meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Аңдамай сөйлеген
Ауырмай өледі.
Аяғы жаман төрді былғар,
Аузы жаман елді былғар.
Көп сөйлеген —
Көптен айрылар.
Өнер тамған он саусақ —
Үзілмейтін ырысың.
Өнері жоқ он саусақ,
Бар болмай-ақ құрысын.
Жас күніңде өнер қусаң,
Тоқтасқанша толығарсың.
Тоқтасқан соң өнер қусаң,
Толыққанша зорығарсың.
Әр шаһардың ұстасы
Өз пышағын мақтайды.
Қына тастан шығады,
Өнер, білім жастан шығады.
Сөйлей білмеген,
Сөзді қор етер.
Тіге білмеген,
Бөзді қор етер.
Шегені қаға білмесең,
Қолыңды ұрасың
Түймені таға білмесең,
Қолыңа ине тығасың.
Орман аралаған үйші болар,
Қобыз сыралаған күйші болар.
Кілең шебер жиналса,
Істері тез қызады,
Кілең олақ жиналса
Біткен істі бұзады.
Ұстаның өрісі
Көрігінен төсіне дейін.
Зергер — ісмер жезге үйір,
Сыршыл адам сөзге үйір.
Әкемнің өлерін білсем.
Өнерін сатпас па едім.
Шеберді саусағы асырайды.
Шеберді шеге қағысынан таны.
Өнерлі қол пішуге жақсы,
Өткір қайшы кесуге жақсы.
Жігітке жеті өнер аз,
Жетпіс өнер көп емес.
Өнер алды — қызыл тіл.
Тіл тас жарады,
Тас жармаса, бас жарады.
Шебердің қолы — ортақ,
Шешеннің тілі ортақ.
Сүйреңдеген қызыл тіл
Сүйгеніңнен айырар;
Иә жау бетін қайырар.
Отындық ағаштан
Оқтық мүсін шығады.
Біреу күймеге қарайды,
Біреу күймеге таққан түймеге қарайды.
Шын болат шорт сынар.