meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Сақтықты сұңқардан үйрен!
Сыр ашу оңай,
Сыр түю қиын.
Мың жаудан бір жансыз жаман.
Үйреніскен жау атыспаққа жақсы.
Бәледен машайық та қашыпты.
Айтқан жерде бәле жоқ,
Ақ жүргенге жала жоқ.
Қауіп қайдан болса
Қатер сонан.
Кезенген жаудың көзінен сақтан,
Сойқанды сұмның сөзінен сақтан.
Үй менікі демеңіз,
Үй артында кісі бар.
Жау жоқ деме
Жар астында,
Бөрі жоқ деме
Бөрік астында.
Айла — алтау,
Ақыл — жетеу.
Жыланның уы басында,
Бейқамның жауы қасында.
Оң көзіңе
Сол көзің қарауыл болсын.
Жарақтыда жау жолықпас.
Әділ бидің өлгені —
Сөзінің болса жалғаны,
Ғұламаның өлгені —
Болмаса тәлім алғаны.
Болмайтын істің басында болма,
Бітпейтін даудың қасында болма.
Көзбен көргенді
Құлақпен есіткен жеңген.
Байлық не керек,
Адалдан жимасаң.
Билік неге керек,
Әділдік құрмасаң!
Тең тартқан
Таразы — алтын.
Орынын тапқан
Орынсыз қалмас.
Алмақтың да алмағы бар,
Ат көтере алмас салмағы бар.
Өтпес жарлық — бойға қорлық.
Халық түзетпегенді,
Қалып түзетпейді.
Уәдені бұзған —
Ұяны бұзғанмен тең.
Би жаманы дауға алдырады,
Жігіт жаманы жауға алдырады.