Рахмет Өтесінов | Дала шақырады
Ол уақытта Маңқыстауға барам дегендерге басшылар қарсы болмайтын. Босату жөнінде нұсқау да бар еді, сол кезде. Осыған қарамастан менің жолым тым қиынға түсті.
Оруджев бастаған ғалымдардың құрамында болып Маңқыстау мұнайының бүгіні мен болашағын байқаған сапар маған үлкен әсер қалдырды. Оруджев, Есенов секілді әйгілі геолог оқымыстылардың өз ара сөздерін тыңдай отырып, қазыналы түбектегі үлкен істер көз алдыма еріксіз елестей берген. АН-2 самолетімен Гурьевке қайтар жолда сол әсерлерді өзімізше ой таразысына салмақтай келе бір тәуекелге бел байлаған сияқтымын. Ендігі бағытым — қазыналы өңірдің өркенді ісіне мықтап араласу.
Гурьевке келе обкомның бірінші хатшысына арыз бердім. «Мені Маңқыстау түбегіндегі экспедиция жұмысына жіберуіңізді сұраймын. Өз мамандығыма орай орналассам болғаны, Партия сенімін адал ақтаймын...»
Өтінішімді оқып отырып, секретарь өзгере қалды. Сонан соң жүзіме тіке қарап:
— Коммунистер жұмысты сұрап алмайды. Керек кезінде өзіміз жібереміз, — деді.
— Мұнай іздестіру жөнінде мамандығым бар. Сондықтан еңбек майданының алдыңғы шебінде жүргім келеді,— деп өз ойымды одан әрі жалғастыра түстім мен. Бірақ, іс шешімі кейінге қалды. Хатшымыз қабақ ашпастан «бара бер» дегендей ишарат білдірді. Ендігі әңгіменің пайдасыз екені де белгілі. Мұнан әрі бөгелмей шығып кеттім. Бірақ өз шешімімді өзгерткен жоқпын. Қалайда үлкен мұнайды игеруге алдымен бармаққа бекіндім. Бірақ, қызмет ыңғайы мен жеке мақсат-мұраттың әруақытта сай келе бермеуі заңды нәрсе. Жоғары басшылар алысты көрді ме. Басшы органдар ұйғарымының ақырын күту де керек. Партиялық бұлжымас тәртіп бәрімізге ортақ. Жұмыс мүддесі жеке мақсаттан шыға бермейді. Әрқашан өзіңнен сұрап, ұнаған жерге жіберіп отыруға әрдайым мүмкіндік қайда? Әрбір коммунист аңғаратын қарапайым нәрсе, бұл.
Сол кездері Гурьев, Орал, Ақтөбе облыстарын біріктіретін Батыс Қазақстан өлкесі құрылып жатқан-ды. Әлгі ойлардың артынша мен енді Ақтөбеден келіп шықтым. Бұрын Гурьев облысында мұнай жетекші шаруашылық есептелініп, өндіріс бөлімінің жұмысы көбіне сонымен байланысты еді. Ал, өлкеде мұнай өндірісінің салмағы азайып, көбіне ауыр өндірістің басқа салаларымен, оның ішінде ауыл шаруашылығына, тың астығын жинау жұмыстарына өндіріс мекемелерінің көмегін арттыру сияқты күнделікті қауырт мәселелерімен шұғылданатын болдық. Мұнайды тіпті ұмытуға қалдық. Мұнай жөнінде жұмыс жоспарын кеңейтіп бекітуге барған сәттерде өлке секретары бірер жолы ескерту айтты. Соңғы рет барғанымда:
— Жігітім, сен мынаны мықтап есіңе ұста. Мұнай өлкенің ауыр өндірісі өнімдерінің 2 проценттейін ғана құрайды. Әр нәрсені өзінің салмағына қарай жоспарлау керек. Егер өлке бойынша жылына 10-15 миллион тонна мұнай өндірілсе, біз де оған тиісінше мән береміз. Сондықтан бұл жоспардың қажеті не? — деді ренжіп.
Мен өз ойларымды тағы да дәлелдеуге тырыстым:
— Бізде мұнай өндірісінің болашағы үлкен. Осы бастан көтеріңкі жоспармен жұмыс істеп үйренген жөн емес пе?! Өйтпесе біз ешқашанда 10-15 миллион тонна мұнай бере алмаймыз.
Бұдан әрі мен өзімнің өткен жылы ғалымдармен кездескендерім жөнінде және Маңқыстау мұнайының болашағы жайындағы пікірімді ақтара айта бастадым. Секретарь кейде зейін қоя, кейде жайбарақат тыңдап отырды. Алайда, мұнай жөніндегі ойларыма тоқтайтын сияқты. Ақырында ол маған көлденең ұсыныс айтты:
— Жақсы. Олай болса сен осы Маңқыстауға жібер деп қыңқылдай беретін едің. Қазақстан Орталық партия комитеті Маңқыстаудан партком құруды ұйғарып отыр. Соған барамысың?
— Ойланарлық іс екен,- дедім мен мұндай жауапты жұмысқа батылым жетпей.— Маңқыстау ірі мәселе. Мүмкіндігі болса өз мамандығыма, тікелей өндіріс жұмысына жіберсеңіз екен. Ол жаққа мамандар да қазір өте керек.
— Оны қажет болғанда өзіміз айтамыз. Әзірге барам десең осыған бар.
Мен келісім бердім.
Өзім өндіріске тікелей араласпасам да аңсаған Маңқыстау мұнайының басы-қасында болатыныма қуанып шығып келе жатқанда Алматыдан жұмыс бабымен Ақтөбеге келген бір жолдасыма тап болдым. Көптен көріскен жоқ едік. Шұрқыраса кеттік.
— Мұнда келгендерің жақсы болған. Енді бір секірсең Алматыдан бір-ақ шығасың. Тезірек Алматыға ауысудың амалын көздеу керек. Біздер де о жақта қарап жатпаспыз. Далада біраз жүрдіңдер, жетер енді. Балалар өсіп келе жатыр...
Танысым мені Алматыға баруға баурап жатыр. Менің жанға жайлы жақсы жерде жүргенімді тілек етеді. «Алматыға әлдеқашан келмедің бе?» — деп кешіккеніме реніш айтады. Әркім өз ақылымен «адасады» ғой. Қазір барлық жұрт қоғамдық мақсатты жоғары ұстайды, соның жолында бір пайдаға жарағысы келеді. Меніңше мұнайшының өмірі мұнайлы өңір емес пе. Алматы ондай адамдар үшін әсем астана демалыс орны ретінде қадірлі. Мұнайдай тыс мұнайшы суынан айырылған балық даласынан айырылған киік сияқты, деп ұғамын, мен.
Бұл бір жағынан дағдыға да байланысты. Әуелден адам өз даласын сүйе білуі керек. Ертеректе бізбен бірге институт бітірген жігіттер ішінде оны-мұны сылтау тауып Москвада қалып қойғандар да болды. Олар мұнай өндірісінің иісін жөнді сезбесе де сырт мағлұматтарымен де кеңсе бұрышында отырып, мұнай жөнінде қағаз жазады. Олардан ешкім жоспар сұрамайды. Көп сынамайды. Жанға тыныш, жайлы орын. Осыларға керісінше, мұнайлы түбек маған бәрінен де қымбат көрінді. Өзіміз бала жастан арман еткен жер асты сырлары алдымыздан мұнай фонтаны болып атқылап ақтарылғалы тұрғандай болады. Алматылық жолдасым менің бұл ойымды естігенде таңдана қарап қайран қалды. Ол маған тілге келгенше екеуміздің «екі тілде сөйлейтінімізді», бұдан әрі бір-бірімізді түсінбесімізді сезіп, мен қош айтысып жүре бердім.
Үйге келіп жаңа жұмысқа ауысатынымды айтып, семья мүшелерінің талқысына салдым.
— Маңқыстау жері қазір семьямен тұруға қолайсыз. Отын, су жетіспейді, жол жок. Тұрғын үй жағдайы нашар. Кішкене құрылыс салынып, қала формасына келіп, біркелкі жасалғанша осында тұра тұрғандарың жөн болар,— дедім мен.
Әкем бұл ұсынысты қабылдамады.
— Сенен бөлініп қалып жұтқан таза ауадан бізге қасыңда отырып жұтқан шаң артық. Маңқыстау — қазақ ата-бабаң мекен еткен жер. Бір жола көшіп барамыз.
Үй ішінің былайғылары да сол кісіні жақтай кетті. Жалпы мұнайшылар семьясы көшпелі өмірге үйреніп болған. Жаңа мұнай алаңдарын іздеу, кіші-гірім кәсіпшіліктен көлемі үлкен өндіріске ауысу деген жиі болып тұратын нәрсе. Біздің инженерлердің бәрі Ембінің бүкіл кәсіпшіліктерін түгел аралап шыққан. Онсыз өндіріс болмайды. Мұнайшыларда; барар жерінің жағдайын сұрап, саудаласып жатпайды. Басқа жерге жұмысқа аударғанда, «әйелім көнбейді, егер семьяңмен ажырас демесең қалдыр» деп тіресіп отырып алатындар мұнайшы бола алмайды. Көшпелі тұрмыстың ауыр-жеңіліне ата кәсібінен үйреншікті біздерге жаңа жұртқа ауысу жаңалық емес. Қазір де «үйреніп қалған қаладан далаға қалай барамыз», — деп қабақ шытқан ешкім жоқ. Шалының сөзін құптап, мұнайға жақындағанымды анамыз да ыңғайлай берді. Сөйтіп, Ақтөбеден Маңқыстауға көшіп баратын болдық.
Ол кезде Маңқыстауға тек ауа жолы арқылы, онда да, кішігірім АН-2, ЛИ-2 самолеттері қатынайтын еді. Жаңа салынып жатқан Ақтау, Ералиев, Жетібай, Өзен поселкелері қолайлы аэропорт болмағандықтан үлкен самолеттер қона алмайтын. Өндіріс жүктері теңіз арқылы, шұғыл керекті заттар самолётпен әкелінеді. Ақтауда теңіз суын тұщытатын қондырғы іске қосылып, Ақтау мен Ералиев поселкесінің халқы суды осыдан алады екен. Екі аралық тура 70 шақырымдай жер. Күн сайын су таситын 20-30 машина үздіксіз екі арада жүріп тұрады. Жетібей мен Өзен ауыз суды 50-60 шақырым жердегі Борлы, Жарма құдықтарынан тартады. Бәріне де құдықтан су шығаратын вакуум машинасы ауадай қажет көрінеді.
1963 жылдың май айының бір күнінде Ақтөбеден Гурьев арқылы сол кездегі «Мангышлакнефтегазразведка» тресінің орталығы, Каспий жағасындағы кішкентай поселке Ералиевке келіп түскенде бұрынғы қуаң даланың көктемі маған ерекше ұшырасты. Сол жылғы өткен қыс бұл өңірде қар қалың жауып, көктем жауын-шашынды болғандықтан Маңқыстау жері адам айтса нанғысыз әдеттен тыс құлпырып тұр екен. Жер ылғалды болғасын шаң атаулы да тіпті жоқ. Жолдар енді-енді дегдіп, көлік жүруге ыңғайлы болып қалған. Барлық жүк, адам машинамен тасылып, барлық жұмыс машинамен тынып тұрған жерде жолдың мұндай қолайлы, ауа райының жақсы болуы жұмыс жағдайын жеңілдете түсіпті. Оның үстіне бұл өлкеге республиканың көмегі де қалтқысыз көрсетіліп жатқан. Республиканың геология министрі жақсы көңіл бөліп, қажетті техника, материалдар жағын кідіріссіз беріп жатыр екен.
Осы жағдайлардың көрсетілуіне қарамастан трестің жұмысы тіпті нашар болып шықты. Бұрғылау жоспары 65 процент қана орындалған. Жұмыстағы технологиялық, еңбек тәртіптері төмендеп кеткендіктен авария саны көбейген. Үсті-үстіне үйіліп келіп жатқан техниканың пайдалануы нашар, күтімсіздік жағынан төзуге болмайды, әр техника әр жерде шашылып жатыр. Саяси-тәрбие жұмыстары салақсыған. Трестің ол кездегі басшысы Дмитриев жолдас кәсіпшіліктері шашыраңқы, әрі үлкен де қиын шаруашылықты басқаруға әлі келмей, тізгінді бос жіберіп, абыржу үстінде екен. Осы маңдағы ең ірі Өзен экспедициясының жаңадан қойған бастығы Шурандин мұнай бұрғылау жұмыстарынан бейхабар, басқа кен бұрғылау жұмыстарында істеген кісі. Өздері жұмыстың егжей-тегжейін жете білмейтіндіктен бұрғылау ісіндегі мамандарға нақты талап қоя алмапты. Сондықтан жұмысшылар арасында оның беделі де төмен көрінді.
Бүкіл материалдық-техникалық ресурстар, транспорт, кадр, финанс мәселелері экспедиция бастығының қолында болғандықтан ол сол қорларды қай бағытқа, қай уақытта жұмсап отыруды білуі керек. Олардың дұрыс пайдалануын қадағалауға тиіс, өндіріс, еңбек тәртібін қатаң бақылауға алады. Бірақ, мұның бәрі де тиісті дәрежесінде болмай шықты. Бастауыш партия ұйымдарының өндіріске ықпалы да нашар.
Маңқыстаудағы жұмыстармен алғашқы танысуда осы сияқты көп кемшіліктердің беті ашылды. Мұны тез арада жөндеу мақсатымен өлкелік партия комитетінен көмек сұрауға тиіс болдық. Олар жұмысты тездетті. Өлкелік партия комитетінің секретары Есенов жолдастың басқаруымен бастауыш партия ұйымдарының біріккен жиналысы өткізіліп, онда партком құрамы бекітілді. Оған Дмитриев, Өзбекқалиев, Өтегенов сияқты басшылармен қатар өндіріс озаттары да кірді. Партком өз жұмысын бастауыш партия ұйымдарының ролін көтеріп, партиялық тәртіпті нығайтып, олардың өндіріске басшылығын күшейтуден бастады. Ол үшін бастауыш партия ұйым секретарьларына тәжірибелі жолдастар жіберілді.
Өзенде — бұрынғы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы сол кездегі экспедиция бастығының орынбасары Өтегенов Мұстафа секретарлықка тағайындалды. Жетібайда — ескілікті партия, кәсіподақ қызметкері, бас геологтың орынбасары Есмурзин Базарғали бекіді. Ералиевте — партия ұйымдастыру жұмыстарын партком мүшесі Титков Иван Филиппович қолға алды. Бүл кісі бұрын облыстық, орталық партия аппараттарында жауапты қызметтер атқарған, құрылыс жөніндегі үлкен маман, өзі Ұлы Отан соғысында Белоруссия ормандарында «железняк» атанған партизан құрамасын басқарғандағы ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағын алғанды. Шаршамай-талмай еңбек ететін, бір сөзді, берік, нағыз коммунист еді.
Мұндай қажыр-қайрат иелерімен қатар еңбек етудің қашан да нәтижелі, жемісті болатыны белгілі. Жұмыс алғашқы күндерден-ақ алға басты. Бұлардың басшылығымен коммунистердің беделі артып, олар өндірісте нағыз авангард болып алды. Партия жиналыстары ең үлкен, құрметті трибунаға айналды. Нелер көкейтесті, өзекті мәселелер сонда талқыланып, шешуін табатын болды. Экспедиция, және былайғы ұйымдарға трест басшылығын күшейту мақсатында партия комитеті басқарманың біріккен мәжілісін әр он күн сайын шақырады. Онда жұмыс қорытындылары талқыланып, әр шаруашылыққа баға беріледі. Бірде-бір жетістік, не кемістік атаулы бұл мәжілістердің назарынан тыс қалмады. Партия комитеті мен трест басшылары қандай да бір күрделі мәселелерді болмасын мамандармен бірлесіп шешті. Партия комитеті жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің партия қатарына өтуіне назар аударды. Бір жылдың ішінде партия қатары екі еседен астам өсті. Комсомол, кәсіподақ ұйымдарының жұмысы өріс алды.
Экспедиция поселкелерінде халық саны күннен-күнге өсе берді. Олардың әрқайсысында сол жылдардың өзінде-ақ 10 мыңдай адам тұратын дәрежеге жетті. Бұл туралы трест басшылығы партия комитеті, облыс, республика басшыларына арнайы мәселе қойып, солардың жәрдемімен үш поселкеде совет, милиция органдары құрылды. Ауруханалар ашылды. Байланыс жүйелері ұйымдастырылды. Халықтың мәдени-тұрмыс қажеттерін өтейтін мекемелер ашыла бастады.
Партия ұйымдары өндіріске жаңа техниканың кеңінен өндірілуіне ерекше көңіл бөлді. Кадрларды оқытып дайындау, оларды іріктеу, орналастыру жұмыстары жақсартылды. Қадыров, Рысқалиевтардың тәжірибелері кеңінен таратылды. Жаппай жұмылып істеген осындай шаралардың арқасында Манқыстау барлаушылары бір жылдың ішінде ірі Өзен кен орнының мұнай қорын есептеп, мемлекеттік кен қорлары комитетіне бекіттіріп, пайдалануға дайындап үлгерді. Барлаушылар коллективінің мұндай жеңіске жетуіне республика геология министрлігінің нақты басшылығы кең жол ашты. Сол кездегі Министр Шахмардан Есенов Маңқыстау мұнайын игеруге өзі тікелей басшылық етті. Кейде айлап жатып бұрғылау, скважиналарды сынау жұмыстарын өз қолымен қалыпқа түсіріп кеткен кездері болды. Ол Маңқыстауды өз шаруашылығым деп қарап, партия комитетіне кейде күн сайын әлденеше рет Алматыдан телефон соғып жататын. Сөйтіп, Министрге де бойымыз үйреніп кетті.
Бір күні Шәкең Жетібайға самолеттен түскен. Машина келе қоймай, сонау аэропорттан экспедицияға жаяу барады. Экспедиция бастығы Халел Өзбекқалиев мастерлермен, цех бастықтарымен жиын өткізіп отыр екен. Министрмен амандық айтысқан соң ол әңгімесін жалғастыра береді.. Жиналғандарды тезірек жіберудің амалын жасап, тапсырма беріп жатады. Жұрт тараған соң Шәкең Халелге әзіл айтып жатыр:
— Баяғыда, өзім экспедицияда істеп жүрген кезімде министрдің келуі деген бір бөлек оқиға еді. Оны күтіп алып, тобымызбен қасына еріп жұмысымызды көрсетіп жүретінбіз. Осы күні министрдің салмағы азайды ма, әлде экспедиция басшылары елемейтін болған ба, тіпті өзі қарсы алмағанымен тұрмай машинасын да жібермей қояды, — деп күледі.
Шынында да бұрғылау мастері мен министрлік арасындағы мұншалық жақындықты, қарым-қатысты өзім де бірінші рет осы Маңқыстаудан кездестірдім. Мұны күнде көріп, сезіп біліп жүрген былайғы басшылар мүлде қарапайым. Министрліктің бөлім басшылары да бізді жиі аралап, Батыс Қазақстан мұнай барлау басқармасы мен трест басшыларына жәрдем беріп тұратын еді. Жоғары жақтан күн құрғатпай көрсетіліп жатқан мұндай нақты басшылық, жергілікті басшылықтың кейбір шалағайлықтарының орнын толтырып, жалпы жұмыс барысының бір қалыпты жүруіне жағдай жасады. Сөйтіп, бұлар партия ұйымдарының шаруашылық жөніндегі алған шараларының уақытында орындалып тұруына қисапсыз жәрдем ететін.
Уақыт асқан сайын Маңқыстау түбегінің сан сырлары ашылып жатыр. Мұндағы қазыналы жер қойнауын әңгімелегенде алдымен айтарымыз от дариясы — мұнай ғой. Жер астыңа дендеген бұрғылар жаңалық үстіне жаңалық ашады. Жаз түсе мастер Бармақовтың бригадасы Қараман-ата түбінен мұнай шығарып, Қарамандыбас деп аталған мұнай алаңын ашып берді. Өзендіктер де Шопан-атадан Өзен алаңын пайдалануға тапсырды. Меңіреу даланың сан ғасырлар бауырына басқан байлығы Коммунистік партия басқарған совет адамдарының қуатты қолымен халық игілігіне қызмет ете бастады. Бүкіл еліміз болып үміт артып, көз тіккен алғашқы нәтижелерге қол жетісімен партия қазыналы өңірге халқымызды көптеп тартты. Ендігі осынау үлкен Мұнайды меңгерумен қатар ел орнату ісі де кезекте тұрды.
Біздің ауданымыздағы көп қиындықтардың ең бастысы тұрғын үй проблемасы болды. Трестіқ қарауындағы уақытша үйлер салатын жалғыз құрылыс ұйымы бар. Бір ғана бұл ұйыммен үй құрылысы жөніндегі қазіргі қажетіміздің өзін аяқтау мүмкін емес. Сондықтан кейінгі партком мәжілісінде бұл мәселені қарап, баспана табу жөнінде жедел шаралар қабылданды. Осыған байланысты әрбір поселкеде ондаған құрамалы ағаш үйлер салына бастады. Ералиевте теңіз жағалауынан әрқайсысы 200 орындық жүзбелі балық заводтары орнатылып, мыңнан жұмысшы сонда тұрды.
Үй салудың басқа да амалдары қарастырылды. Жергілікті қазақтар киіз үйге, уақытша баспана салып алып та орналасты. Жүздеген вагондар қаз-қатар қойылып, қонысқа айналдырылды. Әрине мұның бәрі тек барлаушылар үшін уақытша шаралар. Өйткені олар - бүгін мында, ертең онда дегендей көш-қонның адамдары.
Дегенмен осынау уақытша қоныстардың өзінде жағдай жақсара бастады. Нағыз жұмысшы поселкесіне айналдырылды. Керек-жарақтың бәрі бар. Маңқыстау барлаушыларының қазіргі бұл жағдайы тұрақты поселкелердегі тұрғындардан ешбір кем емес. Алайда, «көшпелі» тұрмыстан тұрақты құрылысқа көшуіміз керек. Осы жұмыстармен қиналып жүрген кезде маған бір хат келді.
«Қымбатты Рахмет Өтесинович, — депті бейтаныс біреу. — Мен сізді Ақтөбеден білемін. Сондықтан хатымды сізге жазып отырмын. Мен қазір осындағы бір құрылыс мекемесін басқарамын. Тұрмыс жағдайым — бәрі жақсы. Бірақ әуелден қиындыққа үйренген басым, мына жерде зерігіп жүрмін. Маңқыстау даңқы бізге де жетіп жатыр. Үлкен еңбекке араласқым келеді. Маған ең ауыр деген учаскеңізді берерсіз. Мамандығым құрылыс инженері, Коммунистік сәлеммен, отставкадағы полковник, Совет Одағының Батыры — И.Ф.Титков».
«Көктен іздегеніміз жерден табылды». Қазіргі уақытта Маңқыстау үшін нағыз керек адамның өзі өтініш айтқан. Мұнайлы түбекке аласапыран уақытта құрылыс ұйымына мұндай кәнігі маман келеді дегенді кім ойлаған. Біз дереу шақырту жібердік. Көп ұзамай Титков та Маңқыстауға жетті.
Орта бойлы, кесек денелі, дөңгелек жүзді, егде кісі екен. Өткір көздері мен иілмей, тікірейе біткен шаштарынан жігер, қайрат байқалғандай, өр мінезді адам екені көрініп тұр. Егделігіне қарамастан қимылы ширақ. Сөз кезегін қатаң ұстайды. Ал, біреуді тыңдағанда бар ықыласымен бүкіл денесімен беріле тыңдайды. Орынсыз сөзге өзі жоқ, нағыз іскер адам дерсің.
Титковті ен ауызба-ауыз әңгімелесе отырып, етене таныстық. Ол соғыстан бұрын орталық Россия облыстарында облыстық партия комитеттерінің құрылыс бөлімдерін басқарыпты, кейін КПСС Орталық Комитетінде нұсқаушы болып істеп, соғыс алдында Белоруссияға құрылыс министрінің орынбасарлығына ауысыпты. Сол жерде соғысқа кірісіп, жау тылында әйгілі партизан құрамасын басқарады. Фашистермен айқастарда көрсеткен ерліктері үшін көптеген ордендермен, медальдармен наградталған, сол жерде Совет Одағының Батыры деген жоғары атаққа ие болады. Соғыстан кейін армия қатарында біраз уақыт болып, отставкаға шыққан соң да қарап отыра алмай мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр екен. Отан соғысы жылдарындағы бастан кешіргендерін «Мылтықтың әмірімен» деген кітап қып жазып, шығарыпты. Қазір де естелік жазуды жалғастырып жүрген көрінеді. Титковтың Маңғыстау секілді қайнаған өмір ортасына келу себебі де осынау қалам тарту өнерінен де туса керек.
Титков бірден-ақ жұмысқа араласып. кетті. Ол трестің құрылыс бөліміне бастық болды. Аз күнде құрылыс жұмыстарын жақсартудың біраз шараларын іске асыра бастады. Қысқа мерзім ішінде құрамалы ағаш үйлерден қалашықтар пайда болды.
Тас үйлер де көбейіп қалды. Ералиевтен құрылысқа қажетті тас материалдарын өндіретін карьер ашылды. Екі-үш айдың ішінде трест басқармасы жаңа кеңсеге көшті. Сөйтіп, құрылыс ісінде аз-кем алға жылжу болды.
Бірде Титков парткомға келді. Қадірмен адамның партия комитетімен ақылдасқалы келгені мені қатты қуантты. Амандық біліскен соң келген шаруасын сұрадым;
— Құрылыс жұмыстары бір қалыпқа түсе бастады, — деді, ол жұмыс жайын әңгімелеп. Уақыт та жеткілікті. Маған жұмыстан кейін айналысатын партиялық тапсырма беріңіз.
Салған жерден коғамдық жұмыс беріп былайғы ісіне кесел келтірем бе деп ойланып қалдым:
— Қандай жұмыс атқаруға мүмкіндігіңіз бар?
— Осы қоғамдық тәртіп нашарлап барады, — деді ол қынжылып. Өзі де қандай коғамдық іске пайдалы екенін біліп келсе керек. — Ерікті халық жасақшылары деген болмай ма. Соны басқарайын, — деді Иван Филиппович. Байқаймын, кешке қарай көшеде, қоғамдық орындарда тәртіпсіздік бар. Жастар арасында арақ ішушілік те жоқ емес. Клубқа мас боп келушілер де болып қалады. Мұнымен күресті мықты колға алмасаңыз, жас жұмысшыларды бұзып аламыз.
Мен бұл өтінішті қуана-қуана қарсы алдым. Қоғамдық тәртіпті сақтау деген күн тәртібімізден түспей тұрған-ды. Мұны жөнге келтіруге Титков сияқты аға буынның бұған қол үшін бергені жемісті болды. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде Титков дружина жұмысын жолға қойып берді. Өзі жан-тәнімен беріле жұмыс істейді. Мекеме басшыларына тыным бермейді. Бір жасақшы шықпай қалса оның орнына мекеме басшысының өзін тұрғызады. Құлақ аспаса - партком қасында. Кейінірек қарт коммунист насихатшылық жұмыстарға араласты. Күнбе-күн ол өзінің коммунистік борышын осылай өтеуге күш салды.
Өзінің адал, мүлтіксіз кызметімен партком назарына ілігіп, арқа сүйеген бұл сияқты коммунистер бізде аз болған жоқ. Жетібайдағы Энтин, Өзендегі Өтегеновтер де нағыз коммунистің өнегесін көрсетті. Қиындыққа майыспай қарсы тұрды. Сөйтіп, аға буын коммунистердің іс-тәжірибесі кейінгі дүйім, өрен жастарға қандайлық үлгі өнеге болды десеңізші.
Коммунистер қашан да алғы шептің адамдары. Сондықтан партиямыз коммунизм ісінің қиыны мен қырына алдымен өзінің осы екпінді отрядын жіберіп келеді. Артта қалған шаруашылықтарға басшылық жұмыстардан барып жататын коммунистер санында есеп жоқ. Бұл дәстүр сол кезеңдерде басым еді. Титков сияқты екпінді майданға аттанған коммунистердің бірі Халел Өзбекқалиев болатын.
Нақ сол жылдары Өзбекқалиев «Мангышлакнефтегазразведка» тресінің бастығы еді. Ол өзінің осынау қыруар міндеттерімен қатар Маңқыстау мұнайының тағдыры Жетібайдан шешілер уақытта, Жетібайға өзі барып бұл жұмысты тікелей басқарды. Қажетті жерінде бригадирден бастап мастер де, бұрғышы да болды. Қарапайым жұмысшының міндетін атқарды. Сөйтіп, Халел Өзбекқалиев жыл жарым уақыт ішінде үкімет пен партияның тапсырмасын ойдағыдай орындады, қысқа мерзімде Жетібайды пайдалануға әзір етті. Сонан соң ғана бұрынғы трест басшылығына қайта келді.
Табанды коммунист қиыншылықтан қорықпайды. Қажырлы еңбегімен ел сенімін ақтады.
Маңқыстау мұнайының алғашқы ашылу жылдарында да және кейін де мұнда келуге тілек білдіруші мамандар әр жерден-ақ табылып жатты. Әркімнің де үлкен істер маңында болып, оның ауыры мен жеңіліне араласқысы келеді. Мұндай игі тілек адамдарына әр уақытта жол ашық. Партия комитетінің секретары болғандықтан олардың көбі менімен ақыл қосатын. Бірде жұмыс ыңғайымен Гурьев облыстық партия комитетіне барғанмын. Кезекті жиыннан шыққанымда әлдекімнің «Сені бір жігіт іздеп жүр» дегенін естідім.
Көп кешікпей әлгі жігітпен кездестім. Жас күнімізден бірге өсіп, мектепте бірге оқыған Әбіш деген жолдасым болып шықты. Көптен көріспеген соң көзге ыстық. Тап сол ерте кездегідей мейірлі жүзінде күлкі ізі ойнайды. Жинақы қалпы. Ұқыптылығы кіршіксіз киім киісінен де байқалып тұр.
Әбіш сонау соғыс жылдарының соңын ала мұнай жұмысына араласып, еңбекке жастай шыныққан жан еді. Орта мектепті де толық бітіре алмады. Біз оны жұмыстан шығарып алып, оқуға тартқанымызда электросварщик мамандығын алған әрі бригадир болып істейтін оны сол кездегі басшылары жалынып-жалпайып жібермей қалған. Сонымен Әбіштің өмір соқпағы бізден қиғаштау кетті. Міне, енді сол Әбіш мені үйіне бастап келеді.
Қазір Әбіш қаланың құрметті адамдарының бірі. Еңбек озаты. Оның аты газет бетінен, суреті құрмет тақтасынан түспейді десе болады. Еңбегіне орай бірқатар құрметті атақтардың да иесі. Өзінің жеке меншік машинасына мінгізіп мені үйіне алып келді. Қаланың шет жағынан, жайықтың жағасынан жақсы жай салып алыпты. Кең шарбақтың іші бау-бақша. Үй іші жиһазды. Әлі де келеге келе алмай жатқан жұпыны Маңқыстаудың адамы - маған бұл ертегідегі жұмақтай көрінді..
Әбіштің жұбайы да ажарлы, ақжарқын жан екен. Қонақжай қалпын білдіріп, жақын адамдай жарасып кеттік. Әңгіме арасында Әбіш өз сырынан да маған хабар тастап отырды.
— Сенен жасырар ешнәрсе жоқ. Үшеуміз де бірге естік. Шүкір, тұрмыс жаман емес. Адамға қажеттілердің бірі молшылық болса, бізде бұл жағы кенде емес сияқты. Бірақ, маған әлі де бір нәрсе жетпей тұрады. Көңілімнің бір бұрышы олқы. — Ол сөз арасында сәл кідірді. — Осы Маңқыстаудың аты шыққалы сол жаққа қарайлай беремін. Не іздейтінімді өзім де білмеймін. Үш мың метр тереңдікке қазатын барлау бұрғысының арматураларын сваркалау, немесе мұнай мен газ 150 атмосферамен теуіп тұрған скважинаның аузындағы фланецті сваркамен бекіту, я мұнай толы резервуарларды сварка жасау мен үшін бір қол жетпес арман.
Бұл жерде де абыройсыз емеспін. Жұмыс бірыңғай. Жылы жерде, кең capайда отырып күнбе-күн таныс детальдарды құрастыра береміз. Күнде сол, қысқасы жалықтым. Маңкыстау қиын да, қызық та мекен ғой. Мені жаңа жер қызықтырады да тұрады, — деп күрсінді Әбіш.— Сонда көшсек қайтеді десем, мына құрдасың бет бақтырмайды. «Далаға қаңғып не іздейсің, керегіңнің бәрі осы үйде бар емес пе? Егер кетсең жалғыз өзің кетесің. Мен ешқайда бармаймын!» деп үзілді-кесілді сөз айтады. Дос адамсың ғой. Осыған ақылыңды айт.
— Расында да, сол жақта осыған не бар, Рахмет-ау? Қиыншылықты өзіне түсіндіріп қойшы! — деп Әбіштің әйелі отыр.
Әбіш сияқты адамдардың Маңқыстау үшін пайдасында есеп бар ма, Жер астының бұрғылау жұмыстары осынау алтын қолды адамның тапшылығынан қаңтарылып, талай-талай алтын уақыт желге ұшпады ма. Әбішті сол бір ділгер іске жетектей кетсе ергелі отыр. Бірақ, мынау базарлы от басы қайда ол жерде. Аяулы анаға еңселі үй керек. Маңқыстау қиын мәселе. Саналы адамдар өздері шешсін, бұл сапарды. Ол жақта жұмыс жетеді. Өздерің келісіп, келсеңдер жайлы жұмысты мен міндетіме алайын,— дедім нақты жауаптан жалтарып.
Маңқыстаудағы жұмыс жоспарды бірден-бірге кеңейте түсті. Жер асты қабаттарының сыры ашылған сайын үлкен мұнай көздерін жедел бағындырудың әрекеттері қолға алынды. Ең бір үмітті жер Өзен аймағы болатын. Алайда, ендігі жұмыстың маңыздысы Өзенде бола тұрса да ондағы жағдай мәз емес еді. Алдағы декабрьге дейін, яғни 4 айдың ішінде Өзен алаңында ашылған 6 бірдей мұнай қабаттарының әр қайсысының көлемін белгілеу керек. Ол үшін қазылған скважиналарды тез арада сынақтан өткізу, сонымен қатар көптеген геологиялық материалдар дайындау, мұнай қорының мөлшерін алдын-ала есептеп, мемлекеттік комиссияның бекітуіне әзірлеу қажет болады. Міне, осы міндеттерді жүзеге асыра отырып, келесі жылы Өзен кен орнын пайдалануға бере аламыз. Ал, Өзендегі жұмыстың қазіргі жағдайы бұл аса жауапты талапқа сай келмейді. Партия ұйымдары қабылдап, оларды шұғыл түрде іске асырмайынша партия мен үкімет алдындағы биылғы тапсырмаларды уақытылы орындай алмау қаупі төніп тұр.
Осы жағдайларды ескере келіп, партия комитеті Өзенде бірқатар ұйымдастыру жұмысымен айналысуға тиіс болды. Сондықтан батыс Қазақстан мұнай барлау Басқармасының бастығы Иванов екеуміз Өзенге шұғыл жүріп кеттік. Мен Евгений Ивановичті ертеректен білуші едім. Институтта бірге оқыдық. Кейін ол Татария жеріндегі мұнай кәсіпшілігіне кеткен де, біз Ембіде қалғанбыз. Енді, міне, Отан талабы, ортақ мақсат Маңқыстау түбегінде ескі достарды тағы да табыстырды. Әңгімеміз мұнайлы Өзенді игеру жайлы. Міне, нысаналы жеріміз Өзен поселкасы да көзге сағымдана берді... Жадау жұмысшы баспаналары көріне бастады. Арагідік еңселі тас үйлер жаңа қоныстың алғашқы белгілері тәрізді. Машина үш сағат дегенде межелі жерге жеткізді бізді. Жатақтың бір шетіне келіп орналастық. Шала-шарпы жуынып алып жұмысқа кірісіп кеттік.
Өткен күзде Дүйсен Үсенов денсаулығына байланысты Жетібайға басқа жұмысқа ауысқаннан кейін экспедиция бастығына Шурандин жолдас тағайындалған. Бұл кісі көптен кен барлау жұмыстарында істеп келгенмен, мұнай алаңдарын бұрғылау жағына шорқақтау екен. Бұрын істемеген кәсіпті ойда жоқта игеріп кету оңай да емес. Оны оқытып отыратын жағдай және жоқ. Сондықтан бастықтың жұмысындағы олқы жерлерді орынбасары әрі партия ұйымының секретары Мұстафа Өтегенов пен бас геолог Халила Махамбетов көтерісіп келеді. Сөйтіп, жұмыс салмағының осынау екі жігітке айрықша түсетінін бұрынғы сапарымызда, бас қосуларда да байқаған болатынбыз. Жігіттер абыржулы көрінді.
Мұстафа жұмыс білетін әрі сергек шаруашылық басшысы ғана емес, сонымен қатар принципшіл партия қызметкері еді. Облыстық партия комитетінде, бізге қызмет істеген кездерден оның бұл қасиеті маған мәлім болатын. Кемшілікке төзбеу, оны қаймықпай қатаң айтып салатын турашылдығы басым. Сол дағдымен Мұстафа салған жерден қызу кетті:
— Меніңше экспедиция бастығы Шурандиннен бастап кейбір басшы жолдастар партиялық жауапкершілікті дұрыс сезінбейді. Соның салдарынан өткен партия жиналысында бекітілген өндірістік графиктің бірталай пункттері орындалмай жатыр. Бұрғылау бригадаларының өнімсіз жұмыс істеу себептері негізінен кадрлардың іс техникасын толық меңгере алмағандығынан. Көптеген жұмыскерлер тиісті дайындықтан өтпеген, асығыс алынып; жұмысқа жіберіле салынған. Жұмысшы кадрларын дайындайтын курстар әлі күнге дейін ашылмай отыр. Қабылданған жұмысшылардың өзін бұрғылау техникасына үйрету жөнінде ешқандай жұмыс істелінбейді. Соңғы кезде, бұрғылау жұмыстарының шұғыл жеделдетілуіне байланысты авариялар көбейіп кетті. Бұл тек қана техникалық тәжірибенің жоқтығынан.
Қатар жатқан екі бригаданың бірі жақсы, бірінде авария! Мысалы, Қадыровтың бригадасы, Опиевтің вахтасы неліктен авариясыз үнемі алда келеді? Оның себебі, мұндағы жұмысшылар бұрыннан келе жатқан, бұрғылау техникасын жақсы меңгерген адамдар. Бұларда еңбек тәртібі, технологиялық ереже жоғары. Мұндай бұрғылау орнына бара қалсаң бейне бір жүріп жатқан механизм сияқты, дамылсыз қимыл, жүгіріп жүрген адам. Әрқайсысы өз орнын, өз жұмысын жақсы біледі. Өздері істей береді. Осындай озат бригадалардың жұмыс тәжірибелерін кеңінен тарату жөніндегі партия бюросының қаулысы да орындалмай отыр.
Ал, Шурандин жолдас болса, ертеңді-кеш жүгіреді де жүреді. Бірақ нәтиже шамалы. Көптеген жаңа технологиялық әдістерді, жаңа техниканың түрлерін бұрғылау жұмыстарына енгізу жөніндегі ұсыныстарға өзі түсінбегендіктен оған мән бермейді.
— Иванов жолдас! — деді. Мұстафа дауысын көтеріңкілеу алып.— Қазіргі график бойынша Өзен кен орнындағы барлық барлау жұмыстарын осы жылдың аяғына дейін бітіріп, оқы пайдалануға тапсыру үшін экспедицияның бірінші басшысы тарапынан басшылықты түбірінен өзгерту керек. Егер бұл кісінің қолынан келмесе жұмыс басында өздерің болыңдар, не болмаса басқа кісі жіберіңдер.
Партия ұйымы секретары мәселені бүйірінен қойды. Бұл мәселе бұған дейін де көңіл аударғанымен нақ осы жолғыдай қозғалмап еді. Алайда, іске әлі де болса байыптылау қарау керек секілді. Басқармадан Ивановтың өзі келіп отыр. Ескі маман Шурандинмен бәлкім бұл да істес болып керер. Қолынан іс келмесе Шурандинді түбектегі түтеп тұрған ен жұмысқа қалай жіберген?
Иванов бас геологпед де сөйлесе отырып, біраз жайға ол да қанықты. Өзгелерге сын да айтып қалды. Өзендегі қазіргі қиыншылықтарды да бір кез олармен бірдей сезінді. Бірақ, бізге әлі де болса Иванов сөзі аяқталмаған тәрізді. Ақырында Евгений Иванович бұл ойымыздан дәл түсті.
Мемлекеттік тапсырма орындалғанша яғни декабрь айына дейін осы экспедиция жұмысына Иванов өзі тікелей басшылық етуді міндетіне алды. Оның үстіне жақын арада Алматыдан Министр келмекші. Әрине, қадірлі, қамқор басшы алдында жақсы істермен көріну Маңқыстау мұнайшыларының бәріне ортақ абырой дегенді қоса айтты ол.
Бас геолог Махамбетовтың сөзі де көңілден шықты. Оның баяндауы бойынша қазіргі жұмыстың осал жері бұрғылау скважиналарын сынақтан өткізу көрінеді. Мұнда қазір бес бригада істейді. Бір сменада ғана. Ол әрине, жеткіліксіз. Бұл қарқынмен айына 15 объекті тапсыру орнына бес объектіден аса алмайды. Сондықтан әр бригада барлық сменада жұмыс істейтін болуы керек. Оған адам қайда? Оның үстіне жер асты жұмыстарының маманы, немесе күрделі жөндеу цехтарының операторлары керек. Олар тек мұнай беріп тұрған ескі кәсіпшіліктерден ғана табылады. Бұл жөнінде біз облыстық партия комитетіне, министрлікке рапорттар жіберіп, солардың ұсыныстарымен Ембі кәсіпшіліктерінен 3-4 айға операторлар алатын болдық.
Бұл жауапты жұмыстың іске асуына осы Маңқыстау мұнайын ашуға тікелей катысқан қарт геолог, қазіргі Ембі мұнай бірлестігінің бастығы Досмұханбетов Жолдасқали көп еңбек сіңіріп отыр. Жұмыс барысын жете түсінетін Жәкең сынау бригадаларын түгелдей мастерлерімен, вахталарымен, жұбын жазбай сол күйінде жіберіпті. Шашау шығармай алып барып, тез жұмысқа кірістіріп, оны басқару үшін кәсіпшілік басшыларын да жіберіпті. Мұның өзі Маңқыстау мұнайын игеруге бүкіл Қазақстан мұнайшылары жабылды деген сөз.
Шөл даладағы жол қатынасының қиындығында есеп жоқ. Ақтөбеден шыққан вагон-будкалары темір жол арқылы Махачкалаға келеді. Одан теңіз арқылы Ералиевке жеткізіледі. Ералиевтен арбаларға тиеліп, оны трактормен сүйретіп Өзенге жеткізді. Сөйтіп, бір айдың ішінде Өзен жанынан тағы да вагон-үйлер қатар түзеді. Мұнда Ембіден келген сынау бригадалары орналасты. Бұлар да қиыншылықтарды елең қылмай, сынау графигінің уақтылы орындалуы үшін жан аямай еңбек етіп жатты.
...Бірде вагондарды аралап, елден келген осы жігіттердің жағдайын көруге шықтық. Бәрі де бұрын бірге істеген таныс адамдар. Әрқайсысымен жолыққан сайын шүйіркелесе кетеміз. Қысқаша амандықтан соң жағдайдың қиындығын айтып, кешірім өтінген болып жатырмын. Болашағымызды айтып жұбатамын. Алайда, олардың өзі Маңқыстау жайына мына аралас-құралас менен де қанық. Қиыншылықты, қатал табиғатты елер емес. Қайта:
— Сіз қысылмай-ақ қойыңыз, — деді Мақат кәсіпшілігінен келген мастер Әбдіғалиев Махият. «Қара қазан қайнаса бәрімізге де ас болар» деген, тек Маңқыстаудың үлкен мұнайы тезірек аспанға атсын деңіз. Қиындықсыз мұнай жоқ.
Мақат мұнай кәсіпшілігінде Махият Әбдіғалиевпен бірге еңбектес болған едім. Ол жасынан, жұмысқа берілген, еңбекқор жігіт еді. Қазір Ембідегі алдыңғы қатарлы мастерлердің бірі. Осынау берекелі жандардың бізге келгені баршамызды-ақ қуантты. Арқа-басымыз кеңігендей еркін тыныстай бастадық.
Сол күні оларды да Өзеннің қазіргі жағдайымен, алда тұрған міндеттермен таныстырып өттік. Экспедицияның кішкене қызыл бұрышына барлық коммунистер, мастерлер жиналған еді. Жергілікті жұмысшылар да бар. Мәселе — декабрьге дейін Өзен алаңы мұнай қорының негізгі мөлшерін тағайындау үшін керекті бұрғылау, сынау жұмыстарын тез аяқтап шығу жайында болды. Жиналғандарға экспедиция бастығы бұл туралы егжей-тегжейлі түсіндірген соң олар шешіліп қоя берді. Өзендегі бұрғылау жұмысының басты бағытында жүрген мастер Төреғали Қадыров алдымен өз байламын айтты:
— Бізде жүмысшы жеткіліксіз. Жұмысшы жетпеген соң график орындала ма?! Бар жұмысшының тәжірибесі кем. Сондықтан авария, бірақ жиі ұшырасады. Бұл істі ретке келтіру үшін біз әр вахтаға 2 кісіден жаңа жұмыскер алып, оны үйретіп шығарамыз. Бізден үйренген тәжірибелі жұмысшылар басқа бригадаларға ауыстырылады. Қарауына жаңа адамдар алып бригада құрауына да мүмкін. Сөйтіп, бұрғылау бригадаларын көбейту керек.
Төреғали айтқан бригада дайындау ісі көп уақыт қажет етпейді. Осы әдіспен 15-20 күн ішінде бірнеше тәжірибе бригадаларын ұйымдастыруға болады. Сондықтан озат бригадалар жанынан тәжірибе жетілдіру топтарын ұйымдастыруға келістік.
—Менің вахтам, — деді бұрғышы Опиев Тынышбай, — мемлекеттік тапсырма орындалып шыққанша, декабрь айына дейін, демалыссыз істеуге міндеттеме алады.
Бригада өз жұмыстарын ай сайын толық екі есе артық орындайды!
Механикалық мастерской коллективі де өз күштерімен қысқа мерзім ішінде турба кесу станогін іске қосуға уәде берді. Сөйтіп, жұмысшылар, мастерлер, инженер-техник қызметкерлер бәрі де партияның тапсырмасын орындап шығуда қазіргі қиындықтарға қарамастан дайын екендіктерін білдірді. Асхана коллективіндегі комсомолец қыздар ауқатты жұмысшыларға жұмыс басына жеткізіп бермекші болды. Бұлар сонымен қатар, сауық кештерін ұйымдастырып, мәдени жұмыстарды өрістетуге сөз берді. Жас жұмысшыларға би үйрету үшін үйірме ашпақ. Бірқатары жатақхананың тазалық жағын да қолға алады.
Осыдан соң Өзендегі жұмыстың жайы шұғыл өзгермекші. Ивановтың есебі бойынша жоғары жақтан көптеген көмек көрсетілмек. Облыстық партия комитетінің көмегімен самолет саны екі есе көбейтіледі. Барлық керекті жүктер самолетпен тасылатын болады. Гурьевтің, Доссордың жөндеу заводтары Маңқыстау барлаушыларының керек-жарақтарын бірінші кезекте орындайды. Ескі кәсіпшіліктерден сынау жұмысына қажетті насос-компрессор турбалары алынып, самолетпен жеткізіледі. Бакудегі Каспий пароход басқармасы қосымша жүк тасуға кемелер беретін болды. Геология министрлігі тары да көптеген машина, механизмдер жібереді. Адам күші Ембі мұнайшыларының көмегі арқылы толықтырылады. Еңдігі міндет жергілікті партия, шаруашылық басшыларының осы мүмкіндіктерді орынды пайдаланып, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуінде. Сөйтіп, жүктің ауыры тағы да біздің мойнымызға түсті.
Осындай жұмыстармен Өзенде бір жетіден артық жүріп қалдық. Бұрғылау, басқа да істер бір арнаға түскен сияқты. Сонымен былайғы күнделікті жұмыстарды экспедиция басшыларына тапсырып, Иванов екеуміз Жетібайға жол тарттық.
Өзенмен салыстырғанда Жетібайдағы экспедиция жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатқан-ды. Мұнда мамандар жағы жеткілікті. Экспедиция бастығы — Халел Өзбекқалиевтің өзі. Скважиналардың сынау жұмыстарында енді Үсенов Дүйсен істейді. Бұрғылау мұнараларында Рысқалиев, Петров, Бармақов сияқты кәнігі мастерлер былайғы мамандарды соңынан ерте отырып, экспедиция бойынша жоспарды айма-ай асыра орындап келеді.
Құрылыс жұмыстарында да айрықша қарқын бар. Жүзден астам үйдің құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Қыс түспей тұрып-ақ бұл үйлердің бәрін де пайдалануға берерлік мүмкіндік бар. Соның өзінде халық көп, үсті-үстіне келіп, үйдің жоқтығын елейтін емес. Амалдап шығармыз, — деп жұмысқа кіріп алған соң өздерінше баспана қамын қарастырады. Уақытша «ауылдар» пайда болып қалыпты. Барлаушылар поселкесін ортаға алып, бұл уақытша ауылдар қарасы да өсіп барады екен. Бір шетінде «вагон-қалашық» орналасқан. Оған жалғас киіз үйлер тігіліп тасталған.
Біз келсек, экспедиция басшылары түгелдей жұмыс басына кеткен екен. Бұрғыланған жерлердің бірінен ашық фонтан атқылап, авария болған көрінеді. Жұмысшылардың бәрі сонда болған соң, біз де сол жаққа тарттық. Мұнай атқылаған жерді алыстан-ақ тани кеттік. Бұл бір кен орнындағы газ қысымының кеп жерінен жақында қазылған, қазір сынауда тұрған скважиналар еді. Мұндай скважиналардың барлығы да қатаң бақылауға алынады. Мүлт кетсе болғаны әр түрлі апаттарға бастауы сөзсіз. Оларды қазуда үлкен сақтық керек. Жігіттер байқаусыз бір жерден алдырған сияқты.
Анығы солай екен. Күндіз жұмысшылар жер астына труба жіберумен айналысады. Бірақ, оны аяқтай алмаған соң, ертеңге қалдырады. Біраз тереңдікке ендірілген трубаны мұнай мен газ шығып, әлдеқалай сыртқа атқылап кетпес үшін аузына саз ерітіндісін толтырып тығындайды да, қасына бір оператор қалдырады. Ол скважинадан күдікті еш нәрсе болмаған соң көрші бұрғышыларға кетіп қалады.
«Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» дегендей қалай екені белгісіз, кенеттен ерітінді ішінде газ пайда бола бастайды да мұнай қабатын басып тұрған салмақ жеңілдей түседі. Ақырында мұнай, газ қабаттары үстіндегі газ көпіршіктерімен араласып жеңілдеген ерітіндіні көтеріп тастайды да аспанға ата жөнеледі. Сонда ғана оператор санын бір-ақ соғады.
Енді міне, барлық адам осы фонтанның айналасында абыр-сабыр. Мұнайшылар өмірінде мұндай күтпеген оқиға оқта-текте болса да, ұшырасып тұрады. Мұндайда бұрғышы, басқада мамандықтағы мықты деген жігіттің сыналар кезі келеді. Аса жоғары ыстықтықта жерден аспанға атқан сұйық отқа жақындау да мүмкін емес. Жолындағыны серпіп тастайтын қуатты толқын әл бермейді. Алайда, асауды үйреткен қарулы қолдар мұнайшылар арасынан да табылады. Талай-талай от ұстап, осынау майданда сыналған өнерлі де тәжірибелі жігіттер алаңға шығады. Солардың бірі Тәжиев Хасан былай қарағанда елеусіз, қарапайым-ақ жігіт. Бірақ бұл жағынан өнері, қайраты мол тәжірибелі инженер еді. Әдетте ол нақ осындай сын сағаттарда мүлдем өзгеріп кететін. Хасан іске кіріскенде қарауындағы әншейінде, еркін жүрген жігіттер еріксіз оның аузына қарайды.
Хасан қазір де мұнай, газ, топырақ, су бәрі араласып құйып тұрған сел астында плащын тұмшалап алған, төбесінен төмен қарай сорғалаған мұнайды елең қылмай жанындағы жігіттерін басқарып, шалт қимылдап жүр. Фонтан шуылы құлақ тұндырады. Алапат күштің жан-жағын елу метр қашықтан бульдозермен бөгет жасап, қорғандап тастаған. Фонтанмен күресіп жатқандар соның ішінде, Халел мен трестің бас инженері Мырзағалиев Қамысбай, экспедицияның бас инженері Хисметов Асабий, авария жұмыстары жөніндегі инженер Қазиев Қуан, сынау жұмыстарының бастығы Үсенов Дүйсен тағы басқа бірнеше инженер-техниктер фонтанды жабу жөнінде асығыс кеңесіп көрген екен. Жиналғандар бірнеше ұсыныстар айтыпты.
Талқылай келгенде Тәжиев Хасанның ұсынысы қабылданады, экспедицияның механикалық мастерскойында қажетті құралдар түнімен жөнге келтіріліп, таңертең фонтанды жабуға кірісетін болып келіседі. Оған дейін барлық дайындық жұмыстары қолға алынып жатқан көрінеді. Бұрғылау мұнарасы тұрған жерге тамақ, киім, медициналық көмек, өрт сөндірушілер бригадасы сияқты аварияларға қарсы күреске қажетті нәрселердің бәрі жеткізіліп қойған. Ірі-ірі темір жабдықтардың ортасында сварщик жұмыс жасап жатты.
Мен солай қарай беттедім. Жақындап келгенде сварщик жұмысын тоқтатып, бетіндегі қорғаныс қалқанын алып, маған қарап жымия күлді. Бет аузы топырақ аралас майдан көрінбейді. Тек тістері ғана ақсияды. Мен тани алмай аңырып тұрмын.
— Танымай тұрсың ба, мен Әбішпін ғой,- деді әлгі жігіт өзіме таныс үнде.
— Сен қайдан жүрсің? - деппін аузыма басқа сөз түспей. Ана жолы Гурьевте, үйіндегі айтқан әңгімелері мұндайлық тез іске асады деп ойлаған жоқ едім. - Қалай, әйелің көнді ме?
— Көнбегенде қайда барады! Балалар болса ер жетіп қалды. Өзіміз де қырықтың қырқасына кетіп барамыз. Енді оның шаруасы - менен айрылмаған ғой, - деп сықылықтап күліп алды.
— Қайда орналастыңдар?
—Әзірге Халел бір қызыл вагонын берді. Қысқа қарай салынып жатқан үйлерден біреуін беретін болар. «Кеш жүре түзеледі» деген ғой. Ал, кешке қонаққа кел!
— Жақсы, соғармын, — дедім мен.
Сонау жүздеген шақырым жерден қыруар қиын еңбектің қайнаған жеріне келген жігіт ісіне қуанышымда мүлде шек жоқтай. Тіпті құшақтай алып, ескі досты сүйгім де келді. Ол болса үйіне сүйрейді.
Фонтан жайын сөйлескен соң тұрмыстарын көргелі кешке үйлеріне бардым. Әйелі жұмыстан жаңа келіпті. ДЭС-те, поселкеге жарық беретін электр станциясын жүргізіп тұрғандардың бірі көрінеді. Май қолдарын сүртіп, сүйріктей ақ саусақтарын біртіндей шығарып жатыр. Сұлу келбетіне тіпті мына жұмыс киімнің өзі-ақ жарасып түр.
— Жаңа орындарың құтты болсын! — дедім мен, қипалақтап. «Осының бәрі сенің кесірің» деп маған бас сала ма деген қаупым да бар.
— Сенің Әбішің ақыры сүйреп келді! Өз дегені болмаса басқаға көнбейтін, баяғы бала күнгі әдеті әлі қалмаған. Неде болса, болар іс болды. Енді соның мазасын алмай, мен де жұмысқа кіріп, майға былғанып жүргенім мынау,— деп күлімсірейді.
Гурьевтегі кең сарайда көңіл қандай болса Маңқыстаудағы мазасыз вагон ішінде де нақ сондай. Қиындықтан қайыспайтын қайрат иелеріне қалайша сүйінбессің... Олардың Отан деп соққан жүрек әмірі, міне, осындай еді.
Ертеңіне аварияға қарсы қолданылатын құралдар әзір болды. Бұған шығарылған бригада, басқа да бірсыпыра жұмыстар бұрғылау орнына кетті. Фонтан атқылаған жер поселкадан 7-8 шақырымдай еді. Айдаһардай ысқырған газдың шуылы түнімен қонақ үйінде жатқан бізге де естіліп тұрды. Енді жақындаған сайын шуыл күшейе түсті. Кешегіден басым сияқты. Фонтанның биіктігі 41 метрлік мұнараның төбесінен едәуір асып түседі. Газ араласқан қап-қара мұнай аспанға атады. Кейде балшық сияқты жер қабатының заттары аралас түсіп жатыр. Әлдеқалай солардың арасында үлкен қысыммен кесек тастар атылып мұнараның теміріне соқса, шақпақ шағылып ұшқын шықса болғаны алып фонтан лезде жалынға айналған болар еді. Маңына ешкім жақындай алмас та еді. Міне, нақ осы сәтте фонтан басындағы адамдар тағдыры сын үстінде болатын. Әрбір секунд олар үшін үлкен қауіп.
Алайда, мейірімсіз табиғаттың қатал күшіне қанша адам қауіп-қатерге қарамастан қарсы күресті. Фонтан маңында ондаған жігіттер мұнай сұйығына малшына жүріп еңбек етеді. Майға малынған адамдарды танып білу де мүмкін емес. Бет-аузына парафинді мұнай қалып жабысқан. Кешеден бері дамылсыз жұмыс қалжыратқан секілді. Жігіттер қарқыны бәсең. Дегенмен, жүздері жылы, көз тоқтата қараған адам күлкі іздерін аңғарады. Қауіп-қатер жайында тіпті ойланбайтын да сияқты.
Апатпен алысып жатқандардың көбі бұрыннан-ақ белгілі, тәжірибелі мұнайшылар, Олардың көпшілігі-ақ бұл сияқты фонтандармен істес болған, бағындырған. Солардың ішінде байырғы мұнайшы Қадыр Қожахметов, Қуан Қазиевтерді фонтан басындағы еңбек қимылдарынан байқап қаламыз.
Бүгін мұнда экспедиция бастығы Халелдің өзі бастап, Қамысбай, Хасин, Асабайлар да фонтан маңында жүр. Олар әрбір істі қадағалап, әрбір жұмысшыға нұсқау береді. Бұрғышылардың қуатты қолына тізгін бермей, бірде баяулап, енді бірде барынша аспанға ытқыған мұнай сұйығы түскі мезгілде бәсеңдегендей болды. Екінші күннен бері ысқырынған алып ышқына барып тоқтады. Енді ғана үстемдік алған адамдар даусы естіле бастады. Сөйтіп, Жетібайдағы алғашқы асау қолға осылай бағынды.
— Жетібайда алғашқы нәтижелерге қол жетіп жатқанда мұндағы жұмысымызды жандандыра түсетін басқа да себептер оңынан туды. Мұндағы коллектива тағы бір тәжірибелі басшы тап болды. Үлкен коллективке, дербес партия ұйымына хатшы іздеп жүргенімізде Форт-Шевченко қаласындағы аудандық партия комитетінің хатшысы тәжірибелі партия қызметкері Мұсташ Құсайынов Жетібайға келуге келісім беріпті. Біз құшақ жая қарсы алдық. Өйтпегенде ше? Өзбекқалиев секілді экспедиция басшысына Мұсташтай тәжірибелі, саяси білімді коммунист қатар келуі қиын участкедегі жұмыстың алға басатынына ешбір күмән келтірмейтін еді.
Айтқанындай-ақ Мұсташ келе саяси-көпшілік жұмыстарын маздатып жіберді. Партиялық ұйымдастыру жұмыстарын тез жолға қойып, партия ұйымын басшы штабқа айналдырды. Барлық мәселені партия бюросы бірлесіп шешетін болды. Халел де жаңа секретарьға жәрдемдесіп отырды. Соның арқасында аз уақыттың ішінде Жетібайда өндіріс жұмыстарымен катар мәдени құрылыстар өріс алды. Клуб, кітапхана, қызыл-бұрыштар, партия кабинеті сияқты көпшілік орындары салынып бітіп, жұмыс істеп кетті, Жетібайдың көркемөнерпазшылары облысқа танылып, бәйгеге ие бола бастады. Жетібай жастары спорттың да көптеген түрлерімен шұғылданып, жүлдеге ие болды. Жастар арасындағы мұндай жұмысты өрістетуде трест комсомол ұйымының хатшысы Ильмухамбетов Лазарь да тыным көрмей, жемісті еңбек ететін еді.
Күз тақала бастады. Құлазып жатқан шөл даланың табиғатында өзгерістер бар. Аспанда ала бұлттар жүзіп ауа салқындай бастады. Жұмыс та өнімді, адамдарымыз да көңілді. Алда Ұлы Октябрь мерекесі келеді.
Мұнда октябрь мерекесін өткізу туралы әзірлене бастадық. Біз осы далада бірінші рет митинг ашпақ болдық. Мұны саяси жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін Иван Филиппович Титков қолға алды. Кәдімгі үлкен қалалардағыдай трибуна жасалды. Оның жан-жағын ұрандар жазылған, қызыл маталармен көмкеріп тастадық. Көркемөнерпазшыларды ұйымдастырып, духовой оркестр құрадық. Сөйтіп, мереке күні барлық коллективтер колонна-колонна болып алаңға шыққанда Маңқыстау даласы қуанышқа бөленгендей болды. Ералиевте, Жетібайда, Өзенде Октябрь мерекесі үлкен салтанатпен өткізілді. Бұл күн бүкіл Маңқыстау мұнайшыларының ерекше есте қаларлық тарихи күні еді.
Осынау мұнайлы түбекке тұс-тұстан адамдар келіп, кешегі меңіру дала қайнаған тіршілікке, шат-шадыман өмірге айналып жатты. Шын жүйрік, еңбек майталмандарының жері бұл. Талай жан сол еңбекпен есейіп, бақыт табуда. Дүрбелең шақта қызу араласқан маған бұл Маңқыстау бәрінен қымбат. Күндіз толассыз іс өрсем, түнде ертеңі жайлы нелер ғажап түс көруші ем...
Ауруханада 7 ай жатқаннан кейін біз қалған емді үйден жалғастыру жөнінде дәрігерлермен келіссөздер жүргізе бастадық. Уақыт озған сайын науқасқа бой үйреніп, енді елді, үйде қалған кәрі әке мен балаларды ойлайтын болғанмын. Балалар да сағыныш сезімдерін қағазға төгіп, хатты жазады да жатады. Сөз соңын ылғи да «оқуымыз жақсы, деніміз сау, бізді ойлама» деген жұбату сөздермен аяқтайды. Анасына «Папа жазылмай, келме!» деп аманат артып та қояды. Әншейінде соңымыздан қалмайтын балапандар енді бөлініп қалғандарына әбден мойын сұнып, көніп болған, «Анна Ивановна жиі келіп, кірлерімізді жуып, үйді жинап беріп кетеді. Қойлыбай аға сабақтарын ызды тексереді. Бөлекбай аға хат жазуға көмектеседі...» деп өздерінің қамқорсыз емес екендігін білдіріп жатады. Біз де балаларды сағындық.
Кеше ауылдан Халел келген-ді. Ел жаңалықтарын ұзақ айтып, үй-ішінің амандығын хабарлап, біраз көңіл серпіп кетті. Біраз жылдардан бері серпіліп ұшқан ұшан-теңіз дала шақырғандай мені. Маңқыстау түгел көз алдыма елестеді.
— Бізді ауылға қайтарыңыз, — дедім мен кезекті аралау кезінде бас дәрігерге, — бәрі бір жатыс, үйге барып-ақ жатайық. Жуық арада тұрғызар жағдай жоқ көрінеді.
Ақылдаса келіп, дәрігерлер елге қайтуға келісім берді. Ауылды сағынып екі - көзі төрт болып жатқан адам енді кідіреміз бе. Тезірек жиналып, ертеңіне-ақ ауруханадан шығып кеттік. Жолдас-жоралар қаумалап шығарып салды.
Көп ұзамай Маңқыстауға да келдік. Таңғы сағат 5-те станция басына күтіп алуға келген халық перронға симай тұр екен. Шіркін, мұнайшылардың бауырмалы-ай! Бір семьядай, бір кісінің баласындай, жиналған. Қандай қайырымды жандар еді.
Екі жігіт көтеріп алып, дәрігерлік жедел жәрдем машинасына әкеліп салды. Жігіттермен амандасып, өз үй-ішімнен кім бар екен деп іздей бастадым. Балаларым көрінді. Біріндеп беттерінен сүйіп, кейін жібердім. Біреуі келмеді.
— Атасының баласы қайда, неге келмейді? — дедім мен жоқтап.
Біреулер итермелеп, атасының сүйікті немересін алып келді. Тұнжырап үндемеген күйі төмен қарап келді де қолын берер берместен кейін қарай қаша жөнелді.
— Сағынғаны ғой! — деп дабырап жатты жұрт. Көп ішінде әрі қарай сұрауға мүмкіндік болмады. Әкем де көрінбеді.
Машина есік алдына келіп тоқтай қалғанда әдетте алдымнан шығып, бетіме үңіле қарап тұратын әкемді іздедім. Әлі де жоқ. Жолдастарым көтеріп, ішке алып кірді. Кең бөлменің төріне салып қойған төсекке әкеліп жатқызды. Толған жұрт бірінен соң бірі ағылып келіп, амандасып жатыр. Әкем әлі көрінбейді. Күдікті көңіл алас ұрды. Сөйтіп, ойым ойран болып, өзіммен өзім арпалысып жатқанда екі-үш үлкен кісі қасыма отырып, мақал-мәтелмен майдалап отырып «тағдырдың ісін» жеткізді. Қайран әкемнің өз басын жалғыз баласының жолына құрбан (өлердегі ақырғы сөзі болса керек) еткенін, оны «Алла тағаланың қабыл алғанын», баласының барлық ауыртпалығын арқалап кеткенін естіртті. Жеделдеткен ажал сыры маған мәлім. Жалғыз ұлының қайғысын жұтқан 80-нен асқан күйрек қарт қажыған шақта жүйке күйзелісіне тап болған да миына қан құйылып қаза тапқан.
Ішім ойран-топыр. Әйтседе сыртқа шығаруға болмайды. Қаумалаған халық мен үшін жүр. Жеке қайғымен қажытып не керек. Өзіме қуат беріп, шыдап бақтым. Көңілім бұзылмасын деп балаларды, әсіресе, атасының сүйікті немересін өзімнен аулақ жібердім. Бірақ, түн баласына оңашалық өзіме тиіп ойға баттым. Бала жастан өзім білетін әке өмірін түп-түгел көз алдымнан өткіздім. Талай асау еңбекпен алысып 80 жасаған әк өмірінің екінші де көп емес тәрізді. Тек, адам арманға қанағат тұтқан ба. Жалғыз ұлы жайлы қайғы жеп кетті. Мұнайлы өңірдің болашағын көрмеді.
Қайран әке! Тіршіліктегі бар арманың өмір бойы аңсаған үлкен мұнайдың басында болу еді. Бүкіл өмірің осы мұнаймен өтті. Өз өсиетіңді орындап жерлестерің тілегің бойынша сүйегіңді осы Маңқыстауға қойыпты. Өрелі мазар, орнатыпты. Тіршіліктегі арманның орындалғанын бұрғылау мұнараларының дүбірінен естіп жатырсың. Хош!..
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: әңгіме Рахмет Өтесінов Дала шақырады туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Рахмет Өтесінов Дала шақырады на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке