meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Білімнен қымбат досың жоқ,
Аурудан бетер қасың жоқ.
Ұстағанша жүз дәрігерді қайдағы,
Тамағыңды шақтап ішкен пайдалы.
Өлім — ойран,
Өмір — майдан.
Кебін кигеннен түңіл,
Кебенек кигеннен түңілме.
Ұйқы арыстанды да жығады.
Ауру азығымен,
Тоқпақ қазығымен.
Қара көзден нұр тайса,
Айналаң қара түн болар.
Екі аяқтан әл кетсе
Қарға адым жер мұң болар.
Көп ауырған ем табады,
Көп адасқан ел табады.
Күрек тісің сынса,
Күлкің бұзылады.
Жаны ашымастың қасында
Басың ауырмасын.
Ауру аяқ астында,
Арылу жиде басында.
Дәрі шөптен шығады,
Дана көптен шығады.
Боранын бұрқыратқан қыстан,
Сай-сүйегіңді сырқыратқан
Сары уайым жаман.
Күлкі — ашылған гүл,
Көңіл — шашылған нұр.
Қотырды қаси берсең қаны шығар.
Киізді қаға берсең шаңы шығар.
Соқырдың қолына түспе,
Саңыраудың астына түспе.
Таздың тарағы алтын,
Мергеннің садағы алтын.
Көбікті қарда түлкі ойнар,
Көңілді көзде күлкі ойнар.
Ауру жайын баққан біледі,
Аңның жайын атқан біледі.
Үш нәрсенің алдын ал:
Аурудың алдын ал,
Жаудың алдын ал,
Қайта қозған даудың алдынал.
Біреуге өлім тілегенше
Өзіңе жүрім тіле.
Тісі ауырғанның көңілін сұрамайды.
Демі бардың — емі бар.
Жұғын бар жерде шыбын бар,
Шыбын бар жерде шығын бар.
Жан ауырса тән азады,
Қайғы басса, жан азады.