meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жолыңа жуа бітсін,
Сөзіңе дуа бітсін.
Шынайы сөз, не күйінгенде шығады,
Не сүйінгенде шығады.
Ағадан— ақыл,
Атадан — нақыл.
Ат тұяғы—алтын,
Алысқа алып баратын.
Адам тілі алтын,
Алысты сұраптабатын.
Көп ішінде сөйлеген,
Көсемдіктің белгісі.
Көпке сөзі ұнаған,
Шешендіктің белгісі.
Қысыр сөзде қырсық көп.
Алмас қылыш майданда керек,
Асыл сөз майданда да керек,
Сайранда да керек.
Сөзіңді біреу сөйлесе,
Аузың қышып бара ма
Әуелгі сөзің шын болса,
Соңғы сөзіңе жол болады.
Жыламасқа жылаған екі көзім,
Тыңдамасқа сөйлеген есіл сөзім.
Тауып сөйлесең — күміссің,
Таппай сөйлесең — мыссың.
Қарағым деген жылы сөз
Тон болып тәнді жылытпаса да,
Жанды жылытады.
Жаман сөз жанға кірген тікен.
Пышақ жетесінен сынады,
Сөз келтесінен тынады.
Әншейінде ауыз жаппас,
Той дегенде өлең таппас.
Мақал — сөздің атасы,
Уәде — ердің опасы.
Түйеге мінген қазақ,
Төрт ауыз өлең біледі.
Мағынасыз сөз болмайды,
Мақалсыз ел болмайды.
Сөзге мақал жарасар,
Иекке сақал жарасар.
Ми ойланғанды
Тіл тындырады.
Адамның өзі жетпеген жерге
Сөзі жетеді.
Орынсыз сөз орға жығады.
Сөз — сабан, іс — дән.
Мақал қайдан шығады,
Ой болмаса.
Киіз қайдан шығады,
Қой болмаса.
Сөз бергенге ерме,
Бөз бергенге ер
Сөз — бейнет болар,
Боз — көйлек болар.