meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Қатының жаман болса — бір қорлық,
Атың шабан болса — бір қорлық,
Ағайының жаман болса — мың қорлық.
Әркімнің өз жейдесі етіне жақын.
Абысын-ажын не керек.
Аңдысып күні өткен соң.
Алмауыт ұстап не керек,
Артынан жабы жеткен соң.
Бажаны бажа көрсе, басы қышиды.
Қойдың басы —
Құданың асы.
Түбі бірге тебісер де табысар.
Соңғы көш, алғашқы көштен
Әудем жер ары қонады.
Туысы жақын жақын емес,
Қонысы жақын — жақын.
Үйіңе қонақ келсін,
Алыстан сұрап келсін.
Үй болған соң,
Белбау да керек,
Желбау да керек.
Қонақ иесі мейірлі отырса,
Қонақ көңілді отырады.
Қолының ебі бардың —
Көршілеріне себі бар.
Ағайыныңды іске шақырма
Асқа шақыр.
Жақыныңды жат етсең
Жатқа күлкі боласың.
Келіні жақсы үйдің —
Керегесі алтын.
Біреудің жанбасын жесең
Өзіңнің ұшаңды сайла.
Қожасына қарай — үйі,
Қонағына қарай — сыйы.
Алты малта ас болмас,
Өзіңнен туған жат болмас.
Ескі көшеде
Ежелгі көршілер тұрады.
Түскенше қонақ ұялар,
Түскен соң қонақ иесі ұялар.
Үйден ұзап шықпасаң
Қатынға қадірің болмайды.
Ауылдан ұзап шықпасаң
Жақынға қадірің болмайды.
Бір ауылда мың туысың болғанша,
Әр ауылда бір туысың болсын.
Түтін шыққан үй — жылы,
Төскейлей шыққан күн жылы.