meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Бұралқы сөз — күлуге жақсы,
Бұралқы жылқы — мінуге жақсы.
Айтпаса жүректен кетеді,
Тартпаса білектен кетеді.
Құр судан май шықпайды,
Құр сөзден мән шықпайды.
Сөзің тәтті болсын,
Ашуың қатты болсын.
Еттен өткен таяқтан,
Сүйектен өткен сөз жаман.
Сөз қуған — пәлеге жолығар,
Шаруа қуған — қазынаға жолығар.
Өзі — шынашақтай,
Сөзі — келсаптай.
Сөздің басы — бір пышақ,
Аяғы — бір құшақ.
Сөйлемесе қайдан туады?
Сөз сөзден туады.
Айтсаң сөзіңе жет,
Мінгес те, үйіңе жет.
Ауруда — шаншу жаман,
Сөзде — қаңқу жаман.
Құрғақ сөз бас ауыртар,
Құрғақ қасық ауыз жыртар.
Көз көргенше,
Ауыз батыр, сөйлеп қал.
Көп сөз — күміс,
Аз сөз — алтын.
Суды ішім тоқтатар,
Сөзді шын тоқтатар.
Ақпа құлаққа айтқан сөз
Ағып кетеді.
Құйма құлаққа айтқан сөзді
Құйып алады.
Өтірікшінің шын сөзі зая.
Қатты айтсаң,
Қарындасыңа жақпайсың.
Ақырын айтсаң,
Ақың кетеді.
Біреудің сөзі әдемі,
Біреудің көзі әдемі.
«Көрдім» деген көп сөз,
«Көрмедім» деген бір сөз.
Шешеннің сөзі — мерген,
Шебердің көзі — мерген.
Ине көзінен сынады,
Шешен сөзінен сынады.
Қаһарлы сөз — қамал бұзар.
Олақтың сөзі —
Орынсыз жамау тәрізді.
Орынды айтылған сөз —
Орнына қағылған шеге сияқты.