meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жақсы бала — жансақ,
Жаман бала — малсақ.
Жаман өле жейді,
Жақсы бөле жейді.
Жаманға жүзің салма,
Малды екен деп.
Жақсыдан күдер үзбе,
Жарлы екен деп.
Жақсы адам жолына
Жол азық қалдырады.
Жаман адам жолыңа
Ор қазып қалдырады.
Құлан құдыққа құласа,
Құрбақа құлағында ойнар.
Жаман адам кетсе,
Дүние кеңіп қалғандай болады.
Жақсы адам кетсе,
Дүние кеміп қалғандай болады.
Жаманға — таяқ,
Жақсыға — ишарат.
Жақсылықты қызғанба,
Бәріңізге жетеді.
Жақсы болып бір жүрсең,
Дүние қызық өтеді.
Жақсы жігіт
Ағайынның басын қосады.
Жаман жігіт
Жақсы ағаның жолын тосады.
Жақсыға барсаң —
Жазылып қайтарсың.
Жаманға барсаң —
Жабығып қайтарсың.
Жатқан жапа көреді,
Жүрген опа көреді.
Жақсыны айтып,
Жаманды таяп қой.
Жақсының сағы сынғанша,
Жаманның жағы сынсын.
Жақсы болса дуана,
Алдынан шық құп ала.
Жаман болса дуана,
Ит айтақтап қуала.
Жақсы болса балаңды
Жанарым де — көзімнің.
Жаман болса балаңды
«Жаманым» де өзімнің.
Екі жақсы қосылса,
Ай мен күндей жарасар.
Екі жаман қосылса,
Ырылдасар, таласар.
Жақсы сыйлағанының құлы,
Жаман қорыққанының құлы.
Жамансыз жақсы болмас,
Несиесіз, нақты болмас.
Жаман етіңе келеді,
Жақсы ниетіңе келеді.
Мейірімділік —
Жүректен.
Жақсы адам туса —
Көптің ырысы,
Жазғы жаңбыр жауса,
Көктің ырысы.
Аққа қара жоқ,
Қараға шара жоқ.
Жақсыға құрмет
Жас-жаранға міндет.
Жақсының өзі де жақсы,
Сөзі де жақсы.
Өзін ғана ойлаған
Жамандықтың белгісі,
Өзгені де ойлаған
Адамдықтың белгісі.