meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ат тұсаусыз болмас,
Адам дұспансыз болмас.
Ұстаз алдында тілің тый,
Ұста алдында қолың тый.
Ақшаның жайын жарлыдан сұра,
Адамның жайын арлыдан сұра.
Келбеті келгеннен
Кеңес сұра.
Балық бастан бұзылады,
Сараң астан бұзылады.
Он адам жүрген жерде із қалады,
Жүз адам жүрген жерде — соқпақ,
Мың адам жүрген жерде жол қалады.
Адамды түсіне қарап таныма,
Істеген ісіне қарап таны.
Қауызында дәні жоқ,
Сабан мінезді адам болады.
Қорсылдаса көңілі тоқ
Қабан мінезді адам болады.
Адам болар жігіттің
Жары өзіне ылайық.
Керуен бастар жігіттің
Нары өзіне ылайық.
Қайғы басқан кісіге
Мамық төсек таспен тең.
Қайғысы жоқ кісіге
Екі аяғы атпен тең.
Адам — дүниенің ажары,
Дүние — өмірдің базары.
Қайырымды адамды
Халық қадірлейді.
Қайырымсыз наданды
Қайдан жаратты тәңір дейді?!
Ілекер күркені құйын бұзады,
Қыңыр адам жиын бұзады.
Екі жүзді пышақтан сақтанба,
Екі жүзді адамнан сақтан!
Адамды қабағынан,
Аспазды тамағынан таниды.
Алтын тыққан адам арықтап өлер.
Ағаш тамырымен мықты,
Адам дос-жарымен мықты.
Қаңғыбас, . .
Қаңғыбас адам мандымас.
Болымсыз өзі бола алмайды,
Болғанды көре алмайды.
Адам мен адам
Тоқшылықта бір кездеседі,
Жоқшылықта бір кездеседі.
Қисық ағаштың түбінде жатпа,
Қыңыр адамның үйінде жатпа.
Көңілің қалған адамның
Көлеңкесі де сүйкімсіз.
Адам бір терінің ішінде
Толады да, солады да.
Әлсіз адам жағымпаз,
Кербез адам — қырымпаз.
Адам болатын жігіт:
Әуелі өз нәпсісін билейді,
Сонан соң ауылын билейді,
Сонан соң аймағын билейді.