meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ынтымақтың арты игі.
Ынтымақсыз елді —
Ұрысы билейді.
Ынтымақты елді —
Дұрысы билейді.
Жұрт келгендей жиын болсын,
Жұмылған қолдай ұйым болсын.
Бір кісінікі — мақұл.
Екі кісінікі — ақыл.
Төртеуі түгел төрге шығар.
Тірлік басқа болса да,
Тілек бір.
Бармақ басқа болса да,
Білек бір.
Итпен ит ырылдасса
Тамағының тоқтығы.
Жігітпен жігіт қырындасса
Ынтымағының жоқтығы.
Жері азған елде
Тоқшылық болмайды.
Ері ынтымақты елде
Жоқшылық болмайды.
Біреуге біреу сеп,
Тамға тіреу сеп.
Тату елдің тамағы таусылмайды.
Ұрыстың арты — реніш,
Татулықтың арты — кеніш.
Берекені көктен тілеме,
Бірлігі мол көптен тіле.
Тәтті-дәмді мың болар,
Денсаулық деген бір болар.
Адамға деген айтулы дәрі – адам.
Денсаулықпен тең түсер досың жоқ,
Дерт-кеселмен тең түсер қасың жоқ.
Өлердей ішіп омақата құлағанның обалы өзіне.
Ақшаны оңай табарсың,
Саулықты қайдан аларсың?!
Ауылы бірдің – ауызы бір.
Бірлік болмай – тірлік болмас.
Ағайын тату болса – ат көп,Абысын тату болса – ас көп.
Теңге – тиыннан,
Ынтымақ – ұйымнан.
Ынтымақ түбі — игілік.
Екі құзғын таласса,
Бір қарғаға жем болар.
Көнектен шошынған бие оңбас,
Көптен бөлінген үй оңбас.
Көптеген жау алады,
Көмектескен дау алады.