Бөлім: «Жұмбақтар жинағы»

Жұмбақ – адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр.
Жұмбақ жанры дүние жүзі халықтары әдебиетінің көпшілігінде бар. Бұл жанрға Аристотель “Жұмбақ – жақсы жымдасқан метафора” деп анықтама берген. Жұмбақ әдебиеттің ежелгі үлгілерінде, ауыз әдебиетінде жиі кездесетіндіктен оны ғылымда “фольклорлық жанр”, “халықтық поэзияның шағын түрі” деп санау орын алған. Алайда, қазіргі заман әдебиеті өкілдерінің, әсіресе, балалар әдебиеті авторларының шығарм-ғында Жұмбақтар топтамасы жиі кездеседі. Сондықтан оны тек фольклорлық жанр аясында шектеуге болмайды.
Үсті жазық —
Төрт қазық.
Төртеу адамы,
Біреу алаңы.
Ағайынды төрт батыр,
Көтергені бір шатыр.
Ыдыс-аяқ бөлмесі,
Тазалықтың көрмесі.
Қынама бел толықша,
Тапал ғана бойы бар.
Адамдарға жолықса,
Таяқ жейтін жайы бар.
Өзінің дәу аузы бар,
Түбі бітеу, аяғы бар,
Дәнді түйер қауызы..
Шеңберлі есігі бар,
Жүздеген тесігі бар.
Ішіне кіргендердің,
Ұсағы жол табады,
Ірісі тор қабады.
Біреу есігі,
Түбінің
Көп-ақ тесігі.
Өткір жүзді келеді,
Өте қажет құрал ол.
Тұтас затты бөледі,
Ұсақтап та тұрар ол.
Ұшы үшкір, сабы бар,
Екі жүзі қайраулы
Бауы менен қабы бар,
Белде жүрер байлаулы.
Көлшікте жүзіп,
Түбін шарлап шығады.
Қауғасы сүңгіп,
Балығын аулап шығады.
Басы құдық —
Сабы сырық.
Қалпағы бар,
Басы жоқ.
Тұтқасы бар,
Топсасы жоқ,
Аузы бар,
Тісі жоқ.
Қарыны бар —
Кіші тек,
Түтігі бар —
Көші көп.
Аузы төбесінде,
Тұтқасы денесінде.
От басады табаны,
Тек қана су тамағы.
Қақпағы бар, жез құдық,
Сусыны ыстық кез құдық.
Ортасында оқпаны,
Онысының от жаны.
Күміс күбі —
Ортасында құбыры бар,
Тесік түбі.
Құдықтың ішінен,
Құдық көрдім.
Бірінде — су қайнайды,
Бірінде — от жайнайды
Иініңде құлағы,
Ішінде бұлағы.
Көмейіне от салсаң,
Ызыңдап тұрады.
Сыртын отқа қақтайды,
Одан басқа жақпайды.
Төңкерсең күмбез сынды,
Шалқайтсаң құдық сынды.
Жиегінде қос құлағы бар,
Тік көтерген үш бұтағы бар.
Мен көрдім бір теңізден темір қайық,
Әр пенде сол қайықты көрер лайық.
Үстінде түндігі жоқ үйді тігіп,
Кетеді риза болып барша халық.
Басына темір киген, қос құлағы
Бар екен адамзатпен ынтымағы.
Жүрмейді өздігінен сүйремесең,
Мекені отыратын тамақ жағы.
Бір хайуан ұзын түсіп, жатыр сулап,
Адамзат көтермесе кетер құлап,
Бетіне келген жанды тіліп тастап,
Қозғалар адамнан тек көмек сұрап.
Аппақ, ұзын қозғалмай жатыр сулап,
Сол нәрсе қолға түссе кетер турап.
Сүбелі, бүйірі бар, қабырға жоқ,
Жүреді екі қолымен омыртқа жоқ,
Ал өзі өмір бойы жер баспайды,
Бақай, тірсек, тілерсек, тобық та жоқ.