түсті өзінше жорығысы келеді... Бірақ жори алар емес. Барлық әскері шыңырауға құлап, өзі одан өте алмастай Алтын Ордасының ісі соншалық жаман ба еді? Құтлық Темірдің қу басын мойнына байлап алатындай бұған қандай күн туғалы тұр? Осының бәрі бір жамандыққа көрінді ме?

Ал шынына келсек, Тоқтай ханның ақырғы жылдары мен Өзбек ханның тұсы, замандастарының айтуына қарағанда, қой үстіне боз торғай жұмыртқалағандай, Алтын Орданың тыныштыққа бөленген тарихында ең биік шыңына шыққан шағы еді. Жамандықтың, күйреудің көлеңкесі де жоқ, көшпелі елдер құрған мемлекетінің үстінде оймақтай қара бұлт көрінбеген, төбесі айнадай ашық, алтын күн бақыт нұр сәулесін мейлінше төгіп аспаны көк торғындай үлбіреп тұрған.

Жамандық та, күйреу де соңынан, көп соңынан келген.

Бұл тұстағы Алтын Орданың жері Қырым мен Болғарды қоса санағанда Үзі өзенінен былай қарайғы күнгей шығыс Жағропадан, сонау шығысқа дейін созылып жатқан байтақ даланы тегіс алып жатқан. Оның үстіне Еділ өзенінің орта және аяқ тұсы, күнгей Орал, Дербент қақпасына дейінгі теріскей Кавказ, батыс Қорасан, Хорезм, Сейхүн-Дарияның аяқ тұсынан Арал теңізінің жағаларынан басталатын, Есіл, Нұра, Сарысу өзендеріне дейінгі cap дала тегіс кіретін. Мауараннахр, Иран, бұзау терілері болса, бұл өгіз талысы еді.

Жан-жағындағы мемлекеттермен жер үшін, су үшін таласқан бірен-саран соғыстарына қарамастан Алтын Орда осы кездерде бейбітшілік орнаған ең бай мемлекеттің бірі еді. Әскери күші де бұл мезгілдерде айта қаларлықтай айбарлы және мол еді. Көшпелі елдер азаматтарының үштен бірі қолына сойыл алуға жарайтын жауынгер деп танылатын. Алтын Орданың қуатының осындай мықтылығының арқасында оның өмірі қарамағындағы бағынышты елдердің бәріне бірдей жүрген. Тіпті Алтын Ордаға кірмейтін көршілес мемлекеттердің көбі оған алым-салық төлеп тұрған. Бір себептерде өздерін бағынышты санаған, Көнбеуге бұлар Алтын Орда қаһарынан қорыққан. Осындай себеппен, Ибн-Арабшахтың айтуынша, Өзбек ханның тұсында Өргеніштен шыққан керуен үш айдың ішінде Қырымға жеткен. Жолай ешкім оларға тимеген. Керуенге керек азық-түлік, көліктеріне деген жем, шөпті төлеулеріне қарай жергілікті жұрт қамтамасыз етіп отырған. Мұндай тыныштық Алтын Орда даласында бұрынды-соңды болмаған.

Алтын Орданың бай мемлекетке айналу себебі тек қана оның әскері күштілігінде ғана емес еді. Мұнда жаңадан қалалар салынған, ол қалаларда қолөнер, егін егу секілді пайдалы істердің өркендеуіменен қатар, сауда-саттық жұмысы да қатты жүргізілген. Машриқ пен Магрибтың саудагерлері осы Алтын Орда қалаларына келіп түйіскен. Осы себептен де, Өзбек өзі алтын таққа отырысымен Орда астанасын Сарай Батудан, теңізге таяу Сарай-Беркеге көшірген.

Қыпшақ даласында сауда саттықтың, әсіресе, оның шет мемелекеттерменен өркендеуіне екі үлкен себеп болған. Біріншісі, Тоқтай Алтын Орда ханы болғаннан кейін Қырымды өзінің сыбайласы Янжы өмірге ұлыс етумен қатар, Каффа, Судақ қалаларын Италия шаһары Генуядан келген купецтеріне Шығыс елдеріменен сауда-саттық жүргізетін колония-аймақ етуге рұқсат еткен. Бұл генуялықтар аз уақытта Қырымды Батыс пен Шығыс арасындағы көне Жібек жолының сауда-саттығы өркендейтін бір кіндігіне айналдырған.

Бұл жолмен Қытайдан Иранға тек жібек, Үндістаннан Жағропаға меруерт, маржан, асыл тастар, Ібір-Сібір мен Орыс жерінен құндыз, түлкі, бұлғын, ақ тиін терілері ғана жеткізіліп қоймаған, бұл асыл заттармен қатар Машриқтан Мағрибқа олардан да асыл арабтардың алгебрасы, Фердоусидың «Шахнамасы», тоғызыншы ғасырда Отырарда туған ұлы ғалым — «Аристотель логикасының комментариясын» — жазған Абу Наср әл Фарабидің еңбектері, оныншы ғасырда Бұхарда өмір сүрген, дүние жүзінің мақтанышы атақты «Кітәб ал-канун фи-т-тибатты» жазған. Әл-Бирунидің, Шығыстың ұлы ғалымдары ар-Рази, Али-ибн Аббастың дәрігерлік ғылымдарын жалғастырған атақты Ибн Синаның дәрігерлік канондары осы Жібек жолы арқылы Батысқа келген. Ал ол жақтан Шығысқа, Демокрит, Сократ, Платон, Аристотель, Птолемейлердің пәлсәпалық және ғылыми трактаттары, Архимедтің, Эвклидтың геометриялары жеткен.

Адам баласының мәдени, рухани дамуларындағы жағрафиялық қатынастардың қасиеттері, міне, осындай. Ал осы көне Жібек жолы Шыңғыс хан шабуылынан кейін де адам баласының өркендеуіне үлес қоса берген.

Он жеті жыл Құбылай ханның Ордасында қызмет істеген Венеция купеці Марко Поло, осы Жібек жолымен жүріп Шығыс елдеріне жеткен. Марко Полоның «Кітәбі» бойынша Қой, яғни 1247 жылы М. Санудо жасаған дүние жүзілік картаға Грузия, Дербент, Қытай түсірілген. Ал Барыс, яғни 1254 жылы П. Медичи жасаған картада Суматра, Бенгалия бар. Марко Полодан екі жүз жыл кейін өмір сүрген Христофор Колумб Американы ашатын сапарында, Испаниядан шығып Үндістанды іздеп бара жатқанында осы Марко Полоның «Кітәбін» жол нұсқағышы еткен. Осы «кітәп» Азияның теңізбен бітетінің Испаниядан шыққан кеме теңіз қуалай жүре берсе Үндістанға жететінін айтып берген. Сол «кітәпті» латын тіліне Пипино аударған. «Кітәп» Христофор Колумбаның өз қолымен қойған жетпіс белгісіменен осы күнге дейін Испаниядағы Севилье қаласындағы Колумбаның өз атындағы музейінде сақтаулы.

Колумбаға сүйеніш болған бұл карталардың дүние жүзіне келуіне Марко Поло себеп болса, ал оның «кітәбін» тудырған Марко Полоның Жібек жолымен Шығысқа аттанған саяхаты еді.

Қытайда — Құбылай, Иранда — Құлағу, Сарайда — Бату отырңан кез, Жібек жолының көркейген кезеңдері еді. Өйткені Шығыс пен Батыстың қарым-қатынасының күшейгені осы кез.

Ал Жылан, яғни 1353 жылы, күшейіп қалған Осман патшаның ұрпақтары билеп тұрған Түркия Дарденелл билігін өз қолына алды. Осымен байланысты Шығыс елдерінің заттары Қара теңізден әрі өте алмай қалды. Бұнымен қатар Жерорта теңізі арқылы жүріп тұрған Алтын Орданың Мысыр мамлюктерімен қарым қатынасы мүлдем үзілді. Ал Ит, яғни 1394 жылы Ақсақ, Темір Алтын Орда ханы Тоқтамысты жеңіп Хаджы Тархан мен Сарай-Беркені күйретті.

Ақсақ Темір құр ғана Алтын Орда астанасын күйреткен жоқ, бұрынғы көне Жібек жолын біржолата жойды. Енді Батыс мемлекеттеріне Шығыс елдерінің заттарының баратын жолы мүлдем құрыды.

Сонда барып, Испания, Португалия тәрізді сол тұстағы, теңіз мемлекеттері Азияның Үнді секілді бай елдеріне теңізбен баратын жол іздеді. Ол жолды тапты. Бұл жағрафиялық үлкен табыс адамзаттың ғылым мәдени — жаңа цивилизацияның жаңа дәуірін ашты.

Бірақ бұл керемет кезең біз жазып отырған уақыттан екі жүз жылға таман кейін келді.

Осы көне Жібек Жолымен Шығыс пен Батыс арасына керуен тартқан саудагерлер шылғи байыған.

Ал олардың байығаны — Алтын Орданың байығаны еді. Әсіресе Өзбек хан мұсылман саудагерлерінің күшейгенін көксеген. Оның бұл тілегінде тек саудагерлерден түсетін алым-салық қана емес, өз Ордасы — мұсылман Ордасы болғандықтан, бұл мәселеде мемлекеттік саясат та, өз басының қамы да бар еді.

Мұсылман саудагерлері кей жағдайда Өзбек ханға ел билеп отырған әмірлерінен де жақын тұратын. Өйткені бұл тұста «Өзбекиян» деп атала бастаған Өзбек хан әскерін, Өзбек Ордасы адамдарын қару-жарақпен, киім кешек, ат-көлікпен қамтамасыз ететін де осы мұсылман саудагерлері болатын.

Салынып жатқан жаңа қалаларды да керек құрылыс заттарымен, тұрған жұртты дүние-мүлікпен тіпті хан сарайларын фарсы кілемдеріменен, арабы алтын, күміс, қолөнері заттары мен қытай, үнді шайы, жібек төсек-орындарымен де безендіретін тағы осылар.

Қазір осындай мұсылманның екі саудагері, ағайынды Сауыт пен Дәуіт, Өзбек ханның өтініші бойынша, оның кей жазда шығатын жайлауы — осы Қырымда мешіт пен хан сарайын тұрғыздырып, солардың ішін дүние мүлікпен сәндендіріп жатқан.

Өзбек Қырымға сол екі саудагердің өтініші бойынша хан сарайы мен мешітті көруге келген.

Таң құланиектеніп қалған екен Өзбек түс жоруын таба алмады. Ол кенет көптен бері ойлап жүрген ісін аяқтауға бел буды. Жылқы жылы Иранның солтүстік жағын тонап қайтқаннан кейін, Алтын Ордаға әбден өшіккен Чопанбек, осыдан он екі жыл бұрын, Тышқан, яғни 1324 жылы қалың қолменен Дербенттен өтіп келіп, Алтын Ордаға жататын Теріскей Кавказды шапқан. Бұ да Арран мен Ширванды күйреткен Өзбек хан тәрізді, Терек өзенінің бергі жағасынан бастап, лезгин, черкес, қарачай, осетин, шешен, алан жұрттарын қырған. Мал-мүліктерін тонап кейін шегінген. Содан бері он екі жыл өтіпті. Өзбек сол жылы-ақ Иранға аттануды ойлаған. Бірақ Мауараннахр жерінен басталған Ақберен деген қыпшақ батырының бүліншілігі Хорезмге қарай ойысып, Алтын Орда ханы сол дүрбеленді басамын деп жүріп, бір-екі жылын өткіздіріп алған. Оның бер жағында орыс князьдерімен қырғи-қабақты жағдайлар туып қалып, соны реттеуге тағы біраз уақыты кетіп, Иранға деген жорығын кейінге қалдырған. Содан бері он екі жыл болыпты. Шіркін, өтіп бара жатқан өмір! Өзбек ауыр күрсінді. Егер Иранды барып шаппаса, өмірден өзін бос өтетіндей көріп, Өзбек осы бүгінгі түсінен кейін, қайткенменен де Иранға тағы бір аттануға бел буды. Әрине, Ираннан Алтын Орда қазір күшті. Бірақ оған тек әскерінің көптігіне сеніп жорыққа шыға алмайсың. Жеңемін десең, қамсыз дайындалу қажет. Осындай ойға бел буған Өзбек енді бүгіннен бастап сол аттанысқа дайындалуға кіріспек боп бекінді. Енді дәрет алуға сыртқа шықты.

Таң құланиектеніп атып келе жатыр. Аспанда жұлдыздар да сирек. Дүниені өгейсінген жетім қыздай сөнуге айналған Бикеш пен Таразы да, ағара бастаған аспан төсінде көмескілене қалған. Қалың көрпе түннің іргесін сөгіп, күншығыстан көкжиекті сарғайтып келе жатқан күн нұрының мысы жеңіп, ай сәулесі таусыла түскен. Табиғат тылсым алғандай, әлі де әлем біткен жым-жырт. Тек қырқа басынан топ боз торғайдың сайрағаны естіледі. Бір сәт таңғы салқын жел тұрды... Өзбек ханның денесі кенет тоңазып кетті. Ол құндыз жағалы мауыты шапанымен сәл қымтанып жан-жағына қарады.

Бұл тұрған жері, біздің тұсымызда Ескі Қырым деп Теңіз бен адыр арасында бірнеше кішігірім тау, белестің ортасындағы жалпақ дөңестің үсті еді. Егер күнгейіндегі Қарадаққа, шығысындағы Каффаға осы Ескі Қырымнан сызықтар жүргізілсе, сол сызықтардан пайда болған үш бұрыштың бір бұрышындағы нүкте осы Өзбек хан тұрған биіктеу адыр дер едік. Осы адырдың осынау етек тұсында салынып бітуге айналған мешіт көзге түседі. Бұл арадан Қара теңіз көзге көрінбейді. Теңіз бен адыр арасында бірнеше кішігірім тау, белестер бар. Бірақ теңіздің таңғы дымқыл иісі кәдімгідей сезіліп тұр. Және оның асау толқындары жан-жағаны ұрған гүрілдері де таңғы тыныштыққа ап-айқын естіледі.

Өзбек хан Қырымға осыдан бір жеті бұрын келген. Ол кеше Ордасына Сарай-Беркеге қайтуға тиісті еді. Бірақ осы Қара теңіз арқылы Жерорталық теңізге өтетін Ханбалықтан шыққан жібек тиеген Дәуіт пен Сауыт саудагерлер жүргізген бірнеше керуен бүгін-ертең Қырымға жетуі керек еді. Хан саудагерлер дүниесін өз көзіменен көрмек болды. Бұл көштердің Хорезмнен өткенін Құтлық Темір осыдан үш ай бұрын хабарлаған. Қырымға Өзбек тек салынып жатқан мешіт пен хан сарайын көруге ғана келмеген. Осы жібек тиеген керуендер арқылы Батыс Жағропа елдерімен, әсіресе Бейбарыс Египетіменен байланысуды ойлаған. Алтын Орданың сауда саттық жұмысын кеңейте түсуді көксеген. Бұл тұста Шыңғыс ұрпағынан шыққан жалғыз Өзбек қана емес, Орта Азия, Иран, Қытай ұлы хандары да, сауда-саттық жұмыстарына көңілдерін қатты бөле бастаған.

Ал Алтын Орда ханының Жағропа елдерімен, әсіресе, Египет мемлекетіменен сауда-саттығын күшейтуде, бұдан да әрі, бір жағы ісләм дінінің өркендеуімен байланысты. Дәшті Қыпшақ Ордасын ұлы мемлекетке айналдыруды арман еткен бөтен де сырлары бар еді. Сол себептен де керуендерді күтіп қалған.

Алтын Орданың өзге хандарындай емес, Дәшті Қыпшақтың ұлы мемлекетке айналуы үшін Дүние жүзілік теңіз жолдарына шықпай ештеңе болмайтынын Өзбек жақсы түсінген. Сондықтан да ол өзге мемлекеттермен емес, тек Иранмен ғана соғысуды ойлаған. Фарсы елінен осы Жібек жолының әрі қарай жалғасы саналған — теңіз жағаларын тартып алмақ болған. Сөйтіп кеме тоқтайтын Иран шаһарлары арқылы Шығыс дүние-мүлкін тікелей Батыс Жағропаға жеткізуді көксеген. Содан кейін Бейбарыс Египетіменен байланысын күшейтіп, екі ұлы мұсылман мемлекеті бірігіп дүние жүзіне үстемдіктерін жүргізуді көздеген. Әрине тарихында теңізбен шаруасы болмаған, көшпелі ел ханына мұндай арман — аспандағы жұлдызды алумен бірдей еді, бірақ көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе дегендей ойлағанын сан рет іске асырған ханға бұл қиял да жеңіл көрінді.

Өзбек жөне бір қағиданы жақсы ұқты. Ата-бабаларындай Батысты шауып, сол арқылы Ордасын күшейтудің енді қисынсыз дүние екеніне көзі жеткен. Сол себептен де жаңа саясаты бағытына керек, сонау Ханбалықтан келе жатқан керуендерді күтіп қалған.

Ханның Қырымда аялдауына тағы бір себеп бар еді.

Өзбек Алтын Орда тағына отырған кезде бұл Дөніті Қыпшақтың оннан сегіз бөлегі мұсылман елі еді. Өзі бөтен дінде бола тұрып, мұсылман дініндегі жұртты басқарудың қиын екенін де ол түсінетін. Жасынан халық арасында жүргендіктен оған бұл жағдай көптен мәлім еді. Ел басқару үшін оның дінін де басқара білу керек. Сол үшін ол ата-балалары ұстап келе жатқан — дінге немқұрайлы қарау жолынан мүлдем бас тартқан. Өзі біржолата мұсылман болған.

Үлкен балалары Тыныбек пен Жәнібектен бастап, Бердібек-сынды немерелеріне дейін мұсылман дін рухында тәрбиелеген. Соларға арнап медресе ашып, арабша оқытқан. Бәріне бірдей құран сүрелерін жаттатып, өздерін тегіс сүндеттендірген. Он беске толғандарына бес мәртебе намазы мен ораза ұстауын міндеттеген.

Орда маңайындағы бекзадалардан да, нөкерлерінен де осыны талап еткен. Қарамағындағы жұрттарына да мұсылман дініне кіруді бұйырған. Кімде-кім Мұхаммед пайғамбардың ережелерін бұзса, ондай адамды күнәкар деп өзінің жеке басының жауы санаған.

Сол үшін де мұсылман дінінің айқайшылары, жоқтаушылары имам, мүфти, кәри, мұриттер, мұсылман саудагерлері Өзбекті орасан дәріптеген, дәрежесінің жоғарылай беруін тілеген.

Осындай қошаметтердің арқасында ол бүкіл Алтын Орда еліне Мұхаммед пайғамбардың адал үмбеті саналып, қадірі аса түскен.

Ал ісләм дінінің Алтын Ордада өркеюі — Дәшті Қыпшақтағы монғол бекзадаларының үстемдігінің, әдет-ғұрпының кеңи түсуінің бір жолы еді. Сонымен қатар көшпелі елдер өмірінде дін мәселесі ежелден екінші сатыда тұрғандықтан, монғолдардың мемлекеттік және дәстүрлік заңдарының әлсіреуі — ісләм дінінің жеңісі болып саналды.

Сондықтан да ісләм діні Алтын Орданың бас күшінің біріне айналды.

Дінмен бірге Дәшті Қыпшақ еліне осы дінді мықтап ұстаған араб, фарсы елдерінің ғұрпы, мәдениеті келді. Бұдан мың жыл бұрын қыпшақ қауымының ата-бабалары жайлаған жазира даласына, ұшы-қиыры жоқ байтақ өлкесіне, масағаттардың әшекейлі қол өнеріне, көне қыпшақтың тас мүсін — обатас, бал-баларына, қошқар мүйіз, өртеке өрнектеріне, ісләм діні әкелген құраны, сәлдесі, тәспісімен бірге араб, фарсы халықтарының шытырман әшекейлі кілемі, асыл қару-жарағы, дүние мүліктеріне қосыла «Мың бір түн», «Төрт дәруіш», «Зарқұм», «Сал-сал» тәрізді қисса, ертегі, аңызы жетті. Бұл кітаптардың көбі діни тұрғыдан жазылғанмен жауынгершілік пен мал бағуды ғана білген қыпшақтың мылқау даласына келген жаңа өзгеріс, жаңа құбылыс еді. Бірақ Дәшті Қыпшақ жұрты енді некесін қимай әйел алмайтын болды. Бала біткен сүндетке отырғызылатын салт қалыптасты.

Ісләм діні Дәшті Қыпшаққа өзінің медресе, мешітіменен бірге Алтын Орданың жаңа қалаларына, күмбезді, минаретті жаңа бейнелерін де ала келді.

Ал ісләм дінінің Дәшті Қыпшаққа ең күшті шабуылы да және ең мықты жеңісі де осы Өзбек хан тұсында болды.

Сол себептен Алтын Орданың шын мағынасында мұсылман мемлекеті саналуы да осы Өзбек ханнан басталды. Сондықтан да ол өзін мұсылман ханы санаған, өзін мұсылман елдерінің басына көтерген діни жалауы көрген.

Ал кімде-кім осы өзі таңдаған дін жолын бұзса, оған аянбай жаза қолданған.

Өзбек ханды Қырымда ұстап қалған тағы бір себеп, осындай ісләм шариғатын бұзған бір жас адамның кінәсін қарау еді.

Мұхаммед пайғамбардың төрт шарының бірі Оспан халиф жазған «Құран түсінігінде»: «Ел билеуші адам қандай мықты болмасын, өзі құран ережелерін бұлжытпай орындауды білмесе, ондай ел билеуші қарамағындағы елдеріне құран ережелерін орындата алмайды» деген.

Ал Өзбек хан құран ережелерін бұлжытпай орындаған. Соның бірі Мұхаммед пайғамбар дінінің рұқсатымен некелі төрт қатын да алған.

Сол дін ережеге сәйкес гарем салдырған. Оған некелі әйелдерінен бөтен, аманат-құма жұбайларын да ұстаған.

Бес мәртебе намазын бұзып көрмеген. Намаз кезі келгенде, тіпті жүргізіп жатқан ұрыстарын да тоқтатқан.

Наурыз туа, бар мұсылмандарша бір ай оразасын ұстаған.

Өзі діншіл Өзбек хан, өзгелерден де дін шарттарын бұлжытпай орындауды әрдайым талап еткен.

Осындай діни талапты бұзған екі жас діншіл ханның Қырымға келуіне тап болған.

Қазір екеуі де зынданда жатқан.

Бүгін солардың кінәсі анықталып, үкім айтылмақ.

Әрине, үкімді Алтын Орда ханы Өзбек емес, шариғат қорғаны имам айтады. Тек Алтын Орда ханы сол үкімді дұрыс деп мақұлдауы керек.

Дүниеде орындалса махаббаттан асқан қуаныш, орындалмаса одан өткен қайғы жоқ.

Тоқ Бұқаның ортаншы баласы Жәдігер сұлтан Ажарды тоқалдыққа алар кезінде өзі қатты науқас болып, ұрын бара алмаған. Ал Ажар он беске жаңа шыққан бой жете бастаған, уылжыған жас өспірім қыз еді. Жас жанына арман етер ләззат құмар пәк сезімі әлі ояна қоймаған. Дүниеге таңдана қараған құралайдың лағындай, әлі қайғы-қасіретті көрмеген жаудыр көздерімен бар әлемге шаттана, сене көз тастайтын. Адам біткеннің бәрі оған кілең парасатты, аяулы көрінетін. Олардың ішінде сенің нәзік сезіміңді түсінбейтін қанды ауыз қасқыры, қабаған төбеті бар екенін білмейтін. Ал қызға сырттай қызығып құмар болып айттырған Жәдігер тоқал-қалындығын алар кезде де қатты сырқат еді. Бірақ құмар көңіл маза бермей, өзінің сырқаттығына қарамай қызды алып келуге кіші баласы Ерке Құланды бас етіп топ жігіттерді жіберген. Тоқ Бұқа балаларының кәрінен сескенген Тан бойын жайлаған құда жағы, қорланса да, амал жоқ, қыздарын келген жігіттерге қосып ұзатып жіберген. Бірақ дәм бұйырмаса ештеңе істей алмайсың, жігіттер қызды ақ отауға кіргізе бергенде, аңсай күтіп жатқан Жәдігердің жүрегі кенет қабынып кетіп, ол дүние салған.

Осылай келін болып оң жақтағы шымылдыққа кірген, бірақ, жар төсегіне жатпаған Ажар, әйел болмай жатып жесір болды. Қалың малы төленген деп Тоқ Бұқа тұқымдары оны еліне қайтарып жібермеді. Енді амал жоқ, жас қыз балаға жесір атанып қара жамылуға тура келді. Әрине, Сұлтанның асын бергенше жас жесірге ешкім тимеді. Қара жамылған күні бітіп, бірте-бірте есін жиіп, жаз шыға Ажар жаңадан түлеген қырдың қызыл түлкісіндей бұлаңдап құлпырып шыға келді. Бұл бұрынғы Ажар емес еді. Бұрынғы ұяң тартқан жаудыр көздерінде қазір ойнақшыған үміт бар. Бұрынғы тал шыбықтай бұралған нәзік денесі де қазір жарысқа түсуге жаралған бедеудей ысылып сымбаттана қалған. Ажар ең алдыменен қайнағасы Әділкерейдің көзіне түсті. Мықын тұсы бұралып, аяғын былқ-сылқ басқан жесір келіні алпысқа таяп қалған қайнағасының көзінің жауын алды, ұйқысын бөлді. Қоламтадай сөнуге айналған көңіліне кенет шоқ түсті. Мұсылман дініндегі Әділкерей Қырым имамының алдына шариғат заңын кесе-көлденең тартып, «әмеңгерлік» қақымен інісінің тоқалын өзі иеленбек болды.

Имам, Әділкерей жапқан құндыз ішіктің жағасын бір қолымен ақырын ғана сипай отырып, құран бетіне қарады.

— Иә,— деді ол,— Келінді алуға шариғат қосады. Некелеріңді қиюға мен дайын. Тек келініңнің «жарайды» деген сөзі керек. Құранның мына бір сүресінде күйеуінің соңында қалған мирасқорларынан кімді қалайтыны жесірдің өз еркіне берілген. Келініңіз бөтен қайындарының біреуін тілемейтін болса, онда жол сіздікі...

— Жоқ, оның менен бөтен ешкімді тілеуге қақы жоқ,— деді сазара қалған Әділкерей,— Жәдігердің жалғыз ағасы менмін. Тоқ Бұқаның шаңырағында менен үлкені жоқ. Әменгерлік жолы менікі.

— Жәдігердің бес інісі бар емес пе?— деді қатыгездігімен бүкіл Қырымға аян Әділкерейдің шымбайына тиіп кетпейін деп абайлай сөйлей имам.— Әрине, олар сіз тұрғанда ағасының жесірінен үміттенбесе керек-ті...

— Үміттеніп көрсін!— деді қанын ішіне тартып алған алпамсадай Әділкерей.— Бірін қалдырмай өз қолыммен бауыздаймын!

Имам Әділкерейдің Ажарды тым ұнатып қалғанын түсінді. Сөйтсе де шариғат жолын бұза алмады.

— Мен сізді өте құрметтеймін, сұлтан,— деді имам.— Бірақ, сізден гөрі маған шариғат жолы қымбат. Бәріміз де пендеміз, алла тағаланың хақ жолынан таюымызға хақымыз жоқ. Сол себептен жесірдің өзінен сұралық...

— Ал егер ол көнбесе ше? — деді әлденеден сезіктенген Әділкерей.

— Неге көнбейді? Сіздей адамға...— Имам сәл күмілжіді.— Әлде күмәніңіз бар ма?..

Әділкерейдің шынында күмәні де бар еді. Бірақ, ол имамға бірден ақтарыла қалмады.

— Жарайды, кісіңізді жіберіңіз...— деді ол.

Имам жіберген абыстайлар Ажарды таба-алмай келді.

Ал бұл кезде Қырымның қалың бау-бақшасының арасында екі жас отырды. Бірі Ажар еді де, екіншісі Жәдігердің туған баласы — кенжесі Ерке Құлан болатын.

Ерке Құлан ат жақты аққұба келген сымбатты жігіт, биыл жиырма беске шыққан. Махаббат деген бір аққу құс қой. Оның ұшар көгі, қонар көлі тек өз жүрегінің соғуы. Осы жүрек Ерке Құланның да кеудесінде өз бетінше соққан, өз бетінше қуаныш тілеген. Ал Ерке Құланның сол жүрегі қалаған қуанышы да, сол соққан жүректің тынысы да тек Ажар еді. Махаббат деген ұлы дін. Оның өз ережесі, өз шарты бар. Ол бөтен діндердің жолын, шариғатын қабылдамайды. Тек өз шариғаты ғана оған заң. Міне осы ұлы дін — махаббат, ақыл-сезімдері, лаулай жанған екі жасты, өз заңына, өз шариғатына көндірген. Сол себепті көптен бері ғашық болған екі жас имам абыстайлар жіберген күнгі түнде қалың тоғай арасында кездескен. Бұлардың екеуінің де жүректерінде, кеуделерінде тек құмарлық деген жалғыз ғана от өрбіген. Сол күні түні екі жастың бұдан былай қарайғы арманы — мәңгі-бақи екеуі бірге болу ғана еді.

Бірін-бірі шын жақсы көрген екі жастың бұндай арманына не жетсін! Бұдан артық екі жасқа қуаныш бар ма? Әрине, жоқ! Жоқ!

Бірақ бұл екеуінің қуанышы өзгелерге де қуаныш бола алар ма?

Әрине, жұрттың бәріне бірдей бола алмайды, бола алмайды!

Әсіресе, бұл қуаныш Ажарға құмарта қалған Әділкерейге аяздай батты.

Жоқ, аяздай емес, біреу жүрегіне қанжар сұққалы тұрғандай қалш-қалш етті.

Сол сәтте-ақ ол нөкерлерін жіберіп, орман арасында қаннен-қаперсіз құшақтасып отырған екі жасты ұстатып арқанмен матап имамның алдына алып келді.

— Шешесі мен баласы ойнас екен, қылмыс үстінде қолға түсті,— деді,— шариғат заңын бұзды, екеуін ат құйрығына байлап, өлтіруге рұқсат ет!

Ерке Құланның Шыңғыс ұрпағы екенін білетін имам сасып қалды.

— Ерке Құлан Шыңғыс ұрпағы, ондай үкім шығаруға менің қақым жоқ,— деді имам,— Қырымға Алтын Орданың мәртебелі ханы Өзбектің өзі келе жатыр, сол шешсін. Ал оған дейін бұл екеуін бөлек ұстаңдар.

Әділкерейдің нөкерлері екі жасты арқандарымен сүйрете жөнелді.

Бүл кезең Берке мен Қанікейдің, Ұлжатай мен Абашының заманы емес, Алтын Ордадағы монғол бекзадаларын да ісләм діні өзінің қыл арқанды торымен шырмап алған шақ, тоқал шешесі мен баласының жақын болуы кешірілмейтін күнә, өлім жазасынан кем үкім жоқ.

Сөйтсе де, Алтын Орда ханы келе жатқанда Қырымдағы сұлтан сарайында мұндай қанды оқиғаның болғалы тұрғанын ұнатпаған имам Ажарға кісі салды.

— Егер тірі қалғысы келсе әмеңгерлік салтыменен қайнағасы Әділкерейге күйеуге шықсын,— деді.—Қой да аман, қасқыр да тоқ болады сөйтсек. Ал Ерке Құланмен екеуінің арасындағы бозбалашылық күнәләрін кешіру жолын өзім табам. Ешкім екеуінің аяқтарынан ұстап алған жоқ қой.

Бірақ, Ажар қысқа ғана жауап қайырған:

— Ерке Құлан екеуміз бірімізді біріміз өлердей жақсы көреміз, оны тастап мен ешкімге ерге шықпаймын,— деген.— Қолыммен істегенімді мойныммен көтеруге бармын, не істесеңдер де мейілдерің!

Ажардың көнбейтініне көзі жеткен имам Өзбек Қырымға келгеннен кейін оған болған оқиғаны жыр еткен.

Сол оқиғаның шешімі бүгін айтылмақ. Және ханның өзі айтпақ.

Таң сарғайып атып келеді.

Бүгін екі адам бірдей өлмек.

Жоқ, екі адам емес, тек Ерке Құлан ғана өлуге тиісті. Егер Әділкерей Ерке Құланды өлтірсе, Ажар Әділкерейге қалады. Әйелдің көнгені көнбегені шарт емес.

Бірақ Ажарға бұ да өлім ғой.

Иә, өлім! Ажарға бәрі бір өлім...

Өзбек хан қозғалар емес. Ол қалың ойда. Жоқ, ол әлгі екі жас жайында емес, хан адам тағдыры туралы қажымаса керек-ті. Өзбек қазір тек Алтын Ордасының қамын ойлап тұр.

Демек ойлағаныңды орындап өтуге, адамға тағы бір өмір берсе! Жалғыз рет сүрген өмірің ештеңеге де жетпейді екен! Алтын таққа кеше ғана отырған тәрізді еді, ал бүгін... қарап тұрсаң, бір күнгідей болмай өтіп кеткен тәрізді. Не істеп үлгірді? Рас, Алтын Орда хандығын біраз бекітті. Тек бекітті! Жеріне жер қосып, еліне ел қосып күшейте алған жоқ қой! Шыңғыс бабасын, Бату атасын былай қойғанда, Берке ханның істегеніне жете алмағаны қалай? Елбасмышты өз қолымен өлтіріп алтын таққа отырғанда бар қолынан келгені Алтын Орда мемлекетіне тек қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған тыныштық орнаттырғаны ғана ма? Жоқ, бір шеті сонау Мауараннахр шаһарларынан басталған, екінші шеті Бағдат, Шамға жеткен ұлы Алтын Орда мемлекетін құрмақ емес пе еді? Иә, солай болатын. Одан не шықты? Рас, Орта Азия баяғы Қайдудың кезіндегідей бір ұлы мемлекет емес, Алтын Орда дүмпуінің арқасында бірнеше мұсылман хандықтарына бөлінді. Мауараннахр жеке мемлекет, онда хан боп Кебек отыр. Хорезмде Құтлық Темір... Хан емес, әмірші. Бірақ ханға бергісіз... Қорасанның кіндігі қазір Герат... Әзір бұнда Жағатай ұрпақтары. Түбі Ауғанстанда жеке мемлекет болатын түрі бар. Ал Кавказ, Арран, Иран, Ирак, Сирия, бәрі өз беттеріне кеткен. Бұның бәрін бір Алтын Орданың қарамағына кіргізу үшін, әрине бір өмір жеткіліксіз.

Жоқ, менің мұным күпірлік болар. Құдай мені осы жасыма дейін сан қауіптен құтқарып келді ғой. Алпысыма жетпей өзімді кәрі санасам, оған алла тағала: айыпты ма?.. Жоқ өзім айыптымын, ұлан-асыр айқасты, осы Алтын Орданы күшейтем деп басымнан өткен қиын-қиын кезеңді күндер айыпты. Әйтседе арманымның біразына жеткен тәріздімін. Әлі де Алтын Орданы күшейте түссем деймін. Ол үшін бүкіл әлемді жаулап алудың еш қажеті жоқ. Алтын Орданың қолынан ондай іс келмейді де. Бұны күшейтетін жалғыз ғана жол бар. Ол жол Жібек жолына мүлдем өзім ие болу. Осы жол арқылы Мысырмен тікелей байланыс жасап мұсылмандар мемлекеттері қауымдасып, Қара теңіз, Азақ, Жерорта теңіздерінің бойына ісләм дінінің үстемдігін жүргізу керек. Ол үшін ең алдымен Иран мемлекетін өзіңе бағындыру қажет...

Бұл кезде таң әбден атып, күн шыға бастады.

Дүние шіркін, қандай тамаша едің! Әттең, әттең, осының бәрі ертең сенің соңыңда қалады! Көзіңді жұмған күні бәрі де ғайып болады.

Беу, адамзат, неге осыншама бишара боп жаратылғансың!

Дүние келген аз жасында алысасың, күресесің, біреуді сен өлтіресің, біреу сені өлтіреді, біріңе-бірің қасқырсыңды жармасасың, ал соның бәрі көзіңді жұмған күні бір мезеттей болмайды, бәрі қараң қалады.

Сонда сенің дүниеге келгеніңнен қандай маңыз бар? Бар болғаны аз уақыт жер басып, өмір сүріп өтуіңде ғана ма?

Иә сонда. Тек сонда!

Өзбек құлаш бойы көтеріліп қалған күнге қарады. Дегенмен қандай керемет! Әлем бұрынғысынан да сәндене түскен. Дүниені тек көкпеңбек аспан мен күн көзінің алтын нұры билеген. Бар әлемді осы екі бояу ғана құшағына алып әлдилеп жатқандай.

Өзбек тағы күрсінді.

Осының бәрін ертең қалай қиып кетерсің!

Қандай ауыр! Қандай ауыр қайғы!

Егер хан болмасаң, жұрттың тағдырын шешетін хан болмасаң, мынандай қайғыменен бұл дүниеде бір күн өмір сүрудің еш қажеті жоқ деп білер еді Өзбек хан.

Өзгенің тағдырын шешу қандай бақыт!

Өзбек хан енді өзін шын бақытты адам санады.

Өзгелердің тағдырларын шешу үшін өмір сүруге болады, әлі де өмір сүреді.

Жоқ, Өзбек хан өмір сүреді. Тек өзгелер өмір сүрмейді. Кімде-кім Өзбек ханға қарсы келсе, кімде-кім Өзбек хан ұстаған ісләм жолынан бұрыс кетсе, солар өмір сүруге тиісті емес!

Сол себептен бүгін хан мен имам алдына әкелгелі тұрған Ажар мен Ерке Құлан да өмір сүрмеулері керек.

Өзбек хан дереу Ордасына қарай аяндады. Опасыз дүниенің өткіншек ойларына берілемін деп таңғы намазын өткізіп алғанын білді ол. Хан Ордадан шыққаннан бері, таудың төбесін қоршай, жатқан сиырлардың мүйіздеріндей, найзалары шошайып-шошайып тұрған күзетшілері де ханның соңынан ере жөнелді.

Жаңадан салынған мешіт алдындағы кең алаңда иін тірескен жұрт. Бүгін шариғатты бұзған екі бұзық жасқа — марқұм Жәдігер Сұлтанның тоқалы Ажар мен Жәдігердің кенжесі Ерке Құланға үкім айтылмақ. Мұхаммед пайғамбардың үмбетіне ылайық емес қылмыс істегендері үшін екі қыршын жас өлтірілмек. Сол үшін бұл араға анау ұзын дар орнатылған. Сол үшін анау ұзын мұртты жаналғыш екі білегін сыбанып үкімді күтіп тұр. Ол дар арқандары мықты ма екен дегендей ілмешегінен ұстап төмен қарай тартып-тартып қояды. Содан кейін «күнәкәрлардың бастары сыяр ма екен?» дегендей бір мезет қос ілмешектердің ішіне қолын кіргізіп өзі ғана білетін бірдемелерді өлшегендей болады.

Мешіт алдындағы сәкі үстіне қойылған алтын тақта Алтын Орда билеушісі Өзбек ханның өзі отыр. Оң жағында ақылшы, нөкерлері, сол жағында Қырым имамы бастаған ишан, молда, кәри, мұриттер. Имам ұзын бойлы көгілдір көзді, ат жақты қара сұр адам. Фарсы шейхтеріне ұқсайды. Тұтаса шыққан сақалын біркелкі етіп дөңгелете күзеген. Тұр, келбеті ақылды, бірақ өте қатыгез кісі екенін көрсетеді.

Бұлардың алдарында қол-аяқтары қыл арқанмен байлаулы, тізерлеп Ажар мен Ерке Құлан отыр. Халдерінің қиындықтарына қарамай екеуінің жүзінде абыржығандық, қорыққандық белгі жоқ. Керісінше, махаббат жан-тәндерін елжірете көздеріне бір орасан шұғыла ұялатқандай. Жүздерінде де ғажайып бір қуаныштың сәулелері ойнап тұрғандай. Осыдан көп болса бір бие сауымындай уақыт өткен кезде дарға асылғалы тұрған бұл екі жастың, өздерін осылай өлімнен қаннен-қаперсіз ұстап отырғандарына жұрт аң-таң. Екі жастың қылығына Алтын Орда ханы да қайран қалуда. Бұлары қалай, дейді ол ішінен, қазір өлетіндерін біледі ғой бұл екеуі де, сөйте тұрып... Әлде махаббат бұларға өлімнен де қорықпайтын құдірет беріп тұр ма? Не болмаса өмірден осылай бірін-бірі сүйіп өткенін бұл екеуінің жоғары санаған түрлері ме? Егер шын сондай жастар болса, бұлар қандай бақытты жастар!.. Расында да бұл фәни тіршіліктің қадірі ұзақ қысқалығында ма, ойлаған арманына жетуде ғой... Иә, сонда. Бұларға қазір өмірлерінің ұзақ-қысқалығы емес, екеуінің бірге, бір молада өлуі қымбат... Ал мен болсам, бүкіл Алтын Орданы билеп тұрған хан бола тұрып, осылардың бақытындай, ажалға кеудемді аша ұмтылатын бақытқа жете алмай өтіп барамын. Сонда қайсымыз бақыттымыз? Махаббаттары үшін өлгелі тұрған мына екеуі ме, әлде осылардың махаббатындай дүниеден шын махаббат көрмей өткелі тұрған жарты әлемнің билеушісі мен, Өзбек хан ба?

Алтын Орда ханының құлағына бас уәзірдің:

— Бәрі дайын алдияр хан,— деген сөзі естілді.

Өзбек «хош, бастаңдар!» дегендей ишарат көрсетіп басын изеді. Бірақ ой шумағын үзбеді, қайтадан беріле түсті. «Басынан өткен қуаныш адамды жасартады, өміріңді ұзартады, ал жаныңа батқан қасірет жаныңды қартайтады, тіршілігіңді қысқартады» дейді бір арабтың ақылды кітабында. Ал мен жаралғалы үнемі қызық көріп келемін (өзгелердің өлгенін, басқалардың қасіреттерін өзіне Өзбек қайғы санаған емес). Қалаған қызымды құштым, жек көрген адамдарымды өлтірдім, жауымды қырдым, сұңқар салып — түлкі алдым, жорға мініп жұрттың алдында жүрдім. Жиырма бесіме жете алтын таққа отырдым, халыққа билік еттім, сан түрлі жеңіске жеттім. Рас, жауымнан жеңілген кездерім де болды, бірақ ол жеңілуімнің артынан жеңуім келді. Қысқасы өмірімде қайғымнан, қасіретімнен — бақытты, қуанышты күндерім көп болды. Соған қарамай, мен неге ерте қартайдым? Алпысқа жетпей жатып, сексендегі шалдаймын. Жоқ, денем кәрі емес, көңілім кәрі... Бұл неліктен? Әлі де менің көрген қуаныштарым жаныма қанат беретін қуаныштар емес пе еді?

Өзбек ханның құлағына имам сөзі еміс-еміс естілді.

— ...Міне сол себептен де,— деді ұзын бойлы, айбарлы түсті имам,— Мұхаммед пайғамбардың шариғат жолын бұзған Ажар мен Ерке Құлан фанилер, өзге ұрпаққа үлгі болу үшін өлім жазасына бұйырылып дарға асылсын. Мұсылман қауымының осы әділетті үкімін, алдияр тақсыр, хан ием, сіздің бекітуіңізді сұраймыз.

«Иә, иә, дұрыс үкім,— деді Өзбек хан ішінен, кімде кім шариғат жолын бұзса осылай аямай жазалануға тиісті. Сонда ғана халық бұзылмайды, ісләм дінінің тегеурінінен шықпайды».

Кенет Өзбек ханның есіне Хасан ибн Саббах түсті.

Бұл ісләм дінінің бар тармағы мұлит-ассасиндер одағының негізін қалаушы, ақсүйектер тұқымынан шыққан сахаба еді. Ісмаил Халифтың жолын ұстаған бұл одақ, түрік-селжүктерден жеңілген Иран алпауыттары тоғызыншы ғасырда құрған діни қоғам болатын. Діннің негізі — бұл дүниенің қызығы жоқ, кімде-кім жауын өлтіріп о дүниеге барса сол жұмаққа кіреді деген. Бұл қоғамға кірген адам арақ-шарап ішпеген, жоқшылық өмірде өткен.

Қастарын білдірмей барып бауыздап не пышақтап өлтірген. Сол үшін ол қандай жаза болса да көтеруге көнген. Егер оған өлім үкімі айтылса, ол қуана-қуана басын ұсынған, өйткені о дүниеде жұмақта жүремін деген сенім оның қимылының негізі болған. Бұл ұйымның басында тұрған адамдардың әмірін жастары бұлжытпай орындаған. Біреуді өлтір десе өлтірген, ал өзің өл десе өлген. Ондай жастарды фидай деп атаған. Осы фидайдың ішінен өзін өлімге арнап, көсемі айтқан кісіні аңдып жүріп өлтіруге дайын адамдар мүлиттер шыққан. Бұл мүлиттер ісләм дініндегі парсылардың зәреқұтын алған. Осындай бір мүлиттің қолынан, Кавказдағы Аламут бекінісін алатын жорығында, шатырында ұйықтап жатқан жерінде Шыңғыс ханның үшінші баласы атақты Жағатайдың өзі өлген. Қысқасы бұл ұйым, осы күнгі Европаның зәре-құтын алып жүрген террористер одақтары тәрізді кісі өлтіргіш ұйым болған. Бұлардың адам жете алмас тау басындағы шатқал арасындағы бекіністерін қиратып, өздерін тегіс қырған Шармаған ноян басқарған монғолдар.

Осы қоғамның негізін салушы Хасан ибн Саббах сахаба соңына ерген мүриттері, мүлиттері діни жолын берік ұстау үшін өзгелерге үлгі етіп туған екі баласын өз қолыменен бауыздаған. Біреуін үзеңгілес жолдасымды өлтірдің деп, ал екіншісін жасырын шарап ішкені үшін.

«Ұстаған жолың, дінің үшін күресер болсаң осы Хасан ибн Саббахтай күресе ал,— деді Өзбек хан ішінен,— сонда ғана жұртты айтқаныңа көндіре аласың».

Бірақ хан ойын бір күжілдеген дауыс бұзып жіберді. Бұл Әділкерей сұлтан еді.

— Жоқ, бұл үкімге мен қарсымын, деді ол түнере сөйлеп.— Ана қаншықта менің әменгерлік қақым бар. Қырық жетісі баяғыда төленген. Қатынды адастырған Ерке Құлан дарға асылсын да, тоқал шариғат заңы бойынша маған берілсін.

Әділкерей сөзінен Өзбек хан бар ойынан серпіле қалды. «Біз Шыңғыс ұрпағы үнемі осындаймыз. Туған інісінің баласын өлімге қиып тұрса да, інісінің тоқалын өзіне қалдырғысы келеді... Шіркін нәпсі, қалай күшті жаралғансың? Әлде мына сұлтан ана жас келіншекті өлімнен алып қалып, өзіне қарамағаны үшін бишараны өмір бойы қорлап өтпек пе? Ал бұған жесірдің өзі қалай қарайды екен? Мүмкін тірі қалғанына қуанар...»

Хан кенет Ажарға көз тастады.

— Естіп тұрсың ба қайнағаңның сөзін,— деді Өзбек. Таңдағаның болсын, тірі қалып, қайнағаң Әділкерей сұлтанға тиесің, не мына күнәкар некесіз жарыңмен бірге дарға асыласың!

Хан Ажар тоқалдың тірі қалуға жармасатынына күмән келтірген жоқ.

Бірақ Ажар:

— Некемізді молда қимағанмен, өзіміз қиғанбыз,— деді ол еш қаймықпай,— Ерке Құланға мәңгілік бірге боламын деп ант еткенмін. Сол антымды бұзбаймын. Және тірі тұрғанымда мына қайнағама ерге шықпаймын. Тек, тақсыр хан, сізден жалғыз өтінішім бар. Біз өлгеннен кейін, Ерке Құланмен екеуміздің денемізді бір молаға көмдіріңіз. Бұл дүниеде мәңгі бірге бола алмасақ та, о дүниеде бізді ешкім айыра алмасын.

Бұл ханның да, жұрттың да күтпеген сөзі еді.

— Жоқ, оған мен қарсымын,— деді дүрліге дауыстап Әділкерей.— Бұл тоқалдың жолы үлкен әмеңгері жалғыз менмін, тоқал менікі. Өз еркімен көнбейді екен, өзіме беріңдер. Көнбей көрсін!

— Ал ініңіздің баласы Ерке Құланды қайтесіз? — деді Өзбек оған түксие қарап,— Мүмкін оны да тірі қалдыруды тілейтін шығарсыз?

Әділкерей күп-күрең боп кетті.

— Жоқ,— деді ол,— Ерке Құлан шариғат жолын бұзды. Өз әкесінің тоқалына барды. Ол өлтірілуге тиісті. Және мені мына тоқалға осыншама қорлатқаны үшін, жалғыз інімнің абыройын жерге таптағаны үшін мына менің қолымнан өлуге тиісті.

Өзбек хан имамға бұрылды.

— Әділкерей сұлтанның өтініші шариғатқа сыяды,— деді имам.

Өзбек хан енді халыққа қарады. Бірде-бір адам имам сөзі дұрыс деген ишарат білдірмеді. Кейбіреулері хан жүзінен көздерін аударып әкетті, ал басқа біреулері төмен қарады.

Өзбек мұндай қатты шешімді халықтың жақтамай тұрғанын түсінді. Ал Алтын Орда ханы халықтың ұлы сыншы екенін жақсы білетін. Ханның қазір шығарғалы тұрған қатыгез шешімнің дұрыс емес екенін бүгін бетіне айтпаса да, ертең ол үрім бұтағынан үрім бұтағына аңыз етіп қалдыратынын да ұмытқан жоқ. Жарты әлемді билеп отырғанымен, кейде қарамағындағы елдің уақ-түйек тілегімен санасудың қажет екенін Өзбек кей жағдайда есінен шығармайтын. Ал мұндай ұлы ханға екі жастың тағдырынан уақ қандай мәселе бар? — Шешім өзінен-өзі келді.

— Жарайды, сіздің үкіміңіз де орындалсын,— деді ол имамға қарап.— Ал сіздің де тілегіңіз берілсін,— деді содан кейін Әділкерейге бұрылып.— Бірақ өлім жазасы басқа түрде орындалатын болсын. Әділкерей сұлтанның алдынан күнәкәр Ерке Құлан атпен үш рет шауып өтеді. Сұлтан садағымен жігітті атады. Сол үш реттің бірінде сұлтан күнәкәрді өлтірсе әменгерлік қақыменен Ажар тоқалды алады. Сүйген адамының қаза болғанын өз көзімен көрген Ажар тоқал, жазмыштан мықты емес, Әділкерей сұлтанға берілсін. Ерке Құланның ажал тапқанына ол айыпты емес. Антын өзі емес, тағдыр бұзады. Ал егер Әділкерейдің үш рет атқанынан Ерке Құлан тірі қалса...

Жұрт демін ішінен алып тына түсті.

— Иә, онда ше? — деді арт жақтағы бір жас дауыс.

— Оның тірі қалуы тіпті мүмкін емес,— деді тағы бір дауыс,— Әділкерейдің, құралайды көзінен тигізетін асқан мерген екенін білмейсіңдер ме, ол бір атқаннан-ақ Ерке Құланды жайратады.

— Сонда да? — деді тағы бір дауыс,— Қақ тағала өзі араша түсіп, Ерке Құлан тірі қалса, қандай үкім болмақ?

Жұрт жауап күтіп алға қарай ынтыға қозғалды.

— Он да ма?.. Онда...— Өзбек хан тағы жұртқа қарады,— Онда, алла тағаланың жазмышынан күшті ештеңе жоқ. Ерке Құлан тірі қалар болса,— хан ойланғандай сәл кідірді.— Ажар мен Ерке Құлан ерлі зайыпты болып қосылсын — деді. Жұрт жарды ұрған теңіз толқынындай дүңк ете қалды.

— Дұрыс!

Бұл шешімге Әділкерей де, жұрт та көнді. Тек Ерке Құлан ғана бір өтінішін айтты.

— Жетер үмітім санайын, көз алдыма сүйген жарым Ажарды тұрғызыңыздар,— деді.

«Өліп кетсем, ең соңғы көрерім Ажарым болсын дегені еді, бұл ғашық жігіттің.

Қалың жұрт алаңның бір жағына ойысты. Халықтың алдына қайың садағын ұстап Әділкерей шықты. Ханның рұқсатымен Ерке Құлан шауып өтер алаңның құбыла жағына жендеттер қол-аяғы байлаулы Ажарды апарып қойды. Ерке Құланның арқандарын шешті. Оған жаны ашыған бір замандас жауынгері әйгілі жүйрік ақ боз сәйгүлігін берді.

— Жолың болсын,— деді жігіт.— Егер аман құтылсаң, осы жүйрігім саған тартқан сыйлығым де...

— Күнәкар мерген алдынан жүз қадамдай жерден шауып өтсін! — деді хан.

Дәйекшілер барып ат шауып өтетін жерді белгіледі.

— Ал, кірісіңдер! — деді хан.

Ерке Құлан жолдасы берген ақ боз атқа мінді. Ол алаңның теріскей жағына бір шақырымдай жерге барып кейін бұрылды.

Дәйекшінің «ал шап!» деген белгісі етіп, басындағы бөркін алып, төмен қарай сермегенін көріп, Ерке Құлан сәйгүлігін тебініп қалды.

Ауызыменен құс тістейтін әйгілі жүйрік, шу дегеннен-ақ арқырай ырғи жөнелді. Ат жер бауырлап, зымырай ұшқан ақ тұйғын құс тәрізді, тек ағараңдаған бейнесі ғана көрінеді, көз ілігер емес. Ат жалын құша, жұлдыздай аққан жігіт топ алдынан өте бергенде, түкті қабағын сәл шытынатты да, Әділкерей, сегіз қырлы жебелі қайың садағын шірене тартып қалды.

Жұрт жарды ұрған толқындай, тағы «уа!» деп дүңк етті.

Әлдекім:

— Тиді! — деп айқайлап жіберді.

Бірақ жігіт құламады. Сол шапқан қалпымен сүйген жарының жанына барып, еңкейіп бетінен бір сүйді де, кейін бұрылды. Қайтадан бұрынғы шабатын жеріне барып тұрды. «Мен мұңдалап!» шапқан ақ боз ат Әділкерейдің көңілін атқа аударып жіберіп, жебе бұл жолы жігітке емес, ердің алдыңғы қасына тиген еді.

Дәйекші «шап!» деген тағы белгі берді. Ерке Құлан тағы жұлдыздай аға жөнелді. Әділкерей тағы шірене садағын тартты. Бірақ ағараңдаған ақбоз ат тағы оның көңілін өзіне аударып әкетті. Жебе бұл жолы енді ердің соңғы қасына барып сарт етті. Жігіт шапқан бойы тағы сүйген жарының бетінен бір сүйіп кейін оралды. Тағы шабатын жеріне барып тұрды. Жұрт «Не болар екен?» деп демін ішіне тартып тына қалған. Алғашқы жебе ердің алдыңғы қасына, екінші жебе ердің соңғы қасына тиді ғой, енді үшінші жебенің ердің екі қасының ортасында отырған жігітке барып, қадалатынына ешкім де күмәнданған жоқ. Хан да бұған сенді. Әділкерей өзінің мергендігін көрсеткісі келгендей мұны әдейі істеп тұрған тәрізді. Үшінші рет атуға келгенде, ол ықшамдала түсті. Енді ақбоз атқа емес, көзін құндыз бөрікті жігітке тікті. Және бұл жолы қорамсасынан ең өткір ұшты көкқұтанның қауырсыны байланған жебесін алды. Бұрынғысынан да бетер қабағын түйіп, садақ тартар жерін мөлшерлеп, үзенгісінен шірене көтеріліп, дайындала түсті.

Дәйекші «ал шап!» деп белгі берді. Ерке Құлан тебініп қалды. Ақ боз ат көктен сорғалаған жұлдыздай құйқылжытып аға жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша топ алдына жетіп қалды. Әділкерей жігіттің басын көздеп, сәл алға қарай қозғалып, садағын шірене тарта берді.

Дәл сол сәтте аш түлкінің тырнағына іліккен бейбақ құстай, қайғы, зарға, өкініш, арманға толы ащы дауыс шар етті де, бар әлемді сұмдық үнге толтыра боздай жөнелді. Дауыс сондай қасіретті, ашулы шықты, құлаққа жеткен сәтте естіген кісінің жүрегі-жарылғалы тұрғандай, өн бойы шымырлап кетті. Зәбірлі, қайғылы дауыс бүкіл әлемді, аспан-көкті, адамзат біткенді қарғап жатқандай жұрттың үрейін ұшырды. Көзін жасқа толтырды. Тамырында ыза, кек қанын ойнатты,— Бұл сарнаған, боздаған, құдайға жалбарынған Ажар еді.

Көз жасына булыға шыққан қанжардың жүзіндей өткір, асқақтаған ащы дауыс заматта бүкіл дүниені алып кетті.

Тасты балқытып, теңізді тулатып жіберердей боп шыққан жалынышты ән тыңдап тұрған жұрттың үстінен сойылмен ұрғылап жатқандай ешкімнің басын көтертпеді. Ән бітіп, естерін жинап жұрт енді алаңға қарағанда, ақ боз атты жігіт те, қол-аяғы қыл арқанмен байлаулы жас әйел де көздеріне көрінбеді. Тек алыста, сағыммен ойнап шауып бара жатқан ақ боз атты жігіттің алдына өңгерілген әйелдің ақ жаулығы ғана ағараңдай елестеді.

Садағын тарта берген Әділкерей Ажардың алғашқы шар ете қалған үні шыққанда селк еткен. Садағы сәл қозғалып кетіп, дәл алған нысанасына — алдынан өтіп бара жатқан жігітке тигізе алмай қалған. Ал Ерке Құлан сол шапқан бетінде жолында отырған Ажарын жерден көтеріп алып, алдына еңгеріп әрі қарай шаба берген.

Жаңа ғана есін жиған Әділкерей:

— Қап! — деп айқайлап жіберді.

Астындағы атын тастай беріп, анандай жерде бала жігіт ұстап тұрған, атақты күрең қасқасына мінбек боп, жүгіре жөнелді. Ақбоз аты күрең қасқадан бөтен жылқы қуып жете алмайтыны оған аян еді.

— Тоқтатыңдар!—деді Өзбек хан зекіп.— Алланың жазмышы солай болған екен, енді оны сұлтан бұза алмайды! Құмасын күнәкарлар кете берсін!

— Дұрыс! — деді тағы халық шаттана, күндей күркіреп.

Бір нөкер күрең қасқаға мініп жатқан Әділкерейге қарай шаба жөнелді.

Ал Ерке Құлан мен Ажар сол кеткен беттерінен қайта бұрылмады. Тек он жыл өткен соң барып туған өлкелерін көрді.

Ал осы екеуінің тағдыры шешілген оқиға болған күннің ертеңіне хан сарайының алдына, Өзбек хан күтіп қалған, үш керуеннің басы келіп тоқтады.

Хорезм.

Алтын Орда мәдениетінде, әдет-дәстүрінде, саяси өмірінде Хорезмнің орны бөлек. Дәшті Қыпшаққа Хорезм әсері әсіресе Өзбек хан тұсында қатты тиген. Бұдан әрине, Алтын Орда мәдениеті, әдет-ғұрпы Хорезм ықпалында ғана болды деген ой тумаса керек-ті. Көшпенділердің бұл мемлекеті өзінің өркендеуінде көп өнегені Алтын Орда жеңген жұрттардан және көршілес Фарсы, Рум тәрізді мәдениетті елдерден алған. Солардың ықпалымен өзіне тән, тек Алтын Ордаға ғана тән, мәдениет, өнер, ғұрып құра білген. Күмбезді мешіт, әшекейді сарай, қалалар салған.

Әйтсе де, Алтын Ордаға әсіресе Қырым мен Хорезм мәдени үлгілері әсер еткен.

Қырым мәдениеті ежелден Рум, Бағдат, Мысыр, Шамдармен байланысты болса, Хорезм өнер табысы атам заманнан Қытай, Үнді, Иран, Мауараннахрмен ұштасып жатқан. Оның үстіне Хорезмнің өзінің арнайы көне мәдениетін алатын болсақ бұл өлкенің ежелден келе жатқан мәдениет ошағы екені де белгілі.

Демек өзгеден гөрі Хорезмнің Алтын Орданың арнайы мәдениетінің тууына ерекше әсері тиген. Рас, Сарай-Бату, әсіресе Сарай-Берке шаһарын Румнан, Кавказдан, Мысырдан, Русь жерінен келген шеберлер тұрғызған. Бірақ шаһардың сырт бейнесін Өргеніштен келген ғалымдар, шеберлер, суреткерлер даралаған.

Өзбек кезінде Алтын Орда астанасы Сарай-Беркеге мүлдем көшкен болатын. Ал бұл жаңа астананың өркендеуіне хан ерекше еңбек сіңірген. Беркеге еліктеп ол жаңадан хан сарайларын, мешіт, медресе, керуен рабаттарын тұрғыздырған. Бұлардың бәрінің үлгісі сырт әшекейлері, бәрі-бәрі Өргеніш шаһарыныкіндей болатын. Мәдинедегі атақты Түребекханумның мазарханасының ғажайып бояу-өрнектері, әйгілі мешіттерінің көгілдір күмбез үлгілері Сарай-Беркеге әкелінген. Сондай-ақ Сарай-Беркедегі мешіт, медресе, ханақаларында Хорезмнен келген көптеген діни адамдар, ғалымдар, мемлекет қайраткерлері еңбек ететін. Мысалы, Өзбек хан кезіндегі Азақ-Тана қаласының әмірі Мұхаммед хожа Әл Хорезми осы Хорезмде туған. Бұлар Алтын Орда мен Хорезмнің арасындағы байланыстың күшейе түсуіне көп жәрдемін тигізген. Сондай-ақ Алтын Орда бекзадалары да Сарай-Беркедегі Хорезм діни адамдарының шеберхана, медресе, ханакаларына да жиі баратын. Ұзақ отырып әңгімелесетін, дүниенің қызық-қызық оқиғаларын еститін. Осындай ханаканың бірі, Өзбек ханның өзінің де көп баратын орны — Номадан әл-Хорезми шейхтың ханакасы болатын.

Алтын Орда мен Хорезмнің арасының жақындауына Өзбек ханның Хорезмдегі найбы Құтлық Темір әмір көп еңбек сіңірген. Бұл аузынан жалыны атқан атақты әмір Өзбек ханға Алтын Орда тағына отыруына ғана жәрдемдесіп қоймаған. Соңынан, бұл тақтан дәмесі бар Шыңғыстың бөтен ұрпақтарының таласында, он екі өмір, сұлтандардың көздерін бірден жойып, Өзбектің саяси күресінің нәтижелі болуына көп жәрдемдескен. Бұл ханның мұсылман дінін өзінің саяси бағыты етуіне де осы Құтлық Темір себепкер еді. Шыңғыс хан шабуылынан көп кешікпей-ақ шаруашылығы, мәдениеті қайтадан өркендей алған Хорезмнің өмірі осы Құтлық-Темір, соңынан да Өзбектің ең мықты арқа сүйенері болған. Құтлық Темір Алтын Ордаға тек шаруашылық, не әскери жәрдемін ғана беріп қойған жоқ, ол бұл хандықтың дәрежесінің шарықтауына да аянбай көмектесті. Хорезмде пайда болған рухани табыстардың, өнер-білім жаңалықтарын, әдеби, көркемөнер туындыларын бәрін-бәрін Алтын Ордаға үнемі жеткізіп тұрады. Ал Құтлық Темір тәрізді өзі хат танымайтын адамның, тіпті кейбір көзі ашық оқыған кісінің қолынан келмес мұндай көрегендігі, шынында да таң қаларлық іс еді.

Осындай кең толғайтын қасиеті үшін Өзбек хан да оны шын жақсы көретін. Өзінің ең сенер серігі санайтын. Әр жылда Құтлық Темірдің хан Ордасына келуін аңсап күтіп отыратын. Өзі келе алмаған жылдары, одан арнаулы кісі арқылы жолдаған хат хабарларын күтетін.

Былтырдан бері осы Құтлық ауруға шалдығып Өзбекпен жүзбе-жүз кездесе алмай қойған. Және Өзбек соңғы кезде «Хорезмде жұрт бұрынғысындай тыныш емес екен, Құтлық Темір әмірге қарсы адамдар пайда болыпты» деген қауесет-хабар да естіген. Бұған бірақ хан бәлендей мән де бере қоймаған. Өйткені Құтлық Темірдің сарайы маңында ондай қырғи қабақтық ала ауыздық туа қалған болса, Құтлық Темірдің оны шу шығартпай дереу баса алатынына шек келтірмеген. Оған әмірдің ақылы да, айласы да жетеді деп ойлаған. Дегенмен де, алыстағы Хорезмнен «қандай хабар келеді?» деп Өзбек көптен бері сол жаққа қарай құлағын тоса, алаңдай беретін. Әрине, хабар деген күн ара келмесе де араға ай салып жетіп жататын. Бірақ хабардың да хабары бар ғой, және оны жеткізетін адам қандай жан? Көреген, істің түпкі мән-жайын терең, түсінетін адам болса бір сәрі. Ал құр шабармандардан, болып жатқан оқиғалардың мән-жайын тек сырт түсінетін тайыз кісілердің әкелген хабарларынан жөнді тұжырым істей де алмайсың. Хат сөзінің бәрін бірдей шындыққа жору да қиын. Сол себептен осы келе жатқан керуендер арқылы жететін хабарды Өзбек асыға күткен. Өйткені бұл хабарларды әкелетін керуен басы Жақып өте қырағы көз, адал кісі... Бұның хабарының дәл және толық болатынына Өзбектің күмәні жоқ еді.

Алтын Орда ханының бұл керуенді асыға күтетін тағы бір себебі бар еді. Ол себеп өз басымен байланысты болатын.

Өзбек Алтын Орда тағына отырғаннан кейін Өргенішке барған. Ел аралап, аң аулап, сан түрлі қызыққа батқан. Әлі бозбалашылығы басылмаған шағы, Жейхундарияның жағасынан жолбарыс атып келе жатып, жолай бергі беттегі бір Қаңлы руының ауылына қонған. Түнде ауыл ақсақалының бой жетіп отырған бір керемет ажарлы қызының қойнына барған. Қыз қанша ақылды, ұстамды болғанымен, бүкіл Алтын Орданың билеушісі, қылышынан қан тамған және қыз қызығарлықтай келбетті, адуынды ханның тілегіне қарсы шыға алмаған, дегеніне көнген. Қыз сымбатына, қылығына риза болған бозбала хан, көп кешікпей құда түсіп, бикешті тоқалдыққа алуға уәделескен. Бірақ дүрбелең заман, жаңа ғана таққа отырған хан, Алтын Орда тәрізді ұлы хандықтың толып жатқан талас-тартыс, қауырт жорық, шаруаларынан қолы босамай қызға берген уәдесін ұмытып кеткен. Ал бикеш ханның сол бір күнгі түнегенінен екіқабат болып қалған. Бірақ Өзбектің ешкім зорламай өзі айтқан уәдесіне сеніп, құда түсуге кісілер әне келеді, міне келеді деп жүре берген. Қыз шыдағанмен, уақыт шыдамады, бір күні іші томпайып шыға келген. Бұны алдыменен жеңгелері, сосын шешесі, ақыры барып әкесі білген. Бір ауылды билеп отырған қатыгез әке жанындай жақсы көрген жалғыз қызының мұндай күйге жеткеніне жаман қорланған, ашу да шақырған. Бірақ бала деген іштен шыққан шұбар жылан емес пе, көзін құрта қоюға қимай, қызын нағашысының аулына апарттырып тастаған. Қыз нағашысының ауылына барғаннан кейін үш ай өтпей, үш күн толғатып ақ сазандай ұл тапқан. Нәрестенің хан ұрпағы екенін естіген нағашы елі баланы өлтіртіп тастауға батылдары бармаған. Және қимаған. Оның үстіне баладан айырылуға анасы да көнбеген. У ішсең, аяғына дейін іш дегендей, бишара ана іштен шыққан нәрестесі үшін қандай қорлық болса да көнуге бел буған. Амал жоқ, нағашылары, өзгелердің табалағанына, күлкісіне қарамай, жиен қыздарына отау тігіп, оны баласыменен жеке шаңырақ етіп бөлек шығарған. Байсыз бала тапқан қыз өзінің сұлулығына, сымбаттылығына және бұған үйленгісі келген талай кісілердің табалағанына қарамай, жалғыз баласын бағып, ешкімге ерге шықпай отырып қалған. Енді оның өмірдегі бар қуанышы қызығы осы жас нәрестесі болған. Баласы да анасын жанындай жақсы көріп өсіп келе жатқан. Дүниенің бар қорлығын, жұрттың күлкі, сықағын, табасын анасы баласына деген махаббатына жеңгізіп, бұлардың күндері осылай біркелкі өте берген.

Өзбек бұл оқиғаның бәрін үш жыл өткен соң барып білген. Өзінің уәдесін ұмытып кеткеніне жаман өкінген. Ал балалы әйелді алуға Алтын Орда ханы өзіне лайық көрмеген. Сол себептен хан болған оқиғаны тегіс айтып, әйел мен балаға көз қырын салып жүруді Құтлық Темірге тапсырған. Соңынан Өзбек өзі баланы сыртынан барып көрген. Айнымаған өзі екен, түрі де, салмақтылығы да. Балаға әбден көңілі толған әке, анасына «бала ер жетісіменен өзімнің ордама алдырып, оның дұрыс адам болуына бас көз болам» деп тағы уәдесін берген. Әйел бұл сөзге бәлендей сене қоймағанмен де, жақсы сөз — жарым ырыс деп ұғып, хан уәдесін тілге тиек етіп қала берген. Әйтсе де содан бері Құтлық Темірдің арқасында әйел мен бала жоқшылықсыз өмір сүріп келе жатқан. Баланың жақсы жігіт болып өсіп келе жатқанын Өзбек сырттай біліп отыратын. Биыл күз сол баланы хан өз ордасына алдырмақшы ойда еді. Бұны бала мен анасына да хабарландырған. Сөйтіп жүргенінде жақында сол баланың кенет қайтыс болғанын естіген. Неге? Қалай? — Өзбек анығын білмеген. Бала деген кімнің қолында өссе соныкі. Өзінен алыс жүргендіктен бұл ұлының өлімі оған бәлендей батқан жоқ. Сөйтсе де, Өзбек бұрын осы баласын Ордасына алып, ел билеуге жарап қалған ұлдары Жәнібегі мен Тыныбегіне көмекші жігіт етемін деп ойлайтын-ды. Міне, сол үмітінің күйрегеніне күйінді. Және бұл баласының өзіне тым ұқсас екендігіне көзі жеткеннен кейін, бұдан түбі ел басқаратын үлкен адам шығып қалар ма деген сенімнен де ада емес еді. Сөйткен ұлы, ер жетіп қалған кезінде белгісіз жағдайда қайтыс болды. Өзбек енді оны ертерек өз ордасына алмағанына өкінді. Демек, ол қандай жағдайда қайтыс болды, анығын білгісі келді. Құтлық Темірдің «сырқаттан дүние салды» деген хатына, неліктен екенін өзі де білмейді, сене қоймаған. Сол себептен Хорезмдегі Жақыпқа «бар жағдайын біліп кел» деп құпия кісі салған. Ордасына қайтып кетпей, керуенді күтіп қалуы да осыдан еді.

Ертеңіне таң ата қытай жібегі, үнді шайы, Хорезм өрік, мейізі, қағы тиелген керуеннің үш жүз түйеден құрылған бастапқы көші Каффа қаласынан басып, жүктерін кемеге тиеуге Судаққа қарай өтті. Керуен басы Жақып төрт серігімен Каффадан Өзбек жатқан Ескі Қырымдағы хан сарайына бұрылды.

Керуеншілер ордаға келіп ханға сәлем беріп, қонақ астарын жегеннен кейін Өзбек пен Жақып оңаша қалып әңгімеге кірісті.

Ел күйін көрген және болып жатқан оқиғаларға сын көзіменен қарай білетін тәжірибелі қарт, Хорезмнің бай өлке болуына қарамай, тұрғын диқан, мақташы, қолөнері адамдарының Құтлық Темір әмірдің ел басқару тәртібіне наразы екенін, мешіт, медресе, әмір, бекзада сарайларына қыш илеп, тас қопарып жатқан көп құлдардың ауыр бейнетке шыдай алмай Ақберен деген үлемнің дем беруімен жақында бас көтергендерін, Өргеніште үлкен ұрыс болып, Құтлық Темір адамдарының бұл ереуілді әзер басқанын айтты. Хан үн-түнсіз тыңдап отырды да:

— Ал оларға дем беріп жүрген әлгі үлемді ұстады ма Құтлық Темірдің адамдары? — деп сұрады. Жақып байсалды жауап берді.

— Жоқ,— деді ол,— Құлдар өздері қырылып жатқанына қарамай үлемді қашырып үлгіріпті.

— Әттегене-ай!

— Құтлық Темірдің өзі көптен бері сырқат қой. Әйтпесе...

— Иә, иә.

— Сөйтсе де... Иранға аттануыңызға әскерлерін жіберуге дайындалып жатыр.

— Әскерін қашан жібермек?

— Сізден хабар күтіп отырғандай.

Өзбек ойланып қалды.

— Бұл жолы бірге аттана алмайды екен, ә?

Әрине ғой. Сырқат адам жорыққа шыға ала ма? Және қарамағындағы елі де сенімсіздеу ғой... Дауыл алдындағы теңіз тәрізді тына қалған. Мұндай жағдайларда оған алысқа кетуге болмас...

Өзбек кенет әңгіме бетін бұрып кетті.

— Әлгі бала неден өліпті?— деді хан төмен қарап.

Жақып үндей алмай қалды.

— Неге айтпайсың?!

— Білмеймін, сосын айта алмай отырмын. Бірақ бала өлімі тегін өлім емес. Халық қадірлі адамы қайтыс болғанда, не бір елге батқан оқиғамен байланысты дүние салған ұлдарына ғана арнап жыр, жоқтау шығарады ғой... Ал он алты жасар балаға жайдан-жай сондай күйінішті мақам шығармаса керек-ті.

— Қандай мақам?

— Тамаша мақам!

— Айт!

— Бас жағы ғана есімде. Тегіс біздің бір жас керуенші біледі. Каффадағы бір үлем кешеден бері сол жігіттің айтуымен оны қағазға түсіріп жатқан көрінеді.

— Бас жағын айт!

— Жарайды. Мақам өлген баласы мен анасының әңгімесінен басталады...

Анасы:

Құлыным-ау айтшы өзің, не қылам?

Қалай бұзам құдіреттің өмірін?

Керек дейді сенің жалғыз ұл балаң,

Керек дейді қызметіме тәңірім.

Баласы:

Алғаны аз ба таңдап өзі тәңірдің,

Соларын-ақ неге жұмсай бермейді?

Құрбы-құрдас, тастап бәрін бауырдың

О дүниеге барғым менің келмейді.

Анасы:

Ренжімеші, айналайын, жалғызым,

Құдай өзі таңдап сені алған соң.

Айдай сұлу берер саған хор қызын,

Қарауына күнәсіз боп барған соң.

Баласы:

Күнәсізге жер беті де қызық-ты.

Қолда барда көңіл шіркін толар ма,

Айдай сұлу десеңіз де хор қызы

Бірге өскен құрбы жандай бола ма?

Анасы:

Қақ тағала данышпан ғой, дана ғой,

Жалғызыма тигіздірмес кесірін.

Ашулантпай, қалқатайым, бара ғой,

Ұжмағының, ашар саған есігін.

Баласы:

Қалай кетем, анажаным, о жаққа,

Қимастарым бәрің қалып барасың...

Керегі жоқ маған тіпті ұжмақ та

Айырған соң анасынан баласын.

Анасы:

Құлыным-ай, қайтейін-ай, нетейін,

Сөнгеннен соң аспандағы жұлдызым,

Одандағы, бірге өзіңмен кетейін,

Жалғызсырап жүрмесін деп жалғызым.

Баласы:

Олай деме, айналайын анажан,

Осында бол тауып ебін, орайын...

Қиса бізге жақсылығын жасаған,

Одан-дағы мен жанында қалайын...

Өлең әлдеқашан біткен. Өзбек ханда үн жоқ, жүдей қалған. Өзбек хан насихаттап жүрген ісләм дінінің негізгі бағыты — бұ дүниеден басқа о дүние бар екені, бұл дүниеде қызық көре алмағандар, өлгеннен кейін, күнәсіз болса ұжмаққа кіріп, мәңгі бітпес рахатта өтетіні болса, мына жырдың бар пәлсапасы о дүниенің ұжмағынан бұл дүниенің қызығы артықтығы екені ғой. Сондықтан да баласы анасына о дүниенің ұжмағына барғанша, бұл дүниеде жүре тұрайық дейді. Бұл ісләм дінінің тілегіне, саяси бағытына қарама-қарсы пікір. Және жыршы осының бәрін аянышты түрде, ортаға ана мен баланың махаббатын салып айтып отыр. Қарсылық білдірер жол қалдырмағандай...

— Бұл мақамды шығарған кім екен? — деді Өзбек хан әлден уақытта.

— Халық.

— Халық! — Өзбек хан тұнжырай түсті. Ол ісләм дінінің негізгі пәлсапасын халықтың қабылдамай жатқанын ұққандай болды. Хан бұрынғысынан да жаман түксие қалды.

— Бұл мақамды халық біткен жиналып шығарған жоқ қой, бір иесі бар шығар.

— Әрине ғой,— деді Жақып.— Ел арасына тарап кеткен соң халық өзінікі көреді... Ал бұл жырды ең алғашқы шығарған...

— Иә, иә, ол кім?

— Жаңағы Өргеніш ереуілін басқарған Ақберен үлем көрінеді.

Өзбек кенет сұрлана қалды.

— Тезірек оны ұстап алып дарға асу керек!

— Неге? — деді Жақып.— Жақсы өлең шығарғаны үшін бе, әлде ереуіл басқарғаны үшін бе?

— Екеуі де үшін. Әсіресе мына өлеңі үшін.

— Солай екен-ау — деді Жақып, бұл жырдың қауіпті екенін хан айтпай-ақ өзі де түсініп жүрсе де, жаңа ұққандай. Ол енді сөздің бетін басқаға бұрды,— Құтлық Темір әмірдің құрығы ұзын ғой, қайда кетер дейсің ол бейбақ. Ал енді өзіңіз біздің керуендерге соқпайсыз ба? Әкеле жатқан тарту-таралғымыз бар.

— Жоқ,— деді Өзбек хан,— Бүгін Ордама жүремін. Қызылбастармен соғысуға дайындалу керек.

— Иә,— деді Жақып,— кеме тоқтайтын жағаларды өзімізге қаратқанымыз жөн болар еді. Өзге жегенше Қоңдыбай жесін деген екен бір байдың туысы. Сол айтқандай Иранға, Түрікке кеткен қыруар салықты Алтын Орда қазынасына түсірген абзал ғой. Және олар кей кемелерді Жерорта теңізіне өткізбей ұстап та қалатын кездері болады.

Өзбек хан күлді.

— Жібек пен меруерт, маржан тиелген кеме өте алмайтын да бөгет болады, екен-ау,— деді ол,— «Әскерім өте алмаған жерден алтын тиеген есектерім өте алады» демеп пе еді Ескендір Зұлхарнайын?..

— Ол солай ғой. Бірақ тым қымбатқа түседі.

— Мүмкін,— деді ойлана Өзбек,— Иранмен бұл жолғы соғысымызда сендердің де қамдарың бар...

— Онда жолың болсын! — деді Жақып.

— Соғысты да соған сеніп бастамақпыз.

— Ал өзіңізге деген тарту-таралғымызды көп кешікпей Ордаға қарай көш етіп жүргізерміз.

Осы әңгімеден бір ай өткеннен кейін бес жүз түйеден құрылған үш керуенге тиелген Шығыс елдерінің дүние мүлкін артқан он бес үлкен желкенді кеме Судақ шаһарынан Қара теңіз мойыны Дарденелл арқылы Жерорта теңізіне беттеді. Сол күндері Жақып, жібек, меруерт маржан, алтын, күміс, шай тиелген отыз түйемен Алтын Орда астанасы Сарай Беркеге қарай сапар шекті.

Ал тағы екі айдан кейін, қаңтардың сақылдаған қызыл шұнақ қатты аязында, Ширван өлкесіне жататын Дербент өзенінің қатып қалғанын пайдаланып Өзбек, Ит, яғни 1335 жылы Иранға аттанды. Әр жауынгердің тізгінінде ерттеулі екі аттан. Лек-лек жортқан тұяқтарына киіз байлап алған, тоғыз жүз мың жылқының бір де бірі өзен үстіндегі көк мұзға тайып құламады. Бұл жылы қыс өте қатты болған. Иранның шекарадағы әскері аяздан қорқып, қырағылық көрсете алмай қалды. Оның үстіне осы жылдың тамыз айында Әбусейт шах дүние салған. Осындай жағдаймен байланысты илхан Ордасында да бәлендей тәртіп жоқ еді. Өзбек хан дәл осы тұста аттанысқа шыққан. Қаңтар мен ақпанның аязын пайдаланып ол аспай-саспай наурыз айының басында Дербент қақпасынан өтті. Енді бір айдың ішінде Ширван өлкесінің біраз жерін алып Кура өзенінің бер жағынан келіп тоқтаған. Ар жағынан қалың әскермен бұл кездегі Иранның лашқарқаши бұзырығы Арпақауын кеп шеп ұстады. Бұл кезде көктем әбден келіп, жер беті көгеріп қалған. Қосындардың айқаса кетуіне биылғы жылы қаттырақ тасыған Кура өзені мүмкіндік бермеді. Бөріктей-бөріктей тастарды түйіршік құрлы көрмейтін ағысты Кура буырқанып бұрсанып көпір бермеді. Екі жақ өзеннің толастайтын кезін күтіп, алыстан ғана бір-біріне шоқпарларын білеп, анда-санда, қылт ете қалған жауынгерлеріне садақ оғын жіберіп, болашақ үлкен айқасқа дайындала түсті.

Қыпшақтың әйгілі атты әскеріне ең керегі, ат бауырын жаздырып салатын жазық дала. Онда бұларға ешкім шыдай алмайды. Сондықтан Алтын Орда әскерінің көкейкесті тілегі сондай ұрысқа ыңғайлы жазықтары бар Иран өлкесінің орта шеніне жету. Ал Иран жауынгерлері көбіне таулы, шатқалды жерлерде ұрысуға машықтанған, аттары да бұндай жағдайда таутекедей секіреді. Оның үстіне Арпакауын Иранның солтүстік жақтағы белгілі әмірлеріне Өзбек қосындарының арғы жағынан шығып шегінулеріне мүмкіндік бермеулерін бұйырған.

Бұндай жағдайды күтпеген Өзбек қосындары жау әскерінің ар жақтарынан пайда болғанын кеш білді. Өзбек амал жоқ, енді кейбір бұлықтарын осы жау әскерлерімен соғысуға бөлді. Демек, Алтын Орда ханының дәл осы жолы Арранды біржолата басып алуға мүмкіндігі жететін еді. Бірақ қатты тасыған Кура тез қайтпай Иран әмірлерінің бұларға қарсы мықтап дайындалуларына мүмкіндік тудырды... Енді Өзбек Кура өзенінен әрі қарай өту керек пе, керек емес пе, ойлана қалды. Басып алар елін қаннен-қаперсіз кезінде шабатын уақытын өткізіп алды. Міне осындай шақта Хорезмнен Құтлық Темір қайтыс болды деген хабар келді. Сыныққа сылтау табылды. Құтлық Темірдің дүние салғанын тілге тиек етіп Өзбек кейін шегінді. Расында да Өзбек ханның Алтын Ордаға қарай шегінбеске амалы жоқ еді. Бір жағынан өзінің әскерін қоршатып алу қаупі туса, екінші жағынан Алтын Ордадан біржолата тізгінін үзбекші болып жүрген Хорезмде де әмірлер аз еместі. Соңғы кезде бұлардың бірлігі де күшейе түскен. Бірақ тегеуірінді Құтлық Темір оларды тырп еткізбей келген. Сөйткен Хорезм әмірі дүние салды. Мұндай дүрбелең жағдайда қарсы жақ тағы бас көтеруі мүмкін. Иранды жаулап аламын деп жүргенде Хорезмнен айырылып қалса, Алтын Ордаға бұдан артық соққы болар ма? Жоқ, жоқ, қан төгіп, шығынға батып, бөтен елді жаулап алғанша, Алтын Орда хандығының негізгі тірегінің бірі — Хорезмнен айырылмау керек. Даладағы құланнан, желідегі құлын артық. Өзбек хан енді асыға кейін шегінді. Мұндайда соңыңнан түре тиген жау да жаман, Иран әскерлерінің арт жағынан тарпа бас салғанына қарамай, арс етіп кейін бұрылып бұралқы иттердің беттерін қайтарып тастап, алға қарай бүлкілдей жөнелген арлан көкжалдардай, Алтын Орданың әйгілі атты қосындары жаз шыға бастаған шақта, Дербент қақпасынан өтті. Бұл тұстан әрі қарай Иран әскері де соңдарынан жабысуларын қойды.

ЕКІНШІ ТАРАУ

Өзбек ханның әр он жылда Иранға аттануына екі жағдай мүмкіндік беріп келген. Бірі — Алтын Орданың батыс, жағындағы орыс елі мен Шығыс жағындағы Мауараннахр, Хорезмнің тыныш жатқандықтары еді. Бұл тұста Алтын Ордаға батысынан да, шығысынан да келе қалар қауіп біліне қоймаған. Сондықтан Мысырдағы Бейбарыстың мұсылман мемлекетіменен одақтасам деген Алтын Орда ханы орталарындағы Иран илхандығын бүтіндей жаулап ала алмағанмен, жартылай ең болмағанда Ширван мен Арранды басып қалуға мүмкіндік бар деп ойлаған. Дәшті Қыпшақтың бұл тұста егер әскери дарындары Бату мен Ноғайға пара-пар соғыскер қолбасшысы болғанда оған Алтын Орданың күші де, әскері де жететін еді.

Ал батысындағы орыс жеріне келсек, Өзбек хан кезіндегі мұндағы тыныштық өзгеше тыныштық еді. Бастарын қосып, күш жинап, Алтын Орданың үстемдігіне қарсы тұруға мүмкіндігі болмаған елдің уақытша амалсыз үнсіз жатқаны еді. Бірақ ежелден тәуелсіздік сүйген бұл жұртта да бостандыққа ұмтылған жаңа қимыл бой көтеріп қалған. Өзбек Алтын Орда тағына отырған кезде Владимирдің ұлы князі —Тверь князі Александр Михайлович болатын. Осы князь елінің ықпалына Алтын Ордаға бағынбау саясатын ұстаған-ды. Барыс, яғни 1327 жылы ауыр алым-салыққа шыдай алмаған Тверь халқы тайлы-таяғына дейін қалмай Алтын Ордага қарсы көтеріліске шықты. Міне осы кезде Иранға аттанғалы тұрған Өзбек хан жорығынан бас тартты. Бұған орай осыдан екі жыл бұрын Мәскеу князі болған, соңынан Иван Калита деп аталған Иван Данилович Алтын Ордаға қызмет істеуге көңіл білдірді. Осы Иван Калита Өзбек қосындарымен тізе қоса отырып, Тверь ереуілдерін аямай басты. Келесі, Қоян жылы, Өзбек хан оны Владимирдің ұлы князі етті. Және орыс жерінен түсетін алым-салықты жинау соған тапсырылды. Сол күннен бастап Алтын Орда мен орыс жерінің арасындағы анда-санда болып тұратын кикілжің мүлдем басылуға айналды.

Ал Иван Калита орыс халқы әбден бірігіп күшті мемлекетке айналмай, Алтын Ордаға қарсы тұра алмайтынын өзге княздерден гөрі жақсы түсінген. Сондықтан ол Өзбек ханның сенімін және өзіне берген ұлы князь дәрежесін пайдаланып, Русь князьдіктерінің басын біріктіруге жұмсады. Ол ең алдымен Мәскеу князьдігін күшейтуге кірісті. Мәскеу князьдігін бас етіп, өзге князьдіктерді оған бағынышты етуге тырысты. Сөйтіп орыстың Мәскеу мемлекетін жасамақ болды. Иван Калита Алтын Ордаға деп жинаған алым-салығының біразын өзінің қазынасына қалдырып отырды. Сол үшін, Иван Даниловичтің осындай «дүниеқоңыздығы» үшін, оны Калита деп атады жұрт. Бірақ Қалитаның осы саясаты арқылы Мәскеу князьдігі байи түсті. Байыған князьдікке өзге орыс князьдіктері амалсыз бағынуға мәжбүр болды. Осылай Иван Калита орыс бірлестігін ұйымдастырушы «орыс жерін жинаушы» аталды. Сол кездегі шежіре Иван Даниловичтің бұл еңбегін жоғары бағалады. Және тарихта: «Иван Калита кезінде татарлар (Алтын Орда) орыс жерін жаулап алуды және христиандарды өлтіруді қойды, енді христиандар көп қиянат, михнаттардан құтылды. Осы кезден бүкіл орыс жерінде ұлы тыныштық орнады» деген жазу қалдырды. Бірақ бұл тыныштық оңайға түспеген тыныштық еді.

Демек, мұндай жағдай Алтын Ордаға батыс-теріскей жағына емес күнгей-шығыс жағына ғана тесіле қарауына мүмкіндік берген. Ал бұл тұста Шығыс жағынан да Алтын Ордаға төніп тұрған қауіп жоқ еді. Қайду, Туба дүние салғаннан кейін, Орта Азиядағы Жағатай ұлысының да берекесі кете бастаған. Бұрынғы Қайдуға бағынған бір мемлекет болған Түркістан — енді Мауараннахр, Жетісу, Шығыс Түркістан делініп бөлшектене түскен. Балық басынан шіриді, бұл Орданың да мұндай халге жетуіне тағы сол бақ құмар Шыңғыс ұрпақтары себепкер еді. Бұл жолғы тартыс та Қайду мен Туба балаларының арасындағы бақ таластықтан туған. Қайду өлгеннен кейін, Тубаның арқасында, Жағатай ұлысының ханы боп ақ киізге, Қоян, яғни 1303 жылы, Қайдудың үлкен баласы Шапар көтерілген. Сөйте тұрып, сол Тубаның дем беруіменен Жағатай мен Үгедей ұрпақтарының ішінде кенет қырғын алыс-жұлыс өрбіген. Ақырында жыл өте Жағатай ұлысының ханы Тубаның өзі болған. Бірақ Туба ұзаққа бармай, Қой яғни 1307 жылы дүние салған. Сол жылы оның орнына баласы Күнжек Алмалык, жанында Себкіл-Бала деген жерде хан көтерілген. Бірақ хан ұрпақтары бұған да тағы қарсы шыққан. Сейхұндарияның Шығыс жағы мен Қоялықтың батысы түйіскен Бөрібасы деген жерде екі жақтың әскері кездесіп үлкен ұрыс болған. Күнжек жағы жеңіп, бүліншілікті басқарған хан ұрпақтарының бірі Үгедей шөбересі Күрсебе ажал тапқан. Сонда да өштескен Шыңғыс ұрпақтарының айқасы бұныменен біте қоймаған. Осы талас-тартыстың бір қыры болуы керек, Жұлдыз деген жерде кенет жеті-ақ күн ауырып Күнжек те дүниеден өткен. Жағатай ұлысының тағына енді жасы келіп қалған. Жағатайдың Мөңке хан өлтірген баласы Бөрінің немересі Төліну отырған. Бұның да өмірі ұзаққа бармады, екі жыл толмай, Ит, яғни 1310 жылы Тубаның баласы Кебектің қолынан өлді. Жағатай ұлысындағы осы тұстағы бүліншілікті пайдаланып Шапар қайтадан хан тағына отырмақ болды. Енді ол бар ұрпағын жинап, хан тағының дәмелі Кебекке қарсы аттанған. Бірақ Іленің күнгей жағында Кебек әскерінен мықтап жеңілген. Міне, осы талас-айқастар, ұшы-қиыры жоқ қырғын ұрыстар бәрі-бәрі Мауараннахр, Лабасы, Шығыс Түркістан халықтарының күйін, шаруашылығын төмендете түсті. Жергілікті жұртшылықтың арасында монғол төре-бекзадаларына деген наразылық күшейе бастады.

Демек, осы жылы Кебек Құрылтай шақырды. Бұған Жағатай мен Үгедей ұрпақтары тегіс қатысты. Кебектің арқасында бұл ұлыстың ханы боп Тубаның үлкен баласы Есен Бұғы сайланды. Сөйтіп ұлыс билігі енді түгелдей Жағатай ұрпағына көшті. Бұрын Қайдуға жатқан жерлердің бәрі енді тегіс осы Жағатай ұрпақтарына ауысты. Қайдудың балаларын тек ортаншы ұлы Шах қана мың атты әскеріменен өз аймағына не болып қалды.

Есен Бұғы өз қарамағындағы жұрттың арасындағы алауыздықты жоя білді. Халықтың шаруашылығы да біркелкі жөнделуге айналады. Егін пен сауда жұмыстары да бірталай тәртіпке келтірілді. Бірақ Құбылай хандығымен шекарадағы соғыстары Орданың шаруасын тағы күйзелтіп тастады. Құбылай әскері шекарадағы айқастарда екі рет жеңіп, Жағатай ұлысының Шығыс жағының біраз жерін ойсыратып шапты. Тіпті Есен Бұғының Ыстық көл жағасындағы қысқы Орда қыстауы мен Талас өзенінің бойындағы жазғы жайлауына дейін келіп, Құбылай немерелері Жағатай ұлысына көп зиян келтірді.

Есен Бұғы енді Юнань патшалығына қарсы шығатын одақтас іздей бастады. Осы кезде жаңа ғана Алтын Орда ханы болған Өзбекке кісі салды. Сонау Қиыр Шығыс пен күнгей Шығыстағы Қытай патшалығыменен соғысқысы келмеген Өзбек, бұған бәлендей көне қалған жоқ. Тек Қоян, яғни 1335 жылы ғана ол Есен Бұғымен бірігіп Құлағу илхандығына қарсы шығуға екеуі тіл табысты. Құлағуға қарсы шығу ол Құбылайға қарсы шығумен бірдей еді. Бірақ бұларынан ештеңе өнбеген. Құлағу хандығына аттанған Жағатай ұлысының әскері, қолбасшылары Ясуардың опасыздығының арқасында еш жеңіске жете алмаған. Осыдан Алтын Орда ханы Өзбек пен Есен Бұғының арасындағы байланыс бірден үзілген.

Есен Бұғы Жылқы, яғни 1338 жылы қайтыс болды. Оның орнына сол жылы Жағатай ұлысының тағына Тубаның екінші баласы Кебек қайтадан отырды. Бұрын Жағатай ұрпағынан ең бірінші боп мұсылман дініне ашық кірген Мүбәрәк шах еді. Ал Тубаның балалары бұл дінге тікелей қарсы-тын. Кебек олардай болмай шықты. Бірден ол Ордасын Тянь-Шань тауының бөктерінен Мауараннахрға көшірді. Оның бар ынтасы енді Мауараннахр мен Ауғанстанға ауды. Жетісу Шығыс Түркістан Жағатай мен Үгедейдің бөтен ұрпақтарының әрекеттерінің арқасында жеке хандыққа айнала бастады. Кебек өзінің Ордасын Нахишаб қаласының жанына апарып тікті. Сол күннен бастап Нахишаб қаласы — хан астанасы, хан ордасы — Қарши деп аталды. Кебек қарамағындағы елдің көпшілігінің ыңғайына қарай, өзі монғол қалпында қалғанмен, мұсылман дініндегі жұртқа қысым көрсетпеді. Ол шамасы келгенше әбден жүдеп біткен Мауараннахр жұртының халін жөндеуге кірісті. Қарамағындағы халыққа әділетті болуға тырысты. Міне осы тұста Мауараннахр жерінде Кебектің нәтижелі ісіне жататын тағы бір үлкен оқиға болды.

Өзбек хан Алтын Орда тағына отырғанына сегіз жыл өткеннен кейін, бұрыннан мұсылман дінін сырттай қуаттап жүргенін місе тұтпай ол осы діннің Шығыстағы қорғанышы, шейхтердің шейхуі — Ұлы Зеңгі-Атаның орнын басқан Сеид-Атаның үгіттеуімен және Құтлық Темір әмірдің қоштауымен біржолата мұсылман дініне кірген. Бұл Тауық, яғни 1321 жылы болған. Өзбекке мешіт енді Сұлтан-Мұхаммед-Өзбек хан деген жаңадан мұсылманша ат берген. Алтын Орда ханының өзі осылай мұсылман дінін қабылдағаннан кейін, Орда маңайындағы монғол бекзадалары да амалсыздан осы дінге енуге мәжбүр болған. Ал Алтын Орда қарамағындағы түркі тұқымдас елдердің бәрі өзін мұсылман санағандықтан, Алтын Орда енді бүтіндей мұсылман хандығына айналған. Бұнымен қоймай Сұлтан-Мұхаммед-Өзбек хан, ұлы шейх Сейд-Атамен бірге түркі тұқымдас бірақ әлі нәсірани дінінде жүрген бірен-саран уақ елдерді біржолата ісләм дініне кіргізуге Мауараннахрға аттанған. Өзбек ханға тоқта деуге Мауараннахр ханы Кебекте оған қарсы тұрар үлкен қарулы күш жоқ-ты. Ол Өзбек ханды тізе бүгіп қарсы алды. Бұдан бұрын Иран жеріне барған. Алтын Орда әскерін, қолбасшыларын хандарының атына қарай ирандықтар өзбекиян деп атаса, енді Мауараннахр жерін басып кеткен осы Алтын Ордадан келген қалың әскерді тұрғын жұрт танымай «Кімсіңдер? Қайдан келдіңдер?» деді. Алтын Орда әскерлері: «біз Өзбек адамдары — өзбекиянбыз» деді. Ал Өзбек ханның Мауараннахрға келген себебі белгілі, демек, ол Кебектің ел жұртын тартып алам деген ойдан аулақ еді. Шынында да Өзбек хан мен Сейд-Атаның бұл аттанысы жұртты мұсылман дініне кіргіземіз деген діни аттаныс болатын. Алтын Орда ханы Мауараннахр елінен тек біржолата ісләм дініне кірулерін талап етті. Мауараннахр ханы Кебектен бастап, бұрын бөтен діндерде жүрген жергілікті соғдияндар мен сарттардың қорыққаны бар, қорықпағаны бар, бәрі ісләм дініне кірді. Ал осылай болғандар өздерін Өзбек адамы өзбекпіз деді. Ал мұсылман дініне кірмегендерін өз діндерінде қалғандарын Сейд-Ата «қалмақ» деп атады. Осылай Мауараннахр жерінде осы Өзбек хан діні аттанысынан кейін өзбек деген сөз пайда болды. Соңынан түркі тұқымдас Барлас секілді рудан шыққан Ақсақ Темір тәрізді мұсылман дініндегі тегеуірінді әмірлердің жергілікті соғдияндар мен сарт жұртына бірте-бірте түркі тілін, дәстүрін әдет-ғұрпын күшпенен енгізу нәтижесінде осы он төртінші ғасырдың басынан бастап Мауараннахр жерінде өзбек деген ел туды. Сондықтан да Қыпшақтың «Өзбек өз ағам, сарт садағам» деген мәтелі туған.

Міне Кебектің екінші істегені Мауараннахр жерінде ісләм дінінің күшейе түсуіне қарсы болмай, жергілікті тұрғын жұрттың өзбекке айналуына жол берді.

Осылай ол Алтын Ордаға тікелей бағынбайтын Мауараннахрдың Өзбек хандығына айналуына қарсылық білдірмеді.

Ал Кебектің бұл қылығына Тубаның өзге балалары қарсы шықты. Ақыры кіші інісі Тармаршин ағасын өз қолымен түнде тұншықтырып өлтірді. Тамаршин хан болып ақ кигізге көтерілгенше хандықты Тубаның өзге балалары — Елшігетай мен Дурра-Темір бірігіп басқарды.

Елшігетай кезінде христиан діні әсіресе Рим папасы католиктерінің ықпалы өте күшейді.

Жалпы Шығыс елінің жайы, жағрафиялық орындары, Шығыс пен Батыстың сауда саттық, жол байланыстарының өркендеуіне христиан дінінің Рим, Венеция, Авиньоннан жіберілген діни үгітшілері — миссионерлері ерекше орын алған.

Осы Елшігетай Жағатай ұлысының билеушісі болар алдында Табриздағы Венеция елшісі Марко да Молин дожға Шығыспен сауда-саттықтың қазіргі күнде бұрынғыдай емес екенін, Ираннан өтетін сауда жолының қауіпті бола бастағанын айтып хат жазған.

Осымен байланысты Алтын Орда мен Жағатай ұлысында діни миссионерлік жұмысты қайтадан қолға алу туралы папа куриясы арнаулы шешім алған.

Бүл тұста Жетісу мен Шығыс Түркістан Мауараннахрдан бөлініп те қалған. Дегенмен бұлардың билеушісі Дурра-Темір Елшігетайға бағынатын. Мауараннахр Жағатай ұлысының кіндік мемлекетіне айналған. Томмазо Мангазоло Самарқант эпископы болып белгіленгеннен кейін, Елшігетай , ханның арқасында христиан діні Мауараннахрда бас дінге айналған. Мұсылман діні мықты қуғынға ұшырай бастаған. Бұл кездегі Алтын Орда шейхі атақты Сеид-Ата енді Елшігетайға қарсы шара қолданбақ болған. Бірақ Елшігетай хан дүние салып, Жағатай ұлысының тағына, өз ағасы Кебекті ұйықтап жатқан жерінде тұншықтырып өлтірген Тармаршин көтерілген. Бұ да өз бауырын өзі өлтіріп, артынан мұсылман дініне кіріп, халық алдында, құдай алдында күнәсіне кешірім сұраған Өзбек хан тәрізді, дереу мұсылман дініне кірген. Ағасын өлтіргенін мешіт те кешірген, соның белгісі етіп, бұған Алладин деп мұсылманша ат қойылған. Осы Алладин Елшігетайдай емес енді мұсылман дінінің өркендеуіне көп көңіл қойды. Мұсылман саудагерлерінің күні туды. Мауараннахр Батыс Азияның сауда саттығы күшейе түсті. Ал өзі Ауғанстан арқылы Үндістанға аттанды. Мемлекетінің шығыс жағына — Жетісу мен Шығыс Түркістанға тіпті көңіл бөлмеді. Өлерінің алдындағы төрт жылының ішінде Жағатай ұлысының бұл жақтағы бөлегіне бірде-бір рет бармады. Бұның бәрі Алладиннің монғол әдет ғұрпынан, шығыс жасысынан алыстап бара жатқанын көрсететін еді. Осындай жағдай Жетісу мен Шығыс Түркістандағы монғолдардың оған қарсы шығуына себеп болды. Ақырында Жетісу мен Шығыс Түркістанның билеушісі Дурра-Темірдің баласы Бозан Алладинға қарсы көтеріліс ұйымдастырды. Оны Мауараннахр жеріндегі монғолдар да қоштады. Алладин мұсылмандары ,өз ұлысының ең шетінде тұрған Газан қаласына қашуға мәжбүр болды. Бірақ оны жолай Балхы әміршісі Кебектің баласы Жаңғы ұстап алып, Бозанның Ордасына әкеп берді. Бозан сол күні Алладинді шауып өлтіріп, ертеңіне өзін Жағатай ханымын деп жариялады.

Бозан да мұсылман дініндегі хан еді, бірақ ол мінез-құлқында, ұстаған жолында Шыңғыс жасысын пір еткен, шын мағынасындағы монғол болатын. Бұ да аталары тәрізді, қатыгез, қанқұмар, көбіне тек өзінің ғана айтқанын дұрыс дейтін, өркөкірек ел билеуші боп шықты. Өзіме қарсы шығады-ау деген, не болмаса айтқанына көне қоймаған әмір, хан ұрпақтарының біразын бұда қырып салды. Әйтеуір, халықтың көз жасы жібермеді ме, ол ұзақ өмір сүрмеді, Ит, яғни 1334 жылы тасып жатқан Іле суына кетіп өлді. Сол жылы Тубаның Есуген атты баласынан туған немересі Жекенші Жағатай тағына отырды. Ол Жағатай ұлысының Ордасын Алмалыққа көшірді.

Жекенші хан болмай тұрып қытайменен байланыста еді. Бұның да мұсылман дініне жаны қас боп шықты. Өзі Будда дінінде болғанменен, христиан дінін қатты қолдады. Сөйтіп Алмалық Жекенші хан тұсында бүкіл Орта Әзияның католиктер дінін үгіттейтін кіндігіне айналды. Міне осы Алмалықта Ұлу, яғни 1340 жылы болған Базиньян епископы Джовани Мариньолли өзінің хроникасында: «Біз содан кейін империяның орталығы Алмалыққа келдік. Жер сатып алып, құдық қазып, шіркеу салдық. Бізден бір жыл бұрын Иисус Христос үшін осы арада азаппенен жан берген бір епископ пен оның алты серігіне арнап ашықтан-ашық, ешкімнен жасқанбай, месса өткіздік» — деп жазған. Алмалық католик эмиссионерлерінің кіндігіне айналғанмен, мұсылман шейхтері де бос жатпаған. Өйткені бұл кездегі христиан мен ісләм діндерінің таластары, құр ғана діни талас емес, ақыл-ой, саяси мақсат таласы еді. Бірін-бірі аямайтын. Сондықтан епископ Ричард пен оның құдай үмбеті саналған алты серіктері, мұсылман шейхтерінің азғыруымен Мұхаммед пайғамбарының дінін мықты ұстаған жұрттың қолынан өлген. Дегенмен, Жекенші ханның арқасында Алмалықта католик эмиссионерлері бел алған. Мұнда Қытайға бара жатқан архиепископ Николай тоқтаған Хан оған үлкен құрмет көрсеткен. Мұнда басқа да папа эмиссионерлері болған. Александриядан Франциско Раймонд Руф және Лаврентий келген. Бұлар Жекенші ханды сырқатынан жазған. Сол үшін ханның жас баласын шоқындырып, атын Иоан қоюға рұқсат алған.

Алмалықта діни талас қандай күшті болса, хан тағына деген таласта одан кем емес еді. Жоғарыда айтқандай, Үгедей мен Жағатай ұрпақтары бірін-бірі өлтіріп, Жағатай, ұлысынан мүлдем береке кеткен. Бұл қырғынның бар ауыртпалығы халыққа түскен. Қай дінге, қай ханға бағынарын білмей, Мауараннахр, Жетісу, Шығыс Түркістан елдері талан-таражға түскен. Тек бұл сойқандардың аяғы Жағатай ұлысының билігі атақты Ақсақ Темірге көшкенде ғана біткен. Бірақ бұл көп кейінірек болған. Бұл тұста Ақсақ Темір дүниеге жаңа ғана келген. Ал атақты жиһангер келіп, билікті алып, дүниені қызыл қанға малғанынша, оған дейін Жағатай ұлысында баққұмарлық, діни таластардың сан түрлі қанды қырғындары жан түршіктірер уақиғалары болып жатты. Бірін-бірі өлтірген фандар, бірін-бірі аңдыған сұмпайы-сұмырай бекзадалар.

Соның бәріне де шыдаған сорлы халық!...

Жоқ, халықтың да шыдамаған кезі болған. Тулағанда күдеріден таққан тізгінін үзіп кеткен жылқыдай, астан-кестен бұлқынған шақтары көп кездескен.

Ондайда төскейде орда тіккен хан да, тереңнен толғай сөйлеген би де, үлдір-күлдір кісінеген тұлпар мінген батыр да бұларға ештеңе істей алмайтын. Ал күштілер мұндайда оларды ебін тауып, сауырынан сипап жуасытатын, не ақкөз қанішер жендеттерін төгіп, қан-жоса етіп қыратын. Бірақ халық бұдан қорықпайтын. Жалынды жүректерінде қандары қайнап, өлімге бас байлай жалғыз жаңқасы қалғанша алысып бағатын.

Міне осындай қиянатшыларына қарсы ту байлап, құлдар боп көтерілген үлкен ереуіл, Хорезмде Доңыз, яғни 1335 жылы болған.

Хорезм? Хорезм Мауараннахрдай емес, бұл кезде қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған, тыныш жатқан ел саналған. Бірақ бұндағы тыныштық та Құтлық Темірдің әскерінің күшіменен орнатылған тыныштық еді. Ал бұқара арасы, қақпағымен үстінен тұншықтыра жабылған қазан тәрізді болатын. Іші бұрқ-сарқ қайнап жатқан. Дүниенің басы сайран, асты ойран дегендей...

Хорезм құлдар саудасының кіндігі саналатын. Көне Өргеніштің кең алаңында орыстың сары сақалды есірейлері де, Қыпшақтың қара сақал құлдары да, Мауараннахрдың ала тақиялы диқандары да, түрікменнің сеңсең бөрікті аламандары да, түрлі жадағайлармен саудагерлердің қолдарына түсіп, осы арадан құл болып сатылып, Қытай, Мысыр, Үнді, Ауғанстан, Алжир, Сарай Румдарға әкетілетін.

Сол Доңыз жылы Хорезм базарында сатылуға әкелінген құлдар орасан көп болды. Мысыр, Иран, Румдардан, бүліншілік кезеңнің қырсығынан алушылар келмеді. Ал Қытай, Үнді, Сарай саудагерлері таңдап тек жас жігіттер мен сұлу әйелдерді ғана алды. Өтпеген адамдарын Мауараннахр, Қорасан саудагерлері баптай ұстауды артық шығын көріп, тамақ-асын, киер киімін бұрынғыларынан да кеміте түсті. Басыбайлы құлдыққа іліккен зергер, ұста, диқан есірей жауынгерлер аш-жалаңаштықтан, айдалада қалып қураған сүйектей, енді құп-қу болып семе бастады.

Алды көтерем мал тәрізді, орындарынан тура алмастай күйте жетті.

Хорезм базарында мұндай өтпеген құлдардың саны он мыңға жақындап қалды.

Міне, осы кезде көне Өргеніштегі құлдар базарында ала шапанды, ашық кеудесі түкті, жүнді қыпшақтан гөрі фарсыға ұқсас, көкшіл көз, ұзын бойлы, көк сәлделі, қараторы үлем пайда болды.

Бұл баяғы жас бала Ақберен еді.

Шешесі Құндыз сол Бұхарға келген жылы көтеріліске қатысып, айқаста хан жауынгерінің қылышынан қаза тапқан.

Аман қалған Тамдам, бұқара көтерілісі қан-жоса боп бітер шағында, сегіз жасар Ақберенді алып Бағдатқа қашқан.

Бағдатта Тамдам жасырын атпенен бір медреседе араб балаларын оқытқан. Өз ұлым деп Ақберенді де солармен бірге ұстаған. Хат танытып, одан да әрі оқытып, үлем дәрежесіне жеткізген.

Қартайып, өзі бір күні дүние салған.

Өлер алдында ол Ақберенге:

— Ит тойған жеріне, адам туған жеріне, мен өлген соң еліңе қайт,— деген.— Сен қазір көзің ашық азаматсың, Бағдат жерінен гөрі, Қыпшақ даласына керексің.

Содан бері үш жыл өткен. Ақбереннің, міне, өз елінің шетіне келіп тұрған беті.

Туып өскен даласы мұны туған анасындай емес, өгей шешесіндей қабағын қарс жауып қарсы алды.

Ол баяғы сұр даланы, сорлаған халқын көрді.

Хорезм базарын аралады.

Өліп жатқан, өлмегені тірі аруаққа айналған құлдарға жаны ашыды. Бірақ қолдан келер дәрмені жоқ, іш қазандай қайнады.

Ақберен Құтлық Темір әмірдің сарайына келді.

Адам жаны түршігер қанды оқиғалар үлемнің осы әмір сарайына келуінен басталды.

Құтлық Темір әмір «кірсін» дегеннен кейін еңсесі зәулім боз орданың оюлап тастаған киіз есігін ашып Ақберен бас ие кірді. Мұнда да сырттағыдай оң жақ босағада жалаң айбалтасын жерге сүйей, темір торлы, дулығалы күзетші тұр екен. Үлем оң жақ босағадан сәл жоғарырақ төселген, қылшық жүнді қара бұлан терісінің үстіне барып тізе бүкті.

Биік боз орданың шаңырағын ұстап тұрған бақанға, білектей-білектей жыландар өрмелеп бара жатқандай, бұралта-бұралта күміс желі жүргізілген. Төрде, қып-қызыл шоқ тәрізді түкті кілем үстінде, кіреуке тон киген әмір, ақ мамық жастықты шынтағының астына сап жантая жатыр. Бұл қара сұр, ұзын мұртты, денелі кісі еді. Алпыстардан асып кеткен. Түсі суық, көзінде бір ызғар бар... Тегі, сәндене жиналған қымбатты дүние-мүлікке қарамай, орда іші бір түрлі ызғарлы, сұсты... Бұл,— сонау төрде жатқан кісінің ызбарлы өңінен бе әлде әмір сарайының халық арасында тараған суық лақабынан ба, белгісіз... Әйтеуір боз ордаға енген адам, ыстық күні мұп-мұздай тас үйдің ішіне кіргендей, өн бойы кенет тоңазып, шіміркеніп кетеді... Құтлық Темір қыс Үргеніш шаһарындағы сарайында тұрып, ал жаз келе өзге монғол бекзадаларындай, жайлауға шығып, үй тіккізіп, шалғынына бие байлатып, көшпелі ел салтын ұстайтын. Кей жылдары жайлауға, көк орай қалың шөпті, шалқар көлді, мөлдір бұлақты Тянь-Шань тауларының бөктеріне дейін баратын. Ал биыл сырқаттығынан ба, әлде көңілі, әлде неден күпті болды ма, жаз шыға-ақ Өргеніштің бүйіріндегі бір қалың тоғайлы, таусыла аққан өзенсымағы бар көгалды ойпатқа қона салған.

Ақбереннің келіп отырғаны осы әмір ордасы. Бұл бар болғаны он шақты ақ боз киіз үй. Әмірдің қатын-балалары, нөкерлері, ақылшылары. Бірақ жан-жағы салт атты әскерменен қоршалған.

Үлем «Бағдаттан келдім» дегеннен кейін ғана әмір ордасына кіргізген.

Құтлық Темірдің бүгін қабағы қатыңқы, реңі солғын еді. Көптен бері ауырып жүрген бауыры солқылдап, түні бойы көз іліктірмей шыққан. Мұндайда орамалға орап бауырына басатын ыстық таба нан да, қайнатып ішетін емен қабығының шырын суы да, бүгін жанына батқан сырқатын жеңілдетпеген. Сол себептен нөкерінің біреуі «ордаға кіруге бір үлем сұранып тұр» дегенде, әмір, әлденеге оны қабылдағысы да келмеген, бірақ «Бағдаттан екен» деген соң «о жақтан неғып қаңғып жүрген үлем?» деп «кірсін» деген.

Боз ордада өзінен бөтен тағы екі кісі бар еді. Біреуі — Қырымға жүргелі тұрған керуендер басыбай саудагер Жақып, екіншісі — өзінің былтыр ғана алған жас тоқалы Сақып-Жамал.

Жақып мұсылман екенін білдіріп Құтлық Темірдің аяқ жағында, шәйі көрпенің үстінде малдасын құрып алып, бармақтай-бармақтай қара маржаннан тізілген тәспісін ақырындай қағып, төмен қарап отыр. Анда-санда «иә, ғақ тағала!» деп қояды.

Ақберен Ордаға кірген кезде, Жақып қырағы көзін бір аударып, үлемнің түр-келбетін, киген киімін бір шолып өтті де, «ассалаумағалейкум» деп берген сәлемін «әлекім ассалам» деп бетін бір сипап, қайтадан төмен қарап, тәспілерін сыртылдата жөнелді.

Одан кейін ол үндеген жоқ.

Ал Сақып-Жамал сол жақта босағаға таяу төселген оюлы ақ киіз сырмақтың үстінде күміс ожаумен, сырлы шарадағы уыздай қою сары қымызды сапырып отырған. Бұл ат жақты, қыр мұрынды, жұқа қабақты, қызыл шырайлы қара торы келіншек. Басында меруерт, маржан зерлеген қызыл барқыт сәукеле. Сондай оқалы қызыл қамзол, төгілдіре тіккен ақ жібек қос етек көйлек. Көк нәлімен оюлатқан қызыл былғары мәсі, күміспенен әшекейленген, сол мәсісі тәрізді күміспен безендірілген қызыл былғарыдан тігілген оймақтай әдемі кебіс. Сақып-Жамал қымызды бір тізерлеп сапырып отыр. Тұлымшағына қақталған күміс шолпы тағылған, білеудей етіп өрілген ұзын шашы төгіліп жерге түсіп жатыр. Сәукелесі тәрізді қызыл барқытқа сан түрлі өрнектеп тіккен шытырман меруертті, асыл тасты алқасы, әр бұрылғанында жарқ ете қалады. Саусақтарымен білектері асыл тас орнатқан, сарай шеберлері бар өнерлерін аямай соққан алтын жүзіктер мен білезіктерден көрінбейді... Көктемнің қырмызы гүліндей құлпырып отырған келіншек көздің жауын алады.

Ақберен үйге кіргенде бұ да оған көзінің астыменен сызылып бір қарады. «Амансыз ба?» деп піскен бүлдіргендей бұртиған қып-қызыл дәнді еріндерін ақырын жыбыр еткізді. Бірақ бұл Жақыптай емес, бұдан кейін де ерінен ұрлана, үлемге тағы екі үш рет көз тастады. Ол қараған сайын, сонау жаудыраған бота көздерінде бір сәулелі сезім пайда болғандай... Бір сәт жігітпен екеуінің көздері кездесіп қалды. Содан кейін «сенің отты көзіңнен ішіме түскен шоқтың осы қызуы да жетер» дегендей, келіншек өзінен-өзі әбігерлене түсіп, жігіттен жүзін мүлдем бұрып әкетті...

— Иә, сөйле, кімсің, қайдан жүрген үлемсің? — деді Құтлық Темір көк темірдей ызғарлы суық көзіменен тесіле қарап, ауырып жатқан бауыр тұсын қолымен ақырын сипап,— Бағдаттан қандай дауыл қуып бұ жаққа алып келді?

— Дауыл қуатын қаңбақ дейсіз бе? — деді Ақберен сәл езу тартып, даусын көтермей,— Қыпшақ даласы менің кір жуып, кіндік кескен жерім... Бағдат жаққа бала кезімде әкеткен екен саудагерлер, содан оралып тұрған бетім. Есімім Ақберен.

«Ақберен» деген атты естігенде Сақып-Жамал әлденеге басын көтеріп алды. Әлдене есіне түскендей жігіт бетіне ойлана қарады. Тоқалының қылығын көзі шалып қалған Құтлық Темір:

— Немене, танитын ба едің? — деді оған қабағын сәл шытып.

Сақып-Жамалға күйеуінің сөзі оқыс естілді. Әйтсе де, бойын тез жинады.

— Жоқ, Бағдаттан жаңа келіп тұрса, қайдан таниын,— деді наздана. Ақберен келіншектің даусына таң қалды. Аққу құстың сыңсығаны тәрізді бір түрлі әсем екен. Келіншек күйеуі көңіліне бірдемені секем алып қалмасын дегендей, сөзін жалғай түсті.— Жәй, әшейін...— деді сәл жымия. Үлем тағы таң қалды. Жымиғаны қандай әсем еді, күн көзі күлімдегендей! Күйеуінің көзінше жігітке көңілін тым бөліп тұрғанын түсінді ме Сақып-Жамал кенет томсара түсті.— Жай, әншейін...— деді тағы да.— Үлем адамға батырларға қойылатын атты, әке-шешесінің неге бергеніне таң болып ем... Ол әлденеге тағы жымиды.— Ақберен Әсем ат, батырлардың аты!

— Таң қалатын дымы да жоқ,— деді Құтлық Темір қинала езу тартып.— Сабалақ жүнді итіне Бөрібасар деп ат қоятын бұл қара халықтан не шықпайды? — деді ол өзімен өзі сөйлескендей әлдекімдерді кекетіп.— Ақберен деп ат қойса инеліктей арық бұл молда ақберен бола қалатынындай, қарай гөр, тапқан аттарын! — Тоқалының бұның атына көңіл қойғанына қызғанып қалған өмір — үлем сымбатты, сұлу жігіт болғаныменен, оны «инеліктей арық» деп әдейі айтып отыр. Сөйдеді де ол үлемге қайта бұрылды.— Алыстан арып-ашып келуіне қарағанда сірә мұнда ағайын-туысың болғаны ғой?..

— Әрине, ағайын-туысым бар. Және аз емес, көп.

— Олар кімдер?...

— Бүкіл Қыпшақ елі!...

Осы кезде ғана бағанадан бері тәспісін тартып, төмен қарап отырған Жақып басын көтерді. Жігіттің бетіне ойлана көз тастады. Бірдеме айтқалы оқталып келе жатты да, кенет қоя қойды. Қайтадан тәспісін сыртылдата жөнелді.

— Бүкіл Қыпшақ елі дейсің бе? Рас, аз емес екен! — деді Құтлық Темір жігітті кекете күліп, сөйдеді де дереу малдасын құрып отыра қалды. Ол төрде көлбей созылғанында боз орданың тең жартысын алып жатқан. Ақберен оның қандай зор денелі адам екенін енді көрді. Енді Жақып, оның қасында қара құстың жанындағы тұрымтайдай, ал Сақып-Жамал кішкентай көгершін тәрізді болды да қалды. Құтлық Темірдің Алтын Орданың бір діңгегі екенін сонау Бағдат, Шамдарда жүріп Ақберен де естіген, енді оның мынау оба тастай денесіне, өлген адамның бетіндей суық өңіне қарап, бұның Өзбек хандығының діңгегі ғана емес, халқының үстіне түсер күржісі екеніне де шек келтірмеді. Неге екенін өзі де білмеді, осынау алып қарақұстың қасындағы қорғансыз көгершіндей келіншекті ол үлде мен бүлдеге бөленіп, қып-қызыл қырмызы гүлдей боп сәндікке малынып отырса да, кенет аяп кетті.— Бүкіл ағайын-туысым дейсің бе?...— деді Құтлық Темір сырқатынан ба, әлде жігіт сөзі оған ауыр тиді ме, қабағын бұрынғысынан да түнертіп.— Сонда мен де сенің нағашың, әлде ағайының болғаным ғой. Ал мынау отырған саудагер Жақып та, мүмкін, сенің екі туып, бір қалғаның шығар?...

— О кісіні білмеймін,— деді Ақберен күлімсірей.— Ал сіз маған туыс емессіз, оны жақсы ұғамын... Қара қазаққа хан ұрпағы еш уақытта да ағайын-туыс болып көрген емес.

Құтлық Темір тұнжырай түсті.

— Солай де! — деді ол сәт үндемей қалып.— Жарайды, кімнің ағайын, кімнің жат екенін соңынан айырып алармыз. Ал енді келген шаруаңды айт!

Ол алдында тұрған күміс кесесін қолына алды. Сап-салқын сары қымыздан бірер жұтты.

Дәл осы кезде сырлы шарадағы қымызды күміс ожауымен сапырып-сапырып жіберді де, алдындағы күміс кесеге құйып, Сақып-Жамал жігітке ұсынды.

— Мінекейіңіз...

Келіншек бұл жолы ұзын кірпікті жаудыр көзін жігітке көтерген жоқ.

— Сізге келген екі шаруам бар еді,— деді Ақберен сап-салқын уыздай қымыздан бір жұтып.— Бірі, Өргеніште, не Хорезмнің бөтен бір үлкен шаһарында медресе ашып, қыпшақ елінің балаларын оқытсам ба деп едім.

— Ал екіншісі не?— деді Құтлық Темір қолындағы күміс кеседегі қымызды ақырын шайқап.

— Екіншісі...— Ақберен ойлана сөйледі.— Кеше Өргеніштегі құлдар базарында болып едім. Көргенімнен көкірегім қарс айырыла жаздады.

Құтлық Темір оның сөзін бөліп жіберді.

— Иә, сонша не боп қапты? — деді ол. Әмірдің даусы бұл жолы қаттырақ шықты.

— Одан артық не болсын дейсіз? — деді Ақберен Құтлық Темірдің бұның не дерін естімей жатып, ерін бауырына алып тулағалы тұрған асау жылқыдай елегізе қалғанына ренжіп.— Екі жылдан бері Өргеніш базарына он мыңға жуық сатуға құлдар әкелініпті. Бұрынғыдай емес, Иран, Мысыр, Бағдат, Шам, Румдардың адам сатып алатын саудагерлері бұл жаққа сирек жол шегетін тәрізді ғой... Құлдардың құны түскендей көрінеді. Қытай, Үнді, Ауған алып-сатарлары да тек таңдағандарын ғана алады екен. Ал өтпеген құлдарды иелері еліне алып қайтпақ түгіл, «шығынымды ақтамайды бұлар» деп киім-кешегін былай қойғанда тамаққа да жаратпайтынды шығарыпты. Содан барып аштықтан, жоқтықтан бұлардың арасында ауру көбейіпті. Көбі көтерем қойдай әзер жүреді... Егер әлдеқалай оба тәрізді бір кесел пайда болса, тегіс бір күнде қырылып қалатын түрлері бар. Бұлар да адам баласы ғой.

Құтлық Темір тағы Ақбереннің сөзін бөліп жіберді.

— Сонда маған не істе дейсің? — деді әмір бұрынғысынан жаман түнере,— қырып таста дейсің бе оларды?

— Неге? — деді Ақберен.— Бүйте берсеңіздер өздері де қырылып бітеді. Мен сізге құлдарға өліп қалмайтын жағдай туғызыңыздар деп келіп отырмын... Жаңа айттым ғой, олар да адам баласы деп...

— Құлдардың сөзін сөйлеуіңе қарағанда, өзің де солардан шыққансың-ау, сірә... Онда сен қалай басыңа көк сөлде салып тайраңдап жүрсің?.. Мүмкін сені де сол құлдардың қатарына апару керек бола ма тегі...

Мүмкін, бөтен уақытта үлеммен әмір былай сөйлеспес пе еді, қайтар еді. Ал бүгін бауыры құрғыр тым қатты ауырып, сіркесі су көтермей отырған. Оның үстіне әлі қызуы басылмаған жас тоқалы қаңғып жүрген бір үлемге әлгідей қызыға қарағаны, қызғаншақ әмірдің жарасының аузын ашып жібергендей болған. Ашуына тие қалған.

— Мен сізге ел билеп отырған әміріміз деп келіп отырмын,— деді Ақберен байсалды дауыспен,— өзгелерді де аяу керек қой. Базар да өтпейді екен, не оларды босаттырыңыз, не иелеріне өлмейтін жағдай тудыруларын бұйырыңыз. Әйтпесе...

— Не, әйтпесе?!.

— Құлдардың қырылып қалуы мүмкін.

— Көзіңнен көріп тұрмын, айтайын дегенің ол емес еді ғой. Бірақ батырға да жан керек деген.— Құтлық Темір кенет боп-боз бола қалды. Бауыры тым қатты ауырып кеткен тәрізді. Үн-түнсіз тыржиып сәл отырды. Сосын барып: — Алыс жолдан келген екенсің, бір жолға артық сөздеріңді кештім. Ал бұдан былай қарай, тағы құлдар тәрізді біреудің басыбайлы мүлкіне араша түсетін болсаң, маған өкпелеме? Ал өтінішке жауап: құлдарды қалай бағып-қағады — ол иелерінің шаруасы. Олардың өзінің меншіктеріндегі құл-күндерін өртеп жіберем десе де мейілдері. Ал енді бар. Мұндай тілекпен, үлем болсаң да, екінші мәртебе көзіме көрінбе! Көрінеді екенсің, өкпелеме.

Құтлық Темірдің осындай тым қатал әмірші екенін Ақберен бұрын да естіген. Бірақ мұндай әділетсіз деп ойламаған. Енді онымен салғыласудың өзіне қауіпті екенін түсініп, ләм-мим демей орнынан түрегелді.

— Тоқта,— деді әмір.— Алғашқы өтінішіңе неге жауап сұрамайсың? Жарайды, сұрамасаң да өзім айтайын, сен тәрізді құлдар қамын ойлағыш адамға балалар берілмейді. Қыпшақ балалары қасқыр тәрізді рақымсыз, қатыгез болып өсуге тиісті. Сөйтсе ғана өзге елдерді жаулап алатын жауынгер бола алады. Ал оқу, ілім, тәрбие оларды тек жұмсартады. Түсіндің бе? Қазіргі заман тек қасқырлар тәрізді, ешкімді аяуды білмейтін күштілердің дүниесі... Ал құл-күндерге жандары ашығыштар кілең боз өкпе, бос белбеу жандар. Бұл сендерсіңдер! Ал сендерге мектеп ашып берсең, өздеріндей кілең боз өкпелерді тәрбиелеп шығарасыңдар! Бізге ондайлардың тіпті керегі жоқ. Бізге біле-білсең, өзін де, өзгені де аямайтын жан алғыштар тиімді. Сондықтан саған медресе ашып, балаларды оқытуға рұқсат жоқ! Ал енді кет!

Ақберен басын иді де сұп-сұр боп үйден шығып кетті. Әмірші ауыл-ордасынан шығарып жіберген Ақберен, Өргенішке қарай, үн-түнсіз жаяу аяңдап келе жатыр. Бағана, Құтлық Темірдің сөзінен, ашу-ыза керней, көзі қарауыта боз ордадан әзер шыққан.

Дегенмен әрі-беріден кейін енді не істеу керек, соны ойлай бастады. Әрине, қанша ойласа да ол, сол бәз-баяғы, сонау әлімсақтан бері келе жатқан «әлің жетсе теңдікті күштілерден тартып алу керек, ал әлің жетпесе — бұндай өмір сүргеннен гөрі — өлу керек» деген жалғыз жолдан бөтен ештеңе таба алмады. Ол енді осы шешімге тоқтады. Бүгіннен бастап аянбай күреске шықпақ болды. Әрине, мұндай болып хан-бекзада, жұртты құлдыққа сататын мықтыларға қарсы шығатын күресті көшпенділер жерінен емес, тұрғын халықтың шаһарларынан бастаған жөн. Ұшы-қиыры жоқ cap далада, қос-қос боп мал бағып жүрген қойшы, жылқышының басын қосудан гөрі, әр шеберхана, қархана, ханакаларында жүздеген жұмысшы құлдары бар қала тұрғындарының бастарын қосу, мықтыларға қарсы көтеру көп жеңіл. Хорезм құлдарының көтерілісінен ұшқынданып, қан майдан әрі қарай Мауараннахр жерлеріндегі шаһарларына жетіп лаулаған өртке айналуы мүмкін. Ал ол өрт, содан кейін бері қарай, қайтадан Хорезм қалаларын алу керек. Бірақ мұндай өртті қою Ақбереннің қолынан келер ме екен? Келеді, келеді! Өйткені жіп қашан да болса жіңішке жерінен үзіледі. Ал мықтылардың қазіргі жіңішке жері мынау Хорезмдегі құлдар базары. Сонау таққа, баққа таласқан Шыңғыс ұрпақтарының әлегі мен қиянаты. Олардың жаугершілік қырсықтарынан астаң-кестеңі шығып жатқан Мауараннахр шаһарлары. Бұл мадиналардың халқы қазір, қурап тұрған қамыс тәрізді, шырпының оты жарқ ете қалса, лап ете түсуге дайын.

Ақберен Хорезм базарына тезірек жетіп, сондағы құлдардың бас көтерер адамдармен кездеспек. Құтлық Темірдің құлдарға жәрдем беруден бас тартқанын айтып, жұртты көтеріліске дайындаудың керегін сөйлеспек.

Бағана боз ордадан шыққанда, осында бекер келдім-ау деп жаман ренжіген. Енді барғанына іштей қуанып қалғандай. Өйткені оның көз алдына сол боз ордадағы періште тәрізді мүбәрәк жүзді жас келіншек елестей берді. Япырмау, қайда көрдім осы бір құралайдың көзіндей пәк сезімді, жаудыраған көзді?.. Жоқ, көрген, көрген! Көрмесе, бағана осы бір келіншек жалт етіп бір қарағанда, өзіңе таныс бұрынғы бір тәтті сезім қайта оралғандай, жүрегі құрғыр неге кенет ойнап жүре берді? Танымайтын кездейсоқ жанның бір қарағанынан адамда ондай сезім тууы мүмкін бе? Жоқ, мұндай жоғалғаның табылғандай, қуаныш кенет тумаса керек-ті... Бірақ қайда көрді? Бұл кімнің көзі? Әлде анасының көзі ме? Жоқ, жоқ, оның көзінде бағанағы кездей шаттық, әлденеден кенет мас болғандай алып-ұшқан қуаныш емес, үнемі мейірбандық, бітпес аналық махаббат сәулесі тұратын... Япырмай, ақыл-ойың да ұмытылған, бірақ жүрегіңнен кетпеген бұл кімнің көзі болды? Әлде?

«Дегенмен сол, сол қыздың көзі! — деді ол кенет қуана айқайлап жіберіп.— Бәсе! Бәсе! Тек дүниеде Сақып-Жамал ғана бұған осылай қарайтын тәрізді еді ғой. Ал мен де тек анам мен сол тұлымы шолтиған жеті жасар қыздың көзін ғана ұмыта қоймасам керекті еді. Иә. Иә, жаңағы жібек пен алтынға малынған сұлу әйел, сол, сол Сақып-Жамал!»

Иә, бұл оқиға осыдан жиырма жыл бұрын болған. Мауараннахрдағы көтеріліс қан-жоса етіп басылған. Осы айқаста Құндыз жау қолынан қаза тапқан. Тамдам жетім қалған он екі жасар Ақберенді алып, бір керуенге еріп Бағдатқа қашқан. Керуен жолай Сейхүндарияның аяқ шеніндегі бір ауылға тоқтаған. Осы ауылдың құрметті адамы ел ағасы, жақсы жігітінің жеті жасар қызын жылан шағып қал үстінде жатыр екен. Әлгі жігіт керуеншілерден жәрдем сұрап келген. Жігітті Тамдам тани кеткен. Бір кезде Бұхарада болған бір көтеріліске екеуі де бірдей қатысқан екен. Қатар тұрып хан әскеріне садақ атқан боп шыққан. Тамдам Ақберенді ертіп осы ел ағасы кісінің үйіне келген. Құмды жердің кесірткеден сәл үлкендеу өте улы сұр жыланның шаққанын қалай емдеу керек екенін Тамдам біледі екен, үш күн емдеп қыз баланы ажалдан алып қалған. Керуен бұл кезде жүріп кеткен. Өз көлігімен көшке соңынан жеткізбек боп әлгі кісі Тамдамды тағы үш күн қонағы етіп алып қалған. Міне осы үш күнде төсектен тұрып кете қоймаған қыз баланың Ақберен жанында болып, онымен қақпақыл ойнап, ертек айтып, ағалы-қарындастай достасып үлгірген. Екі баланың мұндай үйлесе қалғанына мәз болған және көтеріліске бірге қатысқан жолдасының істеген жақсылығына әбден көңілі толған жігіт Ақберен Тамдамның туған баласы екен деп, қыз ер жеткенде оған қоспақ болып уәделескен. Бұған Тамдам да өте ризалық білдірген. Өзін Ақберенге айттырғанын естіп Сақып-Жамал қырдың қырмызы гүліндей қып-қызыл боп ұялған. Сөйтсе де жанында отырған Ақберенге осы бір бота көзіменен жаудырай қараған. Ақберен оның көзінен өмірінде ұмытпас, жас баланың пәк сезімін аңғартатын бір орасан қуаныш көрген. Міне, сондағы жаудыр көзді жиырма жыл өткен соң бүгін кездестірді. Сондағы жарқ ете қалған қуанышты тағы таныды. Әйелдің өзі таныған жоқ, ал сол бір күнәсіз аяулы көз қарасты таныды.

Ақберен осындай ой үстінде келе жатып, Өргенішке жеткенін аңғармаған екен, қала шетіне кіре бере кенет тоқтай қалды. Ол енді құлдар сарайына қарай бұрылды.

Бұл кезде күн де батуға айналған еді. Ақберен сол күні түнде құлдардың бас көтерер үш-төрт жігіттері менен жасырын, оңашада кездесті.

Атан өгіздің қасындағы жас бұзаудай, күйеуі Құтлық Темірмен бір төсекте жатқан Сақып-Жамал таң сарғайып атқанша көзін іліктіре алмады. Ал Құтлық Темірдің өзі де тіпті таң білінгенше ұйқы көрген жоқ. Біреуінің бауыры солқылдап мазасы кетсе, екіншісінің жүрегі тыпыршып көзі ілікпеді.

Сақып-Жамал кішкентайында айттырған жігітін, әрине, баяғыда ұмытқан. Тек есінде Ақберен деген аты қалған. Қыз бола бастаған кезінде бір-екі рет оның түрін, мінезін есіне түсіріп көрмек болып еді, бірақ қандай бала, қай уақытта айттырып жүргенін де ойына келтіре алмады. Сосын оны тіпті ойлауды қойды. Ал бер жағында жаңа қыз болып келе жатқанында бір күні Хорезм әмірі, өзінің жеңіл жасақ қолын жіберіп, тал түсте Сақып-Жамалды атқа таңып ордасына әкелдірді. Бүкіл ауыл болып өмір жасағына «жетім қызға тимеңдер!» дей алмады. Бұның алдында Құтлық Темір осы ауылда болған. Дариядан үйеңке шелекпен су әкеле жатқан бой жетіп қалған, сылаңдаған Сақып-Жамалды көзі шалған Кәрі тарланның қырағы көзі бір қарағаннан-ақ қыздың жарылмаған жұмыртқа, қауызы әлі ашылмаған жауқазын гүл екенін білген. Қыз оған ұнаған, содан болуы керек, құда түсіп, қалындық төлеу түгіл, тіпті апта өтпей ордасына әкелуге жігіттерін жіберген. Әке-шешесі баяғы уәдесі бойынша Тамдамды күтіп қызын ешкімге бере қоймаған-ды. Ал сол жылы әке-шешесі бірдей обадан қайтыс болып, байтал түгіл бас қайғы дегендей, Сақып-Жамал жігіт таңдамақ түгіл, ауыр қайғыдан жаңа ғана есін жинап келе жатқанды. Міне, осындайда Құтлық Темір атты аспандағы қара бүркіт жердегі қызыл бала түлкі Сақып-Жамалды қақты да кетті. «Неге бүйтесің?» деуге тірі жанның жүрегі дауаламады.

Әрине, өзі теңдес құрбы-құрдастарымен ойын-күлкісі жарасқан, дүниенің бәріне тек жастық қуанышпен қарайтын Сақып-Жамал зорлап төсегіне салған, сақал-мұрты бетіне тікенектей қадалған, Құтлық Темірді иттің етінен де жек көрді. Ал Құтлық Темір енді мұны үлде мен бүлдеге орады. Сақып-Жамалдан бала көрмесе де, оны бір төбе, өзге алты әйелін бір төбе санады. Балаға ділгір емес әмірші тіпті осы жас тоқалының осылай қысыр бедеудей, үнемі жараулы жүргенін ұнатты. Оның осылай жас тоқал боп қасында жатқанын, әмір қалған жасындағы ең қызықты дүниесі санады...

Сөйтіп жүргендерінде Құтлық Темір алпыстан асты. Сақып-Жамал жиырма жетіге жетті.

Оның үстіне, екі-үш жылдан бері Құтлық Темір ауруға шалдықты.

Енді әмір ордасына келгелі бұлғаң жүріп, бала таппай, ер құшағына қанығып Сақып-Жамал әбден әйелдікке жеткен дер кезінде, сасай болған бұқадай кешегі құланның құлжасындай азынаған күйеуі, өзінен әлденені күтіп тыпыршыған жас тоқалына ештеңе дей алмады. Бір төсекте жатса да бөлек жатқандай болды екеуі.

Табиғи тілек ажырасып еді, енді олардың ойлары да ажырасты.

Екеуінің төсегі бір, бірақ көңілдері бөлек.

Құтлық Темір артында қалып бара жатқан Ордасын, балаларының қамын, мал-мүлкін ойлайды.

Ақ төсекте құмарта қысар байы, не құшағында қуана сүйер баласы жоқ, сары майдай толықсыған кербез әйел құнарсыз өтіп жатқан күндеріне өкінеді. Не істерін білмей, ақ мамық жастықты бауырына қысып, өксіп-өксіп жылайды.

Оған мынау қарамағындағы қалың мал, жазира дүние-мүлік, тіпті жоқ тәрізді, көңілін елең еткізбейді...

Бар өксігі, арманы өзі теңдес жар құшқан әйелдердей мен неге бақытты емеспін деу болды.

Бірақ Сақып-Жамал заты еркек екен деп көрінген құрбы-теңдесінің төсегі болудан алыс еді.

Бұндайға оны тәрбиесі де, дәрежесі де жібермеді.

Сақып-Жамал тек нәпсі құлы әйел емес еді, ол жүрегінің таңдауы, мөлдір бұлақтай таза тілегі бар әйел болатын.

Көрінгенді ұнатып, көрінгенге ұнағысы келмейтін.

Міне Сақып-Жамал осындай жағдайда жүргенде Ақберенді көрді.

Оған Ақберен деген есімнің иесі, сонау көк сәлделі, сымбатты қара торы кісі, жүрегінің күл-талқанын шығарар шын ақберендей сезілді...

Сақып-Жамал түні бойы кірпік қақпай шығуы осыдан еді.

Кішкентайымнан құдай қосқан, ата-анамыз атастырған қосағым еді, жазмыш жазбай айырылып едім, енді оған қайта қосылсам, алла тағала мұнымды күнә санамас деді.

Демек, бағанағы көк сәлделі кісі, сол бала жастағы Ақберені ме, әлде басқа Ақберен бе, бәрібір Сақып-Жамалға ұнап қалған.

Ұнаған көңілге, атастырған қосағым дегені жай әшейін тілге тиек сылтауы еді.

Кейде махаббат осылай да келетін.

Ал Сақып-Жамалға осы бүгінгі келген махаббат шын махаббаты көрінді.

Өйткені ол сүйсе сүйе алатын, күйсе күйе алатын әйел болатын.

Оның бірден құлап кетуі, табиғат тілегінен ғана туған жоқ, жүрек түбінде көптен бері шын махаббат аңсап жатқан арманынан туған.

Ал Сақып-Жамал бір сүйсем, шын сүйем деп ойлайтын. Көңілінің бірақ аумалы-төкпелі екенін білмейтін. Содан да болар бүгін жалынды жанын күндегісінен де бетер қайда қоярын білмей, төсегінде тыпырши берген.

Күнде мұндай қылық көрсетпейтін әйеліне бүгін бір пәленің келгенін Құтлық Темір де сезген.

Сақып-Жамал ертеңіне оңашада Әділшені шақырып алды. Әділше Өзбек ханның Құтлық Темірдің қарауына алдыртқан, алмай кеткен әйелі Бөбештің баласы еді. Сақып-Жамал мен Бөбеш бір рудың Қоңыраттың қыздары. Ауылдары бір жайлауға, бір қыстауға қатарласа көшіп жүрген. Оның үстіне Өзбек ханның тапсыруымен Құтлық Темір Бөбештің үйін өзінің ордасының жанына қондырған. Ал Сақып-Жамал Әділшені інім деп жақын тартады. Бір бүйрегі оған бұрып тұрады. Құтлық Темір ұмытып кетсе, Бөбештің үйін Сақып-Жамал ұмытпайды. Бұл үйдің жүдемеуі өзінің міндетіндей көреді. Әділшенің киетін киімі де, мінетін аты да Сақып-Жамалдың қолынан шығады. Бұнысына қарай Әділшенің де Сақып-Жамал десе шықпайтын жаны, қимайтын әні жоқ. Айтқанын екі істемейді. Туған шешесінен бірде-бір кем көрмейді.

Сақып-Жамал осы Әділшені оңаша шығарып алып:

— Қалқам, қазір сен де отау иесі болып қалдың, сыр сақтайтын жасқа жеттің,— деді. Әділше биыл он беске шыққан. Ол Сақып Жамалдың не айтқысы келгенін әзірге түсінбесе де, басын изей, бар ынтасын сала тыңдады.— Сенен бөтен бұл қуарған қу ордада сенерім жоқ,— деді Сақып-Жамал айдалада тұрса да қайтадан сыбырлай сөйлеп. — Тек өзіңе ғана бір өтініш істегелі тұрмын.

— Айтыңыз,— деді бала жігіт.— Не айтсаңыз да орындаймын.

Әйел демін әзер-әзер алып қысыла сөйледі.

— Кеше біздің Ордаға келген көк сәлделі кісіні көрдің ғой? — деді ол.

— Иә, көрдім. Оны әнеугүні Өргеніш базарында да көргем. Алыстан келген қожа көрінеді.

— Ертең қалаға барасыңдар,— деді Сақып-Жамал.— Сол кісіні қайтсең де тауып алып менің мына хатымды бер... Мүмкін оны тағы базар да кездестірерсің... Бірақ менің хат бергенімді тірі жан білмесін... Көзіңнің қарашығындай сақтай гөр...

— Жарайды, aпa,— деді бала жігіт,— тірі жан білмейді... Тек өзіне ғана берем... Егер таба алсам...

Ертеңіне Орда қызметшілері үй шаруасыменен Өргеніш базарына барды.

Сақып-Жамал әкесінің барында, кішкентай кезінде мұсылманша оқыған, әжептәуір хат таниды. Ақберенге жолығар бөтен лажы болмаған соң, амалсыз сәлемдеме жолдаған. Әділше базарға келгеннен кейін, «етігіме ұлтан алатын едім» деп серіктерінен бөлініп кетіп, көк сәлделі кісіні іздеген. Бұның бағына қарай, бір шеберхананың алдында іздеген адамы бетпе-бет кездесе қалған.

— Ассалаумағалайком,— деген Әділше. Ақберен «уағалейкум ассалам» дегенше алақанында жұмулы кішкентай қағазды көк сөлделінің қолына ұстата берген.

— Тоқтай тұр,— деген көк сәлделі қағазды алып жатып, баланы кетіп қалмасын деп. Ол дереу қағазға көз жүгіртіп оқып шыққан. Хатта «Кішкентайымда атастырған Ақберен деген бала болып еді. Сіз кімсіз?» деген екі-ақ сөз бар екен. Хат жазған адамның есімі де жоқ. Бірақ хат кімнен екенін Ақберен бірден ұқты.

Жүрегі шапқан аттай лепіре түсіп, қуанып қалды. Қолы сәл дірілдей қағаздың шетіне «Солмын» деген жалғыз ауыз сөз жазып, хатты баланың өзіне қайтарып берді.

— Осы қағазды жазған адамның өзіне ғана тапсыр,— деді балаға сене қарай.

— Жақсы, аға,— деді Әділше. Ол асыға басып базар шетіндегі өрік, мейіз дүкенінің жанында қалған серіктеріне қарай жөнелді.

— Ұлтаның қайда? — деді жігіттердің біреуі, қара сұр келген дембелшелеуі.

Әділше сасып қалды.

— Жақсысын таба алмадым,— деді Әділше бөтен сылтау таба алмай.

Қара сұр сезіктене қарады.

— Осыншама базардан ба?

— Иә, осыншама базардан! — деді бала кенет шарт етіп. Сөйдеді да бұрылып кетті.

Хатты келген соң оңашада Сақып-Жамалға қайтарып берді. Шетіндегі жазуын көріп, ол екі беті ду ете қызарып, сәл мезгіл үн-түнсіз тұрып қалды. Әлденеге қуанған болуы керек, кенет ол Әділшенің екі бетінен кезек-кезек сүйді.

— Айналайын, жалғыз бауырым,— деді.

Әділше енді жігіттерге еріп Өргеніш базарына жиі баратын болды. Әр барған сайын Сақып-Жамалдан хат апарып, Ақбереннен оған жауап әкеледі. Осылай екі ғашықтың арасында бір-біріне деген жақсы тілек, сенім махаббат хат арқылы күшейе түсті. Талай ой балқытқан, қиял тербеткен бір-біріне жалынды сөздер, арманға бергісіз тілектер жазылды. Лаулай тұтанған сезімдер осы хаттар арқылы қызуына шыдатпайтын өртке айналып, енді бір-біріне жолықпаса тұра алмайтын күйге жетті. Ақырында бұлар Өргеніштің бір бұрышындағы жер кепеде кездесті.

Ал қара сұр жігіт алғашқы күннен кейін Әділшеге екінші рет еш сұрақ берген жоқ.. Тіпті ештеңе сезбеген адам тәрізді. Бірақ осы Әділше арқылы көк сәлделінің ордадағы бір адаммен байланысы барын алғашқы кездерде-ақ сезген. Соңынан аңдып жүріп, ордаға келгеннен кейін жасөспірімнің Сақып-Жамалға жолығатынын ал базарға барса көк сәлделі кісіге кездесетінін біліп қалған. Бірақ бұның аяғы немен тынар екен деп ешкімге ештеңе айтпаған. Әсіресе өзінің тікелей қожасы Құтлық Темірге де көрген білгенін естіртпеген. Аяғын күткен.

Қара көлеңке үйде, ақ төсектің үстінде қолаң шашын жайып жіберіп, ақ көйлегімен шалқасынан жатқан Сақып-Жамал жанында отырған Ақберенге ағарып атып келе жатқан таң тәрізді көрінді.

Ақберен еңкейіп, қозғалмай жатқан арудың бетіне басын таяды.

Ару екі қолыменен Ақбереннің мойнынан құшақтап өзіне қарай тартты.

Екеуі ұзақ сүйісті. Сүйіскен сайын сусындары қанбай шөлдей түскендей, құшақтарын айырмай, тағы ұзақ сүйісті. Тағы сүйісті, тағы...

— Сенсіз, қалай осы уақытқа дейін өмір сүріп жүргенмін? — деді ару әлден уақытта.

— Ал мен ше? Мен саған кездескенше өз басымның емес, тек халықтың ғана бақытын ойлап келіп едім — деді Ақберен.— Адамның өз қуанышының да мұндай керемет екенін білген емеспін.

Иә, бұл күндеріміз екеуміздің де шын бақытты күндеріміз, тек соны сақтай алсақ жарады — деді ару наздана.

Неге сақтай алмаймыз? Құтлық Темір тағдырыңның әміршісі болғанменен, сенің жүрегіңе оның бұйрығы жүрмейді ғой... Маған сенің жүрегіңнің мендік болғаны жетеді... Қара басыма одан артық бақыт тілемеймін...

Ал мен де сенен тек соны ғана тілер едім. Бірақ сен жалғыз менікі ғана емессің ғой. Әттең, дүние-ай, тек мендік қана бола аласың ба?

— Ол мүмкін емес.

— Ал мен тек сенікі бола алар едім. Егер сен тілесең дәл бүгін сонау боз Орданы да, ен байлықты да, бүкіл Хорезмді басқарып отырған әмірді де, бәрін-бәрін тастап соңыңнан еріп кете берер едім.

— Оған сенемін.

— Ал сен неге өйте алмайсың. Менің бар тілегім, тек өз басыңның бостандығы ғана емес пе?

— Жоқ, менің бостандығым халқымның бостандығыменен байланысты. Халқымның бостандығы үшін менің әкем де, шешем де, тіпті асырап алған өгей шешем де, өгей әкем де өлген... Мен олардың ақ сүтін ақтамай, өзімді шын бақытты санай алмаймын.

— Жаңа ғана бақыттымын деп едің ғой?

— Иә. Ол тек өз басымның ғана бақыты.

— Жоқ, екеуміздің бақытымыз. Бізге сол да жетпей ме?... Жүр, қашайық бқл арадан. Кетейік екеуміз қол ұстасып, Құтлық Темір де, басқа да таба алмайтын алыс жаққа. Жолға керектің бәрі бар менде... Бүкіл өмірімізге де жетеді.

— Жоқ, мен бұл арадан кете алмаймын. Мені күтіп отырған мыңдаған құл менен күң, күнін көре алмай жүрген бейнетқор жұрт бар.

— Онда мен кеттім.

— Иә, бара ғой... Таң атып қалды.

Қара сұр жігіт Хорезм әмірінің Өргеніштегі сарайының алдындағы бау-бақшаның бір бұрышында тапжылмай отыр. «Қалай айырылып қалдым, дейді ол өзіне-өзі, Сақып-Жамал ханым дегенім сол бағанағы шығып кеткен еркек киімді жігіт болды ғой».

Сырқат Құтлық Темірден рұқсат алып, бір топ күзетшісімен Сақып-Жамал Өргеніштегі әмір сарайына түнеуге келген. Сылтауы әмір сарайында қалған дүние мүлкін, торқа ішік, құндыз тондарын құрт жеп бүлдірмес үшін күнге күйдіріп желге ұстап құлдарына шаң-тозаңын қақтырып, сілкітіп қайту болған.

Әмір іштей әлденеден сезіктенсе де, барма демеген.

Тек Сақып-Жамалға еріп баратын күзетші нөкерлерінің бастығы етіп әлгі қара сұр жігітін жіберген. «Бірдеме сезсең аяма, басын алу керек болса, хан қатыны деме, басын ал... Ал әлдеқалай біреу-біреуден сезіктене қалсаң — әкең болса да, ұстап өзіме әкел» деген.

Өргеніштегі әмір сарайы кісі жоқта да күзетте болатын. Бұлар келгеннен кейін қара сұр нөкер күзетшілерге «Менің ұлықсатымсыз әмір сарайына тірі жанды кіргізбеңдер, кіремін дегендерді ұстап өзіме алып келіндер» деген. Ол бұл бұйрықты күзетшілерге орда алдындағы бау-бақша ішінде айтқан. Бұл кезде сарайға Сақып-Жамал нөкер қыз келіншектерімен орналасып жатқан. Дәл осы арада үйден бір жас жігіт шығып, сыртқы дарбаза алдындағы күзетшіге бірдемені айтты, да әрі қарай өтіп кеткен. Қара сұр нөкер бұған бәлендей мән бермеген. «Бұрынғы күзетшілердің біреуі шығар» деген де қойған. Ал қазір сарайды қоршап күзетке тұратын қасындағы жігіттерге: «және сарайдан да менің рұқсатымсыз ешкімді шығармаңдар» деп бұйырған. Күзетшілердің біреуі «ханым қыдырам десе де сыртқа шығармайық па?» деп сұраған. Қара сұр оған: «қазір қараңғы түседі. Түнде ханым еш жаққа да бармауға тиіс. Ал алда-жалда қыдырам десе өзіме айтыңдар» деп жігіттерін таратқан.

Түн ортасы ауа өмір сарайының барлық шамдары сөнген. Ханым нөкерлері қыз-келіншектердің де дауыстары тынған. Сонда ғана, жұрттың бәрінің жатқанын білуге қара сұр сарай ішіне кірген. Ханым жататын жақтағы бөлмелерге баратын ішкі есіктің алдында тұрған күзетшіден «қалай, ханым да өз бөлмесіне кірді ме?» деп сұраған. Күзетші жігіт: «Жоқ, бағанағы кеткеннен әлі келген жоқ» деген. Қара сұр: «Бағанағы кеткенінен дегенің не? Өзің не айтып тұрсың?» деп едірейе қалған. «Келісіменен бозбалаша киініп, сыртқа шығып кеткенін өзіңіз де көріп едіңіз ғой. Ханым шығып бара жатқанда бәрің үлкен қақпаның бер жағындағы бау-бақшада тұрғансыздар. Ешқайсыларың да соңынан ермегеннен кейін, осылай келіскен екен деп ештеңе айтқан жоқпын!» деп күзетші жігіт асыға сөйледі.

Қара сұр құдайдың ұрғанын енді бір-ақ білді. Өзі қарап қалған қақпадан бағанағы шығып кеткен жігіт бұрынғы күзетшілердің бірі емес, ерекше киінген ханым екеніне енді шек келтірмеді.

Дереу жігіттерді жан-жаққа жұмсап ханымды іздетті. Бірақ ол табылмады. Ызаланған, әбден қалжыраған қара сұр нөкер, әйтеуір осы үйге бір соғарсың деп, енді өзі дарбаза алдында тұрды да алды. Күн шыға Сақып-Жамал келді.

— Іздемеген жеріміз жоқ, түніменен қайда болдыңыз? — деді қара сұр өзін-өзі ұстай алмай ашуға тұншығып.

— Онда сенің не шаруаң бар? — деді Сақып-Жамал қабағын түйіп.

Сыртынан күзеттіріп қойғанмен де, бұның әмірдің ерке қатыны екені есіне түсіп, қара сұр сасып қалды. Қатыннан айлакер тірі жан жоқ, әлі әмірді қалай дөңгелететінін кім білсін!

— Маған ақсақалдың өзі сізден көз айырма деп тапсырған,— деді ол бөтен сылтау дереу ойына келмей.— Ал сіз, ешқайсымызға айтпай түні бойы жоқ болдыңыз да кеттіңіз.

Құтлық Темірдің қатынынан сезіктене бастағанын, сондықтан әдейі андытып жібергенін енді Сақып-Жамал да білді. Әрине, барған соң мынау қара сұр әмірге бәрін айтады... Ал күйеуінің мінезі өзіне мәлім. Анығын білмей қоймайды. Жақсы көрген қатыным еді деп үндемей қалмайды. Айтпасаң, жон теріңнен қайыс алады. Намысқор. Қатыгез. Қатынын қанша жақсы көрсе де, көзіне шөп салдырып отыра алмайды.

Шешім өзінен-өзі келді.

— Қайда болғанымды оған өзім айтамын. Онда сенің шаруаң болмасын,— деді шытынап.— Бар! Аттарды дайындат! Қазір жүреміз.

— Құп! — деді қара сұр. Ол кілт бұрылып аттар тұрған қора жаққа қарай беттеді.

Ал Сақып-Жамал, қара сұрдың алыстай түскенін сәл күтіп тұрды да, анау ат қора жақтағы жігіттеріне таяған кезде, қайтадан қақпадан шықты да, жақын тұрған бір қисық-қисық көшеге кіріп жоқ болды.

Қашып кеткен Сақып-Жамалды күні бойы таба алмаған қара сұр, амал жоқ, жігіттерін, Сақып-Жамалдың нөкер қыз-келіншектерін ертіп, түнге қарай әмірдің орда-ауылына қайтып келді.

Болған оқиғаны бастан аяқ, ештеңесін жасырмай айтып берді. Бауыры ауырып әбден мазасы кетіп отырған Құтлық Темір оны үн-түнсіз тыңдап шықты да, тіл қатпай тағы ұзақ үндемей қалды.

Тек ауруы сәл басылған кезде ғана тіл қатты.

— Сөйтіп сен менің қатынымнан айырылып қана қалған жоқсың ғой, оны қайдан іздеуді де білмейсің, ә? — деді Құтлық Темір ашудан жарылып кете жаздап.

Қайтсем басымды аман алып қалам деп жанталасып отырған қара сұр:

— Сақып-Жамал ханымның қайда екенін білсе бір-ақ адам біледі,— деді ол әзер-әзер сөйлеп.

— Ол кім?

— Сіздің жақсы көретін бала жігітіңіз Әділше.

— Ол қайдан біледі?

Қара сұр көк сәлделі үлем мен әмір әйелінің арасында Әділшенің көптен бері байланыс жасап жүргенін айтты.

— Оны маған бұрын неге хабарламадың? — деді зекіп Құтлық Темір.

— Екеуінің байланысы неге апарып соғарын білейін деп едім... Сосын ғана сізге жеткізбек едім.

Құтлық Темір күп-күрең боп долдана қалды.

— Жеткізгеніңе болайын! Сендей жан ашырдың барынан жоғы! — әмір дереу алақанын шапалақтады. Үйге қылышын безеніп екі жігіт кіріп келді — әкетіңдер мынаны! — деді әмір оларға қара сұрды нұсқап.— Бес жүз шыбық дүре соғылсын!

Қара сұр жалына айқайлап жіберді.

— Ағатай!

— Әкетіндер! — деді Құтлық Темір бетінен түгі шығып,— «қақпаны сала алмаған бірдемесін қалдырады» деген осы. Күзете алмайды екенсің — жазасын тарт!

Екі жігіт қара сұрды сүйрей жөнелді. Сол күні Сақып-Жамал мен көк сәлделі үлемді ұстап әкеліңдер деп Құтлық Темір Өргенішке бірнеше жасақ жіберді. Бірақ олар ештеңе таба алмай қайтты.

Қара сұрды әкетісімен ордаға Әділше шақырылған. Ол «ештеңе көрген жоқпын, білген жоқпын» деп қасарып тұрып алды. Әбден ызаланған долы мінезді Құтлық Темір «қайтсем де айтқызамын» деп жалғыз анасы Бөбештің зар еңіреп жалынғанына қарамай, он бес жасар Әділшені суы тістен өтетін мұп-мұздай құдыққа жалаңаш түсіріп, көк сәлделі үлем мен менің қатынымның қандай байланыстары болды және оларды қай жерден табу керек екенін айтқанынша шығармаймын» деді. Бала сонда да жұмған ауызын ашпады. Дегенмен Әділшенің Өзбек ханның баласы екенін ұмытпаған Құтлық Темір, қараңғы түсе құдықтан шығартып алдырды. Бірақ мұздай суда тұрып, екі өкпесінен бірдей суық ұстаған Әділше, үйіне әкелінгеннен кейін түні бойы бар денесі оттай қызып, дем ала алмай жатты да, бірден дүние салды.

Ал Ақберен мен Сақып-Жамал сол кеткендерінен мүлдем жоқ болды. Баласының көз алдында Құтлық Темір әмір қиянатынан өлгенін көрген Бөбеш, сол күні ақылынан адасып жынды боп кетті.

Құтлық Темір жынданған әйелді арқанмен қазыққа байлап қойғызып, Әділшені хан ұлындай үлкен құрметпен жерледі. Баланың өз ажалынан емес, зорлықпен өлгенін білген Ақберен өзі қауіпте жүрсе де, осы тұста тыңдаған адам жылайтын «Сұңқар өлімі» деген дастан шығарды.

Құтлық Темірдің жауыздығын жасөспірімді аямаған күштілердің сұмдығын, дінге қарсы, құдайға қарсы ойларын ашып айтқан бұл дастан халықты күреске шақырды. Жұрттың көкейкесті тілегін қозғады. Сондықтан бұл дастанды халық тез жаттап алған, бірінен бірі естіп, өткір сөздерін күрес ұранына айналдырған.

Ал Жақып керуенші дастанды жатқа біле тұрып, оны Өзбек ханға айтып беруге, Құтлық Темірдің, ханның қаһарынан қорқып, тек бас жағын ғана естірткен. Көшіріп бергеннен кейін не болса да өзі оқысын, баласының қалай өлгенін түсінсе, Құтлық Темірге не дейді өзі білсін деп, Әділшенің өлімінен бейхабар адам боп көрінген де қойған.

Үргеніштегі құлдар көтерілісі, сатыр-сұтыр найзағай ойнап күн күркірегендей кенет басталды. Бұл кезде Құтлық Темір Хорезмнің қалың әскерін Иран мен соғысуға Өзбек ханға көмекке жіберген. Көп жылдан бері еш жау, ереуіл көрмеген Хорезм өмірі қауіп-қатерден тіпті қаннен-қаперсіз еді. Орда күзетуге тек жеңіл қолды бір-екі ғана жасақ қалдырған.

Ереуілшілердің де күткені осы түс екен. Таң сарғайып атып келе жатқанда, құлдар жататын хизардан, аш-жалаңаш, құлдар сап түзей лек-лек боп қақпа сыртына шықты. Хизар деген құр аты, бұл жан-жағы биік дуалдармен қоршалған көлемі бір шақырымдай бекініс алаң. Дуалды іргелей күзетшілер тұратын. Әр қаққан темір қазықтың маңында, топ-топ боп құлдар қара жерге жатады. Әр қаладан, не әр елден әкелінген бишаралардың, өздеріне арналған темір қазықты белгілі орындары — алаңдары бар. Оларды қашып кетпесін деп, қожалары бірі мен бірін матастырған шынжырлардың, не қыл арқандардың бір шетін темір қазыққа апарып байлаған.

Таң атқанша құлдар осылай көгендеулі жатады. Күн шыға иелері айдап базарға апарады. Сол жерге оларға қара сумен бір-бір үзім, тандырға пісірілген таба нан беріледі. Кейде аздаған күріш, не алмұрт, алма, жүзім жейтін күндері болады бұлардың. Бірақ мұндай жақсылық некен-саяқ... Бұларға берілетін тамақ, тек өліп қалмасынның кебі...

Лек-лек боп сыртқа шыққан құлдардың біреуінің де кісен, не бұғауы жоқ. Бәрінің де қол аяқтары бос. Тіпті кейбіреулерінің қолында жонып алған таяқ, не сом темірдің білектей-білектей бөлектері бар... Ақберен бастаған көсемдері, кеше күндіз құлдарға егеу, темір үзетін қышқаш, балғалар берген. Әзер жүрген тірі аруақтардан еш тентектік күтпеген күзетшілер оларды Хизарға кіргізерде тінтпеген. Бекініс қақпасы жабылып, аланда тек қылышты күзетшілер қалған соң да бұлар еш күдікті мінез көрсетпеген. Тек түн ортасы ауа, барыстай епті, ер жүрек жігіттері еш сыбыс шығармай, ақырын еңбектей келіп алаң бекініс пен ордың ар жағында тұрған ұйқылы-ояу күзетшілерді бір сәтте ұрып жығып, ауыздарына орамал тығып, қол аяқтарын байлап тастаған. Содан кейін бәрі қолдарындағы егеу, темір бұрғы қышқаш, алмас берендеріменен, қол-аяқтарындағы, кісен, шынжыр, арқандарын кесе бастаған. Ал бірен-саран бос жігіттер өзгелеріне жәрдем берген. Кейбір кісендер шегеменен оңай ашылған, шынжырларды қышқашпен қайырып үзген. Сөйтіп Хизар аландағы он мыңға жуық құлдар түн қараңғысы аршылмай, бұғау, кісендерінен босанған.

Таң сарғайып білініп, кілтші темір құлпын ашып, «ал тұрындар» деп темірді темірге ұрып жұртты оятып құлдарды базарға айдап апаратын жасақтар қақпа ішіне кірген шақта аңдып тұрған қарулы жігіттер барыстай атылып тап берген. Күндегі әдеттерінше жайбарақат зекіре, айқайлай кірген әмір жендеттері өздерін бас салған құлдарға қылыштарын сермеуге де үлгірмей қалған. Әлі бойларынан бар күштері таусылмаған қарулы жас жігіттер оларды ат үстінен жұлып-жұлып алып астарына басқан. Бұрын өздеріне көп қиянат, зорлық көрсеткендерін табанда өлтірген. Ал жамандық істемегендерінің қол-аяқтарын байлап, орға тастаған. Құлдардың басшы адамдары не кейбір өжет, ер жүректері бұлардың және күзетшілердің қару-жарақтарын асынып, аттарына мініп, жеке қарулы жасақ құрып та үлгірген.

Ал құлдар соғысуды да, төбелесуді де білетін еді. Лек-лек боп сапқа тұрған қалың топтың алдында, осы ереуілді ұйымдастырған, қан майданға дайындаған кісілер шықты. Ең алдарында Ақберен. Бұл бүгін көк сәлделі үлем емес. Қолына қылыш ұстаған, қылыш жүзіндей қылшылдаған жауынгер.

— Бауырларым! — деді ол құлдардың алдына шығып.— Адам дүниеге бірақ рет келеді. Сол аз тіршілігін ол адам дәрежесінде өткізуі керек. Ал сендер күштілердің қиянатының арқасында осындай күйге жеттіңдер. Мал орнына сатылатын құл мен күңге айналдыңдар. Тіпті құл мен күң ретінде де сатыла алмай мінекей, бүгінгі күн аш-жалаңаштықтан өлгелі тұрсыңдар. Мұндай күйге адам түгіл мал да шыдай алмас!

— Жоқ, мұндай қорлыққа енді шыдар жайымыз жоқ! — деді түнерген қалың топ күңірене жауап беріп.

— Жүрегінде титтей адамгершілік сезімі бар кісі, сендердің мынандай күйлеріңді көріп жаны ашымай қалмаса керек-ті. Біздер осыншама адамдарды босқа өлтірмеңдер, құлдықтан біржолата босатыңдар, не болмаса шеберхана, ұстахана ұйымдастырып бұларға жұмыс беріңдер» деп Құтлық Темір әмірдің өзіне бардық. Ол жәрдем берудің орнына, мына мені ордасынан қуып шықты. Егер құлдарға мұндай жаның ашыр болса, өзіңді солардың қатарына қосамын деді. Ал адам болып жаралған соң өзіндей адамдар аштан, қиянаттан қырылғалы тұрғанда менің жаным қалай ашымайды? Қалай шыдап тұра аламын? Мен де өздеріндей мықтылардың зорлығын көп көрген ата-анадан туғанмын. Қанына тартпағанның қары сынсын! Сондықтан сендердің алдарыңа шығып тұрмын. Біздерге күштілерден теңдік алу үшін, аш жалаңаштықтан, маталған қыл бұғау, темір шынжырдан құтылу үшін жалғыз жол бар: ол жол біріміз қалмай, бір анадан, бір атадан туғандай ел болып бірлесуіміз керек. Сосын қолымызға көк найза, өткір алдаспандарымызды алып, өзімізді қанап келген, осындай күйге жеткізген мықтыларға қарсы шығуымыз керек.

Қалың топ күңірене, дүр етті.

— Біз дайын баста өзің! — деді.

— Ал сендер дайын болсаңдар, еріндер соңыма — деді Ақберен.

— Не біріміз қалмай қырыламыз, не құлдықтан құтылып, теңдік аламыз!

Теңдік! Тендік! — деді құжынаған қалың топ таңғы тыныш ауаны сілкіндіріп.—

Құрысын құлдық өмір! Не өлім, не теңдік!

— Ал солай болса, бүгіннен бастап біз мықтылармен күреске түстік! — деді Ақберен көзі оттай жанып.— Қазір біз ең алдыменен әмірдің азық-түлік, қару жарақ қоймасына барамыз. Керегімізді күшпен тартып аламыз. Содан кейін әмірменен сөйлесеміз!

— Дұрыс! Дұрыс! — деді тағы қалың топ жер сілкіндіре айқайлап.— Аузымызды асқа, қолымызды қаруға жеткізші! Көрейік сосын кімнің күшті екенін!

Аш-жалаңаш жандарды ең алдыменен азық-түлік, сосын қару жарақ қоймаларына апару дұрыс саясат еді. Әлденіп, қаруланып алған құлдармен ең берік тас қамалды алуға болады.

Құлдар көтерілісті осылай бастады.

— Ал, еріңдер соңыма! — деді Ақберен.

Міне жер қайысқан кілең ашық кеуде, қара қошқыл денелі, отты жүректі құлдар келе жатыр!

Бұлар кешегі қыл арқанды, шынжыр кісенді, бастары төмен түсіп кеткен бишара жандар емес.

Түрлері тау бұзып, тас жарардай, алшаң-алшаң басады. Әмірден де, өлімнен де қорқатын емес.

Шіркін бостандық қандай күшті едің! Сен үшін жан беруге бар құлдар кілт өзгерген. Олардың көздерінде жалын, жүректерінде жігер ойнайды.

Құлдар сол сапқа тұрған лек-лек қалпыменен өмірдің қатар тұрған азық-түлік және қару-жарақ қоймасына таяды.

Жаяу құлдардың алдында Ақберен. Бәрін басқарып келе жатқан қылыштарын жалаңдатқан салт атты жасақ.

Қойма күзетшілері ойда жоқ жерден қаптап келіп қалған мұншама құлға төтеп бере алмайтындарын біліп күзет орындарын тастай қашты.

Ал қашпай, қарсылық көрсеткен күзетшілерді салт атты жасақ қылыштарыменен қағып-қағып тастады.

Күн шыға қоймалар таланып бітті. Асқа тойынған қолдарына бір-бір найза қылыш, садақ алып қаруланған құлдар, енді әмір сарайына беттеді.

Бұл кезде өмір сарайында да бір ғажап оқиға болған. Сақып-Жамал ақ Ордадан қашқан күйі Ақберенге келіп қосылған. Сағынып табысқан жүректер сол күннен бастап ләззат атты қуанышқа бөленген. Осылай апта өткен, ай өткен. Ал Ақберен жар құшағы қанша ыстық болғаныменен аштықтан өле бастаған құлдар жайын ұмытпаған. Ол кейде құлдар арасында, кейде солардың бөтен шаруаларыменен түн бойы жоқ болып кетіп жүрген. Жанындай жақсы көріп қосылған адамының мұндай іспенен тым қатты шұғылданғаны Сақып-Жамалға ұнай қоймаған. Түбі бұның жақсылыққа апармайтынын іштей сезген әйел, өз басының бақытын құлдар бақытына айырбастағысы келмеген. Қайткенменде күйеуін осы бір қауіпті жолдан бөліп алып, Құтлық Темір әмірдің құрығы жетпейтін жерге қашуға үгіттей бастаған. Ақберенге қосылмас бұрын, алдағы күн қалай болар екен деп, бір бәйтеректің түбіне тығып қойған, екеуіне өмір бақи жететін асыл тас, алтын дүниесінің бар екенін де айтқан. Бірақ оған Ақберен: «Мен сені жанымдай сүйемін, бірақ сенен де артық халқымды жақсы көремін» деп жауап берген. Оның айтқанына көнбеген. Болашаққа, бақытқа деген екеуінің жолы осылай екі айырыла бастаған. Бірақ араларында құмарлық атты көзге көрінбес шынжыр тұрғанда, екеуі екі айырылып кете алмаған. Бірақ өсіре қызыл тез оңады. Ақберенді тым қатты сүйген Сақып-Жамал, неғұрлым оған жүрегінің отын аямай жаққан сайын, соғұрлым дене қызуымен бірге көңіл қызуы да басыла түсті. Берілуі де, қайтуы да тез, тым сезімтал және тәуекелшіл кербез сұлу енді кейде «осы мен дұрыс істедім бе?» деген ойға қалатын болды. Ойға қалған сайын өткен күндер оған енді қайтып оралмайтын, әлдеқалай жеңілдік істеп тастап кеткен ирем бақшасындай көрінді. Кішкентайынан үлде мен бүлдеге малынып өскен байлық өмір өзінің сиқырлы құшағына қайта шақырды. Көңіліне енді өкініш кіре бастады. Оның үстіне Ақбереннен айырылып айдалада жалғыз қаңғып қалар күндерін күні бұрын көз алдына елестетіп, жанын қоярға жер таппады. Ақберендей қауіп-қатерлі жолға түскен адамның түбі бір күйрейтініне ол шек келтірмеді. Осындай көңіліне алаң туған Сақып-Жамал енді өз ісіне өзі бұрынғыдан жаман қынжыла түсті. Сөйтсе де ол Ақберенді әлі де жақсы көретін, өлі де оған деген жүрек оты мүлдем сөніп бітпеген еді. Сондықтан Сақып-Жамал әлі де болса Ақберенді қауіпті жолдан бұрып алуды тіледі.

Міне осындай ойдағы Сақып-Жамал мен Ақбереннің арасында, ертең таңертең ереуіл басталады деген түні үлкен әңгіме болған. Бұлар Үргеніш шетіндегі жан білмес бір жер кепе үйде тұратын. Сақып-Жамал түнде болмаса, күндіз бұл жер кепеден сыртқа қадам аттап шықпайтын. Бұрынғы күйін сағынуға бұ да оған себеп болғандай. Күйеуінің бар ісіне қанық Сақып-Жамал Ақберен түн ортасы ауа жар төсегін тастап, хизарға кетпек боп ыңғайланып жатқанында, бүгінгі түндері екеуінің ақырғы түндеріндей қиналып:

— Ақырғы рет сұраймын, барма,— деген көзінен жасы мөлтілдей,— жүрегім сезеді басталғалы тұрған ойрандарың жақсылықпен бітпейді...

— Маған бармай қалуға болмайды — деп жауап берген Ақберен.— Ертеңгі күнменен мыңдаған адамдардың тағдыры байланысты. Өлеміз, не жеңеміз. Ондай сын сағатта мен опасыздық істей алмаймын!

— Мен үшін, біздің бақытымыз үшін істе сол опасыздықты! — деп Сақып-Жамал қиыла сөйлеген.

— Ондай опасыздық істер болсам, мен өзімді дүниедегі ең қара бет, ең бақытсыз адам деп санар едім. Жер бетін басып тірі жүре алмас едім.

— Ал егер бүгін тастап кетсең, сен мені бақытсыз етесің.

— Неге?

— Сен маған тірідей керексің.

— Ал егер өліп кетсем, сенің жүрегіңде менің махаббатым қалмай ма? Өзім болғанмен қалған өміріңе маған деген махаббатыңды серік етпейсің бе?

— Мен сен үшін алтын мен күміске бөленген әмір сарайына, үлде мен бүлдеге бөленген байлығымды да, тіпті өз басымның тыныштығын да, бәрін де қидым. Ал сен мен үшін тек өз басыңа туғалы тұрған қауіпті неге қимайсың? Менің махаббатымды сонша неге арзан санайсың?

— Егер алтын мен күміске толған сарайым, үлде мен бүлдеге бөлер байлығым болса, саған деген махаббатым үшін мен де бәрін қияр едім. Өз басымның тыныштығын да жолыңа пида етер едім. Бірақ сен үшін де, өзім үшін де халқымның күресін, болашағын құрбан ете алмаймын.

Сақып-Жамал ең ақырғы сөзін айтқан.

— Онда мен саған жоқпын!

— Мейлің!

Ақберен Сақып-Жамалды қия алмай, жүрегі қандай удай ашығанмен, түскен жолын оның махаббатына айырбастай алмаған. Құлдар хизарына баратын уақыты өтіп бара жатқан соң, бұдан әрі сөйлеспей үйден шығып кеткен.

Сақып-Жамал үйде жалғыз қалып бір күйінген, бір ызаланған. Менің қызығымды, бақытты болуымды дымға санамайтын адамға алақанына сап мәпелеп отырған Құтлық Темір тәрізді әмірді қалай айырбастадым деп өкінген. Осы әмірді бұдан бірнеше ай бұрын қалай жек көргенін, одан тезірек қашып құтылуды арман еткенін, Сақып-Жамал ашу үстінде ұмытып кетті. Көкірегінде тек Ақберенге деген ыза, ал Құтлық Темірге деген өкініш қана қалды.

Сақып-Жамалдың осындай толқымалы сағатында бес жүз көк шыбық дүреден де аман қалған қара сұр әмір алдында айыбымды қайтсем де жоям деп жасағымен андып жүріп дәл үстінен кеп түскен. Ақберенді ұстай алмай қалғанына ол қатты өкінген. Үй иесі жалғыз кемпірді өлердей етіп қамшысының астына алып, араша түспек болған Сақып-Жамалдың қол-аяғын байлап, бір нөкерінің алдына өңгертіп, әмір ордасына алып келген.

Құтлық Темір жаралғалы тірі жанға етпеген жақсылығын, өзін масқара етіп қашып кеткен тоқалына істеген. Сақып-Жамалды бұл шын жақсы көретіндігінен бе әлде жасы келіп темірдей қатты мінезі сырқат батып жұмсарайын дегендігінен бе, ол Сақып-Жамалды бір түрлі жылы қарсы алды.

— Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң. Әйтеуір аман-есен келдің бе, жарқыным! — деді Құтлық Темір, орнынан қозғалмай, алдына қара сұр желкелей айдап келген қатынына екі қолын бірдей созып.

Үйдегілердің бәрі аң-таң. Мұндай жұмсақтық қатыгез Құтлық Темірден шықпаса керек еді. Дәл осы мезетте зұлым әмірдің алыста жатқан өшін ешкім аңғарған жоқ. Құтлық Темір бұл жұмсақтығы аз болғандай, Сақып-Жамалды тізесіне отырғызып маңдайынан иіскеді, сөйтті де үйдегі адамдарға:

— Әй, сендер енді барыңдар,— деді.

Қара сұрдан бастап, есік алдындағы күзетшіге дейін үйден шыға жөнелді.

Әрине, Құтлық Темірдің қылығы адам түсінбейтін қылық еді. Бұрынғы әмір, мұндай қылығы үшін, мың жерден жақсы көріп тұрса да мына қатынды кірген сәтінде өлтіріп тастамаған күнде де, сонау тобылғы сапты қамшының астына алар еді, қан-жоса етіп сояр еді. Ал бүгін өйтудің орнына, опасыз қатынын алдына отырғызып алып, аймалай сүйіп өліп барады... Не болды бұған соншама?..

Сақып-Жамал алғашқы кезде қорқып қалса да, өзіне таныс қимылдар, жүрегін орнына түсіріп, өн бойын тәтті сезім еркелетіп ала жөнелді...

Сақып-Жамал өзінің келіншек кезіндегідей қылықпен алып денелі күйеуінің бауырына кіре берді. Қардай еріп ыңғайына көне берді.

Құтлық Темір тоқалын шын сағынып қалғандай ыңғай көрсетті.

Құтлық Темір Сақып-Жамалдың мінезіменен таныс. Қамшымен ұрып айтқыза алмайтын сырын, осылай жұмсақ келсе ақтарыла төгетінін білетін ол Сақып-Жамалға өлердей кектенсе де, адам баласының мінез құлқынан тәжірибесі мол өмірдің бұнысы әдеттегі алар кегі үшін тапқан айласы еді. Оның үстіне көптен бері сырқаты маза бермей, бөтен әйелдеріне көңілі соқпай жүрген кәрі тарланның мейіздей жас тоқалын шын сағынып қалғанының да белгісі болатын.

Әрине, жас тоқалын қанша жақсы көрсе де оның кешікпей өлетінін білетін, сондықтан да «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожасы жоқ әмірдің ордадағы жұртты шығарып жіберіп, одан ойындағысын істегені де осыдан еді. Қайта оралмас қуанышының ақырғы рет болса да қызығын әбден көріп қалмақ болған.

Ал күйеуінің ұмытылуға айналған жақсы қимылдары оған қайта келгеніне тән құмар тоқалы да қуанды...

Сол себептен де Сақып-Жамал, осындай байы бола тұрып, жастау деп қалай күйі де, үйі де жоқ қаңғып жүрген біреумен қаңғып кеткеніне енді өзі таң қалды.

Иә, мынау дүние мүлікке толған салтанатты орда...

Төскейде жер қайысқан малы, төсекте әлі тұғырынан қайтпаған бүкіл Хорезм әміршісі — байы.

Осының бәрі өзінікі.

Сақып-Жамал күйеуінен ештеңені жасырған жоқ. Құлдар бүгін таң ата азық-түлік, қару-жарақ қоймаларын талап, содан кейін, әмір сарайын шабатының Өргеніштегі жұртқа теңдік әпергеннен кейін, бұл көтерілісті бүкіл Мауараннахрға жаятындарын, Ақбереннен естіген барлық сырын Құтлық Темірге айтып берді.

Міне сол себептен де Ақберен бастаған құлдардың он мың қолы, қоймалардан қоректеніп, қаруланып алып әмір сарайына келгендерінде, бүкіл қақпаларын тастай етіп бекітіп алып, қамал үстінде садақтарын безенген, Алтын Орда жорығынан қалған бүкіл Хорезмнің әскерін көрді.

Ең қиыны мұндай құлдар көтерілісі нәтижелі болатындай Хорезмде бұл тұста жағдай жоқ еді. Сондықтан Ақберен өз күштерін әлсіретіп алмай тұрып, бүгін түнде хизарда бар адамдарын тынықтырып алып, ертең таң ата бәрі Мауараннахр жеріне қарай ойыспақ болды. Ал Жекенші әмірдің қиянаттарын және монғол бекзадаларының хандыққа таласқан ұшы-қиыры жоқ қанды айқастарынан әбден мезі болған, шаруашылықтары төмендеп кеткен бұл жақтағы бұқара халық хан, әмірлерге бас көтеріп қалған-ды.

Мауараннахр диқандарының басшыларымен байланысып үлгірген Ақберен соларға барып қосылмақшы болған.

Бірақ Сақып-Жамал арқылы, бұлардың бар сырларын біліп қалған Құтлық Темір Ақбереннен айласын асырды. Құлдардың Мауараннахр жеріне жетіп, хандарына қарсы елдеріменен бірігер болса, үлкен күшке айналатынын түсінген әмір, дереу шара қолданды.

«Шах-наме», «Сал-Салдағыдай» соғысқа пілдерді пайдаланатын заман әлдеқашан өткен. Бірақ бұл кезде Самарқант, Бұхар, Өргеніш әмірлері салтанатқа, кейде тіпті көшіп, қонуларына пілдер ұстайтын. Хорезм әмірінің қарамағында осындай, фарсы қызметкерлері үйреткен күйлі алты піл бар еді. Ертеңге дейін жан-жағынан көмек келмейтінін, ал өзінің қарамағындағы әскерінің қаруланып қалған он мың құлмен ашық жерде айқасып — еш жеңіске жете алмайтынын түсінген Құтлық Темір, таң ата сапарға шықпақ боп хизарда жиналып жатқан ереуілшілдерге осы пілдерді қарсы пайдаланбақ болды.

Дереу ол піл бақылаушыларының бастығын шақырды. Оған алып жануарлардың неге керек екенін айтты. Анау бір кезде Алтын Ордадан Құтлық Темір сатып алған, қайтсем Хорезм әмірінің көңілінен шығамын деп жүрген өте сұм адам еді. Ол:

— Тек маған күшәла езілген алты шелек жылы су беріңіз,— деді,— өзгесінің бәрін өзім реттеймін.

Піл бақылаушылары түн ортасы ауа, құлдар хизарының қақпасына таяу қисық көшелердің арасымен пілдерді алып келді. Осы арада оларды мас ететін, ішіне өзі мөлшерін білетін құшала езілген алты шелек жылы суды алты пілге берді. Бұл кезде құлдардың көбі таңғы сапар алдында қатты ұйықтап кеткен. Ал ұйықтамағандары жолға қару-жарақтарын, азық түліктерін дайындап дарбаза шетінде жұмыс істеп жатқан. Қақпа біткеннің бәрі жабық. Тек пілдер әкелінген жар қабақ тұсындағы қақпа ашық. Осы қақпа арқылы қалаға құлдар жасақтары әлсін-әлсін барып келіп жатыр. Бірақ дарбазаның алдындағы күзет мықты. Тексермей ешкімді шығарып кіргізбейді. Пілдердің бойына мас ететін шөп әсері тарай бастаған кезде, оларды әлгі бақылаушылар осы қақпаға қарай айдап салды. Mac болған піл өте ашулы, ызақор келеді. Біреу титтей өзіне қарсы тұрар болса, не бөгет істесе, онда кенет ашуланып жынданып кетеді. Ештеңеге қарамайды, жолда тұрғандарды таптап, бөгет біткенді күйрете жөнеледі.

Пілдерінің осындай әдетіне қанық бақылаушылар бастығы оларды ашық қақпаға қарай айдап салды.

Қара көлеңке түнде көшіп келе жатқан жартастардай, алты алып келіп қалғанда ғана, оларды күзетшілер бірақ көрді. Пілдер екенін танып, бір-екі жауынгер қолдарындағы найзаларымен кейін қайырмақ болып еді, кенет күтпеген сойқан басталып та кетті. Алты бірдей алып піл алға ұмтылды, күзетшілердің бір-екеуі садақтарын атып та үлгірді. Денелеріне қылыш пен жебе тиюлері мұң екен, пілдер жынданды да кетті. Бір-біріне ұран салғандай дүркін-дүркін гүрілдеген ашулы дыбыстар шығарып, жолдарында не тұр бәрін бірдей таптап жөнелді. Төбедей-төбедей алты піл алаң ішіне ойнақ салды. Мас болып денелері қыза бастағаннан-ақ, пілдер әбден қанкөйленіп кетті. Ұйықтап жатқан құлдардың денелерін добалдай-добалдай аяқтарыменен таптап сүйектерін пытыр-пытыр сындырды. Қылышын суырып қарсы ұмтылған кейбір ер жүректі жігіттерді сермеулеріне мұрсат бермей, ұзын тұмсықтарымен қағып жіберіп бөріктей лақтырды. Хизар іші, пілдің ашулы дауыстарымен адамдардың үрейлі үніне толды. Ойламаған жерден қанды апатқа душар болған, ұйқыларынан шошып оянған құлдар, қарсы еш қайрат істей алмады. Бар тапқандары — бұл кезде әлдекімдер ашып үлгірген қақпалардан далаға қаша жөнелді. Бірақ оларды бұл арада да өлім күтіп алды. Құтлық Темірдің өзі басқарған жасақтар әр қақпаның қарсы алдында атты. Оқ тимегендерін қылыштарымен шауып өлтірді.

Таң қараңғысы тарай бастаған кезде ұлы қырғын бітті. Хизар алаң іші саз балшықтай иленген адам денесінен қан сасыды. Ал алты пілдің алтауы да осы арада жан тапсырды. Екеуі ұзын мұрындарын дәл сілтенген қылыш алып түсіп, содан өлді. Ал қалғандары денелеріне тиген найза, садақ оқтарының зардабынан қансырап жан берді.

Кешегі қару-жарақты айбарлы он мың құлдар қосынының тек жартысы ғана тірі қалды. Бұлар Құтлық Темір жасақтарымен жүре соғысып, таң сыз бере Мауараннахрға баратын жолдағы қалың тоғайға кіріп үлгірді. Бұлар да құтыла алмайтын еді, тек Ақберен бастаған топ пілдер сойқаны әбден қызып алғанша, қамалдың қақпаларын ашып үлгірген-ді. Және ең үлкен қақпаның ар жағында құлдарды күтіп тұрған әскер барын Ақберен біліп қалып, оларға аттылы жасақтарын салып қарсы шапты. Жолдарындағы жау найзаларына кеуделерін қарсы төсеп, оларды аттарымен таптап өтіп, орманға ұмтылды. Ақберен жасағының соңынан тірі қалған барлық құлдар ерген.

Сақып-Жамал Құтлық Темірден босанысымен анасындай болған Бөбешті шақыртып алған. Жалғыз баласы өлгеннен бері есі бір кіріп, бір шығып жүрген Бөбеш Әділшесінің өлімін Құтлық Темірден көріп әмір сарайының есігін ашпаған. Кек алуға қолынан келер дәрмені жоқ, құр қарғыс айтып жүре берген. Өзінің айыбынан сескенді ме, Құтлық Темір де оған «кел» демеген. Ал сарай төңірегінен қуып жіберуге Өзбек ханнан қаймыққан. Сақып-Жамал әдейілеп кісі жібергеннен кейін, әмір сарайына Бөбеш амалсыз келген. Бұл бір оның есінің кірген кезі еді. Бұрыннан апалы-сіңлідей болған екі әйел жылап көріскен. Бөбеш Сақып-Жамалға өзінің қайғысын айтқан. Ал Сақып-Жамал оған басынан өткен хикаяларын жыр еткен. Сыртта болып жатқан оқиғаға екеуі қатты қобалжыса да, өз бастарындағы қасіреттерін бұлар сол күні ұмыта алмаған. Ал түн келе Сақып-Жамал Бөбешті үйіне қайтуға рұқсат етпей, жанына алып қалған.

Бұлар түн ортасына дейін әңгімелесіп енді көздерінің шырымын алғалы жатуға ыңғайланғандарында, кенет екі әйел ашық терезеден пілдердің үзіле дүрілдей шыққан айқайларымен, адамның төбе шашын тік тұрғызар құлдар хизарындағы кісілердің жан түршіктірер дауыстарын естіген. Бұл дауыстарды тек бұлар ғана емес, бүкіл қала тұрғындары да естіген. Осылай бүкіл шаһар үстін қорқыныш үрей басқан. Жұрт құлдар хизарында не болып жатқанын түсінген. Сақып-Жамал өзінің не істегенін енді ұққан. Жанын қоярға жер таппаған. Ақберенді қаншалық жақсы көретінін сонда ғана білген. Өз күнәсі өзінің жанын жыландай шағып, жынданып кете жаздады. Анау қырылып жатқан құлдардың өр айқайы, шыңғырғаны, өкіргені өзіне айтып жатқан қарғыстай, Сақып-Жамал безек қағып, үй ішін ерсілі қарсылы айнала берді. Енді ол Құтлық Темірге қарғыс айтып, кенет еңкілдеп жылап қоя берді.

Осындай жағдайда еміс-еміс сәулеленіп таң да атты. Сырттағы айқай, үрей басылған. Бірақ екі әйелдің ішіндегі айқайы, үрейі басылмаған еді. Бөбеш әлдене есіне түскендей дереу осы кезде тұмарын алды. Сыртын жыртып, ішінен бірдеме іздей бастады. Дәл осы кезде өрт сөндіргендей күп-күрең боп, үйге Құтлық Темір кіріп келді.

Ол әр жері қанға боялған үстіндегі торқа шапанын шешіп, табалдырыққа күміс зерлі кебісін тастап, төрге шыға берем деген кезде:

— Не істедім мен! Не істедім! — деп дауыстап Сақып-Жамал оған тап берді.— Обалына қалдым ғой сорлылардың...

Құтлық Темір оған бұрылып та қараған жоқ, жанына келіп қалған Сақып-Жамалдың кеудесінен сол қолымен итеріп жіберіп:

— Қымыз әкел! — деп зекірді.

Сақып-Жамал қабырғаға барып соғылып, өкіріп жылап отыра кетті.

Сол кезде бұрышта тұрған үлкен қара сабадағы қымызды Бөбеш алтын сапты піспекпен пісіп-пісіп жіберіп үлкен сырлы аяққа толтыра құйып Құтлық Темірге ұсына берді.

— Сен қайдан жүрсің? — деді Құтлық Темір оған түксие қарай.

Бірақ қатты шөлдеп келген екен, Бөбеш жауап бергенше, сырлы аяқтағы қымызды түбіне дейін дем алмай жұтып салды.

— Мені мына жұбайыңыздың өзі шақырды,— деді Бөбеш.

— Онда қазір кет... Бұл үйге екінші рет келуші болма...

— Жақсы...

Бөбеш есікке таяй берді. Бірақ арт жағында бірдеме гүрс етіп құлағандай болды. Бөбеш кейін бұрылды. Жерде сұп-сұр боп бүк түсіп құлап жатқан Құтлық Темірді көрді.

— Осы еді бар арманым,— деді Бөбеш күбірлеп, сөйдеді де артына қарамастан шығып кетті.

Құтлық Темір жаңа ғана күшәлә қосылған қымыздан өлгенін тек Бөбештің өзі ғана білді. Бірақ ол кісі өлтірдім-ау деп өкінген де, қынжылған да жоқ. Баласы үшін, сонау түні бойы қырылған жұрты үшін Хорезм әмірін өлтіргеніне, ана өшінің қайтқанына ол қуанышты еді. Әмір сарайынан шығып аспандағы жұлдыздарға көз жіберіп аз тұрды да, бір күрсініп өз үйіне қарай аяңдай берді. Әмір сарайына қайта кіріп, Сақып-Жамалға көңіл айтқысы келмеді. Бөбеш бүгінгі түнде осыншама қаза тапқан адамдардың обалына Сақып-Жамал қалғанын түсінген. Оған кенет хан тоқалы Құтлық Темірден де жексұрын көрінді. Таңертең келіп бетіне түкірмек болды. Бірақ Бөбеш «уәдесінде тұра алмады. Сол күні таң сәріде, Құтлық Темірдің күндізгі берген бұйрығы бойынша Сақып-Жамалдың басын алғалы ханым Ордасына келген жендеттер әмірдің өзінің өліп жатқанын көрген. Олар дереу Сақып-Жамалды тұтқынға алған.

Ал Құтлық Темірдің қалай дүние салғанынан бейхабар Өзбек хан Ордасының бір шеті құлап бара жатқандай, көп жылғы үзеңгілес серігінің, қорғаншысының қаза болғанын сылтау етіп, опасыз жорығынан кейін шегінді.

ҮШІНШІ ТАРАУ

Доңыз, яғни 1335 жылы Құлағу ұрпағының ең ақырғы илханы өлерінен он екі жыл бұрын мамлюктермен шарт жасасып кресшілердің Сирияға шабуылын мүлдем тоқтатқан, Әбусеид дүние салды. Оның артында Құлағу тағына отыратын заңды мұрагері болмады. Сол жылдан бастап Иран патшалығының бірлігі бұзылып, әр әмір, әр манап өз алдына билік жүргізбекші боп, ұлы хандық бөлшектеніп кетті. Мұндай жағдай ең алдымен Иран үстінен өтетін Ұлы Жібек Жолының бұзылуына себепкер болды.

Ал Шығыс елінің асыл мүліктерін арзанға алып, Батысқа әкеп қымбатқа сатқызып үйренген Генуя, әсіресе Венеция купецтері бұндай дағдарысқа көнгілері келмеді. Енді олар Иранды айнала, Жағатай ұлысының жерін басып, Памир мен Гиндикуш тауларының арасыменен Үндістанға жетпек болды. Бірақ бұл ұлыстағы осы кездегі Шыңғыс ұрпақтарының тартыс-таластарынан туған қиындық оларға Мауараннахр мен Жетісу арқылы Үнді мен Қытайға баруға тіпті мүмкіндік бермеді. Бұл аралардан өтуде Иран үстінен өтуден кем қауіп тудырмады. Қысқасы Жібек жолының екі басы мүлдем бүлінуге айналды. Тек ортасы — Алтын Ордаға қарайтын тұсы ғана сол бұрынғы қалпындай қауіп-қатерден өлі де ада еді. Бірақ Үнді менен Қытайдан керуен келмесе, ал алда-жалда келе қалған керуен Батыс Европамен Мысырға қарай өте алмаса тек Ұбайра-Сұбайраның құндызымен Алтын Орданың асыл бұйымдары арқылы Ұлы Жібек жолы — жібек жолы бола ала ма, әрине бола алмайды. Алтын Орда үстінен өтетін жол тек Алтын Орда қалаларында сауда-саттықты күшейтуге ғана жарады. Мықтағанда Хорезм, Мауараннахр, Дәшті Қыпшақ керуендері енді тек орыс жеріндегі шаһарларға ғана жете алды. Жалпы, Жібек жолының мұндай дағдарысы осы Өзбек хан тұсында мықты күшейген Алтын Орданың шаруашылығына қатты зиян келтірді.

Жоғары айтқан Флоренция эмиссионері Джовани Жолай Сарай Беркеге тоқтап Өзбек ханға Авиньондағы он екінші бенедикт папаның хатын берген. Өзбек хан өзі нағыз мұсылман бола тұрып, Алтын Орданың бөтен діндегі елдерменен байланысын, сауда-саттығын күшейту үшін олардың адамдарына Дәшті Қыпшақ үстінен өтіп, Шығыс мемлекеттеріне діни үгіт-насихат жүргізулеріне мүмкіндік тудырып отырды. Өз өлкесіндегі кейбір христиан шіркеулеріне де, Қырымдағы генуялық купецтерін католиктік дінін өркендетуіне де қарсылық көрсетпеді. Хан Джовани Мариньоллиды да жақсы қабылдаған. Он екінші Бенедикт папаның өтініші бойынша Авиньон эмиссионерлеріне жәрдемдесуге уәде берген. Бірақ Өзбек хан оларға бүкіл Жібек жолы бойына көмек көрсете алмайтынын өзі де білетін. Өйткені Азақ-Тана шаһарының арғы жағы, яғни Алтын Орданың өзінің керуені өтетін Жібек жолының Иран бөлшегі, бұл тұста өте қауіпті өлкеге айналған.

Оның үстіне Иран жерінің ар жағы — Қара теңізден Жерорталық теңізге баратын — Фосфор теңізі менен Дарденелл мойыны да, Табризге жеткен Алтын Орда керуендерінің кемелері өте алмайтын күйге жақын еді. Бұл кезде кіші Азиядағы Осман түріктері де Доңыз, яғни 1291 жылғы Византияға қарсы аттанысынан кейін қатты күшейе бастаған болатын. Дарденеллді өзіне мүлдем бағындыра алмағанмен, осы мойын арқылы өтетін кемелерге қауіп туғызып тұрған.

Осындай жағдайларда Алтын Орда батыс елдерменен Бейбарыс басқарған Мысырдың мұсылман мемлекетінен мүлдем қол үзіп қала ма деп қорыққан Өзбек хан енді Иран жаққа жиі қарай түсті. Иранға үстемдігі жүрмесе — Ұлы Жібек жолына үстемдігі жүрмейді. Онда Алтын Орда түбі тек Хорезм мен орыс князьдері қатынасатын ортадағы жай хандық болып қалады.

Әйтсе де Өзбек өзге хандарға ұқсамайтын. Ол жұртты болмашы нәрсемен алдай да білетін. Сондай жағдай Сақып-Жамал мен Бөбеш туралы да болған. Құтлық Темірдің өлімін әмірдің балалары осы екі әйелден көрген. Шу дегенде олар мұндай ойдан аулақ еді. Әкелерін өз ажалынан дүние салған екен деп бүкіл ел болып қошеметтеп көмген. Балалары Құтлық Темірді әкеміз деп қайғырса, халық бір жауыздан құтылдық па деп іштей қуанған. Бірақ оның өлі денесін ардақтаған бейне көрсетіп, қара жердің құшағына үлкен салтанатпен берген. «Осы рас өлді ме?» дегендей, бүкіл ел жиналып жерлеген. Бірақ, жаман сөз қап ішіндегі кездік тәрізді ұзақ жатпайды, сондай-ақ Құтлық Темірдің өлімін жұрт алдыменен «Сақып-Жамалды Ақберен Хорезм өмірін өлтір деп әдейі жіберген екен, оған баласынан айырылған Бөбеш қосылыпты. Сосын барып екеуі оған у беріпті» деп шығарған. Дәл түспегенмен шындыққа таяу жері болғандықтан, бұл өсек күннен күнге ұлғая түсіп, Құтлық Темірдің балаларының құлағына да жеткен. Олар дереу екі әйелді ұстап алып, зынданға салып, Хорезм билерінен оларды асып өлтіруге үкім шығаруларын талап еткен. Екі әйелдің зынданда отырғандары Өзбек ханға да жеткен. Ол дереу Үргенішке кісі шаптырған. Құтлық Темірдің осылай өлген күнде де, бұған себепкер болған әмірдің қатыгез мінезі екеніне күмәнданбаған хан, екі әйелді босатыңдар деген жарлық жіберген. Бөбеш пен Сақып-Жамал босатылған. Өзбек бұл арада халыққа әділетті хан болып көріне алған. Ал шынына келсек, ол екі әйелді әділеттік үшін босатқан жоқ еді. Саясат үшін босатқан. Құтлық Темірді өлтірген күнде де сол екі әйелдің тірі қалып жер басып жүргенінен кімге келер қандай зиян бар? Бүкіл Хорезм елін бір шыбықпен айдаған әмір өлді. Ал сол әмірді өлтірген адамдарды өлтіртпей сен босатсаң, халық саған риза болады.

Бұндай кең пейілдігі үшін жұрт оны қалай жоғары көтермесін, пір санамасын. Осындай қылықтары үшін халық оған бір кезде Елбасмышты өлтіргенін де кешкен. Бұқара ойынша ел басқаратын адамға үш қасиет керек. Бірі — ақыл, екіншісі — мінез, үшіншісі — білім. Заманына қарай Өзбек ханда осы үш қасиеттің үшеуі де бар. Алғашқы екеуін — ақыл мен мінезді құдайдың өзі береді десек, білімді адам өзі табады. Өзбек хан арабша хат танитын. Және фарсы, түркі елдердің тілдерін жақсы білетін. Сондықтан ол тек қисса, ертегі, дастандарды ғана емес, сол тұстағы кейбір пәлсәпалық, әлеуметтік, кейбір жер, аспан жайында жазылған жеңіл трактаттармен таныс болатын. Қысқасы, Өзбек хан Шыңғыс ханның ұрпағынан шыққан ең алғашқы өз заманына сәйкес, тақа терең болмағанмен, қоғам, тарих ағысын аңғара аларлық білімі бар хан саналған.

Сондықтан да болуы керек ол, өз тұсындағы өзге хандардай емес, ел бірлігіне, бөтен жұрттармен сауда-саттық байланыс тәрізді және Дәшті-Қыпшақ жерінде мешіт салып, медресе ашу секілді мәселелерге көп көңіл бөлген. Иранды шабу ісі де оған құр ғана бұл елдің мал-мүлкін тонап, жерін тартып алуға керек емес-ті. Иранды бағындырумен байланысты, оның ар жағында Алтын Орданың күшейе түсуі, батыс елдеріменен байланыс, сауда-саттығын жөндеу тәрізді күрделі ойлар жатқан. Өзбек хан қайткен күнде де Дешті Қыпшақтың өзімен өзі ғана болып, өрісі тар мемлекетке айналып қалуын тілемеген.

Сондықтан ол бұл жолғы Иран жорығына ерекше мән берген. Өзге жорықтарындай емес, бұған арнап Орданың Тағанақ кеңесін шақырып, бұл мәселені сонда қарамақ болған.

Хан жайлауы биыл тағы Сарай Беркеден алыс кетпеген. Еділ өзенінің төменгі сағасындағы көк орай, қалың шалғынды бір ойпаттау тұсына Өзбек ордасы тігілген. Бұл бес-алты ақ боз кигіз үй ғана. Ордаға таяу хан әйелдерінің аулы, одан әрі балалары Тыныбек пен Жәнібектің ордалары. Бұларға жалғаса бөтен бекзадалардың жеке-жеке ауыл болған ордалары тұр. Осылай бүкіл Еділ бойы сыңсыған боз орда, ақ боз үй, сансыз ауыл... Әр ауылдың арасы тай шаптырым жер. Ал Еділдің арғы беті бықыған мал. Осы ауылдардың малдары. Аспан көкпеңбек, жер беті қызғалдағы, сарғалдағы аралас жұпар аңқыған қалың шалғын. Әлде қайдан құс салып, ит жүгіртіп келе жатқан аңшылар. Кешкі мезгіл. Өзеннің ар жағынан, жаңа ғана Еділ өзенінен су ішіп, арғы беттегі төскейге қарай жайылып бара жатқан кілең ақ боз, қара көк жылқылар.

Арғы бетте де сыңси қонған қараша киіз үйлер. Бұлар сонау қыруар малдың бағушылардың, хан мен би, әмірлерге ет, сүт әкеп берушілердің ауылдары... Алыстан бұл ауылдардың үкілері бұлғаңдаған қыздар, қазан асып жатқан әйелдер көрінеді. Көтерілген қазанға жағылған ошақтан көгілдір аспанға көк түтін көлбей ұшып бара жатыр...

Кешкі мезгіл, керемет сұлу мезгіл.

Дәшті Қыпшақтың бұлқына тулаған Ақ Еділі мен жасыл даласы. Екі жағына бірдей сыңси қонған ел. Бір жағында кілең ақ боз ордалар. Екінші жағында быжынаған қараша киіз үйлер. Ортасында кей тұстары сыңсыған орман Ақ Еділ, ол боз ордалы, қараша үйлі екі дүниені екі бөліп тұрғандай.

Хан Ордасының оң қол жағынан тағы бір боз ордалар қондырылып жатыр. Бұл ертең Тағанақ кеңесіне келетін би, әмір, бай-батырларға арнап тігіліп жатқан ауыл.

Ал хан Ордасының ішінде қазір он шақты кісі отыр. Төрде ханның өзі. Түкті кілемге жайылған жібек бөстектің үстінде малдасын құрып, ақырын төспісін тартып, ойлана қалған. Иығына өңірі оқаменен әдіптелген жасыл мауыты жеңіл шапанды жаба салған. Басында қыпшақи төрт салалы құндыз бөрік. Оң жағында үлкен баласы Тыныбек. Бұл қара сұр келген қою мұртты, үлкен қой көзді кісі. Жасы қырықтар шамасында. Киген киімі де, отырған отырысы да, Дәшті Қыпшақ байларына ұқсайды. Сыртын түйе жүн шекпенмен тыстаған күзен ішік, белінде кіселі, кездік қыналы, жалпақ күміс белбеу, аяғында кәдімгі саптама етік. Басында елтірі бөрік. Дене бітісі де байларға ұқсайды, қомақты, етжең. Одан кейін ханның екінші баласы Жәнібек отыр. Бұл ашаң бойлы, аққұба келген, ойлы көзді, сымбатты кісі, бұл да отыздардан асып кеткен. Үстіндегі киімі ауыл шалдарынікіне ұқсайды. Күмістеген кебіс, мәсі, оюланған барқыт шалбарының балағы сала құлаш, үстіндегі қысқа жібек белбеумен орап тастаған пешпент, басында көк барқыт тысты қырдың қызыл түлкісімен көмкерген сәнді бөрік. Бұның жанында, әкесінің бір жақ тізесін баса, алты-жеті жасар үлкен ұлы Бердібек отыр. Бұл мысықтың көзіндей дөңгелек көзді тентек бала. Осы отырғандардың ішінде, Шыңғыс хан аталары тәрізді жирен өнді осы Бердібек қана... Адамға қарағанда жасыл тартқан дөңгелек көзі міз бақпай қадала қалады. Бала болып асық атып, тал мініп ойнауды білген емес, үнемі күшік, мысықтарды ойбайлатып, қинайды да жүреді. Әкесінен қорыққанынан ғана қазір тыныш отыр. Онда да даладан ұстап әкелген шегірткенің біресе қанатын біресе аяғын жұлып әурелеуде. Ханның сол жағында сонау Жерорта теңізінің маңайына дейін сауда етіп қайтқан баяғы Жақып саудагер. Одан төмендеу маңғаз қошқарлардай қыпшақтың бес-алты билері мен байлары отыр. Әсіресе бұлардың ішінен аты шулы ділмар Төре би мен Шонжар Қабылбай ұлы Нәрік мырза көзге түседі. Бәрінің кигендері арзан қол киім, тек белдеріндегі алтын жалатқан күміс белбеулері ғана қымбат бағалы...

Босаға жақта үлкен күміс шарадағы қымызды жайыменен күміс ожаумен сапырып жұпыны киімді кексе тартқан бір әйел отыр. Сірә орда күңі тәрізді.

Осы әйел алтын кеселерге құйған қымызды бала-жігіт — дәйекші бір тізерлей жылжып қонақтарға апарып беріп жүр. Бағанадан бері Жақып саудагер шет жақтағы көрген-білгенін әңгіме етіп отыр. Ол алдындағы алтын кеседен қымызды бір ұрттап алды да:

— Жан түршігерлік оқиғалар сол түріктер көз тіккен рациялар патшалығында болыпты деді ол.

— Иә„ ол қандай оқиғалар екен? — деді Өзбек хан шет елдердің әңгімесін ести түскісі келіп.

— Жылқы, яғни 1330 жылы оның баласы Стефан Душан қалың әскерімен Болғарияға барып, Белбужды деген жерде соғысып, болғарларды қан-жоса етіп жеңеді, болғарлардың Михаил Шишман атты патшасының өзін есірей етіп еліне алып келеді. Патшаның әкесі Милитин король баласының бұл ісіне қатты күйінеді, тіпті тас талқан боп ашуланады. Болғар патшасын тұтқыннан босатып алып үйіне қонаққа шақырады. «Патша әрқашанда төрде отыруы керек» деп өзінен жоғары орын береді. Тұтқын Болғар патшасын әкесінің мұншама қошаметтегеніне ашуланған баласы, күп-күрең боп, қолына темір басты шоқпарын ұстап, үйге кіріп келеді...

— Иә, сосын? деді Өзбек хан сәл қозғалып.

Жақып саудагер сөзін жалғай түсті.

— Сосын дейсіз бе? — деді ол.— Сосын... баласы: соғысып майданда қолға түскен адамға мұндай құрмет көрсетілмес болар!» деп ақырып, стол басындағы болғар патшасын қолындағы шоқпарымен ұрып өлтіреді.

Үй іші тына қалды. Жәнібек сұлтан тізесіне сүйеніп отырған баласына көзі түсіп кетіп еді, Бердібектің екі көзі қуана жасаурап, рахаттана түскен екен. «Япырмай, бұл қалай? — деді ішінен Жәнібек,— кісінің өлгенінен шошынудың орнына мына тентек иттің айызы қанып отырғаны несі?.. Кішкентайынан мұндай оқиғадан бұлай шабыттанар болса...» Жәнібек ойын аяқтамады, әкесінің де немересіне таңдана қарап отырғанын көрді де, қысыла түсті.

— Баласының қылығына әбден күйінген король одан әрі болғар жерін жаулап алудан бас тартып астанасына қайтады,— деді Жақып сөзін жалғай түсіп.— Ал әкесінің қаһарынан сескенген баласы басқа жаққа қашып кетеді. Әкесі оған еш қастық ойламаса да, баласы түнде ұрланып кіріп, әкесін төсегінде тұншықтырып өлтіреді.

Тағы жұрт тына қалды. Осы уақытта бала қарғадай Бердібектің шиқылдай шыққан даусы естілді.

— Көке,— деді ол.— Әлгі кісі неге әкесін тұншықтырып өлтірді? — Сонан соң, біреудің кеудесіне қанжар сұғып алғандай, кенет кішкентай қолын алға қарай соза түсіп, зып еткізіп қайтып алды.— Одан да осылай қанжарды сұғып өлтірмей ме?

Жоқ, Бердібек: «баласы әкесін неге өлтірді» деп сұраған жоқ, Стефанның әкесін оп-оңай өлтіре салудың орнына, неге тұншықтырып әуре болғанына таң қалғандай.

Жәнібекті кенет ашу қысып кетті. Бердібектің жағынан алақанымен тартып-тартып жіберді.

— Пәтшағар, не айтып отырсың? Баласы әкесін өлтіруге болмайтынын білмейсің бе?

Бердібек, әкесінің ұрғаны батып кетсе де, жылаған жоқ. Дөңгелек көзі оттай жайнап, шатынай қалды.

— Неге ұрасың? — деді ол әкесін бас салғалы тұрған тарғыл мысықтай.— Әкесін өлтірмесе ол қалай таққа отырады?!

— Мына күшік не дейді?! — деді енді шын ашулана бастаған Жәнібек баласын тағы ұрғысы кеп кетіп.

— Қайтесіз баламенен бала болып? — деді араша түсіп Төре би, бірақ әкесімен жармаса кеткен баланың түріне ойлана қарады. Көпті көрген сұңғыла би әлденені ішіне түйген сияқты.— Бала деген күшіктердің бәрі осылай, кісі өлтіргенді ерлік көреді.

— Заманымыз осылай ғой,— деді төрде отырған билердің тағы біреуі.

— Заманға біз қожа емеспіз бе,— деді бағанадан бері үндемей отырған Өзбек хан.— Жас ұрпақтың, әкесі баласын, баласы әкесін өлтіру күнә екенін біліп өскені абзал.

Төре би кенет оған ойлана қарады. Хан іштей қысылып қалды. Қыпшақтың азуы алты қарыс адуынды биі, оған «сонда сен тәрізді ағасын өлтіруге болады ма?» деп отырғандай көрінді. Бірақ Өзбек дереу іштей атыстың бағытын өзгертіп жіберді. Ол қайтадан Жақыпқа бұрылды:

— Иә, аяғы немен тынады бұл әңгіменің? — деді.— Баласы әкесін өлтіргеніне расыменен өкінбей кете ме? Күнәсі тым зор ғой. Мүмкін, істеген қылмысына кешірім Сұраған шығар... Сөйткен болса онда бір сәрі ғой.

Елбасмышты өлтіргенін Өзбек хан өмір бойы ұмытпай өткен. Сол үшін шын мұсылман болып, Мұхаммед пайғамбар аруағынан кешірім сұраған. Сол қылмысыма сауабы тиер ме екен деп, ауыр күнәсі үшін өлім жазасына қиғалы тұрған кейбіреуді кейде аяп, босатып та жіберетін. Жасы ұлғайған сайын, жастағы еткен күнәсі жанына батып, содан шын діншіл, құдайшыл бола бастаған. Міне осындай жағдайдағы Өзбек хан, жегі құрттай ішін жеп бара жатқан ескі өкінішін ешкім бетіне салық етіп баспаса да, көптен бері өзінен өзі алай-түлей еді. Хан сөзі өзінің осындай ойынан туғанын үй ішіндегілер тегіс түсінді. Мұны Жақып саудагер де ұқты. Ол енді ханға болыса сөйледі.

— Гәп әкесінің, не бөтен жақынын өлтіргенінде емес қой. Гәп не үшін өлтірді? Тек өз басының бағы, дәрежесі үшін ғана ма? Әлде ел-жұртының бағын көтеру, ауыр халін жеңілдету үшін өлтірді ме, міне түйін қайда жатыр?

Егер Стефан әкесін өлтіріп, содан кейін өзі әкесінің тағына отырғанда, халқын, мемлекетін өркендете алса, жұртына дәл өзіндей жақсылық істей алмай отырған корольдің өлімін халық мүмкін кешер де еді. Ал сол әкесі, яғни 1331 жылы өлгеннен кейін болғар тағына отырған Стефан Душан елді дұрыс басқарып кете алмапты. Қолы қанды корольді жұрт та дұрыс қабылдай қоймапты.— Ол енді ханға қарады? — жаңа сіз Стефан істеген қылмысын мойындап па? Құдайынан кешірім сұрап па деп сұрадыңыз ғой. Иә, ол әкесін өлтіргеніне артынан қатты өкінген.

— Иә, сонысына қарай құдайлары күнәсін кешіріп пе? — деді билердің біреуі.

— Кешкен болуы керек,— деді Жақып.— Бұл оқиға Құтлық Темір әмір айтқан Доңыз жылы болған екен. Содан бері Стефан Душан грек пен албан жерлеріне талай рет жорыққа шығыпты. Көбіне жеңіп келіпті. Құдай тағаласы оны кешпесе, жолы болар ма еді?

— Осындай, гректер мен албандарды жеңіп жүрген елді, Осман түріктері өздеріне бағындырмақ па? — деді Өзбек хан Жақыпқа қарап.— Сонда ол ел өздері көп пе және күштері қандай?

— Түрік аз ел емес,— деді Жақып.— Көбеюдің де жолын біледі. Менің аңғаруымша олардың күштері негізінде екі нәрседе секілді. Бірі әскери-мемлекеттік құрылысында ғой деймін. Ал екіншісі — жалпы мемлекеттік тәртібінде тәрізді. Бұл тәртіпті өзінің мұсылман дініндегі бұқара еліне қандай қолданса, жаулап алған бағынышты жұртына да сондай қолданады екен.

Жақып, әлденені ойлағандай, тағы тоқтай қалды.

— Бәрін-бәрін айт! — деді Өзбек хан. Қандай ел екенін біліп алған жөн...

Ең алдыменен сіздің алғашқы сұрағыңызға жауап берейін,— деді Жақып.—

Бұл ел азаймайды да, көбеймейді де, үнемі бір қалыпты келе жатыр. Шынын айтсақ бұл ел азаюға тиісті еді. Өйткені бір тыныш жатпайды. Соңғы ғасыр бойы үнемі жан-жағындағы жұртпенен соғысумен келеді. Сербтің бір жазушысы түріктерді теңізбен салыстырыпты. Бір жағы тыныштықта болса, ал екінші тұсында дауыл туып, толқындары жағаны ұрып, астан-кестен тулап жататын теңіз сияқты депті. Шынында да, түріктер бір мезет тыныштала қалса, ертеңіне қолына найзасын алып шыға келеді. Әрине, мұндай беймаза ел азаюға тиіс қой. Соғыс болған соң, кісі өлмей, шығын болмай тұрмайды. Бірақ оған қарамай түріктер қанша қырылып жатса да, бір кемімейді. Қандай себеп? Себеп біреу-ақ: олар шапқан жеңген елінен мал айдап қайтпайды, тек адам айдап қайтады. Осы тұста қаншама әскері қайтыс болса, соншама кісіні өз елдеріне алып келеді. Дереу мұсылман дініне кіргізеді. Ал мұсылман дініне кіріп, түрік болып кеткен адам, өзі кеткен діннің адамдарын жаңа дінге кіргізуге құмар келеді. Бұ да жалпы жұртқа тән қасиет.

— Қызық екен,— деді Өзбек.

— Кіші Әзияның теріскей-батыс жатын жайлаған Өгіз жұртының көсемі Осман Румға барған аттанысынан кейін Доңыз, яғни 1299 жылы түріктерді селжүк сұлтандарынан бөліп алып, Осман билігін құрған күнінен бастап өзі өлген Барыс, яғни 1326 жылына дейін екі үлкен іс істеп кеткен. Бүкіл түрік жерін сұлтандікі, яғни мемлекеттікі еткен. Бұл жер ешкімге, әкеден балаға мұра етіп, қалдырмайтын болған. Жер сұлтандікі болғандықтан ол бір аймақты, не бір орманды, көлді, шалғынды, өзенді биыл өзінің бір бекзадасына берсе, егер оның бір жаман қылығын, не басқа біреуге істеген қиянатын естісе, келесі жылы одан ол жерді қайтып алып басқа бір бекзадаға береді екен. Ал ана жерінен айырылған бекзада сұлтан ордасына келіп паналауға тиісті. Соңынан етер көңілі ауса, сұлтан оған тағы басқа жер береді. Сондықтан олар ешкімге шағым айтпай, «алла тағала сұлтанға өмір берсін. Ал оған өмір берілсе, маған бұрынғысынан да жақсы жер береді» деп жүре береді екен. Сөйтіп ол соңында жүрген бекзадаларын бәрін өзіне бағынышты жағдайда ұстаған. Жеке ұлыс болып, кейде өзін би, өзін хан санайтын, көңіліне жақпаса Ордаға да қарсы бас көтеретін Шыңғыс хан ұрпақтарындай емес, Осман сұлтан қарамағындағы ағайын-туысы, бекзадалары жеке билікке ие бола алмаған. Осылай Осман өзіне бағынышты жұртты төре, қарасына қарамай бүкіл түрік Ордасының бірлігін бір адамға бағындыру үшін, еш қайсысын тырп еткізбей ұстаған. Екінші, оның тағы бір істегені, шапқан елдерінің балаларын жастайынан Ордасына әкеп, бірден мұсылман дініне кіргізіп, хизарларында әскери тәлім-тәрбие берген. Осылай сұлтанның дегенін істейтін әскер құрған. Бүкіл Осман билігінің жеріндегі хизар, қамалдарды бекзадаларға емес, осыларға берген. Бұл әскердің бәріне азық-түлікті, қару-жарақты, киер киімдерін беріп сұлтан өз қазынасынан төлеген. Және бұлар әр жылы төрт рет алтын ақшамен жалақы алып тұрған. Бекініс хизар бастығын дизар деп атаған. Оның жәрдемшісіне чехай деген ат қойылған. Ал осы чехайға бағынатын он басын бұлық-паша деген. Бұларға жалақы да дәрежелеріне қарай төленген. Дизар күніне бір теңге алтын ақша алған. Ал чехайға — төрт күніне, бұлық - пашаға — сегіз күніне, қатардағы жауынгерге — он күніне сондай бір теңге алтын ақша берілген. Бұның үстіне киім, тамақ, қару-жарақ,— бәрі сұлтанның қазынасынан болған. Сөйтіп әскери адамдар да, бай-кедейі демей, тек сұлтанның өзіне ғана қараған. Осыдан барып Осман империясы билігі тек сұлтанға ғана бағынған әскери мемлекет болған. Былайша айтқанда бес саусақ бір жұдырық боп түйілген. Мұндай тас түйіндей елдің өзге жұртпен соғысуы да, күресуі де нәтижелі келетіні белгілі ғой.

— Әрине,— деді Өзбек хан, түріктердің мемлекет құрылысына қызыққандай сыңай көрсетіп.— Осман сұлтанның кезінде сондай болған ғой, ал қазір қалай?..

— Қазір де солай деуге болады,— деді Жақып,— өздеріңізге белгілі Османнан кейін сұлтандық оның баласы Орханға көшті ғой. Қазір де бүкіл Осман түріктерін сол басқарып отыр.

— Ал байлығы, байлығы қандай? — деді Өзбек хан.

— Сұлтанның байлығын айтасыз ба? Оның байлығы — мемлекетінің байлығы ғой. Сол жақта жүргенімде сұлтан үйімен қатынасы бар бір өте бай саудагер: «Сұлтанның қазынасындағы алтын — үш жүз мың әскерді бес жыл ұстап тұра алады» деді.

— Байлық деген де іште жатқан жылан ғой. Мұндай қазына Осман түріктерін соғыстырмай, қалай тыныш қойсын,— деді Төре би.

— Ал екінші күші неде ол елдің? — деді Өзбек хан.

— Тәртібінде. Мемлекеттік және әскери тәртібінде,— деді Жақып. Шыңғыс хан тәртібі тек әскери тілектен ғана туса, Осман билігінің тәртібі діни көзқараспен де мықтап бекітілген-ді. Сол себептен егер сұлтан бір мемлекетке жорыққа шықпақ болса, діншіл жауынгерлер, ешкімнің зорлауынсыз, шақыруынсыз жауды қырып, олардың дүние-мүліктерін талап алуды өзінің мұсылмандық борышы санап, тиісті жерге өз еріктерімен жиналады. Әрине, мұндай әскер зорлықпен, біреудің айдауыменен майданға шыққан әскерден көп батыл, ер жүрек келетіні хақ. Әрқашанда дүние-мүлік күресінен, діни, ой-пікір күресі жанқиярлық ерлікті, ержүректікті керек еткен. Оның үстіне бұлардың соғысқа қатысқан әр күніне алтындай ақша төленеді. Сондықтан мұндай өзі тіленіп соғысқа шыққан әскер, тәртіп бұзуды білмейді. Ал тәртіп бұзғаны, қорқақтық көрсеткені, табанында қылышпен шабылады. Мұндай темір тәртіп тек әскери адамдардың арасында ғана емес, жалпы мемлекеттік істе де қатты қолданылады. Егер қарамағындағы елдердің бірінің егіндік жерінің үстінен әскері өтер болса, сұлтан егін иелеріне ақшадай құнын төлеуге міндетті болған. Егер мұндай құнды төлемесе, тіпті әскер басшысы болса да өлім жазасына дейін айып тартады. Орхан сұлтанның бір жорығында, оған жергілікті бір әйел «сіздің мына бұлықтағы жауынгеріңіз ақшасын төлемей сүтімді ішіп кетті» деп арыз етеді. Жауынгер қалтасында ақшасы болмаған соң, ішкем жоқ деп танады. Әйел ішті дейді. Сұлтан жауынгердің ішін жарып, анығын білуге бұйырады. Егер де асқазанынан сүт табылмағанда, әрине, арызшы әйелдің басы алынатын еді, әйтеуір сүт шығып әйел аман қалған. Міне осындай қатты тәртіпті көре тұра, қандай адам сұлтан көрсеткен жолдан бұрыс жүрер? Әрине ешкім де өйте алмас еді. Мұндай темір тәртіп, әрине Осман түріктерінің әскери мемлекеттік күшін берік етеді.

— Сонда,— деді Өзбек,— бұл елдің түп мақсаты не екен?

Хан бағанадан бері мазасын алып отырған сұрағын берген.

— Күтпеген апатқа ұшырамаса, бұл жұрт біраз жерді алады. Егер Иран тұсынан күні бұрын тойтарыс бере алмасақ, түбі батыс мемлекеттерінің біразын құл етіп, Қара теңіз арқылы Қырымға жетуі де ғажап емес. Өйткені бұл жас ел, күшті ел, бүгінгі қарқыны тым долы, соғыс әдістері де өзгеше...

Әрине, Жақып болжауы тым алыс жатыр еді. Осман империясы, Албания, Югославия, Молдавия, Болғария, Мысыр, Бағдат, Шам, Босфор, Дарденеллдерді өзіне бағындырғанша жүз елу жылдан астам уақыт өтті. Қара теңіз арқылы Қырымға он бесінші ғасырға таяған кезде ғана жетті. Каффаны олар тек 1475 жылы ғана жаулап алды.

Ал Жақып әңгіме етіп отырған күндерде, шағын ғана жерге қожа болып отырған. Кіші Әзияға бір кезде осы Дәшті Қыпшақ, түрікмен даласынан барған, осынау түрік елінен мұндай ұлы шабуыл иесі туады деп ешкім де кәдімгідей ойламаса керек-ті.

Түбі осы елден үлкен қауіп туатынын Жақып тәрізді көпті көрген, ел аралаған қырағы жандар ғана сезген.

Жақыптың болжауына дәл осы күні ел басқарып отырған Өзбек хан мен оның баласы Жәнібек те сенген.

Енді олар тек Жібек жолынан айрылулары ғана емес, күндердің күнінде осы Осман патшалығынан Алтын Орда шетіне де дүрбелеңнің жететінін аңғарғандай болған.

Енді бұл екеуі соғыс Иран жерінде болуы керек екеніне шек келтірмеді.

Ертеңіне бүкіл Алтын Орда өмір, би, батыр, бекзадалары бас қосқан ханның Тағанақ кеңесі басталды. Осы кеңесте Иранға аттану мәселесі шешілді.

Ағасы Жекенші ханды Есен-Темір түнде бауыздап өлтірген. Бұны тірі жан білмеген. Есен-Темір Жекеншіні шешесі Абзал-Торғын-Заденің ақылыменен өлтірген. Зады қанқұмар емес Есен-Темір, хан тағына отырғаннан кейін өзінің істеген қылмысы жанын жегідей жей бастаған. Қайда барса да, қаннен-қаперсіз төсегінде ұйықтап жатқан сұрғылт өнді ағасы Жекеншінің сол сәттегі жүзі, көз алдынан кетпей қойған.

Есен-Темірдің осындай бір орда ішінің ұйқы-тұйқысын шығарып, жанын қоярға жер таппай жүргенінде, ордаға Үгедей ұрпағы Әли-Сұлтан келген. Өзінен-өзі қорқып, алас ұрып жүрген ханды көріп, оған босағада қақпағы ашық тұрған, бұрын Есен-Темір өзі тығылып жүрген абажадай сандықты көрсеткен.

— Жат мына сандыққа, сонда сені ешкім таба алмайды,— деген.

Есінен адасқан Есен-Темір жүгіріп барып жата қалған. Сосын Әли-Сұлтан сандықтың кілтін қалтасына салған да, аспай-саспай хан тағына барып отырған.

Үй ішіндегі нөкерлерге:

— Қазір осы төңіректегі орда қызметкерлерін, ханның әйелдерін тегіс жинап, осында алып келіңдер,— деген.— Сандықты керек кезінде өзім ашамын.

Нөкерлер далаға шыққан. Олар орданы қоршап тұрған Әли-Сұлтанның әскерін көрді. Мұндай күтпеген оқиғаға әбден еттері үйренген нөкерлер дереу жұртты жинай бастады.

Ал Әли-Сұлтан енді сандыққа құлағын салды. Әлденені сөйлеп жатқан Есен-Темір, кенет айқай салды.

— Ойбай, тұншығып барамын! Аш! Аш! — деді.

Әли-Сұлтан үн-түнсіз сандықтың үстіне отырды.

Есен-Темір ұзақ тарсылдатты. Әли-Сұлтан орнынан қозғалған жоқ. Есен-Темір әбден үні өшкен кезде түрегеліп таққа барып қайта отырды. Сосын кенет түрегеліп, төрде керегеде ілулі тұрған ханның алтын тәжісін алып, басына киді; «ылайық па екен?» дегендей босаға жақтағы қола айнаға қарады. Қуанғанынан езу тартып күлімсіреді. Қайтадан барып таққа отырды. Сабырлы түріменен күміс қоңырауды шылдырлатты. Есік алдында еңгезердей дәйекші пайда болды. Үйге біртіндеп бастарын иіп уәзір, нөкер мүләзимдер мен ханның алты әйелі кірді.

— Сырттағы әскерді көрдіңдер ме? — деді Әли-Сұлтан.

— Көрдік,— деді үйге кіргендер бастарын бұрынғыларынан да ие түсіп.

— Көрсеңдер...— Әли-Сұлтан сәл кідіре сөйледі.— Есен-Темір пақыр дүние салды... Ал қазірден бастап Мауараннахрдың ханы менмін.

— Құп, тақсыр! — деді үйдегілер бастарын шұлғып. Сосын Әли-Сұлтан қатар тұрған Есен-Темірдің алты қатынына қарады. Бәрі де жас, үріп ауызға салғандай сүйкімді екен.

— Мен мұсылманмын,— деді ол.— Сондықтан маған алты қатыннан артық қатын алуға шариғат қоспайды. Ал сендер өте ұнап тұрсыңдар. Амал жоқ, бұрынғы алты қатынымды талақ етіп төркіндеріне қайтарып, енді сендерді аламын. Алты қатын бірдей ризалықтарын білдіріп тізелерін бүкті.

— Ал енді бәрің де кетіңдер. Тек бас уәзір қалсын,— деді.

Үйде тек Әли-Сұлтанмен тілектес хан тағын бүгінгідей етіп алуға ақыл берген ұзын бойлы қара сақал кісі ғана қалды.

— Сен, орда күзетшілеріне мұқият бол,— деді оған.— Ал қазір, есік алдында тұрған әскер басшылар кірсін!

...Жамандық жұқпалы ауру тәрізді Әли-Сұлтан да өте қанқұмар хан болып шықты. Осы Әли-Сұлтанның кезінде тағы бір жан түршігерлік оқиға өткен.

Өзбек ханның әмірі бойынша өлім жазасынан босанған Сақып-Жамал мен Бөбеш Ақбереннің пілдер таптаған қырғыннан аман құтылып, мыңға жуық жолдасымен Мауараннахр жеріне кеткенін естіген. Бұл кезде Сақып-Жамал Ақбереннен екі қабат еді. Орда маңайынан қуылған екі әйел. Сақып-Жамал аман-есен босанғаннан кейін, Ақберенді іздеп Мауараннахрға бет алған. Арып-ашып, Жезақ даласын жайлаған Қыпшақ пен Маңғыл ауылдарына жеткен. Осы жерде олар Ақберен басқарған құлдар тобының, Жағатай хандарының әскерлерінен қатты жеңіліп, быж-тыж боп жан-жаққа тарап кеткенін естіген.

Барар жер, басар таулары қалмаған екі әйел. Хорезмге жататын өз ауылдарына барғылары келмеген. Жақсы ит өлімтігін көрсетпей өледі дегендей, өздерінің мұндай күйге ұшырағандарынан қорланып, не болса да басқа елге сіңіп кетуді дұрыс көрген.

Қарға тамырлас қазақ, сұрай келе ағайын болып шығатыны белгілі. Өстіп жүргендерінде, Жетісудан Әндижан арқылы келген бір керуеннің Бөбештің нағашы жұрты, Алмалық маңайындағы Үйсін елінен екенін білген. Керуен басшысы қарт бұрын Хорезмде де талай болған екен, бұрын бір рет көрген Бөбешті танып, өздерімен бірге нағашы еліне алып кетпек болған. Бұрынғы сәнді, салтанатты түр-келбеттен айырылған қос әйел, екіге жетіп қалған Сақып-Жамалдың сәбиін кезек-кезек алдарына алып әлдилей, нардың қомының үстінде керуенмен бірге Жетісуға жүріп кетті. Шағын керуен ұры-қарақшылардың көзіне түспейтін құм арасындағы сүрлеу, тау қойнауларындағы мал ғана өтетін шатқал, жыралармен Алмалыққа таяй берді... Тек, әттең, Алмалыққа үш күндік жол қалғанда, сылдырлай аққан бұлақты бір жартастың түбінде қонып жатқан керуенді ойламаған жерден бір қарақшылар тобы келіп шапқан. Қас қарайып кеткен кезі еді, жаңа ғана кешкі астарын ішпек боп дайындыққа кіріскен жолаушылар, шоқпарлы, сойылды, қырық-отыз салт-атты жігіттер үстерінен сау ете түскенде, еш жаққа қаша алмай қалды. Бұл Жекенші ханның дүрілдеп тұрған кезі еді. Нәсірәни шіркеулерін қолдап, мұсылмандарға аямай соққы беріп жатқан. Қарақшылар Жекенші ханмен тілектес бұзықтар екен. Олар жолаушыларды тонап қоймады, өздерін Үргеніш, Бұхар базарларына апарып сатуға, алдарына салып айдап кетті. Кешкі ас алдында, қамыс арасына өз шаруаларымен барған екі әйел мен жас нәресте ғана аман қалды. Олар арып-ашып, өлдім-талдым дегенде сай бойында аздаған қой-ешкілерін бағып-паналап отырған бір қараша ауылға келіп жетті. Қонақ десе қоң етін кесіп беретін бишара мейірімді жұрт өздерінің малдарының ет-сүтін талшық етіп отырғандарына қарамай, дауылды күні жапан түзге біткен топ шиді паналаған боз торғайдай, түні бойы зәре-құттары қалмай әбден шаршаған екі әйелге барларын беріп, естерін жинатқан. Осы ауылда бұлар, Алтын Емел мен Іледе құм жуып жатқан құлдар мен кедей шаруалардың ауыр тұрмысқа шыдай алмай, Жекенші ханның жұмысты басқартып қойған қиянатшыл бастықтарының қорлығына қарсы бас көтергендерін естіді. «Оларға Алтын Емел құятын Іле өзенінің басында балық аулап, егін егіп жүрген кедейлер де қосылыпты»,— деген бұл әңгімені айтып отырған күс-күс қолды қара бұжыр диқан.

— Ол жұртты басқарып жүрген біреу бар ма? — деді Сақып-Жамал, әлденеден дәмеленгендей.— Дұрыс адамдар басқармаса, босқа қырылып қалады ғой ол бишаралар.

— Бар деді кісі.— Керемет ақылды адам. Аты — Ақберен. Әттең не керек, бұл сорлы жұрттың басы қосылған ба, егер ел болып соңына ере алсақ, мықтыларға ұпайларымызды жібермейтін түрі бар...

Сақып-Жамал мен Бөбеш біріне-бірі қарады. Бірақ тіс жарып Ақберен жайында жұмған ауыздарын ашқан жоқ.

Олар сол күннің ертеңіне Алтын Емелге қарай беттеді. Сыңсып отырған қазақтың бір ауылынан бір ауылына жетіп, жаз өте Алтын Емелге жуық қалды. Бұл тұста Жекенші хан өліп, оның орнын басқан Есен-Темір жынданып, Жағатай тағына Әли-Сұлтан отырған-ды. Тағы Жетісу бойы қара түнге айналған. Кеше мұсылмандарға нәсірәни христиан дініндегілер қиянат істесе бүгін оларға мұсылмандар зорлық көрсеткен. Алмалықтағы шіркеуі біржолата тып-типыл етіліп, осы қаладағы Авиньион папаларының миссионерлері тегіс өлтірілген. Әли-Сұлтанның өзінің айдауымен қара бұқара діншіл мұсылмандар болып, молда, мұрит, кәри, имамдарының азғыруыменен, бұлар жалпы христиандарға қарсы аттанған. Қолдарына түскендерін, кедей, байына қарамай таспен ұрып өлтірген, дүние мүліктерін талан-тараж етіп талаған.

Жетісу бойының осындай қайғылы кезінде, Сақып-Жамал мен Бөбеш үшке шығып қалған нәрестелерін арқалай тағы бір қараша ауылға келіп қонған. Түніменен жүрсе, таң сыз бере бұлар көтерілісшілерге де жетіп қалатын еді, бірақ бұдан әрі жүруге әлдері бомай амалсыз тоқтаған.

Екі әйел үй иелері асқан азғантай етті жеп, қолдарына құрт езген саптыаяқтарды ала бергендерінде, Алтын Емел жақтан түнделете көшкен көп ел ауыл үстін басып кетті. Қараша ауылды бүйірлеп өткен жылқының кісінегені, сиырдың мөңірегені, түйенің боздағаны қараңғы түнді үрейге толтырды. Ауыл үстін алып кеткен қой, ешкінің маңырағанынан, жас балалардың жылағанынан, әлдекімдердің айқайлағанынан, қатындардың біреулерді қарғағанынан құлақ тұнарлық. Әп-сәтте ауыл үсті азан-қазан болды да қалды. Мұндай әбігерлену тек жау келгенде ғана болатынын білетін үй ішіндегілер, зәре-құттары қашып, үрпие-үрпие орындарынан ұшып-ұшып тұрды. Сөйткенше, үйге бір қаба сақалды кісі кіріп келді.

— Отағасы, не боп қалды? — деді үй иесі мосқалдау келген бүкір кісі.— Жау тигендей қайдан шұбырып келесіңдер?

Қара сақал кісі үй ішіндегілерге тандана қарады.

Әлде сендер естіген жоқ па едіңдер, ана алтын жуып жатқан ауылдардан, тірі жанды бір тәулікте қырып салатын оба деген сұмдық кесел шығыпты. Хан нөкерлерін күн батқаннан бері, сол ауылдардың маңайындағы елді Кеген, Нарынқолға қарай қуып жатыр ғой. Ал сол апат шыққан ауылдарды бүгін түнде өртеп жіберетін көрінеді. Егер одан бір адам, не бір тайынша аман шығып бізге қосылар болса, біреуің қалмай қырыласыңдар дейді - хан нөкерлері. Сол ғой мына жұрттың бас сауғалап шұбырып бара жатқаны...

Сөйткенше болған жоқ сырттан зеки шыққан дауыстар қаптап кетті.

— Ал, сендер неге отырсыңдар?!

— Қане, жығыңдар үйлеріңді!

— Бишара-ау, Алтын Емелде жұрт қырылып жатыр, егер дәл қазір көшіп кетпесеңдер, таң атпай ол жұқпалы апат бұл араға да жетеді!

— Кәне, бол! Жығыңдар үйлеріңді.

— Дереу, дереу, кетіңдер бұл арадан!

— Бірің қалмай көшіңдер!

— Малдарыңды, малдарыңды айдауға бір екі жігіт бөліңдер!

Бұған ауыл адамдарының үрейлі дауыстары қосылды.

— Қараң қалсын, қараң қалғыр! Қай бір бізде мал бар? Өзіміз аман құтылсақ, оған да тәубе.

— Қара ана балаларға!

— Ой, тәубе! Естімеген елде көп, ондай да кесел болады екен-ау!

— Түсір шаңырақты!

— О, алла тағала, өзің сақта!

— Ақсарбас! Ақсарбас!

Қайдағы ақсарбас! Қотыр ешкіден бөтен дымың жоқ! Өлейін деп жатсаң да құдайды алдағың келеді! Одан да ана қара қазанды арқаңа таң! Қалмайық мына босыған жұрттан.

Жылаған бала, түнгі тыныш ауада сампылдай шыққан үрейлі дауыстар, әп-сәтте ауыл біткен азан-қазан болды да қалды.

Сөйткенше үйге қылышын сүйреткен бір жас жігіт кіріп келді.

— Ал, сендер неге үйлеріңді жықпай отырсыңдар? — деді ол даусын қаттырақ шығарып.— Әлде хан әскерлері шауып кеткенін күтесіңдер ме?! Ал, тұрыңдар! Тұрыңдар!

Үй иесі менен әйелі орындарынан атып тұрып, сасқалақтап, біресе ана затын, біресе мына затын сыртқа қарай сүйрей бастады.

— Абыржымай істеңдер,— деді жас жігіт. Үлгіресіңдер.

Сақып-Жамалға жігіт таныс секілді көрінді. Оған қарай қалды. Бір сәт жігіт те көз тастады.

— Сақып-Жамал апа?! — деді ол кенет дауыстап жіберіп.— Бұл жақта қайдан жүрсіз?

Жігіт Үргеніштен екен. Кішкентай кезінде шешесі Сақып-Жамалдың қызметкері болған. Балажан Сақып-Жамал қызық көріп кейде бұған өрік, мейіз, асық беретін. Бертін келе шешесі өліп, баласы Бұхардағы туыстарына кеткен деп естіген. Осыдан үш жыл бұрын әлдеқалай біреуден бұны хан сарайында сүлгіші болып жүр деген хабар алған.

— Япырмай, қалай жүдеп кеткенсіз? — деді жігіт оған аяй қарап.— Бір сұмдыққа іліккенсіз ғой.

— Ол ұзақ әңгіме,— деді Сақып-Жамал.— Ал мына сұрапыл не? Алтын Емелдің адамдары шын қырылып жатыр ма? Біз солай қарай бара жатыр едік.

— Иә, қырылғалы жатыр,— деді жігіт. Сөйдеді де Сақып-Жамалға еңкейе сыбырлады.— Жүріңіз, түсіндірейін.

Жігіт әйелдерді ертіп, жыққалы жатқан үйден сәл әрірек апарды.

— Қорықпай-ақ, қойыңыздар,— деді сыбырлай сөйлеп.— Алтын Емелде еш оба жоқ... Ол жерде хандардың қиянатына бас көтерген кілең жау жүрек адамдар бар. Таққа жаңа отырған Әли-Сұлтан хан сол ереуілшілерді үй-мүйлерімен, оларға жаны ашыған сол маңдағы төрт бес ауылдарды қосып, біржолата өртеп жіберіңдер деп бұйрық берген. Бұл қылмысты халық көрмесін деп, ал көре қалса, сөз етіп жүрер, тіпті араша түсер деп қорқып, «Алтын Емелде қорқынышты жұқпалы апат бар» деп жалған лақап таратып, маңайындағы елді көшіріп жатыр, Алтын Емел күрескерлері бұны білмейді. Түн ортасы болғанша жұрт бұл арадан кетіп болады. Сосын түн ортасы ауа хан әскерлері ол ауылдарды қоршап алып, жан-жағынан өрт салады. Бірде-бірін сырт шығармай, бәрін ауыл-мауылменен өртеп жібермек. Ал алда-жалда біреу-міреуі өрттен құтыла қалса, ондай адамды қоршап тұрған әскер табанында өлтіру керек. Хан өтірігі шықпасын дейді ғой.

— Ойпырмай, мұндай да сұмдық болады екен-ау!

— Уай, жеңеше-ай несін айтасың! — Ол Сақып-Жамалға сәл жақындады. Ол бишараларға хабар берер мүмкіндік болмай қалды. Көзінен титтей таса кетсең, жасақ бастығы біліп қалады... Ал хабар бермейін десең, соншама жұрт босқа қырылады ғой.

Шешім өзінен-өзі келді.

— Ат тауып бер, мен барайын,— деді Сақып-Жамал. Сөйтті де қолынан ұстап тұрған баласын Бөбешке берді.— Апажан, өзіңе тапсырдым. Алда-жалда бірдеме болып кетсем...— Ол сөзінің ар жағын айта алмады. Еңкейіп баласының бетінен кезек-кезек сүйді.

— Бар! Тезірек Ақберенге жет! — деді Бөбеш кенет бойын жинап алып.— Бөпең үшін қам жеме! Құдай бұйыртса соңдарыңнан бізде жетеміз...

— Жүріңіз, жеңеше! — деді жас жігіт.— Мына аласапыранда сіздің о жаққа кеткеніңізді ешкім де білмейді.

Қара бұлт жапқан аспан да қап-қара. Үйтілген терідей, өртенген жер де қап-қара. Екі қара әлемнің ортасындағы дүние де қап-қара. Тек осыншама қап-қара жер жиһанның ішінде, селдір бұлтты жамылып көк жиектен шығып келе жатқан күн көзі ғана қып-қызыл. Бар әлемді жұтуға жер астынан көтеріліп келе жатқан бір ғажайып айдаһардың көзіндей.

Қап-қара дүниені кезіп қара жамылған бір әйел келе жатыр. Жетектеген кішкентай баласы бар. Бұл Бөбеш. Ал жетектегені Сақып-Жамалдың ұлы. Бөбеш егіліп жылап келеді. Көз жетер жерде тірі жан түгіл, бір тал шөп көрінбейді, бәрі өртеніп кеткен... Кенет қарлыға, жасқа бұлыға шыққан Бөбештің сарнай айтқан әні естілді.

Дүние неткен қара, неткен қара,

Жүректі қан жылатқан неткен жара,

О, тәңірі, не жазып ем саған мұнша,

Күшсіз ел, сорлы ана, жетім бала...

Ән жүректі тырнағандай өткір және қайғылы. Бөбеш бірдеме іздегендей жердей басын алмайды. Ал жетектеп келе жатқан кіп-кішкентай бала, дүниеде еш озбырлық, қиянат жоқтай жан-жағына таңдана қарайды. Балаға Бөбеш те оқта-текте таңдана қарайды. Шешесінен айырылғалы өлі бір рет жылап, не нан сұрап көрген жоқ. «Сірә ештеңе түсінбей келе жатыр-ау» дейді ішінен, қасыреттен тұншығып өлуге таяу Бөбеш.

Осы кезде бұлардың үстінен қаңқылдай әндетіп бір топ қоңыр қаз ұшып өтті.

— Қара, әже! — деді, бала кенет шаттана айқайлап жіберіп.— Әне, әне, ана қаздар бізді көрді! Біздің айдалада адасып жүргенімізді апама айта барады! Ол жігіттерін жіберіп таптырып алады. Не өзі келеді. Апам мені иісімнен таниды...

Баланың сөзін естіп, Бөбеш шыдай алмай тағы жылап қоя берді.

— Неге, неге жылайсың, әже? — деді бала тағы былдырлай сөйлеп.— Әлде әлгі қаздар біздің мұнда адасып жүргенімізді апама айтып бармайды дейсің бе?

Ағыл-тегіл жылаған Бөбеш баланың бәрін ұғып келе жатқанына таң қалды. Оны бауырына қысып, екі бетінен кезек-кезек сүйді.

— Айтып барады, құлыным, айтып барады.

Бірақ кімге айтып барады? Бөбеш жан-жағына тағы қарады. Бәрі-бәрі күйген. Кешегі бұл арада отырған ауылдар да! Хан, әмірлерге қарсы шықпақ боп қолдарында найза, қылыштарын жалақтатқан ер жігіттер де... Бәрі күйген! Бәрі біткен! Осынау күйген, күйреген әлемді көрген қаздар, айдалада қаңғып жүрген ана менен баланың барын кімге айтады? Ешкімге де айта алмайды! Бәрі біткен! Бәрі күйіп өлген!

Жоқ, Бөбеш қателескен еді. Сақып-Жамал дер кезінде жетіп үлгірген. Хан әскеріменен соғысқа шықпаққа тастай түйініп дайын отырған ауылдар мен алтын жуушы көтерілісші жігіттер, хан әскері қоршап үлгірмей сонау Шығыс Түркістанға қарай босып бара жатқан жұртқа қосылып үлгірген.

Таң алдында бұл араны тегіс қоршап, өрт салған хан әскері бұны білмеген. Лаулап жанған, бос қалған ауылдар мен көтерілісшілердің шатырларын қараңғыда көріп, адамдары да бірге өртеніп кеткен шығар деп ойлаған.

Бірақ сонау Шығыс Түркістанға өтіп кеткен Ақберен мен Сақып-Жамалды кім көрген? Айдалада қаңғып қалған әйел мен жас балаға оны кім айтар? Ал олар қайта оралғанша кім бар, кім жоқ? Жазмыш деген міне осындай. Ойламаған жерден соққан дауыл тәрізді. Сондықтан да қырсығы арылмаған Бөбеш Сақып-Жамалдың үш жасар бөпесімен осы жақта қала берген.

Иә, анасы мен баласы осылай оңай айырылған сұм заман да, бұл таң қаларлық оқиға емес еді. Үш жасар баланың тірідей жетім қалғаны тек Бөбешке ғана батты. Одан бөтен ешкімге батпады. О да бұны тағдырдың жазғаны деп ұқты.

Ал тарихтағы Жетісуда 1337-1338 жылдары оба болды деген хабар осы оқиғадан туған.

Тағы Иранға қарай борт-борт желген Алтын Орда жауынгерлері Тоқпақ жалды, құшақ құйрық аттар үстінде көк найзалы, қисық қылышты, жеңіл темір қалқанды Дәшті Қыпшақ жігіттері.

Қосындарының алдында желмен ойнаған ақ тудың астында теңбіл көк, жалын құйрық, қаз мойын сәйгүлік мінген Өзбек ханның өзі. Тұтқасына алтын әріптермен өзінің есімі жазылған, қисық көк құрыш қылыш белінде. Бір жағында — сүйек сапты қабы күміспенен оюланған ұзын қанжар. Өткір ұшты көк құрыш найзасын, ағаш ерінің биік қасына көлбете ілген. Ер айдаһарлардың бейнелерімен ойылған жалпақ сом күміспенен қақталған. Қорамсағында сүйек басты ысқырық дыбысты әйгілі жебелері. Ерінің сол жағында жезбенен әшекейленген жеңіл темір қалқан. Сүйек бунақты садағын арқасына іліп алған. Үстінде темір торлы сауыт, басында сондай темір дулыға.

Атқа жеңіл, ұрысуға ыңғайлы болсын деп қару-жарағының бәрін ықшамды еткен және салт атты адамға ең керектілерін ғана тағынған. Шыңғыс пен Бату бабаларының кезіндегідей хан қару-жарағын алып жүретін арнаулы хұршысы жоқ, бәрі өзімен бірге.

Тағы бір ерекшелігі: Берке, Құтлық Темір, Тоқтайлардай Өзбек хан әскерінің бүйірінде емес, ең алдында, қосындарын өзі бастап келеді.

Соңынан ерген жауынгерлері де өзі тәрізді, ат үстіне лайықты жеңіл қаруланған.

Ханнан бұлардың екі-ақ айырмасы бар, көбі темір сауытсыз, тек іштерінен торлы кеудешелер киген. Бұдан басқа, хан тәрізді, қосалқы аттарын ұстап келе жатқан арнаулы кісілері жоқ, бос аттары өздерінің жетектерінде.

Тоқпақ жалды тор айғырлар, тоқтау білмей, борт-борт желеді.

Ордалы жылан тәрізді түсі суық, жер қайысқан қол лек-лек боп жазық даладан әтіп, Теріскей Кавказдың таулы қойнына таяп келеді.

Ханның соңында, Алтын Орданың алтын туының астында, ақ бақай қос кер жүйрік мінген Тыныбек пен Жәнібек.

Бұлар да әкелеріндей, темір сауытты, көк найзалы. Олардың соңында әскери қолбасшы әмір, батырлар. Әр қосынның, бұлықтың алдында өз қолбасшылары, өз жалаулары.

Бұл Жылқы, яғни 1342 жылы еді.

Биыл Иранда да бұл жыл қияпат ауыр жыл болған. Көктем шыққалы бір тамшы жаңбыр жаумаған. Күн наурыз айы басталысымен-ақ шаңқайып, жер-дүниені күйдіріп тұрып алған.

Көкек айы тумай жатып Кавказдың биік таулары мен құздарының басындағы қарлары еріп біткен.

Ал мамыр айында, қарлы, жаңбырлы жылдары гүрілдей, буырқана, бұрсана ағатын долы тау өзендері, сулары тайызданып, кей жерлерде ат толарсағына жетер жетпес боп таусыла жүгірген.

Өзбек хан табиғаттың бұл қырсығын да пайдаланғысы келген. Сол себептен де ол төрт жүз атты әскерімен суы бірталай тартылып қалған Дербент шатқалына асыға жүріп келе жатқан.

Арран мен Ширванды аламын деп Өзбек хан бұдан бұрын да Иранға бірнеше рет аттанған.

Бірақ қайдағы жоқ бір жағдайлар кездесіп, кейде жеңіліп қалып, Әзірбайжанды өзіне қарата алмаған. Аздаған жеңіске жеткен кездерінде де, оны өзіне ұзақ бағындырып отыруға мүмкіндігі болмаған.

Ал бұл жолы ол тек Арран мен Ширванды ғана емес, Иранның кеме жүретін Қара теңіз жағалауларын тегіс Алтын Ордаға қаратпақ ойда еді.

Оған өзінің күші де жететіндей де еді. Алтын Орда бұл тұста Әзия мен Шығыс Европадағы ең мықты мемлекеттің бірі-тін.

Ал Иранның ең әлсіреген кезі. Құлағудың ұлы хандығын әр әмір, шынжыр балақ, шұбар төс бай-манап алпауыттар өздеріне жеке әмірат етіп бөліп алған.

Оның үстіне ар жағыңдағы Бейбарыс мемлекеті де шабуылын тыймаған.

Бұлар аз болғандай күшейіп келе жатқан Осман империясының да алыстан шыққан ашулы айқайы естіле бастаған.

Міне, осындай жағдайда суы тайызданып қалған Дербент шатқалдарымен Алтын Орданың қалың әскері Дербент қақпасының түбінен бірақ шықты.

Бұдан әрі он шақты күннің ішінде Ширванның біраз жерін алып, енді Алтын Орда қолы Кура өзеніне таяй түсті.

Бірақ ақсарбас құрбандық етіп аттанған Өзбек ханның жорығын алла тағала қабылдамаған екен.

Сірә Өзбек ханға Иранды жаулап алу жазмышында жазылмаса керек-ті, күннің ыстығының арқасында әскерінде іш ауру пайда болды. Ал тебінге үйренген Дешті қыпшақ жылқысы күннен күйіп кеткен далада оттайтын шөп таба алмай өле бастады. Қолдан берген жем оларға азық болмады.

Осындай жағдайда, Грузияға таянған жерінде кенет ыстықтан жүрегі қабынып кетіп, Өзбек ханның өзі дүние салды.

Алтын Орданың шаңырағы күйрей жерге түсті.

Отыз жыл басқарған айбарлы хан өлді.

Ханы өліп әскері қиындыққа ұшырап жатқанда, қандай қолбасшы жұртты аттанысқа үгіттей алар. Өзбек балалары да соғыса берейік дей алмады.

Өзбек ханның өлімін сылтау етіп, хан кеңесі кейін шегінуді ұйғарды. Алтын Орданың алтын тағына Өзбектің үлкен баласы Тыныбек отырды.

Хан тағына жаңадан біреудің отыруы — жаңа айқастардың басталуы. Әсіресе бұндай қасиет Шыңғыс ұрпақтарына тән қасиет. Әрине, бұл айқастың басы бірнеше әулеттердің пікірлесіп келіп, өздеріне саяси бағыттары, тілек-мақсаттары қарсы басқа топтармен дай-дай боп алысуынан шығады. Шыңғыс хан жасысы бойынша бұрынғыдай хан сайлау үшін бұл тұста Құрылтай шақырылу мүлдем қойылған. Бірақ әлі де болса, үстемдіктері жүріп тұрған аға әмір, билер тілесе, сол жасыстың, хан тағы үлкен баласынікі деген тәрізді кей ережелері қолданылып та қалатын. Осындай жолменен хандыққа жеткен Тыныбектің де қорғайтын, жақтайтын күшті тобы бар. Оның үстіне, Өзбек хан өлер алдында, хан тағына үлкен ұлым Тыныбекті отырғызыңдар деп өсиет айтып кетті деген қауесет сөз де жұрт арасында таралулы болатын. Көреген, білгір Өзбек ақылды, парасатты ортаншы ұлы Жәнібекті қаламай, тоң мойын, бір беткейлігі болмаса ойға да шорқақ үлкен баласы Тыныбекті неге хан тағына лайық көрді? Бұл әрине жұртқа жұмбақ дүние еді.

Ал Тыныбекті жақтайтындар — негізінде Иран елінен келген Алтын Орда қызметіндегі діни адамдар, сауда-саттық пен басқа мемлекет істерінде жүрген оқығандар еді. Және Қырымды билей бастаған генуялық саудагерлер, Кавказ черкестері алан, осетин князьдары мен бұлғар, оғұз бекзадалары болатын. Бұлардың Тыныбек жағына шығатын түрлі-түрлі себептері де бар.

Өзбек хан Қой, яғни 1331 жылы осы үлкен ұлы Тыныбекке Иранның белгілі әмірі Хүсейннің баласы Шәйелі әмірдің қызы Ануширван-қатынды алып берген.

Өзбек пен Хусейн төс ұрысқан құда болған. Ал төрт жыл өткеннен кейін, Құтлық Темір дүние салып, Өзбек Ираннан шегінетін жорығында, осы құдасы Хүсейн мен Алтын Орда бетпе-бет келер жау болып қайтқан. Елдеріменен елдері, әкелері мен әкелері жауласқан Тыныбек пен Ануширван-қатынның жұбайлық хәлдері қиынға айналған. Мұндайда мұсылман дәстүрі бойынша, ері әйелін талақ етіп, төркініне апарып тастауы керек, не қатыны төркін жұртынан безіп түскен елінің жағына мүлдем шығуы керек. Екеуі де бүйте алмады. Тыныбек әйелінің сұлулығын, заттылығын және одан туған екі жасар баласын қия алмаса, ал Ануширван-қатын туған елін өзіне жоқтатпай отырған маңындағы иран адамдарын, оқымысты мүләзим, саудагер, діни кісілерді жанынан қууға дәті бармады. Орда маңынан оларды қуу үшін — оларды Дәшті Қыпшақ жерінен Иранға қайтару керек еді. Хан келінінің бұ қылығын және Тыныбектің боз өкпелігін бұларға қарсы топ әжептәуір пайдалана білді. Сонда барып бұл іске генуялық саудагерлер кіріскен.

Осындай жағдайда черкес, бұлғар, генуя саудагерлері Өзбек ханның өзіне айтып, болғалы тұрған жанжалды тоқтатқан. Сол күннен бастап Тыныбек пен Иран, Қырымдағы Генуя колониясының алаң, черкес, оғұз саудагер бекзадаларының байланысы күннен күнге күшейе түскен.

Тыныбекті жақтайтын бұл саудагерлер мен Жәнібек жақтағы мұсылман қауымның, оның ішінде Хорезм мен Дәшті Қыпшақ саудагерлерінің арасы сол күндерден бастап, екі жақ боп шиеленісе түскен.

Бір жаты Тыныбектің, ал екіншісі Жәнібектің хан болғанын тілеген.

Бұл күреске енді ел басқарып отырған әмірлер, билер, бекзадалар да ат салысқан.

Күрес әбден шиеленісіп кетпей тұрып, ойда жоқ жерден жорықта Өзбек хан қайтыс болып, оның өлердегі өсиетін тілге тиек етіп, билік Тыныбекке көшкен.

Нәсілі сабырлы Жәнібек, ойындағысы болмады деп бәлендей күйіп-пісе қоймаған. Күйінсе де, ренжісе де ішіне сақтап, ешкімге шоқпар ала жүгірмеген.

Және парасатқа салып, ағасы Тыныбекке бағынбастық сес көрсетпеген.

Бірақ дүние атақ, бақ, махаббат дегендерден күшті ештеңе тағы жоқ. Бұлар туысқандық, бауырлық сезімдерден анағұрлым адамның өз жүрегіне жақын жаралған. Ал Шыңғыс ұрпақтарына әсіресе таққа отырудан асқан тілек болмаған. Бұны арман етпеген дүниеден бірде-бір хан ұрпағы өтпесе керек-ті. Жәнібекте де осы ауру күшті еді. Бір Өзбектің екі ұлы таққа таласып қан-жоса болып жатқанымыз жөнге келмес деп ол қанша өзін басқаныменен, асау арман ішке сыймайтын Ескендірдің қос мүйізі емес пе, жанын түрткілеп әбден маза бермеген.

Әйтсе де Жәнібек шыдай білген.

Бірақ алтын тақтың аты алтын тақ, ақыл-ойын билеп шыдатпаған.

Жәнібек осындай екі оттың ортасында жүргенде бір оқиға болды. Жәнібек тоқалы, былтыр алған черкес қызы Жанбике-ханымды да жанындай жақсы көретін.

Ал таутекедей Кавказдың шың, құзында еркін өскен Жанбике-ханымның, Алтын Ордаға келін боп түсісімен бірден өзінен екі-үш жас қана үлкен Жәнібектің кіші інісі Хызырбекке көңілі ауды.

Бұл қылығының күнә екенін жас келіншек те жақсы білетін.

Бірақ жүрекке бұйыра аласың ба? Ыстық қанды тау қызы өз жүрегіне өзінің әмірін өткізе алмады.

Ал Хызырбек құр ғана жас емес еді, ол алғыр, өрт мінезді жігіт болатын. Бұ да Шыңғыстың өзге ұрпақтарындай өзімшіл, қызғаншақ жаратылған жас еді.

Ол ағасы Жәнібектің өзінен оның жас тоқалын қызғанады. Сол қызғаншақтық жүрегін от боп өртеп, толқын боп тулап маза бермей, ақыры Жанбикенің құшағына енген соң барып тынышталған.

Хызырбек жүрегінің сол тыныштығынан айырылып қаламын ба деп Жәнібектен сескене берген.

Сол сескену ақыры Жәнібекті жек көргіздірген. Оған деген қастық сезімге айналған.

Ал Жәнібек болса, ағасы Тыныбектен, інісі Хызырбектен, ақыл-ой, дарын, мінез-құлық, парасаттық жағынан да жұрт алдында абыройлы еді.

Тым абыройлы еді.

Мұндай қасиеті артық адамды қасиеті төмен кісілердің жек көретіні тағы белгілі. Тыныбек пен Хызырбек те Жәнібекті жек көрді.

Ал Жәнібек жалғыз інісі Хызырбекті жақсы көретін. Оның өзіне істеп жүрген опасыздықтарынан тіпті бейхабар еді. Әсіресе Жанбикемен екеуінің арасындағы оқиғаны білмейтін...

Бірақ оны бір адам білетін.

Ол адам Жанбике мен Хызырбектің табысуына өзі себепкер болған. Енді өзі осы екеуінің айырылысуына себепкер болғысы келді. Өйткені бұл да өзгенің қуанышын көре алмайтын, іші тар жан еді.

Оның үстіне Жанбике мен екеуін табыстырғаны үшін Хызырбектен алғаны көңілінен шықпады. Дүниенің бар қызығын Хызырбек көріп, өзінің бір уыс күміс ақша үшін сатылғанына қорланғандай болды.

Жәнібек ордасы да кей жазда, әкесінің соңғы жылдардағы жайлауы, теріскей Кавказдағы Бештау өңіріне шығатын. Ал биыл, «Айналайын, Ақ Жайық, ат салмай өтер күн қайда?» деп Доспамбет жырау толғаған ағысы өрен, суы терең осы Ақ Жайық бойына келген. Ал Хызырбек ауылы бұрын үнемі Тыныбек ордасыменен бірге көшетін. Былтырдан бері бұның ауылы да Жәнібек Ордасымен бірге көшуді шығарған. Биыл да Хызырбек Тыныбектің жайлауына бармай, Жәнібектің көшіне ерген. Ол ат үстінен қарағанда көк орай шалғын арасында жатқан жұмыртқалардай, кілең ақ боз отаудан көтерілген сәнді аулын, ортаншы ағасының боз ордалы, ай жалаулы үлкен аулына тақап әкеп қондырған. Екі ауылдың ортасында кішкентай қамысты қарасу бар, аралары көп дегенде тай шаптырымдай.

Жәнібектің Ордасы тігілген тұстың батысы да, теріскейі де сыңсыған ел. Он шақты ауыл Жәнібектің өз көшіне жатады, қалғандары Қыпшақ тайпаларынікі. Олардың дәл ортасында боз ордалы, күміс бақанды, атағы жаңа дүрілдей шығып келе жатқан Төре бидің аулы. Жәнібек те биыл жайлауға осы бидің шақыруыменен Ақ Жайық өңіріне келген.

Биыл Ақ Жайық қатты тасып, бүкіл өңірді алып кеткен суы кеш қайтқан. Жер бетіндегі қар кетіп, күн жылынысыменен-ақ құнарлы жердің көгал шөбі ду ете қалған. Сосын көп кешікпей жер кеуіп, қош иісті көк майса ұшы-қиыры жоқ даланы жасыл кілемдей жапқан. Сонау Сарай-Берке маңынан Жәнібек ауылдары жайлауға келгенде Ақ Жайықтың екі жағы бірдей, жас қайың, жасыл талмен көмкеріліп, ойпат, қырлары сарғалдақты, қызғалдақты көк орайға көмілген еді.

Көгілдір көлдер. Толықси аққан Ақ Жайық, Айнадай ашық көкторғын, көкпеңбек аспан. Жайқалған жасыл шалғынды жасыл дала. Сол дала да сыңси қонған ел. Көл, өзендер үстінде быжынаған қаз, үйрек... Төскейде бықыған мал...

Дүние біткен тыныштыққа, қуанышқа бөленген.

Ал осындай қаннен-қаперсіз шатты дүниеде, тағы да қан төгілер сұмдық басталар деп кім ойлаған.

Жәнібек күнде таңертең, ауыл әбден оянып әдеттегі тіршілігіне кіріскенше, жанына бір-екі құсбегі, аңшы жігіттерін ертіп, сырттағы қамысты көл жағасына барып, қаз-үйрекке сұңқар, ителгі, не қырғи салып қайтуды жақсы көретін еді.

Әсіресе, кіп-кішкентай, мықтағанда жұмырықтай ғана, қырғидың өзінен үлкен шөрегей бауырына кіріп, қанатының топшысын қиып жіберіп, төмен қарай құлай түсе, жерге бір құлаштай қалған кезде, үстіндегі үйректі төңкеріп тастарын қайтерсің. Жәнібек бұндай суретке разы болатын. Ал көлден көтерілген үйрек, қазды шүйіліп, іліп түсетін қанды көз қаршыға, оқтай зулаған сұңқар, ең жақсы көретін алғыр құстары еді. Оларды жемдеп, баптап қаз-үйрекке салу хан ұлының ең бір жаны сүйер ісі болатын.

Ал бүгін тек көк тұйғынын ғана алып көл басына келген. Қасында екі-ақ жолдасы бар. Әлі күн шықпаған кез еді, бірақ «бүкіл әлем қожасы» күннің көп кешікпей шығатынын хабарлағандай, көкжиек қызыл алтындай қызғылт тартып алаулана қалған.

Көл үстін аққу, қаздың сыңсыған әндері тербеп тұр.

Тұйғынын құрғаққа қарай ұшқан шөрегей үйректердің біреуіне салмақ боп, Жәнібек жағадағы қалың қамыстың арасына кіре берді. Екі серігі сыртынан бақылап қыраттау жағада қалды.

Қалың қамыс арасынан хан ұлы жан-жағына қарады. Бес қадамдай көл жағасында үш үйрек жүзіп жүр...

Жәнібек аяғын баса түсті де, кілт тоқтай қалды.— Төре қорықпаңыз,— деді бір үрейлі дауыс. Жәнібек емес, дауыс иесі өзі қорқып тұрған тәрізді.— Сізбенен оңашада сөйлесейін деп едім.

Рас. Жәнібек, ойда жоқ жерден дауыс шыққан сәтте шошып кеткен. Беліндегі қылышының сабына қолы қалай барғанын да білмей қалған. Бірақ жүрегі дереу орнына түскен.

— Не жайында? — деді ол дауыс шыққан жаққа қарап.

Енді қамыс арасынан дауыс иесінің өзі де шықты. Бұл Жәнібек бәлендей танымағанмен бұрын бір-екі рет Хызырбек тобында көрген жігіті екен. Өңі де суық, қимылдары да суық, сірә айтайын деген сөзі де суық болар...

— Мен сіздің қасыңыз емеспін, досыңызбын, айтқалы тұрғаным да өсек емес, ақиқаттық,— деді суық өнді жігіт.— Ел қадірлейтін мырзамыз болған соң...

— Иә, тезірек айт. Үйректерді көзі шалып қалды білем, тұйғыным шыдамсызданып тұр.

— Қазір... Адамның аузы баратын сөз емес. Амал жоқ, бөріктінің намысы бір деген. Сіздің жақсы көретін тоқалыңыз көзіңізге шөп салып жүр... Ал...

Жігіт тағы бірдеме айтпақшы болып келе жатыр еді, Жәнібек бөліп жіберді.

— Кіммен? — деді ол әзер сөйлеп.

— Оны мен сізге айта алмаймын,— деді жігіт.— Аузым бармайды. Өз көзіңізбен көріңіз... Ертең таң біліне, ауылыңызға жылқышы, төскейдегі малдағы жылқышыңыз боп бір салт атты келеді. Тоқалыңыздың үйіне кіреді... Қылмыс үстінде ұстап алыңыз. Кім екенін өз көзіңізбен сонда көресіз... Ал қош болыңыз...

— Тоқта! — деді Жәнібек. Жігіт сәл бұрылды.— Бұл оқиғаны сенен басқа кім біледі?

— Тірі жан білмейді... Тек жалғыз өзім. Ешкімге айтқан жоқпын, айтпаймын да. Менің аузым да бір, есіктегі қара құлып та бір...

— Солай де...

— Әрине, бұл сүйінші алатын жақсы хабар емес. Дегенмен ер абыройын сақтағым келген еңбегімді ұмыта қоймассыз деймін...

— Әрине ғой.

Жігіт қамыс арасына кіре берді. Сол сәтте қынабынан суырылған қылыш жарқ етті. Жәнібек те барыстай атылды. Жап-жаңа сөйлеп тұрған суық өңді, сұмырай бас көзі адырая лақтырған топтай, суға батып күмп етті. Шошып кеткен шөрегей үйректер быр етіп ұша жөнелді.

— Кәйт! — деді дауыстап Жәнібек, тұйғынын үйректер көтерілген жаққа қарай лақтырып жіберіп.

Көк тұйғын жағаға қарай ұшқан топ шөрегей үйректің ең соңғысына, атылған жебедей барып шаншыла түсті.

— Пай! Пай! — деді риза болған Жәнібек қуанып кетіп.

Жаңа ғана біреудің басын қағып тастағанын ұмытып кеткендей Жәнібек мырза. Ол тұйғынына үйрек және бір балапан қасқалдақ ілдіріп, серіктерін ертіп, сәске көтеріле аулына қайтты.

Таңертеңгі шайын ішкеннен кейін, ордасында жалғыз қалды. Сонда ғана ол қабағын тұнжырата ойға кетті.

Ойлаған сайын жүрегі өртене түсті.

Жоқ, бір бейтаныс жігітті өлтірдім деп жүрегі сыздаған емес-ті. Жанындай жақсы көрген Жанбикесінің опасыздығы күйдірген.

Опасыз дүниеде Жанбикенің де опасыз болуына Жәнібек бәлендей таң қалмаған. Ал ана жігітті, Жанбикенің сол опасыздығын айтып, жанын аямай ауыртқаны үшін өлтірген. Және ол жігіт бөтен біреуге де айтып жұртқа мазақ ете ме деп намысын қорғаған түрі еді. Әрине, Жәнібектің өзіне айтуға аузы барған адам, бөтен біреуге де жеткізуі ғажап емес қой. Ал бөтен біреу басқа біреуге айтады. «Айтпа сырыңды досыңа, досыңның да өз сырын айтар досы бар» деген. Содан Жәнібек жақсы көрген тоқалын талақ етіп, төркініне неге қайтарғаны бүкіл елге жайылады... Жәнібек әлгі өлтірген жігіті туралы ойлады. «Біреуге ор қазба өзің түсерсің» деген. Сенің ор қазғаның кім сонда?

Әйтсе де Жанбикені талақ еткені жөн болар ма екен? Әлде... Әлде... Өзіне опасыздық істеген қатынын өлтіріп тастағаны ақыл ма? Әрине, сөйткен сауап тәрізді...

Жоқ, бұным тым қатал шешім болар. Опасыздық адам баласына тән қасиеттің бірі ғой. Енді Жәнібекке Жанбикенің опасыздығынан гөрі, халық алдында абыройы төгілгелі тұрғаны батты.

Бір ретте ол Жанбикені шақырттырып алып, айыбын өзіне айттырып, талақ етпек те болды.

Сөйтсе де, оны тіпті қуып жіберуге тағы қимады.

«Егер бағанағы жігіттің айтқаны өсек болып жүрсе қайтемін?» деді.

Жанбикені қимаған жүрек енді оны ақтар жол іздеп жанталасты.

Бірақ ақтай алмады. Опасыздықтың аты — опасыздық, опасыздықты ақтау, адалдықты қаралау болар еді. Ал адалдық дүниедегі ең ұлы қасиет.

Күні бойы бір орнында отыра алмай, Жәнібек дұрыс шешім іздеумен болды.

Оның үстіне бүгін Төре бимен кездесу керек еді. Оған да бара алмады. Ертең келемін деп биге арнаулы кісі жіберді...

Күні бойы өз ойларымен өзі арпалысып әбден шаршаған Жәнібек күн бата ғана шешімге келді. Алдыменен Жанбикенің опасыздығына өзінің көзін жеткізуді дұрыс көрді. Намысқор мырза, жанына ешкімді ертпей, Жанбикенің аулына түнде жалғыз өзі баруды ұйғарды.

Айлы түн бүгін күндізгідей жап-жарық еді. Күмістей ақшыл тартқан ай сәулесі құланиектеніп атып келе жатқан таң жарығымен ұштасып, әлем ағара бастаған.

Тоқалы отауының күнгей жағындағы екі жүз қадамдай тобылғылы төбешіктің үстінде, Жәнібек мырзаның жатқанына екі бие сауымындай кез болған. ЬІлдида шідерленген жүйрік күреңі ер тоқымымен жайылып жүр.

Жәнібектің екі көзі жас тоқалының есігінің алдында. Қыраты мырза тышқан өтсе де шалып қалары даусыз.

Жәнібек жан аспаған мерген. Жанында тек өзі ғана тарта алатын, әйгілі жас қайың садағы. Үстінде, бүкіл Дәшті қыпшаққа белгілі Жәнібектің болат ұшты, төрт қырлы, тазқараның қауырсыны тағылған сауыт бұзар жебесі жатыр.

Мырза қозғалар емес. Таң ағара бастады. Кенет ол, тез қимылдап жанында жатқан садағын алды. Ауылдың күншығыс жағынан аттылы біреу көрінді.

Ол ауылға таяу келіп атынан түсіп, оны еріне қаңтарып қойды да, Жанбикенің отауына қарай беттеді. Сірә, ауыл иттеріне кісі таныс екені даусыз, алдынан чарсылдай жүгірген бір-екі төбет дәл бір иелерін танығандай жанына келді де, үргендерін дереу қоя қойып, құйрықтарын былғаңдатып еркелей соңынан ерді.

Жәнібек кенет бір тізерлеп отыра қалды. Өзі де байқамады білем, қолына садағын алды да, жебесін салып жіберіп, шірене тарта бастады.

Кісі Жанбикенің отауының алдына тақады. Үстінде шекпен, басында далбағай. Жәнібек бұның көп жылқышының бірі екеніне енді күмән келтірмеді. Бүкіл Алтын Орда ардагер санаған Жәнібекті тоқалының бір жылқышыға айырбастағаны мырзаның жанына батып кетті. Садағын тарта түсті. Бірақ атпады. Әлденені күткендей. «Расыменен кіре ме? Расыменен Жанбике бұған есігін аша ма?» деп күдіктене, әлденеден дәмелене күтті. Кісі үйге тым жақын қалды. Дәл осы сәтте есік шалқасынан ашылды. Шыдай алмады, білем, үйден сыртқа Жанбикенің өзі жүгіріп шықты. Жаман далбатайлы жылқышы да құшағын аша қарсы ұмтылды. Бірақ Жанбикеге жете алмады, дәл осы сәтте шірене тартқан Жәнібектің сауыт бұзар жебесі оның өкпе тұсына дәп-дәл барып қадалды. Жылқышы аяғын бірер аттап, «аһ» деп қинала бір дауыстап жіберді де жерге сылқ құлады.

Таңғы тынық ауаны жырта ойбайлай шыңғырған Жанбикенің ащы даусы шықты. Тыныш әлем кенет дір ете қалды. Заматта бүкіл ауыл оянды.

Жәнібек ойран бола қалған ауылға сәл қарап тұрды да, асықпай төбеден түсіп, ылдидағы атының шідерін шешті де, атына мінді. Асықпай Ордасына қарай бүлкілдете желе жөнелді.

Күн шыға жанына үш-төрт жігітін ертіп, Төре бидің ауылына жүріп кетті.

Бұл тұста Алтын Ордада билер ықпалы күшейе бастаған. Бұрын Өзбек ханның алғашқы хандық құрған кезінде, ауыл арасындағы дау-жанжалдан, ағайын ішіндегі талас-тартыстан туған қылмыс-күнәға, ұры-қары істеріне, тіпті кейде кісі өлтірілген ұрыс-төбелестерге үкім айту, жаза бұйыру — діни адамдардың шейх, қади, ишан, қазылардың шаруасы болатын. Бірте-бірте бұл жұмыстың бәрі билерге көшкен. Діни басшылардың қолында тек шариғатпен байланысты күнәһарлардың ісін қарау ғана қалған. Сонымен қатар, бұрын, соғыс-ұрыс замандарында ру басқару тек көк найзалы, бұзау бас шоқпарлы батырлардың үлесі болса, ал халық бұрынғыдай тек рулық қоғамда қалмай, мемлекеттік, Ордалық басшылыққа көше бастағаннан бері билердің қадыры өсе түскен. Бұрынғыдай ер жүректік, жау шошытар қаһарлылық қана емес, ел билеуде ой, тіл, саясат дегендер үстемдік алып, көп іс билердің қолына ауысқан. Сайып келгенде, Алтын Ордада соңғы жылдары ханнан, өмірлерден кейінгі елеулі күшке билер айналған.

Ал Қыпшақ Төре би бұл от тісті, орақ ауызды, өр көкірек, адалынан қақ жарылған адуынды би емес. Ол тілі жұмсақ, діні қатты, бар саясатын өз басының абыройлы болуына құрған би. Ал өзіне пайдалы үкімді, шешімді өзінен жоғарғы хан, әмірлердің алдында өткізу үшін оның тілі де, ақылы да, өнері де жетеді. Өйткені өзге билердей емес, өзінен жоғары ханға да, әмірлерге де басына жастық, астына төсек бола біледі.

Осындай пысықай мінезіменен, майда тіліменен ол Өзбек ханға да ұнап қалған. Дүниеден аларын алған, жетеріне жеткен Өзбек хан соңғы жылдары, бұрынғыдай әділеттіктен гөрі кім өзін қуаттаса, кім хан ұрпағының шашпауын көтерсе, көбіне сондай адамдардың дәрежесін көтеретін. Осындай ырқынан шығып отырған Төре биді Алтын Орданың Мөңгілі би — төбе биден кейінгі сүбе биі ретінде Орда маңында ұстай бастаған. Төре бидің бұлай көтерілуіне тағы бір себеп барды. Бұл тұста мұсылман дініндегі Дешті Қыпшақ Өзбек мемлекетінің негізгі тірегі болып қалған. Мұндай жұрттың маңдай алды, соңына ерген еліне ықпалы мол, Төре би тәрізді қулық-сұмдығы мол би, елеулі адамға айналмағанда, кім айналады. Осылай Төре би, хан да, қара да санасатын кісі бола білген.

Бірақ асқанға тосқан деген, Өзбек хан өлісіменен Төре бидің жағдайы кілт өзгерген. Осылай өзгеретінін Төре би Тыныбек таққа отырған күннен-ақ сезген. Шу дегенде ол сырт түрін өзгерте алатын тобылғы түбіндегі кесірткедей, Тыныбектің жүрегіне жол іздеп жан таласқан. Хан сайланғанын құттықтап, бір көш етіп тарту-таралғысын да апарған. Тыныбектің бір баласына өз жұртының айдай сұлу қызын да бермек болған. Тыныбек оның тарту-таралғысына алғыс, рақметін айтқан, қызын баласына әперуге де уәделескен. Бірақ Төре биге ағынан жарылып ішін бермеген, Төре би де түбі Тыныбекпен тіл табыса алмайтынын түсініп, кілт бұрылған. Жәнібекті биыл жайлауға Ақ Жайық бойына шақыруы да осыдан еді.

Жәнібек ту бие сойылған арнаулы қонағасын жегеннен кейін, ауыл сыртындағы қырқа басында төселген ақ киіздің үстінде отырып алып, бимен ұзақ сөйлесті. Адамның мінез-құлқына, ой тілегіне әккі би, алтын таққа ие бола алмай қалған хан баласының ауырған жерін майда тіліменен сан сипады. Сипай отырып ауыртты. Жәнібектің іште жатқан жарасының аузын талай рет тырнады. Ақыры әке тағы Жәнібекке жатуға тиісті деген ұғымды, бұрыннан да осылай ойлап жүрген мырзаға, енді шын сенімге айналдырды. Алтын Орда тағы күресуге тұратын тақ екенін миына құя түсті. Және мұндай ұлы таласта, аға-іні деген түсініктердің дымға тұрмайтын бос сөздер екенін ұқтырды. «Ал алда-жалда, деді ол, Тыныбекпен екеуіңнің араңда күрес туа қалса найзасының ұшы алтын қыпшақ жігіттері сенің жағында болады».

Төре бидің бұнысы Жәнібекті тікелей Тыныбекке әскери жолмен қарсы шығуға шақыру еді.

Алтын таққа қанша құмар болғанмен Тыныбекпен қан майданда жауласуға дәті барып, уәде бере алмай Жәнібек ертеңінде Ордасына қайтты. Дегенмен Төре бидің сөзі Жәнібектің ішінде шала жансар ұйықтап жатқан баққұмарлық деген сұр жыланның құйрығын басқан еді. Енді сол сұр жылан, Жәнібектің ішінде бос жата алмай, улы тілін жалақтатып, басын сумаң еткізіп көтеріп те алды.

Ал бұдан әрі, Жәнібектің ішіндегі сұр жыланның зәрлене, ысқырына түсуіне, мырзаның өткен түнде тоқалының отауының алдында атып өлтірген жылқышысының өлімі себеп болды.

Жәнібек өз ордасына таянғаннан-ақ әр боз үйдің алдында құрық, сырғауылға ілінген жылқының қара құйрығын көрді. Мырза ордасының үсті қара бастұрықпен таңылған. Бұның бәрі хан ұрпағының бір аяулы адамының қаза болғанының белгісі еді. Ордасына келгеннен кейін осыдан екі күн бұрын, түнде Жанбике-қатынның отауының алдында Хызырбекті біреу садағыменен атып кеткенін естиді.

— Аяулы інің Хызырбек осылай ажал тапты,— деді естірткен ақсақал адам.

— Хызырбек түнде Жанбике-тоқалдың үйіне неге келді екен? — деді Жәнібек жалғыз ауыз сұрақ беріп.

«Түнде ағасының тоқалының үйіне барып жүрген болса, онда өзі айыпты» демек екенін, ақсақал бірден түсінді. Сөйтсе де, өлген хан баласы өлді ғой, ағайынды екі адамның арасында ахиреттік өшпенділік қалмасын деп ақсақал:

— Хызырбек жылқыдан келе жатқан көрінеді. Сусаған болар, жеңгесінің үйіне түспегенде кімнің үйіне түссін? — деді.

Айып өзіне ауа бастағанын ұққан мырза:

— Кімнің атқанын таптыңдар ма? — деді.

Ақсақал «жұртты ақымақ санайсыңдар ма?» дегендей Жәнібектің бетіне ойлана қарады да:

— Жоқ,- деді ақырын.

Бірақ жұрт Хызырбектің бүйіріне қадалған оқтың Жәнібектің әйгілі сауыт бұзар жебесі екенін бірден таныған. Алтын Орда ханы Тыныбекке де осылай хабар беруге кісі шаптырылған.

Ақсақалдың ойлы көз қарасынан Жәнібек інісін өзі өлтіргенін жұрттың білетінін ұқты.

— Хызырбекті қашан қоймақсыңдар? — деді ол тағы да інісінің өлімі туралы еш ойын ашпай.

— Ертең таңертең... Сіздің келуіңізді күтіп отыр едік.

— Жақсы,— деді Жәнібек.— Онда бара беріңдер... Ат соғып тастады ма, жолдан шаршап келдім... Соңынан сөйлесерміз.

Ақсақал мен үйде отырған адамдар боз ордадан шығып кетті.

Жәнібек түрегеліп барып есіктің тиегін салды да, төрде жатқан мамық ақ жастықты құшақтай етпетінен құлай кетті. Өзінің қандай білместік істегенін енді түсініп, еңкілдей жылап қоя берді. Жылағаны қандай аянышты еді.

Ол Хызырбекті шын жақсы көретін. «Бір қатын үшін соңымдағы жалғыз бауырымды өлтірдім, дүниеде менен қара бет жан бар ма?» деді ол өксігін баса алмай. Кенет ол тұра салып, атына мініп, тоқалының аулына бармақ та болды. Өз қолыменен Жанбикені бауыздап өлтіріп, еткен қылмысына құдайдан кешірім сұрап, бұл дүниеден безіп кетуді де ойлады. Бірақ өйтпеді. Жанбикені де бауыздамады, дүниеден де безіп кетпеді. Туған інісін білмей өлтірген өкініші жанына өлердей батса да, оның өзіне істеген опасыздығы ағалық сезімін өшпенділікпен уландырып, екі оттың ортасында алысып жатып, талмаусырап ұйықтап кетті.

Ертеңіне Жәнібек інісін жерлеуге қатысты. Хызырбектің жас қабіріне бір уыс топырақты тастап тұрып:

— Топырағың торқа болсын бауырым. Кеш мен бейбақты. Сенің күнәңді мен де кештім,— деді.

Ол ешкімге бұл сөзінің төркінін түсіндірмеді. Ертеңіне Жанбике тоқалын талақ етіп, ырғалтып-жырғалтып төркініне жіберді.

Ал Хызырбектің жетісін бергеннен кейін, үш күн өте сонау Сарай Берке түбіндегі жайлауынан Жәнібек ордасына біраз әскермен Алтын Орда ханы Тыныбектің өзінің шыққанын естіді.

— Қанды қанмен жуамын депті Тыныбек,— деді бұл хабарды әкелген адам.— Бет алысы тым қатаң, түбі өзіңді өлтіріп қаныңды ішпей тынар емес.

Тыныбек әскерімен тегіс шықпаса да, қолына түссе бұны тірі тастамайтынын Жәнібек түсінді. Және Хызырбекті жақсы көргенімен оның Тыныбектің одақтасы болғаны да есіне түсті. Сондықтан Тыныбектің бұл аттанысы бос аттаныс емес екенін ұқты. Хызырбек өлімін сылтау етіп біріне-бірі қарсы, бағыттары бөлек ағалы-інілі екі кісінің бақталастық, елге ықпалын жүргізу саясатынан шыққан аттаныс екенін Жәнібек шек келтірмеді. Ал бұндай аттаныстың, ағалы-інілі екі адамның тілегіне қарай ағайын-туыстары екі бөлінген аттаныстың, түбі қан төгілмей басылмайтыны да белгілі еді. Жәнібек бұл айқасқа дереу дайындала бастады. Сол сағатта-ақ Төре биге ат шаптырды.

Бір жетіден кейін екі қол Ақ Еділ мен Ақ Жайықтың ортасындағы кең далада кездесті. Жәнібектің әскери дарыны Алтын Орда ханының дарынынан артық екенін көрсетті. Аз қолыменен Жәнібек туған ағасының көп әскерін майданда жеңді. Жараланған Тыныбек қолға түсті. Бұл кезде әбден ысқырынып, басын қақшитып алған сұр жылан — баққұмарлық туған атасына бауырлық сезіммен қарауға мүмкіндік бермеді, зәрін төте келіп Жәнібектің жүрегінен шақты. Баққұмарлық уы бойын жайлап алған Жәнібек жаралы, қансырап жатқан ағасы Тыныбекті бауыздап өлтіруге бұйрық берді.

Осылай, хан тағына Шыңғыс ұрпағының әдеті бойынша, қанды жолмен келген, артынан халық әз Жәнібек деп ат қойған Алтын Орда хандарының ішінде қазақ халқына ең белгілі ханы Жәнібек сол әкесі Өзбек пен ағасы Тыныбек өлген Жылқы, яғни 1342 жылдың күзінде Сарай Беркеде Алтын Орда тағына кеп отырды.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Тақ адамның көркі болуы оңай. Ал адам тақтың көркі болуы қиын. Жәнібек өзі отырған алтын тақтың шын иесіне айнала білді. Оған жауынгерлігі, соғыс-құмарлығынан гөрі, ақыл парасаты көмектесті. Бұрын, Өзбек ханнан бұрын, Алтын Орданың бағытын, саясатын, жүрер жолын Шыңғыс ұрпағы мен көшпенділер бекзадалары, бай батырлары белгілеп келген. Бұл Орданың негізгі күші де сол көшпелі елдер еді. Ал Өзбек хандық құрған отыз жылдың соңғы он бес жылында тұрғын елдер, қала жұрты да елеулі күшке айнала бастаған. Көшпелі елдер тайпаларындай Алтын Орданың әр қаласының өзі әскер ұстап, сауда-саттықты күшейтіп, хандықтың тек шаруашылығына ғана керек бөлегі болып қалмай оның саяси өмірінен де өзінің тиісті орнын алуға кіріскен. Жәнібек хан кезінде қала жұртының бұл белсенділігі күшейе түскен. Енді қала ақ сүйектері көшпенділер ақсүйектеріндей Алтын Орданың тағдырын шешетін елеулі қуатқа айналған. Сол себептен де Жәнібек хан қала шаруашылықтарының өркендеулеріне көп көңіл бөлген. Ол Сарай-Беркеге құлдар күшін пайдаланып толып жатқан шеберханалар, әсем, салтанатты хан сарайларын, көптеген мешіт, медреселер тұрғыздырған.

Алтын Орданың ту көтеріп тұрған жері — Дешті Қыпшақ негізінде Еділ мен Жайық өзендерінің бойы саналғандықтан, бұл хандықты енді кейде Еділ — Жайық хандығы деп те атайтын болды.

Осыдан Алтын Орданың шын тірегі осы өлкені жайлаған, соңынан қазақ еліне жатқан, бұл кезде ноғайлы жұрты боп аталып кеткен Маңғыт, Қыпшақ, Алшын, Дай (Адай) тайпаларымен Еділ бойындағы бұлғар, татар, мордва, Жайық жағасындағы башқұрт, Еділ өзенінің төменгі шеніменен жалғасып жатқан теріскей Кавказдағы черкес, авар, лезгин, карачай, осетин, шешен, алан халықтары; Хорезм, Қарасайдағы гуз, түрікмендер: Сейхүндарияның орта шенінен төменгі тұстағы Қоңырат, Қаңлы рулары Есіл, Тобыл, Ертіс өзендерін жайлаған осы күнгі қазақтың Арғын, Керей, Найман секілді іргелі рулары осы хандық құрамына кірді. Оған Жетісудың теріскей тұсындағы Үйсін, Дулат, Жалайыр елдері де жатты.

Жәнібек ханның тұсы — осы түркі тілдес көне жұрттардың Шығыс елдерінің мәдениетіне, әсіресе араб, фарсы мәдениетіне ең жақындай түскен кезі еді. Кешегі көшпелі елдердің бекзадалары, тұрғын елдің ақсүйектері тәрізді, құр ғана хат танып қоймады, алдыңғы қатарлы Шығыс елдері тудырған ғылымдарымен шұғылдана бастады. Көптеген мешіт, медреселер тұрғызылды. Бұл медресе мешіттерге, балаларды оқытуға, көшпенділерге мұсылман дінін кеңінен таратуға енді — Дешті Қыпшаққа, Еділ — Жайық жағасына Мысыр, Шам, Жезира, Диярбекер, Рум, Фарсы, Бағдаттардан қожа молдалар мен оқымыстылар топырлады. Дешті Қыпшақ жұрты да бұл елдерге ғылым-білім алуға өз балаларын жіберді. Міне осындай Еділ — Жайықтың өзге жұртпен тек қана жауынгерлігі ғана емес, мәдениеті де қатар түссін деп, ағарту, өнер білімге еліктеу саясатын кең жүргізгені үшін Жәнібекті қыпшақ, ноғайлы елдері әз Жәнібек, данышпан Жәнібек деп атады.

Жәнібек Алтын Орда тағына отырғалы он жылдан астам уақыт өткен. Литва, Польша, Русь, Мауараннахрларға сан рет жеңіл жорықты әскер аттандырған.

Осы қаншелек кезеңдерде, Алтын Орда қиын-қиын белестерден өтіп, талай жеңіл-желпі жеңістерге жеткен. Бұл кезде Жәнібек өзіне қас дегеннің бәрін жеңіп болған. Оған енді алдында еш кедергі жоқтай көрінген. Мұндайда адамның жадынан қырағылықтың шығатыны да мәлім. «Мен болдым» деп жүріп, осылай қырағылығынан айырылған Жәнібек өзіне құрылған қақпанның барын аңдамаған.

Жәнібекке көптен бері қақпан құрушылардың басы Төре би еді. Ал бұл тұстағы әмірлер кеңесінің төбе биі әлі Мөңгілі би болатын. Алтын Орданың үшінші тірегі бас уәзір де сол баяғы Өзбек хан кезіндегі Махмұд Орда билігі Жәнібектен кейін сол бұрынғы қалпында осы екеуінің қолында еді. Ал Төре бидің төбе би дәрежесіне жете алмаған көңілінде бітпес шері бар. Осы көкейкесті тілек, жатса-тұрса өшпес арманға айналған. Сол үшін ол Жәнібек ханның басына жастық, астына төсек болды. Мөңгілі биден кейінгі екінші би дәрежесі — сүбе би дәрежесі аз көрінген. Дегенмен Төре би, осылай Жәнібектің қойнына кіріп, бірте-бірте Орда төріне қарай жақындады. Жасы жетіп өткірлігі мұқала бастаған кәрі тарлан Мөңгілі бидің орнын басуға таяй түсті. Алдын ойлаған, өте рушыл Төре би, тек өзі ғана көтерілген жоқ, шамасы жеткен жерге, түбі сойылын соғар, атқа мінер, өзім деген пысықтарын жоғарылата жүрді. Жағалтай, Тайшы тәрізді от тісті, орақ ауызды билерін орда төңірегіне жинады. «Құс қанатымен ұшады, құйрығыменен қонады». Ол осылай өзіне ерген батырларының бірін мың басы, екіншісін әмір еткізді. Осылай орда төңірегін торлай түсті. Төре би тек бүгінгісін ғана ойлаған жоқ, ертеңіне де көз жіберді, арманына жетпей Алтын Орда ханы дүние салып кетсе, тағы босағада қалып қоймайын деп Жәнібектің баласы Бердібекті де ұмытпады. Өзінен тумаған көкжал бөлтірігін бауырына салған қорқау қасқырдай, оны өз пиғылына сәйкес баулыды. Бердібекті жекпе-жек шығып жауды жеңіп даңққа бөленуден гөрі, қараңғы түнде қанжар салып, арманына жетуге үйретті. Қорқау қасқыр тәрізді қорқақ, бірақ атақ, бақ дегенде өте ашқарақ Бердібек, сұм бидің өзімен қандас, жымдас екенін тез ұқты. Екеуі де одақтас болды. Тек Жәнібек хан жұрт оны «әз», «данышпан» деген сөзіне мәз болып, Төре биден келетін қауіпті байқамады.

Орданың ішкі жұмыстарын, ел арасындағы дау-жанжалдың бәрін әмірлер кеңесіне берді. Ал әмірлер кеңесі бұл тұста көбі Төре би жақтағы адамдардан құрылып та үлгірген. Осылай Орданың біраз тағдыры Төре би қолына көше бастады, әбден қартаюға айналған ноғайлы Мөңгілі би, жаңадан шыққан, Төре би тобы тәрізді, жас күшпенен күресуге тайсала берді. Ал Жәнібек болса, Орда тағдыры, халық тағдыры, мәңгі берік құламастай күйге жеткендей, қызара бөртіп қымыз ішіп, Рум, Мысырлардан келген ғалым үлемдермен мәслихат құрып, ду - ду сөздерменен уақытын өткізіп жатты.

Алтын Орда ханының осындай күйге жеткен кезінде бір күні Сарай-Берке шаһарына Асан Қайғы жырау келді.

Хан бұл күні өзінің серіктері, әмір, би, уәзірлеріменен жақында ғана салынып біткен, Ақтөбенің әйгілі ақ құм-балшығынан құйылған, ақ қышынан салынған хан сарайының кісі қабылдайтын бөлмесінде отырған. Жәнібектің басында, бір тайпы елдің қазынасына тұрарлық сом алтыннан істелген, гауһар тастармен зерленген атақты алтын тәжі. Үстінде алтын зерлі, бұлғын жағалы қызыл кіреуке шапан. Белінде сом алтынмен қапталған жалпақ қыпшақи белбеу. Хан асасының ұшы да, ұстайтын балдағы да, сап-сары шым алтын. Алтын тақтың үстінде отырған, қара-торы, бойлы, қоңқақ мұрын, келбетті Жәнібек ханның өзі де сом алтыннан құйылғандай. Жүзінде де тәккәпарлық, мен-мендік белгісі ұялаған. Тақтан төмендеу жерге төселген бояулы, сан әшекейлі, жібек түкті кілем үстінде малдастарын құрып бірнеше әмір, ел басқарып жүрген би, манап, батырлар жайғасқан. Олардың ішінен сақал-мұрты әппақ қудай қарт Мөңгілі би мен Төре би, Жағалтай әмір, бас уәзір Махмұд, Құтлық Бұқа әмір ерекше көзге түседі. Бұлардың еңселері де өзгелерден жоғары, киген киімдері де өзгеше, қымбат бағалы. Бұлардан төмендеу өзге би, әмір, батыр, бай-манаптар.

Үйде хан әйелдерінен Бердібектің шешесі, Тоқай-Тоқты бәйбіше. Бұл елуге жетіп қалса да, әлі де көңілінің желі басылмаған, ақсары келбетті қатын. Ақ жібек күнгейінің жүздігі ақ меруертпенен безенген. Үстіндегі қызыл барқыт бүрме етекті көйлегі мен мауыты барқыт қамзолы асыл тас, алтын оқалармен безелген. Бұл хан тағыменен қатарлас, үй іргесіне қойылған күміс зерлі сандықтың жанында отыр. Саусақ, білегі самсаған алтын жүзік, білезік.

Осыдан үш жыл бұрын Доңыз, яғни 1347 жылы Алтын Орда ханы Венеция саудагерлерімен Қырым арқылы сауда саттық жұмысын күшейту жайында шартқа отырған. Сол шартқа қол қойғандар бүгін хан сарайындағы Мөңгілі би, Жағалтай, Құтлық Бұқалар болатын. Осы шарт бойынша екі елдің арасындағы сауда-саттық тіпті кейбір мәдени, байланыстар күшейе түскен. Бірақ бұл тұстағы Иран жеріндегі бүліншілік, ала ауыздықтың салдарынан, Алтын Ордаға бөтен Шығыс елдерінің заттарын бұрынғы көне Жібек жолымен Иран арқылы Жағропаға жеткізу тіпті мүмкін болмауға айналған.

Бүгінгі хан ордасындағы мәжілісте, Алтын Орда керуендерін Азақ пен Судаққа жеткізу мәселесі шешілген. Осы екі қаладан Шығыстан келген асыл бұйымдар, жібек, шай, өрік-мейіз, меруерт, маржан, қасқыр, түлкі, құндыз терілері тәрізді заттар кемелерге тиелулері тиісті. Ар жағында Жерорта теңізіне дейін су жолдарымен барады. Алтын Орда билеушілері бұл әрекеттерді де қабылдаған.

Осындай жағдайда, хан кеңесі бітіп, жұрт тарағалы отырғанда, сарайға дәйекші кірді.

— Хан ием,— деді ол басын иіп, тізесін бүгіп.— Ордаңызға ұлы жырау Асан Қайғы келіп түсіп жатыр...

Үй іші әбігерлене қалды. Біреулер «о, жарықтық, өлі тірі екен ғой», біреулер «Есіл, Нұра жақта деп еді, келіп қалғанын көрдіңдер ме?!» десіп жатыр. Тек Төре би ғана төмен қарап, ойлана қалды. Ұлы жыраудың келгеніне қуанғандық сынай көрсеткен жоқ.

— Қайда? — деді Жәнібек тағынан сәл қозғалып.

— Желмаясынан түсіп жатыр,— деді дәйекші.— Қазір кіретін шығар.

— Бар екен ғой, қариям,— деді Жәнібек,— қонақты үйге кіргізіңдер... Қазір өзім де келемін.— Ол тағынан тұра берді.

Әз Жәнібек хан халқы сүйген, Ноғайлы-Қыпшақ жұртының көкейкесті ақсаңдағы, қайғы, қуанышының куәсі, арман-тілегінің жоқтаушысы, өз жұртының азбауын көп ойлағаны үшін елі Асан Қайғы деп атап кеткен, ұлы жырауды көптен бері көрген жоқ еді. Өткен жолы келгенінде ханның Сарай Беркені қайта салып жатқанын көріп, «Астанаңды ел шетіне салып жатырсың» деп қатты ренжіп кеткен.

— Жарайды, Еділден артық өзен, Сақыстаннан артық жер тапсаңыз көшейін,— деген хан қалжыңдап. Содан бері Асан Қайғыны көрген емес-ті.

Жұрт топырлап далаға шығып, Асан Қайғыны қонақ үйіне алып кірді.

Жұрт Дәшті Қыпшақтың ардақты адамын құшақтарын жайып қошеметтеп жатыр. Хан сарайының қонақ үйіне алып кірді. Бұлар жайғаса бергенде ханның өзі де келді.

— Армысыз, әйгілі ақ иық кәрия! — деді Жәнібек, хан басына қарамай иіліп сәлем беріп.

— Барсың ба, жарқыным? — деп Асан Қайғы ханменен құшақтасып амандасты.

Қонаққа арналып дереу ту бие сойылды.

Алтын шарадан күміс кеселерге ханның кіші тоқалы Тайдолла ханым қонағына уылжыған сары қымызды құя бастады.

Әрі-бері амандық сұрасып болғаннан кейін, Жәнібек қолындағы күміс кесесінен қымыздан бір жұтып қойып Асан Қайғы қартқа қарады.

— Қайта оралуыңызға қарағанда, Алтын Ордаға кіндік болар лайық қоныс тапқан тәріздісіз ғой, қария,— деді,— Еділден артық өзені, Сақыстаннан артық даласы бар ол қай жер екен?

— Алдыменен көрген өзендерімді айтайын,— деді Асан Қайғы,— Шығысыңда ұзын аққан Ертісіңді көрдім. Шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы көрініп тұрған жер екен.

Сосын Асан Қайғы кесесінен қымызын бір ұрттап алып қайта сөйледі.

— Теріскейінде алты күнде ат семіртіп мінетін, көкпетінен қой көрінбей өретін, Нұра барып құятын, жағасына мың сан жылқы сиятын, суы менен жары тең, жарлысы менен бары тең, кең даласы, көз жетпес боп көсілген, мал, адамы, тойынып-тойып есірген, көрікті өзен Есірді көрдім. Бірақ бұ да бізге, сірә, жер болмас. Орда тігіп қазақ онда ел болмас. Орманы жоқ, тауы жоқ, тек қызығар жауы көп. Айырылғандай күні бұрын шіркіннен, артыма қарап жаңылдым ойын-күлкімнен. Шыға алмадым шеңберінен жат ойдың, Есіл, Есір, сенің атың Есір емес енді Есіл... Есіл деген өкінішті отан ат қойдым.

Жұрт бұрынғысынан да тына қалды.

— Күнгейінде тағы бір ұзын өзенің бар. Аты Сырдария — деді Асан Қайғы күбірлей сөйлеп.— Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болу сонда ғана дұрыс екен деп ойладым. Бірақ бұ да Ордаңды тігуге келмейді екен.

— Here? — деді Жәнібек.— Бұл тұсқа төніп тұрған қандай жау бар?

— Жау көп,— деді Асан Қайғы.— Сенің атаң Шыңғыс хан да Дешті Қыпшақ жеріне осы арадан кірген жоқ па? Ескендір Зұлхарнайың да арғы бабамыз сақ даласына да осы Жейхундариядан енбек болған. Хунулар осы өзен даласын басып өткен. Жоқ, бұл өзен де Шығыс, Шығыс күнгей, Күнгей жауларына таяу жер...

— Сөйтіп, шығысымда да, күнгейімде де, теріскейімде де біз Орда тұрғызар өзенді жер жоқ екен ғой,— деді Жәнібек күлімсіреп.— Онда осы Сарай-Беркеде қала береміз де...

— Еділ-Жайық тұрғанда,— деді қабағын сәл шытып бағанадан бері әзер шыдап отырған Төре би,— бөтен қоныс іздеп Жәнібек ханды құдай ұрған ба?

Асан Қайғы түксие қарады.

— Асықпа, Төре би,— деді оған қарт жырау.— Алтын Орда астанасы жеріңнен кеткенменен, еліңнен кетпейді... Ал, ақылды болсаң сен маған мынаны айт...— Ол ерінбей орнынан түрегеліп, қолындағы күміс кесесін, үйдің дәл ортасында төсеулі жатқан түкті кілемнің ортасына апарып қойды. Сөйтті де қайтадан орнына кеп отырды.— Мынау жатқан түкті кілем ноғайлы, қыпшақ елінің жері, ал анау күміс кесе оның Ордасы — астанасы. Ақылды биім, сен мына кілемді баспай, бүлдірмей маған анау күміс кесені алып берші...— Төре би үндей алмай қалды. Қарт жырау кеңк-кеңк күлді.— Әрине алып бере алмайсың. Оған ақылың жетпейді.— Қарт жырау енді жан-жағына түксие қарады.— Мүмкін бұл кесені маған басқа біреуің алып берерсіңдер?! Қане, қайсың барсың?! Тек кілемді баспайсыңдар...

Кең сарайдың ортасына төселген кілем үлкен еді. Оның үстінен жүрмей, күміс кесені алу тіпті мүмкін емес. Отырған жұрттың бірді-бірі үндей алмады.

— Кәне?— деді Асан Қайғы, сөйдеді де ханға қарады.

— Жарайды, мен алып берейін,— деді Жәнібек күлімсіреп.

Ол орнынан түрегеліп, кілемнің жанына барып бір шетінен бүктей бастады. Сөйтіп, кілемді бүктей-бүктей ортада тұрған кесеге де жетті. Еңкейіп қолына алып, Асан Қайғыға берді.

— Мінекейіңіз,— деді ол кесені ұсынып.

Өз жұмбағының шешімін тапқан ханға риза болған Асан Қайғы оған сәл жылы қарады.

— Сені жұрт босқа «әз» демесе керек-ті,— деді қарт жырау.— Ал енді менің Ордаңды бұл шаһардан неге көшір дегенімді түсіндің бе?

Жәнібек сәл басын иді.

— Түсіндім.— Ол орнына барып отырды.

Асан Қайғы, хан тапқан шешімге ақылы жетпей, күп-күрең боп қорланып отырған Төре биге бұрылды.

— Хан Ордасы деген ел Ордасы,— деді ол.— Орда халық үйінің алтын шаңырағы. Шаңырағы күйреп жерге құлаған жұрт көзінен айырылған бас келбетті... Ақылды хан ел кіндігін жер шетіне құрмаса керек-ті. Ел шетіндегі Орда жау алуға жеңіл. Ал жер ортасындағы Орда жау қолына оңай тимейтіні кәміл. Ол үшін жаңа өздерің көрдіңдер, мынау алып дала — кілемнің бір шетінен түріп, жолдағы шептердің бәрін жеңіп, сосын ғана жау Ордаңа тиеді келіп. Қандай мықты әскер болмасын бұл оңай емес. Бұнымды ешкім бұрыс демес.

— Сонда,— деді түтіге сөйлеп Төре би,— Алтын Орданың алтын туын Еділ бойына желбіреткенде, ұлы Батухан бұның қорқынышты екенін білмеген бе?

— Білген,— деді Асан Қайғы.— Бірақ Бату хан ол кезде Сарай-Батуды патшалығының кіндік ортасы болады деп ойлаған. Бірақ оған заман шіркін қоймаған. Қазір Сарай-Бату да, Сарай-Берке де Алтын Орданың шеті. Ұқтың ба? Есің барда елінді тап.— Ол тағы Жәнібекке қарады.— Қауіпті өңірден қоныс аудар.

— Қайда? — деді Жәнібек хан тағы да.

— Жаңа айттым ғой, төрт жағында төрт өзенің бар. Алабы да кең, аларың да мол, бірақ сен оларға көшпе. Ордаң кіндігін кешегі атаң Жошы таңдап алған Ұлытау іргесіне сал. Дешті Қыпшақтың Сарыарқа атты дел ортасына бар. Қай жағыңнан жау келсе де, соғыса алар елің көп, жерің көп. Жау қарауға тауы да биік, даласы да ел қонарлық — Жерұйық. Шығысында — Қаракеңгір, Сарыкеңгір ақ айдын селің бар. Батысында — жүз мың жылқы суарылса лайланбайтын Ақкөл мен Шойынды атты көлің бар. Теріскейінде — Арғын атаң тауларымен шектесіп Азақ теңізіне бергісіз Қорғалжын мен Теңіз шалқарларың тұр... Алтын Орда кіндігін сол даланың ортасына апарып құр.

Жәнібек хан ойлана қалды. Оның есіне Сарай-Беркенің жібек жолының үстінде тұрғаны түсті. Орданы Ұлытауға көшірсе, оған Иран мен Жерорта теңізі бойындағы елдерге, Шығыс мемлекеттерінен, қала берді Хорезм, Қырым, Азақ, Бұлғардан баратын заттардан түсетін алым-салықтан Алтын Орда айырылатынын түсінді. Жалпы Жібек жолынан алыс кету Алтын Ордаға қолайлы болмайтынын іштей сезді. Оның үстіне Ордасын жер түбіне көшірсе, алым-салық төлеп тұрған орыс князьдарына жүргізіп отырған үстемдігінен де түсетінін білді. «Жоқ, жоқ,— деді ол ішінен.— Алтын Орда астанасын Сарай-Беркеден көшіруге болмайды. Жау шабады екен деп Алтын Орда кіндігін жер түкпіріне тығып, Жібек жолынан алыстап, Иран, Египет, Румдармен тікелей байланыстардан айырылып, орыстарды да қол астынан шығарып алуға болмайды. Алтын Орданың күштілігі де осынау Жібек жолының үстінде тұрғандығынан емес пе? Ал егер көрші елдер әлденіп соғыс ашуды ойласа, несі бар, соғысып та көрерміз».

Дегенмен Жәнібек хан қарт жырауға жалтарма жауап берді.

— Жақсы, ата,— деді ол.— Өсиетіңізді ұқтым, әлі уақыт бар ғой, әлі ақылдаса көрерміз,— сөйдеді сөздің бетін бұрғысы кеп,— Тағы қандай айтар ақылыңыз бар? — деді.

Асан Қайғыны жалғыз ғана хан Ордасын бұл арадан көшіру ғана емес, басқа да қапа етіп жүрген жағдайлар көп еді. Соның бірі соңғы кезде Төре бидің Орда төңірегінде тым бел алып бара жатқаны болатын. Сондықтан ба, ашуланғанда не ренжігенде қара сөзден гөрі жыр толғауға көшіп кететін әдетіне салып, өзінен өзі ойға шомыла көңілдегісін бір ауыз өлеңмен айтты:

Қаратас ұра берсе құм болады,

Замана жылдан-жылға сұм болады,

Жаман мен жақсыны хан айырмаса

Маңына арам пейіл, жын толады...—

деді.

Сөзден қала бастаған Мөңгілі би үндеген жоқ. Ал бұл бір ауыз өлең өзі туралы екенін түсінген Төре кекжең ете қалды.

— Асан ата,— деді ол сөйтсе де өзінің алдамшы биязы дауысыменен,— аққудың маңына құладын құс жиналмас болар, ал құладынның қасына аққу құс шоғырланбайды. Әлгі сөзіңіз қай сөз? Қалай ұғынайық?

— Бәсе,— деді күліп Жәнібек,— хан аққу болса, қасына құладындардың жиналуы мүмкін емес қой, ал хан құладын болса, оның маңына аққулар келмесе керекті...

Асан Қайғы кенет түксие қалды.

Оның кәрлі даусы дала бүркіттің үніндей саңқ етті:

Құладын құстың құлы еді,

Тышқан жеп жүнін түледі,—

Аққу құстың төресі

Ен жайлап көлде жүр еді.

Аңдып жүрген көп дұшпан

Елге жау боп келеді:

Құладын қуды өлтірсе —

Өз басыңа келеді.

Құлын көп сені өлтірер

Мұны Асан біледі,

Өзің неге білмейсің?

Хан тағы күлді. Оған Асан Қайғы сөзі өрескел көрінді. Тек осыдан алты жыл өткеннен кейін, осында отырған бір құладынның жүрегіне қадаған қанжарынан өліп бара жатып, Асан Қайғының сөзі кілт есіне түсіп, қарт жыраудың қандай данышпан екенін бірақ білді. Әттең, дүние-ай тек тым кеш білді. «Асан ата, қандай данышпан едің!» деуге де шамасы келмеді.

Ал қазір Жәнібек Асан Қайғы сөзін түсінуден тым алыс еді. Бірақ бұл толғауды Төре би жақсы ұқты. Оған қарт жыраудың әр сөзі жүрегіне қанжардай қадалып жатқандай еді. Жәнібек Төре бидің боп-боз боп сұрлана қалғанын енді көрді.

Хан әңгіме бетін тағы бөтенге бұрды. Ол тағы ештеңе болмағандай күле сөйледі.

— Уа, Асан ата, көптен бері сұрамақ едім,— деді ол,— әлемнің тең жартысын алған Шыңғыс хан да дүние салды. Күн шыққанда көмескі тартқан ай тәрізді, дүниеге бөтен ұлы жиһангер келсе, біздің атамыздың да атағын тот басады. Әлемнің тең жартысын билеген ұлы Шыңғыс ханға да шын өлім осылай келеді. Ал байлық деген қолдың кірі, жусаң кетеді. Ал ханның артында ордасы қалады. Сол орда қайтсе өлмейді.

Құлаққа ұрған танадай тына қалған кең сарайда, енді шерлі үнге бөленген Асан Қайғының шаршағандай дауысы шықты.

«Ел бастаған билеріңнің, Жәнібек,

Ой өрісі теңіздей терең келсе,

Алыстағыны қырандай көре білсе,

Ханға дұрыс қатесіз ақыл берсе,

Халқын, сенің тарығып күйзелмес-ті,

Алтын Орда мәңгі-бақи күйремес-ті».

Төр алдындағы билердің басы темен түсіп кеткен. Ханға да, Асан Қайғыға да қарай алмай, бір-біріне ақырын әлденелерді күбірлейді. Тек Төре би ғана жауын көрген күзендей ширығып Асан қайғыны жеп қоярдай, тасырая түскен.

Сарай ішіндегі жұрт тарап, қонақтар әлдеқашан ұйқыға кеткен. Ақ мамық төсек үстінде ұйқы көрмей тек Жәнібек хан отыр. Сопақтау келген сарай терезесінен ай сәулесі құйыла түсіп тұр. Хан ойы бұлқан-талқан. Бүгінгі Асан Қайғының сөздері көп нәрсені түсіндіргендей болған. Алтын Орданың даңқы, байлығы, қару-жарақты күші әкесі Өзбек ханның кезіндегіден кемімегенмен бірақ Еділ — Жайық хандығы бола бастауыменен, екі қауіпті жағдайдың көлеңкесі көрінген. Бірі, осы Еділ — Жайықты жайлаған қазақ рулары — Ноғайлы, Қыпшақ, Алшын тайпаларының ықпалы көтеріле түскен. Бұл бұрынғыдай Шыңғыс ұрпағынан шыққан бекзада, ақсүйектерінің Жошы атасының атындағы ұлысы емес, бұл Қыпшақ атты елдің, Ноғайлы, Бұлғар атты тайпалардың ұлысына айналып бара жатқан ұлыс. Жоқ, бұл көп ұлтты қара халықтың Алтын Ордасы емес, соларды басқарып отырған би, батырларының Алтын Ордасына айналған. Бірақ Алтын Орда үстемдігінің былай өзгеруі қауіпті еді. Өйткені Алтын Орда кімнің қолында күш болса, соның Ордасы болып кетуі мүмкін. Ал күш қыпшақ, түрікпен, бұлғар, черкестерден шыққан осы би, батырларда екені анық. Олардың соңында елі, алдында малы, қарамағында жайлайтын жері, суы бар. Сондықтан бұлар Алтын Орданың бөтен әмірлеріндей емес, ханның көп ісіне өктемдей кірісе бастаған. Сондай бидің бірі Төре би еді. Егер ол Асан Қайғы тәрізді ел қамын ойлаған жақсылардың бірі болса, бір сәрі. Жоқ, Төре би ондай адам емес. Оның бар тілегі төбе би болып, әмірлер кеңесінің төре ағалығын өзіне алмақ. Ел де, жұрт та оған өз басын көтеру үшін керек. Бұны Жәнібек хан жақсы білетін. Сондықтан да ол Мөңгілі би қартайса да, Төре биді би етпей келген. Бірақ соңғы кезде Жәнібек бұл ойынан қайтқан. Бәйбішесі Тоқай-Тоқты-қатын мен баласы Бердібек өтінулерінен шыға алмай, жақында Төре биді төбе би етпек болған. Бүгінгі Асан Қайғы сөзі оны бұл ойынан тағы бұзған.

Қарт жырау:

...Жақсы мен жаманды хан айырмаса Маңына арам пейіл жын толады,— дегенінде әрине Төре биді айтқан. Бұны Жәнібек ханда түсінген. Және ханның тағы бір жақсы ұққаны: Төре би баласы Бердібек маңына тек өзі ғана емес, өзі тілектес би, батыр байларын жинап үлгіріпті. Орда маңында да олар аз емес. Бұны осы күнге дейін қалай байқамай келген? Ал Төре биге өйту неге керек? Әрине, Жәнібектің басына күн туа қалса, өзін жақтар керек. ал, Жәнібектің басына ондай күнді кім тудырады. Жоқ, ол мүмкін емес. Мүмкін емес. Халық бұны жақсы көреді. Сол үшін «әз» деген ат қойған. Орда әмірлері де бұның ыңғайында. Сөйтсе де жүрегі құрғыр, ақыл сезбеген бірдемені сезе ме, неге тыпырши қалды?

Жәнібек тереңірек ойлауға тырысты. Ойлаған сайын тіпті есінен шығып кеткен құбыжық көріністер, болмашы болғанменен, ойлаған адамға күдік тудырар, жексұрын, сұмпайы суреттер көз алдында тізбектеле бастады.

Осыдан үш жыл бұрын хан ауылы жайлауға Еділдің орта шеніне шыққан. Төре бидің ауылы да бұларға жақын еді. Хан Ордасы үйлерін тігіп жатқанда Жәнібек шеткеректеу бір көлге бір топ серігімен барып, Қандыкөз деп аталатын, алғыр қаршығасына қаз ілдіріп қайтқан. Жолай Құмайтөс тазысына түлкі қудырып Ордасына түн ортасы ауа келген. Аулына таяған кезде, қыр астында екі атты шідерлеп бағып отырған бір жас жігітті көрген. Екі аттың біреуі, күміс ертоқымдысы Төре бидің бәйгі күреңі еді. Хан таныған. Жас жігіттен «бидің өзі қайда?» деп сұрағанда, жігіт: «білмеймін, осы ауыл жаққа кеткен» деп жауaп берген. Хан сол жылы алған жас тоқалы Тұқыролланың отауына түскен. Бір-екі саққұлақ жігіттеріне «би қай үйде екен, біліп келіңдерші» деген. Жігіттер ауыл біткенді, жансыз аралап, биді «еш жерде жоқ» деп қайтқан. Тек соңынан барып хан білген, жіберген жігіттері шындарын айтып келген екен. Олар бүкіл ауылды аралапты, жалғыз-ақ хан бәйбішесінің боз ордасына баруға бата алмапты.

Артынан бұны естіген хан, «жігіттер бекер өйткен екен, Тоқай-Тоқты-бегімнің үйін байқаулары керек еді» деп ойлаған ішінен. Бірақ жақында ғана жас тоқал алып, көңілі сарқарын бәйбішесінен әбден суып кеткен хан, бұдан әрі бұл оқиғаны түсірмеген, көп кешікпей тіпті ұмытып кеткен.

Тағы бірде Төре бидің тұңғышы үйленген тойға барған Тоқай-Тоқты-бегімнің онан тарту-таралғысына қаз жұмыртқасындай алтын, тағанақ жұмыртқасындай күміс алып келгенін білетін.

Соңынан бәйбішесі Төре биді төбе би ету керек деп мазасын ала бастағанында «қайтсін хан қатыны болса да басы жұмыр пенде ғой, алғанын ақтағысы келіп жүрген шығар» деген де қойған.

Ал бүгін, Төре биден әлденеге сескене қалды. «Осы сұм би менің қатын-баламды өз жағына тектен-тек шығарып жүрген жоқ-ау» деп ойлады.

Жәнібек баққұмар, бағынышты адамның өзінің әміршісін көбіне жек көретінін бұрын да білетін. Ал Асан Қайғы сөздері осы уақытқа дейін өзі терең көңіл қоймай келе жатқан осы бір жәйттерді ескерткендей болды. Хан енді көзінің тірісінде Төре биді төбе би етпеймін деп шешті. Бірақ Жәнібек Төре би төбе би болмаған күнде де, хан жүрегіне жол тауып, Алтын Орданың төрт шарының біріне айнала алатынын білген жоқ. Ал бұл жағдайды артынан түсінген кезінде, өзінің кеш қалғанын бір-ақ ұқты.

Алтын Орданың Еділ — Жайық хандығына айнала бастауының тағы да бір қаупі бар еді. Осы Еділ — Жайық хандығындағы Қыпшақ рулары Алтын Орданың тек өз қанатына ғана емес, сол қанатына да әсерін жүргізе бастаған. Бір кезде Жошы хан ту тіккен Ұлытаудың Есіл өзеніне дейінгі теріскей жағын және күнгей шығыс тұсы мен Сейхұндария бойын алып, Тарбағатай бауырын жайлаған Арғын, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Қаңлы тәрізді қыпшақтың белгілі рулары, Алтын Орданың қарамағында тұрса да, өздерін сол баяғы Бату хандығының көне аты Ақ Ордаға ие сезінетін.

Бұған сонау Жаңғы Тура орталығы болған Көк Орданың күнгей бөлегі де кіретін. Сөйтіп осы күнгі Қазақстан жерінде, Сарыарқасы менен Сырдариясының бойында, ресми түрде, Алтын Ордаға бағынғанменен, Ақ Орда атанған болашақ қазақ хандығының көлеңкесі елестей бастады. Әрине, бұл араның қазақ хандығына айналуына әлі жүзден астам жыл бар еді. Алтын Орда Хорезмнен Қырымға дейін, Жаңғы Тұрадан Азақ-Танаға дейін өлі де әмірші еді, бірақ шығар күннің алғашқы сараң сәулесі тәрізді, Алтын Орданың түбі бөлшектенетінінің белгісі де сезіле бастаған. Бұл айбынды Алтын Ордаға болашақ қауіптің тууы еді.

Жәнібек хан бүгін бұны да аңғарып қалды. Оның үстіне күнгей жағы да күпті. Бірімен-бірі қырқысып жатқан Иран әміреттері. Ар жағынан тене түскен Осман түріктері. Ал Мауараннахрда түрік тілдес, тұқымдас елдер үстемдік ала бастаған. Бұрынғыдай бұл жақта да Шыңғыс ұрпақтары мен монғол бекзадалары емес, Маңғыттан, Барластан, Қаңлыдан шыққан әмірлер билікті қолға алған.

Тек батысы ғана орыс жері. Князьдарынан өз ара қырылысына қарамай, бұл тұс та күшеюде. Ал кешегі Шыңғыс патшалығының оң қанатының өзге жерінде кілең түркі тұқымдас елдер... Қайда барсаң да солар. Бұлардың осыншама көп екенін кім білген. Жәнібек Алтын Орданың күйреуі орыстан да, Шыңғыс Европа елдерінен де, Иран, Румдардан да емес, ең алдымен осы жеке-жеке отау тіккісі келген түркі тұқымдас елдерден болады деп сескенген. Алтын Орда дәл қазір бүтін көрінгенмен, ертең жидіген терідей боршаланып-боршаланып кететінін жаңа ғана абайлаған тәрізді. Хан бұл ойының зардабына шыдай алмай орнынан тұрып кетті. Ол терезе алдына барды. Аспандағы айға қарады. Күміс табақтай боп қара мақпал аспан төрінде ақырын жүзіп келеді. Кенет ханды бір кездейсоқ ой билеп кетті. Бүгін айдың толыққан күні екен. Ертеңнен бастап бұ да жүдей бастайды. Үш апта мезгіл өткен шақта қол орақтай жіп-жіңішке болып ілмиіп қалады. Айдың бір солып, бір толуы табиғаттың мәңгі заңы. Алтын Орда да осы алтын айдай емес пе. Бүгін ол сонау қара мақпал аспан төрінде, алтын табақтай боп шарықтап ақырын жылжып тұр. Ал ертең... Жоқ ертең емес, бірнеше жылдар өткен соң бұ да, орақтай боп ілмиіп жүдеп қалуы мүмкін ғой. Әттен не керек, бұған жаратылыс заңы жүрмейді. Ол алтын айдай қайтадан толықпауы мүмкін. Мемлекеттің өркею, күйреуі бөтен заңға жатады. Қоғам заңына жатады. Мүмкін бұл, Алтын Орда сол бір жүдегенінен мүлдем құрып кетті. Ал оны қалай сақтау керек? Қандай күш бар оны мәңгі ұстап тұратын?

Хан ұзақ ойланды, бірақ ештеңе таба алмады. Бар тапқаны баяғы ескі жол. Өзің күшті болу үшін — өзгені күшсіз ету керек.

Жәнібек Алтын Ордаға ең үлкен қауіп Мауараннахр, орыс жерінен емес, қаулап келе жатқан өрттей бір елден бір елді алып Қара теңізге таяп қалған Осман түріктері мен Ираннан келеді деп ойлайтын. Осман түріктері түбінде Иранмен бірігіп кетсе, не Иранды алып Қырымға жетсе, Алтын Ордаға шын қауіп сонда туады деп жоритын ол. Ал Осман түріктерінен бұрын сол Иранды өзі басып қалса, сонда не болар еді? Оның бұлай ойлауына себеп, Алтын Орданың қазіргі күші ең болмағанда Арран мен Ширванды алуға жететін еді. Әрине, түріктер Босфор бұғазы мен Дарданеллді мүлдем билеп, Қара теңізге жетер болса, сенің бұл жорығың Жерорта теңізіне дейін созылған Жібек жолын біржолата күйреуінен құтқара алмайды, бірақ түбі түріктермен бетпе-бет кездесер күн туа қалса, сол кездесуді өз жерінде емес, көршінің жерінде еткенің жөн емес пе? Түріктермен өз жеріңде айқасу — ол үйіңе енген құбыжықты жеңген күніңде де, тек қуып шығу. Ал көршіңнің жерінде айқасу, жеңілген күніңде де, өз жеріңе шегіну, тіпті от - суыңды сақтап қалу.

Осындай ойда жатқан Жәнібек, еш шешім таба ала алмай, көрер таңды көзіменен атқызды.

Осы күнгі қазақ жерінде ең алдыменен қыпшақ рулары болған. Осы түркі тілдес, тұқымдас қыпшақ руларынан соңынан қазақ елі құрылған. Ал қазақ деген сөздің өзі қайдан келген? Қандай мағынасы бар? Кім бізді қазақ деп атаған?

Бұл жерде тұрған біз білетін ең арғы көне халық сақ болған. Мүмкін оның алғашқы аты бөтенде шығар. Бірақ бізге осындай есіммен жеткен. Сөз жоқ, осы күні біз білетін сақ құдайының Қолақсай, арғы атасы Тарғатай аталуына: адамдарының аты Бапай, Топай, болып келіп, қылыш-қанжарларына қатысты — ақинақ, берен деген сөздеріне қарағанда, бұл тайпалардың тілдері түркі елдерінің, солардың арғы аталарының тілдері тәрізді. Мүмкін көне түркі тілінің шығуы да осылардан болар. Ал сақ елі фарсы жұртыменен көп қатынасқан, Кир, Дарилардың замандарында оларға үнемі қарсы шыққан, тек кейде ғана мәмілеге келіп отырған. Сондықтан бұл көшпенді тағы жұртты ирандықтар сақ деген. Ал сақ сөзі фарсы тілінде — тағы ит. Сондай-ақ өздеріне, патшаларына қызмет істеген сақ жігіттерін олар кейсақ патша сағы деп атаған. (Кей — деген сөз фарсыша патша деген сөз). Соңынан кейсақ түркі тілінің үндестік заңыменен қансақ болып өзгерген. Жарайды, сақ, қайсақ иран сөздері болғанда, қазақ деген сөз қайдан шыққан? Кімдікі? Біздің ойымызша, бұл сөз де бізге көне фарсы тілінен келген. Өзінің мазасын ала берген көшпелі жауынгер тайпаларын фарсылар сақ, ал өздеріне қызмет істеген әскерді кейсақ десе, олардың түбі қыпсақ, қыпшақ, қайсақ, қассақ, қазақ деген сөздерге ауысуы мүмкін. Қысқасы қазақ деген сөз де Иран елінен келгені анық секілді. Өйткені Фердаусидың 1920-шы жылы дүниеге келген «Шах-нәмесінде»: (Рүстем дастанында) қассақ деген сөз бар. Онда ол сөз қассақ, қас батыр, мерген мағынасында айтылған. Сондай сөз археологтар тапқан көне ескерткіштерде де кездесіп тұрады. Жалпы, қазақ деген сөз ертеден белгілі, бірақ сирек айтылған. Мысалы, 1240 яғни Тышқан жылы жазылған «Монғолдың құпия шежіресінің» 64-ші тармағында:

Басқаның жерін жауламай,

Қоздырмай, сірә, дау-дамай,

Дидар сұлу қыздарды

Қазақ күйме мінгізіп.

Жетелетіп біз нарды

Ежелден хан жаралған

Қасиетті қара орман

Құтты қосаң, етеміз —

деп айтқанындай, немесе 268 тармақтағы:

«Иесінің алтын табытын Қазақ күймесіне тиеп...» деген тәрізді шумақтарда «қазақ» деген сөздер әр тұста кездеседі.

Демек Алтын Орда қарамағындағы түркі тілдес көп рулардың қазақ ұлты делініп біржолата қалыптаспағаныменен, қазақ деген ел болып құрыла бастауы осы әз Жәнібек ханның кезінде секілді.

Жәнібек хан түркі тұқымдас, тілі бір, әдет-ғұрпы бір, көшпелі шаруасы бір рулардың тұтас бір ел болуын көксеген. Жарлық бұйрықтарында Дешті Қыпшақ жұртын бір ел, ноғайлы, қазақ елі деп қараған. Бұған сол кездегі ақын жыраулардың дастан, жырлары куә. Бірақ ол рулардың бірлесуімен бірге, олардың елдік сан-сезімінің де өсуі сөзсіз ғой. Ал мұндай алдыменен елдік, артынан барып ұлттық сана-сезімі өсетін жұрттың өз алдына халық болып, хандық құруды тілейтіні тағы бар. Бір руды бір руға, бір ұлтты бір ұлтқа қарсы қойып елді басқаруға әдеттенген бай, манап, батыр, билерге қазақтың бір халық болуы тиімсіз еді. Бірақ Алтын Орда қамын ойлаған Жәнібек олардың дегеніне көнбеді. Сондықтан да ортақ өгізден оңаша бұзау деген Төре билер оған қарсы тұрды.

Ал қазақ руларының бірігуі, сондай-ақ Қырым жұртының бір тайпа елге айналуы, бұлғар, башқұрт, мордва елдерінің осы тұста татар ұлтына айнала бастаған бұлғарлар салып жатқан Қазан бекінісінің маңына жиналуы — түбі Алтын Орданың бөлшектенуінің басы болатынын, әрине, Жәнібек хан дәл осы тұста ойлаған жоқ. Оған Алтын Орданың бүгінгі күшеюі арман еді.

Әз Жәнібек хан ертеңіне қадірлі қонақтары Асан Қайғы мен Жиреншені Сарай-Беркенің құбыла жақ тұсына алып барды.

— Асан ата, сынап көріңізші,— деді жаңадан салған мазарды көрсетіп.

Мазар мәрмәр тастан тұрғызылған екен. Еңсесі биік. Үстіндегі күмбезі де аспан түстес көгілдір жылтыр тастан көтерілген. Қақпа тұсына безендіріліп құран сөздері, аяттар жазылған. Аппақ Мәрмәр мазардың үстіне орнатқан мұнарланған көгілдір күмбезі жарасып-ақ тұр. Мазар керемет көрікті, патшаға лайық екен.

Асан Қайғы жылтыр қара тастан істелген баспалдағымен ішіне түсіп шықты. Іші де қызғылт мәрмәрдан қапталған хан сарайындай кең, салқын жай екен.

Асан Қайғы далаға шыққан соң:

— Бұл мазар кімді күтіп тұр? — деді ол ханға қарап.

— Бүгін-ертең ешкімді де күтіп тұрған жоқ,— деді Жәнібек.— Ал түбі өлмейтін адам жоқ, өзіме арнап салдырдым.

— Көзіңнің тірісінде бекер істеткенсің,— деді Асан Қайғы кенет қабағын түйіп.— Тігілген киім киюді жақсы көреді. Ер жеткен қыз сүюді жақсы көреді. Ал салынған мазар...

— Өзім барда ойымдағыдай боп шықсын деп едім,— деді ол қысыла сөйлеп.

— Бекер еткенсің,— деді Асан Қайғы.— Әлде өзің өлген соң ұрпақтарың осындай бір тастарды үйе алмайды деп ойладың ба?

Жәнібек ақырын езу тартты.

— Ұрпақ? Күмбезді мазар салмақ түгіл, ата-бабасының сүйегінің қайсысының қай жерде қалғанын біле ме екен сол ұрпақ? Өзіңіз әкеңіз Сәбиттің зиратының қайда екенін білесіз бе?

— Білемін. Қызыл құмда. Бірақ ол зиратты әлдеқашан құм басып кеткен. Және менің әкем Алтын Орда ханы емес қой?

— Алтын Орда хандары Батудың, Сартақтың, Беркенің, Құтлық Темірдің мазарлары қайда? Тасыған Еділ әлдеқашан жуып әкеткен.

— Су бұзбайтын жерге салуларың керек еді. Құртаққа салған Жошының мазары сонау Қара Қеңгірде әлі тұр... Рас, ата-бабамызға күмбез көтеріп, ардақтап көрмеген көшпелі елміз. Қай жерге ауыл қонса, сол жерге өлігімізді көме саламыз. Бірақ бізде өзге жұрттай, заманында ісі жақсы болған адамдарымыздың атын сақтай білеміз. Моласында емес, жүрегімізде, жырымызда, ойымызда сақтай аламыз.

Жәнібек үндей алмай сәл кідірді. Бірдеме сұрағысы келсе де, бата алмаған тәрізді. Асан қайғы хан ойын бірден түсінді.

— Бата алмай тұрсың ба? Халық менің де атымды сақтайды ма, деп сұрамақсың ғой, ә? — деді ол.— Жарайды, айтайын. Сен өзге хандардай қанқұмар болмадың. Ел бірлігін тыныштығын сақтағың келді. Қандай іс болса да ақылға салып шешуге тырыстың. Ордаңның сауда-саттығын да, бөтен шаруашылығын де жөндеуге білгеніңді аямадың. Сол үшін жұрт сені парасатты санады, «әз» деген ат берді. Иә, бұның бәрі бұрын болған. Ал қазір сен қандайсың?

— Иә, қандаймын?! — Жәнібек түксие қарады.

Асан Қайғы қаймыққан жоқ, өз ойын тікелей айтты...

— Жоқ, сен бұрынғы Жәнібегім емессің... Бұрынғы Жәнібегім әділетті болуға тырысатын... көреген қырағы еді. Ал сен...

— Иә, мен?

— Қазір әділетсіздікке көп бара бастадың. Әрі көреген көңілді менмендік иектеген тәрізді.

Жәнібек ләм-мим деп жауап қайырған жоқ. Екеуі үндемей ұзақ отырды.

Әлден уақытта Асан Қайғы:

— Әрине, халықты мың адамның ақылы емес, бір адамның білгірлігі басқарған соң, қиянат пен қателік болып тұруы ғажап емес. Сол үшін де мен Жерұйықты іздедім ғой,— деді.

— Қалай, таптыңыз ба?

— Жоқ, таба алмадым.

— Бүкіл әлемде ондай әділетті, рахат жер жоқ па екен?

— Мүмкін әлі заманы тумаған шығар.

Екеуі тағы үндемей қалды. Асан Қайғы сонау көкжиекте бұлдырлай жүгірген көгілдір сағымға қарады. Кенет оған сағыммен бірге Жерұйыққа қарай бір тамаша көш жүріп бара жатқандай боп елестеп кетті.

— Жарайды, мен енді жүрейін,— деді ол,— анау өз көшімнен қалмайын.

— Жолыңыз болсын!

Сөйтсе де Жәнібек хан әйгілі жырау иегімен изеген жаққа қарады. Оған бұлдырлаған сағымнан бөтен ештеңе көрінбеді. Әрине, ханда қарт жырау аңсаған ондай қиял көшін көретін көрегендік жоқ еді.

Азынаған жел ме екен, әлде сарнаған ел ме екен, жер мен көкті басып кеткен қайғылы үн. Бұл замана дауысы, тарих дауысы.

Алтын Орда ма, Ақ Орда ма, Көк Орда ма, әлде көшпенділердің бөтен әлемге әйгілі бөтен патшалығы ма, бәрібір олардың гүржідей ауыр салмағын халық көтерген. Алтын кеселі рашиян шарабы хандарға ғана тиген. Алтын тәжіні, кіреуке, торқа шапанды хандар киген. Маңдайы күнге күймеген, қас аруларды солар құшқан. Бақ құсы тек солардың басына ғана қонған. Ал халық болса, етегімен су ішкен, етегімен қан кешкен. Мықтылар үшін, мықтылардың әулеті үшін бірін-бірі қырған, жау санап, өз бауырларына қарсы тұрған.

Сол себептен де әлемнің жартысын алып жатқан Алтын Орданың аспанға шарықтаған айбарлы атағына қарамай, сонау өз заманын — зар заман деп атаған халқының көзі, құлағы ұлы жырау — Асан Қайғы:

Бүгінгі күн зарлы күн,

Бүгінгі күн кәрлі күн.

Буыршын мұзға құлаған,

Бәйтерек жерге сұлаған,

Аққу қанатынан қайырылған,

Жалғызынан ана айырылған,—

десе керек-ті.

Сол себептен де ол халқына, қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған қиялы тудырған Жерұйығын іздеп, желмаясын еңкілдете желіп, сатым қуып кете барды.

Тағы да арада бес жыл өтті!

Батысы, күнгейі, шығысы, шығыс-теріскейіндегі патшалық, хандықтар өз ара қырылысып жатқанда көк жүзінде шарықтаған алып қырандай, Алтын Орда әлем төрінде емін-еркін өмір сүріп жатты.

Бұл оның бейбіт дүниеде дүрілдеген, ең көркейген кезі еді. Оған әрине Өзбек пен Жәнібек хандардың ұстаған саясаттары себепкер болды.

Және Алтын Орданың өркендеуіне жан-жағындағы елдердің өзара қырылыстары да, талас тартыстары да себепкер болды.

Өз әлектерімен әуреленген бөтен ел князьдері, әмірлері, бекзадалары, өздеріне үстемдік істеп отырған Алтын Ордамен алыспақ түгіл, жанындағы жауын жеңуге одан жәрдем сұрады.

Осылай Алтын Орда қауіп-қатерсіз өмір сүріп жатты.

Бірақ қасқырдың аты қасқыр, Жәнібек хан да Шыңғыс ұрпағының бөлтірігінің бірі еді, бөтеннің жылы жұмсақ етінен аузы-мұрнын қан етпей отыра алмаса керек-ті. Ол Иранның талан-тараж болып жатқанын пайдаланып шабуылға шығуға бел буды.

Осындай жағдайда Мешін, яғни 1356 жылы көктемде Сарай-Беркенің сыртына қонған ханның жалғыз баласы Бердібектің аулында үлкен той болды. Ноғайлының бұл кездегі белгілі биі Сиқымның он үш жасар тентек ұлы Мамайға Бердібек кенже қызы Ханымды бермек еді. Ханның немере қызының тойына Қырымнан, Азақ, Бұлғардан келген қонақтар бар. Той көркі Алтын Орда ханы Жәнібектің өзі мен оның туған қарындасы Күнжақ. Екеуінің де шешесі Өзбек ханның ортаншы әйелі сексенге келіп қалған Шеритаңба. Бұл ұзын бойлы ақсары адуынды кемпір. Жошының бесінші баласы Сибан тұқымынан, шыққан жері де, түскен елі де Шыңғыс хан ұрпақтарынан болғандықтан Өзбектің әйгілі әйелінің бұйрығы, хан бұйрығынан кем жүрмей келген. Әлі де сондай Шеритаңба бәйбіше, сонау Мәскеуден ұлы князь Юрий Даниловичтің жесір әйелі, орыс княгинясы Күнжақтың (орысша аты Катерина) келгеніне бауырында өскен немересі Іңкәр-сүбе бегімнің ерге шыққанынан кем қуанған жоқ.

Өзбек бәйбішесі жалғыз қызын көрмегелі де жиырма жылдан асып кеткен.

Күнжақ та қазір алпыстағы кемпір.

Бірақ бұ да әлі тың, шын жасынан ана құрлым кіші көрінеді. Шыңғыс ұрпағына тән мінезді, тәкаппар, жігерлі... Бір кездегі келбетті жүзін әлі жоғалтпаған. Бөтен елте он бес жасында кетсе де, өз тілін ұмытпаған. Өз елінің салт-санасынан айырылмаған. Әрине, бұлардан Күнжақтың айырылуы да мүмкін емес еді. Русь елінің билігі ол кезде Алтын Орданың қолында тұрғандықтан, Алтын Орда арқылы өскісі келген көп князьдері, қарамағындағы адамдары, тіпті кейде үй іштерімен қыпшақ тілін білетін. Сол тілде сөйлесе алатын, Алтын Орда бекзадаларының үлгісіменен құндыз бөрік, торқа ішік тәрізді киімдер де киетін. Мықтыға еліктейтін әдет ежелден сақталған. Осы себептен бұл халықтың дастан, жырларында сол тұстағы түркі сөздері көп кездеседі. Сондықтан да Күнжақ ана тілін де, оның кейбір тұрып дәстүрлерін де есінен шығармаған. Мәскеу князі Юрий Даниловичке шыққанда Күнжақ он бесте еді. Одан отызында жесір қалды.

Юрий Данилович осы Алтын Орда жерінде қоян, яғни 1327 жылы қаза тапқан.

Оқиға былай болған.

Тоқтай ханның тірі кезінде, Ұлу, яғни 1304 жылы Владимирдің ұлы князі дүние салған. Сол жылы осы ұлы князьдікке таласып Алтын Орда ханына Тверь князі Михаил Ярославич пен Мәскеу князі Юрий Данилович келген. Тверь князі жеңіп «Бүкіл Русь князі болған». Михаил Ярославич сол жылдан бастап өзге орыс князьдіктерін өзіне бағындыруға кіріскен. Әсіресе Ұлы Новгородты, Төменгі Новгородты, Владимирді, Переяславльді, Костроманы қарамағына алуды мақсат еткен. Владимир бірден бағынған. Өзге князьдіктер де қол астына кіре бастаған. Тек Ұлы Новгород пен Мәскеу князьдігі барынша қарсыласып баққан. Осы тұста Тоқтай дүние салып, таққа Өзбек отырған. Өзбек таққа отырғаннан кейін жыл өте Юрий Данилович, бір кездейсоқ жағдайларда Өзбектің қызы Күнжаққа кездескен. Ойында Алтын Ордамен жақындасу саясаты бар князьге ерке тоты, сұлу хан қарындасы өте ұнап қалған, дереу ағасынан оның қолын сұраған. Орыс князьдерімен тату тұруды және Мәскеу князьдігінің өсіп келе жатқанын есіне алып, Өзбек, дәл осы тұста мұсылмандығын ұмытып, жас қарындасы Күнжақты қырыққа аяқ басқан Юрий Даниловичке берген.

Владимир ұлы княздігінен үмітін үзе алмаған Юрий Данилович осыдан он бес жылдан кейін тағы Михаил Ярославичпен алысып, Алтын Орда ханының алдында кездескен. Бұл жолы Алтын Орда ханы өзінің туған қайнағасы Өзбек еді. Тверь князінің Алтын Ордаға қарсы істеп жүрген әрекеттері мойнына қойылып, Өзбек Михаил Ярославичті қылышпен шауып өлтірткен. Юрий Данилович өзінің көп жылдан бергі арманына жеткен. Бірақ ол бұл жеңісін пайдалана алмаған. Жолай Алтын Ордадан қайтып келе жатқанда, өзі өлтірткен Тверь князінің баласының қолынан қаза тапқан.

Ағасы Юрий Даниловичтің өлгеніне жыл өтпей, қоян жылы оның орнына — інісі, соңынан Калита деп аталған Данилович отырған.

Сол Юрий Данилович өлген жылы Мәскеуге, қызына көңіл айтуға шешесі Шеритаңба өзі барған. Жесір қалған қызын еліне алып қайтпақшы болған. Бірақ Күнжақ оған көнбеген. Екі баласыменен ол Мәскеуде қалған. Алтын Орда ханының қарындасына кімнің тісі батсын, қайнысы Иван Данилович бұны құрметтеп ұстауға тырысқан. Соңынан Күнжақ та қайнысының үмітін ақтаған. Калитаның бүкіл Русь князі болуына оның үлкен себі тиген. Күйеуі өлгеннен кейін Күнжақ үш жыл өткен соң Алтын Ордаға бір келген. Содан бері Еділ жағасын көріп отырғаны осы.

Иван Калитаның да өлгеніне он бес жылдан асқан. Оның орнын баласы Семен басты. Иван Калита өлгенменен өзі ісін істеп кетті. Ол өзінің саясатын өткізу үшін ештеңеден тайынған жоқ. Алтын Ордаға бас ию керек болса, бас иді. Одан әскер алып, өзіне бағынғысы келмеген орыс князьдерін жазалады, бағындырды. Соның арқасында, Мәскеу князьдігі өзінің жеріне жер қосты, шекарасын күшейтті. Орыс жерін біріктіре ала алатын күшке айнала бастады. Бұны көрген, өздерінің жеке әкімшілік дәрежелерінен айырылғылары келмеген орыс боярлары, алпауыттары князьдің қол астына кіргісі, бағынғысы келмеді. Соның бірі Мәскеу бояры, Алексей Петрович Хвост болды. Бірақ оның қолынан ештеңе келмеді. Ол Семеннен жеңіліп шет елге қашты. Мәскеу князі оның дүние-мүлкін, жерін тартып алып өзінің аға, інілеріне бөліп берді. Осы оқиғадан кейін, князь Семен — туыс-туғандарын әкесінің моласының басына жинап алып, өзіне қарсы келмейміз және боярлардың азғырғанына ермейміз деген антын алды. Иван Калита ұрпағы Хвосты және оның балаларын өздерінің қатарына жуытпайтын боп уәделерін берді.

Боярлар Семенге «Тәкаппар» деген ат қойды.

Осы «Тәкаппар» князі Семен, әкесі Иван тәрізді, Алтын Орда ханы Жәнібекке жаға білді. Тарту-таралғысымен қарындасы Күнжақтың сәлемін алып бес мәртебе Сарай-Беркеге барды. Әр жолы Алтын Ордадан олжалы қайтты. Ақырында Жәнібек оған орыстың бар князьдерін бағынышты етті.

Бұны көрген Литва князі Ольгерд Мәскеу князьдігі бұдан әрі күшейе берсе, Литваға зияны тиеді деп Алтын Ордаға өзі жақындады. Ол бұл кезде Еділ-Жайық хандығына үлкен ықпалы жүре бастаған Азақ әміршісі Асау бидің апасын алды. Алтын Орда хандығыменен құдандал болғаннан кейін, оның ханы Жәнібекті «түбі сендерге бағынудан бас тартады» деп Мәскеу князьдігіне қарсы жорыққа шығуға үгіттеді.

Бұны біліп қалған князь — Тәкаппар Семен дереу Алтын Ордаға жетті. Ольгердтің өзінің істегенін өзінің алдына келтірді. Жәнібек ханға Литва князі Алтын Ордаға жататын Украина мен Белоруссияны алып қойды. Енді бізді өзіне бағындырмақ. Содан кейін, күшейіп болған соң, Алтын Ордаға қарсы тұрады деді.

Енді Жәнібек Мәскеу князінің жағына шықты. Дереу әскер жіберіп, Ұлы Новгородтың күнбатыс жағынан шоғырлана бастаған. Литва әскерін, өз жеріне қуып тықты.

Бірақ көп кешікпей, осыдан төрт жыл бұрын, Жылан, яғни 1353 жылы, орыс жеріне келген апат — чумадан князь Семен дүние салды. Оның орнына інісі Иван Мәскеудің ұлы князі болды. Бірақ бұл әкесі Иван Калитадай, не атасы «Тәкаппар Семенге» ұқсамады, Алтын Ордаға желпілдеп келе қоймады.

Мына осындай жағдайда немересі Ханымды, ноғайлы биінің баласына бермек болған Жәнібек тойға Мәскеу княгинясы — қарындасы Күнжақты әдейілеп шақырды.

Ал Мәскеу князьдігі күннен күнге күшейе түскен.

Алтын Орда хандары орыс князьдерінің ең байларына, ықпалдары күштілеріне ғана «Ұлы князь» атағын берген. Және босқа бермеген. Бұлардың өзгелерге үстемдігін жүргізу үшін Алтын Ордаға аты-жөні жоқ қарсы шыға қоймайтынын білетін. Әрине, хандар мен орыс князьдерінің арасында басқа да сан түрлі саясаттар жүріп жататын. Сол себептен Дешті Қыпшақ билеушілері, орыс князьдерінің арасындағы жағдайларын, ел-жұртының құбылыс өзгерістерін үнемі көз алмай бақылап отыратын. Бұған ең алдыменен, өз пайдаларын көздеген орыс князьдерінің өздері жәрдемдескен. Ал Иван Мәскеу князі болғаннан бері, орыс жерінен нақтылы дұрыс хабар Алтын Ордаға тым сирек түсуге айналған.

Іштей қобалжи бастаған Жәнібек қарындасы Күнжақты немере қызының тойына сол үшін әдейілеп шақырған.

Бірақ Күнжақ орыс князьдерінің арасында болып жатқан істерді әлде білмеді ме, білсе де, өзі де орыс княгинясы болып кеткендіктен, ерінің, елінің сырын бөтендерге ашқысы келмеді ме, Жәнібекке: «қазір Мәскеу князьдігінде сендер қобалжитын еш қауіп жоқ, Иван князь тұрғанда еш қауіп болуы да мүмкін емес» деген. Ал шынында олай емес еді, бұл тұста өздеріне күшпенен үстемдігін жүргізіп отырған Алтын Ордаға деген қара халықтың өшпенділігі күннен-күнге аса түсуде еді. Бұқараның бұндай патриоттық, ұлттық тәуелсіздігін қолдай бастаған орыс князьдері де аз емес-ті. Бірақ бұның бірін де Күнжақ айтқан жоқ. Ошағы бөлектің ойдағысы бөлек деген осы да.

Батыс жағынан сәл көңілі орныққан Алтын Орда ханы қайтадан күнгей жағына көзін тікті. Ол тағы қауіп осы жақтан деп ойлады. Түріктер Дарденеллді алып, Жібек жолы арқылы Шығыс мүліктері тиелген кемелерді Қаратеңізден әрі қарай Жерорта теңізіне мүлдем өткізбейтін болыпты деген хабар келген...

Жәнібек хан Алтын Ордаға бұдан бөтен тағы да екі қауіптің туып қалғанын байқаған жоқ-ты. Бірі сонау Мауараннахр да күшейе бастаған түркі тұқымдас елдерден шыққан әмірлер еді. Ал Алтын Орданың болашақ ажалының бірі Ақсақ Темір бұл кезде он жетіде ғана болатын. Әзір жол танып, мал ұрлап, Қорасан мен Мауараннахр арасын бүлдіріп, қарақшылық етіп жүрген. Ал ертең...

Екінші қауіп, ол Көк Орданың туын тіккен Орда ханның ұрпақтары Хызыр ханнан тараған бекзада, әмірлер қаулап өсіп келе жатқаны еді. Әсіресе қазақ руларының көбін Еділ-Жайық хандығынан бөліп алып, Ақ Орданы жеке хандық ете бастаған, Ұрыстың, халық соңынан Орыс деп атаған, бұрынғы Жошы ұлысы болған, осы күнгі қазақ жеріне ақ туын желбіретуі еді.

Ал шын қауіп, таяу қауіп, осыдан жиырма жыл өткеннен кейін Алтын Орданың екі бөлінуіне себеп болар, осы бүгін Жәнібек өзіне күйеу бала етпек боп отырған төртпақ келген, ат жақты, қошқар мұрын, шапыраш көзді Мамай еді. Бұны, әрине, Жәнібек білген жоқ. Ал біле қалса, өзіне күйеу бала етпек түгіл, оны Орда маңына жуытпас еді. Дүние фәниде істің көбі осылай, көп жамандыққа өзің себепкер боласың, тек артынан барып, «әттең, әттең» деп саныңды ұрасың!

Тойға Мамай ноғайлының жай жігіттеріменен келмеген. Оның қасындағы «күйеу жолдастар» осы кездегі ноғайлы елінің жаңа аты шығып келе жатқан кілең жайсаң жастары еді. Міне, кең жауырынды, сұлу мұртты жаңа тебіндеп келе жатқан, Азақ-Тана әміршісі Хасен бидің баласы жас Хазбин оң жағында, атылуға дайын тұрған садақ жебесі тәрізді, қимылы шапшаң, Қарабақауыл, онымен қатар, суық түсті, тұнжырай қалған, Мамаймен жасынан бірге өскен серігі Қастүрік. Бұлардан сәл оқшаулау, көш алдында үнемі домбырасын ат ырғағына қарай желдірте ойнаған атақты Азу жырау... Бәрі де би-шонжарлардың балалары, араларына әлі бақ, атақ, дәреже деген құбыжықтар түспеген шақтары. Кілең күміс ер-тоқымды, қаракөк жорға, алма мойын сәйгүлік мінген ноғайлының жауларына безенуіне жарап қалған, алтын жебе жастары. Жас Мамайдың қалыңдығы Алтын Орда ханының бел немере қызы болған соң, құда жағын Хасен бидің өзі бастап келген. Сонау Азақ-Танадан тоқсан нарға хансыйлығын» артқан құдалар ырғала-жырғала екі аптадай жүріп Сарай-Беркенің етегіне әзер жеткен.

Той біткеннен кейін Хасен бидің өзі бастаған ноғайлы жағы жасауын тоқсан түйеге артқан, тағы тоқсан түйеге құлдар мен күндер отырғызған салтанатты керуенмен ырғалып-жырғалып алтындаған ер-тоқымды, сүттей аппақ жорғаға мінген айдай сұлу, торғындай үлбіреген жас келіндері Ханымды алып Азақ-Танаға аттанды.

Сол күні осыдан сәл шағындау көшпенен Мәскеу шаһарына қарай Күнжақ та беттеді. Бұ да көп сыйлық пен қайтты. Тверь княгинясы босқа келмеген екен, еліне жеткеннен кейін Күнжақ орыс князьдеріне ағасы Жәнібектің бейбітшілікті тілейтінін айтып келді. Күнжақтың Алтын Ордаға келуі — екі жұрттың арасына тағы біраз жылға тыныштық орнатты.

Ал той бітетін күні қадірлі құдаларын Жәнібек хан жақында ғана салдырған алты айлы, күміс мешітіне ертіп апарған.

Бүгін бұл мешітте жақында Ираннан келген шейх Мұхиддин Бердай Алтын Орда ханы Жәнібекке арналған құтпа оқып, өсиет сөйлемекші еді.

Құлағу әулетінің Ирандағы ең соңғы Илханы Әбусеит өлгеннен кейін, Иранның Әзірбайжан жағы тегіс Чопан әмірдің әулетіне көшкен. Иранның күнгей тұсындағы Шираз тәрізді әміретке айналған бірен-саран шаһарлары болмаса, бұл тұста бар Иранның шын билеушісі Чопанның немересі, Хасаннан туған Мелик-Ашраф болған. Мелик-Ашраф әсіресе әзірбайжан еліне үстемдігін қатты жүргізді. Жай халқы түгіл бекзада, діни белгілі адамдарын да қан қақсатты. Енді оның қарамағынан өзгені қойғанда атақты үлем, шейхтар да қашты. Белгілі хожа шейх Ганжи Шираз арқылы Сирияға өтіп кетті. Ол жақта тамаша мешіт, медресе, әулиелер зираттарының қасына ғибратханалар салып, атағын шығарды. Хожа Садреддин Ардабили Гилянға ауды. Ал Ирандағы мұсылман дінінің үш тірегінің бірі болған Мұхиддин Бердай Сарай-Беркеге келді.

Бұның алдына Иранның белгілі шаһарлары Табриз, Сердахса, Байлекен, Берда, Нахичиван тұрғындарының атынан сауда адамдары келген. Олар Арран мен Ширванды (Әзірбайжанды) Жәнібек хан өз қарамағына алуын өтінген. Оның үстіне Ширван өмірі Шейх-Әлінің қызы — Әнуширван-қатын Алтын Орда ханының үшінші әйелі еді. Бала таппағанмен, Жәнібекпен он бес жыл отасқан өмірінде Әнуширван — ханның ең жақсы көретін әйелінің бірі болған. Ал осы жақсы көретін жұбайының туған жері Ширванда, оның аға-інілерін, ағайын-туыстарын Мелик-Ашраф құл етіп аяғымен таптап, мал-мүліктерін талап алып жатқанда, мың сан әскері бар алтын Орда ханы — Ширванның күйеу баласы шыдап тұра алар ма? Шыдап тұра алмаса керек-ті.

Ал Әнуширванның, әрине, туған елін құтқаратын әскері де, басқа күші де жоқ. Бірақ, оның жақсы көретін адамына өтетін көз-жасы бар. Ал сұлу әйелдің көз жасы кейде қамал бұздырады, бекініс алдырады. Осыны білетін Әнуширван-қатын ерінің Иранға тез аттануын тілеп ағыл-тегіл жылай берді.

Жәнібек хан қадірлі құдаларын, нөкерлерін, уәзір, ақылшыларын шұбырта мешітке жаяу келді. Мешітке соңғы адамдармен бірге Төре би мен Бердібек те кірді.

Еденіне де мәрмәр тас төселген, қабырғаларына сан түрлі бояумен құран аяттары өрнектелген мешіттің ат шаптырымдай кең уәлиізімінде намаз оқылды. Алтын Орданың ханы Жәнібекке бағыштап атақты шейх Мұхиддин Бердай құтпа айтты. Содан кейін Мұхиддин Бердай шейх өзінің өсиетіне кірісті.

Бұл ұзын бойлы, сұлу қара мұртты, қою қара сақалды, сәл жасылдау тартқан көгілдір көз, қара торы көрікті кісі еді. Үстіндегі жағасын алтын жіппен зерлеген, көгілдір белбеулі жібек шапаны мен басындағы көгілдір сәлдесі өзіне өте жарасқан. Ол қолындағы ұзын құрма тәспісін, сәл-пәл сыртылдата жүргізіп келіп, кенет барқыттай жұмсақ қоңырқай дауысыменен өсиетін бастай жөнелді.

— Халайық,— деді шейх Мұхиддин Бердай иін тірескен жұртқа қарап.— Ұлы Алтын Орда билеушісі әз Жәнібек ханның алдында бүгін мен өсиет емес, өкініш пен өтініш айтқалы тұрмын. Діні де бір, тілі де бір өздеріңнің бауырларың әзірбайжан елінің қанды қылыш Мелик-Ашрафтың зорлық-зомбылығынан жас орнына қан жылаған кәрі шал, жас баланың «қорлықтан бізді құтқара көріңдер!» деп ұлы мәртебелі хан Жәнібек сізге арналған ащы айқайын естірткелі тұрмын.

Жұрт та құлаққа ұрған танадай тына қалды. Осындай кісі жүрегі жарылып кетер тыныштықта Жәнібек ханның сабырлы үні шықты.

— Естіртіңіз, тыңдайық,— деді ол.

— Бұл айқай, Мелик-Ашраф туған анасын күндікке сатқан жас нәрестенің айқайы. Жалғыз баласынан айырылған сол ананың айқайы. Сүйген жарын Мелик-Ашраф дүрелеп өлтірген жас келіншектің айқайы,— деді шейх қолын көкке көтеріп.— Кешегі өзің күйеу боп түскен Ширванды қара түнек басты. Бүкіл Арран, Ширванды қанға бояды, Мелик-Ашраф деген қара албасты. Бүкіл Иранның мөлдір аспанын қиянат атты қара бұлт жауып алды. Әділеттік деген күн көзі сол қара бұлттың астында жоғалды. Мелик-Ашраф мал-мүлкін талап алып, жоқшылықтың күнін көре алмай халық бет ауған жаққа босып жатыр. Сен күйеу болып келгенде, гүл-гүл жайнап тұрған Ширван мен Арран қазір өрт өткендей күйреген. Адам түрінен қорқарлық. Сен күйеу боп Ширван сарайына кіргенде, қор қыздарындай құлпырып, «жезде» деп, алдыңнан еркелей шыққан күндей сұлу жас балдыздарың қазір Ашраф жігіттерінің қорлығынан тоқсандағы кемпірлердей қартайған, беттерін әжім, көкіректерін қайғы басқан...

Шейхтың даусы кенет көңілі бұзылып кеткендей қарлыға шықты. Әлдекімнің өкси жылағаны естілді.

Енді шейх бетіне сорғалап аққан жасын сүртпей, Жәнібекке қарап жылап тұрып сөйледі. Даусы бұрынғысынан да жасқа тұншығып қарлыға шықты.

— Түнерген бұлтты, таланған жұртты көргенде, қандай тас жүрек болса да шыдай алмайды екен, ғафу ет, хан ием, менің көңілімнің бұзылып кеткеніне,— деді ол бір мезет ханға айыптыдай. Шейх Жәнібектің өзінің көзінде де жас тұрғанын көрді. Бердай кенет жас баладай екі бетін қолымен жауып еңкілдеп жылап қоя берді.— Сорлы, қор болған отаным, аяулы Ираным...

Енді шейхпен бірге жұрт та жылады. Жәнібек ханның өзі де, қойнынан үлкен батсайы ақ орамалын алып, әлсін-әлсін жанарын сүрткілейді. Ал, шейх екі көзінен аққан жасын сүртпей, сол қарлыққан даусымен әрі қарай сөйлеп кетті.

— Ал сенен жақсылық күтіп отырған Арран, Ширван деген елің бар, онда бауырлас қалың жұртың бар. Олар қолдарын көкке көтеріп «жауыз Мелик-Ашрафтан бізді құтқара көр!» деп сізге жалынады. Жалғыз сенері сіз болғандықтан алдыменен құдайға, сосын сізге табынады. Қалың қолыңмен Иранға шық! Мелик-Ашрафтың көзін жой, Әзірбайжандағы қан жылап, өзіңнен жәрдем күтіп жатқан бауырларыңды, қайын жұртыңды қорлықтан құтқар!

Жұрт тағы тына қалды. Жәнібек ханда да үн жоқ. Заты соғыс құмар емес ханның, әлденені шеше алмай тұрғанын шейх те түсінді.

— Сонда... Мелик-Ашрафты жеңу үшін қанша әскер керек деп ойлайсыз? — деді хан бір сәтте.

Шейхтің көзі жарқ ете қалды.

— Не ғұрлым көп болса, соғұрлым Мелик-Ашрафтың әскері тез жеңіледі.

— Құп онда. Бір айдан кейін жорыққа шығамыз,— деді Жәнібек. Сөйдеді де ол серіктері мен құдаларын ертіп мешіттен шыға берді.

Жұрттың ең соңында бөгеліп қалған Төре би қасындағы Бердібекке:

— Ал, Бердібек оғлан, Алтын Таққа дайындала бер,— деді ол.— Бұл соғыс Жәнібек Мелик-Ашрафты жеңсін, жеңбесін бәрібір әкеңнің түбіне жетеді.

Бердібектің дөп-дөңгелек көгілдір мысық көздері тасырая қалды.

— Айтқаныңыз келсін!

Аз уақытта алыс жатқан Шығысындағы әмірлерден қалың әскер жеткізу оңайға түспейтінін білетін Жәнібек, Еділ — Жайықтағы Бату ұлысының әскер басы Бердібекке Иранға аттанатын қосындарды бір айдың ішінде дайындауды бұйырды.

Сол күні түнде Жәнібек хан түс көрді. Түсінде өзі салдырған мазарында ұйықтап жатыр екен. Ұрланып кірген баласы Бердібек кенет тамағынан шап беріп ұстай алып, буындыра бастады. «Өлдім! Өлдім!» деп қырылдай айқайлап Жәнібек, кенет шошып оянды. Шалқасынан жатып бастырылығып қалған екен.

Діншіл, рымшыл Жәнібек таңертең бірден жаз бойы әшекейлетіп салдырған мәрмәр мазарын бұздырды. Түсін ешкімге айтқан жоқ, бірақ сол күннен бастап баласы Бердібекті маңайына ұстамауға тырысты. Өзі әскер соңында қалса, оны қосындарының басына жіберді. Ал өзіне әскер алдына шығуға керек болса, Бердібекті «ақұрықтарымыз не болып жатыр екен, өзің бір көріп қайтшы» деп қалың қолының ең соңына жұмсайды.

Жан беру оңай емес. Әсіресе кәрі кісіге қалған азғантай өмірі өте қымбат келеді. Жәнібек те, пайғамбар жасына жетіп тұрса да, шіркінді қимай, әлі де өмір сүре түссем дейтін. Енді ол түсінде көргенін өзінің жазмышы санап, оны тезірек болдырмаудың жолын іздеді. Бірақ жазмыш деген әккі күзетші, Жәнібектің өзін алдағысы келгеніне көнбеді. Үлкен ұлы Бердібектің бейнесіне еніп, көсе тырнақтарын тырбитіп, Алтын Орда ханын бір күні болмаса бір күні, бас салуға сыртынан аңди түсті.

Ал Жәнібек ханның өлімнен қорқып әсем мазарын бұздырғанын көрген Төре би, мұртынан күлді.

— Оқасы жоқ, өлген күні ханға бұдан да онды мазар салдырамыз,— деді ол Бердібекке.— Мыңды берген құдайға бірді беруді аяйсың ба, тек алтын тақты тезірек босатса екен.

Тағы Иранға қарай борт-борт желген қыпшақтың тоқпақ жал, құлаш құйрық ошақ табан сәйгүлік жүйріктері. (Осы жолға жорыққа шыққан қыпшақтың атты әскерін Иран тарихшылары асыра түсіп, Алтын Орданың Иранға қарсы жүз түмен қолы қатысты деп жазды). Қосындарды басқарып келе жатқан Алтын Орда тарихындағы Мөңке-Темірден кейінгі ең соғыс құмар емес хан Жәнібектің өзі. Жорыққа жарамайтын қарт, төбе би Мөңгілі Ордада қалды. Төре би мен Бердібек жорыққа ханменен бірге аттанды.

Қалың қол Дербент қақпасынан өтіп, Ширванға шықты. Осы жерде Жәнібек Мелик-Ашрафқа «Құлағу хандығы Шыңғыс ұрпағына жатады, соғыссыз Иранды бер» деп уәкіл жіберді. Бірақ Мелик-Ашраф «бұл жерде мен әміршімін!» деп уәкілді зынданға салып қойып, Алтын Орда әскеріне қарсы шығуға әмір-әскер басы Мұхаммед-Күли мен Шереф Дербананы жіберді. Өзге әмірлеріне де бар қолдарымен бұларға қосылуға бұйрық берді.

Жәнібек қалың әскермен тұманды күні Бишкин асуынан өтіп Берзендтке келді. Одан әрі Ардабильден асып, Серохқа жетіп, Айве мен Шерабьян тұсынан кеп шеп құрды. Мелик Ашраф қосындары Уджан қаласының теріскей жағына кеп жиналды. Осы тұста бұршақ аралас қалың жаңбыр жауды. Сай, жыралардан су сел боп ақты. Күн ашылғанда Мұхаммед-Күли мен Шераф-Дербана қосындары алдарындағы Жәнібектің қаптаған қалың әскерін көрді. Кейін шегінуге мүмкіншіліктері болмады, амал жоқ қарсы шапты. Иранның ер жүрек жауынгерлері өздерінен әлдеқайда көп Алтын Орда қосындарымен бір күн алысты. Екінші күн Жәнібек әскері оларды қоршай бастады. Мұны көріп ирандықтар жан сауғалап кейін қашты. Бұл ұрысты соңынан Иран тарихшыларының өздері «Жәнібек әскері қоян қуған тазыдай Иран жауынгерлерін қуып жүріп қырды» деп жазды. Ал Мелик-Ашраф өзі тығылып жатқан Шенб-и-Базаны бекінісінен қатын-баласын алып, алтын күміс қазынасымен, асыл дүние-мүлкін төрт жүз елу қашыр мен мың жарым түйелі керуенге тиеп үстірт Сандабатқа қарай жөнелді. Одан әрі Румға, не Сирияға өтіп кетпек болды. Бірақ қарамағындағы мүләзімдері опасыздық істеп оның бұл мақсатына жеткіздірмеді. Дүние-мүлкін, қазынасын талап алып, өзін қатын-баласыменен тұтқын етіп Жәнібек ханға ұстап әкелді. Жәнібек хан Мелик-Ашрафтың жұртқа істеген қиянаты үшін оны дарға асып өлтіруге бұйырды. Осы тұста Алтын Орда ханы шаппаған Иранның күнгей жағы — Фарсының және Ирактың, Румның, Сирияның, Жезира, Диярбекра ел билеуші әмірлері келіп Әзірбайжанға Бердібекті хан етіп белгілеуін өтінді. Олардың бұл өтініші өз ойыменен бірдей шықты. Жәнібек баласы Бердібекті өзінен алыс ұстауды дұрыс көргенді. Енді оны Алтын Орда қарамағына мүлдем көшкен Әзірбайжанға (Арран мен Ширванға) хан етті. Бердібектің қарамағына елу мың әскер тастап, өзі Мелик-Ашрафтың Сұлтанбақыт деген қызын, Теміртас атты баласын және кәрі шешесін алып, көп олжаменен Дәшті-қыпшаққа қайтты. «Түс түлкінің боғы деген рас екен» деді ол. Өзінің тамаша мазарын бұздырғанына енде Жәнібек қатты өкінді.

Бірақ Жәнібек хан бекер өкінген еді. Ажал-жалмауыз өзінің темір ауын салып, теңіз-дүниеде, бұрынғысындай қаннен-қаперсіз жүзе бастаған Жәнібек атты жайынды әлі аңдуда еді.

Хан Сарай-Беркеге келгеннен кейін, алты ай өткен шақта, кенет өкпесінен суық тиіп, қатты сырқаттанып қалды. Бақсы-балгерлер қандай ем қолданғанмен ес-түсін білмеді. Орда төңірегіндегі адамдар енді оны жазылмайды екен деді. Сол сәтте төбе би Мөңгілі де қатты ауырып, Орданың көп билігі сүбе би Төре биге қалды. Ол Бердібекке, «хан өлейін деп жатыр, тезірек жетсін» деп жасырын ат шаптырды. Ханның халы күннен күнге нашарлай түсті. Енді оның дүние салатынына ешкім де шек келтірмейді. Төре би Жәнібек ханға арнап сол бұрынғы мазар орнына бұрынғысынан да онды жаңа мазар салдыра бастады. Бұрынғысынан да әдемі, бұрынғысынан да зәулім. Осы кезде бір күні түнде Төре бидің үйіне он жолдасыменен Бердібек келіп түсті. Хан баласының тілегін құдай өзі қабыл етпегендей, сол күні таңертең Жәнібек есін жиып, жастықтан басын көтерді. «Ертең хан кеңесін шақырыңдар өзім жүргізем» деді. Бірақ ханның ол ойы болмады. Бір жаны ашыр адамы түнде шаһар қақпасынан он жолдасымен Бердібектің өткенін ханға хабарлады. Жәнібек кенет қауіптене қалды. Баяғы түсі қайтадан көз алдына елестеп кетіп, Бердібектің Сарай-Беркеге келгені рас болса, түнде сарайға жасырынып кіріп өзін өлтіргелі жүргеніне шек келтірмеді. «Әйтпесе, ондай ойы болмаса, неге келіп әкесіне сәлем бермейді. Жаңа ғана хан болғаны бар, неге Әзірбайжанды тастап кетеді?» — деді ол. Дереу Бердібектің шешесі, өзінің бәйбішесі Тоқай-Тоқты-қатынды шақыртты. «Сенің балаң Бердібек Сарай-Беркеге қайтып келіпті ғой, не білесің» деді. Жәнібектің бәйбішесінен көрі, Төре бидің бір қатынына айналған ханым сүбе бидің Бердібекті шақыртқанын да, оның келгенін де білетін, бірақ некелі күйеуінен төсегімен бірге, көңілі де ерте суынғандақтан, баласы мен бидің мысы жеңіп, ханға «жоқ, Бердібек Сарай-Беркеге келген жоқ» деп бет бақтырмады. Хан енді Төре биді шақырттырды. Өзі хал үстінде жатқанда, бұған арнап бұрынғыдан да көрікті мазар тұрғыза бастағанына хан өте риза болып қалған. «Алда-жалда дүние салар күн туса, жер құшағына салтанатпен бергізер Орданың есті адамдары бар екен!» деген ол ішінен. Жәнібек оған: «Осында, Сарай Беркеге Бердібек келіпті деген хабар бар. Келгені рас па екен және неге келіпті анығын біл!» деді. Бердібекті өзінің үйіне тығып қойған би жаман састы. Енді өзінің қақпанға түскелі тұрғанын түсінді. «Жарайды, біліп берейін» деп ол сарайдан шығып кетті. Енді тез қимылдап істі бітіргеннен бөтен Төре биге жол қалмаған. Ол Бердібекті ертіп өзімен тілектес бес-алты кісіменен хан сарайына қайтып келді.

— Хан ием, мінеки балаңыз Бердібек,— деді Төре би. Жәнібек төсектен басын сәл көтеріп, баласына түксие қарады.

— Сен Ордаңды неге таста...

Сөзінің ар жағын айтқызбай, Бердібек оның үстіне қона түсті. Дәл түсіндегідей аш алқымынан алып қос қолыменен буындыра бастады. Қимылдауға шамасы келмей қалған батыр денелі Жәнібек өліп бара жатып Асан Қайғының қандай данышпан екенін есіне сонда ғана түсірді. Бірақ тым кеш түсінді. Бердібек орнынан түрегелгенде жаны шығып кеткен Алтын Орда ханының мойын тұсын орамалымен байлап, Төре би бетін өз қолымен жапты. Оның алдында Жәнібектің шарасынан шыға жаздап ақшиып кеткен көзінің, кірпіктерінің үстін сұқ саусағыменен ақырын уқалап, көзін жұмдырды.

— Он алты жыл әділетті хандық құрып еді, топырағы торқа болсын,— деді басын Жәнібектің өлі денесіне иіп, сөйтті де далаға шығып, сырттағы хан уәзірлеріне Алтын Орда ханы әз Жәнібек өкпесі ісініп, тамағынан дем ала алмай, дүние салды,— деді.— Хан тағына әкесінің ұйғаруымен баласы Бердібек отырды. Жұртқа осылай деп төбе би Төре айтты деп хабарлаңдар,— деді.

Сырттағы жұрт азан-қазан болды да қалды.

БЕСІНШІ ТАРАУ

Осы тұс мұсылман дініндегі Шығыс Европа мен Азиядағы түркі тұқымдас елдердің әлем тарихына әсер етерліктей мықты өскен тұсы. Мәрмәр теңіздің жағасына таяу, кіндік шаһарлары Брусада тұрған түрік сұлтандары әлденіп, күшейіп қалған-ды. Олардың патшасы Орхан, кешегі өздері бағынышты болған Румның Никея тәрізді бас қалаларының көбін, кеме тоқтайтын Галиполыс секілді үлкен порттарынан бастап, Дарданелл бойын өзіне бағындырып алған. Түріктердің осы жеңістерін бұдан әрі қарай ұлғайта түскен, атақты янычар қосындарын құрған, соңынан Найзағай тектес деп аталған Илдрим Баязиттің аты жаңа шыға бастаған шақ.

Сондай-ақ, Алтын Ордадағы тайпалардың да ең мықты өскен тұсы осы кезең.

Осылай батыс жақтағы түркі тайпаларының мемлекеттік сатыға көтерілуі, жеңістерге жетуі, Шығыстағы олармен бауырлас, тілі де бір, діні де бір басқа түркі елдеріне де рухани әсер етті. Әрине, бұлар өз беттерімен күшейе бастады. Әсіресе Түркістан өлкесін, оның ішінде Мауараннахр, Жетісу, Шығыс Түркістанды жайлаған Жағатай ұлысы мен Ақ Орда елдері кенет Шығыс елдерінің алдыңғы қатарына шықты. Енді бұл өлкелерді түркі елінің өмірлері билей бастады.

Түркі елінің әмірлері әсіресе Мауараннахрда тым тез көтерілді.

Бұның тарихи себептері де бар еді.

Шыңғыс хан екінші баласы Жағатай ұлысына төрт мың монғол әскерін бергенде, оны қарамағындағы мынадай түркі тектес монғол руларынан бөлген: мыңбасы Мүкле басқарған мың әскерді Жалайыр руынан, мыңын Барлас руынан, сондай-ақ монғолдың Каучин мен Арлат руларынан мың әскер қосқан. Бұлардың бәрі Жағатаймен бірге осы Түркістан жеріне қатын-баласымен, мал-мүлкімен көшіп келген.

Жалайыр руы әскері ең алдыменен Ходжент шаһары тұрған Сейхундарияның бойын жайлаған. Соңынан көпшілігі Жетісуға, Ақсу, Алакөлге қарай ойысқан. Барластар бас қалаларын Шахрисябз етіп, Қашқа-Дария өңірінен бастап Жезаққа дейін қоныс еткен. Ал Арлат пен Каучин Жейхундарияның Бұхар жеріне кіретін екі жағын мекен қылған. Бірақ бірте-бірте шаруашылық, әскери жағдайларымен қосыла келіп, Каучин-Жалайыр, ал Арлат Барлас болып кеткен. Бұл түркі тұқымдас рулардан шыққан әмірлер, осы өлкелерді Шыңғыс ұрпақтарымен бірге шапқандықтарынан, өздерін өзгелерден гөрі ел билеуге қақымыз көп деп ұққан. Ал осы кездегі түркі тұқымдас тайпалар үстемдікке жеткен, Жағатай ұлысындағы айтылған рулардың әмірлері ел билеу ісінде алдыңғы шепке шыққан. Осы көшпелі ел әмірлерінің арқасында, Мауараннахрдағы Жағатай ұлысын мүлдем мұсылман еткен Тармаршин хан құлағаннан кейін, тақ маңындағы таластың әлегіменен Жағатай ұлысының орталығы Жетісуға — Алмалыққа көшкен. Бірақ осы кездегі талас-тартыс Сейхундария өлкесінің шығыс жағымен, Жетісу және Шығыс Түркістандағы қалалардың шаруашылығын мүлдем төмендетіп жіберген.

Дегенмен Жағатай ұлысының тағына Шыңғыс ұрпағынан шыққан дервиш Хәлел отырғаннан кейін, Орда қайтадан Мауараннахрға апарылған. Хәлел таққа отырысыменен мұсылман діні үстемдігін жақтап көшпенді монғолдарға қарсы шыққан. Ал бұл хан тағынан құлағаннан кейін, оның орнын інісі Қазан алған. Бұл Жағатай ұрпағы билеп келген хандықты өздері басқарып қайтадан көтермек болған. Түркі әмірлеріне қарсы шыққан. Бірақ бұл тұста күшейіп қалған түркі әмірлеріне ештеңе істей алмаған. Ақырында яғни Доңыз, 1347 жылы айқаста түркі әмірі Қазағанның қолынан қаза тапқан. Осыдан бастап Мауараннахр Жағатай ұрпағынан қандай хан шықпасын, бұлардың бәрі тек хан деген атқа ие болған. Билік тегісіменен түркі әмірлерінің қолына көшкен.

Мұндай жағдайға, әрине, монғол бекзадалары оңай көне қойған жоқ. Олар қайтадан күреске шықты. Енді олар, мұсылман дініне мүлдем көшуге айналған Мауараннахрды былай қойып, Жағатай ұлысының шығыс жағында өз хандықтарын құрды. Бұл хандықты олар Маңғлай-Сүбе деп атады. Соңынан бұл ат Моғолыстан боп өзгерді. Бұған ЬІссық көлден бастап Жетісудың күнгей жағы тегіс, және Шығыс Түркістанның Қашқар шаһарынан Кучи қаласына дейін енген.

Қазан хан өлгеннен кейін келесі жылы, осы кездегі монғол бектерінің ең абыройлысы Болатшы Құлжа жақтан Ақсуға он жеті жасар Тұқлық Темір деген бала жігітті алып келеді. Бұл монғолдың көп әмірлерінің біреуінің баласы еді. Бірақ Болатшы бұны Туба ханның ұлы Еміл-Қожадан туған деп түсіндірді жұртқа. Еміл-Қожа өлгенде екі қабат қалған-мыс, Тұқлық Темір шешесі екінші ерге тигенде бұл дүниеге келген-міс. Монғол әмірлері іштей сенсін-сенбесін, сырттай бәрі бірдей Болатшының ұсынысын қабыл алды, Маңғлай-Сүбеге Тұқлық Темірді хан көтерді. Өйткені әлі Шыңғыс жасысын берік ұстап келген Шығыс монғолдарына бұлардың ханы Шыңғыс ұрпағынан болуы шарт еді. Тұқлық Темірден бөтен бұл тұста бұл ұрпақтан ыңғайлы ешкім кездесе қоймайды. Сондықтан түркі әмірлеріне көнгісі келмеген монғол бекзадалары бұл жігітті еш талассыз хан көтерді. Бұлардың ықыласына қарай, Тұқлық Темір де монғол жоғын жоқтайтын айбынды хан боп шықты. Ол көп кешікпей Жағатай ұлысының арасындағы талас-тартыс, алауыздықты пайдаланып, қайтадан Мауараннахрды өзіне қаратты. Бұл Тұқлық Темірдің, не оны қошеметтеген монғол бекзадаларының күштілігінен туған жоқ. Бұған бөтен жағдай — халық арасында, әсіресе медреселердегі шәкірттер мен Қарханадағы шебер, ұста, жұмысшы жұрттың Мауараннахрды билеп отырған Жағатай хандарының қиянатына қарсы көтерілген қозғалыстары — әсер еткен еді. Міне осы кезде, Түркістанда, баяғы Ақберенмен Сақып-Жамалдың баласы Асығат пен Ардақ атты үлем, және бұл уақытқа дейін қарақшылық өмір өткізіп жүрген. Тарағайдың ұлы, соңынан әлемге қанішерлігімен аты шыққан болашақ Ақсақ Темір гурген пайда болды.

Бұлар жақсылық пен жамандық, күн менен түн тәрізді екі түрлі жандар еді. Ардақ жақсылықпен күн болса, Ақсақ Темір сол жақсылықпен күнді құртуға келген, жамандық пен түн еді.

Өлім мен өмір деген сұмдық айқаста, ол кезде көбіне жамандық пен түн жеңген. Бірақ бұл оқиға бұдан бес жылдан кейін болған. Ал Ардақ пен Ақсақ Темір кездескен шақта Мауараннахрда медресе шәкірттері мен Қархана шебер-ұсталарының қозғалысы туа бастаған.

Міне осы қозғалысқа Ардақ атты үлем қатынасқан. Бұл үлемнің Мауараннахрда пайда болуы бір таң қаларлық ертегі.

Ақберен мен Сақып-Жамалдан Бөбештің қолында үш жасар Асығат атты баласы қалғаны мәлім. Сол жылы күзде Бөбені дүние салған. Жетім қалған жас Асығатты бір жасақ басы қарақшы ұстап алып Хорезмдегі құлдар базарына әкеп салған. Осы жас Асығатты баласы жоқ, бір қарт керуен басы сатып алған.

Бала сондай зерек болып шыққан. Керуен басы оны өзімен бірге алыс жақтарға Қашқар, Құлжа, Сарай-Беркелерге алып жүріп, көптеген жат шаһарларды көрсетті.

Есейе келе Асығат керуен тартып Қашқар, Құлжаға да барды. Өзінің әке-шешесін іздей жүрді. Ақырында олардың Шығыс Түркістанда осыдан он жыл бұрын болған қара шешек індетінен өлгенін естіді.

Содан кейін Асығат о жаққа керуен тартуды қойды.

Енді ол сонау Мысыр, Бағдатқа дейін көш басқарды.

Ал баласы жоқ қарт керуен басы, Асығаттың адалдығына, саяхат ісіндегі дарындылығына риза болып, оны өз баласы санап, мұрагері еткен. Кәріліктен жүре алмай қалған керуен басы, жұмысын асыранды ұлы Асығатқа тапсырды.

Асығат жиырма бесіне жетпей даңқты жібек жолының ескі сүрлеулерімен Иран, Ирактарға баратын керуендерді өзі басқарған.

Кейде ол Рум, Алтын Орда саудагерлерінің Хорезм базарынан сатып алған құлдарын алыс Мысыр, Бағдатқа апаратын көштеріне жол көрсетуші, керуен басы болатын.

Міне осындай бір жолында, Бағдатқа өзі басқарып бара жатқан құлдар керуенінен Хорезм саудагері базардан сатып алған Аркадий деген он жасар орұсут баласын кездестірген.

Бала қайғылы көгілдір көзді, бір уылжыған жас еді.

Асығат неге екенін өзі де білмеді, осы бала оған сондай ұнады. Қайғылы жүзіне таң қалды. Ақыры саудагерден керуенге жол көрсеткені үшін алатын төлеуінің тең жартысын беріп, әлгі баланы сатып алды.

Баланы ол Хорезмге де алып қайтпады, орұсут жеріне де жібермеді. «Жетім бишара құлдық бұғауына тағы түсіп қалар» деп қорықты. Керуен басқарғанына төленген ақшасының қалған жартысын беріп, Бағдатқа барған жерінде әлгі баланы бір қыпшақтан шыққан молданың медресесіне орналастырды.

Әр үш жылда Бағдатқа өзі керуен тартып тұрды. Медресеге әр барған сайын баланың оқу құнын төледі.

Бала өте зерек екен, араб ғылыми фәндерін тез игеріп кетті. Ол енді араб, қыпшақ тілінде сөйлейтін болды.

Бірақ бала құлдыққа сатылған кедейдің ұлы екенін ұмытпады. Өскен сайын жас жаны зорлыққа, қиянатқа қарсы жалындай түсті.

Асығат оны енді інісі санады. Аркадий деген орұсут есімін өзгертіп, қыпшаққа оны Ардақ деп атады...

Ардақ та өзін енді сонау алыста қалған қыпшақ ұлы санады. Қыпшақ жерін өз жерім деді, қыпшақ елін өз елім деді, өйткені бұны құлдықтан құтқарған ағасы Асығат қыпшақтан шыққан ғой.

Бірақ қырсық қырық ағайынды. Сол қырсықтың біреуіне Асығат та ілікті. Осыдан төрт жыл бұрын Бағдатқа көш бастап барған жолы, бұлардың керуендерін арабтың жол тонайтын қарақшылары шапты. Дүние-мүліктерін тартып алып, өздерін Бағдаттың базарына апарып сатты.

Асығаттың бағына қарай бұны, Ардақ медресесін бітірген баяғы қыпшақ молдасы сатып алды.

Ол енді Асығатқа қандасым қыпшақсың деген жоқ, басыбайлы құл етіп ұстады, ауыр жұмысқа салып, қаққанда қанын, сыққанда сөлін шығарды. «Еліңе хабар бер тезірек үш есе артық етіп құныңды төлеп сені қайтарып алсын» деді.

Кім хабар береді, кім қайтарып алады?

Бағдат қайда, Хорезм қайда!

Туған ағасындай болған адамның мұндай күйге ұшырағанын көрген жас үлем Ардақ жанын қоярға жер таппады. Қыпшақ молдасынан Асығатты сатып алуға ақшасы болмады.

Зорлықшыл, әділетсіз бай, манап, ишан, молдаға қарсы жас үлем, енді оларға бұрынғыдан да өшіге түсті. Бар өмірін солармен күресуге жұмсамақ болды.

Бірақ ең алдыменен оған Асығатты құлдықтан құтқару керек еді. Ардақ еш жол таба алмады. Ақыры Асығат екеуі бір түнде ебін тауып Бағдаттан қашып шықты.

Асығаттың жол білетіндігі жақсы болды. Өлдік-талдық дегенде Қығадақ даласының шетіне жеткен. Енді олар Хорезмге қарай өткен. Хорезмге жеткеннен кейін Асығат өз жерінде қалып, Ардақ Әндижанға беттемек болған.

Әндижан қаласы бір кезде бүкіл Түркістан әміршісі Қайдудың жарлығыменен Туба салдырған. Тұрған жерінің қолайлығына байланысты аз уақытта Әндижан Ферғана өлкесінің бас шаһарына айналған. Және бұл қаланың көпшілік тұрғындары түркі тұқымдас Қаңлы, Найман, Дулат тәрізді елдермен болатын. Жалғыз Әндижан қаласы ғана емес, бүкіл Ферғана өлкесінде түркі тұқымдас жұрт басым еді. Үлем Ардақ өзінің саяси ісін осы өзі білетін қыпшақ тілінде сөйлейтін тұрғын жұрттардың арасында бастамақ болған. Бірақ Әндижанда да және оның төңірегінде де түркі тұқымдас көшпелі елдердің үстемдігі басым келгендіктен, мұнда қала мәдениеті, қала шаруашылығы көп төмендей түскен еді.

Қысқасы Берке ханға орұсут жеріне кіріп, ішінде отырып басқару керек деген Ноғай ойын Жошы ұрпақтары Россияға қолдана алмағанмен, Жағатай әмірлері Түркістан жеріне қолданған. Міне сол себептен де, кешегі қала мәдениеті біраз сатыға көтерілген Мауараннахр, бүгін көшпелі елдердің тікелей билеуі арқасында көп төмен түсіп кеткен.

Мұндай жағдайда, Әндижанда халық арасында жөнді жұмыс істей алмайтынына көзі жеткен Ардақ үлем бұл арада тұрақтай алмай Түркістан өлкесінің бас шаһары Самарқантқа келген.

Міне осы қалада ол болашақ Ақсақ Темірмен кездескен. Және бүкіл Мауараннахрда Жағатай ұрпақтарымен түркі тұқымдас елдер әмірлерінің қанды оқиғалы, талас-тартыстарының дамыған кезінде бір-бірімен танысқан.

«Бізді құдай жаратқан жоқ, құдайды оған құлдық ниет көрсеткен біз өзіміз жараттық». Қандай данышпан адам болмасын, оны әлеуметтік әлемге тек ақыл дарыны, ерлігі ғана емес, қоғамдық жағдай, ұлттың не бір таптың үстемдік көксеген тілегі тудырады. Бұл кезде Маруаннахрда болашақ Ақсақ Темір пайда болса, Алтын Орда тарихында, сол тұста Ақсақ Темірмен даңқы тайталаса алған, бірнеше әйгілі қаһармандар дүниеге келген. Жоқ дүниеге келіп қана қойған жоқ, олар сол Ақсақ Темірмен бір тұста ат жалын тартып мініп, атақ, бақ аңсап, ақ найзаларын қолына алып, тартыс-талас төріне андай шыққан.

Солардың бірі келешек қазақ хандарының ұлы атасы Орыс хан еді. Бұл Жошының он жеті ұлының бірі — Тоқай Темірден туған Үз-Темірдің баласы Ходжаның немересі еді. Өз әкесі Бадықты мұсылман дәстүріменен жеңгелері кішкентайынан Шымтай деп атап, Ақ Орда тарихында да ол осы атыменен қалған. Жәнібек хан өлген жылы Орыс жиырма жеті жасар еді. Бұл ұзын бойлы, ақ сары, шегір көз, өте ержүрек, жігерлі жігіт болған.

Екінші қаһарман Алтын Орданың болашақ атақты ханы Орыстан он жас кіші Тоқтамыс еді. Бұда Үз-Темір ұрпағынан Үз-Темірдің екінші баласы Сарыджадан Кончак, Кончактан Тұғлық-Хожа, Тұғлық-Хожадан Той-Хожа туған. Той-Хожадан дүниеге Тоқтамыс келген. Бұл алмастың жүзіндей өткір, қара торы, кең маңдайлы жігіт екен. Бұл кезде жұрт таң қалар ештеңе істемеген. Бірақ әлі талай қасқыр, түлкіні алатын ұясынан ұшқалы тұрған бала бүркіт тәрізді, өзінің Шыңғыс ұрпағы екенін көрсете алатын жас екенін аңғартқан.

Үшінші жігіт, соңынан жарты әлемге аты шыққан әйгілі Едіге батыр еді. Бұл Орыстан он бір жас кіші. Кіші болғанмен одан ерлігі кем емес. Үлкен екі көзі оттай жанған, түкті қабақты, қошқар мұрын, қарасұр, арыс кеуделі, асқан балуан, суық түсті жан болған.

Бұның да арғы аталары Мамай тәрізді. Мекеден шыққан ақ Маңғыт руының әйгілі бектері. Төртінші атасы Терме, одан Қызыжы, одан Ісләм-қия, одан Қадыр-қия туған. Бұлардың бәрі Алтын Ордаға қызмет еткен. Әз Жәнібек, кезінде Құтлық Темірдің өтінуімен Қадыр-қиядан туған Құтлық қияны Хорезм әміршісінің қарамағына берген. Құтлық Темір оны өзіне бағынышты Құмкент мәдинесіне әмірші-бек еткен. Осы Құтлық-қиядан бүкіл дүние жүзіне аты жайылған, «Ер Едіге» дастанының кейіпкері Едіге батыр туған.

Міне Жәнібек хан қаза болған кезде, Мауараннахр мен Ақ Ордада, Алтын Орданың күйреуіне, соңынан бір сәт қайта көтерілуіне себепкер болған, жолдары қанды-жорықты, қырғынды осындай ұлдар туған.

Жәнібек хан өлген тұста Орыс хан Ақ Орда ұлысының тағына жаңа ғана отырған. Оның алдында Өзбек хан кезінде, бүкіл Ақ Орданың ұлыс басы Жошының үлкен баласы Орданың шөбересі, Баяннан туған Сасы Бұқы еді. Ол отыз жылдай осы ұлысты басқарған. Сасы-Бұқы өлген, яғни, Жылқы, 1330 жылдан кейін, бүкіл Ақ Орда ұлысын он бес жылдай оның баласы Ерден билеген. Бұл хандар шамалары келгенше елді дұрыс басқаруға тырысқан және Алтын Орда хандарының айтқанынан шықпаған. Өздерін Алтын Ордаға бағынышты санаған. Ал Ерден дүние салғаннан кейін, таққа оның баласы Мүбәрәк-Хожа отырған. Бар пәле осы ханнан басталған. Бұл шайхы-дуана мінезді, оның үстіне бүйректен сирақ шығарғыш өзімшіл кісі екен. Осы Мүбәрәк-Хожа таққа отырысымен, өзін бүкіл жер шарының кіндігі санайды. Жәнібек ханның өзіне де бағынғысы келмейді, жұртты тайпа-тайпаға бөліп, аз жылдың ішінде Ақ Орда ішін астан-кестен етеді. Ақырында, жарты жыл ғана хан болып, екі жарым жылдай қаңғып жүріп, сонау шығыстағы Алтай тауының арасында өледі. Одан кейін Ақ Орда тағына оның немере інісі Шымтай отырды. Жәнібекпен бұл да жақсы болды. Бірақ Алтын Ордадан бөлініп жеке шаңырақ көтеруді қалай бастаған. Ақ Орда қарамағындағы түркі тұқымдас елдердің ықпалынан шыға алмай, Жәнібектен бөліне жайылды. Ақыры он жеті жыл Ақ Орданы билеп, Шымтай да дүние салды. Енді оның тағы жиырма жеті жасар Орысқа қалды.

Сасы-Бұқыдан бастап Ақ Орда хандары мұсылман діні туын тіккен Сейхундарияның орта және төменгі шеніндегі Отырар, Сауран, Жент, Барчкент секілді қалаларды қыстау ете бастаған. Бұл шаһарларда медресе, мешіт, ханака, қархана салып қала тұрғындарының да көңілінен шығып, көп жұртты, өздеріне қарата алған. Орыс хан таққа отырғаннан кейін, атасы Жошы қиратпастан бұрын мықты бекініс болған Сығанақты Ақ Орда астанасы етті. Талқанданған қаланы қайта тұрғызды. Күмбезді мешіттер салды. Сығанақты сонау Ұлытау мен Арал теңізіне дейін созылған Қыпшақ даласында көшіп жүрген қазақ руларын біріктірер, қайтадан бас көтеріп келе жатқан Мауараннахр хандығына қарсы тұрар қорғанына айналдырды.

Сосын барып Орыс хан шығысы мен батысына бірдей алақтай қарай бастады. Шығысынан ол түбі Ақ Ордасына қауіп тудыратын күшейіп келе жатқан түркі өмірлерін көрді. Ал Батысында алыс жатқан Алтын Ордадан бұған қауіп жоқ секілді көрінді, бірақ енді оған өзі қызыға қарай бастады.

Осындай күнгейіндегі Иран, күнгей шығысындағы Моғолыстан, шығысындағы Мауараннахр, теріскей-шығысындағы Ақ Орда хандықтары жатқан жерінен түрегеліп, сілкінген қасқырлардай, сан қилы мақсат пен қозғала бастаған кездерінде Алтын Орда тағына Бердібек кеп отырды.

Жоғарғы хандықтардай Еділ — Жайық Ордасының теріскейіндегі болғар, башқұрт, мордва елдері де, сондай-ақ, батысындағы Руссия да Алтын Ордаға қабақтарын түйіп түксие түскендей еді. Рас, бұл тұста, орыс жерінің өзі де тыныш болмайтын. Тәкаппар Семен мен оның інісі Иван өлгеннен кейін Бердібек ұлы князь атын Суздаль князі Дмитрий Константиновичке берген. Енді Мәскеу князьдігі осалдана түскен. Бірақ бұған орыс жерінің князьдерінің басын біріктіруге Мәскеу князьдігі көнгісі келмеген. Мұндай жағдайда, әрине, орыс жері де тыныш жата алмаған. Бірақ олар Алтын Ордаға тікелей қауіп туғызудан әлі де алыс еді. Әйтсе де бұл тұстағы орыс князьдерінің тартыстары, князьдіктердің бұрынғыдай жеке-жеке күшеюінде емес, олардың бастарының бірігу саясатының төңірегіндегі тартысқа айналған.

Бұл Алтын Ордаға деген ең бас қауіп еді.

Әрине, мұндай жағдайда Алтын Орданың өзінің іші берік болғаны ең үлкен сүйеніш. Үйіңнен бүлік шықпаса, сонда ғана араздасқан көршіңе күш көрсете аласың. Бұл атам заманнан келе жатқан ескі қағида. Бірақ Алтын Орда өз ішін бүліктен сақтай алмады. Балық басынан шіриді, бар пәле осы Алтын Орданы билеп отырған Бердібек ханның өзінен басталды.

Сүліктей қап-қара, есік пен төрдей жорға мінген, мысықтың көзіндей дөп-дөңгелек тасырайған көгілдір көздері шатынап қызарып кеткен жирен сары кісі жан-жағына алақтай қарап, салдырып келе жатты. Меңсіз қара жорға, ат бауырын жапқан қалың шалғын арасынан ирелеңдеген қара жылан тәрізді сусылдай төгіле, жүйтки ағады.

Үстіндегі долы өңді жирен сарының әлденеден қорыққандай, қобалжығандай сиқы бар. Артынан біреу қуып келе жатқандай, кейде әлсін-әлсін бұрылып қарап қояды.

Ал жирен сарының артында, кілең жалаң қылыш ұстаған, садақ асынған бір топ күзетшілері келе жатыр. Бәрі де, біркелкі құла мен баран мінген, жау жүрек жігіттер.

Соған қарамай жирен сары жан-жағына кейде алақтай, кейде тұнжырай, қорқа қарап қояды. Ызбарлы, Қызылқұмда кездесетін қызғылт жирен улы жыландай суық түріне қарамай, бұның зәре-құты қашып әбігерлене түскен. Сондықтан да ол жолындағы шоқ тобылғыға да тесіле қарайды, қалың шидің тұсынан да сескене өтеді. Оған солардың әрқайсысының түбінен өзін аңдып, қас жауы садағын кезеп тұрғандай көрінген.

Жирен сары өзінен-өзі үрейлене түседі.

Бір сәт ол соңынан қуып келе жатқан ажалдан қашып құтылғысы келген адамға ұқсайды.

Біресе алдынан аңдып тұрған дұшпанның басып-жаншып өткісі келгендей, судай аққан жорғасын әлсін-әлсін қамшылап алға ұмтыла түседі.

Кім еді бұл осыншама өзінен өзі қорыққан? Өзінен-өзі қашқан? Қайда барады осыншама асығып? Әлде осылай шапсам, құтылам ба дей ме аңдып тұрған ажалдан?

Иә, бұл кім өзі, жазмыштың жорғадан да, қиялдан да жүйрік екенін білмейтін?

Ал бұл ажал тәрізді түсі суық, бірақ өзінің көзіне де сол ажалдың үрейі ұялаған жирен сары, атақты Алтын Орданың бүгінгі ханы Бердібек еді. Ол Еділдің төменгі сағасына кеше ғана жайлауға қонған тоқал шешесі Тайдолланың аулына келе жатқан. Сол себептен асығуда еді. Асықпасына болмайтын. Өйткені оны осы ауылда өзінің болашақ ажалы санаған, сегіз айлық інісі күтіп жатқан. Бесікте іңгәлаған сегіз айлық баланың жігіт болып өсіп, ағасы Бердібектен хан тағын тартып алғанша кім бар, кім жоқ. Бірақ Бердібек ханға олай көрінбеген. Жарлы байымай ма, жас өспей ме, сондықтан, хан тағынан дәметер ең соңғы сегіз айлық нәресте інісін өз қолымен тезірек өлтіріп, көңілін тыныштатпақ болған. Бірдібек хан сол үшін асығады. Анау бұл барғанша өсіп қалып, бұның өзін өлтірердей зәре-құты қашып қорқады.

Бердібек хан бұндай ауруға Алтын Орда тағына отырысыменен ұшыраған.

Бұл кеселге оны ең алдыменен Төре би душар еткен.

Содан бері бұл ауруы дами келіп, ақырында «Жәнібек тұқымынан хан тағынан дәметер ешкімді қалдырмаймын» деген тым жаман кеселге айналған екен.

Әңгіме былай басталған.

Бердібек таққа отырғаннан соң, бір жетіден кейін оған төбе би дәрежесіне жеткен Төре би келген.

— Тақ ажалы ханда, ал хан ажалы ұрпағында,— деген ол.— Ал алтын тақта отырғың келсе сеніменен бақталастырар бірде-бір Өзбек үрім бұтағы тірі қалмасын. Сонда ғана «алтын тағымды ешкім тартып алмайды» деп төсегіңде тыныш ұйықтайсың.

Бердібек шу дегеннен-ақ Төре би сөзінен ойланып қалған. Хан ажалы ұрпағынан екеніне шек келтірмеген. Оған әкесі Жәнібекті өзінің қалай өлтіргені куә. «Мен әкемді өлтіргенде, мені іні-ағамның біреуінің өлтіруі табиғи іс қой» деп ойлаған ол. Төре бидің сөзіне құлақ қойған Бердібек Алтын Ордаға ие болған алғашқы жылы-ақ, әкесі Жәнібекпен бірте туған, Өзбектің бөтен бес баласы — Тыныбек, Ырымбек, Тұқтыбек, Тәттібек, Дәулетбектерден тараған, хан тағынан дәметер-ау деген он екі немере ата-інілерін, Ордасына қонаққа шақырып алып, бір түнде бауыздап өлтірткен. Хан тағына мирасқор бөтен жақындарын, біреуін анда жүргенінде, біреуің той үстінде, ал тағы басқаларын түрлі-түрлі жағдайларда жоқ еткіздірген. Ендігі кезек Жәнібектен қалған өзінің жалғыз інісі сегіз айлық Үлгітайға келген... Әрине, сегіз айлық бала өсіп Бердібекті өлтірер дегенге ешкім де сенбес-ті. Бұған Бердібектің өзі де сенбеген болар... Тіпті, шынын айтсақ, Алтын Орда ханы мұндай нәресте інісі барын да ұмытып кеткен еді. Бұны да ханның есіне түсірген баяғы Төре би еді.

Ұзақ жыл бойы өзін тек сүбе би қатарында ғана ұстап келген Жәнібекке Төре би өлердей кектенген. Бүкіл Алтын Ордаға «әз» аталған осы ханның үрім-бұтағын біржолата құртып, түбі ең жоғарғы билікті өз қолына алмақ болған. Аға, інілерін тегіс өлтіріп, екі қолын бірдей қанға боятып, Алтын Орда ханы Бердібекті де, мұрнын тескен өгіздей жетекке алып, өз дегенімен жүргізбек болған. Қолы қанды адам өз ар-ұятынан бір қорықса, қылмысын білетін адамнан екі қорқады. Мұндайда күнәкар қайда барады. Еш жаққа бара алмайды. Ал дүниеден тек алтын тақты ғана арман еткен Бердібек осылай Төре бидің айтқанын істеймін деп жүріп, өзінің оның қолындағы шынжырлы қабаған иті болғанын білмей қалған.

Мансап деген кімді қандай қиянатқа апармаған. Кімді қандай қылмысқа көндірмеген.

Бердібекті де апарған, Бердібекті де көндірген.

Әкесінің өлімінен бастап бір құлаған Бердібек, әрі қарай құлай берген. Осы қылығыменен осы қанкөйлі мінезімен ол Алтын Орда тағын мықтап ұстап отыра алмайтынын ойламаған. Мұндай әдетпенен тақты күйреуге жеткізгеніне көз жібермеген. Ал сұм би, әрине, «Тақ ажалы ханнан» деген сөзді босқа айтқан жоқ еді. Ол екі қолы бірдей қанға батқан кісінің алтын таққа абырой бермейтінін де және осы тақта ұзақ отыра алмайтынын да жақсы білетін. Сол үшін де Алтын Орда билігі түбі өзіме көшсе екен деген Төре би, Бердібекті құлаған үстіне құлай берсін деп ойлаған.

Өзі хан болмаса да, Мөңке-Темір, Тудай-Мөңке, Тула-Боқа, Тоқтай кездеріндегі Ноғайдай Алтын Орда әміршісі болуды тіледі. Әрине, ол әзірге Алтын Орда әміршісі дәрежесіне жетіп те қалған. Ал Бердібек бар күнәсінің, қылмысының ақылшысы, тіпті өзінің рухани әкесіне айналған осы Төре биден, енді қорқатын болған. Бар қылмысын білетін Төре би бір күні әшкерелеп, жұрт алдына арқандап алып шығатындай көрінген оған. Қылмысыңнан гөрі қылмысыңның куәшісі қорқынышты екенін ұққан. Талай аға-інілерін өз қолынан бауыздағанда шімірікпеген Бердібек, енді соларын білетін Төре биден қорықты. Біліп қалса, ертең өзінен осы қылмыстарына жауап сұрайтын халықтан, үрім бұтағынан қорықты.

Міне осылай оның жүрегінде қорқудан туған үрей пайда болған. Бұл үрей оны әбден билеп алды. Қоюға жанын жер тапқызбады.

Әрине, Бердібектің бұнысы ақылынан адасуға аз-ақ қалған адамның күйі еді. Сөйтсе де ол Төре биді өлтіруге бата алмады. Арыстан қанша күшті, жүректі болса да, өзін жұрт алдында ойнауға үйреткен қамшылы иесіне қарсы шығуға бата алмайды. Ал иесіне қарсы шығу үшін арыстанға жайшылықтағы қорқу, бағынудан тыс, өзін-өзі ұстай алмай қалар, ақылына бағындырмайтын орасан ашу билеген, шектен шығар жәйт керек. Бердібек арыстан болса, Төре би сол қамшылы иесі еді. Ал сол арыстанға кенет иесіне шабатын мезет тумай-ақ қойған. Әдеттегі Төре биді тыңдап үйреніп қалған Бердібек, іштей оған қарсы тұра бастаса да, бетпе-бет келгенінде, құйрығы бұлғаңдай иесіне еркелеген қабаған иттей, ананың алдында мысы сынып қалатын.

Шіркін, істеген қылмыс кімді қор етпеген.

Алтын Орданың қатыгез, қанішер ханын да қор етті.

Бердібек осындай жағдайда жүргенде, бүгін таңертең хан Ордасына Төре би келген. Ол әдеттегісіндей ешкімнен рұқсат сұрамай, есікті итеріп жіберіп, хан сарайына кіре бергенде, екі құлағы тікірейген бір кішкентай күшік шәу етіп үріп, ашулана ырылдай кеп бидің мәсілі жуан балтырынан ала түскен. Ойында ештеңе жоқ, үйге мардымсып кірген Төре би күтпеген жерден күшік балтырынан ала түскенде қорқып қалған.

Бұл күшік ұялы қасқырды жалғыз өзі алатын ханның тайыншадай, қасқыр тектес «қарақұлақ» деп аталатын тазысынан туған жалғыз арлан күшік еді. Хан, әдетте тағына таласатын өз балаларынан гөрі, осындай қанды ауыз иттерінің, темір тырнақты бүркіт, қаршығаларының күшік, балапандарын жақсы көретін. Ол өз балаларын емес, үнемі осындай асыл тұқымды күшік, иттерін өзімен бірге ала жүретін. Сол әдетіменен осынау тумай жатып ызалы, қабаған жаралған, осы бір қарақұлақ күшігін сарайына ерте әкелген. Шошып кеткен би, беліндегі қамшысын алып, күшікті тартып жібергенінше, күзетші жігіт күшікті құшақтай алды. Ашулы бидің қамшысы енді күзетшінің арқа тұсын бір осып өтті. Күшігіне қамшы тисе, би ашуынан гөрі, хан ашуы өзіне бұдан да ауыр соғатынын түсінген күзетші жігіт биге тіл қатпай, күшікті құшақтап далаға ата жөнелді.

Күзетшінің ісіне риза болып қалған хан, енді күле сөйлеп Төре биге қарады. Бірақ ханның өзі күлгеніменен де, көзі күлмегенін байқап қалған би де, бойын тез жинап алды. Бердібектің мұндай көзі күлмей, өзі күлетін әдетінің қандай қауіпті екенін би де білетін.

— Япырмай, биеке, сіз де қорқады екенсіз ғой? — деді ол.

— Батырға да жан керек. Ойламаған жерден жолбарыстай арс етіп ханның арланы балтырыңнан алып жатса, қорықпай! — Би де хан сөзін қалжың-әзілге айналдырғысы келді. Бірақ бұдан әрі ол сөзінің төркінін тіпті басқа жаққа бұрып әкетті. Сұм би Бердібектің соңғы кезде көңілінің бөтен күймен толқып жүргенін сезіп қалған. Мұндай жағдайда қансырай бастаған Бердібекті бөтен жолға түсіріп жіберуі керек екенін ол жақсы білетін. Сондықтан да Төре би кенет түксие сөйледі,— әйтсе де бұл әлі күшік қой... Ал ертең төбет болғанында не істейді? Күшік күнінде балтырымыздан алғанда, нағыз қасқыр ұстар ит болғанында тамағымыздан қаба түспесіне кім кепіл? Әрине, бұл күшіктің өйтуі құр тегімен ғана байланысты емес, хан ием, бар гәп кімге бұны қас, не дос етіп үйретуінде.— Ол сәл тоқтап қайта сөйледі.— Осындай қасқыр тұқымдас бір күшікті сенің тоқал шешең Тайдолла-қатын да асырап отырған жоқ па... Ол інің өлі нәресте, сегіз айға кеше ғана жетті деп жүр ғой жұрт... Бірақ Тайдолла-қатын оған қандай сүтін береді? Адал сүтін бе? Әлде хан ағасына өшіктірер арам сүтін бе? Міне гәп қайда. Итті күшігінен, кісіні бала күнінен тәрбиеле деген ақыл осындайдан айтылса керек. Ал Тайдолла-қатын Жәнібек ханды жанындай жақсы көрген тоқалы, сен болсаң...

Бердібек Төре бидің бұдан әрі сөзіне құлақ қойған жоқ. Кенет оның көз алдына бір сурет елестеп кетті.

Бердібек Әзірбайжанның ханы аталған жыл еді ғой. Табриздегі мерағилықтар мешітінің қақпасының алдына өзінің бұйрығы, бойынша Мелик-Ашрафтың басын жұрт сырғауылға байлап қойған. Қиянатшыл, қанішер әмірден құтылғандарына қала тұрғындары қуанып, Табриз көшелерінің бойын мейрам алаңдарына айналдырған. Сол күні теріскейдегі Хаштрудан он мың әскермен әкесінің өзі келген. Шаһар халқы үлкен қошаметпен қарсы алған. Жәнібек хан бұдан бір жеті бұрын ғана қалың қосындарымен Мелик-Ашраф әскерлерін қуып, Үжданнан осы Хаштруда аймағын баса Кеюк шаһарына дейін барып, кейін қайтқан.

Жәнібек хан келген түні Дәулетхана ғажайып сарайында қонып шыққан. Ертеңіне Алшах қожаның мешітіне таңертеңгі намазын оқып, Бердібекті елу мың әскеріменен Тебризге тастап, өзі сырқаттанып тұрғандықтан кейін Үжданға қайтқан. Онда бір күн ғана тоқтап Дәшті Қыпшаққа суыт аттанған. Жәнібек сол жолы үлкен баласының хан көтерілген тойына қатынасуға жорық алдында ғана үйленген, черкес князінің қызы өзінің тоқалы Тайдолла ханымды тастап кеткен.

Алтын Орда ханы жүріп кеткеннен кейін Табриз әміршісі Мұхаммед-диван Бердібектің Әзірбайжан сұлтанының ханы болғанына үлкен Той жасаған. Жаруқа әмірдің баласы Сарай-Темірді Бердібек ханның бас уәзірі еткен. Той өткеннен кейін, қарамағына әкесі тастап кеткен елу мың әскерінің аттарын жайылыммен қамтамасыз ету үшін Бірдібек хан қалың шөпті Дерқамазум алқабына кетпек болған. Ал бас уәзірі Сарай-Темір хан сарайын дүние-мүлікпен безендіру үшін Табризде қалған. Тайдолла ханым болса, күйеуінің соңынан Сарай-Беркеге жүруге дайындалып жатқан.

Хан тағына жетіп, көңілі әбден көтерілген Бердібек қоштасқалы өзінен жиырма үш жас кіші, он жетіге кеше жеткен, Дәшті Қыпшаққа жүргелі жатқан әкесінің уылжыған жас тоқалы Тайдолланың сарайына келген.

Бұл кезде аққудың көгілдіріндей Тайдолла ханым жол киімдерін киіп, жолға шығуға дайындалып, нөкер қыздарымен мінетін аттарын күтіп ойын күлкіде отырған.

Бердібек хан жас тоқал шешесін көргенде керемет сұлулығына таң қалып, қоштасуын ұмытып кеткен. Мызғымас жыланның көзіндей тасырайған көзін одан алмай-ақ ұзақ тұрып қалған. Аузынан сілекейі шұбыра ол әзер дегенде:

— Мені жалғызсыратып, тастап кетпеуіңізді өтінемін,— деген тұтыға сөйлеп.

Жас тоқал шешесі ханның арам ойын бірден түсінген. Сөйтсе де шу дегеннен ашу шақырмай қалжындай сөйлеген.

— Жалғызсырайтын емшектегі бала емессіз ғой. Және құдайға шүкір, қасыңызда елу мың әскеріңіз бар,— деген күлімсірей.

Бердібек кенет бойын билеп кеткен сезімге шыдай алмай қалған.— Елу мың әскерімнің қасында елу күн болғаным, сіздің бір сәт көз алдымда тұрғаныңызға жетер емес...

Ханым бөлмесіне жаңа ғана кірген еді, бөлмеде бөтен адам болмайтын. Өзін өзі ұстай алмай, бойы балқып кеткен Бердібек Тайдоллаға қарсы жүрді.

Сол сәтте ханымның тау қызына біткен тәкаппарлық мінезі ұстап кетті. Өзіне жақындап қалған хан ұлының дәл тұмсығының алдынан қолындағы қамшысымен, ысқырта кеп тартып жіберді.

— Байқаңыз, мен жас бол сам да сіздің анаңызбын,— деді.

Бердібек басқа ұрған танадай тоқтап қалды. Әкесінің жас тоқалына қанша қызығып кетсе де, ол әйел құшағының қызуынан хан тағының ыстықтығын артық көретін. Табиғи тілек қанша қыстағанмен, құдай берген мінезден аса алмаған. Мынау ерке-шора тентек қатын, анау бүкіл Иранды тітіретіп кеткен айбынды әкесіне бірдеме деп жүрсе... Ол одан әрі Тайдоллаға қарай аяғын баспаған. Сасқанынан жалтара түскен.

— Ғафу етіңіз, ханым, сіз мені түсінбедіңіз,— деген Бердібек кенет жуаси.— Мен сізге, кетпеңіз десем, сый-құрметке бір керемет зат тартпақшы едім. Мелик-Ашрафтың ішіне кілең гауһар, жақұт, тағы сондай асыл тастар тігілген кеудешесі Маранда шаһарында екен деген хабар алып едім. Бүгін соған Ахиджан әмірді жібердім. Кеудешеге тігілген асыл тасы бір мемлекеттің құны дейді. Егер алып келсе, сізге тартайын деп едім. Сол үшін біраз күн осы арада аялдай тұруыңызды өтінген түрім ғой...

— Рақмет,— деген Тайдолла сәл мысқылдай езу тартып. Ал маған дүниедегі ең қымбат сіздің әкеңіз, әз Жәнібек хан. Оның жанының сұлулығына, жүрегінің тазалығына Мелик-Ашрафтың кеудешесіндегі түгіл, бүкіл дүние жүзі асыл тастарының құны жетпейді. Мен сол әміршіме жетуге асығудамын...

Сөйткенше ханымның аты да келіп қалған. Бердібек сыздана қош айтысып үн-түнсіз қала берген.

Демек сондағы Тайдолла қылығы Бердібектің жүрегіне қадалған шөңгедей, осы күнге дейін есінен шықпай-ақ қойған. Бірақ хан тағына отырғаннан бері Тайдоллаға деген кектен гөрі, өз басына, тағына қауіп тудырар-ау деп ойлаған ағайын туысын құрту ісі маңызды көрінген. Бар уақытын, ақыл-ойын сол іс алып кеткен. Сондықтан да Тайдоллаға сақталған қамшы өлі күнге сілтелмеген. Түсі суық ақ берен әлі күнге қынабынан шықпаған. Міне, енді Төре би сөзі оның өлі беті қабыршықтанып жазыла қоймаған жарасына тұз құйып жібергендей болды.

Төре би де сілтеген қамшысының Бердібектің ауырып тұрған жеріне дәл тигенін білді. Ханның қаһарының басқа жаққа ауғанын ұқты. Өзіне осы ойды салған Тоқтай-Тұғлу қатынға іштей тағы риза болды. Тек әйел деген аты, әйтпесе бір елге патша бола алатын қатын! Әрине, Тоқтай-Тұғлу-қатын Тайдолланың сегіз айлық нәрестесін өлтірсін дегенде Бердібектің хандығы ұзақ созылуын ойлаған жоқ. Тайдоллаға деген өзінің де өштігі бар. Ал қатын өштігі ол кешірілмейтін өштік. Әсіресе бұл жанына батқан, ар-намысына тиген сезімдерден туса, тіпті қиын. Тоқтай-Тұғлу-қатынды Жәнібек он бес жасында алған. Бұ да кезінде күндей көркем, айдай әсем болған, Жәнібек бұдан екі бала көрген. Бірі ерте өлген. Демек, хан қырық жыл отасқан өмірінде бұған ылғи жақсы ықыласын көрсетіп келген. Рас, ол бұдан кейін де бірнеше әйел алған. Бірақ Тоқтай-Тұғлу-қатын әрқашанда оның жүрегінде бірінші орында тұрған. Жұрты солай ойлайтын. Тоқтай-Тұғлу-қатынның өзі де ерінің бұны өзгеден жақсы көретінін білетін. Хан жас тоқалдар алып жүрсе де, бәрібір, жүрегі менікі деп, Тоқтай-Тұғлу бәйбіше үнемі риза еді. Ханның көп қатын алуын тек бозбалашылыққа жатқызатын. Ал бозбалашылықты кім істемейді? Өзі де үнемі етегіне намаз оқып жүрген жоқ қой... Сөйткен ері, осы жолы сапарынан қатты сырқаттанып қайтқанында өзге әйелдерін ғана емес бұны да жұрт көзінше масқара етті. Еш уақытта жақсы көрмегенін ашты. Қатты сандырақтап жатып, аузына тек черкес князінің тағы қызы Тайдолла ғана түсті. Алтын Ордасы да, қалып бара жатқан ел-жұрты да, бір қора қатын-баласы да аузына ілікпеді. Бар болғаны «Тайдоллам! Менің Тайдоллам! Қайдасың сен?» дей берді. Әлдеқалай есі кірген мезеттерде тек бар сұрағаны «Тайдолла келді ме?» ғана болды. Басында отырған Тоқтай-Құғлу-қатынға көзін де салмады. Ерінің бұл қылығы Шыңғыс әулетінің атақты ұрпағынан шыққан намысқор Тоқтай-Тұғлу-қатынға, жүрегіне, қанжар сұққанмен бірдей болды. Ол намыстанғанынан иманын айтуға келген Мұхиддин-Бердайдан бастап үй іші толы Алтын Орда бекзадаларының бетіне қарай алмаған. Қырық жыл бойы иемденіп келген байын көрер көзге өзінен тартып алған Тайдолла-қатынға ол көрмей жатып, өлердей боп өштесе қалған. Ал көріп еді, жүрегі бірден кек, қызғаншақтық отыменен өртеніп кете жаздады. Өзінің бір фарсы кітәбінан «Көп әйел өзге әйелдің ақылдылығын да, байлығын да, тіпті сұлулығын да кешіре алады, тек оның өзінен гөрі еркектерге көбірек ұнайтын қылықтарын, не сондай басқа қасиеттерін кешіре алмайды» деген сөзді оқығаны бар. Тайдолла бикені көрген сәтте-ақ қырық жыл отасқан Жәнібек ханның неге бұны жақсы көргенін ұқты.

Соңынан, Жәнібек ханды жерлегенде Тайдолланың жылағанын көрген адам, көзіне жас алмай қалмаған. Бұның жоқтауы да өзгеше болған. Ханның басқа қатындары беттерін тырнап, ойбайларын салып:

«Дүние салды арысым,

Айдын көлім суалды.

Ну орманым қуарды...—

деп боздап жатқанда, Тайдолла қанатына оқ тиген аққудай сыңсып, адамның есінен кетпес бір мұң айтқан.

Көгілдір көл су үстінде,

Жалғыз аққу зар жылайды.

Сырын айтпай ол ешкімге

Көктен ажал тек сұрайды...

Неге сонша қайғылы екен

Балапанын атты ма жау?

Қандай кесел жанын жеген,

Әлде емес пе жүрегі cay?

Жоқ, жоқ, аққу ауру емес,

Балапаны о да тірі...

Шері бірақ мәңгі бітпес,

Тынбас және қайғылы үні...

Сорлы аққудың айтары мол,

Жан серігі оққа ұшты...

Сүйе алмайды, біледі ол,

Екінші рет бөтен құсты...

Тау қызының қайғысын жұрт енді түсінген. Жарымен бірге өмірдің ең қызығы махаббатын да мәңгі жоғалтқан жас аруды енді халық ерекше аяған.

Адамды қайғыға да, қуанышқа да бөлейтін махаббат. Тіріні өлтіріп, өліні тірілтетін де махаббат. Бұл бір ұлы күш, ұлы дін. Сол ұлы күшпен қуаттанған, сол ұлы дінді бұзбаған адам дүниенің ең бақытты жаны. Мұндай бақытқа жете алмаған Тоқтай-Тұғлу-қатын осы, күннен бастап қырық жыл отасқан күйеуіне де, оның жас тоқалы Тайдолла-бегімге де мәңгі-бақи кешпестей боп өшіге қалды. Осы өшігудің салдарынан ол хан тағдырын шешер күресте Бердібек жағына шыққан. Осы өшігудің арқасында Тайдолладан кегін алмақ болған, бірақ қалай алуды білмеген. Тілін кесіп, есігінің алдында жүрген күң етуге бата алмаған. Ер жүрек тау қызының бір күні өзіне зақым істеуінен қорыққан. Ал өлтіріп тастауға, бір жағы жаңа аты шығып келе жатқан, жыландай лапылдаған Тайдолланың ағасы Кавказдың жас князінен сескенсе, екінші жағынан күндесін құр өлтіргеннен өшінің қайтпайтынын сезген. Өйткені Жәнібек хан өлгеннен кейін, абысындарының «Кавказдың ана тағы қызы өзіне қол салып жүрмесе нетсін, сүйгенімнен қалып, бұл дүниеде өмір сүргім келмейді» депті ғой дегендерін естіген Тоқтай-Тұғлу-қатын. Мұндай өзіне өлім тілеген адамға өлім жаза емес, сыйлық екенін бұ да түсінген. Сөйтіп жүргенінде Тайдолла ордасы Ақжайықтың Атырау теңізіне құяр сағасына таяу тұрған Сарайшыққа көшіп кеткен. Содан биыл ғана осы Еділ өзенінің төменгі шеніндегі хан жайлауында Тоқтай-Тұғлу-бегім оны кездестірген. Жыл жарымнан бері оны көрмеген-ді. Жесір тоқалдың қайғысы мүлдем басылып кетпегенмен, көзінде бір орасан қуаныштың оты барын байқап қалған. «Бұған не болған?» деп сұраған Тайдолла ордасындағы өзіне жақын бір бекзада әйелден. «Әлде сіз естімеп пе едіңіз, ханым хан иемізден екі қабат қалған екен, осыдан сегіз ай бұрын ұл тапқан. Атын Үлгітай қойған. Сол бала туғаннан бері Тайдолла ханым кілт өзгерді. Бұрынғыдай қайғыруын да қойды. Бар ықыласы баласына ауды. Өзі де Үлгітайын жанындай жақсы көреді. Күні-түні қолынан тастамайды. «Қалған өмірім осы жалғыз ұлымның үстінде өтсін, құдай бұған деген жамандығың болса, өзіме тигіз, тек осы жалғызымды тірі қой», деп күнде құдайға жалбарынады. Әйел сөзін тағы жалғай түскен. Баласын Тайдолланың жақсы көретіні соншалық деген ол, биыл біз көктем шыға, шатыр іргесінен ауысып қонған күні, жаңа тігілген ордасынан ханым бір шаруасы болып сыртқа шығып қайтадан үйіне кірсе, төрге таяу тұрған, баласы жатқан бесікке іргеден кірген бір құлаштай қара шұбар жыланның ақырын жылжып бара жатқанын көреді. Бөтен қатын болса не істерін білмей сасып қалар еді, не ойбайлай айқайын салып қаша жөнелер еді... Ал Тайдолла ханым, баласына жетіп қалған жыланға «тиме!» деп айқайлап жетіп барады. Жылан ысқырынып бұрылып өзін шаққанша, бұл кебісімен желке тұсынан басып тағы үлгіреді. Жылан денесіменен балтырына оралып, барынша қыса бастайды. Әйтеуір, Тайдолланың шар еткен даусын естіп қалған сыртта жүрген бір малшы жігіт жүгіріп үйге кіріп, қолындағы таяғымен жыланды өлтіріп Тайдолланы құтқарып алады.

Өлген жыланды өз көзіммен көрдім. Тірі кезіндегісі түгіл, өлі түрінен жан шошырлық. Бір құлаш қара шұбар, бүйендей. Ал мен одан «Япырмай, қорықпай, мынандай жыланға қалай жүгірдің?» деп сұрағанымда, ол ақырын күрсіне, қайғыра езу тартып: «Нәрестемді шаққанша, ол жыланның мені шаққаны жақсы ғой», деп жауап берді. Әрине бәріміз де балаларымызды жақсы көреміз. Бірақ Тайдолланыкі ерекше тәрізді. Жиырмаға жетпей сол жалғыз баласы үшін ерге шықпай жесір күйінде қалғысы келеді. Бұның өзі баласына деген үлкен махаббатынан туып тұрғаны хақ». Әйел сөзін бітірген.

Тоқтай-Тұғлу-қатын Тайдолланың бала тапқанын бұрын да естіген. Баланың туған және Тайдолланы Жәнібектің алған күндерінің арасын есептеп, Үлгітайдың Жәнібек ханның баласы екеніне шек келтірмеген. Бұны ол жадына алған да қойған. Ал бүгін... Жас тоқал аулынан келген мына бекзада әйелдің сөзінен кейін шешім өзінен өзі туған. «Тайдолладан өш алам деген адам, оны осы жалғыз ұлынан айыруы керек. Бұдан артық Тайдоллаға істер жамандық жоқ» деп ойлаған. Және дұрыс ойлаған еді. Тайдоллаға бұл өлімнен де ауыр қиянат болары сөзсіз еді. Сондықтан да кеше Төре бимен осы Тайдолла жайында сырласқанда:

— Бердібектің әлі сескенер бір інісі бар. Ол осы Тайдолла-қатынның қолындағы сегіз айлық бала — деген. — Он үште отау иесі. Әлі ақ сегіз айлық бала сояудай жігіт болып шыға келеді.

Әрине, Төре би, көңілдес Тоқтай-Тұғлу қатынның сегіз айлық баланы өсіп, Бердібекпен хан тағына таласады дегені бақастас екі қатынның күндестігінен шығып отырғанын жақсы түсінген. Сегіз айлық бала өсіп, хан тағына таласқанша, ешкінің құйрығы көкке, түйенің құйрығы жерге тиер.

Дегенмен, Тоқтай-Тұғлу-қатынның сөзі Бердібектің қансырай бастаған қанжарын қалай қарай сілтеуге жол таба алмай дағдарып қалған Төре биге көктен түскен қуаныштай болған.

Қазір ол Төре бидің айтқанының бәрін орындайды. Тіпті байыбына жетпей орындайды. Ал Бердібектің бар ойы қазір сегіз айлық інісін өлтіруде болады. Мұндай күйінде хан не айтсаң да үстірт тыңдайды. Үстірт шешім алады. Төре биге Бердібектің бұл қасиеті де мәлім. Сондықтан ол ханға көптен бері айтқалы жүрген құбыжық ойына кірісті.

Жақып би қызы Сұлубикені, осыдан жиырма жыл бұрын мәртебелі атаңыз Мұхаммед Сұлтан Өзбек хан өлтірткен Тверь князі Александрдың бір баласына берді деген сөз бар,— деді ол алыстан орағытып,— сол рас па?

— Рас, осыдан үш ай бұрын өзім рұқсат еткем,— деді Бердібек.

Сұлубике көрікті, адуынды, тәкаппар қыз болатын. Еділ бойындағы хан жайлауда бір тойда Төре би оны көрген. Түбі ел билеуге жарайтын, қыз екенсің деген ішінен қырағы көзді би... Өзінің бір баласына алып бермек боп, атасы Жақып биге кісі жіберген. Бірақ маңғыт биі: «әттең, Төре би кеш айтты, уәделесіп қойған жерім бар еді» деп өкіне жауап берген. Сол Сұлубикені Тверь князьдерінің бір ұрпағына ұзатты дегенді естігенде, Төре би «қызын менің балама бермей, орысқа бергені қалай?» деп ашудан жарылып кете жаздаған.

— Ал өткен жылы Қырымды Гиасиддин оғланға ұлыс еттің ғой. Оның ұлы Хажы-Керейдің кіші қызын, ұмытпасам, өзіңнің күйеу балаң Мамай тоқалдыққа алды емес пе?

Жошының Тоқай-Темір баласынан тарайтын Бас Темірден туған Гиасиддинге Жәнібек өлер алдында Қырымды ұлыс етіп берген. Бердібек хан болғаннан кейін, Төре би осы жерді өзіне алғысы келген. Бірақ бұл уақытта бүкіл Қырым бойына әмірі жүре бастаған Гиасиддиннің баласы Қажы-Керей, өзінің Шыңғыс ұрпағынан шыққанын пайдаланып, бидің бұл ойын іске асыртпаған. Және өткен жылы Мамайға бір қарындасын берген.

— Иә, осы биыл алыпты.

— Мұса бидің ұрпағына енді ар жағындағы Либке мен ілік-шатыс болуы ғана қалды.

Бағанадан бері бар ойы, тек сегіз айлық інісін тезірек барып өлтіру ғана боп тұрған Бердібек, сол ойын бұзбай:

— Иә, сөйту қалды,— деді ол жайбарақат.

Әрине, Төре би бұл жолы да, (осыдан он екі-он үш жыл өткеннен кейін, Мамайдағы Бердібек ханның қызы Ханымнан туған Рабиу-бегімді Либкенің князі, Ұлы князі, Польшаның болашақ королі Ягойло Ольгертович алатынын білген жоқ. Бірақ сұм би Либке мең оған таяу тұрған Алтын Орданың шеті — Сақыстан жеріндегі бекзадалар ілік-шатыс, құдандал болып кетуі мүмкін ғой деп болжаған. Егер ондай жағдай туа қалса, Алтын Ордаға бұның үлкен қауіп екені белгілі. Төре би соны ойлаған. Сол себептен ол ойындағысын тікелей айтты.

— Енді менің сөзімді тыңда, хан Бердібек — деді Төре би түкті қабағын қарс жауып,— Либке князьдіктері және сенің қарамағындағы Қырым Сақыстан сүбелері бәрі қатар жатыр. Бірлесіп кетсе бір хандық. Ал Қырым мен Сақыстанның дені ноғайлы елі. Ал бұл Маңғыт кеше Ноғайға еріп, Алтын Ордаға қарсы шыққан.

Бердібек кенет босаңси қалды.

— Қайда барсаң да, кілең аңдыған жау...

Бұл оның «хан тағына тағы да бір жау келді ғой» деп сескеніп қалғанының белгісі еді. Төре биге, әрине, Бердібек біреуден қорықса, сескенсе, одан тезірек құтылуға тырысатыны көптен таныс. Бұл жолы да көздеген нысанасына жеткенін сезді. Бұдан әрі Бердібекті тулатып алудан қорықты. Әккі би Бердібектің өзіне жаудың тым көп екенін білген жағдайда, көзінің тым қарауытып кететінін де біледі. Ондайда хан дос деген адамынан да секем алып қалады. Бердібектің мұндай жағдайдағы мінезіменен таныс би, тезірек оны алғашқы алған бетіне қайта түсіргісі келді.

—Әрине, Сиқым бидің аулы әзірге бізден алыс,— деді — ал қазіргі қауіп, мына өскелі тұрған Тайдолла тоқалдың баласында...

Бердібек бұдан әріге шыдай алмады. Дереу үй сыртындағы желіде байлаулы тұрған қара жорғасына қарай жүгірген.

Міне енді оның зіркілдеген топ нөкерін соңынан ертіп, Тайдолла ауылына келе жатқан беті.

Қалың шалғын арасыменен басын қақшита алға қарай сусылдай аққан қара жорға, біреуді шағуға ұмтылған қара жылан тәрізді.

Соңынан ерген салт аттылы нөкерлері, алдындағы басшыларынан қалысқысы келмеген ордалы жылан тобы тәрізді, бірінен бірі оза сусылдай шабады.

Түсі суық қанды топ бірін-бірі қуа Тайдолла аулына жақындап келеді.

Міне жетіп те қалды.

Ауыл ортасына оқшаулау тігілген шағын боз орданың алдына келіп Бердібек атынан асыға түсті.

Өзгелері де абыр-сабыр түсіп жатыр.

Бердібек нөкерлерімен топырлай үйге кіріп келгенінде, Тайдолла оң жақта, баласын алдына алып емізіп отырған. Бердібектің қылығына таныс жас әйел, оны көргеннен-ақ бір сұмдықтың болатынын сезіп, бөпесін кеудесіне қыса, орнынан тұра берді.

— Мынау сенің балаң ба? — деді Бердібек қамшысының сабымен Тайдолланың құшағындағы нәрестені нұсқап. Сөйдеді де, оның тасырайған жылан көздері нәрестеден ауып, баласын емізіп тұрған жас әйелдің ана сүтіне толы тысырайған, тостағандай емшегіне қадала түсті.

— Иә, сенің ең кіші інің...— кеудесін бір қолыменен тасалай берді.

— Қамшың қайда? — деді Бердібек енді.

Тайдолла түсінбей қалды.

— Қайдағы қамшы?..

— Ана жылғы маған сілтеген?

Әйел қысылып кетті.

— Кешіріңіз, хан ием, менің бір жолғы ағаттығымды.

— Кешірмесем ше?

— Күңіңіз болайын, кешіре көріңіз.

— Күңім онсыз да боласың. Бер балаңды!

— Оны қайтесің?

— Өлтірем.

Тайдолла баласын бауырына қысқан қалпында бір тізерлеп отыра қалды. Екі көзінен жасы парлап ағып қоя берді.

— Тек нәрестеме тие көрмеңіз,— деді даусы жасқа толып қарлыға шығып.— Еш жазығы жоқ қой. Аяңыз. Баламды өлтіргенше, өзімді өлтіріңіз..

— Өзің маған тірідей керексің. Ал балаңның керегі жоқ. Әкел бері!

— Ағатай, аяңыз, бұл әлі күнәсіз періште ғой!

Бердібек бұдан әрі сөзге келген жоқ, Тайдолланың қолынан анасының емшегін маужырай қаннен-қаперсіз еміп жатқан аппақ сазандай нәрестені жұлып алды. Денесіне тиген суық қолдан шошына қалған бала ұйқылы көзін ашып, Бердібекке бір қарады да, бөтен адам екенін көріп, шар ете қалды. Сол уақытта хан да, нәрестені қос қолыменен басынан асыра көтерді де, пәрменінше жерге періп қалды.

— Хан болғысы келетін немесің ғой!

Баланың кіп-кішкентай денесінің мылжа-мылжасы шығып, томпиған басы, жерге ұрған қақтай жалпия қалды.

— Балаңның қырқын өткізгеннен кейін, өзім келіп алып кетем,— деді Бердібек Тайдоллаға. Сөйдеді де нөкерлерін ертіп үйден шығып кетті.

Тайдолла көзінен жасы сорғалап біраз отырды. Содан кейін түрегеліп, жасын сүртті де, басындағы шөлісін алып, бөпесінің денесін орады.

Қан-қан болған нәрестені бауырына қысып, ол тағы біраз тұрды. Әлден уақытта барып:

— Құлыным, құлыным,— деді Тайдолла бөпесінің бетіне қарап,— Тірі болсам, Бердібек ханның осы істегенін өзінің алдына келтірермін! Сенің өшіңді алуға ақ сүтімменен ант етемін!

Сөйдеді де ол кенет өкіріп жылап қоя берді. Жылап тұрып баласының сау жақ бетінен шолпылдатып сүйе берді.

Тайдолла бөпесінің жетісін беріп болған соң, қырқына қарап, Бердібектің алып кетуін күтпей, кеше Жәнібектің жағында болған, Жошының Төлек Темір баласынан тарайтын Наурыз бен Мұхаммедтің Жайық етегіндегі ұлысына жасырын қашты. Кавказдағы өз еліне аттануға, Бердібек біліп қалса соңымнан қуғыншы жіберіп, ұстап алар деп қорықты.

Бердібектің бойына біткен баққұмарлық қанішерлік, өзгеге сенбестік, көрінгеннен қауіптенгіш қасиеттерін жалғыз Төре би ғана емес Маңғылы, Ақымет, Маңғұттай тәрізді өзге би, әмірлер де кеу-кеуледі. Орда маңындағы мықтылардан ханға тоқтау айтуға ешкімнің батылы бармады.

«Әкесін өлтірген хан болмайды,

Хан болса, өлуіне жыл толмайды...»,—

деп Низами айтса да, әкесі әз Жәнібекті өлтірген Бердібектің хандық құрғанына екі жылдан асып кетті. Дегенмен өзеннің бір жағасы болса, екінші жағасы да болады. Бұл жаратылыс заңы. Бердібектің жаман қасиеттерін қолдаушылар табылғанда, оның қанішерлігіне, қаталдығына қарсы тұратындар да көбейді. Бұлар қарамағында әскері бар Наурызбек, Мұхаммед, Темір-Хожа, Моғұл-Бұқа Ілияс тәрізді өмірлер еді.

Бірақ күш әзірге Бердібек жағында еді. Өйткені Алтын Орда ханы да, әміршісі де өзі. Әмірлер кеңесінің басшысы Төре би. Ал әскерін басқаратын қосын — әлмұрасының ең беделдісі де, алғыры да өзінің күйеу баласы Мамай.

Бұл үшеуі тізе қосып, бірігіп тұрғандарында бұларға ешкімнің де тісі батпаса керек-ті.

Ұялы қасқырға қандай арлан жеке шапқан.

Дегенмен, қанқұйлы Шыңғыс ұрпақтары емес пе, Бердібектің алқымынан ала түсер бөтен жас арландар бар еді. Әсіресе бұлар Ақ Орда төңірегінен көбірек көріне түскен.

Міне бүгін де Бердібек сол уақтығын істеп отыр.

Хан сарайында қазір Төре би, Мамай бар.

Әкесі Жәнібек өлейін деп жатыр дегенді естіп, Бердібек Табриздан Сарай-Беркеге қайтқалы жатқанда Марандыдағы Мелик-Ашрафтың асыл тастар тігілген кеудешесін алып келуге Ақиджан әмірді жібергені белгілі ғой. Әмірдің кеудешені алып келуін күтпей, Алтын Орда тағынан құр қалудан қорқып Бердібек Сарай-Беркеге жүріп кеткен. Ақиджан әмір кеудешені қолына түсіріп, бар асыл тастарын өзі пайдаланып кеткен. Және Ираннан Жәнібек пен Бердібектің екеуінің бірдей елдеріне қайтқанын естіп, Табризға келген. Мелик-Ашрафтың жағындағы адамдарды жинап, Сұлтандықты өз қолына алған.

Міне қазір Бердібек әкесі жаулап алып берген Әзірбайжаннан айырылып қалғанында ісі жоқ, Ақиджан әмірдің кеудешенің асыл тастарын өзі пайдаланып кеткенін естіп бұлқан-талқан болып отыр.

Бір мемлекетті емес, бір кеудешедегі асыл тастарды жоғалтқаны үшін тағы соғыс ашпақ.

Бұл уақтық емей немене?

Және әскері Иранды қайтадан шабуға жете ме, жетпей ме, онда тағы шаруасы жоқ.

Алтын Орда тәрізді алыпты басқарып отырған хан алдын-артын тегіс ойлауға тиісті емес пе? Бұл қалай?

Оның үстіне Ақиджан Иран шаһары Ахлатта Уаис сұлтан өлтірген Мелик-Ашрафтың баласы Теміртастың құнын сұрамақ?

Жәнібек хан Табриздан өзімен бірге Сарай-Беркеге есірей етіп алып келген Мелик Ашрафтың баласы Теміртас өткен жылы қарындасы Сұлтанбақытты алып, бір ыңғайлы түні Сарайдан Хорезмге қашқан. Көп қиындықпен бұлар Иранның ұлы ақыны Хафиз туған Ширазға жеткен. Қарындасы мен Теміртас Хызыршах тұрған Ахлатқа келеді. Бұл арада әкесінің дос адамдарымен кездесіп, Сұлтанат әмірлігін өзіне қайтарып алмақ болып, Табриз әміріне қарсы жұртты көтереді. Бұны естіген Ақиджан әмір Ахлатқа Уайс сұлтан басқарған әскер шығарады. Ахлатқа әмірдің әскерінің келе жатқанын біліп, өз басын сауғалап қалмақ үшін, Хызыршах Теміртасты қол аяғын байлап Уайс сұлтанға ұстап береді. Уайс сұлтан Сұлтанат әміріне қарсы бүліншілік ұйымдастырылған Теміртасты қылышпен шауып өлтіріп, басын Табризге жібереді.

Енді Бердібек «Теміртас Алтын Орданың есірейі еді, бұл арадан қашып кеткенін біле тұрып Ақиджан оны ұстап алып бізге жіберудің орнына, өзі басын алды. Енді бізге сол Теміртастың құнын төлесін және Сұлтанбақыт пен асыл тасты кеудешені қайтарып берсін, бұны істемейді екен Ақиджан әмір, онда Иранмен соғысамын» деді.

Бердібектің аузынан бұл жолы да Әзірбайжанды қайтарып берсін деген сөз шықпады. Ал бұл өлкенің Жібек жолын қолға ұстау үшін керек екенін ойына да алған жоқ. Жалпы бұл жолдың Алтын Ордаға қандай маңызы бар екенін Бердібек хан есіне де түсірген емес.

Міне қазір де Алтын Орданың ең үлкен дәрежедегі үш адамы Бердібектің жаңағы айтқан уақ тілегін сөз етіп отыр.

— Егер Ақиджан әмір Теміртастың құнын төлеп, Сұлтанбақыт пен асыл тасты кеудешені Алтын Ордаға қайтарса, Иранмен соғыспаймыз ба? — деді Мамай Бердібектің ойын әбден білгісі кеп. Хан Иранмен соғысуға Теміртастың құны мен кеудешені ханның құр сылтауы шығар деп ойлаған.

Бердібек бірден жауап берді.

— Соғыспаймыз.

Мамай тұнжырай қалды. «Жоқ, жоқ, бұл кісі мемлекет ісін тым шолақ түсінеді. Қайын атам болса да, бұдан тезірек құтылу керек. Құтылудың ең төте жолы тезірек Алтын Ордадан Қырымды жеке бөліп алып, жеке хандық еткен жөн! Айдаған алып өгіздің төрт аяғының бірі болғанша, жеке бұзау болу ұтымды. Бұзау да күні жеткенде өгізге айналады. Қырым мен Сақыстанды жеке билеп күшейгеннен кейін бүкіл Алтын Орда билігіне де қол созуға болады».

Онда Ақиджанға тезірек елшілеріңізді жіберіңіз,— деді Мамай.

— Дұрыс,— деді Бердібек.

Мамай шығып кеткеннен кейін Төре би:

— Түбі ноғайлы батырлары бірігіп кетсе ажалың, Бердібек хан, солардан келеді,— деді Төре би мұны тағы да әлекке салып қоймақ оймен.

Бірақ ажалы бұлардан келмеді. Бердібектің өкіре барып жер құшуына Тайдолла ханым себепкер болды.

Жеңгелері Құлпа деп атаған Келдібек, Өзбек ханның ортаншы ұлы Ырынбектен туды. Ырынбек Құтлық Темір әмірдің әскерімен Мауараннахрға жорыққа аттанған. Ақыры сол жолғы сапарынан ЬІрынбек қайтпаған. Жесір қалған Айқортқа тоғыз ай, тоғыз күні толғанда осы Келдібекті тапқан. Сөйтіп жүргенінде Айқортқа Маңғыстау әмірі Тайқожаға ерге шыққан. Шешесімен бірге Маңғыстау жаққа кеткен Келдібек, жиырма бес жасқа дейін сол жақта жүріп, ақыры осыдан үш жыл бұрын, Бату ұрпағы екенін ұмытпай, Ақ Ордадан Алтын Ордаға келген. Бұл кезде Жәнібек өліп, Бердібек таққа отырған шақ еді. Сырттан келген туысы түгіл, аз күнде Орда маңындағы он екі аға, інісін өлтіріп үлгірген Бердібекке Келдібек жақындауға қорыққан. Наурызбек Мұхаммед ұлысымен шектес Жайық пен Еділдің төменгі жағындағы Өзбектің бөтен ұлдарынан қалған бірен-саран туыстарын тауып соларға кеп қосылған. Олар бұны өз жерлерінен жеке жайылым беріп жеке ауыл еткен. Келдібек Бердібекке қарсы шықпақ боп жүрген ағайын-туыстарыменен тіл тапты. Енді жалғыз Бату ұрпақтары ғана емес, Бердібекке қарсы Жошының бөтен балаларынан тараған әмір, сұлтандар да, Келдібектің маңына шоғырлана бастады. Бір адам Бердібектен қорықпаса, осы Келдібек қорықпас деп ойлады олар.

Міне осындай жағдайда Жайық бойындағы хан жайлауда Келдібек Наурызбек ауылына барған жерде Тайдолла жеңгесін көрді. Наурызбек Мұхаммедтің боз ордасында Келдібек-Құлпаға арналып ту бие сойылып тағам тартылғанда ауылдың бір-екі ақсақалы мен әмірдің бәйбіше, тоқалдары болған. Осы асқа Наурызбек аулына келіп жатқан Тайдолла да шақырылған. Наурызбек Мұхаммед сәнқой, сал келген, сұлулықты жақсы көретін кісі еді. Оның әйелдерінің бәрі де көрікті болатын. Егер әр көштің басындағы Наурызбектің әйелдеріне кездескен жолаушы, Қыз Жібекті іздеген Төлегендей, әр көштің алдында бірінен-бірі өткен сұлуларды көрер еді. Келдібек сыпайы түрде Наурызбектің әйелдеріне көз тастады. Қымыз құйып отырған мынау сәукелелі қызғалдақтай құлпырған үй иесінің жас тоқалынан бастап анау төрге таяу отырған дағарадай аппақ күнгей киген, сары қарын тартып қалған бидай өңді, ашаң жүзді бәйбішесіне дейін, ақ саусақтарға салған алтын, күміс жүзіктердей, бірінен-бірі өткен жарасымды сәнді екенін көрді. Бәрі де сұлу, әйтсе де бұрын да Ақ Орданың аты шыққан талай керемет сұлуларын көрген Келдібек, бұлардың көріктілігіне ақылынан адасардай боп таң қалмаған. Осылай ауыл ақсақалдарының ақылды сөздерін естіп, Наурызбек әмірдің кілең сұлу әйелдерінің ұрлана қараған отты көздерінің қызуымен бойы балқып, бір балбыраған ғажайып күйде отырғанында, үйге «Армысыздар?» деп сұңғақ бойлы, қыр мұрын, оймақ ауыз, ботакөз бір перизат кіріп келді. Бұл Тайдолла сұлу еді. Осыдан үш жыл бұрын қайтыс болған әз Жәнібек ханның жас тоқалын ертегіге бергісіз көрікті деген лақап Келдібекке де жеткен-ді. Бірақ дәл мұндай ғажайып әдемі деп ойламаған. Ақ күміс, сары алтын, гүл-гүл жанған жібек кілем, асыл мүлікке толған боз орданың ішіне біреу жарқ-жұрқ еткен гауһар тастап жібергендей болды. Келдібек бұл келген, ешкім айтпаса да Тайдолла тоқал екенін білді.

Қазақ «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» дейді. Ал Тайдолла сүйгенінің сүйгені, сұлуының сұлуы екен. Сонау күн қарып тобылғы күрең тартқан, қара торы жүзінде пісуі асқан шиедей сәл қоңырқайланған қызыл дәнді еріндері ашылып, үйдегілерге «Армысыздар?» деп Тайдолла маржандай аппақ тістерін көрсете күлімсірегенде, кенет мөлдіреген жаудыр көздері Келдібекке түсіп кетті. Сол көз нұры өзіне қарап сәл кідірген сәтте, сонау ұзын кірпіктері жүрегіне мың найзаның ұшындай боп қадалғандай сезінді жігіт. Сол мезеттен бастап Келдібек ешкімді көрмеді. Ешкім көзіне түспеді. Тек Тайдоллаға қарай бергісі келді, қарай бергісі келді. Әйтсе де, жұрт көзінше оған сұқтана берудің сөкет екенін түсініп, одан көзін аудармақ болды. Бірақ аудара алмады. Қайта қарады, қайта қарады. Ал амалсыз Тайдолладан әрбір назарын аударған мезеті оған үлкен азапқа айналды. Осы азапты шақтарынан бастап, Келдібекте Тайдолламен бір кездессем деген бір арман туды. Бірақ кездесе алмады. Тек, соңынан, Наурызбекпен екеуі бірігіп, Бердібекке қарсы шығу жайлы оңаша әңгімелері бітіп, Келдібек атына қонғалы тұрғанында Тайдолла бұның қасына өзі келді.

— Сөйлесе алмай қалдым, қайным,— деді ол, тағы да ұзын кірпіктерінің ұшын Келдібектің жүрегіне найзадай қадап, оны Жәнібектің немере інісі санап,— Мына Бердібектің кезінде әкесі баласына, жеңгесі қайнысына кездесу қиын болып кетті ғой. Бұдан әрі жолыға алмай қалсам, ағаң Жәнібектен қалған сегіз айлық баласын қанішер хан жерге ұрып өлтірген бір бишара жеңгемді көрдім деп есіңізге сақтай жүру үшін мына бір сақинамды алыңыз,— деп Тайдолла сұқ қолындағы алтын сақина жүзігін берді.

Қазақ дәстүрінде әйелдің еркекке сақина беруі жүрек сырының ишараты. Келдібек кенет толқи қалды. Ол жеңгесіне ризалығын айтып, боз орда алдындағы адамдармен қош айтысып жүріп кетті.

Бірақ Келдібек аты алға қарай ұмтылған сайын, бар қызығы артында қалып бара жатқандай сезінді. Тіпті бір мезетте атының басын бұрып алып, кейін қарай шапқысы да келіп кетті. Алға басқан аяғы кейін кетіп, әзер дегенде өз ауылына жетті.

Адам дегеннің ежелден төрт құмарлығы болған: байлық, бақ, даңқ, махаббат.

Келдібектің бұрын бар ойын баққұмарлық билеген. Сонау Алтын Орда тағы оған алыс та болса жақын, жақын болса да алыс көрінген. Сөйтсе де үмітсіз жан жаралған ба, бұ да сол Бердібек отырған Алтын тақтан қатты дәметкен еді. Сол үшін де Бердібекке қарсы Жәнібектің басқа ұрпақтарын өз маңына жинай бастады ғой. Әрине бұл күрес оған оңайға түспек емес. Жатса да, тұрса да Келдібектің бар уақытын осы бір арман алады. Бірақ ол сөйтсе де сонау бір көрген тау елінің тамаша қызын ұмыта алмады. Бір күні ол Тайдолланы іздеп Наурызбектің аулына қайта келді. Бағына қарай жесір әйелмен бір қалтарыста оңаша кездесті. Уақыттың тығыздығынан бірден өзінің оны жақсы көріп қалғанын айтып, бұған ерге шығуын өтінді.

— Сіз де маған ұнайсыз,— деді Тайдолла.— Бірақ сізге ерге шыға алмаймын, берген сертім бар.

— Қандай серт?! Кімге?! — Келдібектің жаны шығып кете жаздады.

— Өзіме берген сертім. Мені алам деген адам алдымен Бердібек ханды өлтіруі керек.

— Бердібек ханды өлтіру керек екені белгілі... Егер оны мен емес, бөтен біреу өлтірсе, соған кете бересің бе?

— Жоқ, сен өлтіруің керек. Сен ғана хан болуға тиістісің. Мен де тек саған ғана күйеуге шығуым керек.

Тайдолланың сөзі Келдібекке бұйрық тәрізді естілді.

— Ал өлтіре алмасам ше?

— Онда мен саған жоқпын.

— Жақсы көре тұрып па?

— Иә, Жақсы көре тұрып! Бердібекті өлтіру бұл дүниедегі менің бар арманым! Сол арманым үшін махаббатымды да, өзімді де құрбан етуге бармын!

Қанды қанмен жуған сұрқия заман! Келдібек енді Тайдолламен таласқан жоқ. Нәресте баласын өз көзінше өлтірген Бердібектен өшін алмай жас әйел ештеңеге көнбейтінін Келдібек те түсінді.

— Жарайды, сенің тілегіңді орындаған күні келермін,— деді ол.

Сол күннен бастап Бердібекті өлтіру Келдібекке енді дүниедегі ең күшті мақсатына айналды. Алтын Орда ханын құртып, оның орнын басу, бұрын да оның шын көкейкесті тілегі еді. Енді оған Тайдолланың серті қосылды. Осылай Келдібектің бар арманы, бар ойлағаны тек Бердібекті өлтіру ғана болды.

Бірақ қалай өлтіресің? Ебін тауып, бір қараңғы түнде оның түбіне жетсең, сенің жеңісіңді басқа біреулер пайдаланып кетуі ғажап емес. Заман солай. Дүниеде не көп, хан болғысы кеп, анталап жүрген Шыңғыс ұрпақтары көп. Кім сені жұрт білмеген жағдайда, Бердібекті осы өлтірді деп алтын таққа отырғызады? Әрине, ешкім де отырғызбайды. Ал тапа-тал түсте, халық көзінше, айдаһардай ысқырып, бетіне жан қаратпай тұрған Бердібекті өлтірсең — онда бір сәрі. Ерлігіңді көрген ел, сенің Бердібекті өлтіріп, оның тағына барып отырғаныңа тек ризалығын ғана білдіреді. Және өзіңді қолдап жүрген әмірлерге де жеңіл, ондай жағдайда өзіңе де, оларға да қарсы ешкім шыға алмайды.

Осындай ойға бекінген Келдібек, өз жасағын сыптай етіп дайындап, Алтын Орда ханының бір шағын тобымен елсіз жерде кездесетін күнін күтіп, Бердібекті алыстан тори бастады.

Ал Бердібек өзін сыртынан жасақты қол аңдып жүргенін сезгендей, осы бір тұста Ордалы ауылынан шықпай қойды. Алда-жалда, өзіне наразы деген бірер ауылға, не руға аттана қалса, үнемі көп әскермен шығып жүрді.

Мұндайда Алтын Орданың айбарлы ханын кім шаба алар? Кім оған тиісе алар?

Әрине ешкім де!

Бірақ аққан суға да бір тосу. Бердібек ханға да тоқтар кез келді.

Ажал қуды ма, ол Наурызбектің аулында Тайдолла-ханымның жатқанын естіп, шағын қолмен атқа қонды.

Шағын болғанмен Бердібек жасағы қауіпті жасақ еді. Сарт-құрт желе-шоқыған кілең, көк найзалы ақкөз бұзық жігіттер, Еділ мен Жайық ортасындағы Наурызбек аулын бетке алып келе жатты.

Алдарында, жыны ұстаған бақсыдай, өзінен-өзі зіркілдеп шапқан Бердібек хан.

Түрі Тайдолланы ғана алып қайту емес, бүкіл Наурызбек аулын құртып жіберетіндей.

Қаһарлы ханның өз аулына шыққанын естіген Наурызбек дереу Келдібекке ат шаптырды. «Бердібекті құртатын, бұл бір ыңғайлы кезі, біздің ауылға жеткізбей жолдан тосып алсын. Егер Бердібекті өлтірсе, Алтын Орда тағына өзім апарып отырғызам» деді.

Бірақ өзі Бердібектен қорқып жанын қоярға жер таппай, атына мініп бір топ жігітіменен арғы беттегі тоғай арасына қашты. «Бердібек ауылға жетсе аңға кетті деңдер, ал Бердібек өлтірілсе тезірек хабар беріңдер» деді сенімді адамдарына.

Хабар жеткен Келдібек дереу дабыл ұрып жасағын атқа қондырды. Бұлар да хан келе жатқан жаққа құйындаға жөнелді.

Келдібек қолы Бердібек жасағына күтпеген жерден, «Қырғын бел» деген ойпатқа түсер тұста, бір бүйірден кеп тиді.

«Өзбек», «Жәнібек!» деп кішкентай тоғайдан шыға келіп, өздеріне қарай анталап келіп қалған жалаң қылыш, көк найзалы жауынгерлерді көргенде, Бердібек жігіттері сасып қалды. Аттарының басын бұрып, қарсы шығуға мұршалары да келмеді, ерліктері де жетпеді.

Тосын пайда болған қол, тосын тиді.

Көп жігіттер ат жалын құшып, бірден жан тапсырды.

Кейбіреулері қарсыласпақ болды, бірақ бұрынырақ сілтеген шойын бас шоқпардан құтыла алмай, бас сүйектері мылжа-мылжа боп жерге құлады.

Ал келіп қалған жауды көрген Бердібек атының басын бұрып ап, жалт бұрылып адырлы жазыққа қарай қашты. Хан жасағына емес, енді атына сенді.

Батырға да жан керек деген.

Бірақ қашқанға қатын да батыр, соңынан Келдібек қуып берді.

Ханның сасқанын астындағы тұлпары да білді ме бүкіл Еділ — Жайық хандығына даңқы шыққан Тұлпаркөк, құйындата жөнелді. Бірақ ажалдан жүйрік емес екен, Бердібек құтыла алмады. Бота тірсек, қалақ сан сәйгүлік тұлпар қос құлағын жымырып ап, құландай ұйтқытып келе жатқанында, кенет қалың шөп арасындағы суырдың ініне аяғы кіріп кетіп, омақата құлады. Атының басынан ұшып түскен Бердібек, бір-екі рет аунап-аунап кетіп, ұшып түрегелді. Беліндегі қылышын суырып алып, қарсы ұмтылам дегенше, үстіне арқыратып келіп қалған есік пен төрдей Келдібектің құлакері оны кеудесімен қағып өтті. Сол сәтте Келдібек те сала құлаш жіңішке алдаспанымен үзеңгісіне шірене кеп жерге ұшып түскен ханды тартып үлгірді. Алмастай өткір алдаспан, Бердібекті құлақ тұсынан қиғаштай тиіп, ханның жирен басын мойнынан анандай жерге ұшырып түсірді.

Бердібектің мызғымас, жыланның көзіндей тасырайған дөңгелек көзі бұрынғыдан да жаман тасырая қалды.

Тек жасыл тартқан нұры кенет сөніп бір мезет шел қаптағандай бозарып кетті.

Келдібектің соңынан жеткен бір жігіт, дереу атынан түсіп, басты қоржынға салып жатып:

— Шіркіннің көзі қандай сұсты еді! — деп, қолымен кірпігінің үстін уқалап көзін жапты.

Сөйтті де бас салған қоржынды Келдібектің қанжығасына байлады.

Бұл кезде ұрыс та біткен.

Бердібек жасағының тірі қалғандарын есірей етіп Келдібек қолы кейін қайтты.

Қан майданда бетпе-бет келіп жауын жеңіп қайтқандай бәрі тегіс мәз-мейрам.

Өз ауылдарына «сүйінші» сұрауға ат шаптырылды.

Көп кешікпей Наурызбек бастаған бір топ әмір оларға кеп қосылды. Енді топ қол боп сол беттерімен Сарай-Беркеге қарай беттеді бұлар. Жолай, әр ауылдан әр аймақтан бұларға тілектес әмірлер, би, батырлар қосыла берді.

Келдібектің соңынан ерген жұрт енді қалың қолға айналды.

Бәрінің аузында — Келдібек. «Әз Жәнібектің аузынан түскендей!» «Ханның басын хан алар, бұл хан болуға лайық оғлан!».

Бұған ешкім де қарсы емес тәрізді. Кешегі Бердібекті жақтаған Төре, Мөңгілі билер де қолдарын қусырып алдарынан шықты. Бердібек қанішерден әзер құтылғандай, бір-біріне бастарын шұлғысып, «дұрыс» дейді.

Опасыз дүние!

Бердібекке қарсы өмірлер Келдібекті қолтықтап кеп Алтын Орда тағына отырғызды.

Бірақ Келдібек ұзақ отыра алар ма екен? Өз әкесі Жәнібекті Бердібек өлтірді. Бердібекті міне Келдібек өлтірді. Ханды өлтіріп, тағын тартып алу салтқа айналып кетпесіне кім кепіл?

Сөйтер болса, Келдібекті де ұзаққа апармас.

Иә, хан тағының қанмен келетін осындай жексұрын әдеті бар ғой...

Дәреже кімді өзгертпеген!

Келдібек те өзгерді. Кісі өлтіріп баққа қолы жеткен Келдібекке, осындай қанды айламен таққа отырған өзге хандардай, бөтен кесел де пайда болды. Ол енді көлеңкесінен қорқа бастады. Бұл Бердібекті өлтіргенде, бұны бөтен біреудің өлтірмесін кім біледі?.. Осыдан оның бар тіршілігі хандығын күшейтуге емес, өз басының күшеюіне арналды. Осындай күйге ұшыраған Келдібек кешегі жанын күйдірген махаббатын да, өзін көтеруге жәрдемдескен әмірлерді де ұмытты. Егер бұлар күшейіп кетсе, түбі ажалым солардан келеді деп күмәнданып қауіпті деген әмірлерін бірін-біріне шағыстырып, бірін-біріне өлтірте бастады. Осындай жағдаймен аз-ақ күнде Мөңгілі би, Жағалтай, Темір-Бұқа тәрізді соңында елі бар күштілерден құтылды. Сондай-ақ, өз даңқын көтеру үшін Келдібек есімімен Сарай-Беркеде күміс, қола ақшаларын шығара бастады.

Осылай Алтын Орда ішіндегі алауыздық күшейе түсті. Бұрын Бердібек кезінде Алтын Ордамен шектес елдерде Еділ — Жайық Ордасына қарсы алакөздік туған болса, енді Келдібек-Құлпаның тұсында Орталық Сарай-Берке хандығына бағынғысы келмеген Алтын Орданың өзінің ішінде бүлік шықты. Және бір жерден емес, бірнеше жерінен.

Ал Келдібек бүкіл Алтын Орда ханы аталғанмен, бұларға ештеңе істей алмады.

Әмірлер басын біріктіріп, халықты бір қолда ұстап, хандығын күшейтудің орнына, ол әмірлерді бір-біріне айдап салып, тек өз басын сақтауды ойлайды. Шоқпарды көтере алмаған өз басын ұрады дегеннің кебіне душар болды.

Осыдан Алтын Орданың ішінде күннен-күнге талан-тараждық дами түсті. Өзі де шығуға таяу тұрған көз еді дегендей, әмір, билер енді іске тікелей кірісті.

Бүліншілік басы Мамайдан басталды.

Қырым өңірі Жәнібек ханның тұсынан бастап Жошының Тоқай-Темір ұрпағының ұлысына айналған. Каффа, Судақ тәрізді шарт бойынша генуялық саудагерлердің қарамағына берілген бірнеше үлкен қалалары болмаса, бар даласы, теңіз жағалары, осы ұрпақтың билеуінде болып келген. Бердібек қаза табар алдында, осы Қырымды әскери жағынан Алтын Орда қолбасшыларының бірі Мамайға бағындырған.

Мамай Ордасын Азақ-Танадан көшіріп, осы күнгі Симферополь тұсына апарып тіккен. Аз уақытта адуынды батырдың ықпалы Еділдің төменгі шені мен бүкіл Қырым өлкесіне қатты жүре бастаған. Тіпті сүреғал ретінде жеке өлкеге айналуға ыңғайланған. Осындай еркіншілік алған Мамай Келдібек Алтын Орда тағына отырған жылы іс жүзінде жеке бөлініп шыға келген. Алтын Орда бағынышты деген Қырым мен Сақыстанның жай ресми аты ғана қалған. Шынына келсек жеке хандыққа айналған. Ал Мамайдың өзі хан болуға Шыңғыс ұрпағынан шықпағандықтан ақырында Тоқай-Темірдің баласы Үз-Темірден туған Абайдың немересі Абдулды Қырымға хан көтерткен. Мамайдың бұл әрекетін осы уақыттағы Қырымның ұлыс ағасы, Абдулдың әкесі, Абайдың баласы Меңғасыр би қатты қолдаған. Бірақ Абдулдың хан деген құр аты, бар билік әскер басы Мамайдың қолында қалған. Жаратылысында жігерлі Мамай дереу жаңа құрылған хандықты күшейтуге кірісті. Ол өзіне жаңа одақтастар іздей бастады. Ең алдымен, осы аласапыран кезде, орыс мемлекетінің оңтүстік жағының біраз жерін өз қарамағына қосып алған Либкенің ұлы князі, өзінің күйеу баласы Ольгердке елші жіберді. Содан кейін өзіне бағынышты болуға тілек білдіріп келген Суздаль-Нижгород князі Дмитрий Константиновича Иван Калитадан қалған тоғыз жасар Мәскеу князі Дмитрий Ивановичтен тартып алып, Владимир ұлы князьдігін берді. Қырым билеушісінің бұл қылығы Алтын Орда хандарының берекесінің кете бастағанының белгісі еді. Еділ — Жайық хандығындағы алауыздықты пайдаланып, Мамай жалғыз ғана Қырымды місе тұтпады, Қырымға таяу сонау Еділ бойының төменгі шеніне дейін өзіне қаратып, енді ол бүкіл Алтын Орданы билемек боп, Сарай-Беркені алуға дайындала бастады.

Алтын Орда бүліншілігі бұдан да әрі дами түсті.

Жошы ұрпағынан шыққан Туғанның баласы Болат Темір оғлан, осы тұста бұлғар-татарларымен бірігіп, Еділ өзенінің жоғарғы жағын бөліп алып, Еділ бойындағы кеме жолына әмірлерін жүргізуге кірісті.

Ал Алтын Орда қарамағындағы Мордва жерін дәл осы кезде Сибан ұрпағынан шыққан Тоғайбек өмір тал түсте басып алды. Ол Мокшеде өз ақшасын шығарды. Тіпті Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрған Рязань-шаһарын шаппақ болды. Бірақ орыстардан соққы жеп кейін қайтты.

Осының бәрі аз болғандай, күшейіп қалған Ақ Орда хандары да Алтын Ордаға тікелей қауіп туғыза бастаған. Еділ-Жайық хандығының енді өздеріне бұрынғыдай билігін жүргізетін күшінің жоқтығын сезіп, Хорезм әмірлері де жеке бөлінуге бет алған. Осындай жағдай теріскей Кавказ Қырымдағы легзан, асы князьдіктері мен Тұна, өзеніне дейінгі далаларда көрініп қалған.

Ал Либке князі Ольгерд Мамайдың ұсынысын қабылдамақ түгіл, Алтын Орданың осы тұстағы өзара талас-тартысын, ауыр кезеңін пайдаланып, Мамайға көнгісі келмеген Құтлықбек пен орыстар Дмитрий деп атаған Қажыбек әмірлердің әскерімен бірге Бұғы өңіріне аттанып, Көк өзен жағасында Мамай мен Орақтың қолдарын жеңіп, бүкіл Подолия жерін Либкеге қаратқан. Енді ол Киевті алу әрекетіне кіріскен.

Демек, Владимир ұлы князьдігінен айырылып қалған Мәскеу князьдері де бос жатпаған. Енді олар он бір жасар Дмитрий Ивановичтің жанына жиналып, архимандрид Алексейдің жігерлі әрекеттерінің арқасында, бүкіл орыс жерін біріктіруге кіріскен.

Міне осындай жағдайда Ұлы Алтын Орданың ханы Келдібек, тек өз төңірегіндегі, әмірлерін біріне-бірін шағыстырып өлтірумен болды.

Бұл жағдай өмірлерді де үркітіп тастады. Енді біреулерінің Келдібекке жағынып жан сақтағысы келсе, ал басқа біреулері тағы қанды жолға түсіп, Келдібекті өлтіріп, билікті өз қолдарына алуды ойлады. Осылай Келдібек Ордасында да қайтадан екі ай талас басталып кетті. Алғашқы жүкті кәрі тарлан Төре би, екінші жүкті Хаджы-Тархан әмірі Хаджы-Черкес пен Сарайшық әмірі Наурызбек басқарды. Соңынан бұл екеуі де бір-бірін өлтірді. Бірақ алғашқы кезде, Шыңғыс ұрпағына тән, өздеріне тиімді жағдайда бірігіп кетіп, артынан қастаса қалатын әдеттеріне салған.

Дегенмен, Төре би, қандай айлакер болғанмен өзі құрған қақпанға өзі түскен. Бір әмірді бір әмірге айдап салуды да Келдібекке өзі үйреткен. Осындай жақсылығы үшін таққа отырған алғашқы кезінде Келдібек Төре биді өзіне жақын тартқан. Тіпті ақылшысы етіп алған. Соңынан Төре бидің ақылын әбден үйреніп алғаннан кейін, оның өз әдісін өзіне қолданған. Бір күні оған: «Кеше маған Мөңгілі би келіп кетті. Бердібекті қанды жолға түсірген Төре би, егер одан құтылмасаң, сені де Бердібектей қанішер етеді» деді. Сол түні түн ортасында Ордасынан дәретке шыққан Мөңгілі би мүлдем жоқ болып кетті. Тек үш күн өткеннен кейін оның денесін ауыл сыртындағы қалың ағаштың ішіндегі шұңқырға көмілген жерінен тауып алды. Онда да үстіне үйілген топырақтан қолының шошайып шығып жатқанын біреулер көріпті. Содан соң би денесін қазып алып, басына мазар орнатып Келдібек ардақтатып қойдырған. Жерлер алдында қарт бидің өлтірушілер мойын омыртқасын үзіп жібергенін Келдібек өз көзімен көрген. Сірә қанішерлер, бөтен әдіс таба алмағандай, кәрияның мойнын бұрап өлтірген екен.

Ал Төре бидің өзі де осылай өлді.

Осы бидің шағыстыруымен Орда маңындағы әмірлердің бәрінен қауіптеніп алған Келдібек, егер өзінің екі басы, екі жүрегі болып, сол бастар, сол жүректер біреу біріне-бірі қас десе, соған ол сенер еді. Оның секемшіл жаны осындай күйге жеткен. Осылай өзіне бұл дүниеде өзінен басқа дос жоқ деп ұғынған Келдібек, Төре биден де қауіптене бастаған. Ойына бір күдік түсті — бәрі бітті. Ол енді Төре биден тезірек құтылуды ойлаған. Ол өзі күдіктенген әмірін, өзі емес, бөтеннің өлтіргенін жақсы көретін, және көзінше өлтірсе жаны кіретін. Ал ана қылмыскер адам, оның көзінше өзінің қасын өлтіріп, ханды қылмысына куә еткенін білмей қалатын. Қылмыскер хан қолына өзінің қалай оңай түскенін соңынан бірақ аңғаратын. Ал хан қылмыскердің мұндай айыпты жағдайын әрқашан да пайдалана білетін.

Бұл жолы да солай болды.

Келдібек Мөңгілі бидің інісі Жарақтың қызба қанды баласы Софы мен Төре биді Ордасына шақырып алды.

Софы өз әкесі Жарақтың емес, Мөңгілі бидің қолында өскен. Қазір Орда жасауылының бастығы еді.

Төре би Ордаға Софыдан кешірек кірген, ханның сол жағында отырған белінде қанжары бар Софыны көргенде әлденеге үрейлене бір қарап тайсалып кеткен.

Шіркін тіршілік деген қандай тәтті.

Амандасып болғаннан кейін Келдібек өзінің әдеттегісіндей айтайын деген сөзіне бірден кірісті.

— Софы-жасауыл,— деді ол.— Саған мына төбе би Төре отағасының алдында айтатын өкпем бар.

— Ол қандай өкпе? — деді басын иіп, сұр жыландай қансөлін ішіне тартып алған, жіңішке келген Софы.— Сізді өкпелететіндей мен ештеңе істеген жоқ едім ғой?

— Мені емес, өзіңді қанатының астына алып өсірген, ана марқұм Мөңгілі би әкеңді өкпелеттің...

— Қалайша?

— Ең болмаса аруағын сыйламайсың ба, әлде тумағандығынды көрсеткің келе ме, әкеңнің құнын неге алмайсың?

— Кімнен?

— Мына Төре биден!

Төре би шошып кетті.

— Хан ием!.. Бұл не деген сөзіңіз!

Келдібек тыңдаған жоқ. Ол енді «мынаны өлтір» дегендей Софыға бұйыра сөйледі.

— Иә, осы өлтірген. Оған хан басыммен мына мен куәмін. Мөңгілі бидің маған айтқан бір сырын, төбе биім болғаннан кейін Төрекеннің өзіне естірткем. Көпті көрсе де Мөңгілі маған ол сырын бекер айтқан екен. «Айтпа сырыңды досыңа, досыңның да өз сырын айтар досы бар» деген. Мен бұл Төре биді дос көретін едім, сосын айтқам. Сөйтсем, ол менің достығымды сыйлай алмады, құпия сырды ішіне сақтай алмады. Сол күні түнде жігіттерін жіберіп сенің әкең Мөңгілі биді өлтіртті. Мені қадірлі көретін бір адамымнан, сені әкеңнен айырды.

Келдібек кенет Төре биге қарады.

— Мүмкін бұлай емес шығар? Хан басыммен, әлде, мен жалған айтып отырған болармын?

Әрине, болған істі Төре би болмады дей алмады, ханға «өзің осылай істеткенсің» деуге аузы бармады, бар тапқаны, тезекке толған қаптай, кенет хан алдына опырыла құлап түсті.

— Хан ием, кешіре көріңіз.

Бірақ хан кешірмеді. Ол енді Софыға тағы бұйыра сөйледі.

— Осындай қанды шелек адамнан әулие әкеңнің құнын қалай алмай жүрсің?! Ең болмаса аруағын сыйлауың керек еді ғой!

Софы оқ жыландай атылып дөңкиіп жер құшақтап жатқан Төре бидің қасына жетіп барды. Ағарып кеткен шоқша сақалынан ұстап басын жоғары көтерді де, беліндегі ақ берен қанжарын суырып алып, оң қолымен бидің жұдырықтай өңешті, семіз тамағынан, орып-орып жіберді.

Бидің тамағынан қап-қара қан көкке атылды. Кілем үстін, Софының екі қолын бірдей, күп-күрең қанға бояп шыға келді.

Төре бидің орылған кеңірдегінен аққан қаны әбден таусылып болғанда ғана Келдібек хан:

— Шіркіннің арам қаны қандай көп еді,— деді, өз бойына тек адал қан ғана жиналғандай. Сөйдеді де Софыға тағы бұйыра сөйледі.— Сырттағы жігіттеріне айт, мына доңыздың денесін құрым киізге орап, ешкімге көрсетпей түнде айдалаға апарып тастасын. Сосын... мына қан төгілген кілемді ауыстырт...

Софының Төре биді өз көзінше қалай өлтіргенінен орасан рахаттанған хан, енді бір жауымнан құтылдым-ау дегендей әлденеге күлімсірей теріс бұрылып кетті.

Ал Төре бидің құрым кигізге оралған денесін Софының жігіттері түнде айдалаға апарып тастады. Соңғы он жыл бойы зұлымдығымен бүкіл Алтын Орданы тітіреткен Дәшті Қыпшаққа әйгілі Төре би, ақырында, ит пен құсқа жем болып, көмусіз қалды. Аққан суға да бір тосу деген, міне, осы да!

Келдібек дәл өстіп бірін-біріне өлтірту үшін, Ордасына Сарайшық әмірі Наурызбек пен Хаджы Тархан билеушісі Хаджы-Черкес бекті шақыртты. Бұл бектердің де өзіне қас екенін білетін, олардан енді дер кезінде құтылмақ болды.

Әсіресе, Алтын Орда тағына өзін отырғызған Наурызбекті алдымен өлтіргісі келді. Ананың істеген жәрдемімен бекті өлтіріп, біржолата құтылмақ болды. Сөйтпесе, біреуге өзін міндетті сезіну Келдібекке әрқашан да ауыр көрінетін. Оның үстіне тағы да бір себебі бар. Келдібектің хан болғаннан кейін өзін біржолата ұмытып кеткеніне ызаланған Тайдолла ханым алтыншы әйелі боп Наурызбекке тиген. Бұл күйеуі де оны шын көңілімен қалап алған. Тайдолла болса, әйел тағдырын тек қана махаббат шешпейтін сұм заманда бөтен жол таба алмаған. Ұмытылмайтын қуаныш, бітпейтін қайғы жоқ, басынан өткен қасіреттерден бірте-бірте арылып, тіршіліктің тегеурінді тілегінен шыға алмай жүргенінде әмір сөз айтқан. Келдібекке деген өкпе, қорлану, өтіп бара жатқан жастық кезі өз дегеніне көндірген. Бектің сөзін босқа тастамаған. Оның үстіне әмірдің көңілінің шын кеткеніне сенген. Ал Наурызбек Алтын Орда ханының опасыздығына күннен күнге көзі жете бастағаннан-ақ Тайдолланы тоқалдыққа алумен бірге енді ханның өзінен тезірек құтылуды ойлай бастаған. Және Келдібектің Орда төңірегіндегі қанды оқиғалардан шыға алмай жүргенін пайдаланып, ол, құр ғана Сарайшық төңірегі емес, бірте-бірте Алтын Орда ханына жататын біраз жерді өз қарамағына қосып алған. Бұнымен қатар Келдібекке қарсы біраз әмірлермен одақтас болуға тырысқан. Соның бірі осы Хаджы-Черкес еді. Хан екеуін бірдей Ордасына шақырып жатыр дегенді естігенде-ақ Келдібектің әдісіне қанық Наурызбек Хаджы-Черкеске сенімді кісі жіберген. Алтын Орданың сұм ханының алдауына көнбеуін өтінген. Және осы жолы Келдібектен біржолата құтылуға бар екенін айтқан. Бұны өзімен тілектес бөтен әмірлер де құптаған. Хаджы-Черкес те дұрыс көрген. Әзір өз жағында мықты күштің жоқтығынан Келдібекті тек өзім өлтірем деп қоймаған. Алтын Орда тағын іштей Наурызбекке қимағанымен басқа амалы жоқ еді. Өзін өлтірмекші Келдібекті емес, бірігіп қимылдамақ боп отырған Наурызбекті таңдаған. Ал Келдібек болса, алдыменен Хаджы-Черкес арқылы Наурызбекті өлтіріп, артынан осы айыбы үшін Хаджы-Черкестен құтылуды оңай көрген. Бір әмір бір әмірді өлтіріп жатса, бұған сөз келмейді,— деп білген. Осылай екі қасынан бірдей оп-оңай құтылмақ болған. Қысқасы, бір оқпенен екі қоянды атып түсіруді ойлаған. Сол себептен де Ордасына бір күн бұрын келген Хаджы-Черкеске: «Шығыс жақтағы Алтын Орданың біраз жерін өз бетіменен иемденіп алған Наурызбек әмір менен енді Хаджы-Тарханды сұрап жүр. Егер мен рұқсат етсем, сенің көзіңді құртып, ұлысыңды билемек» деген. Түбі ондай ойға Наурызбектің бара қалатынына шек келтірмегенімен Хаджы-Черкес ханның дәл қазіргі сөзі алдау екенін ұққан. «Наурызбектің ондай ойы бары шын болса, ол мені емес, мен оны бұрынырақ өлтіремін» деген. Қанмен шешілетін мұндай жанжал тудыруға әбден машық болып алған Келдібек: «Онда өз көзіңше Наурызбектің өтінішін айтып берейін» деген. «Егер маған істемек қастығын мойындаса, мен өз көзіңізше Наурызбекті қан етемін,— деген Хаджы-Черкес,— тек сізден рұқсат болсын. «Рұқсат» деп Келдібек бетін сипаған. Әттең, осылай екі әмірді бірін-біріне қан еткізіп, қызығына кенелмек хан, дәл осы сәтте өз басына туғалы тұрған қауіпті ойламаған.

Еш сақтық шара қолданбаған.

Ертеңіне Ордаға шағын жасағымен Наурызбек те жеткен. Қасындағы сенімді бір серігімен хан сарайына кірген. Мұнда, тақтағы Келдібектің сол жағында, кілем үстінде екі жақын батыр туыстарыменен отырған Хаджы-Черкесті көрген. Ордада бөтен ешкім жоқ екен. Тіпті жайшылықтағы хан күзетшілері де сарай есігінің сыртында тұр.

Наурызбек серігі екеуі орда ішіне кіріп иіліп сәлем берігі сәл тұрды. «Бұдан ыңғайлы кез болмас» деді ол ішінен, Орда ішін қырағы көзіменен тез шолып өтіп. Сөйтті де кебістерін есік алдына шешіп, серігі екеуі қол беруге тағында отырған ханға таяды. «Ассалаумағалейкум, хан тақсыр» деп өзі ең алдыменен қол беріп амандасты да, кезекті жанындағы серігіне берді. Хан оған екі қолын соза түсті де, арыс кеуделі, балуан денелі мұртты қара сұр жігіттің суық көзіне көзі түсіп кетіп, бірдемеден сескенгендей қолын берерін-бермесін де білмей, сәл кідіріп қалды. Бірақ қарасұр қышқаштай мықты қолдарымен ананың қос білегінен шап етіп ұстай алды. Сол мезетте Наурызбек ханның тамағына жабыса кетті. Ұзын, темірдей ұзын саусақтарымен барынша тамағынан қылқындыра қысып тырп еткізбеді. Келдібек азғантай ғана бұлқынып, тынысы тарыла қырылдай сәл жатты да, екі көзі шарасынан шытардай боп ақшиып, кенет денесі сылқ етті. Бірақ Наурызбек сонда да оның тамағын қыса берді.

Әлден уақытта:

— Бітті,— деп кейін шегінді.

Наурызбек серігі тақ үстіндегі ханға жабысқан сәттен-ақ үрпиіп түрегеліп кеткен үй ішінде отырғандар:

— Әмин,— деп беттерін сипап орындарына отырды.

— Тағында отырғандай кеудесін кішкене көтеріңкіреп қойыңдар,— деді Хаджы-Черкес өз жігіттеріне, сөйдеді де, есікті ашып,— сырттағы әмірлер үйте кірсін — деді.

Сірә, болар оқиғаны сыртта асыға күтіп тұрған болулары керек, алтын, күміс белбеулі, құндыз, түлкі бөрікті ұзынды-қысқалы Хаджы-Черкес пен Наурызбекке еріп келген әмір, билер топырлай үйге кірді. Олар тақ үстіндегі шалқая қозғалмай отырған ханға көздерінің қиықтарымен бір қарады да, болған іске түсініп, құран оқитын адамдардай шарт жүгіне, үн-түнсіз Орда ішіне алқа-қотан орналасты. Есік жағында тұрған қарулы төрт-бес жігітке қарап:

— Сырттағы күзетшілердің орнына тұрыңдар. Үйге ешкімді кіргізбеңдер,— деді Хаджы-Черкес, сөйдеді де: — Аяулы кісілеріміздің қанын ішкен Келдібек ханнан да құтылдық. Әне, енді ешкімге жауыздық істемегендей, алтын тағында үнсіз-түнсіз отыр...— деді. Кенет оның қабағы қарс жабылып кетті. Енді ол босаға жақта тұрған еңгезердей екі жігітке бұйыра сөйледі.— Тез патшаларды тақтан алып ана бұрышқа жатқызыңдар. Үстін бірдемемен бүркеңдер,— деді.

Екі жігіт Келдібектің өлі денесін тақтан суырып алып, бұрышқа апарып сұлата салды да бетін керегеде ілулі тұрған ханның ақ кіреуке шапанымен жапты.

Ал енді осы таққа Наурызбек әмір отырсын десем бәріңіз де мақұлдайсыңдар ғой деймін,— деді Хаджы-Черкес.

— Болсын,— деді үйдегілер.

Бірақ бұл кезде, бос таққа басқа біреу отырып қалмасын дегендей, Наурызбектің өзі де оған асыға бара жатыр еді, жұрт «болсын» деген сөзін айтып бітпей жатып ол таққа отырып та үлгірді.

Наурызбек жайғасысымен, біреу барып өліп жатқан Келдібектің басындағы Жәнібектен қалған әйгілі алтын тәжді әкеп жаңа ханның басына кигізді.

Тақта отырған құндыз бөрікті әмір, алтын тәжді кигеннен кейін кенет шын ханға ұқсай қалды. Енді жұрт иіліп оған тәжім етті.

— Құтты болсын Алтын тағыңыз, хан тақсыр! — деді олар бір дауыстан.

— Айтқандарың келсін! — деді Наурызбек мұртынан күлімсіреп.

— Жаңа ханды жұртқа әйгілейік,— деді тағы Хаджы-Черкес.

— Болсын! — деді тағы үйде отырған әмірлер.

Осылай Келдібек хан өлді. Оның өлімімен жүз жиырма жылдай Алтын Орданы билеп келген Бату әулетінің ең соңғы жылы бітті.

Хан тағына енді Жошының Тоқтай-Темір ұрпағының бір баласы отырды.

Бірақ әмірлер «құтты болсын» дегенмен алтын тақ бұл әмірге де құтты болмады. Осы тілекті айтқан адамның бірі Хаджы-Черкес әмір, жылға толтырмай, Алтын Ордаға аттанған Ақ Орда Ханы Сасы-Бұқаның баласы Хызырға Наурызбекті Тайдолла-ханыммен бірге ұстап берді. Сасы-Бұқа екеуін бірдей өлтірді. Сөйтіп хан таластарының арасында жүріп бостан-босқа айдай сұлу черкес қызы Тайдолла да өтті. Енді Алтын Орда тағына Хаджы-Черкестің өзі отырды. Бірақ жыл өтпей, осы Хызырдың қолынан өзі де қаза тапты. Ал Алтын Ордаға хан болған Хызырдың өзі де жылдан артық тақта отыра алмады. Оны өз баласы Темір-Қожа өлтірді. Таққа Темір-Қожа бар болғаны бес-ақ апта ие болды. Дәл осы Барыс, яғни осы 1362 жылы Мамай Абдолды Қырымда хан көтеріп, Алтын Орда ханы Темір-Қожаға қарсы қалың қолмен жорыққа шықты. Мамайдан қорыққан Темір-Қожа Еділдің ар жағына қашқан. Бірақ Мамай жағының бір сұлтанының қолынан қаза тапты.

Міне осылай Жәнібек қаза болған Тауық, яғни 1357 жылдан кейінгі алты жылдың ішінде, Алтын Орданың сегіз ханы бірдей бірін-бірі өлтірген, жоқ, хандары ғана емес, осы хандарды жақтаған әмір, би, бекзадалары да, солармен тілектес әскер басшылары, жауынгерлері де қаза тапқан. Бұл Алтын Орданың шын күйреуінің басталған шағы еді.

Жыланды үш кессең де, кесірткедей күші бар, Алтын Орданың әлі де Румға да, Иранға да, басқаға да қуаты жететін еді. Алтын Орданың әлі де өзге елдерді сан қорқытатын жүз жиырма жылдай өмірі алда еді.

Міне осы кезде Алтын Орданың күйреуінің де, қайтадан көтерілуінің де елесі боп әлем жүзіне Ақсақ Темір, Орыс хан, Дмитрий Донской, Мамай, Едіге, Тоқтамыстардың есімі бұрынғыдан да қатты естіле бастаған. Ал дүние күн күркіреп, найзағай жарқылдап, бүкіл әлем сұрапыл айқастар келер алдындағыдай, демін ішіне тартып, үрпие тына қалған.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Түркі тұқымдас Барлас руынан шыққан Шахрисябз биі Тарағай түс көрді. Түсінде биік таудың басында тұр екен. Түн тастай қараңғы, аспанда жылтыраған жұлдыз, жерде жылт еткен от жоқ. Дүние зындан ішіндей суық, қорқынышты. Тау басында тұрған Тарағай бидің қолында болат қылыш бар. Қолын созады. Сол шақта қылышынан жан-жағынан найзағай оттары жарқылдай дүние жүзі жап-жарық бола қалады. Тарағай би оянып кетеді. Бірақ оған сол түні, ақ киімді, ақ сәлделі, ақ атты адам аян береді. «Тарағай би,— дейді ол,— қазіргі екі қабат әйелің, Тәкине қатыннан бір ұл туады. Ол әлемді билейтін жиһангер болады» дейді. Бұл Қызыр Ғали әссәләм әулие екен. Бұл жору ертеңіне Қазаған ханға да жетеді. Ол болашақ жиһангер әмірдің тууынан сескеніп, нөкерлеріне бұйрық беріп, бидің жоқ кезінде толғатып жатқан қатынның қарнын іштегі баланы өлі түсірту үшін ауыр таспенен үйкелетеді. Әйткенменен бала бұдан өлмейді, мезгілі жеткенде туады. Бірақ үйкеген тастың салмағыменен ана қарнынан бір аяғы солып түседі.

Шыңғыс хан мен Темірланды даттаған «Екі жиһангер» нәмеде, Тарағай бидің баласы, қанішерлігі «әлем әміршісі» Шыңғыс ханнан да асып кеткен Ақсақ Темір дүниеге келуін осылай паш еткен.

Бұл, әрине, аңыз. Бірақ шындыққа таяу аңыз. Тарағай биге түсінде баласы Ақсақ Темір қолындағы алмас қылышы боп көрінген. Соңынан бұл ұлы да туған. Ол Қызыр Ғали әссәләм айтқандай жарты әлемді жаулап та алған. Бірақ алмас қылыштай жүзінен от шашып қараңғы түнді жарық етпеген. Сол алмас қылыштай халық біткенді қанға бояп, дүниені қара түнге айналдырған. Және ол анасынан ақсақ болып тумаған. Бертін келе, жиырма бес жасында, әлі қарақшылық құрып жүрген кезінде Сақыстанның бір әмірінің жұмсауымен бір ұрыста қатты жарақаттанған. Оң қолы мен оң аяғынан оқ тиген. Соның салдарынан екі саусағынан айырылып, оң қолы мен оң аяғы семіп қалған. Содан ол Ақсақ Темір атанған.

Демек, Шығыстан шыққан бұл екі жиһангердің шындық өмірі аңызға бергісіз жан шошырлық болған.

Шыңғыс хан дүние жүзін қандай қан етсе, Ақсақ Темір әлемді онан кем қанға боямаған.

Оның қанкөйлігі көп жағдайда Шыңғыс ханнан да асып кеткен.

Ол Тышқан, яғни 1336 жылы Көкек айының тоғызы күні Шахрисябз шаһарының құбыла жағында бір жарым фарсах жерде тұратын Ходжа-Ильгар дейтін қышлақта туған. Бұл кезде қажы әмірі Тарағаймен бір атадан, Шыңғыстан, Жағатай тұстарында қосын басы болған Карачер-нояннан тараған. Тарағайға немере туыс болатын. Қазаған хан өліп, Мауараннахр жерінде бүліншілік орби түскен тұста жас жігіт Темір қарақшылар ертіп ел тонаудан қолы босамаған. Әкеге тартып ұл, шешеге тартып қыз тумас деген міне, осы. Діншіл, бүкіл Кашка-Дарья өңіріне аян Шамсуддин шейхпен достас, Тарағай-сынды адамнан мұндай қанды балақ, ел тонағыш ұл туады деп кім ойлаған! Әрине, ешкім де ойлаған жоқ. Жалпы, Тарағай бидің баласы бар ма, жоқ па, бұ да ешкімнің көңілін бөлген емес. Бірақ жұрттың көңілін бұл өзі бөлді. Ол ел арасын бүлдіруді былай қойып, жиырмасына жетпей, кілең өзі тәрізді сотқар жігіттерді жинап, көршілес түрікмендердің аулын шапты. Осындай бір жорығында Темір сәтсіздікке ұшырады. Түрікмендердің Текежаумыт руының жайылымда жатқан кілең қара көк жылқысын айдап әкетпек боп, түбекке шағын жасағымен кіре берген кездерінде, жан-жағынан ұрандай шапқан, кілең ақ сеңсең дағарадай бөрікті, ақ сойылды түрікмендердің батыр жігіттерін көрді. Бәрінің мінгендері ұзын сирақ теке жаумыт жүйріктер. Сеңсең бөріктерін селкілдетіп, ақ сойылдарын бастарынан асыра көтеріп, зіркілдей жетіп қалды. Қоршай түскен жау дегбіріне шыдай алмай Темір жасағы қаша жөнелді.

Осылай кейін қарай шашыла қашу Темір жігіттерінің әскери бір тәсілі болатын. Шу дегенде тым-тырақай, бытырай қашқан жігіттердің қайсын қуарын білмей жау жағы сәл аңырып қалатын. Мұндайда кілең жүйрік мінген қарақшылар көзді ашып жұмғанша ұзап кететін. Қуғыншылар ыңғайланып соңдарына түскенше күні бұрын болжап алған, жота-қырқаларының арасына кіріп, жоқ болатын. Артынан барып уәделескен тұстарына қайтадан жиналатын. Темір қарақшы жігіттері бұл жолы да осы әдеттеріне салды. Бірақ ойлағандары болмады. Әр қашқынның соңына шу дегеннен-ақ үш-төрт түрікмен бірдей түсіп ауыздығымен алысқан жүйріктері бұларды құтқармады. Темірдің аламандарына аттарымен бастырмалата жетіп келіп, сойылмен қасқыр ұрғандай, заматта қарақшыларды жусатып салды. Тек бүкіл Мауараннахрда алдына ат салмаған, ақтанкер жүйрік мінген Темірдің өзі ғана аман құтылады. Жоқ, бұ да аман құтылған жоқ еді. Темір біраз шапқаннан кейін, артынан қара көрінбеген соң «Әйтеуір құтылдым-ау»,— деп азырақ демін алып, атының басын сәл тартқан кезде, өзін орағыта, алдынан шықпақшы болып шауып келе жатқан, судай қара арқыраған текежаумыт мінген түрікмен батырын көрді. Қуғыншының үстіне кигені де қап-қара, тек басындағы қауғадай сеңсең бөркі ғана аппақ... Алыстан ол астындағы су қара текежаумытымен сусылдай аққан ақ басты қара айдаһардай көрінді Темір қарақшыға... Қашқын енді сәл қиғаштай Хорезмнің тақыр, жазық даласына қарай салды. Түрікмен батыры да бұны көріп, бұдан әрі алдынан орағыта шығамын деген ойын тастап соңынан түсті. Екеуінің де аты орасан жүйрік екен, өзге қуғыншы жігіттері, әрі-беріден кейін бұлардан көз жазып қалып, кейін қайтты.

Түрікмен батырымен Темір ұзақ шапты. Қашқын ақыры құтыла алмасын білген соң, Хорезмнің құмды даласында сирек болса да, анда-санда кездесетін бір шилі сайдың жазық өңіріне жеткен кезде, атының басын кілт бұрып алып, соңынан қалмай келе жатқан түрікмен батырына қарсы шапты. Мұны көрген түрікмен батыры да, атының қарқынын бәсеңдетпей, сойылын қос қолдап басынан асыра көтере, Темірге айқайлай ұмтылды. Осылай, екі жау жүрек жігіт бірін-бірі сойылдарымен ұрып өлтірмек боп келе жатқандарында, шиелі сайдың жағасында Асығатпен дем алып отырған Ардақ оларды көрген. Бұл екі жігіттің сонау Бағдаттан туған елдеріне қайтып келе жатқан беттері еді. Бұлар ілескен керуен осы арадан Өргенішке бұрылған, ал бұл екеуі бірден Хорезм астанасына барғылары келмей, осы арадан бүйірдегі қыпшақ ауылдарына бұрылмақ боп, керуеннен бөлініп қалған. Сай түбіндегі кішкентай, жылай аққан мөлдір бұлақ суыменен, беті қолдарын жуып, біраз тынығып, енді осы тұста ауыл бар-ау деп, жаңа ғана кеткелі тұрғандарында тіркесе шапқан екі жігітті көрді. Ши арасынан шықпай, оларға таңдана қарай қалды. Ал түрікмен батыры мен ақтанкер жүйрік мінген қыпшақша киінген жігіт бір-біріне қарсы шауып келеді. Аралары жақындай түсті. Сөйткенше болған жоқ, сойылдар сарт-сұрт ұрылды, бірақ денелеріне тимей, екеуі шапқан бойларымен өтіп кетіп, қайтадан оралды. Бұл жолы түрікмен батыры өктемдеу қимылдады. Оның бұрынырақ сілтеген сойылы, қыпшақша киінген жігіттің, сірә, қара санына тиген болуы керек, ол атынан сәл қисая, аударыла бастады. Қолындағы сойылын түсіріп жіберді. Сол кезде, су қара текежаумытын қайта бұрып алып, ысқырта жеткен түрікмен батыры оны ұзын сойылыменен дәл шеке тұсынан періп өтті. Қыпшақша киінген Жігіт атының үстінен жерге ұшып түсті. Ақтанкер ойнақтап шыға берді. Долданған түрікмен батыры атымен бастырмалата келіп, тағы да жерде жатқан адамды сойылымен бір-екі рет ұрып үлгірді. Сөйтті де ол кенет атының үстінен секіріп түсіп, шылбырын ер қасына лақтырып тастап, жерде ессіз-түссіз құлап жатқан жігіттің қасына келді. Батырдың мұндай қылығына сірә, бұрыннан да машықтанған болуы керек, аты тек басын жоғары-төмен шұлғып бір орнында тұрып қалды.

Батыр аспай-саспай құлап жатқан жігіттің бетіне еңкейіп бір қарады да, қайтадан басын көтерді. Енді ол шалқасынан жатқан жігіттің кеудесін бір аяғымен басты да, сол баяу қимылмен беліндегі қынабынан қанжарын суыра бастады. Сол уақытта ши арасынан бұларға қарап отырған Ардақ пен жолдасы шыдай алмай:

— Сауға! Сауға! — деп түрікмен батырының жанына жетіп келді.

Күтпеген жерден шыққан дауыстан түрікмен батыры селк етті. Бірақ бойын тез жинап алды. Жалт қарады. Қарусыз, діни адамдарды көріп, бұлар көктен түсті ме, әлде жер астынан шықты ма дегендей оларға таңдана қарады. Бірақ астындағы жігітті босатпады. Кеудесінен аяғымен басқан қалпынан қозғалмады.

— Кімсіңдер! Қайдан пайда болдыңдар? — деді қанжарын сәл көтеріп.

— Сауға! Сауға, батыр! — деді Ардақ,— Бағдаттан келе жатқан үлемдерміз. Мына бүйірдегі ауылға барғалы дем алып отыр едік. Сіздің өлгелі жатқан адамды өлтіргелі тұрғаныңызды көріп шыдай алмадық. Өлген үстіне өлтіретін, сондай күнәсі жоқ шығар, бір жолға жанын бізге қиыңыз.

Түрікмен батыры қабағын түйе сөйледі:

— Күнәсі жоқ, Бұның кім екенін білесіңдер ме? Бұл Тарағай бидің баласы қанішер қарақшы Темір! Тыныш жатқан түрікмен ауылдарын жылда шауып, жылқыларын айдап әкетеді. Биыл әдейі аңдып тұрып қолға түсірдік. Бұл енді тірі жүруге тиісті емес! — Батыр қанжарын ыңғайлап, аяғының астында жатқан жігітке еңкейе берді.

— Тимеңіз! Тимеңіз,— деді Ардақ анаған қайтадан жалынып.— Қан төгілмейтін жерде қан төгілсе, шариғат кешпейді. Қайтесіз өлгелі жатқан адамды өлтіріп? Сіз өшіңізді алдыңыз, енді оның арам қаныменен адал қолыңызды былғамаңыз. Мұхаммед пайғамбар атынан өтінеміз, бір жолға қиыңыз бұның жанын бізге! Егер қимасаңыз, жаралы, ессіз жатқан адамды өлтіргеніңіз үшін, құдай алдында күнәкар боласыз!

— Бекер олай дейсіңдер, үлемдер! Күнін әзер көріп отырған жалшы, малшының жалғыз биесін айдап кетер малғұнды өлтіру — сауап. Құдай бұл үшін мені жауапқа тартпайды.

— Жоқ, тартады! Орынсыз қан төккенің үшін тартады!

— Қалайша орынсыз?

— Егер бұны бізге қисаңыз, егер бұны біз тірі алып қала алсақ, бұдан былай қарай бұның жазықсыз жұрттың малын таламайтынына біз кепіл.

Осы кезде Темір ыңырсып бір сәт көзін ашты. Кеудесінен басып тұрған таудай аяқ пен ұшы өзіне қадалғалы тұрған орасан үлкен қанжарды көрді. Қайтадан талықсып кетті. Жоқ, бұл жолы ол өлімнен қорыққандығынан емес, кеудесін етігімен басып тұрған адамнан қорланғандығынан есінен таңды. Ыза, қорлық, бар сана-сезімі ар-намысын билеп, көзі қарауытып кетті.

Бірақ түрікмен батыры оған қараған жоқ, зілдей аяғыменен оның кеудесін баса түсті.

— Бір жолға бұны бізге қиыңыз, қиыңыз! — деді екі үлем бірдей жалынып.— Шамамыз келгенше бұны дұрыс жолға салуға тырысып көрейік. Көнбейді екен ажал бұны өзі іздеп табады. Ажал жамандықтың көлеңкесі! Жамандық істеуін қоймайды екен, одан бұл қашып құтыла алмайды!

— Жарайды, діни адамдар екенсіңдер, қарғыстарыңа қалып жүрмейін, бір сұрағандарыңды берейін, бірақ біліп қойыңдар,— деді ол.— Суықта қатып қалған жыланды кім қойнына алып жылытса, жан кірген жылан ең алдыменен соны шағады!

— Неге өйдейсіз? — деді Ардақ.— Дүниеде жақсылық деген бар емес пе? Бұл жалғандағы алтын, күміс, байлық, тіпті бар халықтың тіршілік-тұрмысын өзгертер ғажайып өнер-білім, ғылымдар жоғалып кетсе де, адам баласы өмір сүре береді. Ал сол адам баласы егер біріне бірі жақсылық істеуді ұмытса, сонда ғана дүниеге апат келеді. Адамзат та, оның болашағы да құриды. Бұны ешкім де ұмытуға тиісті емес! Біздің істеген жақсылығымызды, егер тірі қалса, бұл жігіт те ұмытпайды. Өйткені жақсылыққа жақсылық істеу кімге болса да парыз...

— Жарайды, тірі болсақ оны да көрерміз,— деп батыр жігіттің кеудесінен аяғын алды да атына қарай жүре берді. Қозғалмай тұрған текежаумыт тұлпарына жеткен кезде артына бір бұрылды.— Жақсылыққа жақсылық қайтару үшін адам ең алдымен адам болып тууы керек. Ал мен бұны көптен бері білем, адамды аяуды білмейтін қанішер! Түбі жыланнан да жаман қатыгез болатынына күмәнім жоқ. Бекер өлтіртпедіңдер. Тірі тұрса, бұның қандай адам екенін әлі өздерің де көздеріңмен көрерсіңдер,— деді. Сөйтті де атына секіріп мінді де, «қош болыңдар!» деп келген жағына қарай шаба жөнелді.

— Қош бол, батыр,— деді Ардақ ақырын күбірлеп.

— Шын батыр адам екен,— деді Асығат. Ол жаралының бетіне тесіле қарады. Әлденеден сескенгендей басын көтерді.

— Япырмай, түрі тым рақымсыз жан екен,— деді ол,— осыны біз бекер босатып алдық па деп тұрмын?

— О не дегеніңіз? — деді Ардақ.— Босқа қан төккізудің қандай қажеті бар?

— Қайдам...— Асығат сәл үн-түнсіз тұрды.— Дегенмен әлгі жігіт шын батыр екен, жеңіп тұрған жауын өлтірмеуі...

— Иә,— деді Ардақ.— Мұндай жомарт көңілді кісілер сирек кездеседі,

— Сирек болса да, әйтеуір кездеседі ғой,— деді Асығат.— Егер бұндайлар бір жолата құрып кетсе...

— Бүкіл дүние қан сасыр еді.

— Сондай жақсы адамдардың бірі өзіңсің. Егер сен болмағанда мен мынау туған даламды көрер ме едім, ал мынау жігіт...

Ардақ жолдасының жылы сөзінен қысылып қызарып кетті.

— Өзі өліп қалмады ма екен? — деді. Ол енді ессіз-түссіз жатқан жігіттің бетіне үңілді.

— Жоқ кеудесінде жаны бар тәрізді,— деді Асығат, жігіттің кеудесіне басын салып, сәл тыңдап.

Енді Ардақ пен Асығат талмаусырап жатқан Темірді жайлап көтеріп бұлақтың жағасына алып барды. Қаны ағып тұрған жаралы жерлерін суық сумен жуып бөтен дәрі дәрмектері жоқ болғандықтан, шоңайна жапырағыменен жауып, үстінен топырақ септі. Сосын мықтап байлап тастады. Сондай-ақ жұдырықтай боп ісіп кеткен шекесіне, санына, мұздай бұлақ суына малып белдеріндегі орамалдарын тартты. Аузына сонау Бағдаттан алып келген құрманы сығып, шырынын тамызды. Осылай жолаушылар жаралы жанның жанында кезектесіп екі күн отырды. Денесі оттай күйіп жатқан Темірдің үшінші күн дегенде ыстығы сәл қайтып, әзер көзін ашты. Үнемі ат үстінде жүріп, әбден шыныққан дене әйтеуір, өзінің мықтылығын білдірді, бесінші күні ісіктері қайтып оған тіл бітті. Бір жетіден кейін Темір сөйлей бастады.

Осылай, Темірді ажалдан алып қалған екі жігіт, енді қайтадан жолдарына шығуға дайындалды. Асығат баратын жері Темірдің қаласына таяу тұрғандықтан жаралыны үйіне апарып салмақ болды. Иесін тастап кетпей сай бойында жайылып жүрген атын, Темірдің өзі «құр құрлап» дауыстап, қасына шақырып алды. Асығат жаралыны арт жағынан сүйемелдей, екеуі бір атқа мінгесіп жолға шықты.

Жүрер алдында Темір бөтен жаққа бұрылғалы тұрған Ардаққа:

— Бауырым, маған істеген жақсылығыңды өмірде ұмытпаспын. Тірі жүрсем бір қайтарармын,— деді.

Осыдан кейін жолаушылар «қош айтысып» екі жаққа бөлініп кетті. Демек, есі кіргелі басында отырған Ардақ айтқан ақыл сөзді Темір жерге тастамаған екен. Бір айдай ауырып жатып, аяғын басқан күні Шарафатдин шейх дәріс оқитын мешітке келді. Өзінің өлі де айығып кетпегеніне қарамай, күні бойы тапжылмай мешіт босағасында тұрып алды. Шейхтің діни нақылды өсиет сөздерін ұйып тыңдады. Темірдің бұл ықыласына әбден риза болған шейх дәріс оқуын бітіргеннен кейін, бұған алғыс айтып, батасын берді.

Сол күннен бастап Темір енді қарақшылық жолдан бас тартты. Соңынан, «менің қарақшылықтан дұрыс жолға түсуіме себепкер болған бір үлем мен бір шейх» деп айтып жүрді.

Үлемі — Ардақ, шейхы — осы Шарафатдин еді.

Бірақ Темірдің дұрыс жол дегені, тегі, қанды жорықты, қырғыны мол жол болып шықты. Бар айырмасы, бұрынғыдай соңына бау кеспе ұры-қарақшыларды емес, енді ол әмір, ұлыс басшыларының көк темірге бөленген жасақтарын басқаратын болды.

Осыдан бір жыл өткеннен кейін, Барыс, яғни 1362 жылы ол қайтыс болған Қазаған ханның немересі Құсайын екеуі тағы бір қосын әскермен Түрікмен жеріне барды. Бұл жолы, бұлардың қарамағына берілген Құсайын әмірдің әскері еді. Мұрғабе түбінде түрікмендермен кездесіп, жеңіліп қалып, Құсайын екеуі бірдей Махан деген қышлақта тұтқын боп екі айдай жатты. Ақырында бір кезде Қазағанмен дос-жар болған Мұрғабе әмірі Әлібек бұл екеуін босатып жіберген. Тек жолдарына азық-түлік, ештеңе бермеген. Оның орнына Махана қышлағының байы, Санжары руының ағасы Мүбәрәкшах Әлібек бермеген ат-көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, бұл екеуін Мауараннахр шетіне шығартып салған. Өз елдеріне тікелеп баруға ұлыс ағаларынан қорқып, біраз күн Бұхар төңірегінде бұлар жасырынып жүрген. Сол күндері Темірдің туған апасы Құтлық-Тұрған қатын іздеп келіп екеуін де өз ауылына апарған. Мұнда біраз уақыт болып, сосын бір жарым айдай кіші апасы Құтлық-Айдай қатынның үйінде, Самарқантта тығылып жатып, ақырында Құсайын екеуі осы шаһар әмірінің мың сарбаздардан құрылған қосынын басқарып әмірдің көршілес ұлысын шапқан. Осы айқаста ол бір аяқ, бір қолынан қатты жараланған. Содан бастап ол Ақсақ Темір атанған.

Бұл кез билік монғолдардан түркі тұқымдас рулардан шыққан әмірлерге ауып, бүкіл Мауараннахр әмірлік-әмірлікке бөлініп, бірімен-бірі жерге, суға, таққа, баққа таласып жатқан аласапыран қиын кезі еді. Ақсақ Темір тәрізді ер жүрек, айлакер, соғысқұмар адамдардың құны артып тұрған. Ақсақ Темір де бірден жұрт көзіне түсе бастады. Ол Мұрғабе түбіндегі түрікмендермен кездесетін жорықтан бұрын Құсайынның қарындасы Ұлжатай-Тұрқан-қатынға үйленген-ді. Енді Құсайын екеуі бірігіп, Мауараннахрды өз қолдарына алмақ болды. Өзге әмірлер бұлардың бұл ойына көнбеді. Амал жоқ, Құсайын мен Ақсақ Темір олармен күресуге кірісті. Ақырында Ұлу, яғни 1364 жылы Құсайын Темірдің арқасында қарсы жағын жеңіп, бүкіл Мауараннахр әміршісі атанды. Ал Ақсақ Темір оның әскер басы — оң қолына айналған.

Міне осы кезде, Хорезмнен Самарқантқа бара жатқан Ардақ бір қышлақтың түбінде, бір кезде өзі өлімнен түрікмен батырынан сұрап алып қалған, қазір жұрт Ақсақ Темір деп атаған әйгілі қарақшыменен тағы кездескен. Осы жолы Ардақ бұны өлімнен дұрыс құтқарған екенмін деп ойлаған. Арып-ашып Самарқант жаққа жаяу кетіп бара жатқан үлемді Құсайынға қас әмірлердің біреуінің тыңшысы шығар деп, күзетші жігіттер осы төңіректе аң аулап жатқан Ақсақ Темірге алып келген. Монғол, Өзбектен көрі, Қыпшақ түстес әскер басы Ардақты нөкерлері үйге алып кірген шақта, ол отырған қасқыр терісінің үстінен ұшып түрегеліп, ақсандай басып үлемнің қасына келген, құшақтап сәл тұрған. Сосын екі саусағы жоқ семіп қалған оң қолыменен Ардақты арқасынан қағып:

— Ау, жарқыным, бармысың? Сені де көретін күн бар екен-ау! — деп қатты қуанған.

Сөйдегенде, ол дереу өзінде бақауыл боп қызмет істеп жүрген Асығатты шақыртқан. Үшеуі Ақсақ Темірдің шатырында күні бойы бірге болған. Сан түрлі тағам жеген, аздап шарап та ішкен, бастарынан өткен оқиғаларды өзара әңгіме етіп, әбден достасқандай болған. Бір мезет Ақсақ Темір кішкентай дорбаға салынған қос уыс алтын динарларды Ардаққа ұсынып:

— Сондағы жақсылығыңның төлеуі,— деген.

— Мен ақша үшін ешкімге жақсылық істеген жоқпын,— деп жауап берген Ардақ сәл қабағын шытып.— Және маған мұншама көп алтын ақшаның керегі жоқ.

— Неге керегі жоқ?

— Байлық адамның мазасын алады. Мен өмірімді тыныш өткізгім келеді.

— Өмірді тыныш өткізуге бола ма?

— Әрине болмайды. Бірақ тыныштық әр түрлі. Халқың үшін, бишара адамдардың бақыты үшін өзіңнің бар тыныштығыңды жоғалтуға болады.

— Бірақ оларға да бақыт осы алтын ақшасыз келмейді ғой.

— Ең үлкен бақыт осы алтын ақшасыз келген бақыт. Сондықтан оның маған керегі жоқ.

— Сізге керек болмағанмен, жан-жағыңыздағы бишара адамдардың мұң мұқтажына керек болар, алыңыз.

Бұл сөзден кейін Ардақ дорбашаны алған. Және бишара адамдардың мұң-мұқтажын ойлағаны үшін Ақсақ Темірді жақсы да көріп қалған. Сондықтан ол бір қалтарыста, Ақсақ Темір далаға шығып кеткен кезде, жанында отырған Асығатқа:

— Дегенмен, біз бұл кісіні босқа құтқармаған екенбіз, көрдің бе, жоқшылықтағы жұрттың қамын есіне түсіріп отыр ғой,— деген.

Асығат ойлана жауап Қайырған.

— Қайдам,— деген ол.— Сондағы түрікмен батырының «бұның кім екенін әлі өздерің де көрерсіңдер» деген сөзі осы күнге дейін есімнен шықпай жүр. Кейде жұмсақ сөйлегенмен, тым қатал адам. Ал Ардақ: «Қатал адам опасыздықты сирек істейді» деп ойлаған. Сол күні Ақсақ Темір бұның қасына серік қосып беріп, Ардақты Самарқантқа шығарып салған. Тек қоштасар алдында ғана ол:

— Егер менің жәрдемім керек болар күн туып қалса, маған хабар беріңіз,— деген Ардаққа.— Өзімді өлімнен құтқарған кісіге қолымнан келер жақсылығымды аямаймын... Ақсақ Темірдің бұл сөзінен кейін Ардақ өзіне шын тілектес дос таптым деп сенген. Сол күні ол түнделете жүріп кеткен. Өзінің Ақсақ Темір жайында қалай қателескенін жыл өткен соң барып білген. Қатты өкінген. Сол өкініштің себебі осы бүгінгі, Ақсақ Темірге сенген күні екенін де соңынан ұққан. Әттең, не керек, бәрін де түсінгенмен де, істеген қатесін жөндеуге уақыты болмай қалған.

Мауараннахрды жиырма жыл басқарған Қазаған әмір Ордасын жаз Жейхундарияға барып қосылатын шағын өзен бойына қондыратын. Ал күз түсе бере Сейхүндария бойына қарай көшіп, қыс осы дарияның жағасындағы Салы-Сарайды қыстап қалатын. Қазаған өзі өлген Ит, яғни 1358 жылға дейін Мауараннахрды бүліншілікке ұрындырмаған, шамасы келгенше тыныштық орнатып өткен. Өзгесін былай қойғанда, Жағатай ұрпақтары менен Моғолдарды соғыстыртпаған. Әрине Мауараннахр көшпелі елдері де, өзге көшпелі елдердей біреуді шаппаса, не барымталамаса тұра алмайтыны белгілі, онсыз бұларға өмірдің сәні жоқ. Көшер көлігі, қонар көлі өздеріне жетіп жатса да, бәрібір, оларға аз көрінетін. Мұндайда қарамағындағы жігіттерін әмір анда-санда Герат пен Хорезм жағына аттандырып алатын. Олар барған жерлерін күл-талқанын шығарып тонап, үнемі олжалы қайтатын.

Осы Қазаған әмір өлісіменен, оның орнын баласы, Абдолла басты. Бұл әкесінің ордасын Самарқантқа көшірді. Көшпелі елдің салтын, қала ғұрпына айырбастағысы келді. Бұған түркі тұқымдас рулардың өмірлері қарсы шықты. Олар Мауараннахрды көшпенділер билігінен айырылдырғылары келмеді. Тағы екі дай боп майдандаса қалды. Осы ұрыста Абдолла қаза болды. Осыдан бастап Мауараннахр іші тағы талан-тараж, бүліншілікке айналды. Осы бір қиын кезеңді пайдаланып моғол ханы Құтлық-Темір Мауараннахрға аттанды. Ақсақ Темір осы ханның арқасында Хажы ұрпағынан Кеш пен Қаршының билігін өз қолына алды. Және Қазағанның немересі Құсайынмен одақтасып өзге әмірлерге қарсы шықты. Ақыры бұл екеуі өзге әмірлердің бәрін жеңіп, Жылан, яғни 1365 жылы Құсайын бүкіл Мауараннахр әмірі болды. Ақсақ Темір оның оң қолы әскер басы қызметіне көтерілді.

Құсайын әмір орда астанасын Балх етті.

Бұл — Мауараннахрдың бас шаһарлары, Самарқант пен Бұхарды өз ықпалынан тыс қалдыру еді.

Және бұл қалалардың ежелден келе жатқан өзара бәсеке, таластары болатын.

Егер Самарқант астана етілсе, мұндағы ханға қарсы жақ, Бұхарды өз ордасы ететін.

Ал хандар, әмірлер Бұхарды астанасына айналдырса, қарсы жақтың кіндігі Самарқантқа көшетін.

Құсайын Балхты хан мәдинесі еткеннен бері Самарқант пен Бұхара әмірге қырғи қабақ адамдардың бас қосатын, әмірге қарсы тұрғын жұрт арасында үгіт-насихат жүргізетін ошағына айналған.

Оның үстіне бұл екі шаһар ежелден дін ордалары еді.

Жалпы Шығыстан, Мұсылман әлемінен шыққан әйгілі философ, дәрігер, астроном, Әбу-Насыр әл-Фараби, Али Ибн Сина (Авиценна), әл-Бируни тәрізді оқымыстылар Түркістан көлемінде туғанменен, бұл ара монғолдар келместен бұрын да, олар келгеннен кейін де, табиғи зерттеу ғылым-білімнің, мәдениеттің, көркем өнердің ошағына, мектебіне айнала алмаған. Оған бұл тұста әбден өркендеген ісләм діні мүмкіндік бермеген. Тіпті осы Ақсақ Темір әмірлігі жүре бастаған тұстардың өзінде де Түркістан өлкесі ғылыммен, мәдениет жағынан бүтіндей Иран, Рум әсерінде еді. Тек діни ғылым, шариғат доғмалары ғана бұл өлкеде еркін өркендей алған. Сондықтан да Самарқант, Бұхар, Термез тәрізді халқы мол шаһарлары сол діни әлемнің астанасына айналған. Оның толып жатқан мешіт, медреселерінде жүздеген тіпті мыңдаған шәкірттер мұсылмандардың атақты имам, үлемдерінің дәрістерін тыңдаған, хадистарын талқылаған.

Бұл қалаларда мешіт, медреселерден соң көп нәрсе, шеберхана, ұстахана, қарханалар. Олар қол шеберлеріне алтын, күміс зергерлеріне, темір ұсталарына, жібек тоқыған, кілем басқан, тері илеген жұмысшыларға толған.

Бұл шаһарларда тағы не көп, мешіт, медреселер де қаптаған шейх, имам, мұрит, кәри діни білім алып жатқан шәкірттер көп.

Осындай қаланың батысы Самарқант еді.

Осы қалаға Ақсақ Темір қонақ болғаннан кейін Ардақ келген.

Ал бұл шаһар осы тұста, дәстүр бойынша Балхтағы Мауараннахр әміріне қарсы адамдардың, әсіресе діни кісілердің ордасына айналған.

Мұндай жағдайдың тууына алдыменен Құсайын әмірдің өзі себепкер болған.

Бұл бір түксиген қабақты, қошқар мұрын, қара сұр кісі еді. Қандай нағыз ақкөз ер болса, сондай қатаң әмір болатын. Қатаңдығы кейде сотқарлық пен шектесіп жататын. Ол әмір сарайында жұртты қабылдап отырғанында алдында үнемі жуан темір таяғы жататын. Жанжалдасып, кесім сұрағалы келген адамдар, егер жалған айтып шатысса, не бұның айтқан үкіміне көнбей, қарсы дау көтерер болса, ондай кісілерді табанда темір таяқтың астына алатын. Оның үстіне бұл өте сараң кісі еді. Құсайын әмірдің сараңдығы қолындағы қазынасын ұқыптап ұстау, не ретіне қарай ықшамдап жұмсау емес, барып тұрған дүние қоңыздықтан туған-ды. Сараңдығы соншалық, үстіне киіп жүрген киімнің бір жері тозып, не әлдеқалай жыртылып кетсе, оны ауыстырып жаңа киім киюдің орнына, әлгі жыртылған, не тозған жеріне жамау салдырып, үстінен тастамайтын. Өзгені жарытпақ түгіл, өз басынан байлығын аяйтын мұндай сараң кімді жарылқасын. Әрине, мұндай қатал, кейде тіпті орынсыз қиқар, сотқар әмірді халық қайдан жақсы көрсін, жақсы көрмек түгіл, одан құтылғандарынша асыққан. Бірақ қолында күші бар мұндай ел билеушіден, тіпті сотқар түгіл қанішер болсын, халық оңай құтыла алған ба, әрине құтыла алмаған. Сонда да ауыр тіршілігінен тәуелсіздігін, бостандығын жоғары тұтқан халық. Құсайын қанша мықты болса да, одан тезірек құтылуға бел байлаған.

Құсайынға деген қарсылық, әсіресе, діни, адамдардың арасында күшейе түскен.

Міне Самарқанттың осындай жағдайында бұл қалаға Ардақ келген.

Ақсақ Темірмен қанша сұқбаттасып, достасқаныменен Ардақтың көңілінде оған деген бір күдік қалған. Ол ел аузындағы аңыздан туған. Тарағайдың ортаншы әйелі Тәкинә қатын осы Темірге екі қабат болған кезінде түс көреді. Түсінде Тәкинә қатын Қызыр Ғали әссәләм әулиеден бала сұрайды. Әулие оған денесі тастан, жүрегі дүниенің ең нәзік гүлдерінен жаралған ұл береді. Емшегін жөндеп еме алмаған баласын анасы құйрығынан салып-салып қалады. Сөйтсе тастан жаралған баланың денесінен қолы қатты ауырып кетіп, анасы жылап қоя береді. Анасының жылағанын көріп, жүрегі нәзік гүлдерден жаралған баласы енді қосыла жылайды.

Анасы мен баласының көздерінен жасы ағыл-тегіл төгіледі. «Қалай балаң ұнайды ма?» деп қасына келген Қызыр Ғали әссәләм әулиеге Тәкинә қатын «маған мұндай жылауық баланың керегі жоқ, басқа бала бер», деп жалынады. Сонда әулие оған денесі гүлдердей жұмсақ, жүрегі тастай қатты бөтен бала береді. Бұ да анасының емшегін дұрыс еме алмайды. Анасы бұны да ұрады. Бірақ қанша ұрса да баланың көзінен жас шықпайды. Баласының бұл мінезіне қуанған анасы сықылықтап күліп жатып оянып кетеді.

Ертеңіне Тәкинә қатын түсін бір білгір кәрі кемпірге жорытады.

— Түсіңде жыласаң өңінде қуанарсың, ал түсінде қуанып күлсең, өңіңде жыларсың, бекер алғашқы балаға көнбеген екенсің,— дейді тәуіп кемпір.— Сенің мына туғалы тұрған балаңның денесі ет пен сүйектен біткен жұмсақ болғанмен, жүрегі тастан да қатты келеді екен, түбі өзгені қойғанда, өзіңді де талай жылатар.

Міне Темір осылай туған-мыс. Тәкинә қатынның баласы жетпей жатып ауыл арасын қан қақсата бастағанынан сескеніп қалған жұрт осындай аңыз шығарған-ды. Темірдің мұндай мінезін әлі көрмеген Ардақ, қонақ болып отырғанында оның бір сөзінен сескеніп кетті.

— Адам қуаныш үшін жаратылған — деген Ардақ, қолындағы көк шай құйылған кесесін жерге қойып.— Сондықтан дүниені дозаққа айналдыруға болмайды.

— Дозақсыз дүние мүмкін емес,— деген Ақсақ Темір кесесінен бір ұрттап.— Әлде сіз білмейтін бе едіңіз Борық әулие жайындағы аңызды?

— Мен о дүниенің дозағы емес, бұл дүниенің дозағын айтамын,— деген Ардақ.

— О дүние емес, шын дозақ бұ дүниеге керек,— деген, шараптан қыза бастаған Ақсақ Темір.— Егер күндердің күнінде әлем билігі менің қолыма тиер болса, адам баласына дозақтың қандай болатынын мен көрсетер едім. Халықты қорқытып ұстамасаң, бағынбай кетеді. Өлтір, қыр. Басына дозақ орнат, қыл көпіріңнен өткіз! Халық сонда ғана саған қорыққанынан бағынады!

Шараптан екі көзі оттай жайнап қанталап, қыза түскен Ақсақ Темір осылай деген. Ардақ бүкіл әлем түгіл, әлі бір ғана Мауараннахрға билігі жүрмеген мынау ақсақ әскер басының сөзінен қорқып қалған. Бірақ жұрттың бәрін өзіндей кең көңіл көретін үлем, мастықтан айтып отырған шығар деп оның сөзіне тақа терең мән бермеген. Егер Ақсақ Темірдің айтқанына шын мағына берген болса Ардақ, кім біледі, ол дер кезінде шара қолданар ма еді, қайтер еді, сөйтіп, мүмкін, төгілгелі тұрған миллиондаған жанның қанын төктірмеуі де мүмкін еді ғой. Әттең, ақ ниет Ардақ бұған мән бермеді. Сөйтсе де, оның көңілі бір мезет Ақсақ Темірден үркіп қалды. Бірақ өмірдің ұлы тартысы, алыс-жұлысы, көп кешіктірмей, бұны да ұмыттырады. Сол ұмытқанының арқасында өзі де жазасын тартты. Ал Ардақ ісләм дінінің заманына қарай, тек "әділеттік, жақсылық жағын ғана ұстаған, паш еткен, бұқара жұрттың тілегіне берілген үлкен ғұлама жан еді. Ол сонау құлдыққа сатылып Бағдатқа айдалып бара жатқанда жолай Иранға тоқтап, осы бір ісләм дінінің жолын мықты ұстаған өте діншіл елдің, өздерін басқарып отырған шах, бекзадаларға қарсы көтерілген кезін көрген. Сол тоғыз жасында көрген, тулаған теңіздей қаһарлы ереуіл, сұсты сурет мәңгі-бақи есінде қалған. Оның халық деген түсінігі де, соңынан сол халық үшін күрескер тілегі де, ең алғашқы рет осы ғажайып тартыс кезінде туған.

Иранның бұл бір қиын шағы еді. Шахтың, және бүкіл жерді өзара бөліп алған алпауыттардың қысымына қарсы шыққан діншіл қалың бұқара бас көтерген. Бұл қозғалыс тарихта соңынан — сербедарлар қозғалысы дап аталған. Кілең ақ сәлделі, көк сәлделі, бір қолдарында құран, бір қоларында қысқа-қысқа қисық қылыш, шолақ шоқпар ұстаған ісләм дініндегі қожа, молда, мұрит, кәрилер, не кілең қызыл сәлделі жарты құлаш қанжарлы шиит жолындағы мүриттер болмаса, желебе жалбағайлы қолдарындағы күрек-кетпенін басына көтерген жалаңаш кеуделі диқандар, бөгет бұзып биіктен құлаған тау өзеніндей долдана екпіндеп, Табриз шаһарының тар көшелерімен қаптап келе жатыр. Ауыздарында құдай, құран, қолдарында қылыш, кетпен, шоқпар...

Осы сурет Ардақтың өмір бойы есінде қалған. Тек бертін келе, сондағы діни адамдар діні үшін емес, тіршіліктің мұқтажы үшін де күрескенін білген. Ардақ осындай теңіздей толқыған қалың жұртты тағы бір рет көрген. Бұл жолы халық тіршілік үшін емес, діни аяттарды айтып, тулаған толқындай сапырылысқан. Бұл жолы олардың қолдарында қару емес, құран болатын. Ауыздарында тек құдай, Мұхаммед пайғамбар ғана еді. Бұл оқиға осыдан он жыл бұрын болған. Жиырма жасар Ардақ Бағдатта медресе бітіргеннен кейін, Мұхаммед пайғамбардың аруағына қол бергелі Мекеге келген. Күн қызара көтерілген кез еді. Атақты ғибратхана Әл-Ахрам мешітінің қабба әулие тасы тұрған ат шаптырым кең алаңында ине түсерлік жер жоқ, әулие тасқа табынуға келген сыңсыған жүз мыңдаған мұсылмандардан көз тұнады.

Бағдаттан Самарқантқа, келген Ардақ, Қыпшақ даласымен Мауараннахр жеріне әділеттік орнатуды арман еткенде халықты қиянатшыларға қарсы қоюда осы ісләм дінін құрал етіп ұстамақ болған. Ісләм діні жолыменен жұртты озбыршыл бай, манап, әмірлерге қарсы көтермек еді. Бірақ Ардақ келместен бұрын-ақ, Құсайын әмірдің қаттылығынан, бөтен бекзадалардың қиянатты озбырлықтарынан әбден мезі болған. Самарқант діни адамдары, медресе-мұғалима шәкірттері, қархана шебер, ұсталары өздері де Балх әкімшілігіне қарсы бас көтеруге қатты дайындық жүргізіп жатқан.

Ардақ ойламаған жерден игілікті істің үстінен шыққандай болды.

Бағдаттан келген үлемді бұл қаладағы діни адамдар да тезірек араларына алғысы келді.

Әсіресе медресе шәкірті, Самарқантта оқып жатқан Хурдек Бұхари Ардақпен жақындасып кетті.

Бұл ұзын бойлы, ат жақты, қалың қабақты көзге көрікті жігіт еді. Діни оқудағы шеберлігі үшін мәуляна атын алған.

Ардақ осы жігіт арқылы Самарқанттағы діни адамдардың халыққа ұйтқы болып, олардың әмірлер зорлығына қарсы ұйымдастырылғалы жатқан қозғалысының сарынын білді.

Оған бұл қозғалыс, діни адамдар қатынасқаныменен діни тілектен емес, бұқараның мұң-мұқтаждығынан туған, өзінің жас кезде Иранда көрген сербердарлар қозғалысына ұқсаған халық қозғалысы секілді көрінді.

Көп кешікпей Ардақ болғалы тұрған ереуілдің көзге көрінбес көсемі тәрізденді. Ардақ бұрын бытырап жатқан шағын ұйымдардан құрылған Мауараннахр сербердарларының ағысын біріккен үлкен күшке айналдыруға тырысты.

Бұлар осылай тіршілік істеп жүргенде әзірге нағыз үлкен күшке айнала қой- маған бүл ағысқа бөтен бағыт берер жағдай туды.

Бұл Мауараннахр мен Жетісу, Шығыс Түркістанды билеуші моғол әмірлерінің әлі бақталастықтары бітпеген тұсы еді. Осыдан бес жыл бұрын Мауараннахрда Моғолыстан ханы Ілияс-Қожа билеп келсе, оны Қазаған Мауараннахрды қуып шыққан. Демек, Моғолыстанның бұл кездегі жері өзіне жететін еді. Ол, Шығыс Түркістанды былай қойғанда, бүкіл Жетісу бойын, шығысы сонау Ертістен басталып, батысы Тянь-Шань тауының бөктеріндегі Емел өзеніне дейін барған, ал теріскейі Көкше теңізден, күнгейі Ферғана шаһарына шақты созылып, ол осындай ұлан-байтақ өлкені алып жатқан. Бірақ даласы қанша үлкен болғанымен, моғол әмірлерінің көңілі соншалық тар біткен-ді. Моғолыстанның негізін салушы Болатшы Құтлық Темірден бұрын дүние салған. Оның жалғыз баласы Құдайдат жас болғандықтан, аға тағын жоқтап інісі Камариддин шыға келген. Ол Қоян, яғни 1363 жылы Ілияс-Қожаны өз қолымен бауыздап, бүкіл Моғолыстан ханы аталған.

Камариддин Моғолыстанның алып даласын місе тұтпады, ол осы Жылан, яғни 1365 жылы қалың әскермен Мауараннахрға аттанған. Бұларды Құсайын мен Темір көп әскерменен Шаршық өзенінің бойында күтіп алған. Мамыр айының жиырма екісі күні үлкен ұрыс болған. Екі жақтан көп әскер қырылып, ақырында Құсайын мен Темір қолы жеңіліп, кейін шегінген. Қамариддин әскері жолындағы елді аямай тонап Самарқантқа қарай беттеген. Бұл тұста Шахрисябзға тоқтаған Мауараннахр әмірлері оған қарсы тағы бір қол жіберген. Тыңшылары арқылы бағытын, келе жатқан тұсын біліп қалған әскери қолбасшылары, түнде келіп өздерінің шебін бұзуға тиісті бұл қолды, бесін болмай, тынығып жатқан жерлерінен кеп шапқан. Осылай ақырғы сенімдері де ақталмаған Құсайын мен Темір, бүкіл Мауараннахрды моғолдардың тонауына тастап, енді өздері жан сауғалап, Жейхундарияның арғы бетіне, Қорасан жеріне қарай қашқан.

Ал моғол әскері Самарқантқа таяй түскен. Талай шабуылды көрген Самарқант шаһары да бұл кезде әлі бай шаһар еді. Моғол әскері келсе, оларға деген олжа мұнда әлі көп еді. Алған қалаларын моғол тәрізді көшпелі елдің әскерлерінің аямай тонап, қанға белшесінен батыратындарын бұрыннан де білетін қала тұрғындары әмірлерінің тастап кеткендерін көріп, енді өздері моғолдарға қарсы тұрмақ болды. Олар бүкіл Самарқантқа және оның төңірегіндегі қышлақтардың халқына бірің қалмай жауға қарсы шығындар деген ұран тастады.

Халық өз қаласын, үй-ошағын келе жатқан жаудан қорғауға бірден көтерілді.

Қала тұрғындары осы халық шебін ұйымдастыратын, басқаратын үш адамнан құрылған басшылық сайлады. Оған қаланың ақ сүйек, ауқатты діни адамдарынан Мәулянәзада Самарқанди мен Мәулянә Хүрдек Бұхари кірді. Үшіншісіне халық бір дауыстан жұмысшы, мақта тазалаушы — наддаф Әбубәкір Келевиді атады.

Енді қарулы қала тұрғындары лек-лек боп майдан алаңдарға жиналып, сапқа тұра бастады.

Шаһар шеберхана, қархана, ұстаханаларына күндіз түні тынбаған балғаның гүрсілі мен көріктің дүрілі естілді. Қала шеберлері, ұсталары жауынгерлеріне қару-жарақ істеуге кірісті.

Әмірлері тастап кеткен қала жұрты енді жауына өзі қарсы шығып, өз тәуелсіздіктерін, жерін, үй-ошақтарын өзі қорғамақ болды.

Күшке күшті, қылышқа қылышты қарсы жұмсауды ұйғарды.

Дегенмен қала тұрғындарына қару-жарақ жеткіліксіз еді. Оларды шебер, ұсталар істеп үлгіре алмайтындай қауіп байқалды.

Және қала тұрғындарына өз өмірлерінің қиянатынан, сонау қатынын — күң, баласын құл етіп, дүние-мүліктерін талап алғалы келе жатқан жау, анағұрлым қорқынышты және қауіпті көрінді.

Қала майданының басшылары Жейхундарияның ар жағына өтіп кеткен әмірлеріне «әскерлерімен бізге келіп қосылсын, не қару-жарақ берсін» деп уәкілдер жібермекші болды.

Ол уәкілдерді Ардақ басқарды. Олар үш күн жедел жүріп, Жейхундарияның арғы бетіндегі Мауараннахр әскерлеріне жетті.

Құсайын әмір бұл арада болмай шықты. Ол әрі қарай өтіп кеткен екен. Ардақ бастаған уәкілдерді Ақсақ Темірдің өзі қарсы алды.

Екі дос тағы кездесіп кеуделерін-кеуделеріне түйістіріп құшақтасып көрісті. Ардақ келген шаруаларының жайын айтты. Ақсақ Темірдің ең алғашқы сұрауы:

— Егер қару-жарақтары жеткілікті болса, жауларына төтеп бере алатын түрі бар ма тұрғын жұрттың? — болды.

— Көп түкірсе көл болады. Көп тебіренсе жер сілкінеді.— деді Ардақ.— Халық қазір долы теңізге ұқсаған. Өзіңе қарсы келер қандай күш болса да шыдатар емес! Тек қару-жарағы жеткіліксіз...

Ақсақ Темір ойлана қалды. «Иә, иә, халық деген ұлы теңіз. Оның тулайтын да, қайтатын да кезін білу керек. Сөйтіп барып пайдаланған жөн. Әйтпесе... Ақсақ Темір осы күштің ел шетіне моғолдар кірместен бұрын, өздеріне — Құсайын мен екеуіне қарсы дайындалып жатқанын да білетін. Және халықтың сол бір дайындалуына қауіпті де еді. Сондықтан Самарқант тұрғын жұртының өздеріне деген қаһарының моғолдарға ауғанына іштей қуанған. Ақсақ Темір тағы ойлана қалды. «Қарсы тұрар қандай күш болса да халық шыдатар емес дейді ғой мына Ардақ. Олай болса монғолдарды өздері-ақ құрта берсін... Ал әскеріміз соңынан керек болады... Жауымызды жеңген жұртты қайтадан өзімізге бағындыру үшін керек болады. Тегі әскердің тың сақталғаны жөн».

Осындай шешімге келген Ақсақ Темір Ардақ басқарып келген уәкілдер тобына:

— Сендер қалаларыңды қорғап аман алып қалсаңдар, бүкіл Мауараннахр жұрты ұмытпайтын іс істейсіңдер. Ал біз бар адал ниет, ақ жүрегімізбен сендердің халық болып жауға қарсы тұрып, шаһарымызды аман алып қаламыз деген шешімдеріңді құттықтаймыз. Қаланы халық уәкілдерінің басқарғаны да дұрыс. Біз де қолымыздан келген жәрдемімізді аямаспыз. Ал дәл бүгін сендерге бар әскеріммен еріп бара алмаймын. Оған қақым жоқ. Өйткені Құсайын әмір қазір Қорасан жерінде. О жақта әскер жинап жатыр.

Ол дегенмен уәкілдерге он бес түйеден тұратын бір керуендік қана қару-жарақ берді. Артын ойлаған Ақсақ Темір бұнда да бәлендей жомарттық көрсетпеді.

Тағы да ол Ардақты жан аяспас шын досыңдай әлсін-әлсін құшақтап, «әйтеуір өзіңді сақтай гөр» деп жылардай боп дариядан өткізіп салды.

— Байқа, Ардақ,— деді оған Асығат бір қалтарыста,— Ақсақ Темірге тым сене берме, маған ол тым мансапқор адам тәрізді көрініп жүр көптен бері. Ал мансапқор адамның опасыз келетіні өзіңе де белгілі шығар.

Шынын айтсақ, Ақсақ Темірдің қандай адам екенін ойлайтын Ардақта уақыт та жоқ еді. Самарқантқа моғолдар тым жақындап қалған. Аз болса да қала қорғаушыларына алған қару-жарақтарын тез жеткізіп берейін деп серіктерімен жедел жүріп кетті.

Ардақ басқарған қару тиеген керуен қалаға кіріп үлгірмеді. Жау шаһарды қоршап алған екен. Тегі бұлардың қалаға кіре алмай қалғаны соңынан дұрыс та болды. Шаһарға кіре алмай қалған Ардақ, Самарқант төңірегіндегі моғолдардан аман қалған қышлақтардан жауға қарсы шығатын жасақтар жинап, әкеле жатқан қару-жарақтарын соларға бөліп берді. Сосын Ардақ жасырын кісі арқылы шаһарменен байланысып, жау артындағы қалың тоғай арасына кіріп, соғыс басталатын күнді күтіп, бекініп алды.

Екі күннен кейін ұрыс басталды. Қаланы оп-оңай аламыз деген моғолдар қиянатты сонда көрді. Қаруланып алған қала тұрғындары бірі қалмай жауына қарсы шықты. Қалаға шабуыл жасаған атты моғолдарға тойтарыс беруді былай қойып, өздері шабуыл жасады. Шаһар ішіндегі бірде-бір атты, қашырды қалдырмай мінген қаланың жас жігіттері, қолдарына қылыш сойылдарын алып моғолдарға тап қойды. Мұндайды күтпеген моғолдардың өр көкірек әмірлері шу дегенде абыржып қалды. Сол уақытта бұлардың арт жағынан Ардақтың жасақтары да атой салып түре тиді. Құсайын мен Ақсақ Темірдің әскері келіп қалған екен деп ойлаған моғолдар енді шебін тастап тым тырақай кейін шегіне бастады.

Көп түкірсе көл болады, көп тебінсе жер сілкінеді деген міне осы! Ақырында моғол әскерлері Мауараннахр жерін біржолата тастап, өз даласының шекарасына барып тоқтады.

Осылай Самарқант жау қырғын-жосығынан аман қалды. Өз жерін, өз суын, өз қаласын кеудесіменен қорғаған қатардағы қарапайым ел тамаша ерлік көрсетті. Кәрі тарлан Құсайын мен оның оң қолы, соңынан жарты әлемді жаулап алған, әйгілі Ақсақ Темірдің көк құрыш қару-жараққа малынған әскері қорқып қашқан жауды бұлар жеңді. Туған жері, бала-шағасы үшін өлімнен сескенбеген қалың бұқара жеңді.

Бұл ұрыста әсіресе, өзінің әскери көрегендігімен, ерекше ерлігімен Мәулянәзада Самарқанди көзге түсті. Бұл бір ұзын бойлы, қара торы, ақсүйектерден шыққан медресе оқушысы болатын. Шын аты басқа еді. Бірақ ол бізге Мәулянә-зада деген есіммен келіп жеткен. Самарқантта туып өскендігі, осы шаһар маңындағы жерді, оның жыра-сайын, тоғай-орманын жақсы білетіндігі, жау шебіне күтпеген жерінен тап беруде үлкен жәрдем етті. Оның үстіне бұл жігіттің ерлігі, әскери айлакерлігі, көп көмек көрсетті. Мәулянә Хүрдек Бұхари мен наддаф Әбубәкір Келеви де ерлік жағынан бұдан кем соққан жоқ. Бұлар да жау оғының астында жүріп, жұртты қару-жарақпен қамтамасыз етті, әскери саптарды, майдан тәртібін ұйымдастыра білді. Ардақ та барынша қимылдады. Дер кезінде жасағымен жау артынан келіп тиіп, жеңіске көп көмек көрсетті. Қысқасы, бұл басшылар әр қайсысы да өз тараптарынан, халқының сенімдерін ақтады.

Жау қаупінен құтылған шаһар бейбіт тіршілігіне қайтадан кірісті. Қаланы Мәулянә-зада Самарқанди, Мәулянә Хүрдек Бұхари және наддаф Әбубәкір Келеви үшеуі бас қосып басқармақ болды. Ардақ діни ағарту жұмысы болмаса, әкімшілік міндет алудан бас тартты. Қала тұрғындары жоғарғы аты аталған үш адамның басқарғанын мақұлдады.

Демек, осы үшеуінің ең үлкені (кеңес басы тәріздісі) Мәулянә-зада болсын деді жұрт. Өйткені Құсайын мен Ақсақ Темір әскері шаһарды моғолдардан қорғамай қашып кеткендерінде, қала майданында жиналған халықтың алдында шаһарды қорғауды өз міндетіне алғашқы алған осы жігіт еді. Артынан Самарқантты жауға қарсы дайындағанда жұрт осы Мәулянә-заданың қарамағында болған. Соның дегенімен жүрген. Ал Мәулянә-зада, қалаға кіретін көшенің бәрін бекітіп тастап, тек бір-ақ көшені бос қалдырған. Өзі мың адаммен жау кірер жалғыз көшеге барып тірелетін алаңға бекінген. Көшенің екі жағына жасырын қала тұрғындарын қойған.

Еш қауіп-қатерсіз қалаға кірген моғолдардың атты әскеріне қала тұрғындары көшенің екі жағынан оларға тас жаудырған. Кейбіреулері тіпті қолдарына сойыл алып үй іргесіне таяған жауын ұрып жыққан. Осындай күтпеген жерден қырғынға ұшыраған моғол атты әскері, сол күні қала көшесінде екі мыңдай жауынгерлерін қалдырып кейін шетінген. Осы күн олардың сәтсіз шабуылдарының басы болған. Бұдан кейінгі аттаныстары да еш нәтиже бермеген. Моғолдар ештеңе істей алмағаннан кейін қала қорғаншыларының басшыларын сатып алмақ та болған. Бірақ бұларынан да ештеңе шықпаған. Осылай Ілияс Қожа әскері қаланы ала алмай, қатты тойтарысқа ұшырап тұрғандарында, арт жақтарынан моғол шебіне Ардақтың жасағы тиген. Моғолдар амалсыз кейін шегінген. Оның үстіне Маусымның орта шені ыстық болып, Жетісудың мұздай суық таудан аққан мөлдір өзендеріне, бұлақ арықтарына үйренген моғол жылқылары, майдан ара қызып келіп жылы су ішіп тышқақ апатына кезігіп қырыла бастаған. Моғолдар ылажсыз жапа-тармағай кейін шегінуіне бұ да себеп болған.

Міне осы жеңісті ұйымдастырған, Мәулянә-зада басқарған кеңес енді қаланы билеуге кіріскен. Мәулянә-зада қуаныш үстінде, өзінің ақ сүйектігінен шыға алмай, «Құсайын әмір мен Ақсақ Темірге осындай жауды жеңдік, әрі қарай бізге қандай ақыл береді, біздің әмірлеріміз?» — деп тағы Ардақты жіберді. Бұл кезде Ақсақ Темір Балх түбінде еді. Ал Құсайын әмір, түбі моғолдар Мауараннахрды алып, бері қарай беттейтін болса, Үндістанға қашқалы, Балхтың күншығыс жағындағы Шиберту деген жерде тұрған. Ардақтан жақсы хабар естіген Ақсақ Темір, Құсайынға, сүйінші сұрап, ат шаптырыпты. Ақсақ Темір мен Құсайын әмір екеуі дереу кездесті. Әмірлер бұл жолы да қулықтарын асырды. Самарқанттың билігін Мәулянә-зада үш адамнан тұратын кеңесімен басқарсын деген аманат рұқсат хаттарымен, оларға тарту-таралғы ретінде құндыз жағалы шапандармен қылыш, найза жолдап, Ардақты кейін қайтарды. Бірақ өздері екеуара келесі жылы жаз шыға, Самарқантты билемекші болған сербедарларды қырып, қала билігін қолдарына қайтып алмақшы болып құпия уәделесті.

Әмірлердің сыйлықтарымен қаланы басқаруға Мәулянә-зада кеңесіне берілген рұқсат-аманат хатты алып Самарқантқа жүргелі жатқан Ардаққа оңашада тағы Асығат:

— Әйтеуір, сақ болыңдар, сақ болыңдар,— деді,— өз басым Ақсақ Темір мен Құсайынға сенбеймін. «Бұл неткен батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» деп түлкі айтқандай өмірлер қалай оп-оңай Самарқант тәрізді бай шаһарды, халық сайлаған адамдарға басқартып қоюға көне қалды? Бұның ар жағында бір сұмдығы бар секілді.

Ардақ әмірлер қылығына сәл күмәнданса да, өзінің табиғи ақ көңілдігіне, адамға сенгіштігіне салып, бәлендей қауіптене қоймады.

Бұл қысты Ақсақ Темір Қаршида, ал Құсайын Муараннахр өмірлерінің қысқы қонысы — Жейхундарияның жағасындағы Салы-Сарайда өткізді. Жаз шыға бұл екеуінің әскерлері қосылып, Самарқантқа қарай беттеді.

Жалғанда семіздікті тек қой көтерген. Халық бұны білмей айтпаған. Патша, хан, әмірлердің жәрдемінсіз жауды жеңіп, қаланы басқаруға билік алған үш бастық соңдарына ерген сербердарларды мықты тәртіпте ұстай алмай қалды. Қалада бейбастақтық көбейді. Бұл аз болғандай, бастықтардың өздеріне де көкірек бітіп, бұлар да қала тұрғындарына қиянат істей бастады. Жамандықты бастау қиын, бір басталса ол адамды милы қарасудай түбіне қарай тарта жөнеледі. Орынсыз әкімшілік, ойларына келгенін істеу, бұлардың да әдетіне айналды. Бұны көрген Ардақ, оларға қанша ақыл айтып жолға саламын дегеніменен, қолынан ештеңе келмеді. Осы кезде ол Ақсақ Темір мен Құсайын әмірдің әскерлерінің Жейхундарияның бергі бетіне өткенін естиді. Бір жағынан тұрғын еңбекші елге қиянат істей бастаған Самарқант басшыларына тыйым салуын өтінбекші боп, екінші жағынан әмір әскерлерінің неге Жейхундариядан бергі бетке өткенін білгелі осы тұста Ақсақ Темір тұрған Балхтың солтүстігіндегі Жиһаз деген жерге келді.

Ақсақ Темір Ардақ жеткен күні аң аулауға шығып кеткен екен. Оны ескі серігі Асығат қарсы алды. Көрісіп болғаннан кейін Ардақ өзінің неге келгенін айтты.

— Келгенің жөн болды,— деді Асығат оған.— Ақсақ Темір мен Құсайын Самарқант сербедарын шабуға дайындалып жатыр, ертең аттанбақ... Бүгін осы араға Құсайын өмір де келмек.

Ардақ сұп-сұр боп кетті.

— Самарқанға аттанбағың қалай? Сонда не істемек? Жарайды озбырлыққа берілген қала басшыларын тәртіпке шақыруға жүргелі жатыр делік. Сонда оларға осыншама әскерді ертіп барудың қандай қажеті бар? Әлде...

— Иә, алдыменен бұлар, әмірлерге тізгін бермей, қаланы өздері билемек болған сербедарларды қырмақ. Сөйтіп тұрғын елді қан-жоса етіп, Самарқантты өздеріне қайтадан бағындырмақ,— деді Асығат.— Бұның бәрі белгілі ғой. Ақсақ Темірдің зұлым екеніне менің көзім әлдеқашан жеткен. Ал егер халыққа жаның ашитын болса, Ақсақ Темірдің келуін күтпей, дәл қазір қашайық. Бастарына қандай қауіп туғалы тұрғанын, сонау бейбіт жатқан жұртқа жеткізелік.

Сұмдық істің болғалы тұрғанын Ардақ та түсінді. Енді олар сөзді босқа шығармай, дереу дайындалып бие сауымы мезгіл өтпей, жолға шықты. Бірақ ойлағандарына жете алмады. Бұлар кетісіменен ордасына келген Ақсақ Темір, үлемнің осы арада болып, қайтып кеткенін естіп, қолма-қол соңынан қуғыншылар жіберді. Қуғыншылар екеуін де ұстап, мойындарына арқан салып, сүйретіп, Ақсақ Темірдің алдына алып келді.

Ақсақ Темір, әрине, Ардақты кешегі досым еді деп құшағын жайып қарсы алған жоқ. Ең болмаса мойындарындағы арқандарын босатыңдар демеді жігіттеріне. Бар болғаны сол сұп-сұр түсін өзгертпей:

— Неге қаштыңдар? — деп сұрады.

— Сенің жазығы жоқ халыққа істегелі тұрған зұлымдығыңды тезірек жеткізейік деп,— деді Ардақ тайсалмай.

Ақсақ Темір езу тартты. Ол дәл осы минутте Ардаққа тістерін ақсита ырылдаған қасқыр тәрізді көрініп кетті. Қандай қанішерді өлімнен құтқарғанын ақ көңіл үлем осы сәтте ғана ұқты.

— Жарайды шыныңды айтқаныңа рақмет,— деді Ақсақ Темір даусын көтермей.— Бұндай күнәләрің үшін қазір екеуіңнің де бастарын, алынады. Ал шындығыңды айтқаның үшін,— ол Ардаққа қарады,— бір тілегің орындалады. Өлер алдында не тілейсің, соныңды айт!

— Жалғыз тілегім бар,— деді Ардақ сабырлы үнмен.

— Айт!

— Кешегі дос едік, маған сәл жақындатшы...

Мойнына арқан салып, жендеттері тырп еткіздірмей ұстап тұрған тұтқын не істейді деп ойласын, Ақсақ Темір жанына келді.

— Жарайды, бұл тілегіңді бердім, кешегі дос едік. Айтайын дегеніңді сыбырламай, даусыңды шығара айт. Естімей қалып жүрермін...

Ақсақ Темір тым таяған кезде Ардақ оның бетіне түкіріп жіберді де:

— Қарабет! — деді.— Енді өлтіре бер, сенің қара бетіңе әйтеуір бір түкірдім! Бұдан бөтен қолымнан ештеңе келмеді! Енді мейлің!

Ақсақ Темір қалтасынан орамалын алып аспай-саспай бетіндегі Ардақтың түкірігін сүртіп болды да, сол сабырлы үнменен тұтқынға:

— Дұрыс істедің! — деді. — Мені өлімнен алып қалған парызыңды қалай қайтарам деп жүр едім,— қарабеттігімді айтып, бетіме түкірдің, өзің қайтардың! Әрине, өзіңді өлімнен құтқарған адамды өлтіру қарабеттік емей немене, сөз жоқ, қарабеттік! Бұл сөзіңе де, бетіме түкіргеніңе де мен ашуланбаймын. Сен де маған риза шығарсың, қандай адамды өлімнен құтқарғаныңды, әйтеуір, біліп өлдің. Құтқарғаныңа өкінсең де, қарабеттігін бетіне айтып үлгіргеніңе өзіңе-өзің риза шығарсың...

Иә, өмір деген осындай!

Ардақтың жүрегі кенет айнып кетті. Алдында адам емес, бір жеркенішті малғұн тұрғандай көрінді оған. Өзінің қандай жексұрынды өлімнен құтқарғанын енді шын білді. «Жоқ, жоқ,— деді ол ішінен,— бұл тек қана қанішер емес, одан да жаман. Бұған қарағанда Шыңғыс ханға жылап көрісерсің. Әттең! Әттең! Сенің кім екеніңді тым кеш түсіндім-ау! Уа, адамзат, кешір мені, кешір мені, сенің қанынды судай ағызатын дүниеге жаңа қанішер келді...»

Ал Ақсақ Темір сол сазарған қалпында енді Асығатқа қарады.

— Сенің қолыңнан үш жылдай тағам татып едім,—деді даусын бір көтермей.— Сол жақсылығыңа жақсылық қайтарғым келіп тұр.

— Маған істеген жақсылығыңыз сол болсын,— деді Асығат,— тезірек басымды алуға бұйырыңыз!

Иә, сенің менен осындай жақсылық тілейтініңді көптен бері білетінмін,— деді ол сабырлы қалпында.— Сен осы үш жыл бойы менің кім екенімді біліп келгенсің. Және маған тағам берген сайын, өзіңнен-өзің күнде өліп жүретінсің. Мен бір-ақ нәрсеге ғана таң қалам: неге сен мені осы уақытқа дейін у беріп өлтірмей келдің?

— Сенің жауыз екеніңді білетінмін,— деді Асығат.— Бірақ дәл мұндай жауыз болады деп ойлаған жоқпын.

Ақсақ Темір күлді.

Жауыздың үлкен, кішісі болмайды.

Сол күні түнде Құсайын әмір екеуі бастаған көп әскерменен Ақсақ Темір Самарқантқа аттанды. Жедел жүріп келіп түнде қалаға кірді. Шырт ұйқыда жатқан жерлерінен қала басшыларын тегіс ұстап алды. Бәрін шаһардың сыртына көйлекшең айдап әкеп, жұрт көзінше жендеттеріне қылышпен шауып өлтіртті. Тек ақсүйектен шыққандығын, және жауды жеңіп, қаланы не істеу керектігін сұрап өзіне уәкілдер жібергені үшін Ақсақ Темір Мәулянә-зада Самарқандиды ғана тірі қалдырды. Содан кейін көптен бері әмірлерге қарсы бүліншілік ұйымдастырмақ боп жүрген сербедарларды — қала жұмысшы жұртын, медресе оқушыларын қыруға кірісті. Және бұл қырғынды Ақсақ Темірдің өзі басқарды. Ол осы сербедарлардың кешегі өзі қашқан моғолдарды жеңгенін есіне де алған жоқ, бүкіл Самарқантты қанға бояды.

Орта ғасырлар дәуірінде Шыңғыс ханнан да қанқұмарлығы асып кеткен әйгілі Ақсақ Темір әмір ел билеу әлеміне осылай келді.

Жазықты-жазықсыздығына қарамай халықты қойдай бауыздап, тек қорқытумен, шабумен, аямай өлтірумен жұртты өзіне бағындыра келді.

Артынан ол өзін әскери басы еткен Құсайын әмірдің өзін өлтірттіріп, оның әмірлігін тартып алды.

Кімді болса да талаудан тайынбайтын дүниеге бір қабаған ит келгенін, жариялағандай, ол осы Ит, яғни 1370 жылы бүкіл Мауараннахрдың өмірі аталып, билікті қолына алды.

Хан тағына бұл жалғанда өз еңбегіменен, не ақыл-парасатымен жеткен адам некен-саяқ. Бұл дәрежені көбі мұрагерлік, не бір жіктің қолтықтауының арқасында алған. Зұлымдық пен айла-сұмдықтарының күшімен де хан, әмір болғандар аз емес. Ақсақ Темір осы соңғы топқа жатқан.

Ол әмірлікке өзінің айла-сұмдығымен, жан аямайтын қанішер, тегеурінді мінезімен жетті.

Ақсақ Темір адам баласының тек жақсылықты көздеген ақыл-парасатты данышпаны болмағанмен, ел шауып, қолдағы билікті күшейтуге ой өрісі де, болжамы да мол жететін жан еді.

Ақсақ Темірден өзге әлем иелері — жиһангерлерден бір айырмашылығы бар еді: ол ел шапса — аямай бүлдіре шабатын, қала өртесе — дымын қалдырмай құрта өртейтін. Түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетуге құмар болатын. Сондықтан да Ақсақ Темір бүкіл әлем таң қалсын деп, неғұрлым жұртты көп қырса, соғұрлым өзін даңқты санайтын. Өзін осылай дәріптеу үшін, ол қырған адамдарының бастарын шаһар алаңдарына тау ғып үйгізетін. Бұны ол Табризды алғанда да, Делиді шапқанында да, Бағдатқа кіргенінде де істеген. Адамды неғұрлым көп өлтірсе, қалаларды неғұрлым көп күйретсе, соғұрлым өзінің атағы өседі деп сенген. Бұл қылығына қарағанда, ол Шыңғыс ханға пара-пар еді. Оның Шыңғыс ханға бергісіз тағы бір жамандығы бер еді. Ол орасан даңқ құмарлығы, бақ құмарлығы еді. Сондықтан да Ақсақ Темір: «Жер шарының адам баласы жайлаған тұстары екі патша билеуге татымайды» деген. Бұнысы дүние жүзі бір-ақ патшаға бағынуға тиісті дегені еді. Ол патша тек қана өзі болуы керек. Ақсақ Темірдің бар ойы, тілегі, арманы оның осы жалғыз ауыз сөзінде жатқан. Бірақ бұл ой, бұл тілек, бұл арман бергі кезде елдерді өзіне бағындырған тұсында келген. Ал Құсайынның орнына Жағатай ұлысына әмір болған шағында онда жалғыз ғана мақсат болған.

Ол мақсаты: Жағатай ұлысының өзге өмірлерін өзіне бағындыру еді. Ұлыс әмірлігін қулық, сұмдықпен қолға түсіру бар да, ал ол орынды ешкімге бермей сақтап отыру бар. Бұл өте қиын іс болатын... Сол себептен Ақсақ Темір алдыменен Шыңғыс хан өз тұсында менің арғы аталарымның ерекше ерліктері үшін әлем иесі оларды аймақ қожалары жеке әмірлер еткен деп те таратыпты. Бірақ бұнысынан ештеңе шықпады. Шыңғыс хан кезінде Ақсақ Темірдің арғы бабалары ел билеген әмір болыпты дегенді ешкім шежіреден де, халық арасындағы аңыз сөзден де таба алмады.

Ақсақ Темір де Жағатай ұлысындағы көп әмірлердің бірі болып қалу қаупі туды.

Онда бұның орнына бұдан гөрі аталарының даңқы басым, басқа бір әмір отырам деп таласуы мүмкін ғой. Мұндайда егер қолдаушылары көп болса, Ақсақ Темір тәрізді тағы бір сотқар табылуы хақ. Ол бір топ жендеттерімен Ақсақ Темірдің ордасына кіріп келіп, бұның басын қағып тастап «Жағатай ұлысының әмірі менмін десе, бұндай адамды жұрт не істейді?» Ұлыс әмірі болуға Ақсақ Темірдің хақы мол. Жұрт тек: «алдияр тақсыр» деп басын иіп, қарсы алады.

Қайткенменде ұлыс өмірлігін сақтау үшін өзге әмірлерден ата даңқың биік тұруы керек.

Сонда барып Ақсақ Темір кеше ғана өзі өлтірткен Құсайын әмірдің жесірі, Қазаған ханның қызы Іңкәрбегімді алмақ болды.

Онда Ақсақ Темір Шыңғыс ұрпағымен жақындасады, гурген аталады.

Жәй әмір емес, ханның күйеу баласы — гурген болады.

Бұл өзге әмірлерден анағұрлым жоғары дәреже.

Өздерінің күйеу баласын Жағатай ұрпақтары да қолдауға тиісті.

Енді бұдан асып еш әмір мен Жағатай ұлысының әмірі боламын дей алмайды.

Өйткені бұл ұлыстың әмірі, Шыңғыс хан әулетінің бел күйеу баласы.

Ақсақ Темірге енді тек Іңкәр-бегімге үйлену ғана қалған.

Ал Іңкәр-бегім Ақсақ Темірге шыққысы келмесе не істейсің? Қанды көз әмірдің өзінің күйеуі Құсайынды өлтірткені үшін шықпаймын десе, кім зорлай алады? Бірақ әңгіме әлдеқашан шешілген еді.

Ол күндерде Іңкәр-Бегім Құсайын әмірдің Ордасына келіншек боп жаңа түскен. Жараған бедеудей дене бітісінің әлі сымбатты кезі. Ақсақ Темір осы Іңкәр-бегімді көрген күннен бастап, оған бір түрлі құмарта қалды. Ебін тауып сөз айтып көріп еді, егде тартқан күйеуінің қызығы әлі басылмағандай, ханның ерке қызы, бұның ақсақтығын ажуа етіп, оған «байқаңыз, әмір, менің ерім тым қызғаншақ, бұндай сырыңызды біліп қалса, тіпті екінші аяғыңызды да сындырып жүрер» деп кекете күлді. Ойлаған ісін бітірмей тынбайтын Ақсақ Темір оған енді бұрынғысынан бетер құмартты. Жоқ құмартудан гөрі өшіге түсті. Құсайын әмірдің Ұлыс билеушісі екенін де есінен шығарды. «Әй, қатын, хан қызы, әмір әйелі болмақ түгіл, дәл Шыңғыс ханның өзінен тусаң да, жалаңаш кеудемнің астына бір алармын»,— деді іштей. Бірақ Іңкәр-бегімге бұдан артық даусын шығарып бірдеме деуге Құсайын әмірдің қаһарынан жасқанды. Еркешора тентек келіншегі бірдеме деп шағыстырып жүрсе қатыгез, дүлей әмір, бұның әскер басы Ақсақ Темірлігіне қарамай, оқыс қимылдап, қылыш жұмсап қалар деп сескенді. Бұл кез Ақсақ Темірдің жұртты Құсайынға қарсы, әсіресе Жағатай ұрпақтарын қарсы қоя бастаған кезі еді, әрі айлалы әмір Құсайынға деген тұзағын алыстан құра бастаған. Жағатай ұрпағы және бұл ұлысқа жататын моғолдар ежелден көшпелі ел екені белгілі. Бұл жағынан бабалары Шыңғыс хан жасысын бұзып көрген емес. Осы Құсайынның атасы Абдолла ұлыс орталығын Бұхарға көшірмек болған да, Жағатай ұрпағы өре түре келген. «Қазыналарыңды бізден жасырып, бекіністе ұстамақсыңдар ма?» деп, оған сойылдарын ала ұмтылған. Ақыры дүлей нақұрыс хан әулеті Абдолланы өлтіріп тынған. Балх қаласын өзінің астанасы етпекші болған Құсайынға да тағы осы Жағатай әмірлері қарсылығын білдірген. Осы тұста Құсайынды құртуға бір ыңғайлы кез туып қалғанын сезген Ақсақ Темір, енді жұртты Жағатай ұлысының әміріне өшіктіре түскен. Өзі де Балхыны астана етуге қарсы шыққан. Артынан, Жағатай әмірлері Құсайынға мүлдем өшіккен кезде ебін тауып оны Қайхұсрау әмірге өлтірткен. Осындай болашақ үлкен жанжалды ойлаған Ақсақ Темір, бір қатын үшін тікелей бетпе-бет Құсайынмен шатысудың әлі ерте екенін түсінген. Бірақ Ақсақ Темір де адам ғой, Іңкәр-бегімнің өзін қорлағаны жанына жаман батты. Құмарлық, намыс, ыза бәрі қосылып кеп, бұны өз жүрегімен өзін таластырды.

Соңынан жұрт:

Темірден жаралған өмір жүрек, жаны,

Етінен ет кессең, де шықпас қаны,—

деп өлең шығарса да, Ақсақ Темір Іңкәр-бегімнің өзін менсінбегеніне шыдай алмай іштей бұлқан-талқан болды. Бірақ сырттай сыр бермеді. Бітеу жара боп жүре берді. Жалпы, Шыңғыс ұрпағынан шыққан әйелдердің біреуін алу — Ақсақ Темірдің алдын ала болжаған үлкен саясаттарының бір тарауы еді. Әйгілі Әмір-Темір — ұстаған саясатына, көздеген мақсатына әр қашанда өзінің жан сезімін бағындыра білген. Іңкәр-бегімге қанша құмартса да, өштессе де өзінің жүрек бұйрығын орындамауға күші жетті. Ақсақ Темір, міне осылай, іштен тынып жүргенінде кенет бір қуанышты хабар естіді. «Етегіне намаз оқитындай еріне адал боп көрінгісі келіп жүрген Іңкәр-бегімнің төркінінде қыз кезінде көңіл қосқан жігіті бар екен. Одан әлі қол үзбеген екен.. Сол жігіті аптасына, сәрсенбінің сәтті күні таң ата әмір келіншегінің отауына бір соғып кетеді екен» деді оған Іңкәр-бегімді аңдытып қойған бір саққұлақ әйелі. Хабар кімнің болса да жүрегін тітіретіп жіберетін жыландай суық хабар еді. Әсіресе Іңкәр-бегім тәрізді сұлуға құмар болып жүрген Ақсақ Темір тәрізді намысқор, өзімшіл адамға оңай тимесе керек-ті. Оның қанын қайнатып қызғаншақтық тудырды. Бірақ Ақсақ Темір оған күйінбеді. Бұл хабарға ол кәдімгідей қуанып қалды. «Бәсе, тақыр болған тулақтай, әбден таусыла бастаған Құсайын әмірге неге осыншама беріле қалды деп жүрсем бұл қатынның осындай бәлесі бар екен ғой,— деді ол насаттана,— енді көрейін сенің қандай құрық салдырмайтын асау екеніңді!» Міне, осы жолы Ақсақ Темір өзінің жан сезімін ойлаған арманына бағындыра алатын шын тастай қатты адам екенін көрсетті. Ол естіген өсегін ешкімге айтпады. Өзінің сонау қарақшылықпен шұғылданған кезінен үзеңгілес серігі болып келе жатқан екі жүз басы жігітін қасына алды да, сәрсенбі күні Іңкәр-бегім аулының сыртына кеп, бір төбенің үстіне орналасты.

Ай сүттей жарық еді. Іңкәр-бегім өз елінің ғұрпын сақтап жеке ауыл болып өзгелерден бөлек отырған. Ақбоз он шақты киіз үй. Ауыл маңында қотанда қой, желіде жылқы жоқ. Тек шеткі үйдің белбеуінде таң асырып қойған бір-екі ат байлаулы тұр. Сірә алыс жерден келген қонақтардікі болулары керек. Ауыл маңы тып-тыныш. Тек анда-санда әлдеқалай, еріне үрген, ауыл төбетінің балп-балп еткен даусы шығады. О да жай әшейін нем кетеді деп үрген тәрізді тыныш әлемді бір үркітіп тастайды да, заматта қайтадан қоя қояды...

Тағы сол маужыраған жазғы түн...

Ақсақ Темірлер бұл ауылға түн ортасы бола, үркер жұлдызы әлі қақ төбелерінде тұрған кезінде келген. Аттарын төбе етегінде отты ойпатқа шідерлеп тастап, үшеуі жай ақырын күбірлесе әңгімелесіп, ұзақ жатты. Сірә таң жақындап қалған тәрізді, сонау теріскей тұста жарқырай Темірқазық жұлдызы да туды.

Ақсақ Темір кенет елең ете қалды.

Ауыл төріндегі ақ боз үйден қара жамылған біреу шықты. Басына жапқан ұзын қара шапанынан еркек пе, әйел ме, айыру қиын. Тек сырт бейнесі әйел тәрізді.

Шапан жамылған адам ауыл шетіндегі күншығыс жақтағы сайға қарай кетіп бара жатыр.

Оның соңынан ақ боз үйдің сыртқы босағасының алдында жатқан тайыншадай, қасқыр алатын, сары ала төбеті ерді.

Шапанды сай жағасындағы қалың талға кіріп бір мезет жоқ болды.

Сары ала төбет, құлағын едірейтіп, жағада тұрып қалды.

Сөйткенше болған жоқ, әлгі шапанды адам қайта шықты.

Қайтадан ауылға қарай беттеді.

Сары ала төбет, қайтадан соңынан ерді.

— Сайда тым бөгелмеді ғой,— деді Ақсақ Темір, түзге шығу үшін осыншама жерге неге барды?

Ол келе жатқан шапанды адамға тесіле қарады.

— Япырмай,— деді ол кенет күліп жіберіп.— Мынау шапанның ішінде келе жатқан адам біреу емес, екеу!..

Аяқтарын қатар басқанменен, білініп қалды.

— Бәсе! — деді оң жағындағы ұзын мұрт серігі.— Маған да шапанды адам осы жолы жуандау көрініп еді.

— Қарай гөр! — деді енді Ақсақ Темірдің сол жағындағы жуан мойын, балуан денелі серігі.— Бұл әйелден қу жан жаралған ба, көрер көзге бізді алдап кете жаздағанына не дерсің.

— Дегенмен жігіттің сайға келгенін біз қалай байқамай қалдық?

— Сірә ол, ауыл тұсына, атын жолдастарына тастап, өзі сайды бойлап келген ғой,— деді Ақсақ Темір.— Әйтсе де қулықтарын асыра алмады.

Сөйткенше шапан жамылғандар ақ боз үйге кіріп кетті. Төбе басындағылар енді «іске әбден кіріссін» дегендей үн-түнсіз сәл отырды.

— Ал жүріңдер, барайық,— деді бір сәт Ақсақ Темір түрегеліп.

Үшеуі үн-түнсіз ауыл төңірегіндегі ақ боз үйге беттеді. Ауылда ит тіпті көрінбейді. «Түнде үріп мазамызды алады, ұйықтатпайды» деп Іңкәр-бегім оларды бөтен ауылдарға апарттырып тастатқан. Тек күзетке, қасқыр алатын бір-екі төбет қалдырған. Бұлар көп үрмейтін, аңшы иттер еді. Ауылға бейбастақ, ұры-қары келе қалса, үрмей келіп, табанда арсылдап бас салатын. Осы әдеттеріне сап келе жатқан үш адамның алдынан, бір рет қана гүр етіп үріп, екі сары ала төбет шыға келді. Бірақ кісілерге таяй беріп, екеуі де құйрықтарын бұралаңдатып арсалаңдап еркелей жөнелді. Ұзын мұртты «Бөрібасар, Көкқұтан!» деп екі иттің екеуінің де желкелерінен сипап, қоржынынан қомақты бірдемелерді тастады.

— Күшігінен асырадым ғой, бұл шіркіндерді,— деді ол, алға қарай жүре беріп.

Иттер ұзын мұрттының тастаған майлы сүйектерін ырылдап кеміріп кейін қалып қойды.

Әмір әйелдерінің аулы тегінде қатты күзетілетін. Түн бола бір топ салт атты жігіттер осы ауылдарды ту сыртынан қоршап алып, таң атқанша көз ілмейтін. Ұры-қарыны былай қойғанда, әмір бозбалашылығы мол ауыл жігіттерінен де күдіктенетін. Ал осы түнгі күзетті басқаратын жүзбасы — келе жатқан ұзын мұрттының өзі еді. Ол бүгін Іңкәр-бегім аулына бөлінген жігіттерді Құсайын әмір жатқан ортаншы бәйбішесінің аулына жіберген. Іңкәр-бегім аулын бөтен жасауылдар күзетеді деген. Ал олардың орнына өздері келген.

Ақсақ Темір бастаған түсі суық, үш қарулы кісі, ақ боз орданың есігін шалқасынан ашып, үйге кіріп келгенде, қоян алған тазыдай төр алдында, ақ мамық төсек үстінде, ақ сазандай аппақ, жұмыр мүшелі, жалаңаш Іңкәр-бегімді сұңғақ бойлы, қара торы келген, сұлу денелі жас жігіт, құшырлана құшақтап умаштап жатыр екен. Әй-шәй жоқ, қанжарларын жалақтатқан үш жендет түсті адамдарды көргенде, жас жігіт орнынан атып тұрып, аяқ жағындағы киіміне жармасты.

Ақсақ Темір үн-түнсіз оң жақтағы кебеженің үстіне барып отырды.

Жігіт шалбарын шала-пұла киіп, көйлегі мен пешпентіне қолын апара бергенде ғана ол:

— Өзге киім саған керек болмас енді,— деді оған.— Абыройыңды жаптың ғой, со да жетер.— Сосын есік алдында тұрған екі серігіне қарады.— Ана жатқан қанжар осыныкі шығар алыңдар,— деді. Сөйдеді де сәл даусын төмендетіп,— әкетіңдер, деп бұйырды.— Бәрін уәделескендей етіңдер!

Жігіт шығып бара жатып, төсектің үстінде әлі жалаңаш, басын екі қолымен жауып, бүк түсіп отырған Іңкәр-бегімге жалт бұрылып:

— Қош бол, Іңкәрім,— деп бір қарады да, далаға шыға берді.

— Көйлегіңді ки! — деді Ақсақ Темір әйелге бұйыра сөйлеп.

Әйел болса да, Шыңғыс ұрпағы ғой, кенет, Іңкәр-бегім қатулана басын көтеріп алды. Көзінде бір тамшы жас жоқ екен. Ол Ақсақ Темірден ұялмай қымсынбай сол жалаңаш қалпында, шаңырақтан түсіп тұрған ай сәулесімен аппақ сұлу денесін малындыра ақ маралдай керіле басып, керегеде ілулі тұрған ақ жібек іш көйлегін киді.

Осы кезде үй сыртында бірдеме гүрс етіп жерге құлағандай болды.

— Өлтірді ғой! — деп Іңкәр-бегім есікке қарай ұмтылды.

— Отыр! — деді Ақсақ Темір сәл даусын көтеріп.— Асықпа! Қазір өздері де әкеледі.

Әдет етпеген, тосын бұйрыққа таң қалғандай Іңкәр-бегім, не істерін білмей орнында тұрып қалды.

— Отыр! — деді Ақсақ Темір қайтадан бұйырып.

— Өзің маған қатыныңдай бұйырасың ғой! — деді кенет Іңкәр-бегім хан қызы, әмір әйелі екені есіне түсіп кетіп, өзінің әдеттегі тәкаппар мінезіне салып.

— Қатыным болмасаң, боласың! — деді Ақсақ Темір жайбарақат.

Сөйткенше, үйге Ақсақ Темірдің серіктері кіріп келді. Іңкәр-бегім асыға, қастарына жетіп барды.

— Мінекейіңіз,— деді ұзын мұртты оған қан-қан пешпентіне оралған жаңа ғана қойнында жатқан жігіттің, әлі көзі жабылмаған сұлу басын ұсынып.

Іңкәр-бегім басты қолына алып, жігіттің бетіне қарап тұрып, маңдайынан сүйді. Сөйтті де ұзын мұрттыға қайта берді.

— Осыңды алдыңа бір келтірермін! — деді ол Ақсақ Темірге бұрыла, кекке толы отты көзін оған жеркене қадай.

Ақсақ Темір күлгендей болды.

— Осымен бар оқиға бітсін,— деді ол әлі есік алдында тұрған серіктеріне.— Сендер ештеңе көрген де, білген де жоқсыңдар, жігіттің басы мен денесін жан көрмейтін жерге апарып тастаңдар. Ал ана сай бойында оны күтіп отырған серіктерін ұстап алып, майлы жерлерінен атқа отыра алмайтындай етіп дүрс соғып қоя беріңдер!

— Құп! — деді екі серігі бастарын иді де үйден шығып кетті.

Ақсақ Темір енді оңаша қалған Іңкәр-бегімге қарады.

— Ал енді төсегіңді дұрыстап салып, көйлегіңді шеш,— деді оған.

Іңкәр-бегім таңдана, үрке көз тастады.

— Осыншама оқиғадан кейін, қалай дәтің барады! — деді ол шошына.

— Сен әлде, менің жүрегімнің темірден жаралғанын естімеп пе ең! — деді Ақсақ Темір оған.

Амал жоқ, Іңкәр-бегім төсегін жайлы етіп салуға кірісті.

Жоқ, Іңкәр-бегім Ақсақ Темірдің бұл істегенін оның алдына келтірген жоқ. Келтіремін деп те ойламаған. Еркектерінің қолы қанды, әйелдері еркек жанды, бұл да Шыңғыс тұқымы емес пе, осы түннен бастап Ақсақ Темірге биялайдай жұмсақ, дегенін екі етпейтін, некелі әйеліндей болып кеткен.

Осы Іңкәр-бегімді Құсайынның орнына отырғаннан кейін, Ақсақ Темір бір күні өзіне шақыртып алған.

— Енді екеуміз шын ерлі-зайыпты болып, некемізді қидыруымыз керек,— деген.

— Әлбетте,— деген Іңкәр-бетім.— Сонау түннен бері мен сізден осы сөзді күтіп келе жатырмын ғой, алдияр гурген.

Ақсақ Темір бөтен адамның өзін «гурген» атағанын алғашқы рет естіп, іштей қуанып қалған.

Бір кезде Құсайынның Балхыны астана еткісі келгеніне көнгісі келмей, жұртты Жағатай ұлысының әміріне қарсы үгіттесе, енді өзі ұлыс кіндігін Самарқант шаһары етті. Осылай ол күшейе бастады. Осы кезде Ақ Орда ханы Орыстан қашып, Тоқтай Темір ханның ұрпағы, Үз-Темірдің шөбересі, Құтлық Хожаның немересі, Маңғыстау билеушісі Той-Хожа мен Қоңырат қызы Қотан-Күнчек бәйбішеден туған болашақ Алтын Орданың атақты хандарының бірі болған Тоқтамыс келіп Ақсақ Темірден пана сұрады.

Бұл Қоян, яғни 1376 жылы еді.

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Шегір көзді, ұзын бойлы, ақ сары келген Орыс хан тағының алдында тізе бүгіп отырған Маңғыстау әмірі өзіменен төрт атадан барып қосылатын, Тоқай Темірдің, ұрпағы Құтлық Хожаның баласы Той-Хожаға тағы тесіле қарады.

— Сөйтіп, Той Хожа өмір, сен бізбен бірге Алтын Ордаға аттанбайсың ғой, ә! — деді ол.

Қызыл шырайлы, толық келген Маңғыстау билеушісі Той-Хожа әмір тұнжырай сөйледі.

— Аттанбаймын! Жолымыз болмайды!

— Оны қайдан білдің? Түс көрдің бе?

— Түс көргем жоқ. Атақты жұлдызшы Қазы-Заде Руми — Кейва жұлдызы аспанның етегінен көрінді дейді.

Орыс хан мырс етіп күлді.

— Сөз болғаныңа болайын! Қазы-Заде Румиға біз де кісі салғанбыз. «Баграм» көк жүзінде өзінің қанды қылышын суырып тұр. «Егер Орыс хан Алтын Ордаға аттанғысы келсе, жолы болады» деген. Сен оданда бөтен сылтауды айт!

— Сылтау емес менің айтып тұрғаным — ел қамы. Өзбек, Жәнібек ордасының шаңырағын жерге түсіргенде не табасың?

— Ол шаңырақты жаңадан көтерем!

— Көтере алмасаң ше? Орта жолда Алтын Орданы күйретіп, иығыңа түскен жүкті көтере алмай өзің күйресең қайтесің? Екеу ара қырылысып, ақыр аяғында, орта жолда, мына Мауараннахрдың жас арыстаны Ақсақ Темірге жем болып жүрсең не істейсің? Сенің жауың Алтын Орда емес, Әмір-Темір. Одан да алдаспаныңды соған қайра! Бүгін бұны сен істеп үлгірмесең, ертең бұны Ақсақ Темір істейді. Алдыменен Қорасан, Хорезмді алады, сосын өзіне шеті тиіп тұрған Сейхундарияның орта шеніндегі шаһарларыңды бас салады. Ертең-ақ өзіңді мынау сәнді-салтанатты Сығанағыңнан қуып шығады! Айтпады деме!

— Сөзіңнің жөні бар,— деді Орыс хан кенет жуасып.— Ақсақ Темір Хорезмді алса, Алтын Орда Жібек жолынан айырылады. Онда Алтын Орда күре тамыры тоқтап жүрегіне қан бармаған кесел жанға ұқсайды. Сол себептен аурудан ең алдыменен Алтын Орданы құтқару керек! Алтын Орда біздің қолға көшсе, Ақ Орда күшейеді. Сонда ғана Ақсақ Темір де, Хорезм, Қорасан де бізден құтыла алмайды.

— Жоқ, Алтын Орданы күйретуге мен әскер бере алмаймын! — деді Той-Хожа бұрынғысынан да тұнжырай.

— Неге! Неге! — деді Орыс хан ышқына сөйлеп.— Сонда әскеріңді кімге бересің? Мамайға ма?

— Иә, Мамайға,— деді Той Хожа.— Әскеріңді Мамайға берсең, неге бергеніңді білесің. Алтын Орданың жауы жалғыз сені менен Ақсақ Темір емес. «Құлан құдыққа құласа, құлағына құмырсқа үймелейді». Қазір Алтын Ордаға ие болса, ең алдыменен Орұсут еліменен соғысады.

— Сөйтіп Алтын Ордаға мына мен — Орыс емес, Мамай, ие болса дейсің ғой. Бұл сенің ақырғы сөзің бе?

— Иә, ақырғы сөзім. Және...

Той-Хожа ойындағысын айтып та үлгірген жоқ, ызадан түтігіп кеткен Орыс хан, беліндегі көк семсеріне қолының қалай барып қалғанын да білмеді. Той-Хожа «ау, өз Орданда кісі өлтірмекшісіз бе...» деп қалбақтап орнынан түрегелгенше асыл берен, найзағай отындай жарқ етті де, өкпе тұсынан қадала түсті...

«Бүйтеріңді білмедім ғой...» деп Той-Хожа көкірегін қолымен басып сәл тұрды да, кенет орылған құрақтай жерге сылқ құлады...

Бұ оқиға, яғни 1376 жылы болған. Әкесінің Ақ Орда ханының қолынан өлгенін естіген Тоқтамыс, Орыс ханның енді өзін де сау қоймайтынын түсініп, оған бұны бақ күндес қастары ұстап бермей тұрып, сол түні екі серігімен Маңғыстаудан Мауараннахр жеріне қашып шыққан.

Салтанатты, сәнді Самарқант шаһары орнағалы екі мың жылға таяп қалған... Бұл Ақсақ Темірдің атағын шығарған жаңа Самарқант емес, жаңа ғана атақты Регистонның Гүр-Әмір мазарының Ақсақ Темір зиратының тұрғызылатын жерлері белгіленген шақ, ал әмірдің немересі Ұлықбектің обсерваториясының, оның әйгілі ұстазы Қазы-Заде Румидың мазарының әлемге белгілі Шират хананың көлеңкелері де жоқ кезі. Бірақ көне Самарқанттың өзінің ескі көркемдігі де, ғасырлар бойы келе жатқан ежелгі мұралары да көздің жауын алатын. Ұлы шаһардың теріскей-күншығыс жағын төстеп жатқан, сұрғылт тартқан елестердің ең биік тұсындағы Афрасиаб деп аталатын ескі бекініс-қаланың дағарадай-дағарадай қабырғалары, қалдығы жатыр. Осы Афрасиабтың күнгей шетінде бүкіл әлемге әйгілі мазарлар тобы — атақты Шахизинда орналасқан. Аңыз бойынша осы араға жетінші ғасырда Мауараннахрға ісләм дінін таратуға келген Мұхаммед пайғамбардың немере інісі Құсам ибн Аббас қойылған-мыс. Құсам ибн Аббастың мазарының сол жағында көне шаһардың үстінен анадайдан көрінген тоғызыншы тұрғызылған зәулім минарет бар. Соңынан атақты Регистан салынған биіктік алаң бұл кезде шаһардың орталығы болатын. Алаңға алты жағынан алты көше келіп түйіседі. Қалың ағашты қала тамаша сәнді, көрікті.

Әсіресе Самарқант Ақсақ Темір өз әмірлігін осы қалаға көшіргеннен кейін, бұрынғысынан да үлкейе, сымбаттана түскен-ді.

Орда кіндігі Самарқантты Ақсақ Темір дүние жүзіндегі ең көрікті, салтанатты шаһар етпек болған.

Сол үшін өзінің жаулап алған мемлекеттерінен ол Самарқантқа мешіт, медресе салушы асқан зергер, ұста шеберлердің бәрін жинаған.

Бұл тұста Самарқант жаңа құрылыс ағаштарынан көрінбейтін.

Ақсақ Темірдің қарындасы Тұрқан қатын өзінің қызы Шади-Мүлік ақаға арнап тұрғызған көк күмбезді, өрнекті мазар осыдан үш жыл бұрын біткен. Сондай-ақ Ақсақ Темірдің әскер басшысының бірі Құсайын әмірдің шешесі Тұғлу-Текин-қатынға арналған күмбезді көксарай да, Ақсақ Темірдің екінші қарындасы Шырын-Бике-қатынға арналған зират-ғибратханалар да бұл тұста аяқталып қалған-ды.

Бұл кезде тек мазар, зират-сарайлар ғана емес, бұл шаһарда жаңадан бірнеше мешіт, медреселер салынып жатқан. Бұлар соңынан Самарқанттың көркі болған.

Соның бірі Афрасиабтағы Хазрет Хызырдың ғибратханасының теріскей күншығыс жағында үш жүз қадамдай жерде тұрғызылып жатқан Бибі ханым мешіті еді.

Бибі ханым Ақсақ Темірдің ең сүйікті қатыны, қас-қабағы қиылған, әйел заттың сұлуы болған.

Бүкіл Орта Азияны өзіме бағынышты бір мемлекет етемін деген Ақсақ Темір әмірдің атағы жер жара бастаған кезі еді. Қырыққа әлі толмаған. Өткен Сиыр, яғни 1374 жылы ғана он бес жасар Бибіге үйленген. Өзі осы биылғы Барыс Жылы, Шу өзенінің жоғарғы жағы теріскей Алатаудың етегіндегі Қошқар өңіріне жаңа жорыққа кеткен. Осы Қошқар тұсын жайлаған моғолдар Ақсақ Темірдің қол астына кіргісі келмеген. Бүкіл әлемді жаулап алмақшы Ақсақ Темір, көк найзалы әскерін ертіп, бұның қол астына кіргісі келмеген моғолдарды қан-жоса етіп қырып, өзіне бағындырмақ боп теріскей Алатау етегіне аттанған.

Күйеуін жанындай жақсы көріп қалған жас Бибі ханым, жиһангер ері жорыққа кетісіменен, Ақсақ Темір қайтып оралғанша, оған арнап жаңа мешіт салдырмақ болған.

Ерке ханымның ойынша бұл мешіт дүние жүзіндегі мешіттердің ең үлкені, ең көріктісі болуға тиісті еді.

Мұндай мешітті салдыруға Ақсақ Темірдің тонаған елдерінің қазынасы да, айдап әкелген құлдары да жететін. Тек Бибі ханымның ойындағыдай керемет мешітті тұрғызатын ұста ғана жоқ еді.

Бибі ханым, былтырдан бері Шахизинда мазарларының құлаған, қираған жерлерін өзіндей етіп тәртіпке келтіріп жатқан Иранның әйгілі шебері Жүсіп Ширазиға келді. Бұл Ақсақ Темір зорлықпен Самарқантқа алып келген, отыздан жаңа асып бара жатқан, ұстамды кісі болатын. Ханым өзінің өтінішін айтты.

— Мен ерімнің құрметіне осындай мешіт салдырғым келеді,— деді тостағандай қарақат көздерін ұстаға мөлие қадай.— Менің ойымдағымды орындау сіздің қолыңыздан келе ме?

— Ол мешіт қай елдің үлгісімен салынуы керек? — деді ұста, әмірдің жас әйелінің сұлулығына таң қалып, толқи.— Самарқанша ма, әлде Бұхар, Хорезм, Иран, Рум елдерінікіндей ме?

— Жоқ,— деді Бибі ханым.— Дүниеде Ақсақ Темір біреу-ақ, оған сыйлыққа тартылатын мешіт те, қайталанбайтын, өзге шеберлердің қолдарынан келмейтін дүниеде бір-ақ рет салынған мешіт болуы керек.

— Ондай мешітті мен сала алмаймын,— деді ұста.

— Неге? — Бибі ханым таңдана қарады.— Әлде өнеріңіз, дарыныңыз жетпей ме?

Ұста: «қанішер адамға арнап ғажайып мешіт салуға, рас, менің дарыным да, өнерім де жетпейді» деп қала жаздады да өзін-өзі басып, тоқтай қалды.

— Сіз тәрізді ханымның, Ақсақ Темір тәрізді әмірдің ойынан шығу маған қиын болар,— деді ол басын иіп.— Ондай мешіт салу тек бір-ақ шебердің қолынан келеді.

— Ол кім? Қайда? — деді шыдай алмай, асыға Бибі ханым.

— Ол осында тұтқында Ираннан әкелінген Әли атты шебер бар. Ақсақ Темір әмірдің даңқына сәйкес мешіт салу керек болса, тек соның қолынан келер.

— Ол шебер қайда? — деді қайталап сұрап.

— Құлдар хизарында,— деді Жүсіп Ширази.

Бибі ханым сарайына қайтып келген соң, нөкерлерін жіберіп Әли шеберді алдырды. Бұл мәрмәр тасынан құйылған мүсін тәрізді, күнге күйген қара қошқыл денелі, бұлшық еттері бөлек-бөлек біткен, сұңғақ бойлы, рим құдайлары тәрізді сымбатты, көрікті жас жігіт екен.

Сарай есігінің алдында бір тізерлей отырып, ханымның сөзін тыңдап шықты да, бір сәт басын көтерді. Кенет оның отты көздері әмірдің жас әйелінің мүбәрәк бетіне қадала қалды. Бибі ханымның Ақсақ Темір әйелі екенінен жасқанбай, оны көздерімен жеп, өртеп барады. Тайсалар емес. «Шіркіннің көзі қандай өткір еді! — деді Бибі ішінен.— Және өзі де тым сымбатты екен».

Жігіт ханымның бетінен көз алар емес, шыдай алмаған Бибі:

— Сізге не болды? — деді.

— Аспандағы Шолпан жұлдызының жерде, көз алдымда тұрғанын көріп, жүрегіме бір сөнбес от түсті,— деді шебер.

Бибі ханым күлді.

— Демек менің сұрағыма жауап беруге тіліңіз келеді ғой деймін...

— Сіз бұйырсаңыз әрине...

Бибі ханым тағы күлді.

— Ал мен бұйырайын ертеңнен бастап еріме арналған ғажайып мешітті салуға кірісесіз.

— Жарайды, кірісемін,— деді жігіт, кенет ол Бибі ханымды бір жолата ішіп-жеп қоярдай тағы отты көздерімен қадала қарады.— Ал егер сіздің айтқан мешітіңізді салып берсем ақысына не төлейсіз? — деді ол.

Құлдың бұлай тікелей сұрақ қойғанына ханым таң қалды, сөйтсе де жауап берді.

— Өзіңді құлдықтан босатамын.

— Бұл аз төлеу. Мен мәңгі-бақи сіздің құлыңыз болып өтуге бармын!

Бибі ханым жігіттің сөзінен бөтен саз ұққандай болып сәл қысылды.

— Егер ол аз болса, не тілесеңіз соны беремін,— деді ханым. Жігіт қуанғанынан, қызыл түлкіге түскен бүркіттей шаңқ ете қалды.

— Болды! Мен тұрдым,— деді ол.

Ханым шошып кетті.

— Тек менің өз басымды қалап жүрме! — деді ол.

— Дүниеде сұлулықтан қымбат ештеңе жоқ,— деді шебер құл.— Егер менің салған мешітім Ақсақ Темір әмірдің темір жүрегінен құнды болса, не істейсің? Алдыменен мешіт салынсын, бағасына сосын келіселік.

— Жақсы! — деді ханым.

Ертеңіне сан түрлі мамандығы бар, мыңдаған құлдар мен Әли шебер мешітті салуға кірісіп те кетті. Мешіттің тұрар жерін де шебер өзі таңдады. Қаланың ортасындағы, соңынан атақты Регистан мешіті мен медресе салынған, биік алаңмен Шахизинда мазарларының ортасындағы бір жазықтау дөңесті шебер жаңа ғибратханаға лайықты көрді. Болашақ мешіт тұратын алаңға ұзындығы 167, көлденеңі 109 қадам етіп қыштан биік қорған салды. Алаңның түпкір ортасында алтындаған күмбезді үлкен, екі жағынан екі кішіректеу, үш мешіт қатар тұрғызылмақ. Оларға зәулім пештақ арқылы кіреді. Пештақ пен мешіттер аралықтары жуан мәрмәр ашалар тізіліп, үстін жапқан дәліздер арқылы байланысуға тиісті. Қорғанның төрт бұрышында биіктігі жиырма құлашқа жуық төрт мұнара. Жұма күнгі намазға жұрт кіретін үлкен мешіт пештағының биіктігі қырық, көлденеңі елу кезден астам. Ең алдыменен үш айдан кейін осы пештақ салынып бітті. Құрылысты көруге келген Бибі ханым, еш жерде бұрын кездестірмеген мұндай зәулім, және орасан кең пештақты көргенде таң қалды.

— Әйгілі жиһангер Темірланның айбарлы атына лайықты екен,— деді ол шеберге.

— Сіздің де ойлағаныңыз, еріңіздің даңқына сәйкес, айбары мен көлемі халықтың рухын басып тұратын осындай мешіт емес пе еді? — деді шебер.

— Иә, осындай! — деді Бибі ханым ойын жасырмай.

— Алты айдан кейін тағы бір келіңіз,— деді шебер,— шын ғажайып мешітті көресіз.

Алты айдан кейін келген Бибі ханым көргеніне таң қалды. Ортадағы үлкен мешіттің күмбезінен бөтенінің бәрі біткен. Мәрмәр тастың сырты құран аяттары, сүре сөздерімен ойылған, өрнек тәрізді араб әріптерімен безелген. Атағы жер жара бастаған Ақсақ Темір әмірге тартуға тұрарлық, хан сарайына бергісіз зәулім биік мешітті көрді.

Тек ортадағы үлкен мешіттің күмбезі қойылмаған. Одан өзге жұмыстың бәрі біткен.

Бибі ханым қайтадан қарап шықты.

Бұл жолы да таң қалды.

Көк күмбезді екі жақтағы екі шағын мешіттер мен ортадағы үлкен мешіттің араларындағы қатынас жолдарға тұрғызылған аят сөздері әшекейленген жуан-жуан, қаз қатар тізілген мәрмәр ашалар, бір ғажайып әдемі әннің буындарындай, бір-біріне жарасып, өздерінің ғажайып көріктілігімен және сұлу сұстылығымен адамның қиялына қанат берердей керемет!

Адам таң қаларлық көркем және қиялыңды тербетердей сүйкімді!

Тек ортадағы үлкен мешіттің алтындаған күмбезі қойылса, бұл жалғандағы теңі жоқ ең сұлу ғибадатхана болғалы тұр.

Бибі ханым көзін алмай, мешітке таңдана қарап ұзақ тұрды.

Әлден уақытта барып:

— Ғажап! — деді.— Енді ортадағы үлкен мешіттің күмбезін тез бітір!

— Құнын төлемесең, бітірмеймін,— деді шебер.

— Құнына не қалайсың? — деді Бибі ханым.

— Сенің өзіңді! — деді шебер.

— Менің өзімді? — Бибі ханым оған тандана қарады.

— Иә, сенің өзіңді,— деді шебер енді кенет жүдей түсіп.— Мен сені бір көргеннен ғашық болдым. Саған деген махаббатым осы мешітті салдырды. Қиялыма қанат берді. Ал сол саған деген махаббатым енді сол мешітті аяқтаттырмай тұр. Егер сен меңдік болмасаң, бұдан әрі бұл мешіттің күмбезін орнатпақ түгіл, жалғыз қышын қалауға мұршам жетер емес!

— Әлде сен менің кімнің әйелі екенімді білмейсің бе? — деді Бибі ханым.

— Білемін. Бірақ Ақсақ Темір ажалдан күшті емес. Сен үшін мен қазір өліп кетуге бармын!

— Тілегенің өлім болса ол қашпас,— деді кенет қабағын шытып Бибі ханым,— бір апта мерзім беремін, егер сол аптаның ішінде күмбезді орнатпасаң, басыңды алдырамын!

Бибі ханым сөйдеді де, нөкерлерін ертіп кілт бұрылып, анандай жерде тұрған аттарына қарай жүре берді.

Міне осы күні Ақсақ Темір ордасына Орыс ханнан қашып Тоқтамыс келген. Бұл Барыс, яғни 1375 жылдың орта шені еді. Мауараннахр әмірлігін Ақсақ Темір алғанына бес-ақ жыл өткен. Бірақ осы бес жылдың ішінде Ақсақ Темір Мауараннахрдың жан-жағын, тегіс өзіне қаратып, енді бүкіл Түркістанның (Орта Азияның) әмірі болуға ыңғайланған. Бұл Ақсақ Темірдің қынабынан суырылған қылыштай қылшылдап тұрған кезі еді. Демек арғы ойы тек Түркістанды ғана емес, бүкіл көне Тұран жерін өзіне бағындырмақ еді. Тұранды бағындырғаннан кейін, Алтын Орда, Үнді Қытай, Ираннан асып түсіп Жерорталық теңіз маңайындағы елдерді де жаулап алмақ ойы бар-ды.

Жолы болып келе жатқан жиһангерлердің ұрысқа тоймайтын әдеті. Өзге елдерді оңай жаулап алғаннан кейін, Ақсақ Темірдің араны мүлдем ашылған-ды. Сол ашылған аран маза бермей моғолдарды өзіне мүлдем көндірмек боп Жетісу мен Шығыс Түркістанға аттанған. Әскерінің алдыңғы шебі маңғылайы етіп өзінің кіші қарындасы Шырын-Бике-қатынның күйеуі Мұса бидің баласы Мұхамедбекпен, Абас әмір, Ақтымір батырлардың жасақтарын тартқан. Бұлар моғолдардың әмірі Кәмәреддин қосындарын жеңген. Ал Ақсақ Темірдің өзі бұл кезде Шу өзенінің бас жағындағы Қашқар бойына жеткен. Осы жерде Самарқантқа Орыс ханнан қашып Тоқтамыстың келгенін естіген. Бұған ол орасан қуанып қалған. Қуанғаны соншалық, хабар алып келген шабарманды «көп кешікпей Ордаға қайтамын» деп дереу кейін шаптырған. Ақсақ Темірдің моғолдармен соғысын бітірмей, кенет бұлай Ордасына тез оралуының үлкен себебі бар еді.

Түркістанды бір мемлекет етіп ұстауды ойлаған Ақсақ Темір, жаңа күшейіп келе жатқан көршісі Ақ Орда, егер мүлдем әлденіп алса Мауараннахр әмірлігіне қандай қауіп туатынын ол жақсы түсінген. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды, ал Ақ Орда алдағы күнде Алтын Ордамен бірігіп кетсе онда Мауараннахр әмірінің Қорасан мен Хорезмді өзіме қаратам деген қиялы босқа қалады. Алыптың аты алып, Сейхундарияның орта шенінен бастап, сонау Еділ мен Үзіге дейін далиған даланы жайлап жатқан көшпелі батыр елдер, бүгінгідей қырық бөлек болмай, баяғы Өзбек пен Жәнібектің кездеріндегідей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп кете қалса бүкіл Тұранды билемек түгіл, Түркістанның өзін қорғап қалуы екі талай. Осыдан барып, Ақсақ Темір Ақ Ордадан қатты сескенетін. Және күннен күнге күшейіп келе жатқан бұл Орда бүгін болмаса ертең, Алтын Орданың өзін бағындырып ала ма деп қауіптенетін. Онда Мауараннахрдың хәлі мүшкілденетініне шек келтірмейтін. Сол себептен Самарқантқа Ақ Ордадан Маңғыстау билеушісі Той-Хожа баласы Тоқтамыстың қашып келгенін естігенде, шын қуанып қалған. Ақ Орданың өз ішіне іріткі салып, Жошы ұрпағын біріне-бірін қарсы қойып, өзара төбелестіріп әлсірету бұл тұста Ақсақ Темірге ең қолайлы жол еді. Сондықтан да ол, Самарқантқа қайтамын деп ел-жұртына хабар берген. Үш Күннен кейін Үзкент арқылы ордасына беттеген.

Әмір сарайының адамдары Бибі ханым деп атаған Сарай-Мүлік ханым шеше жағынан Ақ Ордаға жиен қыз боп келетін. Сондықтан нағашы елінің Тоқтамыс тәрізді бір атақты мырзасының Мауараннахр ордасына қашып келгеніне, іштей намыстанып қалғаныменен, сырттай сыр бермеген. Қадірлі қонағына мұндағы әдет ғұрыпты сақтап, тиісті сый-құрметінің бәрін көрсеткен. Әмір сарайынан орын беріп, қасына қыз-бозбала жинап, ойын-сауықтар өткізген. Түнде қойнына қыз да салған. Күндіз астына жорға мінгіздіріп, қолына сұңқар ұстатып, серуенге де шығарған. Тоқтамыстың қашып келгенін ерінің жақсы қабылдайтынын түсінген Бибі ханым, «Зафар-нөме» айтқандай, Тоқтамыс кейін қайтып кетпесін деп одан құрмет-қошаметін аямаған. Тоқтамыс орта бойлыдан биіктеу, арыс кеуде, қара торы, қыр мұрын, кең маңдай, үлкен жаудыр көзді, келбетті жігіт еді. Мінезі де біркелкі салмақты, тұйық келген. Бірақ бұның бәрі сыртқы бейнесі ғана. Ал іштей бұл өте намысқор, өзіне біреудің істеген қиянатынан тез кектенетін, бұлқан-талқан бола қалатын қызба қанды жігерлі, шапшаң, жан еді.

Оның осы намысқор, жігерлі, шапшаң қимылдар мінезімен болып жатқан оқиғаны тез бағалар, терең ойлар, ақылды, ер жүректігі Тоқтамысты соңынан өзіне өзі қиғаш келген, қиын шешімдерге апарған. Бірақ басына қиындық тудырған сол шешімдерден көбіне өзі жол тауып аман құтылған. Самарқантқа бұл жолғы қашуы да осындай тез қимылдаған әрекеттен туған. Бұның арты неге апарып соғары Тоқтамысқа әзірге белгісіз еді. Бірақ Ақсақ Темір ордасының өзіне мұндай құрмет көрсеткеніне риза болып қалды. Енді ол Ақсақ Темірдің жорықтан қайтуын күтіп, күндіз аңға шығып, түнде ойын-сауыққа беріліп әмір сарайында жата берді. Жоқ, құр жата берген жоқ, жан-жағына ойлана қаранып, өзіне керегін де іздене жүрді. Міне сонда барып ол, соңынан Ақсақ Темір екеуінің айрылуына бір жағдайда себепкер болған Бибі ханымның бас нөкер қызы Құнайым-Жұпар-бегімді көрді. Бұл сұңғақ бойлы, аққұба, ойлы көзді, ақылды қыз еді. Ақсақ Темірмен ағайындас, бауырлас руынан шыққан. Бір жорға салыстырған тойда Тоқтамыс екеуі бәсеке үстінде кездескен. Жоқ, бұл тойда жігіт пен қыз жарысқан жоқ, жорғалары жарысқан. Бірақ сондағы астарындағы аттарының жарысы, ерік бермес екеуінің көңіл жарысына айналған. Бірінен-бірі озамын деген осы көңіл желі ақырында кеп екеуін жақындастырған. Енді бұлар айтыса қалса кекету, мысқылдау орнына бірін-бірі мақтаған, жорға салыстырса бірінен-бірі озудың орнына аттарын қатар салған. Әрі-беріден кейін екеуі елден аулақта аттарын қаңтарып қойып, құшақтаса қалың тоғай арасына кірген. Ләззәт атты зәм-зәм суының шырынбалын татқан. Міне, осындай жағдайда жүргенде Тоқтамыс «Ақсақ Темір бір жетіден қалмай Самарқантқа қайтады екен» деген хабарды естіген.

Хан, өмірдің Ордасына қайтуы — бұл желдете, дауылдата самырық құстың ұясына оралуы тәрізді,— жұрт дүрліге қалатын оқиға. Әсіресе Ақсақ Темір тәрізді қатыгез, тегеуірінді әмірдің ордасына келуі тыныш жайылып жүрген отарға қасқырдың алыстан көрінгені тәрізді, әбігер тудырады. Ақсақ Темірдің «бір аптада қайтамын» деген сөзі бұдан кем әсер еткен жоқ, жұрт енді, әмір кеткелі не істеді, не қойды, есепке алғандай іштен тынып, Ақсақ Темірдің келуін күтіп, аяқтарының ұшы менен басты. Әсіресе, ерінің қайтуына қуанудың орнына Бибі ханым мазасыздана қалды. Ол дереу салынып жатқан мешітке келді. Мешіт сол әнеукүні көрген қалпында тұр екен. Пештақ көлеңкесінде отырған Әли шеберді шақыртты.

— Менің төрем бір жетіден қалмай келеді,— деді оған бұйыра.— Соған дейін мешіттің күмбезі көтеріліп бітуі керек.

— Күмбез көтерілмейді,— деді шебер,— егер менің айтқанымды істемесең.

— Сенің қай айтқаныңды?

— Бетіңнен ең болмаса бір сүйгіз. Онсыз жұмыс істеуге менің қолым көтерілмейді, аяғым басуға келмейді.

Кенет ашу қысып кеткен Бибі ханым, қолындағы қамшысыменен шебердің басынан тартып жіберді.

Шебер ақырын күлді.

— Сенің ұрғаның, менің жаныма майдай жағады,— деді.

Ызаланған Бибі ханым жан алғыш жендеттеріне:

— Мына құлды зынданға апарып салыңдар,— деді.— Егер мешіт күмбезін көтеруге көнбесе, ертең қан майданда басын алдырамын.

Сол күні ханым ұста Жүсіп Ширазиды алдырды, бітпей жатқан мешітті тезірек бітіруін өтінді.

— Мешітті көрдім,— деді иран шебері,— ғажап дүние. Әлидей етіп күмбезін тұрғызу менің қолымнан келмейді. Әр шебердің тек өзіне тән сыры болады. Бұған бөтен шебердің тұрғызған күмбезі, сұлу-сымбатты киімді адамға, басқа үлгіменен кидірген бөрік секілденеді. Мүмкін ол бөрік әдемі де тігілер, бірақ жалпы киім үлгісіне жат дүние боп шыға келеді. Оның үстіне Әли асқан дарын, оның мына тұрғызған мешітінде халықтың көз жасы ғана емес, әлдекімге арналған махаббатының орасан үлкен қуанышы бар. Ешкім де Әлидің өзіндей бұл мешітке күмбез тұрғыза алмайды.

Қайтсеңіз де өзін көндіріңіз.

Амал жоқ ертеңіне Бибі ханым тағы тұтқын шеберді алдырған.

Не қазір басың алынады, не мына мешітті бітіресің,— деді оған Бибі ханым.

— Өлтіре бер,— деген шебер.— Сіздің қолыңыздан өлу маған арман. Егер бетіңізден бір сүйгізбесеңіз, мешітіңіз күмбезсіз қалады.

Бибі ханымның көнбеске амалы қалмаған.

— Жарайды, сенің айтқаның болсын,— деген ол,— тек аяй көр. Жұртқа жариялап, абыройымды төкпегейсің.

Ымырт үйіріліп келе жатқан кезі еді. Ханым сарайында ешкім болмайтын. Екі көзі жайнап тұрған жігітке, мейіздей тәтті жас әйел, қардай ақ бетін тоса берді.

Әмір-Темірдің періштедей күнәсіз жас әйелін шебер құшағына, алып, арман болған ғашығының денесіндегі, жүрегіндегі бар қанын, сөлін, отты сезімін біржолата сорып алғысы келгендей, күсті еріндерімен күйіп-жанып, құшырлана сүйді. Бибі ханымның буыны босап кетті...

Ертеңіне таң атар-атпастан Әли жұмысына кірісті. Ал күн шыға тұрған Бибі ханым қалтадағы күзгісін алып ақ жүзіне қарады. Кенет үрейлене қалды. Кешегі жігіттің жүрегіндегі махаббат отының күштілігі соншалық, аппақ бетінде оның сүйген жерінде қап-қара боп, бақыр тиіннің аумағындай, дақ қалыпты. Әмір Темір келер бір бес күн түгіл, өмір бойы кетердей емес. Бибі ханым жігіттің өзіне қанша құмар болғанын енді түсінді. Бірақ одан жүрек әбігері басылмады. Бұл дақты көрсе Ақсақ Темір, өзін қанша жақсы көрсе де, тірі қалдырмайтынына шек келтірмеді. Бибі ханым не істерін білмей жанталасты. Дегенмен, ақылды сұлу, айлалы келеді. Ақсақ Темірге бетінің дағын көрсетпейтін амалын тапты. Бибі ханым Құнайым-Жұпар-Бегімді шақырып алды да Мауараннахр әйелдеріне:

— Ер адамдарға қатын-қыздар ақ жүзін көрсетіп, оларды күнәға қалдырмайтын болсын,— деген бұйрық берді. Сол үшін бүгіннен бастап бүкіл Мауараннахр әйелдері кемеліне жеткен қыздарға дейін бетіне шадыра-перде жауып жүрсін!

Ханым бұйрығы хан бұйрығынан кем емес, осылай Мауараннахрды мекендеген өзбек, тәжік елдерінде паранжа пайда болды. Содан паранжа жабу көп елге тарады.

Ал Үзкенттен өтіп Самарқантқа таяп қалған Ақсақ Темір Мауараннахр жерінде бетіне шадыра жапқан әйелдерді бірінші рет көргенінде, өзін қарсы алуға астанасынан келген, үзеңгілес серігі, әскери басшыларының бірі Құсайын әмірден:

— Бетіне қара жамылуды кім шығарған? — деп сұрады.

— Сіздің сүйікті жарыңыз Бибі ханым,— деді әмір.— Еркектерге күндіз жүздерін көрсету қатындарға күнә деп, бәріне паранжа жамылып жүруді бұйырды.

— Қызық екен!

— Және сүйікті жұбайыңыз сіздің құрметіңізге ғажайып мешіт тұрғыздырды...

Әмір-Темір Құсайынға тесіле қарады.

— Оны кім салды? Жүсіп Ширази ма?

— Жоқ. Әли деген бір жас тұтқын жігіт...

— Оны кім тапты?

— Бибі ханымның өзі...

Ақсақ Темір бұдан бөтен ештеңе сұраған жоқ. Самарқантқа жеткенше әлденені ойлаумен болды. Кеш бола астанасына кіре бергенде ғана тікелей Бибі ханым салдырған мешітке алып баруын Құсайынға бұйырды. Көше-көшені толтырып, сырнай-кернеймен қарсы алған жұртқа Ақсақ Темір тіпті көңіл бөлген жоқ, сол ақтаңгер жүйрігінің үстінде бір қырындай сұп-сұр боп отырған қалпынан өзгермеді. Тек жаңа салынған мешіттің алдына келгенде ғана, қасындағы жұртқа қарап:

— Бесін намазын оқып шығайық,— деді.

Өзі бастап мешітке кірді. Бұл ғибратхананы дәл өзі тұрғыздырғандай, ешкімнен жол сұрамай, үлкен мешіттің намаз оқитын михрабе істелген алаңына жұртты ертіп келді. Сосын барып, үнемі қасында жүретін Ахмед Яссауидың шәкірті Саид-Ахмет атаға қарап:

— Жол жүріп келдік қой, намазды дәретсіз оқысақ күнә болмас,— деп сұрады.

Әулие шейх басын изеді.

— Әлбетте.

Ақсақ Темір тек сыртқа шыққан соң ғана мешіттің сыртқы түріне қарап ұзақ тұрды.

— Өте ғашық болған адам ғана, мынандай көңіл қуанышы тәрізді көгілдір мешіт салар болар,— деді ол бір уақытта, соны айтты да, жанындағы бас уәзіріне,— бұл мешітті кім салса да, маған басын кесіп, жатар алдында Бибі ханым сарайына әкеп беріңдер,— деп бұйырды. Содан кейін атына мінбей, әмір сарайына қарай сәл ақсаңдай басып жүре берді.

Халық аңызы оқиғаның осы жеріне келгенде тамаша бір ертегі айтады. Ғажайып мешіттің күмбезін орнатып болған Әли шебер Ақсақ Темірдің өзін өлтіруге әмір бергенін естіп, сол күні мешіттің төбесінен жерге түспепті-мыс. Күні бойы өзіне қанат істеп, түн ортасы ауа басын алуға әмірдің жендеттері келгенде олардың көзінше, өзі жасаған күмбездің үстінен, ағаш қанаттарын бір қағып, туған елі Иранға ұшып кетіпті-мыс.

Аңыз тұтқын шебердің Бибі ханымға деген ғашықтығын осылай аяқтайды. Ал Ақсақ Темір оны басқаша бітірді. Әмір сарайындағы жұмысын тауысып, ол жас әйелі Бибі ханымның салтанатты сарайына келді. Үстіндегі жол киімін шешіп жатып ол, қара көлеңке бұрышта, төсегінің үстінде көйлекшең бұны күтіп отырған сүйікті жарына бұрылып:

— Маған арнап салдырған мешітің ғажайып көркем екен,— деді,— Мұндай мешітті Әли шеберден бөтен ешкім де сала алмаса керек-ті...

Ақсақ Темірдің бұл көрегендік сөзі расында да шындық еді. Соңынан, отыз жыл өткеннен кейін, уылжыған жас Бибі ханым, Сарай-Мүлік-Бегім боп Әмір-Темірдің ең құдіретті бәйбішесі атанып, осы мешіттің қарсысына дәл осы ғибадатханадай медресе тұрғызбақ болғанында, осы тұстағы Самарқанттағы ең әйгілі шеберлер оны Әли мешітіне ұқсас, көрікті етіп сала алмаған. Осының алдында ғана Египет пен Түркия жорығынан оралған Ақсақ Темір, медресеге көңілінің толмағаны соншалық, оны бұздырып, қайтадан салуға бұйырған.

Әрине, Әмір-Темір дәл қазір өзінің осылай дұрыс шығарын білген жоқ. Ол тек мешіттен алған бүгінгі әсерін ғана айтқан.

— Төрем, өзіңе арнап салдырған мешітім ұнаған болса, бұл дүниеде менен бақытты әйел жоқ,-— деген қуанып кеткен Бибі ханым.

— Мұндай мешітті салдыру мыңдаған әскері бар менің қолымнан келмес еді, ал сенің қолыңнан келді. Өйткені сен оның жүрегіне бұйыра білдің.

Бибі ханымның өн бойы дірілдеп кетті. Ақсақ Темір оған бұрылып қараған жоқ, тек сөзін жалғай түсті.

— Бірақ Әмір-Темірдің әйелі күнәлі болса да күнәсіз, адал болмаса да адал,— деді ол.

— Әміршім...

— Тоқтай тұр. Босқа қорықпа. Сол себептен де мен саған өзіме арнап осындай тамаша мешіт салдырғаныңа рақметімді айтқалы тұрмын.

— Төрем...

— Және осы көңілімнің ризалығын өзіңе екі нәрсемен білдірмекпін.— Ол сәл тоқтап, қайта сөйледі.— Сенің маған еткен құрметіңді шын бағалап біріншіден бұл мешітті өзіңнің атыңмен Бибі ханым мешіті деп атауды ұйғардым. Ал екіншім... Жаңа айттым ғой, мен тек жұртты қорқытып, ойыма алғанымды тек күшпен ғана істете алатын әмірмін деп, ал сен...— Ақсақ Темір сәл тоқтап қалып қайтадан сөйледі.— Мыңдаған әскері бар қолбасшы өте алмаған бекініс-бөгеттен, алтын тиеген есек, не бетінде азырақ ажары бар әйел өтеді деп бұрынғылар бекер айтпаса керек-ті. Ал сен Әли шеберге өзіңнің тек жүзіндегі азғантай қызылыңмен дегеніңді істете алдың... Бірақ сол қылығың өкініш боп күнде жаныңды жемес үшін, бетіңе салық салмас үшін, мен әлгі ұлы шебердің басын алдырдым,— ол ауызғы үйдегілер еститіндей етіп, алақанын шапалақтады. Үйге еңгезердей жасауыл кірді. Оның қолында үсті бөзбен жабылған үлкен сырлы табақта дөңкиген бірдеме бар. Ақсақ Темір сол отырған қалпында енді Бибі-ханымға бұйыра сөйледі.— Ана табақты ал... Өз көзіңмен көр...

Бибі аяғын әзер басып жасауылдың қасына барды. Бетін ашты. Табақтағы Әли шебердің басы екен. «Осы еріндерің ғой мені аямай сүйген және ақыры түбіңе жеткен» дегендей Бибі ханым ұзын саусақтарыменен оның аузынан, маңдайынан сипады...

— Көрдің бе? — деді Ақсақ Темір.

— Көрдім,— деді Бибі ханым даусы кенет дірілдеп кетіп.— Өзі!.. Әли шебердің басы...

— Алып кет,— деді Асақ Темір жасауылға бұйырып. Сөйтті де анау шығып кеткеннен кейін,— Көрсең, оны енді тіпті есіңнен шығар. Жаңа айттым ғой, Әмір-Темірдің әйелі күнәлі болса да күнәсіз, адал болмаса да адал саналуы керек деп... Түсіндің бе, ақ тотым?.. Ал енді ана шамдарды сөндір...

Ақсақ Темір Шыңғыс ұрпағынан шықпағандықтан өзін хан көтеруге хақы болмаған. Бірақ Қозаған ханның қызын, Құсайын Әмірдің жесірін алғандықтан өзін гурген атаған. Осы гурген — ханның күйеу баласы деген атты ол дәреже көрген, мақтан еткен. Жұртқа өзін Ақсақ Темір гурген деп ататқан.

Сондай-ақ, Темірлан деген есімде, түрік тіліндегі «ақсақ» деген сөздің фарсыша «Ләнгу» деген баламасынан туған. Темір Ләнгу деген ат, орыс, бөтен европа тілдерінде «Темурланг» боп өзгерген. Осы «Ақсақ Темір көреген», «Темірлан», айналып келгенде бар болғаны Ақсақ Темір, өзі Құсайынды өлтіріп, Ит, яғни 1370 жылы Мауараннахр әмірі атанысынан бес-алты жыл өтпей-ақ бүкіл Орта Азия билеушісі дәрежесіне таяды. Хан деген атты Жағатай ұрпақтарына беріп, өзі тек гурген, Әмір атына ғана ие болды. Бірақ айласын ақылды құра білуінің арқасында бар билік бұған көшті. Қылмысты басқалар істеп, ұғымын бұл көрді. Осындай амалының арқасында осыдан он жыл бұрын Қайхұсар әмірдің ағасын Құсайын әмірдің өлтіргенін пайдаланып, құранға сүйене отырып, адат заңыменен Қайхұсарға Құсайынды өлтіртті. Ал соңынан Қайхұсар әмір өзіне қарсы шыға бастағанда, сол шариғат жолыменен оны Құсайынның ұрпақтарына бауыздатты. Осындай тәсілмен, әкесі Той-Хожаны өлтірген Орыс ханға Ақсақ Темір Тоқтамысты тікелей қарсы шығармақ болды. Тоқтай Темір ұрпақтарын біріне-бірін қарсы қойып, ортадан өз пайдасын көздеді. Сондықтан ол таңертең әмір диваны саналған хизарға Тоқтамыс келгенде, ол төрде жамбастай жатқан шәйі көрпенің үстінен ұшып түрегелді. Ақсаңдай басып қадірлі қонағының жанына барып, оны құшақтап, бауырына қысып сәл тұрды. Содан кейін өзімен қатарластыра төрге отырғыздырды.

— Аман-есен жеттің бе, батыр оғлан? — деді ол Тоқтамыспен қатарласа тізерлесе отырып, қалтасынан тәспісін алып. Мауараннахр елі негізінде мұсылман қауымы болғандықтан, көптен бері Ақсақ Темір жұртқа өте діншіл болып көрінуге тырысқан.

— Жеттік қой,— деді Тоқтамыс сабырлы үнмен,— құдай басқа салған соң амал бар ма, Ақ Ордадан ұрлық істеген адамдай түнделетіп қашып, әзер жеттік.

Бұлар екеуден-екеу ұзақ сөйлескен.

Ақырында Ақ Ордаға, Орыс ханға бірлесіп қарсы шығатын боп, қол алысып бітімге келген. Сонда барып Ақсақ Темір бөтен әмір, бек, әскери басшыларын, Тоқтамыспен бірге келген екі серігін де хизарына шақырған.

Асыл шарап, тәтті тағам алдында ол:

— Сұңқар ұясына тығылған торғай, қырғидан аман қалады,— деген.— Ал ханның ұрпағы Тоқтамыс торғай емес, қанды көз сұңқардың өзі. Бұл біздің Ордамызға Орыс хан атты қара құстан жан сауғалап келген жоқ. Бізден жәрдем алып, кешегі әкесі Той-Хожаны өлтірген сол Орыс хан қарақұстың қанатын сындырып, өшін қайтаруға келген. Сондықтан менің қарамағымдағы қадірлі әмір, бек, әскери басшылар Тоқтамысқа өзімнің одақтасым, ертең жауыма қарсы шығатын серігім деп қарауларың керек.

— Дұрыс,— деген хизар іші толған бекзадалар.

— Олай болса,— деген Ақсақ Темір,— біздің арамызға келген Тоқтамыс, өз еліндегісіндей, өзін күшті айбарлы, ерікті сезінуі абзал. Ал ондай сезім байлықсыз, молшылықсыз келмейді. Сондықтан біз Мауараннахр елінің Тоқтамысқа қойнын ғана емес, қазынасын да ашуымыз жөн.

— Дұрыс,— деген тағы хизардағы топ.

Сосын Ақсақ Темір Тоқтамыстың иығына торқалы ішік жапқан, қалтасына уыстап алтын, гауһар салған. Керегеде сүйеулі тұрған алмас қылышын өзі түрегеліп әкеліп Тоқтамысқа ұсынған.

— Тоқтамыс оғланға, арнап орда тігілсін, алдына мал салынсын! — деген Ақсақ Темір уәзірлеріне бұйырып.— Мауараннахрдың мол қазынасына қоса, оның билігіне Ақ Орданың астанасы Сығанақпен, Отырар, Сауран шаһарлары берілсін! — деген ол тағы да.

Мұндайда, біреудің жеке әскер басы болғанын анықтайтын куәлік ретінде, әмір нөкерлері хизарға Тоқтамысқа арнап жедел дайындалған жалау мен дауылпазды алып кірген.

Тоқтамыс әмірге қарап езу тартты.

— Қылыш, жалау, дауылпаз бердіңіз, бұныңызға рақмет. Бірақ Сығанақ, Отырар, Сауран — Орыс ханның қолында ғой.

— Бүгін Орыс хандікі болса, ертең саған көшеді,— деді Ақсақ Темір.

— Қалайша?

— Өзің жаулап аласың!

— Мына екі серігіммен бе?

— Жоқ Мауараннахр әскерімен,— сөйдеді де Ақсақ Темір Құсайын әмірге қарады.— Ертеңнен бастап Жалайыр бектерінің қосындары тегіс Тоқтамыс оғланға берілсін.

Ақсақ Темір Мауараннахр билігін алған күннен бастап, бұны Жағатай ұрпақтарынан бөтен, өзі шыққан Барлас руының адамдары жақтап келген. Жаңа әмірге өлердей қарсы болған Жалайыр руы еді. Ақсақ Темір айласын асырып, бұл батыр руды да жеңген. Бас көтерер адамдарын өлтіргенін өлтірген, құл еткенін құл еткен. Жалайырдың біразы Жетісуға, не Ақ Орда жеріне қашқан. Олардың қарамағындағы әскерлері, қатын, балалары тегіс Ақсақ Темірге көшкен. Әмір-Темірдің қазіргі Тоқтамысқа бергелі тұрғаны осы әскер еді.

— Құп болады,— деді Құсайын әмір, әскер басы.

— Тағы қандай тілегің бар? — деді Ақсақ Темір Тоқтамысқа көз тастап.

— Бөтен тілегім жоқ,— деді Тоқтамыс,— осыншама істеген жақсылығыңызға көп алғыс.

— Жоқ бар. Білемін. Айт,— деді Ақсақ Темір тағы.

Тоқтамыс күмілжіп қалды.

— Жарайды, мен өзім айтайын,— деді әмір.— Жылқы, жат жерде қазықсыз, ер жат елде жұбайсыз тұра алмайды. Біздің Орданы өз ордаң санау үшін елден сүйіп алар жарың болуы керек. Білемін ондай жарың бар. Ол Құнайым-Жұпар-бегім. Кешке екеуіңді қосамыз.

Тоқтамыс басын иді.

— Айтқаныңыз болсын,— деді.

Әмір-Темір орнынан түрегелді.

— Осымен бүгін шаруа бітсін,— деді.— Ал енді тойға дайындалайық.— Сосын кенет Тоқтамысқа тесіле қарады.— Бірақ, Тоқтамыс оғлан, ұмытпа, Құнайым-Жұпар-бегім менің немере інімнің қызы!

— Сіздей мәртебелі ұлы жиһангерге күйеу атанғанымды өзіме үлкен бақыт санаймын,— деді тағы басын иіп тәкаппар Тоқтамыс.

Бірақ ол бүгін басын иіп, алғысын айтып тұрған осынау қыпшақ өңді, әлемді тітіркенте бастаған қанды көз адаммен, бір үш жыл өтпей-ақ бірін-бірі өлімге қиярлық, мәңгілік жау болып кететінін білген жоқ.

Бақ құмарлықтың, тақ құмарлықтың бір анадан, бір әкеден туған ағалы-інілі адамдарды да жау ететін қасиетін Тоқтамыс есіне алған жоқ, тек қуаныш үстінде болашақ ең аямас жауына басын иіп алғысын айта берді... Ақсақ Темір мен Тоқтамыстың алғашқы кездесуі осылай бітті.

Орыс хан Барыс, яғни 1362 жылы Ақ Орда ханы боп ақ киізге көтерілісіменен-ақ, Сығанақ шаһарын Орда кіндігі еткен. Бұл Шыңғыс хан шабуылынан кейін қайта жөнделген, сауда жолында тұрған, берік бекіністері-хизарлары бар үлкен қала еді. Орыс хан сол Ақ Орда тағына отырған жылы қарамағындағы ұлыс, аймақ басшылары әмір, бек, би, ру ағалары, белгілі батырларды Ордасына шақырған. Келген игі жақсылардың бәріне қымбат тарту-таралғы беріп, сый құрмет көрсеткен. Осы Ақ Орданың игі жақсыларының бас қосқан мәжілісінде Алтын Орданы жаулап алуды әңгіме еткен. Келген бекзадалар, бір дауыстан Орыс ханның ойын мақұлдаған. Бүкіл Ақ Орда боп әскер жиып, Алтын Ордаға жорыққа аттанып, оны Ақ Ордаға қосып, Орыс хан басқаратын бір мемлекетке айналдырмақ болған. Бұл мәжіліске Маңғыстау билеушісі Той-Хожа әмір келмей қалған. Артынан Орыс хан арнаулы жасақ жіберіп Той-Хожаны шақырып алған. Айтқанына көнбеген Той-Хожаны өз қолыменен өлтірген.

Орыс хан тегеуірінді, қатал мінезді және өте батыл ер жүрек, алдын болжай білетін кең құлашты мемлекет қайраткері болған. Күшейіп келе жатқан көрші мемлекеттердің қолдарына Дешті Қыпшақтың талан-тараж боп тарап кетпеуін көп ойлаған.

Сондықтан Орыс хан бар күшін көршілес Мауараннахр, Хорезм, Қорасан, Моғолстан тәрізді елдерге жұмсап, уақтатпай, бірден Алтын Орданы өзіне қосып алу әрекетіне кіріскен.

Алтын Орда мен Ақ Орда бір қолда тұрса қандай жау болса да қорқынышты емес деп санаған.

Дегенмен Орыс ханның алғашқы үш-төрт жылы Ақ Орданың өз ішін бекітумен, мықты әскер құрып, жорыққа дайындалумен өткен. Содан кейін Алтын Ордаға аттанған.

Осы жылы Ақсақ Темір Құсайын әмірді өлтіртіп, өзі Мауараннахр билеушісі болған.

Ал Орыс хан бір бес-алты жыл өткенше, осы Ақсақ Темірдің Ақ Ордаға қандай қауіп тудыратынын ойламаған, сол себептен де жер қайысқан қалың қолмен, тек батысқа қарай ғана аспай-саспай жылжыған. Демек, Ақ Орда әскерінің оң қанаты Қаңғылы тайпасының жауынгері болатын, сол қанаты алаш мыңы деп аталатын, Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ, Найман және сондай қазақтың басқа да руларының жауынгер жігіттерінен тұратын.

Бұл қазақ шежіресінде «Қалталы Иман мен кәрі Михалдың заманы» деп аталатын орыс еліменен Алтын Орданың мықты байланысты кезеңнің өткен тұсы еді.

Сыңсыған қол бірте-бірте Ақ Жайыққа жеткен. Қазақтың осы тұстағы әйгілі батырлары басқарған қосындары, Алтын Орданың қарсы шыққан әскерін жаппай жеңіп, алға қарай ұмтыла берді. Сиыр, яғни 1374 жылы Хаджы-Черкес әмірді қуып шығып, Орыс хан бастаған қазақ-қыпшақ қосындары Хаджы-Тарханды алды. Бұл тұста Сарай-Беркедегі Алтын Орда ханы Хаджы-Черкестің бақ күндесі Айбек өліп, хан тағында оның баласы Керіхан отырған. Орыс хан Хаджы-Тарханды өзіне қаратқаннан кейін, келесі Қоян жылы ол Керіханды қуып жіберіп, Сарай-Беркеге ие болды. Енді Алтын Орда ханы аталуға екі-ақ нәрсе керек еді.

Бірі Мамайдан Қырым мен Сақыстан тұсын тартып алу болса, екіншісі бұрыннан Алтын Ордаға жататын Еділ, Қама өзендерінің жоғарғы жақтарын жайлап жатқан бұлғар, татар, мордва, башқұрттарды өзіне қаратуы ғана қалған.

Мамайдың да бұл күндері ең биікке шыққан кезі еді. Оны шабуға Орыс ханның көңілі дауаламады.

Ал Еділдің жоғарғы тұсына аттануды Орыс хан керек деп ойламады. Ол енді ең алдыменен осы жаулап алған жерлерін, ел-жұртын бойына сіңдіріп, екі Орданы біріктіру ісіне кіріспек болды.

Дәл осы кезде Самарқантқа қашып барған Тоқтамыстың Түркістан өңіріндегі Ақсақ Темірдің көп әскеріменен Ақ Орда кіндігі Сығанақ пен Сейхундарияның орта шеніндегі қыпшақ-қазақтардың ең үлкен шаһарлары Отырар мен Сауранды басып алмақ боп аттанғанын естіді.

Еліме ел қосып аламын деп Батыста жүрген Орыс ханға енді өз елінен айырылып қалу қаупі туды.

Орыс хан, пәле Тоқтамыста емес, оның қолтығына су бүркіп отырған Ақсақ Темірде екенін бірден түсінген.

Мауараннахрдың да, Жағатай ұрпақтарының хан тағына таласып жүрген кезіндегі, бұрынғы Мауараннахр емес екенін де білді.

Алтын Орданы Ақ Ордаға қосып, Орыс ханның әбден күшейіп алуына Ақсақ Темірдің мүмкіндік бермегенін ұқты.

Енді байтал түгіл бас қайғы болды.

Амал жоқ, әскеріне Ақ Ордаға қайтамыз деп бұйрық берді.

Құмырсқадай бықыған Ақ Орда жауынгерлері, енді аттарын ер-тоқымдап, қанжығасына құлпараларын байлап, көк найзаларының ұштарын қайрап, жолға дайындалды.

Орыс хан өз орнына Ақ Орда тағына қалдырған ортаншы ұлы Құтлық-Бұғыға: «Біз жеткенше жауды кідірте тұрсын» деп қос атты шабармандар шаптыртты.

Ал өздері сол Қоян, яғни 1376 жылдың Тамызында Сығанаққа бет алды.

Бірақ Орыс ханның Сығанаққа келуін ешкім күткен жоқ, соғыс басталып та кетті.

Құтлық-Бұғы мен Тоқтамыстың әскері Отырар шаһарының күнгей жағындағы далада кездесті. Таң жаңа білінген кез еді. Дабыл қағылып, керней тартылып, екі жақтың атты әскері бетпе-бет айқасты. Ақ Орда қосындарының алдында, Орыс ханның бұқа басы ойылған ақ туының астында көк сауыт Құтлық-Бұғы. Бұл әкесіне тартқан ұзын бойлы, көгілдір көз ер жігіт. Басында көк темір дулыға үстінде көк құрыш сымнан тоқыған кереге көз сауыт. Астында арқыраған қара көк тұлпар. Қолында бұзау бас шоқпар. Өлем деген қауіп жоқ. Үстіндегі сауытына сенеді. Бұл шапса қылыш, тисе оқ өтпейтін торланған көк құрыш. Тек жүрек тұсында кейде «көз», кейде «тағдыр» деп аталатын, найза ұшы не садақ жебесі ғана тесігі бар.

Ер жүрек Құтлық-Бұғының бүкіл денесінде осы бір оймақтай «тағдырдан» бөтен еш қылыш, найза, не жебе өтетін жері жоқ. Үстіндегісінің бәрі тегіс көк құрыш темір...

Осынау таудай денеден оймақтай тесікті табудың өзі де мүмкін емес.

Сол себептен Құтлық-Бұғы ұрыс басталар сәтті күтіп шыдай алмай тыпыршуда...

Ал Мауараннахр әскерінің ең алдында Ақсақ Темірдің жасыл туының астында Тоқтамыс. Бұның да мінгені Әмір-Темір жылқысынан таңдап алған желден жүйрік қылаң құйрық тұлпар. Тек бұның үстіне көк темір сауыты жоқ. Басынды жеңіл темір дулығасына сәйкес, жұқа көк құрыштан жасалған, арқасымен кеудесіне қорғап тұрған кеудешесі ғана бар. Өлімнен бұ да қорқар емес. Бұ да ұрыстың басталуын асыға күтуде.

Кенет тағы дабыл қағылды, зұрна біткен өкіре, ішін тарта шиқылдай, әлемді басына көтерді.

Сол сәтте-ақ екі жақтың атты әскерлері біріне-бірі қарсы ұмтылды. Шу дегенде олар лек-лек боп желе жөнелді. Бірте-бірте аттарын желе-шоқыта бастады, аралары жақындай түскенде ғана «Тоқай Темір», «Орыс хан!», «Әмір-Темір», «Таратай» деп бір-біріне қарсы лап қойды.

Жазық дала кенет қанды майданға айналды. Бірін-бірі қылышпен шапқылаған, найзамен шаншысқан жауынгерлер. Шатыр-шұтыр айқасқан алдаспан, темір шоқпарлар! Майдан үсті найза бойы көтерілген шаң топырақ. Ештеңені жөндеп көріп те болмайды. Тек үстіндегі иесі құлаған аттар ғана арқырай кісінеп, шетке ойнақтай шауып, шығып жатыр. Демек, іп-лезде ұшы-қиыры жоқ жазық дала, қан саси жөнелді. Ұрыс бие сауымындай мезгіл өткенде бір сәт Мауараннахр әскері кейін сырғи бастады. Сол сырғуы мұң екен, енді Тоқтамыс әскері жалт бұрылып, тым-тырақай қаша жөнелді. Алдарында Тоқтамыстың өзі.

Құтлық-Бұғы жау әскерінің қашқанын көріп, қасындағы бір топ қорғаушыларымен шеткерек төбенің үстіне шықты. Осы арадан қай қосынның жаудың қай тобының соңына түсу керек екенін нұсқап тұрды. Қашқан жауды да, оны қуған Ақ Орда әскерлері де бірін-бірі бастырмалата жанынан өтіп жатты. Міне енді төбе қасынан Мауараннахрдың Жалайыр жауынгерлері көрінді. Бұлар Тоқтамыстың өзге қосындарындай емес, тобын жазбай садақтарынан қуғыншыларына оқтарын жаудыра, асықпай шегініп келеді.

Құтлық-Бұғы олармен атысып келе жатқан Ақ Орда жауынгерлерінің алдындағы Әлібек мыңбасына айқай салды:

— Қоршаңдар! Қоршаңдар! Бірін тірі жібермеңдер! — деді. Сол уақытта есік пен төрдей ақалтеке мінген бір сұлу мұрт қара сұр жігіт, Жалайыр тобынан бүйірлей сытылып шыға келді де, қайың сапты садағын төбе басында тұрған Құтлық-Бұғыға қарай шірене тартып қалды. Сөйтті де өз тобына қосылып кетті.

Құтлық-Бұғы қалпақтай ұшты.

Қара сұр жігіттің жебесі Құтлық-Бұғының сауытындағы оймақтай «тағдырынан» қадалған екен.

Алла тағала қаласа, алтын сандықта жатсаң да ажал табасың деген міне осы да!

Алла тағала Құтлық Бұғыны шын қалаған екен, әйтпесе таудай кісіге атылған жебе оймақтай «тағдырды» қалай тапты?

«Тағдыр» десе тағдыр екен бұл тесік, Құтлық-Бұғының ажалы осы «тағдырдан» келді.

Құтлық-Бұғы қаза болғанмен, Ақ Орда әскері жеңді. Тоқтамыс қалған жауынгерлерімен қашып, қайтадан Самарқантқа келді. Ақсақ Темір ренжудің орнына сый-құрмет көрсетіп бұрынғысынан де көп әскер беріп, қару-жарақпен, бөтен керектерімен молынан қамтамасыз етті. Сөйтіп, Тоқтамысты қайтадан Ақ Ордаға қарсы аттандырды. Бұны естіген Ақ Орда бектері орасан көп әскер жинап Орыс ханның үлкен баласы Тоқтықияны бас етіп, Құтлық-Бұғының өшін қайтармақ боп Тоқтамысқа қарсы шықты. Бұл жолы екі әскер Сауранның түбінде кездесті. Үш күнге жуық ұрыс болды. Хандардың кегін, бақ таластықтарын қорғаймыз деп талай қыршын жас екі жақтан қаза тапты. Сейхүндарияның сұрғылт топырақты өңірі жазықсыз төгілген қаннан күрең тартты. Тоқтамыс бұл жолы тағы жеңілді. Тоқтықияға төтеп бере алмай, Мауараннахрдың көк құрышты көп әскері тағы кейін шегінді. Ақ Орда қосындары оларды қуып жүріп қырды. Тағы Тоқтамыс астындағы атының жүйріктігінің арқасында қуған жауынан құтылды. Сейхундарияның жағасына жетісіменен, сәйгүлігінен секіріп түсіп, үстіндегі киім, қару-жарағын лақтырып тастап, атының құйрығынан ұстап арғы бетке жалдай жөнелді.

Бір топ жауынгермен соңынан қуып жеткен Қазаншы батыр, арғы бетке жетіп қалған Тоқтамысты көздеп тұрып, садағыменен атты. Ажалы жоқ екен, жебе судан қылтиған Тоқтамыстың басына тимей, ат құйрығынан ұстаған қолының қарына қадалды. Тоқтамыс атының құйрығын қоя берді.

Сейхүндарияның долы толқындарыменен алысып арғы бетке әзер шыққан Тоқтамыс, жаралы қарынан қаны сорғалай қансырап, қалың жиде ағашының арасына жете құлады.

Ақсақ Темір бұл жолы Тоқтамыспен бірге Ақ Ордаға қарсы өзінің немере ағасы, Барластан шыққан бір батырын жіберген.

Аман, есен арғы бетке өткен осы Барлас батыр әскерлерінің өзен жағасындағы қалың қамыс, ағаш арасына шашырап кеткен қалдықтарын жинап жүріп, қансырап, ыңқылдап өлгелі жатқан Тоқтамыстың үстінен шыққан. Жарасын жуып шоңайна жапырағымен таңып, жалғыз өсіп тұрған кәрі қайыңның қабығын қайнаттырып, суын іштіріп, жігіттерінің үстіндегі киімдерінен киім ауыстырып кидіріп, қостарына алып келген.

Бұл кезде Ақсақ Темір Бұхарда еді. Тоқтықиядан жеңіліп, жараланып қайтқан Тоқтамысқа сахибқыран әмір атана бастаған Әмір-Темір тағы ренжімеді. Бұрынғысынан да көп дүние-мүлік, қазына беріп, Самарқантқа қайтарды. «Қарамағындағы кісілеріне, әйеліне қырғи қуған торғайдай үрпиіп, сиқың кетіп қайтпа. Әмір-Темірмен одақтасқан адам, әрқашанда өзін жеңіс иесі сезіну керек» деді.

Осы кезде ол Орыс хан Сығанаққа оралғанын естіді. Бұл хабарды жеткізген саққұлағы: «Өзі жоқта, Сіздің әскеріңізге қарсы шығуға балаларына жәрдем бермеген Ақ Ордаға бағынышты бірнеше әмірлердің Орыс хан басын алды. Құмкент бегі Құтлыққияны да өлтірмек көрінеді»,— деді.

— Баба Түкті шашты Әзиздің аруағынан да қорықпады ма? — деді Ақсақ Темір.

— Жоқ,— деді саққұлағы.— Орыс хан әулие аруағы түгіл, құдайдың өзінен де қорықпайтын шығар.

Құмкент даруғасы Құтлыққияның үш атасынан бастап Алтын Ордаға еңбек етіп келе жатқаны жұртқа мәлім еді. Баба Түкті шашты Әзиз атанған Ақ Маңғыттан шыққан Баба-Тұқлиса Мекедегі Қааба ғибадатханасының әйгілі сейідінің бірі болған. Түркістан, Алтын Орда мұсылмандары аңыз етіп Баба Тұқлиса деген сөзді Баба Түкті шашты Әзиз деп әулиеге айналдырған. Әулиенің зираты Құмкент шаһарының қасына қойылған. Шығыс мұсылман қауымдарының бұл әулиені осылай атауының бөтен де себебі бар еді. Мұхамбет пайғамбардың салған дінінің негізі — ісләм діні делінгенмен түрлі-түрлі уақ тараулары көп болған. Бәдәуи шейхтері үнемі жалаңаяқ жүрген, Медина шейхтері бастарын ылғи тақыр етіп қырып тастаған, Қааба төңірегіндегі шейхтардың бір бөлегі, Медина шейхтеріне қарсы жол ұстап, еш уақытта шаштарын алдырмаған. Баба Тұқлиса да осы топқа жатқан. Ақсақ Темірдің де: «Орыс хан Баба Түкті шашты Әзиздің аруағынан қорықпады ма?» дегендегісі осы әулиенің аруағы еді айтып отырғаны.

Сол күні кешке Әмір-Темір әңгіме еткен Құтлыққия бектің баласы, Маңғыт батыры, аты жаңа шығып келе жатқан, соңынан атақты Ер Едіге қиссасының бас кейіпкері болған, жиырма беске жаңа жеткен Едігенің өзі Орыс ханнан қашып Бұхарға келген. Ақсақ Темір бұны да құшағын жайып қарсы алды. Үстіне үй тікті, астына тұлпар, қасына нөкер берді. Түнде қойнына қыз апардырды, күндіз сұңқар салдыртты. Аузымен құс тістейтін жүйрік тазылар ілестіріп аңға шығарды. Осы Едіге батыр құр өзі ғана келген жоқ, Орыс ханның Мауараннахрды шабуға дайындалып жатқанын айта келді. Және Орыс ханға деген өштігін ала келді.

Тегеуріңді Орыс хан құр ғана Едігенің әкесі Құтлыққияны өлтірмек болып қойған жоқ, оның біраз мүлкін талап, кіші қызы Ақ Маңғыт Айым-бикені өзінің кіші баласы Темір-Мәлікке тоқалдыққа алып берген. Намысқор Едіге, жақсы көретін кіші қарындасын күң тәрізді тал түсте, қалыңмалын бермей, хан нөкерлерінің ат артына отырғызып алып кеткеніне жаман кектенген. «Тоқта, Орыс хан, сенің бұл істегеніңді өз басыңа келтіре алмасам да, балаңның, не балаңның баласының алдына келтірермін!» деп антын берген. Бірақ Едіге Темір-Мәлік алған Ақ Маңғыт Айым-бикеден Темір-Құтлық туып, оны соңынан өз қолыменен Алтын Ордаға хан ететінін сезген жоқ еді. Сол Темір-Құтлық кезінде, бүкіл Дәшті Қыпшақты тітіреткен әйгілі билеушісі болды. Ал қазір өштескен көңіл, маза бермей, ашу үстінде әлгідей орындалмайтын серт бергіздірді.

— Кімнің кімді шапқанын көрерміз! — деді Ақсақ Темір.

Әмірдің бұлай деуге бұл күнде хақы бар еді. Мауараннахрға таяу ең күшті Ақ Орда мен Хорезм бұл хандықтың осы ақырғы алты жылда қалай өсіп үлгіргенін білмей қалған. Бүгінгі күні, Мауараннахр бұл екеуін жеңе алатындай күйде еді. Егер Ақсақ Темір тірі тұрса, екі-үш жылда оларды да өзіне бағындырып қалуы мүмкін көрінген. Өйткені Ақсақ Темірдің ең қанішер және айлакер, қолындағы күшін көзін тауып пайдалана алар жиһангер екені аңғарылып қалған.

Едіге батырдың айтқаны шын екен. Көп кешікпей Орыс ханнан Кепек-Маңғыт пен Тұлужан батыр басқарған елшілер Бұқарға келді. Олар Орыс ханның сәлемін айтты. «Тоқтамыс менің баламды өлтіріп, саған барып тығылды. Сол жауымды ұстап, қол-аяғын байлап өзіме жібер. Ал егер бұны істегің келмесе, қан майданда кездесетін жерінді айт» — депті Ақ Орда ханы. Оған Ақсақ Темір: «Талға тығылған торғай да аман қалады. Тоқтамыс маған келіп паналады. Оны сендерге ұстап бермеймін. Ал соғысқың келсе, оған мен дайын» — деді.

Кепек-Маңғыт пен Тұлжан батыр, бір түнеп сыйлы қонағасын жеп, жігіттерін ертіп, ертеңіне еліне қайтты. Енді Ақ Орда мен Мауараннахрдың майданда бір кездеспей тынбайтындары мәлім болды.

Ақсақ Темір де, Орыс хан да соғысқа дайындала бастады.

Ақсақ Темір дереу Самарқантқа қайтты.

Екі әскер Ұлу, яғни 1377 жылы Қазан айының аяғында Отырардың жазық даласында қарама-қарсы кеп шептерін құрды.

Ақсақ Темір Жағатай ұлысының бар іске татыр жауынгерін жинады. Орыс хан Ақ Ордаға жататын Жошы ұлысының найза ұстауға жарайтын еркек кіндік-тісінен ешкім қалдырған жоқ. Бұл күзгі суықтың басталар тұсы еді. Отырар шаһарының екі жағы сыңсыған әскерге толды. Қарашаның қара суығы түспей ұрыс басталмақ. Құрығанда екі жақтан жүз мыңдай әскер бар. Орыс хан мен Ақсақ Темір мұсылман ғұрпын сақтап, ортаға жұма күнін салып, арғы күні, сенбінің сәтіне жазық далада бетпе-бет келмек. Екі жақ осылай келісті.

Ең алдымен алдыңғы шепке атты әскерлер шықпақ. Сосын барып жаяу қосыңдар кіріспек. Ақ Орданың атты әскерінің күші басым. Бұл атам заманынан соғысқа атпенен шыққан қыпшақтар ғой. Ал Жағатай ұлысының да бас күші атты жауынгерлер болғанменен, Ақсақ Темірдің арқасында жаңа тәсілге үйренген, бұларда жаяу қолдар да бар. Жағатай ұлысының күші бұл жағынан молдау. Екі жақтың әскері де мұсылмандар. Олар жұма күні соңғы намаздарын оқып, құдайға сиынып құрбан айтып, таңертең ерте тұрмақ боп, ымырт үйіріле-ақ жатып қалды.

Бұлар жатысыменен кенет жел тұрды. Жел аяғы жаңбырлы-қарлы дауылға айналды. Таң сәріден оянған әскер, ақпанның қаңтарындай бет қаратпас долы желді қара суыққа душар болды. Азынаған жел ақырында боранға айналды. Күздің майда қоңыр салқынында ықшамдала киінген жауынгерлер соғыспақ түгіл қар аралас, кейде қалың жаңбырлы ысқырған желді қара суыққа шыдай алмай, шыбын жандарын қоярға жер таппай бүрсең қақты.

Ақсақ Темір де, Орыс хан да мұндай жағдайда, әскерлерін бастап майданға шығудың орнына, енді өздері ошақ басын айналдырды. Екі ағайынды ел, бірімен-бірі соғыспасын дегендей, жауынды-шашынды, кейде қарлы боранды, адамның өңменінен өтетін қара суық жел ай бойы уілдей тұрып алды. Ақыры қарашаның суығы келіп, үскірік бұдан да өршелене түсті. Қараша біте ызғары бет қаратпайтын қыс түсті. Қазан, қараша айларында дүркін-дүркін құйған жаңбырдан топан су жиналып, сай жыраларды былай қоя тұрып, үскірік аязға ұрынып, тіпті жазық даланың өзі мұз боп жатқан көк айдынға айналды. Тағасыз сәйгүліктер тайғанап, екі жақтың атты әскерлері дәрменсіз күйге жетті. Оның үстіне тебінге үйренген жылқы малы, жайыла алмай, көтерем бола бастады. Әрине, мұндай жағдайда соғысу тіпті мүмкін емес. Орыс хан ең бірінші боп өз әскерін кейін шегіндірді. Бұны көрген Ақсақ-Темір де қосындарына Отырар даласын тастауға бұйрық берді. Бірақ сол әскері шегінетін түні ол Қорасан кіндігі Гераттан қашып келіп, Ақсақ Темірге қосылған Жарық Темір, Қытай Баһадүр және Мұхамед-Сұлтан деген әскери басшыларына, аттарының аяқтарына кигіз байпақ кигіздірілген бес жүз атты жасақпен шегініп бара жатқан Орыс әскерін шабуға әмір етті.

Мұндай жағдайдың болатынын болжаған Орыс хан да қаннен қаперсіз шегіне бермеген. Ақ Ордаға қайтып бара жатқан қалың қосындарға, соңынан жау тимесін деп кіші баласы Темір-Мәлік-оғланды басшы етіп үш мың жауынгерден тұратын қалқан қалдырған.

Ақсақ Темірдің бес жүз атты әскеріменен Темір-Мәлік басқарған үш мың жасақ түнде кездесті. Тағы да екі жақтан көп адам қырылды. Осы түнгі айқаста Жарық Темір мен Қытай-Баһадур қаза тапты. Темір-Мәлік-оғлан аяғынан қатты жарақаттанды. Екі әскер де күн жылынысымен, бірімен бірі қайта кездеспек боп, алыстан «бәлем сені ме!» деп қамшыларын білей, уақытша болса да ұрыстарын тоқтатты.

Ақсақ Темір қалың жауынгерлерімен Қашыға келіп орнықты. Осы уақытта жасы келіп қалған Орыс хан кенет жүрегі біресе түйіліп, біресе біз қадалғандай сұққылап қатты сырқаттанып қалған. Шегіне бастаған әскерін Қаракесек батырға тастап, өзі жедел Сығанаққа қайтқан.

Ордасына келіп, жылы төсекке жатса да сырқатының беті бері қарамаған. Бақсы балгерлердің үшкіргеніне, жындарын, аруақтарын шақырғанына бой бермей, жүрегінің қысылуы үдей түскен.

Үш күн осылай қиналып жатып бір сәт жүрегі кенет қабынып кетіп, ақырғы рет ышқынып барып демін алып, дүние салған. Ақ Орданың шаңырағы құлап жерге түскен.

Жеті қатыны, он ұлынан тараған тоғыз ауыл үрім-бұтағы жоқтау айтып, cap даланы басына көтерді. Бүкіл Ақ Орда даласы қара жамылып қайғырды. Міне осы кезде Ақсақ Темір кессе қан шықпас темірдей өзінің қатты екенін көрсетті. Ақ Орда ханы өліп, бассыз қалған денедей дәрменсізденіп жұрты не істерін білмей, Орыстың үлкен баласы Тоқтықияны хан сайламақ боп жанталасып жатқанында Әмір-Темір Қашыдан қалың қолмен шығып, он бес күн дегенде келіп жетіп, Сейхүндарияның бойындағы қалың қамысты Жайранқамыс деген жерді қыстамақ боп қонып жатқан Ақ Орданың көшін шапты. Ақсақ Темір келе қояды деп ойламаған қамсыз ел, жау әскерінен қатты соққы жеді. Бар жылқыларынан айырылды. Әмір-Темір шапқыншыларына қарсы жорық ұйымдастырмақ боп жанталасқан Ақ Орда тағына жаңа ғана отырған Тоқтықия хан да кенет өкпесіне суық тиіп екі-ақ күн ауырып дүние салды.

Ақ Орда уақытша болса да тағы бассыз қалды. Жеңіске мастанған Ақсақ Темір, енді Жағатай ұлысына Жошы ұрпақтарының қарсы шығар күші жоқ деп ойлап, Тоқтамысты бүкіл Дәшті-Қыпшақтың ханы етті. Ақ кигізге көтертіп, той жасап, оған өзінің астындағы атақты Қынықөклен тұлпарын тартты. «Қусаң жауыңа жетесің, қашсаң жауыңнан құтыласың» — деді. Өзі Жылан, яғни 1378 жылдың басында Самарқантына қайтты. Тоқтамысқа тұлпар беріп жатқанда Ақсақ Темір айтқан сөзді құдай аузына салған екен. Көп кешікпей осы тұлпар Тоқтамысты жау қолынан алып шықты. Ақсақ Темір кетісіменен бүкіл Ақ Орда игі жақсылары боп Орыс ханның ең кіші ұлы Темір-Мәлік-оғланды хан көтерген. Темір-Мәлік-оғлан Ақ Орданың тағына отырған күніне бір жеті өтпей Тоқтамысты Дәшті Қыпшақ жерінен қуып шығамын деп жар салған. Және уәдесінде де тұрған. Қалың қолмен Жайранқамыс маңында хандық құрып шеп ұстап тұрған Тоқтамыс қосындарын кеп шапқан. Әскерінің көптігіне қарамай Тоқтамыс тағы жеңілген. Қынықөклен тұлпары бұны төніп келген жаудан алып шыққан. Бетінің арын белге түйіп, Тоқтамыс тағы Ақсақ Темірге қайтып келді. Әмір-Темір оны жеңіспен оралғандай тағы құрметпен қарсы алды.

Бұл оқиға Ақсақ Темірдің Дәшті Қыпшақтан өтіп Алтын Орданы шабудың тіпті мүмкін емес, екеніне көзін жеткізді. Енді Әмір-Темір Сарай-Беркеге, түбі бөтен тұстан тиісу керек екенін ұқты. Сондықтан алдыменен, Қорасан мен Хорезмді өзіне қаратып, сосын Кавказ бен Иранды бағындырмақ болды. Сол себептен ол осы кезде Жағатай ұлысына жігіттерін соғысқа шақырып ұран салған. Алдағы күрестерінің оқайға түспейтінін түсініп, мол дайындыққа кіріскен. Сөйтсе де ол Ақ Орданы да ұмытпаған. Ақ Орданы Тоқтамыс билесе, Алтын Орда да еш жаққа кетпейді деп ойлаған. Түбі өзі жаулап алғанша Алтын Орда, Ақ Орда жағынан өзіне қауіп тумағанын көздеген. Әрине, осыншама жәрдем істеп, Ақ Ордадан сан жеңілгенін жеңіске санап, хан көтеріп қошаметтеп отырған Тоқтамысты Ақсақ Темір еш уақытта да өзіне қарсы шығады деп титтей де күмәндәнбаған. Ол Тоқтамысты өмірбақи өзіне борышкер, бағынышты болып өтеді деп сенген.

Бірақ Тоқтамыс ондай болмай шыққан. Бұған оның тек өзімшіл мінез-құлқы ғана кінәлі емес еді.

Адамның көңілі бір атым насыбайдан да қалады, өзіне сан жақсылық істеген Ақсақ Темірге болашақ Алтын Орда ханы кенет іштей қанды қанмен жуарлықтай боп сестене қалған.

Уақиға былай болған. Ұлу жылы Тоқтамысқа шыққан Құнайым-Жұпар-бегім тоғыз ай, тоғыз күн дегенде ақ сазандай ұл тапқан. Атын Тоқтамыс өзі қалап Ақжелең қойған.

Осы Ақжелең той-тойлап жүре бастаған кезінде Тоқтамыс Темір-Мәлік ханнан жеңіліп, Ақсақ Темірге келген. Жағатай ұлысының әмірі оны қанша жұбатып қошеметтегенде, бұл жолы Тоқтамыстың көңілі жадырай қоймаған. Ақ Орда ханынан жеңілуін тікелей айтпаса да, іштей Ақсақ Темірден көрген Тоқтамыстың бұлай жоруының бір себебі де бар еді. Ақ Ордаға қарсы шығарында, Ақсақ Темірдің қанша әскер жинағанын Тоқтамыс жақсы білетін. Жайранқамысқа да Әмір-Темір қыруар қолымен аттанған. Ал Тоқтамысты хан көтеріп, өзі кейін қайтқанда, бұның қарамағында қанша әскер қалдырды? Ақ Орда әскері шабуыл жасар болса, оған қарсы тұруға жеткіліксіз еді. Ақ Орданың шынтуайтқа келгенде, қанша әскер жия алатынын білетін Тоқтамыс, хан көтеріп тұрып, ордасын қорғауға Ақсақ Темірдің шамалы күш тастап кеткеніне іштей ренжулі еді. «Маған неге аз әскер берді? — деп ойлайды ол, әлде сенбейді ме, тым күшейіп кетеді деп қорқа ма? Осылай ұстасам бағынышты болады деп ойлай ма?.. Егер олай ойлайтын болсаң... Тоқтамыс өз ойынан өзі шошынғандай, жоқ, жоқ деді ол тағы да, өзің күшті болмай, еш уақытта да оңбайсың. Қайткенмен де өзім күшті болуымды ойлауым керек...»

Тоқтамыс осындай күйде жүргеніңде, Ақсақ Темір бір күні бұны үзеңгілес серіктерімен бірге аң аулауға шақырған. Хан, әмір ұлыс иелерінің аңға шығуы, көне заманнан келе жатқан дәстүр бойынша бір керемет той-думанға айналатын. Құралайды көзінен ататын кілең мерген жігіттермен көкжал қасқырларды тырп еткізбей алатын арлан тазы ерткен, қыран бүркіт ұстаған құм-бектерінің өздері бір топ. Ас-су дайындайтын әйел-еркек, қыз-қырқын бір қауым. Жүген-құйысқандарын, ер тоқымдарын, өмілдірік-тартпаларын алтынменен аптаған, күміспен қаптаған тайпы елден алдына жүйрік салмаған қара көк, көк ала сәйгүлік мінген әмір, бекзадалар өз алдарына бір бөлек... Тартылған керней, сырнай, жол-жөнекей шырқалған ән, әзіл сықақ...

Бұлар үш күн аң аулап, жолдары болып, жиырмаға жуық қасқыр, елуден артық түлкі, қарсақ, жүзден астам бұғы-марал атып, аман-есен елдеріне қайтып келе жатқан. Көңілдері көтеріңкі, даланы басына көтерген сырнай-керней. Әмір-Темірдің қасында осы жолы ерекше көзге түскен Ақсақ Темірдің әйгілі Көксемсер аталған қасқыр жындас арлан иті келе жатыр. Әмірдің аңға шыққандағы бір себебі осы итін жұртқа көрсетіп, бір мақтану еді.

Көксемсер әмірдің ойынан шыққан. Бір өзі төрт қасқыр алған. Бұл жолғы саяхатта тағы бір кісі ерекше көзге түскен.

Бұл Едіге-Маңғыт еді.

Бұл кез оның әлі ер Едіге аталмаған кезі.

Сонда да, «қылышты жүзінен таниды» дегендей, батыр болар ер жігітті болмашы қимылынан-ақ аңғарады сыншыл жұрт.

Асақ Темір де Едігені осындай бір көзге түскен қимылынан аңғарып қалған.

Әмір-Темірдің өзі басқарған он шақты кісі, қалың тобылғы арасына кіріп кеткен көкжал қасқырды сойылмен ұрып алмақ болған. Қасқыр осы тұста-ау деген жерді жан-жағынан қоршап енді бәрі анталап келе жатқан. Қасқыр алар ит біткен басқа жақта еді. Осы топта Едіге де болатын, Тобылғы түбіндегі қасқырды бұлар қоршай түсті. Қазір көрініп те қалар деп ойлаған олар.

Ақсақ Темір шоқпарын басынан асыра көтеріп ыңғайлана берді.

Кенет Әмір-Темір арлан қасқырдың тікірейген қара қылшық жалын көзі шалып қалды.

Сөйткенше болған жоқ, тайыншадай қасқыр құйрығыменен жерді бір ұрып кенет атылды.

Бірақ Ақсақ Темірге емес, қатар келе жатқан Едіге Маңғытқа...

Азу тістері ақсиып, басы кеуде тұсына дөп келген қасқырдың Едіге тамағынан шап етіп ұстай алды.

Алдыңғы екі аяғымен аттың жалына жабысқан қасқырдың тамағынан қыса ұстаған Едіге, көкжалды тырп еткізбей, қатты да қалды.

Қасқыр бұлқынған сайын, Едіге оның тамағынан қыса түсті.

Иесінің мұндай алыстарына үрейленген Едігенің астындағы құла қасқасы тек оқырана шыр көбелек айнала берді.

«Қайсың жеңер екенсің» дегендей Ақсақ Темір орнынан қозғалмады.

Жан-жақтарынан аттарын бастырмалатып келіп қалған өзге әмірлерге де «тимеңдер» дегендей қолымен ишарат берді де, Әмір-Темір сол қозғалмаған қалпында алысып жатқан кісі мен қасқырдан көзін алмай қарады да тұрды.

Қасқыр әлсіреген тәрізді, бұрынғысындай бұлқынбайды.

Көзі шарасынан шыға аларып, қып-қызыл сүйір тілі езуінен шығып, салақтай түсті. Едіге қасқырдың алқымынан тағы сәл қыса түсті де, кенет «Әу, пірім!» деп арғы атасы баба Түкті шашты Әзиздің аруағына сыйына қасқырдың тайыншадай өлі денесін басынан асыра былғай көтеріп, анандай жерге лақтырып жіберді.

Қасқыр, сол құлаған жерінен тырп еткен жоқ. Өліп қалған екен.

Едігенің жалаңаш қолымен қасқырды алғанын көрген Ақсақ Темір сүйсініп: «Жігіт екенсің!» деді.

Сөзге сараң Әмір-Темірдің былай деуі үлкен мақтау еді.

Едіге қасқырды өзі сойып, терісін Ақсақ Темірдің қанжығасына байламақ болды. Бірақ, қасқыр тым үлкен екен. Әмірдің ерінің алдына салды.

Ақсақ Темір Едігенің енді жомарттығына да риза болып қалды. Түбі «бұл өте керек адам болар» деп ойлады.

Осылай жолдары оң болған аңшылар Самарқантқа қайтып келе жатқан. Шаһардың етегінде Тоқтамыс пен Едігенің аулы тұрған.

Бұлар өздерінің көшпелі елдерінің әдетіне салып, жаз келе-ақ астана қасындағы осы бір өзенді жазық далаға жайлауға шыққан. Ақ боз үйлі шағын ауылды Әмір-Темір тобы бөктерлей Самарқантқа қарай бұрылды.

Тоқтамыс Мұхамед ханнан бөлініп Ақсақ Темірдің қасына келді.

— Алдияр,— деді ол Әмір Темірге жанаса бас иіп.— Біз де елміз. Бұл арада Ақ Орданың алтын сарайы болмағанмен, мына тұрған Едіге мен менің ауылым. Сәл кідіріп қымыз іше кетіңіз.

Ақсақ Темір мақұлдады.

— Болсын,— деді.

Салтанатты топ бүйірдегі ауылға бұрылды. Міне осы арада Тоқтамысты Ақсақ Темірге өмір-бақи қастастырардай бір сұмдық оқиға болды.

Ақсақ Темір Көксемсерді бір ұялы қасқырды өлтіріп, апанынан бес күшіктің ішінен таңдап алған. Өзгелерін табанда өлтіріп тастаған. Қасқыр күшігінде қасқыр болмайды, өсе келе қасқыр болады. Ал Әмір-Темір қасқырдың көзін жаңа ашқан кішкентай осы бөлтірігін ордасына алып келген. Өз қолымен аузына сүт құйып, еттің жұмсақ жерін берген.

Ақыры осы Көксемсер тайыншадай үлкен, нағыз көкжал арлан боп өсті. Ақсақ Темір бұны еш уақытта жанынан тастамайтын болды. Жұрт та, Ақсақ Темірдің өзі де енді Көксемсерді әмірдің күзетшісі, қорғаушысы санады. Көксемсер тұрған жерде ешкім де батып Ақсақ Темірге қастық істей алмаса керек-ті. Әмір-Темір аңға шықпаған уақыттың бәрінде де Көксемсер иесінің қасында жүреді. Ақсақ Темір мәжіліс құрып, не біреумен жеке сөйлесер болса, орданың босағасында созылып Көксемсер жатады. Екі қанды көзі бірдей Ақсақ Темірмен сөйлесіп отырған адамда болады.

Ал шынында Көксемсер өзінің осындай сыртқы сұстылығына қарамай, қасқырдан туса да, таныс кісілеріне еш уақытта тиіспейтін ауыл иттері тәрізді жуас еді. Бір адамды қауып, не бір адамға ырылдап қыр көрсетіп, шошытқан емес. Әмірге ешкім тимегеннен кейін, бұ да ешкімге тимейтін. Тек бұның бар қас көрері Құнайым-Жұпар-бегім еді. Көксемсердің бөлтірік кезінде Құнайым-Жұпар-бегім де сылаңдаған жас қыз болатын. Ал бөлтірік, күшік тәрізді өте ойын құмар, біреудің аяғынан тісін батырмай тістеп, не үйге келген жолаушының маңына қойған тымағын, әйтпесе тері биялайын алып қашып, ұстатпай адамның әбден берекесін алып ойнауды жақсы көретін.

Және бөлтірік кішкентай кезінде көбіне Бибі ханымның сарайында жүретін.

Бір күні Құнайым-Жұпар-бегім ханымның тапсырмасымен бір жаққа барғалы, Бибінің өзіменен сөйлесіп отырған-ды. Жолаушыша киінген, қолында тобылғы сапты қамшысы. Ханымның сөзін тыңдап, бір тізерлеп семсер бөлтірік бірдемені домалата қуып, ойнап жүрген. Кенет Құнайым-Жұпар-бегім шар ете қалды. Арт жағындағы Көксемсер әлгі домалақ нәрсесін тастай салып, нөкер қыздың жерге шұбатылып жатқан шашына байланған күміс шашпауын, қызығып кетіп, тістеп алып, тарта жөнелген. Шошып және шашының түбі қатты ауырып кеткен Құнайым-Жұпар-бегімді кенет ашу қысып, ол жалт бұрылып Көксемсерді қолындағы тобылғы сапты қамшысымен тартып-тартып жіберген. Енді қамшы батып кеткен Көксемсер ызалана қалған. Ол жай күшіктердей, қыңсылаған жоқ. Шолпыны тастай, беріп, желке жүнін күдірейтіп, азу тістерін ақситып, нағыз бір шабатын қасқырдай Құнайым-Жұпар-бегімге ашулы көзін қадап, жер бауырлап жата қалды.

— Япырмай, кіп-кішкентай бола тұра мына шіркіннің түрі қандай сұсты еді. Нәсілі қасқыр ғой,— деді Сарай-Тоғай-бегім.— Бекер ұрдың-ау.

— Шошып кетіп, байқамай қалдым ғой,— деді Құнайым-Жұпар-бегім бөлтірікті ұрғанына шын өкініп. Сөйтті де қамшысын беліне іліп, әдеттегісіндей қалтасынан ірімшік алып Көксемсердің алдына тастады, «кә, кә, кә» деді ол қолын жайып «кәне, татуласайық» дегендей. Бұрын Күнайым-Жұпар-бегім сөйткенде Көксемсер, кәдімгі күшіктердей арсалаңдап, құйрығын бұлғаңдатып жүгіріп келетін.

Бұл жолы ол орнынан қозғалмады. Ашулы, отты көзімен Күнайым-Жұпар-бегімді атып, «енді тисең шабамын» дегендей тырп етпей жата берді.

Осы күннен бастап Көксемсер нөкер қызға әбден өшігіп алды. Оны көрген жерде тап беріп, бас салмағанмен, желке жүнін күдірейтіп, үнемі сұстана қалады. Күнайым-Жұпар-бегім енді бұл қасқыр иттен қорқайын деді. Әмір сарайына келген сайын абайлап жүретін болған. Өзінің Көксемсерден кәдімгідей сескенетінін Әмір-Темірге де айтқан. «Сен қыздарға тиюші болма» — деп Ақсақ Темір жанында жатқан Көксемсердің арқасынан сипаған. Иті әмірдің сөзіне түсінгендей жуаси, нөкер қыздан көзін аударып әкеткен.

Күнайым-Жұпар-бегім сонда да Көксемсерден қорқа беретін.

Әйтеуір Тоқтамысқа ерге шыққаннан кейін, әмір ордасынан келіп, бұл қауіптен құтылған.

Әлде қалай Орда сарайына келе қалса, алмас қанжарлы Тоқтамыстан бір елі айырылмайтын.

Осы Көксемсер қазір Ақсақ Темірдің жанында келе жатыр...

Аңшы тобы Тоқтамыс ауылына бұрылған сәтте-ақ Көксемсер әлденеге елең ете қалды.

Ауылға таянған сайын, тұмсығымен ауаны иіскеп бірдеңені сезгендей, басын жоғары көтеріп, құлағы едірейе түсті. Итінің бұл өзгерісін көрген Ақсақ Темір, сірә бұл ауылда өзіне қас иттер барын сезіп келе жатыр-ау, «біреу-міреу талап тастап жүрер» деп сескеніп, құршысына «Көксемсерді шынжырлап ал» демек болды. Бірақ әмір үлгірмеді, кенет Көксемсер атыла жөнелді. Ауылға аңшылар тым таяп қалған-ды. Келе жатқан қонақтарды қарсы алуға Тоқтамыс ордасынан бір топ қыз-келіншектермен бірге Күнайым-Жұпар-бегім сұлудың өзі де шыққан еді. Сұңғақ бойлы, сәукеле киген алдыңғы қатарда тұрған анау әйел сол әйгілі арудың өзі болатын. Қолында бір жарым жасар Ақжелеңі...

Көксемсердің ауылға қарай құйқылжыта жөнелгенін Тоқтамыс сәл кешірек көрді. Ақсақ Темірдің бұрылуға рұқсатын алғаннан кейін қонақтарды қалай қабылдау керек екенін өзінің бір қосшы жігітіне айтып келе жатқан.

Ақсақ Темірдің «кә, кә-лаған!» даусын естіп Тоқтамыс жалт бұрылды. Сөйткенше болған жоқ, Көксемсер ауылға жетіп те қалды. Иттің босқа шаппағанын сезіп, Тоқтамыс та Қынықөкленге қамшыны басты. Әттен не керек, сәл кешігіп жетті. Құйындатқан Көксемсер сол қалпында, топ қыз-келіншектің алдында тұрған Күнайым-Жұпар-бегімді бас салды. Әйелдің қолындағы баласы анандай жерге ұшып кетті. Көксемсер жерге құлаған Күнайым-Жұпар-бегімді апыр-топыр талай бастады. Әйелдің ойбайлап шарылдаған даусы бір сәт шықты да тына қалды. Осы кезде Қынықөкленін арындата Тоқтамыс та жетті. Ол сол шапқан бойы әлі Күнайым-Жұпар-бегімді қан-жоса етіп талап жатқан Көксемсерді айқара сілтеген алдаспанымен тартып өтті. Алмастан өткір алдаспан Көксемсердің дәл желке тұсынан тиген екен, лақтырған доптай етіп, иттің басын анандай жерге ұшырып түсірді. Тоқтамыс атының басын әзер қайырып кейін бұрылды. Әйелі мен баласының жатқан жеріне таяй беріп, атынан секіріп түсті. Сол сәтте топырлай келіп қалған аңшылардың алдыңғы жағындағы Ақсақ Темір оған ақырып жіберді.

— Тоқта! — деді ол бұйырып, сөйдеді де өзімен бірге жүретін, қазір қасында тұрған Ақшаш дәрігеріне: — Бұл не сұмдық, не боп кетті, білші,— деді.

Дәрігер атынан түспеген қалпымен, оқиға болған жерді бір шолып өтті де Көксемсердің басы жатқан жерге сәл аялдап, әмірдің қасына келді:

— Алдияр, гурген,— деді ол.— Сіздің Көксемсеріңіз құтырған екен. Аузынан қанды көбігі бұрқырап жатыр. Бассыз денесінен де жаны кетпепті. Бүйір жүндері әлі бүлк-бүлк етеді. Бұл иттің жынданғанының белгісі.

— Өзім де солай деп ойлап едім,— деді Ақсақ Темір.— Әйтпесе менің Көксемсерімнен мұндай қылық шықпаса керек еді.— Сосын қайтадан Ақшаш дәрігерге қарады.— Енді не істеу керек? Әйел мен бала тірі ме екен?

Ақшаш Бағдатта оқыған үлкен ғалым дәрігер еді.

— Бәріміздің жанымыздан сіздің жаныңыз қымбат,—деді дәрігер.— Бұл арадан сіз қазір кетуіңіз керек. Ал бұл ара, иттің тісі тиген, сілекей түскен жер, қазір тегіс өртелуі қажет!

Дәл осы тұста Тоқтамыс алға қарай ұмтылды.

— Тоқта! — деп Ақсақ Темір тағы ақырды.— Ана иттің денесіне тиген қылышыңды лақтыр!

Тоқтамыс алдаспанын алға қарай лақтырып жіберді.

— Алдияр, Әмір-Темір,— деді ол ызалы.— Ең болмаса қатын-баламның жайын білуім керек қой!

Ақсақ Темір кенет сұрлана қалды.

— Сенің қатын-балаңның жайын ойлаймын деп бүкіл Мауараннахрды апатқа ұшыратар хәлім жоқ,— сөйдеді де, Тоқтамысқа қайта бұйырды.— Атыңа мін де өзің былай шық!

Тоқтамыс басын жерден көтерместен, анандай жерде тырп етпей тұрған Қынықөкленіне барып мінді.

Сонда ғана Ақсақ Темір қасындағы нөкерлеріне бұйырды.

— Бірде-бір адам бұл араға жуымасын. Бір тобың ана сайдан барып тобылғы, қурай әкеп, осы араға тастаңдар. Өзгелерің тезірек ауылды бұл арадан көшіріңдер. Сосын бұл жерді тегіс өртеңдер! Бір жақсысы Көксемсер дер кезінде өлтірілді... Апат бұл арадан еш жаққа жайылмайды. Тек тезірек өртеңдер!

— Әмір-Темір! — деді Тоқтамыс.— Ең болмаса ана нәресте баламды алуға рұқсат ет!

— Жоқ! — деді Ақсақ Темір — Жынданған иттің тісі тиген баланы ұстасаң өзің жынданасың! Сен жындансаң өзгеміз де аман қалмаймыз! Бұл сондай апат. Амал жоқ, бастан құлақ садақа!

Сөйдеді де өзі атының басын бұрып алып жаңағы келген жағындағы төбеге қарай аяңдай берді. Бұйрық алған нөкерлерден өзгелері соңынан ерді. Екі иінінен су кеткендей салбырап қатыны мен баласы жатқан жерге қарай-қарай Тоқтамыс та төбеге беттеді. Ақсақ Темірдің әмірін бұзуға ерлігі жетпеді. Өз қылығынан өзі қорланды. Және Ақсақ Темірдің өзіне ақыра бұйырғанын естіп, кенет үстемдік көрсеткен әмірді өлердей жек көріп қалды. Жоқ, өзінің әлсіздігі үшін емес, ананың бұдан күштілігі үшін оны жек көрді.

Ақсақ Темір төбе үстіне келіп тоқтады. Өзгелер де бұның жанына шоғырлана түсті. Тоқтамыс та үн-түнсіз жұрттың арт жағынан кеп тоқтады.

Ақсақ Темірдің нөкерлері сайға қарай ерсілі-қарсылы шауып, ат үстінен оқиға болған жерге құшақ-құшақ қурай, қамыс, тал әкеп тастап жатты. Үрейлене қалған ауыл да үйлерін жыға бастады.

Бір сәт лап еткен от та көрінді. Әйгілі сұлу Күнайым-Жұпар-бегім, оның сәби баласымен, әмірдің Көксемсер бөрісі жатқан жер көк жалын өртке айналды. Тобылғы мен жас талдың түтіні қап-қара боп будақтай, аспанға жетті. Тістеніп алған Тоқтамыс ешкімге тіл қатпай, қатты да қалды. Бір мезет жанындай жақсы көрген әйелінің аппақ денесін және «көке, көке» деп тілі жаңа шығып былдырлай бастаған сәбиінің балбыраған тәнін қып-қызыл от шыжылдатып күйдіріп жатқанын көз алдына елестетіп қалып еді, жүрегі удай ашып толықсып кетті. Бірақ көзінен бір тамшы жас шықпады.

Күн бесіндіге таяған уақытта ғана өрт сөнді. Сонда да Ақсақ Темір:

— Қандай тамаша көкжал иттен айырылдым! — деді шын қайғырып, бесін намазын оқығалы атынан түсіп жатып. Ал Тоқтамыстың қатыны мен баласының өртенгені оның тіпті есінен шығып кеткендей.

Міне, сонда Тоқтамыс Ақсақ Темірге кенет кектене қалды. «Тоқтамыс ішінен ызалана күлді: «Тек хан тағына қолымды бір жеткіз,— деді ол,— дәл бүгінгі еткеніңді өзіңнің алдыңа келтірермін». Сөйтсе де Тоқтамыс әлі де болса Ақсақ Темірдің көңілінен шығуға тырысты. Өйткені Ақ Орда, соңынан Алтын Орда тағына жету үшін оған бөтен жол жоқ еді.

Осылай Ақ Орданы құлатуға Ақсақ Темір Тоқтамысты, ал Тоқтамыс сол Ақ Орда билігіне жетуге Ақсақ Темірді пайдаланбақ боп жүргендерінде, Самарқанда Ақ Ордадан қашып Ұрық-Темір әмір келді. Ақ Орда мен Алтын Ордадан қашқан адамдарды ылғи құшағын жая қарсы алу Ақсақ Темірге әдетке айналған. Жағатай ұлысының әмірі бұны да құрметпен қарсы алды. Ұрық-Темір де тегін келмеген екен, Ақ Орданың қазіргі жайын, оның ханы Темір-Мәліктің ішімдікке берілгенін, Орда жұмысымен шұғылданудың орнына арақ-шараптан қолы босамайтынын айта келді. «Егер Ақ Орданы шапқыңыз келсе,— деді ол Ақсақ Темірге,— қазір ең ыңғайлы кез!».

Ақсақ Темір мен Тоқтамыс қалың әскермен тағы Ақ Ордаға аттанды. Бұл жылы Темір-Мәлік Қараталда қыстап шыққан. Ақсақ Темірдің Сығанаққа жетіп қалғанын естіп, бұ да ел-жұртына жар салды. Бірақ кеш қалды.

Ақсақ Темір өзі Сығанаққа тоқтады. Тоқтамыс пен Темір-Мәлік әскерлері Сығанақтың күнгей жағында кездесті. Жеті күн бірдей қан сасыған қырғын болды. Едіге бұл айқаста ерекше көзге түсті. Ақыры үнемі мас болып жүріп, қосындарын күні бұрын соғысқа дұрыстап дайындай алмаған Темір-Мәлік жағы жеңілді.

Ақ Орда тағына енді Тоқтамыс отырды. Ол сол таққа отырған сағатынан-ақ Алтын Ордаға хан болуды арман етті.

Бірақ бұл арманның орындалуы әлі ерте еді. Оның және Ақсақ Темірсіз орындалуы да мүмкін емес-ті. Сондықтан Тоқтамыс Ақсақ Темірдің иығына шапанын жауып, алдына кеп иіліп сәлем берумен болды. Оған деген өшпенділігін сыртына шығармады.

Азу тісін көрсетуге ерте санады.

Жалайыр жасақтарымен Едігені Тоқтамысқа қалдырып, келесі жылы Хорезмді жаулап алмақ болып Ақсақ Темір Самарқантқа қайтты.

Алтын Орданың шығыс, шығыс-күнгей жағы шетінен ыдырауға ыңғайланды.

Шығысы, шығыс-күнгейі қандай қауіпті болса, оның күнгейі мен батысы да сондай қауіпті еді. Күнгейінде Мамай қылышын жалақтатса, батысында Орұсут елінің айбынды айқайы естіле бастаған.

Енді Алтын Орданың ең қиын кезеңдері, жоқ, күйреу кезеңдері, таяп келе жатқандай еді.

Ал хан тағына отырған Тоқтамыстың да өзге хандардан қара халыққа деген еш артықшылығы болмады. Қанды тырнақты бүркіт балапаны ұяда нені көрсе соны іледі. Ақсақ Темірдің Ордасында көрген озбырлық, жан аямастық бұның да өзі қалап ақ жолына айналды. Шу дегеннен-ақ, ешкімнің көз жасына қарамай, Есіл, Нұра, Сыр бойын жайлап отырған шаруаның шұрайлы жерлерін өзінің туған-туысына, төре тұқымына, үзеңгілес серік-тілектестеріне жаз жайлау, қыс қыстау етіп тартып алып берді. Әскери күшін күшейте түсу үшін бай, кедей демей бар халыққа ауыр салық салды. Ауқаттылардың сәл мал басы кемісе, жарлы сорлының жалғыз атын алды.

Ханның бұл қылығынан бүкіл Дәшті Қыпшақ дір етті.

Жоқ, құр сескеніп қана қалған жоқ, дір етті де дүр етті. «Сен қайдасың?!» деп айқайласып еркек кіндіктілері сойылын үйіріп, атқа мінді. Топ-топ боп хан ордасына төнді.

Ашық аспанда жинала түскен қара бұлттай, іп-ілезде қозғала келген халық ту етіп алдарына ел-жұртына жаны ашыр, қарадан шыққан Алау батырды алды.

Алпамсадай ала айғыр мінген Алау батыр халық қолының алдына шықты.

Бұл, жай адам көтере алмайтын темір басты шоқпарын оң қолымен ұршықтай үйіретін, күш иесі, алып денелі аңғал батыр еді. Жасы отызға таяп қалған. Жігіттің тепсе темір үзетін кезі. Он сегіз жасынан ел қорғаған, жер қорғаған талай ұрысқа қатысып халықтың рақметіне бөленген. Жеті жасар Тоған атты баласы да өзі тәрізді алып жаралған. Алпамыс тәрізді ойнап жүрген балаларын шертсе, олардың шекесі білеудей болып ісіп шыға келетін.

Жастың аты жас, күрес тәжірибесі аз, аңғал батыр қате істеді. Дәл осы күндері бұрқ-сарқ қайнаған қазандай ернеуінен асып төгіліп жатқан халықтың ашуын дер кезінде пайдаланбай, ол Тоқтамысқа кісі салды. «Ханда қырық кісінің айласы бар» деген мәтелді еске алмады.

— Хан жұрттың тартып алған жер-суын қайтарып берсін! — деді ол өктем сөйлей жаушы етіп жіберіп жатқан екі батыр жігітке,— Егер өйтпейді екен, дайындала берсін, Ордасын шабамыз!

Ал Тоқтамыс көк жиекте шоғырланып жинала бастаған қап-қара жауар бұлттай алыста алабұртып топталып қалған халықты көріп, сескеніп қалды. Халық деген алақанына түкіріп күреске шықса, кімді болса да алып ұратын балуан екенін ол бұрыннан да сезетін. Оған қарсы қоятын дәл қазір өзінде де бәлендей күшті әскерінің жоқ екенін де түсінетін. Таққа да Ақсақ Темір қолдарының жебеуімен отырды. Ал Орда төңірегінде жақында ғана басы қосылған жас әскері, дені осы «алаулаған» жұрттан алынған. Қиын сағатта қанына тартып кетіп жүрсе не істейді?..

Сондықтан ол көде қабағын түкситіп сәл ойланды да:

— Жарайды, менен бір ағаттық кеткен екен,— деді.— Жаңа қонған жұрттың төскейдегі малын жинаттырып, төсектегі баласын ояттырып, бұрынғы қоныстарына қайтарайын, батыр маған мұрша берсін.

Жерден жеті қоян тауып алғандай қуанып, сабылып шауып келген жаушыларға:

— Болсын! — деді Алау батыр,— Қан төгіспей бітімге келгенге не жетсін!..

Тасып барып арнасына түскен долы өзендей қаһарлы халықтың айбарлы екпіні сәл бәсеңдей түсті. Сойылын сүйретіп алыстағы малына кеткендер де табылды. Тоқтамыстың мінез-құлқын білмейтін кейбір ақсақалдар:

— Бәрекелді, хан халқының қамын неге ойламайсың, бізге қиын тиерін білмей қалған ғой...— деді.

Дегенмен, ереуілге шыққан жұрт тарамады. Аттарын шідерлей отқа жіберіп, өздері ерлерін жастанып, сай-саланы толтырып, ханның айтқан уәдесін күтіп бір жеті жатты. Бірақ олар көшіп-қонған бірде-бір ауылды көрмеді. Кенет күдіктене қалған Алау батыр жан-жағына ат шаптырды.

Жерімізге жаңа қонған төре ауылдарының тіпті көшетін түрі жоқ,— деп қайтты олар,— Төскейде малы, төсекте қатыны...

Алау батыр қайтадан Тоқтамысқа жаушы жіберді. Екі иінінен суы кетіп аттарын қара терге малындырып қайтқан жаушылар:

— Хан «Алау батыр былшылдамасын! Егер жан керек болса ана сойылды тобырларын тез таратсын деді»,— дей келді.

Алау батыр, жас арыстандай орнынан атып тұрды.

— Ханды хан екен десем, сөзінде тұрмайтын қатын екен ғой! — деді кәрленіп.— Көрсетейік біз оған халық дегеннің кім екенін!

Қайтадан дабыл қағылды. Халық қолы лек-лек боп Ордаға қарай аттанды.

Бірақ Орда жағынан өздеріне қарсы келе жатқан көк найзалы, көк сауытты, аттары ауыздығымен алысқан Ақсақ Темірдің қалың әскері мен Ақ Орданың шойын шоқпарлы сарбаздарын көрді.

Ханның бұларды алдап ұрғанын енді батыр да, ел де білді.

Бірақ жау көрсе жаны кіретін Алау батыр бастаған Дәшті Қыпшақ жігіттері аттарының басын кейін бұрмады. «Уа, аруақ!» деп жан-жақтан лап қойды.

Ұрыс сәскеде басталды.

Сойыл-шоқпарлы Қыпшақ-сойылгерлері қанша ер жүректі болғанмен темір сауытты Ақсақ Темір мен Ақ Орданың өр сарбаздарына ештеңе істей алмады. Қабырғаға ұрылған киіз топтай, мызғымай, иін тіресіп, көк найзаларын алдарына ұстай, қатарын бұзбай келе жатқан жаяу әскердің шебіне шауып келіп кейін қайтты. Сол жерде біреулері найза ұшына ілігіп жер қапты. Осылай бірнеше шабуылға шыққан қалың топ бірте-бірте сирей бастады. Осы кезде жаяу. әскерінің артында тұрған Ақсақ Темірдің жеңіл сауытты атты әскері мен темір қалқанды Ақ Орда әскері іске кірісті. Енді бағанадан бері жаудың жаяу әскерінің шебін бұза алмай тауы шатылып қалған қыпшақ жігіттері, аттары ауыздығымен алысып, арандап шауып келе жатқан көк найзалы, темір қылышты, соғыса-соғыса әбден дәніккен Ақсақ Темірдің атты әскері мен Ақ Орда найзагерлеріне төтеп бере алмады. Кейін шегінуге мәжбүр болды.

Міне осы кезден бастап Ұлы қырғын басталды.

Тоқтамыстың өзі бастаған, қаныпезер қалың әскері қыпшақтың әділетсіздікке қарсы бас көтерген ер жігіттерін-қойдай қырды, тіпті қуып жүріп сауғалай қолын көтергенін қылышпен шапты, қашып құтыламын дегенін найзамен түйрей жер құштырды.

Күн бесінге айналғанда дүние жүзі қып-қызыл қанға боянып ұрыс тынды. «Қыпшақ қырылған» деген жер содан қалды.

— Кімде кім маған қарсы қол көтерсе, осылай қырылады! — деді Тоқтамыс.

Үнсіз әлем, күнсіз әлем. Дүние жүзін түн басқан. Ала шабыр бұлт арасынан ай көрінсе, әлдекімдер ағараңдайды. Бұлар, біреу баласын, біреу ерін, біреу ағасын, біреу інісін, тауып алып көмуге іздеп жүрген халық. Анда-санда баласының өлігін тапқан ананың аңырай шыққан жоқтауы естіледі. Әлдекім кенет қаза тапқан бүкіл жұртты жоқтайды. Оның ашуға бөленген қарлыққан даусы үзіліп-үзіліп шығады.

Қор болды сорлы елім-ай,

Көр болды сорлы ерім-ай...

Бір төбенің басында, Алау батырдың өлігінің қасында, батырдың жеті жасар Тоған баласын жетектеген, осы қырғынға қатысқан, әлдеқалай аман қалған жас жыршы тұр. Оның жүзінде кек ойнайды. Ерні ашу сөзін күбірлейді.

Көк найза, қаптаған жау селді көрдім.

Алданған хан сөзіне елді көрдім.

Жұртымның жеңілу боп бар үлесі

Қазылып жатқан сансыз көрді көрдім.

Басына ұлдарының құран оқып,—

Қайғырған, қан жылаған, жеген опық,

Уа, халқым, көріп сені қайғы деген,

Жанымды құзғын боп кеп тұр ғой шоқып,

Құрысын бүйтіп менің жер басқаным!

Астында жүргенім де кек аспанның!

Асық па, ей, мықтылар, саған әлі

Салармын кектің қайрап алдаспанын!

Иә, бүгінгі қырғын ауыр қырғын болды. Бірақ бұл қырғын халыққа Тоқтамыс та бақыт әкелмейтінін ұқтырды.

Біраз уақыт өтті.

Шошайған тақыр төбенің басында әйгілі ойшы Асан Қайғы отыр. Тақыр жүнді желмаясы етекте шөгіп жатыр. Қарт жырау қалың ойда. Не ойлайды? Ел қамын жеген дана кәрияға ой жіберер күй аз ба?

Ол жақында желдей желген желмаясымен Алтын Орданың алып даласын тағы бір айналып келген.

Көргеніне таң қалған.

Бұл әйгілі Алтын Орда еді де, емес те еді.

Даласы да өзгерген.

Бұрынғы дала, бірақ халқы да, қабілеті де басқа...

Әсіресе ғұрпы, тілі әдеті.

Алтын Орданың бұрынғы, осыдан жүз елу жыл әрі кездегі жұрты негізінде Қыпшақ, Оғұз, Қарлұқ құрамдарынан болатын.

Қазір де алып далада солар.

Бірақ солар деуге болады да, болмайды да.

Монғолдың жүз елу жылдық үстемдігі бұларды бөтен ел еткен.

Дәшті Қыпшаққа келген монғол шапқыншылары аз еді. Шыңғыс ханның ор ұлына бөліп берген төрт мың жауынгерлеріне, әр аттаныстан осы арадан жер, аймақ алып, ақұрықтарымен жерлеп қалған монғол бекзадаларын, нояндарын, жауынгерлерін қосқанда жиырма мың үйден аспайтын.

Бірақ бұлар аз болғанмен, Дәшті Қыпшаққа өзінің тәртібін, үстемдігін жүргізе білген.

Ал бұрын, монғолдар келместен бұрын рулық тәртіппен ру-ру боп көшіп жүрген көшпелі ел, енді монғолдардың ұлыстық тәртібіне көнген. Бұрын әр рудың өз ақсақалы, өз батыры билесе, енді бұл рулар ұлысқа кіргендіктен, оларды монғол бекзадалары билеген. Және жердің, ұлыстың әуеніне қарай бір ел, бір ру, бірнеше ұлыстарға бөлінген.

Монғол үстемдігі алып келген ұлыс тәртібі Дәшті Қыпшақ жеріне жаңа қоғамдық, феодалдық, алпауыттық қарым-қатынастар тудырған.

Монғол үстемдігі бұрынғы ру-руға бөлінген елді енді ұлыс-ұлысқа бөліп, сол ұлыстар барып бір ханға, Алтын Орда ханына бағынғандықтан, оларға мемлекеттік, елдік мағына берген.

Дәшті Қыпшақ жерінде рулық емес, енді ұлыстық, елдік тәртіп үстемдік алған.

Осыдан кешегі Дәшті Қыпшақта қазақ елі деген жаңа ұғым пайда болды.

Бұрынғы қыпшақ елі, енді Қыпшақ руына айналды.

Бірақ қазақ рулары монғол бекзадаларының ұлыс, аймақ қарамағына кіріп, қалай бөлшектенсе де, өзінің көне атын сақтады.

Ел болуы рулардың жоғалуынан емес, солардың ұлыс, орда болып бірігулерінен туды.

Ал Дәшті Қыпшаққа келген кешегі монғолдың шағын бекзадалары, нояндары, жауынгерлері, өздерін монғол етіп сақтай алмады. Олар тілдерін де, әдет-ғұрыптарын да жоғалтып, қыпшақ еліне сіңді. Бір күбі суға бір қасық тұз салғандай тәрізденді.

Кешегі Бату орнатқан Алтын Орданың, бүгінгі Тоқтамыс басқарған Алтын Орданың ең негізгі өзгерісі осындай қоғам өзгерісіне әкелді.

«Елу жылда ел жаңа» деген. Алтын Орда біртіндеп Қазақ жеріндегі Еділ — Жайық Ордасына айналды.

Ал жаңа қоғам өзгерісі, Еділ, Жайық даласына жаңа ғұрып, салт өзгерісін де әкелді.

Сақ кезінде өлгендерінің үстіне қорған салып, тау орнатқан, қыпшақ кезінде өлгендерінің құрметіне оба тас, балбалалар тұрғызған бұл араның көшпенділері енді монғолдарша өліктерін бұрынғыдай дәстүрлемей, су бармайтын, өрт алмайтын қыр-қырқа, төбе басына қойды.

Алтын Орда шу дегеннен-ақ қиянаттан туған мемлекет болатын. Ол өмір бойы сол қиянатын үстемдік етіп жүргізіп келген. Ал сол қиянатының орындаушысы атам заманнан әскері болған.

Шыңғыс хан бұл әскерін жан аямас қатыгездікке, темір тәртіпке үйреткен. Әлемді тек осындай ешкімді аяуды білмейтін жауынгерлермен жаулап алам деп ойлаған.

Сол себептен де ол, егер бір ондықтан, не жүздіктен, мыңдықтан, тіпті бір түмеден, екінші түмеге, мыңдыққа, жүздікке, ондыққа өзі тілеп бір жауынгер ауысар болса, ондай жауынгер өлтірілген. Ал оған ауысуға рұқсат еткен басшы, мейлі ол түме басшысы болса да, кісен салынып, қатты жазаға бұйырылған.

Ұлы жиһангердің мұнысы «ағаш бір жерде тұрып өседі, жауынгер бір жасақта жүріп шынығады» дегені еді.

Сондай-ақ Шыңғыс хан, соғысқа қосындарын дайындағанда, еш уақытта тойындырып ас бермеген. «Тоқ жүйрік алысқа жарамас, тоқ тазы түлкі алмас. Аш жауынгер ызалы, ашулы келеді. Ашулы жауынгер жауыңды аямай, қыра береді» деген.

Алтын Орда хандары да, жаңа жиһангер Ақсақ Темір де, әскерлерін сол Шыңғыс хан тәртібімен ұйымдастырған.

Ешкім ескі салтты бұзбаған. Бірақ бұл сыртқы көрініс еді. Ал шынында әскерлерге көп өзгеріс енген. Мысалы, Ақсақ Темір атты әскерлерін тек түркі тұқымдас көшпелі елдерден құрған. Ал жаяу әскерін тәжік тәрізді отырықшы жұрттан жасаған. Және сол Шыңғыс ханнан қалған ондық, жүздік, мыңдық, тұмалық әскери ережелерді ұстай отырып Шыңғыс жасысынан өзгеше кетіп отырған.

Бір жауынгердің бір жасақтан бір жасаққа ауысуы түгіл, бір жасақтың өз ұлысынан екінші ұлысқа шығып кетуін Ақсақ Темір де, Алтын Орда хандары да айып көрмеген. Сол себептен де Тоқтамыс, Едіге, Мамайлардың өздері де бір Ордадан екінші ордаға әлсін-әлсін қашып отырған.

Ал Шыңғыстың темір тәртібі бойынша, соғысқа жауынгерлерді ашықтырып салудың орнына, Ақсақ Темір де, Алтын Орда қолбасшылары ұрыс алдында жауынгерлерге сыйлық үлестірген, кейде шарап та берген.

Бұл әскерді темір тәртіпке емес, дүниеге сатылуға, дүние қоңыздыққа үйреткен.

Әскердің ақкөз ерлігі, бөтен елдерді аямай шабуы көбіне жауынгердің өз басының пайдасын ойлаудан туған.

Олар дүние үшін жауламақ елін аямай шапқан, дымын қалдырмай тонаған.

Бұл тәсілді әсіресе Ақсақ Темір қолданған.

Сондықтан да оның әскері нағыз ел тонағыш, ешкімді аяуды білмес қанішер келген.

Сондықтан да оның әскері, қолбасшысы Ақсақ Темірге еріп, бір елден кейін бір елді тонауға құлшынып тұрған.

Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады, мұндай пиғыл Алтын Орда әскерінде де қатты орын алған.

Жалпы мемлекеттік емес, жеке бастың қамынан шыққан мақсат әрқашанда бұзықтыққа, опасыздыққа апарып соққан.

Осылай Алтын Орда халқының да, әскерінің де өзгергенін Асан қайғы өз көзіменен көріп келген.

Төбе басында жалғыз қарт, етекте жалғыз желмая, ал жан-жағы, бүкіл дүние құлазыған қу дала... Тек сағым ғана ойнаған. Хорезмнен Азақ-Тана, Каффа Хаджы-Тарханға қарай ұлы Жібек жолымен шұбырған қалың көш те көрінбейді, күнгей мен батысқа қарай борт-борт желген көк найзалы қосындар да жоқ.

Данышпан қария Алтын Орданың әлгі өзгерулері берекесі кетіп, ыдырай бастағаны екенін түсінді...

«Сонда халқым не болады? Халқым не болады!» — дейді ол толғанып.

Бірақ сағым ойнаған ұлы дала жауап бермейді.

Асан Қайғы енді орнынан тұрады. Ол еңкілдей басып желмаясына таяйды.

Тағы көкжиекте теңіз толқынындай тулаған сағым. Сол сағым арасында халқымды қалай аман сақтап қаламын деп Жерұйықты іздеп, бұлдырлай кетіп бара жатқан қарт жырау.

Көкте де, жерде де ештеңе көрінбейді. Тек дүние жүзін алып кеткен сағым.

Алтын орда. I кітап

Алтын орда. III кітап



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру